Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Ақылым көп, ақшам жоқ

Ертеректе Сабыр деген жігіт базарға барса да, жиын топта да «ақылым көп, ақшам жоқ» дейді екен. Сабырдың бұл көңіл сырын түсініп, бір бай адам шақырып алады да, оған ақыл-кеңес береді.

Бай айтады: — Саған мен бес түйе және сол бес түйеге артып алып сауда жасауыңа, дүние сатып алуыңа пұл берейін. Керуендерге қосылып жүріп кет те, сауда істеп келесің. Менің берген пұлымды бір жарым есе етіп қайырасың, — деді.

Бұған Сабыр келісім берді. Бес түйеге артуға мынандай заттар алады: шатыр, мылтық, пешение, қант, кәмпит, ұн, күріш, май, тағы да бір қостық ыдыс-аяқ, төсеніш. Осының барлығын бес түйеге артып, керуендерге қосылып, жүріп кетеді. Ұзақ жолда керуендер түнеп кететін көл бар екен. Соған кеп бұлар да түнеп, ертеңіне ерте жүруге қамданып, керуендер жүріп кетеді де, Сабыр осы көлдің жағасында қалып кетеді. Сабыр айтады керуеншілерге:

— Мен саудамды осы көлдің жағасында жасаймын. Сіздер шаһарға барып оралғанша, мен де сауда жасап болармын, — дейді, — осында күтем сіздерді.

Сабыр бұрын байлардың керуенімен бірге жүріп, солардың көліктерін, малдарын күзетуші болған екен. Бұл көл сондықтан өзіне бес саусағындай таныс көрінеді. Сол жүрген уақыттарында жарық айдың сәулесімен, көлік күзетіп отырған кезінде, көлдің бір жағы биік жартас, көлдің өзі терең көл екен. Бұнда сусарлар бар, олар көлдің жиегіне түнде гауһар тасты лақтырғанын ай жарығымен талай рет көргені бар еді. Сусарлар гауһарды лақтырып, ай жарығына жарқырағанын қызықтап ойнайды екен.

Сабыр сондағы көргендерін ішке сақтап, бұл күні де соны аңдып көріп алған еді. Сондықтан қалып, көл жағасына қосын тікті де, күндіз бес түйенің құмалағын жинап, ауға салып жібітеді де, езіп, тоқаш сияқты домалақтап домдама жасап, гауһар тасты лақтыратын жеріне апарып жартасқа жапсырып қоя береді. Лақтырылған гауһар тастар түйенің қиына жабысып қалады. Оны күндіз алып, бір гауһарды бір домдаған тезегінің ішіне салып, кептіріп, қапқа сала береді.

Үш айда оралып керуендер де келеді. Сабырдан олар:

— Саудаң жақсы жүрді ме? — деп сұрайды.

Сабыр: — Иә, мына тезектерді алдым, — деп еді, бүкіл керуеншілер оны мазақ, келеке етіп күлді.

Сабыр төрт түйеге гауһар тасты тезекті артып, бір түйеге жәй тезек артты. Керуенге қоысылып шаһарға қарай келе жатыр.

Күз де болып қалған. Күн суытып, жауын-шашын, қара суық, керуеншілер тоқтап, от жағуға отындары жоқ. Ақыры Сабырға жалынды:

— Тезегіңнен бер, — деп.

Ол: — Бермеймін, менің әкеле жатқан дүниелігім осы ғой, — деді.

Олар: — Сат, — деп еді, сатпады.

— Егер менің тезегімді аламын десеңдер, осы бір тезегім базарда қанша тұрса, сонша төлейміз деп қолхат беріңдер, — деді.

Керуен басшылары: — Тәйір-ай, базарда тезек дегенің қанша тұрар дейсің, — деп шетінен бәрі қолхат жазып беріп жатыр.

Сабыр бесінші түйедегі жай тезегін бір-бірлеп санап беріп, бір түйедегі тезегін түгел үлестірді.

Бұлар шаһарға келіп жеткен соң, сабыр барып қазыға қолхаттарды көрсетіп: — Базарда менің тезегімнің нарқы қанша тұрады, соны көзіңізбен көріп, мына керуеншілерден пұлымды алып беріңіз. Хақыңызды төлеймін, — деп ертіп келіп бір тезекті сындырып қарады. Ішінен бір гауһар тас шықты. Оны пұлға шаққанда бір түйедегі тезегінің бағасына керуеншілердің барлық малы, пұлы, дүкені де, үй-жайын қоссаң да жетпейтін болды. Бірақ шамалары келетіндей жағдай жасап, кемітіңкіреп, бір жазғы сауда табыстарын алып берді. Сабыр да байының қарызынан құтылғысы келіп, пұлын бай айтқандай бір жарым есе етіп құтылды. Қазыны да риза етті.

Сабыр айтты керуеншілерге: — Мен тезегімді бергім келмегенде, өздерің жалынып болмай алдыңдар. Енді маған ренжімеңдер, — деді. Олар да өздеріне-өздері өкпелеп, өкініскен болды. Сабыр болса үй-жай, дүкен сатып алып, ел қатарына қосылып, жақсы семья құрып, тілегіне жетті. Байға мың да бір рахметін жаудырды. Бай қайырымды кісі болатын. Соның ақыл-кеңесімен осындай дәрежеге жетті.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама