Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 22 сағат бұрын)
Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстан және Н.Ә.Назарбаевтың тарихи рөлі

Республиканың егемендігі мен ұлттық тәуелсіздігі мәселесі 1986 жылғы желтоқсан айында алдыңғы қатарға шығып, бүкіл әлемді дүр сілкіндіріп дүниежүзілік саяси жүйедегі өзгерістердің бастауы болғаны тарихтан мәлім. Кеңес Одағының ыдырауы мен одақтас республикалардың қайта құрылуы нәтижесінде қалыптасқан президенттік институт жетекші саяси жүйеге айналып,жаңа мемлекеттіліктің іргетасы қаланды. Осылайша, қоғамдық дамуды бағыттауға қабілетті бірыңғай мемлекеттік билік қалыптасады. «Қазақ КСР Президенті қызметін тағайындау және Қазақ КСР Конституциясына (Негізгі заңына) өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы негізінде Жоғарғы Кеңес сессиясында ХХ ғасырдың 80-ші жылдарынан мемлекетті басқаруға қатысып, бірқатар басшылық қызметтерді атқарған, 1986 жылғы желтоқсан оқиғасынан кейін 1989 жылғы маусымда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы лауазымына, содан соң 1990 жылғы 24 сәуірде ҚКСР тұңғыш Президенті болып сайланған, тұлғасы аса танымал Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа елді басқару жауапкершілігі жүктелді. Бұл міндеті жайлы Елбасы: «Бізге төніп тұрған дағдарыстың бұлтын халқымның даналығына, еңбекқорлығына арқа сүйей отырып серпіп тастауға менің білім-білігім де, күш-қайратым да жетеді. Елімізде жүріп жатқан жаңғыруларды жалғастыруға, елімізді көркеюге және біздің әрқайсымызды игілікке жеткізетін жолға мемлекетімізді алып шығуға менің тәжірибем де, ерік-жігерім де жетеді. Мен өз тағдырымды халқымның тағдырынан бөлек қарап көрген емеспін. ...Мен осы елдің жолында бәйгеге басымды тіккен адаммын. Ол жолда ештеңеден тайынбаймын да, ештеңемді аянбаймын да. Қазақстанның елдігін, көпұлтты Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігін нығайтудан басқа мақсат та жоқ менде, арман да жоқ менде», – деп, өз тағдырын елдің арман-мұратымен ажырамас бірлікте қарастыратынын атап көрсете отырып, тарихымыздың сол кезеңінде атқарылған істерге: «Біздің алдымызда тәуелсіз, демократиялық, нарықты экономикалық мемлекет құрудың дап-дайын тұрған тәжірибесі болған жоқ. Мен де мемлекеттің қалай құрылатынын бірден біле қалған жоқпын. Біз адамзат тарихындағы өсу мен өркендеудің, даму мен болашаққа ұмтылудың ...қадамын бастадық. ...Біз өз мемлекеттілігіміздің іргетасын жаңадан бастап қалап, оның барлық болмыс-бітімін дер кезінде кезең-кезеңімен қалыптастыра, осы жолда үйрене отырып, тарихи жетістіктерге қол жеткізе білдік», – деп баға берді.

Тәуелсіздікті орнату мен орнықтыру бағытындағы Қазақстанның ішкі сая­сатын­дағы тарихи маңызды оқиғалардың алғашқылары 1988 жылы Қазақ КСР Ком­партиясының Орталық комитетінің 1920-1950-ші жылдары саяси қуғын-сүр­гін құрбандары болған белгілі қоғам және мәдениет қайраткерлерін ақтау ту­ра­лы қаулысы және 1989 жылғы қыркүйектің 22-сінде қабылданған «Тіл ту­ралы» Заңы болғанын атап өткен жөн. 1990 жылғы наурыз айында өткізілген Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутаттарды жаңа демократиялық қағидаттар негізінде сайлау елдегі демократиялық үрдістердің басталуына жол ашты. Сонымен қатар қазақстандық қоғамда әлеуметтік-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етіп, мемлекеттік-құқықтық әдістерді қолдану арқылы бәсекеге қабілетті ортаны қалыптастыру, ол үшін азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кең көлемде кепілдік беру үшін қажетті жағдай жасау алдыңғы орынға шығады. Қоғамдық келісімге қол жеткізуде мемлекеттік билік тармақтарының бірлесе отырып іс-қимыл жасау тетіктері конституциялық деңгейде қалыптасты.

