- 24 қыр. 2021 00:00
- 335
Әлия Молдағұлова
Әлия Молдағұлова Нұрмұхамедқызы (шын есімі Ілия) (1924 — 1944) — 54-ші жеке атқыштар бригадасының снайпері, ефрейтор, Кеңес Одағының батыры.
1924 жылы 25 қазанда Ақтөбе облысы Қобда ауданы Бұлақ ауылында дүниеге келген. Ата-анасы қайтыс болғаннан кейін нағашысы Әубәкір Молдағұловтың қолында тәрбиеленіп, Ленинградтағы № 9 орта мектепте оқыды. Ресейдің Рыбинск авиатехникумын бітірген (1941).
1942 жылы өз еркімен Қызыл Әскер қатарына алынып, мергендердің Орта әйелдер мектебін үздік бітіріп шықты (1943). 1943 жылдың тамыз айынан 2-Прибалтика майданында 26-атқыштар дивизиясының құрамында ұрысқа қатысып, мергендігімен көзге түсті.
Новосокольники темір жол стансасы маңында болған ұрыста Молдағұлова жауынгерлерді шешуші шайқасқа бастап, қаһармандықпен қаза тапты.
Оның өмірі мен ерлігі жайлы ақындар Я. Хелемский «Әлияның жүрегі», С. Жиенбаев «Әлия» дастандарын, жазушылар Ж. Жұмақанов «Әлия Молдағұлқызы», Ә .Нұрмаханова "Шығыс шынары повестерін шығарған.
Ақтөбе қаласында Молдағұлованың мемориалдық мұражайы жұмыс істейді. Мәскеудің № 891 орта мектебі жанында мұражайлары бар.
Санкт-Петербург және Мәскеу қалаларындағы және көптеген облыстардағы ондаған мектептер, көшелер Молдағұлова есімімен аталады. Новосокольники, Алматы, Шымкент, Қызылорда, Ақтөбе қалаларында және туған ауылында ескерткіш орнатылған.
Сол қастерлі мұралардың бірі — Ақтөбе қаласының Шернияз көшесіндегі Әлия Молдағұлова ескерткіші. 1959 жылы желтоқсанда облыстық комсомол комитеті облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Хасен Бектұрғановқа, облыстық атқару комитетінің төрағасы Өтеміс Алдабергеновке Әлия Молдағұловаға қаланың Карл Либкнехт (қазіргі Шернияз) көшесіне ескерткіш орнату туралы өтініш хат жазды.
Соғыстан кейінгі жылдарда қаржы мәселесі күрделі еді. Сол кезде облыста Куйбышев политехникалық институты архитектура факультетінің студенттері тәжірибеден өтіп жатқан. Барлық мәселе қоғамдық негізде шешілді.
Комсомолдардың металл сынықтарын, қағаз қалдықтарын жинап тапсыру есебінен 35 мың сом жиналды. Қалған қаржы облыстық бюджеттен бөлінді. Сөйтіп, Әлияның бюстін құюға 70 мың сом ақша жұмсалды. Бюст 1961 жылы 9 мамырда Жеңіс күні мерекесіне орай орнатылды. Бюсті мүсіншілер В. Раскутов пен Е. Штамм жасады.
Ақтөбеде Әлия Молдағұлованың 80 жылдық мерейтойына арнап тұтас мемориалдық кешен ашылды. Кешен Әлия Молдағұлова атындағы даңғыл мен ағайынды Жұбановтар көшесінің қиылысына орнастырылды.Мұндағы Әлия ескерткішінің биіктігі — 4 метр, ал тұғырымен қоса алғанда — 6 метр. Биіктігі — 2,3 метр, жалпы ұзындығы 30 метр болатын, екі бөлікті кешен рельефінде сонау сақтар мен ғұндар заманынан бастап, тарихымыздың даңқты тұстары бейнеленеді. Рельефтің авторы — белгілі мүсінші, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ескен Сіргебаев. Ескерткіш Қарағандыдағы өнер комбинатында құйылды. Бұл істі ҚР Суретшілер одағының Қарағанды облыстық ұйымының директоры А. Курицин басқарды.