- 16 қаң. 2018 00:00
- 294
Алыстан көрмеушілік
Алыстан көрмеушілік – жасөспірімдер арасында жиі кездесетін көз кемшілігі. Санақ деректері бойынша, орта мектепті бітірген әр бес баланың біреуі көзі алыстан көрмейтіндіктен қалаған мамандығын ала алмай жүр. Көзінде мұндай кемістігі бар адам, керісінше, жақындағы нәрсені жақсы ажырата алады. Сондықтан оны «жақыннан көргіштік» деп те атайды.
Алыстан көрмеушілік екі түрге бөлінеді: туа біткен, яғни тұқым қуалаған және жүре пайда болатын алыстан көрмеушілік. Соңғысы көбіне көзге жастай ауыртпалық түскеннен болады.
Алыстан көрмеушілік үш дәрежеге бөлінеді: бастапқы дәрежесі 3,0 диоптрийге дейін (диоптрий – оптика жүйесінің сындыру күші), орташа түрі – 3,25-тен 6,0 диоптрийге дейін және жоғары дәрежесі – 6,25 диоптрийден жоғары.
Әдетте алыстан көрмеушілік жас кезде пайда болып, өсе келе оның дәрежесі жоғарылай береді. Қазіргі уақытта тіпті оқу жасына жетпеген балалардың арасында да көздің осы кемістігі өте жиі кездесіп жүр. Мұның басты себептері: кейбір ата-аналар сәбилердің сана-сезімін тез жетілдіру мақсатымен оларды сурет салуға, оқып, жазуға тым ерте баулиды және бүлдіршіндердің бірнеше сағат бойы тапжылмай теледидар көруіне рұқсат береді. Міне, мұның бәрі жаңадан жетіліп келе жатқан, қатаймаған жас көзге ауыртпалық түсіреді де осыдан келіп мектеп жасындағы балалардың көбісі алыстан нашар көретін болады.
Алыстан көрмеушіліктен алдын ала сақтану және оның асқынып кетпеуі үшін, алдымен баланың үйде және мектепте отыратын үстелі мен партасының биіктігі оның бойына сәйкес болуы шарт. Жарықтың мол болуымен қоса, сабақ үстінде дұрыс отыруы керек. Үйде сабақ дайындағанда үстел үстінде 60-75 ваттық қалпақты шам тұруы, ал пәтердің шаңырағына ілінген шамның жарығы 100-150 ваттан кем болмағаны жөн. Дәптерге жазып отырғанда шамның жарығы оқушының сол жағынан немесе қарсы алдынан түсуі керек. Ұзақ уақыт оқығанда не жазғанда көзді талдырмас үшін әрбір 45-50 минуттан кейін 10-15 минуттық үзіліс жасау қажет. Оқыған кітап пен жазатын дәптердің көзден алыстығының шамасы 30-35 сантиметр болуы керектігін үнемі естен шығармаган жөн. Жас балалар теледидардың тек өздеріне ғана арналған хабарын жетісіне 3-4 рет көрсе жетіп жатыр. Теледидардың экраны балалардың отырған жерінен 2,5-3,0 метрдей қашық болғаны дұрыс. Қараңғыдан көз талмас үшін теледидар тұрган бөлмеде қалпақты шамның жанып тұрганы жөн, бірақ оның жарығы теледидардың экранына түсіп, шағылыспауы керек.
Балалардың көздері және басқа мүшелері сау болып өсуі үшін олардың күнделікті тағамы дәмді, сапалы және көбінесе көкөніс-жеміс және сүттен даярлануы қажет.
Соңғы жылдары алыстан көрмейтін көздің өткірлігін жақсарту үшін оған ота жасау әдісі қолданылып келеді. Мұны «кератомия» деп атайды.
Алыстан және жоғары және орташа дәрежеде көрмейтін адамдарға ауыр салмақ (10 килограмнан артық) көтеруге болмайды; өне бойы еңкейіп жұмыс істеу, акробатика мен ауыр атлетика, бокс, суға секіру, атқа мініп жарысу сияқты күрделі спорт түрлеріне қатысу көзге өте қауіпті. Өйткені көздің тор қабығы ауыртпалық түскен кезде өз орнынан сырылып, болмаса оның бет жағы қанталап, адам мүлдем көрмей қалуы мүмкін.
Қорытып айтқанда, көзінің көру кемшілігі бар бала уақытында көз дәрігеріне қаралып, көзілдірік жаздырып алып киіп жүрсе және дәрігердің берген ақыл-кеңесін орындап отырса, онда асқынудың алдын алып, алыстан көрмеушілік дәрежесін ұлғайтпай тоқтатуға болады.
Қ. Жалмұханбетов