1990 жылғы 25-қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі «Қазақ КСР-нің мем­лекеттік егемендігі туралы Декларацияны» қабылдау арқылы бүкіл әлемге Қа­зақ­станның егемендігі жарияланды. Республика Конституциясының не­гі­зін қалаған тұңғыш заң актісі болып табылатын бұл Декларацияда Қазақстан «халықаралық қатынастардың дербес субъектісі болуға, сыртқы саясатты өз мүдделеріне сай белгілеуге, халықаралық ұйымдардың қызметіне қатысуға құ­қы­ғы бар» егемен мемлекет болып табылатындығы жарияланды. Сондай-ақ, ал­ғаш рет Қазақстанның өз экономикалық және ғылыми-техникалық әлеуетіне, та­би­ғи қорына меншік құқығы белгіленді және Қазақстан Декларацияда бел­гі­ленген заң нормалары шеңберінде егемен мемлекет ретінде республика мәрте­бесін іске асыратын жаңа Конституция мен басқа да заңдық-құққықтық акті­лерді әзірлеу өкілеттігіне ие болды. Қазіргі кезеңде 25-ші қазан Қазақ­стан Республикасы күні ретінде аталып өтуде.

Қазақстан Республикасының егемендік алып, әрі қарай тәуелсіз, дербес мемлекет ретінде қалыптасып-дамуы қиын жағдайлармен ұштасты. Көптеген аймақтарда әлеуметтік-демографиялық және саяси-экономикалық тұрақсыздық белең алды. Әлемдік кеңістікте жаһандық қауіпсіздікті сақтауда ядролық қаруды таратпау мәселесі – Қазақстан Республикасы саясатының аса маңызды бағыты болды. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы­ның өзара халықаралық міндеттемелерінің қатарында ядролық қаруды таратпау және оған қатаң қадағалау орнату болды. БҰҰ-ның 1975 жылғы 11 желтоқ­сандағы № 3472 В қарарында: «Ядролық қарудан азат аймақ деп таныған мемлекеттердің кез келген топтары өздерінің егемендігін конвенция немесе шарттың күшіне сәйкес еркін жүзеге асыру жағдайында құрған кез келген аймақ саналады және ядролық қарудың мүлдем болмауы туралы мәртебе белгіленеді...», делінген. Соған сәйкес, ҚР Прези­денті Н.Ә.Назарбаевтың 1991 жылғы 29-тамыздағы Жарлығымен Қазақстанда­ғы Семей ядролық сынақ алаңы жабылды. Бұл күні  - адамзаттың өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға қырық жыл бойы төніп келген қауіпке тосқауыл қойылған болатын. Қазақстан дүние жүзінде бірінші болып өз еркімен ядролық қарудан бас тарту арқылы жаһандық қауіп­сіз­дік жүйесін қалыптастыруға, Жер бетіндегі бейбітшілік ісіне теңдесі жоқ үлес қосты. Елбасы елімізді дамыту стратегиясында бұл мәселеге байланысты: «Қазақстан... бірінші кезекте ядролық қаруларды болашақта толық жою мақсатымен қысқартуға, қолдануға және оны жасауға жәрдемдесетін материалдар мен технологияларды сыртқа шығаруға жол бермеуге қол жеткізе беретін болады», – деп атап өтті.

