Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 22 сағат бұрын)
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қазақстан тарихы кафедрасының тарихына қысқаша шолу

1958 жылы  21 мамырда  КСРО Жоғары білім министрлігінің Жарлығы негізінде  Қазақ ССР тарихы  кафедрасы  сол кездегі Қазақ мемлекеттік университетінің ректоры Т. Дарқанбаевтың жарлығымен 1958 жылы 30 қыркүйекте құрылды. Кафедра құрылған 1958 жылдан бастап 1966 жылға дейін көрнекті тарихшы ҚазССР Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, тарих ғылымдарының доктор, профессор Ермұхан Бекмаханұлы Бекмаханов басқарып, кафедраның дамуына зор еңбек сіңірген.  Сол кезден бері кафедраны басқарған бірнеше басшылар болды. Атап айтсақ, 1967-1970 жылдары тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Хабиев Хакім, 1971-1980 жылдары тарих ғылымдарының докторы, профессор Кенжебаев Сәкен Мамажанович, 1981 жылдан кафедра меңгерушілігіне тарих ғылымдарының докторы, профессор Қадыр Жаманбаевич Жаманбаев, 1987-2001 жылдары тарих ғылымдарының докторы, профессор Д.И. Дулатова. 2001 жылдан бастап тарих ғылымдарының докторы, профессор Талас Омарбекұлы Омарбеков қолына алады. Ал, 1997-2003 жылдар аралығында «Қазақстанның жаңа және қазіргі заман тарихы» кафедрасын тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Құлжабайұлы Қойгелдиев басқарады. 2003 жылы кафедра меңгерушілігіне тарих ғылымдарының докторы, профессор Қуаныш Сүлейменұлы Қаражан келеді. 2011-2016 жылдар аралығында профессор Т.Омарбеков басқарды. 2016 жылдан  кафедра меңгерушісі қызметін тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Берекет Бахытжанұлы Кәрібаев атқарып келеді.

Тарих, археология және этнология факультеті құрылымында жетекші орын алатын Қазақстан тарихы кафедрасы 1993 жылы тарихи хронологиялық кезеңдерге сәйкес бірнеше кафедраларға бөлініп кетті. Олар 2017 жылдан бастап Қазақстанның ежелгі және ортағасырлар тарихы, Қазақстанның жаңа және Қазақстан Республикасының тарихы кафедраларын біріктіру негізінде Қазақстан тарихы кафедрасы болып қайта құрылды.

2013 жылдың тамыз айынан кафедра жанында Орталық Азиядағы дәстүрлі өркениеттерді зерделейтін Республикалық орталық ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізуде.

Бүгінгі күндері кафедра Түркия, Қытай, Жапония, Польша, Германия, Ресей т.б мемлекеттердің алдыңғы қатарлы жоғарғы оқу орындарымен байланыс орнатып, білім берудің ғылым саласындағы заманауи үдерістерге өз үлесін қосуда.

Б. С. Сайлан  т.ғ.докторы., Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің тарих, археология және этнография факультетінің  профессоры,

Г. Д. Чабденова магистрант, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің тарих, археология және этнография факультеті


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама