Аңызға айналған ақиық ақын
Биыл ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 90 жыл толып отыр. Ол 1931 жылы Алматы облысындағы Нарынқол (қазіргі Райымбек) ауданының Қарасаз ауылында дүниеге келген. Ата-анасының азан шақырып қойған аты -- Мұхамедқали екен. Ұлы Отан соғысына аттанған әкесі Сүлеймен 1941 жылы Калининград майданында қаза табады. Мұқағали өзінің үш інісімен бірге анасы Нағиман мен әжесі Тиынның тәрбиесін көріп өседі. Балалық шағы сұрапыл соғыс жылдарымен қатар өткендіктен, ол тағдырдың ащы дәмін ерте татады. Кейіннен ақын өзінің бұл кезеңі жайлы «Адам өмірінің бақыты -- балалық шағы. Балалық шақ бақытсыздықпен өтсе, санасы бар пенденің бүкіл ғұмырына ақау түскені...», -- деп жазады (Күнделік, 9 сәуір 1973 жыл).
1948 жылы аудан орталығындағы мектеп-интернатты ойдағыдай бітіріп шығады. Сөйтіп Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің (Әбу Насыр әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің) филология факультетіне оқуға түседі. Өкінішке орай аталмыш жоғары оқу орнын және кейіннен Шет тілдер институтын да тәмамдай алмайды. Қарасазға қайта оралып, ауылдық кеңестің хатшысы, бастауыш мектепте орыс тілі пәнінің мұғалімі, сегізжылдық мектепте мұғалім, аудандық газетте әдеби қызметкер, жауапты хатшы, Шалкөде ауылында қызыл отау меңгерушісі, комсомол қызметкері болып істейді. Алматы мен ауылдың арасын жалғап, Қазақ радиосында дикторлықтың дәмін де татып көреді. «Қырман басында», «Қойшы бала -- Әкітай» атты тырнақалды өлеңдері сол кезеңде аудандық «Советтік шекара» («Хантәңірі») газетінде жарияланады. Елуінші жылдардың басында «Інімнің ойы», «Шебер» деп аталатын өлеңдері «Жастық жыры» ұжымдық жинағына енеді. 1954 жылы бір топ өлеңдері «Әдебиет және искусство» («Жұлдыз») журналында жариияланған. Мұқағали Мақатаевтың талантын алғаш бағалаған ақын Әбділда Тәжібаев болатын. Ол 1960 жылы 18 наурызда «Қазақ әдебиеті» газетінде ақ тілекке толы алғысөз жазып, ақынның бір шоғыр өлеңдерін оқырмандар назарына ұсынған. Сонда «Өзіңнен де жігерлілеу, оттылау жас жеткіншек жеткенде мақтанбасқа бола ма?!» -- деп айрықша тамсанған екен. Алматыға түпкілікті көшіп келгеннен кейін «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан», 1962-1963 жылдар) газеті мен «Мәдениет және тұрмыс» («Парасат», 1963-1965) және «Жұлдыз» (1965-1972) журналдарында әдеби қызметкер, Қазақстан Жазушылар одағында (1972-1973) поэзия секциясының әдеби кеңесшісі қызметін атқарады. 39 жасында Қазақстан Жазушылар одағына мүшелікке қабылданған. Мәскеудегі Максим Горький (Алексей Максимович Пешков) атындағы Бүкілодақтық әдебиет институтында оқығанымен, оны да аяқтай алмайды. Бұл жайлы ақын өзінің күнделіктерінде былай деп жазады: «Сонымен, қош бол Мәскеу... Шын уайым, шын қайғы осылай болады екен-ау» (15 қараша 1973 жыл). «... Үйреніп қалған ұямдай Мәскеуді барам қия алмай. Миллиондардың ішіне Бір басым менің сыя алмай. Еңсемді бір сәт жия алмай, Не бетімді айттым, Алматым, Не деймін саған ұялмай?.. Таңғы шақ, Аяз сорып тұр. Соғып тұр боран, Соғып тұр. Ақ құсым, мені аман-сау, Алматымменен жолықтыр» (18 қараша 1973 жыл). «Жұмыссыз жүргеніме Жаңа жылда бір жыл толады. Қайтіп, қалай жан бағып жүргеніме таңданамын» (7 желтоқсан 1973 жыл). «Үнемі Мәскеуде тұрып, сонда тірлік еткендей Мәскеу неге ой-түсімнен шықпайды?! Алматыға, адамдарға деген біртүрлі жатырқау бар. Как ни говори, Москва -- есть Москва, там все попроще. Так можно кое-кому научиться и можно добиться кое- чего. Бастан өткен аяулы бір дәурен сияқты. Бір нәрседен арманда қалған, сол жерде бір асылымды ұмыт қалдырғандаймын. Өмір болса тұра тұрсын, досты сол халықтың арасынан іздеу керек екен» (18 желтоқсан 1973 жыл). Ең бірінші бақытым -- Халқым менің, Соған берем ойымның алтын кенін... -- деп тебіренген ақынның «Ақ қайың әні», «Ару-Ана», «Аққулар ұйықтағанда», «Чили -- шуағым менің», «Шекарада», «Өмірдастан», «Арман», «Шолпан», «Досыма хат», «Алтай-Атырау», «Отаным, саған айтам», «Райымбек! Райымбек!», «Қашқын», «Жер үстінен репортаж», «Моцарт. Жан азасы», тағы басқа поэма-толғаулары бар. Балаларға арналған өлеңдері мен ән мәтіндерін қоспағанда барлығы 971 өлең мен 14 поэма жазған екен. Соның ішінде жадағай публицистикаға толысы -- 49 өлең, өлең туралы жазылған өлеңдері -- 36, тікелей арнау өлеңдері --15, ақынның өз бетін, өз қолтаңбасын көрсететін негізгі өлеңдері -- 51, ал қалған 820-дей өлеңі табиғат, қоғам, адамгершілік, достық, жолдастық, сүйіспеншілік, тағысын тағылар туралы жалпылама түрдегі дүниелер. Мұқағали Мақатаевтың бірқатар өлеңдері әсем әуезді әнге айналған. Оған Нұрғиса Тілендиев, Дәнеш Рақышев, Шәмші Қалдаяқов, Ілия Жақанов, Алтынбек Қоразбаев, Тынышбай Рахимов, Мұхамеджан Рүстемов, Төлеген Мұхамеджанов, Әбиірбек Тінәлиев, Бейбіт Оралұлы, Табыл Досымов, тағы басқа сазгерлер ән жазған. Ақын қай тақырыпта жазса да жалған сезім, жылтырақ сөзге әуес болмаған.
Шығармашылығы турасында 700-ге жуық еңбек (мақала, естелік, эссе, өлең, поэма, роман, тағы басқалар) жазылған.Соңғы кездері ақиық ақынның мерейтойлары мен туған күніне арналған игі шаралар жиі өткізіліп жүр. Таулардың алыстаған сайын асқақтай, биіктей берері анық. Елдің еркесі боп саналатын ақындар да сол іспеттес. Өздерінен кейінгі ұрпақтарына баға жетпес рухани қазына қалдырып, Мәңгілік Музаға айналған Мұқағали Мақатаевтың ерен есімі мен мол ғибрат, таусылмас тәлім-тәрбие аларлық туындылары қазақ халқымен бірге мәңгі жасай бермек. Жалпы қаламгерлер жайлы толғанғанда сүйікті жазушымыз Мархабат Байғұттың: «Кітаптан алыстаған халықтың болашағы бұлыңғыр, келешегі күңгірт», – деп қатты алаңдайтыны еріксіз ойға оралады. Ардақты ағамыз қадап айтқандай, біз, бүгінгі студент, болашақ туған тіліміздің мамандары төл әдебиетіміздің алтын қазынасынан жалықпай сусындауды – өзіміздің басты мақсатымыз деп санаймыз.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Жетекшісі: Ф.Қозыбақова әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарих және археология, этнологич факультетінің Қазақстан тарихы кафедрасының тарихшысы
Дайындаған: Баймолдаева Мадина әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Филология және әлем тілдері факультетінің 1-курс студенті