Н.Ә.Назарбаевтың 1991 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесінің кезектен тыс сессиясында одақтас республикалар тең құқылы мемлекеттер ретінде достық одағын құруы туралы ұсынысы іске асырылып, Кеңес Одағы республикаларын егеменді мемлекеттер одағы ретінде қайта құру реформасы дайындала бастады. 1991 жылғы қыркүйек айында Алматы қаласында өткен Төтенше съезде Қазақстан Коммунистік партиясы қызметінің тоқтатылғандығы жарияланып, сол жылы 1 қазанда Н.Ә.Назарбаев бастамасымен Алматы қаласында КСРО құрамында болған 13 республика өкілдерінің кездесуінде 8 мемлекеттің, яғни Ресей, Украина, Белоруссия, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркменстанның өкілдері өзара экономикалық байланыс туралы келісім-шартқа қол қойды.

ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев 1991 жылғы 5-қазанда БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясында Азия кеңістігінде Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы (ЕҚЫҰ) үлгісімен Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) құруды ұсынды. 1991 жылғы 8-желтоқсанда Белоруссияның Минск қаласында Ресей, Бела­русь, Украин президенттері «Тәуелсіз Мемлекеттер Досастығын құру туралы» Беловежск келісіміне қол қойғаннан кейін Орта Азия және Қазақстан мемлекет басшылары Ашхабадта 13-желтоқсандағы кездесуде Беловежск келісімін тал­қы­лап, бұрынғы бірыңғай Одақтың орнына тең құқылық мәртебесі бар Тәуелсіз Мем­ле­кеттер Достастығын құруға дайын екенін мәлімдеді. ТМД-на мүше болған мемлекеттер ішкі, саяси, әлеуметтік, эконо­микалық мәселелерін дербес шешетін әскери, сыртқы және т.б. аса маңызды халықаралық мәселелерді ортақ негізде бірлесе отырып шешуді ұйғарды. Бүкілхалықтық Президент сайлауын алғашқы рет 1991 ж. 1-желтоқсанда өткізу нәтижесінде Н.Ә. Назарбаев ҚКСР Президенті лауазымына сайланып, 10-желтоқсан күні қызметін атқара бастады. Сонымен қатар Қазақ КСР-ін Қазақстан Республикасы деп атау туралы шешім қабылданды, ал желтоқсанның 16-сы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңында Қазақстанның тәуелсіздігі жарияланды. Қазіргі кезеңде бұл күн Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні ретінде аталып өтуде. Бұл бастама БҰҰ тарапынан қолдау тауып, бүкілдүниежүзілік ауқымда іске асырылды. Осы шешімге сәйкес 1991 жылғы 16-желтоқсанда Республика Жо­ғар­ғы кеңесінің 7-ші сессиясында Парламент депутаттарының «Қазақстан Рес­публикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңын қабылдауы нәтижесінде Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы атауы Қазақстан Республикасы болып өзгертілді және тәуелсіз, демократиялық, құқықтық мемлекет деп жарияланды. 1991 жылғы 21-желтоқсанда ҚР Президенті Н.Назарбаевтың ұсынысымен Алматы қаласында 11 республиканың басшыла­ры қатысқан кездесуде  Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Украина, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркменстан мемлекеттері тең құқылық қағидатына негізделетін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құру туралы келісім хаттамасы мен «Алма­ты Декларациясын» қабылдады. Аталған Декларацияда жаңадан құрылған ТМД мемлекеттерінің «арасындағы қарым-қатынастар әрбір елдің мемлекетті­гін тану және құрметтеу, өзін-өзі билеу құқығының бұлжымастығы, тең құқы­лық және ішкі істеріне қол сұқпау ұстанымы, күш қолдану мен күшпен қоқан-лоққы жасаудан, экономикалық  қысым жасау әдістерінен бас тарту, дауларды шешу, адам құқы мен еркіндігін, соның ішінде аз ұлттардың да құқығын құр­мет­­теу, халықаралық құқық нормалары мен талаптарын адал орындау негізінде дамиды», – деп атап көрсетілді.

Н.Ә.Назарбаевтың белсенділігі мен іскерлігі арқасында Қазақстан Республикасы 1992 жылғы 2-наурыз күні Біріккен Ұлттар Ұйымының толық құқылы мүшесі атанып, сол сәттен бастап бүкіл дүние жүзі Қазақстанның егемендігін, тәуелсіздігін, дербес мемлекеттелігін таныды. Елбасы қайта құру мен жеделдету кезеңіндегі келеңсіздіктер салдарынан тоқырап қалған экономиканы қалпына келтіріп, халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту үшін, мемлекетіміздің қазіргі кезеңде дүние жүзіндегі алатын орнын болашақта да сақтап қалуы үшін саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларды барынша тиімді әрі жедел жүргізуге, елдің даму жолын дұрыс таңдауға күш жұмсады. Осы мақсатта батыстық және шығыстық дамыған елдердің басшыларымен, іскер-мамандарымен кездесіп, кеңесіп, озық тәжірибелерімен танысты. Сол кезеңде саяси-экономикалық салада жекешелендіру, зейнетақы реформасы, құлдыраған өндірістік кәсіпорындарды қалпына келтіру, шет елдерден инвестиция тартып, бірлескен кәсіпорындарды ашу, бағаны ырықтандыру сияқты бірқатар күрделі экономикалық іс-шараларды орындай отырып, қоғамдық орнықтылықты қамтамасыз етуге бағытталған ішкі саясат жүргізілді. Қазіргі кезде Президентіміз тек ұлттық лидер ғана емес, Орталық Азиядағы, ТМД елдеріндегі, тіпті түркі тілдес елдердегі бірегей тұлға ретінде кеңінен танылып отырғанының куәсымыз.

Тәуелсіз Қазақстан – мемлекеттік шекарамен айқындалған аумағы, дербес Конституциясы, сыртқы және ішкі саясаты, төл экономикасы, өнері, тілі, діні, салт-дәстүрі бар, бүкіл әлемге танымал тәуелсіз мемлекет.

Елімізді саяси-экономикалық тұрғыда дамыту үшін басқа елдермен ынтымақтастық құрудың маңызы зор. Қазақстан көршілес Ресей, Қытай, Орталық Азия республикаларымен қатар АҚШ, Канада, Германия, Франция т.б. мемлекеттермен өзара байланыстар мен серіктестікті нығайтуда.

Бүгінде Қазақстан Республикасы саяси-экономикалық реформаларды жүзеге асыру, халықтың әл-ауқатын арттыру мәселелері бойынша еркін даму жолына қатар түскен ТМД мемлекеттерінің көш басында келеді. Қазақстан –ТМД мемлекеттерінің ішінде жаңа экономикалық жүйе құрған, заманауи қоғамдық институттарды нығайтып, демократиялық құқықтық мемлекет іргетасын қалаған алғашқы мемлекет. Үздік экономика қалыптастыру және сенімді әлеуметтік негіз қалау нәтижесінде республикада ішкі тұрақтылық орнады. Мемлекетіміз орталық-азиялық өңірде геосаяси тұрақтылықты және халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеттерін атқаратын халықаралық қоғамдардың толыққанды мүшесіне айналды. Қазақстан мемлекеттілігін қалыптастырудағы нақты қадам – әлемдегі нарықтық экономикасы дамыған бәсекеге қабілетті 50 елдің, озық отыз мемлекеттің қатарына қосылуға ұмтылысынан байқалады. Қазіргі таңда мемлекетіміз ішкі-сыртқы саяси-экономикалық тұрақтылығы нығайып, халықаралық қоғамдастықта беделі артып, өркениетті даму жолына түсіп, әлемдік сахнада құқықтары мен мүдделерін қорғай алатын іргелі елдер қатарына қосылып отырғанын зор мақтанышпен айта аламыз.

Джолдыбаева Ұ.М.,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУдоценті,

тарих ғылымдарының кандидаты

Ердес Е.С. - Тарих, археология және этнология факультетінің 2 курс магистранты


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама