Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 4 күн бұрын)
Аңшы

Аңшы биыл ерек қартайып кетті. Қары қалың қыстың қамалына тұтқиылдан тиген көктем күнінің қызуын көтере алмай күрт еріген күртік қармен бірге көбесі сөгіліп, арнасын аласапыран шайқаған өзен жатаған жағалаудан жайылып шығып, астына қызыл су жүгірткенде тітіреп түсе қалар ойдым-ойпат жердің оппасындай тосын, жылдам қартайып кетті. «Күйкі күйбеңге кіріптарланып, пеш түбінен алыстамай, үйкүшік боп барам-ау. Ақ сауыр кеңістік көзіңді қарып, аязы алқымыңды сығып, өкпеңді өрт сүйгендей дулатар, ей, даланың ауасы-ай! Сонарға шығар күн қайда! Жарықтық, Теңбілкөктің сауырына біржамбастай отырып, қоныштан шақша суырып, қыр бөктерінде баспалап, байыздар күн жоқ енді, жоқ. Өзгеге елтіп, ит жүгіртіп, құс салмадым. Сенгенім шыққыр көзім мен қарыма қанжар ұрса да қалтырамас қолым еді. Бұған да жетті дербене-дерт». Әнеубір жылы «Охотсоюздың» дөкейі әдейі іздеп келіп, екі қыр астындағы аңның қай тұсқа тұмсық бұрғанын дөп басар сезігі мен қара мылтықтың қарауылынан ұшқан құс, жүгірген аң қапы кетпес мергендігіне тәнті боп, сыйға тартқан қосауыз да әпербақан мілитсәнің қолтығында кетті. Салық төлемеген – айыбы, дөкіметі жоқ. Алдын-ала естіп-біліп, қылтадан қырқар әлдебір қыршаңқының айдауымен дөп басып, аңдып келген. Екі мылтықты да әкетті. Бірін қайтарып аларға пенсияның үшеуінің белі көтермейді. «Қайыссары кемпірден аса алмас күнім бұл. Бұлдағаның түздің түлкі-қасқыры болса, қақпан құр дейді. Қақпанға өзімді түсіріп кетті-ау қу күйкі күнкөріс. Ей, заманның заңы қоянның жымындай-ақ – сонарда анық, күн ауыса бере қылпу білінсе, жым-жылас. Кімге, неге, не үшін сенеміз? Қаптаған қорқау ойға тірідей жем болғанша, жапанда жортып, өзіңмен тең тағыға тіл қатып, жығылсаң, тағы да түз тағысы тамтығыңды тазалар жеміт болған артық! Қой, күпірлік бәрі...»

Екі күн бойы қасқырға құрар қақпанын айналдырды. Шатырда шаң басып жатқанына не заман! Соңғы рет қосауызының құндағын борсық соғам деп тасқа тигізіп, сындырған күзде бір құрып, қысқа таман майлап тығып тастаған. Қоянның майымен. Шынжырын қазығымен қоса, төбеттің күркесінің жанынан тапты. «Бөріге бұйырар асылдың құтсыз құтпанның қарғысын тізер тексіз темір болған түрі-ай...»

Өзімен өзі күбірлеп сөйлесу далада саяқ жортар аңшының ежелгі әдеті. Ұйықтағанда да күбірлеп кейіп, оянғанда да көрер таңының барына тәубе айтып тұрады.

Ақыры теңбілдің арқасына тоқым төсер күн туды. Күн тымық. Аязытқан ауада ұсақ жылтың-тікен сүңгілер күнге шағылысып, көзді қарықтырады. Әшейінде сонарда атқа қонар аңшының таң атарда іргеден өрген жылқы ізіне түсіп алып, ескі там жақтағы таудан асқанын көріп, сары бәйбіше ернін сылп еткізді.

Тышқан қақпанын арқалап кетті, әне, мылтығы құрып тынышталып еді. Әй, дауасыз далабезер-ай, ана Қордабай құсап, сақалын сорпаға малы-еп, пеш түбінде отырмай ма!..

Аңшы ескі тамға тақау бұрнағы жылдары шопандар өлексе асып қоятын діңгек ашаға келіп, атын байлап, қанжығада салақтаған өгіздің терісі сыдырылмаған оң жамбасын іліп қойды. Алдыңғы күні тура ауыл іргесінде жарып кетіпті. Кеше ерінбей барып, балталап шауып әкеп, шатырдағы мұржа түбіне қойған. Сәл жібіпті. Қақпандарын алты-жеті қадам алыстау жерге ағашты қоршап, құрып тастады. Бұл – бір тосын әдіс. Өзі мырс-мырс күліп қояды. Өмірі аң аулаудан артық рақат, ләззатты көрмеген аңшы өзіне-өзі күліп жүр. «Түнгі отты шыр айналған жынды көбелектің қанатын от шарпып күйеді. Әй, көрсеқызарлық-ай. Қасқыр көбелек емес. Әрине, ағашқа ол келеді. Әрине, ол да шыр айналады. Бірақ, көбелекше жақындамайды. Алағызып, аузынан сілекейі шұбырып, жалаңдап жүріп, қақпанға түсуі мүмкін. «Мә, ендеше, қанды басың бері тарт». Аңшы шынжырларды ағаш түбіне байлап бекітіп, көп аялдамай, үстіңгі ернінің астына сыңар шөкім у жасыл насыбайды көміп тастап, жүріп кетті. «Е, бүркіт қартайса тышқаншы, аңшы қартайса қақпаншы болады деген осы-е-е...» Түске таман қылаулаған қар айналаны бір тегіс көмкеріп тастады.

Сол түні көптен бері тыныш ұйықтаған. Ертеңіне сары бәйбішенің шаруашылығынан шыға алмады. Аңшының екі ұлы бар-тұғын. Екеуі де қалаға кеткелі бес-алты қыс қырқаға қарын қондырды. «Келсе де зиян болмаса, пайда жоқ. Қалаға қоныс аудар деп кемпірдің түндігін желпілдетіп, әуре-сарсаңға салудан өзгені білмейді. Кеудемде жаным барда кетпеспін туған жерден. Тәйірі, не өмір бар қалада!» Кешкісін осы ой тағы оралған. Осыдан елу жыл бұрын өзі әскерден келгесін салған үйінің сырғауыл төбесіне қарап жатып кіжінген. «Осы үйде туды, өсті, жетілді, кетті, енді кеп менсінбейді, адамның баласы емес өңшең айуан...» Кемпірі де аңшының кенет көгіс тартқан жүдеу жүзіне қарап аяған. «Қайтсін-ай, далаға шығып бір шолып келмесе, ас батпайтын адам отқа қарап қалғанына қорынады-ау...» Екеуден-екеу тұнжырап отырып, қою шайды ұзақ сораптады. «Адам нені сүйсе, соның құлы. Түбі сол жаны сүйген зат алып ұрып, басынан аттап кетеді-ау. Өмірде бәрі соған негізделген. Өнерді үйрену мен жирену содан туса керек. Кез келген істен дер кезінде бас тарта білу – міне, ең мықтылық». Осыны ұққан. «Бірақ, кім біліпті?!» Қай жылы, қай қырдың бөктерінде баспалап тұрып ұқты. Әлде, бұдырайып бездене біткен күрзісімен қақпанға қапылған қасқырды ұрып жатып, қызыл шоқ көзіне қарап тұрып. ойлады ма, есінде жоқ. Содан бері санасына сыздықтап, сыналап кіріп, үңгіп, үңірейтіп тастаған. «Адам әуелі бір құштарын тапқасын, одан айырылмақ емес. Африка аңшылары маймылды тірідей ұстау үшін орман жиегіне қақпан құрады екен. Қақпан деймін-ау. Адам басындай асқабақтың ішін үңгіп, үстінен шағын ғана тесік ойып, жерге бекітіп тастайды екен-дүр. Сосын ішіне маймыл сүйіп жейтін жаңғақ тастамақ. Қақпаны – осы. Орманнан шыққан әулекі маймыл көрсеқызарлығына басып, асқабаққа тақап, жеңсік асын көреді. Көзі тұнып кетеді-ау сонда. Ақымақ неме ойыққа қолын сұғып жіберіп, үш-төрт жаңғақты бір-ақ уыстайды. Енді ала қояйын десе, қолы шықпайды. Қайтеді енді?! Жібере салайын десе қимайды. Сәлден соң ақсия күліп, негрлер жетеді. Сонда көрсе, шіркін, маймылды! Ай-ай, ақымақ! Асқабақты айнала, аласұра, жанталаса жанұшырғанымен, қолын, сұғанақ қолын босата алмайды, нәпсінің құлы. Адамның несі артық со шіркіннен?! Неміз әулие?! Өмір бойы өзіңді күйкі күйбеңге шырмауықша шандумен өтесің. Сонда деймін-ау, адамның өзі емес, құлқыны өмір сүре ме?! Солай-ау... Не бітірдім? Не тындырдым? Нендей мақсатым бар? Нені мұрат тұттым тірлікте, тұрлаусыз, тұрақсыз тірлікте?»

— Шал-оу, тамақ суып қалды...

Аңшы жатарда шатырда жылы мұржа түбінде қалып, иістене бастаған кесек етті сенектегі үш литрлік банкінің ішіне тастап, қора үстіне қоя салды. Түн аязытатын түрі бар.

Аяз ертеңіне түске дейін аттан түскен жоқ. Түске таман қоржынына жұмыр қазжамбас әлдене салып ап, шарбақтан шығып бара жатқан аңшының жонына қарап, сары кемпір, шөге қартайған ұсқынын көріп, енді қала туралы әңгіме қозғамасқа бекінді. «Онсыз да жабырқау жарым көңілін қайтем құлазытып...»

Қыр басына көтерілген аңшы тізгін тежеп, артына қарады. «Ұядай ғана ауыл-тын. Көшіп жатыр, көшіп жатыр қалаға. Бірер жыл бұрын дәл осылай қыр басынан қарағанда, таңнан бері түтін созған мұржалы үйлер бұлт еміп тұрғандай емініп, еңсесі көтеріңкі болушы еді. Қазір не – жер бауырлап, бұлт емгенің не, керісінше, бұлт езгендей шөгіңкі, жатаған. Ол кездің түтіні де боз-бұйра, қазбауырланып мамырлар еді. Қазір біртүрлі қарақошқыл, бұжыр. Көмір жоқ, көбі мәшиненің доңғалағын турап жағады-ау, сірә...»

Ескі там жаққа тақай бере, қоржынын ағытып, ішінен түбіне кесек ет қатып жабысқан банкіні алып, аулақтау оппаға лақтырып жіберді. Кенет мырс етті. «Адамнан айлалы емес шығар. Тәйірі, маймылда бар құлқын сенде де бар шығар, қасқа... Қақпан құрылған жаққа тақамады. Қырқаға шығып дүрбі салған. Бәрі сол беті. Тек бір-екі сауысқан ашаға қонып-ұшып жүр. «Ертең түс ауа соғармын».

Түнгі аяз шыңылтыр болды. Кеш таяп, көлеңкесі ебедейсіз ұзарар сәттен-ақ күре жол бойын тіміскілеп, тімтініп, таңға шейін түк мандытпаған түлкі шығыс бет боз қылаң бояу ақтара бере, ескі там жаққа тұмсығын қарға сүзе сұлатып тартқан. Күндегі әдеті. Кеше кеште діңгек аша тұсынан сауысқан ұшқанын аңдаған. Тақағанда қасқыр иісін сезіп, кілт бұрылған. Не де болса, бармақ. Қыр аса сәл орағытып, ыққа қарай, ауылға қарай бұрылды. Аз ғана жүргенде қытықшыл тұмсығына ет иісі жетті. Өлексе иісі. Қасқырдан қалған болар. Қырға беттемей, ойыспен аңдап тақау абзал. Кенет иістің мүлдем аша жақтан жетпегенін сезді. Тіпті, жақыннан, шолақ сай тұйықтала біткен қалың қатқан қар үстінде әлдене қарауытады. Иіс те сол жақтан. Түлкі сәл қиыстап, еріксіз қырға беттеді. Қырға шыққанда көрді, алыс аша маңында сауысқан ұшып-қонып жүр. Сәл кідіріп, солай тартпақ боп, алдыңғы аяғын көтеріп, мойнын соза етекке көз тастады. Әлгі орнында жатыр. Қыр жотасымен ілгерілеп, тура тұсына келді. Қозғалмайды. Қайта айналып, ық жағына шықты. Әлі сол иіс, борсып сасыған ет иісі. Дымын білдірмей, келесі жаққа ығысты. Жермен-жексен боп сырғып, біршама тақады. Сонда анық аңдаған, күнде өзі жол бойында көретін жылтыр зат. Тек көлемділеу. Иіс те сол заттан мүңкіп тұр. Маңайда еш із жоқ. Қайдан келуі мүмкін. Түлкі қайта қырға шықты. Таң бозарып атты әбден. Сосын, асықпай төменге, жылтыр зат жатқан тұсқа жылжыды. Баспалап кеп, әбден тақап, тұмсығымен түртып қап, ыршып түсті. Әлгі зат сәл қозғалды да, қимылсыз қалды. Жылтыр заттан мұндай иісті бірінші рет сезіп тұр. Жол жиегінде бұдан көп кіші ұзынша жылтыр заттар қаптап жатады. Иісі өткір, жан төзгісіз. Бірде тістелеп те көрген, қатты, ернеуінен ашқылтым дәм шығады. Сосын елемеген. Ал мынадан ет иісі мүңкіп, делебені қоздырып-ақ тұр. Түлкі тағы тақап кеп, жылтыр зат ішіндегі қарауытқан кесек етті анық көрді. Тағы да түрткен. Анау аунап түсіп жата берді. Қыр басына және шығып қайтқан түлкі енді еркінсіді. Мынау оңай берілетін жау көрінбейді. Тақап, тұмсығымен, аяғымен түртіп көрді. Домаланып жата береді. Кенет түлкі иіс мүңкіп тұрған бәнке аузын аңдады. Кесек ет тіпті анық көрінеді. Сілекейі құрғыр, шұбырып барады-ай. Бойын құмарлық құрты қоздырған түлкі абайсыз сыңқ етіп, ыңырсып жіберді. Ет жемегелі неше тәулік! Көзі бозарып, тұмсығы дымданып-ақ кетті. Келесі сәтте дымы құрыған түлкі бәнкеге басын бір-ақ сұғып, түбінде қатқан етті қажай тістеп алды. Құрығыр, қатып қалыпты. Тісі батып, тіліне тәтті дәм жеткен түлкі масаттана ыр етіп, етті үзіп алды. Сонда байқаған, жылтыр зат аппақ боп қырауытып қалыпты. Өз демі жиілеп, тынысы тарылып барады. Кенет басын суырайын десе, әлгі бәле қоса қозғалып, жіберер емес. Қос аяғымен тырналап, қанша шегінсе де, құлақтарына шейін кептеле еніп, сәл жіңішкелеу мойнына жабысып қалыпты. Түлкі ызалана шаңқылдап, басын жерге соға аласұрды. Анау босатқан орнына қылқындырып барады. Дүние мылқау тұман. Бір орнында шыр айналып, шегіншектеп, біресе секіріп, біресе аунап жанталасқан түлкі таза жындануға шақ қалды.

Екі бүйірінен ырс-ырс етіп, өмірі көрмеген бәлемен алысып, кенет тоқтай қалды. Ырс-ырс еткен өз үнінен өзге алыста арылдаған ызалы қасқыр даусы еміс-еміс естіледі. Зәресі ұшқан түлкі қайда қашарын білмей жөней берген...

Аңшы бүгін атқа ерекше көңілденіп қонды. Ертемен сапысын жанып, келтек күрзісін сайлады.

— Кемпір, асыңды қамдай бер. Бүгін бір түлкі, бір қасқыр тастаймын алдыңа.

Аңшының қунақ тартқанына кемпірі де қуанып қалды.

— Е, бар, бар. Малыңды түгендеп қайт. Түлкі не теңім, далада кезіккен біреуге байлап кетерсің...

— Жо, осы жолы тура ешкімге бермей өзіңе әкелмесем.

— Иә, дайындап отыр саған.

Ернін сылп еткізді.

Күрзісін сүйреткен аңшы ескі там жаққа қарай шоқытып барады. Әне, қырдан асты. Тағы бір қырдан аса дүрбі салып, аша ағаш тұсында топтанған қарға-сауысқан мен сәл әріректе аласұрған түлкіні байқады. «Е, қу құлқын, кімнің басын алмадың сен. Өмір осы – қалаға барсаң да, далада қалсаң да».

Күн ерекше аяз-тұғын...

2000.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама