Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Аққан жұлдыз. І

Бірінші кітап
РОМАН
БІРІНШІ ТАРАУ

Шығысты зерттеу әлемінің аспанынан, қазақ хандарының ұрпағы, орыс армиясының офицері Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов Аққан жұлдыздай зымырап өте шықты. Орыстың Шығысты зерттеушілері оны бір ауыздан дағдыдан тыс көрініске санап, түрік халықтарының тағдыры туралы аса зор, аса қажетті жаңалықтар ашуды күткен еді. Бірақ, Шоқанның мезгілсіз қазаға ұшырауы бұл үмітті үзді. Ол 30 жасқа да толмай, өкпе ауруынан қайтыс болды.

Академик Н. И. Веселовский

ҚҰСМҰРЫННЫҢ ҚЫРҚАСЫНДА ҚАРА ШАҢЫРАҚ

Бұл романның оқиғасы қазіргі Қостанай облысындағы Құсмұрын аталатын көлдің, күнгей жақ қырқасында 1847 жылдық жазында басталды.

«Айналасына ат шауып жете алмайды» дейтін, землемерлердің өлшеуінде «аңғарының аумағы алпыс километр» десетін, батысынан келіп құйылған Обаған өзені, шығысын жырып Тобыл өзені құятын бұл көлдің неліктен Құсмұрын аталуын «білемін» дейтін адамдар төмендегіше баяндайды.

— Осы маңайдың, — дейді олар, — тауы, орманы жоқ, ұшы-қиыры жоқ, жап-жалпақ кең даласы көлге таяна бұйраттана бастайды да, аңғарға жақындай қырқаланып кетеді. Қырқаның күнгейіндегі биік дөң, батыс жақ беті «Ханжатқан» аталатын ойпатқа жақындай, жіңішкере беріп, темір ұстасының төсіндей сүйірленіп бітеді. Сағымды күндері алыстан қараған адамға, осы сүйір қонғалы келе жатқан алып құстың тұмсығына ұқсайды. Жұрт сол тұмсықты Құсмұрын атаған да, кел де солай аталып кеткен.

Көрген ел, көлдің өзін де қызық қып сипаттайды: «Тұрқы батыстан шығысқа қарай созылған бұл көлге, — деседі олар, — биік қырқадан қарасаң, суы мол жылы мойнын батысқа қарай соза, қанат, құйрықтарын жая, аяқтарын тарбайта жусап жатқан алып қоңыр қазға, суы азайып, бетіне тұз байланған жылы әлгіндей түрде жатқан аққуға, құрғақшылық жылы қара батпағы мен ақ тақыры араласқан шақта ит — ала қазға ұқсайды».

Бұл сипаттаудың дұрыстығын көлге 1949 жылдың суы мол жазында, 1956 жылдың тұз байланған күзінде, 1963 жылдың тақыршылығында барып өзім де көрдім.

Құсмұрын дөңінің теріскей жақ еңісінен: «Бас», «Орта», «Аяқ» аталып үш бұлақ ағады да көлге сарқылады, сулары тұщы, жыралары терең келеді, ол жыраларға бойы аласа, денесі қиқы-шойқы, бұтақтары қалын, қайын, өседі.

Құсмұрынның батыс жағындағы көк ойпат «Ханжатқан» аталады.

— Олай деу себебі, — дейді білетін адамдар, — өткен ғасырдың отызыншы жылдарында Сібір әкімдерімен жанжалдасқан, Орынбор әкімдерімен келісуде дәмесі болған Кенесары Қасымов Көкшетаудағы мекенінен іргесін сөгеді де, соңына ерген елді бастап Құсмұрын ойпатына қоныстайды. Сол кезде осы маңайды мекендейтін, имандық дағуасын құрған Марал Құрманұлының «ғазават» аталатын дін соғысы жүріп жатады. Орынбор әкімдерімен де келісе алмаған Кенесары, ғазаватқа қосылып, көтеріліс ұлғайып кету қаупі туған соң, Сібірден де, Орынбордан да әскер шығып ғазаватшыларды екі жақтан да қыспаққа алды да, олар Торғай, Ырғыз жағына ауады. Сол күндерден бастап Кенесары мекендеген орын «Ханжатқан» аталады.

Кенесарыдан әлі де қауіп күткен патша үкіметі 1834 жылдың, күзінде Құсмұрынның дөңіне әскерлік бекініс орнатады, сол маңайдағы қазақ елін билейтін дуан (округ) ашып, атын «Аманқарағай» қояды, дуанның аға сұлтаны Шыңғыс Уәлиханов болады.

Келер жылы Кенесарының Түркістан жаққа ауып кеткен хабары естіледі. Сол кезде «орынборлық» және «сібірлік» аталатын қазақтардың жер шегі анықталып, Обаған өзенінің батысы — Орынбор әкімшілігіне, шығысы — Сібір әкімшілігіне қарайды. Аманқарағай Орынбор өлкесіне кірген соң, Шыңғыс ол арадан қыстауын Обаған өзенінің орта тұсына жақын жердегі «Күнтимес» аталатын қалың орманға аударады. Дуанның аты Құсмұрын болады.

Қыстауын «Күнтимеске» салған Шыңғыс, жаз айларында, Құсмұрын қырқасының үш бұлағына шағындап егіспен айналысатын, ақсақ-тоқсақ, арық-тұрақ малдарды күтетін азын-аулақ қарашысын қалдырып, өзге малдары мен қарашылары «Орда» аталатын ақ ауылымен Ұлытау жақтағы «Қалмақкөл», «Салқынкөлді», кейде одан әрі Құлаайғыр, немесе Кеңгір өзендерін жайлап қайтады.

«Орда» немесе «Ақ» аталатын ауыл да бір қауым үй іші «Абылай хан ордасы» аталатын үйде Шыңғыс пен бәйбішесі Зейнеп, және ерекше жақсы көрер бірер балаларым тұрады, оң жақ қатарда өзге балаларымен, оларды күтушілер тұратын «балахана», сол жақ қатарда қонағы тыйылмайтын «мейманхана», оған таяу — «асхана», «бала-шаға» таяу, Уәлінің туған інісі — Шепенің үйі. Бұл үйдің бәрі де жаз айларында кіршіксіз ақ кигіздерін жауып, алыстан қарағанда айдында жүзген аққулардай көрінеді. Қоңырқайы — асхана ғана. Үйлердің арасы алшақ тігіліп, аумағы үлкен ауылдай орын алады.

«Қарашы» аталатын қоңсы ауыл қырық рудан құралған кедейлер. Олар ордаға атпен қатынасарлықтай жырағырақ жерде отырады. Мал атаулы соның маңында. Қымыз сол ауылдан ордаға түйемен тасылады, мал да сонда жиылып, мейманханаға еті ғана жеткізіледі. Қонақтар аттарын алыстағы бағанға қалдырады да, өздері ордаға шұбырып жаяу келеді. Қарашы ауыл қашан да болса ақ ауылдан алысырақ отырады.

Романның оқиғасы басталған 1847 жылдың көктемінде Шыңғыс алыстағы жайлауға мезгілінде кешпей, ақ ауылын Құсмұрынның Бас бұлағына, қарашы ауылын Аяқ бұлағына қондырып, ордалық үйлеріне ақ емес, қоңыр кигіз жаптырып, биылғы жазда сол арадан қозғалмайтын қалғанын аңғартты.

Шыңғыс отыратын кигіз үйді, маңайдағы ел «Абылай ханның ордасы» деп көшер, қонар алдында хабарланып, орда үйін жықпай ешқайсысы жықпайды, орда көшінің алдына басқа көш түспейтін, көлденең көш кездессе, тоқырап тұрып орда көшін өткізіп жіберетін, көш жолында тоқырап жерлерде, іргелес болып қалғандар ең кемі қойын сойып, әйтпесе тайын немесе биесін жетектеп әкеп ерулік еттің. Жайлауға жеткенде орда шаңырағын көтермей, ешкім де көтермейтін. Жайлауға орныққанда, сол маңайға қонған рулар өзара кезектесіп, бірі — «өз сыбағаң» деп, бірі — «аруақтың сыбағысы» деп, көгенді қой, қосақты жылқыларды тіркеулі түйелерді лек-легімен әкеліп жататын, әрбір «сыбағаға» сабалы қымыздар қосылатын. Енді біреулері Шыңғысты қонаққа шақырса, қасына жақсы-жайсаңдарын ерте жүріп, бір ауыл «сәскелік», бір ауыл «түстік», бір ауыл «кештік» деп көл-көсір қонағасы беретін.

1847 жылдың көктемінде, төңіректегі ауылдар өйткен жоқ. Орданың бұл жазда Құсмұрын қырқасына қонып, қозғалмауын біле-тұра жайлауға қарай аласапыран кезден-ақ жылжитын ауылдардың ешқайсысы ордаға қарайламай баса-көктеп кете барды. Орда қасында, оның, көлеңкесі сияқтанып Аяқ бұлақта қозғалмайтын қарашы ауыл ғана қалды.

Бұған дейін Құсмұрын қырқасын жайлап көрмеген орда ауылдың биыл бүйтуіне түсінгендер де, түсінбегендер де болды.

Түсінбеушілердің қайран қалғаны: барлық белгілеріне қарағанда биыл жұттың жылы. Әдеттегі жылдарда, бұл маңайдың қысының қары қалын, болады. Өткен қыста өйтпей, қырбық қана қар жауды да, көктем туа кілегейленіп жерге сіңіп кетті. Әдеттегі жылдарда бұл маңайдың көктемі де, күзі де жаңбырлы болады. Өткен күз өйтпей, ала жаздай жерге аспаннан тамшы түспей, топырақ құрғап, желді күндері шаңнан боран соғатын болды. Әдеттегі жылдардың жазы бұлтты, самалды келіп, көбіне қоңыржай боп тұратын. Биылғы көктем туа күн шыға бере шақырайып алды да, малдың да, жанның да мазасын кетіретін ыстық аңызақ үнемі соқты да тұрды. Қардың аздығынан, жаңбырдың жоқтығынан, көк атаулы көктемде бас тарта беріп семіп қалды да, жер тақырланып, малдың тісіне сыздық болар нәр табылмады. Осы құрғақшылықтың салдарынан, сулы жылдары Құсмұрын көліне батыс жағынан құйылып, шығысынан ақтарыла шығып кететін Обаған өзені арнасында үздік-үздік қана жылтырап, шұқырға толған судағы балықтарды жұрт шелекпен іліп алды. Суы табандап қалған көлдің беті адам қарағысыз ала-айран боп, борсыған сорған, топырағы төңіректі мүңкітіп жіберді. Сол маңайдың «өмірінде суалмапты» дейтін шалқар, тұщы көлдері: Қойбағар, Жасылбағар, Тімтуір де биыл тартылып, жалтыры мал да, адам да жетпейтін алысқа кетті. Тақыршылық қыса бастаған соң маңайдың ауылдары алыстағы жайлауларына биыл жылдағыдан ерте көшті, «онда тақыршылық бар» дегенмен бір жылға түбірі де азық боларлық баялыш, изен, жусан, ши сияқты шөптері, тобылғы, қараған, еркек, қоян сүйек сияқты бұталары бар. Оcындай тақыршылықта, Шыңғыс сауын биелер мен сойыстық қойларын ғана Құсмұрында қалдырды да, өзге малдарын Орынборлық қазақтардың Тобыл бойындағы дуана Ахмет Жантуриннің жәрдемімен жұты жоқ Жайық бойына айдатты.

Оның биыл неге бүйтуі оқырман көпшілікке түсінікті болу үшін, ордасының тігілу тарихын қысқаша баяндай кетейік.

Шежірешілер орданың арғы негізін, монғол Шыңғыс ханның ордасына апарып жалғастырады. Ол Шыңғысты дәріптеушілер: «адамнан емес, күн нұрынан жаралған екен деген ертегі таратып, екінші атын «Күншуақ» қойып кеткен.

— Күншуақ көтерген орданың қара шаңырағы, — деді шежірешілер, — ол өлгеннен кейін үшке бөлініп. Еділ бойында «Алтын орда» аталғаны үлкен ұлы — Жошы Самарқанда «Көкорда», аталғаны ортаншы баласы. — Шағатайға, Пекинде «Ақ орда» атанғаны кіші баласы — Төлеге берілген екен. Біз сипаттағалы отырған Шыңғыс Уәліұлы Жошыға жатады. Жошы өлгенсін, «Алтын орда»: Қырым, Астрахань, Қазанның ханы, Жошы ұрпағы — Жәнібек, қазақша Әз-Жәнібек. Біздің Шыңғыс соның ұрпағы. Одан кейінгі аталары — он жетінші ғасырда қазақтар хан болған еңсегей бойлы Ер-Есімге одан, он сегізінші ғасырда қазақтың орта жүзіне хан болған Абылайға, одан, Абылайдың орнына хан болған Уәліге соғады.

— Уәлінің Шыңғысы отырған шаңырақтың «қара» аталатын себебі, — дейді ертегішілер, — монғол Шыңғыс ханнан бері бұл орданың қаңқасы мен кигізі сан рет жаңғырғанмен, шаңырағын еш уақытта өзгермей, алғашқы түнде қалып қойған. Тұтас еменнен иіліп жасалған бұл шаңырақ, жақсы күтіп жыл сайын жылқының майымен былай бергендіктен, пәлен ғасыр бойына ыс шалғандықпен, ағашы жылдан жылға жылтырай түсіп, өңі қап-қара түн, темірдей қатайып қалған, «қара шаңырақ» аталуы сондықтан.

Бұл шаңырақтың бергі Шыңғыстың қолына қайдан түсуін де оқырмандарға қысқаша баяндай кетейік. Ол үшін, арғы тарихты қоя тұрып, оқиғаны Абылайдан бастайық.

Абылайдың әкесі — Әбілфайыз он сегізінші ғасырдың басында Бұхара қаласында хандық құрады. Сол кезде қаланы Иран шаһы — Нәдір жаулап алады да, Әбілфайызды да, тұқымын да түгел қырады. Абылай ол кезде жеті-сегіздегі бала екен, аты — Әбілмансұр екен. Осы баланы Әбілфайыздың бір құлы жеміс бауының, қалың ішіндегі тандырға тығып, апаттан аман алып қалады.

— Қара Бұхардың айналасында, — дейді ертегішілер, — биіктігінен адам өрлеп өте алмайтын, аумағына ат шаптырса жете алмайтын, шот шаба алмайтын, балта кесе алмайтын, сүймен тесе алмайтын, тастан қаланған, қырық қақпалы қорғаны бар екен. Егер қаланы жау қамап, қақпадан тұрғындар қаша алмаса, жер астымен зыту үшін жасалған, жан сезбейтін жетпіс үңгір бар екен.

Әбілмансұрды жасырған құл, жау жалыны бәсеңдеген бір сәтте, баланы ертіп үңгірлердің бірімен далаға шығады.

Енді қайда бару керек?

Құлдың есіне, Түркістан қаласында тұрып, қазақ даласына хандық құратын Әбілмәмбет түседі. Ол Әбілфайыздың немере туысы.

Құл Әбілмансұрды соған апарады. Қатал хан жетім қалған жас туысын жақын көріп күтудің орнына, қасындағы құлына қосып, табанын тасқа тілдіріп, қойын жаяу бақтырады.

Ересек болып есін біле бастаған шақта Әбілмансұр ағасының жалшысы болуға намыстанады да:

«Өз қорлығыңнан жат қорлығы жақсы» деген, бұдан да бетімізбен қаңғырып, жаттың малын бағайық деп, құлын ертіп кете барады.

Олар Шымкент пен Ташкент арасындағы Қазығұрт тауын мекендеген, Үйсін руынан шыққан атақты би Төлеге кездеседі де, түйелерін бағады. «Жеткіншекке «Атын, кім?» дегенде «Сабалақ» дейді, қасындағы «құлдық баласымын» дейді, басқа жөнін айтпайды.

Түйе бағатын Сабалақ ер жетіп, сымбатты сұлу жігіт болады. Ол таңертең малдан келгенде айран ішеді екен. Төленін, бәйбішесі оны жақсы көріп, кішірек бір тегеш айранды арнап ұйытады екен. Бір сәтте, бәйбішесі Төлеге: — «Осы Сабалақ аруақты адам сияқты, өйткені таңертең келіп сәлем бергенде, сен селк ете түсесің», — дейді Төле:

«Жоқ, өйтпеймін», — деп таласады. «Ендеше, — дейді бәйбішесі, Сабалақ келерде, мен тізеңе тебеннің ұшын ғана іліктіріп қояйын. Сабалақ сәлем бергенде сескенсең тебен ұшып кетеді, әйтпесе, орнынан қозғалмайды». Бәйбіше осылай істегенде, тебен ұшып кетеді. Төле Сабалақтан сескенетінін сонда ғана біледі де, атақ-абыройына ие болып жүрген біреу болмаған деп, тез құтылу қамын ойлайды, бірақ қалай? Осы жайды ақылдасқанда:

— Мен оған, — дейді бәйбіше, — енді келгенде тұщы айран емес, сары сулы ащы іркіт берейін, соған қорланады да бізден кетеді.

Бәйбіше сөйткен кезде, сары суы бетінде көлкіп, быжылдап тұрған іркітті. Сабалақ саусағымен бұлғап — бұлғап жұта салады да, шығып жүре береді. Төле: — Бұл ненің белгісі?» — дегенде, бәйбіше: — «Түбінде билеген еліңді осылай сапырып быт-шытын шығарармын», — дегені, ол енді осы кеткеннен оралмайды», — дейді. Сол расқа шығады.

Біржола кеткен Сабалақтың қайда баруы керек?

1823 жылы Қаратау мен Сырдария бойын жайлаған қазақ елін, Алатаудың (Тянь-Шань) теріскей шығысында құйылған, Жоңғар аталған қалмақ хандығының қатты жалауы, содан қашқан қазақтар Арқа аталатын жонға, одан әрі — Сібірге ауып кеткені, елсіз құлазып жататын сол елдегілерге тұрақтағаны, тарихи материалдардан мәлім. Әбілмансұрдың естуінше, Түркістан ханы — Әбілмәмбеттің Арқа мен Сібірдегі қазақтарды билеуге қолы жетпейді, ол елдерді: Қаз дауысты Қазыбек, Шақшақ — Жәнібек, Қара керей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай сияқты ру басыларын билейді.

Қазығұрттан қозғалған Әбілмансұр «құл әкесін» ертеді де, сол жаққа жең тартады. Осы бетінде ол аса ауыр қылмыс жасайды. Жолда, «Хан» тауына түнеген шақта «құл әкесін» өлтіреді!

— Неге? — деген сұрауға:

— Ол кездегі құлдың бір құлағы кесік болады екен, — деп жауап береді ертегішілер, — Әбілмансұрға «әке құлдың» да құлағы солай екен. Сондай құлды Абылайдың енді ерткісі келмейді.

Арқаға ауған Әбілмансұр Есіл өзеніне келеді де, кейін Қызылжар қаласы орнаған тұсын мекендеген. Қарауыл руынан шыққан Дәулеткелді дейтін байға жылқышы болады, оған да «Атым — Сабалақ, еліміздің ханының баласын өлтіріп қашып жүрген жігітпін» — дейді.

Әбілмансұр жылқы баға бастаған шақта, сол маңайдағы қазақ елін Жоңғар қалмақтары тағы шауып, қатты қырғынға ұшыратады, көп мал мен жанды алып кетеді.

Қапыда ұрылған қазақтарды жоғарыда аталған билер бастап жауды қуады да, Балқаш көлінің маңына жетіп, қатты соғыс болады, сонда жауға «Абылайлап» шапқан біреу ерекше ерлік көрсетеді. Жау жеңіледі. Кіріптар болған мал-жанды қазақтар айырып алады.

Есін жиған ел «абылайлаған кім?» деп сұрастырса, Дәулеткелдінің жылқышысы — Сабалақ!.. Оның шын мән-жайы сонда ғана анықталады. Оның арғы атасы «Қан ішер» аталған Абылай хан екен, Әбілмансұр жауға шапқанда соның есімін ұран қылған екен.

«Сабалақтың» кім екенін білген, қылығына риза болған қазақтар, оны боз биенің сүтіне шомылдырып, боз айғырды құрмалдыққа шалып, Бурабай келінін, желкесіндегі «Хан» аталып кеткен шалқар көлдің жағасында, боз кигізге салып хан көтереді. Көкшетау өлкесін мекендейтін Атығай және Қарауыл рулары Абылайға алты қыз беріп, алты ақ отау тігіп, алдына алпыс түйе, алты жүз жылқы, алты мың қой салып беріпті-міс. Абылайдың немересі — Кенесарыға Арыстанбай ақын:

Кенеке, жақын көрсең қарашыңмын,

Алыс көрсең аңдысқан алашыңмын.

Атаңа алты қатын алып берген,

Атығай, Қарауылдық баласымын, —

деген өлеңді сондықтан айтқан екен деседі. Содан кейін кел «Хан» аталып, Әбілмансұр — «Абылай хан» аталып кетеді.

Абылай елдің аузында да, тарихи деректерде де өте ақылды болған. Әуелі Көкшетауда хан көтерілген ол, маңайдағы қазақ руларының бірінен соң бірін бағындыра кеп, ақыры «Ұлы» және «Орта» аталған жүздерді түгелімен қарамағына алған. Бұлар бүкіл қазақ халқының төрттен үші. Бірде — Россияға, бірде — Қытайға бағындым деп ант бергенмен, Абылай өзіне қарасты елді көзі тірісінде тәуелсіз ғып ұстаған.

Хан болғаннан кейін, Абылай: «туған жеріме барып, ата-бабаларыма зират етіп қайтам», деп көп нөкермен, әуелі — Түркістанға, одан — Самарқан мен Бұхарға барып, ол жақтың әкімдерінен сый-сияпатқа бірнеше қыз, қымбатты көп мүліктер алып қайтқан.

Қара — Бұхарда ата-бабасынан қалған қара шаңырақ. Абылай Көкшетаудағы мекеніне сол жолы әкелді, — дейді шежірешілер, — өле-өлгенше ордасына тіккен екен.

Абылай 1781 жылы еледі. Оның он бес әйелі, отыз ұлы, қырық қызы болған деседі; солардың бірі — қарақалпақ халқының бегі — Шуақпайдың Сағындығы деген кісінің Сайман есімді қызы екен. Одан: Есім, Әділ, Шыңғыс, Уәлі-бес ұл туады.

Көп ұлдарының ішінен Абылайдың хандығына екеуі таққа таласқан: бірі — қалмақ әйелінен туған — Қасым, екіншісі — Уәлі. Қасым жас күнінен бұзық, барымташы, қанішер болған, Уәлі — момын екен, сондықтан, ел Уәліні қалап хан көтереді. Бұл кезде, Абылайға бағынышты елдің біразы Россияға, біразы Қоқанға... деген сияқты бытырап, Уәлінің қарамағында бұрын «Ақмола губерниясы» аталған өлкенің қазақтары ғана қалады. Бұл — Абылай билеген қазақтардың оннан біріндей ғана. Дегенмен, қара шаңыраққа ие болған Уәліні қазақтар сыйлайды. Көршілес орыс үкіметі оны «хан» деп таниды.

Уәлінің төрт әйелі болған, солардың кішісі — Айғаным. Уәлі оны елуден асқан шағында қыздай алған. Шежірешілер бұл жайды былайша баяндайды.

— Хандық құрған Уәлі, әкесінің Бурабай тауындағы мекені — Қызылағашта тұрып жатады. Бала-шағалары есіп жатады. Жасы егде тартқан кезінде, ол Есіл өзенінің бойына барады да, елдің дау-шарын бітіреді. Сол елде Мәлім есімді қожа тұрады екен, өзі Абылайға қыз берген қайын атасы екен. Есіл бойына барған Уәлі сол Мәлімнің баласы — Сарғалдақ қожаның үйіне түседі.

Сарғалдақ Қара — Бұхарда отыз жыл оқып, он екі пәнді тәмәм қылған, бұл елде теңдесі жоқ ғұлама екен, оның үстіне қараңғы жұрт оны — «ғайыпты болжайтын әулие» деп, «сиқырлы оқумен аспаннан періні түсіріп, жерден жынды буатын» деп дәріптейді екен; маңайдағы елдің әрі имамы, әрі емшісі, жұрттың қайыр-садақасы, зекет-ұшыры түгелімен сонікі боп, ақырында атақты байдың біріне айналған екен.

Уәлі елдің дау-шарын Сарғалдақтың үйінде жатып бітіреді. Орта Азияда туып, ислам дінінің тәрбиесінде өскен Сарғалдақ, әйелдерінің, келіндерінің, ержеткен қыздарының бетіне пәрәнжі жаппағанмен, жеке үйде, бөгде еркекке көрсетпей ұстайды екен. Ол Уәліге де сөйтеді.

Уәлінің қасында — атшы, саятшы, өлеңші, домбырашы, қуақы сияқты өнерлі нөкерлері болады, солардың біреуі: «Оңаша үйге қамалған әйелдер қандай екен?» — деп сығалап жүргенде, бір жас өспірім қыз көзіне ерекше шалынады: биік, талдырмаш бойлы, аршыған жұмыртқадай аппақ өңді, үлкен қара көзді, ортасы көтеріңкілеу қыр мұрынды, кең маңдайлы, қою қара қасты, қайқы кірпікті, бұрымдарын көбейте өрген, түрегеп тарқатқанда денесін тізесіне дейін жауып кететін бұйра қара шашты қыз!..

Қыздың сымбаты мен сұлулығына қайран қалған жігіт, көрген-білгенін Уәліге хабарлайды. Көңілі елеңдей қалған Уәлі, жігітіне қыздың аты-жөнін, қылық-мінездерін бақылай түсуді тапсырады. Жігіт сұрастырса, қыз Сарғалдақтың езбектен алған тоқалынан туған екен; аты — Айғаным, жасы — он алтыда, мұсылманша оқуы бар.

Содан кейін Айғанымға өлердей қызыққан Уәлі, Сарғалдаққа:

— Сүйек жаңғыртайық, қызын маған кішілікке берсін! — деп беделді біреуді жұмсайды.

Қыздың құнсыз шағы. Кімнің малы көп болса, кім беделді болса, қалын малды төгіп беріп, қалаған қызын ала беретін шақ. Осы «заңнан» Сарғалдақ шыға алмайды, әрі «жиені» саналатын, әрі елдің ханы болып жүрген Уәлінің жіберген елшісіне «болсын» деп ризашылық білдіреді.

Ол кездің қызынан ықтиярлығы, я еместігі сұралмайды да. Ислам дінінің шариғаты бойынша, тек неке қиылар алдында ғана күйеу мен қалыңдық арасына «куәдір» жүріп, екі жақтың да ризашылығын естіген болады. Егер бір жақ, көбінесе, қалыңдық үндемесе, «ризашылықтың белгісі» деп неке қиыла береді. «Риза емеспін» дейтін мұсылман әйелдерін, әсіресе, қазақ әйелдерін советтік дәуірге дейін ешкім естіген емес. Олай деудің арты жанжал, сондықтан әйелдер ауыздарын еріксіз жұмады да, үндерін еріксіз өшіреді.

Айғаным да сөйтеді. Бірақ ол, келген куәдірлер арқылы, кәрі күйеуіне тілегін жолдайды.

— Бурабай тауының төңірегінде, — дейді ол, — Уәлінің бір емес, үш әйелі, олардан әлденеше баласы бар көрінеді. Мені ол қатындарына апарып қоңсы қондырмасын, күндес

қатындары мен өгей балалардан жапа шектірмесін, мен десе, мекенін осы жаққа ауыстырсын.

Жас және сұлу қалыңдықтын, өтінішін Уәлі қабылдады да, некесін қидырғаннан кейін, өзге қатындары мен балаларын Бурабайдағы мекеніне қалдырып, өзі Есілге жақын жердегі Сырымбет тауына көшіп кеп, қоныс салады. Бұл, шамасы — 1805 жылдың деңгейі. Уәлі ол жылы алпыс жаста екен.

Ақылды Айғаным босағасын аттағаннан бастап-ақ Уәлі билеп кетеді.

— Содан бастап, — дейді білетіндер, — елдің басқару тізгіні Уәліде емес, Айғанымда болды.

Уәлі 1819 жылы өледі. Одан кейін Россия патшалығы Айғанымды «хан» деп таниды. Айғаным Уәліден: «Әбден, Мәмке, Шепек, Шыңғыс, Қанғожа, Әлжан есімді алты ұл, Рақия, Нұрилә атты екі қыз туады. Әкесі өлгенде олардың бәрі жас. Уәлі үлкен әйелдерінен туған ересек ұлдарының ешқайсысына хандықты өсиет қылмайды.

Айғанымға өсек-аяң көп ерген, «жігітшілік құрды» деген атағы көп жайылған адам. Солай дей тұра, ел оны ерін сыйламады» демейді.

Уәлі өлгенде Айғаным қара жамылып, жылын бергенше аза тұтқан. Қара жамылған Айғаным, маңындағы төре тұқымының жас қатындары мен бойжеткен қыздарын: таң ата, түс бола, күн бата жинап алады екен де, өзі бастап, күн сайын оларға үш мезгіл жоқтау айтқызады екен, сонда даусы өзгелерден өрлей асып отыратын ғажап әнші екен, «сол дауысты тыңдаған жұрт қатты әсерленіп, еңіреп отырады екен» дейді.

Уәлінің жылы толғанда, Айғаным оған бағынышты елдің бәрін жинап мың қой, жүз жылқы сойып ұлан-байтақ ас береді.

Жалпы шығыс елінің, олардың ішінде — қазақтың тарихында, би әйелдер болғанмен, хан болғаны естілмейді. Оның үстіне, Абылай құрастырған хандықтың халқы азайып, беделі төмендеп келе жатқан уақыт, сондықтан Россия патшасы «хан» дегенмен, Уәлінің қарамағында болған ел, Айғанымды «хан» деп танымаған. «Алдымен Мырық бұзар шырығыңды» дегендей, Россияға қарсы көтерілген шақта, Айғанымды өз қайнысы — Кенесары Қасымов шауып, орыс әскерінің күзетіндегі ханша жанын әрең аман алып қалған да, тігерге тұяқ қоймай, бар жылқысын айдап кеткен. Одан кейін Уәлінің туған ағасы — Шыңғыстың1 Сартайы «хандық менің еншім» деп таласып көрген де, ол ниетіне жете алмаған соң, талан-таражға кірісіп, ақыры, патша үкіметі оны Сібірге жер аударған. Одан кейін Уәлінің үлкен әйелінен туған Әбәйділда — «әкемнің, тағы менікі» деп жанжалдасып, ол да «Ит жеккенге» жер аударылған. Айғанымға әлі жетпесін байқаған рулар «бет-бетімен түйе айдап» дегендей, бөлшек-бөлшек болып кетіп, бірінің малын бірі барымталап, елде талан-тараж ұлғайған. Бағынышты қазақ руларын патша үкіметі сырттан ғана бақылап, ішкі іріткілерін түзесуге араласпаған.

Хандық осындай жағдайда жүрген шақта Сібірге патша сарайынан атақты реформист — Сперанский наместник2 келіп, қазақ елімен біраз танысқаннан кейін патшаға: «қазақ хандығының тозығы жетіп болған, енді оны жамап-жасқағаннан іс шықпайды, одан да «хандық» аталатын дәрежені жою керек те, Сібірдегі қазақтарды дуанға (округ) бөліп, председательдігіне «аға сұлтан» деген атпен беделді қазақтарды отырғызу керек, олардың тізгіні Сібірдің генерал-губернаторларында болу керек» деген хат жіберген. Бірінші Александр бұл пікірді дұрыс деп тапқан да. Сперанскийге сібірлік қазақтарды басқарудың уақытша ережесін жасатқан.

Сперанский жасаған ереже бойынша, «Сібірлік» аталатын қазақтар: Құсмұрын, Көкшетау, Ақмола, Баян, Қарқаралы, Көкбекті аталатын алты дуанға бөлінеді, әр дуан бірнеше болысқа бөлінеді дуанды басқаратындар — «аға сұлтан», болысты басқаратындар — «кіші сұлтан» аталады. Олардың, бәрі де қазақ болады. Дуандар бағынатын генерал — губернаторлықтың Омбыдағы кеңсесінде, «советник» аталатын ақылшы қазақ отырады. Патша бұл жоспарды 1822 жылы бекітті де, сұлтандар іске кірісті. Аға сұлтандыққа кімдерді қою мәселесін шешер алдында, Батыс Сібірдің генерал-губернаторы князь Сперанский қазақ ауылдарын аралауға шығады, қасына тілмәш қып Омбының жатағы — Көшеннің Тұрлыбек дейтін жас жігіті, әрі пысық баласын ертеді. Осы сапарында Сперанский бірінші рет Сырымбет тауындағы Айғанымға соғады.

Жасы сол кезде отыздан жаңа ғана асқан «шұбар төс аңқудың» сымбаты да, сұлулығы да, ақылы да князьға қатты ұнап, оны Көкшетау дуанының аға сұлтандығына белгілейді.

Айғаным князьға ұнауын пайдаланады да, «қазақтар қыстау сала білмейді, әлі күнге дейін қысқы сақылдаған сары аязда кигіз үйде отырады, соларға үлгі көрсеткім кетеді» деп өтініш айтады. Сперанский ол ойын мақұлдайды да, арнаулы инженер жіберіп, «хан ордасының» жоспарын жасатады. Жоспар бойынша екі өркешті Сырымбет тауының саласына жергілікті қарағайдан қиып салған орданың аса кең-кең бөлмесі болуға тиісті, бөренелердің арасы түйенің шудасымен тығындаулы, төбесі қаңылтырмен жабулы үйдің іші-сырты ақ қозының жүнінен басылған кигізбен қапталуы керек, орданың екі жағына «отаулар» аталған кішірек ағаш үйлер, бұйым сарайлары, малға қора-қопсылар жасалуы керек, сол маңайдағы кең алаңға биік, іші кең мешіт пен медіресе орнауы керек.

Сперанский бұл жоспарды бекітті де, орындауын Көкшетау қаласындағы әскери бөлімге тапсырды. Жоспарланған орда бір жылдың ішінде даяр болды. Келер жылы Омбыда аға сұлтандарды: Көкшетаудан — Айғаным, Ақмоладан — Құдайменденің, Қоңырқұлжасы, Қарқаралыдан — Тәукенің Құсбегі, Баяннан — Тәтенің Қанқожасы, Көкбектіден — Әбіленің Абылайы бас қосып, генерал-губернаторға қазақтан ақылшы (советник) тағайындады. Сперанскийдің ойы — Айғаным еді. Оны «қатын» деп, басқа аға сұлтандар ұнатқан жоқ. Өзгелерінің ішінен, орыс тілін білетін пысық, ақылды болмады. Бұл жағынан Сперанскийге қатты ұнаған адам Көшеннің Тұрлыбегі еді. Хан тұқымдарынан аға сұлтандар: «қара қазақ» көріп оны ұнатпағанмен, қаһарлы Сперанский: «сол болсын» дегенде қарсы шыға алған жоқ. Бұдан олар — «орысты білмей оңбайды екенбіз, ең болмаса балаларымызды оқытайық» — деген іштей қорытындыға келеді.

«Ата балаға сыншы», — дейді қазақ. Айғаным да өзінен туған балаларға сынай қарайтын. Уәліге қосылғанның келер жылында ұл туып, атын — Абылай қойған, бірақ, хан Абылайды білетін, аруағын пір тұтатын келіндері ол есімді атауға бата алмай, «Әбен» деп кеткен.

Қазақта «бала анаға аян, атаға күмән» деген нақыл бар. Жұрт «пәлен, түген» деп өсек қылғанмен, Әбеннің Уәліге нәсіл екендігіне Айғанымның ешбір күдігі жоқ.

Әбен де әкесіндей солбырайған ірі денелі біреу болатын түрі бар. Мінезі де сол сияқты ынжықтау. Әкесі өлгенде он үш жасқа шыққан оны, жаназаға жиналғандар «ырымын жасап, осыны хан көтеріп қойсақ қайтеді», деді енді біреулер — «бойына қарамай, ойына қара! Ойы — әлі күнге дейін көр-бала, бұл ел басқарып оңбас», деп қарсы шықты.

Айғанымның 1810 жылы туған екінші ұлына — «Әбілмәмбет» деген ат қойылды. Оны жұрт «Мәмке» деп кетті. Мәмке ер жете Кенесарыға қосылды да, жорықта қаза тапты.

Үшінші ұлы — Шеген. Шалағай туып, қырық күндей тымаққа сап кереге басында ілулі тұруынан ба, әлде табиғатынан ба, тіпті кішкентай денелі болып өсті. Қазақтың ұғымында бойы кішкене адам: қу, залым, айлакер келеді. Шеген де солай өсті, сондықтан жұрт оны «Шытырлақ шепе» атады да, кейін «шытырлағыш» түсіп қап, «Шепе» ғана болып кетті. Ол кішкене күнінен сотқар, төбелескіш, бейпіл сөзді болды.

Айғанымның төртінші ұлы — Шыңғыс 1815 жылы туды. Оның тәуір кісі болуынан жұрт кішкене шағынан-ақ дәмеленді.

— Қылығы да, ойыны да, жүріс-тұрысы да, сөзі де адам болар балаға ұқсайды, — десті олар, — түбінде қара шаңыраққа осы ие болмаған да.

Айғанымның үмітінше, бұл орданың ендігі иесі — Шыңғыс. Соны көріп өлсе арманы жоқ. «Тек, аман-есен ер жеткен де құлыншағым!» деп тілеп қояды ол. Сондай тілекте жүрген Айғанымға Сперанский алдағы жылда, сол кездегі патшаның інісі, І-Николайдың Сібірге сапар шегуін хабарлады.

Сперанскийдің естуінше Россияның патшасы — І-Александр, кейінгі жылдарда сырқаттанып, мемлекеттік істерге салғырт қарап кеткен. Перзенті жоқ оның тағына, патшалық семьялардың тәртібі бойынша, бірінші інісі-Константин отыруға тиісті. Бірақ, ол мемлекет бастығы болуға жарамды адам емес. Жарамдысы — екінші інісі — Николай.

Таққа отыруға хақы бар әрбір (ханзада), таж киерден бұрын бағынышты елінің кей өлкесін аралап көруі, Россия патшаларының өмірінде әдетке айналған. Осы әдетке Романовтар да бағынып, Россияның біраз өлкелерін, олардың ішінде — Сібірді аралаған....

Николайдың Сібірге беттеп сапар шегуін, «таққа отырардың алдындағы саясат» деп түсінген Сперанский, оны мүмкін қадырынша жақсы қарсы алудың жабдығын жасады. Ол үшін қазақ дуандарының аға сұлтандарына арнаулы хат жазып, Николай қызық көруге тұрарлық кигіз үйлер жасатуды бұйырды. Николай келерде ол үйлер Ертіс өзенінің табиғаты сұлу жағасына тігіледі де, сол жерге жасалып, наследникке қазақтың салтанатты ғұрпы, ойын-сауығы көрсетіледі.

Бұл хабарды алған Айғаным шеберлерді жинап ақылдасты. Олар кигізді шылғи ақ қозының жүнінен бастыру керек керегені, уықты, шаңырақты әр түсті бояумен әшекейлеу керек, үзіктер, түндіктің етектері мен өңірлері қызыл шұғамен оюлану керек, үйдің іші-сыртына арнаулы жабылған кілем баулары тартылу керек, кереге ішіне кілем түсті шилер құрылу керек...

Шеберлер осы ұйғарындымен іске кірісті. Жасалатын үйдің ішін әшекейлейтін жасау -жиһазды Айғаным уайымдамады, себебі — «орда» аталуы пәлен ғасырға созылған бұл үйге осы тұқымға түскен келіншек атаулы кілем, алтын мен күмістен жасалған ыдыстар сияқты бас мүліктерін сыйлайды екен. Осы жасау-жиһаздар жинала келе көбейіп кетіп, кейінгі кезде күтуі қиынға айналған көрінеді. Бұл мүліктер бір түгіл бірнеше киіз үйдің ішін толтырады.

Николайға арнап жасалған кигіз үй дер кезінде бітті. Жұрт «бұндай салтанатты кигіз үйді көрмек түгіл, естіген де жоқпыз» деп қайран қалысты.

Дуан басылар Николайға арнап жасатқан үйлерін бір-біріне көрсетпеуге тырысқан еді, бірақ олар, бір-біріне астыртын кісі жіберіп, кімнің қалай жасауынан хабар алып жатты. Айғаным жұмсаған жансыздардың айтуынша, жасырын жасалған үйлерде, оның үйінен асары жоқ.

Николайға арналып жасалған үйлер. Ертіс өзенінің Омбыға жақын жердегі тоғайы тамаша бір қойнауына алып,оған тігілді. Бәрі де айдында қалқыған аққулардай аппақ шаңқай үйлер. Бәрінің де өзгелерге ұқсамайтын әдемі өзгешеліктері бар. Солардың ішінде көпшіліктің көзіне бір үй ерекше түсті. Ол — екі ақ үйді біріне-бірін жалғастыра, біреуін -ауыз, біреуін-төргі үй ғып тігілуінде ғана емес, (олайша тігілген тағы бір үйлер де бар), керегелерінің бір қоспасына әйнек, бір қоспасына айна орнатып, сегіз қанат үйді, әдеттегі ондай үйден әлдеқайда кеңітіп жіберуінде онымен де қоймай, шаңырағына күмбез орнатып, оның ұшар басына ай орнатып, сырттан қараған кісіге қоспақ кигіз үйдің мешіт сияқты көрінуінде болды. Бұл үйді Қызылжардың миллионер байы, первый-гельды саудагер Пышқантайдың Маймағы жасатқан еді.

— Міне, қайда, үй!.. Міне, қайда, байлық!.. Бұндай үйді жасату тек, ақшаның ғана қолынан келеді! — десті халайық.

Николайды күтіп алуға жиналған жұрттың естуінше, наследник Ертістің ақ үйлер тігілген жағасына кемемен келіп тоқтайды. Кемеден қырға шығу үшін, сол араға арнаулы көпір жасалып, оның үстіне кілемдер жабылады, кигіз үйге баратын жолына да кілемдер төселіп, бергі жағы жалпая жайылған кілем жолының әр үйге барар тұс-тұсында тармақтанып кетеді, оларға да кілем төселеді. Үйлердің ішіне де кілемдер жайылады. Қымбатты жасау-жиһаздар жиналған.

Тігілген үйлердің ішінде ең үлкені де, көрнектісі де. Маймақтікі болғанмен, жасау жағынан ешбір үй Айғаным үйімен таласа алмады. Ең алдымен оның есік алдына жайған кілемі жұрттың көзін сүріндірді.

— Бұл кілемді, — деседі білетіндер, — тасы өрге домалап, жұлдызы оңынан туып, тұмсығымен құс тістеп, дәуірлеп тұрған шағында Абылай хан Бұхара — Шәріпке арнаулы кісілер жіберіп, ондағы түрікпен шеберлеріне түрлі түске бояған шым жібектен тоқытқан екен. Сонда айтқаны — «ұзын тұрқы да, көлденеңі де кең мешіттің ішіне молынан жететін болсын».

— Осылай тоқылған кілемнің, — деп жалғастырды сөзін кілемді сипаттаушылар, — ажары тотының қанатындай мың құлпырып, қараса көзді талдырады екен, бір өзі бір түйеге жүк екен, бес-алты жігіт зорға көтереді екен.

Бұл сөздің растығын, құрметті оқырмандар мен өзім 1921 жылдың көктемінде көрдім. Сол көктемде «ақ банды» деген шығып. өзгелермен қатар Сырымбет тауындағы «хан ордасын» да талаған. Сол істі зерттеп қайтуға жергілікті үкімет мені жіберді. Барсам орданың мұрагері, — Шыңғыстың кіші ұлы, жасы қартаң тартқан Қоқыш (Нұрмұхаммет) екен. Кедей шаруалы ол жайлауға шығуға күші болмай, қысқы ағаш үйінде отырып қапты. Бандылар оның үйін осындай жағдайда талайды және білмей таламайды баяғы Абылай заманынан бұл тұқымға келін болып түскендер кілем, ішік, құндыз, алтын я күміс немесе құнды тастар сияқты қымбат мүліктерін ордаға, сыйға тартады екен, солар жинала кеп, әлденеше түйеге тең боларлық қорға айналған. Қапыда басқан қалың банды, бұл мүліктерді қотара талап әкеткен. Жоғарыда аталған кілемді бандылар бір-біріне қимай, басшылары он екі бөлшекке кескен. Біздің қолымызға сол он екінің бір ғана бөлшегі түсті, соның өзі қарсы екі құлаш екен, түсі — тотының қанатындай құлпырады!..

Бұндай үлкен және көрікті кілем Николайға арнап үй тіккендердің біреуінде де болмаған.

Айғаным Николайға арнап тіктірген үйдің ішіндегі жиһаздар да ерекше еді. «Абылайға, Уәліге орыстың, қытайдың патшалары, қалмақтың, қоқанның хандары, Бұхардың әмірі, сол елдердің атақты бектері, тағы тағылар сыйлапты-мыс», деген қымбатты мүліктерде қисап болмайтын. Мәселен, 1759 жылы, Абылай «Россияға бағынам» деп Петерборға туысы Жолбарысты жібергенде, «сол кездің патшасы — Елизавета Петровна Абылайға алтын штоппен (парча) тыстаған, жағасына құндыз кіреуке салған бұларғын ішік жіберген». Хан болған Абылай туған жері-Бұхарға барғанда, оның әмірі, — «Индияның патшасы сыйлап еді» деп, «жүз жылқыға тұрарлық жұдырықтай жақұт тасын берген». «Қытайдың патшасы-«алтын табаққа салып, алпыс кәрлен кесе жіберген»; «Қалмақтың ханы Галдан-Церен Абылайға Хочече есімді қарындасын сыйға беріп, «еншісі» деп бір нар әрең көтерерлік жиһаздарды артқан. Көршілес хандардың біріне «Алты қырлы алмас» аталатын, жан-жағы жайдың оғындай жалтылдайтын, о жағынан қарағанда, бұл жағынан күн көрінетін, көлемі қос жұдырықтай, түсі мөлдір судай тас берген. Солар сияқты ешқайдан табылмайтын ерекше қымбат мүліктер қисапсыз көп болған.

Айғаным наследникке тіктірген үйдің ішіне осылардың көбін қойдырды. Көрініске ен, қымбаты — Айғанымның өзі. Жасы отызға кірген, алты баланың анасы болғанмен, Айғанымның сымбатты денесі толыққанмен жалпиып семірмей, арғымақтың семізінен жараған бедеудей жұп-жұқа боп ерекше сұлуланып кеткен.

«Ел құлағы — елу». Айғанымның Омбыда бұлайша безенуіне қазақтың Сібірдегі алты дуанында естімеген жан қалған жоқ. Бұны әркімдер әр түрлі саққа жүгіртіп жатыр. Біреулер:

— Сперанский мен Айғаным көңілдес екен. Оны патшаға безенген түрде көрсеткісі келуі содан, — деседі енді біреулері:

— Бір елдердің әдетінде, ерекше сыйлы қонақтың қойнына жас, сұлу әйел салады екен, Сперанский де патшаға сондай құрмет көрсеткелі жүрмесін! — деседі.

Айғанымды көргендер де, көрмегендер де, безенген қалпында бір көргісі келеді, ал Сперанскийдің бұйрығы: — «Патша Ертісті бойлап кемемен келгенде ғана Айғанымды жаңа адамға көрсету, оған дейін жан адамға көрсетпеу».

Айғанымның парадтық киімі төмендегідей болып шықты, басында алтыннан әшекейлеп жасаған, өн-бойын түрлі-түсті қымбат тастармен безеген, маңдайына — үлкендігі сиырдың тобығындай жасыл жақұт орнатқан — таж, одан бетіне түсірген жұқа, селдір ақ жібек шадыра үстінде орысша — парча, қазақша — үш топ аталатын, қызғылт түсті мауыты, оның өрнектері алтыннан; мәнерлі шым жібектен тігілген көйлегі — жерге сүйретілген қос етек, аяғындағы оюлы, кестелі, биік өкше етігі, тек, қадам басқанда ғана көзге түседі ұзын, жуан бұрымдары екіге өріледі де, ұшына жалпақтығы алақандай, үзбелері көп, қымбат тастармен безенген алтын шолпы тағылады, саусақтары мен білектері де қымбат жүзіктер мен сақиналарға толы.

Осылайша безенген Айғанымды Сперанский мен таңдаулы чиновниктері жасырын көрген шақта, бәрі де естен танғандай боп, іштей ғашық болмағаны жоқ. Сперанский ерекше қуанышта. Оның шамалауынша бұндай әрі жас, әрі сымбатты, әрі сұлу, әрі осынша малынып киінген шығыс әйелін, наследник кітаптан ғана оқымаса, түсінде ғана көрмесе, өңінде көрмеген болу керек. Соған құдай оңдап, наследниктің көзі түсе қалса...

Ар жағында Сперанский неше түрлі әдемі қиялға кетеді... Айғанымның өз ойы да солай...

Көпшілік те, әкімдер де күткен күн таянып қалды. Омбыға қазақ-орыс линиясы арқылы келетін наследникті қарсы алуға, Сперанский және таңдаулы бірер чиновниктер кетті, Ол топқа қазақтан ешкім қосылған жоқ. Сперанский Айғанымды да қосам ба деп ойлап тұрды да, өзінің арнап тігілген ордасындағы салтанатында көрісуді мақұл көрді.

Кемемен келетін наследникті аға сұлтандар ғана қарсы алып, кіші сұлтандар күту қызметінде ғана жүруге, өзге қазақтар той басталғанша көрінбеуге ұйғарылған. Аға сұлтандардың саны — алтау, оларға берілген нұсқау: «көпір үстінде үш-үштен екі жарылып, қолдарыңды қусырып, төмен қарап тұрасыңдар. Наследник танысуды тілесе ғана бастарыңды көтересіңдер, әйтпесе, сол тұқырған қалыптарыңда қаласыңдар, өзі тіл қатып, ұлықсат етпей еш қайсың тіл қатпайсыңдар».

Наследник мінген кеме келіп тоқтағанда, аға сұлтандар берілген нұсқаудың шеңберінде еді. Оларды аңғаруға наследниктің мүмкіндігі де болмай қалды, кеме көріне, дауы жер-көкті солқылдата ойнаған әскерлік оркестр төңіректі азан-қазан ғып жіберді және қарулы күзетшілер ерсілі-қарсы сабылып, қаптап кетті. Музыканың мұндай зор үнін естімеген қазақ сұлтандары естерінен танып, күтіп тұрған құрметті қонақтарының қастарынан қалай өтіп кеткенін аңғармай да қалды.

Омбы әкімдерінің де, сұлтандардың да ойы: «Наследник бұл арада ең кемі-бірер күн болар» еді. Олай болмай шықты. Наследникпен бірге келген Сперанский-абыр-сабыр арасында сұлтандарға тіл қатып:

— Кигіз үйлерді көрсетіп, сіздермен таныстыруға ғана әкелдім, үйлердің бәріне емес, өзі таңдаған біреуіне ғана кіріп шығады, сол арада сендермен де тілдестіріп қалармын, жақын тұста еріп отырыңдар, — деді.

Маңайын үсті-басы жарқыраған чиньдер, қарулы әскерлер қоршаған Николайдың көзі кигіз үйлерден — Маймақтікіне түсті де, ішіне бас сұғып қана шықты. Сұлтандар есік алдында тұр еді. Сперанскийдің оларды таныстырғысы келген бірер сөзіне Николай көңілін бұрмас па еді, қайтер еді, егер иіліп, қол қусырып тұрған сұлтандардан Айғанымға көзі түсе қалмаса.

Николайдың мана қарамай кетуін, менсінбеуіне жорыған Айғанымның ұлттық та, аға сұлтандық та, әйелдік те, намысы оттай лаулап, бұл қызу, былай да сұлу бетін тіпті құлпырта түскен. Өзінің түр-тұлғасын биік бағалайтын Айғаным, «Николай Маймақтың үйінен шыққанда әлгі қылығын қайталар» деп секемденді де, әйелдің еркекті арбарлық барлық қылықтарын жасады да, наследник есіктен шыға бергенде бет пердесін кейін серпіп жіберіп, үлкен қара көзін төңкере бір қарап қап, ұзын кірпіктерін төмен түсіре, басын тағы ие қойды. Былай да «әйел жанды» деп есептелетін Николай, қиялында ғана жасап жүрген мынадай сұлуды көзі шалғанда, түлкі көрген бүркіттей төне қалды. Сол қалпын көз қиығымен аңғарған Айғаным, елтіген еркекті ырқына жылдам арбап алғысы келіп, бойын тікейте жазды да, жеңіл ғана жымиған кескінмен, өз ордасына шақырған қимыл көрсетті.

«Білемін» деушілердің айтуынша, европа патшаларының ішіндегі ең паңы да, ең тәкаппары да Романовтар, олардың ішінде-бірінші Николай. Оның әкесі-Павел есерсоқ, дарақы, күлегеш адам болған ғой. Ал, баласы кішкене күнінен залым, қатал, байсалды, қу болған. Сондықтан да, таққа отырған кезінде «шоқпарлы Николай» атанған. Бұл мінездерінің үстіне Николай, «қара халық» аталатындарды көзіне де ілмейтін аристократ, отар елдерге менсінбей қарайтын барып тұрған-колонизатор. Оның ұғымында қайсақтар-етті шикі жейтін, қатынды ортақ алатын, үстіне адамдық түрде киім де іле білмейтін, тамақ та іше білмейтін, барып тұрған — тағылар...

Қоршаған сұлтандарға, әсіресе Айғанымға қараса, көргені естігенінен мүлдем басқаша. Әсіресе — Айғаным. Оның жарқ еткен шырайлы кескіні бұлт арасынан шыға келген күн сияқтанып, жалт еткен көзі ашық аспанда жалтылдаған Шолпан сияқтанып кетті. «Мәссаған шығыс! — деген ой кеп кетті, шығыс ертегілерін көп оқыған Николайға, — сипаттайтын сұлулары шындығында да бар екен ғой!».

Николайдың еркектік сезім билеген секундтарда бойынан қашқан ақылы, Айғаным кескіні және қол қимылымен ордасына қарай жөн сілтегенде ғана басына оралды, өзінің «жер құдайы-патша» екені есіне сонда ғана түсіп, Айғанымның отты көзінен қорғасындай еріп кеткен денесі су сепкендей сонда ғана қатая қалды да, аристократтығы да, колонизаторлығы да ұстап, енді түлкі емес, арбағыш айдаһар кезіккендей жалт бұрылып, кеме жаққа беттей берді. Айғаным да, басқалары да тұрып қап, соңына тек бірге жүрген нөкерлері ғана ерді. Басын қаздың айғырындай қақырайта кетіп бара жатқан Николайдан жәбірлі көзін алмаған Айғаным, бір нәрсеге қатты өкінді, онысы-орыс тілін білмеуі еді.

— Егер білсем, — деп кейіді ол ішінен, — патшаның баласы болмақ түгіл, құдайдың баласы болса да тіл қатар еді. Тілге келсе, жеңге де келер ме еді, қайтер еді!.. Айғаным Омбыға он жасар Шыңғысты ерте келген еді.

Айғаным Омбыға он жасар Шыңғысты ерте келген еді, сондағы ойы — «патшалардың, патшасы» деп түсінетін орыс патшасы Николайға маңдайынан сипату. «Құдай оңдап, құдай жақсылыққа қол жетсе, — деп ойлады Айғаным, — баламның бағы ұшқаны!».

Айғаным ол арманына жете алмады. Ертіс жағасына барып үй тіккенше құлындай ойнақтап асыр салып жүрген Шыңғыс, «ханзада келеді» деген күннің алдында кенеттен ауырып, тұла бойы от болып жанып кетті. Аузынан жалын атқан, жанын қоярға жер таппай аласұрған баланы, жұрт өледі екен деп қорықты. Айғанымда да ес жоқ. Зәресі ұшқан оның көңіліне медеу болған нәрсе — Омбыдан келген дәрігердің:

— Осы маңайдағы сазда маса көп, солар шаққан да, балаң безгек болған, дәрімен жазамыз, — деуі.

Дәрі ішкенмен ол түні дөңбекшіп дамыл көрмеген бала, ертегіге қатты терледі де, солғын тартып қалғуға айналды.

— Бұл несі?! — деп үрейленгендерге:

— Жазылуға бет алғаны, — деп жауап берді дәрігер.

Ханзада келгенде қалың ұйқыдағы Шыңғыс, ағыл-тегіл тердің үстінде еді. Айғанымның сонда да оятқысы келгенмен, «ауруын қайталатып аласың» деп дәрігер ұлықсат бермеді. «Ендеше, — деп ойлады Айғаным, — ханзада құдай оңдап ордаға басын сұқса, мақсатыма жетермін».

Енді, міне, Айғаным ол мақсатына да жете алмады, ханзада ордасына бас сұқпақ түгіл, анадайдан қараған да жоқ.

Айғаным бұлай болуды, маңдайы тайқыған хан тұқымының кезекті сүрінуіне жорыды.

Жоғарыда айтқандай, өзінен туған алты ұлдың ішінде, «хан ордасын осы ұстар» деп дәмеленгені, Шыңғыс болатын. Бұл тек қана дәме емес, ар жағында сүйенер тірегі де еді.

Осы Шыңғыс туарда, Уәлінің үйіне, Айғанымның атасы — Пірәлі ишан келіп жатты. Сарғалдақ «әулие» ол кезде өліп, жұрт «оның барлық қасиеті Пірәліге ауды, оқуы әкесіндей болмағанмен, бұл да ғайыпты болжайтын сәуегей, бұл да аспаннан пері түсіріп, жерден жынды қуатын ғылымын біледі, бұның да «алғысы — алғайды, қарғысы — атады» дейтін. Сарғалдақтың алғашқы әйелінен туған Пірәлі, жасы Айғанымнан әлдеқайда үлкен, сақал-шашы бурылданып қалған қарт та. Өзге діншілдер сияқты Уәлі де, Айғаным да Пірәліні пір тұтатын.

Пірәлі келіп жатқанда Айғаным ұл тапты. Уәлі қайнағасынан сәбидің атын қоюды өтінді. Пірәлі жиеніне ат қоярдан бұрын, әке-шешенің де, былайғы жұрттың да көңілін бөлерлік сөз айтты.

— Түс көрдім, — деді ол, — түсімде әулие атам аян беріп, осы баланың туарын айтты да, атын «Шыңғыс қой, балам!» деді. «Неге әулие ата?» деп ем, «хандардың әуелі де Шыңғыс, ақыры да Шыңғыс, соңғы Шыңғыс — осы жиен болар», — деді.

Пірәлінің сәуегейлігіне сенетін жұрт та, Уәлі мен Айғаным да бұл сөзге нанды. «Соңғы Шыңғыс осы» деп сенген әке-шеше де, басқалар да, нәрестені кішкене күнінен қадыр тұтты. Уәлі өлерде қасында отырғандар:

— Хан аға, бізге айтар не өсиетің бар? — деп еді.

— «Өлінің тілін тірі алмайды», дегендей, — деді әл үстінде жатқан Уәлі сөздерін деміге әрең айтып, — не айтайын сендерге? Құдай көкейлеріңе не салса соны істей берерсіңдер. Жалғыз ғана айтарым: арғы атамыз — Күншуақтан қалып, хандардың бірінен соң біріне мұра болып келе жатқан қара шаңырақтың ендігі иесі — Шығажан3 болар.

Уәлі өлгеннен кейін, қара шаңырақ тігілген жоқ. Ерінен кейін «хан» аталған Айғаным, «еркекке ғана тәуенді» деп санайтын, «киелі» деп сенетін қара шаңырақты қатын басымен үстіне тігуге жүрексінді. Бірақ ол қара шаңырақты қастерлеп, қақпасы құлыптаулы сарайға сақтатты да, бұрынғы әдетпен жыл сайынғы көктемде күн көзіне шығарып құрғатып, тазалатып, майлатып, ерекше күттірді. Ойы: аманшылық болып Шыңғыс ер жетсе, үйленсе, бағы ұшып әкім болса, өзіне тәуелді үй тіге қалса, қара шаңырақты соған көтерту.

Ақылды Айғаным «әкім» деп орыс патшасының қызметкерін ғана түсінеді, «хандық» дегеннің өткен дәурен екенін жақсы біледі. Шыңғысты да «ақ патшаның қызметкері болады» деп дәмеленеді.

Сондай дәмеде жүргенде, Николайды қарсы алар шақта баласының ауырып қалуы, Айғанымды қатты қайғыға түсірді. Николайдың Шыңғысқа бата беруінен күдерін үзгендей болған Айғаным: «Семей жаққа кеткен ол, қайта» осы араға тағы тоқырауы мүмкін» деген сөзбен тағы да үміттенді. Сперанский, жиналған қазақтарға «тарқамаңдар, оралуды күтіңдер!» деп кеткен.

Ол үміті орындалмады. Семейге дейін пароходпен барып Николай, одан әрі Барнаул, Томск, Тюмень арқылы Петерборға атпен кетті. Николайдың оралмауына өкінген сұлтандар, жалынышты Сперанскийдің, өзін одан кем күткен наследникке көрсетпек болған сый-сияпаттарын, біраз үн соған көрсетті.

Өзінің аға сұлтандық өмірі қысқа деп түсінген, қызығып орнын басар деп Шыңғыстан дәмеленген Айғаным, Сперанскийдің жылы ұшырауын пайдаланып, мақсатына қалай жету жайын ақылдасты.

— Бір ғана ақыл бар, — деді Сперанский — ол — балаңды орыс оқуына беру. Біз әзірге қазақтың хандарынан шыққан беделді адамдарына сүйеніп келеміз. Бірақ, тұрақтап сүйеніш емес олар. Бізге, орысша сауаты бар адамдар ғана сүйеніш бола алады. Мақсатымыз — алдағы аз жылда сондайларды даярлау. Одан кейін сауатсыз адамның қажеті болмайды. Осы жайда, білгілікті, беделді адамдарға айтып келеміз, олардан әзірге тыңдағаны жоқ. Осы ізгі сөзді сіз бастап, балаңызды Омбыдағы орыс оқуына бірінші боп беріңіз.

— Қандай оқуға?

— Омбыда офицерлер даярлайтын школа бар, оның шығыстық бөлімі бар, мұсылманша да, орысша да оқытады соған орналастырамыз, одан орыстың үлкен әкімі боп шығуы мүмкін.

— Мақұл, — деді Айғаным.

ШАРАСЫЗ ШЫҢҒЫС

Шыңғыстың еркіне салса, шешесінен қалмағанда болар еді. «Қала» дегеннің не екенін ол Омбыда көрді. Бұнда Сырымбет төңірегіндей еркіндік жоқ: үйлері тығыз, көшелері тар, әрі шаң, адамдары тыраштанған тәкаппар сияқты, меймандостығы жоқ сияқты; «мал» дегеннен көргені жегін аттармен, қаладан ерте кетіп, кеш оралатын, — аздаған сауын сиырлар; сирегірек шошқа ұшырайды, бұрын оны көрмеген, «арам» деп естіген бала Шыңғыс оларға жирене қарайды; олардан басқа жануары: тауық, қаз, үйрек сияқты, азын-аулақ құстар!..

Сырымбеттің кең өлкесінен тар қалаға келіп тұрғысы келмеген Шыңғыс «қалмаймын» деп қиқаңдаған болатын. Айғаным әуелі «қаласың!» деп жекіріп, оған көнбегесін аттанар алдында пәуеске қасына жылап келген Шыңғысты шапалақпен жаққа тартып қап, итеріп жіберді де, өзі жүріп кетті.

Шыңғыс офицерлік школаның азиялық бөліміндегі эскадронға жазылды. Бұрын орыстың тілінен де, оқуынан да хабарсыз ол бірер жылдар жаттығып, алдағы оқушылардың қатарына кірді. Осы беті оқи берсе офицер болатын, одан әрі маңдайына жазғанын көретін Шыңғыс, школаға түспей тұрып-ақ болашағына бөгет боларлық бір оқиғаға іліккен еді. Өйтуіне айыпты адам — шешесі.

Ана жылы Николайды қарсы алу жабдығымен Омбыға келіп, өзге аға сұлтандармен қатар, Ертіс жағасына үй тіккенде, Айғаным басқа сұлтандардан гөрі Баян аула дуанынан келген аға сұлтан — Күшіктің Шорманымен жақынырақ жүріп, екеуі құда түседі күйеу — Айғанымның ұлы Шыңғыс, қыз — Шормандікі, аты — Зейнеп.

Құдалық жәйін баяндардан бұрын оқырмандарға Шорманды қысқаша таныстыра кетейік: Баян аула төңірегін мекендейтін Қаржас руынан шыққан оның әкесі-Күшік шаруа баққан, дәулеті орта, момын адам екен. Шорман содан пысық болып туады да, маңайдағы рулардың бәріне атақты би болған Шоңның қасына бала жасынан ереді. Бір сәтте, ел ішіндегі ірі даудың біріне, он үш жастағы Шорман тоқтаулы билік айтып, содан «Бала -Шорман», «Би-Шорман» аталып кетеді.

Кенесары көтерілісі басталғанда, Шорман жігіт жасында екен. Қаржас руынан Кенесарыға Тайжан, Сейтен дейтін ағайынды байлар қосылады. Ата жағынан олар Шорманға жақын болады. Бірақ Шорман Россияны жақтайды да, Тайжан мен Сейтен қолының үстінен патша әскерін қапыда түсіріп, арпалыста көп адам өледі, солардың ішінде Тайжан мен Сейтен де болады. Олардың қолдағы бар мүліктерін патша әскері талап бала-шаға, қатын-қалашын алып кетеді. Олардың тағдыры не болғаны, күні бүгінге дейін мәлімсіз.

— Тайжан мен Сейтенде, — деседі жұрт, — үш мың жылқы бар екен, иелері атылғанда, ол жылқылар, Тюмень жағындағы «Қызақ» дейтін жерде жайылымда екен. Иелері атылған, иемденер ұрпағы құрыған қалың жылқыны «Қаржастың малы» деп, Шорман айдатып алады да, өзі меншіктеніп кетеді. Оған дейін дөңгелек қана дәулеті бар Шорман, үш мың жылқы қолына бірден іліккен соң, Сүйіндік, Қаржас руларының ірі байларының бірі болады. Кенесары қолын Баян ауладан алысқа қуып тастауда еңбегі ерекше болған Шорманға, патша үкіметі «Ясаул» атты әскерлік чинь береді.

— Байлығының, билігінің, әпесерлігінің үстіне, — деседі, ІІІорманды білеміз дейтіндер,-ол ақылды да, қу да, қысық та, өтімді де адам болған.

«Дәулеті» де, «кісілігі» де сондай болған Шорман, сымбатты биік денелі, кескінді сұлу жігіт еді. Оның үстіне, тебіндегелі ұстара тигізбеген қап-қара түсті шоқша сақалынан қияғы ұзын қалын, мұрты, былай да сұлу Шорманды тіпті әдемілеп жіберген. Сол жылы жасы жиырма жетіге шыққан Шорманның қызыл шырайлы бетінде, ешбір әжімнің белгісі жоқ.

Жасы ол жылы отыз беске шыққанмен, Айғанымның сымбат-ажары да, гүлі кемелденген түрде екенін жоғарыда айттық. Сондықтан, олардың бір-біріне үйірлігін өсекшілер жамандыққа» жорып, «бай тапты», «қатын тапты» сияқты қаңқуға айналдырып жіберді.

Осы қаңқу молыға бастаған шақта, «Шорман мен Айғаным құда болыпты» деген қауесет естіле қалды. «Бұл қалай?! — деп қайран қалысты жұрт: — Бұрынғы қаңқу раc болғанда, бүйтпесе керек еді ғой бұлар? Қаңқудың рас болмағаны ма, сонда?!»

Жалған қаңқуды осымен доғарып, Айғаным мен Шорманның неліктен құда болу себебіне кешейік. «Алтын көрсе періште жолдан таяды» дегендей, сымбаты мен сұлулығы көргендерді таң қалдыратын Айғанымға, алғашқы кезіккеннен-ақ Шорман да қызыға қарап қалды. Ондай жастың талайын көрген Айғаным, Шорманның ішіне сезім үйірілгенін түсінді.

Түсіне тұра ол жолы да, келер кездесулерде де, Айғаным сезімге сезіммен жауап бермеуге тырысты. Жастайынан кісіге және «анау-мынау» емес ханға әйел болған ол, өзінің қоғам ішіндегі орнын, Уәліге некесі қиылғаннан-ақ әлі де «ханның әйелі», «әулиенің қызы» деген атақ-абыройына кір келтірмеуге бекінді. Сонда ол, «күнәсіз періште» емес, «басы пенденің бірі» екенін білмеген жоқ. Бірақ, осы пендешілігін» ешкімге сездірмеу жолына түсті. Ол жолы — «атағы бар» дейтін мырзаны да, шораны да маңына жолатпау жолатса болды, «мен сүйттім» дегенді мақтаныш көріп, мұқым жұртқа жаяды да жібереді.

Ажар — көркіне талай көздер қадала қараған, бәріне де битарап қалпынан өзгермей дағдыланған Айғанымның көзі Шорманға да өзгермеді. «Қарағанымды құтқармаймын» деп ойлайтын және бұған дейін солай да болып келе жатқан Шорман, Айғанымның мына қылығына қайран қалды. «Ит қорыған жерге еш» дегендей, «қайтсем де құтқармаймын!» деген намысқа кірді ол. Оның Айғанымға өзге сұлтандардан гөрі жампаңдай беруі содан еді.

Ал, Айғаным ше?

Шорманға басында «бай» деп, «қарадан шыққан хан» деп, «ақылды» деп жұғысқан ол, оның өзіне құмарлануын көзқарасынан да, басқа қылықтарынан да байқай жүре, сымбатты, сұлу жас жігітке іштей қызыға жүре, машықтанған жолынан таймауға тырысты да, осы бетінде бір сәтте қылжақтағысы келген Шорманға, көңілі елеңдейтін бір сөз айтып қалды:

— Қалай? — деді Шорман.

— Қыз алысып, қыз берісеміз.

— Мақұл,-деді Шорман, — сонда қызды кімнен кім алады?

— Менде қыз жоқ,-деді Айғаным, — құдай ондай жынысты маған бермеді. Ал, сенде ше?

— Менде бар, бірақ, кішкентай.

— Оның не оқасы бар? Қазақ балаларын бесікте де атастыра береді.

Манадан бері бұл сөзді ойын сияқты көріп отырған Шорман, енді шындық мән бергендей:

— Ойланайын, ханша. Қабырғама және ағайын-туғанмен ақылдасайын, — деді.

— Мақұл, — деді Айғаным.

Айғанымның бұндай ұсыныс жасауына төмендегідей себеп болды: хан ордасына келін болып түскелі, оның байқағаны,-арғы-бергі хандардан тараған, «төре» аталатын адамдар, тек бір емшекті сормаса болғаны, бірімен-бірі құда болып, қыз алыса береді. Сөйтіп, бір ауылда отыратын аталас төрелес, біріне-бірі құда боп, күйеу мен қалыңдық боп, нағашы мен жиен болып, бытысып жатады. Бұған бірі қазақ арасында туып-өскен Айғанымның ұғымында-ерсілік. «Қара» аталатын қазақтар, жеті атадан бергі жерде қыз алыспайды.

Төрелердің тағы бір әдеті — өздері қара қазақтан қыз алады да, қызын оларға өте сирек береді. Айғанымның байқауынша қара қазақтың қызынан туған балалар, әдетте: денелі, көрікті келеді, төре қызынан туған балалар ондайлар сирек кездеседі, олардың көпшілігі: аласа, талдырмаш бойлы, кескіндері ажарсыз, жүдеу бас, түрлі сырқатқа ұрынғыш, жалқау, тентек келеді. Оған қиса, бір ақынның жырында:

Қатын алма төреден,

Қатын алсаң төреден:

Еркегі болар жау жанды,

Ұрғашысы-ер жанды.

Төреден туған еркектер:

Екі үйді бір жерге қондырмас,

Атта жал, түйеде қом тұрмас,

Жауыққан жаққа бет бұрса,

Өліп тынбай болдырмас, —

деген сөз бар. Қазақта «төреге ерген ерін арқалайды» деген мақал да бар. Ар жағын қоя тұрғанда, Айғанымның өз тұсындағы Абылай ұрпақтары бір-бірімен жаудай қырқысты.

Әр қатыннан туған балалар бір-бірімен өшпестей өшпенділікте. Бұлайша қастасу, төре атаулының бәрінде бар. Мысалы — Қарқаралы дуанындағы Барақ ханы ұлы Бөкейдің: Тәуке, Есім, Сұлтанғазы дейтін балалары, Айғаныммен тұстас: Құсбек, Жамантай деген немерелері атысып-шабысудан көз ашқан емес.

Төрелердің осындай жайын білетін Айғаным, шамасы келсе өзінің балаларын төренің емес, қараның қызына үйлендірмек еді. Шорманға «құда болайық» деп Ұсыныс Жасауы сондықтан.

«Қабырғама, туыстарыммен ақылдасам» дегенмен, Айғанымның аузынан құдалық сөз шыққанда-ақ, Шорман іштей бірден-ақ көне кеткен еді, ондағы себебі: «Қара қазақтан шыққан бірінші ханмын» деген ұғымдағы ол, ұрпағына ханның қанын араластыру үшін, сөйтіп, «қара сүйектіктен» «ақ сүйектікке» ауысу үшін, хан тұқымдарымен құда болуды арман ететін. Бірақ, оның ойы, — ұлдарына хан тұқымынан қыз әперу еді. Айғаным ол ойын бұзып, қыз сұрап қалды.

— Оқасы болмас, — деген ойға келді Шорман, — бүгін қыз берсем, ертең қыз алармын, сөйтіп қат-қабат болып кете барармыз.

«Айғаным мен Шорман құда болуға келіскеннен кейіп, алғашқы тойды Омбы қаласында жасап, сол маңайдағы қала, даланың білгілікті адамдарын да, Омбыға келіп жат қан ұлылы-кішілі сұлтандарды да, Омбының әкімдерін түгел шақырыпты» дейді. Тойға арнап тігілген үй мен берілген қонақасыда қисап болмаса керек. «Шыңғыстың көрімдігінің өзіне айғыр-үйір жылқы беріпті-мыс».

Бұл құрметіне риза болған Айғаным, Шорманды келесі күзге мекені-Сырымбетке қонаққа шақырып кетеді.

Айғаным айта қалғандай бай болмаған кісі. Сондықтан, мекеніне бара Атығай мен Қаруыл руларының атақты байлары мен билерін шақырып алады, құдалық жайын баяндай келіп:

— Шорман Қаржас пен Сүйіндіктің сорпаға шығарым ертіп, жер қайысқан қолмен келеді, құда — менікі, орда — сенікі, қалай қарсы аласың? — депті.

— Қалай ойласаң солай қарсы алайық, — депті Атығай мен Қарауыл.

— Онда, — депті Айғаным, — сойыстық мал сендердікі болсын, жасау-жиһазды мың кісі болса да жеткізем, жатар орынға мың, кісі болса да сыйғызам.

Шорман Сырымбетке қазақ салтымен емес, қала салтымен: пәуескелерге-үш аттан, тарантастарға — пар аттан түстерін біркелкі ғып жектіріп, саймандарын бай-көпестерше сәндеп, аттарының сирағына ақ жібек орап келіпті. Бұндай арбалардың саны елу шақты екен,-дейді, оларға жүз шақты салт ерген.

— Соншама адам, — деседі білетіндер, — Айғанымның ағаштан қидырған ордасы мен отауларына кең сыйған.

Абылай тұқымынан қыз ұзатылса, жиһаздары жаңадан жасалады екен. Ал, келін түссе, жақсы мүліктері ордаға тартылады екен. Құрала-құрала ондай мүліктер көбейіп кетіп, «орда» деген, тек қана кигіз үй болған шақта, жайлауға көшерде тең-тең ғып, Сырымбет тауының «қойма» аталатын үңгірлеріне тастап, басына күзет қойып кетеді екен. Орда ағаштан жасалғаннан кейін, мүліктер алғашқы жылда берік сарайларда сақталып, келер жылда Айғаным-«жайлаудан қыстауым тиыш» деп ағаш ордадан кешпей қоятын дағды шығарған екен. Мүліктер жыл сайын көктемде — бір, күз-бір жайылып кептіріледі екен сонда нелер ғажап бұйымдарға, көргендердің көзі сүрінеді екен.

Шорманды қарсы алғанда, Айғаным осы мүліктердің бәрін де шығартып, ағаш үйлерге жайдырып тастады. Соларды көрген Шорман және ол ертіп келген серіктері:

— Қара қазақ мал жидым деп мақтанады, солардан ең «мың қырғаны» мына мүліктердің жартысына тұрмайды, — десіпті.

Оған дейін қазақ «атты арбаға жегу» дегенді білмей, жақын түгіл алыс жолға да салт жүреді екен. «Пәуеске» дейтін, былғарымен жапқан, іші былқылдақ жүріске жұмсақ арба бар, оны төрелер ғана мінеді дегенді, бұл елде қалаға қатынасы бар бірен-саран ғана адам білмесе, былайғы жұрт көрмек түгіл, естімеген.

— Шорман, — деседі көтере сөйлегендер, — Айғанымға құдалыққа жүз әсем салт аттымен парлап тарантасқа жеккен отыз тарантаспен, әрқайсысына үш аттан жеккен бес пәуескемен келген. Пәуескеге шоқтығына созған қол жетпейтін бір түсті биік, сұлу, жараған арғымақтар жегіліп, жіліншіктерін ақ жібекпен орап тастаған. Атқа жеккен саймандардың бағасына пұл жетпейді.

Сырымбетте бірнеше күн күтілген қонақтар қайтуға ыңғайланғанда, Айғаным Шорманға қалың мал жайын ескерткен екен:

— Бұндай құдалықтарда жүздеген жылқы, мыңдаған қой, ондаған түйе аталады, бергін, келсе аларым сол, — деп қалжыңдайды да, намысына шапқан Атығай, Қарауыл:

— Сұрағаныңды береміз, — деген соң:

— Айтқаным — қалжыңым, — дейді Шорман, — шынына көшсем, жанға жан қосып отырғанда, құдағиымның жанын ауыртарлық ештеңесін алмаймын.

— Сонда да, — деседі Айғаным жағы, — «құда» деген атағың бар, және өзің Шормансың, құр қайтуың ұят болар. Осы үйде қымбат мүліктер жетерлік екенін көріп отырсын.

Жорға мен жүйріктердің талай саңлағы табылады бұл елден, солардан елге көрсетерлік бірнеше таңдаулысын ал.

— Мақұл, — дейді Шорман, — құр қол кетпейін. Онда айтатыным бір ғана нәрсе.

— Не? — деп шуласады Айғаным жағы.

Айғанымның Шыңғыс аталатын қайынінісі, оның: Сартай, Тортай, Тәні есімді балалары болғанын, Сартай жер ауып кеткенін еткен тараудан білеміз. Сартай тентек болғанмен, Тортай мен Тәні жуас та. Өзі жүз қаршыға, лашын, қыс — бүркіт салатын, құсбегі де. Елге ол «момын төре» атанып, жағымды болған. Сартайдың жер аууына Айғанымның да қатынасы болғанын — біле тұра, ол «ағам өз қылмысынан күйді, оған жеңгемді айыптамаймын» деп Айғаныммен араздаспаған, жұбын айырмаған. Сырымбет тауының жел бетін мекендеген Тәні, Айғанымның құдаларын үйіне шақырып, айта қаларлықтай сыйлаған. Сонда, Шорманның көзі, Тәнінің отауында тұғырда отырған лашынға түскен. Сұрастырса, «Көксүңгі» атағы елге жайылған, «қаз бен үйректі бидайықтай қырады» деген атағы дүйім елге тараған алғыр лашын осы болып шыққан. Лашынға қатты қызыққанмен, қонаққа шақырып отырған үйдің құсын сұрауға Шорман ұялған.

Енді, ішіне Тәніні қоса, Айғанымға жақтастар, «қалауыңды ал!» деп шулаған соң:

— Қисаңдар, сол лашынды беріңдер! Одан басқа қаларым жоқ, — деген Шорман.

Тәні алғыр құсын қимай, «басқа қалағаныңды түгел берейін, бұны қолқалама! — деп қиқаңдағанда, Атығай Қарауылдың, игі жақсысы жалынып-жалпайып әрең әпереді, Шорман оған қатты риза болып қайтады.

Шорман Айғанымды қонаққа шақырып кетті. «Алдағы жылда барамын» деп уәде қылды ол. Бірақ, уәдесіне жете алмады.

Көкшетау дуанындағы ең ірі феодалдың біреуі, Атығайдың Андағұл руынан шыққан қара — тоқаның Зілғарасы еді. Оның немере інісі — Байтоқаның Шопаны, сол маңайдың: он мың қой, бес мың жылқы, бес жүз түйе айдаған ең ірі байы екен. Шопан момын, Зілғара тентек болған.

Есіл өзенінің қазіргі Солтүстік Қазақстанға қарайтын бойында шамасы — жүз километрдей жер, сол бір шақта, Зілғара мен Шопанның меншігі екен. Олардың әрқайсысы үш-төрттен әйел алған, қыздары да, ұлдары да көп болған. Мысалы Зілғарада он төрт ұл болды деседі.

«Россияға бағындың» деп, осы екі байды Кенесарының әкесі Қасым шабады да, содан қастасқан Зілғара, орыс әскеріне басшы болып, К,асымды да, Кенесарыны да Арқадан айдап тынады, сол қызметі үшін патша үкіметі оған хорунжий чинін және дворян атағын береді. Сондағы грамотасы, Қызылжардың қазіргі музейінде сақтаулы.

Хан тұқымына өшіккен Зілғара, Уәлі өлгеннен кейін, хандық жойылып, дуан құрылғаннан кейін, Көкшетау дуаны аға сұлтандық қызметіне таласады. Ол кезде хан тұқымдарына арқа сүйейтін Сперанский, елдің тілегіне қарамастан Айғанымды тағайындайды.

Бірақ Зілғара жағы тынбайды. Өтініш хатты патшаның атына төпей береді. Сөйтіп жүргенде Сперанский өзінің орнына Вильяминов келеді. Ол кезде Батыс Сібірдің генерал-губернаторлығында да, сібірлік қазақ дуандарының қармасында да, жалғыз Айғанымның үстінен емес, дуандардағы аға сұлтандардың үстінен де арыздар етіп жатады. Соларды тексертіп, көп материалдар расталғаннан кейін, Вильяминов хан тұқымынан болып келе жатқан аға сұлтандарды біртіндеп өзгертіп, орындарына руларының беделділерін отырғызу шарасына кіріседі, алдымен оққа ұстағаны — Айғаным.

Шорман құда түсіп кеткеннің келер жылында, Вильяминов Айғанымды аға сұлтандықтан босатады да, орнына Зілғараны бекітеді. Осыны аза тұтқан Айғаным, кішірейген күнінде Шорманның үйіне қонаққа баруды намыс көреді.

Қызметсіз Айғаным үйінде тұрып жатады. Жолаушылардың атымен доғарады. Оқудағы Шыңғысты сағынған шақта, ара-тұра үйіне алдырып мауқын басады.

Бала кезінде Шыңғыстық бойы шарға болушы еді. Сондай балалардың кейбірі, ересек бола, биіктеп те кетеді. Бірақ, ондай балаларды «буылып есті» дейді.

Шыңғыс сөйтті. Оқуының алғашқы төрт жылында ол келмеген еді. «Барсам баланың көңілі бұзылып үйге қайтам дер, аман болса, көру ешқайда қашпас, алаңсыз оқысын», -деп, сәлем-сауқатын кісіден жіберетін, Айғанымның өзі Омбыға бармайтын. Шыңғыс үйіне школаның төрт класын бітірген жылы он төрт жасында келді. Сағынып көрген баласын үшінші жазда келгенінде, Айғаным тіпті танымай қалды. Ол жас мөлшерінен ұзарып, сорайып кеткен, және бала шағындағы қуаңдығы өзгеріп, беті өзгеріп, ажарлы жеткіншек болған. Әскерлік школа формасындағы киімдері де аса жарасымды.

Білім жағынан да өскен. Офицерлік школаның Азиялық бөліміне түскен ол, үйден кеткендегі мұсылманша білімін әлдеқайда тереңдетіп, «құраннан мағына айырарлық» халге жеткен. Азиялық бөлімнің негізгі оқуы татар, шағатай, араб тілдерінде жүргенмен, орысша сабақ та оқылатын. Шыңғыс орыстың тілі мен жазуына да төселіп алыпты.

Шыңғыс та шешесін танымай қалды: оның бұрынғы сымбатты сұлу денесі қазір жалпая семіріп, жуандығына екі құшақ әрең жететін халге келген. Содан бұрынғы сұңғақ денесі аласарған сияқтанып, үрген қуықтай домаланып қалған. Бұрынғы сидам, толық білегі де майланып, төменгі жағы салқылдап салбырап кеткен. Бұрынғы салалы сұлу саусақтары да етейіп, буын-буындарының арасы бұлтия томпайып кеткен. Бұрынғы ашаң беті жалпайып, төменге сарқылған қалың май иекке жете бөлшектенген де, ар жағындағы салбыраған жалпақ бұғақ кеудесіне тіреліп, басты кейін қарай кекжитіп тастаған. Бұрынғы жан-жағы жайпақ үлкен қара кезінін, төңірегіне де томпайған май үйелеп, жартастардың қыспағына қамалған көлшіктей кішірейіп қалған. Бұрын атылар жебедей сүйреліп, қаз-қатар тізіліп тұратын кірпіктер терең судан басы қылтиған құрақтай ғана көрінеді. Бұрын қабағына қалыңдай, имие біткен қасы, астынан керген майдан сирей жалпайып, жартастың, жігіне біткен көде сияқтанады. Бетке біткен майдың қамауында қалған бұрынғы сұлу қыр мұрын, толқындар арасында қалықтаған кішкене қайықтай. Бұрынғы әдемі басты астынан бағанадай тіреп тұратын жұмыр, өрелі мойын қазір мықырайып, майлары семіз қартадай қабаттасып кеткен... Қысқасы, бұрынғы сұлу сымбат пен айта қаларлық ажардан, сарқылған көлдің елеусіз шұқанағы сияқтанып, жұқа ерінді, бүрме әдемі аузы ғана қалған. Ол да жабық кезінде ғана әдемі екен. Егер ашылса, жағында бұрын жіпке тізген меруерттей жалтылдайтын тістер жоқ: қатарлары сиреген, қалғандары сарғайған! Қандай семіргенде де ажарын сақтайтын адамдар болады ғой? Айғанымда ажар қалмай, бұрынғы қоңыр, әдемі кескіні шала піскен еттей, қарамықтана бозарып, өңі әжімденіп кетіпті!..

Шешесінің бұрынғы сұлу сымбатына қайран қалатын, одан туғанына қатты мақтанатын, әр кезде қызыға қарайтын Шыңғыс, мына қалпын көргенде шошып кетті. Жасы қырыққа жаңа ғана жеткен шешесінің сыр-сымбаты бұлайша бұзылуын, Шыңғыс оның тек қана қимылсыз тоқ тұрмыста семіруінен деп ойлаған жоқ, басына түскен ауыртпалықтардың жаншуынан деп жорыды.

Айғанымның жүрегі де қысылады, оқтын-оқтын демі тарылып, талықсып қалатын болыпты. Омбыға барғысы келгенмен, кейінгі жылдарда ол осы сарқытынан қорып, үйінен шыға алмайды екен.

Кейбір қысылғанда «өліп кетем бе?» деп, Шыңғысын көре алмай кетем бе?» — деп те қорқатын Айғаным, баласының, аман, абыройлы келуіне қатты қуанғандықтан, басылудан жеңіліп, сырқатынан айығып кеткендей болды.

Баласының жақсы адам болуына күдігі қалмаған Айғанымның ендігі тілегі-осы баласынын, үйленгенін көру.

Бұл арманына қазір-ақ жетер еді, «он үште отау иесі» дегендей, он төрт жастағы Шыңғысын үйлендіре салар еді, (сол жаста үйленетіндер қазақ ауылдарында толып жатыр), әттең — келінінің жастығы. Ол биыл тоғыздан онға ғана қарайды!.. Ислам шариғатында, қызды тоғыз жасынан бастап күйеуге беруге болады. «Қазақ та мұсылман» дегенімен, оның ғұрпында, бұл жастағы қызды күйеуге беру жоқ. «Бөрікпен ұрғанда жығылмаса болады» дегенмен, отау иесі» болмай, яғни он үш жасқа шықпай, ешбір қазақ күйеуге қыз бермейді. Сондықтан, Айғанымның ендігі арманы — Шорман қызы Зейнептің он үш жасқа толуы болды.

Бірақ, Айғанымға бұл арманына жете алмау қаупі туып қалды. Шыңғыс үйіне келіп кеткеннен екі жыл кейін, көктемде, Шорманның арнаулы жіберген адамы келіп:

— Балаң бұзылып жүр дейді, пәтерге тұрған Саттардың қызын алатын болыпты дейді, — деген суық хабар айтты.

Мына хабар Айғанымның құлағына ыстық қорғасындай құйылып, алғаш естігенде талып қалды. Есін жия қайта сұрағанда:

— Ойын сөз болса, ат қинап әдейі келем бе? Шорағаң мені жібере ме? Рас сез көрінеді бұл. «Бүлінбей тұрған уақытта бұл пәлені жойсын, Айғаным, әйтпесе, тұрысатын жерін айтсын!» деп жіберді құдаң, — деді, келуші.

Енді иланбауға амал нешік!

Әрі әкімдіктен айрылып, әрі денесі ауырлап, әрі сырқаттанып, соңғы жылдарда жүрістен мүлдем қалған Айғаным, қасына бес-алты ғана жолдас ертіп, үш пар ат жеккен пәуескенің кең ішіне күтушісі Күнкені ғана отырғызып, божысын атшысы Тұтқыштың, Балтамберіне ұстатып, еріткен бірер кісісін пар ат жектірген таран-тасқа отырғызып, Омбыға бет қойды. Ойы, бұрыс болса да жолда құдасы Шорманға соғып, әңгіменің егжей-тегжейін өз аузынан есіту, содан әрі не істеуді ақылдасу.

Естуінше, Шорман «Нияздың Қаракөлі» аталатын тұсты жайлап отыр. Оған Сырымбеттен Бурабай тауын баса жүру керек.

Айғаным бұған дейін ел аралай қалса, Уәлінің тірі шағы түгіл, жесір күнінде де, кезіккен ауылдар «жатып жастық иіліп төсек болып», көп жерде арнаулы үй тігіп, хан көтере күтіп алатын-ды. Мына бетінде олай болмады. Хабарсыз отыруынан ба, әлде «хандығынан түсіп қапты» деп естуінен бе, кейбір ауылдың «иелері» — «уақытымыз жоқ еді, анау еді, мынау еді...» деп үйлеріне түсірмеді, түсіргендері «тоқты-торым» сияқтыларды сойып, бұрынғы құлыннан, тайдан тартатын табақтарын көрсеткен жоқ.

Жолшыбайғы елдердің мына қалпынан шошыған Айғаным, «Шорманның үйі қалай қарсы алар екен?» деген қауіпте болды.

Айғанымның Қаракөлге беттеп шығуынан Шорман хабардар еді. Оның құдалық көңіліне күдігі жоқ-ты, жақсы қарсы алуға ниет етті де, «қапы қалмайық» деп, Айғаным келер жолдың бір күндік шамасына, әр жерде, жүйрік аттар мінгізген тосқауылдар қойды.

— Арғы түптегі ат, хабарлана салысымен, бері қарай шапсын. Ол бері қарай, одан бергі де бері қарай шауып... дегендей, хабарын тез жеткізіңдер! — деп тапсырды Шорман.

Тосқауылдар кеткеннен кейін, Шорман Қаракөлдің мал тұяғы тимеген, шөбі желпілдеп өсіп тұрған бір жағасына ақ үйлер тіккізіп, ішін сәнді түрде жинатты, сол маңға желі қақтырып, айғыр үйірлі сауын бие байлатты. Сыбағасына үнемі құлын мен тай союды ұйғарды. Солай күтінген Шорман, Қаржас пен Сүйіндіктің маңайдағы бай ауылдарына:

— «Сұлтандықтан түсті» дегенмен, Абылайдың қара шаңырағына ие болып отырған адам, өсекші жұрт «пәлен-түген» дегенмен, хан төсегін қасиеттеп ұстап отырған кісі, бұл менің ғана қонағым емес, Қаржас, Сүйіндіктің ортақ қонағы, құдағи — менікі болғанмен, бәйбіше — жұрттікі; «қапы қалдық» демеңдер, күтініп отырыңдар, — деп хабар айтты. Олардың бәрі де күтінуге кірісті.

Айғанымды жақсы қарсы алуға жиналғанда, Шорман «төре күйеуден айрылам» деп уайымдамайды, оған, қазір құны арзандаған төренің «бұты бір-ақ тиын». Шорманның шымбайына бататын нәрсе — намыс. Әуелі — Омбыда, одан кейін — Көкшетауда жер күңіренткен той жасап атастырған қызын, төренің қалада қаңғырып жүрген бір «шікірәсі» алмай кетсе, «бағым да, малым да өсіп болды» деп есептейтін оған, ел алдында бұдан артық өлім бар ма?..

Бойын осы намыс керней бастаған Шорман, әуелгіде «Омбыға барып, Шыңғысты райынан қайтарсам қайтеді?» деп бір желікті де, тағы «тілімді алса жақсы, әйтпесе, бетім қайтар» деп тайсалды. Омбыдағы оқуға түскелі, Шорман Шыңғысты талай көрді. Бастапқы кезде өз қаражатына оқытпақ болып, «сыбағаң» деп жаз — қойын, қытайын жіберіп тұрды. Өзі жолыққанда киім-кешегіңе» деп, «басқа расходыңа» деп ақша да тастап кетті. Алғаш ол сыйлықтарды жақсы қабылдайтын Шыңғыс, соңғы бірер жылдары «қажеті жоқ» деп алмады. Енді байқаса, онысы — Саттардың қызымен әулігуінің салдары екен.

Шорманның естуінше, Шыңғыс шешесінен қорқады да, сыйлайды да. Оның ойы — Шыңғысты райынан шешесі арқылы қайтармақ.

Күтінген Шорман, Айғанымды қозы-көш жерден қарсы алуға жиналды. Қасына ру басылары, нөкерлерімен бірге жасы сол жылы он екіден он үшке шыққан қызы — Зейнепті ертіп алды.

Зейнеп туған кезде, Шорманның шешесі Мамық тірі екен. Шорман атқа мініп атақты адам болғаннан кейік, бір жағынған жұрт Мамықты «Мамаң» деп кеткен. Шорманды жұрт дене жағынан әкесіне келгенмен, ажары мен ақылы шешесіне тартқан деседі. Жастай жесір қалған Мамық, жалғыз баласы — Шорманның ақылшысы екен. Оның атағы шығуына алғаш шешесі себеп болған деседі.

Шорман 1797 жылы туған. Он үш жасында билік айтып атағы шыға бастаған оны, «қызық көрем» деп шешесі он төрт жасында үйлендіріп, бір байдың бой жетіп отырған қызын әперген. Аты-Топан екен.

Келер жылы әйелі ұл тауып, атын Мұса қояды. Одан кейін туған ұлдың аты-Иса болады. Зейнеп содан кейін, 1820 жылы туады.

Зейнепті жұрт шешесі — Топанға тартқан еді дейді. Ол — бетінде қаны ойнаған, қызыл-шырайлы сұлу кісі екен.

Қыздан алғашқы көрген бірінші немересі болғандықтан, Зейнепті Мамық туа сала бауырына салады да, шын еміренген емшегінен сүт шығып, ауызданған күнінен өзі асырайды. Тілі шыға «Шорманның емес, Күшіктің баласымын» деп үйретеді әжесі. «Кенжем» деп еркек-шораша киіндірген Зейнепке әжесі-Шорманды «ағаң» деп, әйелін — «жеңгең» деп, екеуін де еркекше боқтатып дағдыландырды. Табиғатынан ба, далдаңдауынан ба, — Зейнептің тілі «р» әрпін «и» ғып, «с» әрпін «ш» ғып сөйлейтін шолжаң болады. Өзін «ұлмын» деп түсінген Зейнеп, кішкене күнінен тайға, құнанға, атқа мініп үйренеді. Ол ауылда ат мінуді місе тұтпай, малдарды, әсіресе-жылқыларды бағысатын болды.

Кішкене күнінен бұла болып, үнемі ат үстінде жүргендіктен бе, әлде, ірі денелі тұқымына тартқандықтан ба, — Зейнеп бойшаң болып есті. Оның жасын білмейтін адам, он екі-он үште емес, он бес, он алтыда дерлік еді.

Әкесінің Айғаныммен құда болғанын, атастырған адамының аты — Шыңғыс екенін, оның хан тұқымы екенін, Омбыда орысша оқып жүргенін Зейнеп еститін. Күйеуі «толқып жүр» деген сөзді әке-шешесі, туыстары жасырғанмен, сыбырлағыш жұрт естірткен бірақ, балалық санасы бойынан кетпеген Зейнеп, өсекке мән бермей, немқұрайды қарайтын.

Сөйтіп жүргенде, құлағына «қайын енең келе жатыр» деген хабар шалынды. Неге екенін өзі де білмейді, Зейнеп сасып қалды. Қасқыр қамаған киіктей, қайда барарын білмей қалған Зейнептің қорғалар жалғыз түп-«шиі»-әжесі еді, ол сорына қарай, өткен жылы опат болған. Мамық өлгеннен кейін де Зейнеп туған әке-шешесіне жоламай, әжесінің «үлкен үйдегі» төсегінде жатып, сол үйде тұратын. Оның қасында әжесінің күтушісі -Бүтікей ғана болатын. Әжесі бар кездегі рахатын сағынған Зейнеп, оның төсегіне сан рет жасын төккен...

Өзін әлі де «ұлмын» деп жүретін Зейнептің «қайын енең келе жатыр» деген хабар төбесінен жййдей ұрды. Өзінің «ұл» емес, «қыз» екенін ол сонда ғана түсінді. Енді не істеу керек?

Зейнепті бұл тұйықтан ағасы-Мұса алып шыққандай болды. Оның жасы он бесте еді. Оқу жасына жеткен оны әкесі Омбыдағы соғыс школына апарып бермек болғанда Мамық бәйбіше:

— Таста, қаршадайынан ысқаяқ қып үйден алысқа қумай! — деп қарсы тұрған.

— Ендеше, жақын жердегі Баян аулаға апарып оқытайық, — дегенде, Мамық босаңсып:

— Қайда? Қандай оқу? — деп сұраған.

— Баян аулада мұсылманша да, орысша да жақсы біліп шығады — деген соң, Мамық көнген. Мұса Баян ауладағы орыс школасына он бір жасында түскен.

Арқа мен Сібірдің қоңыржай, құрғақ, таза ауасы себеп болды ма, әлде дәулетті үйде туып, еркін өсуінен бе, Мұса биік, балуан денелі, сұлу кескінді жеткіншек болды.

Ақылды да, оқуға тұтынды да болып өскен Мұса« әжесінің ықпалымен Зейнепті «атамның баласы» деп, — «жасы кіші болса да, жолы үлкен аға» деп қадыр тұтатын. Бірге туғанын білетін Зейнеп Мұсаны да жақсы көретін. «Жақындаса — тістесіп, алыстаса — кісінесіп» дегендей, екеуі жұғыса кетсе шайырғалдасып қалатын. Сонда алдымен Зейнеп соқтығып, Мұсаны боқтайтын да, сабайтын да. Жанына таяқ батып бара жатқанда ғана Зейнепті бауырына қысып, аяқ-қолын босатпайтын, дәрменсіз Зейнеп балағаттап тілін өткізе алмағанда бетіне түкіретін. Тентек Зейнеп еркелігін көтеретін ағасы Баян аулаға оқуға кеткенде сағынып, жиі барып жүретін әкесінен қалмайтын.

«Айғаным келе жатыр» деген хабар естілгенде, Мұса Баян ауладағы школаны «жақсы оқыды» деген куәлікпен аяқтап, ендігі ойы — Омбыдағы соғыс школына түсу болып, туған үйіне келіп жатыр еді.

Бұл хабардан Зейнептің сасқалақтауын тек Мұса ғана түсінді. Түсінгенмен амал нешік? Зейнепті Шыңғысқа атастырғанын ол әлдеқашан естіген, бірақ балалық санасы мән бергізбеген. Міне, ойыншық сияқты көрінген сол оқиға енді шынға айналды. «Шын» болғанда, әзірге ұзатылайын деп жатқан Зейнеп жоқ сияқты, қайын енесінін, келуімен Зейнептің «ұлдысы» бітіп, енді Шыңғысқа — «қалыңдық» Айғанымға «келін» аталатын сияқты. «Шыңғыс Зейнепті алмайды-мыс» деген өсек, Мұсаның құлағына әлі шалынған жоқ.

Басқа қыздар сияқты, «қалыңдық», «келін» болу, қарындасы Зейнептің де аттап өте алмайтын тағдыры екенін енді ғана айқын түсінген Мұса, әлі «емшек табы — аузынан бесік табы — арқасынан кеткен жоқ» деп, сәби деп түсінетін қарындасын ұялтпау қамын қарастырды. Бұл жөнінде өтініш айтар адамы, — шешесі Топан. Ол бейпіл тілділігінің үстіне, балаларына аса қатал кісі еді. Бастығы Мұса ғып, ол өзінен туған балаларын кішкене күніне «бір шыбықпен айдап» қабағының қағуына бағындырып өсірген. Айтқанын орындамаса, сілейтіп сояды да салады, сондықтан, балалары алдында құрдай жорғалайды. Тек, ерекше ұстайтыны — Зейнеп. Сыйласатын қайын енесі титтейінен бауырына сап «бала» қылғаннан кейін, Зейнептің оғаш қылықтары көп бола тұра, Топан оны бетке қақпайтын, тілін де, қолын де тигізбейтін. Мамық өлгеннен кейін де осы әдетін өзгертпеген. Соған сәйкес, Зейнеп те оғаш қылықтар жасамайтын болған. Бірақ, Айғаным келе жатқан хабары естілгенше, «ұлдығын» өзгертпей, еркек-шораша киініп жүре берген.

Айғаным хабары естіле, Топан жақын абысындарының жастау жағына:

— Анау шолжаң қызға айтыңдар, «қайын енең келе жатыр» деңдер. Енді ол «ұлмын» деуін қойсын. Қыздың аты — қыз. Өзі және дардай боп ержетіп қалды. Төсі де шығып келеді. Етжеңді бала. Енді сирақтарын сидитып, бөксесін бұлтитып шалбар киюі жараспайды. Қыз сәнімен киінсін. Шашын енді жаз-жалбағайдың, қыс — тымақтың ішіне түюін қойсын да, бұрымдап, қыз сияқты өрсін, — деді.

Бұл сөзді айтып барған жеңгелерін Зейнеп сыбай боқтады да үйінен айдап шықты. Соны айтып келген жеңгелеріне:

— Оқасы жоқ, — деді Топан. — Қызша киінбесе де, қыз екеніне құлағы ғана берсін. Күйеудің, басқа қыз құтылмаған құрығынан ол да құтылып қайда барар дейсің.

Жеңгелерін қуып шыққан Зейнеп, қорқыныштан ба, ызадан ба денесі қатты қызып ауырып қалды. Неге ауру себебін Зейнеп ешкімге айтқан жоқ, Мұсадан басқа адам жайына түсінген де жоқ? Сол сырқатын меңдетпеу туралы Мұса шешесіне қыңқылдап еді, ол ежелгі дағдысымен, баласын бетінен қауып тастады.

— Немене, айтып тұрғаның? — деді ол, — қыз екенін құдайдан жасырмағанда, адамнан жасырамысың? Қыз болып жаралған соң байға бармай қайтушы еді? Сол да уайым болып па? Түбінде айтылмай қоймайтын нәрсе болғасын, неменесі бар оның, айтпайтын? Айтқан кісінің құлағын кессең, менікін кес! Әйтпесе, басты қатырма!

Шорман Айғанымды қалын, нөкермен түстік жерден қарсы алды да, қошеметпен әкеліп, Қаракөлдің жағасына даярлатқан ақ үйіне түсірді. Оның ойы, бұрын келмеген құрметті құдағиына ерекше сыйлар көрсетіп, күтініп отырғандардың бәрінен дәм татырып, асықпай аттандыру еді. сөйлесе келе олай болмай шықты. Шыңғыс пен Зейнеп жайын Айғанымның бұл арада көптіргісі келмеді. Құдасымен екеуі оңаша сөйлескенде:

— Сондай бір қаңқуды менің құлағым шалды, — деді Айғаным, — бірақ, мен мұны, достың емес, дұшпандардың таратқан өсегі ме деп ойлаймын. Мен білетін бала болса. Шығажан бұны істемейді. Жастықта «әулігу» деген де болатынын білесің Шорманға қайсың желікпедің жас күніңде? Шығажанның да сөйтуі мүмкін. Ол жер — ұшық сияқты нәрсе болмаушы ма еді, тәйірі, «тіфу» деп үшкірсе кетіп қалатын? Қаңқу рас болған күнде де, сөйтуден қалмайды және өзгеге үшкіртпеймін, езім үшкірем, мықты болса шыдап көрсін!.. Дегенмен бұл ұшықты асқындырмау керек. Омбыға тез жету керек.

Айғаным Қаракөл жағасында екі-үш күн түнеді де, қасына: Шорманды, Мұсаны, Зейнепті ертіп және Шорман ерткен біраз адамды алып Омбыға жүріп кетті.

Ол жәйда ешкім ештеңе демегенмен, Зейнеп қайда, неге барарын білмей аттанған жоқ. Шыңғыстың толқып жүрген хабарын жұрттан бұрын естіген Шорман басында бұл өсекті өзге түгіл, өзінің әйелі — Топаннан да жасырып, анығына жету үшін Омбыға астыртын кісі жіберді. Ол «анық екен» деп келген соң Шыңғысқа барып сөйлесуге, төре тұқымын «қисайған жағынан түзелмейді» деген ұғымда жүретін ол бетін шешесі арқылы қайырмақ болды. Айғанымның Шорманға не айтқанын жоғарыда баяндадық.

Ері қаншама жасырғысы келгенмен, ол естіген есекті Топан да естіген, бірақ ол «өзі айтқанша сыр бермеймін» деп, бұл жәйда жұмған аузын ашпайтын. Айғанымның келе жату хабары естілгенше Шорман ештеңе дей қоймаған соң Топан:

— Әу, Бала-би-ау, осы сен не істеп жүрсің? — деп бастап, Шыңғыс жайында естіген-білгенін алақанына қондырып берген.

— Жел айтқан ба, жын айтқан ба, — сөздерінің бәрі рас!

Үстінен түскен Шорман, енді бұлтара алмай:

— Әзірге осылай болып тұр, бәйбіше! — деп бастап, бар сырын ақтарды.

Оңаша сырласқан Айғаным мен Шорман Омбыға Зейнепті ала кетуді ұйғарды. Сондағы шешімдері: Шыңғыс көнсе-көнді, көнбесе некелерін еріксіз қидырып тастау.

Бұл шешімді Топан да мақұлдап:

— Апар! — деген еріне, — он үште отау иесі болған жалғыз бұл емес. Талайлар бұдан жасында да үйге ие болып кеткен.

— Ендеше, қызыңды жолға әзірле, — деген Шорман.

Ерінің бұл бұйрығын орындауға кірісерде, Топан қатты жүрексінді. «Тентек шіркін, — деп ойлады ол, — бұрынғы қалпына бағып, айтқанға көнбесе қайтем?»

Ол Зейнепке тағы да жеңгелерін жұмсады. Бұдан бірнеше күн бұрын ғана олардың бетінен алып қуып жіберген Зейнеп сөзге келмей көне кетті.

Өйткен себебі: әке-шешесі болып, туыстары болып жасырған өсекті ол да әлдеқашан естіген еді. Шыңғысқа атастырғанын, Зейнеп алғашында-ақ естіген. Бірақ, балалығы ма, еркелігі ме, Айғаным аулына келгенше мән бермей, біреу-міреу батылдық қып тұспалдаса, бетінен алып боқтап тастайтын.

Есі кіріп, өзінін, ұл емес, қыз екенін, түбінде күйеуге бармай қоймайтынын түсінген шақта, «күйеуің» дейтін Шыңғысты ол көруге арман ететін, с.өйте тұра, әкесі бертінірек Омбыға алып бармақ болғанда, «Шыңғысқа кездестірудің әрекеті болар» деп, «күйеуді көр соң ұлдығымнан айрылып, қалыңдық болып кетермін» деп бармаған.

Енді, міне, «сол күйеу толқып жүр» деген сөзді естіген де Зейнеп намыстан жарылып еле жаздады. Оның ұғымында аяғын тік басқан адамдардан әкесі — Шорманнан ақылды да, атақты да, беделді де, бай да кісі жоқ. Сондай адамның қызы бола тұра, әлдеқайдағы төре — сымақ біреу алмай кетсе, тірі жүргеннен өлгені жақсы емес пе?

Іші осындай ызаға толы Зейнепке, жеңгелері Омбыға әкесімен бірге аттану тілегін білдіргенде:

— Барам! — деді.

Бұл сөзді естігенде, әкесі де шешесі де қуанды. Ендігі мәселе, — Зейнептің Омбыға қандай киіммен баруында қалды. Зейнеп сол күнге дейін еркек-шора киімінде жүреді. Сондағы киімдері құндыз қолданса қыз болып кететіндей, бөрікті үнемі ақ бұйрадан жасатып, кейбір сері жігіттей, төбесін бір түсті жасыл пайымен тыстататын белін қынаған қамзолды жарқыраған жібек пен барқыттан емес, ақ ботаның түбітінен тоқылған өрмектен; шалбарды да содан, кейбір еркек балалардың салтымен балағына елідей құндыз ұстатып, батсайыдан ызған бауына шоқтан жасалған шашағын тізесіне түсіре салбырап жіберетін; көйлекті де ұл балаларша бір түсті, қоңырға аталастан тіктіріп, етегін шалбарланып алатын күндері ылғи ақ елтіріден жасалған қамзолша ішік киетін суық күндері киетін ішігінің іші-күзен, немесе сыртын шымқай қара құлындардың терісімен тыстататын; тұтасымен қолданса, бұндай терілердің екеу-үшеуі балаға мол жарғақ шығады; Зейнепке керегі жеңдерінің қырқа жотасында, екі өңірінің кеуде жақ үстінде, қыр арқасында құлынның желкілдеген жалы болуға керек, олай жасау үшін бала демей, үлкен демей, бес құлынның терісі керек; осы сәнді қуған Зейнеп те, шағын денесіне жарғақ-ішікті, бес құлынның терісінен ойып жататын «әжесінің баласы» дегенмен, «көп ұлдың ортасындағы жалғыз қызым» деп жақсы көретін Шорман да қап-қара құлындардың терілерін Омбыға апарып, қара көмірдей ғып боятып әкелетін бұл сияқты шымқай қара құлын жарғақ, өзге жұртта кездеспейтін. Зейнеп жаз оюлап кестелеген «шоңқайма» аталатын қызыл ала етікті, қыс қонышы тізесінен келетін саптама етікті киетін.

Осылайша киінетін Зейнептің үстіне, қыздың етегі тізеден келетін көйлегі, әжесі өлгеннен кейін ғана ілінді, шешесі — Топан әуелі «кисейші» деген сөзді жұмсақ айтып жүрді де, Зейнеп тілін ала қоймаған соң, белгілі қаталдығына басып:

— Таста әрі, бөксеңді бұлтитпай!.. Сен қай бір арық қызсың, шалбар денеңе жабыса кететін?.. Сендей семіз қызға, тылтиған шалбар жарасушы ма еді?.. Көптің көзінде құйрықты тұсақтай болып жайқаңдамай, жасыр әрмен әрі, жаратқанның өзі көрсетуді бұйырмаған мүшеңді! — деп ақырды. Мойып қалған Зейнеп әлі де көнгісі келмей бұлталақтай бастағанда, Топан оның жеңгелеріне:

— Құрыққа қашан келуші еді, құлынның өзі? Зорлықпен кигізбеуші ме еді, ноқтаны? Қарамаңдар қиқаңына!.. Бас салып кигізіңдер! — деді.

Енді, міне, Зейнеп әкесіне еріп Омбыға баратын болған соң, соған арнап тіктіріп, сандыққа салып қойған асыл киімдер мен моншақтарын Топан түгелімен ақтартты да, қызын ең сәнділерімен безендіруге кірісті. Олардың ішінде: қытайдың, қоқанның, орыстың... деген сияқты нелер асыл маталардың бәрінен тіктірген киімдер болушы еді, және оларды орыстың ноғайдың, қазақтың атақты шеберлеріне тіктірген. Бір жүйелерін Зейнеп үстіне кигенде былай да сұлу жас қыз, тотыдай құлпырды да кетті.

Зейнеп сымбатты да, көрікті де қыз болатын. Оның түр-тұлғасы қазақтың ауыз әдебиетіндегі:

Не деген сұлу едің жұрттан асқан,

Қан мен сүт ақ жүзіңде араласқан, —

Кең маңдай, қыр мұрынды, сүйір иек, —

Қалам қас, оймақ ауыз, ұзын кірпік, —

Мойыны иірілген аққу — сынды,

Күмістей ақ бұғағы тартты күнді, —

Қара көзің сүзіліп,

Қыпша белің үзіліп,

Аузыңдағы отыз тіс,

Меруерттей тізіліп, —

Бетінде жарасады сарша меңі, —

Кең иық, жұмыр білек, сүйрік саусақ,

Түсердей көзі көрген оны қаусап, —

Не деген салтанатты көшің сұлу

Ақ үйдің жабығындай төсің сұлу!..

дегендей, сымбат пен кескін біткеннің қазақы мағынасындағы ең сұлуы еді. Оның үстіне, жараған семіз құнажындай сылана біткен толықша денесі, бойшаң тұрқын тіпті әдемілендіріп жіберген. «Ғақылын, кәмил, бұйын, зифа, кім бәхітіне усәсің?» деп татарлар айтқандай, өлең жолдарында сипатталатын көркемдіктерден теріліп жасалғандай еді.

Зейнептің мына түр-тұлғасын көргендер:

— Әттең, тілінің аздап шолжыңдығы, әйтпесе, ұрғашы атаулыда бұдан сұлу да, сымбатты да қыз болмауға тиісті! Бұл тек, анау Омбыда оқып жатқан төренің маңдайына біткен жан!-десетін.

— Шіркін, осы түр-тұлғасымен еркек-шораларша емес, қыздарша киінсе, тіпті де құлпырып кетер еді! — деп арман ететін ауыл адамдары.

Міне, олар осы арманына жетті. «Зейнеп қызша киініп жатыр» — дейді, — деген хабарды естігенде, жан-жақтағы ауылдардан «аттылы, жаяулы» дегендер қаптап кетті. Бірақ, ырымшыл Топан, «көздері тиеді» деп Зейнепті үйінен шығармады.

Үйге кіре алмаған жұрт, сығаламақ болып кигізді тесуге айналған соң:

— Үйді бүлдіреді, қуыңдар! — деді Топан жігіттеріне.

Салт мініп қамшылай қуған жігіттерден, жиналған халық амалсыз қашты. Сонда, шуласып айтқандары:

— Білеміз, неге сәндеп жатқандарыңды! Майлап өткізбексіңдер ғой, қыздарыңды! Өтсе — сөз сендердікі. Әйтпесе, көрерміз!

Олай дейтіндері, Шыңғыстың толқуы туралы өсекті бұл маңайда естімеген жан жоқ-ты.

ЬІзың-шудан мезі болғанда, жолаушылар жөнеп кетті.

Шорманның ел басқару ісіне кіріскеннен бергі бір әдеті жолаушы шыға қалса, алдыңғы жағына күн бұрын шапқын жіберіп, қонар, түстенер тұстарына үй тіккізіп, ат байлатып, бие саудырып, сойыстық әзірлетіп... дегендей, керекті жабдықты күн бұрын даярлататын. «Бір кісі таққа мінсе, қырық кісі атқа мінеді» дегендей, қасына ерген нөкерлері көп болатын. Жұрт соған мөлшерлеп әзірлік жасайтын. Ал, кейде, Омбыға барып жатар болса, немесе үйіне көп қонақ келер болса, ішімдікке сабалаған қымызды, сойыстыққа үйірлеген тайлар мен құнажын байталдарды алдыратын. Ел қыдырған шақтарында, сыбағасына құлыннан басқаны жемейтін. Қайда, қай уақытта керек екенін білетін шабармандар, кімдерге қанша салық түсуін күн бұрын хабарлап, олар мерзімді кезінде жеткізіп тұратын. Жеткізбегендер жазаға ұшырап, бері салғанда айып тартатын, әрі салғанда, — «пәле жабылып» не абақтыға түсетін, не айдауға кететін.

Шорман бұрынғы сапарларында, суыт жүрсе бірер күнде жететін Омбыға асықпай, жайлап жүріп бірер жұмада әрең жететін. Бұл жолы құдағиының сырқатын сылтау ғып тез жетті. Жолшыбай Айғаныммен ақыл қосқанда, Шорман Омбыдағы бай ағайыны — Күдерінің үйіне, Айғаным «Әлти дуанының ахоны» атағын алған имам, — Ғабдір-рахимның4 үйіне түспек болды. Айғаным ол үйді екі себептен қалайды: бірі — Әбдірақым әке жағынан және оларды орыстың, ноғайдың, қазақтың атақты шеберлеріне тіктірген. Бір жүйелерін Зейнеп үстіне кигенде былай да сұлу жас қыз, тотыдай құлпырды да кетті.

Зейнеп сымбатты да, көрікті де қыз болатын. Оның түр-тұлғасы қазақтың ауыз әдебиетіндегі:

Не деген сұлу едің жұрттан асқан,

Қан мен сүт ақ жүзіңде араласқан, —

дегендей,

Кең маңдай, қыр мұрынды, сүйір иек, —

дегендей,

Қалам қас, оймақ ауыз, ұзын кірпік, —

дегендей,

Мойыны иірілген аққу-сынды,

Күмістей ак, бүғағы тартты күнді, —

дегендей,

Қара көзің сүзіліп,

Қыпша белің үзіліп,

Аузыңдағы отыз тіс,

Меруерттей тізіліп, —

дегендей,

Бетінде жарасады сарша меқі, —

Кең иық, жұмыр білек, сүйрік саусақ,

Түсердей көзі көрген оны, қаусап, —

дегендей,

Не деген салтанатты көшің сұлу;

Ақ үйдің жабығындай төсің сұлу!..

дегендей, сымбат пен кескін біткеннің қазақы мағынасындағы ең сұлуы еді. Оның үстіне, жараған семіз құнажындай сылана біткен толықша денесі, бойшаң тұрқын тіпті әдемілендіріп жіберген «Ғақылын, кәмил, бұйын, зифа, кім бәхітіне усәсің?» деп татарлар айтқандай, өлең жолдарында сипатталатын көркемдіктерден теріліп жасалғандай еді. Зейнептің мына түр-тұлғасын көргендер:

— Әттең, тілінін, аздап шолжыңдығы, әйтпесе, ұрғашы атаулыда бұдан сұлу да, сымбатты да қыз болмауға тиісті! Бұл, тек, анау Омбыда оқып жатқан төренің маңдайына біткен жан! — десетін.

— Шіркін, осы түр-тұлғасымен еркек-шораларша емес, қыздарша киінсе, тіпті де құлпырып кетер еді! — деп арман ететін ауыл адамдары. Міне, олар, осы арманына жетті. «Зейнеп қызша киініп жатыр» — дейді, — деген хабарды естігенде, жан-жақтағы ауылдардан «аттылы, жаяулы» дегендер қаптап кетті. Бірақ, ырымшыл Топан, «көздері тиеді» деп Зейнепті үйінен шығармады.

Үйге кіре алмаған жұрт, сығаламақ болып кигізді тесугс айналған соң:

— Үйді бүлдіреді, куыңдар! — деді Топан жігіттеріне.

Салт мініп қамшылай қуған жігіттерден, жиналған халық амалсыз қашты. Сонда, шуласып айтқандары:

— Білеміз, неге сәндеп жатқандарыңды! Майлап өткізбексіңдер ғой, қыздарыңды! Өтсе — сөз сендердікті. Әйтпесе, көрерміз!

Олай дейтіндері, Шыңғыстын, толқуы туралы өсекті бүл маңайда естімеген жан жоқ-ты.

Ызың-шудан мезі болғанда, жолаушылар жөнеп кетті.

Шорманнын, ел басқару ісіне кіріскеннен бергі бір әдеті жолаушы шыға қалса, алдыңғы жағына күн бұрын шапқын жіберіп, қонар, түстенер тұстарына үй тіккізіп, ат байлатып, бие саудырып, сойыстық әзірлетіп... дегендей, керекті жабдықты күн бұрын даярлататын. «Бір кісі таққа мінсе, қырық кісі атқа мінеді» дегендей, қасына ерген нөкерлері көп болатын. Жұрт соған мөлшерлеп әзірлік жасайтын. Ал, кейде, Омбыға барып жатар болса, немесе үйіне көп қонақ келер болса, ішімдікке сабалаған қымызды, сойыстыққа үйірлеген тайлар мен құнажын байталдарды алдыратын. Ел қыдырған шақтарында, сыбағасына құлыннан басқаны жемейтін. Қайда қай уақытта керек екенін білетін шабармандар, кімдерге қанша салық түсуін күн бұрын хабарлап, олар мерзімді кезінде жеткізіп тұратын. Жеткізбегендер жазаға ұшырап, бері салғанда айып тартатын, әрі салғанда, — «пәле жабылып» не абақтыға түсетін, не айдауға кететін.

Шорман бұрынғы сапарларында, суыт жүрсе бірер күнде жететін Омбыға асықпай, жайлап жүріп бірер жұмада әрең жететін. Бұл жолы құдағиының сырқатын сылтау ғып тез жетті. Жолшыбай Айғаныммен ақыл қосқанда, Шорман Омбыдағы бай ағайыны — Күдерінің үйіне, Айғаным «Әлти дуанының, ахоны» атағын алған имам, — Ғабдір-рахимның үйіне түспек болды. Айғаным ол үйді екі себептен қалайды: бірі — Әбдірақым әке жағынан қазаққа, шеше жағынан Қожаға шатыс, сондықтан, Әбдірақымды «жиен» көріп, Омбыға бұрын келген жолдарында соның үйіне түсетін; екіншісі — соғыс школына оқуға түскен Шыңғысты: «бұл қалада одан бай кісі жоқ, қарағайдан қидыртқан үйлері бір орамды алып тұрады, балаңның әрі тұруына үйі жайлы, әрі тамағы тоқ болады, киім-кешегіне де қарасады» деп Сейфсаттар Сейфүлмәліков дейтін татардын, үйіне, пәтерге қойғызған. Оның алдында Сейф-саттар Айғанымды жолдас-жорасымен үйіне шақырып,

көл-көсір қонақ еткен. Сейфсаттардың: бірі — татар, бірі — өзбек, бірі — қазақ, бірі — ұйғыр — төрт қатыны бар екен. Бәрінің де үйлері оңаша, бәрі де киім-кешек пен жасау-жиһазға малынып отыр... Қораның әр жерінен жылтыңдап жүрген балалардан хисап жоқ сияқты...

Айғанымға олардың бәрінен Сейфсаттардың өзі ұнады, еңкектеу қапсағай бойлы, қара өңді, қалың қабақты, шүңірек ойнақы көзді, моңғолдау бетті, көмірдей қара мұртын таңқита қырып, сол түсті қара сақалын башқұрттарша иегінің астына қойған, Сейфсаттар жалпақтағыш та, жылпос та адам. Тегі «қазақы болып кеткен башқұрт» деседі.

Ол Айғанымды бір көргеннен «бәйбіше» деп, іші-бауырына кіре, үйіріп әкетті. Айғаным оны өзімсініп «қара естек»5 деп атады. Сейфсаттар оған сүйсінбесе ренжіген жоқ.

— Дзағынан ақца уайым дзвие, — деп қойды ол бір сәтте Айғанымға керегіңді сұраудан ұялма, ала бер түбінде бір есептесерміз.

«Керегі не?» деп сыпайысығанмен, ақшаға мұқтаж Айғаным, Омбыда тұрған күндерінде біраз ақшаны алып та тастады. Қайтарда:

— Енді қайтем? — деп қынжылған Айғанымға:

— Бәйбіце, оқасы дзоқ, — деді Сейфсаттар, — әзірге менен ала берсеңізці, түбінде бір есептецерміз.

Жақсы көрген Сейфсаттарды бірде «қара естек» деп, бірде «толық атауға шұбалаңқы» деп — атын «Саттар» ғана қойып, дос боп айрылған адаммен, түбінде кикілжіңге келем деп ойлаған ба, Айғаным?

Енді, міне, сырт естуінше «Шыңғыс» осы қара естектің қызын алады-мыс!». Бұл мәселеде талай толғанған Айғанымның Сейфсаттарды Шорманға теңестіргісі келмейді, сондықтан Шыңғысты да оның қызына жолатқысы келмейді.

Осыған іштей бекіген Айғанымның ендігі ойлаған айласы әуелі, Әбдірақымның үйіне түсіп, не жайы барын білгісі келеді. Егер рас болса, «баламды осының үйіне тұрғыз деген сенсің. Өзің тұтатқан өртті өзің сөндір, әйтпесе тұрысар жеріңді айт» деп Әбдірақымға күш көрсеткісі келеді. Алғаш Омбының кедейлеу ғана имамы болып келген Әбдірақым, Айғанымның және Шорманның көтермелеуімен, соңғы жылдарда алты дуанның ахонына, яғни ресми имамына айналған. Содан кейін зекет, үшір, педиясадақа... дегендер мейлінше көп түсіп, байып кеткен. Бұрын үкімет салған мешіттің қорасындағы медіресені мекендейтін ол, кейінгі жылдары, қарағайдан қиып сегіз бөлмелі үй салдырған, салтанатты қора-қопсы жасатқан. Бар байлыққа қолы іліккен соң, бұрын сидам денелілеу ол қазір семіріп, «әу-дем» жердегі мешіттің намазына, медресенің сабағына ат жектіріп баратын болған. Осындай байлығының қайнар бұлағы-қазақ дуандары. Дуан басылардың қазіргі ең күштісі — Шорман. Басқалары оның ішінен шықпайды. Соны жақсы білетін Айғаным, — егер Әбдірақым егесе қалса, тынысын Шорман арқылы тарылтқысы әрі салғанда, — ахондықтан түсірткісі келеді.

Оқиға түсінікті болу үшін, оқырман көпшілікке Сейфсаттарды толығырақ таныстырайық:

Он тоғызыншы ғасырдың алғашқы жартысында Англия империализмі мен Россия мемлекетінің «Орта» және «Шығыс» аталатын Азия өлкелерінде отаршылдық қылықтары түйісіп қалғанын, тарихи деректерден жақсы білеміз. Сол кезде, Индия түгелімен қанды құшағына орап, жанын шырылдата, сүйегін күйрете сорып жатқан Англия, енді улы тілін Тибетке, Кашмирге, Қашқарияға, Азияға қарай созғаны да мәлім. Бұл қимылға Россия үкіметі мазасызданды да, сол өлкелердің хал-жайын ойлап қайтатын кісі іздейді. Оған тегі Әзербайжан, өзі үнемі Петербургта тұратын жиһангез — Мәһди Рафаиловтың лайықты кісі болмайды. Ол Россия разведкасына тыңшылық қызмет атқаратын, сол мақсатпен Түркияға, Иран-Индияға талай рет сапар шеккен. Саяси тапсырмаларын ойдағыдай орындаумен қатар, саудасын да молайта түскен первый гильды саудагер атағына ие болған адам. Қызметі солайша жағымды болғандықтан, патша үкіметі оған «сарай сыртындағы ақылшы» деген лақап ат берген.

Үкіметтен көп бұйым және қажетті мөлшердегі ақша алған Рафаилов, мұсылмандар арасында «Хасан» болып жүретін шоқынды татар — Мамзурды ертеді де әлденеше ылаумен, Қазан арқылы Омбыға келеді. Бұл, 1814 жылдың көктемі болса керек.

Қашқария сапарына бастайтын кісі қажет болғанда, жергілікті үкімет Сейфсаттар Сейфүлмәліковті ұсынады. Біраздан бері Омбы қаласында тұратын ол әуелі орыстың ірі саудагері — Ганшинге піркәщік болып қызмет атқарған еді де, біртіндеп өз дүниесі де құралып, жеңіл-желпі саудагердің халына жеткен-ді. Содан кейін әлдене саудагерлермен Қашқария және Тибет жағына сапар шегіп, байлығын молайтып қайтқан.

Қашқария мен Тибеттің жолын, халықтарын жақсы білумен қатар, Сейфсаттардың қытай тілінен де хабары бар болатын.

Рафаилов бастаған, Сейфсаттар қостаған керуен Қашқарияға беттеп жолға шықты да, қытай қаласы — Шәуешек тұсында Тянь-Шань тауынан асты. Арғы етегінен Такламакан құмын айнала отырған ұйғыр шаһарлары, бірінен соң бірі тізіліп кетті.

Сейфсаттардың ойы,-Рафаиловтың керуенін Такламакан құмының солтүстік жағымен жүргізіп отырып, шығысындағы Құмул (қытайша — Хами) қаласына апару еді де, одан әрі-Алтынтау арқылы Тибетке кетіп, Такламаканның оңтүстігіндегі қалаларға қайтарда соғу еді. Ол жоспары болмай қалды. Керуен Кучәр (қазақша-көшер) қаласына жеткенде, «Бөгдехан» аталатын қытай императоры өліп, соның азасынан алты айға дейін қытайға бағынышты қалаларға сырттан саудагер кіргізбеді, іштегі саудагерлерді шығармады. Рафаиловтың керуені де сол «тәртіпке» ілікті.

Бірақ, керуен одан зиян орнына пайда тапты. Ол бұған дейін Тянь-Шань тауының арғы және бергі жағында көшіп жүрген қалың қырғыздардың, айылдарын (ауылдарын) аралап келген. Мал шаруашылығымен, әсіресе қой шаруашылығымен күң көретін базарлары жырақ қырғызда киім-кешекке өте тапшы екен. Рафаилов соны пайдаланып, қолдағы бұйымдарын қойға айырбастай берді.

«Сонда, — деген мәлімет бар, — бір көйлектік кездемеге бір ту қой, немесе, бір пар етікке екі қой алып отырған».

Саудагерлер бұл қойларды, малы аз, етке тапшы ұйғыр қалаларына тоғытады да сусар, бұлғын, құндыз, тиін сияқты аңдардың терісіне айырбастайды. Қашқария тауларынан «Яшка» аталатын қымбат тастың түрлі түстері табылады екен. Рафаилов бұйымдарына оларды да айырбастай береді.

Алты айдан кейін керуен Кучәрден әрі қарай жөнеледі. Тибетте олар пайданың жаңа түрін табады: «металл» аталатын кеннің, әсіресе «алтын» және «күміс» аталатын металдардың ең көне отанының бірі — Тибет екені мәлім. Тибет тауы, алтын мен күмістің дүние жүзіндегі ең бай қордасының бірінен саналады.

— Мыңдаған жылдар бойына жинала берген алтын мен күмістің қоры — деседі, білетіндер. — Тибетке Рафаилов керуені барған шақта, «төгіліп-шашылып...» дегендей, мейлінше мол және арзан болыпты.

Жамбы», «тай тұяқ», «қой тұяқ», «атан тұяқ» аталатын алтын мен күмістің жентектерін, Рафаилов керуені қоржындап жияды...

Қымбат қазыналарды, тегін пайданы қуу жолында керуен жеті-сегіз жыл жүріп қалады. Алғашқы жоспарлары Тибеттен Кашмирға бару болғанмен, жерін, елін, үйін салған керуен адамдары, табысқа құныққан Рафаиловтың көнбей Такламаканның оңтүстігін жағалап Россияға беттейді.

Осы бетте, Яркен мен Қашқар шаһарларының арасында Рафаилов ісініп ауырады да, аз күнде күп боп кетіп өледі. Біреулер оны «ұйықтап жатқанда қара құрт, жылан сияқты улы мақлұқтар шаққан болар» деп жорамалдайды.

— Ал, расында, — деген сөз бар, кейін тараған бір мәліметте, — Сейфсаттар мен Хасан ақылдасады да, байлығын иемденіп қалу үшін, апиын ішуді жақсы көретін Рафииловқа алдастырып жыланның етін береді, ол содан өледі.

Бұл бұған дейінгі 150 шақты жылдар бойына әкімшілік жүргізіп келген қытай империясына қарсы. Жәңгір есімді қожаның бастауымен, ұйғырлардың көтеріліс жасап, әкімшілікті қолына алып тұрған шағы екен.

Серіктері Рафаиловтың мәйітін Қашқар шаһарына алып келеді де, уақытша үкіметке мәлімдеп, «Аппақ қожа аталатын әулиенің» қасына жерлейді, үстіне мазар тұрғызады.

Жәңгірден ұлықсат алған керуен Россияға беттеп, Тянь-Шаньнның «Мұзарт» аталатын асуынан әрі қарай еңкейеді. Осы арада көшпелі қырғыздар керуенге шабуыл жасап, мал-мүлкін талайды.

— Соны сылтау ғып, — дейді біреулер, — Сейфсаттар мен Хасан Рафаиловтың алтын, күміс, қымбат тас сияқты мүліктерін жасырады да, «талап әкетті» дейді.

Таланған керуен бет-бетімен қашып, таудың әр қуысына тығылғанда, Сейфсаттар мен Хасанның жөні бірге болады. Бірақ бес-алты есекке көң-қоқыр артып жаяулаған Сейфсаттар, Россияның шеткі қаласы Кяхтаға жалғыз келеді. Ондағы әкімдерге таланған жайларын айта кеп:

— «Адам басы бір алла болды» — дейді ол, — әркім өз басын сауғалады. Мен де бетіммен лағып әрең жан сақтадым. Өзгелердің аман-жаманын білмеймін.

— Сонда, — деседі қауесетшілер, — Сейфсаттар қасындағы Хасанды өлтіреді де, таудың тасасына тастап кетеді. Жаудан аман алып шыққан қымбаттарын, жан сезбестей ғып, есектерінің ыңыршағына жасырады да Омбыға аман жеткізеді.

Сейфсаттар ұрлап әкелген байлығын Омбыда лақ еткізіп төге салмай, жарқ еткізіп көрсете қоймай, шыжымдап еппен ұстайды. Рафаилов керуенінен аман келген біреулер, «алтын, күміс, асыл тастар сияқты мүліктер осының қолында еді» деген соң, Омбының үкіметі оған күдіктеніп, бірнеше жыл бақылап та көреді, жауап сұрап та байқайды, бірақ сырын аша алмайды.

Реттеп тыққан қымбаттарын еппен ұстаған Сейфсаттар біраз жылда орасан байиды да, первый гильды саудагер атағына жетеді. Енді ол Орта Азияға, қытайға... дегендей өзінің бай керуендерін жүргізеді.

Шыңғысты ол байлығы осылайша шалқып тұрған шағында пәтерге тұрғызған ондағы ойы әрі — хан тұқымы, әрі — бір дуанды билеп тұрған аға сұлтанның баласы, оның үстіне орысша оқымақ, орысша білгеннің қаны жерге тамбай тұрған шақ, ендеше, бұл да ертең қазақ даласындағы әміршілердің біреуі бола кетеді, сондай адамды үйінен баулып ұшыру керек.

Баулығысы келген бұл «құсқа» Сейфсаттардың тастар жемі де қолында сияқты оның төрт әйелінен он шақты ұлы, бес-алты қызы бар. Осы қыздардың ішінде өзбектен алған үшінші әйелі Мафтухадан, Шыңғыспен жасты үріп ауызға саларлықтай сұлу, сабақты орыс школынан оқитын, Діл-Афруз есімді пысық та, өткір де қызы болатын. «Бірге өсіп, біте қайнаса, — деп жорамалдаған Сейфсаттар, — Шыңғыс осы қызға қалай әулікпес екен?»

Сейфсаттардың үміті босқа кеткен жоқ. Пәтерге тұрған күндерінен бастап, Шыңғыс Діл -Афрузге үйір болды. Сонымен арты жақсы көруге айналып, Дәләпірәз атап кеткен қызды көрмесе, Шыңғыс отыра алмайтын болды. «Он үште Мақпал қызбен болдым таныс» дегендей, бұлардың көңілі кішкене күндерінен қосылып кетті. Мына мән-жайды байқаған қыздың шешесі қызғанған мінез көрсетейін деп еді:

— Шығарма, дыбысыңды! — деп бұйырды Сейфсаттар, жүре берсін! Құдай осы жұптарын айырмасын. Әйтеуір қосылатын болған соң жастайынан үйір болғандары жақсы.

— Қосыларын қайдан білесің? — деген әйеліне

— Қайда барады, қосылмағанда? — деді ері, — аш төреге азғантай азық па, менің дәулетім?

«Шешесі Қаржас — Шорманның қызын атастырыпты» деп естіген әйелі:

— Оны қайтеді? — дегенде:

— Қайтуші еді, — деп жауап берді ері, — төрт қатынның бірі өзің қайтіп отырсың? Ол да сөйтеді.

Шорманның қызына шешесінің құда түскенін білетін Шыңғыстың өзі де Сейфсаттардай ойлайтын еді. Оның жоспары: шешесі қыстамаса, Дәләпірәздан басқа қатын алмау, себебі оны шын жүректен сүйеді; ал, егер, қыстап аласың деп жатса, Дәләпірізі көнсе, Шорманның қызын тоқалдыққа ала салу. Кейінгі кезде, осы жайда Діл — Афруздан сыр тартып көрсе, ытырынып маңына жолатар емес. Жолату орнына, «бұл сөзді қалай айттың?!» деп, ағыл-тегіл жылап, мазасын кетірді. Сонда, ақтық сөзі:

— Мынауың ойының емес, расың болса, мен саған ғана емес, дүниеге де жоқпын.

Бұл Діл-Афруздың шын сөзі еді. Орыстың, француздың тілдерін жақсы білетін, осы тілде талай романдарды, поэмаларды, пьесаларды оқыған героиналарды білген, солардың біреуі бола кету оп-оңай.

Осындай сырларын ашып айтудың үстіне Діл-Афруз Шыңғысқа соңғы кезде бір жаңалық естіртті, ол — жүкті болып қалуы еді.

Бұрын да «бізді айырар күш жоқ» деп сендіретін еді, Шыңғыс Діл-Афрузды. Расы да еді ол соңғы сөзін естігеннен кейін, Шыңғыс бұл ойына бекіне түсті.

Сондай берік ойдағы оған, «шешең келе жатыр дейді деген хабар жайдың оғынан кем тиген жоқ. Әсіресе «Шорманның үйіне соғып келе жатыр... Шорман да бірге келе жатыр... қалыңдығын да ертіп келе жатыр...» деген хабар әбден тұйыққа тірелтті.

Шешесінің «оқуын аяқтай барам, той жасаймын» деген сөзін Шыңғыс ерте естіген. Оның келетін уақыты болып та қалды: Бірақ Қызылжарлатып тура келсе керек еді ғой? Екі-үш есе бұрыс жолмен келуі қалай? Әлде Діл-Афрузбен жақындығын естіп қап, Шорманды ерте келіп салмақ салмақ па?

— Мейлі, — деп бекінді Шыңғыс іштей, — келе берсін! Бетімнен қайтпаймын. Онда не істейді маған? Әкімдер «Омбыда қызметте қал» деп жүр: Ерегіссе, — қалам да қоям!

Бір керемет сайыс боларын күткен Шыңғыс, бұл халды жанындай жақсы көретін Діләпразына шошытып aлмайтын түрде жайлап айтпақ болды:

«Ел құлағы елу» дегендей, Айғанымның Омбыға беттеп неге шығуы, Шорманға неге соғуы, қызы мен оны неге ертіп келе жатуы Омбыға да түгелімен естілген еді. Осы қауесет Діл-Афруздың да құлағына шалынып, оның халы айдалада адасқан, келе жатқан сұрапыл дауылды көріп, қайда паналарын білмеген жалғыз қаздың халына түскен еді. Айғанымның, Шорманның қандай адам екендіктерінен хабары бар да, Шыңғыстың шешесін сыйлайтынын да, одан қорқатынын да біледі. Солар Омбыға келе қалғанда, біріне келін, біріне қыз — Зейнепті ертіп келген де не хал болмақ?

Бұл сұраудың жауабын Шыңғыстан сұрағалы жүргенде, сөзді Шыңғыстың өзі бастауы, үркейін деп тұрған қоянға «тәйт!» деумен бірдей болды. Сөзін ол алыстан орағытып, тұспалдап бастағанмен, «шешем келе жатыр» деген сөз аузынан шыққанда, шегінен шығара үрлеген қуықтай тырсылдап болған Діл-Афруз «аһ!» деп шыңғырып қалды да, талықсып кетті.

Қыздың есін жинату Шыңғысқа оңай болған жоқ. Бұл жайды әп-сәтте үй іші де естіді. Сейфсаттар ол күндері сауда-саттық жұмысымен Семей жақта жүр еді. Үйіндегі естияр адамдары — әйелдері. Өзара ит пен мысықтай боп бірінің үйіне бірі бастарын сұқпайтын. Кезіккен уақыттарында кекірейіп амандаспайтын, ішкі сарайларында біріне-бірінің ойлайтындары — қастық та, ерлерінің қатал қамшысынан қорықпаса, бірін-бірі түтіп жеуге де әзір де.

Діл-Афруз бен Шыңғыстың жақындығын Сейфсаттармен барлық әйелі де білетін, сонда туған шешесі — Мафтухадан басқасы, — бұл қыздың бақытсыз болуына тілектес еді. Олардың ойына салса, — «қызды Шыңғыс мазақтаса екен де, жұртқа әйгі болған шақта, масқара ғып тастап кетсе екен!» Сондықтан Діл-Афруз талып қалған хабарын естігенде, жалғыз Мафтуха ғана не істерге білмей, бебеу қағып жүргенде, өзгелері «шоқ, шоқ» десті де, үйлерінен шықпай отырып алысты.

Кешке қарай есін жинағанмен, Діл-Афруз бірер күн төсектен тұрмады, тамшылаған судан басқа дәм де татпады... Сол кезде Омбыға бұлар күткен қорқынышты жолаушылар да жетті...

Айғаным айтылмышы — Ғабдүр-рахим ахонның үйіне түсті. Шорман нөкерлерімен Ертістің екінші жағасындағы Қиржас аулына кетті. Айрылар алдында Шорманмен оңаша сөйлескен Айғаным, жолшыбай жұрттан жасырып кеңескен бір әңгімесін түйіндеп қалған-ды:

— Егер балам ойымнан шықса немесе шықпаған күнде еркіме көндіре алсам, балалардың некелерін қидырып тастауға көнер ме едің? — деген еді ол.

— Оқасы не? — деп көне кеткен еді Шорман, — шариғат «қызды — тоғызда, ұлды — он үште балиғ болады» дейді. Екеуі де ол жастан өтті. Некесін қашан қидырам десең де ерік сенде.

Айғаным айтылмыш — Ғабдүр-рахим ахонның үйінде Ол да Айғанымның келуінен хабардар болатын. Неге келе жатуын да естіген. Сонда да ештеңені сезбегенсіп:

— О-о, бәйбіше, хош келдіңіз!.. Хұрметті меһманым болыңыз!.. — деп құрақ ұшты.

Көрмеген жылдары Әбдірақым да шарланып, әукесі де, қарны да салбырап, бұрын бірен-сарандаған ғана ақ қылтаны бар дөңгелек сақалы мен мұрты ала-жолақтанып қалған екен. Ол өз денесінің ауырлығына қарамай, бегемоттай домаланған Айғанымды пәуескеден көтеріп түсірді. Aяғы жерге тие қолтықтап алды да, босағасына дейін демеп әкеп, екеуі қатарынан сыймайтын есікке Айғанымды бұрын өткізді. Одан әрі тағы қолтықтап, құрметті қонақтарына арнаған салтанатты, кең бөлмесіне кіргізді. Әдетте, Ғабдүр-рахимнің үйінде мұсылман дініндегі адамдар ғана қонақтайтын және жабайы жұрт емес, байлар, мырзалар, билер, әкімдер, дін ғалымдары сияқты «ірі» адамдар ғана болатын. Үй ішін мұсылмандық шығыстың салтымен жинататын Әбдірақым, қонақтың бөлмесін де солайша безендірген, сәкіге төсеген қалы кілемнің үстіне көрпелер төсетіп, жастықтар тастайтын, қабырғаларды түгел жауып тұратын қымбат кілемдердің өрнектері оттай жайнайтын.

Ғабдүр-рахим Айғанымды-«Әуелі сусындар да, содан кейін дем алып, мәжіліс құрар» деп ойлаған еді. Олай болмады.

— Хазірет, — деді Айғаным, төрге орныға бере — оңаша бір сөздер бар еді.

— Әуелі сусындап алмаймыз ба, бәйбіше? — деп сұрады Ғабдүр-рахим.

— Кейін. Өзге жұрт шыға тұрсын. Екеуміз оңаша қалайық.

Өзгелері «шық» демей-ақ, сөгіле бастады.

— Хазірет, — деді, жұрттың арты есіктен шығып болмай, Айғаным қасынан орын нұсқап, — берірек отыр!..

«Бұнысы несі?!» деген кескінмен жуан денесін зорға сүйреткен Ғабдүр-рахим еңбектей жылжып жақындады. Айғаным, әуелі:-«Саттардың үйі аман ба?..»-деп бастап, оның қызымен өз баласының байланысы барынан «хабардар ма, жоқ па?» деп сыр тартпақ болып еді. Ғабдүр-рахим түсіне тұра түсінбей, бойына дарытпады. Ол қулығынан ештеңе шықпаған соң, Айғаным «осылай да осылай» деген әңгімені айта кеп, сөзінің аяғын имамды айыптауға тіреді:

— Сол қаңғырған естекпен таныстырған да өзіңсің, баламды үйіне қойғызған да өзіңсің, сонда, осындай қулықтарың бар екен ғой сендердің? Мына тұтандырған өртіңді өз қолыңмен сөндір, қазірет, әйтпесе алдымен кескілесетін жауым сенсің! — деді.

Ғәбдүр-рахим бұлтарып та, сөз таластырып та көрді. Бірақ одан өнетін ештеңе жоқ сияқты, егесе берсе істің арты жаманға айналып, таяқтың ауыры өзіне тиетін сияқты... Сонда Айғанымның имамды қорқытқан құралы: «біріншіден-қазақтардың үстінен жүргізіп тұрған ақындығыңнан жұрдай қылам. Оған өз күшім жетпесе, құдамның күші жетеді; екіншіден — қаперсіз кезде өрт салдырып, үй-мүйіңмен ұлт-отаныңды күйдіртіп жіберем!»

— Осыған әкел, қолыңды! — деп Айғаным қолын ұсынғанда, көңіліне қауіп ұялай қалған Ғабдүр-рахим «мә» дей алмады. Сасқалақтаған Ғабдүр-рахимнің бар айтқаны:

— Не істейміз, бәйбіше, сонда?

— Істе дейтінім азғантай да, оңай да, — деді Айғаным, — баламды осында шақыртып алам да, райынан қайтарам. Егер қайтпаса, осы үйде қамап ұстаймын да, Шорманның қызын алдырам, сен екеуінің некесін қиясың да тастайсың.

Ғабдүр-рахим амалсыздан көнді. Бұл хабар Шорманға жетті. «Сәті түссе даяр тұрсын» деген оймен, Айғаным Зейнепті имамның үйіне алдырып, үлкен бөлмесінің біріне жасырып қойды. Өйтуге Зейнеп тартынған жоқ, себебі «қайтсем де қосылам» деген сертке, ол мықтап бекінген-тін.

Имамның айналасы биік тақтай шарбақпен қоршалған, қорасының алысырақ түкпірінде тоқалына қарағайдан төрт бөлме ғып салдырған, атын «отау» қойған флигелі бар еді. Шыңғыс сонда шақырылатын болды. Егер сәті түсіп Зейнеп пен Шыңғыстың некесі қиылса, Омбыдан аттанғанша сонда тұратын болды.

Шешесінен шақыру хабар келгенін Шыңғыс Діл-Афрузға естірткен жоқ, «тағы да ауыртып алармын» деп қауіптенді. Өз ойында: «сертім-серт, айтқанымнан танбаймын!».

Айғаным Шыңғысты осы отауда күтті. Баласын «келелі» деп сенген ол, «бетін қайтсем қайтарам?» деген ойға олай да, былай да жоспарлап байқады. Солардың қайсысына тоқырарын білмей сандалып отырған шақта, бойы өсіп, сұлу жігіт болған, әскерше әдемі киінген баласы, отаудың шығар есігіне қарама-қарсы кең бөлмеге жайраңдап кіріп келді. Сол сәтте Айғанымның басындағы ой-сананың бәрі қашып, бойында тек қылыштай қылпылдаған ашулы қайрат ғана қалған еді. Шешесін көргенде еркелей келіп кеткен Шыңғыс, құшағын жаза «апа!» деп, жылдам адыммен жақындап қалғанда:

— Мәссаған «апа!» — деп, құлашын қатты сілтеген Айғаным жақтан тартып кеп жіберді.

Қаһарлы шапалақ қатты тиді ме, әлде бұрын бұндай шапалақты көрмеуінен бе? Шыңғысқа шапалақ тиген бетінің сүйегі күл-талқан боп қирап қалған сияқтанды; соққан шақта жарқ еткен көзінің нұры сөніп қалғандай қарауытып кетті, миы да шайқалғандай, теңселіп барып, қасында тұрған кең диванға құлап түсті... Ол осы қалпында ұзақ жатар ма еді, қайтер еді, егер, құлағына шешесінің:

— Көтер басыңды — деген ащы дауысы шаңқ ете түспесе!

Шыңғыс көзін ашса, қасында шешесі емес, ажал төніп тұр!.. Оның қолында сілтеуге көтерген, үші сүйір, екі жүзді қанжар!.. «Жарады екен» деп зәресі кетіп, үрейлі қимылмен шегіне берген Шыңғыстың «апа!» деп бақырып қалуға ғана шамасы жетті.

Осы үн шықпағанда, бойында ашудан басқа ештеңе жоқ. Айғаным жарып тастар ма еді, қайтер еді? Мына үн оның сөне қалған аналық рахымын тұтата қойды. Алдында үрейлене жасқанған Шыңғыстың баласы екенін Айғаным сонда ғана білді, денесін үйіріп әкеткен ашудың сұрапыл құйыны басынан сонда ғана ауды, ақыл басына сонда ғана оралды... Сонда ғана ол, батылдықтан қатындық қалпына кеп, қолындағы қанжарды түсіріп жіберіп, бақыра жылап отыра кетті.

— Ойбай, ойбай! — деп бақырды ол, көз жасы бетінде судай сорғалап, — қу-шұнақ құдай!.. Бай қызығын көрсетпедің, ойбай!.. Бақ қызығын көрсетпедің, ойбай!.. Мал қызығын көрсетпедің, ойбай! Енді, бала қызығын да көрсетпейін деп пе едің, ойбай!.. Қу шұнақ, құдай, неңді алдым бүйтетін?!.

Шешесіне жаны ашып кеткен Шыңғыс, шапалақ тиген жағының дуылдап ауруына қарамастан, диваннан ұша түрегеп:

— Апа!.. Не болды, апа, сонша бүлініп? — деп құшақтай алды.

— Бүлінбегенде қайтейін, ойбай! — деді Айғаным, даусын да, көз жасын да үдете түсіп, алақандарын жая, екі қолын жоғары көтеріп, — мына қолдарымды жайып, аналық, ақ жүрегімнен берген батамды бұзам дейсің...

— Қашан? Қайда? — деген сөз түсіп кетті Шыңғыстың аузына.

— «Қашаның» не, «қайдаң» не? — деді Айғаным баласына адырая қарап. — Айт, жаның барда, — деді, қасында жатқан қанжарды қолына алып, — шыныңды айт!.. Саудагер естектің қызын алатын болғаның рас па?..

Күтпеген кенет сұраудың, жауабын қалай берерін білмей сасқалақтаған Шыңғыс, шешесін құшағынан босатып, ықылық ата кекештене сөйлеп:

— Апа, оның мәні... — дей беріп еді.

— Таста мән-сәнді! — деді Айғаным ақырып. — тура сұрауға тура жауап бер! Қатындыққа аласын ба, жоқ па, қызды?..

— Апа-ау, әуелі тыңдасайшы!

— Түгі де жоқ тыңдайтын. Мен тіріде ол қызды алмақ түгілі маңына да жоламайсың. Егер тілімді алмасаң, мына қанжарды саған салам, жетпесе — өзіме салам.

— Сонда да, апа!.. — деді Шыңғыс, жылдамдата сөйлеп, ойын қысқаша естірткісі кеп, — тыңдашы бір-екі ауыз сөзімді!

— Ал, айта ғой, бірақ «бір-екі ауыз» ғана! Шыңғыс сөздерін күлдіргі түрде айтқысы келді, ол жымия, жайраңдай бастағысы келді. Бірақ ішкі толқыныс та, бет бейнесі де еркіне көнбей, лебі «күлдіргі» емес, «жыларман» сияқты боп шықты.

— Апа, — деді Шыңғыс, сөздерін қалжың түрінде бастағысы кеп, — біз көп қатын алып үйренген тұқым емеспіз бе?

— Ар жағын айта бер! — деді Айғаным жауап күткендей жымия қарап, аз тоқыраған баласына, суық өңін жылытпай.

— Маған да болмай ма, сөйтуге?

— Болсын. Бірақ, әуелі «құдай десіп, құйрық, бауыр асап», бата оқып құда болған Шорманның қызын аласың. Сонымен бірер жыл отасып, қызық — қызметін көресің. Содан кейін жүз қатын алсаң да мейлің. Басқаша болса қайтер еді, апа? Қалай?

— Естектің қызынан бастасақ?..

— Неге?

— Әуелі өзің сол қызды көрші, апа! Не қылам, көріп? Мен қатын қылам ба? Ол бір ғажап жан, апа... Несімен?..

— Ажарымен. сымбатымен, қылығымен...

— Әй, қалай-қалай дөңгелетпекшісің, мені? — деді Айғаным Шыңғыстың сөзін бөле, жекіп, — ол былшылды қой сен! Айтқаным айтқан: менің өлігімді аттамай ала алмайсың ол қызды...

— Балам бар, апа!.. — деп қалды Шыңғыс ышқынып.

— Басына с.... балаңның, — деді Айғаным. — «Сан балам сан басында қалды» дегендей, тумаған бала түгіл, туған бала да әр жерде қалып жатады. Бұл да соның бірі болар...

— Жоқ, апа... — дей берген Шыңғысты Айғаным жаққа тағы да тартып қалмақ болғанда, баласы бұғып үлгерін, шешесінің қолы жерге тиді. Сол кезде, әлгінде тараған ашуы бойына тағы торлана бастаған Айғаным:

— «Алмайсың» деген соң, алмайсың! — деп жерді жұдырығымен үш түйді. Сонда, Шыңғыстың еркектігі ұстай кетіп:

— «Алам» деген соң, алам, апа! — деді.

— Не дейсің? — деп бетін бұрған шешесінің түсін байқаса, мана шапалақпен соққан қалпына келіп, әлем-тапырық бола қалыпты. Шыңғыс жасқанып үлгермей, қанжарлы қолын биік көтерген Айғаным, — өзіме салайын да! — деп сілтей бергенде, қалайша шап беріп ұстай алатынын Шыңғыстың өзі де аңғармай қалды.

Шешесінің қолы аса қарулы екенін, Шыңғыс сонда ғана білді. Үші киіміне ілегіп үлгерген қанжарды кейін қайтару Шыңғысқа ете ауыр соқты. Қанжарлы қолға бір қалыңын шамасы келмеуін байқаған ол, екі қолымен ұстады. Аңқайып қалған қолдың, сонда қайысар түрі жоқ, ол шегінудің орнына сұғынып барады. Сөз тыңдаудың орнына жаралы жолбарыстай ыңыранып «жіберер!» дей береді.

Шыңғыс жанталасты, өйткені мына түрімен, мына қимылына қарағанда, шешесінің өзін-өзі жарып тастауына күмән жоқ. Шешесіне тілінің де, қолының, да күші жетпеуін аңғарған Шыңғыстың тұла бойынан мұздай тері кетті де:

— Апатай-ай, айтқаныңды істейін! — деп жылап берді. Сонда ғана сірескен қол босаңсығандай боп:

— Рас па? — деді Айғаным.

— Рас, апажан!

— Атаңның аруағымен ант ет, ендеше!..

— Ат-там...

— Атын ата!

— Атам, Абылайдың...

— «Аруағымен ант ішем!» деп ант ішем...

— «Аруағымен» де!..

— Аруағымен!..

Қанжарлы қолын жерге түсірген Айғаным, оң қолмен омырауына тықты да, былғарымен қаптаған, үлкендігі бір нәрсені суырып алды. Не екенін Шыңғыс біле қойды: «Әулие атам Мекеден әкелген, Мединеде пайғамбарымның зиратына шырақшы болып тұрған имам сыйлапты, атам сыйлады» дейтін бұл құранды Айғаным тұмар ғып ішкі төс қалтасынан тастамайтын.

— Мә, бетін аш та, сүй, мына «Кәлам -шәрифті!..» — дейді Айғаным.

Өзінше — діндар Шыңғыс, құран ұстап, ант ішуге қорыққандай іркіліп еді:

— Мә, ал! — деді Айғаным, зілді дауыспен түйіле қарап, — сүй!

Шыңғыс құранды шешесінің бұйрығымен әрең сүйді.

— Болды! — деді Айғаным жадырап, — мықты болсаң, әрі, — аруағыңнан садаға кетейін, — хан — атамның әрі, — екі дүниенің сәруары — пайғамбар салла аллаһү ғалайһү уәссәләмнің аруағын аттап көр!

Шыңғыс үндемеді. Ол шешесінен іштей де, сырттай да мүлдем жеңіліп болды. Ендігі оның халы, — ертегілерде айтатын аждаһа орап алған арыстандай.

Ауызша «бітті» дегенмен, іштегі күдігі әлі де ойнақ сала жатқан. Айғаным «сәті түсіп тұрғанда тұжырып тастайын» деген оймен:

— Әу, кім барсыңдар? — деп дыбыс берді сыртқа.

Мен бармын» дер кісісі. сол үйдің шығар есігінің сыртқы босағасында даяр еді, ол -күтушісі Күнікей. Шыңғыс үйге кіргеннен кейін, сол арада тұруды Айғаным мана тапсырған. Сол бұйрықты орындаған ол, Шыңғыс үйге кіре, сыртқы босағаға жабысып, үй ішінде не халдер болып жатқанын түгел есітіп тұрған. Шеше мен баланың арасында жатқан оқиғаға жаны езіле ауырғанмен, қолынан егілер дәрмен жоқ.

Сондай қиналып тұрған Күнікей, Айғанымның: «Әу, барсыңдар?» — деген даусын естігенде, жыланның арбауына іліккен боз торғайдың әлдеқалай босанып кеткен ініне түсіп, үйге:

— Әу, алдияр! — деп жүгіріп кірді.

— Шақыр, имамды!.. — деді Айғаным оған, — әкелдір, қалыңдықты!.. Куәдірлер де келсін!.. Былайғы жұрт топырламасын!..

Күнікей «мақұл!» деді де жүгіре жөнелді.

Даярлап қойған имам мен куәдірлердің тез келуіне Айғаным күдіктенген жоқ. Ал, Зейнепті әлі бет пердесі жыртылмаған жас қалыңдыққа санап, «тез келе қоймас, келсе де именіп зорға келер» деген ойда еді.

Ойы ақталмады. Имамның бойжеткен қызын қасына ерткен Зейнеп өзгелерден бұрын кірді, себебі-оның кеудесін ауылда кернеген ар-намыс, жолшыбай да, Омбыға келгелі де күшейе түскен-ді. Ол Омбыға келген соң-ақ, сыр айтатын кісілеріне:

— Сол тереңі, әуелі, көзіме көрсетіңдерші, — деп өтінген.

— Мақұл,-— дескен аналар.

— Бірақ, мен оны көрейін де, ол мені көрмейтін болсын, — деген Зейнеп.

— Ол да болсын, — дескен сырластары.

Олар қайда, қалай көрсетудің айласын іздегенде табыла кетті: Шыңғыс школаның атты әскерлік бөлімінде оқыған. Орыс тіліндегі әскер оқуының өзгесіне еркін болмағанмен, ат ойынына келгенде пәлен жүз оқушылардың біреуі де оған теңдеспейтін. Кішкене күнінен әуелі тайға, онан құнанға мініп дағдыланған Шыңғыс, «атқа шабар» жасқа іліккен соң, жуас жылқы түгіл, тарпаң, асау, алып-қашпа аттардың құлағында ойнайтын. Жеті-сегіз жастан кейін, ол бәйге аттардың басына мініп, талай рет жарысқа да түскен. Оқуға соншалық тәжірибемен келген ол. Бірден-ақ әскер атына жабыса кетіп, ат ойындарын көргендердің көзін сүріндірді.

Школадан қазақ-орыстарға берілетін — урядник чинінде шықты. Кейінгі жылдары оның бойшаң, сымбатты жігіт болғанын жоғарыда айтқанбыз. Сол денесіне урядник формалы киім, әсіресе, бауы иығына асылған сол жамбасындағы қылыш тіпті жарасып кетті.

Ол кездегі халқы аз ғана Омбыға, ат құлағында ойнайтын Шыңғыс танымал боп қалған, оның атқа орнықтылығына, икемділігіне ел қызыға қарайтын еді. Соны білетін Шыңғыс, кейде аяңы — әсем, желісі — жеңіл, шабысы — екпінді аттың жүрістерін көрсетпек болып, көшелерде әдейі жүретін.

Шыңғысты Зейнепке көрсетпек болғандар, оның ат өнерін көрсететін көшелерін аңдытты. Оны білмеген Шыңғыс қалыңдығына көрінуге әдейі келгендей, машықты орамдарына атын ойнатып жүріп алды. Сонда кескін-кейпін де, киім-кешегін де, атты ойнатуын да еркін көрген Зейнеп, оған қатты қызықты.

— Бұндай күйеуі бар қызда не арман бар екен?! — деді де «осыған қосылмай қоймаймын!» деп іштей ант етті.

«Егер ол көнбесе ше?» деген сұрау үстінде ойы толқи бастап еді:

— Қой, өйтпес, — деп бекінді Зейнеп, — егер өйте қалса, не оған, не маған ажал болар!

Осы оймен «егер кездесе қалса, оған да, өзіме де салармын!» деп, қима бел жеңсіз қамзолының сыртынан буынатын алтынды кемер белбеуін, оның Ішінен буынып, пікір кездігін іліп алды.

Шыңғыс отырған үйге, Зейнеп осындай киімінде кірді.

Шыңғыс шешесімен оңашаланған шақта, сөздерін тыңдауға қойған Күнікейге:

— Жақсылық хабар болса, ол үйден қолдарыңды жоғары көтере кел, апа, — деп тапсырған еді Зейнеп, — жаманшылық болса жәй кел.

Толқыған жүрегі кеудесіне сыймаған Зейнеп, демін әрең алып, Шыңғыс кірген үйге терезеден телміре қарап отырды, көтерген екі қолын бұлғай, бері қарай жүгірген Күнікейді көрді. Ол қора ішінен қалай атып шыққанын аңғармай да қалды.

— Бар, қалқам, тез бар!-деді Күнікей жақындай бере, ентіге сөйлеп, — оңдады құдай! Бергі сол жақ бөлмеде отыр, тез жет!

Қуаныш қуған Зейнеп, далпылдай жүгіріп, нұсқаған бөлмеге кіріп келсе, басы төмен салбыраған Шыңғыс, күрең барқытпен қаптаған кең диванда жалғыз отыр екен. Ол да бар» деген Айғанымның қайда кеткені белгісіз. Есінеп есіктен кіре бере, «о, төйем!» деп құшағын кең ашады да, талай рет табысқан әйелдей, Шыңғысты бас салды. Онымен де қоймай, құшағына қатты қысқан қалтыраған оттай ыстық лебімен қарып, екі бетінен кезек-кезек шолпылдатып сүйді. Шыңғыста қимыл жоқ.

— Құдайдың жазғаны оны шығай, төйем! — деді ол аймалап, — көнешін ошыған. Жаман жай болмашпын, төйем!..

Шыңғысты Зейнеп сол қатты қысқан құшағынан біраз босатпас па еді, қайтер еді, егер сыртқы есіктен куәдірлерін ерткен Әбдірақым, ішкі бөлменің есігінен Айғаным кіре бермесе. Олардың тықырына жалт қараған Зейнеп ұялған боп, орнынан түрегелді де, бетін үйдің бұрыш тығыла аудара қойды.

— Ә, құдай бергеніңе тәуба, — деді, мана. Зейнептің үйге қарай жүгіріп келе жатқанын көріп, ішкі бөлмеге кіре беріп, баласына «хұданың бұйрығы, шырағым!.. Екі аруақ, бір құдай қосқам жарың осы!» Атаңа атасы тең, өңі өзіңе тең. Уыз қалпындағы бала! Қандай жігіт болса да «жарым» деуге сиярлық. «Енді тулама» деп, көрші бөлмеге бой таса қылған, оның есігінен сығалап, шарасыз Шыңғыстың сұлық қалпынан қозғалмауың, үндемеуін, Зейнептің оны өршелене баурауын көріп тұрған Айғаным, түк те көрмегенсіген дауыспен, — қандай жарасымды, балалардың біріне-бірінің мейірі!.. Хазірет! — деді ол Әбдірақымға қарап, Шыңғысқа білдірмей, көзін қысып қойып, — «екі досты айырған обал, екі жасты қосқан — сұбап» дейсіздер ғой. Балалардың сұбабын алып «ежеп-қабылын» оқи ғой!

«Ежеп-қабыл» да оқылды. Куәдірлер де қызметін атқарды. Некенің суын қалыңдық та, күйеу де, куәдірлер де ішті. Шыңғыс арбалған адамдай, неке қиярдың «істе» деген тәртіптерін орындай береді, жайнаңдаған Зейнеп, жетекшіл тайлақтай жортады.

Некелері қиылған жастарға сол флигель оңаша тиді. Күту жабдықтарына араласы бар әйелден басқа адам үйге аяғын аттаған жоқ.

Шорманның ықтиярына салса, құдағиы мен күйеуін еліне ала кетіп, ұлан-асыр той жасамақ еді. Оған Айғаным ризаласқан да еді. Сол бір күндері олардың құлағына: «Сәттардың Шыңғыс алам деп жүрген қызы, одан күдер үзген соң, Омбы өзенінің Ертіске құятын мүйісіндегі биік жарқабақтан қарғып суға кетіпті» деген хабар шалынды.

Сұрастырса — рас.

Бұл хабарға Айғаным мен Шорман екі түрлі қарады: Айғаным, ең алдымен, мына хабар құлағына шалынса, баласы бүлінер деп қорықты. Екіншіден, естуінше Сейфсаттар үйіне келіпті-мыс, қызының елімін Шыңғыстан көреді-мыс, «жетсе — мал, жетпесе — бас» деп, дауласуға бел байлапты-мыс, оның арты жақсылыққа соқпауы мүмкін, бай неме, ақшаның күшімен Шыңғысты мертіктіруі, шамасынан келсе, көзін де жоюы мүмкін. Ендеше, қамауда отырған Шыңғысты, бір түнде үн-түнсіз еліне ала қашып, жоқ болу. Содан кейін іздей берсін.

Шорманның айтқаны басқаша болды.

— Қызы өлмек түгілі өрем қапсын, — деді ол, — ұрын өлтірген ешкім жоқ, қорқатын. Суға кеткен өзі. Кім біледі, неге кеткенін? Менің күйеуіммен «ойнап-күліпті» деулері сөз емес, «Қымызды кім ішпейді, қызбен кім ойнамайды» дегендей ойнап-күлген қыз-бозбала суға кете берсе, дүниеде жан қалмас. Кете берсін. «Өлгеннің жанын ұрады. тірісі несін құрайды» дегендей, одан ешкімнің ештеңесі де құрымайды. Әпсәттар атқа мінгенмен не істейді бізге? Қызының күйеуіммен жақындығын немен дәлелдейді. Ол барған сот орнына біз де бара аламыз. Ол жүгінетін заңға біз де жүгінеміз. Біреудің қызы суға кетті екен деп, мен мерекемді доғара алмаймын. Жасаймын деген тойымды жасаймын.

Сүйдеп жүрген Шорман, ойда жоқта қазаға ұшырап қалды: бір күні ұйқыдан оянса, он, жақ ұрты қышиды; уқалағанға басылмаған соң, айна алып қараса, бармақтың басындай қап-қара сүйел шыққан; сол сүйел ілезде ұлғайып кетті... Бақсы да, дәрігер де оны жоюдың айласын тани алмады... ақыры, сол сүйел, бір жұманың ішінде Шорманды алып тынды...

Дос жағы бұл қазаны, — «алланың ажалы» деп санады, дұшпан жағы — «Сәттар қызының обалы жібермеу» деп санады.

Ал, Шыңғыс ше?

Діл-Афруздың суға кетуі, оның, құлағына сол күні-ақ шалынды, «сөйтті» деген хабарды қызметкер болып жүрген татар әйелі құлағына сыбырлап қойды.

Алғаш естігенде, «қойшы!» деп шошып кеткен ол, кейін пәлендей қынжыла қойған жоқ. Оған себеп, жасы биыл он алтыдан он жетіге ғана шыққан, ескі ауылдағы көп қатын алғыш хандар мен байлардың, «бала — белде, қатын — жолда» деген ұғымы, оның да бойына сіңген. Өз өмірінде бірінші сүйгені — Діл-Афруз болғанмен, әкесі жеті қатын алған, атасы жиырма үш қатын алған ол, бұны «біріншім» деп түсініп, арғы жағын қалай көбейтуді де ойлап қоятын. Бірақ бұнысы Діл-Афрузге сездірмей, махаббат күйлерін шерткен шақта, «барым — өзіңсің» деп, «өмірлік жарым — сенсің!» деп өзеурейтін. Нәзік жанды Діл-Афруз ол сөзіне нанатын.

«Қатын өлді, қамшының сабы сынды» дейді қазақ. Байдың қатыны өлсе төсегі жаңғырады, жарлының қатыны өлсе басы қаңғырады» дейді. Шыңғыс төсегін, алғашқысы өлмей жатып-ақ жаңғыртқан адам, сондықтан әуелі тату дос, кейін сүйікті жар болған Діл-Афрузбен өткізген тәтті күндері еске түскенде жүрегі сыздай қалғанмен, оның өлімін «қамшының сабы сынуға» санады да, алғаш тұтана бастаған сияқты қайғы өрті, бірер күннен кейін бәсеңдей беруге айналды.

Өйтпеуіне Зейнеп жібермейді. Ілкі жолығысудан-ақ баурап алған Шыңғысты «төйем» деп еркелеткен ыстық құшағынан босатпай, бауырына басқан сайын қыздыра, күйдіре түсті.

Діл-Афруздың өлімін ол Шыңғыспен қатар естіді. Шыңғысқа сыбырлаған әйел оған да сыбырлады. Шыңғыс алғаш естігенде қайғырса, Зейнеп қуанды.

— Уһ... бір пәледен құтылған екем! — деген сөзін ол естірте айтты.

— Бұны Шыңғыс естіді ме? — деп сұрады ол сыбырлаған әйелден.

— Білмедім, — деді әйел өп-өтірік, — кім айтады оған? Менімше, білмеген болу керек.

Шыңғыстың білгенін Зейнеп қас-қабағынан айырды. Онысын сезбегенсіп, «басына оралды ма» деген бұлтты тез ыдыратқысы келді, сол мақсатпен еркелігін де, еркелетуін де үдете түсті...

Сондай күндері, әкесі — Шорман қайтыс болды.

Бұл кезде Баян аулаға қарайтын Қаржас пен Сүйіндіктің «игі жақсы» аталатындары Омбыда түгел еді. Олар ақылдасты да Шорманды тез мекеніне апарып жерлемек болды. Өйткені ыстық мезгілде, семіз мәйіт жынығып кетеді.

Сонда, Зейнеп қайту керек?

Бұл сұраудың туатын себебі: қызының намысын және құнын жоқтаған Сейфсаттар, «жауым» деп санаған Шыңғысты бір ғана мәселеде ұтқан, онысы — «Омбыда, қызметте қалады-мыс» деп жүрген Шыңғысты Соғыстық жорыққа жіберту және өзгеге емес, өз ағасы — Кенесарыға қарсы. Кенесарының Көкшетаудан Торғай жаққа ауып кеткен қалың қолы, бұл кезде Құсмұрын көлінің маңына торланып, сол араны мекендейтін Марал ишанның батасымен маңайдағы елді ғазауатқа көтерген. Осыдан патша үкіметінің алдына, қазақ даласына көтеріліс өрті жайылып кету қаупі туып, батыста-Орынбордан, шығыста -Омбыдан жазалаушы отрядтар жіберілмек болған. Омбы әскерін (бізге өткен тараудан мәлім) Шамырай басқармақ. Оған жәрдемші қазақ қажет болғанда, облыстық басқарманың советнигі-Тұрлыбек Көшенов, Батыс Сібірдің генерал-губернаторы Вильяминовқа Шыңғысты ұсынды. Оған екі себеп болды: бірі, — «егер Шыңғыс Омбыда қалса, өз орнымды алар» деп қауіптенуі еді, екіншісі — Сейф-Саттардың өтінішін орындау. Сол тілегін орындағаны үшін Сейфсаттар Тұрлыбекке жарты дорба алтын, Вильяминовқа бір дорба алтын өткізді деген қауесет бар.

Шыңғыстың жорыққа кетуіне байланысты, Зейнептің қайда болуы, өзінен өзі шешіліп қалды. Айғанымның ықтиярына салса, келінін Сырымбетке ала кету еді. Өйтуге, бүкіл Қаржас болып, әсіресе, Шорманның Мұсасы болып намыс қылды.

— Шыңғыс Омбыда қалса немесе Сырымбетіне барса бір сәрі, — деді Мұса, — өйтпей, жорыққа аттанғалы отыр. Одан қашан оралары мәлімсіз. Оның үстіне қазалы болып отырмын. Қаралы қарындасымды қаршадай қалпында қайын жұртына қалай жіберем? Жесір қатын болып қалай отырады, онда? Өйте алмаймын. Қарындасымды ауылыма алып қайтам. Шыңғыс жорықтан оралған шағында келеді де, жесірін алып қайтады.

Мәселе осылай шешілді.

Шамырайдың жазалау отряды қатты қарсылық көрсетіп, қырқыса қан төккен Кенесары қолын екі жылдан астам уақытта әрең жеңіп, Сырдария бойына қарай сырып салды да, әрі қарай қууды Жайық бойының атты қазақ-орыстары міндетіне алып, Шамырай оған көмекші Шыңғыс кейін оралды.

Омбы оларды жақсы қабылдады. Шамырай — полковник дәрежесін, Шыңғыс — подполковник дәрежесін алды. Сонымен қатар Құсмұрын төңірегіндегі қазақ елінің көтерілу қаупі әлі де бітпегендіктен, Орынбордағы әкімдер, жаңадан Құсмұрын аталатын қазақ дуанын ашу туралы, Құсмұрын көлінің жағасына әскерлік бекініс салып, оны Шамырайға басқарту туралы, оның аға сұлтаны етіп Шыңғысты тағайындау туралы патшаға ұсыныс жолдады. Ұсыныс бекіліп келгенге дейін, Шамырайға да, Шыңғысқа да дем алуға ұлықсат етті.

Шамырайдың қайда дем аларын өзі біледі. Ал, Шыңғыс жақынырақ жердегі әйелі — Зейнепке емес, алыстағы шешесі — Айғанымға бармақ болды. Неге?

Әкесі кішкене кезінде өліп, қызығын көрмеген Шыңғыс, өсу тәрбиесінде, өзін шешесіне өтелмейтін мөлшерде борыштымын деп санаушы еді. Оның барлық тарихы жақсы жағымен де, жаман жағымен де Шыңғыстың алақанында. Басы қырықтан жаңа шыққан шешесінің неліктен тез қартаюын да ол жорамалдайды.

«Сөзде қаңқу жаман, ауруда шаншу жаман» дегендей, Шыңғыстың ойынша, шешесін жегідей жеп, саулығын тауысып бара жатқан нәрсе — қаңқу.

«Байсыз қатын, баусыз оймақ» дегендей, ерінен жасында қалуынан ба, әлде расы солай ма? Айғаным байғұсқа: орыстан, қазақтан, басқадан... атақты, атақсыздан, жаман, жақсыдан, жас, кәріден таңылмайтын еркек болмайды. Өсекшілер ол қаңқуларды талай саққа жүгіртіп, көркем әдебиет тілімен айтқанда анекдоттардың, әр қилы пьесалардың сан алуан түрлерін туғызып, ел арасындағы қулар, олардан сан алуан спектакльдер, концерттер жасайды. Бұның бәрі Айғанымға да, оның балаларына да естіліп жүреді, шет-пұшпағы, қия жайлап, шет қонып жүрген Шыңғысқа да жетеді. Шешесінің жасына жетпей қартаюын, Шыңғыс осы мазақтарға шыдамау деп жориды.

Зейнепті Шыңғысқа қосуға келгенде, репетейсіз семіздіктен де, жүрегінің талмауынан да азап көрген Айғаным елге сырқаты үдеп, әзер жеткен, қазір төсектен бас көтере алмайтын халде жатқанын-Шыңғыс Кенесары жорығынан қайтып, Омбыға келе естіді. Айтушылар Айғанымның халын өте ауыр сипаттады. Біреулер-«ұзаққа барар ма екен?» деген қауіпті айтты. Сондықтан «көзін көріп қалайын, бақұлдық алып қалайын» деген оймен, Шыңғыс Сырымбетке тете жолмен, асығыс жүріп кетті.

Бұл барған шақта, Сырымбет төңірегінде бірталай жаңалықтар болып қалған еді. Ең алдымен, Көкшетау дуанына соңғы жылдары аға сұлтан болып келген Зілғара өткен жылы қызметінен алынған, оған себеп — Әлібек атты баласының сотқар, барымташыл, ұры болып, маңайдағы елге күн көрсетпеуі болған.

Бұл жайда Омбыға, Петерборға жазған арыздарды үкімет тексеріп, көбі шыңға шыққан соң, «елге қиянаты еткен бұзық балаңды тия алмадың» деген айыппен Зілғараны аға сұлтандықтан алған.

Ел басқарушылардың бұл қызметке ендігі лайықтағаны-Абылайдың Шыңғыс есімді ұлынан туған Тәні болған, үкімет оны бекіткен.

Тәніні жұрт: салмақты, ақылды, тиышты адам деп, әрі «хан тұқымы» деп көтерген еді. Оны тұғырдан түссе де елдің ақылынан қалмаған Айғаным да қолдаған еді. Өзгелерге солай болған Тәні, Айғанымға қиғаш келді. Бұған дейін Айғанымның төңірегіне үйіріліп, оның қадірлі қайын-інілерінен саналатын Тәні, тырнағын жасырып жүретін мысық екен. Ол Айғанымның ана жылы інісі — Сартайды итжеккенге айдатып жіберуіне сырттай ризаласқан» мен, іш пікірін ішінде сақтап, қойнына жасырын жинаған тастарымен, жеңгесін қалай ұрудың сәтін күтеді екен.

Енді үкімет қолына тигеннен кейін, Тәні Айғанымнан өш алу жабдықтарына кірісті, сондағы бірінші батыл ісі — Балтамбердіні өлтіру. Арғы негізі — Уақтың Қараман руынан шыққан оның әкесі, — Тұңғатар, Уәлінің өмірлік жылқышысы болатын. Ол да алпамсадай денелі, қарулы біреу еді, ал, Балтамбер одан оза туып, биіктігі атан түйедей, жауырыны мен шүйдесі дөнен бұқадай, бұлшық еттері қатты дауыл шайқаған көлдің бетінде тулап жатқан толқындай және тастай қап-қатты, тұла бойы сірескен сіңір саусақтары арық баланың білегіндей, жіліншіктері бурадай болды. Басы да адамзаттың зоры жалпы жобасы үрген қарындай дерлік ол басқа біткен қалқан құлақтар-табан қарыс көздері піл сияқты -сығыр, мұрыны-тары түйетін келідей жалпиған аузын төңіректеген еріндері бір-бір кесек ет, түбіттенгелі ұстара тигізбеген қара бұйра қалық сақалы, бетінің мұрнынан басқа жерін түгел жауып, төсіне өскен түгімен тұтасып кеткен. Күш жағына келгенде қандай асау, ірі жылқыларды құйрығынан тартып тоқтатады, кекілінен алған асауларды тартып қалғанда етбетінен түсіреді. Сондай күшін көре тұра, ешбір балуан онымен ұстасуға батқан емес. Салтында ол мейлінше салақ: денесі өмірінде су көрген емес, сондықтан, терісіне жабысқан қалың кір, шақат өнердің балшығындай тілімденіп, жарылып жүреді деседі; аяқ-қолы қатпарланған күс, қолтықтары — қолаңса, жарты шақша насыбайды қалың ерніне бір-ақ атып, езуінен ағып таусылады, киім киісі де өзгеше, қандай үскірік аяздарда, жалаңаш етіне тозыңқы түйе жүн шекпенді, аяғына қоңылтаяқ жамаулы етікті, басына тері киіп, биялайсыз жұмыс істей береді, жаз денесіне, жүнін сыртына айналдырған кең тері шалбардан басқа киім ілмейді, ас ішуі де өрескел: бір отырғанда, бір табақ майды жеп, бір шелек қымызды ішіп жүре береді, бірақ, қомағай емес, бір тойған асы, сол күнге қорек; мінез жағынан да қызық: ұрсысу, жанжалдасу, шүйіркелесу дегенді білмейді, анау-мынауға ашуланбайды. Ал, ашулана қалса, ұрыспай, ұрмай тек, қолының бұлшық етінен бір қысып қояды, ол, — сойылмен соққаннан қатты батады. Сонысын білетіндер, алыстан тіл қатпаса, маңына жақындамайды.

Осы Балтамбер қартайып, өлген әкесімен бірге жылқы бағып жүрді де, бертінде Уәлі үйінін, биесін саууға ауысты. Желісіне жиырма-отыздан кем құлын байламайтын бұл үйдің сауыны келген биелерін өзге желілерде бес-алты бие сауылып болғанша, Балтамбер түгелдеп шығады. Бұрын сабаға құйып түйемен әкелетін сүтті, Балтамбер сабасымен жаяу арқалап әкеледі. Күндіз бие сауса, түнде сауын биелерді бағып келеді: өзгелердің жылқыларын қасқыр жеп жатқанда, ол бір тайының та таңын тартқызбайды. Қайда жүріп тынығатынын ешкім білмейді. Осындай еңбегіне қарап Уәлінің үйі, әсіресе, Айғаным Балтамберді қатты сыйлайды.

Өсекшілерде «имам» жоқ. Олар Айғанымның осы сыйлауын «жақындығына» жорыды да, Уәлінің тірі кезінде бастаған қаңқуын, ол өле зорайтып әкетті. Жұрттың содан кейінгі айтатыны: «Балтамбер Айғанымның сауыншысы емес, байы».

Жыл сайын кең жайыла берген осы қаңқу, Абылай тұқымының намысына тиді. Кім көрінген, «ханша солай екен ғой» деп беттеріне басты. Балтамберден құтылмақ болған олар, Айғанымға әуелі — жұқалап, артынан біртіндеп қалыңдатып айтып еді, бәйбіше: «оттамасын!» дегеннен басқаны айтпады, Балтамберге жанасуын азайтудың орнына көбейтіп, аға сұлтан кезінде пәуескеге жегілген пар аттармен жолға шықса, божағы ғып алып жүрді, сұлтандықтан түскенде, біреулер қонаққа шақырса да сөйтті. Қонақ азайған шақта, таудың, орманның ішінде серуендеуді шығарған Айғаным қасына көбінесе Балтамберді ертті. Денесі ауырлап, серуендеуді доғарғанда, «Балтамберге арқасын сипатады екен» деген, «Балтамбер шомылдырады екен» деген өсек жайылады. «Осыған осынша байланысып қалған несі бар?» дегенде, біреулер: — «жалшымен жүруін елеусіз көреді» деп, біреулер: — «жастығына, ірілігіне, балуандығына қызығады» деп жауап берісті. Қалайда бертінірек «жүрісін доғарды» дейтін Айғанымның маңына жақын жүретін адамы — Балтамбер болуы рас.

Тәні аға сұлтан болған кезде, бұл Балтамбер жайындағы өсек мейлінше өрбіп, Абылай тұқымдарының да, оның да діңкесіне мейлінше тиіп болған еді. Олар Балтамберді талай рет өлтірмекші болып та әзірленген. Бірақ, ретін таба алмаған. Қол күшімен өлтіруге, жерде жүз кісінің, ат үстінде мың кісінің әлі келмес еді, оларды жерде — жұдырықпен, атта-сойылмен жайпап шығар еді.

Сол әдісті Тәні тапты. Сол кезде, Сырымбеттің күнгей батысындағы «Иман» аталатын тауға, татарлардан «қазақ-орыс» атағын алып, әскер болған бір станица орнаған еді. Солардан зорлықшыл, кім көрінгенге қылыш пен мылтық жұмсағыш-Салах есімді атаманмен Тәні тамыр болған. Бір күні Тәні Салахқа Балтамбер жайын айтқанда:

— Оны жою оңай, — деді Салах.

— Қалай?

— Пистолет деген мылтықты білемісің?

— Қандай ол?

— Міне! — деп Салах кішкене мылтықты қойнынан суырды да көрсетті.

— Бұ да кісі өлтіре ала ма? — деді Тәні, мылтықты қорашсынып.

— Өрем қаптырады. Осымен қапыда атса, тіл тартпай өледі.

Салах ату әдісін көрсетті де, мылтығын Тәніге берді. Енді, соны кім ату керек?

Тәнінің ойлап тапқаны Шепе. Жасы қазір жиырмадан асқан ол шешесі-Айғаным мен Балтамбер туралы өсекті естіп, ұяттан жерге кіре алмай жүрген. Бұл жайда Тәні екеуі ақылдас та. «Қарнына пышақ салам!..», «балтамен басын шабам» деп жұлқынған Шепені, «тоқта, сәтін келтіріп, жайын ел көзінен көрсетпей табайық» деп Тәні тоқтата беретін.

Міне, енді сәті түсті. Пистолетті көргенде Шепе қуанып кетті. Олардың уәдесі түнде сауын биелерді бағуға кеткен Балтамберді Шепе іздеп барады да, жолаушылап келе жатқан болып, «сені өлтірейін бе?» дейді. Өлтіре алмайтынын білетін Балтамбер, «қалай?» дейді, қалжың керіп. «Кәне, сен, анадай жерде, төсіңді ашып тұршы!» дейді Шепе. «Онда не істейсің?» дейді Балтамбер. «Тұр. Содан кейін көресің». «Мылтығы бар» деп ойламаған Балтамбер, «ал, тұрдым» деп төсін ашып қарсы қарай қалғанда, жеңінің ішіне жасырған мылтықпен Шепе басып кеп салады. Оқ кеудесінен тиеді де, арқасынан шығып кетеді. Не болғанын біле алмай қалған Балтамбер, жүрегі шанышқан сияқтанған соң алақанымен кеудесін ұстай береді, бірақ жығылмайды. Соны көрген Шепе басынан көздеп тағы атқанда, оқ миына кіріп, Балтамбер тәлтіректеп барып жығылады.

Балтамберге оқ тиіп жығылса, оны әлдеқайда тығуға жасырынған топ жетіп келеді. Өлік Сырымбет тауының етегіндегі «Қылы» көлінің терең қазылған қорысына тығылады.

Ертеңіне — Балтамбер жоқ. Келесі күні де жоқ!.. Ол қайда? Балтамбердің төре тұқымынан қасы көбін білетін Айғаным,-«тауып беріңдер!» деп әлек салады. «Түрткі көрген соң еліне кеткен болар» дегенмен, жансыз жіберіп, Балтамбердің туған елінен де білдіреді, онда да жоқ. Енді қайда?!

Адал қызметшісінің жоғалуы да Айғанымға оңай соқпайды, қатты қайғырған Айғанымның бұрынғы әлсіз саулығы енді тіпті төмендеп, бұрын тысқа кіріп-шығуға жарайтын ол, төсек тартып жатып алады...

Шыңғыс үйіне келгенде шешесі осындай халде еді. Ол шешесін танымай қалды. Төсек тартып қимылсыз жатуына біраз уақыт еткендіктен, бұрын семіз болғанмен жинақы жүретін денесі алқам-салқам босап, меңгеріп ала алмастық халға келген; үлпершегі бітуден бе, сырқаттан ба, жүрегі әлсіз соғып, кейде тоқтап қала жаздайтын болған, содан ба, әлде басқа себептен бе, ара-тұра алқымынан әлдене кептеле қалып, дем ала алмай жанталасады екен; өкпе мен жүректің әлсіздігінен бе, басқа себебі де бар ма, — терлеуден көз ашпай, дымқос төсек-орны мен ішкі киім-кешегін күніне әлденеше рет ауыстырады екен.

Шешесінің бұл ауыр халын көрген Шыңғыс, басын құшақтап жылап алды. Айғаным жылаған жоқ. Сондағы ойы, өзін «әне-міне деген халдемін» деп түсінетін ол күші барында тілі барында, арман ғып жатқан бір ісін айтып үлгеруге тырысты. Онысы-көзінің тірісінде, қолынан қосқан келіні — Зейнепті, осы орданың табалдырығынан аттатып, босағасына отырғызу еді.

— Содан басқа арманым жоқ, — деп аяқтады Айғаным баласына ентіге, үзе айтқан қысқаша сөздерін.

Шыңғыс қарсы сөз айтпады және айтқысы да келмеді. Айту, оған — осы үйдің ішінде көрінбей отырған ажалға,-«ал, анамның жанын ала қой!» деу сияқтанды. Оның үстіне, Діл-Афруздан күдерін үзген Шыңғыс, өшіге қарағанмен, сол өшпенділік кеудесінде кеткенмен, Кенесарыны қуған екі жылда, Зейнеп туралы біраз толғанып та қалған. «Онда не жазық бар? — деген ой кетпей қойған Шыңғыстың басынан-Әйел болған соң, ер керек. Сонда, таңдағаны — мен болсам, айыбы не?». Ал, таңдау жайын ойлап көрсе, «сүйем» деген сөзі рас сияқты; «ал тілі» деуге, жол көріп жортып қалған қасабалы қатын емес, қызыл гүлі

Жаңа ашылған жас қыз гүлін өзгеге емес, өзіне төктіріп, бірінші балын өзіне сорғызды; соңын үстіне, тілінің шолжыңдығы демесе, не ажарында, не сымбатында ешкімнен кемдігі жоқ. Ал, сырына қараса, тіпті әдемі сияқты. Қауышқан сәтінен бастап, қоштасқан сәтіне дейін, сол әдемілігіне бөгуден тыныс таппады Шыңғыс. Ғашықтың тілін қаршадайынан қайда жүріп үйренгенін кім білсін, — сыр шерткен кезінде айтқан сездері балдай сорғалайды, әсіресе қоштасардағы сөздері.

Зейнептің томпақ, көмірдей қап-қара көздері үлкен, кірпіктері ұзын, қайқы еді. Сол көздерінде іркілген жастарын кірпігі бөлшектеп, әр қылға оралған тамшылар төмен тамбастан мөлтілдей қалған шақта:

— Төйем, — деген еді, екі қолын кеудесіне айқастыра қусырып, басын төмен иген Зейнеп Шыңғысқа, — кімдік болсаң да ейік өзінде сенің, мен өл-өлгенше сендікпін. Сен маған жоқ күні, мен дүнияға жоқпын.

Оңаша жалғасқан Зейнеп, сол қалпында құлдық ұрып отырып қалған, Шыңғыс шығып кеткен. Босағадан аттай, Шыңғыстың басына «өлем» — дегені ме бұл?» деген ой оралған. Сол ой басынан шықпай қойған. «Жұғысқан әйелімнің бәрі елу, яғни — өзін-өзі өлтіру, тағдырдың пешенеме жазғаны болғаны ма?» деген ой да арылмай қойған одан. Қат-қабат қатынасып жатқан жұрттан естуінше, Шыңғыстан жүкті болып қалған Зейнеп он, босағасында қыз тауып, онысы бірер айдан кейін өлген. Содан кейін жұрт оны «Шыңғыстың қалыңдығы» демей, «қатыны» деп атап кеткен. Тағы бір хабар,-Шорман өлгеннен кейін, орнына он алты жасар баласы-Мұса аға сұлтан болған. Оның жасы аз болғанмен, жаратылысы биік екенін, яғни-ақылды, намысты, шешен, алғыр жігіт қалғанын, Шыңғыс ана жылы көрген.

Шыңғысқа қоштасарда ол да ойын айтып кеп:

— Мына сапарға үкіметтің жұмсауымен кетіп барасың, мен қаралы қарындасымды ауылыма әкетіп барам. Аман оралуыңа тілектеспін. Омбыдағы жайыңа қанықпын. Жастықта әркімде де болады дейтін, олайша алабұрту. Сондықтан сөкпеймін сені. Енді, міне, Зейнеп пен екеуіңнің некелерің қиылып қалды. Сендерді әуелі қосқан — құдай, екінші — әке-шешелерің. Енді құдай алдында да, адам алдында да бұрылар жер жоқ. Менің қарындасым бұрылмайды, қашан оралсаң да тосады сені. Ал, сен бұрылам десең, қорқытқаным емес, арты жақсылыққа соқпайды. Онда, болдырған жерде қаламыз,-деген.

Елге келе естуінше, бақыт жағынан да, дәулет жағынан да Мұса әкесінен асып түспесе, кем қалып жатқан жоқ. Әкесінің жылын беріп, қарындасының басынан қарасын түсіргеннен кейін ұзату жабдығынан кіріскен. Қазір ол жабдық түгелімен әзірленіп болған: «ішіне жасау-жиһаз лық толған екі ақ үймен, көліктік жиырма бес түйемен, сауындық жүз жылқымен, сойыстық мың қоймен аттандырады, деген лақап ел ішінде күндей күркіреп, жерді дірілдетеді. Осы жайды естіп жатқан Айғаным, Шыңғысы Зейнепті алып қайтуға ризаласқаннан кейін, дос-жарандарын шақыртып ап, күйеуді қайнына аттандыру жабдығын ақылдасты.

— Кем бармау керек, — деді олар, — толық бару керек. Осы маңдағы Керей мен Уақтың, Атығай мен Қарауылдың, Қанжығалы мен Күрлеуіттің, таңдаулы адамдарын қосшылыққа ерту керек. Жолшыбайғы елден қонағасы мен баспана тілеп тіміскіленбей, қонар, түстенер жерінде тігетін шатырларыңды ала жүру керек. Оны қазақ-орыстың әскерлерін бастайтын Опанас тауып береді, жолшыбай қымызын ішіп отыратын бірер айғырдың үйіріндей сауынды айдата жүру керек, сауынның желісін, тоқпағын, ноқтасын, көнегін, сабасын, аяққабын... деген сияқты жабдықтарын арта кету керек. Сойыстыққа бірер қысырақтың үйірін ала кету керек; жолшыбай шақырған ауылға бару керек те, шақырмағандарына түспеу керек; кей жерде мырзалық қып, қонағасыны жолшыбайғы елдің мырза — шораларына өзі беріп отыру керек, сөз бастайтын шешені, қол бастайтын көсемі, әншісі, күйшісі балуаны, құлықшысы... дегендей. Келсең — кел, сайма-сай адамдары ере жүру керек!.. Хан тұқымы болғандықтан осылай бару керек қалыңдық алуға!.. Ел-жұрт болып көтереміз бұны...

Шыңғыс бұған ризаласты. Оның ендігі алаңы-сырқат шешесі. Мына қалпына қарағанда, ұзақ жасамауы мүмкін, жолаушыларының оралуына жетпеуі мүмкін. Шыңғыс еліне де, шешесіне де осы жайды ескертіп еді жұрт:

— Өзі қалап жатыр ғой, бұл сапарға шығуында «Аттан» деген соң аттан. Ажалы келсе ара тұра алмаспыз, келмесе,-балталасаң да өлмес. Тәуекел деп тартып кет. Өле қалса, ырым -жырымын айтарлықтай жасармыз. Ажалға сабыр берсе, айналып та үлгеріп, кезін де көрерсің, бермесе — дұға оқырсың. «Асарын асап, Жасарын жасап» дегендей дүние қызығын көрген адам. Өлсе, алды — өзіне, арты-балаларына жарық болсын! — деді.

— Тоқталма,-дегенді шешесі де айтты. — Көрісу, көріспеуді ажал білер дәм білер. Көрісе қалсақ құба-құп. Көрісе — алмасақ, — бақұл бол. Мен бақұлмын. Бұрын ренжітсең де, енді ренжіткен жоқсың. Тілімді алдың, ақ сүтімді кештім!

Қайнына аттанған Шыңғыс, бірер ай жол шегіп, ырғалған-жырғалған түрде үйіне кеп түскенде, халы таусылған Айғанымның кірпігі ғана қимылдап жатыр еді.

Айғаным өмірінің соңғы төрт-бес жылдарында сопылыққа бой ұрып алған еді. Түркілік оқуға еркін, тағат-ғибадаттық сауаты толық Айғаным, осы жылдардың ішінде ұйқы, тамақ, дәрет сияқты табиғаттық тілектерін орындаудан басқа шақта, орданың өзі тұратын бөлмесінің салтқысын ішінен жауып алатын да, жайнамаз үстінен түспейтін.

— Сонда, не оқи бересіз? — дегендерге:

— Нәфіл ше? — деп жауап беретін. Оның не екенін білмейтіндер түсіндіруді сұраса.

— Қызға намаз оқу тоғыз жастан парыз ұлға — он үштен. Содан кейін оқылмаған намаздардың бәрі — қазаға, яғни өтеуге тиісті міндетке жатады. «Ләфіл» дегеніміз — сол. Өтелмеген нәфілім көп, өмір жеткенше өтеп кетуге тырысам, — дейтін. Кейінгі кездерде денесін билей алмайтын халға жеткен ол, намаздарын түрегеп оқуға жарамаған соң, отырып оқи беретін. Қалың қазысы алдын тіреп, сәждаға басын жеткізбейтін халінде, басын темен шұлғып қана ырымын жасайтын.

Құлшылыққа соншалық беріліп алған Айғаным, бір сәтте Мекеге — хажылыққа баруды да ниет етіп, сол жолға түскен басқаларға еріп аттанған, бірақ былай шыға ентікпе сырқаты қатты ұстап, әрі жүруге жарамай үйіне қайтқан. Сырқат қалпына қарамай, оразаны соңғы мерзіміне дейін тұтып, алғашқы күндерінен-ақ талықси берген соң, тілін алатын кісілері, аузын зорлап аштырған.

Уәлінің аулында көп жыл бойына Айғанымның немере інісі-Пірәлі имам болып тұрғанын еткен тараулардан білеміз. Жесір қалған Айғаным көптің көзінде есекке таңыла берген соң, өзін «сәуегеймін» деп санайтын Пірәлі апасына мұнда тұра алмаспын» деген де, туған мекеніне көшіп кеткен. Оның орнына, «Орынбор маңындағы Қарғалының «Дәррә әл-фүнунін бітірдім» деп келген Ғалиасқар есімді татар молдасы тұрған. Сырымбет тауының саласына, Айғанымға арналып салынған орданың мешітіндегі имам осы да. Сырқаты мендей бастаған, өлім қорқынышы ұлғая бастаған Айғаным, Ғалиасқардың ғалымдығына шек келтірмеумен қатар, өле қалған шағында, иманды басына оның айтуын олқысынып, арнаулы кісі жіберіп Пірәліні шақыртқан. Алғашында «бұрын іздеген жоқ еді ғой, енді неге керек боп қалыппын» деп пәлесініп келмей қалған Пірәлі, шақырушы екінші рет келген соң шыдамай барған. Біраздан бері көрмеген апасының ауыр жағдайын байқаған соң, не олай, не бұлай болуын күтіп, бақұлдық алғаннан кейін де қасында болған. Оның ендігі арманы — «әне-міне» деп әл үстінде жатқан апасының, келіншегін алып келуге аттанған баласын, көзінің тірісінде көруі.

Шыңғыстың Зейнепті алып келе жатқан хабары Айғанымның ауыр халын жеңілдеткендей болып, соңғы күндері сөзден доғарылған ол тілге келді де, маңайына үйірілгендерге келінді қарсы алу жабдықтарын айта бастады.

— Құдай оңдады! — деп қуанысты жан ашырлары, — ар жағын алла білер, келіні мен баласының тойын көзінен өткерсе болды.

Айғаным: — «Жанымдай жақсы көріп кеткен келінім еді, маңдайынан бір иіскесем болды, ар жағында арманым жоқ», — деген еді.

Айғанымның бұл қылықтары — бой жасау ғана болып шықты. Былайша тып-тың жатқан ол, «келіп қалды, келін балаң!» деп әлдекім бөлмесіне шүйінші сұрап бас сұға бергенде, көзін төңкере кеп ашып, қайта қатты жұмды да, демін ышқына алды...

Бұл, — Айғанымның ақтық демі екен.

ЕСЕНЕЙДІҢ ЕРТЕГІСІ

Осындай күйзелушілікке ұшыраған ел: «осы дуанның аға сұлтаны Шыңғыс», деп есітіп, «мынаны тоқтатсын» деген өтінішпен кісілерін жібереді. Оларға Шыңғыстың айтқан қысқаша жауабы: «Бара көрермін». «Көргенше өртеніп, көміріміз бен күліміз ғана қалмай ма» деген шағымға, Шыңғыс: «Амалым нешіктен», — басқа жауап қайтармады.

Соңғы жеті-сегіз жылын әуелі — Омбыда, одан кейін — жорықта өткізген Шыңғыс, қазақша әдеттердің көбінен алыстап, ел кезінде «тік-бақай» атанған еді. Содан ба, әлде үкіметтің тапсырмасы солай болды ма, шешесін қолынан жерлескеннен кейін, жақындарына ол Құсмұрынға жүрер ниетін білдіре бастады. Сонда, Құсмұрында өзімен бірге тұруға ерте кеткісі келгені екі-ақ адам бірге туған ағасы — Шепе, екіншісі — төленгіті — Аба. Шепенің азанмен қойған аты — Шаһимардан, содан — Шеген боп, содан — Шепе боп кеткен. Мінезі шәлкес ұрысқақ, төбелескек адам болғандықтан, жұрт оны сыртынан «Шытырлақ Шепе», немесе «Шыпылдақ Шепе» дейтін. Шыңғыс Шепенің шалдыр мінездерін де, сотқарлық қылықтарын да жақсы біледі. Оның Балтамбердіні өлтіруі де құлағына шалынған. Соларын біле тұра ертетін себебі, қазақтың «інісі содырлы болса, ағасы қадірлі болады» деген жаман мақалын теріс аударып: «Ағам содырлы болса, мен қадірлі болармын» дегендік еді.

Абаның азанмен қойған аты — Абақ. Бала шағынан Шепеге атқосшы болған ол, мейлінше пысық, қу, қалжыңбас, сықаққой, үлкен демей, кіші демей, кім көрінгенмен жалбаңдап ойнай беретін, мазақтағысы келген кісінің қыр соңынан қалмайтын жігіт те. Жасы Шепемен шамалас. Бұрын білмейтін Шыңғыс, оны әнеугүні Зейнепті алып қайтуға аттанғанда ерте кеткен. Сонда, бойындағы енерлерін көріп, ұнатып қалған. Енді, Құсмұрынға Шепені ала кететін болған соң, Абаны да ертпек болды. Ол көне кетті.

Шыңғыстың еркіне салса, Зейнепті де ала кетпек еді. Ауылда туып-өскен, әдет-ғұрпы бойына сіңген Зейнеп, қайын енесінің беті жасырынбай жатып, күйеуімен кете баруға арланды. Және ол Омбыда аз түн таныс болғанда, Айғанымды сүйіп үлгерген еді. Оңаша кездескен күндердің біреуінде, Айғанымның: «Сенің алдыңда ал деп тілеймін тәңіріден. Егер сол тілегім қабыл бола қалса, солқылдатып жоқтап берерсің, құлыншағым!» дегені есінде. Әкесі Шорман өлгеннен кейін қаршадайынан басына қара салып жоқтаған. Сол елдің бір ақыны шығарып берген ұзақ жырды аяғынан тік тұрғызып, тыңдаушыларын тан, қалдырған ол, қайын енесінің жоқтауына отыруға іркілген жоқ. Ол хан тұқымының келіндерін де қазақ ғұрпына бағындырып, «ертең, «түс», «кеш» аталатын мезгілдердің бәрінде де жинап, дауыстарын қосып жоқтау айтқызды. Өзі бәрін:

Үзігін әжем борлатқан,

Шаңырағын сырлатқан,

Келінде сорлы мен екем,

Келмей жатып зарлатқан,

деген өлеңмен бастап, ар жағын ақын шығарып берген жырға жалғастырып әкетті. Бұған риза болған жұрт:

— Шіркін, келін болса, Зейнептей болсын! — Ханша аузынан тастамайтын еді мұны, үнемі мақтай беретін еді, «Шыңғысқа еріксіз алдырды», десіп еді, үмітін ақтады! — десті.

Шыңғыс Құсмұрынға шешесінің қырқын бере аттанатын болды. Сол кезде, оның семьялық өмірінде жаңалық сезіліп қалды: Зейнеп сол кезде қатты ауырды, ол ішкен асын құса беретін, төсектен басын көтермей жатып алатын болды. Тәжірибелі әйелдер, Зейнептің бұл халын талғаққа жорыды. Оны қандыру үшін не керек екені де мәлім боп қалды, Зейнеп бүркіттің миына жерікті. Және қолдағы бүркіттің емес, тағы бүркіттің!.. Оны қайдан табу керек?

Ақыры ол да табылды. Уәлінің Бурабай тауындағы Қызылағашта тұратын, бәйбішесінен туған Бікән есімді ұлы, Айғаныммен жақын жүретін еді. «Айғаным нашар жатыр» деген хабармен, Сырымбет тауына келді де, бақұлдасып үлгерді, содан кейін қолынан жерлесті. Жақсы көретін өгей шешесінің қырқын тосып жатқанда, құлағына тағы бүркіттің миына жерігені, ондай бүркіт табылмай жатқаны шалынды. Бікән бүркітші адам еді. Өзі салатын бүркітті ол, Көкшетаудағы Оқжетпес шыңының ұшар басына өзі шығып алатын. Ол шыңға одан басқа адам шыға алмайтын. «Шығамын» деген біреулер құлап өлген. Содан кейін ол шыңға өрлеуге Бікәннен басқа адам бата алмаған. Ал, Бікәннің бір емес, бірнеше рет шығып бүркіт алуын, діншіл жұрт,-«атасы Абылайдың аруағы көтереді» десетін. «Оқ жетпес» атап алған бүркітті Бікән шыңнан жыл сайын емес, анда-санда ғана, қолдағы бүркіті қартайып шәу бола бастаған шақта ғана алатын. Басқа жердің бүркітің Бікән қолына да ұстамайтын. Себебі, олар, күштілік жағынан да, қырағылық, алғырлық жағынан да «Оқжетпеске» . теңеспейтін. Өзге аңды былай қойғанда, құлақ естір жерде, қасқырға «Оқжетпестен» басқа түсетін бүркіт жоқ. Ертегішілердің айтуынша, осы тұқымды бүркіт, Оқжетпестің Абылай осы маңда хан көтеріліп, қыстауын Бурабайдың ығындағы Қызылағашқа салған жылы пайда болған.

— Сондықтан, — деседі олар, — Абылай тұқымынан басқанын, қолына түспейді, зәуі-сайтан түсе қалса, бұндай қырағы да, алғыр да болмайды. Абылай тұқымынан да бәрінің емес, біреуінің ғана қолына түседі. Және бір ғажабы: Оқжетпес шыңын жалғыз ұя-басар ғана мекендейді, шәулісі қайда екенін ешкім білмейді. Жобалаушылар «Орал тауына барып қарығады, балапандары Оралдың ақ иығы сияқты ақ шұбар болуы содан» деседі. «Оқжетпес» тұқымды бүркіт жыл сайын емес, үш-төрт жылда бір-ақ жұмыртқа салады. Әдетте, бір ғана жұмыртқа салады, екеу болса біреуін шағып тастайды. Бұл тұқымды бүркіт, Бікәннің бағып жүрген малы сияқты. Қай жылы жұмыртқалаған, қай жылы жұмыртқаламағанын сыртынан-ақ біледі. Жұмыртқалаған жылы «Оқжетпес» шыңының басынан ұшып-қонып жүреді, жұмыртқаламайтын жылы жаз бойы көрінбей, әлдеқайда кетеді де, күз оралады. Ертегішілердің айтуынша, Абылай тұқымынан ұстауға жарайтын ұл тумаса, бұл бүркіт, бұл арадан кетеді. Сондықтан, Абылайдан өрбіген ұрпақтың, немесе — ұл ұрпақты ардақтаушылардың көңілінен, «кетіп қала ма» деген қауіп кетпейді Ол қауіп соңғы жылдарда күшейіп барады, өйткені Абылайдың қара шаңырағына бағынушылар жылдан жыл азайып барады, осы бетімен кете берсе, бұл шаңыраққа аз жылда ие табылмай, әлдеқайда шіріп қалуы мүмкін.

Осы қауіп Бікәннің басында да болушы еді. Былайғы жұрттың, көзінде «бүркіт салудан басқаны білмейді» дейтін, қақ-соқта жұмысы жоқ ол, іштей хан тұқымының айнымас ері болатын да, оның жақсылығына қуанып, жамандығына көшетін. Бірақ, қайсысы болса да сыртына білдірмей, момақансып жүре беретін. Айғанымның азасын сақтап, Сырымбеттегі ордада жатқан күндерінде, «жас келін тағы бүркіттің миына жеріпті», деген хабарды Бікәннің құлағы шалды. Бұл хабарға қатты қуанды ол. Талғақ әйелдің әр нәрсеге жеруін біледі ол, солардың ішінде, мысалы қасқырдың етіне жеріген әйелден қабаған, қомағай бала туады; жыланға жерігеннен-жалаңдаған, жылпос, жымысқы туады; бүркітке жерігеннен — барлағыш, биіктегіш болдырмайтын қырағы туады.

— Бүркіттің және тағы бүркіттің миына жеріген жас келіннен ұл туса, қырағы, алғыр болар ма? — деп дәмеленді Бікән, — біздің тұқымның еңсесі түскен туын болашақ та сол көтерер ме?

Бұл дәмесінің сәті де түсіп тұрған сияқты. Балапанын алғанына екі-үш жылдан аспаған «Оқжетпес» биылғы жазда Оқжетпес шыңынан кетпей, сол маңайда қалықтап жүр. Қоян, қозы, лақ сияқты жемдерді ұясына тасуына қарағанда, биыл да жұмыртқалаған. Енді, міне, Зейнептің жерік болуын естігеннен кейін; «Қайткенде де не ұя басардың өзінің, әйтпесе, балапанының миын жегізуім керек», деп бекінді. Ол «Үйіме барып, амандығын біліп, Айғанымның қырқына дейін оралам», деген сылтаумен жүріп кетті. Аулына барғанда: «Амандық біле келдімнен» басқаны айтпады, Оқжетпестің қиясына барарын ешкімге білдірмеді. Бала жасынан дағдыланған ол, қия тастарға мейлінше өрлегіш еді. Өзге адам арқанға асылып әрең шығатын, немесе маңайлай алмайтын шыңдарға, жыландай жабыса өрмелеп жүре беретін. Жылан да өрмелей алмайтын жылтыр тастардан да таймай, аяғы, қолы ілігетін кедергілер табатын. Біреулердін, етегінде тұрып төбесіне қарауға басы айналатын қия шыңдарына өрлегенде, Бікәннің басы айналмақ түгіл, есіне де келмейтін. Бүркіттің балапанын алар жолы, ол шиден тоқыған бесік, қойдың жабағысын ала баратын. Балапанды соларға қалың орап, сыртынан қыл арқанмен шандитын да, тасы жоқ тұстан темен қарай домалатып жіберетін. Бөлеулі балапанның денесіне зақым түспейтін. Содан кейін шыққан биігіңде өсетін аршаға ұзын қыл арқаңды тұзақтай байлап, тұзақты ағытып алу үшін, түйіншегінен екінші арқанды байлап төмен түсетін.

«Шыңға шыққыш» дегенмен, Бікән бұрынғы реттерде, көтерілерде де, төмендерде де қатты қиналатын еді. Бұл жолы, өзінше: «Аруақ қолдады ма», әлде, тәуекелшіл ынта көтерді ме, шыңның жиған жүктей текшеленген тастарының бірінен соң біріне арқардай ырғып, төбесіне ілезде көтерілді. Тілегіне қарай, ұяда балапан бар екен және жалғыз екен, өзі қоңыр ала қанаттары үрпиіп өсіп апты жынысын да Бікән бір қарағаннан біле қойды: ұрғашы болса, ұртындағы қияғы қызғылт келеді, еркек болса — сарғылт келеді. Мынанікі сарғылт, соған қарап, «ә, келін ұл табады екен», — деп ырым етті Бікән.

Тұяқтары мен тұмсығы мүйіздене қатайып, қанаттары жебелене ұзарып, ұшатын кезі таянып қалған бала-бүркіт, ұмтылған Бікәнға шар-шұр еткен бала-бүркіт тұмсығымен де, тұяқтарымен де, қанаттарымен қайрат қып маңайлатпаған соң, Бікән үстіне торды жаба сап, матап алды. Сөйтіп, денесін жабағыға орау әрекетіне кіріскенде, бала-бүркіттің бір аяғы шекпеннің етегіне ілегіп қап, бүрген тұяқтарын жаза алмайтын болған соң, жабысқан жерін Бікән жыртып жіберді. Содан кейін ғана күш алып, бала-бүркітті әуелі қойдың жабағысына, одан кейін шиге бөлеп жатқанда, бір нәрсе зу ете түсті. Жалт қараса-үстіне таянып кеп, аспанға қайқая көтерілген бүркіт!.. Өзінің үлкендігі сұрапыл тарбайта жайған қанаттарының бір-бірі сала құлаштан ұзын дерлік, жалпы көлемі ірі тайдың тулағындай!.. Түйілген шағында тіпті жақын кеп қалуына қарағанда, егер Бікәннің қимыл жасаған бойы екі кесек тастың арасына жасырынып тұрмаса, сыпыра жөнелетін де жайы бар сияқты, өйтпеуі — тасқа соғылатындығын абайлауы сияқты.

Түйілген бүркіт, әрине, мына балапанның шешесі. Ол қайқая биіктеген қалпымен кете бармай, жоғарыдан тағы торып, реті келсе тағы да түспекші. Соны ойлаған Бікән бөлеген балапанды темен қарай домалатты да, жіпке асылып түсерден бұрын, ұя басар шабуыл жасаса қорғанбақ боп, тасқа төселе тармақтанып өскен аршаның сала құлаш жуан, жасаң бұтағын сындырып қолына алды. Солайша темен салбырап келе жатқанда, бүркіт бір емес, екі рет түйіліп, екеуінде де жартасқа жақындай бере қайта көтерілді. Содан кейін «болмас!» деген ойға келгендей, биікке шырқап, ала-шабыр бұлт арасына жоқ болды.

Қайнағасы бөлеген балапанды алып келгенде, Зейнептің қуанышында шек болған жоқ.

— Әттең, келіннің жеруі, — деп бұлдады Бікән әкелген балапанын, — әйтпегенде, баптап өсіретін-ақ бүркіт!.. Күйін келтірсе бұл түлкі, қасқырын, былай тұрсын, аю мен бұғыны да алар еді!...

Зейнептің жерігі қана, яғни бүркіт миын жегеннен кейін сырқатынан айыға, Шыңғыс қасына Шепе мен Абаны ертті де Сырымбеттен Құсмұрынға тура беттеп жүріп кетті. Жаны ашитын біреулер оған: «Шепен, — шырыш бұзғыш тентек, Абан, — кескекте абалаған ит, бұл екеуін ертіп не марқадар табасын? Ертсең елге ұйытқы боларлық біреулерді ертпеймісің әйтпесе, соқа — қара басын, тарта бермеймісің?» — деп еді, Шыңғыс оларды тыңдаған жоқ. Оның ойынша негізгі арқа тірері, — Құсмұрын көлінің жағасына орнап жатқан әскери бекініс. Оның начальнигі — досы Шамырай. Жорықтас болғанда көргені — «шаш ал» десе «бас алатын» қаһар. Ол, әсіресе қазаққа қатал. Шыңғысқа сонысы керек. Қазақтың «ел — сүңгі мұз ақырын ұстасаң, түсіп кетеді, қатты ұстасаң сынып кетеді» деген мәтелі оның ұғымында берік сақталған. Шыңғыстың ойынша «сынса сына берсін, түспесе болады». Сондықтан әнеугүні Омбыдан аз уақытқа ажырасқан шақта:

— Дуан бекілген хабарын менен бұрын естісең, сен бара берерсің, — деген Шыңғыс. — Қорғанысыңның іргесін қалай берерсің!.. Обаған өзенінің өн бойын үкімет сені мен менің қарамағыма берді ғой. Ол өлкенің жері, суы біздікі, сондықтан қоныстаған ауылдарды көшіру керек. Ар жағында қалай пайдалануды ақылдасармыз.

Шамырайдың Обаған бойын мекендеген ауылдарды бара сала бөрі тиген қойдай быт-шыт қылған хабары, Айғанымның құлағына да шалынған еді, сондықтан күші, есі бар күндердің біреуінде, Балтамбер өліміне байланысы барын білмейтін Тәніні шақырып, Құсмұрын дуаны ашылуын, Шыңғыстың оған аға сұлтан болып бекіген хабарын айта кеп:

— Қайнына кеткен баламның оралуына жетер-жетпесімді білмей жатырмын, — дей келіп, — егер жетпесем, саған тапсырып кететін екі сөзім бар, — деген еді.

— Бірі, — деген ол, — аталарыңның қара шаңырағы сарайда қаңсып босқа жатыр. Баяғыда, «Күншуақ аталарын, көтерген шаңырақ» деген соң, «хандардың әуелі де Шыңғыс, ақыры да Шыңғыс» дегенге, Шығажанға арнап сақтатып қойып едім. Шығажан Құсмұрынға кеткенде, сол аруақты қара шаңырақты ала аттансын да, өзі тігетін үйдің төбесіне көтерсін.

— Айтайын, — деген еді Тәні, қара шаңырақты Шыңғыстан қызғана отыра. — Екінші тапсыратыныңды айт.

Жігіт кезінде салдау болып, басынан тастамайтын орысша қатпағының төбесіне үкі тағуына қарап, Айғаным Тәніні «Үкілім» деп атап кеткен еді. Сол дағдысымен:

— «Ел ағасыз болмайды, тон жағасыз болмайды», дегенді білесің ғой, Үкілім, — деген еді, Айғаным.

— Естіген сөз ғой, Жеңеше.

— Сен Құсмұрын дуанына қай рулар қарайтынын білемісің, Үкілім?

— Шамалаймын. Негізінде Керей мен Уақ қой олар.

— Жер келемін білемісің?

Тәні оны білетін еді: «Құсмұрын» аталатын дуан ашылатын болғаннан кейін, Омбыдағы қазақ дуандарын басқаратын мекемеден Тәніге арнаулы инспектор келген де, бұған дейін Көкшетауға бағынып келген, енді жаңадан ашылған Құсмұрын дуанына қарайтын жер мөлшерін картадан көрсеткен. Соған қарағанда, жаңа дуанның оңтүстік шегі, Қызылжар түбінен басталады да, Есіл өзенін бойлай жүріп отырып, осы өзеннің «Көлденең» аталатын бұрысынан, Құсмұрын көліне қарай, жазық даламен тура тартады. Көлге жете, сол көлдің батысынан құйылып, шығысынан солтүстікке қарай ағатын Обаған өзенін бойлайды да, оның Тобылға құятын жерінен, қазақ-орыс станциаларын аралай шығысқа беттеп, Қызылжар қаласына тіреледі.

Аға сұлтан болғаннан кейін, Тәні бұл өлкелерді аралап түскен. Сонда көрген-білгенін айтқаннан кейін:

— Жақсы ағаңның барында да, одан кейін де аралаған жерлерім еді, — деді Айғаным ауыр күрсініп. — Бәрін де біледі екенсің. Енді манағы «ел ағасыз болмайды» деген сөзге қайта оралайын. Қазақта: «Аспандай — Арғын, жұлдыздай — Қыпшақ қойдай — Керей қозыдай — Уақ» деген сөз барын да білесің?

— Естігем.

— Сол «қойдай Керейдің» тең жартысына жақыны — Құсмұрын дуанында. Ол: Керей, Балта, Көшебе, Сибан болып төрт атаға бөлінеді...

— Жеңеше, керегі не солардың?-деді ар жағын тыңдағысы келмеген Тәні.

— Керегі сол руларды кімдер басқаратынын білемісің, Үкілім?

— Кімдер?

— Балтаны Төлеміс пен Иса билейді, Көшебен-Табай мен Байдалы, Тарышыны — Тоқсан мен Тұрлыбек...

— Сибанды ше? — деді Тәні асығып.

— Есеней мен Өсіп...

— Ә-ә, — дей салды Тәні немқұрайды дауыспен

— Асықпа, Үкілім! Тыңда! — деді Айғаным, — келелі кеңесіме енді ғана келдім. Сонда айтайын дегенім: Керейдің әр руында өз ағасы болғанмен, Керей атаулының байы да, батыры да, беделдісі де Естеместің Есенейі. Оны Керей ғана емес, Уақ та, аз рулар — Қанжығалы мен Күрлеуіт те бедел тұтады. Өзі-хан тұқымының жауы. Сенің бала кезіңде «орысқа бағындың» деп, Қасым төре сол арадағы Керей мен Уақты қапыда шапқан да, орасан көп мал-жанын алып кеткен. Керейдің ұраны — «Ошыбай», Уақтың ұраны — «Жаубасар». «Сибанның арғы түбі Уақ екен, Керейге жиен екен» деген сөз бар. Есеней соны пайдаланып, Керейге барса — «Ошыбайлап», Уаққа барса-«Жаубасарлап» ұран шақырған да, жиналған қалын, қолды өзі бастап, Қасымды қуған, «Қақтың қара суы» аталатын көлге жеткен, сол арада қырғын соғыс болып, көп адам өлген. Қасым жағы жеңіліп, Ақтау, Ортау жағына қашқан...

Бұл соғысты естіген Тәні:

— Ие, содан кейін не бопты? — деп еді:

— Сонымен, ұзын сездің қысқасы — Есеней хан тұқымына содан бері өш. Айтқанынан қайтпайтын, ойдағысын орындамай тынбайтын, жауына мейлінше мейірімсіз кісі. Және бір мінезі: «өмірінде күлмек түгіл, езу тартпаған адам» дейді.

— Сол Есенейді неге кеп атап кеттің, жеңеше? — деді Тәні.

— Атап отырған себебім, — деді Айғаным, — Шығажан ертең Құсмұрынға барып қызмет атқарғанда, ең алдымен сүйенер адамы сол — Есеней болу керек. «Сыйынғаныңнан сүйенгенін, күшті болсын» дегендей, сондай бір мықты сүйеніші болмаса, елді басқара алмайды.

— Мақұл, айтайын, жеңеше, — деді Тәні.

Айғанымның жаназасына ғана Шыңғысқа, Тәні жеңгесінің тапсырғанын түгел жеткізді.

— Көрерміз, — деді де қойды Шыңғыс.

Ол Құсмұрынға аттанғанда, шешесінің бір өсиетін тыңдаған жоқ,-қара шаңырақты өзімен бірге алған жоқ, шаңырақта сенетін және Айғанымның «алып кетсін» дегенін білетін жұрт.

— Апырай, жолы болса игі еді, мына Шыңғыстың! Хан ордасының бар ырысы осы шаңырақта» десетін еді, бұл ырысты тастап кетті-ау, мынау! — десті.

Шыңғыс Құсмұрыннан шешесінің өсиетін орындау ниетімен, яғни «ауылы жолында отыр» деген Есенейге реті келсе, көңілін таба кету мақсатымен аттанды. Ол арманына жетер-жетпесін баяндаудан бұрын, оқырман көпшілікке қысқаша түрде Есенейді таныстыра кетейік.

Ол Керей руының Сибан дейтін тайпасына жатады. табанды жұрт «түбі Уақ екен, Керейге жиен екен» деп те айтады. Біреулер Сибанды кішкене күнінде Уақтағы нағашысы алып кетіп, Керейге жігіт болған соң келген екен дейді. Қалай да Сибан Керейден тараған рулардың «сүбелілерінің бірі болған».

Құсмұрынға аттанғанда, Шыңғыстың ойына шешесінің өсиеті түсті де, Есенейді «Құсмұрын көлінің шығысынан құятын Құндызды өзенін жайлап отыр» деп естіп, жолдан көре кеткісі келді.

Шыңғыс сол қалпымен бара тұрсын, біз оқырмандарға Есенейді қысқаша таныстыра кетейік.

Сибаннан Ерімсары, Қортық, Күнгене, Шоқматар туған, Есеней Қортыққа жатады. Қортықтан Қошқарбай туады. Одан: Тоқпамбет, Сейіт туады. Сейіттен Естемес туады. Ол Есенейдің ұлы атасы.

Сейіт өлгенде, Естемес жас екен. Оның ауыр дәулетін айыны талап алады. Қорлық көрген Естемес, Қарауыл руындағы нағашысы — Әжімбай батырдың аулына көшіп кетеді. Әжімбай — жылқысы кеп бай адам екен. Естеместікі ол жас күнінен жылқы бақтырады да, жігіт болған соң, біліндіреді. Содан 1789 жылы Есеней туады.

Әжімбай Есенейге де жылқы бақтырады. Әкесінің де жылқышы болуын қорлық көрген Есеней, бір күні жылқы қайтарып жүрсе, патша үкіметінің Арқаға қарай топ тартқан ұбақ-шұбақ салтты, арбалы әскері келе жатады. Олар Есеней қосының маңына келіп ат шалдырады. Сонда бір арғымақ бие құлындайды да, жүріске ере алмайтын жас құлынды, әскер бастығы Есенейге тастап кетеді.

Бірақ Есеней құлынды «орыстан алып қалдым» демейді.

— Күндіз жылқы жусайтын шақта, — дейді ол еліне, — далада мызғып алмақ боп, атымды қаңтарып, шылбырын беліме қыстырып шалқамнан жаттым. Сонда, нағашымның қорлығы есіме тағы, түсіп, көзіме жас алып жатсам, қалғып кетіппін. Түс көрдім. Түсімде қасыма ақсақалды бір адам кеп: «Ей, бейшара!... Назаланба. Тұр. Атыңа мін де күнбатысқа қарай шаба бер. Сонда. бір сайда қурайдың басына емген, күрең түсті, ұрғашы жас құлын кез келер. Сол сенің ырысың болар» деді. Қарттың «ал, тұр!» деген дауысына оянып кетсем, өрген жылқылар алыстап кеткен. Қан тараған атым жүргісі келгендей осқырынып, жер тарпып тұр екен. Міне сала шаптым. Бірталай жер жүріп, «Бөкенсай» аталатын жерге жетсем, қурай емген күрең құлын тұр!.. Атымнан қарғып түсіп ұмтылсам қашпайды!.. Құшақтай алдым!.. Шұжықтай семіз, ұрғашы құлын!..

Есеней бұл құлынды әуелі ешкімге айтпайды. Құлын құнажынында айғырдан шығып, дөнежінінде құлындайды. Құлыны да күрең болады... Денесі ірі, мүшелері сұлу арғымақ құнажын мен құлынға Әжімбайдың көзі түседі де, «бұл қайдан?» деп сұрайды, Есеней ертегісін айтады. Оған Әжімбай нанады. Содан кейін жұрт та біледі... Бірде «қурай емген», бірде «қурай күрең» аталған арғымақ саны, аз жылда айғыр үйіріне жетеді.

Ақырда саны жүзден асқан «қурай күреңнен» қалың беріп қатын алады да, жылқысы тіпті молайған шақта, нағашысы-Әжімбай батырдың ұлықсатымен, елі Сибанға көшеді. Алдын шала айтқанда, «қурай емгеннің» саны, ең көбейгенде бес мыңға жеткен. Есеней тұсындағы сібірлік қазақтардың ат айдайтын базары-Самара екен дейді. Есеней аулынан ол қала, мың шақырымдай және Орал тауынан өтеді. Самараға ат айдаған қазақ байларынан, орыстың купецтері, Есенейдің арғымақтарына бағаны өзге қарабайырдан екі-үш есе артық төлейді екен. Есеней атты Самараға жүзден кем айдатпаған. «Бір жылы бес жүздей ат айдатыпты» деген сөз бар.

Есенейдің ен дәулеті шалқып тұрған шақта, Керей, Уақты Кенесары да шапқан, сонда «қурай емген» де айдауға ілегіп, Есеней бастап қуған Керей Уақ малын айырып қалған.

Кенесарымен соғысып жеңгеннен кейін, Есеней қолына түскен оның адамдарын, Пресногорьковка аталатын патша үкіметінің әскеріне әкеп тапсырған. Бұл қазақ-орыстардың линиялық әскерінің штабы тұрған. Сондықтан да қазақтар оны күні бүгінге дейін — Ыстап» дейді, онысы — «штаб» дегені.

Есенейдің қылығына сүйсінген патша үкіметі. оған Хорунжий чинін берген. Содан кейін, ел ішінде Есенейдің бөлелі тіпті көтерілген. Омбыда алты дуанның үстінен советник болған Тұрлыбек Көшенов, Есенеймен бөле екен. «Есенейдің үкімет алдында ерекше қадірлі болуына Тұрлыбек те себепкер» деседі айтушылар.

«Ел құлағы елу» дегендей, Шыңғыстың Сырымбеттегі үйінен қашан шыққанын, жолда асықпай жүріп, қайда көшіп, қайда түстеніп келе жатқанын Есеней естіп отырды. Есеней Кенесарыға кім жау болса, соны досым деп санаймын еді, кім дос болса соны қасым деп санайтын еді. Кенесарыны Құсмұрын төңірегінен қуып, Ырғызға айдап тастайтын орыс әскерін Шыңғыстың бастауы, Есенейдің білігі отырған нәрсесі. Сондықтан «төре» атаулыға іштей қас шашылғанымен, Шыңғыстың бұл қылығын төрелердің ежелгі күндестігі мен ала ауыздығына жорығанмен, «арқар» ұранды хан тұқымының қастығы да, достығы да уақытша екендігін білгенмен, іштей Шыңғысты да жек көргенмен, дуанға бастық болып келе жатқан адамды, «бір күніме керек болар» деді де, жолынан тайып кетуге мүмкіндігі бола тура, күтіп жіберу мақсатымен, жайлап отырған құндызды жағасынан қозғалмады.

Есенейдің қонаққа арнап жасатқан сегіз қанат ақ үйі болушы еді. Ұлы жиындардың кезінде болмаса, бұл үйі күймеде артулы тұратын. «Сол үйді тігіңдер!» деп бұйрық беріп Есеней. Үй Құндызының тамаша бір көгалына тігілді.

Орыс базарларына қатынасы көп болған Есеней, «төсеніш», «жамылтқыш», «жастаныш» дейтіндердің ен, тәуірлеріне жинататын. Ыдыс-аяқтары да мол, көрнекті болатын. Қонақ үйді солармен безендірді.

Бұл маңайдағы қазақтардың ең жылқылысы саналатын Есеней, мақтаныш көріп, бір сәтте, алты айғырдың терісінен саба жасатқан еді де, ел оны «тайжүзген» атап кеткен. Бұл сабаға қымыз жыл тәулігінің, екі-ақ мезгілінде біреуі — көктемде, бие байланғанда, біреуі-күзде не ағытылғанда. Осы екі мезгілде, «тайжүзген» толтырып, көктемдегісін «қымыз — мұрындық», күзгісін атап, Есеней төңірегіндегі елдерді шақырып шашақ ететін қымыз — мұрындыққа қысқы соғымдардың семіз біреуін терісіне бүргізіп тастап, көктем туа, жеңіл ғана сүрлетіп, қымызға қоса беретін сірге-мөлдіретерге арнаулы ту бие соятын.

— Сонда — дейді, бұл мәжілістерді көрген адамдар, — бір толған «тайжүзген» бес жүз үйлі Көшебе — Сибанды түгел қандыратын еді.

Шыңғысқа тігілген қонақ үйге, Есеней осы сабаны да қойғызып,-«төре келгенде инеп тұрсын» деген әмір берді. Оны инету қиын жұмыс емес жүзден астам құлын байланатын желіні айналған, емшектері кере-қарыс арғымақ биелерді екі-үш рет жебей сауса, «тайжүзген» бір-екі-ақ күнде лық толып жатыр. Есеней «тайжүзгенді» Шыңғыс келерден бір күн бұрын толтыртты да, «қымыздың өліп тұрғаны жақсы» деп, түні бойы пістірді. «Тайжүзгеннің» тұрасы от орнындай, сабының жуандығы кіші-гірім ашады, қалбағайын күміспен әшекейлеген піспегін. тек, атақты Тоғанас балуан ғана жеке піскен, «одан басқа жігіттің пісуге әлі келмеген» деседі. Тоғанас жоқ кезде «тайжүзгенді» су үшін, керегеге керген қыл арқанға қалбағайынан қазық — бау шалып байлайтын болған да, жігіттер екі-екіден кезектесіп, арқанмен пісетін болған.

— Сонда, — деседі көргендер, — гүмпілдей пісілген «тайжүзгеннің» даусы, айдын көлде түнде әупілдегем дауылпаздың үніне ұқсап, жерді сілкіндіреді екен.

Шыңғыс келер алдында, «тайжүзген» түні бойы гүмпілдеп жатты. Шыңғысқа құрмет көрсеткісі келген Есеней, Сибанның ғана емес, сол маңайды жайлаған Уақ, Қанжығалы, Күрлеуіт руларының «игі-жақсы» аталатындарынан таңдаулылары «төремен табақтас, болсын» деп жинатты да:

— Қара қазақ емес, қайда болса сонда жата кететін; орыс төрелерінің үлгісін көріп қалада өскен адам, оның үстіне, хан тұқымының тыраштанған пан, келетінін де білемін. Ас ішкен, кеңес құрған кезде ғана болмаса, езге уақытта топырламаңдар, қасындағы нөкерлерімен оңаша жатып тұрсын, — деп, оларды арнаулы жеке үйге түсірді. Есенейдің бұндай даярлығын көргендер:

— Хан тұқымына қасқырдан үріккен жылқыдай қараушы еді, мұнысы қалай, күрт түсіп?! — деп қайран қалысты.

— Өлмесін жақсы білетін адам ғой, бір есебі бар шығар, — десті біреулер. Енді біреулер:

— «Әліптің артын күт» дегендей, ақыры неге соғарын күтейік, — десті.

Қонақ үйіне түсірген Шыңғысты Есенейдің ғана қарсы алды да, өзі үйінен шықпай отырып қалды. Сондағы ойы — «Жасым үлкен. Өзі келіп берер, мәжілісіне содан кейін араласармын» дегендік еді.

Шыңғыс Есенейдің, ойынан шықты да, қонақ үйге түсіп уақыт жайланғаннан кейін, «Есекеңе сәлем беріп шықсам» деген ниетін білдірді.

— Болсын, — десті күтушілер.

Пәле, осы сәлемдесуден басталды.

Есенейдің алғашқы қатыны — Қанікей, бізге өткен тараулардан белгілі, атақты Зілғараның қызы болатын. Одан туған екі ұл, — Аманжол мен Мықи, бала шақтарында шешектен өлген, содан кейін Қанікей құрсақ көтермей қойған. Бір жағынан бала тілеген, екіншіден -жас иісті болғысы келген Есеней тоқал алайын десе, аюдай ақырған он төрт аға-інісі бар Қанікей, соларды тіреу көріп, міз бақтырмаған.

Сөйтіп жүргенде, өткен жазда бір оқиға болды сонау — алыстағы Баянaулда тұратын, Қыпшақтың Күреуіт руынан шыққан, атақты Нияздың немересі, Артықбай есімді бай, жерінде тақыршылық болған соң жылқыларын Орал тауының биыл да «бетегелі» деп естіген етегіне шатаспақ болып айдатты. Ол осы бетінде Обағанның Тобылға құятын сағасын күзектеп отырған Есеней аулының тұсына кеп қонды да, Есенейді қонаққа шақырды.

Артықбайдың «жан» дегенде он бестен он алтыға қараған, Ұлпан есімді жалғыз ғана қызы бар еді. Жасынан ерке өскен ол қыз, еркек-шораша киінетін, тентек ер баладай сөйлейтін, жұрт оның қыз екенін даусынан және арқасына жіберген екі бұрым ұзын шашынан ғана айыратын. Ол өте сымбатты да, сұлу қыз болатын.

Есенейді қонаққа шақырған Артықбай, қасына бір пысық жігітін қосты да, осы Ұлпанды жіберді. Сәлем беріп үйіне кірген Ұлпанның қыз екенін, Есеней алғашқы үнінен-ақ таныды да, кәрі қасқырдың көзі, піскен ақ марқадай сымбатты сұлу қызға түсе кетті. Ар жағындағы ойы — бассалып жей қою. Бірақ, ол ниетін ішіне ғана түйді де, сыртына сыр білдірген жоқ.

Есеней шақыруды қабыл ап, ертең түсте жолдас-жорасымен баруға уәде етті.

Оның сыбағасы тоқты-торым, тай-құлын емес, ту бие екенін Артықбай біледі. Жақында жайылған жылқыларынан «ең семіз биені алып кел» деп, қасына жігіт қосып Ұлпанды жіберді.

Кішкене күнінен мал арасында, әсіресе жылқы арасында өскен, жасынан жылмиған жүйрік пен жылжыған жорғалардың талайын мініп тақымы бекіген, аттың құлағында ойнайтын Ұлпан, қалың жылқының ішінен бір семіз байталға бұғалықты өзі тастап, қасындағы нөкерлері асау биені сүйреткендей, Артықбайдың жаппасына алып келді.

Жалшы-жалаугерлері бірге еріп келе жатқан Артықбай жерінің төңірегінде басқа да бірталай қос бар еді. Солардың иттері, асау биені айқай-шумен әкеле жатқандардың алдынан үріп шыға келді, сонда, бейпіл сөйлеп үйренген Ұлпан:

— Ау, үрмеңдер, иттер!.. Ауылда Есеней жатыр!-деп айқай салды.

Бір қосқа оңаша түсірген Есеней бұл кезде қалғып жатыр еді. Жас қыздың өткір даусы құлағына сап ете қалғанда, ол оянып кетті де, манағы қызығудың үстіне, «мына қыз басынды-ау, әрі атымды атап, әрі иттерді менің атыммен қорқытып!..» ашулана қалды да:

— Қап, сен қызды ма?!. — деп кіжінді ішінен.

Осы ашуы бойынан тарамаған Есеней, түнде үйіне қайтып, ертеңіне ертемен қосын артқалы жатқан Артықбайға:-«Қызын маған кішілікке қалдырып кетсін!» деп кісі салды.

Күтпеген хабардан зәресі кеткен Артықбай көше жөнелуге қаймығып, «сөзден тоқтатам ба» деген оймен, пысық адамның біреуін Есенейге жіберді. Сонда айтқаны:

— О не қылғаны, Есекеңнің? Басынғаны ма? Өйтетін мен де құл-құтанның бірі емеспін, Күрлеуіттің қырық мың жылқы біткен Ниязының немересімен атақты қаз дауысты Қазыбектің жиенімін. Кісілігім кем болғанмен, дәулетім өзімен қатарлас. Көп баламның бірі емес, қынжылсам да бере салатын. Көзімнің қарашығындай жалғыз қызым. Жұртқа ер жеткен сияқтанғанмен, езіме жас баладай. Не жазығым бар, қаршадай баламды жылатып тартып аларлық? Күтуімде де, қонағасымда да кемдік жоқ сияқты. Ендеше, неге бүйтеді?!.. Қой, бүйтпесін Есеней! Қайтсын, райынан! Ағайыннан алыста екен деп, аламандық жасамасын. «Иттің иесі болса, түлкінің тәңірісі бар» деген. Мені де іздейтін ел табылады. Ағайынды атыстырмасын. Қойсын, бұл қомағайлығын!

Елші адам Артықбайдың сөздерін Есенейге түгел және дәл жеткізді. Есенейдің бір мінезі, ерегесімпаздығында еді. Артықбайдың сөздерін ол «күш көрсету» деп ойлады да, елшіге қысқа ғана жауап берді:

— Екінің бірі не айтқанымды орындасын, әйтпесе жылқысын кейін айдап қайтсын.

Бұл сөзді естіген Артықбай не істерге білмей қатты састы. Ақылдасқан біреулері:

— Есеней айтқанынан қайтпайтын кісі. Таңдауын өзіне берген екен, соның біреуін, амал жоқ қалайсың. Тегі қайғырсаң да қызыңды бермей болмас. «Қасқырдың ұлығаны-жеймін дегені», қызыңа қарап ұлыған екен, Есеней, енді жемей тынбайды. «Кейін қайтсын» дегені жай сөз. Қайтармайды кейін. Нанбасаң, кейін аттап көрші, қызыңды тартып алсын! — деді.

Артықбайдың не істерге білмей сандалған халын көрген Ұлпан, әкесіне кісі салды, сонда айтқаны:

— Қалыңға сатылатын қыз кімге қатын болмаушы еді? Мен де ошаққа тас болмаймын. Әкемді мен асырамаймын, малы асырайды, мені Есенейге берсін де, малын мақсатты жеріне айдап өтсін.

Артықбай амалсыздан көнеді де, Ұлпанды Есенейге қалдырып, өзі ілгері көшеді. Көшер алдында әкесімен көріскен Ұлпан:

Алып қалды-ау, Есеней,

Найза ұшы, мылтық күшімен.

Қор болды-ау, қайран жас күнім,

Әкемнен үлкен кісімен,

Кегімді ойдан кетірмен,

Кәрімін демей көпірген,

Күндердің күні болғанда,

Шаңырағын қу бастың

Ортасына түсірем —

деп жылапты. Ұлпан осы сертіне жеткен адам.

Есенейдің Ұлпанды алуы айдай әлемге әйгі болған еді. Бұл оқиғаны Сырымбет тауын төңіректеген ел де, олардың ішінде — Аба да естіген.

Шыңғыстың әйел құмар жігіт екенін Аба Зейнепті алуға бара жатқан сапарында-ақ аңғарған. Жолшыбай ол, талай қыз-келіншекпен Шыңғыстың арасында жеңгетай болып үлгерген. Шыңғыс Сырымбетте де сол әдетін тастамай, бірер жүрісін Зейнеп те аңғарып қап, араларында жанжал да туған. Сырымбеттен Құсмұрынға аттанған сапарларында, Шыңғыс Абаға жолшыбай жігітшілік құр жайын ескерткен.

— Ол болып жатыр ғой, — деген Аба.

Бір сәтте Аба Шыңғысқа Ұлпан жайлы естіген — білгенін айтып берген.

— Өзім көрмегенмен, — деп аяқтаған Аба Ұлпан туралы сөзін, — көргендердің айтуынша, Есенейдің сол тоқалы «кескін біткеннің көріктісі» дейді, «адамзаттың періштесі дейді..

Осы әңгімені қызыға тыңдаған Шыңғыс Ұлпанға сыртынан құмартып, тура жолынан аздап қиғаштығы бар Есенейдің үйіне, оған сәлем беру үшін емес, Ұлпанды көру үшін түскен.

Шыңғысқа арналып тігілген қонақ үй, Есенейдің өз үйінен атпен қатынасатын жырағырақ жерде екен. Сусындап жайланғаннан кейін тысқа шыққан Шыңғыс Абаға Ұлпанды көре алмау қаупін айтып еді:

— Уайым емес нәрсені уайымдағаның, не қылғаның?! — деді Аба. — Көреміз деген соң, көреміз.

— Қалай?

— Қонақ болып отырған жоқпысың Есенейдің үйіне? Осы елдің ақсақалы емес пе ол? Әрі — байы, әрі — батыры. Соған сәлем беруді сылтау ғып бармаймыз ба, біраздан кейін үйіне? Тоқалын да көрмейміз бе, сонда?

Бұлар сәлемдесе барса үйде Есеней мені Ұлпан ғана бар екен. Есенейдің тізгінін қолына мықтап ұстау үшін, Ұлпан осы босағадан аяғын аттай, іші-бауырына кіріп алған да, жылға жетпей қыз туып берген. Перзенті жоқ Есеней, Ұлпанды енді тіпті қадірлеп, бұрынғыдан бетер еркелеткен. Бұрын да «аттыға — жол, жаяуға сөз бермейді» дейтін Ұлпан, енді тіпті өткірленіп, үлкен демей, кіші демей, бойдағы мінін қаза беретін. Сонысынан жасқанып, көп адам оның үстіне кіре де қоймайтын. Ұлпанға үйленгеннен кейін, Есеней бұрынғы ел қыдырғыштығын да, аң құмарлығын да азайтып, шақырғандардан ілуде біреуіне ғана қонаққа баратын, сонда Ұлпанды қасынан қалдырмайтын, ол бармайтын жерге аяғын аттамайтын, алдына сөз келе қалса, бірен -сараны ғана болмаса көбінің билігін Ұлпан айтатын.

Есенейдің мол дәулетіне кірген Ұлпан, үйінде де, түзінде де мейлінше малынып киінетін. «Көңілін киіммен аулайын» деп ойлаған Есеней, қалай сәнденем десе де қолын қақпайтын. Өзгесін былай қойғанда, басынан тастамай киіп жүретін жалғыз сәукелесінің өзі, баға білетін адамдардың айтуынша айғыр үйір жылқыға тұратын.

Былай да әдемі киінетін Ұлпан, «Шыңғыс келе жатыр дейді» деген хабарды естіген соң, тіпті малынып ең асылдарын бойына түгел сыйғызуға тырысты. Оның ұзын аппақ саусақтары, асыл тастар қондырған алтын жүзіктерге лық толды. Келіншек болса да жуан, ұзын бұрымдарын қамзол сыртынан салбыратып жіберетін ол, бүгін бұрымына алақаны жалпақ, үзбелері көп, бәріне де меруерт, маржан, кәукер, жақұт сияқты асыл тастар қондырған алтын шолпысын қоса өрді. Құлақтарына да жалтылдағы ерекше сырғаларын салды. Бұл қылықтарын іштей Ұнатпағанмен, Есеней сыр білдірген жоқ. Қонақ үйін, өз үйінен жырағырақ жерге тіктіруі Ұлпанның бойын Шыңғыстан аулаққа салуы еді.

Төре тұқымының қара қазаққа кішірейгісі келмейтін әдеті болатын. Бір есептен келмес те, сәлемдеспес те. «Келсе келер, келмесе қонағасысын ішер де аттанар, мен де кішірейіп бармаспын» деп ойлап қойған еді Есеней. Ұлпанның әсемденуін көрнен кейін, ол Шыңғыстың келмеуіне тілектес болды. Келерін естігенде: — «мейлі, — деп тоқыратты көңілін — азар болса, кезін сатар. Онымен не бітіреді?».

Есеней қателесті.

Шыңғыс туралы толып жатқан қызғылықты кеңестер естіген, сондықтан көруге құмартатын Ұлпанның былайша да қанды кескіні, «келе жатыр» деген үн құлағына тигенде, маздаған оттай құлпыра жалындап жүре берді. Ол өзіне-өзі ие бола алмай безгек адамдай қалтырай бастады. Онысын Есенейге сездірмеуге тырысты. Егер ерімен аралары жақын болса, сезіп те қалуы мүмкін еді. Қазір алшақ отыр. Есеней төрге таман илеген тай терісінен жасалған, төрт бүктеулі жұмсақ бөстектің үстінде отыр; Ұлпан оң босағаға құрылған ақ жібек масахананың ішінде төрт бүктеген бағсайы көрпенің үстінде отыр. Араларының алшақтығымен қатар, Есенейдің көзі де аздап көмескілене бастаған құлағы да аздап мүкістене бастаған шақ.

Шыңғыстың үйге кіруі, шалшық түстін, кезі еді. Еңсегейі биік ақ үйдің түндігі күн жақ бұрышынан кен, түрілген. Сондықтан үй іші мейлінше жарық.

Осы үйге басын сұға берген Шыңғыстық кезі, ең алдымен, ақ шымылдықтың ішінде, кескіні қызғылт гүлдей құлпырып отырған Ұлпанды шалып қалды. Сол нұрға елтіген ол, тіккен көзін тез аудара алмас па еді, қайтер еді, — егер мына қалпын аңғарған Аба, көңілін бөлу үшін, Есенейге қаттырақ дауыспен сәлем беріп қалмаса?.. Сол дауыс қана Шыңғыстың айырылған есін бойына қайтарып, ол да сасқалақтаған үнмен, оң қолын кеудесіне басып, Есенейге «ассалаумәликем!» деді. Шыңғыстың Ұлпанға қадала қарауын аңғарып қалған Есеней, Шыңғыстың сәлеміне жауап берместен, алдына келіп ұсынған қолын ғана алды.

Сөзді неден бастарын білмей, Есенейге бір, Ұлпанға бір жалтақтаған Шыңғысқа қарамастан:

— Ас әкеліңдер!-деді Есеней, қонақтарға ере кірген жігітіне.

Ондайдағы ас — қымыз ғана. Қымыз ауыз тигеннен кейін, бедірейіп қарап отыруға ыңғайсызданған Шыңғыс, аз сөзбен жол жайын айтты. Оған «а-а-а» деді де қойды Есеней. Одан әрі де үн қатыспаған соң, мелшиіп отыра беруді ыңғайсыз көрген Шыңғыс:

— Асығыстау келе жатыр ем, Есеке. Сізге сәлем беріп қана шығайын деп ем. Ұлықсат болса қонақ үйіме барайын, — деді.

— Бар! — дей салды Есеней салқын үнмен.

Қонақтар тұра жөнелді. Есеней қатуланған кескінмен төмен тұқырған басын көтерген жоқ. Құмартып үлгерген Шыңғыс, есіктен шығарда Ұлпанға тағы бір қадала қарады. Ол манағы жалындаған қалпында екен. Тоғысып қалған көз қарасынан Шыңғысқа аңғартпақ болғаны:

— Бұдан соң көрісеміз бе, жоқ па? Қош сұлу жігіт!

Шыңғыс та осы ой да кетті.

Ұлпан мен Шыңғыстың көздері арбасудан ішінде қызғаныш тұтана қалған Есеней, Шыңғыс кеткен соң да сол қызғанышты қыздыра түспесе бәсеңдеткен жоқ. Сондықтан «өзі кеп сәлемдессе артынан барып мәжілістесермін» деген ойынан айныды да, «құяңым ұстап қалды» деген сылтауымен, Шыңғыс түскен үйге барған жоқ.

Арбасқан көздер өз жұмысын атқарып жатты. Есеней үйінен былай шыға:

— Апырау, Әбеке-ау, — деді Шыңғыс Абаға, — Әлгі көргеніміз періште ме, адам ба?

— «Мен соңғысы ма» деп қалдым, — деді Аба.

— Ал енді, бұған қол қалай жетеді?!

«Әйелге қол жетуде қиындық жоқ» деп санайтын Аба езін бұлдандыра түсу үшін, әдейі қиындатып:

— Қайдам, қалай жететінін? Есенейін, анау, қартайған к.ара бурадай жолыңда шегіп жатқан!.. Естігенім болмаса, көрмеген кісім еді. Ұсқынды кісі екен-ау, өзі!.. Өңкиген дене бітімі де, бас бітімі де шөккен бура сияқты екен. Отырған бойының биіктігі түрегеп тұрған орта бойлы кісідей ме деп қалдым!.. Қай жағынан қарасан, да доп-домалақ көрінеді екен өзі. Екі иығына екі кісі мінгендей, кеуде тұсы ішіне азық толтырған үлкен дағарадай. Мойны да бұқа сияқты тұтас екен. Шүйдесі де сондай. Басы кішігірім қазанға пара-пар болу керек. Қоңқайған зор мұрны да, салпиған төменгі ерні де, аумаған буранікі. Алақандай шағыр көздері де, құтырған бурадай шарасынан шығып, шатынап барады. Иегіне біткен сирек қара буырыл сақалы мен мұртын да, тарлан бураның тамағына біткен шуда сияқты ма деп қалдым. Жалпақ қара бұжыр беті, қара шұбар бүркіттің жотасына ұқсайды.

Есенейдің аса ұсқынды түр-тұлғасы туралы, Шыңғыстың өзі де Абадай ойда еді. Бірақ оған қазіргі қажеті оның ұсқыны емес, сұлу жас тоқалы Ұлпанға қолының қалай жетуі. Басын осы ой шырмап келе жатқан Шыңғыс Абаның Есенейді сипаттауын немқұрайды тыңдады да, сөзінің арты ұзара бастаған соң:

— Әй, қоя тұр оны, басқаға көш! — деді.

— Неменеге?

— Ұлпанға қолдың қалай жетуіне.

— Ол оңай жұмыс емес.

— Неге?

— Қиындатқан өзіңсің, төрем.

— Қалай?..

— Ұрғашы көрмегендей, Есенейдің үйіне бас сұққаннан-ақ, тоқалына қадалдың да қалдың. Оныңды кәрі қасқырдың көзі шалып отырды. Түс бермей тымырайып отырып қалған себебі сол. Молдалар «бір адамның соңында қырық шайтан жүреді» десе, «бұл тоқалдың артында жүздеген шайтан жүреді» деп есітем; «екі жүз үйлі Сибанның еңбектеген жасынан бастап, еңкейген кәрісіне дейін осы тоқалға аңдушы» деп есітем, сонша көз бізге алдата ма?...

Абаның сөздерін дәлелді көре тұра, Шыңғыс:

— Талай шиені шешуші едің ғой. Әбеке, бұның да ретін тап! — деп қолқа салды.

— Көрерміз, — деді Аба аз уақыт сөз жарыстырғаннан кейін — тәуекел деп талаптанып байқайын. Іс шығара алмасам ұрыспассың.

— Шығарасың, — деді Шыңғыс сенген дауыспен.

— Іңірден бастап жоғалармын. Өзім келгенше мені іздемессің.

— Мақұл.

Салт келе жатқан Аба, көзімен Есеней үйіне жақындап барарлық таса жер іздеді. Оны тапты да өзеннің ен бойына тал өскен «Той» аталатын тереңдеу бір құрғақ сайы, ирелеңдей отырып, Есеней аулының деңгейінен әрі қарай кетеді екен. Соны бойлап барса, Ұлпанмен ұшырасып та қалуы мүмкін. Олай ойлауы: мана, бұлар Есеней аулынан аттанып жөнелгенде, басына желек бүркенген бір әйел, сайдың арғы бір тұсына қарай беттей берген.

— Сол, Ұлпан — деген Аба, әйелді Шыңғысқа нұсқап. — Дәуде болса ол, түзге отыра шыққан жоқ, бізді сыртымыздан қарайлауға шықты; егер мен әйел танитын болсам, сол келіншек саған қызығып қалды!..

— Қойшы! — деді Шыңғыс.

«Сол келіншек сол кеткен сайына іңірде тағы бір рет неғып бармас екен?» деген ойда болды Аба Шыңғыспен кеңесіп келе жатып. Бірақ, бұл ойын сездірмеді.

Шыңғыс Есенейден қайта, қонақ үйдегі мәжіліс қызды. Сол маңайдағы ауылдардың жақсы — жайсаңы, әнші-күйшісі, шешен — білгірі бұл үйде түгел еді. Есеней тапсырған ту бие, кешқұрым сойылды. «Тайжүзгеннің» таусылмас қымызы ағыл-тегіл құйылып жатты. Қызу мәжіліс басталып кетті...

Осы мезгілде қызыл — іңірді бүркеніп, Аба Той сайын бойлай жаяу зытты, ат мінсе «көзге түсермін» деп қауіптенді. Бұл — бұл жақтан бара берсін, біз Ұлпан жағына оралайық.

Алдына бірінші міндет қып, Есенейді билеп алуды қойған Ұлпан, ең алдымен соған сенімді болғысы кеп,екі жүз үйлі Сибан түгел аңдығанмен, бұған дейін шашау шығып көрген жоқ-ты. Сол жайына көзі жеткен Есеней Ұлпанды қадыр тұтып, сезін екі қылмайтын. Аз уақытта Есенейді баурап алған Ұлпан өзгелер түгіл. бәйбіше қатыны Қанікейден де айырып, үйін інісі Меналының аулына қостырған және ол ауылды атпен барарлық алысқа қондыртқан. Тізгіні Ұлпанға берілгеннен кейін. Есенейге жаққысы келгендер, алдымен Ұлпанға жағып, алар — сауын, мінер — көлік сияқты қолғабыстарын Ұлпаннан-ақ алып жүре беретін. Есенейдің ең дәулетін аясын ба, — «жүн-жұрқа, қыл-қыбыр ас-су» дегенді мол үлестіріп Ұлпан Есенейге қосылуы жылға жетпей ел аузында «Ұлпажан», «қайқы алақан-қайырмен», «мырза келіншек» аталған. Оның үстіне бала көтеріп, туған қызы «кезі бақырайған, мұрны қоңқиған, аумаған — Есекең» деген соң, «адал тоқал болды-ау, мынау!» деп тіпті әлпештеген.

«Жұрт мақтаған жігітті қыз жақтайды» дегендей, сыртынан мақтаулы Шыңғысты көргенде, Ұлпан есінен танып к,ала жаздады: мұрты жаңа ғана қырбықтанып келе жатқан, сымбатты, сұлу жас жігіт!.. Оның үстіне офицерше киініп белін тас-түйінін мойнына балдағы алтын қылыш асып алған.

Шыңғысқа ол, табан аузында құмарта қалды. Сөйлесуге тіл жоқ, — Есенейден бата алмайды. Бар әлі келгені — көзі. Ол бір-екі рет қадай қараған көзімен де Шыңғысқа ішкі сырын түгел ақтарып болған сияқты, сонда айтқаны, — «сенімен қауышар күн бар ма, жоқ па?!»

Шыңғыс аттанып кеткенде, тысқа шығып, артынан көз тастаған себебі де осы еді. Есенейдің қызғанғанын Ұлпан бет бейнесінен түсінді. Ұлпаннан сыр тартқысы келген Есеней Шыңғыс аттана оны:

— Уәлінің мына баласы сымбатты. сұлу жігіт болып өскен екен! — деп мақтаған болып еді, Ұлпан қасақана дау айтып:

— «Төре тұқымы тыраш келеді» деуші еді, рас қой деймін сол. Кісіге жұғымы жоқ, кекірейген біреу ғой, Шыңғысың! Кескіні не керек оның, ас құйып іше ме, әдемі болып? — деді.

Қай сөзі екенін Есеней аңғара алмады.

Шыңғыспен қалай қауышудың ретін білмеген, олай болуға сенбеген Ұлпан, «үмітсіз — шайтан» деген мақалды қамалған қараңғылығын шам — шырақ қып тұтатты да үміттің көмескі сүрлеуіне түсті. «Манағысы — бекер қарас емес, — деп жорыды ол. — Егер құмарлық қарас болса, артына неғып бір оралмас екен?».

Қалай оралуын ойлағанда, Ұлпанның есіне де Той сайы түсті. «Ел жатқан кезде, панасы кеп осы саймен неғып келмес екен?» деп үміттенді ол.

Сол үміт дамыл бермеген Ұлпан, күндегі дағдысымен, күн — байыр шақта, Той сайының жағасына түйе шөгерісуге барды. Оның төркіні де түйелі бай еді. Түйелерді, әсіресе — боталарды шөгерісу, Ұлпанның бала күнінен қызық көретін ісі де. Ұлпанға үйленген шақта, Есенейде екі Жүз елудей түйе болатын. Өзге шаруаға араласпайтын Ұлпан, түйелерді өргізу, жусату ісінен қалмайтын.

Бүгін де түйелерді шөгеріскен Ұлпан, өзге күндерден өзгешелеу бір қылық көрсетті: Есенейдің көп бурасының ішінде, «Жыланбас» аталатын біреуі — кісі алғыш еді. Қаңтар айынан бастап құтыратын ол бура, түйешілердің ішінде, тек Тұтқыштан ғана қорқатын. «Бұзауында қорыққан адамын бұқа сүзбейді» дегендей, бота күнінен қорқып ескен Тұтқыштан, құтырған кезінде өзге адамның бәріне тап беретін Жыланбас қорқып, оны тек, отқа-суға сол ғана апара алатын. Қаңтардан сәуірге дейін шынжыр ноқтамен темір қазыққа байлап тастайтын Жыланбасты, Есеней көктем туа босаттыратын. Құтырған айларында көрінгенге тап беретін жыланбас, жаз айларында үйіріне жоламаған кісіге шаппайтын, үйіріне барғанда (адам болсын, қасқыр болсын) қуып жетсе шайнап тастайтын. Сондықтан Есеней оны түйелеріне бақташы көретін.

Күндіз маңайдағы сортаңдарға жайылатын түйелер, кешке ауылға қайтатын еді де, Той сайына шегерілетін еді. Өзгелерді маңайлатпайтын бураларды, әсіресе Жыланбасты Тұтқыш қана шегеретін еді. Ұлпан Тұтқышқа ере баратын. Жыланбас қазықталмай, жай ғана шөгерілетін.

Бүгін Ұлпан шөгерілген Жыланбасты қазыққа байлатты. Тұтқыштың:

— Неге, шырағым?-деген сұрауына: — Ауылда қонақтар жатыр ғой, — деп жауап берді Ұлпан,-бейсауат жүрген біреуін тура бас салып, жазым ғып жүрер.

Тұтқыш Ұлпанның сөзіне сенді.

Түйелерді түгел шөгеріп болғанша, қызыл іңір басталып қалатын еді. Сол кезде, түзге отырғысы келген кісі құсап, Ұлпан тал арасына кеткенде, ойда жоқта, «әй!» деген дыбыс естілді. Қаннен-қаперсіз Ұлпан шошып кетіп «көтек!» деп қалды. Тұтқыштың құлағы мүкіс еді, әйтпегенде, мына дауыстарды естіп те қалар еді.

Шошынған дауысқа Ұлпан жалт қараса, манағы Шыңғыстың қасындағы жігіт!..

Бұндай «жорықтарға» талай шығып кәнігі болып алған Аба, Ұлпанның алдына қол қусырып тәжім етті де, мақсатты сөзін іле бастап кетті. Ұлпан Абаның көңілінен шыққан соң, уәде былайша байланды: түн ортасы ауып, ұйқыға кеткен шақта, Шыңғысты ерткен Аба, осы араға келеді, сонда оларды Ұлпан тосып алады.

Сөзді осыған байлаған Ұлпан, үйіне қайта Есенейге ерекше еркелеп, оның қыбын табуға тырысты: Есеней кешкі асына ақ ірімшік, піскен сүттің қаймағына ездіретін еді. Жағынған Ұлпан, кейбір кештерде жаңағы тағамды, Есенейге өз алақанымен асататын, содан кейін сіміретін шұбаттың сапты-аяғын да тұтқасынан ұстап тұрып қолынан жұтқызатын.

Бүгін де сөйтті. Бұдан, Есенейдің ішіне мана қатқан ашу мұзы жібімеді. Ақ ірімшікті Ұлпанның мақтадай жұмсақ алақанынан асай отырып, қышқылтым, қоймалжың шұбатты қолынан сіміре отырып, бүгін түнде аңду ойын бекіте түсті.

Есеней мен Ұлпанның түнгі төсектері алшақтау салынушы еді. Оған себеп: біріншіден -Есеней қатты қорылдайтын, екіншіден,-қатты ұйқысырайтын. Бұл екеуі де Ұлпанға маза бермеуін білген Есеней, «сен алшағырақ ұйықта» дегенді өзі айтқан.

Олар бүгін де сөйтті. Бірақ Есеней бүгін өтірік қорылдады. Шыны — Ұлпанды алдастырып аңду.

Бір кезде қалғып кетіпті. Бұрын аңшы болған Есенейдің қасқыр алғыш қабаған иттері болушы еді. Солар дауыс қоса маңқылдай қалмаса, Есеней қалғудың артынан қалын, ұйқыға сүңгіп кетер еді.

Иттер маңқ ете қалғанда, Есеней оянып кетті. Олар сол үрген қалыптарында түйелер шөгерілген жерге қарай шауып барады. Иттер бетімен үрмейтін, жат кісіні немесе қасқырды сезсе ғана үретін. Қасқырлар шөгерілген топ түйеге шаппайды. Үргендері жат кісі болу керек. Есенейдің малына ұры тие алмайды. Сонда, бұл жат кісі кім?

Осы ойдан ұйқысы шайдай ашылып кеткен Есеней «Ұлпан!» деп дыбыс берсе, жауап жоқ. Үнін қаттырақ шығарса, тағы сондай. «Жоқ болғаны ма?» деп, қараңғы үйде еңбектеп кеп орнын сипаса,-жоқ!..

Бұған дейін түн баласында тысқа шықпайтын Ұлпанның мына жоғалуы Есенейді қайран қалдырды. «Иттер жөнелген жаққа кеткен болар, — деп жобалады Есеней,-оларды дүрліктірген белгісіз адам да сол жақта болар. Ұлпан, әрине, сол адамға кетті. Ол кім?»

Кім екенін іштей жорамалдаған Есенейдің мана күлге көмілген шоқтай ғана болып құмыққан ашуы, басына келген дауылдың екпінінен кекті лаулата жөнелді. Әне бір жаугершілік жылдары қаруланған білтелі қара мылтығын, бейбітшілік күндерде де ол басына жастап жатушы еді. Оқ-дәрі салатын талысы да жастық астында болатын.

— Неге өйтесіз? — дегенде:

— «Жау жоқ деме, жар астында, бөрі жоқ деме, бөрік астында» демей ме, ата-бабаларымыз? Керек болып қалса, даяр тұрсын, — деп жауап беретін.

Ол «құралайды көздеп атады» дерліктей өте мерген кісі болған, сонда жалғыз оқты — шитімен атып, ағып бара жатқан үйректерді қағып түсіре беретін.

Ашуы лаулаған Есеней, мылтығын қолына ұстай, оқшантайын мойнына аса, тысқа көйлек-дамбалшаң жүгіріп шықты. Ар жағында да ойланып тұрмай, еңкеңдей басып, түйелерге беттеді. Түн ол күні қалың шықты, салқын еді. Содан бойының тоңазуы ма, әлде, әлгінде ғана қашқан ақыл басына оралды ма, — Есенейге ой түсе бастады.

«Құп — деп ойлады ол, — жорамалым келе қалсын-ақ дейін. Сонда, ашу екпінімен, кезіге қалса, — жорамалдаған адамымды, әйтпесе тоқалымды жайратып салайын, Сонда не болды?»

Оның ар жағында «Есенейлігі» түсіп кетті оның ойына. Ол өзін «осы дуанның серкесімін» деп санайтын кісі. Егер сол «серке» бір қатынға бола кісі өлтіріп жазаға тартылса не болмақ?!..

«Аңдысқан жау атыспаққа жақсы» дегендей, Есеней Шыңғыспен аңдысып атысуға бел байлады.

Бұл кезде, шөккен түйелер арасында қауышқан Шыңғыс пен Ұлпан, сұхбаттың қызу қызығына бөленуде еді. Олардың бұл сезімін, мана ауылдан осылай қарай үріп шыққан иттер бөлді. Кездері көрген, құлақтары естігіш, мұрындары сезімтал иттер, Ұлпанды көргеннен кейін үрулерін доғарып, «қасқыр жеп қояр» дегендей, сол маңайда шоқиып отыра қойысты. Аздан кейін. ауылдан шыға берген Есенейге кездерін тігіп қарай қалды да, кім екенін танып жарысқан шабыстары жерді дүрсілдете алдынан шықты. «Бұлары қалай?!» дегендей, Шыңғыс пен Ұлпан көздерін иттер жарысып бара жатқан жаққа тікті де, қараңдаған жаяу адамды көрді...

— Ойбай біздің бай! — деді Ұлпан, денесі дірілдей қап.

— Бола берсін!

— Олай деме, төрем, — деді Ұлпан, қалтырап, — қан ішкен кісі ол. Көрсе тегін жібермейді сені.

— Не қылады сонда? — деді әлі ешкімнен беті қайтып көрмеген Шыңғыс.

— Айта көрме, төрежан! Зыт талдардың арасына!

Шыңғыс «бар, төрем, бар!» деп итермелеген Ұлпанға көне қоймай тырысып тұрған шақта, ар жақта, тар арасында жүрген Аба да жүгіріп келді. Не халдар болғанын және боларын естіп те, көріп те тұрған ол, «кеттік, төрем, кеттік!» деп, Ұлпанға қосыла, Шыңғысты талға қарай икемдей бастады. Тырмысқан Шыңғыстың кеткісі келмеді. Ол жатқанда болмаса мойнынан тастамайтын өткір қылышын бұл араға да қолына ұстай келген еді. Өзін «төре», Есенейді «қара» деп түсінетін ол, әрі — «қара», әрі — шал адамнан жылысып кетуді төрелігіне, жастығына намыс көрді.

Олар осылай «теке-тіресте» тұрған шақта, шауып кеткен иттер, кідіре қалған Есенейдің басына секіріп, еркелік жасады. Есеней кейін оралды.

— Барсын, — деді Шыңғыс. — Келе қалғанда, мен ол кәрі қасқырға көрсетер ем, жас арыстанның қылығын!

Есеней мен Шыңғыстың кездеспеуіне іштей қатты қуанған Ұлпан, Шыңғыспен одан әрі сұхбаттасудың жайы жоғын көрді де:

— Ал, төрем, «бар-мәзір, жоқ-жәйім» осы рұқсат болса, мен кетем, — деді.

«Кетпе» дер дәлелі жоқ Шыңғыс, аз уақыт болса да. тәтті ләззат алысқан Ұлпанның болашақ жайын ойлап:

— Кәрі қасқыр саған азуын батырам демес, Ұлпан егер — десе, өзіме хабар айт, оның мұқалған тістерінің тұқылын қағуға шамам келеді. — деді.

— Қайтесің төрем, маған қамқор боп?-деді Ұлпан мұңайған үнмен,-тәңірі асыраған тоқтыны бері жемейді» дегендей, бұған дейін көрген күнімді әлі де көре берермін. Өзің сақ бол. Осал жау деп ойлама шалды. Оның жауыққан адамын азуы әлі де бар ретіңді тауып ойсырата қауып жүрмесін!

Арғы кеңес қысқарып, олар жөндеріне тарасты. Қоштасарда Ұлпанның айтқаны:

— Атыңның басын бұл жаққа тағы да бұрам деп, біздің шалдың ауылын айнала құрған қақпанының біреуіне түсіп қап жүрме, терем. Қақпаны қатты болады оның бір шапса босатпайды. Бойыңды бұл ауылдан аулақ сал!

— Көрерміз. — деді Шыңғыс. Өз ішінде, оралуға құмар да болып тұрған жоқ Ұлпанмен қауышып ләззатты болғанмен, бұндай талай ләззаттарға бұрын да бөккен. Оларды ұмытқан Шыңғысқа бұны да ұмыту қиын емес.

Алдында не күтіп тұрғанын білмеген Ұлпанның, әрі түннің салқындығынан ,әрі сезімнің толқуынан дірілдеген денесі, Есенейдің тым-тырыс үйінің көрдей қараңғы ішіне сүйретіліп әрең кірсе, шалының қорылдаған дыбысы шығады. Бұның шын, яки өтірік қорыл екенін біле алмаған Ұлпан «ұйқыда болса оянып кетпесін» деген оймен, аяқтарын ұшынан еппен ғана басты да, төсегіне жете, ақырын ғана құлай кетті...

Есеней ұйқыда емес еді. Ол мана, төсегіне қайта, Шыңғыстан кек алудың түрлі тәсілін ойлап жатқан. Сонысын Ұлпанға сездіргісі келмеді де, үйге жақындаған сыбдырын, есіктен кіруін, төсегіне сұлауын біле тұра өтірік қорылдады.

Есенейдің ертемен тұрып, түйелерін өргізетін әдеті болушы еді. Таң ағара Тұтқышқа еріп шөккен түйелерге барса, Жыланбасы қазықтаулы жатыр екен.

— Бұл не? — деген оның сұрауына аңқау Тұтқыш:

— Кіші бәйбіше қазықтатқан еді бай!.. «Ауылдағы қонақтарға шауып жүрер» деген-ді.

Есеней «ә-ә-ә» деді де қойды. Іштей — «Әй, қу тоқал-ай, төреге жалғасудың қамын ерте ескерген екенсің ғой!» деп ойлады.

Шыңғыс таңертеңгі сыбағасына бір семіз тайды тағы жеді де жөніне аттанды.

Есенейдің Шыңғыспен алыстан аңдысып атысқысы келді. Сол мақсатпен, ана жылы Кенесарыны жеңгендігі үшін, үкімет сыйға берген, бірақ «Шұбар арасы, маса-сонасы көп болады» деп мекендей қоймаған «Бүркеу» аталатын қарағайы, қайыңы, терегі аралас қалың орманға күз көшіп барды да қыстау салды. (Ол арада қазір, Солтүстік Қазақстан облысының Преснов ауданына қарайтын «Жаңа жол» ауылы отыр).

Сол арада ол, «мән-жайды білдіріп қайт» деп, Омбыдағы бөлесі, генерал-губернатордың, советнигі — Тұрлыбек Көшеновке, тағы бір бөлегі, Кенесарыны қуысқанда советник чинін алған, орыс тілін білетін Отаншының Байдалысын жұмсады. Байдалының Тұрлыбектен әкелген сөзі: «Есеней асықпасын. Шыңғыс жаңа жанған өрт, оған қарсы шаппасын. Далада қаптаған өртті қазақтар бөлшектеп әкетіп сөндіретін еді ғой, соны Есеней де істесін. Әуелі Шыңғыстың жан-жағынан құлайтын орлар қаздырсын. Содан кейін, қапысын тауып құлата салу қашпайды. Алдағы жазда, Құсмұрын бекінісінде, сол дуанның игі жақсылары бас қосатын «Чрезвычайный» аталатын жиналыс болады. Омбыдан Сібір қазақтарын билейтін басқарманың председателі барады. Мен де барармын. Қалған сөзді сонда ақылдасармыз».

Орыс тілін білмейтін қазақтар, «Чрезвычайный» дегенді «шырпы-ши» қойып алды. Омбыдан «шырпы-шиге» келетін әкімдерді ойдағыдай қарсы алуға, Шыңғыстың басқаруымен Құсмұрын дуаны қыс бойы әзірленді.

Алдағы жаз шыға, Омбының Құсмұрынға беттеген қырық пәуескелі, жүз салтты әкімдері, казак-орыс, станицаларын бойлай, қазақ ауылдарын аралай Құсмұрынға тартты. Осы бетінде олар, кейін «Есенейдің қайран, көлі аталған» шалқар көлдегі Есеней аулына соқты. Бұл жүрістен күн бұрын хабары бар Есеней шалғынға ақ үйлер тігіп даяр отыр екен. Оларға «тек, бас сұғып қана шығамыз» деген төрелер, — деседі, бұл жайда әңгіме айтатындар, — үйлерге кіре, ғажап жасау-жиһаздарға қатты қызығады да алтын кеселермен тәтті қымызға қанып алғаннан кейін, соларды көріп болғанша қозы еті мен сүр де пісіп қап, Есеней етті ернеуін қымбат тастармен безендірген күміс астаумен тартады.

— Қонақтар аттанарда Есеней «жолың» деп жандаралға алтын тай-тұяқтан жамбы сыйлайды, — деседі жұрт.

Әкімдер осылайша тоқыраған кезде, бір қаға берісте Есеней Тұрлыбекпен кептесіп үлгереді. Тұрлыбектің де, Есенейдің де түпкі руы — Керей болғандықтан, бөлелігінің үстіне екеуі бірін-бірі «ағайынбыз» деп, жасы үлкен Есенейді Тұрлыбек «ағай» деп, ол Тұрлыбекті «інім» деп атайды екен. Жолыққан шақтарында сыр-сипаттарын түгел ақтарысады екен. Хан тұқымдарының қазаққа көрсеткен зорлық-зомбылықтары кеңес болған шақта ханнан шыққан деп санайтын Тұрлыбек:

— «Төреге ерген ерін арқалайды» дегендей, хан тұқымына бағынудың тақсіретін қара қазақ аз тартқан жоқ, талайларға ерін де арқалатты бұл төрелер талайлардың түбіне де жетті. Төреге ерген қазақтың малы да, жаны да шығындалған жоқ, «алладан ойбайым тиыш» дегендей, төрелерден орыс әкімдері әлдеқайда тиыш. Ендігі бетіміз осы жақ болу керек, былай да құны түсе бастаған хан тұқымынан біріндеп қол үзуіміз керек. Ел тізгінін мына сен сияқты қара қазақтан шыққан беделді адамдарға ұстату керек, — деген.

Бұл жолы оңаша сөйлескенде де Тұрлыбек Есенейге соны айтты.

— Маған өзге төренің емес, осы Шыңғыстың тезірек құрығаны керек, — деген Есенейге:

— Асықпа, Есеке! — деді Тұрлыбек. — Баяғы айтқаным-айтқан: «хан тұқымынан біріндеп құтыламыз» дегенім-деген. Өзі де соған жақындап қалды: Қарқаралы думанының алғашқы аға сұлтандары-хан тұқымынан шыққан Құсбек пен Жамантай еді, қазір олардың орнына қара қазақтан Өскембайдың Құнанбайы отырды; Ақмола дуанының аға сұлтаны хан тұқымынан Құдайменденің Қоңыр қожасы еді, қазір қара қазақтан Жайықтың Ыбырайы болды. Көкшетау дуанының аға сұлтаны Абылай ханның ұрпақтары болып келіп еді, қазір ол дәреже қара қазақ өзіңнің балдызын, — Зілғараның Мұсасына ауысты, қазір сібірлік алты дуанда, хан тұқымынан Шыңғыстан басқа аға сұлтан жоқ. Оны да кетіру қиын емес.

— Сонда қалай! — деп асыққан Есенейге:

— Тұра тұр, аға! — деді Тұрлыбек. Ол осы екпінімен бара тұрсын. Әзірге бұғалық салып қылғындырам деудің керегі жоқ. Ұзын арқан, кең тұсаумен жүргізе тұру керек. Сол арқанды жылдан жыл білдірмей қысқартып, тұсауды білдірмей қарайта беру керек....

— Ол үшін не істеу керек?

— Хан тұқымы жемге қомағай жұрт. Бұған да еппенен жегізе беру керек, сөйтіп, еттен жіпке тізген жемді жұтам деп аузынан арқандалғанын білмей қалатын жабайы бүркіттей, бұл да тырп етпестей арқандалу керек. Ар жағында басына томаға кигізіп, тұяқтарын тұғырға мәңгі бекіту оп-оңай.

— Мақұл сөз екен, — деді Есеней.

Есенейдің еркіне салса, не бас қосу екенін білмеген «шырпы-ши» аталған жиналысқа бармау, Шыңғыстың бетін көрмеу еді.

— Оның қате болады, аға, — деді Тұрлыбек. — Жауды сырттан шалып жыққанды көрген кісі жоқ. Іштен шалса ғана жығылады ол. Шыңғысты да солай жығу керек. Бару керек жиылысқа. Бармасаң көп көзіне мінді боласың. Сенің жасырған сырыңды, — жұрттың бәрі естіп отырған көрінеді. Мына жиналысқа бармай қалсаң, жұрт сені «Шыңғыстан қорғалауы» деп ойлайды. Шыңғыстың өзі «кек сақтауы» деп ойлайды да, бойын сенен тарта ұстайды. Өйткен күрескер жықтырмайды.

Расы солай болып шықты. «Шырпы-шиге» жиналған қалың топтың ішінде шөккен нардай болып Есенейдің отыруы, көсемсіп сөз бастауы үкімет адамдарының да, ел адамдарының да, Шыңғыстың да көзіне түсіп, бәрі де қатты риза болды. Съезге «Орынборлық» аталатын қазақтардың сол төңіректегі «жақсы-жайсаңдары» да, әкімдері де келген еді. Осы жиналыста орынборлық пен сібірлік аталатын қазақтардың жер шегі, ел шегі ақтық рет анықталып, жасалған актіге хат білетіндері (ондайлар бірен-саран ғана екен) қолдарын қойды, білмейтіндері бармақтарын басты. Есеней соңғысын істеді.

«Шырпы-ши» тарағанда, Есеней Тұрлыбекті қонаққа шақырды. Алдында оңаша сөйлесіп:

— Барайын, — деді ол, — сен Шыңғысты да шақыр, бармаса өзінен қалсын.

Есеней, оған да хабар салған екенін білген Шыңғыс, сылтау тауып рахмет айтты.

Құсмұрында болған күндерінде, Шыңғыстан жәбіршілік көргендер Тұрлыбекке астыртын арыздар айтқан еді. «Іш-пікірі» ішінде болған Тұрлыбек, «Есенейге ақылдассаңдаршы соны, сөзі орнықты да, тыңдаулы да көрінеді ғой» деп сілтей салды. Қайтарда аулына қонақтаған Тұрлыбек, Есенейге:

— Ал, Есаға, Шыңғыс туралы ойларыңа ішкірленіп кірісе бер, — деді.

— Сонда?-деп сұрағанда:

— Шыңғыстан жәбіршілік көрушілердің атынан Омбыға арызды айдата бер, ар жағын өзім реттей жатам, — деді.

Жәбіршілік көрушілер көп еді. Ең алдымен, Құсмұрын дуанында, Құсмұрын көлінің күнгей жағасына орнаған әскерлік бекіністің орны, атам-заманнан Арғынның Тағышы аталатын руының мекені болатын. Бұл рудың да көпшілігі кедейлерден құралатын. Құсмұрынның көлі де, жағасы да сол кедейлердің, күн көріс қоры да: «Құсмұрын» деңінің жар қабағының асты отқа майдай маздайтын қалың тас көмір. Тағышының кедейлері ала жаздай осы көмірді қазып, азғана көліктеріне кірелеп артып, жайлаудағы ауылдарға немесе орыс селоларына апарып сататын еді де бағасы арзан болғанмен, жүрек жалғарлық табыс алатын еді.

Тақыршылық жылы Құсмұрын көлінің өн-бойына, сулы жылы, шет-пұшпақтарына шілде кезінде тұз байланады және тұзы өте сапалы болады. Тағышылар осы тұзды да жинап, маңайдағы ауыл, селоларға сататын еді.

Құсмұрын бекінісі ірге төбе, Тағышылар бұдан айырылды. Кеткісі келмеген оларды, сұрапыл сұмырай әскердің күшімен көшірді. Ешкім оларға төтеп бола алмады. Күн көріс кесібінен айрылған Тағышылар Шыңғысқа мұның шағып еді ол:

— Патшаның әмірі солай, түзеуге күшім келмейді, — деп жауабын қысқа қайырды.

Тағышылар Омбыдан келген Тұрлыбекке айтып еді:

— Есенейге ақылдасыңдар, — деді ол.

— Омбыға арыз жолдасаңдаршы, — деді ол, ақыл сұрай келгендерге. — Әділдік сонда көрінеді ғой.

— Кім жазады ондай арызды? — деп сұрайды Тағышылар.

Ыстапта қазақ тіліне жүйрік, орысша хатқа да жүйрік, өзі барып тұрған қазақуар, қазақтар «Бекеттің, Ысыманы» дейтін Семен Бекетов дейтін қарт қазақ-орыс барды. Ол Кенесарыны Есенеймен бірге қуысқан, содан екеуі өмірлік дос болып кеткен.

Есеней Тағышыларды соған жұмсады. Бекетовтың қолынан жазылған ұзақ арыз Омбыға сапар шекті.

Бір арызбен дау тынбады. Құсмұрын көлін түйреп өтетін Обаған өзенінің солтүстік жақ алқабын, Тағышымен туыс — Ақташы дейтін ел мекендейтін. Сол Ақташы Тағышыға араша түсем деп пәлеге қалды да, патша әскеріне арқа тіреген Шыңғыстың күштеуімен мекенінен қуылып, алыстағы Торғай даласына ауып кетті. Бекетов оларға да арыз жазып берді.

Шыңғыс «Есенейдің ауқымынан шықпайды» деген Керей руынан гөрі, Уақ руын өзіне жан тартып, Обаған төңірегіне жинай бастаған еді. Уақ ішінде Өтей және Дәуіш дейтін екі атасын ол ерекше жақын көрді де, Ақташының қонысын соларға берді. Бірақ тегін берген жоқ. Өтейдің мыңдаған қара-шұбар жылқысы бар байы — Өтейден толық екі айғырдың үйірін ашықтан-ашық параға алды. Содан кейін, Өтейді өз ордасының төбе биі ғып отырғызды.

Арыз кетті бұл туралы да.

Одан кейін де арызға тыным болған жоқ. Сонда, жұрт Шыңғысқа пәле жабайын деген жоқ. Ол, бір ақынның:

Замана — ақыр биінің Сөзі арылмас жаладан, Аузы арылмас парадан, — деген жырының кебін киіп, ел ішінен арылмайтын дау-шарды бітіргендер, жеңген жағынан «биені — түгімен, түйені — жүгімен» жұтты да отырды.

Өзі де парақор Шыңғыстың жемқорлық қылығын, ағасы — Шепе тіпті өсіріп жіберді. Өресі орта бойлы адамның кеудесінен ғана келетін, сол қалпында денесі жараған семіз есектей жұп-жұмыр, қалың қара сақалы төсіне түсетін, қалың мұртын баспайтын, сіңір қара кескінді ол, өзін шынында да қаз туған көріп, кім көрінгенмен ілінісе кететін, екі сөзге келмей боқтаса кететін, одан әрі де көп сөзге келмей, мейлі кім болса да төбелесіп, үстіне міне түсетін. Кейде, түйеге жармасқан иттей, қандай ірі денелі кісіге жұдырық жұмсаудан таймайтын. Одан емес, аға сұлтан Шыңғыстан қорқатындар, әлі жете тұра, Шепеге қол, одан таяқ жеп қалатын.

Мінезі соншама шәлкес Шепе, арамдығына найза бойламайтын залым да. Неше түрлі зұлымдық айлаларға жетік оған қарап, қазақтар:

— Мынаның қол тоқпақтай денесінен арам ойлар қалай шығады? — деп таң қалатын. Біреулер:

— «Кішкентай да, мүскентай» дейтіндер осындайлар екен ғой! — десетін.

Тентектігінің, залымдығының үстіне, Шепе барып тұрған парақор. «Інімнің билігі өзімде» деп, ол Шыңғысты сыртынан талай рет сатып, талайлардан көл-көсір параларды ала беретін. Соларды біле тұра білмегенсіп, Шыңғыс үндемейтін.

Әлгі мінездерінің үстіне, Шепе аузынан қаны аққан ұры. Ол маңайдағы атақты ұрылардың бәрімен де тамырлас. Шыңғыспен араздасқанша, ол Уақ руынан шыққан атақты ұры -Қожықпен, Қарауыл руынан шыққан атақты ұры-Баубекпен Керейден шыққан атақты ұры-Тайкотпен байланысты болып, ұрлаған жылқыларды бірден бірге жүздеп өткізетін. Кейін бұл ұрылар Шыңғыспен араздасқан соң, ұрылардың қордасы, — Шепенің өзі болып кеткен. Шыңғысты паналаған Шепеден жәбір көрушілер, «осы елдің ұйытқысы» деп Есенейден ақыл сұраса, оның көрсетер ізі біреу ғана болатын ол, — Бекетов арқылы үкіметке арыз жолдау. Осындай арыздардың қалам ақысына, Бекетов аз жылда байып, Ыстаптағы бай орыстардың алдына шыққан.

Не себеп екенін кім білсін, Омбыға кеткен арыздардан нәтиже шыға қоймаған соң, Бекетов ендігі арыздарды Петерборға, патшаның атына жіберетін болды.

Ақыры осы арыздар мейлінше көбейіп, басында басып тастағысы келген Омбының генерал-губернаторы, енді ие бола алмай қалды. Оның үстіне, патшаға жазған арыздар, сарай қасындағы сібірлік комитетке түсіп,одан Омбы әкімдеріне: «Тез тексертіңдер» деген бұйрық келді. Сонымен осы романның оқиғасы басталатын — 1847 жылдың көктемінде Батыс Сібірдің генерал-губернаторы князь Горчаков, бастығы генерал-майор Федор Алексеевич қып, арыздарды және Құсмұрын дуанының хал-жайын тексеріп қайту үшін ревизия жіберуге ұйғарды.

Ревизия келер алдында, Құсмұрын дуанында тағы бір оқиға болып жатыр еді: хандық жойылған, дуандар тұрақталмаған тұста, яғни 18-ғасырдың екінші жартысымен 19-ғасырдың бірінші жартысында бетімен жайылған қазақ руларының арасында қонысқа таласып жауласулар, барымталар көбейіп кеткен-ді. Патша үкіметі тарапынан дуан басшылыққа тағайындалған аға және кіші сұлтандар, орыс әскерінің күшімен барымтаға қатты тыйым салуды қолға алған, солардың бірі-Шыңғыс. Бірнеше жылға созылған бұл күрестің, нәтижесінде, ашық жауласулар негізінде тыйылып, барымталардың аяғы «қараңғы ұрлыққа» айналып кеткен.

Құсмұрын дуанында «қараңғы ұрылардан» атақтысы екеу болды: бірі — Уақты Қараман руынан шыққан — Мақаштың Қожығы, екіншісі — Керейдің Шағалақ руынан шыққан — Кішкілдіктің Медебайы.

Қожықтың әкесі — Мақаш мың жылқылы бай болған, Құндызды өзенінің Құсмұрын көліне құятын сағасын мекендеген момын адам екен.

Абылай хан өліп, орнына екі баласы: Уәлі мен Қасым таласқанда, Мақаш Қасым жағында болыпты. Соны естіген Шыңғыс, Мақашты «ата жауы» көріп Құсмұрынға аға сұлтан болып келген соң, «не жүз жылқы беріп мекенін сақтасын, әйтпесе көшсін» деп Қожыққа кісі салады. Қожық та жасынан сотқар, барымташы болып өскен екен. Ол Шыңғыстың мына сөзін қорлық көреді де, жылқы да бермей, мекенінен де қозғалмай отырып алады. Ерегіске кіріскен Шыңғыс Шамырайдың күшімен Қожықты Құндыздыдан қуады да жібереді. Қожықты Есіл бойындағы ағайындары панасына алып, Меңзей деген орманның ішінен қоныс береді.

Мақаштан Ноғай, Қожық екен. Қоқай бай, бірақ малма тымақ нашар кісі екен де, Қожық батыл, батыр адам екен. Меңзейге бара Қоқай өледі де, алыста бүркеуде жатқан Есеней, жер қайысқан қолмен келіп, айғыр-үйір аза салып бата қылады. Сонда, тік сөйлейтін Есенейге біреулер:

— Қоқаңа бата қыла келдің бе, Есеке? — десе:

— Не оттап отырсың? — депті Есеней ақырып тастап, — Қоқайға қ.... бата қыла ма, мен Қожыққа бата қыла келдім, — деген екен.

Олай дейтіні: бұл өлкеде бұрын — ашық барымтаға, кейін-қараңғы ұрлыққа ешкім Қожықтан өтпепті. Оның өзінде әлекедей жаланған тоғыз ұл болыпты. Оларға қоса, осы маңайдың ұры-қарысының қордасы Қожықты төңіректеп, бәрін де сол ергізіп-жусатқан. Олар «Қожықтың қырық қарақшысы атанған». Солардың алыстан жүздеп тартатын жылқыларын Қожық «білсе — барымта, білмесе — сыдырымта» қылған. Сонша күші бар Қожыққа, малын алдырғандар батып келе алмай, «бұйырмағанға» санап отыра берген. Біреулер ізденіп, «аға және «кіші» аталатын сұлтандарға шағым айтса, олар да әкімшілік құруға бата алмай, тек патша үкіметіне мәлімдеген де отырған.

— Бір сәтте, — деседі, Қожықты білетін жұрт, — Омбыға барған шағымдарды тексермек боп, Қызылжарда тұратын оязнай — «Бала-Шодыр» деген шығыпты. Қасында он шақты солдаты бар, олар Меңзейді мекендеген Қожыққа кеп жөндерін айтқан соң, Қожық: «үйіме келген соң, әуелі қонақ болыңдар. Жауабымды содан кейін берейін», депті де, қымызға меңдуана қайнатқан суын қосып беріп, аналар естерінен айрыла мас болған шақта, бәрінін, де қаруларын жинап ап, тірідей құрымға бөлеп, кезек-кезек шаңыраққа асып, астарынан түтін береді. Сол қалыптарынан ретке отырғанда, ас ішкен уақытта ғана босатады да, өзге уақытты ыстай береді.

— Солай ыстағанда, — деседі айтушылар, — тірі адам да сүр болып, денесі сарғайып кетеді екен. Бала-Шодыр да, нөкерлері де әбден ыс болып сарғайған шақта, Қожық: Ал, енді, білгендеріңді қылыңдар!» деп босатады да, қаруларын алып қалады. («Артынан біраз жылдан кейін, қалың отряд келіп, Қожықты да, балаларын да қапыда басып, түгелімен «итжеккенге» жіберген, содан тоғыз баланың біреуі ғана оралып, өзгелері сол жақтан қайтпаған» деседі) ».

Қожық өзгелер түгіл, аузынан жалын атып тұрған шағында Есенейге де зорлық қып, Есіл бойында түлкіге салдырып жүрген «Танакөз» бүркітін, аңшылардан тартып алған. Елші жіберсе бермесіне көзі жеткен Есеней, Меңзейдің күзегінде отырған Қожыққа өзі келеді.

Қожық тұтықпа, кекеш адам болған. Бұрын талай кездескен Қожықтың үйіне келген соң Есеней аттан түспестен:

— Уа, кекеш ит, барсың ба, үйіңде жоқсың ба? Бар болсаң шық бері! — деп айғай сапты. Есенейдің даусын таныған Қожық меймандос қазақтың қонақты қарсы алғыш салтымен, сыртына түйе жүн шекпенін іле сап, тысқа жүгіре шығыпты да, жасы үлкен Есенейге:

— һа-а-ас-с... салау м-мі-мәликем! — деп сәлем беріп, қолын ұсыныпты. Сонда Есеней қолын алмастан:

— Әй, кекеш ит, сенде тоғыз ұл бар, менде бір де ұл жоқ. Сен ұлдарыңа алданасың. Мен неменеме алданам? Неге тартып алдын, бүркітімді — депті. Сонда Қожық басын төмен иіп, қолдарын қусырып:

— Же-же-жеңдің Е-е-е-сеней?.. Сыбағаңды же-же-же де, бү-бү-бүркітіңді а-а-алып қайт! — деген екен.

Есеней расына да Қожықтың ағасына аза салу үшін емес, өзіне жолығу үшін келген еді. Сондағысы былай да еш екенін білетін Қожықты Шыңғысқа қарсы қайрау.

— Әй, кекеш, — деп бастады Есеней қайрау сөзін, — осы сен туысың — Балтамбердінің құнын неге сұрамай кеттің? Кімнен қорғалайсың, сонда? Шыңғыстан ба? Баяғы қара қасқа атты Қамбар батырды шығарған одан бері — Ер Көкшені, тіпті бертінде — Ер Қосай мен Сары — Баянды шығарған Уақ атаңның баласы, енді батырлықты қойып қатындыққа көшкенсің бе? Олай демегенде не дейін? Алпамсадай ерің-Балтамбердіні Уәлі тұқымы тапа-тал түсте өлтіріп, денесін белгісіз жерге тыға салады. Оны жоқтайтын Уақтың баласы жоқ. Талай жыл өтті. Біреуін, ошаң етіп атқа мінбейсің, ерінді жоқтамайсың!.. Уақтың, баласы әсіресе, «ендігі ері» деп жүрген — сен неден сорлы болдыңдар бұлайша қорғалайтын?!..

Күтпеген сұрауды естіген Қожық, жауабына сасып қалды ма, әлде тұтықпас ұстап қалды ма, — «э-э-э-э» деп, еріндерін бүлкілдетіп, иегін селкілдетіп ештеңе дей алмағанда Есеней киіп әкетті.

— Неменесіне тұттығасың? — деді ол. — Кімнен қорқасың? Хан тұқымынан ба? Қазір олардың бұты-бес-ақ тиын екенін білмеймісің?

— Ы-ы-ы-рас! — деді Қожық, даусын ышқына әрең шығарып, іште қайнаған ызасы сыртына бұрқырап шыға келгендей, бетінің бұлшық еттері бүлкілдеп, қиғаш қысық көздері шатынай қап.

— Ырас болса неғып отырсың? Сенің күшің туысың — маған ғана келеді: бүркітімді тартып аласың, бәйге атымды тартып аласың!.. Дұшпаныңа олай емессің!..

Сөзден тосылған Қожық бұрынғыдан жаман тұтығып, ызадан жылап жіберді.

— Еркек адам, ер адам деп жүрсем, сен де осындай жасық па едің тәйірі, — деді Есеней, — еркекше Қару жұмсаудың орнына, қатынша жылағанын, не қылғаның?!..

Ұялғандай көзін сүрте бастаған Қожықты Есеней омыраулай түсіп:

— Тый әрмен — әрі көз жасыңды! — деді жекіп, — мықты болсаң әрі жеріңді тартып алып қаңғыртып жіберген, әрі еріңді өлтірген — Шыңғыстан кек ал, әйтпесе, өшір «Қожық» деген атыңды...

— Со-со-сонда? — деп кекештене ақыл сұраған Қожыққа:

— Қазір жыға алмайсың белдесіп оны, — деді Есеней,-қарын алыстан ұрып талдыру керек?

— Со-со-сонда?

— Шыңғыс Орынбор мен Сібірдің шекарасында отыр. Сібір жағын өшіктіруді міндетіме мен алайын, Орынбор жағын сен ал.

— Қа-қа-қалай?

— Орынбор жағындағы байлардың жылқыларын ұрлатып, Сібір жаққа айдат та отыр. Шыңғысқа барса, теңдік берме! Содан кейін екі оттың ортасында қалады да қояды. Мықты болса, күймей шығып көрсін содан.

Олар осыған келісті. Есеней кете, Қожық Орынборға қарайтын: Арғын, Қыпшақ, Жағалбайлы, Жаппас, Шөмекей елдерінен жылқыны ұрыларына үйірлеп айдатты да, екі жаққа асырып жіберді: бірі — қазіргі Мүсін (Явленко) қаласының тұсын мекендейтін, Керейдің Шағалақ руынан шыққан атақты ұры-кішілдіктің Медебайына екіншісі — Қарауылдың, қазіргі Атбасар төңірегін мекендеген, Бекмырзаның Баубегіне.

Қожықты бұл ұрлықтан тыюға Шыңғыстың шамасы келмеді. Өз күші жетпегеннен кейін, орыс үкіметіне айтқанда, тыюға келген Бала-Шодырға Қожықтың не көрсеткені анау.

Орынбор елдері, Шыңғыстың мұнысын «Қожыққа әлі келмеу» деп санаған жоқ, «бағып отырған елінен қорқып, қол астындағы ұрыларын бермеу» деп санады. Сөйтіп жүргенде, «Қожықты ұстауға Орынбордан да, Омбыдан да әскер шығып, олар Құсмұрында түйіспек екен» деген хабар естілді.

«Батырға да жан керек» дегендей, Қожық саса бастады.

Қожықтың «бас батырым» деп жүретін, Аңдамас есімді ұрысы болатын. Ол күшті де, шешен де жігіт. «Омбы мен Орынбордан әскер шығады-мыс» деген хабардан қорыққан Қожақ не ақыл айтады?» деп Аңдамасты Есенейге жіберді. Аңдамас әкелген хабарды Есеней де естіп отыр екен. Оқиғаны «бұлай болмас», деп, «екі елдің билері бас қосумен ғана шешілер», деп ойлайтын Есеней, «қалын, әскер шығады», деген соң, Қожықтан кем саспай, маңайындағы білгірлерді жинап ақылдасты. Солардың ішінде Көшебе руының атақты билерінің бірі және Есенейдің туған апасы — Матақты алған жездесі — Табай да бар еді. Көшебе, Сибан бас қосқанда тоқтаулы адам сол болатын.

Аңдамастың келуіне байланысты жиналғандардан, «осындайдың ақылын сен табушы едің» деп, сөзді Табайға бастатты. Оның Аңдамасқа берген бірінші сұрауы.

— Сен жәй ғана бау кеспе ұрымысың, болмаса, сөз ұғатын да жігітпісің?

— Қайдам, — деді Аңдамас, — өзімді өзім көтермелеп не дейін. Айтып көріңіз. Ұғар-ұқпасымды сонда байқарсыз.

— Ендеше, Құсмұрында болатын жиналыстың алдында сен дуанға бар да қолға түс. Жиынға Керей, Уақтың игі жақсыларының бәрі барады. Көшебеден-Байдалы екеуміз, Балтадан — Төлеміс пен Иса, Тарышыдан — Тоқсан мен Аю, Сибаннан-Есеней мен Өсіп, ойдағы Уақтан — Елембай мен қырдағы Уақтан-Жарығамыс пен Шабанғұл, Күрлеуіттен — Жігіт, Қанжығалыдан — Шәңкі тағы тағылар... Бұл — Шыңғыстың аға сұлтан болғалы екінші рет шақырып отырған «Шырпы-шиі» Сондықтан ол, Орынбор мен сібірілік қазақтардың бастарын қоспастың бұрын, әуелі өз дуанының әлгі атаған билерімен бас қосып, мән-жайды анықтап алар. Шыңғыстың арғы атасы — Күншуақтың қара шаңырағын қондырған ордаға бәріміз барармыз. Шыңғыстың өзі орданың төріндегі тақта отырар, өзгеміз екі қанатына қақ жарылып жерге төсеген кілемде отырармыз. Сөз қолға түскен ұры — сенен басталар. Жауапты Шыңғыстың өзі алар. Сенің ұғатының ендігі сөздер. Құлағыңды түре тыңда!

— Тыңдайын, Табеке, — деді Аңдамас.

— «Атың кім?» деп сұрар, Шыңғыс біле тұра. Сен атыңды атарсың. Содан кейін «сені бау кеспе ұры» дейді, «рас па?» дер. «Рас» дерсің. «Орынбор елінің малдарын ұрлағанын, рас па?» дер, «рас», дерсің. «Өзің ұрладың ба, жұмсаушы бар ма?» дер, «жұмсаушы жоқ, өзім ұрладым» дерсің. «Неге ұрладың?» дер, Шыңғыс қатуланып, сен саспай «сүйенерім бар», дерсің. «Кімге сүйенесің?» дегенде, Шыңғыстың екі қанатында отырған билерді саусағыңмен нұсқап санап өтерсің. Ұқтың ба?

— Ұқтым, Табеке, — деді Аңдамас.

— Ұқсаң, кәне, атап бер!

Аңдамас Табай атаған билерді санап өтті.

— Ұққан екенсің. Шыңғыс «сүйенерің кім» дегенде, «сүйенерім осылар» деп аталған билердің бәрін саусағыңмен көрсетіп шық!

— Ойбай-ау, Табеке-ау, — деді Аңдамас, — жұрт көзінше олай десем, Шыңғыс жанымды қоя ма?

— Демің ішіңде болсын, — деді Табай күлімдеп қойып, — айтқанды орында. Ар жағында жұмысың болмасын Сөздің аяғын тыңда. Сен: «Сүйенерім бар» деп, Керей, Уақтың игі жақсыларын атап еткенде, Шыңғыс: «Олар сені адал ісіңнен ақтар, мойныңа алып отырған арам ісіңнен қалай ақтайды?» дер. Сен оған «Ақ ісімнен өзім де ақталам, арам ісімнен ақтайды», дерсің. Шыңғыс сонда саған ақырып: «Не оттап отырсың? Арамды қалай ақтайды?» дер, сонда сен: «Егер, бір мені ақтап ала алмаса, несіне Керей. Уақтың адамы болып жүр, бұлар?.. Онда бәрінің де әкесінің аузын...» дерсің.

— Мынауың тіпті қиын іс қой, Табеке-ау! — деді Аңдамас.

— Оттама! — деді Табай жекіп, — Ұқтың ба өзің соңғы сөзді де?

— Ұқтым ғой, Табеке, — деді Аңдамас, қаймыққан кескінмен. — Бірақ...

— «Бірақ-мірақтың» керегі қанша саған! — деді Табай Аңдамасқа түйіліп. — Егер өзіңе жан керек болса, айтқанды орында. Әйтпесе, бетіңмен қаңғыра бер де, ажалыңды жолыңнан күт!..

Бірдеме дейін деп келе жатқан Аңдамасқа, Есеней: «Тоқтат сөзіңді, қайымдаса бермей!» деп ақырып тастады. Үндемей бұғып қалған Аңдамасқа:

— Жездемнің үйреткен сөзін жаттай бер, — деді Есеней, — одан залал жоқ. Шыңғысты олайша жауап сұрауға жеткіземіз бе жоқ па, оны келешек көрсетер. Әзірге аттана бер. Тек қана ескертерім, — Құсмұрынға Керей, Уақтың игі жақсылары жиналып болмай, Шыңғыстың қолына түспе.

Көшебе, Сибанның адамдары осыған келісті. Аңдамас басы ауған жағына жөн тартты.

ШАЛДУАР ШОҚАН

Біз Шыңғыс пен Есенейдің арасындағы қарым-қатынастардың ізін қуып, оқырмандар құлақ түріп қалған бір жайды ұмытып кетіппіз. Ол — Шыңғыс Сырымбеттен Құсмұрынға аттанғанда, әйелі Зейнептің жүкті болып қалуы.

Алғашқы жылы «Аман» аталатын қарағайдың ішіндегі «Әулие» есімді көлдің жағасына қыстау салдырған Шыңғыс Сырымбетке күз оралды да, соңына қарашыларын ертіп, Зейнепті алып қайтты. Ол Айғанымның меншігіндегі мал-мүлікті бірге туған аға-інілеріне түгелімен қалдырып, тігер тұяқтан жалғыз шымқай сары түсті жорға тайды ғана алды, онда да шешесінің өсиетімен. Енесінен судай жорға болып туған бұл тайды құлын күнінде көрген Айғаным:-«Амандық болса, Шығажаным мінер, бұл құлынды, ат болғаннан кейін; санына хан атамның ай таңбасын басып жіберіңдер, аты «Сағымсары болсын» деген. Жорғалай аяқтанған Сағымсары, жортақ, желіс, шабыс дегендерді білмей, үнемі тайпалатын да отыратын, сол жорғасымен шапқан атқа жеткізбейтін. Шыңғыстың әке-шешесі жинаған малдан жалғыз ғана тай алған себебі: Зейнептің төркінінен әкелген малы да жетерлік еді. Ағасы Мұса, «жетім қалған жалғыз қарындасымды жылатпаймын, еншісін берем» деп, Зейнепке әкесі Шорманнан қалған төрт түліктің бәрінен де үлес айдатқан «көшкенде көлігі» деп жиырма бес түйе, «кісіден сауын мен соғым сұрамасын» деп жүз шақты жылқы, «көгені де кем болмасын» деп бес жүздей қой берген.

Шыңғыс өз меншігіндегі мұншама малды да түгел айдамай көбін туыстарына қалдырып кетті. Оған себеп-Құсмұрынға баруына үш-төрт — ақ ай болғанмен, біреулер «ерулік» деп, біреулер «Сыбаға» деп, біреулер «Көлік» деп, біреулер: «Сауын» деп, енді біреулер — параға беріп... дегендей, ондағы төрт түлік малының да басы көбейіп кеткен.

Зейнеп екі ақ отаумен және ас-сулық қоңыр үймен түскен еді. Олардың іші, болса-болмаса да, жасау-жиһазға, ыдыс-аяққа толы. Шыңғыстың Құсмұрынға көшерде солардың үстіне ата-бабасынан қалған мүліктерден алғаны, жалғыз қара шаңырақ қана. Оны да алғысы келмеп еді, аттандыруға жиналған хан тұқымының үлкен-кішісі: «Біздің ата-бабамыздың аруағы осы шаңыраққа үйірілген, ендігі іске татырамыз — сенсің, шаңырақ сенде болсын», — деп еріксіз алдырды.

Зейнеп, келер жылдың көктемінде босанып, ұл туды. Бұл кезде ана жылы патшаға қарсы ғазауат ашып, қарулы әскерден жеңілгеннен кейін, Сыр бойына ауып кеткен Марал ишанның үлкен баласы — Қалқай ишан Шыңғыстың үйінде жатыр еді. Үкімет кезінде, Қасым балалары: Есенгелді, Саржан мен Кенесары, Наурызбаймен жау болып жүретін Шыңғыс, олармен астыртын жалғасып, қат-қабат араласып жататын. Марал тұқымымен де солай болатын. Маралдың Сырға ауғанға дейінгі мекені — Аманқарағай ішіндегі Әулиекөлде. Оның «Әулие» аталуы да сондықтан болатын.

Сол мекеніне жасырын келіп, Шыңғыстың үйінде қонақтап жатқан Қалқай ишанға:

— Әулие, сіз қойып беріңіз, нәрестенің атын! — деп өтінді Уәлі тұқымдары, Зейнеп ұл тапқаннан кейін.

Ғазауат әлі де есінен кетпеген, осы сапарға артта қалған ағайынның әу-жәйін байқауға, реті келсе тағы да көтеруге шыққан Қалқай, Уәлі тұқымының өтінішін естігеннен кейін ұзақ ойланған жоқ.

Күллі ислам дүниесінің, олардың ішіңді, «Бағдатта жиырма бес жыл оқып, он екі пәнді тәмам ғып келіпті» дейтін Қалқайдың сенімінде, бүкіл ислам тарихындағы ең зор ғазауатшы: Мұхаммед пайғамбардың әрі қызы Фатиманы алған күйеуі, әрі әскерінің бас қолбасшысы хазірәті — Ислам дінінің ұранымен соғысу.

Ғали «Оның үш қатынынан он сегіз ұлы болған, бәрі де батыр болған солардың ішіндегі ең батыры — Мұхаммед-Ханафия дейтін ұлы екен әкесіне еріп, ғазауат соғысын сол жүргізген деседі.

«Болашақтың Мұхаммед-Ханафиясы болар ма екен?» — деген тілекпен Қалқай ишан Зейнептен туған ұлдың атын — Мұхаммед-Ханафия қойды. Былай да шолжың Зейнептің бұл есімге тілі келмей сәбиін «Қанаш» деп кетті былай жұрт «Шоқан» деп кетті.

Он тоғызыншы ғасырдың басында, «Бөкей ордасы» аталған өлкеде (қазіргі Батыс Қазақстан) хандық құрған Жәңгір Бөкеевті, сол кездің, сол маңайдағы ақыны, «Алаша» аталатын рудан шыққан Байтоқ жырау:

Бір жасына келгенде,

Тілі шықты кәләммен,

Екі жасқа келгенде,

Қолына қағаз алды қаламмен, —

деп көтермелейді. Сол айтқандай, Шоқанды да бір жасынан сөйлеп кетті деген әңгіме бар.

Төре тұқымында баланы тілі шыққанша бесікке бөлейтін әдет болған. Зейнеп сол әдетті Қанашына да қолданған. Бұл жайда ел арасында мынадай қызық әңгіме бар: бір сәтте, Зейнеп бесіктегі «Қанашын» қонақ үйде емізіп отырады да, бала ұйықтап қалғасын тысқа шығып кетеді. Іле ол үйге қонақтар келіп түседі де, «асығыспыз» деген соң мал сойылмай, сүр асылады. Тез піскен тамақ қонақтардың алдына келіп, табақты айнала отырған олар етті жеуге кіріседі. Сонда бесіктегі Шоқан оянып, таңғышынан бір қолын шығарады да, бесіктің жабуын шетінен түріп;

— Әу, қонақтар, мен аш қалмайын! — дейді.

Дауысқа жалт қараған қонақтар, көздерін бесікке тіксе, бөлеулі бала:

— Рас айтам, еттен маған да беріңдер! — депті. Сонда біреулер:

— Алла, мынау не сұмдық?! — деп үрейлене бастапты.

Олардың ішінде Уақ руының беделді биінің бірі — Елембай да бар екен. Батыл да, батыр да дейтін Елембай үрейленгендерге:

— Немене қаша қалғаны? Кісі жер деймісің титімдей бала? Жесе, мені жесін,-деп орнынан тұрыпты да,-зарлатпай шешіп алайын мұны,-деп, жөргегінен босатып қолына алыпты. Бала тығыршықтай семіз екен дейді. Оны кішкене көйлегімен қолына көтеріп алған Елембай «Керей мен Уақтың қай сорына тудың екен?»-деп, тасырайған қарнына шертіпті де:

— Жұртты жеп үйренген хан тұқымы-ай, енеңнің шуынан арылмай жатып тамақ тілейсің-ау! Сұраушының тілін кеседегі еді, мә аса! — деп аузына қазының ұлпасын тығып жіберген, бала сорып жұтып қойған.

Шоқанды әке-шешесі де, Уәлінің өзге ұрпақтары да, кішкене күнінен далдалатып, ерке ғып өсірген. Оған бір себеп төмендегідей екен:

Айғанымның өсек-аяңы көп болғанын білеміз. Сол сөздер құлағына шалынған Шыңғыста «мен кімнің баласы екенмін?» деген күдікті ой жүретін. Балтамбер әңгімесін естігеннен кейін батыл біреулер «соған ұқсастығың бар» дейтін. Ол сөзге нанар-нанбасын білмеген Шыңғыс: «Бұл не пәле?!» деп іштей налитын.

Сөйтіп жүрген күндерінің біреуінде, Шоқан апыл-тапыл баса бастаған шақта, Шыңғыстың Құсмұрындағы үйіне Керейдің Балта руынан шыққан Тұрсынбай батыр келе қалды. «Абылай ханның туын ұстапты» дейтін бұл батырдың жасы тоқсаннан аса бастаған кезі еді. Бірақ атқа жүруге тың да. Шаруа күйі нашар батыр, «Абылайдың немересі» деп, Шыңғысқа әдейі жүрек жалғау үшін келіпті.

Шыңғыс Тұрсынбайды құрметпен қарсы алып, жүдеу киімдерін тастатып, жаңадан жақсылап киіндірген, тәтті-дәмдісін аузына тосқан.

Сондай сәттің бірінде, батырдан бата алғысы келген Шыңғыс тәй-тәйлап жүрген Шоқанды қонақ үйге көтеріп жепті де, Тұрсынбайға:

— Батыр ата, мынау шөбереңе бата бер! — деп алдына тосыпты. Тұрсынбай қолына ала берген балаға, жасаураған үлкен шағыр көзін қадай қап:

— Аруақ, аруақ! — деп жылап қоя беріпті.

— Ата, бұның не?! — деген Шыңғысқа:

— Жыламағанда қайтейін! — депті Тұрсынбай, — мынау балаң, аумаған Абылай ағам ғой!..

Сол күннен бастап Шыңғыстың басына «балам Абылай атама тартса, мен неге Абылай ұрпағы емеспін!» дегенге ұялады. Сондықтан бұған дейін де жақсы көретін Мұхаммед-Ханафиясын енді тіпті де жанынан санап, ерекше еркелетіп жіберді.

Шоқан тентек болып өсті, оған бас себепкер Шепе еді.

Шоқан Абылайға тартты»» деген сөзге, Шепе Шыңғыстан артық болмаса, кем сүйсінген жоқ. «Әліпті таяқ» деп білмейтін ол, «хан тұқымының түпкі атасы Күншуақтан жаралған» деген сөзге қатты иланатын еді де, ішіне өзін қоса, оларды «ақ сүйек» деп, былайғы қазақтарды «қара сүйек» деп менсінбейтін еді. Шешесінің жүрісті болуы оның да құлағына шалынған, сондықтан ол да «мен кімнің, баласы екенмін» деген күдікте болатын. Сондай ойда жүргенде, Шоқанның пішіні Абылайға тартты деген сөзді естіп, «Шыңғыс атамның ұрпағы болса, мен неге емеспін?» деп сенді де, Уәлі тұқымының абылайлық екендігіне куә сияқтанған Шоқанды жанындай жақсы көрді.

Шепенің ұғымында әлсізді күшті жеу, — тәңірінің әзәлдә жазған бұйрығы, ендеше әлің келгенді жей бер. Және оның ұғымында қазақтың «Алпыс күн атан болғанша, алты күн бура бол!» деген мақалы дұрыс ендеше, қолда күш барында, кез келгенді жеп үлгер. Тарихтан, яғни халық өмірінде болған оқиғалардан хабары жоқ Шепенің, қазақша айтқанда «ақылы көз алдында» яғни көзі көрігі жүргеннен арғының да, бергінің де оған қажеті жоқ. Оның көз алдындағы нәрсе, — Шыңғыстың аға сұлтандығы, соған байланысты күш-қуаты. Шепенің ойынша патшаның қарулы әскеріне сүйеген Шыңғысқа келер көр де жоқ, жетер күш те жоқ. Оның қылмысты Шыңғыстан асыра сілтеуі де содан.

Шепенің ойынша: «төре» атаулының бәрі бері салғанда-Шыңғыстай, әрі салғанда -өзіндей жемқор, қиянатшыл, зорлықшыл болуға тиісті, сондықтан кішкентайынан жақын тартатын Шоқанды да Шепе осындай тәрбиеде өсіруге тырысты. Соған қоса, қазақ ақындарының кейбірі шығарған өлеңде:

Не асыл заттың бәрі жерден шығар,

Меруерт, маржан тасы көлден шығар,

Жастықта қанша күнә істегенмен,

Қорқып тәуба қылатын өрден шығар, —

деген сөздер бар. Сондықтан тілі шыға сотқарлығы көріне бастаған Шоқанды Шепе кішкене күнінен бейпілдікке баули бастады. Ен, алдымен Шоқанға ол: «Кімнің баласысың?» деген сұрауға: «Әбәй баласымын», деген жауап беруге үйретті. Сондағы «Әбәй» дегені — «Абылай» еді. Тілі төселе бастаған шақта Шоқан: «Абылай» дегенді де ашық айтты. Кішкенеден зерек болып ескен Шоқанға, Шепе Абылайдың кім екенін біртіндеп ұғындырды да, «тегін топырақтап емес, күн нұрынан жаралған» дегенді. «асылың қара қазақтан артық» дегенді ес біле санасына сіңіре берді.

Шепе Шоқанға қара қазаққа қалай қараудың, не істеудің жолдарын да үйретуге тырысты, сондағысы «қара» дегеннің бәрін де ренжітетін қылықтар істеу, әсіресе, боқтау. Шоқанның тілі шыға Шыңғыстың үйіне келген адамнан боқтау естімегені жоқ. Кім көрінгеннің бетіне түкіру, мазақтау, біреулердің сақалына жармасу, мініп кеп байлап қойған атын шешіп жіберу, шідерлеген аттарды ағыту, қамшы, бөрік, белбеу, етік, ер-тұрман сияқты нәрселерді тығып тастап, кейін таптырмау... Шоқанның дағдылы ісі болды. Жәбір көрген жұрттың сөзімен, Шыңғыс Шоқанға тыйым салмақ болғанда, Шепе үнемі қорғаштап, көнудің орнына өзін боқтатып, мазақтатып үйретті.

Шоқан сотқарлық қылықтарын жалғыз атқарған жоқ. Шыңғыстың қарашы аталатын аулы барын білеміз. Бірталай үйден құралатын бұл ауылдың аяқ басуға жараған ұл балаларының, бәрі — Шоқанның отряды. Олардың «командирі» — өзі де, «жәрдемшісі» — Жайнақ дейтін бала Шоқан мен ол бір жылда, бір айда, бір күнде, бір мезгілде, таң сәулесі алаулай қызарған шақта туған. Шоқан ересек жасқа дейін булығып, шарға бойлы болып өскен, ал, Жайнақ жас мөлшерінен өресі биік, бойшаң бала болған.

Аяқтарын апыл-тапыл басқан соң-ақ, Шоқан мен Жайнақ бірге ойнайтын болды. Төре баласының төлеңгіт баласына үйір болуы Шепеге ұнаған жоқ. Бірақ, Шепе оларды айыру тілегіне жете алмады, қалай айырмақ болса да екеуі қосыла берді. Ақыры, қалжыраған Шепенің қолынан келгені — Шоқанға Жайнақты да боқтатып, сабатып үйретуі. Сол үйретіндімен, былай да сотқар, тыз етпе Шоқан, кейде боқтап немесе қол қата қалса, табиғи мінезінің салмақтылығынан ба, әлде төлеңгіт баласы екенін түсінуінен бе төзімділік көрсетеді, ашуы да, қайтуы да тез Шоқан Жайнақпен ілезде табысады.

Жайнақ Шоқанға ойын үшін ғана емес, серіктік үшін де керек, әсіресе жаздыгүні, ел жайлауға кешкен шақта, ол кезде аралары жиі отыратын ауылдардың балалары, ойдың үстінде дай-дай болып төбелесіп те қалады, «төре», «қала» демей, әлі жеткендері сабап кетеді. Сондай шақта Шоқанға ерген балалардың ішінен ерекше қайрат көрсететіні. Ол қайратты да, мықты да, шапшаң да, жүйрік те екі айда қарсы жатын қиратып шығады қуса — жетеді, қашса — құтылады, бірге-бірге өзі қатарлас балалардың кез келгенін сұлатып салады. Күрессе — жығады, сол жәйін байқағандар, серейген бойына, күштілігіне қарап Жайнақты «Жирен буыршын» дейді; негізі жуас Жайнақ өз бетімен ешкімге соқтықпайды, Шоқанды «төрем» деп түсінетін ол, жұмсаған ісінен бас тартпай, не айтса да орындап жүреді.

Осындай жағдайдағы Шоқан мен Жайнақ, романның оқиғасы басталған 1847 жылдың жазында, Шыңғысты аса ауыр күйзеушілікке ұшыратты.

Шоқан «тентек» дегенмен есті тентек еді. Көптің көзіне болып жататын оқиғалардың бәрін ішіне түйіп, өзінше қорытынды жасап жүретін.

Кейде көзімен көріп, кейде құлағымен естіп... дегендей, Құсмұрын дуанына қарайтын елдің «игі жақсы» аталатындардың кімдер екенін Шоқан жақсы білетін еді, солардың ішінен, қайсылары әкесін жақтайтынын, қайсылары жақтамайтынын да түсінетін. Әкесіне өшіккендерге бұл да өшігіп шалдуарсыған болып сотқарлық қылықтарды көбінесе соларға істейтін. Онысы «кек алудың тәсілі» деп түсінетін. Жәбірленушілер ол ойын аңғармай «төре баласының далдан дауы» деп не қылық жасаса да кек көрмейтін, «баламен бала болмайық» деп, әрі Шыңғыстан қаймығып, бетке қақпайтын тек, бір сәтте, үйіне келген Қожықтың кекештігін сықақтап, онымен де қоймай, үстіне мініп алуға айналған соң, ашуы келген Қожық ішінде Шыңғыс та бар шаршы топтың көзінше:

— Құдайдың баласы бо-болсаң да, ә-ә-әрі кетші, ша-ша-шалжаңдамай!-деп шапалақпен бетінен тартып жіберген; ашу қысқанда өзіне ие бола алмай қалатын Қожық, қиғаш көзі шарасынан шатынай шығып, шапалақтың екпінімен ұшып кеткен Шоқанды бүркіттей бүрмек боп ұмтылғанда, түсінен шошыған Шоқан үйден шыға қашқан, қумақ болған Қожықты қасындағылар әрең ұстап қалған; кім көрінгенді бас салатын Шоқан, содан кейін сотқарлығының бұл түрінен біраз тыйылып, тимеуіне көзі жетпеген адамға ұмтыла қоймайтын.

Елдің тауқыметін байқап жүретін Шоқан, соңғы кезде әкесіне қарсылар көбейе түсуін де, олардың түп қазығы Есеней болып жатқанын да аңғаратын. Сондай жаулар 1847 жылдың жазы шыға тіпті қалыңдап, Құсмұрынның қырқасына қонған хан аулының маңында, қарашыларынан басқа ауыл қалмағанын Шоқан білді, бірақ арты неге соғарын білмеді, сондықтан хан ауылын басқа ауылдар жан-жақтан баса-көктеп көшіп жатуына мән берген жоқ.

Шоқан, тек, бір ғана ауылға мән берді: Құсмұрын көлінің теріскей жағында, Обаған өзенінің бойында мекендейтін Уақтың Өтей және Дәуіш аталатын екі руының ішінде, Өтей дейтін әрі байы, әрі биі, оның «атып кел, шауып келі» болған Төлеген дейтін қуы, пысығы бар-тын. Басқа Керей, Уақ Шыңғыстан іргесін алыстата бастаған шақта, олардың — «төбе би» боп, Төлегені-«босаға би» боп, жұптарын жазбайтын.

Солайша болып келген Өтей мен Төлегенге Есеней бастаған Керей, Уақ биыл 1847 жылдың көктемінде салмақ сап; «Не Шыңғыспен, не бізбен бол, қай таңдауын өздері алсын; Шыңғыспен болса — жауымыз, онда, Шыңғысқа не көрсетсек, оларға да көрсетеріміз сол. Ал, бізбен болса, Шыңғысқа біз не көрсетсек, соған бірге қосылады», — деген.

— Сонда бізге не қыл дейді? — деген Өтей мен Төлегенге:

— Шыңғыстың биыл шабылатын жылы, — деген елші, — содан қорқып жайлауға шықпай, орыс әскерінің бекінісіне паналағалы отыр. Сонда да шабылады. Сол кезде сойылдың, күшінде найзаның ұшында кетпеу үшін екеуін, де елмен бірге жайлауға көшесің!

Өтей мен Төлеген жайлауға жапа-тармағай көшкен елге амалсыз қосылған.

Өтей мен Дәуіш жайлауда ұзақ тоқтамады. Онда да тақыршылық еді. Жаздай жаңбыр болмаған соң қар суымен көтерілген жусан мен бетеге, шілде туа ұшты да, жайлау да қара тақырға айналып, малына от іздеген ел жан-жаққа бытырай бастады.

«Бұлт ала, жер шола» дегендей, сол бір қысаң шақта, Тобыл мен Обағанды бойлай жаңбыр өтіп, тақыр жердің көктей бастаған хабары естілді. Бұл өзендерді мекендейтін жайлаудағы елдер, олардың ішінде Өтей мен Дәуіщ көкке қарай сөгіле тартты. Үдере кешкен ауылдар, айдау көрген арық-тұрақты аз күн тыңайтпақ болып, Құсмұрынның «Аяқ бұлағына» жетті де жаппа тікті.

Кегі бар Шыңғыстың Өтей мен Дәуішті Құсмұрын төңірегіне кідірткісі келмей, «жерімнен етіп қонсын»! деп кісі жіберіп еді, олар «жер адамдікі емес, құдайдікі, бұл ара бәрімізге ортақ көшімді тынықтырғанша отырамыз» деп дау айтты.

ІІІепеге салса, бекіністен солдат әкелу керек те, мылтық күшімен айдау керек. Шыңғыс ондай қылыққа үш себептен бара алмады: бірі — Шепенің айтағына шабудан беті талай шарпылып, ендігі өліртпесіне аяғын аңдап басатын болған, екіншісі — жақында өтуге тиісті «шырпы-шиге» жиналатындардың алды. Құсмұрын көлін төңіректеген ауылдарға келе бастапты», деген хабар естіліп жатты, тыңшылардың Шыңғысқа хабарлауынша, «беттері жаман», жиналыста Өтей мен Төлеген де болуға тиісті, олардың әсіресе "Өтейдің Керей мен Уақтың арасында салмағы бар, үшіншіден жуық арада Шыңғыстың үйіне Омбыда өзімен бірге оқыған, кейінгі жылдарда «Сібірдің бөлекше корпусы» аталатын әскери қосында инспектор болып қызмет атқаратын-Александр Николаевич Драгомиров келіп кеткен. Оның хабарлауынша, — «Құсмұрынға жиналыс кезінде Орынбордан да, Омбыдан да келеді-мыс» деген әскерлік отрядтар әзірленіп жатқан шақта, Омбыға патша сарайының қасындағы сібірлік комитеттің председателі — князь Чернышев келіп, жергілікті үкіметті қазақтарға мылтық күшін қолданудан тыйып тастаған. Онымен де қоймай Құсмұрынға арнаулы ревизия жіберуді де тоқтатқан.

— Жақында ғана бағынып, жуықтан бері ғана тыныштала бастаған отар елге күш жұмсаудың, үрейлендірудің керегі жоқ, — деген Чернышев, — дау-шарларының, бәрін де қазақтың өз әкімдеріне тастау керек, қалай бітірсе де еріктері орыс үкіметіне, қазақтардың ішкі жұмысына араласпау керек, сырттан ғана бақылап, Россия мемлекеттігіне қайшы келетін істерде ғана, қисығын түзеу керек, онда да күшпен емес ақылмен, Драгомиров осы нұсқау жайында Чернышевтан Орынбор үкіметіне деп әкеле жатыр екен. Омбыдан Орынборға қазақ-орыс линиясымен келе жатқан ол, жаңағы хабарды Шыңғысқа жеткізбек болып, Құсмұрынға әдейі бұрылыпты, сондағы ойы-достық көңілін білдіру. Осы жайды айта отырып:

— Халың ауыр, достым, — деді Драгомиров, — үстінен жазған шағымдарды арқалатса, көтере алмай мертігіп өлер ең. Астыртын тексерткенде көбі шынға айналған. Сол қылмыстарыңды орыс соты қараса, сені өлтіріп жібереді. Сондай жайын көргендіктен князьдің аузына, — «бұл істерді қазақ билеріне тастау керек» деген сөзді салған-менмін. Істер Омбыда жата береді, дау-шарды қазақ билері ауызша сөзден тексеруге тиісті. Егер олардың, ауыз бірлігін таба алсаң, саған да, ешкімге де еш нәрсе болмайды, билер қазақтың әдеттік заңына сүйенеді де, жәбірленгендерге айып-қиып әперумен көңілдерін таба салады... Содан кейін Омбыдағы қағаздарды жоғалту оңай. Билердің көңілін таба алмасаң, халың қиын. Онда, құдайдан басқа жәрдемшің жоқ. Ол да көпке топырақ шаша алмайды...

Драгомиров Орынборға жүріп кетті. Қайтарда да соғуын өтінген Шыңғысқа, «тырысармын» деді ол.

Драгомировтың ақылы көкейіне қонған Шыңғыс, «ел билерінің көңілін табудың алғашқы соқпағы осы болсын» деген оймен, ең алдымен, әскерлік бекіністің тас сарайында қамаулы жатқан Аңдамасты босатты да:

— «Ер шекіспей бекіспейді» деген, енді шекіспей бекісейік: ескі өкпе-назды тастайық. Басын, кететін қылмысың бар. Өкпеге қисам да, «ер жігіт» өлімге қимадым. Ендігі салмақты басқа емес, малға салам. Жоқшыларды малмен бітістірем. Малды қайдан табудың ретін келтірем. Бар. Қожыққа да, Есенейге де, басқаларға да осыны айт. Дауы құрысын. Ел тыныштығын ойлайық, — деді.

Шыңғыстың бұл сөздерін — шыны көрген Аңдамас, айтқандарын орындамақ болып аттанып кетті.

Татулық әңгімесі елге тарап, әркімдер әр түрлі сөздер айтып жатқан шақта, Шыңғыстың төбесінен тағы бір ауыр пәле жайдың оғындай ұрып есеңгіретті де тастады және өзге арқылы емес, өзінің баласы-Шоқан арқылы.

Ол да Өтей мен Төлегенге әкесінен кем өш емес еді, олардан кек алуды әкесінен кем арман етпейтін еді. Сол арманы — оның тілеуі қабыл болғандай, Өтей мен Дәуіштің көгеннен ағытқан марқа қозылары маңырай оттаған беттерінде бұлақтың сайына өскен тырбық, қисық бойлы қалың қайыңның ішіне келе қалды. Өрген қозылардың беталысын келдің сол тұстағы ақ тақырында балалармен асық ойнап жатқан Шоқан бақылап тұрды. Оның басына жаман ой орала қалды: «өздерін ағаш ішінде түгелімен бауыздап тастасақ қайтеді?» деп бір ойланды ол Шепеден естіген бір әңгімесінде, біреудің өзі сияқты тентек баласы, өшіккен біреудің өрісте жүрген қойларының арасындағы қошқардың тірідей тірсегін кесіп, асығын алған.

«Қозылардың ішіндегі қошқар боларлықтарын сөйтсек қайтеді?» деген де ой келді Шоқанға.

Соңғы ойына бекінген Шоқан «қарным ашты, үйге барам» деген сылтаумен, төлеңгіт балаларын аулына қайтарды да, қасына Жайнақты ғана ертіп, Аяқбұлақтың бұталы сайымен жоғары өрледі, бірақ серігіне ниетін сездірген жоқ.

Ағаш арасында шырпылардың жапырағын маңырай шалып жүрген қозылардың ішінен Шоқанның көзіне ірі денелі, үлкен құйрықты дөңес мұрынды, сенсең жүні жалпылдаған күрең еркек қозы түсе кетті.

— Ұста ананы! — деді Шоқан Жайнаққа, күрең қозыны нұсқап.

— Неге?-деді Жайнақ.

— Не ақың бар, «неге» екенінде, «ұста!» деген соң ұста!

Жайнақ әлі де неге екенін білмей, Шоқанның бетіне қараса, кейбір қаһарына мінетін қалпына түсе қапты қатты ашуланғанда бетінің бұлшық еттері бүлкілдеп, көздері қанталап шатынай қалатын, «қаршадайынан бұнысы не?!» деп таңданғандарға: «Қан ішкен тұқым емес пе? Бұлар жөргегінен қанға сусап өседі», деп жауап беретін, «білемін» дейтіндер. Ол тұқымнан батырлық қуып жауға шапқан: Абылайды, Қасымды, Кенесарыны, Наурызбайды, Шыңғыстың туған ағасы-Мәмкені айтпағанда, «ең жуасы» дегеннің өзі біреумен төбелесе кетуге төбелессе-пышақ жұмсауға даяр тұратын. «Төре» атаулының белдігінде, қынға тығулы кездігі жүретін, кейбіреулері қанжар да асып алатын, әкімшілік құрғандары мойындарына үнемі қылыш асынатын. Шыңғыс та сөйтіп, қызмет атқарған немесе атқа қонған шақтарында, алтын балдақты, күміс қынапты қылышын салақтатып, мойнына асып жүретін.

Шепе сол дағдыға Шоқанды да кішкене күнінен қалыптастырып, «төреде кісесіз, кездіксіз жігіт болмайды» деп, Шоқанға арнап бір зергерге әдейі жасатқан, алтынмен әшекейлеген кісеге қыны мен екі жүзді кездік ілдірген. Әзірше ешкімге жұмсап көрмегенмен, ашуланған шақтарында, «салып алайын ба?» деп Шоқан да кездігін қынынан суыра жылтыңдатып қоятын.

Күрең қозыны «ұста!» деп бұйырған Жайнақ айтқанын орындамай бетіне қараған соң, Шоқан «алтын кездігін» қынынан суырып алды да:

— Ұста, ұста! деген соң! — деді Жайнаққа жекіп, кездігінің жылтыр жүзін күннің шаңқан сәулесіне жалтылдатып.

Қаймыққан Жайнақ қайын, шырпының дәмі қышқыл бұтақтарын өткір тісімен қырқып ап, быртылдатып рахаттана шайнаған күрең марқаның қасына жанаса беріп, артқы аяғының біреуінен ұстай алды. Шошып кеткен марқа, тұтылған аяғын жұлқи ілгері тартқанда:

— Жық! — деді Шоқан.

Күшті Жайнақ, марқаның денесін құшақтай, сол жақ қабырғасын астына келтіре алып ұрды.

— Бас!.. Жіберме!.. — деп бұйырды Шоқан Жайнаққа.

Тұруға тыпырлап жанталасқан қозыға Жайнақ әрең ие боп, «бұны не істейді?!» деген оймен Шоқанға қарап еді, ол марқаның қатты үстіңгі жақ артық аяғына жармаса кетті де, кездігімен тірсегін шорт кесіп жіберді. Жанталасқан марқа тіпті қатты бұлқынғанда, ие болмауға айналған, әрі марқаны аяған, әрі Шоқанның мына батылдығының не екеніне түсінбеген Жайнақ:

— Бұның не, Қанаш-ау?! — деді үлкен көздері шарасынан шығып.

— Не әкеңнің құны бар, не екенінде? — деді Шоқан, кескіні мейрімсіздене түсіп.

— Обал ғой мынауың!

— Өшір үніңді, әкеңнің аузын!.. Ие бол, марқаға!.. Әйтпесе, кездікті өзіңе салам!..

Бұйрықты орындамауға амалы жоқ Жайнақ, бұлқынған марқаға әрең ие болып, қылпылдаған кездерін Шоқанға тіксе, ол марқаның бөлтірігін де қиып, жіліншігін кейін қайырып жатыр екен...

— Алла! — деді не істерге білмей сасқалақтаған?Қайнақ, бар даусымен. Шоқан марқаның асығын қоса, жіліншікті қайырып жіберді... Сол шақта олардың құлағына.

— Әй, бұларың не?! — деген еркек даусы сап ете қалды. Жалт қараса, киімдері тозыңқы, аяғына ағаш шәрке ілген, қолына жуан таяқ ұстаған, қара буырыл сақалды, күйкі денелі адам!..

Бұл бала шағынан Өтейдің қойын баққан, қартаң тартқанда қозыларын бағуға ауысқан, мал бағудан басқа жұмысы жоқ, қатын-балалары өлген, Жұрқа дейтін бейшара еді.

Балалар Жұрқадан сескенгендей, қозыны қоя беріп кейін шегінді. Сындырған аяғынан шойнаңдай, зарлана маңыраған марқа үш аяқтап қашты.

— Шырақтарым-ай, бұларың не?!.. Обал қайда балалар?.. — деді Жұрқа, жылағысы келгендей, бет-аузы бүлкілдеп, былшықты көзінде жасы мөлтілдеп...-Қозының тірсегін қиғанша менің тірсегімді қисаң нетті, балалар!.. — деп Жұрқа еңіреп қоя берді...

— Кетемісің, жоқ па? — деп Жұрқаға кездігін жалақтата ұмтылған Шоқанды, «ойбай, қой!» деп құшақтай алды. Бұл жолы Шоқан қарсыласқан жоқ. Оны ағаш арасына қарай жетектеген Жайнақ, орнынан қозғалмай жылап тұрған Жұрқаны сескендірмек болып, — «Кетсейші, бейшара-ау, өлесің ғой бүйтіп тұрып! Білмей тұрмысың тентектің кім екенін?» деді. «Кімнің баласы еді, ойбай?» деді Жұрқа ықылық атып. «Шыңғыс ханның!» деді Жайнақ «Кімнің баласы болса да, жетпей желкесі қиылсын!» деді Жұрқа, жасқа булығып. «Не дейді?!» деп бұлқынған Шоқанды Жайнақ босатпай, қалың бұтаның арасына кіріп кетті...

Артқы оң жақ аяғы тілерсегінен омырылған күрең марқаны арқалап, басқа қозыларды айдап, ауылға алыстан аңырап келген Жұрқаны көргенде, ауыл адамы, әсіресе Өтей, не істерге білмей қалды.

Кешікпей Өтей мен Дәуіштің аяқ басқан адамы Өтейдің аулына түгел жиналды. Жиналғандардың ыза-кегінде шек болған жоқ. Не істеудің жайын, жұрт Өтейдің аузынан күтті. Естімеген, көрмеген, күтпеген сұмдыққа кездескен ол, ашу қаншама буғанмен тартымды ақыл иесі болып келген қалпына бақты. Ақындар «қараңғыда жол тапқан, қисынсыз жерде сөз тапқан» деп мақтайтын оны, сақалының ұзындық және молдығына қарап, көтермешілер бураға теңейтін еді де, жастар жағы «Бура атаң» деп, құрбылары «Бөкен» деп, теңдес біреулер болмаса, «Өтей» атын ешкім аузына алмайтын еді.

Өтей Шыңғыстың әкесі — Уәлімен тізелес, табақтас болған адам. Қасым мен Уәлі Абылайдың хандығына таласқанда, Уәліні жақтаушылардың бірі — Өтей болған. Сондықтан оны «Бүкең» деп Шыңғыс та сыйлайтын, үнемі ақылшысы, батагөйі ғып ұстайтын. Есенейдің екпінімен Шыңғыстан биыл жаз іргесін айырғанмен, ордаға ішкі тілегі баяғыдай болатын.

Міне, сондай көңілдес жүрген Өтейге, күрең марқаның оқиғасы төбеден тоқпақпен ұрғандай әсер жасады.

«Қыздырманың қызыл тілділеріне» ерік берсе, Шыңғысқа кісі жіберу керек те, марқаны қосалқа құнмен төлетіп, бұндай қылықты қайталамау үшін, баласына көптің көзінше дүре соқтыру керек. Біреулердің ойынша, бұл қылық баланікі ғана емес, әкенікі де бұны, биыл Өтейдің ірге айыруынан өшігіп, Шыңғыстың өзі істетіп отыр, оның баласына тапсырғаны, бір марқаның ғана емес, бірге өрген қозылардың бәрінің де аяғын сөйттіру, құдай одан сақтаған да, Жұрқа үстінен шығып қалған!..

«Не істеу керек?» дегенде, біреулер күрең марқаны ақсаңдатпай сойып тастауды мақұл көріп еді, енді біреулер, — «сарапқа түсетін марқа болды ғой бұл, көрерсіңдер, әскер күшіне сүйеніп отырған Шыңғыс теңдік бермейді марқаның құнын да төлемейді, баласына дүре де салдырмайды, ендеше, бұл кеңесті дуанға жинала бастаған билерге беру керек, не десе де солар шешу керек, олай болса оташыға марқаның қиылған тірсегін байлатып, қолда күттіру керек» десті.

«Бураған» біраз уақыт үндемей отырып қалған соң, тіл қата алатындары:

— Бүке, не ақыл айтасың? — деді шуласып.

— Қасқыр жеп кететін бір марқа ғой бұл, — деді Өтей тұқырайған басын көтеріп, — бүйтпесе керек еді Шыңғыс. «Бала да өз бетімен істей қойды ма екен, бұны?» деген сөздеріңде де жан бар. Бұл бері салғанда, — Шепенің ақылы болу керек. Әрі салсаң — одан да шиеленіседі. Қалай айтқанда да бұл қылыққа қатты тыйым салмай болмайды, әйтпесе ар жағы өршіп, ұшқыннан өртке айналып кетуі мүмкін. Бірақ бұл жұмысты ашуға емес, ақылға жеңгізейік. Шыңғысқа әуелі кісі жіберейік, себебін білейік, не істеуді содан кейін ақылдасайық.

Өтей Шыңғысқа өзгені емес, өзіне жас жағынан да, бедел жағынан тетелес өсіп келе жатқан Төлегенді жіберді. Сондағы ұстатқан сөзі:

— Баласы мына қылығын Шыңғысқа білдіріп істеді ме екен, білдірмей істеді ме екен? Қайсысы болса да түбінде анықталмай қоймайды, сондықтан шынын айтсын. Одан әрі сөйлесу жеңіл болады. Бұл — бір. Екінші қайсысы болса да, қиын жұмыс болды бұл. Әңгіме Шыңғыстың білу-білмеуінде емес, менің марқамның сирағы буналуында. Бір марқада тұрған түк те жоқ. Ол не қасқыр жеп кететін не кім көрінгенге сойып тастайтын тоқты. Маған осы оқиғаның атағы жаман болып тұр. Менің әуелі — Уәлімен одан кейін Шыңғыспен жан аяспас болғанымды дүйім жұрт біледі. «Шыңғыстың баласы сондай досының малына пышақ жұмсапты» деген қауесет тарайды да, «құрыққа сырық жалғап» дегендей, өсекшілер, әсіресе дұшпандар бұл кеңесті өсіріп әкетіп, бір марқаны мың марқа қылудан қашпайды. Бұны естігенде, дұшпандар «шоқ-шоқ» деп табалайды, достар қынжылады, соның арты насырға шауып, «сыныққа сылтау іздеп отырғандар» жұртты желіктіреді. Бұл ұшқынды үрлеушілер аз болмайды. Оның арты өртке айналып кетуі, талайлардың бұдан шарпылуы, біреулердің күйіп өлуі қиын емес. Осы өртті болдырмауға менің ақылым жететін емес. Шыңғыс не айтады екен бұған?..

Төлеген барғанша, Шыңғыс Шоқанның қылығынан хабарсыз екен. Осы маңайдағы шешеннің бірі саналатын Төлеген, әдеттегі қалпымен, мақсатты сөзіне алыстан орағытып келе жатыр еді, жырақ жердегі өрттің түтінін сезген иісшіл адамдай, жаман бірдеме барын байқай бастаған Шыңғыс:

— Әй, Төлеген! Неменені бықсытып келе жатырсың? Төркіні жаман сөзді тұтатқалы келе жатқан қалпың бар ғой өзіңнің? Орынсыз маймаңдамай, турасын айт! — деді.

Турасын естігенде;

— Апырай, олай болмас!.. Қанша тентек болғанмен, Қанашжан өйте қоймас. Бұны істеген Қанаш болмас, арамызға от тұтатқалы жүрген басқа біреу болар, — деп бойына жолатқысы келмеді.

— Қозышы көзімен көрген, — деген сезге де тоқырамай;

— Қайдан білесің, қозышыны біреу әдейі жұмсап, марқаның, аяғын өзіне бунатпағаның? — деген дау айтты.

Бірін-бірі қалай иландырарын білмеген Шыңғыс пен Төлеген, өзінен сұрамақ болып Шоқанды іздетті. Ол жоқ. Ордалық ауылда да жоқ, қарасы ауылда да жоқ. Ауыл балаларын тексертсе, жалғыз Жайнақтан басқасы түгел. Жайнақ пен Шоқан қайда болса да бірге. Бірақ қайда олар? Ағаш арасын қаратса — жоқ. Келдің тақырында ойнаған балалар арасында жоқ. «Әскерлік бекініске қашып бармады ма екен?» деп, астыртын кісі салса-жоқ. Ешқайда жоқ. Әлде Шоқанның қылмыс жасағаны рас болып, жазадан қорыққан ол, Құсмұрын қырқасының әр жерінде көмірі қазылған үңгірлердің, немесе қасқырлар қазатын біреуіне жасырынған болар ма? Ондайлар толып жатыр және көбі бытықы-шытықы солардың қайсысына тығылғанын кім біледі? Бәрін тінтіп шығуға, бүкіл ел жабылмаса, бұл арадағы ауылдардың адамы жетпейді. Қалай табу керек, ендеше?

Шоқан мен Жайнақ таптырмайтын жерде еді. «Тентектің ақылы түстен кейін кіреді» дегендей, ханзадалық намыстың айдауымен күрең марқаның артқы бір аяғын бунап тастаған Шоқан, Жұрқа шал қылмыс үстінен шығып қап, Жайнақ шытырман ішіне сүйреп әкеткен соң ғана, не істегенін сезіне бастады, онда да Жайнақтың есіне түсіруімен.

— Шоқан-ау, төретайым-ау, не істедің?!-деді Жайнақ оған шытырман арасына кіре.

— Не істедім? деді Шоқан, демін жиілете алып.

— Әлгі қозының аяғын бунауың ше?

— Онда не бар?

— Ойбай-ау, төретайым-ау, сыныққа сылтау таба алмай жүрген жұрт емес пе, маңайдағы ауылдар? Солар, мына марқаның аяғы буналуын сылтау ғып, ере түре келмесін қайдан білеміз?

— Онда не істейді?

— Төретайым-ау не дейін саған? — деді Жайнақ кейіп, — «не істедің» не? Желіккен жұрт орданы жан-жағынан тарпа бас салса қайтесің?

— Өйте алмайды.

— Неге?

— Әскер бекінісін сағалап отырған жоқпыз ба? — деді Шоқан, әкесінен және Шепеден естіген сөздерін қайталап, — солардан бата алмайды.

— Әскер не істейді? Көпке топырақ шаша ма?

— Ал, енді, төретай,-деді Жайнақ, не дерге білмей кідіріп қалған, аздан кейін ғана бірдеме айтуға ыңғайлана бастаған Шоқанның сөзін аузынан жұлып ап,-бауырым, досым, бір тілегім бар сенен!

— Айта ғой.

— Осы оқиғаның аяғы неге соққанша бой таса қыла тұрсақ қайтеді?

— Қайда? Қалай?

— Ауылда болсақ та, ағаш арасында болсақ та, іздегендер жайлы сап бізді тауып алады...

— Иә, сонда? — деді, енді ғана ашуы тарап көңіліне қауіп ұялай бастаған Шоқан.

— «Қасқыройнақ» аталатын жарқабақтай астында үңгірлері бытықы-шытықы бір қуыстар бар...

— Білем, бірақ кіріп көрген емеспін, — деді Шоқан.

— Мен кірдім, — деді Жайнақ — орда жайлауға көшкенде, қарашы ауыл осы маңайда қалып қоятын еді ғой, сонда балалар үңгір атаулының ішін аралап шығатын. Қуысы ең көбі -«Қасқыройнақ» болатын. Оның алыстап кететін бір үңгірлеріне түптеп баруға қорқатынбыз. Үлкендер «ол түкпірлерде қасқыр күшіктейді, барған адамды жеп қояды» дейтін. Соған тығылайық.

— Бізді де жеп қоймай ма, қасқырлар? — деді, үңгірге тығылуға іштей көніп қалған Шоқан.

— Тәуекелге бел байлаймыз, — деді Жайнақ, — қазір ол үңгірлерде қасқыр болмау керек, Жортуға жараған бөлтіріктерін ертіп, малы көп жайлауға кеткен болу керек. Жүр, барайық!..

Жайнақ Шоқанды қолынан жетектеді. Шоқан қарсыласпады.

«Қасқыройнақ» — «Орта бұлақ» аталатын жылғаның қайнар тұсындағы дөңестің, етегінде еді. Дөңестің биігінде әлдене заманда жасалған аласалау оба бар. Сол обаның іргесінен жылап емес, саулап ағатын бұлақ бар. «Сулы жер — нулы жер» дегендей, бұрқырай ағып, етегін кең жайып кететін бұлақтың қайнар тұсына қалың жыныс өскен. Солардың қартаюға айналған кейбіреулері «киелі ағашқа» саналып, ешкім балта тигізбегендіктен, түбірлері мейлінше жуандап, бұтақтары тарбайып кеңіп кеткен. Көтере сөйлеуі ме, расы ма, біреулер — «ол арада аумағы ауыл орнындай аршалар бар» деседі, «қайын мен теректен екі-үш кісінің құшағы әрең жететін түбірлер де жиі кездеседі» дейді олар, «құрыққа жарайтын тобылғылар да болушы еді, ел ондайларды кесіп қамшыға сап қылатын» дегенді де айтады. Неге екенін кім білсін, сол ағаш тұқымдарының бәрі де қиқы-шойқы, бойлары аласа, бұтақтары қалың келеді, араласа құшақтаса өскен олардың ішінде, жаяу кісіні де жүргізбейтін тұстары бар.

Осындай паналы орын болғандықтан, қасқырлар обаның құлай берісіне белгісіз заманнан бері шұрқ-шұрқ апан қазып, етегін толып жатқан үңгірге айналдырып жіберген. Көшпелі ел, тек, көктем мен күзде ғана малдарын жайып, былайғы уақытта тоқырамайтын кезде, қасқырлар апандарына ала-сапыран шақта күшіктейді екен де, ел жайлаудан қайтарда өргізіп әкетеді екен. «Осы арада көмір барын да елге қасқырлар ашып берді» деген де сөз бар. Қасқыр мал баққан қазақтың ежелгі жауы. Оны аулау көшпелі елдің ата салты. «Қасқыройнақ» обасының етегінде қасқырлар ұялауын, ол арада көмір барын ақша қазақтар, алғаш айдалада соғып алған қасқырдан байқаған, басқа жердің қасқырының түгі таза, ал «Қасқыройнақтан» шығатын қасқырдың түгі қап-қара шаң! «Неліктен?» деп ойлағаншылар қасқырдың апандарын тауып, жылтыр тас сияқтанған нәрсені қазып кірсе, — жұмсақ!.. Жағып көрсе — тұтанады!.. Ел содан бастап, тас көмірді отынға қолданған... Іргесінен қасқырдың апандары табылғандықтан, бұрын аты жоқ обаны «Қасқыройнақ» қойып алған. Ел кемірін ала бастаған шақта, қасқырлар ол арадағы апандарға күшіктемей, тек, адам жоқ кезде ғана жиналатын ойнағына айналдырған. Сондықтан оба ғана емес, оның аумағы да ел аузында «Қасқыройнақ» аталған.

Шым-шытырық ұйпаланған сытырманың арасынан жүрер жол тауып «Қасқыройнаққа» жету, бастаған Жайнаққа да, қостаған Шоқанға да жеңіл болған жоқ. Бұталар ілген көйлек-дамбалдары жыртылып, денесінің ашық жерлерін сояулар тырналап, серпілген бұтақтар беттері мен денелерін осып, жалаңаш табандарына шөгірлер еніп... дегендей, «Қасқыройнаққа» жеткенше балалар ауыр азап шекті. Дегенмен — жетті.

Дуан орнап, көміршілер қуылғаннан кейін, бұлақтың бұл сағасына адам да, мал да аяқ баспаған, сондықтан жыл сайын қалыңдай өскен бетеге мен көде, қойдың қалың жабағысындай ұйыса туырылып кеткен. Сол ара әлі де қасқырлардың ойнағы екендігіне. ұйысқан шөптердің ұйпа-тұйпа болуы, жемтіктерінің жүн-жұрқа, сүйек-саяқ, бас-сирақтары сияқты қалдықтарының жатуы және кебіңкі де, жас та қиларының көрінуі куә. Ескі апандар опырылып бітіп кеткен. Көмірін алған қуыстардың ар жағы қап-қараңғы боп, алып аждаһаның аңырайта ашқан аузындай үңірейіп тұр.

Не істеу керек?

Үңгірге кіруге балалар бата алмады. Обаның төңірегін байқаса, араласа қалың болып өскен аршалар, тобылғылар, басқа да ағаштардың тұқымдары. Олардың арасынан ешкімді ешкім таба алмастай. Оба төбесінен ақ ауыл да, қара ауыл да айқын көрінеді.

Жынысқа жасырынған балалар төңіректі бақылауға кірісті. Кім екенін білмегенмен, Төлегеннің ордаға салт келіп, атын шылбырынан қонақ үйдің белдеуіне байлағанын көріп тұрды. Бұлай байлау бұрын болмаған іс. Ордаға келуге мүмкіншілігі барлардың өздері аттарын ақ ауылдың сыртындағы дауыс жетерлік жерге қағылған ашаға шылбырынан байлап немесе өзара матастырып, жыммен тізбектеліп жүретін қояндардай бірінің артынан бірі шұбырып жаяу келетін.

Мына адамның өйтпей, ордаға салт атпен таянып кеп түсуі, атын белдеуге байлауы, бақылап тұрған балаларды, әсіресе Шоқанды таң қалдырды.

— Көрерсің, — деді Жайнақ Шоқанға, — дәу де болса, осы адам күрең қозының жайында келді. Және бұл — ашулы келіс. Және басынып келу.

Бұрынғы тәртіптерді бұзып келген адамға іштей ызаланғанмен Шоқан Жайнаққа жауап қайырмады. «Арты не болар екен?» дегендей, тіккен көзін ордадан айырмай, қимылсыз жатты да қойды.

Кешікпей орда маңы әбігерлікке түсуі де көрініп тұрды. Әлдекімдердің ордадан шығуы, әлдекімдердің кіруі жиіленді. Аздан кейін атқа қонған әлдекімдер шапқылаған қалпымен сайға түсіп кетті. Енді біраз уақытта орта бұлақтың жан-жағынан Шоқан мен Жайнақтың аттарын атаған айғайлар шықты. Бұлар іздеушілер екенін екі бала да аңғарды.

— Дыбыс берсек қайтеді? — деді ызалана түскен Шоқан.

— Қоя тұрайық, төретай! — деді Жайнақ. — Арты не боларын күтейік.

Арты жақсы көрініске айналмады. Ауыл араларында да, орда төңірегінде де аттылы, жаяулы қимылдар көбейді. Күн кешкіруге айналған шақта, ордадан да, қарашы ауылдан да ере шыққан бірталай аттылар мен жаяулар орта бұлақты қаусыра жайылып бері қарай беттеді.

— Іздеушілер! — деді Жайнақ. — Бұлай отырсақ тауып алады. Үңгірге кірейік.

— Тапса не істейді? — деді Шоқан қатуланып.

— Олай деме, төретай. Хан — ием ұлықсат етпесе, іздемес еді олар бізді. Сол кісі іздеткен ғой. Мына жәйлі салуларына қарағанда, істің арты шатаққа айналған ғой. Қазір ашулы отырған болар, хан — ием. Сол қалпында қолына түссек, тілі де, қолы да тиюі мүмкін.

Сол кезде жан-жақтағы адамдардың дауыстары жақындай бастады. Екі баланың да қорқыныштан бойлары дірілдеп кетті. Жайнақ Шоқанның білегінен тағы шап бере ұстап, төменге, үңгірге қарай тартты. Шоқан қарсыласқан жоқ.

Олар үңгірге кірген шақта, жайылымшылар келіп те үлгерді. Төңіректі тінте қараған олар;

— Бұл арада да жоқ екен ғой, — десті шуласып.

— Үңгірге кірмесе? — десті біреулер.

— Қой, кірмес, — десті үңгірдің аузына үңілген біреулер, — көрдей қараңғы ғой іші!.. Қорқар кіруге. Әсіресе мынадай бейуақ кезде!..

Ішіне кіріп байқауға үңгір әрі қараңғы, әрі қуыстары көп, жарықсыз қалай табады оларды?

Жайлымшылар амалсыз тарады. Олардың дауыстары бәсеңдеген шақта, балалар сақтанған қимылмен үңгірден шықты. Енді қайда барады?

Оларды сол халында қалдыра тұрып, орда жағына барайық.

Шоқанды таба алмаған жайлымшылар, бұл жайды Шыңғысқа қалай естіртудің жайын ақылдасты. Оған жанындай жақсы көретін ұлының ұшты-күйлі жоғалып кетуін естірту оңай болып па? Сондықтан, «кәне, қайсысың барасың?» деген сұрауға ешкім де жауап бермей, үн-түнсіз тұнжырай қалғанда, Абаның «мен-ақ барайын!» деген даусынан төңіректегілер селт ете қалысты.

«Апырай, мынау не қылған жүрек жұтқан адам еді?!» деп таңдана қарады жұрт оған.

— Барсаң, жолың болсын! — деді біреулер. — Бірақ хан мен ханшаны шошытып алмай, ретін тауып естірт.

— Сонда, не демекшісің? — деген сұрау қойды біреулер, айтар сөзінің түрін байқап алғысы қажет болса, ақыл қосқысы келіп.

— Онда жұмысың не? — деді біреулер, сұрау бергендерді ұнатпай, — бірге өсіп — біте қайнаған, қан-жыны араласқан адамдар, қышыған жерін қалай табудың ретін білер, «барайын» деуі содан болар.

— Бар, бар! — десті өзгелері.

Аба ордаға кірсе үш-ақ адам отыр екен: Шепе, Шыңғыс, Зейнеп. Абаның есіктен басы көріне, «табылды ма?» деген сөзді үшеуі үн қоса айтты.

— Табылады, — деді Аба, оларды шошытып алмайын деп. Ол сөзге қанағаттанбай, «табылды ма, жоқ па?» деді тағы үшеуі де үндерін қоса.

— Табылады! — деді Аба нық дауыспен.

Асығыс Шепе Абаның созбақ жауабына ыза боп, малдасын құра отырған қалпынан лып етіп шарта жүгініп алды да, қасында жатқан қамшысын оң жақ уысына бүктей ұстап, еркін сөйлейтін Абаға:

— Әй, неменеге болдырған түйедей бұралаңдап тұрсың өзің, тура сұрауға қисық жауап беріп? «Әкесі өлгенді де естіртеді» дегендей, табылса да, табылмаса да турасын айт! — деді.

— Табылады! — деді Аба салмақпен.

— Қап, мынау иттің баласын-ай! — деп Шепе бүктеулі қамшысымен кілем төселген жерді барлық пәрменімен періп-періп жіберді.

Шыңғыстың бойында ондай қайрат көрсетерлік қуат жоқ еді. Күрең марқа оқиғасы басталғалы, Шоқанның халы, өзінің халы, ордасының халы не боларына көзі жетпей, ой-санасын қараңғы тұман басып алған; өкпесі қабынып, жүрегі төмен тартып, демін зорға алып отырған. Енді, міне, Аба «табылады» дегенмен, сөз әлпетіне қарағанда, әлі таба алмай келіп отыр. Қайдан табылады сонда?

Абаға осы сұрауды қоюға Шыңғыстың алқынған өкпесі мен қысқан жүрегі мұрша бермей, екі-үш рет оқталды да, демі ықылық атып, дыбысын шығара алмады.

— Жәй тұтығып отырған жоқ Аба, — деді Шепе, Шыңғысқа, ашулы үнін өзгертпей, — «табылады» дегені жәй сөз бұның. Ол енді табылмайтын бала!..

Шегінен шығара үрлеген қуықтай тырсылдап, біреу шертіп қалса жарылып кеткелі отырған Зейнеп, Шепенің сөзін естігенде, «аһ!» деп айғайлап қалды да, талықсыған бейнемен жантая берді. Аба жүгіріп кеп Зейнепті құшақтай алды да, басын қасында жатқан жастыққа сүйеді. Сасқалақтаған Шыңғыс, от орнындағы қашқар құманды алып кеп, әйелінің бетіне су бүрікті... Талықсыған жүрегі аз да болса тыныс алғандай басын сүйеген Абаға үлкен көзін төңкере қараған Зейнеп әлсіз дауыспен;

— Қайдан? — деді.

— Әйеке, есіңді жинашы! — деді Аба жалбарынған дауыспен, — «табылады» деген соң табылады.

— Бар болғыр-ау, — деді Шыңғыс Абаға кейіп, — екіұшты сөзіңді қойып, турасын неге айтпайсың?

— Айтам, Сұлтаным, бірақ Әйекең мен екеуіңе ғана.

— Мен неге бөтен болам? — деді Шепе діңкілдеп.

— Тек табылса болмай ма, тентек аға-ау? — деді Зейнеп әлсіз дауыспен. — Естиік, қайдан табылуын. Бара тұр, тентек аға!

— Сөйтші, кіші аға! — деді Шыңғыс жалбарынған дауыспен.

Шыға тұруға мойындаған Шепе, қамшысын қолына тұта, есік жаққа беттей берді де, босағаға жете, артына қайрылып, қамшылы қолын Абаға безеп:

— Ылайымда табылсын — деді қаһарлы үнмен, — егер табылмады бар ғой, ендігі ісім сенімен түссін!

Кердеңдей басқан Шепе шығып кетті.

— Қанаш, дәуде болса, «Қасқыройнақтың» үңгірінде, — деді Аба Шепе кеткен соң.

— Оны қайдан білдің? — деді Шыңғыс пен Зейнеп қосарлана.

— Онда болмағанда қайда кетеді? Құс емес ұшып кететін аң емес, інге кіріп кететін; балық емес, суға сүңгіп кететін...

— Бай болғи-ау, мен бидеме біліп келген екен дешем, жоямал ма еді, айтып отиғаның? — деді Зейнеп.

— Ендеше, неге тінттірмедің қалың адамға үңгірді? — деді Шыңғыс.

— Тінттірмегенім — «егер табыла қалса, Қанашты көптің көзінде ұялтпайын сағын сындырмайын» дедім.

— Енді қалай таппақсың?

— Мен таппаймын анау жатқан — Құтпан табады.

«Құтпан» дегені, Шыңғыстың қасқыр алатын иті. Ірі де, күшті де, жүйрік те, батыл да бұл ит, Сібірдің «тайдай» дейтін көкжал қасқырларын аңшылап жүріп жеке алады екен. Әлдекім Құтпанды күшік күнінде, бес-алты жасар Шоқанға тартуға әкеп берген, тұқымы «аю алған» атанған Құтпан, күшік күнінен ежет те, күшті де болған соң, Шоқан жақсы көріп қайда барса да қасынан тастамайтын. Ит те оны жақсы кәріп, қасынан қалмайтын, жоқ болса іздеп тапқанша дамыл көрмейтін.

Оқтын-оқтын аңсырап далаға кетіп қалатын, кейде тез оралып кей шақта бірер күн жоғалып табылатын, кейде сау, кейде жараланып қайтатын Құтпан, Шоқан қылмыс жасар күні үйде жоқ боп, жайылымшылар Шоқанды таба алмай қайтқан шағында келген еді. Бұл жолы денесі қан-қан боп жараланған, ол — ұялы қасқырлармен таласуының белгісі.

Асығыс Шепе Абаның созбақ жауабына ыза боп, малдасын құра отырған қалпынан лып етіп шарта жүгініп алды да, қасында жатқан қамшысын он, жақ уысына бүктей ұстап, еркін сөйлейтін Абаға:

— Әй, неменеге болдырған түйедей бұралаңдап тұрсың өзің, тура сұрауға қисық жауап беріп? «Әкесі өлгенді де естіртеді» дегендей, табылса да, табылмаса да турасын айт! — деді.

— Табылады! — деді Аба, салмақпен.

— Қап, мынау иттің баласын-ай! — деп Шепе бүктеулі қамшысымен кілем төселген жерді барлық пәрменімен періп-періп жіберді.

Шыңғыстың бойында ондай қайрат көрсетерлік қуат жоқ еді. Күрең марқа оқиғасы басталғалы, Шоқанның халы, өзінің халы, ордасының халы не боларына көзі жетпей, ой-санасын қараңғы тұман басып алған, өкпесі қабынып, жүрегі төмен тартып, демін зорға алып отырған. Енді міне, Аба «табылады» дегенмен, сөз әлгі етіне қарағанда, әлі таба алмай келіп отыр. Қайдан табылады сонда?

Абаға осы сұрауды қоюға Шыңғыстың алқынған өкпесі мен қысқан жүрегі мұрша бермей, екі-үш рет оқталды да, демі ықылық атып, дыбысын шығара алмады.

— Жәй тұтығып отырған жоқ Аба, — деді Шепе, Шыңғысқа ашулы үнін өзгертпей, — «табылады» дегені жәй сөз бұның. Ол енді табылмайтын бала!..

Шегінен шығара үрлеген қуықтай тырсылдап, біреу шертіп қалса жарылып кеткелі отырған Зейнеп, Шепенің сөзін естігенде, «аһ!» деп айғайлап қалды да, талықсыған бейнемен жантая берді. Аба жүгіріп кеп Зейнепті құшақтай алды да, басын қасында жатқан жастыққа сүйеді. Сасқалақтаған Шыңғыс, от орнындағы қашқар құманды алып кеп, әйелінің бетіне су бүрікті... Талықсыған жүрегі аз да болса тыныс алғандай басын сүйеген Абаға үлкен көзін төңкере қараған Зейнеп әлсіз дауыспен;

— Қайдан? — деді.

— Әйеке, есіңді жинашы! — деді Аба жалбарынған дауыспен,-«табылады» деген соң табылады.

— Бар болғыр-ау, — деді Шыңғыс Абаға кейіп, — екіұшты сөзіңді қойып, турасын неге айтпайсың?

— Айтам, Сұлтаным, бірақ Әйекең мен екеуіңе ғана.

— Мен неге бөтен болам? — деді Шепе діңкілдеп.

— Тек табылса болмай ма, тентек аға-ау? — деді Зейнеп әлсіз дауыспен. — Естиік, қайдан табылуын. Бара тұр, тентек аға!

— Сөйтші, кіші аға! — деді Шыңғыс жалбарынған дауыспен.

Шыға тұруға мойындаған Шепе, қамшысын қолына тұта, есік жаққа беттей берді де, босағаға жете, артына қайрылып, қамшылы қолын Абаға безеп:

— Ылайымда табылсын — деді қаһарлы үнмен, — егер табылмады бар ғой, ендігі ісім сенімен түссін!

Кердеңдей басқан Шепе шығып кетті.

— Қанаш дәуде болса, «Қасқыройнақтың» үңгірінде, — деді Аба Шепе кеткен соң.

— Оны қайдан білдің? — деді Шыңғыс пен Зейнеп қосарлана.

— Онда болмағанда қайда кетеді? Құс емес ұшып кететін аң емес, інге кіріп кететін балық емес, суға сүңгіп кететін...

— Енді қалай таппақсың?

— Мен таппаймын анау жатқан — Құтпан табады.

— Аузыңа май! — деді қосарланып.

Салт атқа қонып, Құтпанды қарғысынан ұзын қыл шылбырмен жетекке алған Аба оны еркіне жіберіп, шылбырдың ұшын ғана қолына орай ұстап отырды. Құтпанның күшті екенін сонда аңғарды, жерді тіміскілей жүгірген Құтпан, Абаның сірестіре тартқан қарулы қолын қарыстырып, шылбырды екі қолымен ауыстырып ұстауға тура келді.

Құтпан аса иісшіл еді. Қар түгіл қара жердің өзінде, қуған аңын ізінің иісімен тауып алатын. Күшік күнінен иісі сіңген Шоқанды да ол жазбай табатын. Бірақ бұл жолы адасты ол. Оған себеп — күндіз, Құсмұрынның тақырында Шоқанның асық ойнауы еді, сортаң иісі мүңкіген тақырдағы Шоқанның иісінен Құтпан айрылып қалды. Енді қайтып табуды білмегендей, Құтпан қыңсылап жанталасты. Аба содан кейін итті еркіне қоя берді. Ит олай-бұлай шапқылап, Шоқанның «Ортабұлаққа» беттеген ізін тапты да, зымырай жөнелді. Аба да артынан шапты. Бірақ жүйрік ит жеткізер емес, — ілезде іңірдің қоюлана бастаған қараңғылығына жоқ болды... Иттің із тауып жөнелгенін аңғарған Аба «дәу де болса Қасқыройнаққа барар» деген жобамен, сайдың жиегін жағалай желкесіне тартты...

Қайда барарын білмей дағдарып отырған Шоқан мен Жайнақ, қараңғы қалың шытырманның ішінен Құтпанның әуелі сыбдыры естіліп, ілезде өзі көрінген шақта, не ит екенін біле алмай шошып кетіп, орындарынан өре түрегелді. Шоқан сезімнің сілтеуімен қынындағы кездігіне жармасты. Иесін тани кеткен Құтпан «қорықпаңдар менмін!» дегендей еркелі үнмен қыңсылады да, даусын танып «Құтпан!» — деген Шоқанды басына секіре бассалды. Оны құшақтай алған Шоқанның көзінен жасы ыршып кетті. Итті Жайнақ та таныды.

Бірақ Құтпан Шоқанмен ұзақ құшақтаспады. Ол ілезде жерге түсіп, сол маңайды иіскелей тыпырлап қыңсылай бастады.

— Қасқыр жүретін орын ғой, иісін біліп тұр!-деді Жайнақ.

— Япырай,-деді Шоқан көзінің жасын саусағымен сүртіп,-итті «адамға дос» деген рас екен ғой! Досжаран, аға-іні... дейтін адам атаулыдан ит асты-ау, іздеп кеп!..

— Мен ше?-деді Жайнақ.

— Сенің жөнің бөлек қой,-деді Шоқан, Жайнақты құшақтап.

Сол кезде қыңсылаған ит ұли беріп үңгірдің ішіне кіріп кетті.

— Ішінде қасқыр болмаған да!-деді Жайнақ.

— Оны қайдан білдің?

— Біріншіден, — қасқыр иісін сезбесе ит кірмейді, екіншіден, — мана, екеуміз үңгірде отырғанда, сол жақ қуыстан әлдене ыңыранған сияқтанды. Бөлтіріктерін емізген қаншық па деп ойлап қалдым. Саған айтуға — үрейленер дедім.

— Ендеше, маған да естілгендей болды сол дыбыс. Мен де сені үйрейлендірмейін деп ойладым.

Сол сәтте үңгір ішінен арс-ұрс дыбыс естіліп қалды.

— Болды қызық! — деді Жайнақ. — Қасқыр бар екен.

— Несі қызық? — деді Шоқан үрейленіп, — итті жарып тастамаса не қылсын!..

— Жарғызбайды, біздің Құтпан! — деді Жайнақ, — оның апанға кіріп қасқырмен алысуы — бір бұл емес, «талайларын апанында жарды» дейтін аңшылар, «талайларын тысқа тірідей сүйреп алып шықты» дейтін...

Сол сәтте арсылдасқан дыбыстар үңгірдің аузына жақындады да, ит пен қасқыр жанталаса арпалысқан қимылмен тысқа шыға келді.

Қайсысының басым екенін, үрейлене қараған балалар білмей қалды. Алыса кеткісі келген олар бассалуға кезек-мезек ұмтылады да, артқы аяқтарына өре түрегеп, ауыздарын денелеріне дарытпай, алдыңғы аяқтарымен бірін-бірі серпіп жібереді...

Осындай арпалыстың үстінде, аяқтарын тірей тік түрегелген қасқыр мен иттің арасына, Шоқанның қалай кіріп кеткенін Жайнақ аңғармай қалды. Шоқан кейін шегінгенде, шалқалақтап құлай берген қасқырдың үстіне Құтпан міне түсті де, алқымынан қапсыра қауып қатты да қалды. Қасқыр аяқтарын серпіп жанталасуда...

— Бірдеме істедің бе? — деді Жайнақ Шоқанға.

— Қасқырдың қарнын кездікпен есіп жібердім.

— Жігіт екенсің! — деді Жайнақ, Шоқанның ерлігіне риза боп.

Дыбысы қырылдап шыққан ит қасқырдың алқымын өршеленіп сыға түсті. Қасқырдың қимылы бәсеңдей түсті... Сол шақта, жоғарғы жақтан аттың дүбірі естілді. «Кім?» дегендей балалар аңыра қалды.

«Қанаш!» деген ақырын дауыс естілді..

— Аба! — деді Шоқан.

Атын жетектеген Аба темен түскенше, ит қасқырды тұншықтырып та үлгерген еді. Сонда да аузын алқымынан алмаған.

Сыбырлаған дауыспен құшақтай амандасқан Абаға балалар ит пен қасқыр жайын айтты. Қасқырды көрсе — өлген. Иттің мінезі Абаға белгілі: «күшім-күшім!» деп әуелі жаясынан, одан — жотасынан, одан — мойнынан сипап кеп, маңдайынан әлденеше сипағанша ол алған аңын босатқан емес. Онда да, сыр-мінез адамына ғана, былайғы жұртты маңына да барғызбайды, барам дегендерді қауып тастайды.

Аба солайша сипалағанда Құтпан адырая қарап қойды да, «сен бе едің?» дегендей қапсырған аузын қасқырдың тамағынан алмақ болды. Бірақ, ала алмады: жағы қарысып қапты!.. Ондай жағдайда не істеу керек екені Абаға белгілі. Ол иттің желкесінен де. алқымынан да сипалап, сірескен сіңірлерін еппен босатты. Жақтары содан кейін әрең ашылған ит, орнынан тұрды да, анадай жерге барып, етбетінен жатып, езулерін тілімен жалай бастады. Онысы-сыбаға тілеген белгісі. Аң алғандағы оның сыбағасы, сол аңның қаны суымаған жүрегі. Сол жайын білетін Аба Шоқанның кездігін сұрап алды да, қасқыр терісін төсінен шабына қарай іреп жіберіп, төс терісін етінен ажыратып, төсті қабырғадан сөгіп, ішіне қолын тықты да, жыбырлауын доғармаған ыстық жүректі суырып алды. Құтпанның лақтырған кесек тамақты қағып алатын әдеті болушы еді. Қасқырдың төсі сөгіліп жатқан кезде, сыбағасы асарын білген ол, орнынан түре келді де, «мә, Құтпаным!» деп Аба жоғары қарай лақтырған жүректі алдыңғы аяқтарын көтере тік тұрып аузымен қағып алды...

— Ал, үйге барамыз ба, енді? — деді Аба балаларға.

— Мен бармаймын, — деді Шоқан.

— Неге?

— Істің аяғы неге соғарын күтем.

— Қайда?

— Осы үңгірдің ішінде.

— Тек, ойбай! — деді Аба шошығандай.

— Оның несі бар?

— Жау жағы тауып алады.

— Қалай табады?

— Ең алдымен, Құтпан тауып береді. Сені бұл арада көрген ит маңайыңнан шықпайды да, көптің көзіне шалынады. «Ұстап берді» деген сол болады.

— Өзі не болып жатыр? — деп сұрады Шоқан.

— Әзірге белгісіздеу, — деді Аба. — Маңайда жүріс-тұрыстардың, шабыстардың көбеюіне қарағанда, ордаға ұқсастығы барлар, қасқырдай ұлысып жиналысып жатқанға ұқсайды:

— Рас, — деді, сотқарлығының арты шиеленісуге айналғанын шамалағандай болған Шоқан, — сөйтеді. Әрине, әсіресе, Есеней мен Қожық. Бірақ не істейді ұлып табысқанда? Мылтыққа қайсысы қарсы шаба алады.

— Қай мылтық?-деді Аба түсінбей.

— Бекіністі айтам!

Енді ғана түсінген Абаға кенеттен бір ой келіп кетті: «даудың дауылы басылғанша, — деп ойлады ол, — осы Қанат, сол бекіністі паналай тұрса қайтеді? Ең берік пана сол ғой, бұған!».

Бекініске барғысы келмеген Шоқанды, Аба өз жанынан сөз жасап қорқытты.

— Сені үрейлендірмейін деп айта алмай отырған сөзімді енді амалсыз айтуға тура келеді, -деді ол қынжылған сияқты үнмен, — Есеней де, Қожық та осы маңда жүр екен ғой. «Төрелер мені басынды, малыма пышақ жұмсай бастады, егер алғашқы адымында тыйып тастамаса, олар малдан құрық, бастан сырық айырмауға кірісті; «өгізге туған күн бұзауға да туады», дегендей төренің бүгін маған сұғынған пышағы, ертең Керей мен Уақтың өзгесіне де сұғынады. Не айтады бұған, Есеней мен Қожық?» деп Өтей оларға кісі салады. «Үркейін деп тұрған жылқының құйрығына жапырақ байласа не жорық» дегендей, әлгі хабарды алғаннан кейін, Есеней-Керейге, Қожық-Уаққа ат шаптырып, ұран шақырып жатыр дейді...

— Ұрандасқанда не істейді? — деді Шоқан.

— Қайдам, не істейтінін? — деп ойланған болған Аба, іле жанынан тағы бір сөз шығара қойды, — «айрылар тамыр ердің артқы қасын сұрайды» дегендей, — деді ол, — өшігіп жүрген Есеней мен Қожық, «пышақшыны қолымызға бермей бітіспейміз» деп отырып алса қайтеміз.

— Қолына бергенде не істейді? — деді Шоқан, «жәйбарақат» бола қалған түрінен шираңқырап.

— Айтпа, қалқам, оны! — деді Аба жалбарынған дауыспен, — құдай оған келтірмесін!.. Егер келтірсе...

Ар жағын айта алмағандай Аба құмығып қалды.

Абаның сөздерін шынға жорып, үрейленіп отырған Жайнақ:

— Төретай, сол дұрыс қой! — деді Шоқанға.

— Не дұрыс? — деді Шоқан.

— Бекініске барып паналау.

— Мен де соны дұрыс деймін! — деді Аба, жалбарынған дауыспен. — Жаудың беті жаман. Ол көп те, біз аз. Есеней мен Қожықтың қалың қолы лап қойса, төтеп болар күш жоқ, оларға бекініс төтеп бола алмайды.

— Ендеше, мен неге тығылам? — деді Шоқан.

— «Ауылға шапса» дегенім ғой. Бекініс өз маңайына мың сан қол болса да жолатпайды. Арандай тізілген қалың мылтыққа кім қарсы шаба алады?

— Сол мылтықтарын ауыл айналасына құрмай ма?

— Онда бекіністі қалай қорғайды?

Шоқан тосылып қалды.

— Тағы бір сөзді айтпай амалым жоқ, — деді Аба, — әке-шешеңнің де айт дегені осы еді...

— Олардың өздері не істеп отыр? — деді Шоқан, Абаның сөзін бөліп.

— Не істеп отыр дейсің? — деді Аба, жыламсыраған дауыспен. — Шықпаған жандары отыр, әсіресе, Әя апамның. Сенің халыңды ойлап зәрелері жоқ...

— Мен табылмасам, олардың өзін бассалмай ма, Керей, Уақ?

— «Балта көтерілгенше, ағаш жал табады» дегендей, — деді Аба, — естуімше, Керей мен Уақтың желігулері патшаның құлағына шалынып, оларды күшпен тыю үшін, Орынбордан да, Омбыдан да қарулы қалын, әскер жібергелі жатқан көрінеді. Хан-иемнің ойы, солар Жеткенше, Керей мен Уақты алдастырып ұстай тұру. Жеткеннен кейінгісін өзі біле жатады ғой.

Мына сөзге Шоқанның көңілі елеңдеп қалды. Шарасыздықтан қалай шығудың амалын білмей тұрған оның қараңғы маңынан, үміт сәулесі жылтыңдағандай болды, сондықтан, «ризалас, төретайым бекініске бара тұруға!» деп жалбарынған Абаға «жарайды» деді.

— Әкем қайтеді, сонда? — деген сұрауын Шоқан қайталады.

— Оның бір жөні болар, — деді Аба, — «ел бар, жұрт бар» дегендей, Абылай атаңның қара шаңырағын жауға жықтырып қоймас. Жаудың өзі де ол шаңыраққа батып шаба алмас. Олар әкеңді сен арқылы әлсіретуге тырысады. Іздеген сен табылмасаң не істейді әкеңе? Әкең қысылып бара жатса, «іздедім, таппадым, нанбасаң өзің іздес» дейді. Не болмаса, «сендер зорлап әкетпесеңдер, қалын, елдің ішінен қайда жоғалады балам? Қайтарыңдар баламды, әйтпесе, бір балаға, жүз бала төлетем!» деп өздеріне пәле салады.

Қанша шәйірғол дегенмен, мына сөз де Шоқанның көкейіне қонды.

— Бірақ, мен — деді ол, — бекініске жалғыз бармаймын, Жайнақпен барам.

— Ол да болсын, — деді Аба, — онда Жайнақ екеуің менің атыма мінгесіңдер де, бекініске дөңнің көл жақ етегімен тартыңдар. Күзеттегі солдаттар Шоқанның келерін біледі. Ол маңайдан басқа бейсауат адам жүрмейді.

Мінгескен балалар сілтеген жобамен бекініске тартты. Аба «ертең келіп терісін сойып алармын да, бөлтіріктерімен қапқа салып алып қайтармын» деген оймен қасқырдың өлген қаншығын, үңгірдің бір қабат ішіне тықты да, өзі жаяулап ордаға қайтты. Ертеңіне ала көбеде келіп байқаса, қаншық жоқ! Әр жерде бұрқыраған жүн-жұрқаларына, бір жерлерде шашылған сүйек-саяғына қарағанда, басқа қасқырлар жеп кеткен. Бөлтіріктердің жатқан жерін тапты, өздері жоқ. Оларды да басқа қасқырлар жеп кетті ме, әлде, әкесі келіп, өзге орынға тасып әкетті ме, құдайың білсін.

Кешегі түнде балаларға айтқан жорамалын, Абаның аузына «періште» салған екен. Күрең марқа әңгімесі басталған шақта, бұл жаққа «шырпы-шиге» қатынасу ниетімен беттеген Есеней, Обағанның орта тұсындағы Қараоба төңірегін жайлаған Сибанның Күңгене руында қонақтап жатыр еді. Күрең марқа әңгімесі оған әлдеқайда өскен түрінде жетті.

— Өтейдің биыл жаз іргесін бөлуіне ерегісіп,-деді хабар айтушы, — Шыңғыс жайлаудан қайтып келе жатқан оның барлық марқасын сайға біткен шытырман ішінде мауыздатып тастапты. Бұл жұмысты өзгеге емес, өзінің баласы — Шоқанға істетіпті. Қылығын қылып алған ол бала, қазір әскерлік бекініске паналап жатыр дейді. Өтей теңдік сұрап кісі салса, Шыңғыс «білгенін қылсын» деп мықтылық айтып, шашасынан келтірмейді дейді...

Қожық бұл кезде Құсмұрынға жақын жердегі Қарасу өзенін жайлаған Уақтың Қараман руында қонақтап жүреді. Оған күрең марқа әңгімесі Есенейден де өте түсіп жетті.

Есеней мен Қожық өз ара ат салысып хабарласты да, әңгіменің байыбына бармастан-ақ, елді Шыңғысқа қарсы көтерудің амалына кірісті. Олай көтеру оңай еді. Құсмұрын дуанына он үш жыл аға султан болғанда, Шыңғыстың азуы мен тырнағы батпаған ауыл кем де кем, әсіресе Құсмұрын көліне жақын тұстағы ауылдардан.

Жұртты желіктіру жабдығына кіріскен Есеней мен Қожық, әуелі Құндызды жағасында жасырын бас қосып алды.

— Бұл былай да лып еткелі тұрған өрт еді, — деді Есеней, — соны тұтатып жіберуге Өтейдің қозысы себеп болды. Сылтау табылды. Енді осыны пайдалану керек. Сен — «жаубасарлап», мен — «ұшпайлап» екі жақтан ұран шақырсақ, Керей, Уақтың сойыл соғар еркегінен атқа қонбаған жан қалмайды. Олар Құсмұрынның қырқасы түгіл, көлінің аумағын да әлденеше орап алуға жетеді. Шыңғыстың сүйеніп келгені бекіністегі солдаттар. Саны — бірер жүздей ғана дейді. Не бітіреді олар сүйеніш болып? Көпке топырақ шаша ала ма?

— Ештеңе де істей алмас, — деді Қожық кейде жиіленіп кететін кекештігі бұл жолы азайып, аздап тұтыққанмен, сөздерін еркін айтып, — менің қауіпім басқада.

— Неде?

— Абылайды алғаш хан көтеріп, алты ақ отау тігіп, алты қызын берген, алты жүз жылқы, алты мың қой берген Атығай мен Қарауыл деседі ғой. Мынау әңгіме көтеріліп, көңіліне қауіп ұялғаннан кейін, Шыңғыс соларға жасырын ат шаптырып, «Керей, Уақ ордасын талауға жиылып жатыр, қайтеді екен, Атығай, Қарауыл? Талатып қоя ма екен, қорғай ма екен?» депті дейді. Соған сегіз ата-Қарауыл он екі ата-Дәуіт дүрлігіп, бастығы Қанай би мен Құрымсы би боп, жігіт жинап жатыр дейді.

— Тағы не дейді? — деді Есеней.

— Бір қауесеттерге қарағанда, — деді Қожық, — Торғай жағындағы Тоқал — Арғын да жігіт жинап жатқанға ұқсайды. Абылайдың билері мен батырлары: Қаз дауысты Қазыбек, Шақ-Шақ Жәнібек, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай ғой. Солардың бәрінің де елдері, — «Абылай ордасын шаптырмаймыз» деп жиналып жатқан сияқты.

— Тағы?

Қожық сөзін әрі қарай жалғастыра алмай тұтығып қалды.

— Оттап отырсың, кекеш ит!-деді Есеней, еркін сөйлейтін Қожыққа.

— Не-не-тег-г-ге?-деді Қожық.

— Жинала берсін, Атығай — Қарауыл. Басқалары жиналса да мейлі! Жаумен санасып соғыспайды. Жабылам десе жасанып қарсы тұрамыз. Уақ атаңның баласы-сен Атығай -Қарауыл жаққа ие боласың, мен Керей атаулыны ертіп, Қыпшақ пен Арғын келетін жаққа ие болам. Сонда қоршауда қалған ордаға олар қалай пана бола алады? Және қаңғырған жалғыз үйлі төрені қорғаймын деп Керей, Уақтың қалың қолымен қалай шабыса алады олар? Қорғайтын қай бір орда бұл? Қазір бұл — ханның ордасы емес, орыс патшасы тіктірген балаған ғана. Сол үшін мал басын бәйгеге тігетін, жынды ма, Арғын мен Қыпшақ?

— Өйте алмайды, — деді Есеней, кекештене сөйлеуге әзірленіп келе жатқан Қожықты бөгеп, — бірақ қапы болмау үшін және Шыңғыстың үрейін ұшыру үшін қаптаған қалың қол, Құсмұрын көлінің аумағын тез қамау керек.

— Сондағы түпкі ұстар сөзіміз не болады? — деді Қожық.

— «Екінің бірі» дейміз «не балаңды тірідей қолымызға бер, не істеуді өзіміз шешеміз немесе бізге өкпелеме, ар жағын найзаның ұшы білектің күші шешеді» дейміз....

— Ма-ма-мақұл! — деді Қожық.

«Ағаш қамшы көп, аттанарда жоқ» дегендей, Керей мен Уақтың қаптаған қалың қолы Құсмұрын көлінің жан-жағына шоғырлана бастаған шақта, Шыңғысқа доспын дейтін адамдардың ілуде біреуі ғана болмаса, орда маңайына жолай алмады. Өзгені былай қойғанда .«жау қайдалап?» дамыл бермейтін «ат, шап!» таң аузын жаппайтын, басқарған елінің Шыңғысқа жауығуына бас себеп болған Шепенің өзі, ордаға қауіп-қатер төне бастаған шақта, елеусіз зытып отырған. қайда кеткені белгісіз. «Ата досыңмын» дейтін Өтей де Керей мен Уақтың ауқымынан шыға алмай, тілектестігін Шыңғысқа астыртын жеткізіп, көзге де, сөзге де түсе алмай отыр.

Осындай қысыңқы уақытта, қазақ атаулыдан Шыңғыстың қасында қалған белгілікті адамдар Күрлеуіт руынан шыққан — Сатыбалдының Жаманқұлы мен Қанжығалы руындағы беделді адамның бірі әрі биі — Меңдекенің Шәңкісі. «Күрлеуіт те, Қанжығалы да Құсмұрын дуанында аз рулар, әрқайсысы ең көп дегенде — жүз үйден ғана. Ұлпанды алғаннан кейін Есеней Баян аула маңайын мекендейтін қалың Күрлеуіттен өз қайын жұрты Обаған бойына көшіріп алған, солардың ішінде, «қырық мың жылқы бітіпті-мыс» дейтін атақты Нияз байдың ұрпағы Жаманқұл ақын да келген. Қанжығалы руының да қалыңы Ереймен тауының маңында. Абылайдың екі баласы — Уәлі мен Қасым хандыққа таласқанда, Шәңкінің әкесі — Меңдеке Уәліні жақтаған, сондықтан хан болған Уәлі оның арғы атасы — Теңізбай тұқымын Ерейменнен көшіріп, қазіргі Сарыкөл (Урицк) ауданының «Отынағаш» деген орманды, шұрайлы жерінен қоныс берген.

Еркіне салса, Жаманқұл — Күрлеуіт, Шәңкі — Қанжығалысын ерте келер еді. Өйте алмады олар. Себебі бұл арадағы Күрлеуіт ауылдарының байы да, бегі де Елтіннің жігіті, ол — Есенейдің апасы — Матайдан туған жиен, сондықтан тілегі Есеней жақта. Жігіттің аузына қарап отырған Күрлеуіт, одан ұлықсатсыз аяғын қия баса алмайды. Жаманқұлдың жалғыз да болса келген себебі Құсмұрын дуаны ашылып, Шыңғыс аға сұлтаны болғалы үйінен шықпайтын ақыны. Жаманқұлдың суырып салма ақындығында да, халық жырларын білуінде де түп жоқ. Халық әдебиетін жинап жүретін Шыңғыс, одан талай жырларды жаздырып алған. «Бес жасынан хат таныды» дейтін Шоқан да тентектік қылықтарының арасында әкесінің халық фольклорын жазу ісіне жәрдемдесіп қоятын. Мысалы, біз Шоқанның жарияланған ғылыми еңбектерінен Жаманқұл айтатын «Едіге» жырын әкесіне алты жасында қағазға түсіріп бергенін білеміз. Жаманқұл Шыңғысқа шынымен берілген адам. Сондықтан оның «басына қатер туды» деген хабарды естіген соң ағайындарының «елден бөлініп қайда барасың? Жаудың торына түсіп жазым боларсың» дегеніне қарамай, Шыңғысқа қарсы топталып жүргендердің ара-арасымен ордаға жетті, досының қасынан қозғалмай отырып алды.

Шәңкінің Қанжығалыны ерте алмаған себебі бұл руда Жәдігердің Асаубайы дейтін, Орта жүзге аты жайылған шешен болған, өзі кедей болған. Жолаушылап жүрген Шыңғыс бір сәтте Асаубайдың аулына кез келіп, сонда шешен дұрыстап қонағасы бере алмаса керек, Шыңғыс соны кек көріп, Қанжығалыдағы Бексары дейтін даукес біреуге: «Асаубай отырған «Қорқылдақ» атамның жері еді, әкем Үмбеттен, Асаубайдың әкесі Жәдігер тартып алды, сол жерді өзіме қайтарып бер» деп дуанға арыз жаздырған. Қолына түскен арызды, Шыңғыс билерінің қарамағына берген. Сонда шешен Асаубай, Бексарыны сөзден жығып, билер жер әперудің орнына өзіне ат, шапан айып салған. Шыңғыс «атын аруаққа кешесің» деп, шапан орнына Бексарыдан Асаубайға бір тайша әперген екен деседі. Сонда Асаубай Шыңғысқа:

Ойламап едім бұлайша әпергенің бір тайша, Бексарыдай бұзықтар, Өтірік арыз жазудан Тыйылар енді қалайша? депті. Аралары содан шалғайланған Асаубай, Қанжығалының басым көпшілігін Шәңкіге ертпей ұстап қалды. Азшылығы еруге жүрексінді. Шәңкі атадан алтау еді, солардан өзімен тетелес інісі — Шауыпкел батыр ғана ерді.

Шыңғыстың ордасына орныққан Жаманқұл мен Шәңкеге Балта руынан шыққан, бізге өткен тараулардан белгілі-Тұрсынбай батыр ғана қосылды. Жасы жүзден асқанмен, салт жүруден қалмаған ол, «Абылайдың ордасына шабуыл жасалып жатыр» деген хабарды естіді де, «хан ағам тұсында қырық жыл қорғаған қара шаңырақты талатып, үйде қалай отырам» деп, бір немересін ертіп атқа қонды. Ертерек кезде, бір жорықтан қайтқан оның үйінде «Абылайдың ала туы» қалып қойған еді, ол осы туды қолына ұстай, қару-жарағын асына аттанды да, ордаға түспестен туын Құсмұрын қырқасының тұмсығына тігіп, «келер жау болса осы арада күтемін!» деп, жатып алды. Шақырған ауылдарға бармады ол. Сыйлайтын адамдар үстіне күрке тікті де; асты апарып берді.

Есенейді қолдаушылар күн санап молая түсті. Құсмұрын қырқасының батысындағы «Ханжатқан» сайына талай ақ үйлер тігіліп қалды. Есеней «бұл жиынның шығынын өзім-ақ көтерем» деп, сойыстыққа жүз шамалы байталы бар қысырақ үйірлерін, «сауынға» деп, төрт-бес айғырдың үйірін алыстағы отарынан айдатып алды, қымызды ол «жұрт қанып ішсін» деп «тайжүзгенге» құйдырды.

Қол қалыңдай түсті. Есеней онымен қанағаттанбай ана жылы Шыңғыс қонысынан қуып, Торғай жаққа айдап жіберген Ақташы руының атақтысы Мамыққа, сол Қуғында Уақтың Қытай аталатын руына паналап жалғыз үй қалған Кетебайдың Садағын жұмсап, «Өш алар кезі жетті, Ақташы жиналып келсін де, Шыңғысты бізбен бірге шапсын», деп хабар айтты. Кекті Ақташының қару ұстарлық еркек — кіндіктісі атқа қонып, «Ханжатқандағы» топқа кеп қосылды.

Көмір қазатын кәсібінен айрылған Тағыш руын бастап Жүргімбек батыр келді. Ана жылы қонысынан аударарда қарсылық білдірген оны, Шыңғыс «Ит жеккенге» жер аударып, содан жақында ғана оралған еді. Сондықтан Шыңғысқа ол да өлердей өш.

Осынша қалың қол, Құсмұрынның қырқасында шекиіп отырған хан ауылын әлдеқашан бас салар еді де, күл-талқанын шығарар еді. Өйтпей салқынын алыстан салуын, Шыңғыс «бекіністегі әскерден қорқуы» деп түсінді. Жан-жақтан торлай бастаған қалың қолдың неге, не мақсатпен жиналуынан, Шамрай хабардар. Қай тұста кімдер топталуын оларды кімдер басқарып жүруін, Шыңғыс оған күн сайын әлденеше рет хабарлайды. Халдың ауырлап бара жатқанын көрген Шамрай, алғашқы күндері-ақ, топталғандарды зеңбіректің астына алып, быт-шытын шығару, сөйтіп беттетпей тастау еді. Олай істеуге Шыңғыс қорықты, — «былай да өшігіп отырған елдерді, одан жаман өшіктіріп алармын» деп қауіптенді. Бірақ сақтықта қорлық жоқ деп, «егер жау жағы шабуылға кіріссе тойтарыс берерлік болыңдар!» деп әскерге қам жасатты. Бекініс пен орда арасына салт мінген қарулы күзет қойғызды. Шамрай Шыңғысқа ереуілшілермен бекіністе жатып сөйлесуді ұсынды. Өйтуді намыс көрген Шыңғыс, «не де болса өз үйімде күтіп алам» деді. Жиынның қалыңдай түсуінен қауіптенген Шамрай, қазақ-орыстың линиялық әскерінің штабы тұратын ЬІстапқа көтеріліс болу қаупін хабарлап, тығыз түрде қарулы жәрдем жіберуін өтінді. Штаб Шамрайға деген жолдап, тез арада Ыстаптан бір эскадрон, Көкшетаудан бір эскадрон жәрдем баратынын хабарлады.

Ордаға күн сайын шапқысы келетін Есенейді тоқтата беретін адам, бері салғанда бүкіл Керей мен Уақ, әрі салғанда Арғын мен Қыпшақ бедел көретін, Керейдің Алдай руынан шыққан Тоқсан би. Оны жұрт «тіл біткеннің шешені, сөз біткеннің алғыры» дейді екен. Тоқсанның әкесі — Жабай да, оның әкесі — Қара да атақты билер болған. Орта жүз Абылайды ақ кигізге отырғызып хан көтергенде, бір бұрышын Қара би ұстаған екен дейді. Оның жасы Абылайдан әлдеқайда үлкен екен. «Қара би қартайып, жағы түсіп отырған шақта Абылай сәлемдесе келіпті. Сонда Қараның жүгіріп жүрген немересі-Тоқсанға Абылай қолынан ет асатып, маңдайынан сипап бата берген екен», дейді. Сондықтан билік істерінде Тоқсан әкесі Жабайдан асып түскен екен дейді.

Абылайдың аруағын да, ордасын да, ұрпақтарын да сыйлайтын Тоқсан қартайып үйінде отырып қалғанмен, «ордаға шабуыл жасалғалы жатыр» дегенді естиді де, бармауға шыдамай қасына жолдас-жорасын ертіп атқа қонды. Оның келуіне Есеней іштей қатты ренжіді, өзі де аруаққа сенгіш, сыйынғыш ол, жеті атасынан бері би болып келе жатқан Тоқсанды пір тұтып, алдынан өтпейтін, сөзін екі етпейтін, шаруасы шағын Тоқсанға жыл сайын соғым жіберіп; жаз бір, қыс бір қонаққа шақырып батасын алып тұратын. Соңғы жылдары атқа мінуден қалған Тоқсанға жылында бір рет өзі барып сәлемдесетін, үлкен бір даулар болса немесе ел басына ауыр күндер туа қалса, Тоқсанға ақылдасып алмай, дауды шешуге, ауырлықты жеңілдетуге кіріспейтін. Тоқсан да Есенейді бірде: «Жауды жеңер батырым» деп, бірде «Шалқыған ырысым» деп, бірде «Жау жасқанар айбыным» деп еркелететін, Есенейдің сөзін ол да екі қылмайтын.

Тоқсанның келгендегі мақсаты, екі жақты қандастарына ынтымаққа келтіріп татуластыру еді. Екі жақтың, әсіресе Есенейдің тамырын басып байқаса, кенеуі кетіп қалған дүние сияқты. Әлсіреп отырған Шыңғыс келісімге келуге ойлағанмен, Есеней жағы қайыспастай қақиып алған, сондағы айтары баяғы бір сөз: «Не баласын қолымызға берсін, не тұрысатын жерін айтсын!»

«Баланы беруге болмайды, — деп ойлайды Шыңғыс берсе — өлтіреді». «Сонда не істеу керек?» деген сұрауға, Шыңғыстың табар жауабы біреу ғана. «Қысылып бара жатса, қашып барып бекініске тығылу, одан арғы үміті — Ыстап пен Көкшетаудан келетін эскадрондар.

Есеней шабуылға әзір болып қалған шақта Тоқсан келіп үлгерді. Ұлықсат сұраған Есенейге:

— Тоқтай тұр, — деді Тоқсан.

— Қашанға дейін?

— Оны ақылдасамыз.

Тоқсанның естуінше, «хан ордасы таланғалы жатыр» деген хабармен, Арқа мен Сібірді мекендеген елдердің ру басылары осы маңға келе жатқан сияқты. Есенейді де бетке қаққысы келмеген ордаға да жаны ашыған Тоқсан мәселені солармен ақылдаса отырып шешпек.

Қауесет рас болып шықты. «Абылайдың ордасы таланғалы жатыр» деген қазақтың «ұзын құлағы» кең далаға дауылды желден жылдам тарады. Сол хабарды естіген соң мына шеті — Ұлытау, Кішітаудағы бес болыс аталатын Бағаналы боп, одан әрі — «Арғынның сәуірі» аталатын алпыс болыс Қуандық пен Сүйіндік боп, Қарқаралы мен Баян тауларын төңіректеген қырық болыс Қаракесек — Қаржас болып, Көкшетау өлкесін жайлайтын сегіз ата — Қарауыл, он екі ата Дәуіт болып, «Тоқсан екі баулы» аталатын Қыпшақтың Үй және Тобыл өзендерін мекендейтін тең, жарысы: Ұзын, Көлденең, Торы, Қарабалық рулары болып, Торғай-Тосынды мекендейтін — Жоғарғы Шекті, Обағанның батысын мекендейтін Төменгі Шекті болып, Абылайдың ордасын қорғауға ұран шақырды да, әр жерде топталып жиыла бастады. Бұл жайларды естіген Есеней айылын да жиған жоқ.

— Келе берсін, — деді ол, — «бұл қалай болады?» деп үрейленгендер «Біз жасанған жаумыз. Қамданған қалын, топтан жынын шашып құтырған бура да қаймығады. Көрерсіңдер, сол «жиналып жатыр» дегендердің ешқайсысы Керей, Уақтың қарулы қолымен сойыл соғысуға келе алмайды, олар тек бітім сұраған билерін ғана жібереді.»

Есенейдің айтқаны келді. «Анау жақтан келеді, мынау жақтан келеді» дегендердің біреуі де Керей мен Уақтың жасанған жауынгерлеріне жақындауға бата алмай, салмағын алыстан салғысы келді де, татулық тілетуге, әр ру өзінің «жақсы-жайсаң» дегендерін жұмсады.

Олардың ішінде аталған рулардың «пәлен би, пәлен шешен» дегендерінің көбі бар еді. Есеней тіктірген үйлерде бастары қосылған олар: «Бәріміз қойдай маңырап, қозыдай жамырамайық, Есенейге де, Шыңғысқа да бітуана сөзді айтатын біреуді ғана шығарайық» десті.

Орта жүзге қарайтын алты ру: Арғын, Қыпшақ, Қоңырат, Найман, Керей, Уақ бас қосқанда, «аға баласы» деп жолды Арғынға береді. Бұлардың ішінен қоңыртас төрт ру кептігін салыстырғанда: «Аспандай — Арғын, жұлдыздай — Қыпшақ, қойдай — Керей, қозыдай — Уақ» деп келеді. Бұдан Арғынның өзге рулардан көптігі де көрініп тұр.

«Есеней мен Шыңғысқа кім сөйлеседі?» дегенде өзге рулар: «аға баласы-Арғын сөйлессін» деді. Арғыннан Құсмұрынға жиналған билердің жасы үлкені де, таңдаулысы да, Аңдағұл руынан келген Өтемістің Құрымсысы болып шықты. Ол талай топқа түсіп, «қызыл тілден жүлде алған» шешен де еді, «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін табатын» білгір де еді.

Дауласқан екі жаққа шешінді сөз айтардан бұрын, Құрымсы әуелі Шыңғыспен, одан кейін Есенеймен оңаша сөйлесті. Ыстаптан да, Көкшетаудан да қалың қол келуін күтіп, «қарсы қазақтарды солардың мылтық күшімен қуам» деген сенімде отырған Шыңғыс Құрымсының:

— Кеше атаң Абылайды хан көтерген одан — әкең Уәліні ол өлген соң шешең — Айғанымды хан сайлаған Атығай менен Қарауыл еді, өзге рулардан бір табан саған жақын еді, сондықтан Есенейден гөрі сені жақын тұтып, бірінші рет саған сөйлесіп отырмын, — деп бастап, татулық әңгімесін айтып еді. Шыңғыс «бас асаулық» қылып, салам ба деген бұғалығына тоқырамай, жұлқына берді. Содан кейін Құрымсы айтар сөзінің турасына көшті.

— Сен неге сіресе бересің? — деді Құрымсы оған, — сонда сүйенерін орыс үкіметі ме? Үкімет елді қыра алмайды. Азар болса, Есенейін, Қожығы қамап, Итжеккенге айдатады. Қатыны мен еркегі құрып қалмаса, Керей мен Уақтан Есенейлер мен Қожықтар тағы туады. Үкімет оларды ит жеккенге айдап тауыса алмайды. Ерлерін айдату, елдің өшпенділігін күшейте береді. Өшіккен ел кегін алмай қоймайды. Түбінде үкімет жеңбейді, ел жеңеді. Ендеше елмен есептеспей болмайды. Жұрт сені «ақылгөй емес, тасыр қой» деуші еді, рас екен ғой сонысы! «Әлін білмеген әлек» дегендей, өлеріңді білмейтін адам ба едің сен? Керей, Уақтың қолына беріп отырған шылбырын босатайыншы, не істер екен саған? Олар аспандағы жұлдыздай, сен арасындағы үркердейсің. Бір шайқауына келемісің олардың? Ерегісіп көрші, күліңді көкке ұшырсын! Орта жүздің игі жақсылары сені сыйлап кеп отырған жоқ, Абылайдың аруағын сыйлап келіп отыр. Тілін алмай көрші, олар да безеді сенен!... Сонда не істемексің?

Құрымсының шешендік торына іліккен Шыңғыс, амалсыздығын көрді де:

— Сонда, не істе дейсің маған? — деді.

— Істе дейтінім: басын аман, малын түгел кезде, бұл Құсмұрыннан кет.

— Қайда?

— Оны ойлан. «Өзі болған жігітке, бір кісілік орын бар» дегендей, өнеріңе лайық орынды табарсың!

«Жарайды» дей қоюға, Шыңғыс әрі «шылқы май» көретін орнын қимады, әрі «Есенейден қорқып кетіпті» деген атақты қорлық көрді. Бірақ «ақылына айғыр салып» байқаса, Құрымсының айтып отырғаны шындық.

Ендігі оның ақылдасары,-Орынборға кеткен Драгомиров. «Жаны шын ашиды» деп ойлайтын Драгомировтің Орынбор сапарынан оралар уақыты болып қалды, сөзінде тұрса, келіп қалуға тиісті. Ойы соған тоқыраған Шыңғыс:

— Жарайды қабырғама ақылдасайын, — деді.

— Ұзақ ақылдаспа, — деді Құрымсы, — тезірек шеш. Маған ертең — бүрсігүні Есенеймен сөйлесу керек. Соған дейін жауабыңды күтем.

— Тым тығыздатып әкеттің ғой, Құреке, Әуелі Есенеймен сөйлесіп ап, мені соның бетін көргеннен кейін сынамаймысың? — деді Шыңғыс.

— Ол да дұрыс екен, — деді Құрымсы.

Көмейінде тұрған бір сөзді Құрымсы Шыңғысқа айтпады, ол «Аға сұлтандығыңды Есенейге бер де, өзің бұл арадан тай!» еді. Оны айту үшін әуелі Есенеймен сөйлесіп алу қажет болды.

Есенейдің алғашқы әйелі — Қанікей, Құрымсымен аталас — Зілғараның қызы екенін еткен тараулардан білеміз. Сондықтан жасы кіші болғанмен, жолығысқан шақтарда Құрымсы оны «жездей» деп, өзін еркелейтін «балдыз» орнына ұстап, ойынды-шынды сөздерін батыл айта беретін. Ойынға доғал Есеней ел әдетімен «балдыздық» көтере жүріп, қытығына тиген бірер жолда, «оттама, балдызым» деп бетінен қатты қауып тастағаны бар. Содан тауы шағылған Құрымсы, кейін байқап әзілдесетін болған.

Бұл жолы сөйлескелі отырған кеңесі — қалжың араластыратын нәрсе емес, салмақты нәрсе. Сондықтан Құрымсы, Есенеймен сөйлескенде «тиегін» яғни Тоқсанды қасына ала отыруға ұйғарды.

Тоқсан мен Құрымсы жасты болатын, талай рет кездескен олар, «құрдаспыз» деп қатты ойнайтын, сонымен қатар, бір-біріне сөздері тыңдаулы да. Кейде, кейбір дауларды олар сәлем айтумен де бітіріп тастайтын. Біз сипаттап отырған жиынға Құрымсыны төбе-би қоюда, Тоқсанның рөлі ерекше болған.

Есенейдің алдын ала Тоқсанмен жолығысқан Құрымсы:

— Құрдас-ау, сен түлкі жортағыңды қоя тұрып, тура сұрауға, тура жауабыңды берші: Керей, Уақ осынша қара тер болып шапқылағанда, түпкі мақсатың не? — деді.

— Оның несін сұрайсың, құрдас-ау! — деді Тоқсан, — Атығай мен Қарауыл — алдымызға өзің салып берген жолың бар емес пе? Біз де сонымен жүреміз — дағы.

«Жол» деп отырғаны, — Абылайдың Сырымбет тауында тігілген «хандық» ордасының аға сұлтаны Атығайдың Андағұл руынан шыққан Зілғараның болуы еді. Дуанды аз жыл басқарған Зілғара, «қартайдым, жүріс-тұрысты көтере алмаймын» деп, аға султандығын баласы — Мұсаға берген. Мұса сол қызметінде әлі де тұрған. (Жақша ішінде айта кететін сөз: Қызылжардың батысында, сексен шақырым жерде, Есіл өзенінің бойында, орысша «Явленко» аталатын қала бар, қазақтар соны «Мүсін» дейді, онысы «Мусин» яғни «Мұсаның қаласы» дегені, олай дейтіні, қала түскенше, сол ара Мұсаның, одан кейін балаларының қыстауы болған).

Тоқсанның не айтқалы отырғанын тұспалды сөзінен түсіне қалған Құрымсы:

— Сондағы атағалы отырғаның Есеней ме? — деп сұрады.

— Үстінен түскен сөздің несін қайталайын, — деді.

— Мен тоқырармын-ау оған, — деді Құрымсы, — елің тоқырай ма Есенейге?

— Онда жұмысың болмасын, құрдасжан. Төрелік беруге жолың бос. Тізгінге қол созба. Оны кімге берерін Керей мен Уақтың өзі білсін.

— Мақұл, құрдасжан.

Есеней пәлденбей, құрылысшы айтқан ұсынысты құшақтай алды.

— Бірақ, — деген шартын айтты ол, — егер бұл арадан аман кетем десе, Шыңғыс мына жағы ЬІстаптан, ана жағы — Көкшетаудан шақыртып отырған қарулы әскерін ізімен кейін қайтарсын. Олар шегінбей татулығым жоқ. Егер шегінбесе, — соғысам. Қай тұста келе жатуларынан биенің сауыны сайын хабар алып тұрмын. Ыстаптан шыққан әскер бүгін Қараобаға жеткен, Көкшетаудікі — Қойбағар көліне. Сол жерлерден бір табан бері аттаса, қашан қырып тастағанша Шыңғысты ұлып — отанымен жоқ қып жіберем.

Бұл сөзге Тоқсан да қосылды. Есенейдің айтқанын істемей тынбайтынын білетін Құрымсы:

— Сөйлесейін, Шыңғысқа, — деді.

— Сөйлесу-мөйлесуіңді білмеймін би, — деді Есеней үлкен айран көзін шатыната қарап, — айтқаным айтқан. Шыңғыс шақырған әскеріне бүгіннен бастап шапқын жіберіп, шерулерін шегіндірмесе, екі би маған өкпелемеңдер, мен онда Шыңғыстың түсірген аспанын көріп алам да, өзімнің қимылыма кірісем.

— Мақұл, — десті билер.

Құрымсының башайлап айтқан сөздеріне Шыңғыс «көрерміз, ақылдасармыз» деген ғана жауап айтты, сондағысы Орынбордан оралатын Драгомировпен ақылдасу еді. Сол күні келген Драгомиров, әуелі болып жатқан оқиғаға Шыңғыстан қанып алды да алдымен Есенейдің талабын орындатып, екі жақтан да келе жатқан әскер бастықтарына өз атынан «кейін қайтсын» деген бұйрық хатпен кісі шаптырды. Шыңғысқа айтқаны:

— Қызметіңнен алу мәселесін, мен шешпеймін, Омбының генерал-губернаторы шешеді. Ал маған салсаң, бұл қызметіңнен өзің арыз беріп босануың керек.

— Неге?! — деді Шыңғыс, Драгомировтің кескініне таңдана қарап.

— Біріншіден, — деді Драгомиров, сөзін нығыздай айтып, — Омбыда үстіңнен жиналған материалдарды жинастырып көрсем, көбі шындыққа жатады. Егер ол материалдар сотқа түссе, қызметіңнен босау былай тұрсын, талайларды қолыңнан айдатқан алыстағы Сібірге өзің айдаласың.

— Қызметтен түскенмен құтылам ба ол істерден? — деді Шыңғыс.

— Құтыласың.

— Қалай?

— Материалдарды өртетіп жібереді.

— Түспей де істемеймісің соны?

— Істей алмаймын.

— Неге?!

— Басқарып отырған еліңнің ауқымына қарағанда, үстіңнен жазылар шағымның шегі жоқ сияқты. Бұрынғы материалдарды жойғанмен, жаңа материалдар орнын басады. Түптегенде олар тексерілмей қоймайды. Жасалатын қорытынды белгілі.

— Екінші сөзіңді айт, — деді Шыңғыс бастапқы ұсынысқа іштей көніп.

— Екіншім, — өзің Омбыға менімен бірге аттан және бекіністе қорғалап отырған балаңды ерте аттан.

— Неге?!

— Менің байқауымша, балаң осы арада тұрса, өшігіп алған жұрт, оның көзін жоймай тынбайды.

— Мүмкін, — деді Шыңғыс.

— Және айтарым, — деді Драгомиров, — хандық заманыңды көксегеніңмен, ол сенің қолыңнан ұшып кеткен, енді қайтып қонбайтын құс. Сен қазір «хан» емессің. Россия үкіметінің чиновнигі ғанасың.

— Рас! — деді Шыңғыс ауыр күрсініп.

— Сауатсыз кісі Россияда чиновник бола алмайды. Кенесарыны жойған шақта патша үкіметі жергілікті елдің, білгілікті адамдарынан жәрдемшілер тапты да, оларға чиндер, шекпендер берді. Қазір қазақ даласында сотник, ясаул, хорунжий дегендер толып жатыр, солардың бірі өзіңмен жауласып отырған Есеней Естемесов. Солардың бірен-сараңы ғана болмаса берілген наградалардың не екеніне көбі түсінбейді.

— Рас, — деді Шыңғыс.

— Келешекте олардың бәрінен орысша оқыған қазақ озады. Оған мысал — Тұрлыбек Көшенов.

— Рас.

— Ендеше болашақта «кісі болсын» десең үкімет тізгінін ұстасын» десең, балаларыңды, ең алдымен анау тентек балаңды Омбыға апар да, орыс оқуына бер!

Олар осыған келісті.

Билер бас қосқанда, Шыңғыс жиналған жұртқа, бұл дуанның аға сұлтандығынан еркімен босанатындығын, ол үшін қазір Омбыға жүріп, ондағы үкіметке арыз беретінін айтты.

Қай «ризашылық» екенін біле тұра, жақтаушылар да, қарсылар да сөз көтерген жоқ. Драгомировтің қолынан жасалған піргеуірде — Көкшетаудағы туыстарына барғысы келеді» деген сылтаумен, жұрт Шыңғысқа алғыс айтып босатпақ болды да, үкіметтен оның орнына «ел қалаған» Есенейді отырғызуын өтінді.

Сол кезде Құсмұрынға келе жатқан әскерлердің кейін қайтқан хабары да алынды. Есеней жинаған топ тарай бастады. Шыңғыс Омбыға жүруге әзірленді.

Шоқан бұл кезде бекіністен үйіне келген еді. Оның қылмысын ешкім бетіне басқан жоқ, жалғыз шешесі ғана болмаса, басқалардан жан адам жылы ұшыраған жоқ.

Сондай суықтыққа мән бермей жүрген тентек баланың құлағына, әкесінің Омбыдағы орыс оқуына алып кету хабары шалынды.

Баланы шошытпау үшін, еркімен апару үшін жүрерден бірер күн бұрын, Шыңғыс шақыртып алды да, балалық санасына сіңетін түрде түсіндірді. Шоқан үндемей шығып кетті.

«Барар, — деп сенді Шыңғыс, — барғысы келмесе, еркіне қарамаспын».

«Ертең аттанамыз» деген күннің кешіне, Шоқан жоғалып шықты. Ешқайда жоқ!..

Дос көретін Құтпаны, Шоқанға бұл жолы қас болып шықты. «Қасқыройнақтың» апанына тығылған оны, Шындығында іздеген адамдарына Құтпан тауып берді...

Үйіне еріксіз сүйреп әкелген Шоқан, көнудің орнына бейпілдігіне басып, Шыңғыстың аузы-басынан боқтамаған түгін қойған жоқ. Көнбейтінін көрген Шыңғыс «тағы қашып кетер» деген оймен, Шепенің үйіне қаматты да, оның зор, семіз денелі жалпақ бет, долы мінезді шикіл сары қатыны,-Шоңайнаның қолына берді. Өзін «дүмді жердің қызымын» деп ойлайтын ол мейлі кім болса да алдына жан шығарған әйел емес. Өзге түгіл Айғаным да одан қорқып беттеспеуге тырысатын, беттесе қалса, жүнін жығылған жағына сыйпап, жөніне қарай кешетін. Ол бұрын Шоқанды «тентек» деп жақсы көретін еді. Сол тентектіктің сойылы, ақыры өз басына тиіп, күйеуі — Шепе сотқарлығының салдарынан қашып кетті. Содан кейін, «құдай қолыма түсірсе!» деп, жұдырығын түйіп, тісін қайрап жүргенде Шоқан қолына лекті. Оны «шүу» дегеннен ықтырып алмақ боп, Шоңайна алақандай көзін қадалта бір қарап.

— Бар ана төрге! Жат мейлің, отыр мейлің — еркің. Қашып құтылам деп ойлама! Тілімді алмасаң, менен жамандық таппа! — деді.

Өзгеден қорқпайтын Шоқан, Шепенің ұйтқыттауымен, кішірек кезінде Шоңайнаны боқтап қап, артынан қолына түскенде ауыр санының астына басып отырып, біраз мытыған. Денесі көкала қойдай боп босаған Шоқан жылап барып шешесіне шаққанда:

— Көк долы қатын екенін білмейтін бе едің, балам-ау? — деген Зейнеп, — біле тұра неге соқтықтың? Оны құдайдан басқа ешкім де жеңбейді. Тимесін десең жолама, атын атап, жөнін жөндеме, аулақ жүр! — деген.

Шыңғыс та Шоқанды Шоңайнаның үйіне сондай мінезін білгендіктен қаматты. Тырп етсе тағы да таяқ жейтінін білген Шоқан, Шоңайна қолымен нұсқаған төрге барды да, басына жастық салмастан, төсеулі жатқан ескі, кір, құрамыс үлкен көрпенің ішіне кіріп, басын тұмшалай бүркеп ап, арқасын сүйекпен әшекейлеген жүкаяққа тіреп, бүкшие жатып қалды.

Сол қалпынан ол, келер таң атқанша қозғалған жоқ. Іңірде шешесі-Зейнеп кеп, ағыл-тегіл жылаған дыбыспен, оятқысы құшағына алғысы келіп, бас жағынан қозғап керіп еді, ояу жатқан Шоқан, қасақана қатты ұйықтаған боп, ешбір сес бермеді. Зейнеп онысын шын ұйықтағанға жорып, денесін алдына өңгеріп алмақ болып еді, бала талып жатқан адамдай былқ-сылқ етіп икемге келмеді. «Мұнысы несі?!.. Әлде есінен танып жатыр ма?!» деп қорыққан Зейнеп, Шоқанның былқылдаған денесін күшпен алдына өңгеріп еді:

— Тарт қолыңды! — деген қатал даусы естілді баланың.

— Мен апаңмын, құлыным! — деп еңіреп қоя берген Зейнепке:

— Ұстама! — деді Шоқан даусын қатайта түсіп.

— Менмін ғой, Қанашжан, апаңмын ғой, — деді Зейнеп құшағын қаусыра түспек боп.

— «Тиме» дедім ғой, — деді Шоқан, шешесінің қаусырған құшағын жазбақ боп.

Қара көлеңкеде, босағада шынтақтап қисайып жатқан Шоңайна:

— Үкілі келін-ау, — деді Зейнепке, — өз денеңнен шыққан балаға сонша жалынбай, неге шапалақпен екі жағына тартып-тартып жібермейсің? Сонда ол «тимені» айтпас еді!

Зейнеп жауап бермеді. Шоңайнаның қаталдығын Зейнеп «өкшесі қанамаудан» деп жоритын. Шоңайна әсіресе, келеді» деген сылтаумен, жұрт Шыңғысқа алғыс айтып босатпақ болды да, үкіметтен оның орнына «ел қалаған» Есенейді отырғызуын өтінді.

Сол кезде Құсмұрынға келе жатқан әскерлердің кейін қайтқан хабары да алынды. Есеней жинаған топ тарай бастады. Шыңғыс Омбыға жүруге әзірленді.

Шоқан бұл кезде бекіністен үйіне келген еді. Оның қылмысын ешкім бетіне басқан жоқ, жалғыз шешесі ғана болмаса, басқалардан жан адам жылы ұшыраған жоқ.

Сондай суықтыққа мән бермей жүрген тентек баланың құлағына әкесінің Омбыдағы орыс оқуына алып кету хабары шалынды.

Баланы шошытпау үшін, еркімен апару үшін жүрерден бірер күн бұрын, Шыңғыс шақыртып алды да, балалық санасына сіңетін түрде түсіндірді. Шоқан үндемей шығып кетті.

«Барар, — деп сенді Шыңғыс, — барғысы келмесе, еркіне қарамаспын».

«Ертең аттанамыз» деген күннің кешіне, Шоқан жоғалып шықты. Ешқайда жоқ!..

Дос көретін Құтпаны, Шоқанға бұл жолы қас болып шықты. «Қасқыройнақтың» апанына тығылған оны, Шыңғысын іздеген адамдарына Құтпан тауып берді...

Үйіне еріксіз сүйреп әкелген Шоқан көнудің орнына бейпілдігіне басып, Шыңғыстың аузы-басынан боқтамаған түгін қойған жоқ. Көнбейтінін көрген Шыңғыс «тағы қашып кетер» деген оймен, Шепенің үйіне қаматты да, оның зор, семіз денелі жалпақ бет, долы мінезді шикіл сары қатыны,-Шоңайнаның қолына берді. Өзін «дүмді жердің қызымын» деп ойлайтын ол, мейлі кім болса да алдына жан шығарған әйел емес. Өзге түгіл Айғаным да одан қорқып беттеспеуге тырысатын, беттесе қалса, жүнін жығылған жағына сипап, жөніне қарай көшетін. Ол бұрын Шоқанды «тентек» деп жақсы көретін еді. Сол тентектіктің сойылы, ақыры өз басына тиіп күйеуі — Шепе сотқарлығының салдарынан қашып кетті. Содан кейін, «құдай қолыма түсірсе!» деп, жұдырығын түйіп, тісін қайрап жүргенде Шоқан қолына лекті. Оны «шүу» дегеннен ықтырып алмақ боп, Шоңайна алақандай көзін қадалта бір қарап.

— Бар, ана төрге! Жат мейлің отыр мейлің — еркің. Қашып құтылам деп ойлама! Тілімді алмасаң, менен жамандық таппа! — деді.

Өзгеден қорқпайтын Шоқан, Шепенің кішірек кезінде Шоңайнаны боқтап қап, артынан қолына түскенде ауыр санының астына басып отырып, біраз мытыған. Денесі көкала қойдай боп босаған Шоқан жылап барып шешесіне шаққанда:

— Көкдолы қатын екенін білмейтін бе едің, балам-ay? — деген Зейнеп, — біле тұра неге соқтықтың? Оны құдайдан басқа ешкім де жеңбейді. Тимесін десең жолама, атын атап, жөнін жөндеме аулақ жүр! — деген.

Шыңғыс та Шоқанды Шоңайнаның үйіне сондай мінезін білгендіктен қаматты. Тырп етсе тағы да таяқ жейтінін білген Шоқан, Шоқайна қолымен нұсқаған төрге барды да, басына жастық салмастан, төсеулі жатқан ескі, кір, құрамыс үлкен көрпенің ішіне кіріп, басын тұмшалай бүркеп ап, арқасын сүйекпен әшекейлеген жүкаяққа тіреп, бүкшие жатып қалды.

Сол қалпынан ол келер таң атқанша қозғалған жоқ. Іңірде шешесі-Зейнеп кеп, ағыл-тегіл жылаған дыбыспен, оятқысы құшағына алғысы келіп, бас жағынан қозғап көріп еді, ояу жатқан Шоқан, қасақана қатты ұйықтаған боп, ешбір сес бермеді. Зейнеп онысын шын ұйықтағанға жорып, денесін алдына өңгеріп алмақ болып еді, бала талып жатқан адамдай былқ-сылқ етіп икемге келмеді. «Мұнысы несі?!.. Әлде есінен танып жатыр ма?!» деп қорыққан Зейнеп, Шоқанның былқылдаған денесін күшпен алдына өңгеріп еді:

— Тарт қолыңды!-деген қатал даусы естілді баланың.

— Құлыным!-деп еңіреп қоя берген Зейнепке:

— Ұстама!-деді Шоқан даусын қатайта түсіп.

— Менмін ғой, Қанашжан апаңмын ғой, — деді Зейнеп құшағын қаусыра түспек боп.

— «Тиме» дедім ғой,-деді Шоқан шешесінің қаусырған құшағын жазбақ боп.

Қара көлеңкеде, босағада шынтақтап қисайып жатқан Шоңайна:

— Үкілі келін-ау, — деді Зейнепке, — өз денеңнен шыққан балаға сонша жалынбай, неге шапалақпен екі жағына тартып-тартып жібермейсің? Сонда ол «тимені» айтпас еді!

Зейнеп жауап бермеді. Шоңайнаның қаталдығын Зейнеп «өкшесі қанамаудан» деп жоритын. Шоңайна әсіресе балаларға қатал да, үйіне бала маңайлай қалса-ақ тілі жеткенше сөгіп, онысын тыңдай қоймаса, қолына не түссе сонымен періп қалатын, қолы жетпесе бақан, сырық, балта сияқты нәрселерді жіберіп, өлер-тірілеріне қарамайтын. Кейбір балаларды ол мертіктіріп те тастаған. Содан кейін, бала атаулы оған маңайлауға қорқатын.

Құшағынан тырмыса шығып, құрамыс көрпеге енді қалың оранып алған Шоқанды ырқына көндіре алмасын байқаған соң, іші уылжыған Зейнеп, бұл түнді осы үйде, соның қасына еткізуге бекінді.

Дәулеті де жақсы бола тұра, табысы да көп бола тұра, тазалық жағынан бұл үй ең ластардың бірі еді. Не базардан, не киіттен, не парадан келген нелер асыл мүліктер, бұл үйдің, босағасын аттап кіргеннен бір жыл кейін танымастық дәрежеде өзгеріп, кірленетін; тегенелерінің, аяқ табақтарының іші-сыртына баттасқан кірді, тырнақпен соқа жыртқан жердің қыртысындай сыдырып түсіруге болатын, ол үй мал саумайтын шайға құятын қойдың сүтін ордадан аяқтап сұрап алатын, жылқы саны жүзден асып жығылатын бұл үй, ел санатынан қалмай, көктемнен күзге дейін айғыр үйір сауын байлайтын, бие сүтін құятын торсықтары күтілмегендіктен іші-сырты көгеріп, қымызы өңезденіп кететін, аз пісілгендіктен-қымызы ақырған ащы болатын, сондай жайын білгендіктен және көрші үй — ордада ағыл-тегіл тәтті қымыз болғандықтан, қыдырушылар Шепенің үйіне басын аз сұғатын, ешкім ішпейтін қымыз молайып кетсе, Шоңайна түнде, жұрт жата, жер ошаққа төге беретін, сөйте тұра үйіне аш-арықтар келе қалса, қымыз татырмайтын.

— Неге? — деген сұрауға.

— Олар ішкенше ит ішсін, — деп жауап беретін.

— Ит жер — ошақтан іше ала ма? — десе.

— Жер ішсін, — дейтін.

Үй-ішін, ас-суын күтуге сондай салақ Шоңайна, күйеуінің және өзінің үсті-басына да мейлінше салақ оның да, Шепенің де таза көйлек-дамбалмен жүретін күні болмайды, кірі асқынып кеткен көйлек-көншекті босағаға тастай береді, кейде олар үйіліп жатады, киер көйлек-дамбал қалмаған шақта ғана қарашы ауылдан кір-қоңын жуатын қатынды шақырып алады, оған ішер асынан басқа ештеңе бермейді, үнемі ұстауға ас-суын шығынсынады. Ал өзі үй жұмысын атқарудың орнына ертеден қара кешке шыпши терлеп, бырылдап ұйықтайды да жатады, бұл қылығына іштей наразы болғанмен, Шепе үн қата алмайды. Баяғыда бір үн қатын сабамақ болғанда, ірі денелі, қарулы Шоңайна, қол тоқпақтай Шепені алып ұрып, астына басып жатып, тізерлей төмпештеген. Таяқ батып, ықылық атқан Шепеге:

— Ендігәрі бүйтемісің? — дегенде:

— Жо-жоқ! — деген Шепе, демін әрең алып.

Сол «жо-жоқ» анты сияқтанып, Шепе оған қол түгіл тіл тигізуді де қойған. Кейде ашуы қозып, еліріп келе жатса, Шоңайнаның «болды, болды!» деп қадала қарауы жететін. Ар жағында тым-тырыс бола қалатын.

Салақ, лас иісті үйге Зейнеп көптен бері бас сұқпайтын еді. Енді міне, Шоқан үшін амалсыз бас сұқты. Ол ол ма? Шоқан үшін осы үйге түнемек те болды. Елжіреген аналық сезімі сабасына түсіп, осында ұйқтауға бел байлаған Зейнеп төңірегіне мұрнын шүйіріп көрсе сасық иісі мүңкіп барады. Үнемі тазалықта тұрып келе жатқан Зейнептің мына иістен жүрегі лоблып, құсқысы келгендей болып кетті. Баласы мен Зейнептің үнсіз қалуына таңданған Шоңайна:

— Үкілі келін! — деп дыбыс берді.

— Ие, Сары-апа? — деді Зейнеп.

— Не істеп отырсың?

— Жәй мына Қанаштың қасында.

— Ояу ма, ұйықтады ма?

— Ұйықтады.

— Өзің неғып отырсың?

— Қараңғы түнде қалай отыра бересің, жападан-жалғыз?

— Енді не істеймін?

— Жастық берейін, қисай!

Қараңғыда жүрісі сыбдырлаған Шоңайна, Зейнептің қасына сылқ еткізіп бірдемені тастай берді. Зейнеп сипап қараса, үлкен жастық пен бүктелген көрпе екен.

Шоңайна үн-түнсіз жөнеле берді де.

— Үкілі келін! — деді аздан кейін.

— Уә, Сары-апа.

— Мен енді ұйықтаймын. Балаңа не бол. Бізді ұйықтатып тастап, қашып кетіп, Төрежанның (Шыңғысты солай дейтін С. М.) алдында ұятты боп қалмайық. Өйтсе ол бала тірі болмайды.

Зейнеп үндемеді. Шоңайнаның тапсыруымен емес, аналық жүрегінің, бұйрығымен таң атқанша көз шырымын алған жоқ. Жантая сала қорылдай қалған Шоңайнаның дыбысын естігеннен кейін баласының да ұйқыға кеткен пысылы естілгеннен кейін, «мен де қалғырма екем?» деген оймен Зейнеп бүктеулі көрпені астына тартып, жастықты жоғарырақ салып қисайып еді, оның күлімсі иісі өңменін атып кетті де, жиіркенген қалпымен басын көтеріп алды.

Тізесін құшақтай бүкшиген Зейнеп ойға кетті. Шоқанның осынша тентек болуына бас айыпты-Шыңғыстың өзі. Баяғыда Балта Тұрсынбай батырдың: «Абылай ағама тартқан екен» деген бір ауыз сөзінен кейін мейлінше далдандатып, не істесе де бетінен қақпаған Шоқан, қайда барса да қасынан тастамаған Шоқан, міне ақыры, өзі де опық жеді, әкесіне де опық жегізді. Шыңғыс Шоқанның тентектігінен ғана аға сұлтандықтан түсіп отырмағанын Зейнеп жақсы біледі. Шоқан тек: «құланның қасуына, мылтықтың басуы» дегендей, аңдаусызда оққа ұшты әйтпесе, оның қылмысы әкесі жасаған қылмыстың мыңнан бірі. Шыңғысқа келіп тұрған көр: «Көп асуға бір тосудың» көбі. Қолында өктемдік барда Шыңғыстың кімдерге қандай жәбіршілік істегені Зейнептің алақанында. Оның сол істерін ойлағанда, Зейнептің есіне: «Баяғыда бір ұры болған екен, — деген қазақ аңызы түседі, — оған әкесі, «ұрлық түбі қорлық» деген, балам мынауыңнан тыйыл!» десе, баласы тыңдамапты. Сөзін еткізе алмаған әкесі, баласы ұрлап әкеп сойған малдардың етінен бір-бір жапырақты темір істікке шанша беріпті. Сол еттер істіктің ұшынан асқан кезде баласы да ұсталып, абақтыға кетіпті. Содан бері мөлшерінен асқан әрбір істі қазақ: «Істік ұшына шықты» дейді.

Сол аңыз айтқандай , Құсмұрын дуанына аға султан болғаннан бастап, кеше ел «түссін» деп піргеуір жасағанға дейін, Шыңғыстың бағынышты еліне көрсетпеген қорлығы жоқ, соларына қарағанда, қайта өлтіріп тастамай, тірі жіберіп отыр.

Енді не істемек, Шыңғыс? Ол тек тәңіріге ғана аян. Егер Шыңғыс «Хан тағында» отырса, Шоқанды алыстағы Омбыға, орыс оқуына Зейнеп тірі отырып жібермес еді, өйткені «орысша оқыды» деген Шыңғыс не бітірді? Шоқан да не бітірмек орысша оқып?

Соны ойлаған Зейнеп, Шыңғыстың сездеріне көнбей: «Мені өлтіріп тастасаң ғана әкетесің Қанашжанды бұл үйден тіріде бермеймін» деп қасарғанда, Александр Николаевич Драгомиров әрең иліктірді. Орысша, қазақша, татарша сөздерден араласа құралатын әңгімесінде ол:

— Байбуша, сенікі суз ярами; (өз жүрегін алақанымен басып) сертса («шеше», «ана» деген сөздерді білмей) маить, қатынь яхшы, баранчук («қазақ баланы солай атайды» деп түсінетін) яхшы. Ну, жигит яхши боларға кирәк. Қалай? Окумаған бык-огуз. Окуган (бармағын шошайтып) вон,-яхшы, орус окуган (екі бармағын бірдей шошайтып) дважды яхшы. Яхшы туре. Патшаға яхшы служит, награда, алать, А окумаган — шайтан, (түкіріп жіберіп) тіфу жаман...

Осы сөздердің өзін теріп әрең тапқан Драгомиров әңгімесін әрі созуға жарай алмай, кекештене бастаған соң, ар жағын Шыңғыс жалғастырып әкетті.

— Орыс екеш орыс та айтып отыр, баламыздың пайдасын. Өлімге жұмсап отырған жоқ өнерге жұмсап отыр, — деді Зейнепке.

Зейнеп ақыр көнген қалпын көрсетті.

Ол үйде бұрын топырлап жататын қонақ әнеугі сүргіннен кейін азайып, соңғы кейбір күндерде атымен болмай қалған. Бүгін кешке келген әлдекімдерді Шыңғыстың көргісі келмей, «қонақ үйде болсын» дей салған, оның ордада Зейнеппен ғана қалғысы келген. Іңірде Зейнеп:

— Ертең жүреміз дедің ғой, мен Қанашжанның қасында болайын, — деген. Шыңғыс қарсылық білдірмеген.

Зейнеп осы жайлардың бәрін көз алдынан кешіріп отырған шақта, Шоқан ыңырсыған сияқтанды. «Неге бүйтті екен?!» дегендей, сипалап көрсе көрпесі ашылып қалған екен. Өзі ұйқыда сияқты. «Бұл да оранған көрпенің иісінен жиіркенген болар» деген оймен, Зейнеп Шоқанды құшағына алмақ болды да, бір қолын мойын астынан, екінші қолын тақым астынан ақырын сұқты. Бала оянбады. Зейнеп баланы ақырын қимылмен алдына алып бауырына басты.

Шоқан үнемі Зейнептің қасына ұйықтаушы еді. Өзге балаларын қысымда ұстайтын Зейнеп, «тұла бойы тұңғышым» деп оны ерекше жақсы көретін еді де, басқа балаларын бөлек төсекке алысырақ жатқызғанда Шоқанды үнемі қасына алатын. Шоқанның дағдысы — солында жататын шешесінің кеудесіне оң қолын тығып, мамасын ұстап ұйықтайтын. Егер ұйқыдағы қалпында әлдеқалай айрылып қалса, шошып оянғандай «апа!» деп бақырып қоя беретін, мамасын қайта ұстамай ұйықтамайтын.

Шепенің қараңғы үйінде алдына алған ағасын ол білді ме, машық дағдысымен кеудесін сипалай бастады. Еміреніп кеткен енесі, күмістен жасаған үзбелі түймесі бар, қара қазинадан тіккен төс қамзолы баласының қолына бөгет болатынын абайлады да, тез ағытыла қоймаған, тұқылы толарсақтай, бауы білемдей үзбелерді бытырлатып үзіп жіберді. Ішкі көйлектің омырауы кең. Шоқан содан қолын тықты да енесінің емшегін сығымдап қыса қойды. Зейнептің тұла бойы түгел иіп, суалуына көп болған емшек үрпінен сүт саулап кеткен тәрізденді.

Бала мен ана таң сібірлегенше, осы қалыптарынан тырп еткен жоқ.

Шыңғыс ше?

Ордада оңаша қалған, ертең Шоқан мен Драгомировты ертіп сапар шегуге бекінген ол, Тобыл мен Обаған өзендерінің түйіскен жеріндегі орысша — Звериноголовск, қазақша — Бағлан аталатын қазақ-орыс станицасына қай жолмен жетудің жайын ойлады. Сол станицаға дейін бекіністің аттарымен бармақ та одан әрі «қазақ-орыс линиясы» аталатын жиекпен Омбыға дейін «Жәмшік даңғылы» аталатын жолмен ылаулатып кетпек. Олай жүруге Драгомировтың қолында «фургонный лист» аталатын, ылауды тегін мінетін қағаз бар.

Құсмұрынға аға сұлтан болғаннан бері, ол Омбыға екі рет барған еді: бірінде — Құсмұрыннан Сырымбеттегі туыстарына, одан Баян ауладағы қайын жұртына соғып, ар жағында Кереку арқылы Ертісті бойлаған; келер жолы қанатын кеңірек жайып, Атбасар, Ақмола, Ереймен, Қарқаралы арқылы Семейге жетіп, одан Омбыға пароходпен түскен; бастапқы жолы «төркіндетем» деген сылтаумен, әйелі Зейнепті ертіп, балуанын, әншісін, күйшісін, шешенің құсбегін... дегендей жер қайысқан қалың қолмен, жолшыбай ойын-сауығын жасай отыра, асықпай барған ол сапарынан абыройлы қайтқан Шыңғыс, келер жолы, жолшыбайғы елдерге сұс көрсеткісі келіп, Атбасардың Аққошқар Сайдалының Алшынбай, Қазанқабына... дегендей ылғи шонжарларына соғып, «мені көр!» дегендей ойқас берген.

Енді міне, үшінші сапарға шығарда, «жағам жығылды» деген ұғымдағы Шыңғыс, алғашқы екі сапардай «бүлінбей», «кәріп жолы қайсы» дегендей, елеусіз аттануға тырысты. Егер Драгомиров болмаса, қасына Аба мен Шоқанды ертер еді де, Бағланға дейін салт кетер еді. Драгомиров бірге жүретін болған соң, Шамрайдан күймесіне жегетін пар ат сұратты және «жалпы ат» емес, маңдайына басқан екі атын сұратты. Оларды «Жылан-сырт» аталатын, шымқай қула екі арғымақ болатын.

Шамрай жүріске деген он шақты атын салқын қорада жеммен күттіріп, семіз күйінде тоқ -жарау ғып ұстайтын. Солардың ішінен «Жылан — сырттарды» ерекше баптап, өзге аттар шөппен жемделгенде, бұл екеуінің ауыздарын қолына түсетін аз ғана сұлыдан айырмайтын, басқалардың тақымын тигізбей, үнемі өзі ғана мінетін, «желден жүйрік» аталатын қос «Жылан-сырт» үш жүз елу шақырым дейтін Қызылжарға, Құсмұрыннан ерте шығып, сол күнгі іңірде бара беретін, ертеден қара кешкі желіске талмайтын, мінген адамдар шаршап тоқтатпаса, өздері тынығуды, шалдыруды тілемейтін. Өздері тоқ — жарау күйлерінде жылқы баласының сұлуы: түлеген кезде шымқай сары түктері алтындай жалтылдайды, өресі — шоқтығына созған қол әрең жететін биік, жондары — үстіне төсек сап жатқандай жалпақ, астаудай төңкерілген кең сауыры — шыңның тайқия біткен жылтыр тасындай, қысыр жылан өзекті» дегендей, — жуан денесі жұп-жұмыр алдыңғы екі аяғы, -ақ қайыңның жуан діңгегіндей тіп-тік төс қасқасы далиған жалпақ, артқы сандары бурадай дөп-дөңгелек, тілерсектері жолбарыстай жерге төселе майысып қалған, бас сипаты қазақ эпостарында:

Құлағын біздей қадаған,

Кекілін қыздай тараған...

Қолтыраудай танаулы,

Сапты-аяқтан ерінді,

Сарымсақтай азулы... —

дегенге дәл келеді. Қара-қоңыр түстің алдары қызық, бірінің жалы-оңға, бірінікі-солға жығылған, ал екеуінің де шоқтығы — аттанар жақта. (Қазақтың салт атқа сол жағынан, европалықтардың — оң жағынан мінетіні мәлім, сондықтан қазақтың «аттанары»-сол жақ), сол қара — қоңыр жалдан басталып, омыртқаларының, қырқа жонын бойлай, сол түсті құйрыққа жалғасатын жіңішке қара жолақ бар, түрі созылып жатқан қара жыланға ұқсайды, аттарды — «Жылан-сырт» деуі содан.

«Жылан-сырттарға» адамның тақымын тигізіп көрмеген Шамрай, Шоқанды алып Омбыға аттанатын Шыңғысты Бағланға дейін мініп баруына, іштей қатты қынжыла тұра, амалсыз көнді. Ол көнбес те еді, егер Шыңғыспен бірге Драгомиров те аттанбаса. Шамрай одан қатты қорқулы істеріне ревизия жасалғанда және халықтан сұрастырғанда, толып жатқан қылмыстары ашылды, ішінде басы кететін ауырлары да бар. Драгомиров Шамрайға «осылай да осылай екен» дегенде зәресі ұшқан Шамрай:

— Арты не болады, бұның? — деп сұрады.

— Оны Омбыдағы начальниктер біледі, — деді Драгомиров, — менің міндетім соларға істің әділетін баяндау.

Шамрай не істеуге білмей қалды. Драгомировтан бұрын келіп, осылай қадалған бірер ревизорлардың аузын ол жақсылап майлап жіберген еді де, қопақардай қылмыстар аяқсыз қалып қойған еді. Сырт естуінше Драгомиров ондайдың адамы емес, ол параға бұрылмайды бірер жерде пара ұсынғандарды жазаға тартқаны да бар деседі. Сондықтан пара ұсынуға батылы жетпеген Шамрай, Шыңғысты жұмсап еді, ол белгілі айлакерлігіне басып:

— Сөйлестім. Дәл айтуға менің де батылым жетпеді, оспақтап айтқаныма түсінген -түсінбегенін шамалай алмадым, басы жұмыр пенде емес пе, көмекейі бос сияқты. Оны енді мұнда емес, жолда айналдырам. Тәңірі бергенін алып кетпесе сәтін келтірермін. Малға бұрылатын болса, оның көмекейін тығындауға жетерлік ақшам бар. Артынан ауыса жатармыз, — деді.

Шыңғыстың осындай «соз — бұйда» жетегіне түсіп қалған Шамрай, жолға екі «Жылан-сыртты» Драгомировтың атын қоса сұрағанда:

— Алсын, — деді амалы жоқтықтан.

Шамрай аттарын сәнді тұрмандарымен безендіріп, үнемі көлеңкеде, бабында ұстайтын; соларды мінгенде ғана жегетін, тұрқы ұзын, іші кең, отырғышы терең, белі қайқы, рессоры солқылдақ, ашылып-жабылмалы шатырының сырты қара бұлғарымен, іші қызғылт бұлғарымен астарланған, үзеңгісі жалпақ, доңғалақтары мен жетегі қара және ақ сырмен әшекейленген, алдында екі-үш делбеші еркін сыйып отырарлық бөксе-баспайы бар күймесі болатын. Іші-сыртындағы әшекейлерінің жолағы көп болғандықтан, халық ол күймені — «жолбарыс» атап кеткен. Айбын көрсетер жолға шықса, Шамрай «Жылан сырттарын» жегіп осы күймесіне мінетін. Бар жағы «Шамрай келеді» деп емес, «жолбарыс келеді» деп дүрлігіп «қайсымызды талап жер екен?» деп үрейленіп отыратын. Былай да қаһар Шамрай, «жолбарысына» мінген жолы, кездескен елді «шауып — шаншып» дегендей, қиян-кескі ғып бүлдіріп кететін. Өз қара басын қазақтар «сұрапыл сұмырай» қойып алған Шамрай, Құсмұрын дуанындағы елдерге, дүние жүзіндегі ең мықты адам көрінетін. Сондықтан Шыңғыстың үстінен патшаға, Омбы әкімдеріне арыз жаудырғыш қазақтар, ол арыздарға қолын қоюға, немесе бармағын басуға қорықпағанмен, Шамрайдың үстінен кейбір батылдары ғана «домалақ қағаз» (ананимка) айдап, аты-жөндерін аңғартпайтын, сонда айтары «қарға қарғаның көзін шоқымайды» яғни патша да, Омбы әкімдері де жергілікті орыс әкімдеріне тимейді; осындай ойдағы қазақтар — «атыстағы жандаралдан, жақындағы кіпірал» деген мақал шығарып, шамасы келгенше Шамрайға жағынуға тырысатын оны «қырдың жанарлы» көретін.

Шыңғыс «қыр жанаралының» «Жылан-сырттарына» қоса, оның «жолбарысын» да сұратқан еді. Қылмыстарынан қорыққан Шамрай, оны да бермек болды. Әйтпесе, «Драгомиров» түгіл, қандай «Миров» болса да, үстіне мінгізбек түгіл, көзіне де көрсетпес еді.

Айтуды ұмытып барады екенбіз. Кенесарымен соғысқанда, қолға тірі түскендерге мейлінше мейрімсіздік көрсеткендігі үшін, Орынбордың жазалаушы отрядын бастап келген инфантериян генерал-Игельстрем, өзі мініп келген осы күймені, Шамрайға сыйға берген. Екі «Жылан сыртты» Ор қаласында арғымақтар заводын ұстайтын кавалерияның отставкадағы генералы — (ол да Кенесарыны қуысқан) граф — Столпнер, Шамрай қонақтап барғанда құлын күндерінде сыйлаған.

Құсмұрыннан Бағланға екі жолмен барады біреуі — көлдің батыс жағын орап, қалың Қыпшақтың ішін аралай отырып, Тобылға жетеді де, сол өзенді жағалап отырып, Тобылға құятын үй өзенінің сағасында қазақша «Қырықбойдақ», орысша — «Устьеуйск» аталатын қазақ-орыс станицасынан барады. Одан Тобылдың «орыс жағы» аталатын қырқасымен Бағланға жетеді, екінші жол Құсмұрын көлінің ығын орап, Обаған өзенінің шығысын жағалап отырады да, сол өзеннің Тобылға құятын «Қара молда» атты сағасына апарады. Бағлан сол арада.

Бастапқы жолмен жүру көңілдірек жаз айларында қазақ ауылдары күнгей жақтағы алыс жайлауға көшіп кеткенмен, жолшыбайғы көлдердің, өзендердің бойларында, кедей қазақтардың кейбірі, үй өзенінің арғы бетіндегі қазақ-орыс кедейлері бірігіп, аздап егін салады, соларының ішінде қауын, қияр, қарбыз сияқты, Шыңғыстың құмартатын тағамдары да өседі. Биылғы жазда бұл жолмен сапар шегу тіпті қызық болуы мүмкін сол маңнан жаз ортасы ауа өткен қалың жаңбыр, шөліркеген жердің отын көтергендіктен, тақыр жайлаудағы елдер көшіп кеп жатыр деген хабары бар.

Бұл бетте Шыңғыстың талай таныстары, достары бар. Орынбор әкімшілігіне қарайтын олар, Шыңғыстың дәулеті де, дәрежесі де өрге басып тұрған шақта, жыл сайын кезекпен қонаққа шақырып құрмет көрсететін. Біреулері Абылайдың Құсмұрындағы тұқымының қыздарына құда түсуі, біреулерінен олар қыз айттырып... дегендей, қат-қабат құда болысып кеткен. Мысалы, Арғын руының, сол тұстағы атақты байлары мен шонжарлары: жоғарғы шектіде-Шеген тұқымымен, төменгі шектіде — Беген тұқымымен, одан әрі — «Тоқал Арғын» аталатын елдің дәулері — Ақбас, Байтұрсынмен, Қыпшақтың «Ұзын» аталатын руынан Қанқожа, Балқожамен, «көлденең» аталатын руынан Ізбастымен, тағы тағыларымен құдандалы да. Солардың бір де біреуі, кеше Шыңғыстың басына күн туып, ордасын Керей, Уақтың қалың қолы шаппақ болып қамап алғанда, жауына қарсы сойыл соғысу түгіл ат ізін салуға да жараған жоқ. Енді оларды Шыңғыс қалай көрмек?

Шыңғыстың ең ауыр өкпесі — Ахмет Жантуринде. Орынбор әкімшілігіне қарайтын ол, батысы — Орынбор мен Орға, күнгейі — Сырға, теріскейі — Үйге, шығысы — Обағанға тірелетін өлкенің сол кездегі аға сұлтаны. Оның арғы тегі — Кіші жүздің хан Әбілхайырдан, оның бір баласы, Хиуада хандық құрған — Қайыптан келеді. Қыстаулары Үй мен Тобыл қосылатын тұстағы жері аса құнарлы — кең арал. Осы Ахмет Құсмұрын дуанына аға сұлтан болып келген Шыңғысты бір емес, сан рет қонаққа шақырған. Соңғы бір қонақта, Шыңғыс қасына бес-алты жастағы Шоқанды ертіп барған. Сонда Ахмет:

— Сен де хан тұқымысың, мен де хан тұқымымын. Аталарымыз алыстан қосылады. Екеуміз жақындап сүйек алысайық, — депті.

— Алыссақ алысайық, — депті Шыңғыс.

Ахметтің Мұқан деген інісі бар екен. Соның бесіктегі қызын Шыңғыс Шоқанға атастырып, екі жақ «құда болып, құйрық-бауыр жескен. Шоқанның пысықтығына, тентектігіне, ұққыштығына қызыққан Ахмет пен Мұқан Шыңғысқа:

— Біздің тұқым жуасыңқырап барады, мына балаңды бізге күшік-күйеу ғып бер, босаңсыған жібімізді біраз ширатсын, — депті. Шыңғыс «көрерміз» деп емексітіпті.

...Міне, сондай дос болған Ахмет Жантурин де кеше Шыңғыстың ордасын Керей, Уақ, қамап тұрған шақта хабар-ошарсыз тым-тырыс жатып алды. Бұған өкпелемегенде, неге өкпелейді, Шыңғыс?

Бұрын оларды беліне таңу керуші еді. Енді байқаса, Арғын-Шоқай би айтқандай, — «Құдайға сенген құстай ұшады» екен де, адамға сенген «мұрттай ұшады» екен. Ендеше «жолда отыр» дегенмен, қысылғанда қолғабысы тимеген «достарын» көріп қайтеді?

Осы оймен бірінші жолдан бас тартты Шыңғыс.

Оның екінші жолы да жарқырап тұрған жоқ-ты. Қалың Керей, Уақ қастаса бастаған шақта, Керейде ол екі адамды қолына ұстаған: бірі — Есенейдің ет-жақыны, Сибан руынан шыққан Өздембайдың Өсібі. Есеней мен ол, Сибанның Қошқарбай дейтін баласынан тараған, екіншісі — Матақай руынан — Қаржаудың Сырымы.

Өсіп Сибанның Есенейден соңғы байы екен. Оны Есеней қоныс жайлы өкпелетіп Бүркеу деңгейінде «Қарамырза» аталатын қыстауынан Обағанға көшірген, Шыңғыс соны пайдаланып Өсіптің жолын тосқан да, жақын жерде қалың ағашы — «Күн тимес», аумағы «Мың қой» аталатын бір мырыққа мекендеткен. Шоқаннан кейінгі баласы — Жақып туған соң, Шыңғыс Өсіптің бесікте жатқан қызы — Ақықты атастырып, екеуі «құдай дескен құда» болып кеткен. Шыңғыстың дәуірі жүріп тұрған кезде Өсіп жылына бір рет, әсіресе мал семірген күзге қарай, жер қайысқан нөкерімен қонақ қып жіберетін. «Өсіптің асы -өсіп түседі. Өтенің асы — өшіп түседі» деген мақал содан қалған. Өте — сараң кісі екен де. Өсіп — береген кісі екен. Сондай береген Өсіп үйіне Шыңғыс келгенде тіпті «шабылып», «сайдан май ағызатын» болған. Күнтимес орманының түбінен басталып, көктемде су тасып, жаз шыға құрғап қалатын, арнасы «Той сай» аталатын жылғаға қосылатын, жыра бар, аты «Май сай». Өсіп Шыңғысты қонаққа осы сайдың жағасына өскен бұйрат қайыңның ішінде күздіктеп отырып шақырады екен де, сайға төккен сорпаның майы, сорға байланған түз құсап, ағарып жатады екен. Оны ит кеміріп тауыса алмай, ел кеткен соң қасқырларға азық болады-мыс.

«Май сайдың» жырасы, «Той сай» аталатын өзен сымаққа қосылады. Олай аталатын себебі: Шыңғыс көп құда түскенде, Өсіп тойына қырық ту байтал сойып, шекқарнын жуудан, майлы сорпаларды төгуден, сайдағы жылғаның суы май татып кетіп, келер жылы тасығанға дейін мал да, адам да суын тата алмаған екен деседі.

Шыңғыстың Өсіпке құда болудағы мақсаты,-оған ерген Сибанды Есенейге қарсы ұстау болған. Бірақ, Өсіп Шыңғысқа оншалықты пана бола алмаған-қулығы Шыңғыстан асып кетпесе кем түспейтін Есеней, оның түпкі ниетін болжаған да, Өсіпті екі бүйірінен қысып, бір жағына Сибаннан өзін жақтайтын, көп үйлі Жәйілғанды, екінші жағына ең көп Сибан Күңгөнені қоныстатып, тынысын тарылтып ұстаған.

Матақай сан жағынан Керей руларының ішіндегі азы, 1723 жылы қазақ халқы басынан өткерген атақты «Ақтабан шұбырынды» жаугершілігінде, қалың қазақ Сырдариядан Арқаға босады да, өзге рулар сияқты Керейлер де бытшыт боп: Семей, Ақмола, Көкшетау, Қызылжар, Омбы аталған өлкелеріне бөлініп кетеді. Сонда, Керей ішіндегі «аттың төбеліндей» аз ғана Матақай Обаған бойына келіп, жұбын жазбастан отырып қалады. Барымта заманында жан-жағынан қысым көрген Матақай жаңғақтай жұмырланып, «жеймін» деген талайлардың тісі батпайды, батырам дегендерінікі сынады.

Матақайдың бес атасы: Қара кемпір, Аққошқар, Байқошқар, Құлшықай, Кенжетай ішінде берекелісі, бастаушысы — Аққошқар болған. Одан: Жүзжасар, Мыңжасар, Әйтімбет, Тұрсын, Тілес болып кетеді, олардың «шек шығары» — Жүзжасар, одан — Сырымның әкесі — Қаржау.

Есенейдің қалың жылқысы бір жылы Обаған түбегіне тебінге түседі. Сонда жер қорғағыш Қаржау, «көктемдік жайылымымды жеп қойды» деп, Есенейдің семіз байталын сойып алады. Есеней «сен оны істесең, мен мұны істейін» деп, Керейдің: Балта, Көшебе аталатын руларының бір бөлшегін қаптата кешіріп әкеп, Матақайдың «Балықшы Құлшықай» аталған кедейлеу бір атасынан басқасын, ішіне Қаржауды қоса, Обағанның орта тұсындағы қыратқа айдайды да тастайды. Бұны Шыңғыс пайдаланып, Матақайды бауырына тартады, ең бай, ең беделді деген Қаржаудың Сырымын оң қолына ұстайды, онымен де құда болады.

«Ағаш қамшы көп, аттанарда жоқ» дегендей, Шыңғыстың басына күн туып, қалың Керей, Уақ ордасын қамап алғанда, Өсіп пен Сырым да шылбыр үшін бере алмай, бой көрсете алмай бұғып қалады. Қалай көрсетсін: жолдарында арыстандай гүрілдеп Есеней жатыр, ол қапса, бір жерін еңсеріп тастайтыны, немесе өлтіріп жіберетіні мәлім. Ажалға қарсы шабатын жындары бар ма?!..

Шыңғыстың оларға да соққысы, өздері шалқайып жатқан адамдарға бас иіп барғысы келмеді. Несіне барсын, — ол достардың бәрінің де, Шыңғысқа ешбірінің керегі жоқ. Шыңғыс енді оларға ісім түседі деп ойламайды.

Енді қалай жүреді?

Осы жайда ақылдасқанда, бұл маңайдың барлық жолын алақанының сызығындай білетін Аба төмендегідей ұсыныс жасады:

— Осыдан Құсмұрын келінің шығыс жағымен кетеміз де. Құндызды өзенін жағалап отырып, Бес Шалқар көлінің біріне түнейміз. Сол көлдердің жағасында балықшылар болуы мүмкін...

— Бекініс оларды қуған еді ғой, — деді Шыңғыс.

— Қуса да жыл сайын келіп, аулаған балықтарының тең жарасын бекініске тегін беретін болып жүр.

— Биыл қалай екен?

— Е-е болды ма, биыл төңіректі шолатын? Көктемнен бастап екі бірдей бүйірімізге қызыл желдей қадалған Керей, Уақ тыныс алдырды ма бізге? Есімізді енді ғана жия бастаған жоқпыз ба, хан-ием?

— Рас, — деп қойды Шыңғыс күрсініп.

— Биыл балықшы бар-жоғын білмедім, — деп жалғастырды Аба сөзін, — оны жолда көреміз. Егер бергі — Өсіп, арғы — Сырымға соқпаймын десеңіз, Обағанға таяу Аяқшалқар мен Босағашалқардың арасындағы қылыдан өтіп, Обағанның сол жағына шығамыз да, Бурабай көліне тура түсіп, Теңіз арқылы Бағланға жетеміз. Бұл жолда ел жоқ, қадақ-құдақ балықшылар ғана бар.

Олар осылай жүрмек болды. Шыңғыстың емес, Драгомировтың амандығын сақтау үшін, Шамрай қарамағындағы әскерден, басы унтер-офицер ғып, пар аттың алды-артын орап шауып отыратын қарулы взвод жібермек еді, Драгомиров қаласа, өзі де қосылмақ еді, оған Драгомиров ұлықсат етпеді. Шамрайға іштей өшігіп алған ол, әр жағдайда бетін қайыра беретін қылығын көрсетіп:

— Өздерің жау жоқта жалау көтеріп, елді дүрліктіретін. «Қазақтар орысқа өш» дегендерің жалған сөз, оны осы даланы сан рет аралағанда көрдім. Мен де орыспын және үкіметтің дыңдай қызметкерімін. Маған неге тимейді қазақтар, егер «орыс» атаулыға еш болса? Талай рет жалғыз аралап та көрдім. Еш жерде маңдайыма шертпек түгілі қатты сөз де айтқан жоқ. Өйтудің орнына жылы қабақпен қарсы алады да, төріне отырғызып, бар дәмді асын аузыңа тосады. Өзі тимей, ешкімге тиген қазақты көрген емен. Біреу тисе, ол да тиеді, әрине. Ал, тие қалса, қамшысы сенен гөрі қаттырақ оның. Кенесарыны орыс әскері жеңген жоқ, одан қорлық көрген қазақтар жеңді. Шыңғыс та солай. Ретсіз жұмсаған таяғы ақырда өз басына соғылып және қаттырақ соғылып, міне енді, Омбыға есеңгіреген күйде аттанғалы отыр. Омбыдағы халі не болары әлі мәлімсіз. Әсіресе, сенің халің.

Бұл сөздер жеп жүрген таяғын күшейте түскен ІІІамрай Драгомировке: «Өзіңіз біліңізден» басқаны айта алмады.

— Ешбір қарауылдың керегі жоқ бізге, — деді Драгомиров, — жол білетін делбеші болса жетеді.

Құлдық ұруын өткізе алмаған Шамрай:

— Аттарым мықты да, жүрісті де, күйлі де төтемен кетсеңіздер, сіздерді Омбыға бірер күннің ішінде жеткізеді, — деп еді:

— Жоқ, ол да болмайды, — деді Драгомиров, — біз Звериноголовскиге (Бағлан) жетеміз де, ар жағында жәмшік жолымен кетеміз.

Сөз осыған тоқырап, Шамрайдың күймеге пар жеккен «Жылан-сырттарын» Аба Шыңғыс ордасына алып келді. Соңғы күндері бекініске түнеп жүрген Драгомиров бірге келді.

Аба аттарды Шыңғыс ордасының алдына бертінде қағылған діңгекке байлады. Драгомиров күймеден түсті де, «кешікпей оралам» деп Құсмұрын тұмсығының сүйір басында қалың тобылғы өскен жыраға кетті.

Атты байлаған Аба ордаға қарай беттегенде, арғы қонақ үйден шыққандар бері беттеді. Аба олардың көбін тани кетті. Іштерінде Қанжығалыдан-Шәңкі мен Сандыбай, Уақтан -Өтей мен Төлеген. Тосып тұрып сәлем берген Абадан олар:

— Сұлтан жүретін болды ма? — деп сұрап еді:

— Білмедім, — деді Аба әдейі.

— Сұлтанға бізді «сәлемдесе келіп тұр» де, — деді бірнешеуі қосынан.

Дәуірлеп тұрған шағында Шыңғысқа ұлықсатсыз кірмейтін бұлардың ендігі іркілісі неге екенін түсінбеген Аба:

— Айтайын, — деді де ордаға кіріп кетті.

Шыңғыстың бұларды кешеден қабылдамауы Абаға түсінікті еді. Ордасын Керей, Уақ қамағанда көмегі тимеген достықтың Шыңғысқа керегі қанша?..

Ордаға кірген Аба, сыртта тұрғандардың жайын айтып еді:

— Тұра берсін, — деді Шыңғыс салқын түспен. — Менің жолдық киімдерім қайда?

— Қайсысын айтасыз? Қазақшасы ма, орысшасы ма?

— Қазақша киініп, мен ауылдың айты мен тойына бара жатыр ма ем? — деді Шыңғыс жекіп,-әскерлік киімімді әкел!

Шыңғыстың адъютанты сияқты болып жүретін Аба, қай киімінің қайда тұратынын жақсы біледі. Оның «әскерлік» дегені: жасыл шұғадан белін қынамалау ғып, етегін тізесінен асыра тіккен, өңірлері мен етегі жеңдерінің ұшы жалпақ алтын оқамен көмкерілген, түймелері-алтын, иығында полковник дәрежелі офицердің шашақты, жалпақ эполеттері бар, одан омырауына салбырай түскен аксельбант ширатындыларының түсті қарындаштар жалғанған ұштары түймелерге қосақталған мундир. Оның ішінде: зермен әшекейлене тоқылған матадан тігілген жеңсіз, етегі келте — капот, оның ішінде жібектен кең ғып, етегін ұзын ғып, жеңдерінің аузын бүрмелі ғып тіккен әр түсті көйлектер. Көк шұғадан қазақша кең ғып тіккен шалбардың балақ аузы алтын оқамен жиектелген. Қазақтың патша үкіметінен чин алған адамдарын «шұбар төс, шынжыр балақ» деуі содан. «Шұбар төсі» — кеудесіне қадаған ордендер мен медальдар.

«Әскер киімі» дегені осы. Оның сыртында егер жауын-шашын болса, немесе жол шаңдатса бүркеніп алатын жеңсіз, кең жамылтқы бар. Әдетте, офицерлер жаз айларында жеңіл картуз киеді ғой. Оны Шыңғыс полковниктік дәрежесіне олқысынып, тықыр құндыздан папаха түрінде тіктірген, шошақ төбесін алтын зермен тыстатқан бөркін киетін. Салқын түгіл, ыстық күндерде де сөйтетін.

Әскерлік қызметтен босанғалы, Шыңғысқа қылыштан басқа қару берілген емес Шым болаттан жасалған, егеулі — жүзінің өткірлігі ұстарадан күміс қынапты, алтын шашақты, алтын тұтқалы бұл қылыштың сағасында «Шыңғыс Уалихановқа, Кенесары бандасын қуғанда көрсеткен ерлігі үшін, Омбы генерал-губернаторы, 1833 жыл» деген, алтын әріптермен қондырылған жазу бар.

Аталған киімдер мен қылыш, орданың он бүйіріне басын уыққа тірей қойған, темірден, жасалған денесін де, қайқы қошқар мүйіз тармақтарын да күміс сыммен әшекейлеген адалбақанға ілініп, үстінен ақ зонт шымылдықпен бүркеліп қойылатын еді. Оларды Шыңғысқа әперуші де, ілуші де Аба болатын. Киіндіргенде де, шешіндіргенде де Шыңғыс тік түрегеп, тас құдайдай қақия қалатын, жеңдерін кигізгенде-қолдарын, шалбарын кигізгенде — аяқтарын әлсіз қимылмен тосқаны болмаса, басқа ешбір қозғалыс көрсетпейтін, шалбарының бауын Аба байлап, түймелерін Аба салатын орыс саудагерлері киетін шегірен етіктен басқаны Шыңғыс кимейтін, оның шұлғауын аяғына Аба орап, қонышын Аба тартатын.

Бұл жолы да Аба сөйтті.

Далада күтіп тұрған қонақтар, не «кір» демеуіне, не тысқа тез шыға қоймауына ыза болып тұрды. Киініп болған Шыңғыс:

— Біздің қатын қайда екен осы? — деді Абаға.

— Шепе ағаңның үйінде еді ғой, әлі де сонда болар, — деді Аба.

— Бар, шақыр, мұнда!.. Өзің Шоқанға ие бол, қашып кетпесін.

— Әй, — деді Шыңғыс жөнеле берген Абаға. Ол артына қарады.

— Әлгі Қанжығалылар мен Уақтар тыста тұрса «кірсін» де.

Аба үндемей шығып кетті. Шыңғыстың ұлықсатын күтіп шаршады ма, әлде көп күттірген қылығына ренжіді ме, қонақтар жатқан үйіне қарай кетіп барады екен. Аба оларға үн қатпады.

Ол Шепенің үйіне кірсе отырған күйлерінде үн-түнсіз айқаса құшақтасқан Зейнеп пен Шоқаннан басқа ешкім жоқ. Аба Шыңғыстың шақырғанын айтып еді, Зейнеп үндемеді. Шоқанда да үн жоқ. Екеуі бір денедей жабысып қатып қапты. Аба:

— «Хан-ием шақырады» дедім ғой, Үкілі келін, — деп тықылдай берген соң:

— Барайын, күнім, — деді Зейнеп Шоқанға, құшағын жазып, — қыңыр атқыған жақтарыңнан түзелмейтін әдеттерін, бар емес пе, хан әулеті? «Әкетем» деген соң әкетеді әкең. Аттар да келіп қалды. Мен үйге барып киім-кешектеріңді даярлайын.

Шоқан қарсыласқан жоқ.

Зейнеп қайтып келсе, жүкаяққа белін тіреген Шоқан, екі тізесін қаусыра құшақтап, басын төмен салбыратып отыр екен.

— Әкең шықты, — деді Зейнеп оған. — Орыстың төресі де келді. Екеуі күйме қасында тұр.

Әлгі отырысында, Омбыға жүруге іштей көніп қалған Шоқанды, дағдылы қиқарлығы жеңе қалды да:

— Бара берсін өздері! — деді.

— Күнім-ау, — деді даусы қалтыраған Зейнеп,-болмайтын іске ерегіспесеңші!.. Бәрібір әкетеді ғой!..

Шоқан үн-түнсіз отырып алған шақта, әлгінде ғана далаға шыққан Аба қайта келді.

— «Шықсын» дейді әкең, — деді ол Шоқанға.

Шоқан қозғалмады, үндемеді.

Шыңғыстың бұйрығы: «Шықпаса көтеріп әкел!» деді. Аба үшін оның бұйрығынан үлкен бұйрық жоқ. Ол үндемеген Шоқанға таянды да, алып қолдарымен денесін қаусыра құшақтап көтеріп алды. Бұлқынған Шоқанды ол шопақ құрлы көрмей, тебінуіне, бетіне түкіруіне қарамай, есікке қарай жөнеле берді.

Қорғағысы келгенмен Зейнепте әл жоқ. Оның сол сәттегі халы, темір ыдыстағы тоң майдай. Сондай ыдысты қызулы жалынға тоссаң еріп жүре береді ғой, Зейнеп те сондай. Баласын қорғап қалуға шамасы жоғын аңғарған оның аналық жүрегі, дүрсілдей соғып, денесін қыздыра жөнелді де, бар болмысын шыжғырып әкетті. Жан-тәнімен еріп кеткен Зейнептің көз жасы шүмектен құйылған сұйықтай саулап ағыл-тегіл ақтарылды. Қара күшке ерік берген Аба, боқтай сөйлеп бақырған Шоқанда есіктен зорлықпен алып шыққанда, Зейнеп «аһ!» деді де талып түсті...

Ол кезде бағанадан шешілген, жүріске елірген қос «Жылан сыртты» қарулы екі жігіт, тізгіндерінен әрең ұстап тұр еді.

— Әкел, — деді Шыңғыс Абаға Шоқанның арпалысып келе жатқанын көріп,-арбаға таңып аламыз.

Жолға алған шумақ қыл арқанды бір жігіт арбадан алып жаза бергенде:

— Байлатпа! — деді, дәрмені кеткен Шоқан әкесіне, — Абылай тұқымынан байланғандар, айдалғандар жетерлік болған!

— Ендеше, мін, мына арбаға! — деді Шыңғыс Шоқанға күймені нұсқап.

— Босат! — деді Шоқан Абаға.

— Жібер! — деді Шыңғыс.

Қысқан құшақтан шыққан Шоқан, жүгіре басып күймеге барды да, оның тереңі ішіне жоқ болды.

Шыңғыс пен Драгомиров те мінді. Аба делбешілік орнына отырды.

— Жүр, — деді Шыңғыс оған.

Ерігіп тұрған семіз, жарау аттар Аба делбені қозғап қалғанда жұлқына жөнелді...

ЕКІНШІ ТАРАУ

Біз (қазақ-С. М.) қазір суға тұншығып бара жатқан адамның халіндеміз. Бізді аман алып қалу үшін, орыс үкіметі жәрдем беруі керек.. Адамдық қарызын өтеу үшін, үкімет ислам идеясына қамқорлық жасауды доғарып, татар медреселерінің, орнына орыс школын ашу керек. Содан кейін школа өз жемісін бере жатады... Шын білім ғана күдікті көңілді бекітіп, өмірді бағалауға, материалдық тұрмысты жақсартуға жағдай жасайды.

Шоқан Уәлиханов.

ОҚУ ЖОЛЫНДА ҚАРАШЫЛАР

Құсмұрын қырқасының орда қонған орта бұлағынан көлдің шығысын орайтын жол екіге айырылушы еді. Бірі-көлдің дөңін жоталап отыратын белгілі даңғыл, екіншісі-көлде су бар жылы ернеуін жағалап отыратын, жоқ жылы ақ тақырдың үстімен Бесшалқарға тете тартатын жол. Біріншімен жүрсе, Басбұлақтың сайында отырған қарашы ауылдың желкесін баса, әскерлік бекіністің орын жанай жүреді, екіншісінің бойында ел жоқ. Аба кешке:

— Хан-ием, екі жолдың қайсысымен тартамыз? — дегенде:

— Саймен, — деген Шыңғыс қысқаша ғана.

Бүгін жолаушылар арбаға орныққаннан кейін бастарын босатқан қос «Жылан сырт» жұлқи жөнелгенде, Аба делбені сайға қиғаштайтын жолға қарай икемдей берді. Былайда жүрістері екпінді аттар, жалғыз жетекті ауыр арба, қамыттарын алқымдарына тірей ілгері итергенде тіпті екпіндеп кетті. Егер Абаның қарулы қолдары делбені сірестіре тартпаса, аттар бар пәрменімен өздері жазым болар еді, күйме төңкеріліп, жолаушыларды да жазым қылар еді. Сондай қауіпті көрген Шыңғыс пен Драгомиров, бірін-бірі құшақтай ап, біреуі -«аллалап!», біреуі,-«о, божелап!» имандарын үйіре бастаған шақта, қырындай шапқан аттар, жері тегіс етекке жетті. Аба аттарға енді ғана ие бола бастаған кезде, күйме түбінде түсіп жатқан Шоқан басын көтере түрегелді де, оны сыртынан құшақтай ап:

— Қайда барамыз? — деді.

— Жолға шығып бара жатқан жоқпыз ба? — деді Аба, Шоқанға бетін бұрып:

— Неге бұл жолмен?

— Төтесі осы ғой деп...

— Неге даңғылмен емес?

— Осылай ұйғарылған еді де.

— Кім ұйғарған?

Аба үндемей қалды.

— Бұр, аттардың басын дөңдегі даңғылға қарай! — деді Шоқан, бұйырған дауыспен.

Аба бұйрықты орындай қоймаған соң, Шоқан оның қасына қарғып мінді де, делбенің оң жағын тартып, аттарды дөңге, даңғылға қарай бұрмақ болды. Оған көнгісі келмеген Аба, «не істеймін?» дегендей Шыңғысқа қарап еді.

— Ықтыяры білсін, — деді Шыңғыс.

Ерік өзіне тигенін көрген Шоқан:

— Бері әкел! — деп, делбені Абаның қолынан жұлып алды. Аба қарсыласпады.

Делбе қолына тиген Шоқан аттарды ылдидың жырағырақ тұсынан бекініске қарай өрлейтін жолға қарай бейімдеді.

Ол «аттың құлағында ойнайды» дейтін баланың бірі еді. Төрт-бес жасынан тайға мініп үйренген Шоқан алты-жеті жасында асау тайларды өзі үйрете бастаған. Сонда, қазықтай қағылып, тулаған тай қалай мөңкісе де үстінен түспейтін. Сегіз-тоғызынан бастап ол ірі асауларды да үйретуге араласқан. Үйретілген жылқылардың қандайына болса да ие: азғана жасында«жылжыған жорға, жылмиған жүйрік» дегендердің талайына тақымы тиді, қандай ұшқыр деген жылқылар бар шабысымен келе жатқанда, арқасында ұршықтай үйіріліп ойнады, қандай «басы қатты» деген жылқылардың үстіне қонса, елгезек аттай билеп алды.

Ол тек бәйге атының басына ғана мінбеді. Сонда мінгісі келмеген жоқ, (өз ықтиярына салса, аста тойда жарысатын жүйріктердің талайына мінген болар еді), Шепенің: «Хан тұқымы бәйге атының басына мініп шапты» деген не сұмдық? Ондай жеңілденетін халге жеткен жоқпыз, қараларға күлкі болар жайымыз жоқ», деп еріксіз тыйды. Былайғы жарыстардың бәріне қатынасып жүрді.

Салтқа сондай мықты Шоқан, кейде әкесіне еріп, арбамен жолаушылай қалса, делбешіні отырғызып қойып, аттарды өзі жүргізуді жақсы көретін. Сонда, алысырақ жолға шықса, Шыңғыс пәуескесі мен ат тұрмандарын ғана алады да, жолшыбай ылаушылап отырады. Салт мінетін көшпелі заманда, аса бір ірі сұлтандар мен билерде ғана болмаса, «пәуеске» деген арба өзгелерде атымен жоқ.

«Тарантас» атты арба да елде өте сирек кездеседі. Сондықтан ел кешкенше, салт отыруға жарамайтын кәрі-құртаң адамдардың атақсыздарын түйеге артқан кебежеге салады екен де, атақтыларын «сүйреткімен» алып жүреді екен. Онысы бір ұшын салт мінген адам қолына ұстайтын, жерге сүйретілген екінші ұшынын, араларына кебеже орнатқан сырық. Жолсыз даламен солайша сүйретудің рахатынан бейнеті көп болған. Біреулер сүйреткіде өліп те кеткен, орындалмайтын уәдеге ұрынған қазақтардың әлі күнге «сүйреткіге салып өлтіретін болдың-ау» деуі сондықтан.

Сондай заманда, арбаға жегуге көнетін аттар да елде өте сирек ұшырасқан, сондықтан Шыңғыс бет алып шыққан жөнде ылау міндетін ауылдар, асау аттарын әуелі сүйреткіге сап, бойын жетекке үйретіп алу қамын жасаған. Бірақ бірен-сараны ғана болмаса, олардың көбі асау, тарпаң, кебін арбаға аяғын тұсап, құлағынан басып әрең жетеді. Арбалыны асау аттар жазым қылмау үшін, делбелерін көсем мінген салт қолына алып, еркіне жібермей жетектеп отырады.

Шоқан осылай жегілген аттардың делбесін ұстауды да, немесе көсеміне мінуді де жақсы көретін. Сонда анау-мынау жігітке беріспейтін.

Ол делбесін қолына алған қос «Жылан сыртты» да тез билеп алды. Әлгі бір сәтте ылдиға қарай ала жөнеліп желігіп алған олар, жазықта да делбені сүзе жұлқып, еркіне кеткісі келіп еді. Шоқан жібермеуге жан таласты. Ондайда атты қажытудың әдісі-өрге салу. Шоқан сөйтті де, делбесінің оң жағынан бура тартқан аттарды бекіністің қарсаңына өрлейтін жолға түсірді. Сонан соң ауыр күйменің салмағы омырауларынан кейін итерген аттар, арпалысқан қимылын доғарып, бір ырғақты жортаққа ауысты.

Дөңнің қырқасына көтерілген шақта, сол жақтағы тегіс жермен даңғыл жолды қиып алудың орнына Шоқан аттардың басын оңға қарай бұрды.

— Қайда?! — деді Аба, делбеге қолын созып.

— Ұстама! — деді Шоқан Абаның қолын қағып.

— Жөніміз ол жақ емес қой, — деді, Шоқанның оқты көзімен ата қарауынан делбені ұстай алуға батылы жетпеген Аба.

— Онда жұмысың болмасын.

— Расында да қайда барады?! — деді Драгомиров Шыңғысқа.

— Балам, қайда бармақсың? — деді Шыңғыс Шоқанға.

— Қарашы ауылға.

— Неге?

— Оны өзім білем.

Өзі қалай біледі? Жеке басы болса бір сәрі. Қасында әкесі келе жатыр. Ол қарашы ауылдың үйлерін бас сұқпақ түгіл, өмірінде ол ауылға маңайлап та көрген емес. Хан тұқымын «ақ сүйек» қазақтарды «қара сүйек» деп есептейтін ол, кей аталықтары немесе чины барлары болмаса, былайғы қазақтардың үйлеріне түспейтін, кейде әдейілеп қонаққа шақырған ауқатты қазақтардың үйлерін таңдап, ілуде біреуіне ғана баратын. Ал мынау «қарашы» аталатын ауылдағы адамдардың көбі, ата жағынан — құлдар, хан тұқымы, әсіресе бір дуанның аға сұлтаны — Шыңғыс ондай ауылға қалай бармақ.

Күнтай барғанға дейін (бұл оқиға кейінірек баяндалады) Шоқан да ол ауылға жолаған емес.

Бес-алты жасында ойын балаларына еріп, қарашы ауылға бір барып қалған Шоқанды, «бұл не сұмдық?!» деп Шепе өлердей сойған. Қарашы ауылдың не екенін, өзінің кім екенін сонда ғана түсінген Шоқан, Күнтай барғанша ол ауылға беттемеген.

Енді неге беттеуі Шыңғысқа белгілі. (Ол жайда төменірек сөз болады). Соны түсіне тұра, күймеге бастарымен, алысқан екі атты пар жеккен, полковник дәрежесінде киінген, қасында Омбының дыңдай төресі бар Шыңғыс, қарашы ауылға періп қалай кіріп барады.

Ол баласына аз сөзбен осыны айтып еді:

— Барам деген соң барам, — деді Шоқан Абамен делбеге таласқан күйінде, — жібер, иттің баласы! Егер жібермедің бар ғой аттар да, сен де тірі болмайсың, өзім де тірі болмаймын!..

Сол кезде Шыңғыстың көзі баласынын, көзіне түсіп кетсе, ағы қып-қызыл боп, жел үрлеген шоқтай жайнай қалған екен. Қанға құмартқанда Абылайдың көзі осылай жанады дейтін еді. Одан кейін Уәлі мен бірге туысқан, Кенесарыға жақтас болған он үш жасында кісі өлтірген, өзі соғыста өлген Мәмке батырдың көзі жауға шабарда осылай қып-қызыл болып кететін еді. «Қатты ашуланғанда Шоқанның көзі де сөйтеді» дегенді Шыңғыс естіген, көруі осы жолы ғана.

Шыңғыс баласының көзі қызарудан шоши қалды, себебі, «көздері қызара қалған шақта, Абылай да, Мәмке де ойға алғанын істемей тынбайды, ондай халде, тірі адамды өкіртіп отырып қолынан бауыздауға тайынбайды» деп естіген. Бала болғанмен, Шоқанды сөйтеді десетін. Міне осыдан қорыққан Шыңғыс Абаға:

— Бер, делбені! — деді.

Олай деуіне тағы бір себеп, былайша қаталдымсып жүргенмен, Шоқанның басына түскен халға Шыңғыстың іші өте елжіреуде еді.

Дәуірі жүріп тұрған кезінде, «орнымды басары осы балам болар» деп дәмеленетін Шыңғыс. Мінезінің тентектігі болмаса, зеректік жағынан, ақыл-ой жағынан ол үмітін ақтарлық та түрін көрсеткен. Оған бірнеше мысал алайық.

Бірінші мысал: Шоқан ауылда сабақ оқыған бала емес. Сөйтіп жүріп, мұсылманша хатты кішкене күнінен танып кеткені бар. Кейін ғалым болған шақта, Шоқанның өз айтуынша: әкесі Шыңғыс, 1841 жылы Күрлеуіт — Қыпшақтан шыққан Жаманқұл ақынға «Едіге» жырын айтқызғанда, Шоқан сол жырды қағазға түсірген. Сонда Шоқан алты жаста.

Шыңғыс қазақтың ауыз әдебиетінен «Едігеден» басқа да көп шығарма жинаған, оған итерме болған нәрсе — Омбыда өзімен бір кезде бірге оқыған, досы болған, кейін полковник дәрежесіне көтеріліп, Қытай жақ шекараны күзететін әскердің бастығы болып жүрген Ладыжинскийдің 1884 жылдың 22 февралында, осы тақырыпта жазған хаты. Шыңғыс төңірегіне көп ақындар жиналған, олардың өздері де жанынан жыр шығарумен қатар, халық жырларын көп білген. Соларды аулындағы татар молдаға жаздырайын десе, қазақша сөздердің көбін бүлдіреді, өзінің жазғысы келмейді, өзге хат білетін адам бұл төңіректе көк. Жаза алатын, «оқымай молда болған» Шоқан ғана. Оған Шыңғыс жаздырайын деп жаздырмайды, оның өзі ақындарды тыңдауға құмар. Шыңғыс сонысын пайдаланып, қызыққан нәрсесін «қағазға түсіре ғой» десе, еркелікпен кейде арындап қалады да, кейде жазып тастайды. Және «аузынан қағып алды» дерліктей, өте жылдам жазады. Кезінде Ладыжинскийге жіберілген ол қол жазбаларының кейбірін, ғалым болған шағында, Шоқан архивтерден тауып та алды.

Екінші мысал: Шоқанның жеті жасында, Қыпшақ руындағы атақты Балқожа бидің, (Ыбырай Алтынсаринның атасы) Қошаны Шыңғысты қонаққа шақырады. Сондағы мәжілісте белгілі Өске ақын Балқожаны мақтап:

Арғыннан Беген менен Шеген шықты, Найманнан Ерден, Жүзен деген шықты. Кешегі Обағанның жиылысында, Алтайдың Аққошқары мен Сайдалысы, Әлкеде Тоқа менен Байдалысы, Бәрі де Балжекемнен төмен шықты,-дегенде, Шоқан әкесіне:

— Қай Балжекең ол? — депті.

— Балқожа би, — депті Шыңғыс.

— Әлгі «Кенесары кеп қалды» дегенде, атына міне қашып, тасып жатқан Тобылдың суынан етем дегенде, қарық болған Балқожа ма? — депті Шоқан.

Сондай бір қауесеттің бары рас екен: «орысқа бағындың» деп Кенесары бастаған қолдың, Тобыл жағасында отырған Балқожа ауылын шабуға келгені рас, басқа қашар жері жоқ Балқожаның байлаудағы атына міне қашып, тасып жатқан өзенге түсе кетуі де рас, одан арғысын екі түрлі қып айтады: Балқожаны жақтайтындар «Семіз — атан, (Балқожа) өзеннің ар жағына жалдап етіп, құтылып кеткен» деседі, қарсылар «суға батып кеткен» дейді. Қыпшақ атаулы «батып кеткен» дегенді намыс көреді сондықтан, Қыпшақтар намыстанатын сөзді Шоқан басып қалған соң, ол үшін Шыңғыс ұялып, «балам былшылдай береді» деген екен. Ал жұрт қаршадай жеті жасар баланың бұндай сөзді айтуына таң қалып, «ендігінің данышпаны осы болмаған да!» депті.

Үшінші мысал: Шыңғыстың үйінен «жақсы-жайсаң» аталатындар арылмайды. Олардың біразы — «айыр көмей, жез таңдай» аталатын, сөзге шешен — билер. Бастары қосылғанда, олар қағыспай шешендік салыстырмай әзіл-оспақ айтыспай отырмайды.

Есі кіргеннен бастап, Шоқан олардың да сөздерін тыңдауды жақсы көрді. Онысын байқаған біреулер, — «ат болатын тай-саяққа, адам болатын бала-қонаққа үйір» дегендей, сөз тыңдау түріне қарағанда, Шыңғыстың мына тентегі, түбінде жақсы адам болып кетпегей де!» — десті.

Шыңғыс ордасына Құсмұрын дуанының, билері үш жылда бір жиналып, елдің дау-шарын бітіретін еді. Орынборға қарайтын көршілес Тобыл дуанының билері мен Сібірге қарайтын Құсмұрын дуандарының билері, бір рет Ахмет Жантөриннің үйінде, екінші рет Шыңғыстың үйінде бас қосып, екі дуандағы елдің дау-шарын айыратын еді.

Шыңғысқа екінші кезек келгенде, Шоқан тоғыз жаста екен. Екі дуанның саңлақ билері бас қосып әзілдесіп отырғанда, Керей — Тоқсан би өзгелеріне сөз бермей отырыпты. Сонысын ұнатпады ма, немене, бір сәтте, Қыпшақ-Ізбасты би, Тоқсанға:

— «Тоқсан, Тоқсан!» деуші еді томашадай-ақ екенсің ғой, — депті.

«Томаша» деген, «шымшық» аталатын құс тұқымының ең кішкенесі дейді. Тоқсан кішкене денелі адам екен, ал, Ізбасты — ірі денелі кісі екен. Ізбастының әлгі сөзіне намыстанғандай болған Тоқсан:

— Оның несін сөз деп айтып отырсың, Ізбасты? Томаша тоғыз жұмыртқалайды, біреуі ғана бұлбұл болады, томаша болсам-бұлбұлмын; өрмекші он жұмыртқалайды, біреуі ғана бүйі болады, мен-бүйісімін денесі ірі ешкілер — егіз, ит — сегіз, шошқа — тоғыз табады, бәрі де — ешкі, бәрі де — ит, бәрі де — шошқа болады; денеңнің ірілігін мақтаныш етпей-ақ қой, — депті. Сонда Қыпшақтың атақты биінің бірі — Наурызбай, ашуға тығыла бастаған Ізбастыны сөйлетпей:

— Сөйлеме енді, Ізбасты.

— Сені басты албасты, — деп тоқтатыпты.

Бұл Керейдің Шыңғыспен кикілжің боп жүрген кезі. Шоқан бала да болса, оны жақсы біледі. Керейдің бәрі Тоқсанның аузына қарауынан да хабары бар. Айтыста Тоқсанның Ізбастыны жеңіп кеткенін көрген Шоқан оны мұқатпақ боп:

— Би, сен бұлбұл да болдың, бүйі де болдың. Сонда сенің арғы түбін, «Тарышы» аталатын себебі не? — депті. Олай дейтіні — Керейдің «Тарышы» аталатын бір атасы (Тоқсан сол атаның ұрпағы) тары егісін күтетін күңінен некесіз туыпты-мыс» деген лақап бар. Бала Шоқанның сол «кемшілігін» бетіне басуын сезе қойған Тоқсан намыстана ғып:

— Оның несін айтасың, балам? Азар болса құлдан туған шығармын. Ол да адам баласы. Сен «арқар» аталатын аңнан тудың ғой, — депті. («Ұраны «арқар» хан тұқымының арғы тегі арқардан екен» деген де қауесет бар). Шоқан Тоқсанға іле жауап қайтарып:

— Оның несін бетіме басасың? Арқар-адал аң. «Керейдің атасы — кер жорға ит» деген де сөз бар емес пе?

Бұл сөзді өршіткісі келмеген Шыңғыс, «кәрі кісімен салғыласпа!» деп Шоқанды қуып шыққан. Сонда жұрт: «Сөзі қалай кесек еді, мына баланың?! Нағашысы — Шорман он үш жасында билік айтып, «Бала Шорман», «Би Шорман» атанды деп еді, мына баланың осы жасынан-ақ билік иісі аңқып тұр ғой» деп тараған екен.

Балалық шағында Шоқанның ел көзіне түскен бұлардан басқа да ақылдылығы, тапқырлығы болған. Олардың бәрін бұл арада санап жатудың қажеті жоқ.

Міне Шоқанның осындай есті істері мен қылықтарынан дәмеленіп, «орнымды осы басады» деп жүргенде, басқан орнынан Шыңғыстың, өзі айрылып, әзірге құланның үйірінен адасқан айғырындай қаңғырып қалды. Оған Шоқанның болашағы да көмескі. «Суға кеткен тал қармайды» дегендей, ол күнде, бала Шыңғысты орыстың оқуына беруі, -хандық дәурені өткен Айғанымның тал қармауы еді. Сол талмен әкімшілік теңізіне шығып, біраз жыл Құсмұрын дуанын өргізіп, жусатқан Шыңғыстың мінген қайығы енді төңкерілді де, оның арқасына жармасқан бейбақ, енді қай күні суға батарын білмеген халға түсті. «Орнымды басардан» күдері үзілгендей болған Шыңғыстың болашағы белгісіз Шоқанға, шешесі — Айғанымның үлгісімен ұстатар талы-орыс оқуы. Оның арты неге соғарын құдайым біледі.

Осындай ойлармен басы дал бола отыра, Омбының оқуына барғысы келмеген Шоқанды зорлап әкеле жатуы Шыңғысқа іштей қатты батады. «Бері арығын білгізбес, сыртқа жүнін қампайтар» дегендей, Шоқанның басына ауыр күн түскелі, көптің көзінше қаталдымсығанмен, оңашада көз жасын төгіп ап та жүрді Шыңғыс. Әсіресе мана ордадан аттанарда. Сонда Шепенің үйіне тығылып отырған Шоқанды «көнбесе күштеп алып шық!» деп Абаны жұмсағанда, іші уылжып тұрды да, қарсыласқан Шоқанды Аба бақырған қалпымен құшақтап есіктен алып шыққанда, бар денесімен балқып кетіп, қасында тұрған Драгомировқа сездірмей, теріс қарап көз жасын төгіп жіберді. «Басқа амал жоқ» деген суық ой ғана қатырды оның отқа қақтаған қорғасындай еріген денесін. Шоқан делбеге жармасқанда, Шыңғыстың Абаға «бер» деуіне екінші себеп осы еді.

Делбені қолына алған Шоқанның, аттардың басын қаратып ауылға неге бұру себебіне тоқырайық. Ол үшін оқырман көпшілікке қарашы ауыл дегеннің не екенін қысқаша баяндап өтейік.

Қазақта «хан» деген сөзбен «қарашы» деген сөз қатар жүреді. «Хан» түсінікті. «Қарашы» дегеніміз ханның төңірегіне жиналып, соның шаруашылық істерінде жүретін, асысуы, киім-кешегі хан шаруасының мойнында болатын, одан басқа ақы-пұл тілемейтін, ездерінде ешбір меншік жоқ, қоңсы-қолаңдар. Олар әдетте, бір рудың емес, сан рудың жарлы-жақыбайларынан, немесе жаугершілікте жау жағынан қолға түскен «құл» аталатындардан құралады. Хан шаруасынсыз олар күн көре алмайды. Қазақтың: «Қарашы — хан тұсында, қатын — ер тұсында» деген мақалы осыдан шыққан. Қарашылар қазақтың байлары мен бектерінде де болған. Бірақ олар — аз, хан төңірегінде — көп.

Қазақта «төре» мен «төлеңгіт» деген сөздер де қатар жүреді. «Төре» дегені-хан тұқымдары (бертінде қазақ «төре» деп әкімдерді де атаған), «Төлеңгіт» дегені-төрелерді «төре» еместерге жәбірлетпеу үшін төңірегін қоршап отырушылар, жат — жарадан қорғаушылар, қазақ руларынан емес, басқа халықтардан қазақ болып кеткендер, мысалы, Абылай ханның төлеңгіттері-қырғыздардан, қара қалпақтардан, монғол тұқымдас елдерден болған.

Төлеңгіт пен қарашы, хұқұқ жағынан да екі басқа қарашылар — қара жұмыстан басқаны білмейтін, билік ерлікте жұмысы жоқ жалшылар, төлеңгіттер — хан тұқымының сойыл соғарлары, қарашыларды төрелер түгіл төлеңгіттер де қорсынып, жәбірлеуден көз аштырмайды, қарашылар оларға да қарсыласа алмайды.

Абылай ханның заманында, қарашы ауылдардың саны көп болған. Ол жаугершілік заман болғандықтан, шабыншылықтан үздіксіз келіп жататын көп малдың еті мен сүтіне қарашылар да ортақ болып күн көрген. Бертін Уәлі мен Айғаным заманында шабыншылық азайған соң, қарашылар да сирек, орданың төңірегіне үйірілген олардың саны бірер ауылдан аспайтын және олардың біразы бұрынғыдай ордаға телмірмей, өздеріне аз да болса меншік жасап, негізінде содан қоректенуге айналған. Ал, орданың шаруасын бұрынғы дағдыларымен әлі де тегін бағады.

Шыңғыс атқа мінген шақта қарашылардан 15-20 үйлік жалғыз ауыл ғана қалған. Ол бірен-сараны ғана болмаса, көпшілігі жеке шаруа иелері, олардың басымы — кедейлер. Іштерінде бірен-саран ауқаттылары да бар. Қазір орда шаруасын қарашылардың бәрі емес, жалшылық атасынан баласына мұра болып келе жатқан, түйешілер, жылқышылар, қойшылар, қасаптар, қазаншылар сияқты «таңбалы тақырлар» ғана бағады. Оларды бұл қызметтерінен қыл арқанмен сүйреп кетіре алмайсың. Бұлар басқа ұрсаң да, бөксеге тепсең де «Э-э-э» демейтін «көнбістер». Бәрі де хан ордасы шаруасына мейлінше адал қарайтындар.

Шыңғыстың шаруасын сырттан басқаратын қожа — Шепе. Білетіндердің айтуынша, орданың ол кездегі шаруасында бес жүздей жылқы, мың шақты қой, жүз шақты ешкі, елу шақты түйе бар. Сиыр жоқ. Кейбір тақыршылық жылдарда ғана болмаса, жаз айлары түгіл, қыс айларында бұл малдардың арық-тұрағынан басқасы түгелімен жайылымда жүреді. Соларды бағып-қағу міндеті жалшылардың мойнында болғанмен, әр түлік малда жүретін жалшылардың ішінде басқарушы біреу болғанмен, бәрін басқару ісі Шепеде.

Көп жылдары малдардың көбі аяғынан оттап шыққанмен Шепе жыл сайын пішен шаптырады да, мая-мая шөпті үйгізіп қояды. Бел орақтың кезінде, маялық шөп шабу үшін көп қол керек. Шепе оның да ретін тауып, бір семіз түйені сойдырады да, маңайдағы елді үмеге шақырып сауын айтады. Қымызды үмеге келетін ауылдардың өздері әкеледі. «Орданың үмесі» деп, бай немесе ауқатты адамдар сабалаған қымызына ту қой қосады.

— Осындай әдіспен, — деседі білетін адамдар, — суы жазғытұрым түсіп, күз құрғап қалатын, өлеңі әлденеше мая шығатын көлдердің бетін үмешілер бір күнде тып-типыл ғып отап, кейін бір күнде итарқалап, одан кейін тағы бір күннің ішінде маялап кете беретін.

Басқару ісінде Шепе өте қатал, қойлар мен ешкілердің қырықтық жаралаған жерлеріне, бақайларына құрт түсіп меңдеп кетсе, не әлдеқалай мертіксе, немесе төлдерді қасқыр тартып я жеп кетсе, ығып кетсе, түйелердің, қойлар мен ешкілердің төстеріне кене қадалудан қатпа болса, мініс малдардың арқасына жауыр түссе я арық болса, малдар мезгілімен оттап, мезгілімен суарылмаса...-осындай жайларды сезе қалған Шепе сол істі тапсырған адамдарын жер-жебіріне жете тілдеумен қатар, көбін сілейте сабап алады. Денесі қол тоқпақтай бола тұра, ол төбелескіш те, сабағыш та. Екі сөзге келмей кім көрінгеннің үстіне міне түседі де, жатып тұрып төмпештейді. Өзі барып тұрған көк долы, ашуына бір мінсе, құмарын тарқатқанша басылмайды. Одан емес, алғаш Айғанымнан, кейін Шыңғыстан қорқатындар, күштері келе тұра, Шепеге сөз де, тіл де қатпай жасқана береді, қашқанын Шепе қуып жүріп ұрады. Қолы батпағандарға сырық, құрық, қазық, балта сияқты нәрселерді жұмсап, өлер-тірілеріне қарамай пергілейді. Сондай қимылдарында талайларды жаралап, талайларды талдырып, мертіктіріп тастағандары бар. Біреулер өліп те қалған деседі.

Шепенің сондай мінезі мен қылығын білетіндер, қаһарына жолықпау үшін, шаруада болып жататын кемшіліктерді оған білдірмеуге тырысады, басқаратын адамдарына Шепе көрсететін қорлықтарды өздері көрсетеді. Шепе асқынып кеткен қылықтарды ғана біледі.

Қарашыларды шаруашылық және хұқықтық істерде құл ғып ұстайтын Шепе әдеттік тіршіліктерінде де оның ойынша, қарашылардан бетінің нәлі бар қыз-келіншек, ең алдымен — соның меншігі. Біреу өңі бар келіншек ала қалса, алғашқыдан кейінгі қалаған түн — Шепенікі. Сол мақсатына жету үшін, күйеуді әлденеге жұмсап жіберуден Шепе қымсынбайды да, ұялмайды да, ананың «бармаймын» дерлік күші жоқ, егер — «дей» қалса, әлдене сылтаумен сазайын тарттырады, сонысын білгендіктен, жұмсаған адамдары тіл қатпай жорта береді.

Ажары бар қыз-келіншектерін қарашылар Шепеге білдірмеуге тырысады. Бірақ ол білмей қоймайды, сондағы жұмсайтын бас «агенті» — өзінің әйелі Шоңайна. Дарақы мінезді ол «қа-те-ен, тағы біреуді таппаймы-сен» деп күлімсіреп қойса болды, «неге таппаймын?» деп жымиып алады да, іле іске кіріседі. Оның да «қол астында» бірталай «агенттері» бар, олар кімде ажарлы қыз-келіншек барын Шоңайнаға хабарлайды да, Шепе ар жағында өз әрекеттеріне кіріседі. Шепенің кішкене бірақ шымыр денесіне өткір қылығына қарап оны «қырғи» деп кеткен. Сол қырғиының қолына тәуірлеу бір «жем» түсе қалса, Шоңайна, -«біздің қырғи оны да алып жеді!» деп, кім көрінгеннің алдында мақтанып жүреді. Өсекші ауыздардың айтуынша, жасырын жүрістен Шоңайна Шепеден қалыспайды. Ол хабар Шепеге де жетеді. Бірақ Шепе де оған қыңқ ете қоймайды. Біраздан кейін көрінген жас әйелге талғамсыз арқырай берген соң, жұрт Шепені «қырғи» орнына «есек» деп қоймайды, әйел құмарлық қылықтарын үдете береді.

Осы бетінде ол өзгелерді былай қойып, «жан жолдасым» дейтін біреумен қатты қақтығысып, оның арты ауыр трагедияға да соғады. Ендігі аз сөз сол «біреу» туралы.

Қарашы ауылдан етікші, өрімші, әнші, домбырашы, ойыншы, балуан сияқты өнер иелері де шыққан. Сондайлардың біреуі-Қауқар баласы Нұртай деген жігіт. Оның үшінші атасы — Құлболды-жаугершілікте қалмақтан тұтқындалып келіпті. Біреулер оны «қалмақтың бегілер — бегінің баласы екен» деседі. Ол сымбатты да, сұлу да жігіт болған. Атасы кім болса да, жаугершілікте қолға түскен соң, басқа құлдар сияқты, Абылай оның оң жақ құлағын кестіреді де, түйесін бақтырады. Ол осы бейнетпен күн кешеді. Құлбалдыдан — Қауқар, Қаңтар деген екі бала болған. «Қауқары әкесіне тартқан еді» дейді. Қаңтары қара күш иесі ғана болған. Балуан да, домбырашы да, әнші де, қулықшы да болған Қауқарды, атқа мінген шағында Айғаным ат-қосшы ғып қасынан тастамайды екен. Өсек көп ерген Айғанымға біреулер оны танып та жүріпті.

Айғанымға жағып оның «серісі» атанған Қауқар, сүйген бір қызын алып қашады да, содан ұл туады, атын Нұрмұхамбет қояды, бұл ұзақ есімге тілі келмеген шешесі, сүйікті ұлын «Нұртай» дейді де, өзгелер де солай атап кетеді.

Нұртай да әкесіндей болып өседі. Бұл кезде Айғаным тұғырдан түсіп, әкімшілікті немере қайын інісі — Сартай алады. Нұртай жасынан соған «жігіт» болады да, ол қылмысты боп итжеккенге айдалғанда орнын басқан Тәнінің қасына ереді.

Тәніге еретін нөкерлердің біреуі, — бізге белгілі Шепе болған. Ол Нұртаймен түйдей құрдас екен.

Сері Нұртай да әлдекімнің Күнсұлу аталатын сұлу қызын алып қашып, Тәнінің арқасында сіңіріп кетеді. Нұртай Күнсұлуды ерекше сүйеді де, «атымыз ұйқас болсын» деп, «Күнтай» қояды. Жұрт та солай атап кетеді. Күнтай сымбаттылығы мен сұлулығының үстіне он саусағынан өнері тамған мініскер, ас-суға қылап әйел болып шығады, сондықтан үйінде отырып қалған Айғаным оны қолына ұстап жеке басын соған ғана күттірген.

Әйел құмар Шепенің көзіне Күнтай бірден-ақ түсті. Бірақ өзге қарашылардың әйелдеріне қолданатын әдісін оған қолдана алмады. Сонда қорыққаны Күнтай емес, Нұртай. «Тегі құл» дегенмен әкесі Қауқар сияқты ешкімге кеудесін бастырмай өскен жігіт. Кімге де болса ол тілі мен қолын еркін ұстайды, басынам дегендерді қатты тойтарып тастайды, сонда айтары қазақтың «әкем болды жетесіз, енем болды некесіз, өзің болдың,-не етесіз?» деген «өзі болған жігітке, бір кісілік орын бар» деген мақалдары. Өзінің жігітшілігіне ешкім де нұқсан келтіре алмайды, өйтудің орнына, «бір жігіт осындай-ақ болар!» деп дәріптейді.

Бұндай жігітті басынуға болмайтынын білген Шепенің Күнтайға «сол әдіспен ғана жетуім мүмкін» деген қулығы бар, — ол Нұртаймен құрдастығы.

Қазақтың әдетінде — құрдастық достықтың ең биік шыңы. Құрдас адамдар дәрежесіне, дәулетіне қарамастан біріншіден, — өмір бойы тату-тәтті болуға тиісті, екіншіден, — бір-біріне үнемі достық қана көрсетіп, еш уақытта ешбір қастық, қиянат жасамауға тиісті, үшіншіден, — өзара үнемі ойнап-күлуге және қандай қатты ойын-күлкі болса да ашуланбауға, көтеруге, кек көрмеуге тиісті. Ауыл әдетінде бұндай ойындардың көлге я өзенге шомылғанда киімдерін ала қашып, көпке дейін бермеу, ерлі-зайыпты адамдарды тырдай жалаңаш таңып тастап, біразға дейін босатпау, көпке күлкі боларлық қылықтар жасау, ұйқтап жатқанда қойнына жылан, тышқан сияқты жәндіктерді салып шошыту, бірінің атын бірі итіне қойып, жұртқа естіртіп шақыру, бірін-бірі «өлді» деп, жаназа айтып ел жию, «боғауыз» аталатын сөздердің, қандайын болса да айтуға қымсынбау, бір-біріне қол жүгіртіп ойнау... сияқты түрлері болады.

Қазақта «байы құрдастың бәрі құрдас» деген мақал бар. Онысы ерлі-зайыпты адамдардың ерлері құрдас болса жетеді, әйелдерінің құрдас болу, болмауы қажет емес. Сондықтан ері құрдас болса, жетеді, әйелдерінің жасы үлкен я кіші болуына қарамай ойнай береді.

Осы әдетті білетін Шепе Күнтайды «құрдас» деп тілін де, қолын да жұмсап қатты ойнап жүрді. Қалжыңның қандай түріне болса да «құрдастық болар» деп шыдайтын Күнтай бір сәтте арамдығын сезіп қалды да, бойын сырғақ ұстауға айналды. Енді жолай алмаған Шепе өзге әйелге қолданатын әдісін бұған да қолданбақ боп, Шоңайнаны жұмсап еді. Күнтай оның бетін қатты қайырып тастады да, Шепеге біржола суып алды. Сондай күндердің бірінде оңаша кездескен Күнтайға күш жұмсамақ болып алыса кеткенде, Күнтай алып ұрып астына басты да, алқымынан біраз сығымдап, тізесімен ішіне түйгіштеді. Таяқ батқан Шепе жалынып-жалпайып, «ендігәрі бүйтпейін» деген уәдемен әрең құтылды. Күнтайдың бұл қылығы ішіне мұз болып қатқан Шепе, көк алар сәтін күтті де, қайтып жоламады.

Айғаным өлер алдында, мінезі де, қылығы да жаққан Күнтаймен мақұлдасып:

— Бір ғана тапсыратыным бар, — деген еді оған.

«Не нәрсе тапсырар екен?» деп құлақ түрген жұрттың көзінше:

— Келінімді көре алмай кетіп бара жатырмын, — деген еді, демін зорға алған Айғаным, -біріншіден, — менен сәлем айт оған мақұл болсын, екіншіден, — ене орнына ене болып, соның қасында боларсың.

Шыңғыс Зейнепті ордаға алып келгенше, Айғаным дүниеден өтіп кетті. Оның тапсырмаларын Күнтай келініне айтты.

Зейнеп ордаға қазақы түрде тіккен асыл киімдерімен келген еді. Басында, — қазақтың сәукелесі. Алтын зерлі матадан жасалған, оның өн-бойы меруерт, маржан, кәукер, ақық, жақұт сияқты асыл тастармен безенген. Төбесіне шоқпақтай үкі қадалған.

Айғанымның өлгенін орда аулына жақындай естіген Зейнеп, көзін көрген сүйікті қайын енесін аза тұтып, басынан сәукелесін сыпырып, үстіне «мекеден келген қара жабу» дейтін, көлемі адамның, денесін орап алатын, қара түсті жібекті жамылған еді. Сол қараны Құсмұрынға көшкенге дейін тастамаған. Айғанымның өсиетімен Зейнепке күтуші болған Күнтай, сәукелесіне қарап, оны «Үкілі келін» атаған, жұрт та солай деп кеткен. Көріскен сәттен бастап мінезі де, қылығы да, ісі де жаққан Күнтайды Зейнеп «Ақ апа» деген.

Құсмұрынға көшкен Шыңғыс Нұртайды да ала көшті. Онда бара жасы үлкен болғанмен, Нұртай Шыңғысқа да «жігіт» боп, өзге нөкерлерімен бірге еріп жүрді.

Ол кездегі көшпелі ауылда, той, ас сияқты ұлы жиындар, көбінесе ел жайлауға шыққан кезде болады. Өзін осы елдің ханы көрген Шыңғыс ондай ас пен тойдың аса бір ірісіне болмаса, кебіне бармайды. Сонда оның орындайтыны-шешесі Айғанымның бір сәтте:

— «Жаспын» деп жыртаңдама, балам. Сен жалпы жастың бірі емессің, бір қауым елдің аға сұлтанысың. «Жеңіл тулақ желге ұшар» болма, балам. Қорғасындай салмақты бол. Сен жеңілденсең, баққан елің аспанға күл болып ұшады. «Күнге күле қарасаң, көйлегіне жамау сұрайды» дейді қазақ. Күлегеш болма. Түсіңді суық ұста. «Таудың етегі жақын, төбесі алыс» депті аталарың. Күнде көріне берсең, баққан елің басынып алады. Оларға аз көрін. Ызғарыңды алыстан сал. Ас, той, айт сияқты ел көп жиналатын жерлерге өте сирек бар, — деген ақылы.

Өзі жиындарға сирек баратын Шыңғысқа сол жиында не сөздер болатынын, әсіресе өзі туралы не сөздер болатынын біліп отыру қажет. Сондықтан сенімді біреулерін кезек-мезек есебінде жұмсап үнемі тіл алып отырады. Сонда жансыздарының қатарына Шепе мен Нұртай да қосылады.

Құсмұрынға орныққан беделі көтеріліп болған жылдардың біреуінде, Есіл өзенінің Құсмұрын жақ бетін жайлайтын, осы дуанға қарайтын Жансары — Уақ руында атақты Жарылғамыс бай қызын ұзатады деген хабар естілді. Бұл ру соңғы кезде Шыңғысқа қыңыратқып жүрген. Ол кездегі қазақтың қай руының болса да рулық намысқа жататын кеңестері, үлкен тойлары, астары сияқты жиындарында болып, не істеуге қажетті бәтуаны соларда жасап қайтады.

Шыңғыс Жарылғамыстың тойына Шепе мен Нұртайды жұмсады, сондағы сылтаулары -«Бурбайдағы туғандарымызға бара жатыр ек» болды.

Осы сапардан Шепе тірі қайтты да, Нұртай елі қайтты. Есіл мен Құсмұрын арасында Қойбағар аталатын жиегі қамысты, ортасы шалқар, суаты әр жеріне ғана біткен көл бар. Жаз күндерінде маңында ел болмайды, тек бекіністен келген орыс балықшылары болады.

Жарылғамыстың тойынан қайтқан Шепе мен Нұртай осы көлге келсе, балықшылардың қосы, саймандары бар да өздері жоқ. Аршылған балықтардың қалған-құтқанына қарағанда, балықшылар жуық арада ғана кеткен. Көлдің тереңірек ішінде құрылған аулар көрінеді.

Жолаушылар «балықшылар тез келер» деп дәмеленді де, балық жеп кету ниетімен, аттарын тұсап, балағанға қонып қалды.

Ертеңіне ертемен балықшы орыстар да келді. Олар Шепені де, Нұртайды да таниды. Сонда қайран қалғаны: Шепе — тірі, Нұртай өліп қалған!..

— Неліктен?! — деген сұрауға Шепенің берер жауабы:

— Білмеймін. Тегі жылан шаққан болу керек. Ертемен оянсам, Нұртайдың дыбысы сезілмейді. «Бұ несі?!» деп қозғасам, — жаны жоқ! Зәрем кетіп, денесін көтере бергенімде, қасынан сала-құлаш қара шұбар жылан жорғалап жөнеле берді. Шаққан сол болу керек...

Балықшылар бұл сөзге нанды да, бұл маңайда сондай жыландар бары, балағанға да келіп жүруі рас та. Ал шынында Нұртайды жылан шаққан жоқ-ты. «Ұйқтап жатқанда, құлағынан бірер тамшысын жіберсең сеспей қатады» деген бір дәріні Шепе қолына әлдеқашан түсіріп, Нұртайдың құлағына құюдың сәтін түсіре алмай жүрген. Сол сәт балықшылардың балағанына қонғанда ғана түсті де, шырт ұйқыға кіргені дыбысынан байқалған Нұртайдың құлағына тамызбақ болды. Қылмысына қолы қалтыраған ол тамызу орнына төгіп алды, «жолы болғанда» төгілген дәрінің көбі құлақтың тесігіне кетті.

Нұртай ұйқышыл еді. Қатты қалғыған шағында ол оңай оянбайтын. Құлағының тесігіне дәрі кеткенде, шыбын жыбырлатқандай көрген ол болмашы ғана оянған қалпымен соқыр сезімнің ықпалы айдап, дәрі құйылған құлағын алақанымен бір қақты да, аунап түсіп жата берді.

Енді орнында жата беруді қауіп көрген Шепе, балағанын алдына шықты да, Нұртайдың не халға ұшырарын күтті.

Ол аздан кейін тыпыршуға айналды. Оның арты — жанталасып дөңбекшуге соқты. Ақыры есін жыя алмаған Нұртай өкірген дауыспен тәлтіректеп балаған есігінен шыға берді де етпетінен түсті. Содан ол оңала алған жоқ. Дірілдеген денесін әуелі қатты қимылдатты да, біртіндеп әлсіреп, ақыры сұп-сұлқ бола қалды. Сонда да жақындауға батпай, алыстан күзеткен Шепе, жырақ жерден балықшылардың ат-арбасы бұлдырап көрінгенде, Нұртайды аяғымен түртіп байқап, өлгеніне көзі жеткен соң, балаған ішіне жатқан орнына сүйреп кіргізді...

Міне, Нұртайдың өлген тарихы осы.

Күнтай күйеуінен отызды орталаған шағында қалды. Айғанымның тапсыруымен және өзінің адал қызметімен жаққан оны, Зейнеп аса сыйлап, «Ақ апа» атап кеткенін білеміз. Күнтай сол сыйлауын ақтады да. Хан ордасына келін боп, босағасын аттағаннан бері, Зейнептің де, одан туған балалардың да күтімі Күнтайда болды. Кеш тұрып, ерте жатып үйренген, таза киініп, тәтті тамақтарды ішіп үйренген Шорман байдың қызы-Зейнеп келін болған күндерінде де сол дағдысын тастамаған. Кейде сәске көтеріле кейде шалшық түс бола оянатын Зейнепті Күнтай әуелі үлкен жез легенге жалаңаш отырғызып жылы сумен ақ сабындап шомылдырады, одан кейін ақ жібек орамалмен денесін сүртіп, қалаған киімдерімен безейді. Содан кейін, Нұртай мен Күнтайға арнап тіктіріп, кейін «ас үй» аталып кеткен отаудан тағам келеді. Түстік ас әдетте сол күнгі ешкі сүтінен іріткен ақ ірімшікті қой сүтінің піскен қаймағына езіп, ақ ұннан илеген нанмен берген — тұшпара болады. Кей күні Зейнептің ашырқанғысы келсе, ірімшікті қаймақ орнына тұзды сары майдың тортасына езеді.

Ол кездегі қазақ ауылдарында ақ құйрық шай (орысша-фамильная) тек, Шыңғыстың үйінде ғана бар. Ондай шайды Шыңғыс алыстағы Троицк, Қызылжар, Ірбіт, Қорған сияқты қалаларға барып қайтатын сәудегерлерге жетектеп, ұзақ уақытқа жетерлік қып алдырып қояды. Шайды дәрі көретін заманда жұрт оны сырқаттарына емге сұрайды. Шыңғыс пен Зейнеп көңілі түскенге бір «әшмуш — кені» тұтас береді де, көңілін қайтарғысы келмеген былайғыларға бірер қайнатым ғана сыйлап, ұнатпайтындарға татырмақ түгіл иіскетпейді де.

Зейнеп қыз күнінде де шайқор еді, қатын болған соң тіпті құмартып, бүкіл елде сол үйде ғана бар бірі — «ақ болыскей» (польский, бірі — «сары теле» (тульский) аталатын екі самауырды бірінен соң бірін тұтаттырып, қайнағанын сораптап ішеді де отырады. Шайды ол ақ құманға көп салдырып, түйенін, құрғақ құмалағынан жанған қозға қойдырады да, бұрқырай қайнаған шайдың күрең көбігі, құманның қақпағын түрткілей, ернеуінен төгіліп жатады. Зейнеп шайды төркінінен келген алтын кесесіне құйдырып ішуді жақсы көреді, сондай шайдың нәлі кесенің, ішіне жұғарлықтай қою болуы керек. Шайға ол, «тұщы, шикі қаймақтай қою болады» деп, жас іңгеннің соңғы иіндісін ғана қаттырады. Ондай шайды жұрт «күрең қасқа» атап, татып көргендер жұмақтың кәусерін ішкендей болады да, татпағандар, — «шіркін, тым болмаса ернімізді малар ма ек!» деп арман етеді.

Зейнептің түскі асы — семіз лақтың еті немесе ашымаған жас сүр. Үйінде ұны аз Зейнеп, етті ақ ірімшік салған кішкене, сопақтау, әшекейлі «ақ астауға» (фаянс) туратады. Шыңғыстан басқа адам қол сұқпақ түгілі маңайламайтын бұл астауға, Шыңғыс жоқта да Зейнеп етті толтыра салады. Содан өзі шоқып қана жеп, қалғаны Күнтайға және ас үйдегі басқа әйелдерге нәпақа болып қалады. Несіне өйтпесін: меншігіндегі лақтар таусылса, маңайдағы ауылдардың лақтары жетеді. Және ол «теке сасиды» деп еркек лақты жемейді, «бал татиды» деп ұрғашы лақты жейді. Ұрғашы лақтар да Зейнептің жеуіне жетеді. Ешкіні малданбайтын ауылдар, Шыңғысты еліктеген болып үй басы аздаған ешкіні Зейнеп үшін өсіреді. Ұрғашы лақ сойып Зейнепке сыбаға әкелушілер ордадан ат ізін құрғатпайды.

Малдың еті мен сүмесінен басқа асы аз бұрынғы ауылда Зейнептің кешкі асы да осы тағамдардан.

Келіншек болып түскен алғашқы екі-үш жылда Зейнеп толықша сыла денелі болып жүрді де, содан кейін семіре бастап, Шоқан Омбының оқуына аттанар шақта жуандап кетті. Жұрт оны-«енді аз жылда қайын енесі болады да қояды» десті. Сыла кезінде тамақсау Зейнеп, семірген сайын асты азайта берді. Жұрт оны «үлпершегін май басып кетуден» десті.

Денесі жалпайған сайын, Зейнепке киім қонбауға айналды. Бірақ бұл қиындық оның, сәнді киінуіне бөгет болмады: Бағланнан бір шебер татар табылып, үнемі денесіне қонымды киімдер тікті.

Зейнеп Шыңғысқа қайдағы жоқ қымбатты таптырады екен. Ол кездегі сібірлік қазақтардың ең жақын базары-Ірбіт. Шамасы Құсмұрыннан 250 шақырымдай жерде, Орал тауының солтүстік шығысына он алтыншы ғасырдың орта кезінде орнаған бұл қалаға қолы жететін сәудегер байлар ғана барады да, халыққа қажет бұйымдарды не борышқа, не ақысын төлеп, ылаулап алып келеді де ақшасы жоқ ауылдардың малдарына, жүн-жұрқа, тері-терсек сияқты бұйымына айырбастайды. Ондай байларды,-«Ірбіт шапқандар» деседі.

Ол кезде Құсмұрын төңірегінде қазақтан Ірбіт шапқан бай — Керейдің Тоқымбет аталатын руынан шыққан — Естайдың Дүйсекесі деген кісі екен. Ол үкіметтен первый гильді сәудегер атағын алған адам. Шыңғыс Ірбіттен керектерін соған алғызады екен.

Бір жылы Дүйсеке Шыңғыс тапсырғандардың біразын желе алмаса керек. Соған ренжіген Зейнеп билеп алған Шыңғысқа:

— Немене бұлардың өзі бізге керексіз? — деп лақтырып отырғанда, Шыңғыс бүгежектеп үндемей қапты. Сонда, сол үйде отырған Арғын руынан шыққан атақты Шоқан шешен Шыңғысқа:

— Арыстанның ақырғанынан қорықпайтын, Шыңғыс-ай ешкінің бақырғанынан қорықтың-ау! — депті-міс.

Сондай бабы күшті Зейнептің көңілін тек Күнтай ғана тауып, тілектерін тыз еткізбестен орындайды екен.

Ол Зейнептің өзі түгіл балаларын да күткен. Тұңғышы Шоқанды төсекпен көтерген Зейнеп, одан кейін араларына (көп дегенде бір, я жыл жарым сап, баланың бірінен соң бірін лөкілдете берген. Шоқан оқуға аттанарда оның үйелмелі-сүйелмелі Шоқан, Жақып, Мақы, Мақмет, Ахмет, Қоқыш, Козке дейтін жеті ұлы, Ұрқия, Рақия дейтін екі қызы болған.

Осы тоғыз баланы жөргекке орап алғаннан бастап, өз бетімен ойнап кетуге жарағанша, түгелімен Күнтай күткен. Аяқ басқаннан кейінгі киіндіру, шешіндіру, төсектеріне жатқызу, мезгілімен астарын беру, көңілдерін табу сияқты істердің көбі Күнтайдың мойнында болған. Зейнеп сүті аз және тез суалатын әйел екен. Балалары кішкене күнінен асқа қарайды. Солардың не ішу, не жеу қыбын Күнтай ғана тауып, ешқайсысын қыңқ еткізбеген. Солардың ішінде, Күнтайдың еміреніп ең жақсы көретіні-Шоқан. Оған себеп, Шоқан туған сағатта, Күнтай да ұл тауып, атын Жайнақ қойған. Бала туа тұмса Зейнептің кеудесі ісіп, емуге жарамаған соң Шоқанды Күнтай ауыздандырған. Кеудесі жазылған соң да, Зейнептің сүті аз боп, Шоқан жарымаған соң, «киік емшек» аталған сүтті Күнтай, өз баласына қоса, Шоқанды кезек емізген.

Шоқан шешесін апыл-тапыл басқанша сорған бала. Сонда зауқы түсіп кеткенде Күнтайды да жұлмалап, сусынын қандырып алады екен, сондықтан Шоқан оны кішкене күнінен шешесіндей жақсы көрген. Күнтай да оны шын жүректен сүйіп, «телғозым» деп атаған.

Бертін ері келе Күнтай орда ауылдан қарашы ауылға еріксіз көшті. Көшпейін деп еді, ерінің ыстық қабыры суымай жатып, Шепе азбан айғырдай азынап маза бермеді.

Күнтай құрсақты сирек көтерген әйел. Зейнептен мүшелге жақын үлкен оның төсекпен көтерген тұңғышының аты Малгелді бірақ, ол мал түлігі болуға жете алмай, жеткіншек кезінде Айғаным үйінін бурасы тізерлеп өлтірген. Одан төрт-бес жыл кейін туған Нарша деген қыз, ер жете бастаған шағында шешектен өлген. Одан кейінгі көтергені-Жайнақ. Содан кейін тоқтаған.

Өзінің еркіне салса, ері өлген Күнтай, жасы жеті-сегізде қалған жалғыз ұлын қанағат көріп, Зейнепке атқаратын қызметін жалғастырып отыра бермек те.

ІІІепе Күнтайдың бұл ойын бұзды. Нұртайдың қырқын бермей жатып, ас үйде ұйықтаған Күнтайға ол түнде кеп қол салды.

Күнтай Шепені сөзден тоспақ болып еді, ол ұялу орнына зорлауға кірісті. Қаруы қайтпаған Күнтай арпалысты. Бұл арпалыстың ақыры немен тынарын құдайым білер еді, егер қараңғыдағы алыс-жұлыстан Жайнақ шошып оянбаса!.. Не боп жатқанын білмеген, бірақ не де болса, сұмдық бірдеме болып жатқанын сезген Жайнақ, бақырған қалпымен далаға ата шығып ойбай салды. Бұл дыбысқа ордада жатқандардан алғаш Зейнеп оянып, Жайнақтың неге бақырған себебін жорамалдады да Шыңғысты оятты. Баланың даусын естіп:

— Бұл не?! — деген Шыңғысқа:

— Білмей жатырмысың не екенін? Әлгі қанден ит сияқты ағаң ғой деймін, әркімге бір шәуілдеп мазасын алатын. Ақ апаңды мазалап жатыр ғой деймін, тегі Жайнақтың далаға шығып ойбайлауына қарағанда, — деді. Бала үдей бақырған соң:

— Бар тез, — деді Зейнеп Шыңғысқа, — ауыл оянып масқара болармыз. Сенен басқаны тыңдамайды, тапал — қайнаға (Шепеге қойған бұл атын, Зейнеп оның өзіне естіртпейтін). Жылдам бармасаң бүлдіреді.

Сол кезде арпалысқан Күнтай мен Шепенің де дауыстары естіле бастады.

— Әне, бүлінді! — деді Зейнеп, — тезірек бар, ойбай!

Шыңғыс тұсында ілулі тұрған түйе жүн шекпенін денесіне сұға сала, үйден жалаң аяқ, жалаң бас шыға жүгірді.

— Ол не?! — деді, Зейнептің қасында жатқан сол кезде оянып кеткен Шоқан. Зейнеп «жәй» дегенмен, шаң-шұң дауыстан, не екенін аңғарғандай Шоқан да тұра жөнелмек болып еді:

— Қайда, Қанашжан? — деп Зейнеп құшақтай алды

— Жібер, апа! — деді Шоқан бұлқынып. — Әлгі тапал ағам ғой, сорлы қатынды әурелеп жүрген. Қылығы да өтіп болды, сол ағамның. Жіберші, өзімен сөйлесейін.

Зейнеп жібермей, Шоқан тырмысып жатқан шақта Шыңғыстың:

— Жетер, Кіші-аға! (Шепені ол солай атайтын) — деген қатты даусы Шепенің:

— Жібер, өлтірем ол қар қатынды! — деген дауыстары шықты.

Аналы-балалы екеуі есіктің ішкі жағынан, қараңғыға үйренген көздерін тіксе, әлдекім, әлдекімді құшақтай көтеріп, бері қарай жүгіре басып келеді екен. Тегі Шыңғыс Шепені үн қатудан тосқан болу керек. Ас үй жақтан да үн естілмейді, ол маңайда қараңдаған адам да көрінбейді. Манағы арпалыста, күші келген Шепені Күнтай далаға лақтырып жіберген. Сол сәтте жүгіріп жеткен Шыңғыс Шепені ала жөнелгенде, сыртта еңіреп тұрған Жайнақты Күнтай үйге алып кіргенде, жатар орындарына шеке түсе отырған құмығып еңіреген даусын қосқан...

Арпалысқан Шепені Шыңғыс құшағынан босатпай, есігі ашық тұрған ордаға сып-періп кіріп кетті... Оның ізін шала бажылдаған дауыспен Шоңайна да кіріп келді. Ешкімді, еш нәрсені сыйламайтын Шоңайна, орда-мордаңды да қадірлемей, ұрғашы атаулының ішінен бірен-саран атақты бәйбішелер болмаса өзгелері бас сұға алмайтын үйге тайсалмай кіріп, «мен» дегендей тайтаңдап төріне де шыға беретін.

Қазақ әйелдерінің еріне ат қойып алатыны болады. Олардың кейбірі қара кескінді кісіні «аппақ», тентек кісіні — момын», олақ кісіні-«шебер», жуас кісіні — «батыр» деген сияқты қалжың аттарды да қояды. Шоңайна кішкене денелі Шепені көрді — «Тау», кейде «Таубай» деп атап кеткен еді. Тағы бір қызығы, өзге әйелдердің ешқайсысынан Қорымайтын, біразына өзі жағыстыратын Шоңайна Шепені қатты қызғанып, маңайлатпауға тырысатын, маңайлай қалса жанжал шығаратын. Оның арты-төбелес, (онда, Шепе Шоңайнаны емес, Шоңайна Шепені сабап тастайды, сонысынан қорқатын Шепе, Күнтайдың ері тірі кешінде, жұрт көзінше «құрдас» деп жалбаңдағанмен оңаша жерлерде жоламайтын. Бірақ оған қалай да қолы жетуін білетін.

Сол тілегі қабыл болғандай Нұртай өлді де Күнтай қалды. Үнемі хан үйінде жүріп, дәмді тамақ жеп, таза киініп, таза орында жүруден және табиғат сыйлаған сыр-сымбатынан, жасы қырықтың ішіне кіргенмен, Күнтай бетіне әлі әжім түспеген, кескіні гүл жайнаған жап-жас әйел. Одан мүшел кіші-Зейнеп, екеуін қатар қойса, Зейнепті апасы дейтін.

Біз бұған дейін Күнтайдың ажарын әңгіме қылған жоқпыз. Реті келген осы арада, ол жайды да емен-жарқы айта кетейік. Әр тұқымды халықтың өзіне тән сұлулығы болады. Өң, сымбат және кескін жағынан қазақ монғол тектес елдерге ұқсастау. Бірақ, негізінде «сарғылт» аталатын тұқымға жататын монғолдан қазақтың екі негізінде қоңырқайлау сияқты. Және бір өзгешелігі монғол тұқымдастардың бет сүйегі шығыңқылау, қазақтікі -одан қушықтау. Монғолдардың көздері дөңгелектеу, екеуі де негізінде қара болғанмен, қазақта «қой көз», «шағыр көз», «көк көз» дейтіндер, монғолдан гөрі жиілеу ұшырасады.

Бұл жайға тоқталатын себебіміз: — Күнтай «қара торы» аталатындардың сұлуы еді. Дөңгелек, томпайған қой көзді оның көздерінде ағы аз, қарашығы баданадай үлкен. Кірпігінің жиі қылшықтары қайқайған ұзын. Мұрын тұсынан шекеге қарай көлбей біткен қара қастары японкаларға ұқсайды. Толықшалау бетінің иегі сүйір, кішірек мұрны бүкіреймей де, қайқаймай да, жалпаймай да әдемі біткен. Еріндері — бүрме ауыз, қазанат денесі арық та, семіз де емес. Біркелкі сыла қалпынан өзгермейді, көмірдей қара шашы тарқатқанда тізеден түседі. Білектері, балтырлары сом. Осы жарасымды түр-тұлғасына лайық, Айғаным да, Зейнеп те оны бір сыдырғы қара дүрсін жақсы киіндіреді.

Шепе еш уақытта, ешкімді, әсіресе әйелдерді шын көңілден сүйген адам емес. Ол Күнтайды да сүйгендіктен құмартып жүрген жоқ. Мақсаты — бір рет болса да құмарынан шығу. Содан кейін жоламауға пейіл. Соған қолы жете алмай жүр.

Бұлай болуына, Шепе іштей қатты намыстанады. Оның ұғымында сымбаты да, ажары да сұлу болғанмен, басқа әйелдер сияқты Күнтай да ұрғашы. Бұл жынысты адамды, Шепе «қор жаралған» деп түсінеді. Оның үстіне Күнтай — құлдың қатыны. Өзін «ақ сүйекпін» деп есептейтін, «төремін» деп ойлайтын Шепенің қолы сондай қатынға жеге алмау, Шепеге қорлық.

«Осы қорлықтан қашан құтылам?» деп жүргенде Күнтай жесір қатын бола қалды. Ол ұялы қазақ руларынан шыққан біреудің қатыны болса, ерінің жылын бергеннен кейін, сол рудан таңдаған біреуіне құрық салар еді де, отырып қалар еді. Ондай ру Нұртайда жоқ. Күнтайдың жалғыз ғана әмеңгері бар. Құлболдыдан Қауқар, Қаңтар есімді екі ұл туған.Қауқардан жалғыз Нұртай да. Қаңтардан туған Ақпан есімді жігіт бар, денесінің шомбалдығына, күшінің кептігіне қарап жұрт оны «Алып» деп кеткен. Нұртай өлген кезде жасы отыздан асқанмен Ақпан үйленген жоқ-ты. Қарашы ауылда тұратын оның өзіндік меншігі — әкесінен қалған жыртық қара құрым үй, «мал» дегенде бары, — әкесінің заманынан бері азаймайтын да, көбеймейтін де бес-алты ешкі, «жан» дегенде бары, — -қартайған жалғыз шешесі. Оның әкесі — Қаңтар, өмірін орданың биесін сауумен кешкен, Ақпан да мал түлігі болғалы осы кәсіпте.

Уәлі мен Айғаным кезінде де, Шыңғыс тұсында да, «желі толық болсын» деп, орда жүзден кем бие байлатпайтын. Құлындары әлденеше желіге байланатын бұл биелер «жебей» аталатын әдіспен күніне көп болса — үш, әйтпесе — екі-ақ рет сауылатын. «Жебей сауу» дегені, биелерін желінің бір басынан бастап сауып, екінші басына жеткенше, бастапқы бас жағындағы биелердің сауыны келіп қалады. Сондықтан екінші рет түре сауады. Екі рет жебей сауғанда, биелер екі-үш үлкен сабаны толтыратын сүт береді. Ол сүтті сабаға құйып, желіден ауылға түйемен тасиды.

Осылай сауғанда, Қаңтар да, Ақпан да биенің бөксесін бүлкілдетіп, сүтін қақтап алады екен. Қазақ бие сүтін салқындатпай сабаға құймайды, әйтпесе қымыз ақырған ащы болып кетеді. Ақпан сауын сүтті күндіз езінін, лашығында салқындатып ап, ордадағы ас үйде тұратын сабаға кешке әкеп құйып, түні бойы піседі екен. Сондықтан ол қымыз бал татитын еді деседі.

Қаңтар ынжық, жасық адам болған, кім көрінгеннен таяқ жей берген, ал Ақпан, өзі ешкімге соқтықпайды екен де, соқтыққанның әкесін танытады екен, сондықтан оған ешкім жоламайды екен. Қызметі жаққандықтан орда оны қадірлеп, арылмайтын қонақтардан жеусіз қалатын майлы еттерден үнемі сыбаға сақтайды екен: Ал, қымызды, «иесі сол, тойғанынша ішсін» деп, иелері еркіне береді екен. Марқа қозының құйрығын қылғи беретін Ақпан, етке онша мешкей болмаған, кең алақанын толтырып төрт-бес асауды қанағат көрген. Ал, қымызға түп жоқ, өзіне арнаулы сап-таяқпен («оған жарты көнек қымыз сиятын еді» деседі) бесеу-алтауын жөремелдете тастап кетеді екен.

Орданың қадірлеуінен бе әлде жаратылысы солай ма, Ақпан мінез жағынан бір бет, қыңыр болған. Ол өкпелескен адамымен кейде ұзақ уақытқа, кейде өмір бойы келіспей кететін болған. Сол қылығын өзге түгіл иелеріне көрсетіп, бірер рет сыбаға қоймаған ордаға біраз уақыт кірмей қойған. Сонда өзгеге бас имейтін Шыңғыс Ақпанды шақыртып ап:

— Неге келмей кеттің? — деп сұраған. Ақпан «қолым тимеді» деп жалтақтап отырып, Шыңғыс:

— Шыныңды айт. Жасырма. Өкпең бар. Не екенін айт! — деп жалбарынған. Сонда Ақпан шынын амалсыз айтып:

— Есепте жоқ елеусіз кісі болсам, өкпелемегенде қайтем? — деген.

Бұл сөзінің астарын ашып көрсе,-манағы «сыбаға қалдырмау» екен. Шыңғыс бұған кінәлі адамдарды қатты сөгіп, сыбағасын одан кейін қалт еткізбеген. Олай жалынышты болатын себебі: еңбегіне мейлінше адал, еңбегі мейлінше өнімді, ісі мейлінше тәртіпті. Сондықтан, мұндай жалшы табу қиын дейді екен Шыңғыс.

Жұмыс кезінде үстіне ілуге жарағанды киетін Ақпан, былайғы уақытта бір сыдырғы таза киіммен жүреді екен. Сонысына қарап, «қалмақтың бегілер-бегінің тұқымы деген рас болу керек» деседі екен жұрт.

Жұрт оның үйленбеуін осы «тектілігінен» дескен.

— Сүйгенін алатын, жығып берерлік малы жоқ, — дескен олар, «құны арзан жаман — жәутікті алғаннан, қатынсыз өтейін» дегені болар.

Нұртай өлген соң-ақ, жұрт, — «Күнтайдың Ақпаннан басқа әмеңгері жоқ. Жол сонікі. Қылшылдаған жас қалпындағы қатын. Оны алса, құдайы оңдады» деп кеу-кеулесіп кетті.

Күнтайды Ақпанға өзге жұрт қиғанмен, Шепе қимады. Расын айтқанда, — қызғанды ол. Өзі алуға Шоңайнадан қорқатын ол, реті келсе, жасырын аяқ салмақ болды. Оның жорамалдауынша, «Нұртай бір кісіден кем жігіт емес те, сондықтан, оның көзіне шөп салмауы дұрыс та болған шығар. Енді жесір қалды. Байсыз отыра беретін жаста емес, байға ашық түрде тимегенмен, күйек — асты біреусіз отыра алмайды. Мен неге болмаймын, сонысы?».

Күнтайға оның қол салуы содан еді. Бірақ ол ниеті іске аспай, жанжал көтеріліп кетті де, қылығы жұртқа әйгі болып қалды. Ең алдымен — Шоңайнаға Шепе Шоңайнаның, алдында, Күнтайға қол салуымен, онысы әйгі боп қалуымен ғана қылмысты емес, осы жайда Шоңайнаға өтірік айтуымен де қылмысты.

Сол кештің алдында Шоңайнаға ол, — «Тұмсықтағы ауылда шаруам бар еді, кешігіп қайтармын, немесе қонып қайтармын» деді де аттанып кетті. Сондағы арам ойы, — ауылына жұрт ұйықтай оралып, атын сайға, алысқа тұсап, Күнтай жатқан ас үйге ұрланып кіру еді. Өйтуіне жағдай толық: өзге күндерде бұл ауылда қаптап жататын қонақтар, бүгін жоқ. Нұртай өлгенге дейін, түгелге жақын осы үйде ұйықтайтын Шыңғыстың, балаларын, Нұртай өлгеннен кейін:

— «Өліктің әзірейілі бауыздағанда төгілген қаны, қырық күнге дейін кетпейді дейді, сол қырық күнде аруақ түнгі мезгілдерде келіп жүреді» дейді, балаларды ол үйге қондырмау керек, — деп Шепе бәрін де ордаға шығартқан. Шепенің бұнысы да қолын Күнтайға жеткізудің бір тәсілі болатын.

Айламен аттанған Шепе, ауылдар жатқанға дейін, беті ауған жаққа қаңғырып жүрді де, ауыл оттары сөнген, жұрт ұйқыға кірген шақта өз аулына оралып, қаңтарған атын бір бұтаға байлап, «үйірсіреген жылқы бейсауат кісінеп жұртты оятар» деген қауіппен, қанжығасындағы жіңішке қайыстың біреуін суырып ап, тілін буып қойды. Сөйткенде жылқы кісіней алмауын баяғыдан біледі.

Атын орналастырған Шепе еңбектей жүгіріп отырып, (ол өте ұшқыр адам болатын, қасынан жанасып шауып өткен жылқының, құйрығынан ұстап үлгеретін, құйрығы іліккен жылқыны бұра тартып, кейде тоқтатып та қалатын), аулына жетті. Түнде ауылға бөгде кісілерді жолатпайтын қабаған, сезімтал иттер, қараңдаған жанды көргенде «бұл кім?» дегендей маңқ етіп алдынан шықты да, Шепені таныған соң, үндемей жайларына кетті.

Шепенің ойы, ас үйдің есігін сықырлатпай ашып, Күнтайды шошытпай оятып, бұл жолы сыпайы сөзден аспай, торды алыстан құру еді. Бірақ, әйел көрсе ұстамалы «қояншығы» бар Шепе, жатар жерін білетін Күнтайға жақындап, жанына жантайғанша өзін ұстай алды да, ұйқыда жатқан әйелдің денесіне қолын тигізе бере, денесіне ие бола алмай, оянып кеткен Күнтайды бас салып құшақтай алды. Жанжал осыдан басталды...

Шоңайна бұл кезде өз үйінің, төрінде шырт ұйқыда еді. Ұйқысы қатты ол, Жайнақтың сыртқа шығып бақырған даусына оянған жоқ. Оны күзендей шақылдап Шыңғыспен арпалысқан ерінің даусы оятты. Кенеттен шыққан ащы дауыстан шошып кеткен Шоңайна, есеңгіреген қалпымен далаға жүгіре шықты. Салқын ауаға шыға есі жинала бастаған ол, Шепенің даусын таныды да, сөз түрлеріне қарап, Күнтайдан жәбірлік көргенін аңғарды. «Әлде оған қол салған болар ма?» — деген ой кеп кетті Шоңайнаға. Соның мәнісін білмек боп, жүгіре басқан адыммен ас үйге келсе, есігін тас жауып апты. Дыбыс берсе ашпайды. Есікті ұрса ашпайды.

«Қу салдақы қыларын қылып ап бекінген екен ғой!» деп ойлаған Шоңайна, даланы басына көтере, Күнтайды тілдеді де дыбыс бермеуіне ызалана түсіп, ендігі өшін ерінен алу ниетімен ордаға жүгірді. Бұл кезде, айналмалы кәрәсін шам жағылып, адалбақанның бұтағына ілінген еді де, үй іші көмескі жарық еді. Зейнеп көрінбейді, тегі түсірілген шымылдық ішінде балалардың арасында болу керек. Тоңазыған денесіне түйе жүн шекпенін жамылған Шыңғыс төрде жастыққа жантайып жатқан Шепенің қасында үн-түнсіз отыр. Оның бір әдеті,-нендей өрескел қылық жасаса да, Шепенің алдына шығып, тіл қатып көрген емес, сондықтан былайғы жұрт Шепенің бар қылығын: «Шыңғыстың өзі істетеді де, өп-өтірік білмеген болады», деседі.

Шоңайна ордаға:

— Мынау көсілу, қай көсілу?! — деп сөйлене кірді. Үйдегілер жауап қатпады.

Баяғы келіншек болып түскен шағында, сала-құлаш қара құндыз іліп төріне шыққан ордадан Шоңайна бұл жолы да қымсынбай, «неге көтермейсің басыңды!» деп, сұлап жатқан Шепені аяғынан ұстай алды да, от орнына қарай сүйрей бастады. Қарсыласар халы жоқ Шепе, жәрдем күткендей жаутаңдай Шыңғысқа қарап еді, ол «саған сол керек» дегендей, төмен түсірген басын көтерген жоқ.

Ордадан сүйреп шыққан Шепеге, Шоңайна үстемдігін көрсетіп, табалдырықтан аттай аяғын босатты да, тік түрегелген Шепені жауырын тұсынан сол қолымен бүркіттей бүре ұстап, оң жақ қолының түйген жұдырығын тұмсығына тақап:

— Кәне, айт, жаның барда, не болғанын? — деді. Шоңайнаның тұмсығына қойып жіберуден тайынбайтынын білетін Шепе, оның қаһарынан қайтар айланы тез таба қойып:

— Ойбай-ау, ол қаншығың сондай жынды ма еді? — деді.

— Не істеді жынды боп? — деді Шоңайна.

— Барған ауылдан бір қозының етін жеп, «үйге кеп қонайын» дедім де, түн ортасы ауғанмен, қайтып кеттім. Жолшыбай сусамасым бар ма? «Орданың қымызы тәтті болушы еді» деп, «шелімді қандырып алайын» деп, аттан түстім де, ас үйге кірдім. Анау қатын шырт ұйқыда екен. «Қымыз бер», дейін деп ақырын қозғап оятып ем, «кімсің?» деді ақырын. Онысы тегі, барып жүретін адамы болған ғой. Мен қайдан білейін, ондайын. Аңқау басым «Мен — Шепемін!» деуім бар емес пе? Қаншық қатынның бақыра түре келуі бар емес пе?!.. «Ойбай, мұның не?» десем, бәсеңдеудің орнына үдей бақырып, үйді басына көтергені бар ғой! Сонан кейін тысқа қаштым да шықтым.

— Сен неге бақырдың, қатынды балағаттап?

— Қар қатынның қылығына ыза боп!

Иланарын да, иланбасын да білмеген Шоңайнаның аузына «атың қайда?» деген сөз түсіп кетті.

— Байлауда, — деді Шепе.

— Қайда?

Шепе не жауап беруге білмей құмығып қалды.

— «Қайда?» деп тұрмын ғой мен саған?

— Сол үйдің белдеуінде...

— Жүр, ендеше, атты ала кетеміз! — деп Шоңайна жауырыннан бүрген қолымен ас үйге қарай икемдегенде, жүргісі келмеген Шепе тартыншақтанып қозғалмайын деп еді, — жаның барда жүр, әйтпесе, көресіңді көрсетем! — деді.

Бармауға амалы жоқ Шепе:

— Неменені айтып тұрмын, шатасып? Белдеуде емес, сайда. «Түнде кісінеп ауылды мазалар» деп тұсап кеткем сайға.

— Ер-тоқымы қайда?

Шепе үндемей қалды.

— Шатас, шыпшығым! — деді Шоңайна, тек ашуланған шақта ғана Шепенің бойы кішкенелігін бетіне салық қылатын «шыпшық» қойған лақабын айтып.

Шепенің үні шықпай қалған соң, неге шатасып тұрғанын жорамалдаған Шоңайна, «жүр, үйге сенімен сонда сөйлесем» деп сүйрей жөнелді.

Бұл халды орданың ішке қарай ашылатын есігінен екі адам қарап тұрды: бірі — Зейнеп, бірі — Шоқан. Шепеден ығысып өскен Шоқан, мана, әкесі оны ордаға құшақтап әкелгенде, шешесімен бірге шымылдық ішіне кіріп кеткен. Шепе ентіккен дауыспен қатты уһлеп, қараңғы үйдің төріне қисая кеткенде, Шыңғыс адалбақанда ілулі тұрған кәрәсін шамды қолымен сипалап тапқан да, бүкіл қазақ елінде, ордада ғана болатын, шамның қалпағының үстінде тұратын сіреңкені тұтатып жаққан. Содан кейін, соққыға жығылған қасқырдай сұлқ жатқан Шепеге жастық ұсынып, ол ала қоймаған соң, кеуде жағын көтеріп, басының астына тыққан. Тынысы дұрысталып, басы жайланған Шепе өз өзінен тістене сөйленіп:

— Не ол қар қатын тұрар, бұл ауылда, не мен тұрармын, — деген. Шыңғыс жауап қатпаған.

Аз тым-тырыстан кейін Шоңайна келді де, Шепені алып кетті. Шоқан орнынан есікке қарай ұмтыла бергенде, Зейнеп көйлегінің етегінен ұстай ап:

— Қайда, Қанаш? — деді.

— Көрейін, — деді Шоқан ілгері тырмысып.

— Нені?

— Әлгілерді.

Шоқанның айтқанын істемей қоймайтынын білетін шешесі, оны «тысқа шығып кетер» деген оймен, тұтқан етегін жіберместен есік алдына бірге барды.

— Әй, апа босат етегімді, — деді Шоқан есікке жете, — мен далаға шықпаймын.

Зейнеп босатты.

— Шамды сөндір, әке! Әлгі қайтып келер осында, — деді Шоқан.

Шам сөнді. Зейнеп пен Шоқан қараңғы үйдің есігінен қарап тұрғанда, Шоңайна Шепені үйіне қарай сүйреп әкетті.

— Сол керек оған, — деді Зейнеп, айызы қанғандай.

— Сонда, бұл тай ағам не істейді, Ақ апама? — деді Шоқан Зейнепке, Шепені сүйрелей жетектеген Шоңайна үйіне кіре бергенде.

— Әуелі, «Тапекеңе не істейді?» десейші — деді Зейнеп.

— Не істесе ол істесін. Өлтіріп тастаса да мейлі. Маған Ақ апама тимегені керек.

— Оған ештеңе істей қоймас.

— Қайдам, — деді Шоқан. — Әлгінде «бұл ауылда не ол, не мен тұрармын» деді ғой.

Сол кезде қарашы ауыл жақтан бері беттеген әлдекім қараңдай қалды. «Бұл кім бейуақта жүрген?!» деген ой қатар келді шеше мен балаға. Екеуі де «кім екенін көрейік» деген оймен тұрған орындарында қата қалысты.

Келе жатқан Ақпан еді. Күндіз бие сауатын ол кешке қарай өзінің серігімен кезектесіп бағынға кететін. Өткен кештің кезегі серігіне келді де, ол іңір асын ішкеннен кейін үйіне барып ұйықтады.

Ордадан естілген шаң-шұңға қарашы ауылдың өзге адамдарымен бірге ол да оянды. Көппен бірге: Жайнақтың, Шепенің, Шоңайнаның дауыстарын Ақпан да танып, сол дауыстарға қарап не болып қалғанын, өзге қарашылармен қатар ол да жорамалдады.

Оның өзгеге емес, Жайнаққа жаны ашып кетті. Өзі бала көрмеген ол, Жайнақты «туысым» деп, туған баладан артық болмаса кем көрмейтін. Ол да бұны жанындай жақсы көретін. Жұмыстан қолы босаған шақтарда, Ақпанның ең зор рахаты,-Жайнақпен ойнау болатын. Соншалық жақсы көретін Жайнақты, ол ертемен келіп, ұйқтап жатқан қалпында құшырлана иіскеп, оянып кетсе, құшағына қысып өбетін. Өзі теңдес баладан таяқ жемейтін Жайнаққа, үлкендерден біреу-міреу тіл, я қол қатайын десе, Ақпан қызғыштай қорғалаштап маңайлатпайтын. Бірер рет біреулердің Жайнаққа қол қатқанын естіген Ақпан, олардың сілесін қатыра сабап, одан кейін басқалар өйтуге қорқатын болған.

Міне, енді, сондай «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай» жүрген Жайнағының ел жатып қалған қараңғы түнде, қасқыр жарған құлындай шыңғырған даусы естілді!... Неге өйтуі белгілі.

Бұл шыңғырудан жаны ышқынып кеткен Ақпан, қасында жататын үнемі қынды кездік асулы жүретін қайыс белбеуін байлана сап, көйлек-дамбалшаң, жалаң бас, жалаң аяқ қалпымен тысқа жүгіре шықты. Шешесі Бөтікейдің» Қайда, қалқам?» дегенінен жауап қайырған жоқ. Есік алдында қараңдаған бір топ адам тұр екен. Ақпан оларға қарамастан, ордаға қарай жүгіре беттегенде әлдекім:

— Ұстаңдар, анау Ақпанды! — деді.

Төрт-бес адам Ақпанды ұстай алды.

— Жіберіңдер! — деді ол қатал дауыспен, — кездікті оларға да салам, өзіме де салам!

Ұстағандар жібермей, қартаң біреулер сабырлық сөздер айтып жатқанда, шаң-шұң бәсеңдей қалды. Қараңғыға көзі жыты біреу:

— Әне, Шепені қатыны үйіне сүйреп әкетті, — деді.

— Оның пашпырты сонымен бітті, — деді біреу күліп. Ақыл иесі бір қарт:

— Шырағым, сен, долдануды қой, — деді, әлі де ұстағандардан босаңғысы келген қимыл көрсеткен Ақпанға. — Істің жайы белгілі болып тұр: Жеңгенді Шепенің басынғысы келген ғой. Соны долы, дарақы қатыны біліп қап үйіне әкеткен ғой. Біз білетін қатын болса, сазайын өзгеден бұрын сол тарттырады. Көрерсіңдер, өлмесе де өлімші қылады оны қатыны, бүгін түнде. Сен сабыр ет. Болар іс болды. Бәріміздің де бұл іске жанымыз ашып тұр. Бірақ ордаға түнде сойыл сүйретіп барғанымыз ұят болар, ел-жұрт алдында мінді болармыз. Біз де аяқ басып жүрген жанбыз. Ертең құдайдың таңы ата, сұлтанға кісі саламыз да, ағасының мына қылығына не төрелік берерін күтеміз, сонысына қарай біз де қимыл жасаймыз, — деді.

Ақпан саябырлады. Ол ертеңіне күндегі дағдысымен сауын биелерді байласып, салбыраңқы еңсемен орда ауылға беттеді де, бұрынғы дағдысынша ордаға кірмей, Шыңғысқа сәлем бермей, тура ас үйге тартты. Ол кірсе, бұл кезде орданың сәскелігін даярлаумен әбігер болып жүретін Күнтай үлкен сабаның қасында, тізесін құшақтай, басын салбырата шөге түсіп отыр, бұл кезде асын ішіп ойынға кетіп қалатын Жайнақ бар денесі бір уыс болып, шешесінің жиналмаған төсегінің ірге жағында бүктетіле жатыр. Бұрын таң ата түрілетін түндік, бүгін жабулы, үй іші қара көлеңке.

Не дерге білмеген Ақпан, табалдырықтан аттай қалшиып тұрып қалды да, аздан кейін:

— Жайнақ!-деді дыбыс беріп.

Ояу жатқан ол, үйге әлдекімнің кіргенін естігенмен, кім екенін білмеген еді, кім де болса дыбысынан танымақ боп, үнін күткен еді. Ол үн ағасынікі болғаннан кейін, шешесі көрген қорлықтың ызасынан үрген қуықтай тырсылдап жарылғалы жатқан Жайнақ:

— Аға! — деп бақыра түре келді де, жүгіріп кеп мойнына асылып, өкіріп қоя берді.

Ақпан өмірінде кезінен жас шықпаған адам еді. Сол қаттылығынан әкесі — Қаңтар өлгенде де жібімегенін көрген жұрт: «Мына кәпір оңбас!» деген. Нұртай өлгенде де сөйткен. Енді, міне, Жайнақ кеп өкіріп бассалғанда дірдектеген көз жасының омырауына қалай сорғалап кеткенін өзі де білмей қалды. Бірақ ол жасын тез тыйды да, белінен құшақтай көтеріп тұрған Жайнақты босатпастан:

— Жеңеше! — деді Күнтайға.

Баласының жылаған даусын естігенде қосыла жылап жіберген Күнтай, өксіген дыбыспен қайын інісіне барады.

— Кеттік, жеңеше! — деді Ақпан, қатал даусын өзгертпей. «Қайда?» дегендей кескін білдірген Күнтайға:

— Біздің үйге! — деді Ақпан. — Тұр, жылдам!

«Ақпан бұлай дер» деген ой Күнтайдың басына кірмеген еді. Не дерге, не істеуге білмей, Күнтай қозғала қоймап еді:

— Не айттым, мен саған, жеңеше? — деді Ақпан, даусын қатайта түсіп,-кімнен қорқып отырсың, тұрмай? Шепеден бе?.. Әкесінің аузын... Шепенің! Маңымызға жолап көрсін, жерге қағып жіберейін.

— Тұр, апа! — деді Жайнақ шешесі қозғала қоймаған соң Ақпанның мойнынан құшағын жазу орнына қыса түсіп,-тұр енді «тұр» деген соң!

Күнтай тәлтіректей, сүйретіле орнынан тұра берді. Сол кезде есіктің сықыр еткен дыбысына қараса, оң қолына оңтайлап келдек ұстаған Шепе. Ана жылы бір рет «тілін қайырам» деп, Шепе үстіне міне түскен де, басқа көзге төпелеп сабап тастаған, әлі жетерін біле тұра, өзінің «құлдығын», ананың «қожалығын» есіне тұтқан Ақпан қарсылық қимыл көрсетпеген. «Тағы да сөйте ме, қайтеді!» деп қауіптенген Ақпанның, бұл жолы қарсы тұрғысы келді де, Жайнақ құшағынан жерге түсіріп, айбат шеккен бейнемен одырая қарады. Анау бұрынғы дағдысымен, сәурік айғырдай кіжіңдеп, «әкеңнің...» деп, келдегін көтере ұмтылып еді:

— Сенің әкеңнің аузыңмен де, — деп дүрсе қоя берген Ақпан, сілтеген шоқпарды денесіне дарытпай, шап періп ұстай алды да, қолынан жұлқып тартып ап лақтырып жіберді. Шепе оған да қарамай жармаса түсем дегенде, екі жауырынның арасынан қапсыра ұстай алған Ақпан сілтеп кеп қалғанда, өткен іңірде үлкен қазанға ұйытып қойған қойдың айранына Шепе күмп ете түсті. Қазаннан шығуға тырмысқан Шепе, бір жақ ернеуінен ұстай ап көтеріле бергенде, ауған қазанның айраны ақтарылды да қалды. Қазаннан жанталаса, ақтарылған айранға, тайғанақтай әрең шығып, сиыршылап түре келген Шепе, Ақпанға:

— Ойбай, әкеңнің... — деп жұдырығын түйе тағы ұмтылғанда, қолын ұстай алған Ақпан:

— Қоймадың ба, шәуілдеген ит? — деп, желкесінен қапсыра бүрді де, жұлын тұтасынан қатты қысқан саусақтарымен жанына батыра мытыңқырап, есіктен шығара, тымақтай лақтырып жіберді.

Сілтеуі күшті болып, Шепе сонадай жерге барып жалп ете түсті. Бұл жолы тұра жүгіре алмады. Мысықтың алғашқы қатты бүргенінен шалажансар боп қимылдай алмай қалатын тышқан сияқтанып, бүйірін ғана соғып, қимылсыз жатты...

— Шоқ, шоқ! — деді орданың есігінен сығалап тұрған Шоқан.

— Тәйт! — деп қалды, туысына жаны ашып отырған, бірақ төбелеске шығуға мүмкіндігі жоқ Шыңғыс. — Төрені құлдың ұруы да қызық болып па?

— Төрелігін сақтасын, — деді Шоқан қанден иттей кім көрінгенге үрмесін, қабамын деп жармаспасын. Әне алды сыбағасын. Бұдан былай байқап ұмтылады.

Сол кезде ас үйдің есігінен Жайнақты жетектеген, соңына Күнтайды ерткен Ақпан шыға берді де, тура қарашы ауылға тартты.

— Қап, — деді Шыңғыс, ашық есіктен оларды көріп отырып, — бөгейтін кісі болмады-ау аналарды!

— Бетегеңде не істемексің, әке? Тай ағаң айтқандай бұл ауылда енді — «не Ақ апай, не Тай ағаң тұрады». Ақ апайды қимасаң, жібергің келмесе, анау қортық қошқардай, жалшы-жалаугердің қатынына дамыл бермейтін ағаңды кетір бұл ауылдан.

Шыңғыс үндемей қалды.

— Барсын! — деді Зейнеп.

Есі кірген, қарашы ауылға жөнеле бергендерге көзі түскен Шепе, орнынан атып тұрып:

— Арқар, Арқар!-деп айғай салды. Бұл сөз бүкіл хан тұқымының аталық ұраны еді. Қазақ руларының қысылғанда аталық ұранын шақыруы сияқты, хан тұқымдары да «Арқар» ұранын өте бір қысылшаң жағдайда ғана шақыратын. Сонда, өзге рулар сияқты, хан тұқымдары да, туысына жәрдем беруге қаптай кететін. «Хан тұқымы» дегендер қазақ арасында аз, солар ұранға шапқанда, хандық есімді қасиеттеп ұстайтын кезде қара қазақтар көптік жасамайтын, хан тұқымдарының «бірі мыңға» баланып, үркердей санымен жұлдыздай қара қазақты сабап кететін.

Шепе «Арқарлағанмен» санға толатын хан тұқымы бұл арада жоқ. Бар болғанмен де, хандық дәреже жойылып, орнын аға сұлтандық басқаннан кейін, бұрынғы дағдымен «Арқарлаған» талай төрені, қара қазақтар сабай беруге айналған. Сондай халде екендігін Шепе де біледі. Сөйте тұра «арқарлауы»-«ауру қалса да әдет қалмайды» деген мақалдың кебін кию.

Ақпан үйіне барған Күнтай, сол қалпында орнығып қалды. Ақпан оған «жесірім» деп кіжінген жоқ, «аламын» деген сыр білдірген жоқ.

Ақпанның жеке меншігінде бір ұрғашы нар түйесі, бес-алты ешкісі барын жоғарыда айттық. Қара түсті нардың екі аты бар бірі — «Ебелек», екіншісі «Қарабұлақ». Бастапқысы-шақыруға елпілдеп, тез келуінен екінші, — сүтінің өте молдығынан. Ботасына еміренген кездерінде оның сүмесі күніне үлкен екі ағаш шелекті еркін толтырады. Ботасынан айырған кезде де жыл тәулігі суалмай, иелерін шайлық сүттен, қымыраннан тарықтырмайды. Келер жыл желіндегенде де сүті бола тұра, Бөтікей оны обалсынып бірер ай ғана саумайды. Өзге түйелерден «Қарабұлақтың» сүмесі де қою шайға құйғанда қаймақтай түсе қалады. Бір аяқ қымыранын жұтып алған кісі, ұзақ күнге тоқ жүреді. Күнделік ішуден артылған қымыранын, Бәтікей күн сайын көрші-қолаңдарына береді. Ешкілері үнемі егіз лақтайды. Ішулеріне түйе сүті толық жеткен соң «лақтары семіз болсын» деп, Бөтікей ешкілерін саумайды. Қызылсыраған уақыттарында егіз лақтар тістеріне сыздық қылуға жетеді.

Күнтай да осы асқа молыға Кетті. Ол аққа болмаса, қызылға құмар емес-ті. Баласына да бұл үйдің тағамы жетіп жатыр. Ерсіреу ойында жоқ Күнтай осындай жағдайда өмір бойы тұрып қалар ма еді, қайтер еді, егер Шепе үрлеткен өсек желі біраздан кейін қабындап кетпесе. Осы өсек Күнтайдың діңкесін құртатын болды. «Күрке кісісіз болмайды» дегендей, Ақпан үйіне де ауыл-ағайыннан кіріп шығатындары болады. Солардың еркек кіндіктілерінен Күнтайға таңылмайтыны жоқ. Әсіресе Итаяқ. Ол да Нұртаймен құрдас. Өмір бойы қатынсыз өтетіндердің қатарына қосылатын Итаяқ, көрінген ұрғашымен, әсіресе «құрдас» деп Күнтаймен жарбаң-жұрбаң ойнай беретін және тұрпайы ойнап аузынан боғауыз түспейтін, қолын да еркін жұмсап, кез келген жеріне жүгірте беретін.

Осы Итаяқ Күнтай Ақпанның үйіне келген соң тіпті құтырып алды. Бұрын «мен де қалмақпын, Нұртай да қалмақ» деп, «екеуміз саған ортақпыз» деп жүретін Итаяқ енді «жесірімсің, жол менікі, Нұртайдың жылын берген соң өзіме қосыласың» деуді шығарды.

Оның расында да дәмесі солай ма, немене, — Ақпанның үйінен шықпайды және үнемі, ол үйде жоқта келеді.

Ол келгенмен, Күнтай рең бермей жүрген шағында, «Итаяққа қосылады-мыс» деген өсек өрши қалды. Бұл өсекке өзгелер түгіл Ақпанның да құлақ түре бастаған қалпы байқалды.

Ал, расында Итаяқ Күнтайға құрдастығы ұстаудан немесе алғысы келуден емес, Шепенің жұмсауымен жампаңдап кеткен еді. Сол шақта Ақпанның ала көзбен қарауын байқаған Итаяқ Шепеге:

— Дүлей кәпірін, мерт қып жүрмесін! — деген қаупін айтып еді анау:

— Уа, тәйірі алсын сені, тәйірі алғыр! «Қорықпас келін қойдың басынан қорқады» деп, өзгеден емес, Ақпаннан қорыққаның не қылғаның?! Ол да өзің сияқты құлдың тұқымы. Айырмаларың ол — жалғыз, сен — көпсің, қанша алып дегенмен, бәрің жабылсаңдар жерге тығып жібермейсіңдер ме, оны? Кет, әрмен әрі, бұқпантайланбай! Енді қайтып бұл сезіңді естіртпе. Әйтпесе, таяқ жейсің!-деп ұрсып тастады.

Шепені шексіз бедел көретін Итаяқ жауап қайырмады. Ал, өз ойында: «Ақпанның қолына түспе, егер түсе қалсаң бурадай шайнап, тізерлеп тастайды».

Шепенің жұмсауымен Итаяқ Күнтайға «күн» демей, «түн» демей кіжіңдей берген соң, жұрттың Итаяққа таңған өсегі күннен күн өрши берген соң, Ақпанның ол өсекке алаңдауы ұлғая берген соң бір сәтте, үйіне әлдеқалай келе қалған Зейнепке Күнтай еңіреп отырып мұңын шақты. Зейнептің де құлағы бұл қаңқудан керең болуға айналған. Ордадан кеткелі байланысы үзілгенмен Күнтайды жақсы көруінен Зейнеп танбаған сондай ойдағы Зейнеп, бұл үйге осы өсекті қалай басудың амалын Күнтаймен ақылдасқалы келген.

— «Сөзде қаңқу жаман, ауруда шаншу жаман» — деп шешен тілмен бастаған әңгімесінің аяғын Зейнеп,-Ақпанға қосылудан басқа амал жоқ, — деп бітірді. Күйеуге тию ойында жоқ Күнтай:

— Алла, Үкілі келін, не деп отырсың? — деп шошып кетті. Ойындағысын істетпек болып келген Зейнеп:

— Неге шошисың. Күн апай? — деді қадалып. — Шошығаныңмен амал жоқ. Маңыңа оралған өсектен, осыдан басқа құтылар жол жоқ. Еркектей емес, Күн апай әйелдің жолы тарын. Еркек үшін, көп әйелге таңу, — мақтаныш, әйел үшін — қоршылық. Әсіресе жесір әйелге. «Иттің аузы жесе де қан, жемесе де қан» дегендей, жасы кемелінде отырған жесір әйелді, өсекші жұрт ақ отырса да қаралайды, «байсыз қатын — баусыз оймақ» деп, кім көрінгенге таңады. Өзің білесің, кеше хан енеме (Айғанымды Зейнеп солай атайтын. С. М.) жұрт не есек таңбады? Ақырында, сол есектің құрбаны болған жоқ па, аруағыңнан садаға кетейін енетайым? Оның қасында сен кімсің? «Өсек» деген-өрт, одан қашқан ғана құтылады, қарсы жүрген өртенеді. Кеше хан енемді де қолыңнан тәрбиелеп жөнелтіп ең. маған да шешемнен артық еңбегің сіңді. Балаларыма да солай болдың. Сондықтан саған жаным ашиды, Күн апай! Менен кеткеніңмен аман, сау болуыңды, жақсы тұрмыс жасауыңды тілеймін. Ақпанға қосылып, есектен арыла қалсаң мүмкін, ордаға қайта келерсің де, үйренген тұғырыңа қонарсың. Шын көңілден қиылып айтам, Күн апай, «тәңірінің жазғаны осы» деп Ақпанға қосыл.

Амалы жоқ Күнтай, Зейнептің қиылған сөзін достық көрді де, ризашылық білдірді, көп кешікпей Ақпанның бір семіз тушасы сойылды да, азынаулақ шал-кемпір жиналып, қарашы ауылда тұратын шала — дүмбілездеу молда Ақпан мен Күнтайдың некесін қиды. Одан үш жыл кейін Күнтай қыз тауып, нәрестенің атын өзінің «Күнсұлу» аталатын есіміне ұйқастырды да, «Айсұлу» қойғызды. Тарала келе, балалық аумай Күнтайға тартқаны байқалды. Сүйкімді баланы үй іші жанындай жақсы көріп, «Айжан» деп атап кетті.

Айжан тарала, көркемдене берді. Шешесінің сүті жағымды болды ма, әлде денсаулығының тазалығынан ба, Айжан қырқынан шықпай бүлдіршіндей боп, шақырған дауысқа жымия бастады, бір — екі-үш айда отыруға жарады, жарты жасқа жетпей еңбектеді, жасқа толмай тәй-тәй басты. Жастан аса тілі шығуға айналды. Шешеден ол қалың қара бұйра шашты болып туып еді, (Күнтай да солай туған екен), «қарын шашын қалдыру обал болады» дегенмен, қырқынан шыға, әкесі ұстарамен тап-тақыр ғып қырғызып тастады. Содан кейін шаш тіпті қалыңдап, тіпті бұйралап кетті.

«Темірді дәнекер қосады, өмірді бала қосады» дейді қазақ мақалы. Сол мақал дәл келіп, амалсыздан қосылған Күнтай мен Ақпан, Айжан туғаннан кейін, бірінен-бірі айрылмастай тұтасып кетті. «Пенде болған соң, үй іші» болған соң кейде кикілжіңденіп қалса, оның уыты Айжанның бір ағалағанынан, бір рет жымия қарауынан, бір рет сықылықтап күлуінен қалмай тарқап кетеді. Енді Ақпан, Күнтайды «қатыным» деп емес, «Айжанымның анасы» деп сүйеді. Күнтай Ақпанды «ерім» деп емес, Айжанымның «әкесі» деп сүйеді. «Іңгә» деп даусы шыққаннан бастап әкесі мен шешесін осылай біріктіріп тастаған Айжан, өскен сайын, қылығы қызғылықты болған сайын осы бірлікті бекіте түсті.

Бөтікей бұл кезде опат болған еді. Енді осы үйді күтетін жалғыз әйел өзі болған, өмірлік тұруға көңілі орныққан Күнтай Ақпанның бұрын ішіне кіргісіз, жалба-жұлба қара құрым кигіз үйін ілезде жақсартып жіберді. Оның некесі Ақпанға қиылғаннан кейін, «жаңа тұрмысына қосқан немеурінім» деп, Зейнеп ас үйдің көне-тоз кигізін жіберген еді. Ол, орда үшін «көне-тоз» болғанмен, Ақпан үйінің қаңқасына жапқанда, қарашы ауылдағы азғантай бозғыл үйдің бірі болып шықты. Кәрі кемпір — Бөтікейдің дұрыстап ұстауға әлі келмегендіктен кірлеген, тозған, көбі іске алғысыз болған үй ішінің бұйымдарын Күнтай тасқаяқтай қағыстырып тазалап, бүтіндеп... дегендей жұрт жиіркенбестік түрге келтірді. Ақпанның үсті-басын күтіп, бұрын кір-қоң болып жүретін киімдерін, енді жобалғы болса да біразы жамаулы болса да, жұрттан ұялмай киетін қалыпқа келтірді. Бұрын тазаланудың көлге, өзенге сүңгіп шығудан басқа түрін білмейтін Ақпанды, Күнтай жұма сайын қазақы қара сабынмен көпірте шомылдырып, оған дейін күстеніп жүретін денесі майлаған қайыстай жылтырады. Ақпанның бұл үйден татар дәмдерін де Күнтай тіл үйірерлік қып жасады. Ет пен қымыздан басқа қазақы ас түгел. Қымыз орнына Күнтай шұбат даярлады. Оған «Қарабұлақтың» сүті жетеді. Содан жасаған шұбат «өте дәмді» деп естіген соң, «Сұлтанға беріп көрейін» деп, Зейнеп алғаш кісі жіберіп сұратып алды. Таңдайына мейлінше татыған шұбатты, Шыңғыс күн сайын Ақпан үйінен алдырып ішетін болды. Шұбатқа құмартқан Ақпан қымыз іздемейтін болды және іздеудің қажеті де жоқ еді: ұстаудан Күнтайдың қолы үзілгеннен кейін орданың қымызы дәмсізденіп, әрі сұйық, әрі ақырған ащы болып кеткен. Жұрт оған бұрынғыдай құмартуды қойып, «татымал да бір, ол да бір, ішсең жүрегіңді қыжылдатады, кекірте береді» деген лақап жайып жіберген.

Қымызы ғана емес, басқа астарының да дәмі кете бастаған соң, Зейнеп Күнтайды ас үйге қайта алдырайын деп еді, Күнтай қазақтың «қайта келген қыз жаман, қайта шапқан жау жаман» — деген мақалын айтып, «енді алыстан сыйласайық» деп бармай қойды. Содан кейін — «сұлтанға» деген тамақ Ақпанның үйінде пісіп, атпен тасылатын болды.

...Ал, Шоқанның жатар орны-орда болғанмен, жүрер жері-қарашы ауыл. Ас ішер жері -Ақпанның үйі, ойнайтыны-сол ауылдың Жайнақ бастаған балалары. Шепе оны бұл қылығынан тыймақ болғанда, «Тайаға! Өзіңнің жөніңді жөнде, менде жұмысың болмасын» деп бетін қайырып тастаған. «Абылай ағама тартты» деген сөз шыққаннан бері, «ендігі Абылай осы болмаған да» деп Шепе де дәмеленетін еді. Сол сөз расқа шығардай, Шоқанның қылығы да ерекше, мінезі де өрескел, сондықтан үлкен болғансып, туысқансып, былайша ұрысқанымен, Шоқанға қол қатуға Шепе батпайтын.

Шепені тыңдамаған Шоқан қарашы ауылға, онда Ақпанның үйіне күн сайын барады. Сондағы бір ермегі — Айжан. Соған байланысты Шоқанның бұрын байқалмаған мінезі көрінді. Өзінің толып жатқан інілері, қарындастары бола тұра, Шоқан солардың біреуін де жақсы көрген жоқты. Өйтудің орнына, інілеріне, әсіресе, тетелес өскен Жақып пен Мақметке дамыл бермей, көрінген жерде бақыртып сабай беретін. Бертінде Жақып күш теңестіріп төбелесе кетсе, шешесі — Зейнепке сабатып алатын. Ісі оң болсын, теріс болсын, — Зейнеп Шоқанды жақтайтын. Інілеріне сонша қатал Шоқан алты ұлдан кейін туған қарындасы — Рахияға да жоламайтын, оның өзі жоласа шымшып ап, итеріп жіберіп бақыртатын. Сондықтан Рахия маңайламайтын. «Қыз» деп менсінбейді» дейін десе, сонымен бір мезгілде туған Айжанды жанындай жақсы көреді. Бесіктегі кезінде тербету, сүю сияқты мейрімділіктен басталған оның жақсы көруі, Айжан аяғын апыл-тапыл басқанда тіпті үдеп, көптің көзінше көтеріп жүретін болды. Жұрт сонысына қарап:

— Хан тұқымы кім көрінгеннен әйел ала беретін еді, мына қылығына қарағанда, түбінде осы Шоқан осы қызды алмаса не қылсын! — деп күлісті.

«Қыз бала қылтиғанша» дейді қазақ мақалы. Айжан апыл-тапыл басқаннан-ақ «қыз» бола кетті. Өйтуіне себеп — шешесі. Күнтай оны тәй-тәй тұрғаннан-ақ әшекейлеп: етек-жеңінде жалбырағы бар ұзын көйлек, өң-бойына күміс қадаған белі қынамалы қамзол, арзан да болса, қолына түскен «есек-тас», «жылан бас» сияқты тастармен, күмістен, бақырдан жасалған моншақтармен безендіріп, төбесіне үкі таққан тақия сияқты киімдер кигізді. Сөйтіп, Айжан кішкене күнінен тірі қуыршақ болды да шықты.

Айжанның бұл түріне Шоқан қызығып, кейде шешесінен сұрап, кейде қымқырып Айжанды ажарлайтын бұйымдарды үйінен әкеп жүрді. Оларды киген Айжан тіпті көркемденіп кетті. Шоқан онымен де қоймай, «Рахиямен ойнасын» дегенді сылтау ғып, Айжанды үйіне де апарып жүрді. Намыстанды ма, әлде жұрттың «осы бала мен Айжан, бұл жаманның бала кездерінен бір-біріне ғашық болған Қозы Көрпеші мен Баяны боп жүрмесе не қылсын?» деген қаңқуынан қорықты ма — Зейнеп бір сәтте, ретін тауып, Айжанды ордаға жоламастай қылды.

Айжан ордадан безгенмен, Шоқан одан безген жоқ, оны көруден, ойнатудан, сыйлықтар апарудан тоқтамады.

Ақпан үйіне орнаған сүйкімділікті Итаяқ қана ала тайдай бүлдірді ғой...

Оқиға былай болды. Ақпан некеленгенге дейін Күнтайға дамыл бермейтін Итаяқты, үйленгеннен кейін Ақпан оңаша бір жерде ұстап алды да:

— Қылжағыңды қоямысың енді, жоқ па? — деді.

— Кімге дейсің? — деді Итаяқ өп-өтірік түсінбеген боп.

— Күнтайға.

— Ойбай-ау, құрдасым ғой ол менің.

— Сен оған емес, Нұртай ағама құрдассың да. Енді Күнтай — менің қатыным. Сен оған да, маған да құрдас болмақпысың?

— Бұрын ойнап қалған дағдыны қайда тастаймын?

— Дағды-мағдыңды білмеймін. Айтпады деме, енді қылжақтасаң, жоқтауыңды бір-ақ асырам.

Шепе қаншама итермелеген, азғырғанмен, көңілінде Ақпанның әлгі сөзі жүретін Итаяқ, Күнтайға қалжыңдамақ түгіл, маңайлауды да кеп уақыт доғарып кетті. Сөйтіп жүргенде Күнтай жүкті болды, бала туды аты — Айжан қойылған баланы әкесі де, шешесі де жақсы көрді, «кісі боп» өсіп қалды.

Бір күні Шыңғыс Ақпанды әлдеқайда жұмсады да, үйі «бос» қалды. Соны пайдаланып, Шепенің Итаяқты Күнтайға ұйтқыттағысы келді. Бірақ Итаяқ, есі дұрысында, ондай айдауға өлсе жүрмейді, сондықтан оны мас қылу керек.

Ол кезде сол дуандағы қазақтардың ішінде үш-ақ адамның арақ ішкені естіледі екен: Уақ руында — саудагер Шардамбай, Керейде — хорунжий чині бар Байдалы, төре тұқымнан — Шепе. Шепе арақты орыс қалаларынан алдырады екен де, жұртқа көрсетпей тығып қойып, қымызға қатып ішеді екен.

«Итаяқты Күнтайға мас күйінде жұмсауға ойлаған Шепе, оған беретін қымыздың ішіне, бірер ожау арақты сапырып жіберді. Екі-үш аяқты жөремелдете сімірген Итаяқ ілезде мас болып қалады. Шепе содан әуелі:

— Кісі емессің. Намысың жоқ. «Көн құрысса қалыбына барады» дегендей құлдығыңа тартасың, әйтпесе, атасы да, болмысы да өзіңмен тең Ақпаннан қорқар ма едің? — деп біраз қайрайды. Соған өткірленген Итаяқ:

— Не істе дейсің?-дегенде:

— Ақпан қазір үйде жоқ, түн жамыл да жетіп бар, — деді Шепе.

— Ойбай, түнде кіре алмайсың. Байы жоқта есігін ішінен тас қып байлап тастайды.

— Ендеше, күндіз кір.

— Өйтуге болады, — деді мастықтан басы даң болып отырған Итаяқ емексіп.

— Бар да әй-түйіне қарамай, бассап құшақта да еркіне қарамай бетінен сүй. «Қыз қысып сүйгенше» деген. Одан әрі ешқайда кетпейді.

— Солай ма өзі?

Шепе есірген Итаяқты осылайша қыздырмалатып, ауылға айдады да жіберді. Өзі әлдеқайда аттанып кетті. Сол екпінмен Итаяқ Ақпанның үйіне кіріп келсе, Күнтай оңаша үйде жұмыстарымен шұғылданып жүр екен. Есікті сықырлатпай еппен кіріп келген Итаяқ, — «а, құрдас!» деп белінен қапсыра ұстай алды. Кім екенін даусынан танып, ашу білдірген Күнтайды Итаяқ босатпай, екеуі арпалысып жатқанда есіктен әлдекімнің сыбдыры естілді. Олар жалт қараса — Ақпан! Ол не істерге білмегендей, босағада қалшиып қата қалды. Сасып қалған Итаяқ «тез жіберсем шын көрер, ойынға жоруы үшін босатпайын» деп Күнтайдан құшағын жазбады да:

— Осылай ойнап жатыр ек... — деді ырсия қарап.

— Бұл пәледен қашан құтылам, ойбай! — деп Күнтай жылап жіберді.

— Бұның не ойынға жылап? — деді Итаяқ Күнтайға.

— Ойының осылсын, ылайымда! — деді Күнтай жылауын үдете түсіп, — шөгірдей қадалып, сен-ақ өлтіретін болдың-ау, ойбай!.. Қу-шұнақ құдай, қашан құтқарасың, бұл арапшыдан?!..

Бірдемені айтқысы келген Итаяқты Ақпан ту желкеден қапсыра ұстап, иіріңкірей сілтеп, жерге алып соқты да кеудесіне аттай мініп ап:

— Сенен-ақ, өлетін болдым-ау! — деп, алқымын сығып жіберді.

— Өлдім! — деуге-ақ шамасы келді Итаяқтың.

Шынында да өлтіріп жіберер жайын көрген соң:

— Ойбай, Момыным, — деп ара түсті Күнтай.

Ол Ақпанды бассалып, Итаяқтың үстінен аударған болып еді, жерге батқан үлкен тас сияқтанып мыңқ етпеді. Дем тартысына қарағанда, Итаяқ өліп бара жатқан сияқты. Не амал істеуге білмей сасқан Күнтайдың есіне Айжан түсіп кетті. Ол үйдің көлеңкесінде қуыршақтармен ойнап отыр еді.

— Айжан! — деген ащы дауыс шығып кетті Күнтайдың.

Үйдегі болып жатқан оқиғаны мәм-сәм қылмай, ойынның қызығымен алданып отырған Айжан, шешесінің ащы даусы саңқ ете қалғансып жылап қоя беріп, үйге кірді.

Ақпан Итаяқты манағы езгілеу қалпында еді. Күнтай үйге кіре берген Айжанды жалма-жан көтеріп ап:

— Айжаның келді, Момын!.. Қорқып тұр, — деп шырылдаған баласын Ақпанның алдына тосты.

Ашу теңізіне батқан Ақпан, басын сонда ғана жарық дүниеге қылт еткізіп шығарғандай боп, есі енді ғана кіре бастағандай боп, көздері алайған, аузынан жыны ақтарылған Итаяқтың үстінен тұра беріп, екі жағасынан қапсыра ұстады да есікке сүйреп апарып:

— Бар сол сыбағаңмен! — деп сыртқа тулақтай лақтырып жіберді. Кейін оралған оған:

— Міне, Айжаның! — деп әлі де көздері бақырая өксіп жүрген баланы Күнтай тоса берді. Баласын оң жақ қолымен құшақтай көтерген Ақпан, бірдеме айтуға ыңғайланған Күнтайды:

— Сенен де өлетін болдым-ау! — деп оң қолының түйген жұдырығымен, бар күшімен кеудеден түйіп кеп жіберді. Күнтай шалқасынан түсті де талып қалды. Ақпан Айжанды қолынан түсіре берді, ол бақырған дауыспен талып қалған шешесін бассалды...

Ақпан үн-түнсіз тысқа шықты да, белдеуге байлаулы атына мініп әлдеқайда жөн тартты.

Сол кезде әйел-еркегі аралас, көп адам даң-дұң дауыспен Итаяқ үйінің маңына жинала бастады.

— Ойбай, мынау жатқан Итаяқ қой, — деді үрейлі еркек даусы.

— Тірі ме өзі?! — деген бірнеше дауыс естілді.

— Өліп қапты ғой мынау! — деді бір еркек.

— Не дейді ойбай-ау? — деп бақырып жылап жіберді бір әйел. Ол Итаяқтың ұзатқан қарындасы Ұлбосын еді.

— Жаны бар, — деген үні естілді бір еркектің. — Тамыры қимылдайды.

— Ендеше көтеріп үйіне апарайық, — десті біреулер.

— Неге үйіне апарамыз? — деді бір қатал еркек даусы, — осы үйге кіргіземіз. Бұны бұндай күйге келтірген — Ақпан. Не көзімізше тірілтіп берер, тірілте алмаса, жауабын берер.

— Бұл пәледен қашан құтылам, ойбай! — деп Күнтай жылап жіберді.

— Бұның не, ойынға жылап? — деді Итаяқ Күнтайға.

— Ойының осылсын, ылайымда! — деді Күнтай жылауын үдете түсіп, — шөгірдей қадалып, сен-ақ өлтіретін болдың-ау, ойбай!.. Қу-шұнақ құдай, қашан құтқарасың, бұл арапшыдан?!..

Бірдемені айтқысы келген Итаяқты Ақпан ту желкеден қапсыра ұстап, иіріңкірей сілтеп, жерге алып соқты да кеудесіне аттай мініп ап:

— Сенен-ақ өлетін болдым-ау! — деп, алқымын сығып жіберді.

— Өлдім! — деуге-ақ шамасы келді Итаяқтық.

Шынында да өлтіріп жіберер жайын көрген соң:

— Ойбай, Момыным, — деп ара түсті Күнтай.

Ол Ақпанды бассалып, Итаяқтың үстінен аудармақ болып еді, жерге батқан үлкен тас сияқтанып мыңқ етпеді. Дем тартысына қарағанда, Итаяқ өліп бара жатқан сияқты. Не амал істеуге білмей сасқан Күнтайдың есіне Айжан түсіп кетті. Ол үйдің көлеңкесінде қуыршақтармен ойнап отыр еді.

— Айжан! — деген ащы дауыс шығып кетті Күнтайдың.

Үйдегі болып жатқан оқиғаны мәм-сәм қылмай, ойынның қызығымен алданып отырған Айжан шешесінің ащы даусы саңқ өте қалғансың жылап қоя беріп, үйге кірді.

Ақпан Итаяқты манағы езгілеу қалпында еді. Күнтай үйге кіре берген Айжанды жалма-жан көтеріп ап:

— Айжаның келді, Момын!.. Қорқып тұр, — деп шырылдаған баласын Ақпанның, алдына тосты.

Ашу теңізіне батқан Ақпан, басын сонда ғана жарық дүниеге қылт еткізіп шығарғандай боп, есі енді ғана кіре бастағандай боп, кездері алайған, аузынан жыны ақтарылған Итаяқтың үстінен тұра беріп, екі жағасынан қапсыра ұстады да, есікке сүйреп апарып:

— Бар, сол сыбағаңмен! — деп сыртқа тулақтай лақтырып жіберді. Кейін оралған оған:

— Міне, Айжаның! — деп әлі де көздері бақырая өксіп жүрген баланы Күнтай тоса берді. Баласын оң жақ қолы мен құшақтай көтерген Ақпан бірдеме айтуға ыңғайланған Күнтайды:

— Сенен де өлетін болдым-ау! — деп оң қолының түйген жұдырығымен, бар күшімен кеудеден түйіп кеп жіберді. Күнтай шалқасынан түсті де талып қалды. Ақпан Айжанды қолынан түсіре берді, ол бақырған дауыспен талып қалған шешесін бассалды...

Ақпан үн-түнсіз тысқа шықты да, белдеуге байлаулы атына мініп әлдеқайда жөн тартты.

Сол кезде әйел-еркегі аралас, көп адам даң-дұң дауыспен Итаяқ үйінің маңына жинала бастады.

— Ойбай, мынау жатқан Итаяқ қой, — деді үрейлі еркек даусы.

— Тірі ме, өзі?! — деген бірнеше дауыс естілді.

— Өліп қапты ғой, мынау! — деді бір еркек.

— Не дейді, ойбай-ау? — деп бақырып жылап жіберді бір әйел. Ол Итаяқтың ұзатқан қарындасы Ұлбосын еді.

— Жаны бар, — деген үні естілді бір еркектің. — Тамыры қимылдайды.

— Ендеше, көтеріп үйіне апарайық, — десті біреулер.

— Неге үйіне апарамыз? — деді бір қатал еркек даусы, — осы үйге кіргіземіз. Бұны бұндай күйге келтірген — Ақпан. Не көзімізше тірілтіп берер, тірілте алмаса, жауабын берер.

Итаяқ бұл кезде жан кешіп кетті. «Итаяқ өлді» дегенде бақырып қоя берген Ұлбосын, қазақ елінің сол кездегі ғұрпымен, қанын сорғалата екі бетін тырнақтарымен айырып тастады да, орамал бүркенген басының шаштарын уыстап жұлып алды... Өзге туыстары да «әй-бауырымдап» айқай-ұйғайды көбейтті. Мына халды білдіруге орда ауылға кісі шапты.

Осы шудан талып жатқан Күнтайдың да есі кіріп, басын көтерейін десе төс-сүйектері қозғалтпайды, қол тигізбейді... Сыртта Итаяқ өліп қалған!.. Енді не болады, бұл?!..

Күнтай жан-дәрменде бас көтеріп, қасында жылап жатқан Айжанды құшағына алмақ болғанда, сырттағылардың-«хан келеді» деген даусы гу ете түсті.

Жұрт көз тіксе, салт мінген адам, артына ілесе шапқандарға жеткізбей ағызып келеді. Оның Шыңғыс екені, астына мінген атының аңқытуымен, үстіне іле салған мундирінің, шаңқан күннің жарығына шағылысып иығында жарқ-жұрқ еткен алтын эполетінен аңғарылады.

«Кісі өлді!» деген айқаймен, қарашы ауылдың еңбектеген жасынан бастап, еңкейген кәрісіне дейін үйлерінен жүгіре шығып, жұрт қоршаған Ақпан үйінің төңірегіне түгел қиналған еді. Шыңғыстың ордадан бері қарай сілтеп келе жатуын көрген топтың ішінен бір пысық-сымағы:

— Уау, тараңдар, тез! — деді көпшілікке бұйырған үнмен, — жыртық-тесік қалыптарыңмен тұрмаңдар, бұлай ошарылып, хан келгенде! Іске татыр біраз еркек қалыңдар да, өзгелерің тез жоғалыңдар!..

«Хан келе жатыр» дегенде, ойнағында қасқырды көріп бытырай қашатын қояндарға ұқсап, әркімдер өз үйлеріне бытырай қашты. Ақпан үйінін, маңында, «іске татыр» дейтіндерден он шақтыақ- адам қалды. Олар да қалмас еді, әлгі пысық:

— Қайда барасыңдар, бәрің бірдей? Ханға жалғыз өлікті ғана тастап кетесіңдер ме? Әлде, пәлесінен қорқасыңдар ма? Неге қорқасыңдар одан? Өлтірген кісі белгілі! — деп, және біразының атын атап бөгемесе. Бөгелген жұрттан:

— Біз неғып тұрмыз? — деді біреуі, — өлікті үйіне апарайық.

— Неге апарамыз? — деді екінші, — «заңда, үкімет адамы келгенше, өлік жан кешкен жерінде жатады» деген. Келсін, хан! Көрсін. Не істесе де сол айтсын.

— Кісі өлімі қиын дейтін еді, сондықтан келе жатыр-ау, хан!.. Анау-мынау іске келмек түгіл төбе де көрсетпейтін еді ғой, ол нем? — деді біреулер.

— Кісі өлтірді деген не сұмдық?! — деді біреу, — көрерсіңдер, бұның арты пәлеге соғады.

— Не істейді, пәле боп? Жауабын өлтірген кісі берер.

— «Дүние бір қақ байтал, екі айғырды өзара шайнастырып ащы қылған», — дегендей, — деді біреу, — осы үйдегі салдақы қатын ғой, Итаяқ пен Ақпанды шайнастырып, бірін-біріне жем қылған. Неге сол салдақының түте-түтесін шығармадық манадан бері?

— Бәсе, неге сөйтпедік? — десті әлденеше дауыс.

— Әлі де кеш емес, — десті біреулер.

— Ендеше, қанды қанмен жуып, сол қатынның жоқтауын бір-ақ асырайық.

— Кәне, жүріңдер! — деп бірнеше дауыс есікке қарай беттемек болғанда:

— Тәйт әрі! — деп ақырып тастады, бір еркін дауыс. Тырпылдай бастаған аяқ дыбысы жым бола қалды. — Өй-маяй, ерін-ай мыналардың? — деді әлгі дауыс, кекетінді үнмен. — Қай аталарың кісі өлтіріп еді, сендердің? Мал баққаннан басқа не бітіріп едіңдер, сендер? Енді кісі өлтірмек!.. Және еркек емес, қатынды!.. Орыс заңында қатын дауы мен шошқа дауынан жаман дау жоғын білесіңдер ме?

Ол азырақ кідірді, тегі, маңайындағылардан жауап күткен болу керек. Ешкімнен дыбыс шыға қоймаған соң, ол тағы да еркінсіп сөйлеп кетті.

— О бір кездегі жаугершілік заманда болмаса, осы елде кісіні кісі өлтіргенін естідіңдер ме? Жоқ. Бұл бір сұмдықтың басы деп ойлаңдар. Бұдан әлі....

— Ә, қойшы, — деді біреу ұнатпаған дауыспен, — «бояушы, бояушы дегенге сақалын бояйды» дегендей, «білгір, білгір» дегенге, сен тым білгірсіп кеттің ғой. Екі құл бірін бірі өлтірді деп, былайғы жұрт неге бүлінеді?

— Ендеше, хан неге келе жатыр? — деді анау шаптығып.

— Әй, дуылдамаңдар енді, әне, хан да келіп қалды, — деді біреулер.

Дабыр жым-жырт бола қалды. Әлгі сөздердің бәрін қысылған демін зорға алып отырған Күнтай естіді. Хан келгенде не боларына оның көзі жетпеді. Жобасынша,-кісі өліміне себеп болған бұдан бірдеме сұрамақ, үйіне хан кіріп келсе қайтеді?.. Сол ойдан былай да қысылып отырған жүрегі қысыңқырай түсіп, Күнтай талықсыған бейнемен қайтадан қисая кетті. Қоянның қорыққан көжегіндей дірілмен Айжан оны тағы да құшақтап, үстіне жығылды...

Шыңғыстың ауыл арасына мінетін жорғасының аты — Сұрсүлік еді. Ол қатты жорғасына басқанда, тымық күнде алдынан жел тұрғызып, кекілі де, жалы да көтеріліп кететін. Бірақ, кейде, алысырақ жолды жылдамырақ ұтып алу үшін болмаса, Шыңғыс бұл екпінге салмай бүлкілмен ғана жүретін.

Бұл жолы олай болмады. «Кісі өлді» деген хабар алған соң, асықпасқа амал қалған жоқ. Өйткені, әлгінде жұрт айтқандай, жаугершілік заман басылғаннан кейін, (бұл маңайда ондай заман, Шыңғыс аға сұлтан болып келгелі біткен) кісіні кісі өлтірді деген сұмдық естіген емес. Және басқа біреу емес, өзінің атам-заманғы сауыншысы өлтіріп отыр. Бұл пәленің шоқпары өз басына да соғылмасын қайдан біледі. Дуандағы өзге істердің бәрін, Шыңғыстың билері-ақ асқынғанын — Шыңғыстың өзі-ақ бітіре беретін. Кісі өлімінің дауы деген бұл дуанда кездескен емес. Өлген адамды үн-түнсіз көмдіре салуға, маңайында қаптап жүрген дұшпан. Солардың біреуі-«өлімді жасырды» деп орыс үкіметіне түртіп жіберсе не болмақ?!.. Ол үкіметтің өлім жазасына қатты қарайтынын біледі...

Осы ойдағы Шыңғыс қарашы ауылға жеткенше шешімін де жасап қойды. Ол ауылға ордадан ере шапқандардың бәрінен бұрын жеткен Шыңғыс, желігіп алған Сұрсүліктің басын, жұрт ошарылған тұсқа әрең қайырды да, ойнақшыған аттың үстінен қолдарын қусырып, бастарын төмен салбыратқан топқа:

— Жаны бар ма? — деді.

— Жо-о-оқ, х-х-хан ием! — деп Итаяқтың жақындарынан бір еркек өкіріп қоя берді.

— Үйіне апарыңдар, онда! — деді Шыңғыс бұйырған дауыспен, — От орнын қазыңдар да, астына су құйып жатқызыңдар. Ол үйде жан болмасын. Есігінде күзет қана болсын!

Шыңғыс ордаға тартты. Жұрт оның бұйрығын орындады. Олардың бір ауыздан тек қана айтқаны:

— Қаншаға дейін жатады, бұлай?! Онысын айтпады ғой!..

Бағланда казак-орыс әскерінің бір бөлімшесі тұрады. Бастығы қазақтар боп, «Қара майыр» деп атаған майор. Дуанға берілген правода, сол майордың қаруына жататын істер атап көрсетілген, солардың біреуі — кісі өлімі.

Басынан қорыққан Шыңғыс сол Қара майырға хат жазып, қос атпен кісі шаптырды. Ол 150 шақырымдағы Бағланға күн тәулігі болмай жетті. Қазақ елінде бұндай оқиғаны көптен бері естімеген майор, қасына әскерлік дәрігерді ертті де, тез арада жетіп келді. Жаздың ыстық күні болғандықтан, сазды салқынға жатқызғанмен, елік жынығып кеткен екен, иісіне адам шыдарлық емес. Сонда да, — «заң солай» деп, ішіне Шыңғысты қоса, дәрігер Итаяқты біраз адамның көзінше сойды. Сонда қараса, Ақпанның әлуетті тізесі Итаяқтың бауырын быт-шыт қып езіп, етін жарып жіберген екен.

Өлімнің себебі ашылды. Жауапқа шақырған Ақпан шынын айтты. Майор Күнтайдан да жауап алмақ болып еді, шақырған үйге келуге халы жетпеді. Көтеріп әкелуге болмайды. Майор оның үйіне барайын деп еді, «ауру, әл үстінде жатыр» дегенді айтып, Шыңғыс жолатпады, сондағы ойы, — «Шепенің де қоясын ақтартар» деп қорқу еді.

— Бұл жұмыс ерекше тапсырмалардың облыстағы прокуроры қатынасумен, Омбыдағы сібірлік корпустың соғыстық коллегиясында қаралады, — деді де, майор жүріп кетті. Тұтқынға алған Ақпанды, салт мінген мылтықты төрт солдат бір урядник Бағланға жаяу айдап кетті.

«Шындығын білейін» деп, Шыңғыс Ақпанның үйіне кісі жіберсе, Күнтай төсек тартып жатыр екен. Ауруына Ақпанның себеп болғанын, Күнтай жіберген кісіге де, басқаға да айтқан жоқ. Оның айтқаны:

— Аз жүк түсті ме, маған, бұл күндері? Сол қайғыдан жүрегім езіліп кетсе керек, әлсін-әлсін талықси берем.

— Бұл — жұрт иланғандай дәлел. Шыңғыс та иланды. Оның ендігі тілегі, — Итаяқтың ісі жөнінде Омбыдан тергеу басталғанша, Күнтайдың өлуі. Егер ол тірі болса, Шепенің басына түгіл, өз басына да зор қауіп күтеді...

Күнтай сол жатқаннан ұзақ жатты. Өйтпеуге болмаған да еді. Ақпанның темір тоқпақтай жұдырығы оның кеудесіне бар күші, бар екпінімен соққанда, төс сүйегінің сол жақтағы бірнеше шеміршегі түбінен опырылып, үш жақтары өкпесіне қадала қалған, бір шеміршегі жүрегін де түртіп, дағдылы орнынан тайдырған. Міне, осыдан, шеміршек жаралаған өкпе біртіндей шіруге айналған, жүрек те оқта-текте әлсіреп, талықсытып тастайтын.

Бірақ, соларға қарауға Күнтайда уақыт жоқ. Итаяқты өлтіргеннен кейін үйінен аттанып кеткен Ақпан, үкімет адамдары тұтқындағанша ауылға келмей, далада, жылқы ішінде жүрді де алды. Ашу үстінде Күнтайды кеудеден қатты соғуы, оның талып түсуі есінде. Сол талғаннан Күнтайдың тұра алмай жатуын да естіді. Оның жазықсыздығына да еш күмәні жоқ. Күнтайдың, ағасы Нұртайға да, өзіне де адал жар болғанын Ақпан жақсы біледі. Сөйте тұра:

Болғанда ашу-пышақ, ақыл — таяқ. Сол таяқ таусылады жонған сайын, — деп Кертағының баласы Орымбай ақын айтқандай, Итаяқты езгілеп жатқанда ашуы құрғыры өткірлене қалды да, қылмыстымен бірге жазасыз Күнтайды да орып түсті. Бұл қылығына Ақпан артынан өкінді, бірақ — кеш!.. Шынында да, бейнетті өміріне таяқтай сүйеніш көріп алған Күнтайды, орта белінен орып түсірді, енді ол «таяқ» бүтіндене ме? Бүтінденбесе — Күнтайға қосылған күннен кейін-ақ, иіні тұшып киім киген, аузы тұшып ас ішкен сорлы Ақпанның ол рахаттан айрылғаны да!..

Жайнақ еркек бала. «Лақ маңырап су ішеді, ұлан жылап күн кешеді» дегендей, жыласа да күн кешіп, жетіп кеткен ұландар елде аз емес, Жайнақ азар болса, солардың бірі болар.

Ал қыз бала олай емес. Кедейдің жетім қалған қызы түгіл, байдың жетім қалған, күні өгей шешеге қараған қызының да ұзатқанға дейінгі өмірі (одан арғысын «құдайым» біледі) қоршылықта өткенін, өзгелер түгіл, «ел-жұртты аз аралады» дейтін Ақпанның өзі сан рет көрген. Айжан — кедейдің қызы, оның ішінде — құлдың қызы. Егер әкесі мен шешесі тірі болса, «патшаның қызы» дерліктей өсетін түр-тұлғасы бар. Енді, міне, соры қайнап, қаршадай күнінде, әке ұсталып айдауға кетсе, шеше мертігіп ауруға шалдықса-ол бейбақтың күні не болмақ?!..

Осы ойлар жүрегін езіп, ақтарылған кез жасына не бола алмай жүрген шағында Ақпан ұсталды!..

Оның ұсталуын да, айдалуын да естіп жатқан Күнтай төсек тартуға шыдамады да, денесін зорға сүйретіп басын көтерді. Өйтпегенде ше? Кедей болғанмен қыруар шаруасы бар үйдің жұмысын кім істейді? Бастап көрші үйдің бір әйелі «түйесін сауып», «ыстығын даярлап» деген сияқты ол-пұл іске қолқабысын тигізіп еді, біріншіден, өз үйінің жұмысынан сирек артылды ол, екіншіден, ол, «балағынан шуы шыққан» деген әйелдердің қатарындағы, мейлінше салақ әйелдің, бірі еді. Жасынан тазалықта өскен Күнтайға оның мейірімді істерінің біреуі де жақпады.

Басын көтерген Күнтай ұзақ уақыт сүлеленіп, шамасы келгенше үй шаруасын атқарып жүрді де, бір кезде, тамыры шіріген қу ағаштай, біржола құлады. Қанша талпынғанмен, содан кейін төсектен басын көтере алмады. Енді, амал жоқ салақ қатынның жиіркенерлік істерінің бәріне де көндігуге тура келді. Ара-тұра ғана бас сұққанмен анау әйел, бұл үйдің жұмыстарынан аянған жоқ. Онысына да рахмет. Әйтпесе, бұл үй былығып, шіріп кетер еді де, жандары аштан елер еді.

Өзінің айтуымен және сырттай жобалаумен, жұрт Күнтайдың ауруға шалдығуын, алғаш -«қайғыдан» деп жүрді де, кейін булыға жөтеліп, дамылсыз қақырық тастауынан «қайғысы құрт ауруға айналды» десті. Елдің ұғымында,-«құрт ауру қара күйедей, жұғыссаң-ақ жұғады». Содан қашатын жұрт. Күнтай төсек тартып жатып алғаннан кейін, бұл үйдің, есігін де ашпайтын болды. Сондайлардың біреулері:

— Біреуін өлтіртіп, біреуін айдатып, екі бірдей ердің басына жетті, қу қаншық, бұны солардың обалы жібермеді, өлмесе өрем қапсың салдақы!» деп табалады да, енді біреулері, «Итаяқ пен Ақпанның түбіне жеткен Шепе дейді, құдай соны неге атпайды?! «Тастаған шоқпар сорлыға тиеді», деп, шоқпардың ауыры Күнтайға тиді. Өлген-жанын кешті. Ақпан айдалғанмен, егер атып тастамаса, тамағын тауып жейтін адам, шыға алмайтын шырмауға Күнтай түсті. Оның ауруы күн санап меңдеп келеді, сонда бұл өлсе, анау екі бала балапандай шырылдап жетім қалса немен күн елтеді?! — десіп аяушылық айтты.

Қарашы ауылда бір пәле болып қалғанын Құсмұрынның тақырында ауыл балаларымен асық ойнап жүрген Жайнақ пен Шоқан Шыңғыс ол ауылға салт атпен шаба жөнелгенін көргенде-ақ сезді. Ол тақырдан дөңге қонған орда ауылдың бойы көрінетін еді де, сайға қонған қарашы ауылдың төбесі ғана қылтиятын еді. Шыңғыстың бұлай шапқылауын, әсіресе — өз аулына қарай шабуын бұрын көрмеген Жайнақ:

— Анау не?! — деп үрейленгенмен, ойында ұтылып, біреуден алып, енді «ұтам ба» деген дәмемен қызу ойнап жатқан Шоқан мойын бұрмады.

Сол бір шақта қолы шығып, шігесіне қорғасын құйылған қошқар сақамен, тақырда қаз-қатар тігілген кенейлерді алыстан болжап, бірінен соң бірін ұшыра бастаған Шоқан, Жайнақтың:

— «Хан атам, кетті» деп тұрмын ғой, саған, біздің ауылға! — деп байбалам салуына қараған жоқ. Жайнақ жұлмаламақ болғанда:

— Тарт қолыңды! — деп ақырып қалды Шоқан, — қолым шығып жатқанда, неменеге бөгей бердің? «Атаң өлсе — сойылар, атам өлсе — қойылар, күнде маған мынадай, қансонар қайдан табылар» деген екен бір аңшы, «ауылда атаның өліпті, үйде атаң өліпті» деген хабарды айтқан біреуге. Сол айтқандай, ұтып жатқан шағымда, неменеге бөлесің көңілімді?

— Жәй шайпайды ғой, хан атам.

— Немене боп қалды дейсің? Атаны өлсе — сойылар, атасы өлсе — қойылар. Алаңдатпа көңілімді!

Шоқанның бұйрығына бағынып дағды алған Жайнақ үндемеді. Бірақ кеңілі «неге?!» деген сұраумен ереуілде болды.

Ойын кешке тарады. Шоқан ұтты: кейітін де қайтарды, біреулерге ұпай да салды. Сол қуанышпен ол тақырдан тікелей ордаға тартты. Қарашы ауылдың балары өз беттеріне жөнеді. Әдетте, Жайнақ үйіне Шоқанды ордаға апарып сап қайтатын еді.

Бұл жолы, Шыңғыстың қарашы ауылға шауып барып, тез қайтуына мән берді де, «несі болса да барып көрейін» деп өз аулына беттеген балаларға ерді. Үйіне келген Шоқан, әкесінің мана, қарашы ауылға шауып барып қайтқанын енді ғана есіне түсіріп, қолына іліккен шешесінен:

— Неге өйтті, апа? — деп сұрап еді:

— Жәй, әншейін, — дей салды Зейнеп.

— Әкем қайда?

— Құс салуға кетті.

— «Пәлендей бірдеме бола қалады» деген есінде жоқ, күні бойы ойнап қалжыраған Шоқан іңір асын ішті де төсегіне жатып, қалың ұйқыға кірді.

Көп ұйықтайтын Шоқан, ертеңіне шалшық түсте оянса, басқа жандар тұрып кетіп қалған, түндігі ашылмаған, сәулесі көмескі үйдің төрінде, әкесі намаз оқып жатыр. Құлшылықтың бұл түріне де салақ Шыңғыс, істерден қолы босаңқыраған шақта, «нәфілімді өтеймін» деп, ертеден қара кешке жайнамаздан түспей, еңкеңдеу мен тоңқаңдаудан дамыл алмайтын. Шоқан оны бүгін де сөйтуі болар деп жорыды. Намаз уақытында біреудің сыбдырлауын, я сөйлесуін Шыңғыс өте жек көретін, кейде сондайлар сезілсе, оқып тұрған намазын бөліп, бөгеушіге ақырып тастайтын, сондықтан ол жайнамазға отырады, Зейнеп бар баласын ертіп қос үйге кетіп қалатын. Басқа адамдар болса-болмаса да ұлықсатсыз кірмейді.

Әкесінің сол әдетін білетін Шоқан төсегінен еппен тұрып аяқтарын ұшынан еппен басып тысқа шығып кетті. Қарны ашқан ол, тамақ жемек боп ас үйге барса, басын төмен салбыратқан шешесі отыр. «Бұнысы несі?!» дегендей дыбыс бергенде, шешесінің кескініне қараса, әлем-тапырық.

— Ие, не болды, апа?! — деді Шоқан, таңданған кескінмен.

Зейнеп оған тұнжырай қарады да, жауап бермеді. Салмақты бірдеме барын сезгендей болған Шоқан:

— Жайнақ келді ме, апа? — деп сұрады. Онысы, әрі «ертең ертемен келем» деген Жайнақтың келген-келмегенін білу еді, (өзінше келуге тиісті, өйткені Жайнақтың уәдесін орындамаған күні жоқ, егер Шоқан ұйқтап жатқанда келсе, қайда болатынын ас үйдегі кісіге айтып кетеді), екіншіден, ерлі-зайыпты адам боп әкесі мен шешесі кейде кикілжіңдене қалса, Зейнепке қол жұмсап көрмеген ызақор Шыңғыстың ашуын тарату үшін осындай нәпілшіл бола қататыны кездесуші еді.

Әкесінің жайнамаз үстінде болуынан, шешесінің қабағы түсіңкілеуінен, «араларында бірдеме болып қалған болар» деп жорыған Шоқан, шешесінің «ашуына тимейін» деген оймен тысқа шықты.

Есік алдында ас пісіретін жер ошақ болатын. Соның маңында әлдене тамақпен шұғылданып Шүйке жүр екен. Шоқан оны есімімен тура атайтын.

— Шүйке! — деді ол есіктен шыға. Анау жалт қарады. — Жайнақты көрдің бе?

— Апырау, неғып келмеді ол? Келсе керек еді ғой.

— Білмедім, — деді Шүйке асымен айналысып. Оның кескіні де өзінікі емес. Ол да қатты тұнжыраған. «Бұнысы несі?!» — дегендей Шоқан жақындап кеп:

— Не болған сендерге?! — дегенде, түртіп қалса жарылғалы тұрған Шүйке, еңіреп жылап жіберді. Итаяқ оның туған нағашысы еді. Сол өлді деп естігелі, көңілі іркіттей іріп, сүйретіліп құр сүлдері ғана жүрген.

«Құқ» деп санайтын, менсінбейтін әйелмен, өзі әлденеге тығылып жылап тұрған әйелмен тіл қатысып қасында тұрып алуды ар көргендей Шоқан, «шешемнің және бұның түріне қарағанда, не де болса, ауыр бірдеме болған ғой» деген ой келді де, мәнін шешесінен білмек боп ас үйге қайта кірді. Шешесі манағы қалпында отыр.

— Апа! — деді Шоқан қатты дауыспен. Зейнеп басын көтерді. — Не боп қалған, бұл, бәрің бірдей тұнжырап? Үйде сен бұлай отырсың?!.. Далада — Шүйке!.. «Әкесі өлгенді де естіртеді» дейді ғой менің әкем тірі. Саған не болған? Шүйкеге не болған?

— Ол бейшараның нағашысы өлген.

Шоқан енді сұрау бермей, сазарған кескінмен далаға шықса, ас үйдің белдеуінде, малшының ерттеулі аты тұр екен. Ол соған мінді де, қарашы ауылға қарай шаба жөнелді... Сонда, басындағы ой Ақпанның Итаяқты неге өлтіруі жайлы.

Күнтайға өзінің қолы жетпеген Шепенің Итаяқты жұмсауы, Итаяқтың Күнтайға дамыл бермеуі, Ақпанның бұл қылықты ұнатпауы Шоқанға мәлім. Ақпан Итаяқты осыған байланысты өлтіруі керек. Бірақ, неге?! Ақпан мен Күнтай өте тату еді ғой, араларында арамдық жоқ сияқты еді ғой, ендеше, сырттан кісінеген Итаяқты Ақпан неге өлтіреді? Апасы да оны жасырады, айтпайды. «Әкеңнің де басы кете ме» деп қорқам дей береді.

Шоқан Ақпан үйіндегі сұмдықтың үстінен шықты: Күнтай қимылсыз шалқасынан жатыр, оның кеудесіне бетін баса, Айжан құшақтап өксіп жатыр. Жайнақ бүк түсіп төрде жатыр.

Не істерге білмей қалған Шоқанға, үйде әлдекімнің кірген сыбдырын естіген Жайнақ, «бұл кім?» дегендей, жас пен кір араласып айғызданған кескінімен қарады.

Жатқан орнынан ұша түрегеп, Шоқанды бассалған Жайнақ еңіреп қоя берді. Мал баққан ауылда туып-өскен Шоқанның қасқыр жеген лақтың қалай бақырғанын, қасқыр жарған құлынның қалай шыңғырғанын сан рет естігені де, кейде көргені де бар еді. Адам даусына емес, сол лақ пен құлынның дауыстарына ұқсап кеткен Жайнақтың еңіреуі, Шоқанның тұла-бойын тітіркендіріп жіберді. Не хал болғанын байыбына бармастан, Шоқан да Жайнаққа қосыла жылады...

Олар сол көріскен қалыптарында ұзақ тұрып қалар ма еді, қайтер еді, егер, әйелдің «қарақтарым-ай!» деген ыңырсыған дыбысы естілмесе. Аянышты дауысқа Шоқан жалт қараса, Күнтай!.. Айжан манағы қалпында.

— Ақ апама не болған? — деді құшағын жазған Шоқан Жайнаққа.

Жайнақ үндемеді. Ақпанның ұрғанын Күнтай оған да айтқан жоқ еді.

— Не болды, Ақ апа? — деді Шоқан Күнтайға жақындап.

— Білмедің бе, не болғанын, Қанашжан? — деді жасқа булыққан Күнтай.

— Итаяқтың өлгені рас па?..

— Рас,-деді Жайнақ шешесі үшін жауап беріп.

— Ақпанның өлтіргені рас па?

— Рас.

— Неге?

Жайнақ жауап бермеді. Сонда Күнтайға не болған?

Бұл сұраудың жауабын Шоқан сол сағатта да, одан кейін де таба алған жоқ. Оның бар естігені — қайғы. «Қайғыдан да адам осылай ауыра ма екен?!»

Қарашы ауылға бұрын келмейтін Шоқан, Күнтай ордадан кеткелі барып жүретін еді. Әсіресе, түйенің шұбаты мен ешкінің қаймағы үшін. Күнтай ауыра, ол екі астың да дәмі кетті, бірақ сонда да баруын доғармады.

Күнтайдың сырқаты ауырлай, Ақпан үйінің берекесі кетіп болды. Бұрынғы мұнтаздай таза үйдің іші, басқа адам бас сұқпастай халге кеп, мейлінше ыластанды. Жайнақ пен Айжан да қатты жүдеушілікке ұшырады. «Жібекті күте білмеген жүн қылады, қызды күте білмеген күң қылады» дегендей, шешесінің күтімінен қалған соң, Айжанның үсті-басы кірлеп, киімдері тозып кетті. Бұларды көріп жүрген Шоқанның іші ауырғанмен, қолынан келер жәрдемі жоқ. Бір сәтте ол Айжанды Зейнептің қолына берейін деп еді, ол:

— Немене, балам, айтып тұрғанын? Шешесі өлсе, бір сәрі. Ол тірі жатқанда, қызын асырап алатын, мені жын соғып па? Ендігі асырамағаным құлдың қызы еді, «оны да асыра» дегенің не қылғаның? — деп ұрсып тастады.

Сол ауырғаннан оңалмаған Күнтай, Шоқанды алып әкесі Омбыға аттанарда әл үстінде жатыр еді. Әнеугүні, орданы Керей, Уақ қамап, қылмысты Шоқан бекініске тығылғанда, түн жамылып хал-жайын білуге барған Жайнақ. Күнтайдың ауыр жағдайын айтқан. «Әне-міне деп жатыр» деген соң, Шоқан да түн жамылып келген, сонда Күнтай Шоқанды құшақтап бауырына басып, «Қанашым-ай, енді не айтайын саған?» деп бетінен құшырлана иіскеген. Осы иіскеуден Шоқанның кіршіксіз таза екпесіне туберкулез сырқатының ұшқыны түскенін мейірімді әйел білген жоқ!..

Шоқанның байқауынша, қақырығына қан араласа түскен Күнтай үзіліп кетудің аз-ақ алдында. Соны естіген Шоқан, ақ сүтін еміп анасындай болған, көп күтуін көрген Күнтайға соқпай кетуді, бала да болса адамдық арына мін көрді. Жылан-сырттардың делбесіне оның жармасқаны да, аттардың басын қарашы ауылға бұрған себебі де сол еді. Шыңғыстың да ерік беруі-соны білгендіктен. Баласының мінезін білмесе, ондай ерікті бермес те еді. Мінезі аян: қисайған жағынан түзелмейді, дегенін істемей тынбайды, ерегіссе, — «аттарды да, Абаны да, өзін де жарам» деген сертіне жетуі ғажап емес.

Жолаушылардың беті қарашы ауылға бұрылғанын, сол кезде есі жиналып, Шепе үйінің есігінің алдына шығып қарап тұрған Зейнеп көрді де, бұрған — Шоқан екенін, оның қайда барарын жобалап:

— Әкел, маған, анау белдеуде байлаулы тұрған Сұр — сүлікті! — деді бір жігітке. Жігіт алып келген ерттеулі Сұр — сүлікке денесі толыққалы салт жүруді доғарған Зейнеп, жас әйелдің қимылымен сып етіп тез мініп, қарашы ауылға айдап кете барды. Сұр — сүлік құстай ұшты. Есі-дерті: Қанашын сүйіп қалу.

Зейнеп қарашы ауылға жетіп келсе, Ақпан үйінің төңірегіне осы ауылдың жандары түп-түгел жиналған екен. Түрлері: жұтшылық жылы көктемге әрең жеткен көтерем малдар сияқты, киімдері жалба-жұлба, арық-тұрақ; оның үстіне: ақсақ та, соқыр да, бүкір де, басқа кемтарлар да іштерінде; келіншек боп түскелі бұл ауылға бірер ғана келген Зейнеп, бұндай күйлерін білмейтін еді...

Аттан қарғып түскен Зейнеп, Шыңғыс сыртында тұрған үйдің төңірегіне батылы жеткен, бұрын өйтіп көрмеген жиын-жұртты ала көзімен бір шолды да, ішінен «сұлтан тағынан түскенін естіп басынып тұр-ау, мына сұмырайлар, бәлемдерге көрсетер ме еді көресісін!» деді де, үйге кіріп барды. Күймеде отырған Шыңғыс пен Драгомировті абайлаған жоқ.

Үйде Жайнақ пен Шоқан от орнының маңында қалшиған түрде, үн-түнсіз тұнжырап тік тұр, беті ашық Күнтай қимылсыз жатыр, шыңғырып жылаған Айжан даусы ащы естіледі.

«Апырау, үзіліп кеткен болар ма?!» деген оймен Зейнеп жақындаса, көзі ашық жатқан Күнтайдан тіршілік белгісі сезілмейді. Бұрын елік көрмеген Зейнеп, шошына шегініп еді, Шоқан:

— Апа, — деді, қанын ішіне тартып, — Ақ апам енді жоқ!

Зейнеп жылап жіберді.

Шоқан үн-түнсіз Күнтайдың қасына барды да, төсінде жылап жатқан Айжанды көтеріп тұрғызды. Зейнеп оны кептен көрген жоқ еді. Бұрын екі беті алмадай құлпырып тұратын кішкене қыздың беті сүйектей құп-қу екен. Толықша денесі де таралып, киімдері қазыққа ілгендей салбырап тұр. «Киім» дейтін киім де жоқ екен онда. Бары, жеңдері мен етегі жырымданған, мейлінше кірлеуден мөрі көрінбей кеткен қоңыр сиса көйлек. Оның ішінен шілбиген сирақтары жылтырайды. Бұрын бұйра талдың жасыл желекті бұтақтарындай ырғалып, құлпыра толқып тұратын шашы түйенің шудасындай ұйпаланып, түп жағы жабағыдай ұйысып қалған. Бет-аузының кір-қоңынан, бұрын көрген адам танырлық емес. Мына түрін аяп кеткен Зейнеп:

— Алда, сорлы-ай, не боп кеткен мынау?! — деді аяған үнмен.

— Ие, бұл осылай болған, — деді үрейлі кескінмен тартынған Айжанды шешесіне қарай сүйрелеп.

Қыз ырқына көнбеген соң, Шоқан:

— Апа, — деді Зейнепке, — бұның ендігі обал-жазығы сенің мойныңда!..

— Сонда не қыл дейсің, Қанашжан?

— Қолыңа ал да, Рахиямен бірге күт!

— Болсын, Қанашжан! — деді Зейнеп.

Шоқан Айжанды босатты да, жеңді қолымен көзін басып, тысқа жүгіре жөнелді. Жайнақ қатқан орнынан қозғалмады. Тысқа шыққан Шоқан күймеге қарғып мінді де:

— Жөнелдік! — деді Абаға.

Аттар қозғала берді. Шоқанның соңғы сөздерін сыртта естіп тұрған жұрт ризашылық көңілдерін білдіріп:

— Жолың, оңғарылсын, Шоқанжан! — десті шуласып.

— Қай жолмен тартамыз, хан-ием? — деді Аба, аттар қозғала берген шақта.

«Шоқан не дер екен?» дегендей, Шыңғыс күйме бөксе-баспайының қуысына кіре, бетін әрі қарата жатқан Шоқанға қарап еді, ол үндемеді де, қозғалмады да. «Абаның даусын естімеді ме» деген оймен, Шыңғыс:

— «Қай жолмен» дейсің бе? — деді Абаға, қаттырақ дауыспен.

— Ие, хан-ием, — деді ол.

— «Тәтемен тартамыз» — деп ек қой, мана?

— Ие, хан-ием. Анықтап алайын деп сұрап жатырмын да.

— Солай-ақ тарт! — деді Шыңғыс, Шоқан үн қатпаған соң, «қарсы болса білдірер» деген оймен.

Аттар жөнеп берді. Шоқан үндемеді де, қозғалмады да. Сайға екпіндей түскен аттар, бастарын билеп алған Абаның еркіне көніп, әрі қарай жәйімен жортты.

Шоқан тым-тырыс жатыр. Күйме төгіспен доңғалаған шақта тербетіп, жолдың ойлы-қырлы тұсында тоңқылдап, кейде қиқаңдай қатты қозғалып, әр жайда келеді. Тегісте Шоқанның жатуына көңіл бөлмеген Шыңғыс, күйме теңселе, қиралаңдай бастаған шақта, жансыз нәрседей шайқалып кетсе, аяғымен тіреуге ыңғайсызданып, биік денесін еңкейте, қолдарымен сүйемелдейді. Қимылсыз қалпына қарап, кейде — «тірі ме өзі?!» дегендей, бері қарай икемдейін десе, тіршілігін білгізгендей, икеміне көнгісі келмеген Шоқан қиқаң ете түседі. Шыңғыс «ашуландырып алмайын» дейді де қимылын доғара қояды. Шоқанның жобасы қалғыған сияқтанады, сондықтан «мойны ауырып қалар» деген оймен, күймедегі бұлғарымен тыстаған, жүні былқылдақ арқа жастықтың біреуін баласының басын сәл көтере жастап еді, оған Шоқан қарсыласқан жоқ. Астында күйменің ішіндегі өн бойына көлбей төсеген, масаты қалың, жұмсақ кілем.

Шоқан ұйықтаған да, қалғыған да жоқ. Сонда да екі көзі тас жұмулы. Өйтетін себебі — егер ашып жатайын десе, көретіні күйменің іші ғана болатын. Жауып жатса, талай дүниенің елесін көз алдына келтіретін сияқты.

Ол әлі жас та болса, талайды көрген бала. Кішкене күнінен «кісі болар» деп дәмеленген Шыңғыс, «ел көрсін, жер көрсін» деген оймен сапарларының көпшілігінде Шоқанды қасынан тастамайтын еді.

Бағының ұшып тұрған шағында, Шыңғыс Орынбор, Сібірдің көп жерін аралап, көп елін көрген кісі. Мысалы ол Құсмұрынның күнгейінде — Ұлытау, Кішітауға дейін, Шығыс күнгейінде — Қарақойын, Қашырлыға дейін, шығысында — Шыңғыстау, Семейтауға дейін, теріскей-шығыста — Баянтау мен Керекуге дейін, теріскей-батысында — Түмен, Ірбітке дейін, батысында — Торғай, Тосынға дейін барған, сол жөндердегі елдердің көбін аралап, «қас батыр, қайран жақсылардың талайымен таныс, дастарқандас болған адам. Осылардың көбін Шоқан да көрді.

Құсмұрын дөңі осы маңайындағы бұйратты, ормансыз, таусыз кең даланың парнасы сияқты оның қырқасына көтерілген адам талай дүниені көзімен шалады. Алысқа жолаушылап көрмеген адамға, көзі шалған осы дүниенің өзі де жетерлік сияқты. Ал, Шоқан сияқты жырақ жерлерді шарлаған адамға, бертінгі тұста көмкеріліп тұрған аспан күмбезінің ар жағында да талай дүние бары аян. Соны сезетін Шоқан, кейде, ойыннан босаған шақтарында, Құсмұрынның тұмсығындағы биік шоқыға шығып, жан-жағындағы кең даланы көзімен айнала шалатын еді. Көзі жеткен жерге дейінгі дүниені тамашалап, жетпеген жерлерді, көзін жұмып жіберіп көз алдына келтіретін еді, сонда оның алдына, көрген жерлері мен елдерінің бар бейнесі, қаз-қалпында «мені көр, мені көр!» деп тізіле қалатын.

Міне, қазір, күйме ішінде де солай болып жатыр. Көрген жерлері, көрген елдері көздерін тарс жұмса ғана елестейді де, ашайын десе, бұлт бүркеген сағымдай ілезде жоқ болып кетеді.

Шоқан орыс поселкелерінің кейбірінде болып көрген. Сонда ол, бір қонуға әрең шыдап, қасына ерген кісілерді екінші күні еріксіз аттандыратын. Оның, әзіргі санасында, шетсіз-шексіз кең даладан артық жер жоқ, ол далада сирей қонатын ауылдардан артық ел жоқ.

Ауыл...

Шоқанның әзірге жақсы білетін ауылдары: хан ордасы мен қарашылар. (Өзге ауылдарды жақсы білмейтіні: Шыңғыс қайда сапар шексе де, қай ауылға барса да, үнемі ақ үйлерге ғана түседі. Олар байлардың үйлері. Шыңғыс ордасында ғана болмаса, шылғи ақ үйлер, қазақ ауылдарында өте сирек кездеседі. Ауылдардың бірталайы әр түсті бояумен алабажақ қып тоқыған матадай: ақ, ақ ала; қоңыр ала, қара ала боп тұрады. Шыңғыстың түсетіні, -ақ үйлер ғана.

Орда мен қарашы ауылдарды салыстырғанда, бірі — жұмақ сияқты, бірі — тамұқ сияқты. Бұл, екі ауылдың үйлерінің ішкі-сыртқы көріністерінің біріне-бірі қарама-қарсы тұруынан ғана емес, соларды мекендейтін адамдардың тұрмыс салтында да біріне-бірі қарама-қарсы болуынан: ордада «не киейін, не ішейін, не мінейін» жоқ, бұлардың, бәрі де қажетті мөлшерден асып төгіліп жатыр, ал қарашы ауылдағы үйлерде, бұлардың бәрі де жетпейді, бәрінде де тапшылық, мұқтаждық, қалтақтап қана күн көрушілік, біразы ашығып отырушылық, кейбірі, ауыр бейнеттің астында жаншылып қалушылық!.. Ордадағылар -қожалар, қарашылар — құлдар, бастапқыларын соңғылары асырайды және тегін, сонда да оларға рахмет жоқ, «рахмет» түгіл теңдік жоқ: төренің кез келгені қарашының кез келгенін қорлай, сабай береді, кейде-жазықсыз, мәселен Ақ нанның үйі, ол үй кімге не жазды?.. Жазығы-отымен кіріп, күлімен шығуы ма? Күн демей, түн демей, дамылсыз терлерін төгіп, ақысыз-пұлсыз қызмет қылуда ма? Осындай «жазық» бола ма екен?.. Түк те жазығы жоқ қой олардың!.. Ендеше неге қорлайды оларды? Неге нашар халде ұстайды оларды? Неге?!..

Осы ой басына ұялап болған шақта, Шоқанның бірде-әкесіне, бірде-шешесіне «неге бұлай?!» дегені бар. Екеуінен де алған жауабы:

— Ол тәңірі ісі, балам. Ләухол-махфузда солай жазылған.

— Ол не? — деп сұраған Шоқан, «ләухол-махфузға» түсінбей. Шыңғыс та, Зейнеп те білгендерінше түсіндірген Шала-пұла түсінген Шоқан:

— Онда, теңсіздіктің түп тамырын тәңіріде болғаны ма? — деген.

— Тек, балам, олай деме, күнәлі боласың, — дегеннен басқаны олар айта алмаған.

Күйме ішінде көзін жұмып жатқан Шоқанның басын, осы «неге?» деген сұрау да біраз айналдырды. Теңсіздік туралы әр саққа жүгірген ойы, Ақпан үйінің төңірегіне үйіріле берді. Шоқанға бұл үйдің өміріндегі ауырлықтардың бәрі де аянышты. Бірақ, «өткенге салауат, қалғанға берекет» дегендей, Ақпан үйінің өткенін қайтара алмау, Шоқанға түсінікті. Ол үйде «қалған» дегендер-Жайнақ пен Айжан. Жанындай жақсы көретін, екеуі бір асықтың алшысы мен тәйкесі сияқтанатын, «алшысы-өзім», «тәйкесі-ол» деп санайтын, «өмір бойы достық өмірді бірге кешеміз» деп сенетін Жайнақтан айрылды. Ойнап жүрген күндердің біреуінде, жәй жорамалмен Жайнақ Шоқанға:

— Сені «оқуға барады» деп естимін, рас па? — деген.

— «Қайда» дейді? — деген, күтпеген сұрауды естіген соң.

— «Омбыға» дейді ғой.

— «Неге» дейді?

— Қайдам, неге екенін? Хан — атама қарап, «хан тұқымына орыс оқуы жарасады» деп ойлайды да жұрт.

— Ойлай берсін.

— Сен бармаймысың?

— Неге барам?

— «Әкеңнің жолын қуып» дейді де.

— Менің жолым, әкемнің жолы емес, — деген Шоқан, бұл кеңесті кесіп тастағысы кеп. — Мен ешқайда да бармаймын.

Осылай кесілген бұл кеңес, «Шоқанды әкесі Омбыға, орыс оқуына апаратын бопты» деген қауесетпен қайта жалғанып, Шоқанның баруға мойындай бастағанын байқаған Жайнақ:

— Мені де ала кет, — деген.

Одан бұрынғы бір әңгімеде, еркелеп отырған Шоқанға Шыңғыс:

— Оқуға апарам сені, айналайын, Омбыға, орыс оқуына, — деген.

— Онда, Жайнақпен бірге апар! — деп қалған Шоқан.

— Көрерміз, — дей салған Шыңғыс.

Сол кеңестің ішінде Зейнеп те отырған. Кейін, Шыңғыс Шоқанды Омбыға алып кетуі анықталғанда Зейнеп Шыңғысқа:

— «Әкетем» деген соң әкетесің ғой, Қанашжанды,-деген, көз жасын төгіп отырып.-Құдай ата-бабаңнан бері бет алған жағыңнан бұрылмайтын сені, мен қалай бұрам. Ерке бала еді, жалғызсырайды ғой, онда...

— Сонда, не қыл деп отырсың маған? — деген Шыңғыс.

— Қыл дейтінім: Жайнақ пен екеуі егіз қозыдай тел өсіп еді, соны қоса апарсаң қайтеді?

Шыңғыс ойланып қалғандай аз отырып:

— Болмайды ол!-деген кесінді дауыспен.

— Неге сұлтан-ау?

— Қасқыр мен түлкіні бірге өсірмейді.

— Ол не деген сөзің?

— Қара мен төре қатар оқыса, біріне-бірі жау боп шыға келеді.

— Қой өйтпес. Ондайды естіген жоқпыз ғой.

— Сен естімесең мен естідім. Айшуақ ханның ұрпағы — Баймағамбет төрені, әкесі Орынборға апарып орыс оқуына бергенде, қасындағы қарашыларының бірі-Өтеміс деген кісінің Махамбет деген баласын бірге берген. Махамбет пен Баймағамбет те біздің Шоқан мен Жайнақтай бір жыл туып, тату боп бірге өскен. Ақырында екеуі бір-біріне келіспес дұшпан боп, Тайманның Исатайы деген адамға қосылып, Махамбет Бөкей ордасының ханы — Жәңгірге де, ақ патшаға да қарсы шығып, үлкен қырғын жасаған...

— Астапыралда! — деді мына хабардан үрейленген Зейнеп.

— «Астапыралда» болса, — сол. Ақырында олар бірінің басын бірі алған. Соны біле тұра, мен қарашыдан өзімізге жау даярлай алмаймын.

Бұл сонымен біткен. Омбыға баруға көнген Шоқанның өзіне де «Жайнақты ала кетсек қайтеді? деген ой оралған. Ол ойын ешкімге білдірмеген себебі, — Омбыға баруға көнгенмен, «онда ұзақ оқимын» деген сенім Шоқанда жоқ. Оның ойы — «жақса қалам да, жақпаса қашып кетем». Сондықтан ол, «ала кетем» деп Жайнақты желіктірмеді.

Жайнақ қалып қойды. Және ол, — әкесі де, шешесі де жоқ бала. Сондай жетімдердің талайының азып-тозып кеткенін көрді. Бұның да сөйтпеуіне кім кепіл. Оның бар сенетіні -Жайнақтың пысықтығы. Бірақ, пысық боп қайда барады, әрі күн көрісі жоқ жарлының баласы, әрі жетім бала!..

Бұл ойлар Шоқанның басына енді, күймеде көзін жұмып жатқанда ғана келіп, егер Омбыда қалып қоятын болса да, Айжанды шешесіне тапсыру сияқты, Жайнақты әкесіне тапсыру. Айжанның жетім қалуына қайғырғанмен, болашақ тағдырына, Шоқан оншалық күйзеле қоймайды, ол шешесінің «болсын, Қанашжан» деген соңғы сөзіне сеніп келеді.

Осынша көп ойлардың шырмауында жатқан Шоқан, біраздан кейін қалғып кетті. Оның ояудағы ойының көбі бытықы-шытықы түске айналып, әлдене кереметтердің арасында, ол ара-тұра ұйқысырап та алды.

Шыңғыста да үн жоқ, Драгомировте де үн жоқ. Шыңғыстың толып жатқан ойының түйіні біреу-ақ: ел арасында, әсіресе, төрелер арасында «хандардың әуелі де — Шыңғыс ақыры да Шыңғыс» деген сөз бар. «Сонда, — деп ойлайды Шыңғыс, — мен болмағанмын да сол, ақырғы Шыңғыс!». Ойын қай саққа жүгіртсе де ұршыққа оралған жіптей, осы түйінге орала береді...

Драгомировтің де ойы өз төңірегінде. Оның арғы аталары Новгород князьдарының біреуі болған. Бергі бір атасы — Гаврил Терентьевич Драгомиров қаһарлы Иванға қарсылардың біреуі болып, басы балтамен шабылған. Соның жолын баласы және немересі құшып, шөбересі — Николай Августович (біз сипаттап отырған Драгомировтің әкесі) «Жынды патша» атанған Павелдің қудалауына ұшырай бастаған соң, сол кезде патша ордасының қасындағы сібірлік комитеттің, председателі-князь Александр Иванович Чернышевтың ақылымен, Владивостокке қызметке кеткен. Сонда ол, Қиыр Шығыстың сол кездегі генерал-губернаторы Апостол — Муравьевке жағып, оң қолы болған. Муравьевтің ақылымен Николай тұңғыш ұлы, біздің геройымыз — Александрды Сібірдегі ең жақсы оқу орны саналатын қазақ-орыстардың, офицерлік школасына жіберген. Ол патша үкіметінің де оның, бір бөлшегі — сібірлік комитеттің де, Россияның қанатын Орта Азияға жаю ниетіне кіріскен кезі. Осы ниетпен Омбыдағы офицерлер школасының қасында «Азиялық бөлім» деген ашылған. Онда, «түрік тілдес елдердің бәріне ортақ»деп татар тілінің сабағы беріледі екен, мүдәррисі — Қазан университетінің филология факультетін бітірген — Ғайса Мұхаммедұлы Бикмеев. Ол алғаш медреседе оқып татардың тілін жақсы білумен қатар, әуелі — гимназияда, одан кейін — университетте орыстың, ағылшынның тілдерін мейлінше жақсы үйренген.

Әлдекімдердің ақылымен Александр Драгомиров Азиялық бөлімге түседі. Сол жылы, осы школаға Шыңғыс та түсіп, екеуі кластас болып оқиды, школаны бірге бітіреді Оның Шыңғысқа жан ашырлық көрсетуі содан.

Кенесарыға қарсы жорықта Шыңғыспен бірге болған Драгомиров, ол жорықты тәмамдағаннан кейін, бірнеше жыл Омбыдағы сібірлік корпустың қызметінде жүрді де, соңғы жылдарда генерал-губернатордың кеңсесіне ауысып, Сібірдегі қазақ дуандарының істеріне жұмсалатын инспектор болды. Бұл қызметке тұрғаннан бастап, аталған дуандардан оның араламағаны жоқ. Кейде ол, кейбір орыс экспедицияларының құрамында: Ташкентке, Қоқанға барып қайтқаны бар. Сонда, жолшыбай Сібірге жатпайтын қазақ ауылдарында да болған. Сондағы бір әдеті, — татарша жақсы білгенімен, қазақтармен түсінісе алуға жарағанмен, қазақ қоғамының ішінде, тілін түсінбеген жансып меңірейеді де қалады. Бұлай меңірею, — Драгомировтың сүйегіне біткен қасиет. Ол өз қоғамы — орыс арасында да суырылып сөйлеп көрмеген, ісіне қатынассыз сөздерді сирек және аз айтатын, шұғылданған жұмысына мығым, басқа қақ-соқпен шаруасы жоқ адам. Сондықтан да, оқуға кірген күндерінен бастап, жақын жолдастары оны әжуалап, атын «Молчалин» қойып алған. Кейін бұл атқа езі де дағдыланып, баспасөздерде жариялаған кейбір мақалаларына «Молчалин» дейтін псевдонимды қолданатын болған. Қазақтар қазақ тілін біле ме екен?» деудің орнына «төбесі жарық емес пе екен?» деген сөйлемді қолданады. Бұл сөйлемнің мағынасы не екенін Драгомиров біле тұра білмегенсіп, «жанынан түсін билеп сыр бермеген» деп Абай айтқандай, не айтқандарын аңғарып отырғанын кескінінен байқатпайды. Оны «қазақшадан хабары жоқ» деп, айтқысы келгендерін іркілмей соға береді.

Қазақ ауылдарын осылай аралаумен, Драгомиров қазақ халқының өзге әдістермен еш уақытта біле алмайтын талай құпия сырларын біліп алған. Оның үстіне, кез келген ауылда қонақтағандықтан, тұрмыс-салттарының, ой-саналарының әдет-ғұрыптарының көптеген бүге-шігесін байқаған.

Осы байқаулардың негізінде, қазақ еліне Драгомировтың өзіндік көз қарасы бар. Алексей Левшиннің «Қазақ-қырғыз ордаларының тарихы» деген үш томды кітабынан және баспадан шыққан өзге материалдардан бұл ел туралы толып жатқан мәлімет алғанмен, Александр Драгомиров, өз ойында да бірталай қорытындылар жасайды.

Оның бірінші қорытындысы: көшпелі халде жүріп, күшті мемлекеттердің қоршауында отырып, бұл — қазақ халқы Европаның бірнеше зор мемлекеті сиятын осынша кең жерге қалай ие болып келген?!.

Екінші қорытындысы: сол қазақ даласының үштен екісі соңғы жүз жылдың ішінде, еркімен Россияға бағынды. Өйтпеуге амалы жоқ еді, күнгейінде-Қоқан хандығы, шығысында — Қытай мемлекеті кіжіңдеп дамыл бермеді, олардан құтылу үшін мықты мемлекетке арқа тіреу қажет болды, ол — Россия. Россияға бағынғалы қазақ елінің өмірі бірсыдырғы тыныштықта. Соған қарап, күнгей-шығыс көршілерінен әлі де тиышсыздық көріп келе жатқан қазақ елінің үшінші бөлшегі — Ұлы жүз де «саған қараймыз» деп, орыстың Омбыдағы үкіметіне елшілерін жібере бастады. Оның да Россия қарамағына тез кіруі даусыз.

Үшінші қорытындысы: Россияға қарағалы бейбітшілік өмір сүріп келе жатқанмен, бұл -«қазақ» деген елдің шаруасын, мәдениетін жаңа, европалық торапқа түсіру, патша үкіметінің ойында әлі жоқ. Бұл елдің шаруасы, әлі натуралдық күйде. Ал, мәдениетіне келсе, қазақ елінің жүздеген жылдар бойында жасаған ауыз әдебиеті мен музыкасынан басқа, материалдық тұрмыста кигіз үй мен соған лайық көші-қон аспаптарынан басқа, кең даланың әр жеріне сирек шашыраған, атақты өліктерге қалаған тамдарынан басқа ештеңесі жоқ. Он тоғызыншы ғасырдың жағдайында, бұл қалпымен елдігін сақтай ала ма, бұл қазақ? Жоқ, сақтай алмайды. Өзін орыс ағартушыларының біріне санайтын Драгомировтың ойынша, қазақтық мәдениетті ел қатарына қосылуына жалғыз-ақ жол бар, ол — орыс оқуы. Бірақ, қалай түсе алады сол жолға! Кім түсіреді оны? Бұл сұрауына Драгомиров жауап таба алмайды. Оның ойынша: біріндеп болса да, қазақ балаларын орыс оқуына беруі керек, түбінде солардың басы құралып қазақты орыс оқуына бастауы мүмкін. Бірақ, бұл да оңай жұмыс емес сияқты. Қалай оңай болады? Қазақ әкімдерінің ішінде, аз да болса орысша білімі бар деген Шыңғыстың өзі, баласын орыс оқуына, жағдайының еріксіздеуімен әрең әкеле жатыр! Өзгелерге не жорық?..

Төртінші қорытындысы: «қазақ» деген халық, өз мақалын мысалға келтіргенде, «ішкен — мас, жеген-тоқтың кебін киіп, мейлінше жәйін, мейлінше бейғам жатқан халық. Оның басым көпшілігінің дүние тануы, — өзінің табиғаттық кезінің көрген көлемінде, яғни, жалпақ жазық далада, әрі кеткенде он шақырымның көлемінде. Бұл көлемнің ішінде, біріне-бірі ұқсас ауылдардан басқа ештеңе жоқ. Құсмұрын маңайындағы ең жақын базар, жүз елу шақырымдай-Бағлан соның өзіне әр ауылдан баратын адамдар бірен-саран ғана. Ауыл тұрғындарының көпшілігінің, дүниенің кеңдігі я тарлығы туралы ұғымына бір мысал: әлдекім мекеге, хажылыққа барып қайтады, сол адам сапарын сипаттап отырғанда, аулынан шығып көрмеген біреу, — «ол — Мекең, Бағланның ар жағында ма, бер жағында ма?» депті. Көңіл көзінің аумағы осыншалық тар қазақ, Драгомировтың байқауынша, тың жатқан құнарлы топырақ сияқты, егер оны жыртып тұқым сепсең, қандай өсімдік болса да қаптан өне кеткелі тұр, яғни — білімнің қай түрі болса да қона кеткелі тұр.

Бесінші қорытындысы: сырттан қарағанда, ауыл атаулының бәрі бір қалыпты сияқты, бәрінің де кәсібі мал бағу ғана, бәрі де оқымаған надан, бәрі де аулының айналасында көргеннен басқа дүниеден хабарсыз, бәрі де күнделік өміріне байланысты тіршіліктен басқаны білмейтін, білем деп тырыспайтын бейғам, бәрі де рушыл, тағы тағылар... Ал, ішкі өміріне үңіле қараған білімді көзге: бұл елде де бай мен жарлы бары, бұл елде де қожа мен құл бары, бұл елде де қанаушы азшылық пен қаналушы көпшілік бары, бұл жағынан, қазақ қоғамының ішінде әлеуметтік теңсіздіктің түрі басқа болғанмен, мазмұны мәдениетті қоғамдардың, анықтап айтқанда-орыс қоғамының әлеуметтік теңсіздігіне дәл келуі көріне кетеді. Тек қана айырмасы: қазақтың үстем табы, қанау әдістерін рушылдық жамылтқымен бүркейді де, кедейлерге қаналудан құтылу жолындағы күрестерді көрсетпей қояды. Онда мысалы, санасыз түрде болса да, орыс крестьяндары ғасырлар бойы жүргізіп келе жатқан қанды күрес жоқ. Бірақ, сол күрес, қурап тұрған қамысқа от тигізсең лаулай жөнелуі сияқты, егер тұтатып жіберетін адам болса, лап еткелі тұр. Бірақ кім оны тұтататын және қашан? Орыс крестьяндарының қанды күрестері ешбір нәтиже бере алмай келе жатқанда, қазақ кедейлері қанды күреске аттана қалғанда да не нәтиже шығармақ?.. Драгомиров бұл сұрауларына жауап таба алмайды...

Күймедегілер осындай әр ойда келе жатып, Құсмұрыннан шамасы жетпіс-сексен шақырымдай Бурабай көліне қалай жеткенін білмей қалды. Хабарларға қарағанда ол екі арада бірталай ауылдар отыруға тиісті еді. Жол-жөнекей байқаса, олар жоқ. Тек, кей жерде, жуықта ғана көшкен кей ауылдың жұрттары ғана кездеседі. Олай болуы Шыңғысқа түсінікті: тепкен тасы өрге домалап тұрған шағында, «түсер ме екен?» деп үміттеніп, жырақтан жолына қонатын ауылдар, енді аға сұлтандықтан түсуін «бағы қайтқанға» санап, «кесірі тимесін» деп жолынан қашқан!

— «Дүние» деген осылай! — деп қояды, демін соза алып, дыбысын сыртқа шығарған Шыңғыс, әлгі ауыр ойлардан басы зеңгіп кеткен соң, «аздап болса да жеңілдетем бе» дегендей...

Батыс жағын қоршай қарағайлы қалық орман өскен Бурабай көлінің арнасы биік, аумағы үлкен, суы жалтыр және тұщы еді. (Онда қазір Қостанай облысының Меңдіқара ауданының орталығы — Боровое селосы, орман арасында Бурабай курорты бар). Шыңғыстың аттанар алдында естуінше, бұл көлдің шығыс жақ жалаң жағасында, Арғынның «Шақа» аталатын руының ауылдары отыратын. Оның бишігештеу, байсымақтау — Төлеп дейтіні Шыңғысқа жампаңдап, «сыбағаң» деп бірде Күнтимеске — семіз тай, бірде Құсмұрынға — семіз құнажын жетектеп барған болатын. Шыңғысты ол үйіне шақырып келтіре алмай жүретін.

«Шақа Бурабайда болса, Төлеп аулы да сонда болар» деп шамалаған Шыңғыс, бүгін Төлеп үйіне қону ниетінде келе жатыр еді. Енді қараса; Шақа да жоқ, Төлеп те жоқ. Бәрі -жуықта ғана көшіп кеткен ауылдың жұрты жатыр. Шақаның әдейі қашқанын жорамалдаған Шыңғыс, дыбысын сыртына шығара:

— Қап, иттер-ай! — деп кіжінді де қойды.

Жан жоқ бұл жапан-түзде, олардың кезіне жырағырақ бір жерде шоқиып отырған ит шалынды. Анық ит, түсі ақ. Сол араға, аспанда шарықтаған екі қарақұс айнала түйіледі де, кезек-кезек темен қарай құлдырап, итке таяна беріп, қайтадан қайқайып, жоғары шығады. Ит сол кезде әлденелерді жинастырып жанталасады да, қара құстар шүйілсе, қайтадан шоқия қояды.

— Жұртта қалған ит болу керек, — деді Шыңғыс. — Жақында күшіктеген болу керек. Қарақұстар соның жайылымдағы күшіктеріне түйіліп жүр, шешесі алдырмай жүр.

— Кәне, әке! — деп, Шоқан жатқан жерінен басын көтере тура келді. Құсмұрыннан шыққалы оның бірінші рет бас көтеруі еді.

— Әне! — деді Шыңғыс, баласын көңілдендіргісі кеп.

Шоқан қараған шақта, қарақұстың біреуі төмен құлдырап итке таянып қалды. Оның артынан екіншісі де құлдырап келеді. Алғашқы қарақұс иттің өзін сыпырып әкеткісі келгендей, төбесіне таяна, әрі қарай жер бауырлап ұшқанда, қылығы өткен қарақұсты, ызаланған ит қуа жөнелді, сол кезде, екінші қарақұс та бауырымен жер сипарлық қимылда келіп, жоғары қарай қайқая бастады.

— Ілді! — деді Шыңғыс.

— Нені? — деді Шоқан.

— Тегі, күшіктің бірін.

— Оны қайдан білдің?

— Аяғында қарайған бірдеме кетіп барады.

Сол кезде, қуған қарақұсы биікке көтерілгенде ит тұра қап, «күшікті іліп әкетті» деген қарақұсқа аңыра қарап, аз уақыт тағы да, манағы орнына қайта шапты. Ол жанталасқан қимылмен тағы да әлденелерді жинастыруға кірісті.

— Ғаламат болды-ау, мына көрініс! — деді Шыңғыс. — Анау ит, дәуде болса жайылған күшіктерін жинастырып, жер ошаққа салып жүр. Одан қарақұс әкете алмайды. Ит екеш -ит те баласын осылай қорғаштайды, өзгелер қайтпесін?!..

Шоқан әкесінің бетіне қараса, көздерінде жас іркіліп тұр!

Сол сәтте аспанға біраз биіктеп барған қарақұстың аяғында қарайған нәрсе жерге түсіп кеп кетті.

— Тастады, күшікті! — деді Шыңғыс.

— Неге? — деді көріп тұрған Шоқан.

— Аяғы салбыраған құс ұзақ ұша алмайды. Және қарақұс сияқты өлімтікшіл құстар, шамасы келген аңдарды жерге жоғарыдан тастап жібереді де, жаны шыққан соң ғана шоқиды.

Күшік қарақұстың тұяғынан төмен құлдырай бергенде, ит бар пәрменімен солай қарай шапты. Күшіктің түскен орны бірталай жер екені иттің шабысынан шамаланды. Аспанды бірер айналған қарақұс, жерге түскен күшікке қарай құлдырады. Бірақ ит бұрын жетті де, күшікті тістеп алған қимылмен кейін қашты. Қарақұс аспанға көтеріліп, манағы күшік алып кеткен орнына беттеді.

— Ит жеткенше тағы бір күшікті әкетпесе не қылсың анау қарақұс, — деді Шыңғыс.

— Онда біз қорғайық. Айда аттарды! — деді Шоқан Абаға. Ол Шыңғысқа қарап еді «Айдасаң анда» дегенді ымдады.

Аз да болса тыныстап қалған аттар, делбе қағылғанда жұлқи жөнелді. Жерде шапқан иттен аспанда самғаған қарақұс «күшіктер бар» деген тұсқа бұрын деңгейлеп, төмен шүйіле бергенде:

— Айда! — деді Шоқан, аттарды желдіріп келе жатқан Абаға.

Оның айдауын күтпестен, делбені қолынан жұлып ап аттардың қабырғасынан қағып-қағып жібергенде, басы еркін аттар бар пәрменімен шаба жөнелді. Ол араның жері жарық бастау еді. Соған арбалар тоңқылдауға айналғанда, ұшып кету қаупі туған Шыңғыс пен Драгомиров бірін-бірі құшақтай алды. Аттар тіпті екпіндеп бара жатқан соң, бастарық ірку ниетімен Аба делбеге жармасты.

Олар осы екпінмен «күшіктер бар-ау» деген тұсқа таяна бергенде, доңғалақтар манағыдан жаман секеңдеп, шабыстан желіске түсе бастаған екі ат та омақата құлады. Күйме төңкеріліп түсті. Үстіндегілер ұшып кетті. Кіндігі буылған күйменің алдыңғы екі доңғалағын, жығылып оңалған аттар, үріккен бейнеде ала қашпақ болғанда, қолы қарулы Аба делбеден айрылмай, біраз жер сүйретіліп барып тоқтатты. Күймелі адамдардың қимылынан қарақұс, түйіліп келген бетінен тайып, әлдеқайда шарықтап кете барды. Ит бұл кезде нысаналы жеріне жетіп үлгерген еді. Арбадан анадай жерге ұшып түсіп, бет -терісін жер жыртып кеткен Шоқан, ауырған-мауырғанына қарамай, ит тоқтаған тұсқа жүгірді. Бірін-бірі құшақтай қатты құлаған. Шыңғыс пен Драгомировтың да бет-ауызын жер жыртып, денелері ауырып қалған екен. Шыңғыс аяқ жағынан мертіккен де сияқты, бірақ оны елер уақыт жоқ. «Драгомиров те сөйтті ме?» деген қауіппен, құлаған жерінен қозғалуға талпынған жолдасын демей берді. Оның да денесі ауырсынып қалғанмен, еш жеріне зақым түскен жоқ екен...

Бұл оқиғаның себебі былай болған еді. Маңайдағы елдердің бәрі көктемін осы арада өткізетін еді де, егер жыл жағдайы жақсы болса, біразы жаз айларында қалып қойып, алыстағы жайлауға бай ауылдар ғана кететін еді. Өткен көктемде өте тақыршылық болып, жаңбыр тамбай қойған соң, ел бұндай халде қолданатын дағдысымен, барлық ауыл осы араға жиналып, үй басы қой шалып тасаттық берген. Бәрін қосқанда саны жүзден асқан қойлардың еті осы арада қаз-қатар қазылған жер ошақтарға асылған... Аттардың киліккені осы жер ошақтар да. Екпінімен қалың жер-ошақтың арасына кіріп кеткен соң, аттардың да, арбаның да құламауы мүмкін емес...

— Қайта құдай сақтады, — деді Шыңғыс, жер ошақ арасынан күйме шығарылып, аттар жегіліп дұрысталған шақта,-мыналар өлтіріп жіберетін орлар ғой. Жегінімен аттар да аман, өзіміз де аман. Бұл бір үлкен олжамыз болды.

Шоқан ит тоқтаған тұсқа жақындаса, жер ошақ ішінен қыңсылаған күшіктердің дыбысы естіледі. Шоқан оған үңілейін десе, ернеуінде шоқиып отырған, емшектері салақтаған, ірі денелі, қара құлақ ақ қаншық «жолама!» дегендей ырылдады. Жер ошақ ішінде: көздерін ашқан, бауырларымен сырғырлық қана күштері бар, үрген қуықтай томпиған жеті-сегіз семіз күшік, бірін-бірі басып қимыл үстінде; қимылсыз жалғыз-ақ күшік жатыр, үсті-басы қан. Тегі ол, қаншықтың қарақұстан айырып алған баласы болу керек. Ол өліп қалғанға ұқсайды. Тірі күшіктер еркіне кетуге тырысатын сияқты. Олар шұқыры терең жер ошақтан шыға алар емес. Шешесі оларды жайылымға жер ошақтан аузымен тасып шығаратын болу керек, себебі-тараққұйрық, тышқан сияқты жемтіктерінің қалған-құтқан бірдемелері жер ошақтың сыртында. Емшектеріне қарағанда, қаншық сүтті сияқты. Соған қоса, жемнен де тарықтырмаудан болу керек күшіктер аса семіз...

Осы жайларын байқаған Шоқан, күшіктерді ұстап көруге қызықты. Иттің ұстатар түрі жоқ. Жеммен алдауға, қалтасында ештеңе жоқ. Сондықтан итке жылы ұшыраумен бойын үйреткісі келген Шоқан күшіктеріне-бір, бұған-бір, кезек-кезек қарап, шоқиған орнынан тырп өтпеген қаншыққа:

— Күшім, күшім!-деп еді, ол суық түсін өзгертпеді. Күймедегілерге қараса-аттарды сабырмен аяңдатып, бері беттеп келеді. Олар таянғанда жер ошаққа үңілген бейнеде тұра беруді «еркектігіне» намыс көрді де, «қаппас» деген үмітпен, денесін еңкейіп, оң қолын жер ошақтың ішіне соза берді. Ойы жер ошақтағы күшіктердің ішінен шешесіне аумай тартқан біреуін көтеріп алу. Сол күшікке қолы тие бергенде, иттің арс ете түскенін естіді. Жалт қараса қарынан қапсыра қауып қалған екен. Шошынған Шоқан қолын жер ошақтан жұлып алғанда, ит қарын аузынан босатты да, «ұмтылсаң тағы қабам» дегендей ере тұрған қалпында қаттырақ ырылдады. Шоқан жасқанып шегіне берді.

Иттің Шоқанды қапқанын көрген Шыңғыс, жер ошаққа таяна, қолына қынабынан суырған қылышты жарқылдата ұстап күймеден қарғып түсті де қаншыққа ұмтылды. Ол тайып кетті. Бірақ алыстамай анадай жерге барды да етпетінен жатты. Шыңғыс Шоқанның ит қапқан қолын қараса, жеңінің ішінен қан сорғалап тұр. Жеңін түріп қараса, қарының бұлшық етіне недәуір жара түсіпті...

— Тек, сау ит болғай да, — деді сол шақта қастарына келген Драгомиров.

— Енді қандай ит деп ойлайсыз? — деді Шыңғыс.

— Қайдам, — деді Драгомиров, — айдалада жалғыз қалуына қарағанда, құтырған ит болмаса?..

Шыңғыстың зәресі ұшып кетті. Драгомиров Шоқанның бір жеңін түбінен жыртып ап, жарасын таңуға кірісті. Оның қолындағы бар дәрісі спирт. Аздап ішетін дағдысы бар ол, командировкаға шыққанда, «француздық» деп аталатын үлкендеу бір шыны флаконға спирт толтырып ала шығатын да, оңаша жерлерде, суға қосқан бір рюмкасын қатып қоятын.

Драгомиров кішкене қол саквояжынан сол флаконды алды да, түбінде қалған аз ғана спиртке Шоқанның жыртып алған жеңін малшып, жарасын байлады. Спирт жараны удай ашытып жіберді. Бірақ Шоқанда шыдамауға амал жоқ «құтырған ит» дегеннің не екені мәлім ілгерірек уақытта өз үйінің бір иті құтырып, сонымен таласқан иттердің бәрі құтырып, олар қапқан малдар да құтырып,... бір жаз сол маңайдағы ел қос — үрейден әлек-шәлек болғаны бар... Әйтеуір адамдар аман... Ақыры, Бағланнан дәрігер келіп, сол маңайдағы ауылдардың иттерін, бекініс солдаттарына түгел атқызып, «қауіпті-мыс» деген малдарды да атқызып, «құтырған итке жолапты-мыс» деген біреулерді бірер ай бекініске қамап, елдің құтын ұшырған... Сол оқиғаны көз алдынан өткерген Шоқан, «қапқан ит құтырмаған болғай да» деген сөзді естіген соң қалай қорықпас?!. Шыңғыста да бұл сөзден зәре жоқ...

— Мылтық қайда? — деді Шыңғыс Абаға.

— Күймеде, — деді Аба.

— Әкел, тез!

— Оны қайтесің? — деді Шоқан.

— Ату керек, итті де, күшіктерін де.

— Оның не пайдасы бар, әке? — деді Шоқан, — құтырған ит болса, мен бәрібір жынданам.

— Астапыралла, айта көрме, Қанашжан! — деді Шыңғыс үрейлене түсіп.-Әкелші, мылтықты! — деді Шыңғыс Абаға, — болшы тез!..

Аба да аттардың басын Драгомировке ұстатып, өзі күймеде жатқан мылтықты алып Шыңғысқа ұсына бастағанда, Шоқан қолынан жұлып алды.

— Құтырған иттерді көрдік қой, — деді ол, таңдана қараған әкесіне. — Ит түгіл, құтырған ешкілер мен қойларды да, түйені де көрдік. Ес бола ма оларда? Көрінген нәрсеге килікпей ме? Ал мынау итте ес бар. Ес болмаса ол күшіктерін осынша қорғамас еді!..

— Ойға сияды, — деді Драгомиров.

Шыңғыстың әлгінде отқа қызған қорғасындай балқып қалған қорқыныш сезімі, баласының сөзіне және Драгомировтың ол сөзді қолдауынан аздап тобарсыған сияқтанды...

— Кеттік! — деді Шоқан күймеге беттеп, — қайтеміз тиіп? Бейшаралар күнін көрсін!..

Олар жөнеп кетті. Олардың беті-Бағлан. Бұл арадан ол алпыс-жетпіс шақырымдай. Орта жолда «Теңіз» аталатын, суы саумалдау, ұзын тұрқы жиырма шақырымдай көлденеңі-он шақты шақырымдай, жиек жақтары дырау қалың қамыспен көмкерілген, ортасы жалтыр, қаншама құрғақшылық жыл болғанмен, өзге көлдер тартылғанмен, бұл тартылмайтын, терең суы олқыланбайтын көл бар, «іші — бықыған балық» деседі, «шабақ пен шорағайдан бастап, шортан мен жайынға дейінгі балықтардың бәрі түгел» деседі және «қанша ауласа да таусылмайтын мол» деседі. Бұл көлдің жағасынан қысы-жазы балықшы үзілмеуін Шыңғыс та, Шоқан да біледі. Әне бір жылдары Тобыл жағасындағы Кеңаралда отырған Ахмет Жантурин Шыңғысты қонаққа шақырғанда Шоқанның ере келуі жоғарыда айтылған. Сонда Жантурин қонақтарына көрсеткен өзге сый-сипаттарына қоса, Теңізден тұздамаған жас балық алдырып, пісірген түрде де, қуырған түрде де жегізген. Балықтардың сондағы татымды дәмі аузынан кетпеген Шоқан үйіне қайтқан соң, маңайдағы көлдер мен өзендерден оқтын-оқтын балық аулатып жейтін. Бірақ теңіздің балықтары олардан басқа ма, әлде үйі балықты пісіре білмей ме,-өзі аулатқан балықтардың ешбіріне аузы тұшымайтын. Теңіздің балығына құмартты. Осы Теңіз жолда екенін естіген Шоқан:

— Соғамыз ба, балықшыларға? — деп сұрады әкесінен.

— Егер болса.

— Неге болмайды?

— Қайдам. Жыл жағдайы ауырлау ғой.

— Болса соғамыз ба?

— Жол балықшылардың балағандарын жиектеп өтеді, — деді Аба.

— Онда соғамыз, — деді Шыңғыс. Оның ойы егер балықшылар болса, балықтары болса, тез астырып жеп, бүгін Бағланға жетіп қону.

Шыңғыстың бұл ойын «құдай» қош көрмеді.

Олар Бурабай көлінен аттанғанда, күн батысқа қарай еңкейіп қалған еді. Ертеден бері аспан ашық та. Ауа аздап желкемдеу де. Көлден ұзай бергенде, аспанның жел жағынан жұдырықтай қара бұлт түйіле қалды да, ілезде жалпайып ап, аса суық түспен жолаушыларға қарай беттеді.

— Анау бір бұлт пәлеге шықпаса не қылсын? — деді Аба, бұлтты қасында отырған Шоқанға қолымен нұсқап.

— Неге? — деді Шоқан.

— Осындай бұлт төпесе жаман төпеуші еді.

— Не қылады төпеп?

— Айта көрме, Қанаш. Жауса жаман жауады бұндай бұлт. Шелектеп төге салады.

— Төге берсін.

— Олай деме, Қанаш. Жері жаман бұл араның, — шақатты құрт-кесек арбаның доңғалағына оралғыш келеді, оралса — тырп еткізбей қояды, ондай халінде арбалы түгіл салт ат та аяғын әрең алып жүреді, жаяу кісінің табанына желімденіп жүргізбей қояды. Ол бола қалса, бүгін Бағлан түгіл, Теңіздегі балықшыларға да жете алмаймыз.

— Тықылдамай аттарды айда, — деді, Аба айтқан жағдайды жақсы білетін, бірақ оның шешенсуін ұнатпай қалған Шыңғыс. — Бұндай өткінші нөсердің аумағы тар болатын, мүмкін біз қашып үлгерерміз.

Аба аттарды пәрмендете жөнелді. Бірақ қашқан оларды қуған бұлт құтқармады.

Алдымен бұларды аспанның тең жарымын шымқап үлгерген қап-қара түсті бұлттың дауылы қуып жетті. Жердің қалын, қыртысын қопарып келе жатқандай, өсімдігі, топырағы араласқан қалың қара көрпені желкілдетіп әкелген қалпында, дауыл жолаушылардың үстіне жаба салды. Дүние көзге түртсе көрінбейтін қап-қараңғы болып кетті. Оның үстіне сұрапыл жел ысқыра, үйіріле соққан ол дауылдың қалың, қара көрпесіне оралып демдерін әрең алуға айналған жолаушыларды, шымқай, тұншықтыра түсті, оның үстіне-денелерін орай бұрқыраған қою шаң дем тартса-танауына тығылып, одан қақалып өлетін болған соң, жолаушылар мұрындарын алақанымен басып, тынысты саусақтарының арасынан алды, оның үстіне қою шаң көзге тығылып, жасқанған, түйілген қарашықты аштырмай, жолаушылар ашыған көздерін уқалаумен әлектенді, оның үстіне дауыл мың сан қасқырдың қосыла ұлығанына ұқсап, шуы құлақты керең ғып жіберді... Аттар да шаңнан құмығып келе жатқан қалыптарын білдіріп әлсін-әлсін қатты пысқырына береді... жүрістері тың...

Бұл пәледен бой таса болғысы келген жолаушылар, алғаш күйменің шатырын көтертіп, өңірін жапқызып еді, дауыл оған ерегіскендей, күймені төңкеріп тастайтын қалпын көрсетті, күйме бірер рет аударылып барып әрең оңалды, жолаушылар ауып қала жаздады. Сол кезде, дауыл басталғалы күйме ішіне тығылып келе жатқан Шоқан, өңірдің етегінен зып беріп шықты да, делбе ұстап отырған Абаның белінен құшақтай отыра кетті.

— Ашайық шатырды! — деді Шыңғыс сол кезде дауыл келген ауылдарда, қазақтардың «үй ішіне жел қамалмайды» деп, түндіктерінің ық жақ бұрыштарын аздап ашып қоятыны есіне түсіп.

Шатыры мен өңірі ашылған соң, күйме оншалық теңселе қойған жоқ. Бірақ ысқыра соққан дауылдың жолаушыларды мазалауы бұрынғысынан кем емес. Шыңғыс Шоқанның отырған жерін орнықсыз көріп, күйме ішіне шақырып еді, ол естімеген болып отыра берді де, әкесі:

— «Бері кел!» дедім ғой! — деп ақыра шақырғанда.

— Маған осы ара қызық, — дегеннен басқа жауап қатпады.

Драгомировте әдеттегі қалпындай үн жоқ. Ол жеңсіз жамылтқышының жалбағайын басына бүркеніп, алдыңғы жағының бауын бүрістіре, иегінен байлап алған, «Өзім үшін» деп, аздап өлең жазатыны бар және өлеңдерін көбінесе «табиғат лирикасы» аталатын тақырыптарға арнайтын ол, бұрын көрмеген мына дауылдан ақындық әсер алып, енді соны қағазға қалай түсірудің қамын ойлап келеді. Ол өлеңнің бірінші шумағында «лира» мен «буря» деген сездерді ұйқастырмақ. Бірақ, қай жолдарда, қай сөздердің тізімінде?..

«Дауыл болмай жауын болмайды» дейді қазақ. Сонысы расқа келгендей, бұрқанған дауыл біраздан соң бәсеңдеді, қара шақы ыққа, алысқа жөней бастады.

— Алла, осындай да дауыл болушы ма еді?! — демін енді ғана дұрыс ала бастаған Шыңғыс. — Осы далада туып өскен адам болғаныммен, — деді ол, бетін Драгомировке бұрып, — мынадай дауылды көрген емен.

— Қызық және керемет дауыл! — деді Драгомиров, іштей өлең құрастырып отырған ойы бөлініп кетіп.

Одан әрі тілдесуге, алды сиреп, арты қалыңдай келіп қалған жаңбыр мұрша бермеді. Енді шатырды көтеріп, өңірді жабуға тура келді.

Жерді жарғандай шатырлай, найзағайларын жарқылдата келген жаңбырдың төпеуі сұмдық. Шатырдың төбесінен құйған сыбдырына қарағанда, тамшылап емес, шелектеп төгіліп жатқан сияқты. Сондықтан да Абамен қатар отырған Шоқан денесіне су өтіп баратқаннан кейін, ешкім шақырмай-ақ төбесі жабық күйме ішіне сымп беріп кіріп кетті. Аба жаңбырға онша мазасыздана қойған жоқ. Ол аттанар алдында бұрынғы дағдысымен, қойдың жүнінен қалың тоқылған, денесін мол орарлықтай кең ғып тіктірген шекпенімен, сол тоқымадан жастақтан жалбағайын астына тастай берген. Оларды киіп алса, жаңбыр түгіл, төбесінен теңіз құласа да су өтпейді...

Нөсер тым қатты және ұзақ құйды. Кең даланы ол көлкіген селге айналдырып жіберді. Мана Абаның айтқаны расқа шығып, судан іріген құрт-кесек балшық, аттардың аяғын да, арбаның доңғалақтарын да жүргізбеуге айналды. Ашықтағы Аба көріп келе жатыр, жол торабымен жүрейін десе, бетінде су көлкіген саздан аттар тайғанақтап аяқ баса алмайды, олай айдай берсе жығылатын түрлері бар, жолдың жиегіне шығайын десе, ащылы топырақпен жентектелген шөп аттардың тұяғына, арбаның доңғалақтарына жабысқан қалыптарынан айрылмайды. Сонда да ілгері тырмысқан аттардың аяғына жабысқан саз, кейде от орнындай үлкейіп, жануарлар қандай қимылмен ілгері ұмтылса да түспейді, доңғалақтарға оралған саз айналдырмай тастап, олар аттардың күшімен, шананың табанындай сүйретіледі...

Сондай жағдайда аттарды айдап қинаудан шығар нәтиже жоғын көрген Аба «тыр-р-р-р» деген дыбыс шығарды да, делбені демей тартты. Былай да тоқтаудың амалын таба алмай келе жатқан аттар тұра қалысты. Жаңбыр әлі төпеп тұр.

— Не болды? — деді күйме өңірінің етегін ашқан Шыңғыс, күйме алдына жерге түсе берген Абаға:

— Аттар да, арба да жүре алмай қалды, хан-ием.

— Неге?

— Саздан.

Дәрет сындырғысы кеп келе жатқан Шыңғыс арбадан жерге түсіп байқаса, аттардың аяқтарына саздың жабысу түрі ішіне толтыра нәрсе салған бір-бір үлкен қапты кигізіп қойғандай, доңғалақтарға оралған қалың саз, күйменің астын тіреп тұр.

Күймеден Драгомиров те, Шоқан да түсті. Аттардың, күйменің халдерін олар да көрді. Келген беттеріне қараса, доңғалақтар сүйретілген жердің қоймалжың сазы, жердің соқамен жыртқан қыртысындай айғыздана тілініп жатыр!.. Соларды көрген Шыңғыс қабағын қарыс жапқан кескінмен:

— Әй, қырсық шалған құдай-ай! Бет қайтқан шақтың барлық ісі де осылай болатын әдеті! — деді.

— Тегі жүре алмаспыз, мына түрмен, — деді Драгомиров.

— Балықшыларға жете алмаймыз ба, әке? — деді, бар ойында балық жеу ғана келе жатқан Шоқан әкесіне жақындап.

— Балықты айтады ғой, тәйірі! — деді Шыңғыс баласына жекіп, — «осы арадан қозғала аламыз ба?» десейші, бүгін.

— Қозғалмасақ қонармыз, — деді Шоқан, ерегіскіш мінезі ұстай қап.

Жолаушылар дәрет сындырып болғанша, жаңбыр толастауға айналды. Бұлттың көбі алға қарай ауды. Тарсыл-гүрсіл бәсеңдеп, жарқ-жұрқ ілгері қарай созылды.

— Енді қайтеміз? — деген Шыңғысқа.

— Аттардың аяғын, доңғалақтарды саздан — деді Аба, — әйтпесе олар қозғала алмайды. Бірақ біз енді бәрібір жол торабын қуа алмаймыз. Жаңбыр азайғанмен, миы шыққан саз, бізді аттатпайды.

— Сонда қайтеміз?

— Бұл жолдың ендігі бойы, Обағанның ойпаты ғой, хан-ием, жаңбыр түгіл, шық қалың түссе де саздың жататын. Жаңағы нөсерден кейін жүргізбейді ол.

— Сонда? — деді Шоқан.

— Мына бет, — деді Аба тұрған беттерінің теріскей-батыс жағына қолын сермеп, Тобылдың бергі қырқасы. Бергі етегі алыс емес. Қырқаның жері бетегелі бозды келеді, жаңбыр қандай қалын, жауса да сазданбайды және тақтайдай тегіс. Оған іліксек жолсызбен де тарта береміз.

— Балықшыларға соға ма, ол жол?

— Тәйірі, балығын айта берді ғой, мына бала! — деді Шыңғыс кейіген дауыспен.

— «Жеймін» деген соң жеуім керек, — деді Шоқан Абаға қарап, — айтқан жөнің соға ма балықшыларға?

— Соқпайды. Ол жөн Теңіздің жалтыр жағы, балық шөптесін, қамысты жағында жүрмейміз.

— О, ындының құрысын, ындының құрғыр! — деді Шыңғыс бетін теріс бұрып.

Қатынша қарғама, әке, — деді Шоқан зілді үнмен, — еркекше боқта, әйтпесе саба!..

Шыңғыс ашудан тығылып қалды. Әке мен баланың ырқын қалай табуды білмеген Абаның аузына:

— «Өткінші» деген жауынның аумағы тар болушы еді ғой менің шамалауымша, бұл жауынның Теңіз жақ, етегі оған жетпей өтеді, тәуекел деп жүріп көрсек қайтеді, хан-ием? — деген сөз түсті.

— Сөйтсең сөйт! — дей салды Шыңғыс зекіп.

Абаның айдауымен ілгері қимылдаған аттар, қара жерде ауыр жүкті шананы сүйрегендей барлық күшін сала, әрең жылжыды. Бұл жермен әлгінде, бетінде суы көлкіп жатқанда жүру, қазір су жерге сіңіп, топырағы кебірленіп қалғанда жүруден әлдеқайда ауыр сияқтанды. Дем тимеген қалың саз тұтқырлана түсті. Бұған дейін де қаржалып қалған аттар, енді тіпті әлсізденіп, күймені мықшия, шірене тартқанмен, бірнеше адымнан кейін тоқырай берді. Тың күнінде делбені де қозғалтпайтын аттар бишік жеуге айналды. Біраздан оған да көнтеріленіп, ұрса да жүрмеді.

— Қиналды-ау, жануарлар! — деді сол кезде, ұрғанмен, аттардың дәрменсіздігін көрген Шыңғыс.

Бірақ, қынжылса да амал жоқ. Елсіз айдалада іріген саздың ортасында тұрып қалу мүмкін емес, қарға адым болса да жылжи беру керек...

Ол маңайдың табиғаты қызық, әлгінде бұрқан-тарқан дауылдатып, опыр-топыр жауындатып, қап-қара болып төңіректі бүркеп алған бұлттың жел жағы сиреді де, аспан жиегі жарқырай түріле бастады.

Бұлттан арылған күннің, кең тармақтанған қызыл күрең сәулесі, алыстап бара жатқан бұлттың әр тұсын шалып, өз түсіне бояп тұр. Кей жері, кейбір қалың бұлттың ішін сөгіп, арасынан өткермелей сұғып, бұлттың тым жырақтағы бөлшектерін де түйрейді, ол тұстың бояуы қошқыл күрең көрінеді...

Жаңбырдан кейінгі тыныс қандай тамаша! Құрғақшылықта демін үнемі ішіне ғана тартқан сияқтанып, ешбір иісі сезілмейтін өсімдіктен, жаңағы өткен жаңбырдан ықылық ата сусындап, енді бойында бар демін тек, сыртына ғана шығарғандай боп, түрлі тынысты тамаша иістер, сапырылыса бұрқырап кетті. Не деген ғажап иістер еді!..

«Шіркін — деп арман етеді олардың әрқайсысы, — енді аттардың тұяғы құрғаққа ілегіп, жортып кетер ме едік!».

Ол тілектері де қабыл болды. Аттар мейлінше қиналып, енді жылжи алмастық халға кеп, айдаса да қозғалмай тұрып қалған шақта:

— Жердің ажарына қарағанда, — деді Аба орнынан тік түрегеп, — жауынның шеті тіпті жақын сияқты. Аттар аз да болса тыныс алсын, мен алдыңғы жақты жаяу шолып келейін.

Шыңғыс үндемеді. «Бұған ұлықсаттың керегі жоқ шығар» деген оймен, Аба күймеден секіріп түсті де, «жылжи алмай тұрғанда қайда барар дейсің» деп, делбені күйме алдына іле сап, өзі жөн тартты.

Жер дегдіңкіреді ме, жауын жиегінің сазы аздау ма, әлде қарулы денедегі аяқ күшінің тыңдығынан ба, жылдам адыммен еңкеңдей басқан Аба қиындық көрген жоқ. Аздан кейін абайласа, сазды жер таусылып бара жатқан сияқты. «Жауын шеті осы болғай да!» деп қуанып кеткен Аба аяңнан жүгіріске басты. Аздан кейін байқаса, шөп те құп-құрғақ,... топырақ та құп-құрғақ. Артына қараса, — күйме «әй!» дерлік жерде ғана тұр.

Қуанышын ішіне сыйғыза алмаған Аба, «мұнда құрғақ!» деп, басынан жұлып алған бөркін оң қолымен бұлғап, серіктеріне бар даусымен айғай салды. Ол дауысты естігенін білдіргісі келгендей, жауыннан кейін ін аузында қылтиып отыра қоятын қарақұйрыққа ұқсап, біреу күйменің, бөксе баспайына көтеріле берді. Ол әрине Шоқан. Абаның даусын естіген Шыңғыс пен Драгомиров те қуанды. Бірақ олар үлкенсіп орындарынан қозғала қойған жоқ. Қозғалғанда қайда барады, күймеден түссе-ақ, аяқ басар жерлері қоймалжың саз!..

Шоқан оған қараған жоқ. Күймеден түсе жырақта діңгектей қағылып тұрған Абаға қарай ұшты. Кебір балшық етігінің табанына жабысып бөгейін деп еді, кең етікті аяқтарын сілке ұшырып жіберіп, жалаң аяқ тартты. Кешікпей, аяқтары түйе-тайлыдан құтылып, жәй ғана дымқосқа, одан құрғаққа тиіп, былай да жүйрік балалардың қатарында саналатын Шоқан, одан кейін, ит көрген қояндай зымырап кетті.

— Рас, құрғаққа іліктік пе? — деді ол, алқынған дем алысын баса алмай тосып тұрған Абаны бассалып.

— Өтірік десең ұстап көр, жерді! — деді Аба, Шоқанды бауырына басып.

Шоқан Абадан құшағын жазбастан, жердің құрғақтығын көре тұра, аяғының бақайымен топырақты шұқып байқады, құрғақтығы рас!... Шұқыған жердің шаңы шығады!..

Қуанышы қойнына сыймаған Шоқан, Абадан құшағын жазды да, бар даусымен алақайлап, сандарын шапалақтап жіберді.

— Балықшыларға жетеміз бе? — деді ол Абаға.

— Егер саз босатса.

— Неге босатпайды? Жап-жақын жер. Аттар да тынығып қалған болар.

— Сол аттарың сол саздан шыға алса!.. Күн де батып барады...

Шоқан көк жиекке қараса, аумағы аспандағы көлемінен әлдеқайда зорайып, қан-күрең түске енген күннің астыңғы жақтауы жерге таянып қалған екен.

— Тұрмайық енді, — деді Шоқан Абаға. — Барайық күймеге тезірек.

Екеуі жөнеле берді. Сазға жете аяқтары тағы малтыға бастады. Олар аяқтарын әрең сүйреп күймеге келгенше, күрең бояуы қоюлана түскен күннің үлкен доңғалағы жерге түгелімен батып та үлгерді. Енді оның жер астынан биікке шашыраған өзі түсті сәуле тармақтары жан-жақтан саумаланып жиналды да, тотының, тарбайтқан құйрық-қанаттары сияқтанып, түбі бір-ақ уыс, тарамы бір-ақ шоқ болуға айналды...

Күймеге түгел отырған жолаушылар ілгері жүрмек болып еді, аттар манағы мықшия күшенуде бойларын алдырып қалса керек, — құрғаққа дейін әлденеше тоқтап, тұрып қалу қаупі байқалып айдаудың, мықтылығынан құрғаққа қызыл іңірде әрең ілікті. Одан әрі де заулап кете алмады аттар. «Болдырған ат — болпаң» дегендей, тың кездерінде денелеріне бишік түгіл делбені де тигізбей, шыңға ырғыған арқардай жинақ қимылдайтын жануарлар енді, айдағанда да ит қуып болдырған, сонда да алдырмауға жанталасып бұлғалаңдай қашқан қояндай әрең жортады. Өз еріктеріне салса, жортақтан аяңға түсетін, тіпті, айта берсең тұрып алатын жайлары бар.

Олар осы алдарында, айналасы бес-алты шақырымда кездесетін балықшылар мекеніне ымырт жабылып, қас қарая әрең жетті. Жүргіншілерді балықшылардың қалай қабылдауын сипаттаудан бұрын, өздерінің кім екендіктеріне біраз тоқырап өтейік.

Қазақта «өзен жағалағанның өзегі талмайды» деген, «теңізді төңіректегеннің несібі егіз» дейтін мақалдар бар. Балықты аумен сүзудің бір тәртібі: аудың орта тұсында түбі кең, алқымы тар қоржын болады, аудың екі жақ қанатын балықшылар қаусыра тартқанда, соған қағылып, қоржынға қарай бейімделе береді де, ақыры тар алқымнан кіріп, кейін қарай шыға алмайды. Осы қоржынның аты-абақ. Қазақ халқының ең көп бөлшегі — Ұлы жүздің арғы аталары «Абақ», «Тарақ»; тағы бір үлкен ру-Керейдің арғы аталары да «Ашамайлы», «Абақ»; балық ауламаса «ауды» қайдан біледі, көне қазақтар? «Ауды» білмесе «Абақты» қайдан біледі?.. Осы «Абақтан» яғни «қамау» мағынасындағы сөзден кейін «абақты» (орысша-тюрьма) шыққан.

Міне, осындай сөздерге қарағанда, «қазақ та балық, аулау кәсібімен ежелден шұғылданған болар ма?» деген де ой келеді. Бірақ, тіршілік тарихына үңіліп көрсең олай емес сияқты. Қазақтың ерте күндерде балықшылықпен шұғылдануына куә боларлық дерек өте аз және өте болымсыз.

Сондайлардан екі-үш мысал алайық: бірінші қазақта күні бүгінге дейін, біреулердің ретсіз шулағанын ұнатпағандар «неге шулады, соншама, балық үлестіргендей?!» деседі. Білгір біреудің баяндауынша: «бұл мәтел қазақ «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» аталған жұтқа ұшырағанда (1723 жылы), ашыққан ел көлдерден, өзендерден балық аулап, соны үлескенде шулапты-мыс», екінші, қазақ «балық басынан сасиды» деген мақалды, «басқарушысы азса, ел де азады» деген мағынада қолданады. Үшінші, қазақта «мекіре (бекіре) балықтың тұмсығы тасқа тірелмей қайтпайды» деген мәтел бар. Мекіренің не екенін, Каспий теңізін төңіректеген қазақтардан басқа қазақ білмейді. Ол орысша белуга аталатын, қазақ жерінде, тек Каспийде ғана бар балық екен. Кейбір анық материалдарға қарағанда мекіре балықтың кейбірінің салмағы бір жарым тоннаға жетеді және тұла бойы шылқыған май болады, оның еті балықтардың ішіндегі ең асылы да, ең қымбаты да. Негізі ащы сулы теңізде тіршілік ететін бұл балық, көктемде ұрығын тұщы сулы өзенге шығып шашады екен және алыстап барып, қайнарына жетіп шашады екен, қазақтың «тұмсығы тасқа тірелмей» деуі содан екен. Ал, мәтелдің өзің қазақ алған бетінен қайтпайтын, не жақсылық, не жамандыққа килікпей шегінбейтін қатал кісіге бейнелейді.

Қазақ тіршілігінен балыққа байланысы бар сөздер осылар ғана. Олардан басқа сөздер, -кісіге қойылатын есімдер. Ешбір халық та жек көретін нәрсесін баласының атына қоспайды, тек, ұнатқан нәрселерін ғана қосады. Осы тұрғыдан алғанда, қазақта балыққа тәуелді: Жәйін, Жәйынбай, Шортан, Шортанбай, Шора, Шорағай, Шабақ, Шабақпай, Тыран, Тыранбай, Сазан, Сазанбай... деген есімдер көп ұшырайды.

Россия патшалығының қолы, Каспийдің «Атырау» аталатын шығыс жағына он жетінші ғасырдың орта тұсында жетті. Сол кезде Доннан ауытқып келген бір топ қазақ-орыс, қазіргі Орал қаласының орнына орнықты. Қазақтар бұл қаланы «Теке» дейді, оған себеп, — бастап келген атаман — Кондров мұртын қырып жүретін, сақалын еркіне жіберетін кісі екен, соған қарап бір дуалы ауыз «мынау теке сияқты ғой» депті-мыс, содан ол негізін қалаған станица «Теке» аталып кетіпті-мыс. Текеге «Жайық» (Яик) есімді қала аты сол ғасырдың аяғында берілген. Пугачев көтерілісі осы қаладан басталғандықтан, көтеріліс басылғаннан кейін, екінші Екатерина 1775 жылы қаланың да, өзеннің де «Жайық» аттарын өзгертіп «Орал» қойған.

Сол бір тұста, Жайықтың атырауға (Каспий) құятын сағасына, үй-ішімен көшіп кеп Гурий есімді балықшы казак-орыс орнайды. Алғаш ол қамыстан үйшік (балаған) жасап, кәсібін бастайды. Сондықтан кейін «Гурьев» аталған қаланы қазақтар «Үйшік» атап кетеді.

Казак-орыстың екінші лақабы — балықшы. Орыс халқының казак-орыс аталатын бөлшегінің арғы-бергі тарихында балық аулаумен шұғылданбайтыны болмаған. Каспий мен Жайықты төңіректеген қазақтарға, балық кәсібімен шұғылдануды осылар үйреткен. Ақыры қазақтан да балықшылар саны көбейіп бара жатқан соң, казак-орыстың «балық қожалары» қызғанып, аулағанын тартып алатын болған. Осы жайда және қазақтардың Жайыққа жайылып барған жылқыларын барымталап алу жайында, Кіші жүздің сол кездегі ханы — Нұралы, Жайық бойындағы әскердің атаманы — Андрей Бородиннің 1763 жылдың 10 мартында екінші Екатеринаның атына шағым жазған. Сол мәселе тексерілгенде Бородин «қазақтың жылқылары кеп су ішкелі, балықтар үркіп, ауға аз түсетін болды» деген «дәлел» айтқан.

Казак-орыстың атамандары тыйғанмен, балық аузына тұшыған қазақтар, бұл кәсіптен қол үзбеген. Атыраудың кей тұсында, кей қазақтар өзге кәсіптің (мысалы мал өсірудің) бәрін тастап, тек балық аулаумен ғана шұғылданған. Он тоғызыншы ғасырдың басынан үкімет бұл кәсіпті қудалау орнына көмектесіп, артельдер құруға қайықтар, басқа саймандар сатып алуына ұлықсат еткен. «Каспийдің шығысында балық пен ит-балық (тюлень) аулау кәсібі» деген атпен 1902 жылы басылып шыққан кітабында Н. Ливкин, қазақтардың, балық аулау тарихын толық көрсетеді.

Балықшы қазақтарды балықшы емес қазақтардың сықақтауы ма, әлде расы ма, — төмендегідей сөз бар: Каспий төңірегіндегі балықшы Адай руының бір қызын Арқада мал өсірумен шұғылданатын біреудің, баласына бергелі жатса керек, сонда қыз туғандарына көрісіп жатып, «бекіре (мекіре) балықтың, бел кеспесін (белдемесін) жемейтін басым-ай, қойдың, құйқасы қоңырсыған етін жейсің-ау!» деп жылапты-мыс. Бұл сөзді кім шығарса да, ойыны емес, расы сол: күні бүгін Гурьев қаласына сапар шегіп, ет базарына баршы, дүкендерде жылқының, қойдың сиырдың, түйенің, балықтың еттері қатар тұрса, тұрғын адайлар, алдымен балық етін алады, ол болмаса түйенің, ол болмаса — сиырдың, ол болмаса, — қынжылып барып жылқының етін алады. «Жылқы етінен артық ет жоқ» деп түсінетін (ғылымда да солай) біз үшін, Адайлардың бүйтуі қайран қаларлық іс!

Көлденең сөзді осымен доғара тұрып, тақырыбымызға кешейік. Мәселе, әлі де болса балықшылар туралы. Бұрынғы қазақтардың басым көпшілігі мал өсірумен ғана шұғылданып, балық кәсібіне қызықпағанымен, қызыққандарының көбіне бұл кәсіппен шұғылдануға мүмкіндік болмағанмен, қазақтың кең даласының кейбір тұсындағы өзендер мен көлдерде не өз беттерімен, не казак-орыстармен бірігіп балық аулайтын қазақтар там-тұм жерлерде кездесіп те қалады екен. Солардың біреуі, — біз осы тарауда атаған «Теңіз» көлінің жағасында құрылған.

Сол маңайда Үй мен Тобыл өзендері түйіскен жерде қазақша-«Қырықбойдақ», орысша — «Устьуйск» аталатын, Обаған мен Тобыл өзендері түйісетін тұста қазақша — «Бағлан», орысша — Звериноголовск» аталатын казак-орыс станицалары бары бізге жоғарғы тараулардан белгілі. Бұл маңайда балықшылық кәсібімен ең алғаш осы станицалардың казак-орыстары шұғылданған да, кейін қазақ кедейлерінен жұмысшы жалдап, содан қазақтар да біртіндеп бұл кәсіпке араласа бастаған.

Бірақ ұлт пен ұлтты шағыстырып ұстайтын патшашылдық заманда, казак-орыстар өздерін «жоғары», қазақтарды «төмен» санап, станицаларға қарайтын жерге де, суға да қазақтарды маңайлатпаған, малдарын жақындатпаған, жақындап келсе айдап ап, қайтармаған, кейде, айдап алған малды сіңіріп те кеткен. Мысалы, жоғарыда аталған атаман Андрей Бородин, Жайық қазақтарының 8000 жылқысын Еділ қалмақтарына айдатып, олар патшаға шағым беріп, патшадан «қайтарт» деген әмір келгенде, өзі меншіктенген тең жартысын қайтармаған. Ақыры, сол жұмыс «басына жетіп» қызметінен алынған.

Қырықбойдақ пен Бағлан казак-орыстары да сөйтіп, тәуелді жерлерінің суына қазақтан,өз бетімен балық аулаушылары жолатпаған. Сондықтан қазақ балықшылары казак-орыстардың «он шақырымдық жолақ» (полоса) аталатын жеріне бас сұға алмай, жолақтан тыс «Теңізден» аулайтын болған.

Айтушылар, «Теңіз жағасында алғаш қазақтар мен казак-орыстардың кедейлері бірігіп аулаған еді, себебі: қайықтар мен аулар орыста ғана, көлік қазақтарда ғана болған еді» деседі.

Басында солай құрылған бұл «артельдің» аяғы не боп кеткенін ешкім де білмейді. Маңайдағы елдің тек қана білетіні, неше түрлі халықтар араласып кеткен, іштерінде құлақ естімеген елдердің адамдары бар. Расында да солай. Бұлардың ішінде орыс, қазақ, башқұрт, татар, остяк, чуваш, қалмақ, тунгус, поляк, швед, чукшы, нанай, якут, бурят сияқты толып жатқан елдердің «өкілдері» бар. Олардың көбі Сібірге айдалып барған «қылмыстылардан» қашқан: «поселыцик», «ворнак» аталатындар. Бұл екі лақапты да патша үкіметі тұрған елге: «талаушылар, кісі өлтірушілер» деп жариялағандықтан (сондайлардың болғаны да рас), бейбіт елден олардың маңына жолайтын жан өте сирек болады. Қашқындардың бұлайша топталуына үкімет көңіл бөліп, алғаш қудалады да, артынан, біріншіден, балық кәсібімен шұғылдануына көзі жетіп, екіншіден,-осындай кәсіпшілдер әр жерде молаюын еске алып, тек сырттарынан ғана бақылатты да, ішкі істеріне араласпады.

«Ішкі істері» дегенде, лақабы «қаңғырған» (бродяжное) аталған бұл мекенде, қанша жан тұрып жататыны мәлімсіз. Сырт хабарға қарағанда «кейде — толып, кейде — солып» дегендей, бір жылдары молайып, бір жылдары азайып кетеді. Үй сандары да сондай. Басым көпшілігі қамыстан құралатын, олардың кейі — күрке, кейі — үй-сымақ, кейі — барақ болатын. Төбесі сырғауылмен жабылған, сығырайған кіп-кішкене терезелері бар шым үйлер сирек кездесетін «қаңғырған», құрылыс жағынан не қазақ қыстауына, не орыс селосына ұқсамайтын ығы-жығы бірдеме.

Көпшілігі қашқындардан құралатын «қаңғырғанның» адамдары орталарынан біреуін «атаман» сайлап алады да, өзге ешбір үкіметке бағынбайды. «Қаңғырғанның» ішкі, сыртқы істерінің бәрі атаманның қолында; балықшыларға керекті аспаптарды, басқа кейбір жабдықтарды табатын да сол, ауланған балықтарды сәудегерге өткізетін де сол, кәсіптік ішкі жұмыстарында әмірші де сол. Оның айтқанын ешкім қалт етпейді.

Ертерек құрылған «артельдің» атамандары әртүрлі болып жүрді де, біздің жолаушылар қаңғырғанға барардан он шақты жыл бұрын Кирила Курагин деген кісіні атаман қойды. Оның да негізі қашқын болғанмен, патша үкіметінің жергілікті әкімдеріне жақты да, «сұрағанын алып, қалағанын беріп» дегендей, жағымды адамдарының біріне айналды. Курагин өзінен бұрынғы атамандардың бәрінен күшті шығып, «артельді», ашса — аясында, жұмса — жұмырында ұстады. Оның мінезіне, қылығына қарап, қарамағындағылар әлденеше ат қойып алды. Орыстар жағы оны көзінше «Кирила» деп есімімен атады да, атылар мылтықтай мінезіне қарап, сыртынан «Курагин» деген фамилиясының орнына «Курок» десті, онысы — мылтықтың шапқысы» дегені. Қазақтар «Кириланы», — «Керала» деп, «Курагинды» — «Құрақтың баласы» деп атады. Тәртіпке қатты Курагин ісінде әділ болды. Сондықтан орыстар жағы оны «Мифодий» деп те атады, онысы — орыстың көне тарихында айтылатын — Кирилл Мифодий есімді әулиенің атын қосуы.

«Ұры байымайды., сұқ семірмейді» дегендей, құралуына талай жыл өткенмен, «қаңғырғаннан» шаруа жинап ауқатты болған адам естілмейді. Онда тұрғандардың ешқайсысында жеке меншік жоқ. Күн көрістері, тек балыққа ғана байланысты. «Жұтқан жұтамайды» дегендей, балығы көп жылдар болмаса, тапшы жылдарда бүйірі шығып тоймайды да, бірақ аштан да өлмейді: жоқшылық жылдары, тұздаған балықты татумен де күнін көре береді. Балықтан басқа қорек, олардың ілуде біреуінде ғана болмаса, өзгелерінде жоқ. Сөйте тұра, бір ғажабы, маңайдағы ауыл-селоларға емінбейді, олардың еш нәрсесіне тимейді, ашты — тоқты болса да, барын қанағат қып отыра береді.

Біздің жолаушылар осы «Қаңғырғанға» болдырған атпен салпақтап әрең жеткенде, тұрғындарының бәрі түгелімен іс әрекетінде еді. Жан-жағынан құяр, я шығар өзендері жоқ бұл көлде балықтың жүретін де, жүрмейтін де кездері болады. Кейде балықтар көлдің ортасындағы «айдын» аталатын тереңіне тығылып жатып алады да, төңірегіне құрған ауларға бірен-саран қаңғыбастары ғана ілегіп, жапа-тармағай түсу болмайды. Тереңге салатын ау, бұл «артельде» жоқ. Ал кейде, әсіресе қалың жаңбыр болардың алдында, тереңдегі балықтар сайызға, жиектегі қамыс арасына қаптай шығып, ауларды толтыра ілінеді де балықшылар мәре боп қалады.

Бүгін де солай болған еді. Ауыр ауларды кешке дейін тартып түгескен балықшылар, енді қазаға қамалғандарды сүзуге кіріскен. «Қаза» дейтіні қамыстан қошқар мүйіздендіре кең ғып жасаған қоршау. Аузында аудан жасаған, алқымы тар шонтайы бар, оған балықтардың кіруі оңай да, бірен-сараны ғана болмаса, басқаларының шығуы қиын. Осы қазаның ішіне бірер қап шегіртке төксе, оған жаны құмар балықтар таласа кіреді де, қайта шыға алмай қамалып қалады. Кейде осындай қазалардың іші балықтарға тұна толып, аулаушылар шелекпен сүзіп ала береді. «Қаза» яғни «ажал» аталуы да сондықтан болу керек. Жақсы жасалған қазалар — балықтардың ажал орны.

Бүгін аулар ғана емес, қазалар да лық толған еді. Жинауға жағдай да толық. Осы мезгілде толыққан ай, аспаннан күн еңкейе бозамықтанып көріне бастады да, күн сәулесі қоңырланған сайын жарқырай түсіп, қас қарая, құммен аршыған жез легендей жалтырап кетті, жарығы даланы күндізгідей жарқыратып жіберді. Бұл көлдің былай да көп масасы, мұндай кезде тіпті молайып, тобымен ұшқанда, кешіп келе жатқан бұлт сияқтанады. Бүгін де солай. Бірақ жалаңаш-жалпы болғанмен, масалардың шағуына еті өліп кеткен балықшылар оған қарар емес: аудағы балықтарды тартып, қазадағыларын дамылсыз қалқып жатыр.

Жол торабы Қаңғырғанның, шетіне таяна бітетін еді де, арғы шетінен тағы басталатын еді. Ол шетіне, не Қаңғырғанды орап қыратпен бару керек те, не егер жүйесін тапса, ішімен бару керек. Абаның екеуімен де жүргені бар, орау оңай да, аралау қиын. Солардың қайсысымен жүруді білмеген Аба, босаң жортақтап келе жатқан аттардың басын тежеңкіреп Шыңғысқа бетін бұрып, мәнісін айтып еді, ол жөн айтудың орнына:

— Бағлан қанша еді, бұдан? — деді.

— Жиырма, жиырма бес молынан болар, — деді Аба.

— Аттар жеткізе ала ма бүгін?

— Қайдам, тым босаңсып келеді.

— Қонуға бола ма, мұның өзіне?

— Қайдам, маса буып жүрмесе.

— Көп бола ма масасы?

— Ойбай, ол да бір хан-ием, бұлт та бір.

— Онда балық жейміз де, аттанып кетіп, арғы масасы жоқ қыратқа қонамыз.

Сол кезде, кешке қарай тынып қалған жел көл жақтан баяу есе бастады, ол жолаушылардың мұрнына балық иісін әкелді.

— Қайда ол балықтар? — деді Шоқан Абаға.

— Кел жағасында ғой деймін. Жас балықтың иісі. Тегі аударын тартып жатқан болу керек.

— Білесің бе, ол тұсты?

— Көргенім бар.

— Ендеше, айда аттарды.

Шыңғыс үндемеді. Аба онысын «ризаласуы» деп ұқты. Расында да солай: «Ер азығы мен бөрі азығы жолда» деген ұғымдағы қазақ, әсіресе,-барған жерінде дастарқаны жаюлы тұратын Шыңғыс, қандай жыраққа сапар шексе де азық алмайтын. «Бүгін Бағланға жетеміз» деген дәмемен, бұл жолы да сөйткен. Бірақ «қырсыққан жол» ол ырқына көнбей, «Бағланға ерте жетеміз» деп аттанған олар түнге ұрынып, қарындары мейлінше ашқан, сондықтан Шоқан түгіл өзі де таңсық көретін балықтан жей кетуге оның құлқы соға қалды.

Аба Қаңғырғанның ішіне қарай жөн тартты. Ондағы ізі қиқы-шойқы тұрақ жайларының арасынан болдырған аттар түгіл, тың аттар да аяқтарын аяңнан артық баса алмас еді. Қараңғыда ол іздерді тауып басу мүмкін де емес еді. Тек, бұл түнде айдын, жарық болуынан ғана, біздің жолаушылар аттарының басын әлденеге тірей, әлденеге арбалары соқтыға, сылбыр аяңмен жылжып келе жатыр. Кей тұстарда сыналанып етерлік сүрлеу таба алмай, тоқырап та қалады. Ондайда Аба арбадан түсе қалып, төңіректі жая шолып келеді. Бұндай халде, құдайдың дес берісінде, Жылан-сырттардың болдырып жеткені жақсы болды. Тың күйлерінде кірсе, ең алдымен, сырт көрінісі жалба-жұлба Қаңғырғанның ішіне кірмек түгіл, анадайдан үркіп лаға-лаға қашар еді, ал, күшпен кіргізе қалса, көрінген күркеге соқтығып, сүйкенсе құлап түскелі тұрған тұрақтың талайы бүлінер еді, талайы жемірілер еді...

Жел айдап әкелді ме, әлде, қамыстан жасалған үй-сымақтардың арасында тұнып тұрды ма, Қаңғырғанға жолаушылар кіре бере ду ете түскен қалың маса үстерін бұрқыраған шаңдай жапты да кетті. Денелерінің ашық жерлеріне олай қаптай қонып, ашындыра шаға бастанғанда жолаушылар жандарын қайда қоярға білмей жан таласты.

— Шатырды көтерейік — деді Шыңғыс сасқанынан.

Ол көтеріліп, өңірі жабылғанмен, ішінде лық тола қалып қойған масалардың қараңғыда үймелей шағулары әлгіден де басым болып кетті. Қашып құтылар жер жоқ, қорғалар дәрмен жоқ жолаушылар денелерін жұлмалап уқаланды да қалды. Бір ертегіде, жорықтан қалжырап келе жатқан әлде бір батыр, айдалада жата кетіп, «сол араның илеуіндегі құмырсқалар жеп қойыпты» деген сөз бар еді. Жолаушыларға «мына масалар да сөйтер ме екен?!» дегендей қауіп туды.

Мұндай шағуды көрмеген Шоқан, күйменің ішінен жерге атып түсті де, жел жақтан естілген шуларға қарай бар пәрменімен зытты...

Өзге жолаушылар да «өлдім-талдым» дегенде, шуласып көл суатында балық ісімен шұғылданған жұртқа жетті. Олар сол шуласқан қалпымен іштеріне кіріп кеткен Шоқанды қоршай қалған екен.

Өйтпегенде ше?! Аспаннан түсті ме, жерден шықты ма, — өмірлерінде көрмеген бір бала душар бола қалды! Неткен бала бұл осыншама әдемі киінген?!.

Қандай бала екенін және қайдан келген бала екенін білгісі келген көпшілік бірін-бірі тыңдамастан, әр тілде шуласа сұрау беріп жатыр. Шоқан олардың шуынан да, түрлерінен де зәресі кетіп, топ қасқыр қамаған қойдай, жан-жағына үрейлене қарайды.

Өйтпегенде ше?!.. Әйелі — еркегі, жасы-кәрісі аралас түстері талай түрлі бұл адамдардың үсті-бастары далба-дұлба... бәрі де тірі аруақтай арық!.. Өмірінде бұндайларды көрмеген не қылған жандар екенін білмеген Шоқан қашып шығайын десе, қорқынышты адамдар төңірегін қалың қоршап алған шығар.

Шуласа қоршап, түнере төнген тірі аруақтардың сақинасы тарыла кеп қысуға айналғандай таянып қалған шақта, үрейі ұшқан Шоқан шыңғыра бақырып жіберді. Бұл топқа осы кезде кейінгі жолаушылар да жетті. Баласының ащы даусы құлағына шалынған Шыңғыс:

— Мынау, біздің Қанашжанның даусы ғой, ойбай! — деп күймеден қарғып түсіп топқа жүгірді. Ол қалың топты кимелеп ішіне кіруге тырмысты.

— Мынауы кім?! — деген дауыстары шығып кетті Шыңғысты көргендердің.

Көпшілік көңіл бөле бастаса, сап-сары ала киінген, қылыш асынған біреу.

Көңілдері Шыңғысқа бөлінген көптің арасынан қысыла-қымтырыла өткен Шоқан әкесіне жетті де, қасқыр көргенде енесінің бауырына тығылатын бұзаудай Шыңғыстың мундирінің ұзын, кең етегіне кіріп кетті.

— Мынау офицер! — деп қалды әлдекім Шыңғысты.

— Полковник! — деді біреу.

«Полковник!», «Қырғыздан?!», «Қазақтан!» «Чиновник!..», «Шишка!» деп таңданған дауыстар сапырылысып кетті...

Біреулерінің Драгомировті де шулай қоршаған дауыстары шығып жатыр.

«Қайдан жүр?!.» «Неге жүр?!» деген дауыстар араның ұясындай гуілдеді. Қамай қоршап, шуласқан топтан Шыңғыстың денесі тітіркеніп кетті, бірақ, ол ересек еркектік қалпына бағып, қазақша және орысша қысқа сөздермен жөнін айта бастады.

— Ә, Шыңғыс осы екен ғой? — деген дауыстары естілді, әлдене қазақтардың.

— Бұл да қолға түседі екен ғой? — десті біреулер. Шыңғыстың зәресі ұша түсті...

Топтың қоршауы тарыла бастады, дауыстары зілдене бастады, айбындары қатая бастады; құты қаша түскен Шыңғыс, не істерге білмей, тұла бойынан мұздай тер құйылып кетті. Қалың қасқырдың қамауына түскен өгіздей, оның көздері шарасынан шығып, қазір бассалып талауларын күтіп, дәрменсіз кескінмен маңына алақ-жұлақ қарай берді, мундир ішінен денесіне жабысып, тұла-бойы діріл қаққан Шоқанды, бауырына қыса түсті...

Шыңғыс пен Шоқанның осы үрейден тарсылдай соққан жүректері жарылып кетер ме еді, қайтер еді, егер сол бір сәтте құлақтарына аюдың ақырғанындай зор дауыс сап ете қалмаса!.. Жұрт сол «аюдан» қорыққандай, көл жақ беттен жол аша берді. Қамалған орнында қатып қалған Шыңғыстың ашылған жолмен келе жатқан адамға көзі түссе, биік, толық денелі, жалпақ жауырынды біреу, үстінде етегі тізеден келетін қарасұр көйлегі бар, жалаң аяқ, жалаң бас, бет бейнесі-батуға таянған толған айдай, сол беттің мұрны мен көз аумағынан басқа тұсына қаптай шыққан, ай жарығымен ақ бурыл көрінетін сақал мен мұрттың, шықшыт тұсы, сол түсті дудар шашпен тұтасып кеткен. Екі миығынан төмен салбыраған, қалыңдығы табан уыс мұрттың шұбатылған үш жағы кеудесіне түседі, күзеп жүретін сақалы тікенденіп, былай да жалпақ бет-аузын дүрдитіп жіберген, қалың қабағынан кезінің үстіне төгілген қою қастары, анау-мынау сақалдай желпілдейді.

Шыңғысқа оның мына түр-түрпаты, қиссаларда жырланатын әзірет — Әліге ұқсап кетті. Оны ақындар:

Бейне бір ірі қылып тастан ойған,

Ұзыны, көлденеңі бірдей бойдан;

Сапары екі мұрттың екі жақта,

Тамаша құлағынан орап қойған! —

деп қастерлейтін. Мынау да сол сияқты. Шыңғыс та «бұл араның тұрғындарында да атаман бар» дегенді естіген. Бірақ, аты-жөнін білмейтін. «Мынау келе жатқан сол емес пе екен?» деген ой кіріп кетті Шыңғысқа. «Болмауы да мүмкін» деген ой қатар жарысты Шыңғыстың басында, өйткені оның ұғымында, «атаман» дегендер әскерше киініп, қару асынып жүретін адамдар.

— Кәне, бытыраңдар! — деді келе жатқан адам, ығысқан топқа жөн сілтегендей, жайған құшақтарын екі жаққа сермеп.

Топ бытырай жөнелді.

— Здравие желаю, Ваше благородие! — деді жақындаған «дәу» Шыңғысқа честь беріп. — Атаман Курагин!..

Шыңғыстың Омбыда оқып жүрген кезінде, бұндай амандасуға қолданып үйренген бір сөзі, «очень приятно» еді. Әлгінде денесін билеп алған қорқыныш сезім әлі де арылып болмаған ол, даусы дірілдеп, кәнігі сезін зорға айтты. Сол кезде жүгіріп келген Аба:

— Хан-ием-ай, құдай сақтады-ау! — деп жылап жіберді.

— Рас, құдай сақтады, ақ-сары бас құрмалдық! — деді Шыңғыс, демін енді ғана еркін ап.

«Сақтағаны» да рас. Курагин келіп қалмағанда, Шыңғысты өлтіріп жіберетін күш желке жағында даяр тұр еді. Құсмұрынға бекініс орнай, ата мекенінен күшпенен кешірілген Тағышы руының кейбір кедейлері осы қаңғырғаннан ғана тауып, күндерін көріп келе жатқан. Олар Шыңғыстың осы бетке сапар шегуін естіп отырған. Естіртуші — осы маңайдағы Кешебе-Керейден шыққан, атанның Шоңы дейтін бидің баласы Тұралы.

Шоң бізге еткен тараулардан белгілі — Естеместің Есенейімен бөле екен. Ол осы Түбектегі Балта, Кешебені түгелімен ергізіп, жусатып тұрған адам. Шыңғыс пен Есенейдің араздығында ол Есенейді жақтаған.

«Аға сұлтандығынан түскен Шыңғыс, баласын ертіп Омбыға жүреді екен» деген хабар және қай жолмен жүру хабары алыстағы Есенейге жеткеннен кейін, ол Шоңға арнаулы кісі жіберіп, «шамасы келсе тірі еткізбесін» деген өтініш айтқан. Шоң Балта Кешебенің өзі сенетін адамдарының басын қосып, не істеуді жасырын ақылдасқан. Сонда, «Кешебенің белінің бірі» дейтін Бекентайдың Мырза боқысы.

— Естуімше, олардың Теңіздегі балықшылардан балық жеуге тоқырайтын түрлері бар, сөйте қалса, біреу қапысын тауып өлтіреді, — деген.

Бұл қастықты Теңіздегі Қаңғырғанда жасырын ұйымдастыруға Мырзабоқының баласы — Нұрқанмен, Шоңның баласы Тұралы жұмсалған. Олар құпия түрде әркімнің тамырын басып көріп, ақыры, тегі — тағышы, есі — дүлейлеу Бұқпан есімді балуан біреуге тоқыраған. Оның әкесі — Құтпанды, «Кенесарыға хабаршы болдың», деп, Шыңғыс ерген патша әскері тірідей турап өлтірген екен. Сондықтан Нұрқан мен Тұралының ішкірнелеп азғырған сөзіне ол көне кетті. Уәделері: «құдай оңдап» Шыңғыс балықшыларға тоқырай қалса, Бұқпан Шыңғыстың қапысын тауып, оңаша бір жерде қылжита салады.

Бұқпанға бүйтудің сәті түсе кетті. Балықшылар қамаған жат адамның Шыңғыс екенін білген соң, Бұқпан жақын жерден, уысын толтыратын домалақ темір тауып алды да, кісі — кісінің арасымен, қамауда тұрған Шыңғыстың тура сыртынан жақындай берді. «Сәті түсті» деп іштей қуанған ол, уысындағы темірмен Шыңғысты періп жіберуге ыңғайлана берген шақта, Курагиннің «тараңдар!» деп өкірген даусы шығып қалды. Жұрт ыдырай бастағанда соғудың реті жоқ, — көзге түсіп қалуы мүмкін, «мылқау» дегенмен оған да жан керек.

Солайша «құдай сақтап» аман қалған Шыңғыспен тіл қатысып, аз сезбен танысқан Курагин:

— Үйге жүріңіз, мейман болыңыз, — деді.

«Сондай бір правитель бар, қазақ, офицер, орыс тілін біледі» дегенді Курагин бұрын естіген еді. Ал, мына жолы, көлден балық сүзіп, ауыр ауды жиекке мықшия тартып шыға берген оған, әлдекім:

— Балықшылар бір офицерді қамап өлтіргелі жатыр, — деген хабар жеткізді.

Романов тұқымдарына қаны қас Курагин, орыс армиясының мундирін қатты сыйлайтын еді, сондықтан «офицерді өлтіргелі жатыр» деген хабарға елеңдей қап, шеті қырға іліккен ауды серіктеріне тастай жүгірді, сонда көргені — Шыңғыс. Бұған дейін құлағы естіген правительді енді көзі көр соң және орыс армиясының полковниктің чинінде көрген соң, шын ықласымен сыйлап жібермек болды.

— Біздің, үйге қарай! — деді ол, жолаушылардың алдына түсе беріп.

Маса буып өлтіріп бара жатқан Шыңғыстың Қаңғырғанда тоқтағысы келмей-ақ, ілгері жүріп кеткісі-ақ, келіп тұр, бірақ ризашылық сұрамастан үйіне шақырған, жаңа ғана өлімнен арашалап қалған Курагиннің «біздің үйге» деп бастауына ермей қалуды ұят көріп тұр, әрі қаймығып тұр, сондықтан:

— Кеттік! — деді ол серіктеріне.

— Атпен барсақ қайтеді, хан-ием? — деді Аба.

— Жақын жер, — деді, қазақ тілін түсінетін Курагин.

— Ендеше күймеге бар да, біздің соңымыздан ер! — деді Шыңғыс Абаға, өзі жылжып бара жатқан Курагиннің соңына түсіп.

Өзгелер де ерді. Күймеге барған Аба, иелері жаяу кетіп бара жатқанда арбаға мінуді ерсі көріп, бері қарап тұрған аттардың басын әрі қарай бұрды да жетектей бастады. Сол кезде күйменің артқы жағы шоңқаң ете түсті, жер сызған күпшектерді аттар тарта алмай тұрып қалды... «Не болды?!» дегендей, Аба арбаның артын қараса, екі доңғалақ та арасынан ажырап жерге түскен! Арыстың топырақ қапқан тұмсықтарын көтеріп байқаса, екеуінің тұмылдырығы жоқ!..

«Шоқ, шоқ!» дегендей, жан-жақтан күліп жіберген дауыстар естілді. Жалтақтап қараса, жан адам көрінбейді. Дыбыстарынан абайласа, маңайдағы күркелерді тасалап тұрған сияқты...

— « Құдай ұрған екен ғой! — деген даусы шығып кетті Абаның.

Шыңғыстың былай да естігіш құлағы, балықшылардың қамауына түскеннен кейін тіпті өткірленіп, болмашы сыбыстарды да сезе бастап еді, сол өткір құлақ Абаның даусын шала қалды да:

— Уа, не болды, Аба? — деді анадайдан, тоқырап.

— Арбаның артқы екі доңғалағының тұмылдырығы жоқ!..

— Не дейді?!.. — деді Шыңғыс шошыған үнмен, — олар қайда ?!

— Манағы қоршауда қалғанда біреулер ұрлап алған болу керек.

— Доңғалақтар ше?

— Олар бар. Тұмылдырығы болмаған соң түсіп қалды.

Сасқан Шыңғыс болған оқиғаны білген тілімен Курагинге түсіндіре бастады.

— Естіп тұрмын, — деді ол. — Ұрлаған адам суға лақтырып үлгермесе, табылады бұрандылар!

— Кәне, келіңдер мұнда? — деді Курагин жуан даусын қатал шығарып, төңірегіне қолдарын бұлғап.

Жан-жақтағы күркелердің арасынан, илеуінен өрген құмырысқадай қаптаған адамдар шыға келді...

— Жақын, жақын... мұнда!... — деді Курагин қараңдаған адамдарды қолдарының қимылымен қасына саумалап.

Ғажап!.. Курагин жан-жақтан жылжып келе жатқан жұртты, маңайдағы темірлерді тартатын магниттей баурап тұр!.. Не деген қуат!..

Маңына ошарылған көпті, Курагин соңынан шұбатып, шоңқиып жатқан арбаға апарды да:

— Мына арыстардың бұрандылары таң атқанша табылсын да, доңғалақтары орнына қойылып, күйме бұрынғы қалпына келсін! — деді.

Жұртта үн жоқ.

— Кеттік! — деді Курагин Шыңғысқа.

— Айтқаныңыз орындала ма? — деді Шыңғыс Курагинге.

— Не деп тұрсың? — деді Курагин жәбірленген дауыспен. — Патшаның, яғни Николай Павлович Романовтың айтқанын орындамайсыз ба, сіз, Ваше благородие?

— Что ты бог с тобой! — деді Шыңғыс орысшалап, сұраудан шошынып. — Мүмкін бе ол?

— Мәселе сонда, — деді Курагин. — Бұл араның патшасы — менмін. Менің сөзімді екі етер адам бұнда жоқ. Кеттік!

Курагин жылжи берді.

— Аба, сен осы арада бол, — деді Шыңғыс. — Аттарды ағыт та, күймеге байлап, жел жағынан түтін сал. Әйтпесе, мына қалың маса шыдатпас.

— Болмайды ол! — деді Курагин тоқырап. — Өрт кетеді. Жаман болады онда.

— Атшы от маңында болады, — деді Шыңғыс.

— Бәрібір, — деді Курагин бұйрықты дауыспен. — От жағуға ұлықсат жоқ.

— Қайда паналайды? — деді Шыңғыс.

— Оны өзі тапсын. Кеттік.

Жылжи жөнелген Курагин Абаға қолын безеп:

— Тұтатпа отты, өзін бірге өртенесің! — деді.

Қалған жолаушылар Курагинге ерді.

Шыңғысқа «осынын, өзі әдейі тықтырып қойған жоқ па екен тұмылдырықтарды?» деген ой келді.

Курагиннің күркесі алыс емес екен. Алдында қамысты тігінен тұрғызып қоршаған кен, ауласы бар екен. Соның бір түкпірінде оба сияқтанып томпайған, қарайған бірдеме көрінеді. Соған таянғанда:

— Біздің сарай осы, — деді Курагин қонақтарға. — Мана сізге, — деді ол, бетін Шыңғысқа бұрып, — өзімді «осы араның патшасымын» дедім ғой. Патшасы екенім рас. Бірақ, менің патшалығымда, Романовтардың патшалығындай байлық жоқ, сондықтан менің сарайым да олардікіне ұқсамайды. Бірақ бұндағы тиыштық патша сарайынан артық. Бұл сарайда масадан басқа талаушы жоқ. Ал, Романовтар сарайында...Курагин тұтыға қалды да:

— Ол жайда кейін айтам, қазір күркеге кіреміз, — деді.

Қабырғаларын шымнан қалаған, төбесін қамыспен жапқан, есік орнына да қыспақтағы қамысты ұстаған, іші тар, төбесі аласа бұл күркеде, Курагиннің күтуші шалы-Прохор ұйықтап жатыр еді. Курагин күркенің топсасыз есігін өн бойымен қопарып алды да, қараңғы ішіне үңіліп:

— Проша ағай! — деп дыбыс берді.

— Ә-әу! — деген, ұйқыдан оянған адамның даусы естілді.

— Шық бермен қарай, Проша ағай!..

Ыс иісі бұрқыраған қап-қараңғы үңгірден, бозамық түсті шаш, сақалы дударланған, етегі тізесінен темен түскен кең жыртық, қара сұр көйлегі бар, имиген кішірек, арық денелі шал шыға келді. Шоқанға ол, ертегіден естіген Қаңбақ шалға ұқсап кетті.

— Менің камердинерім — Проша ағай, — деп таныстырды Курагин, шалды қонақтарына.

— Қонақ келді, — деді Прохорға, — жәй қонақ емес, салмақты қонақ, Его благородие полковник!..

Шал басын тізесіне дейін иіп, Шыңғысқа ізет көрсетті. Шоқан мен Драгомировке басын ғана шұлғыды.

— Кәрәсін бар ма? — деді Курагин шалға.

— Жоқ-сь, Ваше стенство! — деді шал. Оның әйелге ұқсаған жіңішке даусы, Шоқанға шалды қызықтыра түсті.

— Шырақ ше?

— Бар-сь, Ваше-ство.

— Түнге жете ме?

— Жоқ-сь Ваше-ство... Ай тез туып көтерілді ғой, Ваше-ство... одан кейін шырақданның керегі жоқ қой, Ваше-ство...

— Ендеше күркеге кір де шырақ тұтат, ай көтерілгенше жаға тұрамыз.

Күркеге кірген шал біразға дейін оралмады, ашық есіктен жарық та жылтырамады.

— Бізде шақпақтан басқа оттық жоқ, — деді Курагин, — шалдың бөгелуі содан. Тістері түсіп, лебі әлсіреген қарт отты тұтата алмай жатқан болу керек, езім жәрдемдесейін.

Күркеге Курагин де кірді. Қонақтарды маса талап өлтіріп барады. Шоқан әкесінің етегінің ішіне паналады. Бет-ауыздарына екі қолы қорған бола алмаған Драгомиров, сасқанынан мундирінің етегін басына бүркеді. Шоқанды бауырына басқан Шыңғыс та масаның талауынан өліп барады. Оның жылқының сауыр терісін тесетін өткір тұмсығы, Шыңғыстың қалын, шұғадан тігілген мундирінен де, қара барқыттан тіктірген капутынан да, сарғылт жібектен тіктірген көйлегінен де етіп, тұла бойын түршіктіре қанын сорып жатыр, ол азаптан құтылар дәрмен де жоқ, тығылар жер де жоқ...

Қонақтар «өлдік-талдық» деген шақта, күркеден от та жылтырай бастады, Курагин де шықты.

— Жарық жанды, — деді ол.

Курагин бастаған қонақтар жанталаса күркеге кірді, олардың үстіне қадалған бірнеше мың маса бірге кірді.

Ішіне бес-алты кісі зорға сыйып жататын, төбесі орта денелі кісінің басын соққандай аласа, бір жақ бүйірінде соқпа пеші қарайған, босағасына аулар үйілген, төрінде терезе -сымақ бірдемесі сығырайған кішкене күркенің ішіндегі қараңғылықты ортадағы ашаның жарығына қыстырған шырағын лапылдаған жалыны жеңе алмай, сәулесі ете көмескі екен. Күркенің ауасы әрі балық сасиды, әрі ашқылтым ыс сасиды.

— Құрметті мырзалар, — деді Курагин, қай жерге отырарын білмей ақырып, түрегеп тұрған қонақтарына, үйшіктің ішін қолымен шолып, — біз мекендейтін сарай осы. Қалаған жерлеріңізге отырыңыздар!

Ере кірген масалар қонақтардың сөзге мұршасын келтірмей, әндетулерін, талауларын үдете түсті. Курагин мен шалдың оған мазасызданар түрі жоқ, бірақ қонақтарының сипаланған жайларын көріп аяп кеткен Курагин шалға:

— Түтін салу керек. Тыстан қамыс әкел. Пештің мұржасын жаба кел, түтін күркеге қамалып, масалар қашсын, — деді.

Шал кетті де, Курагин шыраларды кезекпен тұтатып отырғанда, бір құшақ қамыс әкеп, пештің ішіне тықты.

— Мұржаны жаптың ғой? — деді Курагин.

— Иә, — деді шал.

— Ендеше қамысты тұтатайын, — деп Курагин қолында жалыны лапылдаған шыраны, пешке тыққан қамысқа тосып еді, қу қамыс лап ете қалды да, дүрілдей жөнелген жалынның қою қара түтіні пештің кең аузынан бері лықып, тар күркенің ішін толтырды да жіберді. Түтіннің ащы ыс исі жолаушыларды тұншықтырып, дем ала алмастық халға жеткізді, олар удай ашыған көздерін тарс жұмып алды.

— Тұншықтым әке... өлдім!.. — деп шыр еткен даусы шықты Шоқанның.

Қою қараңғылықта бауырына тығылған Шоқанға жаны ашып кеткен, өзі де тұншығып бара жатқан Шыңғыс, баласын құшақтай ап:

— Өлдік, господин Курагин! — деді.

— Енді жақпа, Проша ағай! — деген даусы естілді Курагинның.

— Есік ашық. Түтін тысқа шығады, — деді ол.

Аздан кейін үйдегі түтін сиреген, дем жеңілдене бастаған сияқтанды.

— Проша! — деді Курагин.

— Әу, — деді шал.

— Есікті жап енді. Әйтпесе, масалар тағы кіреді.

Есік жабылды. Ащы түтіннің қалдық иісі әлі де өңменді атқанмен, ауанын, дем алғызарлық жайы бар.

— Ал, орналасыңдар, құрметті қонақтар, — деді, шыраларының бірінен соң бірін тұтатқан Курагин.-Қалаған жерлеріңізге отырыңыздар.

Шыңғыс үйілген аулардың үстіне отырды, Драгомиров етегіне отырды. Шоқан ашаның көлеңке жағына сүйенген қалпымен түрегеп тұр.

— Қанашжан, неге отырмайсың? — деді Шыңғыс.

— Далаға шығам.

— Неге?

— Түтінге тұншыққаннан, масаға таланған жақсы.

Ол далаға шыға жөнелді.

— Барсын, — деді Курагин. — Кешікпей келуіне мен кепіл.

Шыңғыс та сол ойда болғандықтан үндемеді.

— Хош келдіңіздер, қымбатты қонақтар, — деді Курагин оларға, — біздің бұл патшалықта «үй хайуаны» деген болмайды. Ең аяғы — ит те шыдамай, маса шыға қашады да, маса жата келеді. Қазір осы ауылда бір де ит жоқ.

— Проша ағай, — деді ол шалға, — отырма, сен. Ауға бүгін түскен балықтан сазан, алабұға сияқты семіздерінен бір шелегін даярла, асатын кезін өзім айтам, оған дейін қыла тұруға, шала сүрленген семіз балықтарды алып кел.

Шал шығып кетті де есік ашық қалды.

— Есік ашық тұра берсін. Үйдің ыс сасыған ауасы жеңілденсін.

Аздан кейін үйдегі сасық иіс жеңілденген сияқтанды. Сол кезде масалардың әндеткен дыбысы да естіле бастады.

— Есікті жабу керек! — деді Шыңғыс. Масаларды «содан кіріп жатыр екен» деп ойлап.

— Сырттан кіріп жатқан масалар емес, ызыңдағандар, — деді Курагин — Түтін салғанда қабырғаларға, төбелерге жабысып қалғандар. Оларды тауыса алмайсың.

— Тағы да талай бастады, — деді Шыңғыс, денесінің ашық жерлерін сипанып.

— Шыдап көріңіз, Ваше благородие. Шыдамасаңыз тағы да түтін саламыз.

Проша келді. Қолында әлдене ыдыс.

— Әкелдің бе? — деді оған Курагин.

— Әкелдім — деді Проша.

— Ананы ше?

— Ол да бар.

Проша салдырлаған қаңылтыр ыдысты Курагинның қасына қойды да, қойнынан бірдемені суырып қолына ұстатты. Курагин оны жамбасының астына тастады. Қаңылтыр ыдыс, — жан-жағы мыжырая майысқан ескі леген сияқты ішінен сүрленген балық иісі сезіледі.

— Терезені алу керек, — деді Курагин Прошаға.

— «Ашып таста» дегеніңіз бе? — деді Шыңғыс.

— Ия, Ваше блогородие.

— Маса кіреді ғой?

— Кіре берсін. Бұл мекенде масадан құтылам деп ойламаңыз. Көрден басқа қуыстың бәрінде де шағады. Бізге қазір таза ауа керек. Күркеде ол жетпейді. Терезені ашсақ демімізді еркін аламыз. Және ай да туған болу керек. Солай ма, Проша ағай?

— Дәл солай-сь, Ваше степенство. Аспанға көтеріліп қалды-сь. Толған ай. Мейлінше жарық-сь.

— Жақсы болған екен, — деді Курагин. — Шыра да біте бастап еді. Бар, орында, айтқанды!

Шал шығып кетті.

— «Терезе» дейтін терезе жоқ, — деді Курагин. — Шыны біздің қолға түспейді. Ауылдағы кедей қазақтар шыны орнына қойдың бүршігінен аршылған қарнын кереді. Біздің балықшылар еш уақытта қой соймайды, сондықтан қарын да жоқ.

— Сонда сіздер не ұстайсыздар терезеге?

— Кенеп сияқты тозған шүберектен.

— Одан да сәуле түсе ме?

— Табан жолды табу да, әйтпесе, жарық боп не оңдырады дейсіз.

Күркеге жел гу ете қалды.

— Ура!... Жасасын, ауа! — деді Курагин.

Шыңғыс пен Драгомиров жел жаққа жалт қараса, қабырғада кісінің басы сиярлықтай үңірейген бозамық тесік тұр. «Алынған терезенің орны болар» деп ойлады олар қасынан. Ар жағы бозамық кең дүние!..

— Даланың жарығы күндізгідей екен ғой, — деді Курагин. — Енді шыра жағудың қажеті болмас. Бітуге де таянған еді өзі.

Ашық тұрған есік пен терезеден жел гулеп кетті.

— Сквозняк, — деді, одан қатты қорқатын Драгомиров, денесі тітіркеніп, — есікті жапса қайтеді?

Шыңғыспен шүйіркелескен Курагин, мана көргеннен бері Драгомировке тіл қатқан жоқ еді. Патшаның әкімдерін жек көретін ол, «солардың бірі болар» деп, іштей ұнатпаған, сондықтан Драгомировке тік келіп:

— Жабылмайды есік, ұнатпасаң далаға шық, әйтпесе басыңды бүркен де жат! — деді қатаң дауыспен.

Сол сәтте кіріп, күді — шыққан қимылмен Аба кіріп келді.

— Не болды?! — деді Шыңғыс.

— Өлетін болдым, хан-ием! — деді Аба.

— Неге?!

— Масадан қорғанар қуыс таба алмадым. Қайда барсам қара түтіндей буады. Аттар да жанталаса тыпыршып жандарын қоярға жер таппай тұр!

— Күймеге бардың ба?

— Бардым. Манағы қалпында.

— Тұмылдырықтар жоқ па?

— Жоқ.

— Табылады, — деді Курагин қазақ тілін шала білетін сөздерімен, — мен айтқан. Приказ. Тақ болады.

— «Болғаны құрсын, қазір болмаған соң», — деп қойды Шыңғыс ішінен.

Оның ойы, — тұмылдырықтар табылып, доңғалақтар орнына салынса, табан-аузында жүріп кету еді. Міне, енді жіпсіз байланып отыр!..

— Маған не қыл дейсің?-деді ол Абиаға қажыған дауыспен.

— Алысқа кетіп аттарға түтін салмаса, жануарлар шыдай алатын емес.

— Сөйтсең сөйт, — дей салды Шыңғыс.

— Никак нельзя! — деді Курагин. — Урт кетеді. Қала күйеді, жаман болады...

— Сақтанып салар, — деді Шыңғыс.

— Жоқ, жоқ! — деді Курагин, қарсылығын басының, қолдарының қимылдарымен де аңғартып, — урт болады!

— Бара берсейші! — деді Шыңғыс,-өзің біле берсейші!

— Сен қырғыз байға! — деді Курагин, шығуға беттеген Абаға: — Алдаған жаман. Урт болса, мен сені пышақпен бауыздайды, утқа салады...

Аба шығып кетті. Шыңғыс үндемеді. Ол ішінен — «Енді «өрт» деген пәлеге жолықтыра көрме, жасаған!» деп тіледі.

— Енді тамақ ашиды, — деді Курагин Шыңғысқа, — мынау сүрлеген балық, — деп легеннен біреуін алды да иіскеп көріп, — тамаша!.. — деп Шыңғысқа ұсынды.

Шыңғыс ұстап көрсе — үлкендігі кебістей табан. Жалпиған қабырғасынан басып көрсе, былқылдаған семіз, қарны жарылмаған,-уылдырығы ішінде. Иіскеп көрсе сүр сасиды!.. Осындай бір сүр табанды ертерек жегелі, Шыңғыстың аузынан дәмі кетпей, «тағы да бір жесем!» деп арман етуші еді, сондықтан, мына табанның қышқылтым иісі мұрнын қытықтағанда, аузынан сілекейі шұбырып кетті.

— Жақсы? — деді Курагин Шыңғысқа қазақшалап.

— Тамаша! — деді Шыңғыс.

— Сен арақ ішеді?

Шыңғыс қалаға барғанда, әсіресе Омбыға барып жалғасқанда аздап ішетін еді, егер ол компанияда қазақ болмаса ептеп шоқаңды да күйсеп қоятын еді.

Қазір шошқа жоқ. «Арақ» дегеннен, орыстың ақ ащысын ұғып отыр. Одан мынадай оңашада, әрі аш отырғанда, сүр балықпен ептеп жұтуға болады.

— Ішейік, бірақ, аздап, — деді Шыңғыс Курагинге.

— Бұндай арақ емес, — деді Курагин.

— Енді?

— Қарағайдың арақ.

— «Қарағайдың» дейсің бе? — деді Шыңғыс түсінбей.

— Ия!.. Соснаның!..

— Арақ бола ма одан?!

— Болады.

Курагиннің қазақша түсіндіргісі келіп еді, тілі жетпей қалды.

— Қарағайда сок бар, білесің? — деді ол.

— Білем.

— Орысша — живица. Содан ағызады, арақ...

— Соны іш дейсіз бе? — деді қалғыңқырап отырған Драгомиров, ұйқысы ашылып кеткендей.

— Иә! — деді Курагин.

— Оның қалай?! — деді Драгомиров, — у ғой ол!.. Өлтіріп жібереді ғой, адамды!..

— Біз неге өлмейміз?

— Ішесіз бе, сіз соны?

— Баяғыдан. Мен ғана емес, барлық балықшылар.

— Сенгім келмейді, — деді ол.

— Неге?

— Живицаның химиялық құрамын білем. Оның уы жыланның өтімен бірдей.

— Біз неге өлмейміз?

— Анық ішесіздер ме?

— Ішеміз! Әрине, біраз ақтап.

— Оны ғылым тілінде этилданған спирт дейді. Бірақ, адамға оны да ішуге болмайды, техникалық істерде қолдануға ғана жарайды.

— Ал, біз ішеміз. Соны қазір көрсетем.

— Ондай спиртті ішулеріңізге түбірімен қарсымын. Әсіресе, — деді ол бетін Шыңғысқа бұрып, — сіздің ішуіңізге. Ол адамды сеспей қатыратын спирт.

— Онда, арақ тауып бер! — деді Курагин, байланысқысы келген ниетпен.

Драгомировтің есіне күймедегі саквбяжында қалған спирттің құтысы түсті. Онда, шамасы, екі стакандай жұғын бар, су қосса төрт стакан болады.

Күркеге Проша кірді.

— Балықты асар уақыт болған жоқ па, Ваш-ство? — деді ол Курагинге.

— Әзірге ер керек.

— Мен осы шалмен күймеге барып құтыны алып келсем қайтеді? — деді Драгомиров Шыңғысқа.

Курагин көне кетті. Шал мен Драгомиров шыға салысымен:

— Досың ба, әлгі чиновник, қасың ба? — деп сұрады Курагин Шыңғыстан.

— Оны қайтесіз?

— Қасың болса, көзін жойдыра салу, маған оп-оңай.

— Жоқ, жоқ, — деді Шыңғыс шошып кетіп, — маған дос адам ол. Жақсы адам.

— Қызметі?

Шыңғыс қысқаша түсіндіріп жатқанда, Проша мен Драгомиров келді.

— Су қосып әкелдім, — деді Драгомиров, — құты толды. Екеуіңізге де жетеді.

— Маған өз спиртім жақсы, — деді Курагин. Таза спиртті сіздер ішіңіздер.

— Мен де, — Проша тілі күрмеліңкіреп. Ол далада құтының аузынан аздап қылқылдатып алған еді.

— Жақындаңдар, қонақтар! — деді Курагин.

Бәрі легенді айнала отыра қалысты.

Ол үйде бүйірлері, ернеулері майысқан тұтқасыз, үлкендеу екі жез бокал бар еді. Курагин соның біріне Драгомировтің спиртін толтыра құйғызды да, өзі жамбасында жатқан нәрсені алып:

— Біздің пивица осы — деп, сыртына шоқпыт оралған әлдене ыдыстан екінші бокалға әлдене сұйықты құйды.

— Живица ма? — деп сұрады Драгомиров;

— Да, еще она пивица! — деп Курагин өлеңдетіп жіберді.

— Түбіне дейін тартамыз, — деді ол Шыңғысқа бокалын соғыстырып, — әуелі — сіз, содан кейін — мен. Кәне, төңкеріңіз.

«Азар болса мас болармын» деген оймен Шыңғыс бокалды көтере салды да, түбін жоғары қаратты.

— Жігіт! — деді Курагин. — Ал, маған қараңыз!

Ол да бокалын төңкере сап, «иіске!» деп бокалын Драгомировке ұсынды. Драгомиров иіскеп еді, ащы дем өңменін атып кетті.

— Қалай екен? — деді Курагин.

— Өзіңізге ұнаса — дей салды Драгомиров.

— Татып көрмейсіз бе?

— Мен спиртті ғана ішейін.

Курагин Шыңғысқа «сіз балық жей беріңіз» деді. Ол тұттыға бастады.

— Мен де толтыра құям «пивицаны» сен де спиртті толтыра құй, — деді ол Драгомировке.

— Мүмкін сіз де спирт ішерсіз? — деді бокалына өз спиртін құйған Драгомиров.

— Ақсүйектердің ішімдігі ғой ол. Біздің ағайынға осы да жарайды, — деп Курагин бокал ұстаған қолын көтерді де, — толтырдың ба? — деді Драгомировке.

— Толтырдым.

— Бері әкел, көрем!

— Рас толтырдым.

— «Әкел!» дедім ғой, — деді Курагин қолын созып.

Драгомиров толтырған жоқ еді. Ол Курагиннен қаймықты да, «сөз естірмін, я таяқ жермін» деген қауіппен бокалын шүпілдетіп:

— Мінекей! — деп ұсынды. Көмескі сәулеге де көзі жыты Курагин, бокалдың ернеуінен төгілердей боп мөлтілдеген спиртті көрді де:

— Алдамақ болдың ғой мені, енеңді... Байқа, сен таяқ жеп жүрме. Әуелі сен іш. Түбіне дейін. Әйтпесе таяқ жейсің,-деді.

Бокал толған спиртті Драгомиров аш өзекке әрең тауысты. Күтіп отырған Курагин бокалын тағы да қаға салды. Ол легендегі балықтың біреуін белдемесінен омырып, сүйегін бытырлата шайнап жұтты.

— Бері әкел! — деп Курагин Драгомировқа қолын созды.

Сұрағаны құты екенін түсінген Драгомиров, — «мәңіз!» деді.

Одан басқа сөз айтар халы жоқ. Судай сімірген спирт өзегін өртеп барады. Тынысы да бітеліп қалған сияқты дем алайын десе, өңеші өртенетіндей. Басы айналып, көзі қарауытып барады...

Құтыны қолына алған Курагин:

— Сен неге тұрсың? — деді Прошаға ақырып. — Жоғал көзімнен!

Проша шыға жөнелді.

— Ішесің бе, тағы? — деп сұрады Курагин, Драгомировтан.

Ол басын шайқады.

— Балық жейсің бе?

— Ж-ж-жоқ.

— Ендеше, жат! — деді Курагин.

Драгомиров ауларды басына жастай, ірге жаққа қисая кетті де, ілезде қор ете түсті.

Шыңғыс жалаң төсіне соналар қадалған түйенің халында еді. Мына ішіне кішігірім аяқтай сұйықтық сиятын бокалмен алпыс-жетпіс градустық қуаты бар спиртті тартып жібергенде, аш өзегін жалаған да кеткен. Оған ішіне ішімдік емес екі жүзді қанжар кетіп, өңешін, ішек-қарнын удай ашытып тіліп бара жатқандай әсер пайда болған. Өліп кету қаупі сезілгендей, ол әуелі дем ала алмай, кеңірдегін сипалап жан-таласқан шақта, қысылғаннан маңдайы тершіп қоя берген. Ішіне сонда ғана дем кірген, бірақ ол демінің өзі де спирт сияқтанып, іші-бауырын тиыштандырудың орнына ашыта түскен. Әлі де сасқалақтаған Шыңғыс, Курагин — «же» деп алдына итерген легендегі жуантық балықтың біреуін қолымен омырып жеуге шыдамай, бас жағын аузына молырақ тыққан да, қарулы тісімен кебістей балықтың тең жартысын қыршып ап, сүйек-мүйегіне, жылбыраған өкпе-бауырына қарамастан, ұртына бірер толғап жұтып жіберген. Уланған өзектің, өртенуі балық жұтудан бәсеңдеудің орнына, сүйектері қадалып бара жатқандай ашыңқырай түскен. Сонда да балықты медеу көріп, семіз табандардың бірінен соң бірін күйсей берген. Басына шапқан спирттің уыты біраздан кейін денесіне жайылып, мас болған Шыңғыс отырған орнында теңселе бастаған...

Драгомиров осы кезде қор ете түсті. Ол үнді Шыңғыс естімеді. Оның естігені, Курагинның:

— Сен ше? — деген жуан даусы.

— Не, не?.. — деді дауыстан селк ете түскен Шыңғыс.

— Ішесің бе?

— Не... нені?

— Арақты.

— Жо-жоқ.

— « Неге?

— Бо-бо-болдым-м-м.

— Жоқ, сен ішесің.

Курагин Шыңғысты боқтап жіберді де, екінші бокалға спиртті толтыра құйды. Бұл шақта Курагинге ерегісіп емес, айла жасап емес, спирт билеген Шыңғыс денесіне ие бола алмай жантая берді. Курагин ұсынған бокалды өз бокалының қасына қойды да, Шыңғысты жағасынан қапсыра ұстады.

— Өтірік ұйықтама! — деді ол, Шыңғыстың былқылдаған денесін еркіне жібермей. — Айла жасама! Құйған бокалды ішкеннен кейін ұйықта!

Айтқанын істете алмаған Курагин оң жақ алақанымен Шыңғысты құлақ-шекеден бар пәрменімен тартып кеп жіберді. Оның күсті алақанының жалпақтығы түйенің табанындай да, саусақтары жас баланың білегіндей еді. Денедегі күші де сұмдық болатын, үлкен бөшкеге толтырып тұздаған ауырлығы бір центнер балықты құшақтап жүре беретін, балық жинағанда ұзын аудың бір басын бұл жалғыз тартса, екінші басына он шақты адам әрең ие болатын. Қарамағындағы адамдарға сөзінің бұлды болуы да, осы күшінің салдарынан да. Жәй айтқанда тыңдаса-тыңдады, егер тыңдамаса, бетіне шапалақпен бір тартса жетті,-ырқына көніп жүре береді...

Мас кісі қызық екен!.. Сау кісінің көбі ұшып түсетін, кейбірі талып қалатын шапалақтан, Шыңғыстың есі кіре қап, басын дауылдатқан спирт көзінен ытқан жаспен бірге шыққандай, Курагинге «енді ұрма» дегендей, екі қолын да көтеріп жасқана берді.

— Сен құдайыңның шешесін... — деді Курагин қазық қағатын тоқпақтай жұдырығын Шыңғыстың төбесіне төндіріп, буындырған жағасын босатып, — мынаны жесең сеспей қатасың. Жанық барда бокалды іш! Бұдан кейін бермеймін.

Ұсынған бокалды Шыңғыс қолына еріксіз алды. Әлгінде соққан шапалақтың зардабын ол енді ғана сезінді: Аузын ашайын десе, жағының сүйегі қирап қалғандай қозғалтпайды. Курагин — «бол, іш!» деп дікеңдеп барады.

— Ішесің бе, жоқ па? — деді Курагин, жағын аша алмай отырған Шыңғыстың тұмсығына тоқпақтай жұдырығын тіреп, — әйтпесе, кеңсірігіңді бұзып жіберем.

Төнген қауіптің екпінінен, қарысқан жақтарының қалай ашылып кеткенін Шыңғыс білмей де қалды. Бокалды ол жұта салды.

— Бұл ұнамды іс, — деді Шыңғыстың бокалды түгелімен қотарғанын көріп отырған Курагин, — енді зорламаймын. Ішкің келсе ықтиярың.

Бұл жолы байқауынша, спирт өзегін өртеу түгіл білінген де жоқ, оған тұщы су жұтқан сияқтанды. «Қабірдің басын қар алады» дегендей, мына спирт манағы спирттің уытын тартып алғандай, мең-зең болып отырған басы да жазылғандай, дел-сал болып отырған денесі де сергігендей болды.

— Енді ішпеймін, — деді ол нық дауыспен.

— Ықтиярың. Жатам десең де ықтиярың кеңесіп отырам десең де ықтиярың.

— Өзің ше?

— Мен екеуіне де бейілмін.

Шыңғыстың есіне Шоқан түсіп кетті. Ол манағы кеткеннен жоқ! Қайда ол?!

Оның Курагинге білдірмей, Шоқанды төңіректен іздегісі келді.

— Тысқа шығып келейін, — деді ол орнынан қозғалып.

— Неге?

— Дәрет сындыруға.

Курагин «а-а-а» деді де қозғалмады. Шыңғыс тысқа шықса қалың шық түскен. Қанаты суланса сары масаның жатып қалатын әдеті, қазір сөйткен болу керек, ызыңдары естілмейді. Даланың желкемдеу ауасы таза, тынысы кең төңірек құлаққа ұрған танадай тиыш жел жақтан көлдің дымқос барқыны, судың толқыған сыбдыры сезіледі, құстардың шулаған дауыстары естіледі. Бұл мезгілде, бұл араның түні қысқа болады. Және іңірдің қызыл шапағы аспанның солтүстік жақ кебесін жиектеп отырады да таң сәріге тұтасады. Қазір Де солай екен, аспанның шығыс жақ етегі сары сызықтанып, құлқын сәрі басталып қапты, сол тұстағы Шолпан да жарқырай қапты. Аспандағы ала шабыр бұлттың арасынан сансыз жұлдыз жымың қағады. Ай күнгей жақ көк жиекте биік таудай қараңдаған, ара -тұра найзағайы жарқылдаған бұлтқа батып барады.

Тамұқтан жұмаққа шыққандай болған Шыңғыс, табиғаттың тамаша көрінісіне әсерленіп аз уақыт тұрды. Оның есіне осындай бір шақтың рахаттары түсіп кетті. Оның ең жақсы көретін серуені — құс салдыру еді. Жаздың алғыр құстарынан оның ұнататыны — тұйғын болатын. «Ақ ұлпа» аталған бір тұйғынды оған Арғынның атақты байы және биі — Шегеннің Бірімжәны сыйға тартып, Шыңғыс он шақты жылдай қызығын көрген еді. Ол қайда барса да «Ақ ұлпаны» да, құсбегісін де ерте жүріп, таң осылай білініп келе жатқанда құсқа шығар еді де, сулы жердің ық жағында қыранын қолына ұстап тұрып, жел жағынан құсбегіге дабыл қақтырар еді. Судан үрке ұшқан құстар, әсіресе қаз бен үйректер өзіне қарай қаптай ұшып келе жатқанда, қуанған Шыңғыс аңшы қазақтардың салтымен «қанды басын, бері тарт!» деп жымыңдар еді, зымырап келе жатқан құстардың ұшуы оған өгіздің аяңындай сылбыр көрініп, жақындағанша дәті шыдамай, тұла бойымен тыпырсыз тұрар еді, сонда да жемін көріп талпынған «Ақ ұлпасын» босатпай күткен құстарының ілгері оза беруін күтер еді, сабырсызданған «Ақ ұлпа» қатты талпынғанда көз алдынан жел тұрғызып, қанаттарымен бетіне сабай жаздар еді; «Ақ ұлпаға» әрең ие боп тұрған Шыңғыс, үйректердің ең ұшқыр-сұқсыр өзгелерден бұрын жетіп, үстерінен сып етіп өте бергенде, бауын сыпырған «Ақ ұлпаны» Шыңғыс ілгері сілтеп қалар еді, қазақтың «қыран құс қисық ұшып түзу ілер» деген сөзін «Ақ ұлпа» дәлелдер еді, қолдан ұшқан ол, зымырап бара жатқан сұқсырға тік ұшпай, жер бауырлап қиғаштай тартады, сондықтан сырын білмеген адамдар «бетімен қаңғырып кетті» деп ойлар еді, сырын білетін Шыңғыс «Ақ ұлпаға» қарай емес, үйрекке қарай шабады. Біраз екпіндеп қызып алған «Ақ ұлпа» орағыта жүйткіп, үйректің астын ала деңгейлеп барар еді де, «нысанама лекті» деген шамада, төменнен биікке бір-ақ ырғып, ілген үйрегімен бірге төңкеріліп жерге түсер еді, далақтап шапқан Шыңғыс жетіп келгенде, шарасыздықтан мойнын созып сұлық жатқан жанды үйректің үстінде, қап-қара көздері едірейген «Ақ ұлпа» бүрген үйрекке тұяқтарын батырмастан, жай ғана толғап қойып, тұмсығын тигізбестен, тәкаппар бейнеде, кеудесін көтере отырар еді. Шыңғыс аттан қарғып түсіп ұмтылғанда, «Ақ ұлпа» мақтанғандай шаңқ етіп бір шақырып қалар еді де, иесіне құрмет көрсеткендей үйректің үстінен секіріп түсіп, анадай жерге барып отырар еді. Тұйғынның өткір тұяғы өкпесіне қадалған үйрек, жаны болса да қозғала алмас еді... Шыңғыс кісесіндегі кездігін алар еді де, пісміллә келтіріп, үйректі бауыздап, табан аузында төсін сөгіп, ыстық жүрегін «Ақ ұлпаға» жұтқызар еді.

«Қан сонарда» деген өлеңінде, осындай бір жағдайды, — «бір қызық ісім екен бұл жалғанда» деп Абай айтқандай, «Ақ ұлпасына» құс алдыруын, Шыңғыс өміріндегі ең қызығы санайтын еді.

Кейін ат жалын тартып мінуге жарағанда, құсқа шыққан Шыңғыс Шоқанды ерте жүретін. Ол да әкесінен кем рахаттанбайтын.

Міне, енді көрсе, — сол әдемі табиғат әлі де сондай әдемі, сол әдемі таң әлі де сондай әдемі! Жетпейтіні: қолында «Ақ ұлпа» жоқ, қасында Шоқан жоқ, астында аты жоқ. Бары — балықшылардың мынау тамұқ дүниесі. Одан қаша жөнелер еді, — астында аты жоқ, қасында Шоқан жоқ! Қайдан табылады олар?!

...«Маңайдағы күркелердің бірінде отырған болар ма?» деген оймен, аяғын еппен басып Шыңғыс жан-жақты шолып көрсе, ояу адам сезілмейді, әр күркеге тоқырап құлақ түрсе, қорылдаған, пысылдаған дыбыстар ғана естіледі.

Шықтан қорғалаған масалар жылан сияқты болады. Қамыстардың арасына тығылып тым-тырыс жатады екен де, жақындай қалсаң жабылып кетеді екен. Шыңғысты да сөйтті, тек, қамыс күркелердің қасына таянса болды, беті-қолы дуылдап, удай аши қалады, сипап жіберсе, қадалған масалардың түскендігі сезіледі...

Масалардың шағуынан бас сауғалаған Шыңғыс күркелердің арасынан көлге қарай қашты. Жолында қараңдаған әлденеге кезіккен, — өздерінің күймесі екен. Оның мана шоңқиып қалған артқы жағы көтерілген!.. Доңғалақтар орнында... Сипап көрсе, мұрындықтары да орнында!..

Шыңғыс қуанып кетті. «Шіркін, — деп ойлады ол, — Қанашжан да, аттар да осы арада болып, бұндағы тамұқтан қаша жөнелсек, қандай жақсы болар еді!..»

«Қанаш осында тығылған болар ма?» — деп күйменің ішіне үңіліп те, сипалап та қарады. Бала жым-жылас, жоқ боп кетіпті.

Бірдеме ту сыртынан сыбдыр еткенде, Шыңғыс шошып кетіп жалт қараса, Курагин екен.

— Күйме қалпына келген! — деген сөз түсіп кетті оның аузына.

— Айтпадым ба, сізге? Солай болу тиісті. Бұл мекендегі адамдарда, менің айтқанымнан шығатындары жоқ.

Жобасына қараса, Курагин түк көрмеген адам сияқты, жүрісі де тың, сөзі де пысық! О, ғажап!.. Манағы әрі сасық, әрі удай арақтың түк әсері тимеген бе?.. Тисе, уыты тез қайтқан ба?!

Шыңғыс Курагинге баласының жайын айтып еді:

— Саспаңыз, — деді ол. — Табылады. Оған ешкім де тимейді.

— Қашан? — деді Шыңғыс жалбарынған үнмен.

— Менімше, таң ағарып болған шақта.

— Оны қайдан білесіз?

— Біздің балықшылар ауды көлге түн мезгілінде құрады, менімше, Ваше благородие, сіздің балаңыз сол қайықшылармен бірге кету керек.

— Балықшылар қашан қайтады?

— Кешікпес. Алды келе бастар. Қайда боласыз, күркеде ме, су жағасында ма?

— Өзіңіз ше?

— Маған бәрібір. Шалға балық астырып кеттім. Ендігі даяр шығар. Барып жесеңіз де ықтиярыңыз, балаңызды көл жағасында күтсеңіз де ықтиярыңыз.

Асқа зауқы жоқ. Шыңғыс көл жағасына бару ниетін айтты.

— Мақұл, — деді Курагин.

Екеуі көл жағасына барды. Ар жағында қорғасын түстеніп толқыған айдын шетіне көз жетпейді. Мақайда төңкерілген бірнеше қайық жатыр. Біразы арқандалып, жараға ұрған толқынмен тербеліп тұр. Төңірек балық сасиды. Маса сезілмейді.

— Сіз осында, төңкерілген қайықтардың біреуінің үстінде отыра тұрыңыз, — деді Курагин Шыңғысқа,-мен жабдықтарыма барайын. Тез оралам.

— Мақұл, — деді Шыңғыс.

Курагин жөніне кетті. Шыңғыс қайыққа отырмастан, келдің құмақ жағасында ерсіл-қарсылы жүрді, сонда басындағы бар ойы, — «Балам қайда болды екен?!»

Курагиннің күркесінен қашып шыққан Шоқанның ойы зымырап отырып күймеге жету еді де, шатырын көтеріп, бас-аяғын тұмшалап жатып қалу еді.

Ойы іске аспады. Тысқа жүгіріп шыға келсе, масаның көптігі қалың бұлттай болып кеткен. Олар мана денесінің ашық жерін шақса, енді ауыздан дем алғанда ішіне будақтала кіріп қақалтып жіберді. Аузын жапса мұрнына кірді. Оған ауада масасыз тартатын тыныс жоқ сияқтанды. Егер дала қараңғы болса, масасы құрғырлар осынша жабылмас па еді? Ай сәулесін шашқан бозамық сыртта көзге түскен жалғыз адам — Шоқан болғансын масалар жан-жақтан қаптай ұмтылып, қуанып қалғандай екен.

Курагиннің күркесіне қашып кірейін десе, әлгінде өңмеңін атып кеткен қошқыл, қою түтін әлі де булықтырып, танауынан исі кетпей тұр.

Сасқалақтап не істеуге білмей қалған Шоқанның құлағына жақын тұстан шыққан сырнай даусы, оған қосылған бірнеше әйел-еркектің әні естілді. Осы тамұқта бұл не сауық?!..

«Той немесе шілдехана сияқты бірдеме шығар, сауық жасалған жерде маса да жоқ, шығар» деген ой келді Шоқанға. Думанды жақсы керетін бала, дауысқа қарай жүгіре жөнелді.

Жолшыбайғы күркелер, қостар ығы-жығы, бытықы-шытықы екен. Солардың ара -арасымен жүгірген Шоқанды масалар да талап бақты. Бет-аузын екі қолымен дамылсыз сипалап жанталасқан Шоқан бет алған жағынан бұрылған жоқ. Сонда тағы бір байқап келе жатқаны, шырылдаған шегірткелердің дауысы. Олардың да санында қисап жоқ сияқты. Үндерін қоса жан-жақтан шырылдаған олардың үндері,-топ қасқырдан үрке қашып шұрылдаған көп жылқының даусы сияқты. Не деген көп шегіртке!.. Мұншама көп шырылдауық шегіртке түгіл, бірен-сараны күз ағаш үйге тығылып, қай қуыста екенін таптырмай түн баласында қыстай шырылдаса, Шоқанның қытығына тиіп ұйқысынан оятып жіберетін еді де, көпке дейін көзін жұма алмай, қалжырап барып әрең қалғитын еді. Ал, мына араның ондай шырылдауықтары мың-миллион десе де боларлық!.. Бір кемпірдің — «шырылдауық босқа әндетпейді, пәле шақырады» дегені Шоқанның құлағында. Сонысы расқа келгендей, өткен қыс орданың ағаш үйінде, ымырт жабылғаннан таңға дейін бір шырылдауық дамылсыз сайрап, мекенін таптырмай мезі қылған! Соның арты жамандыққа соғып, хан ордасы құлағандай болып отыр. «Мына мыңдардың қосыла шырылдауының арты неге соғар екен?!..» деп ойлайды бала.

Бозамық далада үй-үйдің арасымен жүгіріп келе жатқан Шоқанның байқауынша, «үй» дегендер әр түрлі, бұған қамыстардың бастарын түйістіріп қойған, төбесі шошақ кішкенелері де бар, төрт қабырға жасап, төбесін жалпақтау ғып жапқандары да бар, сарай сияқты созыла салынғандары да бар, басым көпшілігі қамыстан құралғандар... Бәрін тұтас алғанда, тірі адам тұратын баспана сияқты емес. Жан адамның дыбысы естілмейді. Тым болмаса, сыбысқа елеңдеп үретін иті, жолды кесіп жүгіретін мысығы болсайшы!.. Жанды мақлұқтан бары масалар мен шырылдауық шегірткелер ғана сияқты.

Думан даусы жақын сияқтанғанмен, жүгіре келе бірталай жер боп шықты. Масалармен арпалыса жүгірген Шоқан, ол араға ентігіп жетті.

Түбіне таянса, думан болып жатқан тұрақтың сыртқы бейнесі, төбесін тапалдау ғып үйген ұзын маяға ұқсайды. Жүгіре басып айналып түссе, бір басындағы қақпа сияқты кірер орнынан басқасы жоқ. Тегі қамыстан салынған болу керек, — іштегі у-шудың дыбыстары түгелімен айқын естіліп тұр.

Шоқанның ықтиярына салса, сырттан тыңдап не шу екенін біліп алу, кірер-кірмесін содан кейін шешу еді. Үстіне бұлттай үймелеген қалың маса ол еркіне қаратпай, қақпаға қуып тықты.

Күркенің іші көрдей қараңғы. Іші түтін сасиды. Күркенің орта тұсында от орнындағы қоз болу керек, әлдене жылтырайды. Думан жүріп жатыр. Сырнайдың мана даладан естілген, татар күйлерін ойнаған үні, қосылған әйелдер, еркектер даусы әлі қызу-ақ. Әндетушілердің үндеріне қарағанда мас кісілер секілді.

Көмескі даладан қараңғы күркеге кіріп барғанда басы айналғандай болған Шоқан, шыға жөнелгісі кеп бір тұрды да, ойына күркендегілердің кім екенін білу түсіп кідірді.

— Жарық жасаңдаршы! — деген дауыстар естілді.

От орнының маңында қараңдаған біреу, қозға қамыс тастап жіберген болу керек, лап еткен жалын маздай жөнелді... Сонда көзі түссе, күрке іші қаптаған қалың жан, біреулері бұрыштарда, іргелерде жатқан сияқты, біреулері иық тіресе отырған сияқты, от маңайындағы адамдар қалың.

Оларды түстеп болмай, лап еткен жалын тез сөнді.

Шоқан әлгінде жалт еткен жалынның сәулесімен, өзі тұрған жердің іргесінде, аулар үйілген жерде бостау орын көр, оның ойы соған отыра кетіп, күрке ішіндегі тіршілікті абайлауға соқты. Мұның кіргенін ешкім аңғармаған, тұрғанын ешкім көрмеген сияқты.

— Шөлдеп өлетін болдық қой, — деген еркек даусы естілді сол тұстан, — әндету, сырнайлатуды қоя тұрып, тамақ жібітіп алсақ қайтеді?

— Қарнымыз да аша бастады, — десті біреулер, — сырнай мен өлең тамақ болмас — қаужалап алайық.

— Тамақты жарықта ішейік, біреу жарық қып тұрсын.

Қозға тастаған қамыстың жалыны тағы да жарқ ете қалды. От басындағылар әлдене сұйықты аз ғана бокалмен кезектесіп ішті, тыжырынған, түкірінген, демігіп қалғандары қаншама. Әлдене үлкен ыдыспен олардың арасына жейтін қойылды, оны да от басындағылар жапырласа жеп жатыр.

«Асқа жұмылғандар жүректерін жалғап алды-ау» деген шақта:

— Әу, сауығымызды қайта бастайық, — деген дауыс естілді.

— Баланың! — деді біреу. — Атын да қойған жоқпыз. Атын қояйық та, содан кейін қисайып, көздің шырымын алайық. Ау жаятын шақ таяп қалды.

— Сол баланың даусы біраздан бері естілмеді ғой, тұншығып қап жүрмесін өзі, — деді әлдекім.

— Рас-ау, — деді біреу. — Болды да ғой ондай оқиға, басқа бір қоста, әнеукүні жұмыстан қалжырап жүрген шешесі, нәрестесін емшегімен тұншықтырып өлтірді ғой.

— Мына баланы да байқайтын екен, — десті әлденеше дауыс.

— Мен байқайын, — деген әйел даусы естілді.

— Жарықты жарқырата түсіңдер, — деді біреулер.

Қамыстың жарқыраған сәулесімен, от басынан бір әйел ербеңдеп түрегелді де тура Шоқан отырған жаққа беттеді. «Көріп қалар» деген оймен, Шоқан үстінде отырған аулардың етегіне сырғып жантая кетті.

Қараңдаған әйел Шоқанның сол жағындағы нақ қасына келді. Сол арада томпая қараңдап, мұрны пысылдаған адам жатқан еді. Келген әйел сол адамның қасына тоқырап еңкейді де, — «Баршын, ә, Баршын!» деп денесін қозғады. «Ә, ә...» лап есеңгіреген әйел үні естілді.

— Қатты ұйқтап қапсың ғой.

— Сен кімсің?

— Ақ маңдаймын.

— Неғып жүрсің?

— Сенің де, балаңның, да дыбыстарың естілмей қалған соң...

— Маса құрғыр дамыл бермей, көзім жаңа ғана ілінген еді. Баланы шағып шыдатпай, әлгінде ғана орап-шымқап әрең тыныштандырдым.

Әйел баласын байқаған қимыл көрсетті де, «ұйқыда екен» деді.

— Ендеше қозғама! — деді келген әйел. — Мен шілдехана жасаушылардың тамағын беріп болдым, енді ыдыс-аяқтарын тазалайын. Сен қалғи тұр. Мен де осы араға келіп қисаям.

Әйел кетті. Балалы әйел қайта жантайды. Бұл күркедегі мәжілістің шілдехана екенін Шоқан білді.

Тамақтан кейін мәжіліс оншалық қызбады. Күні бойы жұмыста болып, шілдеханаға іңірде жиналған олар, жаңа ішкен-жегендері буындарына түскендей берекесізденіп, дауыстары да, әлдері де божыған белгі көрсетті. Сырнайшы, тегі, не қазақ болу керек те, не қазақ арасында көп жүрген татар болу керек.

Бұдан бұрын әкесіне еріп, татарлар көп отыратын Қырықбойдақ пен Бағланға Шоқанның барғаны бар, сонда Шыңғысқа құрмет көрсеткен татар байлары қонаққа шақырып, мәжіліс кезінде гармонь тартқызған, жырлар айтқызған. Шоқан татар музыкасын, әндерін ұнатып, артынан, дәл үйрене алмаған әндерді былдырықтатып өзі де ыңылдап жүретін болған. Татардың кейбір өлеңдерін қазақшылаған түрде айтып:

Қарман ойнай білмейміз де,

Үйренерміз біз әлі.

Бізді таупықсыздар деп айтады,

Таупық табармыз әлі, -

дегенді аузынан тастамайтын. Мына жолы естіген татар әндері де тамаша. Соларды тыңдап отырып, «өзі қазақша білмей ме екен?» деген ойға батты Шоқан. Сол ойын сезгендей, астан кейін сырнайшы тағы да татарша ойнай бастағанда:

— Әу, ойнай бере ме, бұл, ноғайша? Енді қазақшаны тыңдайық та! — деген дауыстар естілген.

— Енді қазақша тарт, Таңатар! — десті біреулер қостай:

«Таңатар» дегеннің кісі аты екенін я «таң атып қалар» деген мағынада айтылғанын Шоқан аңғармай қалды. Қайсысы болса да, жұрт сол сөзді айтып шулап кеткен соң:

— Болсын, — деді сырнайшы еркек.

Ол қазақтың бір биік әнін сырнайға ойнай жөнелгенде, әнге үйір Шоқан іштей көтеріліп кетті. Қазақ әнінің сырнайға тартылуын оның бірінші естуі. Бұған дейін қазақ музыкасының қобызға, домбыраға, сыбызғыға тартылуын ғана естіген. Оларды мына сырнаймен салыстырғанда, сырнайдың үні ен даланы жаңғырықтыра сұңқылдаған аққудың даусы сияқты да, аналардікі-ағаштың саясынан алысқа ұзамайтын бұлбұлдың сайрауы сияқты. Не деген ғажап, еді, мынау сырнай!.. Бұл маңай түгіл, сонау алыста қалған Құсмұрынға да жетіп тұрған жоқ па екен үні?!.

Сырнайшы әнді желіктіре тартып, екпіндеп алды да:

— Кәне, қайсының бар қосылатын? — деді.

От басындағылардан әркімдер «сен айт, мен айтқа» түсіп, суырылып ешкім шыға қоймады. Тегі араларындағы «шек шығарлары» болу керек, бірнешеуі «Құдамен айтсын» деп шуласты. Көпшілік сол сөзімді атап даурығып кеткен соң, біреу:

— Даусым қарлығып жүр еді, айтып көрейін, болмаса қалар, — деп тамағын кенеді.

Оның даусы Шоқанға таяқ жеп бақырған түйе сияқты болып естілді. Жұрт қолдаудың орнына ду-ду күлісті.

— Албасты басыпты ғой, мынауыңды!.. — деген дауыстар шықты әр тұстан. Анау намыстанғандай:

— Жақпаса қояйын, — деді де, енді қайтып үн шығармады.

— Енді қайсының бар? — дегенге ешкім жауап бермеді.

— Ұйықтайық, — десті әркімдер. Жұрт «сөйтсек сөйтейік» деп күңкілдей, қимылдай бастаған шақта:

— Әу, осы Үкі апайдың үнін естісек қайтеді? — десті әркімдер.

— Неге айтпайды? «Халық ұнатса хан түйесін сояды».

Бірнеше дауыстың шуласып өтінуіне қарағанда, «Үкі апайы» от маңында сияқты.

— Қарақтарым-ау, — деген еркектің я әйелдің даусы екенін айыруы қиын үн естілді от маңынан. — «Біздің бастан тарақ қалғалы қашан?» дегендей, әні бар болғырға ауыз ашпауым қашан!..

Әйелі, еркегі, баласы... дегендей, жалбарынған дауыстар жамырап кеткен соң:

— Нені айтайын? — деді әлгі дауыс.

— Қалағаныңды тартамын жеңеше, — деген еркек үні естілді.

— «Дәлләтты»! — деп ду ете түсті жұрт.

— Жылатады ғой, бейшараны!-деп күңк ете қалды. Шоқанның қасында жатқан әйел.

«Делләт, делләт!» деген шу көбейіп кеткен соң:

— Қайтеміз, жеңеше? — деген даусы естілді сырнайшының.

— Тартсаң, тартып көр, тентегім, — деді даусы қалың Үкі.

«Тентегім» деуіне қарап, Шоқан сырнайшы «Үкінің жақын қайын інісі екен» деп жорамалдады.

Әннің музыкасы сырнайдың саға жағынан ащы басталады екен. Домбырада бір пернені саусақпен ұзақ басып, әнші үні таусылғанша басқа пернелерге ауыспай біраз тұрды да, содан кейін жоғарылы-төменділі ырғағы көп әнді құйқылжыта жөнелді. Шоқан бұндай әнді бұрын естіген жоқ-ты, күйіне қарағанда, ән мұңы зор туынды. Ауыздан шыққанда қалай естілер екен?

Сырнайшы әннің бір ауызын түгел сыдырта тартып алды да:

— Жеңеше, бастайық енді, — деді.

Әйел үндемеді.

Сырнайдың астыңғы пернесіндегі ащы үн әлгіндей безілдей бастағанда, дауыс қосыла кетті.

Ойын-тойда талай жоғары дауысты әйелдердің әнін ести жүре, дәл осындай ащы үнді Шоқан кездестірген жоқ еді. Ән мына күркенің, ішіне сыймай, жер — өмірге жетіп жатқан сияқты.

«Апырау, осынша әйел даусы жоғары болады екен ғой?!» деп қайран қап отыр Шоқан. Дауыс биіктіктің үстіне мейлінше ырғақты, мұңды да сәнді. Күш жеткен көмейді, үздіксіз үн бола береді екен-ау!..

Әнге қайран қала отыра, ұғымтал Шоқан оның сөздерін де есте тұтып қалды:

Қара нар жүк көтермес бел кеткен соң,

Кең жайлау құлазиды ел кеткен соң,

Бірге өскен ойнап — күліп, беу жан-қалқам,

Күлемін кіммен ойнап сен кеткен соң, -

Аха-хау, Дәлләт-ай!.

Осылай айтқан өлеңнің бір ауызын әйел ширақ дауыспен бітірді. Екінші ауыздың өлеңі:

Шалшық су құдық болмас қазбаған соң,

Тобықтан ат шаба алмас саздаған соң —

деп басталады екен. Соларға кірісе, әнші әйелдің даусы берекесізденіп кетті. Қараңғыда естілген дауыстың жобасына қарағанда, әйел әннің екінші ауызын бастамай жатып, жыламсыраған қалпын көрсетті.

— Тоқтатыңдар! — деген дауыстар естілді әр тұстан. Шоқанның қасындағы әйел отқа қарай тұра ұмтылды...

Тегі, әннен оянды ма, әлде оянар мезгілдері болды ма, кең күркенің іші араның ұясындай гуілдеген дауысқа толып кетті. Әнші әйелдің былай да қалжыраған үні, гуілдеген дауыс толқынына батып кетті...

Гуілден шыққан үндерден адамның иманы қасым болғандай ыңыранған аурулар даусы да естіледі одан, ұрсысқан, жанжалдасқан дауыстар да естіледі, жылаған дауыстарына қарағанда, бұл қостың ішінде жас балалар да бірталай сияқты, оларға ұрысқан, қарғаған, сабаған әйел дауыстарды да аз емес...

Құлағы тұнған Шоқан далаға шығып кету ниетімен орнынан көтеріле бергенде, қасынан жаңа туған баланың шар ете қалған даусы естілді. «Маса шаққан болар, бейшараны» деген ой кеп, Шоқан баланы қолына қалай көтеріп алғанын білмей де қалды.

— Бала оянды! — деген дауыс естілді от жақтан.

— Ендеше, атын қою керек, — десті біреулер.

— Сөйту керек, — десті әлдекімдер.

— Онда от алып жүріңдер.

Біреу оттың қозын жарқырата жайпап жіберді де, қолға уыстаған қамыстың басын тосты. Әлдекім қозды еңкейе беріп үрлеп жатыр. Қамыс лау ете түсті. Жарық ұстаған бір топ адам Шоқанға беттеді. Іштерінде сырнай ұстаған мұртты да бар.

— Мынасы кім?! — десті біреулер, қолындағы сәби безек қағып шырылдап тұрған Шоқанға жақындай.

— Манағы Шыңғыстың баласы сияқты ғой!..

— Дәл сол!

— Бұл қайдан душар болды, бұнда?!

— Баланы қалай алды, қолына? — деген дауыстар гулесіп кетті. Маңайдағылар қаптай бастады. Уыстағы қамыстар бірінен соң, бірі тұтанып, Шоқанның төңірегі отқа толып кетті...

Қоршаған адамдардың түстерінен адам шошырлық бәрі де арық, үсті-бастары далба-дұлба, түстері суық, қадалған көздері Шоқанды ішіп-жеп барады!..

Бұған дейін талай кедей ауылдарды, талай кедей үйлерді көре жүре, нақ мынадай жүдеулерді Шоқан кездестірген емес-ті. Не сұмдық, мыналар?!.. Осындай да тұрмыс болары екен-ау, адамзатта!.. Көздерімен ғана емес, сөздерімен де асса,-қолдарымен де түтіп жемес пе екен Шоқанды?

Зәресі кеткен Шоқан, көп тазының арасына түсіп қалған күшіктей, жан-жағына жаутаңдай қарап мейірім күткен еді, ондай белгі ешкімнің де кескінінен аңғарылмады.

— Бері әкел, баланы! — деп бір әйел қолын созды.

Баланы берсе, мына қоршай төнген түсі суықтар бас салардай көрінді. Ол қуана бастаған сәбиді бауырына қыса түсіп шегіншектей берді.

— «Әкел» дедім ғой, — деді әйел Шоқанға.

— Бермеймін!

— Неге?!

— «Атын қоямыз» деген жоқсыңдар ма, бұл нәрестенің?

— Онда сенің не ақың бар? Бер баламды! — деп әйел қол салуға айналғанда:

— Тұра тұршы, келін! — деді қартаң әйел.

— Шыңғыстың баласымысың, сен?

— Ие, Шыңғыстың баласымын.

— Кәдімгі — хан Шыңғыстың ба?

— Ие, хан Шыңғыстың.

— Мана көл жағасында көрген баламысың, сен?

— Ие, сол баламын.

— Мұнда неге келдің?

— Шілдеханаға.

— Қайдан білдің, шілдехана барын?

— Естідім.

— Қашан келдің?

— Мана.

— Бұ не, баланы әңкүр-мәңкүрдей тергеп кеткендерің? — деді аппақ сақалды, жыртық көйлек-дамбалшаң біреу, Шоқанды қоршаған топты кимелей, Шоқанға жақындай берді, -кім келмеуші еді, шілдеханаға? Ойынға келдің бе, балам?

— Ие, ата.

— Атың кім өзіңнің?

— Шоқан.

— Әу, жұрт! — деді шал қоршағандарға, — бұл қосқа құдай айдап келген шығар осы баланы. Асыл тұқым, нәрестеге осының атын қою керек.

— Табылған ат!.. — деп ду ете түсті бірнеше адам.

— Иесі не дейді екен? — десті біреулер.

— Сен қалай көресің? — деп біреулер сырнайшыға қарады. «Әкесі осы екен ғой» деп ойлады Шоқан.

— Қатын, қалай дейсің? — деді сырнайшы, балаға ұмтылған әйелге. «Шешесі осы екен ғой» деп ойлады Шоқан.

— Көп ұнатса не дейміз, — деп күңк етті әйел.

— Болмайды! — деді, үсті далба-дұлба, басына тартқан кішірек жыртық орамалдан ұйпаланған тұлымдары шыққан, кескінінің айғызданған әжімдері жалынның жарығынан айқын көрінген, арық денелі әйел, тырнақтары қарғаның тұяғына ұқсаған екі қолын бірдей көтеріп.

— Неге, Үкі? — деді ақсақал. «Әнші әйел осы болғаны ма?!» деп ойлады Шоқан.

— Құдай төрім түгіл көрімді жақын қылмасын, хан тұқымына.

— Олай деме, Үкі келін! — деді ақсақал, — хан тұқымының аты айыпты емес, ісі айыпты. Мына баланың, — деді ол Шоқанды қолымен нұсқап, — аты жақсы екен, өзі оқу іздеп бара жатыр дейді, солай ма, балам?

— Солай, ата.

— Ендеше, тіпті жақсы. Нәрестеге осы баланың жолын берсін, аты Шоқан болсын.

— Дұрыс, — десті көпшілік.

— Болса — болсын! — десті әкесі мен шешесі.

— Ал, ендеше,-деді ақсақал, Шоқанға,-қолындағы баланың құлағына «Шоқан, Шоқан, Шоқан» деп үш айғайла да шешесіне бер.

Шоқан шалдың тілегін орындады. Қолына тиген баланы шешесі бауырына басты.

— Бәрекелді! — десті шуылдасқан әлеумет.

«Төнгендер енді тимес» деген оймен жылысып тысқа шығуға ыңғайланған Шоқанға:

— Әй, бала, тоқта! — деді біреу. Таңатар екен. Шоқан кідірді.

— Бұл қалай болады, шырағым? — деді ол Шоқанға жақындап, — әдетте, балаға ат қойған кісіге әкесі ат мінгізеді, менде ат жоқ. Оның орнына, қайыққа мінгізсем қайтеді?

— Қайдағы?

— Көлдегі. Ау салар мезгіліміз болды. Менімен бірге барасың да, ay салысасың. Қызық болады.

— Қатын, манағы бақырға салған сазандар бар ма еді? — деді Таңатар әйеліне.

— Бар, аздап тұз сеуіп қойғам.

— Әкел, бақырды. Шоқанға кел үстінде асып жегізем.

Әйел бақырды алып берді.

— Екеуміз тоярлықтай, — деді Таңатар бақырды тұтқасынан ұстап, — су үстінде асқан балықты жеп көріп пе ең?

— Жоқ.

— Ендеше тамаша болды ол. Біздің үйден татқан дәмің болады! Мә, бақырды ұста, ауды арқалаймын.

Шоқан бақырды қолына алды. Таңатардың айтқаны рас екен, бақыр ап-ауыр.

— Бәріміз де кетеміз, — деді ол оты сөнген қоста гуілдескендерге.

Ауды арқалаған Таңатарға еріп Шоқан тысқа шықса, дала бозамықтанып қалған екен. Таңатардың арқалап алған ауы бір шөмеле шөптей дерлік. Қостан шығып жатқандардың көбінің арқасында да сондай жүк.

— Ал, кеттік! — деп көлге қарай беттей берген Таңатардың әлдекімдерге:

— Шыңғыс күймесінен алған тұмылдырықтарды апарыңдар да, доңғалақтарды орнына салыңдар! — деген күбірі Шоқанның құлағына шалынып қалды. «Көлде жүріп қайтқанша күйме дұрысталса, жолға шығады екенбіз» деп үміттенді ол.

Балықшылар арты шоңқиған күймені жанап өтті. Шоқанның қазіргі есі-дерті онда емес, қайыққа мініп келде жүзуде, көл үстінде балық асып жеуде. Осындай ойдағы оның былай да ашып келе жатқан қарны, тіпті аша түсті, шектерін бойлай жылан жорғалаған сияқтанып, былай да еңкектеу жүретін ол, бүкшиіп алған сияқтанды. Сонысын аңғарғандай.

— Бала, немене, бүкшеңдеп қалдың ғой, бақырды ауырлап келе жатқан жоқсың ба? — деді Таңатар.

— Жоқ, — деді, бұрын жүк көтермеген Шоқан намыс көріп.

Таңатардың түр-тұлғасын енді ғана байқап келеді, орта бойлы, сүйектері сом, жауырыны кең, кеудесі еңкектеу, мұртын баспастан, орыстарша ширатып еркіне жіберген, тегі, сақалы қалын, болу керек. Қушықтай біткен бетінің иек жағы жалпайып тұр, шүңіректеу көздері кішкене тәрізді. Иығына артқан ауды ұстамастан келеді. Үстіндегі жамаулы көйлек-дамбалы кенеп. Жалаң аяғымен кедір-бұдыры көп жерді етікті кісідей басады, аяңы жылдам екен. Шоқан жүгіре басып әрең еріп келеді...

Олар көлдің жағасына келсе, батыс жақтан тұрған самалдан судың беті толқынданып, ақ көбік жиекке жинала бастаған екен. Әлгінде, сауық болған күркеден шыққанда ерген адамның саны оншалық көп сияқты емес еді, енді Шоқан көл жиегіне келгенде қараса, қаптап кеткен адам және кілең әр жастағы еркектер, әйел көрінбейді, бәрінің де киімдері жыртық-жамаулар, бері де жалаң аяқтар, көбінің басында лыпа жоқ,... түндегі толық айдың қазір көкжиекке қызара батып, айналаның бәрі күңгірттене бастауынан ба, әлде расында солай ма,-барлық адамның да беттері қара сұр суық.

Жағадағы қазыққа арқандалып, толқыған судан шоршаңдап тұрған үлкенді-кішілі қайықтар толып жатыр екен. Таңатар сол арқандаулылардың сопақша кішірек келген, астау тәрізді біреуіне таянды да, ішіне үңіліп:

— Суға толып қапты ғой, мынау! — деді.

Шоқан да үңілсе, толқыннан қалтақтаған астауша қайықтың ішіне іркілген, шамасы «адамның толарсағына таяу келер-ау» дерлік су, шайқалаңдап жатыр екен.

— Әу, бері кел! — деп Таңатар, қайықтарын, саймандарын түзеп әбігерленгендерден біреуді шақырып алды да, арқалаған ауын аударыңқырай, — мә, ұста мынаны! — деді. Келген адам ауды көтеріп алды.

— Сендер құра беріңдер, ауларды, — деді Таңатар оған, — мен өзімнің «қалтақбайыммен», мырзаны көлге серуендетіп келейін.

«Мырза» дегенді сыйлау, я кекету түрінде айтқанын Шоқан аңдамай қалды.

— Мақұл, — деді анау.

— Мен, — деді Таңатар, — бақырашпен «қалтақбай» ішіндегі суды төгейін, сен бір құшақ құрғақ қамыс алып кел.

Астау қайықтың аты «қалтақбай» екенін Шоқан енді жорамалдады. Анау адамға бұйыра сөйлеуіне, күрке ішінде өзін қалай ұстауына қарап, Шоқан Таңатарды «басқарушы біреуі болар» деп тұр. «Ендеше ол, дені дұрыс, үлкендеу қайықтардың біреуіне мінбей, мына сияқты «қалтақбайға» неге мінеді?!.»

Таңатар «қалтақбайдың» үстіне шықты да, суы молырақ көлкіген жағынан түрі ожау сияқты мыжырайған бірдемені суырып ап, қайықтағы суды көсіп ап көлге төге бастады. Салдырлауына қарағанда, «бақыраш» дегені осы болу керек.

Таңатар қайық ішіндегі бірталай суды бақырашпен ілезде кәсіп тауысты да:

— Ал, мырза, кел бері, мін мұнда! — деді қайық ішіне шақырып.

Қайыққа мінер — мінбесін білмеген Шоқан, Таңатарға инені тартқан магнитті пышақ сияқты, еркінен тысқары жақындай берді.

— Әуелі бақырыңды бері әкел! — деді қайыққа таянған Шоқанға қолын созып.

Шоқан берді.

— Су қайыққа әлі де кіреді, — деді Таңатар, — етігін мен шалбарыңды шеш те, анау үйіліп жатқан салының үстіне қойып кет, қайтқанда аламыз.

Шешінер-шешінбесін білмеген Шоқанға:

— Рас айтам, — деді Таңатар бұйрықты дауыспен, — ешкім де алмайды. Сол орнында тұрады.

Шоқан Таңатарға арбалған адамдай, салының үстіне отыра қап етігін де, шалбарын да шешті.

— Дамбалыңды ышқырыңа түрініп ал, — деді шешкен киімдерін салының үстіне қойып, қайыққа жалаң аяқ түрде жақындаған Шоқанға.

Шоқан оны да істеді.

— Ал, енді мін, қайыққа. Су жағынан кел.

Шоқан көлдің суы салқын жиегіне аяқ басып көрсе, түбі таңдайланып жатқан құм-қайран екен және шетінен бастап терең екен, қайыққа Шоқан орта тұсынан кеп мінгенде тізесінен келді. Шоқан мінгенде қайық аяқ басқан жағына аударылып кететін сияқтанып қалтақтап қалды. Әлгі жұмсағаны, белінен қоғажаймен буған бір бау құрғақ қамыс әкеп берді. Оның екі басы қайықтың алды-артынан асып жатты.

— Жақсы болды, — деді Таңатар. — Суға тимейтін болды. Тисе — пысылдап жанбай әуре қылар еді. — Ал, енді ағыт бауын қазықтан, — деді Таңатар қамыс әкелгенге.

Ол аласа қазыққа байлап қойған, түйіні көп жіпті шешті де, шумақтап ап, қайықтың ішіне тастады.

Шоқан қайықты алғаш көргенде, «тұтас бөренеден ойып жасаған болар» деп жорыған еді. Енді қараса, тақтайдан құрастырылған екен. Олардың жіктерінен жылтыраған су жылап кіріп жатыр. Арт жағында бір адам отырарлық орындық бар.

— Бала, — деді Таңатар, — сен анау орындыққа отыр. Қайыққа жиналған суды бақырашпен қалғып ап, көлге серпіп отырасың ескекті мен есемін.

«Ескек» дегені-ұзындығы адамның бір жақ қарындай ғана қалақ екен және өзі-жалғыз.

— Ал, кеттік!-деп Таңатар сол ескекті су түбіне тірей, бір-екі ырғап қалғанда, қалтақтаған қайық, көлдің, ішіне қарай жылжып жүре берді. Түрегеп тұрған Таңатар, жылдамдатқан қимылмен суды екі жақтап есті. Ілезде жара алыстай бастады.

— Таңатар! — деп дауыстады, қамыс әкелген жағада тұрып, — айттым ғой мана, сүңгітіп жібер!..

Нені сүңгіт дегенін Шоқан аңғармай қалды. Аздан кейін оның ойына жамандық кіріп, — «мені айтқан жоқ па екен?!» деп күдіктенді. Оның жүрегі өрекпи қап, маңдайынан тер шығып кетті. Сасқанынан:

— Осы ара терең бе? — деген сұрау шығып кетті оның аузынан.

— Терең, — деді Таңатар есуін жылдамдата түсіп. — Кісі бойламайды.

— Жағаға жақын жер ғой.

— Болса ше? Не заманнан бері қаптаған қайық жүріп жататын тұс. Қаратылуы солай ма, әлде бізден бұрынғы балықшылар қайықтардың келіп-кетуіне оңай болсын деп қолдан тереңдетті ме,-әйтеуір осы бір суаттың асты өте терең.

Егер терең болмаса, ойына өлім қаупі келген Шоқан, осы маңда суға қарғып түсіп тұра қашар ма еді, қайтер еді, ол иығынан ғана келетін су болмаса, одан асатын суға малтып келген жан емес, сондықтан:

Қалтылдақ қайық мініп ескегі жоқ,

Дарияда жүрміз заулап кешпегі жоқ,

деп бір ақын айтқандай, еркінен тыс, аумағы кең көлдің айдынына қарай кете барды.

Іңірде және әлгінде жаға жақтан қарағанда, бұл көл қамысты сияқты еді. Енді, айдынға шыға көрсе, қамыс, тек жағаға жақын тұсқа, ақ кигіз үйдің жабығының сыртына ұстаған басқұр сияқты ғана екен. Ал, толқып жатқан айдынның ұшы-қиырына көз жетер емес.

Таңатар түрегеп тұрған қалпымен, ескекті екі жақтап сілтеп келеді. Айдынға шыға жел қатайып бара жатқан сияқты. Мана жағада іркілдеген толқын енді күркілдеп, құтырған бурадай шабынып жатыр. Сусылдап қамаған толқын астау қайықты аударып жіберерліктей екпіндейді. Тегі, таң қараңғысы ма, немене? Төңірек қап-қара түнек болып алған. Ай бардағы ала-шабыр бұлт, ол батқаннан кейін қалыңдап алса керек, аспанда бір де жұлдыз жылтырамайды. Қараңғылыққа көзі үйренген Шоқанға төңіректе жарыса сапырылыса қимылдаған толқындардың елесі қараңдайды. Олар ертегіде айтылатын айдаһарлар сияқты, бәрінің де түстері қап-қара, жалдары қара-бурыл. Солар қайықты қамай сапырылысқанда, «қайсысы жұтар екен?!» деп үрейі кеткендей, қайықтың қалтақтауы жиілей түседі. «Қашан ауып кетер екен?!» деген қауіптегі Шоқанда зәре жоқ. Таңатар ескегін үн-түнсіз есе береді. Ол, тек, анда-санда ғана, бірде «бала» деп, бірде «мырза» деп дыбыс береді.

— Төгіп отыр, қайыққа кірген суды! — деп қояды. Шоқан Таңатарсыз да су төгуді ермек көріп, қимылдан қолы босамайды. Бұл жүзудің ақыры немен тынарын білмеген Шоқанның ой-санасы сандалуда...

— Бала! — деді әлдене бір уақытта Таңатар.

Шоқан кенет дауыстан селк ете түсті.

— Шаршаған жоқсың ба, бала?

— Жоқ.

— Зеріктің бе?

— Зеріксем амал нешік!

— Рас, — деді Таңатар, — Күннің ашыққа баюына қарап, түн жақсы болар деп шамалаған едік, жел құтырып, көлдің суы желігіп алды ғой.

— Солай болды, — деді Шоқан күрсініп.

— Үйдегі ниетім: саған көл үстінде қонағасы беру еді, шырағым, онымды құдай қош көрмей, дауылын тұрғызып жіберді. Қазіргі ойым, — судан аман шығу.

— Көріп келем.

— Бұндай толқын, мынадай астауша қайық түгіл, ірі қайықты да кейде аударып жібереді. Ендігім — жан сақтаудың қамы.

Үрейлене түскен Шоқан үндемей қалды.

— Бірақ, қорықпа шырағым, — деді Таңатар. — Қайық ауса да сені аман сақтай алам.

— Бұрын ауып көрген бе едіңіз? — деді Шоқан.

— Талай рет. Мұндай жылы кезде ғана емес, су беті қабыршақтанып жатқан күздігүні де. Кейде киімшең қалыпта да. Ені қанша жалпақ болғанмен, бұл көлдің, о жағынан бұ жағына малтып өте берем.

Таңатардың бұл сөздері мақтаныш сияқты көрінгенмен, Шоқанның үрейлі көңіліне медеу болды. Осы сәтке дейін, секунд сайын ажал күткен ол, енді тіршіліктен дәмете бастады.

— Аға, — деді ол, — қайда бара жатқанымыз мәлім бе, біздің?

— Мәлім, — деді Таңатар.

— Қайда?

— «Ерегіспе» деген ауруым бар еді, мырзам. Бет алған жағымнан қайтпайтын «ұстамалым» бар еді. Соным ұстап кетіп, көлдің, жел жақ шетіне шығуды серт етіп келем.

— Неге, аға?

— Ойда жоқта тулап кетті ғой, мынау көлің. Еркіне салсаң, қайықты қуып отырып, бір жерге батырып кетеді, оны істей алмаса ыққа шығарып тастайды. Ерегістім соған. Қайықты қарсы сап, жел жақ жағаға шықпай қоймауға бел байладым.

— Онда бетіңнен жарылғасын, аға!..

Бұдан кейін бұлар біразға дейін үн қатысқан жоқ. Жаңағы ерлік сөздерін естігеннен кейін, Шоқанға Таңатардың қимылы бұрынғыдан да күшейе түскен сияқтанды, бұған дейін арындауық аттай көткеншектеп келе жатқан қайық енді қамаған толқындарды тіліп зымырай бастаған сияқтанды...

Бір кезде жел бәсеңдеген сияқтанды, ағаштың бұтағы немесе қамыстың басы тәрізді бірдеменің зуылдаған сыбысы естілді...

— Жағаға таянып қаппыз, — деді Таңатар қуанған дауыспен.

Кешікпей қайық қалың қамыстың арасына кіріп кетті. Жыныс аса қалың екен, араларынан қайық әрең сырғып келеді, өздері зәулім биік, кейбірін Шоқан ұстап көрсе, жуандығы құрықтай.

— Шіркін, осылардың сүйріктері қандай жуан, қандай тәтті екен, тартып жер ме еді, өзін, ә?! — деп қояды Шоқан ішінен.

Қайық қамысқа кіре, қаз қаңқылдап, аққу сұңқылдап, үйректері барқылдап, шағаласы шаңқылдап... дегендей, қамыс арасында жүрген құстар мазасыздана бастады. Біреулері дырылдап ұшуға айналды. Судың сылдырынан басқа түк естімей келе жатқан Шоқанға, бұл үндерді есіту көңілді болды...

Бұ жақ шеттегі қамыстық нуы едәуір жалпақ екен, ішін қайық бірталай уақыт аралады. Қамыс сиреп, шет жағы бәшке — құрақ пен өлең араласа өскен шалғынға айналған шақта байқаса, жел шынында да бәсеңдеген, сол кезде қайықтың түбі қайраңдап сазды топыраққа тиді.

— Енді сүйреп шығармаса болмайды — деп, Таңатар қайықтан секіріп түсті де, тұмсығындағы бауынан сүйрей бастады.

— Сен отыра бер, бала! — деді ол Шоқанға.

Жауап берместен Шоқан да жерге түсті, — тайыз тұста қайықта отыруға ұялды.

Шалғынның түбі саз екен. Бірақ бұл маңайда мал болмау керек, тұяқ батқан шұқыр сезілмейді, үсті жылпылдаған саздың асты кебір, аяқты тұтқырлана тартып әрең жібереді.

Қайықты артынан итермелеп келе жатқан Шоқанның мұрнына жабайы жуанын, иісі аңқып кетті. Томарлардың, көлдердің осындай сазына өсетін жуанын, жұмыры кішкене, сабағы жуан және биік болады. Жаз ортасында ұшар басына көгілдірлеу түйін тастап (дәні сол түйінде болады) піседі. Бұрқыраған рахат иіс сол кезде шығарды. Өсімі көп жылдары, қалың жуанын, қышқылтым иісі, желдің ық жағынан алыстан аңқиды. Сол кезде жұлып ап жесе, ауызды толтыра көпіршіп, қышқылтымы мұрынға атып, адамның иіскеу және тату сезімдерін ерекше бір рахатқа бөлеп жібереді...

Осындай жуа Құсмұрын көлінің жағасына да кейбір жылдары мол шығып, жұрт жапа-тармағай жиналып теретін еді де, сорпа-суаны жоқтар шикідей жеп, барлары турамшылап салма жасар еді. Үйінен сорпа арылмайтын Шыңғыс, қашан таусылғанша жуалы салмадан ауыз алмайтын. Шоқан піскен түрі емес, шикі түрін жақсы көріп, үнемі тыңнан жұлып жейтін. Кей күндері оның қорегі сол болатын. Қолдан есіретін жуаны (сарымсақты) ол шайнай беріп түкірігі тастаған да, содан кейін аузына алмай қойған. «Су жуаға не жетсін?» дейтін ол.

Көлдің, томардың, саздарында, жуамен қатар буылдық та өседі. Шығымды жылдары оның жұмыры баланың жұдырығындай болады, тармақты сабағының басына үлбіреген ақ гүл өседі. Піскенде гүлі төгіледі. Сол кезде оны ауқаттылар-таңсыққа, кедейлер-азыққа жейді. «Сүтке бөктірген буылдықтың тамақтығы, ақ ірімшіктен кем болмайды»-деседі, жеп көргендер. Шоқанның да солайша әзірленген буылдықты талай жеп, тәттілігіне тамсанғаны бар. Қазіргі қараңғылықта, шалғын арасында буылдықтың бар-жоғы белгісіз. Иісінен байқауға ол жуадай ароматты өсімдік емес. «Мынадай қалың шалғынның арасында буылдықтың болмауы мүмкін емес» деп жорамалдайды Шоқан. Шіркін, сүтке бөктіріп жер ме еді, соны!.

Қараңғыда қайықты итерісіп келе жатқан Шоқан бір қолымен шалғын басын сипалап келе жатып, басында түйіні бар біреуін «жуа болар» деген оймен жұлқыды. Кебір саз жұмырын жібермей, сабағы үзілді. Шоқан соны шайнап көрсе, жуа!.. Қарны ашып келе жатқан оған, көбіктенген жуаны толғап жұтқан шақта, бір аяқ қымыз ішкендей қанағаттанды. Ол шалғын басын тағы сипалай бастады.

Оның қолына екінші жуаны жектірмей, қайық жағаға жетті. Ар жағы түптеле өскен қалың тал екен. Таңатар қайықты сүйреген қалпымен, кеудесінен асыра қырға шығарып тастады да, мана отынға алған қамысты ұстап көрді.

— Былжырап су боп қапты ғой, мынау, — деді ол, көтере берген бау қамысты қайықтың қасына тастай беріп, — бірақ, оған уайым жеме, мырзам. «Көл үстінде керек болар» деп ем, енді керегі жоқ, тал арасында отын көп.

Ол қайық ішінен бақырды көтеріп алды да, «суға келіп жүреміз бе» деп, бақырды жалтырлау бір жерге батырды. Орта тұсына дейін балық салынған бақыр, суға мөлтілдеп толды. Таңатар бұтақтары самалға жайқалған талдарға беттеп:

— Бері қарай жүр, бала! — деді. Шоқан соңына ерді.

Қалың талдың арасы тіпті тымық екен. Жайқалған бұтақтардың сыбдыры болмаса, жел бар дерлік емес.

— Бала, шөмшек терейік, — деді Таңатар тал нуының паналы бір қуысына кіре, бақырды жерге қойып, — ыстық жасайық.

«Ыстығы» — балық асу болу керек, ал, «шөмшегі не?»

Шепе үйрететін боғауыз өлеңдердің ішінде:

Қыз да барды шөмшекке

Мен де бардым шөмшекке,

Қыздың көзі шөмшекте

Менің көзім емшекте.

деген болушы еді. Осындай өлеңдердің (бұдан да жамандардың) талайын үйренген Шоқан «шөмшек не?» деп сұрамаған еді, енді, Таңатардың қу бұтақтарды жыюына қараса, «шөмшегі» осы екен.

Шөмшекті Шоқан да жинасты. Ол ілезде кеп жиналды. Тегі, талдардың арасы тұнған жидек болу керек, жұпар исі аңқып тұр. Шіркін, көз болып, теріп жесе, жидекті!.. Қалың шөптің арасында өсіп күн көрмегендіктен бұндай жердің жидегі бозғыл түсті үлкен болады да, қышқылтым тәтті дәмі тілді үйіреді.

«От қайдан табылады» деп ойлап қалды Шоқан. Таңатар балағын түрген кең, дамбалының ышқырынан әлденені суырып ап, екі бармағының басын шықылдата бастады, бұл, әрине шақпақ тас.

Шақпақтың ұшқыны ағаштың қуына тез тұтанды. Оның үстіне үймелектен шөмшектің қоқымы да тез жалындап, ілезде жалын жарқырай қалды. Қу талдар от үстіне үйіле түсті. Жалын жайнай түсті. Таңатардың беліне байлаған қайысында қын бар екен. Ол пышағын суырды да айыр бұтақ екі талдан қазық жасап, оттың екі жағына қақты, қазықтар үстіне арқалық тастап, бақырды соған асты.

— Балықтар аршылған ба еді?-деп сұрады Шоқан.

— Әрине.

— Кімге даярланған еді ол?

— Той тарқарға.

— Неге асылмады?

— Сенің кесіріңнен.

— Менің? Қандай?..

— Сен көрінбегенде, шілдеханаға жиналғандар бұл балық жеп тарқайтын еді.

— Менің не бөгетім болды оған?

— Ол ұзақ әңгіме, мырзам. Қаласаң айтайын.

— Айтыңыз.

— Балық піскенше бітіре алмауым мүмкін.

— Жегенше бітірерсіз.

— Онда да бітпеуі мүмкін.

— Содан кейін, қайтпаймыз ба, кейін?

— Қайтамыз.

— Жаяу ма, қайықпен бе?

— Өзің қайсысын қалар ең?

— Жаяулауға да қарсы емеспін.

— Неге?

— Өліп қала жаздадық қой, әлгінде, қайық үстінде.

— «Өлтірмеймін» деген жоқ па ем, мен «қайық батса да аман алып шығам деген жоқ, па ем?

— Дедіңіз.

— Ендеше немене, айтып отырғаның?

«Таңатарды ренжітіп алдым ба» дегендей, Шоқан қипақтай сөйлеп:

— «Құрғақпен баруымыз жеңілдеу болар ма екен» дегенім ғой,-деді.

— Жеңіл болғанмен алыс. Қазір мезгіл таң қараңғысы болу керек. Көлді аяңдап жағаласақ, біздің мекенге күн көтеріле жетер ек.

— Қайықпен ше?

— Ыққа қарай жүземіз ғой, биенің бірер сауынында жетіп қаламыз онда.

— Тез кетеміз бе, бұл арадан?

— Балықты жеп болған соң.

Шоқан көнгендей белгі берді. Таңатар кеңесіне кірісті. Жаман сөзден бастады ол.

— Шынында, — деді Таңатар, — менің сенімен бұлай шүйіркелесіп отырмауым керек еді, мырзам, жоқтауыңды бір-ақ асырып, құныңды бір-ақ көтеруім керек еді.

— Неге ойбай?! — деді зәресі ұшып кеткен Шоқан.

— Тұқымыңда кегім бар.

— Кімде, ағатай-ау?

— Сартай дейтін туысыңды білесің бе?

Шоқан ойланғандай аз кідірді де, жауап күткендей түйіле қараған Таңатарға:

— Менің әкем — Шыңғыс емес, атамыз — Уәлімен сізге туысқан Шыңғыс болған екен, соның Сартай деген баласы болған деп есітем, ұлы шешеміз-Айғаныммен өштесіп, жер ауып кеткен дейді, содан қайтпаған дейді, тегі, сол жақта өлсе керек.

— Біледі екенсің, — деді Таңатар суық дауыспен, — сол Сартайдың әжең — Айғаныммен ойнас болғанын естідің бе?

— Жоға, — деді Шоқан, сондай өсекті ести тұра, естімеген боп.

— 3 ай естімедің, дүйім жұрт түгел білетін істі?

— Мен баламын ғой, ағатай. Үлкендер білетіннің көбін білмеймін ғой. .

— Білмесең айтайын, — деді Таңатар.

Оның кеңесі ұзаққа созылды. Соның ұзын — ұрғасы Айғаным Сартаймен көңілдес болып жүреді де, бертін Айғаным әрі хан болған, әрі елдің қаңқуына іліккен кезде, өсек-аяңнан құтылмақ болып, Сартайды үйлендіруге ойлайды. Қыз іздеген Сартайдың көзіне, сол кезде сұлулығымен сымбаттылығымен, әншілдігімен атаққа шыққан Үкі түседі. Ол шағын дәулетті біреудің қызы екен, езін Таңатардың туған ағасы — Тұнғатарға атастырып қойған екен:

Тұнғатар тәуір жігіт болып өседі де, Үкімен тұз — еңбегі жарасып, оң жақта қалың ойнайды. Осындай жарастықты көңілдердің арасына Сартай тікендей қадалмақ болады. Қыз оған көнбейді. Ақыры насырға шауып, ұзатып әкеткен Үкіні Сартай қалың қолмен барып Тұнғатардан тартып әкетеді. Сартайды Айғаным жақтайды. Тұнғатардың амалы құриды. Сол кезде, Айғанымға қарсы Кенесары көтеріле қап, Тұнғатар соның қолына қосылады да, Айғаным ауылын бірге шабысып, тұтқында отырған Үкіні тартып әкетеді.

Түнғатар мен Үкі сол кеткеннен кетіп, Кенесары қолы қырғыздардан тас-талқан болғанша бірге жүреді де, арпалыста Түнғатар қаза тауып, бет-бетімен қашқан кенесарышыларға еріп Үкі де қашады.

Жолшыбай ауыр азап көрген ол, туған өлкесі-Көкшетауға арып-ашып әлденеше жылда әрең жетеді. Сонда естісе, Тұнғатарға өшіккен айғанымшылдар, ағасына ермей елде қап, әлдене байдың жылқысын бағып жүрген жігіт-Таңатарды, «ұрлаған көп жылқымен қолға түсті» деген жаламен итжеккенге жер аударады. Хан тұқымынан қорыққан туыстары Үкіні қабылдау орнына қуады. Ел ақтап тіленші болудан басқа амалы жоқ Үкі, қайыр сұрап қаңғырып жүріп, «Қаңғырған» аталатын балықшылар мекеніне жетеді. Сонда, әлдебір шалға отасып, аз жылда онысы еледі де жесір қалады, бірақ жасы да жетіп қалғандықтан, басқа барар жері болмағандықтан, балық кәсібінде қалып қояды. Балықшылар оны қумайды...

Үкінің жайы осы. Ал, Таңатар ше?

Итжеккенде көп жыл жүрген, ауыр бейнеттерге ұшыраған ол, Сібірге қара шаш, қара барады да, ақ бурыл сақал-мұртпен қайтады. Бірақ, қайда? Естуінше, туған елі әлі де Айғаным тұқымының қарамағында ..

Ол өзімен көп жыл бейнеттес, дәмдес болған бір татарға еріп, «Қаңғырғанға» келеді. Сонда жеңгесі — Үкімен табысады. Сонда өзінен гөрі жасырақ бір жұмысшы, жесір әйелмен көңіл қосып үйленеді...содан, бүгін шілдеханасы болып жатқан перзент көреді...

Бұл әңгімелердің бәрі балықтың пісуіне, желініп бітуіне жетті.

— Хан тұқымының қанына жеруім сондықтан, — деп қайырды Таңатар әңгімесін — «Құдай қолымды қашан жеткізер екен?» деген арманда жүрген шағымда, бірінші болып сен іліге қалдың, мырзам. Іңірде жұрт сені қамап тұрғанда, мен нақ ту сыртыңда едім, оң жақ уысымда жұдырықтай жұмыр темір бар еді, сонымен қарақұстан періп жіберсем, сеспей қатар едің. Ажалың жоқ екен, шырағым. Бір жағынан — «бала ғой, бұның жазығы не?» деп аяп, екінші жағынан, — «қасқырдың өзі не, бөлтірігі не?.. Бәрі де қаскүнемдер, көзін жойсаң сауап табасың» деп өшігіп, сабырды ашу жеңе бастап, «ә, қайтем аяп?» деп, құлашымды көтеруге ыңғайланғанда, Кераланың келе қалғаны!.. Бұл мекендегі балықшылардың пайғамбары да сол, шадияры да сол.

— Соның өзі кім? — деді Шоқан.

— Ол ұзақ кеңес, мырзам. Қайтқанда қайық үстінде айтармын ол кеңесті. Әзірге өз көңілімді аяқтайын. Сенің де, әкеңнің де жаны сол Кераланың бұйрығымен қалды, әйтпегенде, түтіп жейтін еді, сендерді балықшылар.

— Неге?

— Олардың арасында хан тұқымдарының, әсіресе сенің әкеңнің тістері мен тырнақтары тигендер толып жатыр, ауыр жаралылары аз емес.

— Бұрын неге алмаған ол кектерін?

— Қолдары жетпеді.

— Енді ше?

— Қазір әкеңнен оңай жем бар ма оларға?

— Неге оңай?

— Қызметінен қашып келе жатқан жоқ па, барар жер, басар тауы болмай.

— Оны кімнен естідіңдер?

— Жер-көктің бәрі шулап жүр солай деп.

— Тоқта, бала! — деді тағы да бірдеме айтуға ыңғайлана бастаған Шоқанды Таңатар бөгеп, — баяндап келе жатқан жөнімнен бұрып жібердің ғой, тілмарсып. Арт жағын айтайын.

Шоқан үндемеді.

— Сонымен, — деді Таңатар, — «қап, құдай-ай, сәті түскен жерде Кераланың келе қалуын көрдің бе?!» деген ызамен қосыма қайттым. Сендерді қоршаған топта, өзің көрген әнші жеңгем — Үкі де бар еді. Қосқа келе жатып ол да өкінішін айтады...

— Не деп?

— «Шыңғыстың қарның балық аршитын семсермен есіп жіберуге таянған шақта, Керала бөгет болды» деп. Енді, ар жағын тыңда: мана сені қоста көргенде, жыным тағы да ұстай қап, «бәлем, қолға түстің бе тағы?» деп кіжіне бастасам, нәрестем қолыңда тұр! Сонда ойыма кеп кетті,-«жасы біраз қалқыңқы болғанмен, бұл да біреудің нәрестесі ғой, қайтем тиіп?» деген сөз. Тағы да тартына қалдым. Оның үстіне, өз атыңды балама қостың. Хан тұқымы, қанын, бұзық болғанмен өскен атанын, баласы ең. Атын қойған нәрестем, -Жасым егде тартқанда көрген жалғызым еді, атадан мен де жалғыз, ол да жалғыз, сондықтан сенің атыңды ырым көрдім, шырағым.

— Шоқаның өмірлі, бақытты болсын! — деді Шоқан.

— Әумин, айтқаның келсін! — деп Таңатар жылап жіберді.

— Сонымен, — деді ол көзінен омырауына сорғалаған жасты сүртпей, ықылық ата сөйлеп, — менің хан тұқымына деген кегім бітті. Басында да өшіктірген өздерің, әйтпесе, мен қиянаттың кісісімін бе? Ағам Тұнғатар да солай еді. Жақсыларға жанасып сауық құрғаннан басқаны білмейтін еді, хан тұқымы оны анадай қылды. Менің түрім мынау, — деді Тақатар үсті-басын көрсетіп, жасын сүртіп, — «үрерге — ит, сығарға — бит жоқ» дейтін кісің менмін. Балық болмаса аштан өлетін қалпым бар. Мен ғана емес, балықшылардың бәрі де. Нәсіпті көлден тілеп, «аштан өлмей, көштен қалмай» дегеннің кебін киіп жүріп жатырмыз шырағым. Ендігі тілегім, — өзің атын қойған сәбиім. Тәңірі, ылайымда, мен көрмеген жақсылықты соған көрсетсін.

— Әумин! — деді Шоқан.

Әңгіменің орта тұсында, аспанды әлгінде түгел қоршап алған бұлттың теріскей жақ кебесі сөгіліп, ақ — таңлақ қылаңдай қалған еді. Әңгіме аяқтала, сол қылаң сібірлей бастаған таңға тұтасты.

— Ал, мырзам, — деді сол кезде, бақырдан үлкен жау-жапырақтың үстіне төгілген, жидіп піскен балықтар желініп болған шақта, — таң белгі бере бастады. Енді кейін оралайық.

— Мақұл, — деді Шоқан.

— Балыққа тойдың ба, өзің?

— Өлердей. Әсіресе, сіздің, ықласыңызға, Таңатар аға. Шынымды айтсам, сіз кеңесіңізді аяқтап, «хан тұқымына өшпенділіктен бездім» дегенге дейін сенгем жоқ, сізге. Секунд сайын ажал күттім сізден. Әсіресе, көл үстінде. Сонда мені қаға салсаңыз, кім біліп жатыр?..

— Мысалы, анау бақырды мойныңа байлап, — деді Таңатар, Шоқанның сөзін бөліп, балық асқан бақырды қолымен нұсқап, — ауыр бақыр ол. Сонымен су түбіне кетер едің де, балықтарға жем болар ең.

— Ет жей ме, олар? — деді, көңілінде «сондай да ниеті болған екен ғой, әйтпесе айтпас еді бұл сөзді» деп ойлап.

— Балықтың жемейтіні болмайды. Ол да құлқынның құлы — жануарлардың бірі емес пе? Өңешінен өткеннің бәрі де тамақ оған.

Таңатардан енді қастық күтпеген, оның сөзіне мейлінше сенген Шоқан, қорқуды қойып, еркінсіп алды да:

— Өлтіруге орын көп көрінеді ғой, бұл маңайда. Мысалы, осы арада өлтіріп, бір шұқырға тыға салсаңыз кім біліп жатыр, — деді.

— Әрине, — деді Таңатар, — сөзім сөз, менен енді қастық күтпе. Қолымнан келерім болмағанмен, мен сенің өмірлік досыңмын, шырағым.

— Мен де, аға!..

Екеуі қол алысты да, бақырды қолдаса ұстап көлге беттеді. «Не деген жақсы адам еді!» деп ойлады Шоқан.

Осы сәтте, көлдің арғы шетінде, төңкерілген қайықтың үстінде Шыңғыс пен Курагин да балық жеп отырды.

Курагинның түр-тұлғасын Шыңғыс енді ғана айқын көріп отыр. Омбыда оқып жүрген шағында, әлдеқайдан аңдар паркі келіп, соларды тамашалағанда, Шыңғыстың көзін арыстанның арланы ерекше тартқан еді. Сонда оның мойын мен бет бітімі, сақал-шашы жалбыраған, жалпақ кескінді. алып адамға ұқсап кеткен. Мынау Курагинның келбеті аумаған сол!.. Табандары мен алақандары да соған тартқан жап-жалпақ кеспелтектей. Денесі де сол сияқты: төсі кең« қарыны тартыңқы. Естуінше, арыстан қашып бара жатқан құланды қуып жетіп, сол алақанымен ту сыртынан салып жіберсе, белдемесі үзіліп кетеді-мыс. Олай болса, түнде күркеде отырып, Курагин мына алақанымен Шыңғысты жақтан пергенде, бас сүйегі қирап кетпей не жаны қалған?!.. Сондай ойдағы Шыңғыс, күш шамасын білгісі кеп сұрау берсе,-жиырма бес, отыз пұттық салмақтарды еркін көтеріп әкетеді екен! «Мықты еден!» деп қояды Шыңғыс ішінен.

Денесіне қарай Курагинның ас жеуі де жойқын екен. Түнде әрі көмескі сәуледен, әрі арақтың әлегінен байқамапты. Енді көрсе, бетін жауып әкелген бақырдан жылы балықтарды уыстай қамтып, қомағайлана асайды. Жеуі тіпті жылдам, бір ұртынан кірген тұтас балықтың сүйегі екінші ұртынан ілезде шығып жатады. Шыңғыс бірін жегенше, ол балықтың оның жейді! Не деген балық жегіш адам?!..

Балық жеуге дағды алмаған Шыңғыс, былай да сылбыр жеудің үстіне, Шоқанның табылмауы жүрегін жегідей кеміріп, ішіне ас батырмай отыр. Мана Курагинның күркесінен шыққанда, қарнының қатты ашқаны байқалып еді, енді, баласының уайымына кіргелі тоңмейілсіп, жайдан-жай кекірік ата бастады. Ішкі ықласы шаба қоймаған соң, балықтың етін сүйегінен ажыратуға қолы да жүрмей, қабыршағы аршылған тері, саусақтарына желімдей жабыса берді. Сүйектен әрең ажыратқан етті аузына салса, қылтаңдары қаптап тұрған сияқты. Оларды тілімен толғап әрең айырып, етті жұтса, тап таза сияқтанған одан, тамағына әлдене қадала қалады, қақалған Шыңғыс, қылтанды ұзақ қақырынып әрең шығарады... Сондай сылбыр етсе, баласының тағдыры туралы басына үйірілген ой қалыңдай түседі...

Шыңғысқа «же, же!» дегенмен өндіре алмайтынын көрген соң өзі тойып алған Курагин әңгіме соғып кетті. Оның арғы тегі — Дондағы казак-орысқа жатады екен. Орыс әскерінің полковниктік чиніндегі Шыңғысты ол сауатты адамға санап, әуелі оған қазақ-орыстың тарихынан біраз сұраулар берді. Шыңғыс тарихтық мәселелерге, әсіресе-казак-орыс тарихына шорқақ еді. Оның бар білетіні: «казак-орыс аталатындар салт атты әскерде қызмет атқарады және олар патшаның сүйікті құлдары. Одан басқа білері жоқ. Сөйте тұра, Курагиннің «білесің бе?» деп берген сұрауларының бәріне де «білем» деп жауап қайтара берді. Мысалы:

— Казактардың Россия патшалығында ең жауынгер, патшаға ең сенімді адамдар екенін білесің бе? — деп сұрады Курагин.

— Білем, — деді Шыңғыс.

— Россияның күнгей жағын көп ғасыр бойына жаудан қорғап келе жатқандар,-казактар екенін білесің бе?

— Білем.

— Туретчинаны Қара теңіздің ар жағына қуып тастағандар — казактар екенін білесің бе?

— Білем.

— Әуелі алтын орданы, одан кейін Астрахань хандығын талқандаған солар екенін білесің бе?

— Білем.

— Қазан хандығын қиратқанын?

— Білем.

— Қырым хандығын?

— Білем.

— Қазақ даласын, яғни сенің еліңді жаулап алғанын?

— Білем, — деді Шыңғыс, осы сұрауға ғана түсініп.

— Россияның Қара теңіз жағасынан бастап, Алтай тауына дейінгі шегін казактар қорғап отырғанын білесің бе?

— Білем.

— Россияның жауларымен барлық соғысында да казактардан құрылған атты әскер бірінші орын алатынын білесің бе?

— Білем.

— Казактардың ешбір қорлыққа көнбейтінін білесің бе?

— Мәселен? — деді Шыңғыс, бұл сұрауға түсінбей.

— Мысалы, Романовтардың қорлығына?

— Қай Романовтар?

— Патшаларды айтам.

— Оны білмедім, — деді Шыңғыс.

— Степан Разинды білесің бе?

— Ол кім? — деді Шыңғыс, білмейтіндерін «білем» дей беруге ыңғайсызданып.

— Міне, ақымақ! — деді Курагин, өзіне өзі Шыңғыстың «ол кім?» деуінен «Разинды білмейді екен» деп, білмеуіне ызаланып. — Енді кімді білесің, оны білмегенде?

— Қай Разинды айтасың? — деді Шыңғыс, қажетті біреуді білмей отырғанын түсінгендей, оспақтап сұрау арқылы біліп алғысы кеп.

— Романовтарға қарсы шығып, олардың тақтарын қалтыратқан?

— Ә-ә, сол ма? Оны білем, — деді Шыңғыс өп-өтірік.

— Пугачевты ше?

«Жайық бойында сондай адам патшаға қарсы жанжал шығарып, ақыры қолға түсіп, басы балтамен шабылған» дегенді Шыңғыстың құлағы шалған еді. Курагинның сол сияқты адамдарды неге сұрап отыруынан секем алған Шыңғыс, «артында бір пәлесі боп жүрмесін» деген қауіппен, «білмеймін» дей салды.

— Неге білмейсің? — деді Курагин тікіленіп. — Оны білмесең несіне офицер болып жүрсің?

Шыңғыс үндемеді.

— Біз казактар, — деді Курагин, тоқпақтай жұдырығын түйіп, қолын жоғары көтеріп, — мына темір шеңгелге берік тұтқан қамшымен Және қылышпен, өзгелер түгіл Романовтардың өздерін де талай рет сойып, талай рет тілегеніміз солардың ішінде менің аталарым да болған...

— Кім дегендер? — деді Шыңғыс, әңгіменің шетін осылай қарай аударып әкетіп кеп.

— Рамазанов дегенді естігенің бар ма?

— Қайдағы?

— Менің арғы атам.

— Естімедім.

— Ендеше, тыңда! Ол — алтын орда князьдарынан. Тегі — татар. Қаһарлы Иван тұсында Романовтар христиан дінін қабылдаған. Князьдің титулы сақталған. Евдоким дейтін атамыз, Россия шведтермен соғысқанда ерекше батырлық көрсетіп, бірінші Петрдың көзіне түскен де, патша оны өзіне адьютант қып алған. Ол ірі де, сымбатты да, сұлу да, ақылды да, өнерпазда жігіт екен. Соған патшаның сайқал қызы — Елизавета қызығады. Ол — сымбатсыз, кескінсіз жирен-шұбар қыз екен. Рамазанов оған қызықпайды. Соны кек көрген Елизавета, Петр өліп, орнына патша болған шағында жала жауып басын кестіреді де, балаларын Дон бойына жер аударады. Кейін, Түркия мен Россия арасында болған соғыста, Рамазановтың, атты казактар арасында сотник болып қызмет атқаратын тұқымы — Алексей Курагин ерекше ерлік көрсетіп, атамандық дәрежеге жетеді. Оның немересі, менің әкем — Андрей Павлович Курагин Op қаласында наказной атаман болған. Мен жасымнан тентек болып өстім де оқуға мойын қоймадым. Ер жетіп әскерге алынғанда, қызмет атқардым. Мені соғыс атаманы-Лопатин өзіне жәрдемші қылып алды. Ол тентек кісі екен, соның бір қылығына ызаландым да, бір күні түнде, барлық семьясымен өртеп жібердім. Суд каторгіге айдады. Патшаның алтын қазатын шахталарында жұмысшы болдым. Тұрмыс та, жұмыс та өте ауыр еді, содан қаштым. Түсінікті ме?

— Түсінікті. Бұнда қайдан кеп шықтың?

— Ұзақ әңгіме ол.

— Бұл маңайдың әкімдері біле ме сені?

— Біледі.

— Тимей ме, саған?

— Бұл мекенде мендей қашқындар толып жатыр.

— Оларды да біле ме?

— Біледі.

— Тимей ме оларға да?

— Тигенде не істейді? Бүкіл Сібірдің өнбойы толған қашқын. Олардың бәрін жинап тауыса алмайды.

Бұл сөздің ар жағын қозғалысы келмеген Шыңғыс, балықшылар селосының жайын білгісі кеп, қашан құралғанын, тіршілік жөнін сұрастырды.

Курагинның баяндауынша, балық аулар шақта адам саны көбейеді де, ауланбайтын шақта азаяды. Көбейгенде — пәлен жүз боп кетеді, азайғанда, ондаған ғана адам қалады. Келіп-кетіп жатушыларда ұшы-қиыр болмайды, оларды «қайдан келіп, қайда кетіп жатыр» деген сұрау болмайды, келгендер қабылданады да, кеткендер бөгелмейді. Кәсіптері, тек, балық аулау ғана. Маңайдағы ауыл-селолардан келетін балықшылар, бұнда малдарын әкелмейді. Келімсектерде мал болмайды.

Әкімшілік жағынан, бұл мекендегі адамдардың бағынатыны, тек Курагин ғана. «Атаман» аталатын оны ешкім сайламаған, ол осы мекенге, өзінің қызметі сіңгендіктен ғана «атаман» болып кеткен.

— Өйтпегенде ше? — дейді Курагин мақтанғандай, — мен келгенде, осы араны мекендеген азын-аулақ балықшыларда бір де қайыр, бір де, бір де сайман жоқ еді. Мен келгенде олар балықты қазаға қамап қана ұстайды екен. Мен келе аудың да, қайықтың да, сайманның да бастары құралып, қазір қажетті мөлшерде жетеді. Бұрын көлік болмағандықтан ауланған балықтар базарларға апарылмай босқа шіритін, қазір қанша ауласақ та көтеріп әкететін сәудегерлер бар. Осының бәрін мен басқарам. Өздеріне қиянат жасамаған соң, балықшылар сөзімді тыңдайды. Көптің күшімен тентектерге тыйым саламыз. Өтірікшілік, ұрлық-қарлық, өктемдік арамызда болмайды...

Бұлардың бәрі Шыңғысқа көңілсіз кеңес болды. Бірақ тыңдамауға амалы жоқ, тыңдамағанда қайда барады?

Сөйтіп отырғанда тақ сібірлеп қалды. Шоқаннан хабар болмауына іштей қатты мазасызданып отырған Шыңғыс, бір сәтте Курагинге оны іздеу ойын білдірді.

— Асықпа, — деді Курагин, — кешікпей келіп қалар.

Сол маңайдың ауа райы қызық: осы мезгілде жап-жарық боп тұрып, әп-сәтте қалың тұман түсе қалатыны бар. Қазір де сөйтті. Қарауытып тұрған батыс жақтан қалын, тұманның қалай кеп, төңіректі түнерте жаба қойғанын Шыңғыс пен Курагин абайламай да қалды. Тұманның қалыңдығы сондай, айналадан арқан бойы жер көрінбей кетті.

— Сен осы арада отыра тұр, — деді Курагин Шыңғысқа — мен кей шаруаларымды жайғастырып келейін. Кешікпей ораламын.

— Мақұл.

Курагин тұманға сүңгіп кетті де жоқ болды. Іші пысқан, көңілі елеңдеген Шыңғыс, қайықтан тұрды да, екі қолын артына қусырып, сол мақта ерсіл-қарсылы жүре бастады. Басындағы бар ой: «Табылар ма екен, Қанашжан табылмаса қайттым? Табылмаса...» деген ойдың ар жағын өркендетуге жүрегі дірілдеп кетті... Солайша жүрген Шыңғыстың құлағына, әлден уақытта, — «Әке!» деген дауыс шалына қалды. Шошып кеткен Шыңғыс есін жиып үлгермей, Шоқан мойнына асыла кетті. Өліп тірілгендей болған баласын құшақтай алғанда, Шыңғыстың көз жасы дірдектей жөнелді.

Олардың сондай халде қанша тұрарын құдайым білер еді, егер, ту сыртынан аттардың дүбірімен, доңғалақтардың салдыры естіле қалмаса. Олар жалт қараса — күймеге жегілген Жылан-сырттар арбаның алдында Аба, артында Драгомиров отыр.

— Құдай ұрды хан-ием! — деді Аба үрейлі дауыспен.

— Не болды?! — деді Шыңғыс елеңдеп.

— Өрт кетіріп алдым.

— Не дейді, ойбай?! Қалай?..

— Аттарға түтін салам деп...

— Қайда?

— Көлдің жағасындағы құрғақ салыда. Басында отты күзетіп бытыратпай-ақ отырып ем, қара басып қалғып кетіппін. Аттар осқырынғанда ояна келсем, лаулаған жалын қостарға қарай кетіп барады!.. Ие бола алар түрім жоқ... Содан аттардың біріне ырғып мініп, бірін жетектеп күймеге шауып келсем, доңғалақтары орнында екен. Мына кісі сол арада жүр екен. Жалма-жан аттарды жегіп жібердік те осында келдік. Мініңіз. Қашайық. Қолдарына түссек балықшылар бізді тірідей өртейді!

— Рас! — деді Драгомиров, сасқанынан не істеуге білмей қалған Шыңғысқа. -Мініңіз!..

Қостар жақтан «өрт, өрт!» деген дауыстар ду ете қалды.

— Мініңіз, хан-ием!.. — деді Аба сасқалақтап, — ұстап алса оңдырмайды...

— Қанаш мін! — деді үрейлі кескінді Шыңғыс, Шоқанға.

— Неге қашамыз? — деді Шоқан.

— Өрт шығып жатқан жоқ па?

— Біз салған жоқпыз ба, ол өртті?

— Мін, жылдам, сөзді қой да — деді Шыңғыс ақырып.

Мінгісі келмеген Шоқанды Шыңғыс құшақтай алды да, күймеге сүйреді.

— Жібер деймін! — деп бұлқынған Шоқанды, әлі жеткен Шыңғыс күймеге еріксіз көтеріп шығарды да:

— Жүр! — деді Абаға. Босануға тырмысқан Шоқанды, ол тақымының астына басып алды. Аба делбені қағып қалды. Түні бойы тыныққан аттар ыта жөнелді.

— Обал! — деп айғайлады, тыпырлаған Шоқан. — Біз қалдық обалына!..

Шыңғыс үндеместен, Шоқанды қысқан тақымын қатайта түсті... Сол кезде:

— Тоқта! — деген айғайлар естілді жан-жақтан! Біреулер қараңдап жүгіріп келеді.

Тоқтау қайда?!.. «Қамап ұстап алар ма» деген қауіппен, Аба аттарды сабалап шабуға айналды. Ұстамақ болған біреулерді, екпіндеген аттар қағып кетіп ұшырып түсірді... Тұман арасынан жалт-жұлт еткен жалынның тілдері де сүйреңдей бастады... Шапқан аттар жаяу қуғандарға жеткізбей, қостардың арасынан далаға қарай шыға берді. Жолаушылар арттарына қараса, жалын қос атаулының бәрін де құшағына алған сияқты.

— Обал болды, бейшараларға! — десті жолаушылар бір ауыздан.

Өрт қалыңдай түсті. Тұманның дымқос иісі түтін сасып кетті...

ЖӘМШІК ЖОЛЫМЕН

Өткен күнгі жаңбырлы сазда аяғына сыз. өтуден бе, сол түні кез шырымын алмаудан ба, әлде қаңғырғандар поселкесінің өрт апатына ұшырауына қайғырудан ба, Шоқан былай шыға қатты ауырып қалды.

Өртті сезгенде, оның ниеті қаңғырғандардан қашпай, несі болса да кезінен өткеріп, қолдарынан келген жәрдемін беру еді.

Өйтпегенде ше?

Аз жасында талай сорлы үйлерде талай сорлы ауылдарды көре жүре, дәл мына қаңғырғандар поселкесінің тұрғандарындай бейбақтарды Шоқан ешқайда кездестірген емес. Көздері суға телміріп, аштан өлмеу шарасын содан ғана іздеген бейшаралар, күймеге мініп келе жатқандардың кесірінен өртке ұрынып, баспанасыз қалды. Бұл ауыр апаттан баспанамен ғана құтылса жарар еді-ау!.. Жандары да өртенбеуін кім біліпті?!..

Басына «Таңатардың қосы не болды екен?!» деген ой кіргенде, Шоқанның жүрегі өрекпіп, миы айналып кетті. Ол қысылғаннан терлеп қоя берді...

Осы ойдан Шоқанның бұған дейін дағдылы қалыпта келе жатқан денесі қызына жөнеліп, аздан кейін алауланып кетті. Қатты ыңқылдай бастады. Бұл дыбысқа елеңдей қалған Шыңғыс:

— Қанашжан, немене?! — деп еді, Шоқан жауап бермеді, ыңқылын күшейте түсті. «Бұнысы несі?!» дегендей, Шыңғыс баласынын, басын ұстап керсе, Драгомиров те елеңдеп, Шоқанның тамырын басып көрсе лыпылдап тұр. Мөлшерлеуінше, температурасы «39» бен «40» тан маңында сияқты.

— Ауырған екен! — деді ол.

— Не дейді? — деп қалды Аба да елеңдеп.

«Ал, енді не істеу керек?» деген ой бәрінің де басына кірді, бірақ, ешқайсысы да жауабын таба алмады. Шыңғыстың көрсетпек болған жәрдемі, — алдына алып, бауырына басып отыру еді, оған Шоқан көнбеді. Зорлап көтеріп алғысы келіп еді.

— Мазаламаңыз, — деді Драгомиров, — тыныш жатсын. Жолда су кездессе, басына салқын компресс қоярмыз.

Компрессті жолшыбай әлденеше рет ауыстырғанмен, Шоқанның ыстығы басылмады. Ол біраздан кейін сандырақтауға айналған сияқтанды. Сонда айтары өрт!.. обал!..»

Жолаушылар Бағланға күн көтеріле жетті. Бұл станицаға сан рет келгенмен Шыңғыстың етене танысы жалғыз ғана Ғилаж есімді сәудегер татар еді. Ол жыл сайынғы көктемде «ханшаға сыйлағым» деп, Зейнепке бір жәшік қант, шай әкеліп беретін де, сол үйдің бір қыста сойған малдарының тері-терсегін, көктемде күзелген жылқылардың қыл-қыбырын табан ылау ғып алып кететін. Биылғы көктемнен бастап Шыңғыс ордасына бүлік кіруін естіген ол «пәлесіне ілігермін» деген қауіппен бармай қойған. Сонда да «кеңілі баяғыдай болар» деген үмітпен, Бағланның көшесіне кірген Шыңғыс, Абаға, — «Ғилажға тарт» деді.

Олар жақындағанда, қақпасынан шыға берген Ғилаж қайтадан кіріп кетті. Аттарды тоқтатқан Аба қақпаны қақса, ешкім дыбыс бермейді!.. Бұ несі?!. Ғилаждың бойын көріп қалған Аба, «әдейі ашпай тұр» деді де, ерегіскендей, қақпаны екі жұдырығымен кезек -мезек соққылай бастады.

Ар жағында иттер шәуілдеді. Бір мезетте әлде не әйел:

— Ұрма!.. Кісі жоқ!.. — деп дыбыс берді де үнін өшірді.

— Қап, мына шақша бастың қылығын-ай! — деп ызаланған Абаға:

— Мында кел! — деді Шыңғыс, — ашпайын дегені ғой. Мін, арбаға!

— Жәмшік үйіне, — деді Драгомировке.

«Жәмшік үйі» дегені, осы станицаның казак-орысы — Терентий Ямщиков дегендікі. Ол талай атасынан бері қарай жәмшік айдауды кәсіп қылған адам еді. Салбыраған қалың көк бурыл мұртының қияқтары кеудесіне, үстіңгі жағы иегіне түсетін, биік бойлы, сөмпек денелі ол казак-орысты Шыңғыс та жақсы танитын. Әскерлік қызметте жүргенде, одан бірер рет ылау мінгені де бар.

Тарихшылардың айтуынша, орыстың «ямшим», «ямщина» деген сөздерінің арғы түбі, — монғолдың «жам», яки-«жамбы» деген сөзінен шыққан. Монғолдар — «жамбы» деп күмістен, алтыннан құйылып, мөлшеріне қарай «қой тұяқ», «құлын тұяқ», «тай тұяқ» аталатын нәрсені айтқан. Той, ас сияқты жиындарда мергендіктің «жабы ату» дейтін түрлері болғанын білеміз. Оның ар жағында жатқан тарихи шындық былай болған: монғол Шыңғыс хан батысқа қарай жорық жасағанда, майдан шебінен күн сайын хабар алып тұру үшін, әр шақырымға жүйрік ат мінгізген тосқауылдар қойып, олар жаңа хабарды біріне-бірі тез жеткізіп тұрған. Сонда қызметін ойдағыдай орындаушыға, сыйлыққа жамбы берілген, олар, «жамбышылар» аталған.

Орыстың «ямщина» немесе «ямщик» деген сөздері де осы мағынада: қызмет бабымен жолаушылайтын адамдар, мақсатты жерлеріне барып қайту үшін, жол бойына үкімет тарапынан ақылы ылаулар байланған, орыстар сол орындарды, — ямщина, ылаушыларды — ямщик деп атаған. Жалданып «ямщина» айдаушылар, яғни ұзақ жолдың өн бойына шамалы шақырымдарға ат байлап, қазыналық жүргіншілерді апарып тастаушылар.

Жәмшік жолы Европаның барлық мемлекетінде де болған, бірақ олардың ешқайсысы да Россияның жәмшік жолымен өлшеуге келмейді. Мысалы Москва мен Петербургтен басталып. Қиыр Шығыстағы — Владивостокке немесе Хабаровскіге, немесе Орта Азияға созылатын жәмшік жолымен салыстырғанда, бүкіл Европаның барлық жәмшік жолы, оннан біріне жетпейді.

Қазақ елі Россияға бағынғаннан бастап, жәмшіктің бір ұзақ жолы Каспий теңізінің теріскей шығысындағы орысша — Гурьев, қазақша — Үйшік аталатын қаладан басталды да Жайық өзенінің жоғарғы жағындағы: Теке (Уральск), Орынбор, Op, Талқала (Белорецк) шаһарларын басып отырып Троицкіге, одан казак-орыстың қазақ даласын қырқалайтын: Бағлан (Звериноголовск), Ыстап (Пресногорьковка), Кіпитан (Пресновка) станицалары арқылы Қызылжар мен Омбыға барады, одан Ертісті жағалап: Кереку (Павлодар), Семей, Өскемен, Зайсан арқылы Қытай шегіне тірелді.

Советтік дәуірге дейін екі жүз жылдай тарихы болған бұл жәмшік жолында, Бағландағы біз атап отырған Терентий Ямщиков сияқты ата-бабасынан жәмшік айдап келе жатқан семьялар жиі ұшырасады.

Терентий сондайлардың біреуі еді. Біз сипаттап отырған жылы оның жасы жетпістен асқан. Өмір бойы жәмшіктік қызмет атқарған әкесі оны да аяғын апыл-тапыл басқан күннен қасына ерткен. Әкесі өлгенде орнын басқан. Содан бері — жәмшік.

— Осы жасымда, — дейді Терентий мақтанған шақтарында, — бергі чиновниктерді былай қойғанда, Романовтардан үш патша арбама мінді: Павел, бірінші Александр, бірінші Николай!..

Қазақ даласын билейтін Орынбор мен Омбы әкімдері өзара тығыз байланысты болып, бергісі — урядник, арғысы — генерал-губернаторлар қарым-қатынасын үзбеген, сондағы жәмшік жолында, Бағланнан қашса құтыла алмайды.

Табиғатында пысық Терентий, үйіне осынша көп түсетін чиновниктердің бәрімен де танысып, біразымен, әсіресе ірілерімен дос болып алатын, сондықтан бертінірек келе, жоғарғы чиндер болмаса, ұсақтарын елемеуге, менсінбеуге айналған. Оның ұғымында «қырғыз» аталатын қазақтар-табиғатында нашар жаралған адамдар, жетпістен асқан жасында, маңайдағы ауылдарда ешбір қазақпен жақын болып жанасқан емес, маңына жолаған емес. Егер әлдене қазақ жұғысайын десе, ытырынып бойын аулаққа салады, маңайласа боқтап, сабап... дегендей, қорлайды. Қарапайым қазақ былай тұрсын, ол қазақтан шыққан әкімдерді де менсінбейді. Сондықтан да, бұрын бірер рет ылау мінген Шыңғысқа да шікірейе қарап, жөнді тіл қатыспаған.

Терентий заңшыл адам еді. Ол қандай ірі чиновник келіп түссе де, әуелі мандаттарын көріп, тіркеу кінежкесіне жазып алмай, ылау бермейтін. Шаруашылық жағынан Терентий станицадағы орта дәулеттілердің бірі. Жәмшікке жегетін төрт жақсы аттары мен екі әдемі фургонінен басқа, оның қарағайдан қиған төрт бөлмелі үйі, кең сарайлары саны қырық -елуден кемімейтін сарықтары, он шақты сауын сиыры, жұмысқа жегілетін алты-жеті өгізі, жүз елуге тарта қаздары, тауықтары, үйректері болатын. Азық-түлігі мол Терентий, көңілі ұнатқан жолаушыларға ғана керегін сатып беріп, былайғыларына «өліп бара жатырмын» десе нәр татырмайтын.

Біздің жолаушыларға ол жүз көріскеннен-ақ қырсыға қалды. Сәлемдескеннен кейін, әдетінше жолаушылардан мандат сұраса, ылау мінетін хат Драгомировте бар да, Шыңғыста жоқ. Оның бар мандаты, Құсмұрын дуанының аға сұлтаны екендігін ғана куәландыратын диплом. Терентий онысына қарамас па еді, қайтер еді егер сөйлескен шақтарында Шыңғыс «подполковникпін» деп кеуде көтермесе. Терентий сол сөзіне ерегісе қалды да:

— Фургон алатын хаты жоқ кісіге ылау бере алмаймын, — деп, қиқайып отырып алды. Драгомировке беретін ылауына да мінгізбеймін деп, сілелерін біраз қатырды да, әрең дегенде кенді. Енді ылауға, кісі басы шақырымына бес тиыннан ақша төлеу керек. Жететін жерлері — Ыстап. Ол Бағланнан қырық шақырым. Сонда, Шоқан мен Шыңғысқа төрт сом төлеу керек. Ондай ақша Шыңғыста болмай шықты. Ал Терентий тиісті ақшасын алақанына салмай, Шыңғысты арба маңына жолатар емес. Драгомировтің қалтасында езіне ғана жететін ұсақ бар екен. Одан басқа ақшасы тұтас он сом. Оны айыра алатын адам, бүкіл Бағланнан табылмады. Енді не істеу керек?

Жығылған жағынан тұрмайтын Терентий тағы бір қаталдық көрсетті, денесінің өртенуі әлі бәсеңдемеген, жалынды қызудан кезерген еріндерінің терісі жарылып кеткен Шоқан қаталап сусын сұраса, үйінде сүт, айран, куәш сияқты сусындары бола тұра, кәдушкедегі жылымшы судан басқа нәр татырмады. Бала жалындап барады. Бұл қалпында жазым боларлық қаупі бар. Ілкі уақытта станицадағы әскерлік бөлімде емші болушы еді, ол өткен жылы Бағланнан кешкен әскермен бірге кетіп қалған. Ендігі дәрігер — Ыстапта ғана. Ауру баламен кейін қайту қиын, қысқа жол, — үйлері өртенген балықшылар арқылы ғана, онымен жүруге болмайды, ұзын жол — Обаған өзенін жағалап кетеді, ол — тым жырақ, — ауру баламен қалай жүреді!..

Осы ақырудың бәрін күйме ішінде естіп жатқан Шоқан, әкесін Аба арқылы қасына шақырды да, әуелі:

— Қалтаңда қу тиының болмаған соң, баяғыдан бері несіне «аға сұлтанмын» деп жүргенсің?! — деп кейіп ап, — өлсем шорт-төбей жолда өлейін, кеттік, келген аттарымызбен! — деді.

Басқаша амал жоқ.

Терентий әлдеқайда кетті де оралмай қойды. Оның әйелі бір күрішке куәшті Шоқанға әрең берді. Жолаушылар Ыстапқа жең тартты.

Аурудан қалжырады ма, әлде ұйқы жеңді ме, Шоқан Бағланнан былай шыға қалғып кетті. Шыңғыс оны алдына өңгере құшақтап алды. Баланың сұлқ түсуіне ол мазасызданайын деп еді, Драгомиров тамырын ұстады да:

Қызуы бәсеңдеген, сырқатының беті қайтуы болар, тиышталсын, ұйқысын бұзбайық, — деді. Өз ішінде, — «тек, жақсылықтың нышанасы болғай да, әлсіреуі болмаған да» деген қауіп те бар.

Жолаушылар бір-біріне ұзақ уақыт үн қатысқан жоқ. Шыңғыстың басында «Шоқанның сырқаты не болар екен?!» деген қауіп қана. Аба Бағланға келген ізімен кейін қайтпай, ЬІстапқа қарай беттеуіне қуанышты. Балықшылар селосының өртенуіне себепкер болған ол, «содан да тоса ма, қайтеді?!» деген қауіппен, жырақтан орайтын Обаған өзенінің жолымен жүруге де жүрексінеді. Ыстаптан Құсмұрынға тік тартатын жол бар.

Өзін ойшылдардың біріне санайтын Драгомировтің бұл жолы басын билеп келе жатқан нәрсе, отырықшы елдермен, көшпелі елдердің қонақ жайлылық салттары. «Көшпелі» дейтіндерден оның аралағаны, — Сібірдегі буряттар, монғолдар, қалмақтар, қазақтар. Бұл елдерде тамағын қонағына сатып беру әдеті атымен жоқ. Сан тапсырмамен бұл елдерді талай аралағанда, хал-қадары беретін асына еш жерде көк тиын күреш алған, не жамбас ақы сұраған жанды жолықтырған емес. Қайда барса да тегін тағам, тегін орын...

Оның осы жолғы бір айға шыққан сапарына, бас-аяғы алпыс бес сом берілген еді. Сондағы есебі: мың шақырымға шамалаған жол тұрқы, шақырымына бес тиыннан елу сом, күніне жиырма тиыннан, отыз күннің тамағы алты сом, елу алты сомдық шығынның ар жағында қала қалғаны болжалсыз бірдемелерге арналған аванс. Омбыдан шыққаннан бері айдан артық жол шеккен Драгомировтің барлық шығыны-Омбы мен Құсмұрын арасында ылауға төлеген он бес сом мен тамағына кеткен бес сом ғана. Орыс селоларында тамақ арзан, жұмыртқаның оны бір тиын, сүттің күрішкесі — ширек тиын, айрандікі — жарты тиын, кішірек қалаш — бір жарым тиын. Қанағатшыл Драгомировтің тоюына күрішке сүт, немесе-айран, екі жұмыртқа, бір сындырым қалаш жетіп жатады. Осылар болса, оған өзге тамақтың керегі жоқ.

Қазақ аулына қолы іліге, Бағланға қайтіп оралғанша, ол тамақ пен ылауға көк тиын ұстаған жоқ. Қалтасында қалыңдамай да жұқармай да жүре берген қырық бес сомның үш сомына, Торғай облысындағы аталықты бір қазақтың әкесінен қалған алтынмен әшекейлеген кісесін сатып алды, тағы бір он сомға жүзік, сырға, шолпы, білезік, алқа сияқты қазақы бұйымдарды алды өзге отыз сомы мен тиын-тебен ұсақтары қалтасында. Тиындарын Терентийдің ылауына төледі.

Драгомиров жүрген жерінің шежіресін де, әдет-ғұрпын да, салт-санасын да байқастыратын еді. Қазақ елі туралы да жинаған материалдары кеп, солардан кітап жазарлық та ойы бар.

Оның шұқшия зерттеген бір мәселесі, — қазақ елінің меймандостығы, қолындағы тәтті-дәмдісін қонағына тосып, ешбір ақы-пұл алмауы. Бұл әдет ешбір қазақтың дәулеті қандайлығында емес, байларды, ауқаттыларды былай қойғанда, «сіңірі шығып отыр» дейтін кедейлердің де салты солай «жақынсын», «жатсын» демейді, «қай елсің», «қай ұлтсың» демейді, «әйелсің», «еркексің» демейді, «жассың», «кәрісің» демейді,-барын аузыңа тосады.

Адам қоғамының өркендеу тарихынан хабары бар Драгомиров, алдына «бұл неліктен?» деген сұрау қояды. «Қоғамның алғашқы коммунасынан келе жатқан салт» дейін десе, ол дәуірді бұл ел басынан кешіп кеткен сияқты. Бұлар — меншік иелері.

Отырықшы елдерде бұндай салт жоқ. Олар сындырым нанын да, ұрттам айраны мен сүтін де, басқа тағамын да сатып береді. Драгомиров онан, себебін-«отырықшы елдердің тұрмысы базарға байланысты болуынан» деп жорамалдайды. Базаршылау қазақта да бар сияқты. Әсіресе, Россияға бағынғаннан бері «ақша» дегеннің не екенін ауыл да білетін. Ендеше, неге қонақтарынан ақы-пұл алмайды?!..

Осы сұрауға жауап іздеу, Драгомировтің ойын Ыстапқа жеткенге дейін шырмады.

«Ыстап» дегеніміз, орыстың «штаб» деген сөзі. Станицаның орысша аты — Пресногорьковка.

Ол қазақшылағанда — «Тұщылы-ащылы» деген сөз. Олай дейтіні — станица орнаған дөңнің оң жақ етегінде суы тұщы, сол жақ етегінде — сортаң көлдер бар. Осындай «Қос» я «Қоржын» аталатын тұщылы, ащылы көлдер — Пресногорьковкадан Қызылжарға созылатын казак-орыс линияларының бәрінен де ұшырасады. Сондықтан да, сол маңайдағы казак-орыстардың әрі бай, әрі серісі болған, қазақтар «Салқара» деп атаған Қарас Казинды, Арғыннан шыққан Көтеш ақын мақтағанда:

Ыстап пен Қызылжардың арасында, Ащылы-тұщылының жағасында, Қазақпен дос болмаған біреуі жоқ, Салқара түгіл, ата-бабасында, — деген екен дейді.

Пресногорькованы қазақтар «Ыстап» дейді, Орынбор мен Омбының арасындағы казак-орыс линиясында, казак-орыстың «Екінші бөлім» аталатын атты әскерінің штабы, көгі жылдар бойына, осы Пресногорьковкада тұрған. Көкшетау, Атбасар, Ақмола жағын отарлануға шеру тартқан патша үкіметінің әскері, Пресногорьковкадан аттанған. Көшпелілердің шабуылынан қорыққан штаб, линиядағы станицалардың, әсіресе штаб тұратын Пресногорьковканың төңірегін бытықы-шытықы терең, көк орлармен қоршатып, бекініс жасаған. Олардың ішіне үнемі қарулы күзет қойылған.

Осы күзет кезінде, кейбір қызық оқиғалар да болып жүрген. Ыстап пен Қорған қаласының орталық тұсында орысша — Половинка, қазақша — Ақ сиыр аталатын деревня бар, оның да төңірегі ормен қоршалған. Сонда қойылған күзет бір күні ұйықтап қалады да, әлдене дүрсілден оянып кетеді. «Бұл не?!» деп қараса, аппақ бірдемелер келе жатыр!.. Күзетшінің естуінше, көшпелілер түнде үстіне ақ жамылып келеді екен. Мына ағараңдағандарды «келіп қалған жау екен» деп ұққан күзетші тұра қашады, «жау келді, жау!» деп шырт ұйқыда жатқан деревня адамдарын бөрліктіреді. Шошыған жұрт опыр-топыр болады. Бірақ жау жоқ!.. Естері кіргеннен, тиышталғаннан кейін бақса, ағараңдаған-өзіне тартқан тайша, торпақтарымен өрісте қалған, түнде мекеніне қайтып келе жатқан, меңсіз ақ сиыр екен. Содан деревняны қазақтар күлкі ғып, күні бүгінге дейін «Ақ сиыр» деп атайды...

Батыс жағы ойпатты жазық дала болып кететін Ыстап, әсіресе оның сыртқы ақпен боялған шіркеуі жырақ жерден көрінеді. Сол шіркеу ағараңдай бастағанда, тамырың ғана ұстап, денесінің ыстығын өлшеуден басқа қимыл көрсетпеген Бағланнан шыққалы құшағында үн-түнсіз қозғалмай келе жатқан Шоқанды Шыңғыс:

— Оян, Қанашжан! — деп қозғады. Денесінің қызуы басылған Шоқан бұл кезде шырт ұйқыда еді. Ол ояна қоймаған соң Шыңғыс қаттырақ сілкіледі. Еріксіз оянған Шоқан, есеңгіреген кескінмен, былшықтанған көзін кең ашып әкесіне қарап еді:

— Келіп қалдық! — деді ол.

— Қайда?

— Ыстапқа.

Бұл атты Шоқанның естігені болмаса, станицаны көргені жоқ еді. Естуінше, «бұл маңайдағы станицалардың ең әдемісі». Қалғығанына біраз уақыт болған Шоқанның ұйқысы қанып қалған болу керек, әкесі «оян» деп жұлқылағанда, көздерін уқалап жіберді де, Абаның қасына мініп алды.

Ыстаптың дөңіне көтерілгенше, жолаушылар бір-біріне жауап қатысқан жоқ.

Ернеулеріне үйілген балшықтары биік, шұқырлары терең орлардың арасынан аттар үрке жортақтап, кей жерде күймені аударып та тастай жаздады. Сол бұлталақпен, ол кезде ұзынша жалғыз-ақ көшесі бар Ыстапқа кіре бергенде:

— Аба! — деді Шыңғыс.

— Әу, хан-ием! — деді ол.

— Осы қалада «Сапақтың Тілемісі» деген жатақ жігіт болуға тиісті еді ғой?

Аба кешеден бері жөндеп тамақ жемей қарны ашып келе жатқан Шыңғыстың, сол жігіттің үйіне түсіп, тойынғысы келгенін жорамалдады. Қазақтың ең «сіңірі шыққан» дейтін күнін зорға көріп отырған кедейінің де бар дәмін қонақтың аузына тосатын салты. Орыс селоларында мал бағып күнелтетін жатақ қазақтар да барын Шыңғыс талай рет көрген. Оның үстіне, ана жылы ордаға келген Тілемістің еті тірі жігіт екенін байқаған. Қонағасы тауып бермеуі мүмкін емес. Аба да сондай ұғымда еді, сондықтан «Хан-иесінің» ыңғайына көшіп.

— Кейінгі жылдары кетіп қалмаса, бұрын бар болатын, — деді.

— Үйін таба аласың ба, оның?

— Қайдам. Орыс қаласында мал бағатын, жатақтардың жаздыгүні тұрақты мекені, қала шетіндегі диірмендердің төңірегі болушы еді. Бұл да сондай жерде шығар.

— Бұл қаланың диірмендері қайда екенін білуші ме ең?

— Білем.

— Ендеше, тарт, соған қарай!

Бұл кеңестің жобасына түсіне тұра, Драгомиров сөз қосқан жоқ.

Шыңғыс Тілемістің үйіне жеткенше, біз оқырман көпшілікті оның кім екендігімен таныстыра тұрайық. Ол қазақтың «Уақ» аталатын руының «Шәйгөз» дейтін бұтағынан. Әкесінің аты — Сапақ. Ыстаптың орнаған жері Сапақтың ата мекені екен. Станица ірге тепкен кезде, ауыл ол арадан қуылады да, кедей Сапақ бақташы болып қалып қояды.

Ондай бақташылардың революцияға дейінгі аты — жатақ. Орыстың атақты ғалымы, демократы, шығысты, әсіресе қазақ өмірін зерттеушісі — Г. Н. Потанин, өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында, патша үкіметіне берген хатында, «қазір Сібірдегі тұрғындардың ішінде тұрмысы, халы жатақтардан ауыр адам жоқ, олар станица кулактарының шын мағынасындағы құлы» деген. Сондай халын жеңілдету туралы ұсыныстырын айтқан, олары әрине, — «утопия. Көп жерде жатақшылық тұқым қуалап, әкеден балаға «мирас» болған. Сапақ та, балалары да сондайлардың біреуі еді.

Ауыр тұрмыстағы жатақтардың бір жүйесі, «христиан дініне көшсем жеңілденем бе» деген үмітпен шоқынған да. Ондайлар Сібірдегі казак-орыс линиясын мекендеген станицалардың көбінен табылған. Шоқындылардан байып кеткендері де болғанмен, көпшілігі кедей. Кей жатақ нашар тұрса да шоқынбаған. Солардың бірі — Сапақ. Бірақ, Сапақ, мұсылмандардың шошқа хайуанатын жек көретін, жоламайтын салтына қарамай, ақыны өзге түліктен көбірек төлеуіне қызығып, Ыстаптың шошқа табынын ұстайды екен дейді. Ыстаптың күнгей жағында, отыз-қырық километрдей жерде «Сарыоба» аталатын биік төбе бар. Сапақ шошқа табынын сол «Сарыоба» төңірегіне бағатын болған.

Өткен ғасырдың отызыншы жылдарында, «Россияға» деп, Кенесары Ыстап маңындағы Керей мен Уақ руын көп малын, көп жанын жаулап әкетеді. Содан кейін Керей мен Уақтың сол кездегі байы да, батыры да атанған Есеней, қалың қолмен Кенесарыны қуып, жаулаған мал-жанды құтқарады да, қолға түскен жауды байлап-матап, Ыстаптағы орыс әскерінің штабына тапсырмақ болады. Жолда олар «Сарыобаға» кездесіп, жайылып жүрген шошқаларды көреді, бірақ әлгінде оба үстінде қараңдаған бақташысы жоқ!.. Обаның айналасы қасқырлардың апаны екен. Бақташыны соларға жасырынған болар деген оймен Есеней іздетеді, бір апаннан Сапақты суыртып алады. Жөн сұрасқаннан кейін Есеней Сапаққа: «бағуыңа шошқадан басқа табылмады ма?» деп дүреге жығады. Сапақ сол соққыдан өледі. Оның пысық туған, жігіт болған баласы — Тілеміс осы жайда, Құсмұрында аға сұлтандық құрып жүрген Шыңғысқа барып шағым айтады. Ол Шыңғыстың Есенейден қатты сескенген кезі екен, сондықтан «менің тісім батпайтын іс» деп жоламайды.

Қазіргі сапарында Шыңғыстың сол Тілемісті көргісі кеп келе жатыр, ондағы ойы — Есенейге қарсы жұмсаудың қарызын байқау. Өз ойында үлкен бір жоспары бар: әнеугүні, Құсмұрын дуанының барлық қазақтары болып, қызметінен түскен Шыңғыстың орнына Есенейді ұсынуы, документтері Омбыға жөнелтілуі, бізге өткен тараулардан мәлім. Егер Есеней аға сұлтан боп бекіле қалса, оған орыс тілін білетін жәрдемші керек, бұл маңайда Тілемістен басқа ондай адам жоқ. Ол Есенейге дұшпан кісі. Есеней Тілемістің ондайын білмеуге тиісті. Егер ол Есенейге тілмәш бола қалса, ар жағында ор қазуы оңай. Шыңғыстың тағы бір арамдық ойы — «Есенейдің жас тоқалы қылшылдаған жігіт Тілеміспен неғып әулікпес екен?»

Ыстаптың шығыс жағы бұрын қарағайы, қайыңы, терегі аралас қалың орман болатын. Станица орнай, тұрғындар ол орманды құрылыс ісіне отап, кейік түбірлерден өрбіген бұталар ғана қалған. Түбі сиреп, төбесі күнге таласпай өскендіктен, тырбиған теректер мен қайыңдардың бойлары болмаса атты кісі жүре алмайтын. Сондықтан да ішіне ақ дар толып, түн жамылған түлкілері станицаның тауықтарын ұрлап, қояндары огородтарды қырқып дамыл бермейтін. Станицаның сарықтары мен мәстектерін қымқыратын ұрыларға да бұл орман таптырмайтын баспана. Іші қан сасып жататын бұл орманды, орыстар «Красная роща» деп, қазақтар «Қызыл қырман» деп, немесе «Қызыл» деп атаған. Ыстаптың диірмендері сол «Қызылдың» жиегінде. Сапақ өлгеннен кейін оның бақташылық кәсібін, баласы — Күлеміс атқарған. Станицаның сауын сиырын баққан ол, әкесінен мұраға қалған қара-құрым кигіз үйі, жаз айларында, қызылдың диірменге жақын қойнауына тігеді екен.

Сапақтан: Күлеміс, Тілеміс дейтін екі ұлы болған. Күлемісі — үлкені, Тілемісі — кішісі. Араларының алшақтығы бес-алты жас. Күлемісі мал — түлігі болғалы бақташы, әкесінің күші бар ол да әкесіндей — ерінбес, иіс — алмас адам. Түр-тұлғасы, кескін-кейіп жағынан да әкесіне тартқан: өңі қоңыр, тұмсығы кейкілеу, безеу бет, кескінсіздеу кісі еді деседі. «Мінез жағынан да әкесіндей қой аузынан шөп алмайтын жуас еді, ашуланса томырақ еді» дейді.

Тілемістің түр-тұлғасы, кескін-кейпі, мінез-қылығы шешесіне тартқан: сарғылт өңді, сымбатты денелі, көркем кескінді, пысық, шапшаң адам екен. Енеден қағына асып, он үш жасынан ұрлыққа араласады. Сол қылмыспен, бала жігіт кезінде тұтқынға алынып, біраз жыл Сібірге жер ауып кетеді. Сол жақта орыстың тілін және хатын біліп алады. Айдаудан қайтқан Тілеміс «адал» кәсіпке кірісіп, қорған қаласына жақын жердегі Светлов есімді помещикте біраз жыл піркәшік болады. Қазақтар әспеттеу деп атаған бұл помещик қиянатшыл адам екен. Содан ба, әлде ақшасына қызықты ма, — жолаушылап жүргенде, әлдекім оны өлтіріп кетіп, «соның жаласы ауа ма» деген қауіппен Тілеміс Ұлытау жақтағы нағашысына қашып кетіп, Ыстапқа Әспеттеу оқиғасының ыстық-суығы басылған соң оралады. Содан кейінгі кәсібі, — Ыстапта тұратын әскери бөлімшенің көлік, азық-түлік, ер-тұрман сияқты қажетін тауып беру ғана.

Станицамен жыл сайын көктемде отыратын шартқа Тілеміс қол қоюшы еді де, бақташылық қызметін Күлеміс атқарушы еді. Олардың мекен жайлары да бөлек: бала-шағасымен жаз айларында диірмен түбіне тігілетін қара-құрым үйде тұратын Күлеміс қыс кедейлеу қазақ-орыстық біреуіне қоңсы бола кетеді. Тілеміс үйленгеннен бері, Ыстаптағы ауқатты адамның бірі — Свинаркиннің флигелінде тегін тұрып келеді. Оның ажарлы әйелі — Қырмызы, — он саусағынан өнері тамған шебер, киімдерді де әдемі пішіп, сәнді тігеді, тоқыма істеріне де мейлінше сыралғы, ас-суға да қылап... Сондай істерімен жаққан Қырмызының ері де, балалары да, өзі де Свинаркин үйінің сыйлы адамдары.

Ал, Күлемістікі — «өлмешінің күні». Ол жас күнінен «ағаштан түйін түйеді» дейтін балташы адам еді. Балалары мал түлігі бола, жалданған табынын ол соларға жайдырады да, өзі шеберлік кәсібіне отырды. Сонда, қысы-жазы дамылсыз жасайтыны — екі доңғалақты қазақ арба. Ертерек ұзап көшетін бұл маңайдың ауылдары, кейін қазақ-орыс станицаларымен іргелес бола, солардан күн көрістік кәсіп тауып, жаз айларында ғана көшетін де, қыс айларында соларды сағалап қыстайтын. Жазда тым жыраққа көшпейтін. Бұрын ұзап көшкенде жүктерін түйелерге тиейтін олар, орыспен араласа, «қазақ арба» аталатын екі доңғалақты арба жасатып, жүктерін соларға артатын. Осындай арба жасаудың бұл маңайдағы бірден бір шебері — Күлеміс. Ол араның қазақ арбаға берік ағашы — қайың. Оның «қызыл» және «сау» аталатын екі түрі бар: қызылы бұйра қайың, ол тез сынбайды да, жарылмайды да, ал, «сауы» — сыңғақ та, жарылғақ та. Күлеміс арбаларын қызыл қайыңнан жасайды. Сондықтан ол көп жылға шыдайды. Жұмысын адал атқаратын ол орман ішін кезіп, арбаға қолайлыларын таңдайды да, оларды асықпай бабына келтіреді. Солайша қимылдағанда, жылына ол екі-үш арбадан артық жасай алмайды, сонда, арба басына алатын ақысы екі-үш қозылы қой. Мал бағудан, арба жасаудан алатын ақылары, күн көрісіне жетпейді.

Неге екенін кім білсін, Сібірдің қазақтары орыстың мейрамдық — жексенбі күнін «азына» дейді. Орыс селоларында мал бағатын жатақтардың бәріне ортақ бір салт, — азына күні қап арқалап малы бағылатын үйлердің бәрінен азық жылуын жинайды. Біреулер — нан, біреулер — жұмыртқа, біреулер — картоп, біреулер — ірімшік, біреулер — қаймақ, кейбіреулер — ет сияқты тағамдар беріп, бақташы азына күні қарық болып қалады, бұл қазынада жинағаны келер қазынаға дейін мол жетеді, кейде артылып та қалып, қысқы азықтарына үнемдейді. Күлеміс үйінің, де күн көретіні, осы азына күндерінің жылуы. Осындай халдегі Күлемістің семьясы, жыл тәулігінде «тоқ-жарау» боп қана күн кешеді. Мол тұратын Тілеміс оған жөнді қараспайды.

Сапақ балаларының бұл жайынан Шыңғыстың хабары жоқ еді және бұған дейін білем деп тырыспаған да. Өзін «ақ сүйек», былайғы қазақтарды «қара сүйек» деп есептейтін ол, дәрежелі немесе дәулетті қара сүйектерді сырттай теңсінгенмен, іштей менсінбейтін. Тілемісті Құсмұрында көргенде де сөйткен ол. Үлкен қара көзді, қоңқай әдемі мұрынды, қияғы ұзын мұрты мен иегіне шоқтала өскен сақалының түсі де шымқай қап-қара, сұр өңді Тілеміске Шыңғыс мұнша әдемі көрікті қимаған, оның үстіне, тықылдаған пысықтығын да ұнатпаған, егер елей қалса, үйреніп алғаннан кейін басынып кетер деген қауіппен, бойын сырғақ ұстаған. Оған еркек атаулының сұлуы сияқтанған. Оның үстіне, денесі де, жаратқан аттай жұп-жұмыр, мінезі де көкпарының атындай ойнақы, сөздері де сайдың тасындай түйдек. Осындай көрік пен қылықты Шыңғыс Тілеміске қимай, оны төмендету үшін, әдейі менсінбей қараған мінез көрсеткен.

Ол кезде Есенеймен араздасам деп ойлап па Шыңғыс? Тілеміске күнім түсер деп ойлап па? Енді, міне, Есенеймен де араздасты, Тілеміске де күні түскендей болып келеді Осыны ойлағанда демін ауыр алған Шыңғыс, ішінен «аумалы-төкпелі дүние-ай!»деп күрсініп қояды.

Тілемісті де «жатақ» деп, «бақташы» деп ойлайтын Шыңғыстың Абаға «үйіне жүр» деуі, «елеп барсам, іске жарар ма екен?» деген үмітте болуы еді. Сондықтан жәй-жапсары келісе қалса, ойы — қона кету, әйтпесе, елегендік көңілін білдіргеннен кейін, орыстардың жақын маңайдағы бір үйіне сырғи салу. Драгомировтің берік бекініп келе жатқаны, Шыңғыс орныққаннан кейін, шомылып жататын моншасы бар үй тауып алып, сонда түнеу.

Бұлар диірмен түбіндегі қара құрым киіз үйге, күн кештікке қарай еңкейгенде жетті. Ол үйден жолаушылардың өздері түгіл аттары үріккендей боп, жақындай бере жалтара бастады. Өйтпеуге болмайтын да еді. Малшы елдің кезімен қарағанда, үйдің сырт нұсқасы: қыстан көтерем болып шығып, аяғын әрең басқан, тұла бойы шидей қотыр, елі жүні жалба-жұлба тайлаққа ұқсайтын. Былайша жүрістен қажып, денелері босаңсып келе жатқан аттар, сыйқсыз қара құрым үйді әлдене жыртқыш аңға меңзегендей қапелімде үркіп жамбастарынан жалт берді, күйме аударылып қала жаздады.

Сол үйде үлкендігі тайша-бұқадай, қарала түсті, шолақ құйрық төбет болушы еді, даусының аса жуандығына қарап, Күлеміс оның атын «Күрілдек» қойған. Орыстар «Курка» дейтін. Ол көбінесе, үй қасындағы қисық ағашта шынжырмен байлаулы жататын. Бос жүрсе, жаяу түгіл атты адамды да алып тастайтын. Сонда, жыққанын талап тастамай үй жандарынан біреу кеп айырып алғанша басып жататын. Өзінің салмағы зілдей, — астында жатқан адам бура тізерлегендей халде болады. Оның үстіне түсі сұмдық суық: ағы қанталаған қып-қызыл үлкен көздерін қадағанда, өңменнен өтіп кете жаздайды, басып жатқаны қимылдайын десе, ұрттары иегінен төмен салбырап тұратын, жырасы құлақтарына жететін үлкен аузын ыржита ашып, зілдене қарайды, сонда көрінген азу тістерінің сомдығы балғадай. Сонымен қапса не оңдырар!..

Күрілдектен адам түгіл аңда қорқып, сол үйдің маңында түнейтін, саны азаймайтын да, көбеймейтін де жалғыз сиырдың не өзіне, не қасында байланған бұзауына, «Қызыл қырманның» ішінде шұбырып жүретін қасқырлар, ешуақытта жолаған емес. Күлемістің өзі үйде болған шақта, «Күрілдек» көбіне бос жүреді, ол «жат!» десе, кімді көрсе де, нені көрсе де ит тырп етпейді... Құлағы аздап мүкістеу болған, жақындағы дыбыс болмаса алысырақтағыны ести қоймайтын, «Күрілдек» қиядағы сыбысты сезетін.

Шыңғыстар мінген күйме осы жаққа беттеп келе жатқанын, жолаушылар қаладан бері беттей бергенде-ақ сезіп, жат-жара барын иесіне білдіру үшін «оф!» деп үн салды. Итінің босқа өйтпейтінін білетін Күлеміс «қала халқынан біреулер болар» деген оймен, «жат!» дей салды. Иесін тыңдағыш ит, дыбысын доғарды да, түрі дағдыдан тысқары көрінген пар аттың қайда барарын білгісі келгендей, қырағы көздерін тесірейте қарады да жатты.

Арбалы аттың жүрісін Күлеміс үйіне жолаушылар жақындаған шақта ғана естіді. Ыстапта арбаға ат жегетіндер аз болмайды. Осы маңайды жанып ететін жолдармен ерсілі-қарсылы ағылып жататын жолаушыларды былай қойғанда, қызылға арбамен келіп отын әкететіндер де жиі ұшырасады. «Сондайлардың бірі шығар» деген оймен, сабырлы балташылық жұмысын атқара беріп еді, «Күрілдек» әуелі ырылын көбейте түсті де, аздан кейін «аф» деп атып тұрып, тоңқаңдай жүгіре жөнелді. «Бұ несі?!» дегендей Күлеміс алдынан жаңқаны сілкіне түрегеп, үйдің иті кеткен жағына шықты. Аттары өз үйіне қарай бұрылған жолаушыларды сонда көрді.

«Күрілдектің» бір әдеті,-«көзіне көрінгенге ұмтыла бермейтін еді, егер ұмтыла қалса, шошытпай тынбайтын еді. Сонда оның адамнан өші-жаяулар емес, аттылар. Жаяуларды ол үріп қорқытқаны болмаса, тарпа бассалып талай қоймайтын. Ал, салт аттыны көрсе, атының не танауынан, не тірсегінен түстеп үркітетін, тулататын, сондай жағдайда, иесінің кейбірі құлап та қалатын, құлағанда «Күрілдек» тимейтін, арбалы адамның да атының тұмсығынан қауып, ат жалтарғанда, арба аударылып қалатын...

Шыңғыстар мінген пар ат қараша үйден үркіп жалт бергенде, алдын ораған «Күрілдек» машық дағдысымен қарғып қап, жалтарған аттардың оң жақтағысын танауынан қапсыра кеп қапты. Иттің тісі батқан ат, арбаның қиқайған жағына қарай қатты бұрылғанда, күйме төңкеріліп түсті. Үстіндегілер ұшып кетті. Мақсатына жетуіне масаттанғандай, «Күрілдек» құлағандарға ұмтылмай, аңырып қарай қалды.

Арбадағылардың кім екенін білмеген Күлеміс, ит біреуін қауып тастар деген қауіппен, жүгіре басып жақындады да, қарғы бауынан ұстай алды. Арба аударылғанмен, жүрістен қажыған аттар ала қашпай, делбесінен тартқан Абаның ырқына көніп, «құр, жануар, құр!» дегенде, тоқтай қалды. Сол кезде станица жақтан шауып келген бір салт, құлаған жолаушылардың қасына таяна беріп, атынан қарғып түсті.

Ол, Тілеміс еді. «Ел құлағы елу» дегендей, Шыңғыстың аға сұлтандықтан түскенін, бір баласын ертіп Омбыға жүргелі жатқанын естіген. Бірақ, Бағланнан Қорғанға тартып кетуін, я линиямен жүруін біле алмаған. «Егер линиямен жүріп, маған соға қалса қамсыз отырмайын» деп бір орыстан семіз сарық сатып ап, ақ ұннан бауырсақ пісіртіп, тұрған пәтерін жинастырып қойған.

Солайша күткен Шыңғыстың Ыстаптың көшесінен ағып өте шығуы, пәтерінің қақпасынан көріп тұрған Тілемісті қайран қалдырды. Оған келген ойлар: «әлі күн ерте болғанмен, аттарының жобасы босаңсыған, ендеше Ыстаптан өтіп қайда барып қонады?! Кіркөйлекке ме? Онда кімі бар қонатын? Естуінше орыс қалаларына кезіксе, егер онда қазақ үйі болса, Шыңғыс үнемі соларға түседі. Кіркөйлектегі қазақтар-шоқындылар. Олардың ішінде, бұған қонағасы бере алатыны жоқ. Оның ар жағында — Қабан. Оған мына аттарымен бүгін жете алмайды. Ендеше, Ыстаптан бұл өтіп кетуі қай етіп кету?! Ыстапта ағайынды екеумізден басқа қазақ жоғын білуі ме, бұл?!. Бізді менсінбеуі ме?..»

Соңғы ойынан намысы қоза қалғанмен, Шыңғыстың қай жолмен кетерін бақылағысы келген Тілеміс, ерттеулі тұрған атына мінді де, «Қызыл қырманның» бір қабат жиегін ала шоқытты. Шыңғыстың күймесі Ыстаптан шыға, Кіркөйлекке қарай ойысатын жолға түспей, диірмендерге беттегенде: — «Бұ несі?! Әлде, мені де мал бағып отыр деп ойлағаны ма?» деді де, шоқытқан атынын, екпінін бәсеңдетіп, күймеге жегілген аттардың басы қайда тірелеріне көз тікті. Қараша үйге таяна беріп аттар жалт бергенде. Тілеміс жақын тұста еді. Содан кейінгі халдерді көзінен өткерген ол, атынан қарғып түсті де, құлаған орнынан тұруға тырмысқан Шыңғысты қолтығынан сүйемелдей берді. Шыңғыс оны тани кетті.

— Апырай, Сұлтан-ай, денең аман ба? — деді Тілеміс.

Сүйектері сау сияқтанғанмен, етінің қатты ауырып қалғанын сезе бастаған Шыңғыс сыр бермегенсіп:

— Жәй... былай... әншейін... — дей салды.

Тілемістің сүйемелдеуімен, орнынан созыла тік тұрған Шыңғыс аяқтарын кібіртіктей басып, оң жағына ақсаңдаңқырап қалды. Драгомировтің бір жақ шекесін құлаған жері жыртып кетіп, жарасын орамалымен басып тұр. Етбетінен жығылған Шоқан, мұрнының қанағанын танауына жылымшы бірдеме жорғалағанда ғана сипалап білді. Отқа күймейтін, суға батпайтын Аба, бұл құлаудан да еш жеріне жарақат түсірмей, өзгелері оңалып болғанша, аттары мен күймесін ретіне келтіріп те үлгерді. Құлағандардың кімдер екенін әлі де білмеген Күлеміс, итінің қарғыбауынан ұстаған қалпымен қалшиып тұр. Онысын ерсі көргендей:

— Неғып тұрсын сілейіп? — деді Тілеміс, қаттырақ дауыспен. Ондай үнді ұнатпайтын Күлеміс:

— Тұрмағанда не істейін? — деді.

— Біліп тұрсың ба, бұл кісілердің кім екенін?

— Мейлі кім болса да.

— Сенің итің ғой, бұл кісілерді осындай халге келтірген.

— Мен итіме «сөйт!» деп ақыл үйреткен жоқпын және «келе ғой» деп үйіме ешкімді шақырған жоқпын.

Шәлкес сөйлеген ағасының, ерегісе қалса, одан да тұрпайы сөздер айтып кету мүмкіндігі барын білетін Тілеміс:

— Ұят болды, — деді ол Шыңғысқа жампаңдап, — біздің үйге барайық, төрем, мініңдер күймелеріңе!

Тілеміске не жауап айтарын білмей аңырған қалпын байқаған Драгомиров;

— Күн кешкіріп барады, — деді оған. — Өзіміз аздап ауырсынып та қалдық. Бүгін, тегі, осы станицада дем алғанымыз мақұл болар.

— Оқасы жоқ, — деді Шыңғыс ризалық білдірген дауыспен.

— Мініңіз, төрем! — деп Тілеміс Шыңғысқа күймесін нұсқады. Ол күймеге беттей бергенде, бұның не «төре» екенін білмей тұрған Күлеміс,інісіне «бұл кім?» деп сыбырлап еді:

— Шыңғыс!.. Кәдімгі — аға сұлтан Шыңғыс... Абылай ханның немересі! — деп жауап айырды Тілеміс.

Күлеміс елеңдей қалды. «Мал бағудан басқада жұмысы жоқ» дегенмен, Абылай ханды да, Уәлі ханды да, Айғанымды да, Шыңғысты да, оның Құсмұрынға аға сұлтан болуын да, әкесінің жәй-жапсарын айтуға барған Тілемісті елемеуін де Күлеміс естіген. Содан Шыңғысқа сырттай өшігіп жүретін. «Шыңғыс аға сұлтандықтан түсіпті» деген хабарға ол қуанған. Солай көретін Шыңғыс, міне, енді өзінің қара құрым үйінің қасына келіп тұр!..

Қазақ «үйге келгенде үйдей өкпеңді айтпа» дейді, «қуыс үйден құр шықпа» дейді, «таспен ұрғанды аспен ұр» дейді.

Осы мақалдарды қатты қуаттайтын Күлеміс қонақтың кім екенін інісінен білгеннен кейін:

— Атының басын біздің үйге тіреп еді ғой, мұнда неге қонбайды, — деді Тілеміске.

— Ойбай, қалай қонады? — деді Тілеміс сыбырлаған дауыспен.

— Несі бар қонса?

— Қай жеріне отырады, үйіңнің? Бұл — жұмсақ бөстек, мамық жастық үстінде өскен адам.

— Өсе берсін. Мен үйіме келген адамға дәм татырмай жібере алмаймын.

— Не дәміңді бересің сонда?

— Не оттап тұрсың өзің? — деді Күлеміс кейіп — таба алмайды деп тұрсың ба мені, орыстың сен соятын салпаң құйрық сарығын?

Ағасының намысына тиіп алуын көрген Тілеміс, бұл кеңесті әрі қарай үдетпей:

— Дәм татырсаң жетеді, көке. Айран-шалап болса да, Ондай бар ма еді?

Күлеміс бөгеліп қалды. Жалғыз сиырдың ағы айран ұйытуға келмейтін бұл үй, сүтті тары көжеге қатып сусын ететін еді. Сондықтан «айран-шалап» бар дей қоймай.

— Малға қарамаса, тататын дәм табармыз, — деді.

— Ендеше өзің шақыр, — деді Тілеміс.

Күлемістің кім екенін сұрамаған Шыңғыс «не ағасы, не туысы болар» деген жобамен жорамалдап еді, сондықтан Тілеміспен екеуі күбірлесе қалған соң, өзі жайлы кеңесіп тұрған болар деп жобалап, күймеге жеткенмен, сыпайылық қып мінбей тұрған. Драгомиров пен Шоқан мініп алған.

Шыңғысқа ағалы-інілі Сапақ ұлдары қатар жетті.

— Бұл кісі біздің ағамыз еді, аты Күлеміс, — деп таныстырды Тілеміс. Қарапайым адамды керсе қақия қалатын Шыңғыс:

— Ә-ә, — дей салды.

Арғы сөзді Күлеміс іліп әкетті. Ол сөзге ұтқыр адам болушы еді. Қонақтың көңілін табу ниетімен, білетін әдемі сөздерінің бәрін қолданып, ақыр аяғын үйінен дәм татуға шақырумен бітірді. Сыртқы түрінен шошынған Шыңғыстың, бұл қара құрым үйдің ішіне кіргісі келмей-ақ тұр. Оған керегі Күлеміс емес, Тілеміс. Оның күні соған ғана түсулі. Ендеше, «иесін сыйлағанның итіне сүйек сал» дегендей, Тілемістің туған ағасы болғасын, «сыйламасқа» амал жоқ. Оған қосымша «ерді кебенек ішінде таны» деген де сөз бар. Кебенек-адамның үстіне ілетін шоқпыт киімі. Сөз түріне қарағанда, жамаулы жұмыс киіміндегі Күлемістің адамдық жобасы бүтін сияқты. Қазақта «қыдыр қараша үйде қонақтайды» деген сөз бар. «Қыдыр» дегені, — «орыстың әулиесі». Сол жақтарын ойлай кеп, үйіне дәм татуға шақырған Күлеміске:

— Жақсы, татсақ татайық, — деді.

Драгомиров шақырғанға бармады. Қарақұрым үйдің, ішін Шоқанның көргісі келді. Сыртқы жобасынан ол да шошып тұр. Ауыл арасында қандай қараша үйлерді көре жүре, дәл мынадай сорлы үйді ол кездестірген емес.

Олар үйге беттеді.

Жол маңайдағы елдердің айтуынша, кейінгі кезде үй саны мыңнан асқан Шәйгөз руының қара шаңырағы тұқым қуалай кеп-Сапақта, одан кейін-Күлемісте қалған. Пәлен ғасыр бұрын көтерген бұл үйдің кигіздері де, қаңқасы да сан рет жаңарғанмен, шаңырағы ешуақытта ауыспаған. «Үлкен шаңырақ» деп қастерлеп, үнемі күтіп ұстағандықтан, «еменнен иіпті-міс» дейтін шаңырақ, ағаштан темірге айналғандай қатайып алған. Оны ұстаған кейінгі ұрпақтардың көбі кедей болғанмен, жамылтқышы да, қаңқасы да тозып, үйліктен қара құрым күркелікке айналғанмен, бүкіл «Шәйгөз» атаулы болып, қара шаңырағын қадыр тұтатын, ішін «құттыхана» көріп, ауру-сырқаулар, бала тілейтіндер босағасына түнеп жүретін. Ал, «құттыхананың» сырты түгіл, іші тозуында да қисап жоқ, сырты жалба-жұлба, қара құрым бұл үйдің кереге-уықтарының да тозығы жетіп, алқам-салқам болған, үй содан жыл сайын кішірейе келіп, ақырында күркеге айналған. «Сілкіп салар сырмағы жоқ» дегендей, бұл күркеде жасау-жиһаз деген жоқ. Күлемістің өзі ағаштан жасаған ыдыс-аяқтары да сиықсыз «ас» дегені,-қазынадан жиналатын кәкір-шүкірлер, өзіндік бар тағамы-тарының «қатықты қара» аталатын жалғыз сиырының сүтін қататын көжесі, қайдан табары мәлімсіз, Күлемістің сірі талысынан, түйген тарының қоры еш уақытта үзілмейді, ашытатын ыдысы — еменнен ұңғып жасаған күбі, ол біреу емес, екеу. Күлемістің әйелі — Ұлту, жаманын жақсартып ұстайтын, тұрмысқа мейлінше қылап кісі. Ол күбілерді кезекпен ұстап, босағанын тазалап, жуып, ысталып тұруы үшін үнемі аузын төмен қаратып шаңыраққа іліп қояды, сондай ыдысқа құйған көже өте дәмді болып ішкендердің тілін үйіреді.

Шыңғыстар келгенде Ұлту үйде жоқ еді, ол бүгін азына болғандықтан, қабын арқалап, балаларын ертіп, қаладан жылу жинауға кеткен. Есік ішкі жағынан тиектеулі тұрған. Түндік жабулы да.

Қонақтар кірерден бұрын, Күлеміс жабық түндіктің бір бұрышын бауымен қайырды да, керегенің көгінен қол тығып, тиегін көтеріп, есігін ашты. Бұл үйге қамалған қара шыбында қисап болмайтын. Олар қара көлеңкеде құрым кигіздің қуыстарына тығылып отыратын да, жарық түссе-ақ ду көтерілетін.

Қазір де сөйтті. Қонақтар үйге басын сұққан шақта, жарық көрген қара шыбындар ду ете түсіп, түп-түгел ұшқан еді де, құрым үйдің ішіне лық тола сапырылысқан еді, бәрі үн қоса ызыңдағандықтан, дауыстары құлақты керең қылатын. Онымен қоймай, үйге кірген адамдардың үстіне жапырлай қонып, дем тартқан ауыздары мен мұрындарына кіре бастаған соң, сыртқа қашып шықты. Көмекейіне кетіп қалған бірер шыбынды қақырып түсірмек болған Шыңғыстың жүрегі айнып құсты. Құспағанмен, Шоқан да лоқсып, көгалға етбетінен жата кетті. Бұл кезде ағалы-інілі Сапақовтар, Шыңғыстан оңашаланыңқырап, ақырын, бірақ зілді үнмен кикілжіңдесіп тұр еді: Тілеміс Күлеміске «кірмейтін үйге кіргізесің!» деп, Күлеміс Тілемесіке «барым осы болса қайтпекпін?» деп.

Сол жанжал ұлғайып кетер ме еді, қайтер еді, егер жылудан толған қапшықты арқалап Ұлту оның артын шала, қатарласа жарысқан Тілемістің үлкен ұлы — Ташат пен Күлемістің кіші ұлы — Данияр келе қалмаса. Бүтін көйлек-жаулығы бола тұра, қаладан жылу жинарда, орыстардың көзіне сорлы көріну үшін, Ұлту үстіне әдейі әрі кір, әрі жыртық көйлек-жаулығын ілетін. Жат-жарадан кісі боларын білмей, осы қалпымен жетіп келгенде, Шыңғыстан ұялғаннан Тілеміс жерге кіріп кете жаздады. Ойда жоқта, алдынан әдемі киімді, алтын иық қазақ төресі кезіге кеткенде, Ұлту да сасып қап, арқалаған қапшығын үйдің тасасына тастай берді де, үйге сып беріп кіріп кетті.

Ташат пен Данияр үй маңында жолаушылар барын, олардың кім екенін біліп кеп тұр. «Төре Шыңғыс келеді, баласымен келеді» деген хабарды, Шоқанмен жасты Ташат әкесінен әлдеқашан естіген. «Төре» дегеннен оның ұғары — ел басқару қызметіндегілер, ондайлардан әзірге көргендері — орыстар. «Қазақтан да төре болады» дегенді ол таңырқай тыңдайтын да, көруге құмартатын еді. «Баласымен келді» дегенге, «төренің баласы қандай болады екен?» деп те ойлап қойған ол.

Күймелі арбамен көшеден өтіп бара жатқан Шыңғысты көріп, Тілеміс соңынан атқа міне қуғанда, Ташат пен Данияр бір топ орыс баласымен сиырдың асықтары мен бақайшақтарынан жасалған топай ойынының үстінде еді. Орыс арасында туып, орыс арасында өскен Ташат та, одан екі жас кіші — Данияр да, орыстың тілін орыс балаларынан кем білмейтін. Оның үстіне Ташатты әкесі орыс сабағына беріп, зиректік жағынан алдыңғы қатардағы балалардың қатарына қосылатын. Оған жаратылысындағы пысықтығы мен өткірлігі қосылып, станицадағы балалардың «атаманы» аталған. Даниярды «шоқынып кетеді» деп, ескішіл Күлеміс орыс оқуына бермеген. Сонда да оның орыс тіліне жетіктігі Ташаттан кем емес. Данияр мінез жағынан салмақты, ақылды бала. Төре келуін, қасында баласы барын ол Ташаттан естіген. Тілеміс атқа міне шапқанда екі бала артынан ере жүгірді де, үйге Ұлту барған кезде жетті. Бұл кезде Шыңғыс та, Шоқан да жатқан жерлерінен тік түре келісті.

Әскерше киінген, жарқылдағы көп Шыңғысқа таңдана қараған балалар, қалашалау киініп қасында тылтия қалған Шоқанға назарларын көбірек аударды. Былай да тәкаппарсып жүретін Шоқан, өзімен тұстас балаларды керсе тіпті кердеңдей қалатын еді. Сол қалпына бағып, көздерін тіккен Ташат пен Даниярға «неменеге таңданасыңдар?» дегендей қабағын түйді. Одан әрі де айбат шегер ме еді, қайтер еді, егер көңілін Тілемістің Шыңғысқа:

— Кәне, жүрейік төрем! — деген даусы бөліп жібермесе.

— Қайда? — деді Шыңғыс.

— Біздің үйге.

— Қайда еді ол?

— Қалада.

Шыңғыс ризашылық білдіргендей, күймесіне беттеуге ыңғайланған:

— Сабыр, төрем! — деді Күлеміс, — «қуыс үйден құр шықпа» деген сөзі бар ғой, аталарымыздың? Дәм тат.

«Қайда?» дегендей Шыңғысқа, енді «үйге кір» деуді ыңғайсызданған Күлеміс, есік алдында жатқан жуан түбірді нұсқады да:

— Анаған отыра тұр, мен дәм алып шығайын, — деді.

Шыңғыс түбірге отырды да, «не дәм әкелер екен?» деген ойдағы Шоқан, әкесінің иығына сүйеніп түрегеп тұрды. Әлден уақытта, қайыңның безінен өзі ойып жасаған, түбі шұңғыл үлкен аяққа мөймілдеген әлдене сұйықты толтыра құйып Күлеміс шықты. Ол Шыңғысқа сөйлене жақындап:

— Көже, төрем. Тары көже. Жалғыз сиырдың сүтін қатамыз да, сусын қыламыз. Қонсаң сойып беретін мал да табам. Қазір ата — асымыз, осы көжеден басқа дәміміз жоқ, — деп аяғын ұсынды.

Ашқылтым иісі бұрқыраған көженің түсі қарабурыл екен. Шөлдеп отырған Шыңғыс, әуелі дәмін татайын деп ернін тигізіп көрсе, тәттілігі тілді үйіріп барады. Содаң кейін құныға жұтқан көжені, басына қалай көтере салғанын аңғармай да қалды. Аңғарғаны, — іші-бауырын аралап бара жатқан көжеден жаны рахат тауып, сусыны қанғандықтан, тұла бойы жіпсіп қоя берді, маңдай тері сорғалап кетті.

Әкесінің бұл рахатын айтпай сезгендей, өзі де сусап тұрған Шоқанның аузынан сілекейі шұбыра қалды. Сондықтан Күлемістің:

— Балам, саған ше? — деген сұрауына;

— Әкеліңіз! — деген сап — берме, жауап қайырды.

Орталау ғып әкелген аяқты ол да қотара сап, жаны жайлана қалған сезімін жасыра алмай:

— Мынада екен ғой, құдайдың рахаты! — деп жіберді.

— Маған да! — деп дыбыс берді, көше кеңесін естіп тұрған Аба бері беттеп.

— Сен үйге кіріп іш! — деді оған Күлеміс.

Ол да үйден қанып шықты.

Сусағанда таңдайына салып сорар пилюлясы бар Драгомиров, «сіз ше?» деп шақырғанға рахмет айтты да келген жоқ. Аттанар алдында, Тілеміс ағасына сыбырлап:

— Жеңешем екеуің келіп қонақ күтісіңдер, — деді.

— Мақұл, — деді, Шыңғыстың көжені шіміркенбей ішуіне риза болған Күлеміс.

Атына мінген Тілеміс, арбасына отырған жолаушыларды бастай жөнелді. Қай тәтемен жүгіргендерін кім білсін, Ташат пен Данияр да Тілемістің пәтер үйіне аттылармен қарбалас жетті.

Күтініп тұрған Тілемістің қораға қамаған семіз сарығын қасап Күлеміс ілезде сойып, мүшелеп, ішек-қарнын Ұлту тез аршып, ет асылып та қалды, самауыр қойылып, бауырсақ пісіріліп, шай да тез даярланды. Ас даярлығының үстінде Шыңғыстың байқағаны, «ағама жеңгем сай» дегендей, Тілемістің қызыл шырайлы әдемі кескінді, семізше жинақты денелі әйелі-Қырмызы, жүрісті байталдай қимылдары шапшаң, алдынан іс үркіп жататын адам екен. Әркімдермен ара-тұра тіл қағысып қалуына қарағанда, орысшаға да ағып тұр. Сұлу ұрғашы ұшыраса, қызыл көрген қаршығадай мойны қылқадай қалатын Шыңғыс, көздері жаудырап, реті келсе қона түсуге әзір сияқтанып отыр.

Шоқанның ермегі басқаша. Ол Тілемістің пәтеріне келе, арттарынан қуып жеткен Ташат пен Даниярға танысып, тез үйір бола кетті. «Бір таудың текесі» дегендей. Ыстаптағы балалардың бір жүйесіне «атаман» болып өскен Ташат төре баласының әу-жайын байқағаннан кейін дағдылы менмендігіне басып, ырқына көше қойған жоқ. Өйтпегенде ше?.. Жас жағынан екеуі құрдас бола тұра, денесі Шоқаннан ірілеу де, сомдау да екен, кескін-кейпі де одан сұлу. Шоқан бозамықтау, Ташат шешесі сияқты бетінен қаны тамған қып-қызыл; Ташат орыс тіліне жетік. Шоқан хабарсыз. Осындай жақтардан өзін Шоқаннан артықпын деп санаған Ташат, асық ойнауға кірісерде Шоқанмен ілінісіп қалды. Бұндай ойын алдында сақа соғыстыру барын, кімнің сақасы алшы түссе, кеней атуды сол бастайтынын білеміз. Ташаттық кенейлері сиырдың бақайынан, сақасы асығынан екені бізге мәлім.

Сақаларды ең алдымен соғыстыру жолы қонақ болғандықтан Шоқанға келді. Сақа үшеу: Ташаттікі, Даниярдікі Шоқанның таңдап алғаны.

Сиырдың асығынан шіге жағы майдаланып жасаған добалдай үш үлкен сақа, Шоқанның жіңішке, нәзік алақанына сыймады ма, немене, ол оң қолына ұстаған сақаларды, құлаштай үйіріп, «қожыр-қожыр тәйкем соқ!» деп жерді тастай беріп еді, Ташаттың сары сақасы алшысынан, Даниярдың қоңыр ала сақасы бүгесінен, Шоқанның күреңі түсті. Ендеше, ату жолы — Ташаттікі. Ол сөйтпек болып еді:

— Жоқ, мен атам, — деді Шоқан.

— Неге, сен атасың? — деді Ташат. — Алшы түскен менікі ғой?

— Рас..

— Ендеше не дауың бар.

— Менікі ойыма түсті. Мен бұрын атам.

— Ондай ойын жоқ қой.

— Бар.

— Бізде жоқ.

— Бәрібір, мен атам.

— Неге?

— «Атам» деген соң, атам.

— Кіммін деп? (Шоқан жауап бермеді). Төремін деп пе?

— Десем не қылмақсың? — деді. Шоқанның ерегіскіштігі ұстап кетіп.

— С... мен, ондай төрелігіңді! — деді, ашу керней қалған Ташат.

Сол секундте жалаңаш тақыр басының шекесіне ауыр қалайша сарт ете түскенін Ташат аңдамай да қалды. Есі ауытқыған ол, айнала беріп ұшып түсті. Данияр бар даусымен, «ойбай не болды?!» деді де, құлаған Ташатты құшақтай алды.

Даниярдық ащы даусына, терезесі ашық үйдегілер елеңдей қалғанда:

— Өлді! — деген даусы естілді Даниярдың.

— Не дейді?! — деп орнынан ұша түрегелген Тілеміс, үйден жүгіре шығып, дауыс естілген тұсқа барса, аузынан көбік ақтарылған Ташаттың былқылдаған басын, Данияр тізесіне сүйей құшақтап отыр!..

— Не болды?! — деп сасқалақтаған Тілеміске:

— Өлтірді, ойбай! — деп жылап қоя берді Данияр.

— Кім?!..

— Әлгі төре бала! — деді Данияр, Шоқанның аты аузына түспей.

— Немен?!.. Қалай?..

— Сақамен.

— Қай жеріне?

— Мына жеріне, — деп көрсеткен Ташаттың шекесін Тілеміс сипап көрсе, жұдырықтай болып ісіп кеткен, ісіктің үсті жылымшы қан!..

— Ойбай-ай, әкеңнің аузын... қанішер хан тұқымы-ай, түбімізге жеткен екен ғой! — деп Тілеміс құшақтай алғанда Ташат ыңырсыды.

— Жаны бар екен ғой! — деді.

Әлгі сөздердің бәрін естіген Ташат жатқан жерге жүгіріп келген Шыңғыс — «үйге апарайық!» деді. Сол араға шуласа, біреулері жылай келген жұрт бірталай болды. Драгомиров те бірге келген еді. Ол Ташаттың тамырын ұстап көрді де:

— Соғуы жаман емес. Бұған тиыштық керек. Шуламаңдар. Дәрігер шақыру керек. Оған дейін осы арадан қозғамаңдар. Төсеніш салыңдар, — деді.

«Тірі дегенге көңілі көншігендей болған жұрт, шуын доғарды. Ташаттың астына көрпе, басына жастық салынды. Біреу салт атпен әскерлік емшіге шапты. «Ол келгенше» деп, Драгомиров күймедегі саквояжын ашты да, спирт құтысының түбінде қалған жұғынын ақ шүберекке малшып, Ташаттың жаралы шекесіне басты. Еті ашынған бала ыңырси түсті, ол дыбыстан, жұрттың қашқан құты жинала түсті.

Олардың есіне Шоқан сонда ғана түсті. Біреулер:

— Сол қанішер бала қайда өзі? — десті.

— Бәсе, қайда? — деді барлығы.

Мана, осы оқиға басталғанда, күймеге қашып барған оны, соның ішінде дамылдап жатқан Аба, қораның әлдеқайдағы бұрышына үйілген ескі сабанның астына тығып қойған еді. Ол Ташат пен Шоқанның сөздерін де естіп жатқан, қимылдарын да көріп жатқан. Егер Ташат өлсе, бұл үйден тұра қашпақ боп, мініп келген екі атты да қолайлы жерге байлап қойған. Оның ойынша, егер Ташат өлсе туыстары Шоқанды да өлтіреді.

Ешқайдан табылмаған Шоқанды, «әлдекім өлтіріп, белгісіз жерге тыға салды ма» деп қауіптенген Шыңғысқа бір қаға берісте хал-жайды айтты. Оның көңілі көншігендей болды. Ендігі ойы — «әліптің артын бағу».

Дыбысына, қимылына қарағанда, Ташаттың беті бері қараған сияқты. Бірақ, одан қайғы -уайым кеміген жоқ. Тілемістің қайғысы-зақымы ауыр боп, баласы әрі салғанда, өліп қала ма, бері салғанда — кемтар боп қала ма?!. Шыңғыстың уайымы — аттанып кету ұят, мүмкін жібермеулері, аттанбай отырудың лайығы да, сәні де жоқ!..

Олар сол қалыппен сенделді де отырды. Емші табылмады. Ол әлдеқайда кетіп қалған. Енді не істеу керек?

Бір мезетте Шоқан тығылған жақтан шу шыға қалды. Жұрт жүгіріп барса, Күлеміс тіміскілеп жүріп Шоқанды тауып алған екен де, қылғындырып өлтіргелі жатқанда Аба бар, тағы біреулер бар, әрең айырып алған екен. Долдануы үдей түскен Күлеміс, «жібер, өлтірем, қасқырдың бөлтірігін» деп ұстаған адамдардың арасында бұлқынып тұр екен. Өзі хан тұқымының түп-тұқиянынан түк тастамай сыбай боқтап, еңіреп жылап тұр. Сол күйінде қасына келген Шыңғыс басу айтайын деп еді, Күлеміс бәсеңдеу орнына үдеп кетіп:

— Хан болмақ түгіл құдай болсаң да, көзіме көрінбей тез аттан, әкеңнің аузын... — деп боқтап жіберді.

Шыңғыстың берекесі енді тіпті кетті. Әлгінде, жүріп кету жағын ескерткенде:

— Асықпа, төрем, — деген Тілеміс, ішінен күйіне отыра, сыртынан сабырлымсып, — ажалы болса өлер, бала, әйтпесе, құдай сақтар. Өзіңе арналған қонағасыңды жеп аттан.

Тілемістің олай деудегі бір ойы — «балам не болар екен» дегендік еді. Егер өлер болса, қанды қанмен жуып, Шоқанды тірі жібермек емес.

Шоқан табылып, жұрт оны Күлемістен арашалағаннан кейін, есін еркін жиған Ташат үйіне кіргізілді. Бірақ, онымен тиыштық табылған жоқ. Басы көнектей боп ісіп кеткен Ташаттың ыңқылы, аунақшуы күшейді. Біреулердін, ақылымен оның жарасына қойдық шикі құйрығы тартылды. Ақыры, солай арпалысып жатып, бір мезетте қалғыды. Не қалғу екенін жұрт біле алмады: қалжырауы ма, тишығуы ма?!

«Ішкені — ірің, жегені — желім болған» жолаушылар, ұзақ түнді көрер көзімен атқарды да, Ыстаптағы жәмшіктен алған ылаумен, таң біліне жүріп кетті. Шыңғыс Тілеміске соққан мақсатына жете алған жоқ. «Жоны қашқан итке сүйек жуымайды» деген осы да!» деп кейіді ол ішінен. Сонымен қатар, көңіліне медеу болғаны — Ташаттың тірі қап, түн бойына жақсы ұйықтап шығуы. Ол өліп қалса қайтер еді?!.

Үйінен бұл сапарға аттанғанда, Шыңғыстың Есенейге қарсы іске асыра жүргісі келген бірталай жоспары бар еді, солардың бірі, — Тілеміспен ауыз біріктіру еді, оның сәті түспеді. Одан кейінгі соққысы келгені, «Қабан аталатын станицада тұрады» деген Сатыбалды шоқынды. Тілеміс тралы ойын қырсық шалғаннан кейін, Сатыбалдыға соғу — соқпауын, бірі — Капитанға Құтырлаған арқылы кететін, біреуі — Қабан мен Қорғанскей арқылы кететін екі жолдың айырымына жеткенше Шыңғыс шеше алған жоқ. Ыстаптың жәмшік айдаған шалдау адамы, акценті орысша бола тұра қазақшаға судай екен. Ол көп жыл бойына Имантау станицасында солдат болып қызмет атқарған, сонда Сырымбеттегі хан тұқымдарымен, олардың ішінде — Айғаныммен әкей-үкей болған кісі екен. Шыңғыстың кім екенін естіген ол, ат жегерден бұрын өзін таныстырып:

— Сенікі атай, әжей, Сартай, Апдильда бәрімен біз тамыр болған, ох, қандай жақсы болған олар!.. Алтын адамдар! Бызбен вроде — ағайын!.. Мен барғанда, қымыз, қатық, сүр, бәрі даяр болған, ox, орданікі тамақ цик тәтті еді, ех!.. — деп басын шайқап, көзіне жас алған. Аттар жегілгеннен кейін:

— Ал, қайда Чингиз Валиевич? — деп сұрағанда:

— Капитанға қарай, — деген Шыңғыс.

— Айырына жетерде айтармын, — деген.

Даңғыл жол екіге айрылар тұста, шал үсті кең тірәшпанға пар жеккен аттардың басын тежеп, қай жол қайда апарарын, қайсысына түсерін сұраған. Кіркөйлек жолы оң жақтағы саянға қарай ойысады екен, Қабан жолы сол жақтағы қырқаға өскен орманды жиектеп кетеді екен.

— Солға! — деді Шыңғыс, Сатыбалды шоқындыға соғар көңілі сол арада бекіп.

Шал ылауға кеп жегіліп қырсау болған жалқау жүрісте аттардың бетін Қабан жаққа бұрды да, кендірден жасалған жуан шыбыртқымен жондарына осып-осып жіберді. Таяқ еткен аттар тайраңдай жөнелді.

Олар солай бара берсін, біз оқырман көпшілікке Сатыбалды шоқындының кім екенін баяндай тұрайық. Ол Керей руындағы Сибан тайпасына жатады. Оның ішінде-Жайылғақ тұқымының адамы. Әкесі Мақыбай — кедей, бірақ, пысық болған жігіт екен. Бір сәтте пішен шауып жүрген Мақыбай, Есенейдің сол тұсқа жайылып келген қойларынан бір марқасын басып қалады да, осы ұрлығынан кейін, Есеней оны шақыртады. Бара қалса не істейтіні белгілі: арқасын жалаңаштап қойып жігіттеріне Дүре соқтырады. Дүренің саны үштен жиырма беске дейін. Бұл жазалаудан өліп кеткендер де, өмірінше кемтар боп қалғандар да болған, талай адамның жонында тыртықтап қалған...

Осындай жазадан қорыққан Мақыбай Қабан станицасына қашып барады да, соның ірі байы, әрі беделді адамы — Қарас Казинге қорғалайды. Қарастың арғы атасы — қазіргі Тюмень қаласының орнында болған. Көшім хандығының ордасы — Шаңғы Тұраның қазысы екен. Сол маңайды он алтыншы ғасырдың, сексенінші жылдарында Ермак жаулап ап, Кешім Ноғайлы хандығына қашқанда, қазы (аты мәлімсіз) қолға түскен. Сонда Ермак қазыға-«христиан дініне шоқынсаң тірі қаласың әйтпесе өлтіреміз» деген. Қорыққан қазы шоқынған. Содан өрбіген ұрпақтың бәрі — «Казин» аталған.

Казиндер ерте заманнан бай да болған, атамандық чин де қолдарынан кетпеген ірі тұқым екен. 1812 жылдың Отандық соғысында Кирилл Казин аса ерлік көрсетіп, француздар жеңілгеннен кейін Россияда бірінші Александрдың әрі — сүйіктісі, әрі — сарайының күзетінде тұратын сенімді адамы болған деседі.

Біз атап отырған Қарас Казин, сол Кириллдан өрбіген. Біраз жыл Ыстаптағы әскерлік бөлімде сотник болған ол, сақа жігіт шағында отставкаға шығады да, Қабанда тұратын ағайындарына келіп, сонда үйленеді. Алған әйелі, осы станицадағы мықты және бай тұқымның бірі — Куяновтардың отырыңқырап қалған көртамыштау қызы — Глафира екен. Содан басқа баласы болмаған дәулетті әке, біреуді күшік күйеу ғып кіргізіп алу ниетінде жүргенде, отставкаға шыққан Қарас кезіге қалды. Куяновтар мен Казиндер бұрыннан да бір-бірімен қат-қабат құда екен. Олай үйлесе кетеді.

Ауыр дәулеттің ішіне кірген Қарас, шаруаны тез меңгеріп әкетеді. Ол қайын атасының егінін де, малын да әрі қарай молайтып әкетеді. Бағына қарай, әйелі де шаруашыл адам болып шығады. Екеуі бірігіп құрастырған дәулет, аз жылдың ішінде, Қабан түгіл, сол маңайдағы станица байларының маңдай алдына жетеді.

Мақыбай Қарастың қолына осы кезде келеді. Таныса келе байқаса, Қарас мейлінше қазақуар. Қазақтың сол кездегі байларымен, билерімен, әкімдерімен тамыр-таныс. Ол қыс қалада тұрады екен де, жаз қазақ ауылдарына араласып жайлауға көшіп, ақ киіз үй тігіп, желілеп бие байлап, қой көгендеп, тамырларымен қонаққа шақырысып үйіне барғанда қазақша қонағасы беріп... дегендей, қазақ ғұрпын да қолданады екен. Қазақтың тілін де білетін ол, ауыл арасындағы дау-шарды шешуге де араласып, билік те құрады екен. Сондықтан қазақтар оны-«Қарас би» деп те атап кеткен. Қазақтардан ол, арғы атасының Көшім хандығына имам болғанын, Ермактан қорқып амалсыз шоқынғанын жасырмай, «мұсылмандығын тастамай күндіз шіркеуге барып шоқынса, түнде үйінде намаз оқып, өлерінде молдаға иман айтқызған» деп, «көмгеннен кейін көкке ұшып кеткенін көрген кісі бар» деп, «алда садағаң кетейін-ай!» деп біреулері жылап та алады екен. Қазақтардың сол сезімін күшейте түсу үшін, «бергілеріміздің де көбіміз іштей ата жолындамыз, мен өзім де солаймын, мысалы, шіркеуге бармаймын, шошқа етін татпаймын» дейді екен. Расында да ол қала, далада қара малдың ғана етін жеп, қыстыгүні жылқы малынан қазақша соғым сояды екен және біреулеп емес, бірнешеулеп. Өйтуіне жылқысы жетеді екен: білетіндер «оның жылқысының саны мыңнан асты» деседі.

Қазақтарға «іштей мұсылманмын» дейтін Қарас, сенімінде шын мағынасындағы православие дінінің адамы еді. Ол тілін алатын қазақтардың бірталайының әсіресе жалшыларын жасырын үгіттеп, шоқынуларына себепкер болды. Сондықтан да біздің заманда үй саны үш жүзден асатын Қабанның тең жарасына жақыны — шоқынған қазақтардың тұқымы.

Есенейден қашып барып қорғалаған Мақыбайға да Қарас машық әдісін қолданды.

— Есеней күшті кісі, — деді ол, — шоқынсаң, ғана әлі келмейді саған, әйтпесе ұстап тұра алмаймыз.

Мақыбай амалсыз шоқынды.

Бір сәтте ол ауылда қалған Қатындарын ұрлап әкелді. Онда баланың басы жеті-сегіз еді. Жаңа орын жақпады ма, әлде есі кіріп қалған балалар бұл орынды жатырқады ма, аз жылда өзгелері өліп, ересек жастағы жалғыз Сатыбалды ғана қалды.

Ол түр-тұлға жағынан да, кескін-кейіп жағынан да, мінез-құлық жағынан да аумаған әкесі: екеуі де қара өңді, екеуі де кеспелтек орта денелі, екеуіне де бала шағында қалың шешек шыққандықтан, кескіндері қалық қара бұжыр, екеуі де кейкі танау, екеуі де сығырайған қыпылық көз, екеуі де тілдерін жылтыңдатып жоғарғы еріндерін сорып отыратын жалақ, екеуі де жатып атар қу, екеуі де үзеңгінің көзінен өтетін жылпос. Сондықтан да сыншы біреу, әкелі-балалы екеуіне қарап отырып:

— Жұрт орысты сүгіретші дейді, шын сүгіретші қазақта екен ғой! — депті.

— Неге олай дедің? — деген сұрауға:

— Қараңдаршы, анау әкелі-балалы екеуіне! Осылардай біріне-бірін дәл ұқсатқан сүгіретші көрдіңдер ме? — депті.

Қарас ірі сәудегер де болған. Ол: Танша, Атбасар, Қоянды аталатын сол кездің ірі жәрмеңкелерінен қысыр сиырларды, өгіздерді табындап сатып алады екен де, жаздай жайылымда ұстап, семіздерін Қорған, Челяба, Тюмень, Ірбіт, Тобыл сияқты қалалардың қырмандарына күздігүні тоғытып, арықтарын жемге қойып семіртіп, қыс сатады екен. Осы шаруаны ол Мақыбайға басқартқан. Қабанға жақын жерде Қарастың «Моховик» аталатын заимкасы болған. Білемін дейтіндер сол есімді Мақыбайдың атына байланыстырады. Мақыбайды орыстар «Моховой» деп атайды екен. Сол жердің осы есімі әлі күнге дейін сақталған.

Мақыбайдың қолына келген Сатыбалдыны Қарас үйіне қол бала ғып алады. Ол жігіт бола бастаған кезде Қарас өледі. Қараста бала болмайды. Өсекші ауыздар,-«жастарының алшақтығы екі мүшелдей болғанмен, Глафира Сатыбалдыны әрі баласы, әрі байы ғып ұстады» дейді. Глафираға қазақтардың қойған аты-Күлпара. Ол да ері сияқты мейлінше қазақуар адам болған, сондықтан жасы үлкендер оны-«Күлпара келін» деп, кішілері «Күлпара жеңгей» деп, біреулері «Күлпара бәйбіше» деп атанды екен. Жасында биік сидам денелі Глафира, егделене шарланып, кейін есікке әрең сыйып кіретіндей халға жеткен. Сарғылт шырайлы ол жасында мейлінше сұлу кескінді әйел екен, «Сол сипатын семіргенде де сақтап, денесі жалпайғанмен, бет бейнесі бүлінген жоқ еді, толған айдай дөңгеленген бетімен, салбырап кеудесіне түскен бұғағы көзді еріксіз тартушы еді» дейді көргендер.

Сатыбалды да Глафираны өле-өлгенше «Күлпара жеңгей» деп атаған. Ол жеңгейінің айтқанын екі етпей, еш уақыт қарсы шықпай, үнемі айдаған жағына жортқан да отырған. Сондықтан Глафира оны өте жақсы көріп атын Садько қояды да (орыстың ертегісінде Садько есімді аса бай, аса мырза, аса сауықшыл сәудегер барын білеміз). Мал-мүлкінің билігін түгелімен қолына беріпті. Күлпараға еліктеп қазақтар да Сатыбалдының атын — Сәтке қойып алады. Күлпара жеңгейі, өлерінен бұрын, жақсы көретін Садькосын мал-мүліктерін заң алдында ие ғып, ақтасын қолына ұстатты. Мақыбай сол кезде өліп, шаруаның бәрін Сатыбалды жалғыз басқарады.

Глафирадан қалған ауыр дәулетті Сатыбалды әрі қарай өсіріп әкетеді. Ол салтанатын да түзеп, бұрын орамның бұрышында ғана тұратын Қарастың алты бөлмелі қарағай үйін жалшыларына жатақхана жасайды да, өзі сол орамды айналдыра, бір бетіне сауда дүкенін, және бір бетіне асты кірпіш, үсті қарағай екі этажды үй салдырып, төңірегін тақтай шарбақпен қоршатып тастайды. Малды да асылдандырып, жылқыдан-арғымақтарды, сиырдан-салмағы да ауыр, сүті де көп швицтерді, қойдан-биязы жүнділерді, шошқадан -«миргородтың қара аласы» аталатын, Россия шошқаларының ең ауырын, ең семіргішін асырайды, тауықтардың да, қаздардың да, үйректердің де ірілерін өсірді... «Пайдасы бар-ау» деген нәрсені кесе-көлденең өткізбейтін Сатыбалды, біраз жылдан бері,

Қабанның жәмшігін де қолына ұстады...

Оның әкесі Мақыбай шошқа етін татпаған адам еді. Ал, Сатыбалды шошқаның кірпіштенген қыртыс майларын кесек-кесегімен асайды. Өзге тамаққа да өлердей мешкей ту қойдың етін еңсеріп тастайды, сорпаны керсеңдеп ішеді, жуан бөлке нандар жұмырына жүк болмайды, арақты да судай сіміреді. Сондықтан да жасына жетпей семіріп, қырықтарды алқымдай есікке әрең сиятын, салт міне алмайтын, тарантасқа мінсе арысы солқылдайтын, өз бетімен шомыла алмайтын, мейлінше жуан адам болды. Глафира сол үйде аспаздық қызмет істейтін өзі «Маржа» дейтін, Мария есімді жесір жас әйелге үйленді де, одан туған тұңғыш ұлының атын поп «Ефим» қойды. орыстың көп сезіне тілі келмейтін Сатыбалды «Екім» деп атады. Екімнен кейін, екі жылда үш бала тауып, кейде екеуден тауып, он шақты жылда Маржадан туған баланың саны он бестен асты. Олардан ешқайсысы шетінемей, үйелмелі-сүйелмелі боп қаз-қатар өсті. Маржа жирен-шұбар кісі еді. Ал, ұлдарының да, қыздарының да бәрі түгелімен әкесіне тартып, кейкі мұрын қаралар болды. Сықақ қылатындар оларды «қара қарғаның тобыры» деп атады. Бай шаруалы адам бола тұра Сатыбалды сәнденіп киінбей, денесіне сұғуға жарағанды іліп жүре беретін еді. Балаларын да ол өз әдетіне бағындырып, жылдың жылы айларында қыздарына тізесінен төмен түсетін сиса көйлек қана кигізіп, ұлдарына оны да бұйыртпай, кішірек жақтары қарындары қампиып жалаңаш жүреді де, үлкендері балағы шолақ кенеп дамбалдан басқаны кимеді.

Шыңғыс оның үйіне, жәй-күйінің осындай шағында келді. Қабанның жәмшігін Сатыбалды айдайтынын, оның қандай адам екенін ылаушы шал Шыңғысқа жолшыбай дәттетіп келген, Шыңғыс оны көруге асыққан. Қабанның көшесіне жақындай бере:

— Мана айтып ем ғой, туысы асылым, — деді ылаушы шал Шыңғысқа, — «Садко орамының төрт тағында төрт қақпа бар» деп, ат басын солардың қайсысына тірейміз?

— Өзі тұратын жақ қақпадан, — деді Шыңғыс.

Қазақ-орыстардың бұл линиядағы өзге станицалары сияқты, Қабанның орталық үлкен көшесіндегі үйлердің көпшілігі бөренеден қиылғандар екен, олардың басым көпшілігінің шатыры тақтаймен жабылған. Қаңылтырмен жабылғандары некен-саяқ. Солардың үлкенді-кішілі болып жасалған бәрін тұтас алғанда, бұл станицада екі этажды үй жалғыз Сатыбалдінікі ғана еді. Сондықтан ол үй, жолаушылар Қабанға жақындағанда, көп жылқының ішіндегі жалғыз түйеге ұқсап, сонадайдан одырайып көрінді. Жеткенше көздерін сол биік үйден айырмаған жолаушылар, жақындап келіп қараса, шатыры жасыл сырмен, үстіңгі этажының сырты көк сырмен боялған, әр этаждың көшеге қараған қабырғасында оннан астам терезелері бар, олардың қайырып тастаған қақпалары әр түсте боялған оюлармен әшекейленген, жабық тұрған биік, кең қақпаның оюлы беті, терезе қақпаларына ұқсас сырланған ылау көшенің ортасымен тартып отырып, Сатыбалды үйінін, қақпасына деңгейлес келе, ойқастап бұрылды. Доғасына қоңырау байлау, жәмшік атаулының дағдысы. Сол қоңырау екі түрлі болады: әдепкі жолаушыларға даусы шіңгірлеген кішкене қоңыраулы доға жегіледі, «маңызды» дейтіндерге, даусы күмбірлеген үлкен қоңыраулы доға жегіледі. Қандай дәрежелі жолаушы келе жатқанын жәмшіктер содан айырады. Ірі чиндермен әкей-үкей болуды жақсы көретін Сатыбалды, батыста — Ыстапта тұратын, шығыста Капитанда тұратын әріптестерін, — «маңызды чинь болса тура тұрақ үйіме әкеп түсір, басқаларын қонақ үйге апар» деп тапсыратын. Маңыздылары келе қалғанда, ерекше ықлас көрсетіп, құрақ ұшып күтетін, әдепкілерінің көбіне дәм де татырмайтын. Сонысын білетін ылаушы шал, — «хан тұқымы» деп те, «орыс офицері» деп те жақсы көрген Шыңғысқа үлкен қоңыраулы доғасын жегіп, неге өйтуін айта кеп:

— Үйіне сұспен барып түсейік, — деген.

Ылаушы аттарын қатты айдамайтын кісі. Ыстаптан бері шыға, белгілі бұлаң-құйрықпен жортып келе жатқан аттарын, Қабанның көшесіне кіре, екпіндете жүргізу мақсатымен, кендір бишікті жондарына көніңкіреп жіберді. Ол — қолы қатты шал да. Құлашын қатты сілтей шықпыртып жіберсе, қандай жалқау дейтін жылқылар дедектеп кететін. Мына жегіліп келе жатқан сыр мінез екі ат, құлаштай көтеріп алған бишіктің ысқырығы естілгенде-ақ сабатпастан жұлқына жөнелетін.

Бұл жолы да сөйтті. Шал «аля-һоп!» деген дауыспен бишігін көтеріп алғанда, екпіндей желіп жөнелді. Ондайда ұрмайды шал. Тек, құлаш екпінімен үші аспанға көтеріліп ысылдаған бишікті ауаға сілтеп, сартылдаған дыбысын шығарады да қояды. Оның аттарды жүргізетін және бір әдісі — делбені тартыңқырап ұстау. Онысы аттарға, — «қатты желмесең сабаймын» дегені. Таяқтан «оқымысты» болған аттар, айдаушының бұл ойын айтпай ұғады, делбе босағанша дедектей береді. Шал көрші ылаушыларға үнемі бұндай екпінмен келе бермейді. Ал қатты жүрсе, қоңырау да қатты қаңғырлайды. Бұл жолы екпіндетуі, — қатты қаңғырлаған қоңырау даусымен Сатыбалдыға. — «ерекше адам келе жатыр» дегенді сездіру.

Сатыбалды бұл кезде үйінің қора ішіне қарайтын есігінің алдындағы төбесі жабық, қабырғасы ашық зәуезңесіңде әлденені ермек қып отыр еді. Даусы мәлім доға қоңырауының күмбірлеген үні құлағына шалынғанда, «кім болды екен бұл? Қайда тоқырар екен?» деген оймен, орнынан тұрып, қақпаға барып, оның қақ-жарлы жігінен сығалады. Екпіндей жортқан аттар қақпасына қарай ойысқанда, — «ірі біреу болды ғой бұл!.. Үйіме түсуге бұрылды ғой» деп, өз бетімен шалқасынан ашылып кететін қақпаның салтқысын суыра қойды.

Бұл қақпаның үнемі жабық тұратын себебі,-қорада жемделетін бір топ шошқа, әсіресе сирақтарының қысқалығы болмаса, өзге денесінің үлкендігі атан өгіздей теңбіл қара түсті қабан сыртқа ұмтылып, ретін тапса шыға қашатын еді, егер өйте қалса, маңайдағы огородтардың кез келгенін тұмсығымен қопарып бүлдіретін еді. Кішкене күніңнен күтіп, ығыстырып өсірген адамы Бошыбай ғана болмаса, қара қабан былайғы жұрттан қорқу түгіл, айдайын десе тұра ұмтылып, қуып жеткенін сүзіп жығатын еді, олардың кейбіреулерін мертіктіріп те тастайтын еді. Жұрт қару жұмсауға Сатыбалдыдан бата алмайтын еді. Қабанның сондай мінезін білетін үй адамдары, оны үнемі қамауда ұстайтын.

Қайдан кеп қалғанын кім білсін, Сатыбалды қақпаны ашқан кезде, қара қабан, қасынан сып беріп көшеге шыға жөнелді. Оны қайырмақ болғанша, жәмшік аттары қақпаға таялып қалды. Сатыбалды қайыру бермеген қара қабанмен әуре боп жүргенде, торайларын ерткен үйірі де көшеге жапырлап шыға келді.

— Бошыбай! — деп айғай салды, шошқаларына ие бола алмауына көзі жеткен Сатыбалды.

Онда «айғай» дейтін айғай да жоқ еді тамағында арылмайтын лепсісі барлықтан және өңешін май басқандықтан, даусы жіңішкере, булыға шығатын, оның үстіне, осы бір тұста лепсісі үдеңкіреп, даусы қырылдап қалған Бошыбай осы үйдің бадырағы. Жасы Сатыбалдымен тетелес, бала күнінен бейнетте өскен оның түр-тұрпаты, тастардың жігіне шыққан тырбық тораңғыдай қиқы-шойқы боп тарбиып қалған. Жасы егде тартқанмен үйленбеген адам. Денесінің аттығынан жоғарғы жағы әдепкі еркек сияқтанғанмен, тізелерінің арасы табан кездей алшақтанып тұратын қотан-аяқта, сондықтан сыртқы ұсқыны тапырайған тап-тапал көрінетін. Пышақ тигізбейтін, таралмайтын, бурылданған сақал-мұрты өртке ұшыраған ұйпа-тұйпа көде сияқты да. Жал айларында жамаулы көйлек-дамбалдан басқа киімді үстіне ілмейтін, жіңішке білектері мен жіліншіктерін сидитып, дамбалының балағы мен көйлегінің жеңдерін түріп алатын. Сақал-мұрт ерте шығып, ерте бурылдана бастаған ол, бала шағынан үнемі шошқа күту қызметінде жүретін. Өзін «мұсылманмын» деп ойлайтын оның шошқадан жиренуінде қисап жоқ. Ол шошқалардың өзі түгел иісінен де жиіркеніп, жайлаған шақтарында, мұрнын шүберекпен байлап алады. Сонда да күтеді және жақсы күтеді. Күткендері мейлінше семіз болады. Торайларды да қолынан сол туғызып, сол өсіреді. Ол боқтампаз кісі. «Танауыңды...» деген боқтық, оның аузынан еш уақытта түспейді. Түсінде сандырақтаса да айтары сол. Кейде ол Сатыбалдының, өзін де, балаларын да «танауыңды...» деп сыбап алады. Ырысы көретін Бошыбайдың ол боқтауын Сатыбалды еш уақытта кек кермей, «болды, шошқа, болды!» деп күледі де қояды.

Кейде, ашуы қатты келгенде, Сатыбалдының Бошыбайды сабап алатыны да болушы еді. «Ит ашуын тырнадан алады» дегендей, қайыру бермеген шошқалардың ашуын, талтаңдай жүгіріп келе жатқан Бошыбайдан алып, жақындай берген оған Сатыбалды майлы жұдырығын көміп-көміп жіберді. Бұндай сабауға үйренгендіктен бе, әлде, тегеуіріні әлсіз майлы жұдырық батпай ма, — Бошыбай елең-алаң қыла қоймады. Сатыбалдының одан әрі төмшетеуіне, екпіндеп келген аттар, қақпадан өре шыққан шошқаларға және Бошыбайды сабаған Сатыбалдыға соқтығып қала жаздап қақпаның жақтауына тіреле әрең тоқтады.

Бұл көрініс өзгелерден гөрі Шоқанға қызық көрінді. Кеше Ташатпен жанжалдасқаннан кейін, оның туыстарына көз ғып, «сенен-ақ өлетін болдым-ау!» деп, жұмсақтау болса да Шыңғыс Шоқанды шапалақпен бірер рет тартып қалған. Қылмысын мойындаған Шоқан, батпаса да батқандай әсер қалдырмақ боп, шапалақ тиген жағын алақанымен баса қойған. Тағы да ұрмақ болғандай, Шыңғыс Шоқанға ұмтыла бергенде, біреулер араша түсіп тигізбеген. Шоқан содан кейін, мініп келген күйме ішіне кірген еді де, шақырған ас-суға да бармай, таң атқанша тым-тырыс жатып алған еді. Ол оқуға бармай кері қайтуға зауқы соққанын айтқанда, түні бойы қасында болған Аба:

— Өзің білесің, Қанашжан менің өзімнен артылар ақылым жоқ. Дегенмен, әкеңнің еркіне де көнгенің жөн.

— «Мекіре балықтың тұмсығы тасқа тимей қайтпайды» дегендей, хан-иемнің сені Омбыға апармай көңілі көншімейтінін көріп келеміз. Әке ғой ол. Күші де келеді саған. «Өшпейтін дауды өспейтін ұл қуады» дегендей, болмайтын іске несіне тырмысасың. Әкеңнің маңдайына тиіп жүрген соққы аз емес. Соның үстіне «тілін өзге түгіл туған баласы да алмайды екен» деген атақ жақсы ма. Бар, апара жатқан Омбысына. Ар жағын көрерсің, — деген. Бұл ақылды іштей мақұл көрген Шоқан, әкесі Ыстаптан ылау алып ілгері жөнелмек болғанда, ешбір сыр білдірмеген. Ылауға ризашылығымен отырған ол, шалдың қасына қатар мінген де, есіріктерінің ешқайсысына жолшыбай тіл қатпаған.

Енді міне, Сатыбалдының өзін және шошқаларын көргенде, Шоқан алақандарын шапалақтап, қарқылдай күліп жіберді.

— Саған не болды?! — деген әкесіне:

— Қызықты көрмей тұрмысың? — деді ол.

— Не қызық?

— Анау шошқа ма, адам ба? — деді ол, саусағымен Сатыбалдыны нұсқап.

— Тиыш отыр, ойбай! — деп Шыңғыс Шоқанды жұдырығымен нұқып қалды.

— Шошқадан ауған жоқ! — деді Шоқан, әкесінің нұқуын тыңдамай. — Нанбасаң, анау қара қабанға қара да, жуан адамға қара!.. Айырмалары біреуі — екі аяқты да, біреуі — төрт аяқты. Құдайшылығыңды айтшы, басқа денелері бір-біріне ұқсас емес пе?

— «Қой!» дедім ғой, Қанашжан, — деді Шыңғыс Шоқанның құлағына аузын тақай, ақырын сыбырлап, зілді үнмен. — Сол жуаның біз іздеп келе жатқан адам болу керек.

— Бола берсін. Көргенді айтқанның несі айып?..

— Өшір, үніңді!.. Бізге беттеді... Естіп қалар...

Дауыл ырғалтқан домалақ қара кигіз үйдей теңселе басқан Сатыбалды, Бошыбайды сабауын доғарды да, қақпа алдына кідірген жолаушыларға беттеді. Оның кім екенін аңғартпақ болған ылаушы шал:

— Садько деген бай — купец осы болады, асыл туыстым, — деп сыбырлап қалды Шыңғысқа.

Шыңғыс оған күймеде отырып, я түсіп амандасудың қайсысы қолайлы екенін ойлағанша, шал арбадан жерге сырғыды да, қолын берген Сатыбалдының құлағына әлденені сыбырлады. Оның біртіндеп айтқан сөздері «Ханның бурылданған сақал-мұрты өртке ұшыраған ұйпа-тұйпа көде сияқты да. Жал айларында жамаулы көйлек-дамбалдан басқа киімді үстіне ілмейтін, жіңішке білектері мен жіліншіктерін сидитып, дамбалының, балағы мен көйлегінің жеңдерін түріп алатын. Сақал-мұрт ерте шығып, ерте бурылдана бастаған ол, бала шағынан үнемі шошқа күту қызметінде жүретін. Өзін «мұсылманмын» деп ойлайтын оның шошқадан жиренуінде қисап жоқ. Ол шошқалардың өзі түгіл иісінен де жиіркеніп, жайлаған шақтарында, мұрнын шүберекпен байлап алады. Сонда да күтеді және жақсы күтеді. Күткендері мейлінше семіз болады. Торайларды да қолынан сол туғызып, сол өсіреді. Ол боқтампаз кісі. «Танауыңды...» деген боқтық, оның аузынан еш уақытта түспейді. Түсінде сандырақтаса да айтары сол. Кейде ол Сатыбалдының өзін де, балаларын да «танауыңды...» деп сыбап алады. Ырысы көретін Бошыбайдың ол боқтауын Сатыбалды еш уақытта кек көрмей, «болды, шошқа, болды!» деп күледі де қояды.

Кейде, ашуы қатты келгенде, Сатыбалдының Бошыбайды сабап алатыны да болушы еді. «Ит ашуын тырнадан алады» дегендей, қайыру бермеген шошқалардың ашуын, талтаңдай жүгіріп келе жатқан Бошыбайдан алып, жақындай берген оған Сатыбалды майлы жұдырығын көміп-көміп жіберді. Бұндай сабауға үйренгендіктен бе, әлде, тегеуіріні әлсіз майлы жұдырық батпай ма,-Бошыбай елең-алаң қыла қоймады. Сатыбалдының одан әрі төмендеуіне, екпіндеп келген аттар, қақпадан өре шыққан шошқаларға және Бошыбайды сабаған Сатыбалдыға соқтығып қала жаздап қақпаның жақтауына тіреле әрең тоқтады.

Бұл көрініс өзгелерден гөрі Шоқанға қызық көрінді. Кеше Ташатпен жанжалдасқаннан кейін, оның туыстарына көз ғып, «сенен-ақ өлетін болдым-ау!» деп, жұмсақтау болса да Шыңғыс Шоқанды шапалақпен бірер рет тартып қалған. Қылмысын мойындаған Шоқан, батпаса да батқандай әсер қалдырмақ боп, шапалақ тиген жағын алақанымен баса қойған. Тағы да ұрмақ болғандай, Шыңғыс Шоқанға ұмтыла бергенде, біреулер араша түсіп тигізбеген. Шоқан содан кейін мініп келген күйме ішіне кірген еді де, шақырған ас-суға да бармай, таң атқанша тым-тырыс жатып алған еді. Ол оқуға бармай кері қайтуға зауқы соққанын айтқанда, түні бойы қасында болған Аба:

— Өзің білесің, Қанашжан менің өзімнен артылар ақылым жоқ. Дегенмен, әкеңнің еркіне де көнгенің жөн.

Мекіре балықтың тұмсығы тасқа тимей қайтпайды» дегендей, хан-иемнің сені Омбыға апармай көңілі көншімейтінін көріп келеміз. Әке ғой ол. Күші де келеді саған. «Өнбейтін дауды өспейтін ұл қуады» дегендей, болмайтын іске бекіне тырмысасың. Әкеңнің маңдайына тиіп жүрген соққы аз емес. Соның үстіне «тілін өзге түгіл туған баласы да алмайды екен» деген атақ жақсы ма. Бар, апара жатқан Омбысына. Ар жағын көрерсің, — деген. Бұл ақылды іштей мақұл көрген Шоқан, әкесі Ыстаптан ылау алып ілгері жөнелмек болғанда, ешбір сыр білдірмеген. Ылауға ризашылығымен отырған ол, шалдың қасына қатар мінген де, серіктерінің ешқайсысына жолшыбай тіл қатпаған.

Енді міне, Сатыбалдының өзін және шошқаларын көргенде, Шоқан алақандарын шапалақтап, қарқылдай күліп жіберді.

— Саған не болды?! — деген әкесіне:

— Қызықты көрмей тұрмысың? — деді ол.

— Не қызық?

— Анау шошқа ма, адам ба? — деді ол, саусағымен Сатыбалдыны нұсқап.

— Тиыш отыр, ойбай! — деп Шыңғыс Шоқанды жұдырығымен нұқып қалды.

— Шошқадан ауған жоқ! — деді Шоқан, әкесінің нұқуын тыңдамай. — Нанбасаң, анау қара қабанға қара да, жуан адамға қара!.. Айырмалары біреуі — екі аяқты да, біреуі — төрт аяқты. Құдайшылығыңды айтшы, басқа денелері бір-біріне ұқсас емес пе?

— «Қой!» дедім ғой, Қанашжан, — деді Шыңғыс Шоқанның құлағына аузын тақай, ақырын сыбырлап, зілді үнмен. — Сол жуаның біз іздеп келе жатқан адам болу керек.

— Бола берсін. Көргенді айтқанның несі айып?..

— Өшір, үніңді!.. Бізге беттеді... Естіп қалар...

Дауыл ырғалтқан домалақ қара кигіз үйдей теңселе басқан Сатыбалды, Бошыбайды сабауын доғарды да, қақпа алдына кідірген жолаушыларға беттеді. Оның кім екенін аңғартпақ болған ылаушы шал:

— Садько деген бай-купец осы болады, асыл туыстым, — деп сыбырлап қалды Шыңғысқа.

— Осы, есі дұрыс бала ма? Жынды бала ма? — деп те қалды.

— Дұрыс еді, — деді қысылып отырған Шыңғыс, — не шайтан түртпектегенін қайдан білейін.

Шайға қанып, сыртқа желпініске шыққанда Шыңғыс:

— Тыямысың күлкіңді, болмаса, өзіңе тағы да бірдеме керек боп тұр ма?! — деп, жұдырығын түйген, тістенген кескінмен жақындаған:

— Ұр! — деді Шоқан тайсалмай.

— Ұрмағанға қара жер! — деді Шыңғыс. — Қайда барсаң сыймайтын болдың ғой сен!.. Аяқ басқан жерің — бүліншілік!.. Осынау аумағы ауылдың қотанынан үлкен үйге де сыймайық деп отырмыз ғой енді, сенің кесіріңнен.. Не, қой күлкіңді. Қоймасаң аттанайық!..

— Шоқан «қоям», «қоймаймын» демеді. Оның тек айтқаны:

— «Бүлікшіл» десең, құтылғалы келе жатырсың ғой, әке. Ескертерім: қашан құтылғанша қолыңды тигізбе, енді. Егер тигізсең, ұзындығы тұсаудай ғана жіп жалынсын.

— Ол не жіп? — деді Шыңғыс шала түсінгендей.

— Асылып өлем.

Шыңғыс үндемей қалды.

— Рас айтам, — деді Шоқан шегелеген дауыспен. — Нанбасаң қол қатып көр!.. Е, құдай, көрінген шошқа үшін сабай берсең, жаным қала ма?..

Шыңғыс үндемей қалды. Баласының бұрын да, осы сапарға шыққалы да істеп жүрген мінез-қылығына қарағанда, ондай батылдыққа баруы мүмкін-ақ. Аталастарында асылып өлгендер де, жарылып өлгендер де болған. Бұның да сөйтпеуіне кім кепіл?

«Сөйтуі мүмкін» деп баласынан қорыққан, оның күлкісін де тыя алмаған Шыңғыс, сол күнгі кеште кірпі терісінен жасалған төсеніште отырғандай халде болды. Сонда Шоқан күлейін деп күлмейді-ау, ұмытқысыз әсер қалдырған манағы көрініс есіне түсе қалса, ықтиярынан тысқары күліп жібереді. Есінен шығарайын десе, шошқалар мен Сатыбалды семьясынан алған әсерлері сиреудің орнына қоюлана түседі.

Баласының неге күліп отырғанын Сатыбалды түсініп қалар деп, Шыңғыс қатты сасқалақтауда. Ол Шоқанның жынды баладай қарқылдап күлу себебін мана қақпа алдында жорамалдап, іштей тыжырынған да қойған. Содан кейін, сол сезімі ширатыла түспесе әлсіреген жоқ.

Көлденең кісімен шүйіркелесе қою әдетінде жоқ Сатыбалды, Шоқанға өшіге түсу салдарынан тіпті тұйықтанып, жолаушылардың өздері бірдеме сұрамаса, үн қатпай тым -тырыс отырып алды. Сұраған сөзге де ол тұжырымды, қысқа ғана жауап берді.

Осындай жағдайда Шыңғыс онымен қалай тілдеспек. Оның үйіне неліктен соғып отырғанын қалайша айтпақ?

Рең бермеген Сатыбалды Шыңғысты сыбағасынан қаққан жоқ. Ол үйінде жүретін қазақ жігіттерінің біреуіне бір семіз қойды сойдырды да, етін түгел астырып, үстіне сүрленген тұтас жал, жая, қазы, қарта салдырып, жүргіншілерге арналған үйінде қазақша ұлан-асыр қонағасы берді. Және Шыңғыстың мұсылмандығын есте тұтып, ас-суын қазақтарға даярлатты. Жататын бөлмесіне, қазақша белуардан төсек салдырды. Ал, Сатыбалдының өзі қабақ маңына жоламай, ас ішкенде келмей, үйінде сіресіп жатып алуы, Шыңғысқа өте ауыр соқты. Жұмсақ құс төсекте түні бойы дөңбекшіген ол, көрер таңды көзінен атырды. Сонда, бірде — іштей. бірде дыбысын шығара айтқаны: — «Ә, құдай, күнімді Сатыбалды шоқынды сияқты шошқаларға түсіргенше, алсаң нетті!!.»

Ертемен тұрып сұрастырса, Сатыбалды әлдене жұмысымен кетіп қапты. Бірақ ылаудан да қақпай, кісі отыруға арналып жасалған сәнді бричкаға екі әдемі арғымақты пар жеккізіп, «қалаған жеріне апар» деп, Бошыбайды даярлап қойыпты. Шошқаларды күтуден безіп болған Бошыбай, аз уақытқа болса да бойын жазғысы кеп, бірден ризаласты. Олар жүріп кетті.

Тағы да тым-тырыс. Түні бойы көз шырымын алмаған Шыңғыс, былай шыға қалғи бастады. Ойшыл Драгомиров көрген-білгендерін ақыл таразысына салумен әуре боп келеді. Түні бойы жақсы ұйықтап денесі де, ойы да сергіп тұрған Шоқанның Қабаннан шыға ермегі Бошыбай болды.

Бұл шал оның ойын алғашқы көргеннен-ақ бөлген еді. Қазақтың «Қаңбақшал» дейтін ертегісін жақсы білетін Шоқан, түр-тұлғасына қарап, «мынау дәл сол сияқты ғой» деп қалған да. Содан кейін, Бошыбайды көрген сайын жорамалы күшейе түсіп, жүріс-тұрысын, мінезін, қылықтарын, сөз әлпетін бақылауға кіріскен. Сонда аңғарғаны, — Қаңбақшал сияқты бұл да айлакер, тәсілқой, қулықшы, күлдіргіш екен. Кеше кешке қарай Сатыбалды үйінін, төңірегіне жиналған шақта еркек-әйелі, кәрі-жасы аралас қазақтардың саны бірталай болған. Киім-кешектеріне, сөз жобаларына қарағанда, бәрі де кедей, біреулері Сатыбалдыға жалшылар, біреулері — көрші-қолаңдар әзіл түрлеріне қарағанда, біреулері — мұсылмандар, біреулері — шоқындылар сияқты; «ет дегенде бет бар ма» дегендей, «қызылшыл» қазақтар, қонаққа қой сойылуын пайдаланып, сорпам-суын ішуге жиналған көрінеді, сөз әлпеттеріне қарағанда, Сатыбалдының үйі бұндайда бейілін кеңге салып, қонақтан қалған-құтқан тамақты олардан аямайтын сияқты... Ақысын ұттырмайтын, есепқор Сатыбалды, олардың күшін осындай «өкпе» тастаумен кейде арзан, кейде тегін пайдаланатын еді.

Бошыбай сол қазақтардың күлдіргісі екен. Кейініректе балалардан бастап, еңкейген кемпір-шалдарға дейін оның қылжақтаспайтыны жоқ екен. Өзі бейпіл-ауыз, екі сөзінің бірі-боқтау... және «еркек» демей, «әйел» демей «кәрі» демей, «жас» демей, кез келгенін сыбай береді екен. Онысын кек көрер жан жоқ сияқты. Бәрі де ашулану орнына күледі, тыю орнына шаптап, ойындарын үдете түседі. Бошыбайдың қылжақсыз кеңестері де көп екен. Бәрі де қызғылықты, бәрі де күлкілі...

Осындай жағдайын көрген Шоқан, Бошыбайды Қабаннан шыға айналдырып еді, ол ырқына көне кетті. Кеңесіп көрсе, Бошыбайдың әңгімелерінде, әсіресе ертегілерінде түп жоқ және бәрі де өлердей қызық. Ол насыбайшы екен. Қошқардың қоржын терісінен илеп жасаған, аузы бүрмелі шөнтегіне насыбайды мол үгіп салады екен де, кеңес кезінде әлсін -әлсін атып, көйіте береді екен. Астыңғы ерніне мол ғып салатын насыбайы, сілекейі мен ағып таусылады екен, саусағымен алып тастамайды екен, сондықтан да ұйысып жүретін сақалы сауыстан арылмайды екен. Насыбайдан ба, әлде зақымы бар ма, Бошыбайдың жаялықтай үлкен аузында дүрдиген қалың еріндерінің көгілдір түсті терілері үнемі тілім-тілім боп жарылып жүреді екен.

Шоқанға әуелгі айтқан кеңестерін келте қайырып отырған Бошыбай, біраздан кейін «Қыран — қарақшы» немесе «Жалғыз көзді жалмауыз» сияқты ұзақ ертегілерге түсіп кетті. Қабаннан шыға, Құтырлағанды (орысша — Екатериновка), Куқаланы (орысша — Островка) баса, Капитанға тартатын жол аса даңғыл еді және сол бір тұста жаңбыр болмай құрғақ тұрған. Соны бойлай талай жүрген аттар, дағдылы бұлаң-құйрығына салып, жолдан жазбай айдаусыз жортады да отырады. Көзі бақырая, аузын аша, иегін екі алақанымен бірдей тіреп отырған Шоқан, әңгіме оқиғасының сырына қарай кейде күледі, кейде, кейбір аянышты тұстарда үрейі ұшып, бір сәттерде көзіне жас та кеп қалады....

Міне, әңгіменің осынша қызықтығынан «араларының алшақтығы қырық шақырым» дейтін Куқалаға қалай жеткенін олар білмей де қалды.

Бұл да екі үлкен көлдің арасындағы ені тар дөңеске салынған станица еді. Біреулер оны «Балан мен Қызылжардың, аралығындағы станиңалардың бәрінен бұрын осы орнапты» дейді.

Куқаланың атаманы — Андрей Бекетов, Шыңғыстың Кенесарыны Арқадан бірге қуысқан жорықтас жолдасы еді. Және екеуі дос та. Кенесары Түркістан жаққа ауып кеткеннен кейін, Шыңғыс Құсмұрын дуанына аға сұлтан болғанда, Бекетов туған жері — Қуқалаға кеп, атаманы сайланған. Құсмұрыннан Омбыға барған бірер сапарында Шыңғыс Бекетовке әдейі соғып, аунап-қунап кеткен. Сондай досына бұл сапарында да соқпақ ниетін Қабаннан аттанарда Бошыбайға ескертіп қойған.

Қабаннан шыға қалғыған Шыңғыс Қуқалаға жеткенше қалғыды. Қаланың батыс шетіне жақын жерде, сирек қайыңдары мейлінше жуандап өскен шоқ ағаш болушы еді. Ішінде, сол маңайдағы Көшебе руынан шыққан атақты бай — Ырсай ауылының зираты бар. Ырсай Россияны жақтайтын адам болған. Абылай хан тұқымынан Россияға қарсылардың бірі — Әбайділдәні казак-орыстар осы жақтан қуғанда, Ырсай басшылық еткен екен дейді. Сондықтан ел, патша үкіметінен хорунжий чинін алған. Островканың «Куқала» аталатын себебі, оның казак-орыстары осы араға келіп ірге тепкенде, «мал баспасын» деп, Ырсай ауылының зиратын терең ғып айнала орнатқан, «бір қабырдан түнде шырақ жанады» деп, шарбақпен қоршатып қойғаны сол Ырсайдың атасы — Жоламанның зираты екен дейді. «Осының бәрі-Ырсайдың көңілін табу үшін жасалған» деп, қазақтар станицаның атын «Куқала» қойған...

Қалғыған Шыңғысты Бошыбай Ырсай ауылының зиратына жақындай бере оятты. Жолда зират кездессе, атын тоқтатып, жерге түсіп, «аруақтарға» дұға оқу Шыңғыстың ежелгі әдеті еді. Бұл жолы да сөйтіп, дұғасын оқып болғаннан кейін:

— Андрей Бекетовтің үйін білетін бе едің? — деді ол Бошыбайға.

— Білем.

— Ендеше, тарт соған.

Олар тақтай шатыры да, өн бойы да көп жыл жасап қоңырланған үлкен ағаш үйдің алдына келсе, ашық қақпаның сыртқы босағасында жатқан жуан келте бөрененің үстінде, ясаулдың жазғы киімінде, қаба сақалы мен қалық дудар шашы бурылданған орыс, түтінін бұрқырата трубка тартып бөрененің үстінде отыр екен. Ол таянып келген жолаушыларға мән бергендей, одырая қарай қалды да, әлдекімін танығандай кескінмен, орнынан тұрып, бастары тежелген аттарға беттеді. Таялып келіп;

— Хаталаспасам, сіз Шыңғыс Валиевич боларсыз? — деді. «Бұл кім?» дегендей қарай қалған Шыңғыс та сақалдыны шырамытып:

— Николай Ильич болмаған едіңіз! — деді.

— Иә, сол, Потанин!

Шыңғыс арбадан қарғып түсіп, екеуі құшақтаса кетті...

Олар мауқын басқанша, біз оқырмандарға Николай Ильичтің кім екенін қысқаша таныстырып алайық. Россияның Ертіс бойын он сегізінші ғасырдың басынан отарлануға кірісуі мәлім. Сонда І-Петрдың бұйрығымен, Тобыл қаласынан подполковник Бухгольц басқарып аттанған орыс воеводтарынан Ертіс бойына орыстың бірінші қаласы болып түскен Ямышеваға Аркадий Потанин атаман болып қалған. Бұл, 1715 жылы. Аз жылдан кейін, Ертіс бойына Омбы мен Семей қалалары ірге теуіп молайғанша, Ямышева-шығыс жақтан-қытайлардың, оңтүстік жақтан — Орта Азия хандықтарының, батыстан -Россияның саудагерлері қысы-жазы ағылып, сауда қатынасын жасап жататын жерлері болған. Соның бәрін Аркадий Потанин басқарған.

Ащылыөзек бойына казак-орыстар 18-ғасырдың екінші жартысынан бастап орнайды. Сол кезде Қызылжар мен Алтынтөбе (Троицк) арасына бірінші болып ірге тепкен — біз жоғарыда атаған Куқала екен. Осы қалаға бірінші болып мекен салған адам, Аркадийдің баласы — Илья екен. Ол — Шыңғысқа Куқалада кезігіп тұрған Николайдың әкесі.

Илья Николайды 1813 жылы казак-орыс балаларынан офицерлер даярлау мақсатымен Омбыда ашылған училищеге оқуға береді, Николай ол оқуды 1816 жылы жиырма жасында корнет чинімен бітіреді. Содан кейін біраз жыл училищенің өзінде, ішкі тәртіпті сақтайтын урядник қызметін атқарады. Осы кезде Шыңғыс училищенің азиялық бөліміне оқуға түседі. Қазақуар Николай Шыңғыстың шешесі Айғаныммен де танысып, аралас-құралас болып кетеді. Шыңғыс оқуын бітіргенше сол үймен тығыз байланысты болады.

Николай Ильич пысық та, зирек те, соғыстың сол кездегі айла-әдісіне білгір де адам екен, сондықтан Қоқан хандығының 1829 жылы Петербургке келіп, патшаға жолығып, сыйлар алып Омбыға келген өкілін Қоқанға дейін жеткізіп салған казак-орыс жүздігін басқарады. Осы сапарында ол, Қоқан хандығын Россияға қалай бағындырудың алғашқы жоспарын жасап қайтады. Кейін, Арқадағы қазақтардың көтерілісін басқан отрядпен, Николай Созақ қаласы арқылы Шымкентке дейін барып, бұл жолы Түркістан мен Ташкентті Россияға бағындырудың жоспарын жасайды. Сол жорықтан қайтқаннан кейін отставкаға шығады да, туыстары тұратын Ямышеваға оралады. Баян аула станицасына келіп, артиллерия капитаны — Турниннің Варвара Филипповна есімді қызына үйленеді. Содан кейін Ямышевада жыл ғана тұрып, Баян аула дуанының аға сұлтаны, Шыңғыстың балдызы — Шорманның Мұсасына тілмаш боп қызметке кіреді. Тағы біраз жылдан кейін капитанға ауысады да, бір жағынан сондағы әскери бөлімшенің штаттан тысқары атаманы болып, екінші жақтан, саяхат сапарларын сипаттайтын еңбектер жазуға кіріседі. Чині — подполковник.

Ол Варварадан жеті-сегіз бала көреді. Үлкен ұлы — Григорий Ямышевада, одан кейінгі екі-үш баласы — Баянда, кейінгілері — Капитанда туады.

Өзінен бастап, семьясының барлық мүшелері қазақтармен аралас өскендіктен, бәрі де қазақ тіліне мейлінше жетік. Григорий кейін, қартайған шағында жазған өмірбаянында: «Жалпы Ямышеваның тұрғындары, олардың ішінде-біздің семья орыс және қазақ тілінде қатар сөйлейтін еді, казак-орыстың қыз, бозбалалары үйде де, көшеде де орыс әндерімен қатар қазақ әндерін айтушы еді, қазақ ғұрпын орыс ғұрпымен бірдей қолданушы еді» дейді.

Міне, сондай семья Николай Ильич Шыңғыспен кездескенде, Капитаннан Куқаладағы туыстарына келіп қонақтап жатыр еді.

Шыңғыс пен Николай құшақтарын жаза бергенде, қақпа ішінен кадет корпусы шәкірттерінің жазғы формасындағы Григорий шыға келді. Жат жолаушыларға таңырқай қарап тоқтай қалған оны:

— Үлкен ұлым. Қазақша аты — Күркерей, орысша аты — Григорий, — деп таныстырды Николай Шыңғысқа.

— «Қазақша ат дегені несі?» дегендей қараған Шыңғысқа:

— «Ақсары Керей, Құрсары Керей» дегендер бар емес пе, қазақта? — деді Николай күлімсірей қарап.

— Бар.

— «Күр» деген сөздің не екенін білмеймін. Бірақ «қазақ білмей қоймайтын шығар, ондай атты» деп, мен «Күрсары Керейге ұқсас болсын» деп, «Күркерей» қойдым, егер оны атау қиын болса, «Керей» дей бер, — деді.

Шыңғыс Николайдың қазақша жақсы білетіндігіне риза болғандай күлді.

— Әкеңе сәлем бер! — деді Николай баласына, Шыңғысты нұсқап. Бала тайсалмастан таза қазақша:

— Ассалау мағалайкүм! — деп, қолын ұсынды. Бұнысына тіпті риза болып кеткен Шыңғыс:

— Уағалайкүм-әссәләм! — деп қолын алды да, — өркенің өссін, бақытты бол! — деп арқаға қақты.

Қызғаншақ Шоқан, орыстың «төреше» киініп тылтия қалған баласын ұнатпады. Оның таңданғаны: әкелі-балалы екеуінің қазақ тіліне судайлығы. Оның өткір көзі әке мен баланың біріне-бірі айна-қатесіз ұқсайтынын да тез шалды: әкесі шарғалау бойлы, баласынын, да денесі сондай болатын сыйқы бар; әкесі қоңырлау өңді, баласы да сондай; әкесінің сақал-шашы қара сарғылт, баласынын, шашы да сондай, басын дударланған қалың шаш жауып тұрғанмен, «тақия сыймас шекелім» дегендей, әкесінің шекесі жалпақ, екен, маңдай жағына кекіл ғана қойған баласының да шекесі сондай, бетінің көзінің асты мен мұрнының үстінен басқа жерін қалың қаба сақал-мұрт жапқан әкесінің бет сүйегі шығыңқылау, қалмақ кескінділеу екен, баласының беті де сондай, әкесінің кішірек мұрны таңқылау, баласы да сондай, әкесінің көздері шүңіректеу, кішілеу, баласы да сондай.

Біріне-бірі айнымай тартқан әке мен балаға қарай қалған Шоқанды, Шыңғыс Николайға:

— Балам. Оқуға әкеле жатырмын, — деп таныстырды да. — Түс, Қанашжан, сен де сәлем бер, бұл кісіге! — деп Николайды нұсқады.

Қазақтың орысқа мұсылманша сәлем беруін бұған дейін көрмеуден бе, әлде қирақылығы ұстай қалды ма, Шоқан бетін теріс бұрды да, арбадан түспеді. Ол қылығын ұнатпаған Шыңғыс, «Николайдың көңіліне келмесін» дегендей:

— Орыс арасына үйренген жоқ еді, әрі еркелеу, — деді.

— Оқасы жоқ, — деді Николай. — Ал, қалай болады бұл, Шыңғыс Валиевич? Менің үйім — Капитанда. Мұнда туыстарым тұрады. Соларға қатыныммен, балаларыммен қонаққа келіп жатырмын. Менімен бірге қонақтайсың ба, әлде Капитанға барамыз ба?

Мол ет қала тұра, «бұл әкең — Уәлінің сыбағасы» деп құлын сойғызды. Үшінші күні «шешең-Айғаным бәйбішенің сыбағасы» деп ту қой сойғызды. Төртінші күні де қой соймақ еді, «қанын ішеміз бе оның. Осы үйдегі өлі ет жетеді» деп Шыңғыс ұлықсат етпеді. Бесінші-аттанар күні «өз сыбағаң, және балаңның сыбағасы» деп екі марқаны қатар сойғызды. Сонда, соншама етті Шыңғыстың өзіне ғана жегізе берген жоқ. Маңайдағы Көшебе руының Шыңғысқа зыйттығы барын естіген ол, өзінің де, Шыңғыстың да беделін көтере түсу үшін, сол рудың байлары мен билерін қасақана шақырып, табақтас етті. Олардың келмеске шарасы жоқ Потанинның бұл станицада беделді адам екенін біледі, өшіге қалса, азулы да адам және оларды шақырудың залалы да жоқ, әскер тұрған станицада Шыңғысқа қарсы қылық көрсете алмайды... Қонаққа амалсыз келген Көшебелер, сыпайылық қып Шыңғысты қонаққа шақырған болып еді:

— Күтіп жіберуге күшім жетеді, — деп Потанин жібермеді. Барғысы келе қоймаған Шыңғыс «Потанин біледіні» сылтау етті.

Николай әңгімелерін жұрт көзінше де айтады, оңашада Шыңғысқа да айтады, қандай жағдайда айтса да Шоқан қарама-қарсы жүресінен отырып алады да, зейін қоя бар ынты-шынтымен, көздерін айырмастан тыңдайды да отырады. Түнде де сөйтіп, қалжырап барып қалғиды.

— Мынау балаң ба, Шыңғыс Василиевич, — деп қояды Николай Потанин сондай шақтарда, — тірі болса, бұл балаң нағыз саяхатшының өзі болады.

Потанинның үйінде жатқанда, Шыңғыстың, қорыққаны, «баласы оның баласымен шекісіп қап, тағы да шырқ бұза ма» дегендік еді. Шоқан Григорийге алғаш осқырына қарағанмен, арты олай болмады. Мүмкін, өр кеуде балаға жаны өш Шоқан, алғашқы осқырынған қалпымен кете барар ма еді, қайтер еді, егер жанасуды момын, жатық мінезді Григорийдің өзі бастамаса. Ол Шоқанмен түйдей құрдас екен. Кішкене күнінен қазақ балаларымен аралас өскен ол Шоқанның да қыбын тауып өзіне тез үйір ғып алды. «Григорий» деуге тілі келе қоймай, «Күркерей» деуді де қиынсынып, атын «Керей» қойып алды да, одан жұбын жазбай, кеңеске алданбаған сағаттарының бәрін бірге өткізді. Асықты да бірге ойнады, атқа да бірге мінді, станица іргесіндегі шалқар көлге де бірге шомылды, асты да бірге ішті, «балалар бөлмесіндегі» жалпақ ағаш кроватьқа да құшақтасып бірге ұйықтады.

Шоқан бұның бәрін әдейі, белгілі бір мақсатпен істеп жүр. Сұрап білуінше, алғаш Капитанның бастауыш школасын бітірген Керей, 1845 жылдың күзінде училищеден Кадет корпусына айналған оқуға ауысқан екен де, 46 жылдың басынан оқып, биыл көктемде корпустың бір курсын тауысып, үйіне жазғы демалыста келген екен, Омбыға жуық арада жүрмек. Оның естуінше Шоқан да сол оқуға түскелі бара жатыр. Сондықтан елеусіз түрде школа жайын сұрастырып алмақ.

Шоқанның әкесі сол мақсатпен әкеле жатуын естіген Григорий, қызықтыру үшін, школа тіршілігін көтермелей сөйледі. Шоқан сабақ жайларын да сұрастырды. Училище кезінде бұл школада татар тілінің сабағы болған екен, кадет корпусына айналғаннан кейін, сабақ түгелімен орыс тілінде жүретін болған.

— Сонда, мен ол сабақтарды қалай үлгерем? — деген сұрауға:

— Түк қиындығы болмайды, — деп жауап береді Григорий, — Сібірде тұратын монғол және түрік тілдес халықтардан да талай балалар оқиды, олар орыстың тілін бір қыста біліп шығады.

Григорий Шоқанға орыс тілінің әліппесін көрсетіп, әріптермен таныстыра бастайды.

Өткен қыстың оқуында, Григорий татар тілінің сабағына үздіксіз қатынасқан еді, сонда арабша әріптердің бәрін де біліп, татарша жазуға да, оқуға да төселіп қалған. Оның сондағы «татарша» дегені-қазақша болып шығады, қазақ тілін жақсы білетін ол, татар сөздерін қазақшылап оқиды.

Григорий үйіне татар тілінің де әліппесін ала келген еді. Шоқанның мұсылманша хат тануын естіп, татар кітаптарын көрсетсе, саулатып оқи жөнелді. Сауаты сондай Шоқан Григорийдің жәрдемімен, орыс әріптері мен араб әріптерін салыстырып, Капитанда жатқан төрт-бес күнде, орыс әріптерін де біліп алды. Ендігі қажеті-орысша сөздерді құрастыру. Одан Капитанда білгені, я — мен, ты — сен, он-ол, су-вода, нан-хлеб, мен жеймін-я кушаю, сен жейсің-ты кушаешь, ол жейді-он кушает...» деген сияқты азғантай ғана сөздер...

Балаларының бұлайша үйірсектенуіне екі әке де қуанды. Шыңғыстың қуанышы, -баласына бірге оқитын, қазақ тілін білетін, мінезі, қылығы жақсы орыс баласының табылуы Николайдың қуанышы-сол школада оқуға қазақ балаларынан бірінші болып Шоқанның бара жатуы.

Монархиялық ұғымдағы адам болғанымен, қазақтармен көп араласқан, олардың арасынан көптеген достар тапқан, қазақ елінің тарихынан, этнографиясынан, мәдениетінен хабары бар, оны «ақ көңіл, адал халық» деп түсінетін, сондықтан жақсы көретін Николайдың қазақ халқын орыс мәдениетіне байланыстыру, сөйтіп азаматтық өркендеуіне жол ашу, ол үшін қазақ балаларын орыс оқуына тарту, үлкен армандарының бірі еді. Сол мақсатпен, өзімен достасқан талай қазаққа «баланды орыс оқуына бер» деген ұсыныс айтқан, бірақ біреуіне де тілін алдыра алмаған, міне, енді, көктен тілегені жерден табылғандай Шыңғыс баласын орыс оқуына әкеле жатыр!..

Шоқан мен Шыңғысты Қызылжарға Николай Ильичтің өзі апарып салды. Оларға Григорий де ерді. Қызылжар мен Капитанның екі арасы, мықты пар атпен ерте шығып кешке жететін жер еді.

— Қызылжарда көңілдес байым бар еді, — деді ол жолға шыға Николайға, — мен, тегі, соның үйіне түсермін.

Линиямен жүрген пар атты жолаушылар жорта берсін, біз оқырман көпшілікке, Шыңғыспен көңілдес байды таныстыра тұрайық.

Абылай ханның әйелдері де, балалары да көп болғанын білеміз. Көп әйелдің біреуі қашқарлық ұйғырлардың бегілер-бегі сыйға жіберген Бабақ сұлу екен. Одан туған көп ұлдың біреуі — Рүстем деген болыпты.

Абылайдың көп ұлдарын, Ұлы және Орта жүздегі қазақ рулары сұлтандыққа сұрап алатыны мәлім. Сонда Рүстемді, Балқаш көлінің теріскей-шығысынан құятын Тоқырауын өзеніндегі Дадан — Тобықты сұрап алған екен дейді. Рүстем Кенесарының әкесі — Қасымға жақтас болған, ол Россияға бағынбай жанжал жасағандардың біреуі. Қасым сол бетінде Қоқан хандығына ауып барады да, оны сенімсіз көрген хан басын алған.

Қасымның бәйбішесінен Есенгелді, Саржан, тоқалынан — Кенесары, Наурызбай туған. Бәйбіше балалары да Россиядан қашып Қоқанға барса, хан олардың да басын Шабады.

Осы хабарды естіген Рүстем аты «өзбектің» бәрін Жау көріп, еліне келгендерін өлтіре береді.

Бір мезетте Рүстем Ұлытау бойын жайлаған Бағаналы руында қонақтайды да, сол елдің атақты ақыны-Жанақты қасына ертіп жүріп, мекеніне ораларда «алдағы жазда қонаққа кел» деп шақырады.

Уәделі уақытта Жанақ іздеп барса, Рүстем Тоқырауын бойындағы жылқыларының арасында жүр екен.

— Сен бара бер, мен кешірек барам, — деп Рүстем Жанаққа аулының жобасын сілтейді.

Жанақ барса, Рүстемнің «орда» аталатын ақ үйі, көп үйлі ауылдың төрінде екен. Үйге кірсе, тораңғы төсектің астынан өзбектің жас шамалары алты-жетідегі екі ұл баласының көздері жылтырайды, кескіндері үрейлі төсектің бас жағында, бес биенің сабасындай, қара қоңыр енді қартаң әйел отыр. Оның өңі де солғын...

Жанақ бұлардың неге бүйтуін білмей отырғанда, сырттан ат дүбірі естілді. Көп кешікпей Рүстем келді. Балалардың жетім екендігін, құм арасынан тауып алғанын айта кеп, алыстағы ауылдарға апарып тастауын өтінді. Жанақ көнді. Рүстем берген түйеге екі баланы мінгестіріп алды. Үлкенінің аты Малтабар да, кішісінің аты Құлтабар екен.

Жанақ, Малтабар мен Құлтабарды Қорғалжын бойын жайлаған Бөрші-Темеш руларына жеткізіп тастайды, сөзі:-«Балқаштың шөлінде қаңғырып жүрген жерінен тауып алдым».

Қаршадайынан ел ақтап, қайыр сұраған екі бала, нелер адамдарға жалшы болып, нелер қорлықтарды керіп, жастары он төрт, он бесті қусырғанда, Айыртау төңірегін мекендеген Қарауыл руындағы атақты бай, Байсарының Шебегіне кездеседі. Екі жасөспірімді ол қойларын бағу жұмысына салады.

Байсары да, Шебек те Айғаныммен дос-жар екен. Олар жаз — бір, күз — бір, қыс — бір үйіне қонаққа шақырып сыбағасын жегізеді екен.

Бір сәтте Айғаным Шебектің үйіне келеді де, қорлықта жүрген қос жетімді кереді. Жетім-жесірді есіркегіш Айғаным екі жетімге ерекше көңіл бөледі. Екеуінің де кескін-кейіптері өзбек. Қожа тұқымынан шыққан, қожалардың арғы түбі — өзбектер деп түсінетін Айғаным, кездескен өзбектерге жан тартып, жақсылық жасауға бейім тұратын еді. Ата тегін білмейтін, бірақ, өзбек балалары екендігінде шәк жоқ екі жетімді, Айғаным «менің қолымда болсын» деп, Шебектен сұрап әкетеді. Олар Айғанымның қолында жігіт бола бастайды. Мінез, қылықтары екі басқа: Малтабар пысық, өткір, жылпос, таза, ақылды. Құлтабар жуас, болбыр, иіс — алмас.

Бір сәтте Қызылжардан Көкшетау еліне келіп жүретін, Айғанымның, жыл тәулігіне жетер қант-шайын тегін беріп кететін татар саудагері, Малтабарды қалап әкетеді де піркәншігі ғып ел аралатады.

Сол кезде, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Ленин ауданындағы Мүсін (Явленко) және Ақжар (Петровка) дейтін поселкаларының аралық тұсында, Зілғара, Шапан дейтін екі ірі бай болған. Шопанның Қосшығұлында бес мыңдай жылқы, он мыңдай қой болған деседі. Мейлінше діндар болған, Мекеге әлденеше рет хажылыққа барған, көп жерге мешіт салдырған, ескішіл Қосшығұл, «орыс ақшасында кірештің таңбасы бар, оны иемденген адам шоқынғанмен бірдей» деп, малдарын да, олардың жүн-жұрқа, тері-терсек, қыл-қыбырларын да ақшаға сатпайды екен.

Қызылжарға орныққан Малтабар, қызметін атқарған саудагерінің жұмсауымен, қазақ арасына шығады да, Торанғұл аталатын шалқар келді жайлайтын Қосшығұл аулына кездеседі. Бұл күзгі күземнің уақыты екен. Мыңдаған қойлардан қырқылған мая-мая жүнді Қосшығұл үйі ас қайнататын жер ошаққа отын ғып жағады екен. Малтабар соны көреді де, бір жәшік қант пен шайды тегін беріп, бір мая жүнді тегін алады.

Осы «айырбасты» Малтабар жыл сайын үдетіп, Қосшығұлдың маялаған жүндерімен, шемелеген қыл-қыбырын түгелімен түйелерге теңдеп әкетіп жүреді...

Солайша байыған Малтабар, біраздан кейін ірі саудагерге айналып, шығыста Алматы, Қапал жағынан мыңдаған қазақы арзан қойларды Қызылжарға әкетеді де, онда завод ашып, жаз қойдың майларын шыжғыртып, етінен консерва жасатып, ішкі Россияға жүздеген ылаумен жөнелтеді, қыс айларында, сол қойлардың жаздай мұздаққа қатырған терілерін илетіп, жәрмеңкелерге ылау-ылау тондар жөнелтеді. Сонымен ол аз жылда Қызылжар түгіл Сібірдегі атақты миллионерлердің біреуі болады.

Шыңғысты бала күнінде Омбыдағы оқуға апара жатқан Айғаным, Қызылжардағы Малтабарға піркәншік кезінде соққан еді. Ол кезде Малтабар «крестовой» аталатын төрт бөлмелі қарағай үй ғана бар. Ауылмен салыстырғанда, Айғанымға соның өзі «Мүсір -шәріндей» көрініп, «Апырау, аз жылда мұншама қалай түзелген!» деп қайран қалған. Кейін Малтабардың одан да керемет болып, первый-гильды саудагер атағына ие болғанын, Шыңғыс жігіт шағында естіген. Қызылжарға бірер соққанда, жаңадан салынған жұрттарын көрген. Бір орамды тұтас қаусырған бұл орамның бір қабырғасында, «Ақтас» аталатын, терезелері кең, биік, аумағы үлкен үй, екінші қабырғасында, түсі сондай, бір-ақ этажды бір ғана дүкен, тағы бір қабырғасында екі мұнаралы үлкен мешіт, төртінші қабырғасында қызыл кірпіштен қаланған медіресе тұрған. Сонша байлық пен салтанатты, «кеше есігінде жүрді» деген Малтабарға Шыңғыс қимай, үйіне барып жолығуды хан басына кемшілік көріп, қақпасынан бас сұқпай кеткен...

Енді, Шоқанды оқуға әкеле жатқан мына сапарында, кекірейген басын амалсыз имек. Олай еттіретін нәрсе — ақша. Енесінен туып ес білгеннен бері, Шыңғысқа ақшаның зары дәл осы сапарындай еткен емес. Ақшасыздығын, ең алдымен туған ұлы — Шоқан бетіне басып, жәмшік жолындағы кідірген жерлердің бәрінде көзге шұқыды, бала орыс селоларында бірдемелерге қызығып алайын десе, бәрі де сатулы, оған төлер ақша жоқ!.. Ақшаның зары сонша өткен Шыңғыс, ертең, Омбыға барғанда тіпті зарығарын еске ап, реті келсе, Малтабардан ақша ала кетпек...

Дес бергенде, Малтабар Шыңғысты өте жақсы қабылдады. Шыңғыс кеп атының басын қақпасының алдына тірегенде, астыңғы бөлмелердің бірінде түскі шайын ішіп отырған ол, «кім екен, біліп келші!» деп бір жігітін жұмсады да «Шыңғыс хан екен» деген хабарды алғаннан кейін, терлеп-тепшіп, жалан, аяқ, жалаң бас отырған қалпымен, аяғына резеңке галошын іле сап тысқа жүгіріп шықты. Ылауға жақындай, қолдарын кеудесіне баса, белін ие, басын төмендете, әлденеше рет құлдық ұрған бейне көрсетті.

Шыңғыс оны анадайдан тани кетті. Алғашқы көргенде қырбық қара мұртты ғана жігіт еді. Енді иегіне дөңгелетіп татарша сақал қойыпты. Бұрын орта бойлы, талдырмаштау еді, қазір толығып, төртпақтаныпты.

Таныған Малтабарға Шыңғыс арбадан қарғып түсіп амандасты. Шоқанға ол Малтабардың тарихын қысқаша айтып берген еді де, ақша сұрау ниетін сездірмеген еді. Өркеуде Шоқан Малтабарға да кекірлік көрсетіп, әкесі таныстырғанша, Малтабар иба көрсеткен бейнемен «түсіңіз, мырза!» дегенше орнынан қозғалған жоқ.

Малтабар Шыңғыс пен Шоқанды үйінің үстіңгі этажындағы салтанатты бір бөлмесіне, өзгелерін соған қатар екінші бөлмесіне орналастырды. Дастарқанды үшінші бөлмеге жайдырды. Қала мұсылмандарының ғұрпымен ол, бірі — қазақ, бірі — татар, бірі — өзбек, үш әйелінің, біреуін де Шыңғысқа көрсетпей, тамақтарды жігіттеріне тасытты, ыдыстарды Шыңғысқа өз қолынан тосып, етті өз қолынан турап... дегендей, құрақ ұшты. Татар мен қазақ ғұрпын араластыра қолданатын оның дастарқаны мейлінше бай, тағамдарының түрлері мейлінше көп және бәрі де тілді үйіретін тәтті екен!.. Мұндай дастарқанды Шыңғыс баяғы оқып жүрген кезінде, Сейф-Саттардың үйінде ғана көрген, одан бері кездестірген емес.

Қандай хан-қара, би-төренің, жақсы-жайсаңның, мырза, шораның үйлерінде қонақтай жүре, Шоқан да бұндай салтанатты дастарқанды бірінші рет көрді!..

Астардың арасында Шоқан мен Григорий Малтабардың орамындағы сән-салтанаттың бәрін де аралап шықты, тұрқы ұзын дүкеннің іші түрлі түсті сатарман мүлікке тұнып тұр, бәрі де тамаша!.. Мешіттің ашық есігінен сығыла, кең залға лық толған діндарлар, мехраб тұсында жалғыз тұрған ақ сәлдесінің үлкендігі қара қазандай, жотасы жуан астаудың, төңкерілген түбі сияқты жап-жалпақ имамға ұйып, еңкейе, тоңқая құлшылық қып жатыр. Шыңғыс пен Малтабар да осы қалың топтың ішінде болуға тиісті. Бірақ олар көп адамның арасына батып кеткен, көрінер емес.

Балалар сол қалыптарында ұзақ тұрып қалар ма еді, қайтер еді, — егер, босағаға жақын тұрған біреу сыбдырларын есітіп, алая қарап «кет!» деген жекуін көздерімен білдірмесе!..

Ремонттағы медіресенің есіктері жабық. Оның ішін балалар темір торлы терезелерінен сығалап қана қарады. Бөлмелері кең, терезелері жарық, төбелері биік.

Ол күн сонымен өтіп, ертеңіне Малтабар қонақтарына заводын көрсетті. Есіл өзені ол маңайда Қызылжардың батыс жағын орай ағады. Биік жардың Есіл ағатын өлкесі «Алқап» аталатын кең ойпат. Көктемде Есіл тасығанда осы ойпатқа су толып теңіз боп кетеді де, су тартыла қалың шалғын шығып, шабылған кезінде жүздеген мая тұрады. Малтабар осы алқаптың көлемі кең бір тұсын, жыл сайын қазынадан жалға алады екен де, «жүздік» шаптырады екен, онысы — «жүз шөмеле шөп» жүздіктің құны, — бір қой. Толтыра алмағандарға ақша төлемейді, көп адам қарыздар болып қалады екен де, көпке дейін өтей алмай, жылдан жыл борышқа батумен соры қайнайды екен. Шөпке ол, қысқа дейін өтпей қалған сауда малын қояды.

Завод сол алқаптағы қалың қара талдың падалы қойнауына орнаған екен. Мыңдаған пұт майды шыжғыратын, мыңдаған терілерді илейтін заводтың іші түгіл, маңайы да мұрынға жағымсыз иіс-қоқыс екен. Оған жолаушылардың бала жақтары түгіл, ересектері де шыдамай, өндіріс жайларымен сырттай, ауызша ғана танысты. Одан Шоқанның есінде қалғаны: Алматы, Қапал жағынан сатып алатын құйрықты ту қойлардың әр бірінің бағасы бір сомның, төңірегінде, ал, Қызылжарда шыжғырып қазынаға өткізетін тоң майдың бір пұты сексен тиын, шыжғырғанға бір ту қойдан пұт жарымдай май ағады, сонда қойдың еті мен терісі Малтабарға тегін түседі. Малтабар күзеп соятын қойлардың жүнінен кигіз бастырып, ішкі Россияның қалаларына ылаулап жөнелтеді екен.

— Сонда, жылына қанша ылау? — деген сұрауға:

— Көбіне бірер жүз, кей жылдары бірнеше жүз, — деп жауап береді Малтабар.

— Түсімі?

— Бір кесек кигіз екі қойдың бағасын шығарады...

Осынша шалқып жатқан дәулетті естігеннен кейін, Шыңғыс ақша жағын ескертіп еді:

— Бұйырғаны болар, — деді Малтабар іркілместен.-Бұл жолы ғана емес, бұдан кейін де керек болған ақшаны қымсынбай сұрай беріңіз. Осы дәулетке мені, кешегі хан әжем жетектеп кіргізді.

Малтабардың іші-сырты басқаша. «Түбінде бір керек-ау» деген адамды ақшамен осылай шырмап қою оның әдетіне айналған. — «Аға сұлтандық қызметінен түсті» дегенмен, Шыңғысты «тұғырынан біржола түскен» адамға есептемейді, әлі де «тісі мен тырнағы бүтінге» санап, пайдасы тиюіне есек-дәмелі. Шоқанға да осы дәмемен қарайды.

Малтабардың сән-салтанатымен, байлығымен танысып жүрген күндері, Шоқан оның інісі — Құлтабармен кездесіп қалды. Малтабар үйінен келімді-кетімді кісілер арылмайды екен. Солардың «тәуір» дегенін Малтабар үйіне қонақтатады екен де, «былайғы», аталатындарын қора ішіндегі сарайға орналастырады екен. Шыңғыс келе ол, «оңаша күтетін қасиетті қонағым бар» деген сылтаумен «тәуір» дегендерді де сарайға тоғытты, Құлтабарға ол, осы қонақтардың неткен адам екендіктерін білу мақсатымен араласқанда танысты. Дүнияда ондай адам барын Шоқан әкесінен естіген. Малтабар жайын баяндаған ол, Шоқанға «сонымен, сол інісі елде қала берген. Естуімше, әлде де елде болса керек. Бірақ біздің ауылда емес, бала күнінде үйреніскен ауылы — Байсарының Шөбегіне қайтып барып қоңсы болған. Дәулеті болмаса керек. Шөбектің жалшы-қоңсыларының бірі болса керек» деген.

Шыңғыс Шоқанды Қызылжарға ертіп апарған жылы Малтабар қырық жетіде, Құлтабар қырық бесте екен. Малтабар екі беті шиқандай жап-жас, сақал-мұрттары қап-қара, ал, Құлтабар қырып жүретін басының қылтан шаштары — ақ бурыл, ұйыса қалың өскен сақал-мұрты қара бурыл. Оның киімдері де өте жобалғы және көбінің тозығы жеткен екен. Осындай халын көр Шоқан, тіл тартып:

— Ағаң бай, бұлайша жүдеп жүруіңнің мәні қалай, ақсақал? — десе, Құлтабар:

— Малды оған да құдай берді. Мені де құдай кедей қылды. Барыма қанағат, — деп жауап берді.

— Өзі біліп қараспай ма, саған? — дегенге:

— Қараспайды, — деп турасын айтты Құлтабар, — «тышқанға жүн біткен сайын қалтырауық» дегендей, бұл ағам байыған сайын сараңдана түседі.

Шыңғысты Омбыға Малтабардың өзі апарып салатын болды. Сыпайылық көрсеткісі келген Шыңғыс:

— Жабдықтарын, көп көрінеді қайтесің, уақыт кетіріп? Бір пар атың мен бір жігітіңді берсең болады, өзіміз кете барамыз, — деген.

— «Жақсылық қылсаң бүтін қыл» деген. Үйіме әдейілеп кеп түскен соң, мына тұрған Омбыға апарып салмасам, кім болғаным? Ол жағынан сөз қозғамаңыз, — деп, Малтабар кесінді сөз айтты. Малтабар Шыңғыссыз да Омбыға жиі барып жүретін кісі еді. Онда да шаруашылық жұмыстары көп. «Қызылжардан 180 шақырымы» дейтін Омбыға мықты, жүргіш, күйлі пар атпен ерте шығып, кеш жете береді. Аттанар алдында Малтабар Шыңғысқа:

— Тақсыр, әлгі бір «тиын-сиын» жағын құлаққағыс қылған едіңіз, қанша аласыз?-деп еді, көп ақшаны иемденіп көрмеген байғұс аузын тар ашып:

— Бір жұдырық берсең жетеді ғой, Мәке, — деді.

«Жұдырықтың» «жүз», я «мың» екенін біле алмаған Малтабар:

— Оныңыз қанша? — деді.

Шыңғыстың ойға алғаны — «жүз» еді. «Малтабар да солай түсінген болар» деп жорыған ол, қайталап сұрауына қарап «көпсінді ме?» деген түйткілмен:

— Артығын берсең де жетеді — деді.

Онысының «елу», «бес жүз» екенін біле алмаған Малтабар, әрі қарай арбасқысы келмей:

— Тақсыр, ауылдан кеткеніме көп болды ғой менің мөлшерлей алмай тұрмын, керек ақшаңыздың цифрын атасаңызшы! — деді.

Малтабардың бұлай егесуінен, «бергісі келмей отыр ма? Әлде аз бергісі келе ме?» деп ойлаған Шыңғыс, «не болса да тәуекел» деп:

— Елу сом! — деген сөзді қойып қалды. Ол да аз сума емес еді: дыңдай төрт аттың құны. Малтабарға түк те емес ол. Орыстың саудагерлеріне де араласып кеткен Малтабар, қысы-жазы біріне-бірі жалғасып жататын жәрмеңкелерге жиналғанда, «пайдасы тиеді-ау» дегендерді қонаққа шақыратын, сонда, көбіне он шақты аттың, жүз шақты қойдың құнын төге салатын.

Шыңғыстың қорғалай соғуын «борышқа батудан қорқуы» деп түсінген Малтабар, «үнемі сұрай бермес, бір сұрағанда құмықтырып тастайын» деп ойлады да, алдымен көңілін көншітпек боп:

— Тақсыр, аз ал, көп ал, ешбір борыштығы жоқ. Ол менің хан-әкеме қарызымды, өтеуім, — деп төс қалтасында бос жүретін ұзынша «көк-аланың» жап-жаңа екеуін суырды да, жақын отырған Шыңғысқа, еңбектеп кеп, «мінекей» деп алдына қойды.

«Көк ала» жүз сомдықтар!.. Аса бір ірі сәудегерлер болмаса бұлар чиновниктер түгіл, анау-мынау уақ саудагерлердің де қалталарына түспейді... Екі жүз сом!.. Жиырма шақты жақсы аттардың құны!.. Мұншама атты кімге кім сыйға тартқан?!. Неше жыл аға сұлтан боп елді билегенде, кейде «соғым» деп, кейде «сый» деп пара ұсынғандар да бірер жылқыдан артық бермейтін. Мынау — жиырма ат!

Алдына тастаған көк-алаларды бас салуға ұялған Шыңғыс, сытырлаған жаңа қағаздарды көргенде, қазақтың бұл не деген батпан құйрық, далада тегін жатқан құй деген мақалын еске түсірді. Мақалдың шығу тарихын қазақтар былайша баяндайды, әлдене елде, әлдеқайдағы қасқырлар, әлдене ауылдың, қойларына дамыл бермей, шығынға ұшыратады да жүреді, мазасы кеткен ауылдар қойдың май құйрығына у себеді де, қасқырлар жататын апанның төңірегіне тастанды, ұялы қасқыр ішінен, жортуылға ең алдымен ана қаншықтың шығатыны белгілі, күндіз апанында ұйықтайтын сондай қаншық қызыл іңірде жортуылға кетпек боп шыға келсе, мұрнына шикі майдың исі сезіледі; тіміскілей барса, қойдың кетпектей май құйрығы!.. Сонда, ақылды қасқыр «бұл не деген батпан құйрық, далада тегін жатқан құйрық?!» деп күдіктенеді де жемей кетеді...

Ол — қасқыр. Шыңғыс — адам. Мынау — екі көк-ала да сол құйрық сияқты, алдына тегін келіп түсті. Неге?!.. Не үшін?!..

Осындай оймен кідіріп қалған Шыңғысқа:

— Алыңыз, тақсыр! Борыш-қарышы жоқ! — деді, еңбектеп келген қалпынан әлі шегінбей, жүресінен шөккен Малтабар.

Шыңғыс көздерін мөлие тіккен Малтабарға рахмет айтты да, ақшаны қалтасына салды. Олар кешікпей пәуескеге жеккен бір пар атпен тарантасқа жалғыз жеккен атпен жолға шықты. Пәуескеге — Шыңғыс, Шоқан, Григорий және атшы — төртеуі отырды. Жеке тарантасқа Малтабардың жалғыз өзі отырды. Григорийдің Шоқанмен дос болуына көзі жеткен Шыңғыс, «Гриша бізбен барар» деп, кеше Николай Ильичті үйіне қайырған.

Қызылжардан ерте шығып, кешке баратын Омбыға, бұлар төрт-бес күнде әрең жетті. «Жолдыөзек» аталатын жолшыбайғы ұзын сайдың өн бойы Керей руының «Сақал» аталатын бұтағымен, Уақ руының «Шоға» аталатын бұтағына қарайтын ауылдарға тұнып отыр екен. Әкімшілік жағынан бұлар Көкшетау дуанына қарайды. Оның аға сұлтаны, — Атығай руының Андағұл аталатын бұтағынан шыққан — Зілғара. Ол аға сұлтандықты Абылай тұқымынан тартып алған. Одан жапа шеккен ел Уәлі заманын, Айғаным заманын көксейтін еді. «Ел құлағы елу» дегендей, Шыңғыстың Құсмұрындағы аға сұлтандығынан түскенін, Омбыға келе жатқанын бұл елдер де естіп отырған. Өсекшілер осы хабарға өз жандарынан сөз қосып, «Құсмұрын дуаны енді жойылып, елі Көкшетау дуанына қосылады дейді, біріккен дуандардың бастығы Шыңғыс болады дейді» деген қауесет таратқан. Кім билесе жеңіл боларын білмейтін халық, «Шыңғыс Зілғарадан тәуір болар ма» деген дәмемен, біріне-бірі хабарласып, оны жолшыбай күтіп жібермеу қамында отырған.

Күтім көрген Шыңғыстың басы, Омбыға барғаннан кейінгі күні не боларын ойлаумен қатуда. «Екі дуан бірігеді-мыс, аға султаны Шыңғыс болады-мыс» деген қауесетті оның да құлағы шалады. Бірақ ресми сөз әлі жоқ. «Жел болмаса шөп басы қимылдамайды» дейді қазақ. Төркінсіз болса қайдан шығады бұл сөз?!.. Шыңғыстың арманы, — қауесеттің шын болуы. «Ылайымда солай болғай» деп ол екі аруақ, бір құдайға сыйынуда.

Ал, Шоқан ше?

Шыңғыстан көз таса жерде, оның ермегі Григорийден орыс тілін, орыс сабағын үйрену. Ол Омбыға жеткенше орыс әліппесін түгел меңгеріп, былдырақтатса да орысша сөздердің басын құрап, бірдемелерді ұғындырарлық болып қалды. Ойын есебінде ермек қып жүрген бұл оқуды Шоқанның осынша тез қағып алуына Григорий таң-тамаша!.. Ол «мына қалпымен оқу шыдатпас!» деген ойда. Өз ара шарттары: оқумен бұлай шұғылдануларын өздерінен басқа жан адам сезбеуге тиіс.

Басы оқудан бос шақтағы ойы, — туған ауылынан осы сапарға шыққаннан бергі көрген-білгені. Соларын шамалап байқаса, бұл жолғы көргендерінің қасында, таудың қасындағы төмпешікке ұқсайды.

Есін білгелі бауырында өскенмен, әкесін де ол, осы сапарда ғана еркін таныған сияқты. «Тышқанға мысықтан күшті аң жоқ» дегендей, ауыл арасында дүрдиіп жүретін ол, мына сапарда пыштай. Оны балықшылар қаласындағы Керала да басынды... Ыстаптағы Күлеміс те басынды... Қабанда Сатыбалды шоқынды да басынды... Енді, міне, Қызылжарға келе, ол Малтабардың құлы сияқты боп, жатса да айтары — Малтеке, тұрса да айтары — Малтеке, қымс етсе — «Малтеке» де, «Малтеке!...»

Басында дәурен тұрған шақта, естіп пе еді Шыңғыс?!.. Жалшы-жақыбайлар, саудагер-маудагерлер былай тұрсын, «қас батыр, қайран жақсы» дейтіндердің талайын менсінуші ме еді?.. Ондайлардың талайы, еркінсіп қасына келу түгіл, тіл қату түгіл, ол отырған үйге, өзі ұлықсат етпей басын сұға алушы ма еді?.. Өзін «хан тұқымымын», «ақ сүйекпін» дейтін Шыңғыс, қара сүйектен, яғни қазақтан шыққанның «атақты биі», «ірі бай» дегендерімен жанасқанда, іштей менсінбей отырып, сырты ғана жылтырайтын, Бір сәтте, Орынбордың, бергі бетіндегі қазақтарды түгел билеп аға сұлтан боп жүрген Ахмет Жантуринмен оңаша кеңесіп отырып, Шыңғыстың:

— Амал жоқ есептесеміз де, қара сүйектен шыққан «жақсы-жайсаң» дегендермен! Әйтпесе ақ сүйек — біздің теңіміз бе олар?! Әттең, не керек, хандық дәуіріміз жоқ, әйтпесе, мен оларды бір тарынын, қауызына сыйғызар ем! — дегенін Шоқан құлағымен естіген.

«Ақыр байдың түбі аштан өледі» дегендей, менменсіп жүретін Шыңғыс, міне енді, ақырында өзі бір тарының қауызына сыйғандай болып келеді: сұлтандықтан түсті, «дәулет» дегені мал ғана, онысы да көп емес, жылқыдан төрт-бес жүздей ғана, қойы мыңға жетпейді, көштен артылар түйесі де жоқ. «Мал бір жұттық» дегендей, тұяғынан жайылып күн көріп жүрген бұл малдары бір жұтта қырылып қалса, «кедейліктің тақырына отырды» деген сол болады. Тіпті жұтамаған күннің өзінде, қаншаға шыдайды ол мал? Малтабардың есебімен қарағанда, оның бір базардан түсіретін пайдасының жүзден біріндей-ақ сияқты. Ақша — Шыңғыста жоқ. Ақша!.. Оның қымбаттылығын Шоқан өмірінде бірінші рет осы сапарда көрді. «Нағыз қымбат, жұтамайтын қымбат ақша екен ғой!» деген қорытындыға келді Шоқан. Қазақтың «талтаңдасаң талтаңда, ақшаң болса қалтаңда» деген мақалының рас екендігіне көзі осы сапарда ғана жетті. Бірақ, бұл «қымбат» әкесіне жеткізбейтін аң сияқты. Сонда, қалай күн көреді ол байғұс?!..

«Әкесіне жеткізбейді» деген байлықты, әсіресе — Малтабардың байлығын ойлай тұра, Шоқан «кедейлік» деген сөздің, үстіне қонып, тұғырда қалғыған үкідей, кезін тарс жұмған күйде, үн-түнсіз отырып қалады.

Ауыл кедейі оған есін білгеннен бері мәлім. Әсіресе, — хан тұқымына тәуелді — қарашылардан. «Ең сорлылар осылар шығар» деп жүргенде, алдынан балықшылар кездесті. Қарашыларда қара да болса, жыртық та болса «өзімдікі» деген баспана бар, әр семьяның өзіндік қуысы бар, әркімнің азды-көпті өзіндік жолы бар. Балықшыларда олардың бірі де жоқ. Балықшылардың баспанасы — қамыстан үлкенді-кішілі ғып жасаған қостар. Жаз ептеп-септеп тұрар, оларда. Ал, күн суытқанда ше? Қысқы күндерде ше? (Бұндай күндерде қайтетіндерін Шоқан балықшылардан сұрамапты). Сондай баспаналарын бұлар өртеп кетті!.. Енді қайтпек, балықшылар?.. Күн көрісін де көрді Шоқан, олардың көліктері-қайықтары, желісі мен көгені-аулары, бағатын малдары -судағы балықтар, олар айғайға көніп, айдауға жүре ме? Сондай халдегі балықшыларды, олардың мекендері өртелуін, Таңатардың үйін, оның өзі атын қойған кішкене Шоқанын еске түсіргенде, Шоқанның басы дыңылдап, миы айналып кетті...

Байлар мен кедейлердің тұрмыстарын салыстыра келгенде, Шоққанның есіне Ыстаптағы Тілеміс пен Күлеміс, Қызылжардағы Малтабар мен Құлтабар түседі. Қызылжарға жеткенше, «ағасына қараспайды екен» деп Тілемісті сөккен Шоқан, Қызылжарға келіп Малтабар мен Құлтабарды көргеннен кейін сөкпейтін болды. «Тілемістің өзінен артылары аз екен,-деп ойлады ол, ал, Малтабардың байлығы ағыл-тегіл ғой? Түгі де кетпейді ғой, кедей інісіне мол тұрарлық әл-ауқат жасап берсе? Өйтпейтіні несі мұның? Тас бауырлық па? Дүние қоңыздық па?» Қайсысы екенін Шоқан ойлап таба алмайды.

Шоқанның Жаманқұл ақыннан естуінше, қазақ халқының ертерек кезінде, Асан қайғы деген адамы болған. Ол халқына жақсылық іздеп, «Желмаясына» мінген де, «Жерұйықты» іздеген... Таба алмаған. Жортуылдан қалжыраған ол үйіне қайтқан да, қайғылы сөздерін соға берген... Сонда, адам түгіл, басқа мақлұқаттардың қамын қайғырып, құйрығы жоқ, жалы жоқ, құлан қайтып күн көрер, аяғы жоқ, қолы жоқ, жылан қайтіп күн көрер!» деген екен. Сол айтқандай тіршілігі нашар адамдардың хал-жайын ойлағанда, Шоқан да сары уайымға түседі, бірақ Асан қайғы сияқты, оның да ойы әлдене тұманға сүңгіп, өзгені көру түгіл, өзі де жоғалып кетеді...

Міне, осындай ойлардың үстінде, олар Омбыға да таялып қалды.

«Омбы» аталатын өзеннің Ертіске құятын жеріне қаланың іргесі 1716 жылдың күзінде қаланған. Шоқан барған кезде, Құйылыстың солтүстік жақ биік жарының үстінде ғана еді. Кейін Омбы өзенінің оңтүстік жағындағы ойпатына орнаған. Қазір қаланың ең үлкен бөлімі болып кеткен жағы ол кезде жоқ. Бары-сол ойпатта, Омбы мен Ертіс түйіскен тұста Кадет корпусына арналып сол жылғы көктемде ғана салынып біткен, көлемі екі орамдай жерді тұтас қамтыған, сыртын ақпен сылаған, төрт этажды ұзын үймен, соның қажетіне арналған құрылыстар. Октябрь революциясына дейін Кадет корпусы аталып келген бұл үйге, совет заманында жаяу әскерлерге қызыл командирлер даярлайтын школа орнаған. Қазір онда, М. В. Фрунзе атындағы қызыл тулы училище.

Қызылжар жағы «Жолдыөзектің ойпаты» болып келетін бұл беттен, Омбы қаласының дөңестегі бөлімі тіпті жырақтан көрінуші еді. Әсіресе, дөңнің жар қабағына орнаған, көлемі кең, әр бұрышында қарауылдық мұнаралары бар қамал. Қарағайдан қиылған қамалдың қабырғалары биік, үші істік, мұнаралары сорайған ұзын. Қамалдың қорасындағы кішірек шіркеу, биік жардың басынан тіпті сорайып көрінеді.

Бұл қаланы жақсы білетін Григорий Потанин, қамал мұнараларының басы, шіркеудің кірешті күмбезі көзіне шалына бастаған кезде:

— Әне, Омбы! — деді, қалғыңқырап келе жатқан Шоқанға.

— Кәне? — деді ол жұмылып келе жатқан көздерін ашып ап.

— Анау! — деп Григорий Шоқанға қолымен сорайған биіктерді нұсқады.

— Ол не? — деді, көзі мұнараларды шалған Шоқан.

— Крепость.

— Ол не?

Григорий крепость қазақша не деуін таба алмай:

— Кісі қамайтын жер, — деді.

— Кісі?!

— Ие.

— Кісі қамайтын жер бола ма? — деді, бұған дейін ондай сөзді естімеген, сондықтан мәні не екенін білмейтін Шоқан.

— Болады.

Ар жағын Шыңғыс айтқызбады. Крепостін не нәрсе екенін, оған қандай кісілер қамалатынын жақсы білетін Шыңғыс, Григорийдің Шоқанға ол жәйді түсіндіруін ұнатпады, сондықтан сөзін бөліп, баласының құмарын қоздыра түсу ниетімен:

— Шіркін, Омбы, жақсысың-ау!.. Тамашасың-ау! — деп, көруге аңсап жатқандай, демін соза алды.

Бұған дейін де көруге ынтығып келе жатқан Омбы қаласына, Шоқан енді тіпті құмарта түсті.

КАДЕТ КОРПУСЫНДА

Омбының төбесі көрінгенше, бұл қалада қайда тоқтау жайын Шыңғыс та, Малтабар да кеңескен жоқ еді. Сонау Омбыда оқу бітірген шағында, татардың байы — Сейф-Саттар мен қазақтың байы, сібірлік қазақтардың имамы — Ғабдұ-аррахим ахонмен араздасып айрылған Шыңғыс, одан кейін Омбыға соқса, татарлар мен қазақтарға жоламай, өзіне учитель болған, содан дос болып кеткен казак-орыс ясауылы Антон Серафимович Сотниковтың үйіне түсуші еді. Бұл жолы оны «біздің пәтерге келерсіз» деп Драгомиров те шақырып кеткен. Оған барғысы келмейді, өйткені «пәтерде тұрамын» дейтін чиновниктің, хал-жайы Шыңғысқа белгілі, күні еңбек ақыға қараған олардың бірталайы, қалтақтап зорға тіршілік жасап отырады. «Адал еңбекпен ғана тұрам» дейтін (Шыңғыс ол сөзіне сенеді) Драгомировтің де күн көрісі шамалы болуға тиісті. Ал, Драгомировтің айтуынша, Сотников қазір Омбыда жоқ, арақ құмарлау, тентек мінезді. Ол, бірталай жағымсыз қылықтары үшін кейінгі кезде Қиыр-Шығысқа жер ауып кеткен. Сондықтан Шыңғыс. Омбыда қайда тоқыраудың жайын Малтабардан күткен ал, жеке таран-таста келе жатқан ол әлі ештеңе демейді.

Малтабардың тарантасқа жеке жеккен қара бурыл аты мейлінше денелі де, елгезек те, жүрдек те мықты да жылқы екен. Қызылжардан ұзағанша, Шыңғыс мінген пар атты алдына салып отырған Малтабар, қаланың қарасы үзілген шақта, қара бурылға бишігін басыңқырап жіберіп, пар аттан ұзаңқырай берді де тоқтай қалды. Шыңғыстар да тоқтады.

— Сусындап алсақ қайтеді, тақсыр, — деді ол, таран-тасынан түсіп, Шыңғыстың қасына кеп — алдағы ауыл әлі жырағырақ. Үйден алып шыққан дәм бар еді.

— Тек сусын ғана, — деді аттанарда тамаққа тойып шөлдеңкіреп келе жатқан Шыңғыс.

— Болады, тақсыр.

Малтабардың жолға алып шыққан сусыны — қымыз екен «Аздап саумалдау болсын-деген еді ол, қымыз даярлатқан жігітіне, аттанар алдында, — жолшыбай ашып бабына келеді. Және жаңа торсыққа құй, ыс дәмі шықса, ішуге жақсы болады. Ыстық күнде жылып кетсе, жұтуға қолайсыз. Салқын қымыз сіміруге жақсы, ол үшін, торсықты бөшкеге сал да ішіне мұз таста!» Жігіт ол сөзді орындаған.

Сол торсықты тарантастан алып кеп, үлкен сырлы аяққа толтыра құйып бергенде тілін үйіре жөнелген, шайқалудан өліп қалған тәтті қымызды Шыңғыс қотара салды. Қымызқор Шыңғыс, бұндайы кездессе, аяқ түгілі — тегенені, тіпті керсенді, кейде, — анау-мынау сүйретпені еңсеріп тастайтын. Малтабардың қымызына қызыққан Шыңғыс сол арадағы орманның көлеңкесіне кіре отырды да торсықты дендегенше қозғалмады. Бірер жұтқаннан сусыны қанған Шоқан мен Григорий, орман ішінен жеміс іздеп кетті. Орманның бүлдіргені мен жидегі аттың аяғын боярлықтай тұнып тұр екен, көлеңкеде өскендіктен, түстері боп-боз, сонда да бұрқыраған иісі мұрынды жарады, қышқылтым дәмінің тәттілігінен тіл үзіліп түскендей. Орыстар «грибы» деп атайтын саңырауқұлақ та мейлінше мол екен. Оны ата дағдысымен жақсы көретін Григорий, бүлдіргеннен гөрі соған көбірек ұмтылады. Қазақтар оны жеміс деп ойламайды. Сондықтан Шоқан Григорийден әуелі «неге қызығасың?» деп сұрап алды да,« тәтті тағам» деген соң татып көріп, шикі өкпе сияқтанған соң түкіріп тастады. Оның қызығары-бүлдірген мен жидек. Алақандап асаса да құмары қанар емес.

Балалардың еркіне салса, саңырауқұлақ пен жемістерді бұл орманнан арбалап жинар еді, оған уақыт жоқ. Үлкендер қымызға қанған кезде:

— Қанашжан!.. Гриша!... Жүреміз!.. — деген даусы естілді Шыңғыстың. Жинаған жемістерінің жеуден қалғанын қалталарына сықаған балалар амалсыздан жүгіріп келді. Олар жөн тартты.

Тоқыраған жерден жөнелгенде пар аттың алдына түскен Малтабар, ұзын жолдың өн бойында үнемі алда отырды. Қара буырыл қай жүріске салуды, Малтабар ұстаған делбеден аңғарады, босаң ұстаса, — «бұлаң құйрық жортақпен отыр» дегені, жинаңқырай бастаса, — «қатты желіске әзірлен» дегені ол белгі берілгенде, қара буырыл ең алдымен іш тастап алады да, делбе сіресе бастағанда дедектей жөнеледі, жүрісіне, желісіне, желісімен ере алмауы былай тұрсын, шапқан жылқының да ұшқырлары ғана ере алады, ертеден қара кешке дейін осылай дедектеуден қажымайтын сұрапыл мықты әдетте атын қатты жүргізбейтін Малтабар, біреулерге қара бурылдың желгіштігі мен мықтылығын көрсеткісі келсе, қатты ұстаған делбені ең кемінде биенің бір сауыны босатпайды...

Қара бурылдың осындай жүрісін Шыңғысқа жолшыбай ара-тұра ғана, жақын жерде ғана көрсетіп келе жатқан Малтабар, Омбыға жақын тұста айдап кетті. Шыңғысқа арнап жеккен пар да жүрісті жылқылар еді, ортадағысы — Қызылжардағы атақтылары, бірі шеткісі — қарулы жүйрік, басқа жылқылармен желіс салыстырғанда, айдаушы күшті шеткі атқа түсіріп, пәрменімен шаптырады да, қамыты алқымына тірелген ірсәк ат еркін желеді. Оның Қызылжарда ала алмайтын желгіші — жалғыз қара буырыл ғана!

Омбыға жақындай қара бурылының бар желісіне салып, таңын жаздырып алғысы келген Малтабар біраздан кейін, желіспен жете алмаған пар аттың шоқағына да шалдырмай қарасын үзіп кетті. Бұнысына, «қап, мына сәудегер иттің қорлығын-ай!» деп Шыңғыс ыза болды. Шоқан тіпті ызаланып атшыға:

— Айда!.. Ұр.. Саба!.. Бар шабысына сал! — деп бұйырды.

Атшы өйтейін десе, кедір-бұдыры көп даңғылдан арба екен деп, кейде аударылып қала жаздайды. Шоқанның оған да қарағысы келмей, делбені өзі ұстап, пар атты барынша шапқызайын деп еді, жазым болудан қорыққан Шыңғыс, Шоқанның қолынан делбені тартып алды.

Малтабар сол кеткенімен кете бармады. Ол Омбының төбесі көрінген тұста, атының желісін бәсеңдете түсті. Шыңғыстар біраздан кейін қуып жетті. Іштей ызалана тұра, тоқтап тосқан Малтабарға Шыңғыс сөз қатпады, ал, ызасын асыра алмаған Шоқан, аттары тоқтай, жерге қарғып түсіп, тарантасының қасында тұрған Малтабарға:

— Жәй сәудегер ме десем, өзін, бос екенсің ғой?!.. Мен жеткізбеген қалпымен кете барар десем, тостың ғой! — деп, түйген жұдырығымен қарнының томпағына түртіп-түртіп қойды. Баланың ызасын кескінінен аңғарған Малтабар күлімсірей қарап:

— Кейде осындайым да болады, — деді де қойды. Содан кейін. — Ал, тақсыр, — деді ол Шыңғысқа, — «Омбы» дегеніміз анау көрініп тұрған ғой, түсуге меңзеп келе жатқан үйіңіз бар ма?

— Болады ғой, — деді Шыңғыс жоқ деуді лайықсыз көріп. — Өзің ше?

— Сіздерге аунап-қунарлық жайлы орынды ойластырып келе жатыр едім де мен.

— Қандай орын еді ол?

— Коробейникова дейтін бай қатынның «постоялый двор» аталатын үйі бар. Аттарға қорасы да жайлы. Үйі жатып-тұруға лайықты. Мұсылманды — мұсылманша, орысты — орысша күтеді. Дастарқаны кең, тағамы мол. Мен Омбыға келген сайын сонда түсем. Бізден пәтер ақы алмайды. Ас-суы да тегін.

— Ендеше, сонда барайық, — деді Шыңғыс.

Олар Коробейникованың үйіне тарта берсін, біз оқырман көпшілікке, бұл есімді әйелдің мән-жайын қысқаша баяндап берейік.

Сібірді Россияның отарлануы 16-ғасырдын, орта тұсынан басталуын, сонда әскермен қатар сәудегерлер де жүріп, әскер барған орындарға базарлар ашқанын, саудагерлерді Строгоновтар басқарғанын білеміз. Сонда, Строгоновтардың ең ірісі — Самсонның, «бір» деген піркәншігі — Яков Коробейников деген болған екен. 1718 жылы Омбы қаласы ірге тепкенде, Коробейниковтердің байыған біреуі осы араға тұрақтап, Омбы өзенінің Ертіске құятын тұсында, жар қабақтың астындағы бір кең алаңға үй салған екен, ауласын кең шарбақпен қоршатқан екен, оның ішінен жүргіншілер, әсіресе саудагерлер күні-түні, жазы-қысы арылмай, құмырсқаның илеуіндей құжынап жатады екен.

Пайдасы көп бұл қораның түсімі молая беру үшін, Коробейниковтер шарбақ ішіне жолаушылар тамақтанып тұратын, харчевня атты асхана да салдырған, керек-жарағын қолма-қол табу үшін уақ-түйектің дүкенін де ашқан, қонақтар кір-қоңынан арылу үшін монша да орнатқан. Ол қандай монша?

«Монша аталатын тазалық орны адамзат тарихының ең көне, ең көмескі тұрмысынан бері жасап келе жатқанын білеміз. Орыс елінің, І-Петрға дейінгі тарихында, моншаның біз білетін түрі болмаған, оған дейін, әркім білгенінше құйынған. Ішіне от жағып тасты я күйген кірпішті қыздырып, соларға су себу арқылы бусандырып, ыстық жерде терлеп-тепшіп жуынатын монша тек, І-Петрдің немістерден алған үлгісі арқылы жасалған. Петр жасатқан моншаның «орыстікі» аталатын себебі: тас қыздыратын пешінде мұржа жоқ, үйге қамалған түтін далаға ашық тұрған есік арқылы ғана шығады, тас қызып болған шақта, от жағу тоқталады да, қою түтін сұйылған кезде, есік жабылып, қызған тасқа су себіледі, одан бұрқыраған ыстық бу көтеріледі. Моншаға түсуші сондай ыстықта жуынады да, шабынады да. Одан адамның денесі балқып, кір-қоңынан мүлдем тазарады. Халық бұны «қара монша» деп атаған. І-Петрдің өзі европалық түрдегі салтанатты моншаға емес, тек «қара моншада» ғана жуынады екен.

Сібірде 18-ғасырдың басына дейін моншаның ешбір түрі болмаған. 1708 жылы, Сібірде «воеводтар» аталған әскерлік корпустың, хал-жайын тексеріп қайтуға, Петрдің жұмсауымен, оның оң қолы — князь Меньшиков келген. Сол сапардан қайтқан князь, Петрға берген рапортында, «сібірлік воеводтардың тұрмысындағы ен, үлкен кемшіліктің бірі — настығы, оның бас себебі — монша жоқтығы» деген сөзді айтқан. Петр содан кейін сібірлік өкіметке «барлық шаһарда монша салынсын» деген бұйрық берген. Коробейниковтің моншасы сол бұйрық бойынша салынған.

Моншадан сабынсыз тазарып болмайды. Сабын ол кездегі Россияда ең қат нәрсенің бірі екен. Жақсы сабынға ол кезде кокос немесе пальма аталатын өсімдіктердің майы жұмсалатын болған. Олар алыстағы Индия немесе Қытай сияқты жерлерден шағын ғана келеді де, жол шығынын қосқанда, хош иістендіру материалдарын қосқанда сабынның бағасы ауырлап кетеді. Ондай сабынды салтанат ретінде ақсүйектер ғана алады да, қара сүйектер алмайды. Кедей көпшілік түгіл, сабынды саудагерлердің де бірталайы алмауын естіп, Петр саудагер атаулы сабынмен жуыну туралы арнаулы бұйрық шығарған. Содан кейін сабынға: шекілдеуік, кендір, кенеп, мақта... сияқты өсімдіктердің майы қолданылып, сабынның саны көбейген. ІІ-Екатерина тұсынан бастап, сабынға: қой, сиыр, шошқа... сияқты жануарлардың тоң майы қосылған.

Ал, ол кездегі Сібірде зығырын алатын өсімдік жоқ, жануардан молы — қой ғана. 18-ғасырда қадағы ширек тиын ғана болған қойдың тоң майының бағасы, 19-ғасырға кіре көтеріле бастап, орта тұсында екі тиынға жеткен. Ол да қымбат құн. Бірақ, монша онымен қызметін доғармайды.

Баю өрінен төмендемеген Коробейниковтердің Омбыдағы тоқырау қорасы, бірден-бірге мұра боп келіп, Малтабардың тұсында Варвара Викторовна Коробейникованың меншігі болып қалады. Ол қора иесі байдың жалғыз перзенті екен. Егде тартқан шағында сырқатқа айналған әкесінің шаруасын, бой жете осы — Варвара басқарады. Ол қорасына ұнатқандарын ғана түсіріп, ұнатпағандарына, әсіресе ауыл қазақтарына «бар, бар!» деп қолын бір-ақ сілтейді екен. Сондықтан «Варвараға» тілі келмейтін қазақтар «Барбар» қойып алған. Ол маңайдың қазағында «Барбарды» білмейтіні болмаған. Виктор Коробейниковқа тілі келмейтін қазақтар, не «Бектұр» деп, не ірі денесі мен қара өңіне қарап «Қара бұқа» деп атаған, кейбір қазақтар Варвараны Бектұрдың немесе Қара бұқаның Барбары деп, секпілді жирен ажарына қарап, «Шұбар байтал» деп, әртүрлі есім таққан.

Ауыр шаруасын жақсы басқарған және жалғыз ғана перзенті болған Варвараны әкесі үйінен шығарып күйеуге бермейді. Лайықты жігіт табылса, күшік-күйеу ғып алғысы келеді, ондай жігіт табыла қоймайды. Сөйтіп көк етікті кездеспей, көн етіктіге бара қоймай жүргенде Варвара кәртамыш болып қалады. Сол кезде әкесі өледі. Одан кейін Варвара туған үйінен тіпті кетпей, «кәрі қыз» болып отырып қалады. Ержеткен басы бос әйелде өсекке таңылмайтыны жоғын білеміз. Варвара да талайға таңылады, қанағатының қанша екенін өзі білсін, өсекшілер оған «көлденең өткен көк аттыны құтқармайтын қақпан» деген атақ жамайды.

Осы өсек Малтабарға да таңылады. Ол Омбыға қашан келсе де Варвараның тоқырау қорасынан түсіп, неше күн жатса да сонда болады. Өзгелердің көбінен сықап пәтер ақы, қора ақы алатын, моншасына да ақы алып түсіретін Варвара, қызметкерлерінің байқауынша Малтабардан көк тиын копейке алмайды. Біреулер «Малтабардан түсірері көп» деседі. Білетін адамдардың айтуынша, онысы рас та. Малтабар Варвараға сабын бұлғайтын арзан май табады, әр жылдың күзі мен қысында семіз қойларды мыңдап қыратын Малтабар, олардың сүйектерін де қайнатып, майын сығып алады екен, бұл да пайда болғанымен, бейнеті көп, сондықтан Варварамен танысқаннан кейін, «өзің қайнатып ал» деп ылау-ылау шикі сүйекті жібереді екен де, бұтын бір тиыннан өткізеді екен. Бір бұт сүйектен кеміне төрт-бес қадақ май ағады. Бұл да Варвараға үлкен пайда.

Сүйектің майын арзан бағаға беретін Малтабар, Варвараға сабын былғаудың қазақы әдісін үйретті. Сабынға қосатын сақарды (щелоч) қазақ қайнатқан күлден сарқиды және өзге күлден емес, «ашуы күшті» деп алаботаның күлінен сарқиды. Сол күлді қазанға ұзақ уақыт қайнатады да, суы сарқылып қоймалжың бола бастаған шақта үстіне қалың ғып шөп төсеген сөреге төгеді. Дымқос күлдің сүзілген (фильтрация) тамшылары ағу үшін сөренің астына қазан қояды. Қазанға сарқыған сары суды тары да қайнатып, дымы құрғаған шақта, сарғылт түсті ұнтақ (порошок) болады. Қазақтың «сақары» осы. Сабынды сақарға май қосып былғайды. Былғанған сабын тез байлану үшін, ішіне түтелеп жүн-жұрқа тастайды. Былғана келе бұндай сабынның түсі қараяды, сондықтан қазақтар «қара сабын» дейді. Білетіндердің, айтуынша, кір-қоңды кетіруге, жәндіктерді өлтіруге қара сабыннан өтер сабын жоқ. Ал, құны, Россиядан келетін кір сабындарынан әлдеқайда арзан.

Варвараға қамқорсыған Малтабар, оған сабындық майды ғана емес, қажетті мөлшерде сақарды да жыл сайын жеткізіп тұрды, сабынның бұлай бұлғау әдісіне маман адамдар тауып берді. Содан кейін Варвараның күн тәулігіне дамылсыз қызмет атқаратын моншасы құны арзан сабыннан тарықпады.

Соншама пайда келтіретін Малтабарды Варвара «жатып жастық, иіліп төсек боп» дегендей мейлінше күтеді, әуелі моншасындағы өзіне арнаған номеріне кіргізіп, жақсылап тұрып жуындырады, содан кейін таза көйлек-дамбал кигізеді, қалаған тағамдарды мейлінше дәмді ғып пісіреді, таза бөлмедегі жұмсақ төсекке жатқызады...

Омбыда осындай әйел барын Шыңғыс Қызылжарда естіген. Оның мән-жайын баяндаған адам:

— Малтабардың көңілдесі, Омбыдағы бір үйі, — деген. Сондықтан, Шыңғыс оны керуге құмартып келе жатқан.

Енді көрсе ортадан биігірек бойлы, былқылдаған семіз денелі, бет бейнесі ашаң, жирен -шабдар енді, ақ шабдар шашты, үлкен тотыяйын көзді, пұштитаңдау әдемі мұрынды, көркемше әйел екен. Жобасы, жас кезінде сымбатты да, сұлу да болған кісі. Денесі етейе жасы егделене, сымбатының сұлулығы ыдыраған, бет ажарының көркі — күлімдей, ойнақши қарайтын көздерінде қалған.

Тегі, оңаша тіл қатқанда, Шыңғыстың кім екенін Малтабар Варвараға ескертіп қойған болу керек, көрген сәттен алдында құрдай жорғалап, «төбесінен тік тұрып» құрмет көрсетті. Шоқанды да ол, «қарағым, шырағым деп» көңілін табуға тырысты.

Жолаушылар Омбы қаласына кіріп, «Кадет корпусы осы» деген, аумағы екі-үш орамды тұтас қамтыған, сыртын ақпен сылаған, жыпырлаған терезелерінде сан жоқ, көше жақ іргелеріне терегі, талы, қайыңы аралас ағаштар ескен үйді жанат өте бергенде, «мен осында қалам» деп Григорий түсіп қалған. Арбадан ол түскенде, Шоқан да қарғып түсіп, екеуі құшақтасып үн-түнсіз қоштасқан. Григорийді қимаған Шоқанды Шыңғыс арбаға әрең мінгізген.

Григорий кадет корпусының комендантына барып каникулдан келуін мәлімдеген шақта, жаз айларында бытыраған кадеттер жиналып жатыр еді. Корпустың ішкі тәртібін басқаратын атаман Старков Евгений Васильевич қызметінде екен.

Тұратын бөлмесіне орныққан Григорий, Старковты іздеді де кабинетінде тапты. Ол Григорийдің әкесі Николай Ильич Потанинмен Омбыдағы офицерлік училищеде бірге оқыған, бірге бітірген, Николай әскерлік қызметке шыққанда, финляндиялық кадет корпусына оқуға кетіп, оны аяқтай, Омбыдағы училищеге қайтып эскадрондық бөлімнің, оқуын басқарған. Училище кадет корпусына айналғаннан кейін бүкіл корпустың ішкі тәртібін реттейтін начальнигі болған адам еді. Әкесін жақсы көретін Григорийді ол жан тартып, есігінде күзет тұратын пәтеріне де, кабинетіне де емін-еркін кіргізе беретін.

Бұл жолы да солай қабылдаған Старковқа, Григорий Потанин Шоқан жайын айтты. Одан бұрын бұл жайды Драгомиров та баяндаған еді. Бірақ, қызмет адамдарымен салқын сөйлесетін Старков, Драгомировқа «көрерміз» деген де қойған. Әскери бөлімнің соғыстық кеңесіне мүше емес, Старков мүше, сондықтан да ол Драгомировтың ырқына көне бермейді. Қызмет бабында өзін сырғақ ұстайтын Старков, Драгомировтың Шоқан жайлы айтқан сөздерін тыңдап болғаннан кейін «көрерміз, оқу кеңесінде ақылдасармыз» деді.

Старковқа Григорий Шоқан жайын Драгомировтан басқашарақ баяндады. Драгомиров салқын түрде сөйлескен еді. Григорийдің сөздерінен Шоқанды ерекше сүйетіндігі байқалады. Сондықтан:

— Көрерміз, байқармыз, — деп басында сырғақсыған деп айтқан Старковты, қоянға еркін жететін тазыдай тақымдап, өзі ғана емес, әкесінің де атынан өтініп, аузынан:

— Жақсы, қабылдайық, — деген сөзді суырып алғандай болды.

— Бірақ, — деді Старков. — Бірінші даярлық класына алып көреміз де, оқу жылының аяғына дейін сабақты үлгере алмаса шығарып жібереміз. Онда өкпелемейсің.

— Болсын, туысы құрметті атаман, — деді қуанған Григорий, — жылдың аяғына дейін, даярлық класстарының біріншісі түгіл, екіншісіне экзамен ұстауына бәс тігем.

Старковтың уәдесін алғаннан кейін Григорий тұра жүгірген қалпымен Коробейникованың тоқырау қорасына барса, Шоқан жоқ!..

Коробейникованың тоқырау қорасы сапырылысқан жүргіншілерден, қобырап әр жерге үйілген жүктерден арылмайтынын жоғарыда ескерткенбіз. Шыңғыстар келіп түскенде, қора іші тіпті былығып, адам жол тауып жүрер тұсы азғантай да. Әрі, әр жерде төбе-төбе болып үйілген шикі терілердің, кірлі жүн-жұрқалардың, қайнатылмаған сүйектердің, аттардың жас құмалақтарының, арбаларды майлаған мазуттардың, қызметін атқарып жатқан қара моншаның есігінен бұрқыраған қошқыл түтін мен жуындыдан шыққан күлімсі иістің салдарынан, қора іші жүректі айнытарлық сасық та. Сол иіске шыдай алмаған, әрі дәрет сындырғысы келген Шоқан Григорий келердің алдында, қораны қоршаған тақтай шарбақтың далаға қараған қабырғасынан қарғып түсіп, ар жағындағы тоғайлы көгалға сіңіп кеткен.

Григорий келгенде, Варвара берген тәтті тамақтардың дәміне бөгіп отырған Шыңғыс, әлгінде тысқа шығып кеткен Шоқанды ескермеген еді. Енді ғана есіне алып іздетсе, ешқайда жоқ! Бір барса барары-Григорий. Ол мұнда. Бұл қалада одан басқа барары жоқ. Ендеше, қайда ол?!

Осы ереуілді сұраудан басы қатқан Шыңғыс, не істерге білмей сандалды да, ішкен -жегені кересі боп, қора ішіне тінту жүргізді. Жоқ!.. Қайда?

Варвара мейманханасынан Шоқан мен Шыңғысқа жасаулы кеңірек бір бөлмені жеке берген еді. Малтабар ол бөлмеге басқа адам кіргізбеуін өтінген еді. Шоқанды таба алмаған Шыңғыс соған кірді де, бұрыштағы бір жастыққа қисайды. Шоқанды бірге іздескен Григорий, «маған кеткен болар ма?» деп, кадет корпусының үйіне жүгірді.

Өз бөлмесіне кіріп шөкесінен жатқан Шыңғыс, жастығын жұмарлай құшақтап, ұзақ уфледі. Сонда түңіле күбірлеп айтқаны: «құдай-ау, бала бермей, пәле бергендей не жаздым мен саған?.. Елде де бүлік болды, бұл бала жолшыбай да бүлік болды!.. Омбыға келе тишығар деп дәмеленсем, мұнда істеп отырғаны мынау!»

Сөйтіп жатып, күнә-сұмдықтарын еске түсірсе, шеті мен шегі жоқ екен. Талай мазлұмды жылатқан, талай момынды қан қақсатқан ол, есесінен «дүние ісі ахиретке кетпейді» деген мәтелді түсіріп, жылауын бәсеңдетті де, ойын-«тәңірі уәтәбәрәкә ғалянің, солардың бірін алдыма келтіруі шығар» деп жылауын доғарды.

Бұл жолы ғана емес, бұдан бұрын да қылмысты істерін еске түсірсе, тәңіріден кешірім сұрап жалбарыну ретінде, ел намаз оқумен шұғылдана қалатын еді. Сол дағдысына бақпақ болып, шөккен орнынан түрегелді де, кілем үстіне қазақы түйе жүн шекпенін жәйіп құлшылыққа кірісті.

Намазға кейде салақсып жүретін ол жайнамазға бір отырса ұзақ отырып, біреулерін «қаза намазым» деп, енді біреулерін «нәфілім» деп, көпке дейін түспейтін еді. Бұл жолы да сөйтті ол. Намаздың әрбір рәкәғаты сайын түрегеле беруге жалыққан кезде, сәждаға жүресінен отырған қалпында барып, бірталай уақыт тоңқаңдады. Оған да жалыққан шақта, Мекеге барып келген хажының біреуі сыйлаған топаз тәспиғының тастарын тырсылдата санап, бірінші отыз үш таста «сұбхан-алласын», екінші отыз үш таста «әлхамдұ-лиллясын», үшінші отыз үш таста «аллаһү-әкбәрін» жүздің шоқысында — «салауатын» айтып талай уақыт отырды. Сондағы дәмесі — «Қанашжан келіп қалар ма?!»

Қанашы келе қоймады. Оны ойлаған сайын, мана қатайып алған жүрегі жіби берді. Енді оның көңіліне, әлгі бір қарғау сияқты айтқан сөздері «құдайдың, құлағына шалынып қалды ма?» деген қауіп кіріп, «ә, құдай, жанына жамандық бере көрме, құлыншағымның!» деп тіледі. Сол сәтте көз Жастары тағы да сорғалап кетті...

Шіркін, бала, не деген тәтті едің!..

Қазақтың ұғымында жақын жерден аңдитын жаудың біреуі — ұйқы. Сол жау жайнамаз үстінде мүлгіген Шыңғысты да құшағына алып, тәсбиғын тырсылдата тартып отырған ол, қалай қалғығанын білмей де қалды. Ойдан я жолдан жалыққан шақтарында, оның ұйқысы тастан қатты болушы еді. Сонда ол, жатқан үйін басына көтере қорылдап, ұйқыдағылардың көбін оятып жіберетін. Үйде батылы жететін біреулер болса, Шыңғысты оятатын. Ондайлар болмаса, қасындағылардың ұйықтай алмай мазасы кететін. Тез ұйықтағыштығының үстіне, ол өте сергек те дыбыс естілсе ояна қалатын және не дыбыс екенін аңғарғанша қалғымайтын...

Шоқан барған Омбы тоғайынын, арасында да жидек пен бүлдірген көп екен. Соларды терудің қызығына түскен ол, қораға іңірде оралып, үйге кіруге батылы жетпей, терезе сыртынан қараса, көлемі титімдей ғана, білтесінде тұтанған қызыл күрең отының үлкендігі тышқан тілінін, жылтыңдаған үшіңдей ғана «үштік» аталатын кәрәсін шамның көмескі жарығынан, төрде басын темен салбырата шөке түсіп қимылсыз отырған әкесінің елесі көрінеді. Оның жайнамаз үстінде солайша қалғитынын Шоқан білетін, кейбір қалғыған шақтарында, анау-мынау дыбысқа ояна да қоймайтын. Әкесін «сондай жағдайда болар» деп ойлаған Шоқан үйді айналып кеп, сыртқы есікті сықырлатпай ашып кірді де, коридорда аяқтарын ұшымен басып, бөлмесіне жақындады. Оның жұқалау есігі қажарлы еді, ашылу-жабылуы дыбыссыз. Соған таялып бөлме ішіне құлақ тіксе, Шыңғыстың қорылдаған дыбысы естіледі.

«Қатты ұйқыда екен» деп жорыған Шоқан әкесін оятып алмау мақсатымен сәкісіне кілем төселген бөлмеге еппен кірді де, жататын орнына беттеді.

Сақ құлақ Шыңғыс, Шоқанның төсекке қисайған сыбдырын естіді. Әйтсе де сыр бермей қорылдаған болып жайнамаз үстінде сәл отырды да, Шоқанның мұрны пысылдаған дыбысынан «ұйықтады» деп ойлап, еппен басып қасына келді. Шоқан өтірік ұйықтап жатыр еді, ойы — әкесінің не істеуін бақылау. Баласының қасына келген Шыңғыс, бетін қабырғаға бере бүк түсіп жатқан Шоқанды арқасынан құшады да, солқылдай жылап жата кетеді. Әкесін аяп кеткен бала, мейірімдік көрсеткісі келгендей, бетін бұра аунап түсті. Бірақ, бұнысын ұйқысырау сияқтандырып, дыбыс бермеді. «Оятып алмайын» деген оймен, өксігін әрең тыйған әке, жанының бөлшегіндей баласын, бауырына қыса түсті. Олар терең ұйқыға кетті...

Шіркін, осындай бір тәтті ұйқы-ай!..

Шыңғыс әдетте ерте оянатын еді де, дәретін алып, намазын өтеп, содан кейін тағы да жатып, биенің бас сауынына дейін тұрмайтын еді. Үйінен мына сапарға шыққаннан кейін де сол дағдысын тастамаған Шыңғыс, Шоқанды бауырына баса ұйықтаудан таң біліне оянды. Құшағындағы Шоқанға қараса, ұйқыға мас болып түк сезер емес. «Қимылдасам оятып алармын» деген оймен, ол аз уақыт тым-тырыс жатты да, аздан кейін Шоқанның басындағы қолын шымшымдап суырды. Шоқан оянбады. Басын көтерген Шыңғыс, Шоқанның үстіне төрт тағандай төніп, жоғарғы жақ шекесінен құшырлана иіскеді. Оянып кеткен сияқтанған Шоқан, екінші жамбасына аунап түсті де, пысылына кірісті.

Үйден еппен шығып дәретін алып келген Шыңғыс еппен кіріп, намазын да еппен оқып, еппен киініп, Малтабардың бөлмесіне кірді. Буынып-түйінген ол, есеп-шоттарын қағып отыр екен. Қасында бір жамбастап қисайған Варвара. Екеуі әзілдесіп отырған сияқты, езулерінде күлкі.

Әйелдерін қазақ ғұрпына бағындыратын Малтабар кеше Варвараға да: «Ханның көзінше ыржақтаспа, ол келгенде тұрып кет, алдында әдеп сақта» деп тапсырған. Содан кейін, өзге қонақтарына еркінсіп жүретін Варвара, именіп, алдында қазақ әйелі сияқты иба тұтқан. Қазір де Шыңғысқа кездескен шақтарында, ауылдың жеңгесіндей сөйтіп, Шыңғыс есіктен көріне, күлімсіреген езуін жиды да, үстін сілкіне түрегеп, шығып кетті. Шыңғыстың жеңге көретін кейбір әйелдермен қалжыңдасатыны да болушы еді. Семіз денелі Варвара, ту қойдай жайқаңдап жөнеле бергенде, көзін тіге қалған Шыңғыс, ол есіктен шыға:

— «Семіз қатын — құс төсек, арық қатын — жоққа есеп» деген еді, Малтеке, әлгі бір жеңгейдің найқалуы-ай! — деп жымиды.

Варварамен арасындағы есекті Шыңғыс естімеген болар деп ойлайтын Малтабар, оның мына әзілінен қысылып қап, «жеңгей» деген сезді маңына жолатқысы келмегендей:

— Иә, күйлі қатын, — дей салды.

— Ажарлы да ұрғашы екен, — деді Шыңғыс. — Денесі етейгенмен, кескін-кейпі келіншек қалпында екен.

«Осы сол қатынға қызығып отырмаса не қылсын?» деген ой кеп қалған Малтабар, сырын тартып көргісі келгендей:

— Рас, тақсыр, құнына тұратын кісіге «кет, әрі» емес мінезі де бар, — деді күліп.

Бұл қалжыңды әрі созуға Драгомиров бөгет болды. Омбыға Шыңғыстан біраз күн бұрын жеткен ол, Шоқан жайын да, Шыңғыс жайын да тиісті орындармен кеңесіп, тиянақтап қойған еді. Шоқан туралы тиянағы — Старковтан жөні түзу жауап ала алмағаннан кейін, бүкіл корпустың начальнигі, генерал-майор Федор Андреевич Шрамға жолығып, одан кейін, Батыс Сібірдің генерал-губернаторы — Николай Семенович Сулимаға жолығып, екеуінен де кадет корпусының оқу істерін басқаратын Ждан — Пушкиннің атына, — «қабылдансын» деген записка алған. Енді Старков тырп ете алмайды.

Бұл жағынан көңілі орныққан Драгомиров, Шыңғыстың өз жайын да Сулимаға толық баяндады. Оның кеңсесінде Шыңғысты жамандаған материалдар үйме-жүйме еді. Солардың көбін тексеріп келген Драгомиров, Шыңғысқа болысу ниетімен:

— Көбі жала екен, шыны — көңіл бөлуге тұрмайтын ұсақ-түйектер хандық заманы өткенін көріп отырған аталықты қазақтар, Шыңғысты «хан-тұқымы» деп ұнатпайды екен, әйтпесе, сібірлік қазақтар үшін ашылған округтердің сұлтандарының ішінде, орыс заңынан хабары бар осы Шыңғыс қана қазақтардың бұған өшігетін бір себебі: Шыңғыс орыс заңын іске асырмақ болады, қазақтар ата-бабасынан қалған әдет заңын қолданғысы келеді, екі заң бір-біріне қайшы қазақтардың, «Россия патшасына бағындық» деуі, көп жерде «ат» тілі ғана, көбі ішінен қарсы сұлтандардың арасында Романовтардың таж-тахытын адал жүректен құрметтейтін азшылығының біреуі осы — Шыңғыс деген.

Өзі дворяндар тұқымынан шыққан Сулима, қазақ хандарының да тұқымын «ақсүйекке» жорып, оларға ерекше ілтипат жасайтын.

Драгомировтың сөздеріне құлақ асқан Сулима, оған: — Сізше не істеу керек, сонда? Уәлихановтың қисайған абыройын қалай түзеу керек? — деген сұрау қойды.

Ол сұрауға Драгомировтың жауабы әзір еді. Көкшетау дуанының аға сұлтандығын Абылай тұқымынан тартып алған, «қарадан хан болды» деген атаққа ілінген -Қаратоқаның Зілғарасы қиянатшыл болып, патшаның атына үстінен арыздар жауған өкімет тарапынан тексеріс болғанда, арыздағы оқиғалардың көбі расқа шыққан. Зілғараның үш әйелінен он төрт ұлы болған екен, солардан Әлібек дегені ерекше қиянатшыл болып, Зілғара соның қылығына күйген сонан, «әне ұсталады, міне ұсталады» деп жүргенде Зілғара өлген, Әлібекті өкімет «итжеккенге» жер аударып жіберген, ендігі аға сұлтан кім болары мәлімсіз шақта, Омбының генерал-губернаторы, жұрттың «жуас адам» деп сұрауымен, уақытша Зілғараның үлкен ұлы — Мұсаны тағайындаған, (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Ленин ауданында Явленно аталатын село бар, қазақтар оны «Мүсін» дейді, ол — «Мұсаның қаласы» дегені, себебі, сол село келіп түскен жерде, бұрын Мұсаның қыстауы болған), жуас Мұсаның қызметі де сылбыр болып, Шыңғыс пен Шоқан Омбыға барған кезде, Сулима Көкшетау дуанына аға сұлтан боларлық кандидат іздеп отыр екен, бұл сөзді естіген Драгомиров Сулимаға Шыңғысты ұсынғанда, сөз қатпай көне кетті.

— Бірақ, — деді Сулима, — бұл ұсынысты ұлы мәртебелі патша ағзам бекітпей жариялай алмаймыз. Қазір Валиханов қалаған жеріне қайта берсін, артынан хабарлаймыз.

Драгомиров Сулимаға тағы бір ұсынысын айтты:

— «Құсмұрын» аталатын дуанның қазір қажеті жоқ, оны жою керек те, бағынышты елін Көкшетау дуанына қосу керек.

— Бұл қиындау мәселе, — деді Сулима, — аға сұлтанды тағайындау менің қарамағымдағы іс, егер ықласы түссе ұлы дәрежелі патшамыз, бұл жайда мен жасаған ұсынысты бекіте салады, ал, округті жою үшін, әуелі патша сарайының қасындағы сібірлік комитетке дәлелді ұсыныс беруім керек, ол ішкі, сыртқы, және соғыстық министрліктердің пікірін сұрайды, олар мақұлдаса, мәселе сенатта тексеріледі де, сол мақұлдаса ғана, патшаның бекітуіне береді.

Бұл жайлардың, бәрін жақсы білетін Драгомиров, ұсынысын әдейі, мәселе көтеру үшін айтқан еді. Сулима ол тілегін қабылдап, кешікпей Петербургке хат жолдауға уәде етті.

Құсмұрын дуанындағы халықтың Шыңғысты аға сұлтандықтан түсіру, орнына Есенейді қою туралы қаулысын Драгомиров Омбыға ала келген еді. Бұл жайда Сулиманың айтқаны:

— Егер Валиханов қаласа, патшаның әмірі келгенше, бұрынғы қызметіне қоя тұруға болады.

— Ол мүмкін емес, — деді Драгомиров, — егер Құсмұрынға қайтып барса, күзеті қанша қатты болғанмен, қазақтар оны өлтіріп тастайды.

Құсмұрынды үкіметсіз қою мүмкін еместіктен, Сулима өзіне берілген правоға сүйенді де, Есеней Естеместі уақытша аға сұлтан ғып бекітті. Бұл бұйрықты іске асыру үшін Құсмұрынға баратын Василий Иванович Добшинскийде Драгомиров Ыстаптың жатағы -Тілеміс Сапақовты тілмаш қып беруді тапсырды.

Коробейникованың тоқырау қорасына түскен Шыңғысқа, Драгомиров осындай даярлықпен барған еді.

Шоқанның ұйықтап жатқанын естіген Драгомиров, бірер аяқ қымыз жұтты да, мән-жайларды түгел баяндады. Бұл сөздерге қатты риза болған Шыңғыс — «достық деген осындай болады да!» деп Драгомировті құшақтап сүйді Драгомиров ертең қатынаспақ болып кетіп қалды.

Ендігі мәселе Шоқанда. Оның Омбыда оқуға қалар-қалмасы Шыңғысқа мәлімсіз. Егер қалғысы келмесе қайтпек? Еріксіз қалдырғанда не болмақ? Оған қала қойса жақсы. Егер қалмаса ше? Зорлап қалдырғанмен қашса ше? (Шоқан оны істейтін бала), сонда, қаша қалса қайда барады? Туған үйіне, әрине бармайды, мүмкін, Баян ауладағы нағашысы -Шорманның Мұсасына барар, өйткені ол, Шоқанның есі кірген кезде Құсмұрынға келіп, нағашысы мен жиенінің қатты үйлескені бар, Мұса аттанарда «Сізге барам» деп Шоқанның жылағаны бар, Мұсаның «кейін әкеп тастармын» деп алып кетпек болғаны бар, оған Зейнеп пен Шыңғыс көнгенде Шепе көнбей, жанжалмен алып қалғаны бар. Содан біраз уақытқа дейін ашуланған шақтарында, Шоқанның «нағашыма кетемін» дейтіні бар, сондықтан Омбыдан қашса Баянға кетуі мүмкін, бірақ, кіммен? Өз бетімен кетем деп қаңғырып өлсе қайтпек?..

Осы ойлардан басы дал болған Шыңғыс, мейманхананың өздері жатқан бөлмесіне келсе, Шоқан төсекте әлі жатыр екен. Әкесі бөлмеге кіргенге дейін оянып, тұрар-тұрмасын білмей жатқан ол, енді, әкесі кіре көзін жұмып, мұрнын пысылдатып, ұйықтаған бола қойды. Мезгіл бұл шақта — шалшық түс. Ауылдағы күндерінде Шоқанның бұдан да кеш тұратын кездері бола беретін. Сонда, «ұйқысы қанып тұрсын» деген ойдағы Зейнеп, орданың жабулы түндігін ашпай, «самал сойсын» деп, туырлықтардың етегін түріп қоятын, ондай шақта «шыбын да ызыңдамасын» деген ниеттегі Зейнеп, намазын оқып алған Шыңғыстың тамағын қонақ үйге апарып беретін. Мал орданың маңында болса — болмаса да жоқ. Жат-жараның кісілері бұл үйге аттарын алыстағы бағанға байлап жымында шұбырған қояндардай біріне бірі ілесе келеді де, қонақ үйге кіреді. Әдетте даңғазалана кеңесетін оларды, егер Шоқан ұйқтап жатса, Аба келіп «ақырын» деп сақтандырады, содан кейін, «Шоқан тұрды» дегенше, олар сыбырласып сөйлеседі, ондай шақта ас үйде ұйықтайтын өзге балаларын тамақтандырғаннан кейін, Зейнеп «алысқа ойнаңдар» деп, не далаға, не қараша ауылға қуады, бөгелектеген жылқы, шанышқақтаған сиыр шауып келмесін деп, салт бір жігітін күзетке тұрғызады...

Ауылдағы күндерінде, ұйқысы қанып тұратын Шоқанның оянуы да ерекше еді. Неге екенін кім білсін, ол ояна сала бақырып жылайды, сонда айтар жалғыз сөзі «апа!», онысы -Зейнеп. Ұзақ жерге бармайтын, уақытын орданың төңірегінде өткізетін Зейнеп, Шоқанның даусы шыға жетіп келеді. Оның, «немене, Қанашжан?» дейтін дағдылы сөзіне Шоқан жауап бермей, даусын үдете еңірей береді. Оның жақсы көрер тамақтары: піскен қаймақ, күйіксіз қаспақ, жаңа ғана іріткен ақ ірімшік, қайнатқан қаймақтың түбі, тұщылау торта, шалалау ашыған саумал, еттен жақсы көрері бүйрек пен жүрек, ашқылтымды жалаған кезде сүйсінері ашымаған сүр мен қышқылтымдау ащы құрт, кейде кеше ғана езілген құрттың малтасы...

Бақыруын доғару орнына үдете түсетін Шоқанның алдына, Күнтай мен Зейнеп жаңағы тамақтардың бірінен соң бірін тосады, Шоқан жемейді оларды, егер Зейнеп қыстайын десе, тамағы мен ыдысын бет алған жағына лақтырып, тиген жерлерін бүлдіреді... Ояна сала осындай бүлік жасайтын Шоқанның жалғыз ғана алданары — Жайнақ. Ол келсе, ұйқысы да ашылады, тамақты да жейді, содан кейін ойынға кетеді...

Шыңғыс жолға шыға, Шоқанды «үйдегі дағдысына бағар ма» деп қорыққан еді, өйтпеді Шоқан. Ауылынан мезгілімен ұйқтап, мезгілімен тұрады, жанжал шығармайды, тамақ таңдамайды, бергенді ішеді және тойып ішеді...

Үйінен шыққалы, Шоқанның бірінші рет кеп ұйықтауы — Коробейникованың үйінде. ұйқысы мейлінше қанған ол тұрып кетуге ерініп жатыр. Осы қазір оның кез алдынан кейінде қалған туған аулы, апасы, Күнтай, Жайнақ, балалар — бәрі-бәрі тізбектеле өтті. Сағыныш өзегін өртеп, Шоқан ал, жыла кеп, ал, жыла!.. Сол өксігін баса алсыншы, көрейін!..

Шоқан сол қалпымен ұзақ жылар ма еді қайтер еді егер есік жақтан тықыр естілмесе. «Кім?» деп көз қиығын түсірсе — әкесі!

Ол тағы да ұйықтаған болып сұлық жата қойды. Бірақ, оның ояу екенін, әдейі ұйықтаған бола қоюын Шыңғыстың қырағы көзі есікті аша бере шалып қалды. Сонда да білмеген болып, баласынан алшағырақ отырды да, оған айтқысы келген сөздерін, өз бетімен сөйленген боп, арасына уһлеуін араластыра, ыңыранған үнмен соға берді, сондағы ойы -сөздерінің бәрін Шоқанның көңілін оқуда қалуға аудару.

Неше түрлі жылы лептерден құралған бұл сездерді «аяқтадым-ау» деген шақта, тыңдай беруге жалыққан Шоқан оянып кеткен боп ыңырсиын деп еді, Шыңғыс еңбектей ұмтылып:

— Немене, Қанашжан, — деп құшақтай алды.

— Ап-па! — деді Шоқан, қайда жатқанын біле тұра, Шыңғысты үрейлендіргісі келген қулықпен.

— Қанашжан, біз үйде емеспіз ғой, — деді Шыңғыс, сасқалақтап.

— Қаймақ!

«Оянған шақта осы сөзді айтып қала ма» деген қауіппен Шыңғыс мана Малтабарға қаймақты да, қаспақты да даярлатып қойған еді.

— Қазір әкелем, — деп орнынан тұра жүгірген Шыңғыс, шыны кесеге салған қаймақты алып кеп:

— Міне, Қанашжан! — деп ұсынып еді, басын көтеріп кесеге үңілген Шоқанның қиқарлығы ұстай қап:

— «Қаспақ» дедім ғой, — деп кесені лақтырып жібере жаздады, Шыңғыс әрең ұстап қалды. Ол:

— Қаспақ та бар, қазір әкелем, — деп қайта жүгірді.

Шоқан әкесін аяп кетті, ол өмірінде біреуге ыдыс әперген кісі ме? Мынасы-бірінші әперуі болу керек. «Неліктен?» деген сұраудың жауабын Шоқан кідірмей тапты, бірінші жақтан — жапан-түзде жалғыз ғана жақыны болғандықтан, әрі әкелік ықыласы түсіп кеткендіктен, екінші жақтан — «оқуда қалар ма екен» деген үмітпен, көңілін тапқысы келуден.

Сондықтан, әкесі алып келген қаспақты, Шоқан жылы, қышқылтым қалашты батыра жеп, құп-соғып алды. «Тағы да шатақ шығармаса не қылсын!» деген қорқыныш ойдағы Шыңғыс, «мынасы бір игісін болды-ау» дегендей, баласының қаспақты түгел жеуіне іштей қуанып отырды. Шоқан тамаққа шепік бала еді. Кейін тамақ түрлерінің көптігінен бе, олардың дәмділігінен бе, — алдына келген тағамдарының әрқайсысынан құстай шоқып, әр ішімдіктен бірер ғана жеңіл ұрттап, «болдым» деп шегіне қоятын, сонысына қарап астың, түрін де, мөлшерін де азайтайын десе, «анау қайда? Мынау қайда?» деп әлек салады, кейде татпай қояды, сонысына қарап, «сұрайды-ау» деген асын шешесі Шоқанның алдындағы дастарқанға түгел үйеді. Соны білетін Шыңғыс, Шоқанның недәуір қаспақты түгел жеп алуына қайран қалды.

Астан кейін Шоқан тысқа шығып кетті. «Тағы бір жаққа жыта ма?» деп қауіптенген Шыңғыс, оны көрінбей сырттан бақылады. Қорадағы жүктердің арасынан жылысып өткен Шоқан шарбақтың үстінен сыртқа қарай қарғығанда, Шыңғыс жүгіріп барып тақтайлардың жігінен сығалады.

— Қанаш!! — деген бала даусы естілді қақпа жақтан. Шоқан да, Шыңғыс та қарай қалса, — Григорий!

Кешеден бері жалғызсырап қалуынан ба, сапарлас досын сағынып қалудан ба, Шоқан:

— Керей!.. Күргерей!.. — деп тұра жүгірді де, бассалды. Екеуі бір-бірін арқаға қаға, құшақтаса кетті. Шыңғыстың көзінен жас ыршып кетті.

Григорий бұл үйге кеше түн ортасы жақындаған шақта бір келіп, Малтабардан Шоқанның оралғанын, әкесі мен екеуі жатып қалды деген хабарын естігеннен кейін, «мазаламайын» деп қайтып кеткен.

Шоқанмен құшақтасып мауқын басқаннан кейін, Григорий кеше Старковқа жолыққанын, оның Шоқанды оқуға алуға ризаласқанын сыпылдаған сөздермен баяндап берді.

— Жақсы болған екен, — деді Шыңғыс, Драгомировпен бұл жайда сөйлескенін бүге тұрғысы кеп.

Шоқан үндемеді.

— Қанаш, Шоқан! — деді Григорий казак-орыс акцентіндегі қазақ тілімен, жыпылдата сөйлеп, — көрейік, кадет корпусы үйін!.. Тамаша үй!.. Қайда!.. Біздің Капитан, Кукала, Болатнай, түгел сыяды оған!.. Артық қалады!.. Жүр, көрейік!

Ол Шоқанды жетектегісі келгендей, қолынан ұстап, қақпаға қарай тартты. Ішінен әлі түгел кене қоймағанмен, әкесінің, басқалардың айтуынан және болашағын ойлағандықтан, Шоқанның оқуға түсуге көңілі аздап ауытқи бастаған еді. Сондықтан, кеше сыртынан ғана көрген кадет корпусының үйін, енді іші-сыртын аралап көргісі кеп, Григорий жетектегенде жетекшіл тайдай соңына ере жөнелді.

Олар солай бара тұрсын. Біз оқырман кепке, кадет корпусын таныстырайық. Оның алдында, айтыла кетуі қажет төмендегідей сөздер бар.

Шоқан Уәлихановтың 1904 жылы орыс тілінде басылған шығармалар жинағын, сол жинақтағы портреттерін, менің алғаш 1913 жылы, Шоқанның ата-бабасының мекені -Сырымбет тауының етегінде, туған інісі-Нұрмұхаммедтің (Қоқыш) үйінде көруім, «Өмір мектебінің,» бірінші кітабында, одан кейін, 1921 жылы сол Қоқыштың үйінде Шоқанның сүгірет салған альбомын көруім «Өмір мектебінің» екінші кітабында баяндалуы, оқырмандарға мәлім. Сол кезден бастап Шоқанның өміріне, қызметіне көңіл аударуым да, 1928 жылы СССР Ғылым Академиясының Ленинградтағы қолжазбалар архивінен Шоқанның «23 фонда» аталатын толып жатқан материалдарын, Шоқанды зерттеушілерден бірінші болып кездестіруім де белгілі.

Осыларды және басқа материалдарды зерттеу негізінде, мен әуелі қырқыншы жылдардың алғашқы жартысында «Ариаднаның арқауы» деген пьеса, елуінші жылдардың екінші жартысында «Шоқан Уәлиханов» деген пьеса жаздым. Екі пьеса да баспасөзде жарияланды.

Бұл пьесалармен Шоқан Уәлихановтың бай өмірі және аса зор қоғамдық қызметі түгел қамтылмайтын болған соң, ұлы адам туралы роман жазу ойына келдім. Сол мақсатпен, тағы да материалдар іздеп, 1952 жылдың күзінде Омбы қаласына бардым. Сонда, бұрынғы кадет корпусының үйінде, Омбының Михаил Васильевич Фрунзе атындағы Қызыл тулы жаяу әскерлер училищесі мекендейді екен, начальнигі генерал-майор Леленьков (өкініштісі сол аты есімде қалмапты) жолдас екен. Осы жолдас Омбыдағы кадет корпусының тарихын түсінуге, маған өлшеусіз зор жәрдем көрсетті.

Кадет корпусының архивін, жасы сол кезде сексеннен асқан Шиторля есімді арихвариус басқарады екен. Атасы неміс демесе, езі орыс арасында туып, орыс арасында өсіп, кадет корпусы «соғыстық гимназия» аталған кезде, (1863—74-жылдары) соны бітірген Шиторля, аяғының ақауы барлықтан, құрылыстық қызметке шықпай, архивте отырып қалған. Сонда 50 жылдай қызмет атқарған ол, қай қағаздың қайда тұрғанын көзін жұмған қалпында тауып бере алады. Өзі барып тұрған монархист. Сондықтан патшаларға немесе корпусты басқарған генералдарға байланысты материалдарды полкадан суырғанда, әуелі оларға ізет көрсеткен бейнеде шоқынып алады да, шаңын сүртіп, қолына «ешбір қағазына қалам, қарындаш тигізбейсіз, бүктемейсіз, тұрған қалпында ғана қарайсыз, жырту деген тіпті мүмкін емес. Қайтып алғанда түгел ақтарып көрем, айтқан шарттар сақталмаса, өте реніш болады, одан кейін кім айтса да ешбір материалды ала алмайсың»,-деп береді.

Оның архив тәртібіне қатты адам екенін Леленьков та ескертіп «ренжіте көрмеңіз, егер ренжісе айтқанынан қайтару қиын» деген.

Мен, әрине, Шиторляның сөзінен қия басқан жоқпын. Содан кейін сеніп алған ол, «бөгде кісілерге көрсетпейтін қор», «мейлінше құпия қор» деген материалдарды да еркін қаратты. Кей қағаздарды,-«бұлар осы архивтен басқа жерде жоқ материалдар» деп береді.

Маған корпус үйінін, іші-сыртын Леленьковтың өзі аралатты. Икона сияқты, патшалардың портреттері сияқты, дұғалықтар сияқты нәрселер болмаса, аумағы аса зор бұл үйдің ішінен бұрынғы мүліктер алынғаны аз екен. Корпустың тарихын елестететін залда, осы корпусқа қызмет атқарған генералдардың, офицерлердің портрет-галлереясы да тұр.

Корпустың қала ішіндегі естелікті орындарын түгел көрсеткен Леленьков, мені қала сыртындағы жазғы лагерьғa да апарды. Ол-суы Омбы өзеніне құятын, арнасы кең, жағасы қалың орманға бөлінген «перінің жырасы» аталатын сай екен. Сайдың бойында кадет корпусы дәуірінен де бірталай капиталдық үйлер, кадеттер қолдарынан еккен неше алуан ағаштар сақталған. Совет заманында лагерь мейлінше кеңіген, әдеміленген.

Мен Омбыда айға жақын уақыт болдым да аттанар алдында Леленьковқа қоштасуға бардым. Ол маған «соңғы сыйлығым» деп, «Краткий исторический очерк, первого Сибирьского имени императора Александра 1-кадетского корпуса» дейтін кітап берді. Қалыңдығы 448 беттік бұл кітап, 1913 жылы кадет корпусының жүз жасқа толуына арналған юбилей тұсында басылған. Бұл кітап, менің кадет корпусы туралы архивтен алған материалдарымды толықтыра, жинақтай түсті.

Осынша көп жәрдем көрсеткендігі үшін, мен оқырман көпшіліктің алдында, генерал-майор жолдас Леленьковқа сансыз көп алғыс айтам.

Енді, кадет корпусының тарихын оқырмандарға қысқаша баяндап берейік.

«Кадет» француздың «кенже» деген сөзі екен. Шамасы 16-ғасырдың ортасында, ақсүйектердің азаматтық оқуға қыры жоқ ұлдарына соғыстық білім беру мақсатымен, үкімет «Кадет корпусы» аталатын школа ашқан. Содан кейін, осындай школа Европа мемлекеттерінің көбіне тараған.

Россияда кадет корпусы 1743 жылы, пажский және финляндский деген атпен екі жерде ашылады. Мақсаты — отанға еңбегі сіңген отставкадағы офицерлердің кенже ұлдарына соғыстық білім беріп, олардан офицерлер даярлау».

Шоқан Омбыға оқуға барған жылы, Россиядағы кадет корпусының саны жиырмаға жеткен. «Сібірлік кадет корпусы» — осылардың бірі.

Сібірді 17-ғасырдың аяқ шенінде отарлай бастаған Россия, 19-ғасырдың аяқ тұсында, түгелімен меншіктеп, шығыс жақ шеті Сахалин жарты аралымен, Япон теңізімен көмкерілген оңтүстік жағы қазақ даласының «Арқа» аталатын жотасымен шектескен. Бұл өлке, көлем жағынан бүкіл Европаның жерінен үш еседен артық.

Сібірді отарлау, Россияға қиынға түспеген. Бұл өлкедегі угро-фин, түрік және монғол тұқымдас халықтардан, Россияның Ермак Тимофеевич басқарған алғашқы қосынына он бес жылдай қарсылық көрсеткен, — татар ханы — Көшім ғана. Ол хандық жойылғаннан кейін, Сібірдің былайғы халықтары, Россияға бірінен соң бірі татулықпен бағына берген.

Сонда да, «шекара» аталатын жиектерді қарсылардан қорғау үшін, патша өкіметі Сібірде «ерекше корпус» деген атпен, қарамағында он полкы бар әскери қосынын ұстаған, штабының тұрағы-Тобыл қаласы.

Бұл қосын регулярный және иррегулярный деп екі жүйеге бөлінген, бастапқысы — соғыстық тәртіптегі әскер, екіншісі — казак-орыс линиясындағы станицалар. Регулярлық бөлімі, — рекрут аталатын әскердің міндетті қызметіне шақырылған жастардан құралады; иррегулярлық бөлім, — редут аталатын, казак-орыс линиясындағы станицалардан құралады, қазақпен шекараны, бүкіл станица халқы болып қорғап, төңіректерінде қазылған орларды күні-түні күзетеді, «воевод» аталатын, регулярлық бөлімді, Россиядан жіберілетін офицерлер мен генералдар, иррегулярныйды — станицаның атамандары басқарады.

Воеводтардың тұрғын халықтарға тиышсыз болуы, осы жайда жазылған арыздарды тексеруге І-Петр князь Меньшиковты жіберуі жоғарыда айтылған.

Тексеріс жасаған Меньшиковтың Сібірдегі ерекше корпус өмірінен тапқан зор кемшілігінің бірі, — солдаттар түгіл, ковалерияда қызмет атқаратын казак-орыс офицерлерінің де көбінің сауатсыздығы. Себебін тексерсе, бүкіл Сібірде бір де бір орта дәрежелі оқу орны жоқ екен, «бастауыш» дейтін школаларда да өте аз екен, олардың да көбіндегі учительдер-өздерінің сауаты шағын — полиция, урядниктер.

Бұлай болуы Меньшиковқа заңды да сияқтанды. Сібірден жер көлемі үш есе тар Европада сол кезде жүз миллионнан астам халық тұрады екен, ал, бүкіл Сібірде жарты миллиондай ғана халық тұрады, олардың қала, селоларының аралары өте алшақ, ендеше, оқушыларды қалай жинайды?..

Меньшиковтың рапортымен, І-Петр Сібірдің батысындағы қала — Тобылмен, шығысындағы Хабаровскіден ер балалар үшін екі гимназия ашуға бұйрық берген. Бұйрықта Сібірдегі өзге қалалардан және казак-орыс станицаларының үлкендерінен бастауыш мектептер ашылуы айтылған. Іс жүзінде мемлекет қарамағындағы гимназиялар ашылады да, бастауыш школалар бұрынғы күйінде қалып қояды, оларды ашуға қаражат табылғанмен, оқытушы табылмайды.

1765 жылы Сібірдегі әскери корпустың хал-жайын тексеруге соғыс министрлігінің инспекторы генерал-поручик Шпрингер келеді де, сауатты командирлердің аздығын көріп, болашаққа офицерлер даярлау мақсатымен Батыс Сібірдің Омбы, Қызылжар, Ямышева, Бийск аталатын төрт қаласында оқуы алты жылдық школа ашады. Тобылдағы штабтың қасынан әскерде жүріп өлген офицерлердің жетім балаларына арналған тағы школа ашады. Бұлардың бәрі үкіметтің емес, жергілікті әскери халықтың (казак-орыс) қаражатымен тіршілік жасауға тиісті болғандықтан, тағы да көп жылдардың бойына аты бар, заты жоқ школа болады.

19-ғасырдың басында, Сібірлік корпустың қолбасшысы болып, 12 жылғы Отандық соғыстың ерлерінің бірі, генерал-лейтенант Григорий Иванович Глазенап келеді. Ол аты бар, заты жоқ соғыстың төрт школаны біріктіріп, 1813 жылы Омбы қаласында «казак-орыстардың соғыстық училищесі» деген атпен бір ғана школа ұйымдастырады, начальник қып өзінің адъютанты, штабс-капитан Бороневскийді тағайындайды.

Кейін, 1845 жылы Сібірлік кадет корпусына айналған бұл училищенің отыз екі жылдық өмірі екі жүйеге бөлінеді: бірі — 1813-1825 жылдардың арасы, екіншісі — 1826-1845 жылдар арасы.

Училище алғашқы жылдарда «Азиялық саудагерлердің тоқырау қорасы» аталатын, қарағайдан қиылған үйлерге орналасады. Ол кәзіргі Омбының «Ойқала» аталатын сайдағы орнында екен, бұл маңайда ол кезде қалың орман екен.

Училищеге алғашқы жылы отыз-ақ бала түседі, оқу жылының не бар қаражаты-бір мың үш жүз-ақ сом, оның 748 сомын әскерлік корпустың кеңсесі береді, 552 сомы жылудан жиналады. Штаты бір бақылаушы, үш учитель; олар әскерлік қызметтен босанған, білімдері төмен, кемтар офицерлер.

Сабағын осылай бастаған училище, жылдан жыл қаражатын да молайта, оқушыларын да көбейте кеп, 1825 жылы кадеттердің саны төрт жүз елуге, бюджеті жиырма мың сомға көтеріледі. 12 жылда училищеде оқығандардан 58 адам офицерлік атаққа ие болады.

1819-23 жылдардың арасында, Сібірге Россияның сол кездегі мемлекет қайраткері Михаил Михайлович Сперанский келіп, шаруашылығына да, әкімшілігіне де, мәдениетіне де толып жатқан өзгерістер кіргізуі, бізге өткен тараулардан мәлім. Сол Сперанский патшаға берген ұсыныстарында:

— Сібірлік кадет корпусы аталатын оқу орны, тек әскер қызметкерлерін ғана даярламау керек, одан шаруаға, мәдениетке, әсіресе, оқу орындарына пайда тигізетін білімділер шығу керек, — деген.

Осы ұсыныс қабылданып, 1826 жылы, «казак-орыстардан офицерлер даярлау училищесі», «Сібірлік линиядағы казак-орыстардың соғыстық училищесі» деген атқа ауысқан. Оның оқу мерзімі жеті жыл, оқу программасына әскери сабақтардан басқа ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы, бақшашылық сияқты сабақтар қосылған. Соған сәйкес қаражаты да молаяды. 1825 жылы Глазенап басқа қызметке ауысып, орнына келген инфантерия генералы Капцевич училищенің бюджетін 50 912 сом 27 жарым тиынға көтереді. Бұған дейін оқушылар киімдерін өз есебіне сатып алады екен, оған әлі келмейтіндер, құрылыстағы әскерлердің тозған я модыдан шыққан ескі-құсқысын пайдаланады екен. Капцевич оларға школдық форма кигізеді, жаз айларында лагерьға шығарып, кадеттерді бау-бақша өсіру жұмысымен шұғылдандырады, тамақтарын тәртіпке келтіреді, оқу және жатақ үйлерін күн тәулігінде үнемі тұратын күзеттер қояды, сабақ программасына неміс, француз және ағылшын тілдерін кіргізеді, оқу үйінде қолөнершілер, суретшілер бөлмелерін ұйымдастырады, кітапхананың негізін қалайды. Осы тәрбиенің негізінде, корпустан орта білімді офицерлер, станицалық учительдер, агрономдар, зоотехниктер, бақташылдар, орманшылар шыға бастайды.

1836 жылы Капцевич басқа қызметке ауысып, орнына патша сарайының ең сүйікті адамдарының бірі, — князь Горчаков келеді. Оның бағына қарай, сол жылдың күзінде Омбыға тақ мұрагері ІІ-Александр келе қалады. Горчаков оның алдына Сібірді өркендету туралы бірталай мәселе қояды. Солардың бірі — Сібірлік ерекше корпусы аталатын әскери қосынды, Батыс Сібірден Шығыс Сібірге ауыстыру. Оған дәлелі — Россияға қазір Алтай тауынан Каспий теңізіне дейін тартылатын қазақ даласынан төнер қауіп жоқ, бұл шекараны соғыстық халық та күзетіп тұра алады, қауіп күтілетін жақтар: Индия (сол беттен Англия Орта Азияға қарай беттеп келеді), Қытай және капиталистік жолға түсе бастаған, күшейіп келе жатқан мемлекет — Япония.

Александр бұл ұсынысты мақұлдайды да, Сібірлік ерекше корпустың штабы Омбыдан Хабаровскийге, он полктан құралған қосын Россияның күнгей-шығысын жиектеп бытырайды.

Әскерлік қосын көшкенде, оның Омбыдағы мекен-жайлары түгелімен «Кадет корпусы» аталатын оқу орнына беріледі. Бұл өте кең мекен. Оған училищенің контингенті жоқ та болмайды. Соған байланысты, князь Горчаков патша сарайының алдына Омбыда «Сібірлік Кадет корпусы» аталатын оқу орны ашылуды тілейді. Бұл ұсынысын Россияның күнгей болашағымен дәлелдейді. Сарай бұл ұсынысты қабылдайды.

Осы мәселе көтерілген шақта, патша сарайы император дәрежелі ұлы князь-Константин Константиновичтің он сегіз жасқа толып, кәмелетке жетуін тойлағалы жатады. Ақылды Горчаков осыны пайдаланады да, Россияның сол кездегі патшасы — І-Николайдан корпусты І-Александрдың есімімен атауды, «құрметті директоры» деп Константин Константиновичті атауды өтінеді. Бұл ұсыныс та қабылданады.

Кәмелетке келген Константин юбилей күндері Россиядағы соғыстық оқу орындарының «қасиетті генерал-инспекторы» болып тағайындалады. Горчаков бұны да пайдаланып әскери қосын штабының Омбыдағы мекен-жайларын түгелімен Сібірлік Кадет корпусының қарамағына бергізеді.

1845 жылдың аяғында ашылуына ұлықсат берілген кадет корпусы, келер жылдың, басынан оқу істеріне кіріседі. Оқу мерзімі тоғыз жылдық, оның алғашқы екі класы -даярлық, кейінгі жеті класы-негізгілер. Жалпы корпус рота және эскадрон деп екіге бөлінеді. Алғашқы оқу жылындағы кадеттердің саны бес жүздей, олар рота мен эскадронға бірдей бөлінеді.

Григорий Николаевич Потанин 1846 жылдың басында эскадронның негізгі бірінші класына түсіп, 1847 жылдың басында жақсы бағамен бітіреді де, сол жылдың көктемінде екінші кластың жартысын тауысып, жаз шыға Капитандағы үйіне каникулға кетеді. Шоқанмен жолығысуы сонда.

Коробейникованың үйінен ертіп әкеткен Шоқанға Григорий кадет корпусының біз жоғарыда баяндаған мән-жайын білгенінше баяндап берді. Шоқан ол сөздерді ықылас салып тыңдаған жоқ, сондықтан ұққан жоқ. Оның қазіргі бар ынтасы — кадет корпусының үйін тезірек аралау.

Ескілікті адамдардың естелігінде, Омбы қаласы қалың жынысты орманның ішіне орнаған. «Ой» және «Дөң» аталып екіге бөлінетін қаланың көпшілік үйлері Дөңде, азшылығы ғана Ойда. Дөңнің орманын тұрғындар жыл сайын кесіп, құрылысқа және отынға пайдаланғандықтан, ағаштары сиреп, Шоқан барған кезде таусылуға айналған. Ал Ойдағы орман әлі қалың. Оның ішіне салынған азын-аулақ аласа үйлер қою жыныстан көрінбей ішіне сіңіп кеткен. Ертістің жағасына төне өскен бұл жыныс, шетінен оталып кеп, өзен жағы кеңірек алаңға айналған. Сол алаңға әуелі әскерлік казармалар, одан кейін әкімшілік үйлер қатар түзеп, әскери қалашыққа айналған. 19-ғасырдың алғашқы ширегінде солардың Ертіс жақ шетіне күйдірген кірпіштен салынған бас корпустың ұзын тұрқы жүз саржандық, оған қанаттаса жасалған қосалқы екі корпустың тұрқы елу саржаннан, биіктігі төрт этажды, кейбір тұсындағы цокол мен жарты подвалын қосқанда алты этажды үй салынған. Бұл үйлердің өзен жағы қызыл кірпішті кең ауламен қоршалған. Кадет корпусының оқу кластары да, жатақханасы да осы үйлердің ішінде. Кең қораның алаңында физкультуралық бірнеше алқаптар бар. Ауланын, Ертіс жақ ішкі бетіне шаруашылық сарайлар, ат қоралар, мергендікке баулитын атыс залдары (тир) орнаған.

Бұл мекендердің бәрін де Коробейникованың тоқырау қорасы мен аралықтағы орман көрсетпейтін еді. Кадет корпусының тұрқы ұзын зәулім үйлерін кеше сыртынан көріп, «ішіне кірер ме еді?» деп қиялданған Шоқан, ол ойына жетуге асыққан еді, сондықтан, Григорий жетектегенде, ол бұйдалы тайлақтай елпілдеп ұшты да отырды.

Олар таңертеңнен кешке дейін корпусқа тәуелді мекендердің негізгілерін түгел аралап шықты. Шоқан ең алдымен корпус үйлерінің зорлығына қайран қалды. Шыңғыстың «күн тимес» аталатын орман ішінде қыс мекендейтін төрт бөлмелі қарағай үйі бар. Онымен салыстырғанда маңайындағы қоңсы-қолаңның үйлері үй емес, үйшік. Шоқан есін біле бастаған шақта, қыстаудан кешкен аулы Құсмұрындағы әскерлік бекіністің қасына қонған еді. Сонда, әскердің бастықтары тұратын, жергілікті тастан қалаған толып жатқан бөлмелері бар бір этажды үйді көргенде, бұның қасында, өзінің күн тиместегі «үлкен» дейтін үйі кіп-кішкене сияқтанған. Осы сапарында Қабан станицасында көрген Сатыбалды-шоқындының асты кірпіш, үсті бөрене үйімен салыстырғанда, бекіністегі «үлкен» деген үйі кіші боп қалған. Қызылжардың ең үлкен үйінің біреуі-Малтабардың, «Ақтас» аталатын үйімен салыстырғанда, Сатыбалдының үйі де қораш сияқтанған. Ал, Кадет корпусының үйімен салыстырғанда, Малтабардың үйі де, түйенің қасындағы лақтай!.. Не деген үлкен, не деген биік үйлер!.. Бұндай үйді ол өңі түгіл түсінде де көрмеген...

Үйдің ішін аралағанда Шоқанның есі тіпті шықты. Сібірдің кадеттік корпусына начальник болып тағайындалған шақта генерал-майорлық дәрежеге жеткен Федор Андреевич Шрам, Батыс Сібірдің генерал-губернаторы-князь Горчаковтың бұл оқу орнына жақсы көзбен қарауын пайдаланып, оның үй-жайларын Петербургтағы кілең ақсүйектердің балалары оқитын паждық кадет корпусының салтына ұқсатқысы келген. Өзі Петербургта Михаил атындағы артиллерия училищесінде оқып жүргенде паждың сән-салтанатымен түгел танысқан. Шраммның, бұл пікірін Горчаков қолдап, жолы түсіп Петербургке барады да, сол кезде Бүкіл Россиядағы соғыстық оқу орындарының бас начальнигі, император дәрежелі ұлы князь — Михаил Павлович Романовқа Сібірдің кадет корпусының мән-жайларын баяндайды, Романов соғыс министрі, инфантерия генералы, князь Забелинге «тілегін орында» деп бұйрық береді. Сібірлік кадет корпусының ішкі сән-салтанаты осы бұйрыққа сәйкес жасауланады.

Шоқан кірген шақта үйдің биылғы ремонты бітіп, кадеттер жиналар қарсаңында іші жасауланып болған еді: саны бес жүзден астам кадеттер жататын бөлме атаулылардың бәріне ақ сырмен боялған темір кроваттар қаз-қатар қойылып, үстіне матрацтары төселген, сұрғылт түсті одеялдар жабылған, оларды астарлайтын простынялардың жиектері қайырылған, жастықтар ақпен тысталған, әр кроваттың бас жақ қатарындағы бұтақты адал-бақандарға ақ орамалдар ілінген, бір бұтағында кішіректеу дөңгелек айна салбырап тұр, оның астындағы тапалтақ тумбочканың үстіне бірінің қылы қара, екіншісінікі ақ щеткалар қойылған. Григорийдің айтуынша ағымен киімді, қарасымен етікті тазалады, дәретхана мен жуынатын бөлмелердің үй ішінде болуын Шоқанның естігені де осы, көргені де осы, сондай бөлмелер сәні мен тазалығы әкесінің «хан ордасы» аталатын үйінен әлдеқайда артық, бұндай бөлмеде дәрет сындырудың, өзі де ұят сияқты!..

Оқу, спорт, демалыс бөлмелері қажетті және әдемі құралдармен мейлінше жақсы жабдықталған. Кадеттердің өзгелерден оңаша шоқынатын ағаштан әдемі ғып қиған шіркеуі, негізгі корпустардан бөлек екен. Сонымен қатар, бас корпустың, терезесіз тымық қараңғы бір бөлмесіне «ғайыпты болжағыш Николай» аталатын «әулиенің» тақта отырған сүгіреті, оң жағына-«әулие» Кузьманың сол жағына — «дін жолында азап шеккен әулие -Екатеринаның» түрегеп тұрған сүгіреттері қойылған сүгіреттердің жақтаулары алтынмен апталып, күміспен күптеліп, жалтырақ асыл тастармен әшекейленген, төңірегі жібек, барқыт сияқты асыл маталармен көмкерілген екен.

Әр этаждың асханасы бөлек екен. Олар-ұзынша кең залдар. Кухнялары қасында. Оларда жайылған нелер әдемі ыдыстардан көз сүрінеді...

Кадеттердің сыртқы киімдерін шешетін кең, зал, корпус атаулының, астыңғы жарты этажында екен. Оның кеңдігі, Құсмұрындағы әскери бекіністің ат қорасына жуық. Әзірге кадеттер түгел жиналмағандықтан іші қаңырап бос тұр.

Бұл күні Шоқанның шамасы «бас корпус» аталатын үйдің, ішін аралауға ғана жетті. Бұл үйдің үстіңгі этаждарына көтерілетін басқыш та әр тұсында екен. Сондықтан үйді түгел аралай түсу үшін кісі төменге әлденеше түсіп, жоғарыға әлденеше көтеріледі екен. Сөйтіп жүргенде Шоқанның бұрын бұндай жүрісті көрмеген аяқтары біраздан кейін сандарының бұлшық еттері бастырмай қалды. Сол кезде күн де кешкірді. Содан кейін өзге корпустарды аралаудан бас тартқан Шоқанды Григорий ат қораны көруге қызықтырды.

— Жәй жылқылар емес олар, — деді Григорий, — ылғи сұлу, ірі арғымақтар. Ондай жылқыларды көрмеген болуың керек. Мен өзім қалада да, далада да көрген жоқпын. Көруім мүмкін де емес. Бұндай арғымақтар біздің Сібірде өспейді. Бұлар ішкі Россиядағы арғымақ өсіретін заводтардан келгендер. Арғы тегі — Англиядан шыққандар. Біреуінің құнына бір айғыр үйірдің бағасы жетпейді. Бәрі де ала аяқ жирен қасқалар.

Шоқан қызығып кетті де, аяғы ауырғанмен Григорийге ақсаңдай еріп шарбақтың бір бұрышындағы ат қораға барды. Жалпы жылқы малын жақсы көретін оның көзінен мына арғымақтарды көргенде жапырлай ұшқан құмарлық «құрттары» аттардың үстін бораған қардай жауып кеткен сияқтанып, жанарының сәулесі бұлдырап кеткендей болды. Әр атқа қарашығын қадай тігіп, көз құмары қанды-ау деген шақта, Кіші жүз — Марабай ақынның атты сипаттайтын, өзі жаттап алған бір жыры есіне түсіп кетті. Ол дыбысын шығарып айта жөнелді.

Құлағын біздей қадаған,

Кекілін қыздай тараған,

Жүргенде ізін санаған,

Саптыаяқтай ерінді;

Сарымсақтай азулы,

Қолтыраудай танаулы,

Қысыр жылан өзекті,

От орнындай тұяқты,

Аш жолбарыс сияқты...

Жырлай жөнелген Шоқанның не айтып тұрғанына, қазақ тілін еркін білмейтін Григорий түсінбеді. Бірақ, жырында құлақ, тұяқ, жылан, жолбарыс деген сөздер кездесуіне қарап, ат туралы жыр екенін жобалады. Бұл жырдың қаншаға созылуын білмеген, өзі де шаршап тұрған Григорий, «қысқартсын» деген оймен:

— Не жыр айтып тұрғаның? — деді Шоқанға. — Ат туралы ма?

— Сол туралы.

— Осы аттар туралы ма?

— Қазақтың ертегідегі аттары туралы. Мына аттар, сол аттарға қатты ұқсайды.

— Өзің шығарып тұрсың ба, жырды?

— Ақындар шығарған.

— Олар кімдер?

Шоқан білгенінше түсіндірді. Бірақ жырдың мәнін айтып бере алмады.

— Біздің бүкіркек сияқты жылқылар екен ғой, жырлайтындары — деді, жырдың мазмұнын өзінше жорамалдаған Григорий. — Олар — ертедегі жылқылар. Көріп тұрсың, бұлар -шындықтағылар. Осындай аттарды мінген кісіде не арман бар?

— Рас! — деді Шоқан. Осы аттарды мінуге, ол іштей қатты құмартты.

Шоқан кадет корпусының аттарына ғана емес, үй-жайлары мен қора-қопсыларына түгелімен қызығып қайтты. Бұндай көңіл күйін сөздерінен, бет бейнесінен жақсы аңғарған Григорий, Шоқанды Коробейникованың үйіне дейін шығарып салды да, бір қаға берісте Шыңғысқа:

— «Қанаш кадет корпусында қаладыдан» бастап, көрген-білгенін айтып берді. Бұл хабарға Шыңғыс қатты қуанды. Омбыда әлі де бірнеше күн жата тұрғысы келетін ол, «кезіне көрініп жүрсем айнытып алам ба» деген қауіппен ертеңіне аттанып кетуге әзірленді. Малтабардың өзі, бүгін мезгіл түске тарта қара-бурылмен Қызылжарға қайтып кеткен де, «қанша ұстасаңыз да еркіңізде, мүмкін Құсмұрынға да осы аттармен қайтарсыз, керек десеңіз, басыбайлы иемденуіңізге де болады» деп, жігітімен пар атын қалдырып кеткен.

Шоқан ол күні сыр бермеді. Ол жайраңдамады да, қабағын да шытпады, әлдене ойға кеткен кескінмен, томаға тұйық жүрді де қойды. Түнде де сыр бермеді ол. Төсекке жата, әкесінің құшақтап ұйқтау мақсатымен жастыққа бастары тие өзіне қарай икемдеуіне қарсылық көрсеткен жоқ. Сол қалпында көзі ілінген ол, таң атып, күн көтерілгенше тұяқ серіппеді, әкесінің, тұрып кеткенін де білмеді.

Тысқа шығып кеп намазын оқып алған Шыңғыстың іші Шоқанды ойлағанда қатты уылжуда. «Енді оқуда қалады» деп сенген ол, «қалғанда қайтер екен?» деген оймен әуре -сарсаң болып, әрі тентегін тастап кетуге қимай, оңашаласа-ақ жылап шаршайтын болды. Түнде де сол сезім бойын билеп, жыласа «Шоқанды оятып алармын» деген қауіппен, өзін өзі әрең, ұстады. Тысқа шыға, дәретін оңашалау бір тұста сындырған ол, көз жасына не бола алмай ағыл-тегіл болып кетті. Намазды да ол осындай халде оқыды. Сонда, іштей де, сырттай да тілері, — «о, жасаған жаппар ие, осылай, жақсылыққа жылата гөр!»

Таңертеңгі тағамды ішерде іздетсе — Шоқан жоқ! Ол қайда?!

Шыңғыстың үрейі тағы да ұшуға айналған шақта, баланың қайда екенін, Қызылжардан еріп келген атшы айтты.

— Күйменің ішінде жатыр, — деді ол. — Ұйықтаған болып жатыр. «Болып» дейтінім: қалай оятсам да оянбайды. «Өлі» дейін десем, — тірі!

Атшыға оянбаған Шоқан басқаларға да, Шыңғыстың өзіне де оянбады. Ендігі «ұйқысы» түсінікті. Қайтсе де оқуға қалдырғысы келген Шыңғыс ашудан жүрегі лоблып тамақ ішпеді де, аттарын жектірді, буынып-түйінді, содан кейін күймеге кеп, қатал дауыспен «Қанаш!.. Тұр!» деп еді, бала былқ етпеді. Зығырданы қайнап кеткен Шыңғыс Шоқанды күймеден тымақтай жұлып алды да, дыбыс бермей, қанын ішіне тартып сазара қалған баласын, екі жағынан шапалақпен тартып-тартып жіберіп, итеріп кеп қалды. Қарулы қолдың күшінен Шоқан шалқалақтап барып ұшып түсті. Денесі дірілдеген Шыңғыс күймеге тәлтіректеп әрең мінді де:

— Айда, аттарды! — деді ылаушыға құмыққан дауыспен.

Бабына келген аттар, ашық қақпадан шығып жорта жөнелді...

Бұл арада бұл көрініске куә боп бірталай жүргіншілер және Варвара тұр еді.

— «Хан тұқымы тас жүрек» дейтін еді, — десті жолаушылардың бірталайы үн қоса, — рас екен-ау!..

Одан әрі бірін-бірі тыңдамай дабырласып кетті. Бірақ сөз әлпеттері біреу ғана. Баласына Шыңғыстың мейірімсіздігі.

Қатты құлағанда талып қалды ма, әлде ыза буып тастады ма? Шалқасынан қимылсыз сұлық жатқан Шоқан, сол қалпында ұзақ жатар ма еді, қайтер еді, егер оны көпшілікпен бірдей аяп тұрған Варвара қозғамаса. Тұрғысы келмеген Шоқанды тырмысуына қарамай күші кеп, қолдары қарулы Варвара еріксіз көтеріп алды да, әй-түйіне қарамай жататын бөлмесіне көтеріп алып келді. Шоқанның ұйықтаған төсегі жиналған жоқ еді, Варвара оны сол төсекке әкеліп қисайтты. Шоқан үн-түнсіз бола қалды. Енді не боларын сырттан бақылағысы келген Варвара шығып кетті.

Шоқан сол жатқаннан ұзақ жатты. Варвараның тамақтандыру ниетімен бірер рет баруы босқа кетті. Бетін үйдің қабырғасына қаратып ұйықтаған боп бүктетіле жатқан Шоқан Варвара қалай қозғаса да оянбады. Бұл қалпында өлік сияқты. Бірақ, тамырын басып, құлағын арқасына тақап тыңдаса, жаны бар, тамыры да, жүрегі де дұрыс соғады. Содан кейін Варвараға келген ой, — «жата берсін, қарны ашқанда тұрар».

Шоқан осылай үн-түнсіз, қимылсыз күн түске тармасқанға дейін жатты. Ол одан да ұзақ жатар ма еді, қайтер еді, егер Григорий келе қалмаса. Оның таңертең келмеуі, ішкі тәртіпті сақтаудың күзетіне тұрып қалғандығы еді, кадет корпусының үй-жайларын кеше көріп, қызығуына қарағанда Шоқанды бұндай халға келеді деу, үш ұйықтаса ойында жоқ еді, енді Варварадан білсе, мейлінше бүлінген.

Шоқанның тікшіл мінезін аңғарып үлгерген Григорий бөлмесіне бірден кіріп баруға бата алмай, қора ішінде әлденелерді ермек қып біраз жүрді де, одан жалыққан шақта Шоқанның бөлмесіне кірді. Шоқан манағы қалпында еді. Григорийдің дыбысы мен қимылына да ол қозғала қоймады. Бұнысын өтірік ұйықтауға жорыған Григорий, білетін жұбатпақ болып недәуір сөйленді. Шоқанда дыбыс та жоқ, қимыл да жоқ. Бұл тәсілінен ештеңе шықпаған соң, Григорий Шоқанның басын күшпен көтеру қимылына кірісті. Ол бойы шарға, талдырмаш болса да өзі жығылмайтын да, жеңілмейтін де, тарамыс мықты бала еді. Ойнап жүріп күрескенде Шоқанды бір рет жығып та кеткен, бір ретте ит-жығыс та түскен. Сонда байқағаны шынтуайтқа келсе, оны дендерлік те түрі бар.

Сол күшіне салған Григорий, Шоқанның былқылдаған денесін, төсектен еріксіз көтерді. Сонда ғана оянған болған Шоқан, көзін кең ашып қарады да, ызбарланған кескінмен.

— Жібер, Керей! — деді.

— Жібермеймін, — деді Григорий құшағын қысыңқырай түсіп.

— Жібер, ұйықтаймын.

— Жібермеймін, Қанаш. Бәрін де естідім. Әкең кеткен. Сенің ендігі үйін, — кеше өзің ішіне кіріп, қызығып шыққан кадет корпусы. Кетеміз сонда.

Шоқан зілдене қарады да, үндемеді.

— Әлде, осы үйде тұрып оқисың ба?

Тағы да үндемеді Шоқан. Оның есіне Григорийдің кешегі бір айтқан қылжағы түсе қалды. Былайша момын мінезді бала болғанмен, Шоқанның байқауынша Григорий көп нәрсені аңғаратын сұңғыла, және қаршадай қалпында боғауызды да көп айтатын зәршөп екен. Сондай бір қылжақ сөздерінің арасында, Варвараны сықақтаған бірдемелерді айта кеп:

— Жас жігіттерге құмар деседі. Әсіресе, әскердегі жастарға. Олардың кейбірін қолынан өсіріп алады дейді, — деген.

— Қалай?! — деген Шоқан.

— Бай әйел. Үйі де кең. Асы да мол. Офицерлер училищесінде оқитын балалардан түбінде ірі денелі жігіт болар деп дәмеленгенін үйіне пәтерге қойып, тамағын тегін беріп, есіретін көрінеді де, содан кейін...

— Кет! — деген бұл сөздерге сенбеген Шоқан, ар жағын айтқызбай, — сөйтуші ма еді?..

— Нанбасаң үйінде тұрып көр!

Бұл сөз сонымен біткен. Енді, міне, құшағында отырған Григорий «әлде осы үйде тұрып оқисың ба?» дегеннен кейін, бұнысын мазақтауға жорып, ішінен жиырыла қалды.

— Бұнда тұрып оқимын десең дауым жоқ,-деді Григорий.

— Босат! — деді ашуы керней түскен Шоқан жұлқынып. Зорлап ұстауды ыңғайсыз көр Григорий құшағын жаза бергенде — Жөніңе тайып отыр! — деді Шоқан жекіп.

— Сені тастап кетпеймін, — деді Шоқанға ілесе түре келген Григорий.

— Менде не әкеңнің құны бар?

— Бір жәйлі боларыңды білмей кетпеймін.

— Жоқ, кетесің!

— Кетпегенде не қыласың? — деді Григорий. Бұл сөзді ол назды қалжың есебінде айтқан еді, даусы ұрсысқысы келгендей болып естілді.

— Кетпесең, көрсетем мен саған, не қылғанды. Жаның, барда кет! — деді Шоқан, көздерін де, жұдырықтарын да түйіп, — кетесің бе, жоқ па?

Ашуланған шақта, Шоқанның көздерінің қанталай қауын Григорий байқаған еді. Қазір де сөйтіп, көздерінің ағы жел үрлеген шоқтай қан-қызыл боп жайнай қапты, қадай төнген қара шыбықтары өткір найзаның үшіндей сүйірленіп кеткен.

Далаға шыққансын Григорий Варварамен ақылдасып, кетіп қала ма деп қауіп ететінін білдіріп еді:

— Мазасызданба, — деді ол. — Жөніңе бара бер. Өзім бақылаймын. Ешқайда жібермеймін. Ертең келерсің.

Шоқанды күндіз сырттан бақылаған Варвара, ымырт жабыла ол жатқан бөлменің есігіне құлағын тікті. Ол «тышқанның жорғалағанын сезеді» дегендей, аса сақ құлақ адам еді. Сондай сезімталдығымен тыңдаса, Шоқанның пысылдаған дыбысы естіледі. «Бұнысы қалғуы болар» деген ойға келген Варвара «ұйқы теңізіне бата түссін» деген оймен кетіп қалды да, үйінін, орындалуға тиісті жабдықтарын түгендей бастады. Сол кезде жалшы жігіттерінің біреуі:

— Таңертең кетіп қалған подполковник қазақ келіп тұр, — деген хабар айтты.

— Қойшы! — деп шошып кетті Варвара.

— Рас.

— Қайда?

— Қақпа сыртында.

— Аттарымен бе?

— Жаяу. Сізге жолығамыз дейді.

Неге келуіне қайран қалған Варвара барар-бармасын білмей кідірген:

— Рас айтам, — деді жалшы, — тез келсін дейді.

Варвара қақпа сыртына шықса, подполковник емес, басында жалбағай, үстінде түйе жүн шекпен, аяғында қазақы етігі бар біреу тұр!.. «Мынасы кім?!» дегендей Варвара шегіне беріп еді:

— Мен, Варвара Викторовна, — деді Шыңғыс ақырын ғана дыбыстап. — Менің ұлым не халде?

— Ұйқыда, — деді Варвара Шыңғысты даусынан танып.

— Қайда?

— Өз орнында.

— Қайдан келіп қалдыңыз?

— Оны кейін айтармын. Әуелі баламды көріп шығайын.

— Оятып алмасаңыз, — деді Варвара.

— Еппен басып барам да тек бетінен ғана иіскеп шығамын.

— Оянып кетіп айырылмай жүрмесе?

— Тәуекел.

Қақпаға бірге кірген, үйге бірге жақындаған Варвараға:

— Мүмкін болса өзім ғана кіріп шығайын, сіз қалыңыз! — деді Шыңғыс.

— Мақұл, — деді Варвара, — жарық керек болар сізге. Бөлме қараңғы.

— Қараңғы болса да табармын, жарықтың керегі жоқ, — деді Шыңғыс.

Бөлмеге жақындай бере жасқа булыққан Шыңғыс, «бала сезіп қалар» деген ойдан аузын әрең, ұстап бөлмеге кірді де, босаңсыған буындарына ие бола алмасын көріп, есіктен аттай отыра қалды да, ар жағында еңбектеуге ғана шамасы келді.

Шоқанның ұйқысы аса қатты екен. Сақалынан жасы шұбырған әкесі, жоғарғы жақ құлақ -шекесіне мұрнын ақырын ғана тигізіп, Шоқанды емес, һауаны құшырлана иіскеуін сезген жоқ. Қадалып иіскегісі келгенмен, «оятып алармын» деп, «оянса қалмай қояр» деп ойлаған Шыңғыс әлгі иіскеуден құмары қанбаған соң, неге екенін кім білсін қатты құшырлана өзінін, жұмған жұдырығын иіскеді. Сол кезде көзінен сорғалаған жасының бірер бейсауат тамшысы Шоқанның бетіне домалай қалды. Салқын тамшы шыбын қонғандай әсер берген Шоқан ұйқылы қалпында — «аппа!» деп қалды да, бері аунап түсті. Шыңғыс еппен артына қарай шегінді де, Шоқанның тағы да ұйқыға кетуін мұрнының, пысылынан аңғарып, «енді соқтықсам оятып алармын» деген қауіппен, арындауық аттай төрт тағандап көткеншектеген қалпымен есікке жетті. Сол арада есіктің жақтауынан ұстап, әрең түрегелді де, енді өзіне ие бола алмасын аңғарғандай есік сыртына жылдам сып беріп жөнелді...

Варвара оны сыртқы есіктің алдында күтіп тұр екен. Шыңғыстың көзіне жас алғанын аңдаған ол шошып кетті.

— Не болды, Чингиз Валиханович?! — деген үрейлі сұрауына жауап бермеген Шыңғыс үнсіз орманға бет түзеді.

Варвара аң-таң.

Оқырмандарға ескерте кететін нәрсе,-таңертең аттанып кеткен Шыңғыс, сол қалпымен кете бармай, кедейлеу татардың елеусіздеу, қаладан шетірек жобалғы үйіне пәтерге түсіп, баласынын, ау-жайын біліп болғанша кетпеуге, астыртын хабар алып тұруға бекінген еді. Шоқанның оқуда қалмауына көзі жетсе, алып қайтуға зауқы соғып кетеді. Ол Шоқанның хал-жайын білуге жырақ жерден жыныс орманның ішімен жаяу келді, қайда барарын ешкімге сездірмеді. Ұйқыдағы Шоқанды иіскеп қайтқанда «қалғысы келмесе алып кетем» деген ойына бекіне түсті.

Шыңғысты орман ішіне көзінен жөнелтіп салған Варвара, қараңғы бөлмеде жалғыз жатқан Шоқанды «түнде оянса шошыр» деді ме, әлде әкесінің жылап кетуінен аяды ма, Шыңғыстың қарасы үзілгеннен кейін еппен басып Шоқанның бөлмесіне кірді де, төсектік белден басқа киімдерін шешіп, үстеріне жұқалау жамылтқышты айқара жауып, бері қарап жатқан Шоқанды құшағына ала қисайды. Әлдекімнің құшақтауын денесі сезгендей, «әкем бе?» деп ойлағандай, ыңырана беріп қайта қалғыған Шоқан, Варвараның бауырына жабыса түсті.

Варвара да тез қалғыды. Олар сол құшақтасқан қалпында күн көзі көкжиектен көрінгенге дейін жатты. Сол кезде ұйқысы мейлінше қанған Шоқан ояна келсе, әлдекімнің құшағында жатыр! «Әкем келген бе?!» дегендей қараса, рахат ұйқыдағы Варвара. «Бұ несі?!» деп шоши қалған Шоқан тұрайын десе, Варвараның «жуандығы семіз құлынның санындай» дерлік ауыр қолы айқара құшақтап жатыр!..

Шоқан сытылуға жанталасқанда Варвара оянып кетті.

— Жата тұр, Қанаш! — деді ол құшағын қыса түсіп.

Қанша тырмысқанымен, бұл қатты және ауыр құшақтан шыға алмасын көрген Шоқан:

— Босат! — деп шыңғырып жылап жіберді де, онда да босаға қоймаған соң, Варвараның қарнынан бар пәрменімен қыршып алды. Түлкінің өткір тісі тигенде қыңсылай қап қаша жөнелетін қаншықтай бақырып қалған Варвара, құшағын жазып жіберді.

Тұра қашқысы келген Шоқан жеткенше, Варвара есікті басып қалды. Есі сонда ғана кірген Шоқанның көзі Варвараның денесіне түссе, тұла бойын туырылған қатпар-қатпар май екен. Тұрпатынан адам шошырлық. Күні кеше, осы үйдегі харчевняға арналып, Шоқанның көзі бұрын кездестірмеген, аса семіз ту сиыр сойылған еді. Мынаның, денесі аумаған сол!

Шоқан тұсындағы көшпелі ауылда сиыр малы өте аз болатын. Кедейлер болмаса, ауқаттылар сиыр етін жемейтін. Тек Шыңғыс қана «сиырдың сорпасы ішуге жақсы болады» деп бір семіз сиырды қыс басында сойғызып, ара-тұра турамшылаған кеспе ішетін. Сиыр малый «сасық» деп ұғатын ауыл әдетімен, Шоқан да сиыр етінен жеріп аузына салмайтын, сорпасын да татпайтын. Варвараның харчевнясынан кеше сорпа ішем деп құсып тастаған. Сойып жатқан семіз сиырдың қасына барғанда күлімсі сияқты иісінен жүрегі айнып кетіп қалған.

Шоқанға Варвараның күлімсі иісі сиырдан да жаман сияқтанды. Шоқан лоқси бастады.

— Эх, ты акаянный!.. Чертов сын!.. Дикарь степной!.. Я тебе покажу-деп, Варвара, майлы жуан жұдырықтарын бір-біріне қатты соққанда, сиырдың илеген жапасындай шылп-шылп етті. Онымен де қоймай,-задушу тебя-деп ұмтылғанда, Шоқан сасқанынан бұрышқа тығылды.

Бұл жағдайдың немен тынары мәлімсіз еді, егер Григорий кіріп келмесе. «Қаннен қаперсіз» дегендей, ойында Шоқанның халын білуден басқа еш нәрсе жоқ Григорий, бөлмедегі көріністен шошып кетті. Оның келгенін аңғармады ма, әлде ашуы есінен тандырды ма,-Варвара түйенің табанындай жұдырықтарының, екеуін де түйіп, білектерінің салбыраған майлары толқынданып, бетін басқан майлары қайнатқан құрттың бетіндей бүлкілдеп Шоқанға міне түсуге таянып қалғанда:

— Не болған сізге?! — деп, Григорий Шоқан мен Варвараның арасына түсе кетті. Шоқанға көзі түссе, айдаһар арбаған қоянның, кежегі сияқты қалш-қалш, дір-дір етеді. Көздері шарасынан сыртына тепкен Варвараның тоқталар түрі жоқ...

Кадеттер бірінші кластан бастап, белбеуіне «кортик» аталатын қанжар асып жүруші еді. Ол Григорийде де бар болатын. Не екенін білмегенмен, Шоқан мен Варвараның арасында жаман бір оқиға болғанын жорамалдаған Григорий, қанжарын қынабынан суырып алды да, Варвараға өткір ұшын оқтана беріп:

— Қоймасаңыз, жарамын! — деді, қанжарды көргенде ғана адамдық есіне кіргендей Варвара шегіне бастады.

— Жарам!.. Құдай біледі, жарам!.. Шық үйден, тез!.. Әйтпесе шалған шошқадай шыңғыртам! — деп, шегінген Варвараға Григорий төне түсті... Есіктің табалдырығына сүрінген Варвара, арғы коридорға былш етіп шалқасынан түсті. Григорий есікті жаба қойып Шоқанға қарады. Есі жаңа ғана кіргендей болған Шоқан, Григорийге қарсы жүріп, құшақтай алды да:

— Керей!.. Күргерей!.. Бауырым! — деп еңіреп қоя берді.

Оған жылаудан тыйылу қиын болды... Тыйылған шақта айтқаны:

— Бұл үйден кетем, Керей!..

Не болғанын Шоқан Григорийге айтқан да жоқ, ол сұраған да жоқ. Оның білгісі келіп тұрғаны, — «кетейік» деген Шоқанның қайда кетуді айтуы. Сондықтан Шоқанның аузына сөз салып:

— Кетеміз.. Өзің көрген кадет корпусының үйіне! — деді. Шоқан үндемеді.

Григорийдің естуінше, Шыңғыспен келісімі бойынша, оқуын бітіргенше, Варвара Шоқаннан пәтер ақы да, тамақ ақы да сұрамай, керек деген ақшасын да беріп күтетін болған. Шоқан кадет корпусында сырттай оқитын болған. (Ондайлар бұрынғы училищелерде болған, кадет корпусына да қолданылған.) Корпустың начальнигі — Шрамм, жолыққан Шыңғысқа:

— Өзіңіз біліңіз. Корпустық қаражатына алуға да болады, басқа мүмкіншілігіңіз болса ықтияр, — деген. «Әскерлік оқудың қаражатына оқыса, тоқ-жарау болар» деп ойлаған Шыңғыс, Варвараның «мырзалығымен» пайдаланбақ болып, тамырын басып көргенде:

— Тұрсын. Еш нәрседен тарықтырмаймын, — деген Варвара. Шыңғыс бұны Шоқанға айтқан. «Кадет корпусының тұрмысы таза болғанмен, мұнда молшылық» деп түсінген Шоқан көнгендей кескін білдірген.

Енді, мына қылығын көрген соң, Шоқан өлсе қалар ма, бұл үйде?.. Сондықтан Григорийдің «кеттік!» деген сөзіне ол да «кеттік» деді. Шоқан елден бірталай киім-кешек алып, бәрі үлкендеу бір саквояжға салынған еді. Шоқанды «кадет корпусына алынды» деп есептеген Шыңғыс, корпустан Шоқанға толық обмундирования берілетін болған соң, пайдакүнемдік салтына бағып жұқалау бірсыдырғыларынан басқаларын саквояжға салған қалпымен алып кеткен, оған «көйлек-көншегіңді саларсың» деп кішірек бір дорба ғана қалдырған. «Кетейік» деген Григорий оған:

— Жүгің қайда? — дегенде, Шоқан:

— Міне! — деп аузын буған дорбаны ұсынды.

— Кеттік! — деді дорбаны сол қолына алған Григорий, Шоқанды оң қолынан жетектей ұстап.

— Кеттік!

Қолдасқан екі бала кадет корпусының үйіне жөн тартты.

Шоқанды Коробейникованың үйінде қалдырам деп бекінген Шыңғыс, Шраммен сөйлескенде, оқу жағынан эскадронный, даярлық класына түсіруге келіскен еді де, жатақ жайы кеңес болғанда «пәтері бар» деп, стипендия кеңес болғанда, «қаражаты жетеді» деп қана қойған еді, қайдағы пәтер екенін айтпаған. Соны білетін Григорий, қолтықтап алған Шоқанға, жатақханаға кіруді айтты. Бәрібір қораның ішінен табылатын жатақхана үш үйде еді, рота үшін, эскадрон үшін және «дворян класы» аталатын, ардақты кадеттер үшін. Соңғы класс Капцевич тұсында кілең дворян балалары үшін ашылған. Оларда оқу және әскерлік ойын жағынан әдеттегі рота мен эскадронға аралас жүреді, ал, тұрмыс салтында дворян еместерден әлдеқайда артық. Григорийдің ойынша нәсілдік жағынан хан тұқымдары дворян тұқымымен теңдес, сондықтан ол, кеше де дворян класын Шоқанға мақтап сөйлеген, бүгін де мақтап келеді. Бұл сөзінің аяғын:

— Сен дворян балаларының жатақханасында болатын шығарсың, начальниктерге солай сөйлесетін шығармыз, — деп бітірді. Шоқан үндемеді. Оның себебі, — кеше Варвараның үйінде құлағына өнеге сөздер құйған әкесінің екі жайды айтқанын Шоқан ұстап қалған еді, бірі — «сен қара қазақ емессің, хан тұқымысың, балам. Сенің арғы тегің-хан Шыңғыс адамнан емес, Күншуақтан, яғни күннің нұрынан жаралған, сондықтан, сен қарапайым адамдардан жаралған құрбыларыңнан кеудеңді жоғары ұстап, олардан оқуды да артық үлгеруің керек» екіншісі — «мына — мен, бірге оқитын орыс балаларынан бойымды аулақ салам деп, орыс тілін нашар білдім. Сен өйтпе. Ертең оқуға түскенде кілең орыс балаларының арасында бол, сонда орыс тілін жақсы үйренесің». Шоқан ішінен осы ақылдарды алуға бекінген. Түптегенде, Григорийге айтары да сол.

Күзетшіден сұраса, корпус кеңсесінде Старков қана бар екен де, Шрамм жоқ екен. Старковтың кабинетіне кірер алдында:

— Қай жатақхананы қалаймыз? — деді Григорий.

Шоқан үндемеді.

— Әлде, менімен бірге болғың келе ме?

Шоқан басын шайқады.

— Дворяндармен ше?

Басын шайқады.

— Енді қайсысымен? — деді Григорий.

— Тек орыстың қарапайым балаларының арасында.

— Орыс тілін шалағай білесің ғой.

— Үйренем.

Тік мінезді Шоқанды ашуландырып алмайын деп ойлаған Григорий:

— Онда начальникке кірейік. Фамилиясы Старков, — деді.

Балалар кабинетіне кіргенде, Шоқанды бұған дейін көрмеген Старков, түр-тұлғасына бір қарағаннан қызыға қалды, әсіресе қалың қабағымен, құйрық жағы шықшытына қарай көтеріле біткен үлкендеу қара кезінің қиығына, қабақтан шекесіне қарай қисая біткен қою қасына, көз қарасы пантераның қамауда тұрған баласындай, өңменнен өтіп барады. Ажары қоңырқай. Егер қара өңді болса І-Петрдің, сүйікті арабына ұқсатуға болатын.

Начальниктерімен қалай сөйлесуге кәнігі болған Григорий, Шоқанның тілегін сыпайы тілде қысқаша ғана айтып берді. Оның орыс балаларының арасында болғысы келген тілегі Старковқа ұнады.

— Орыс тілін тез үйренейін дегені екен бұл. Жігіт! — деді Старков.

Григорий «орыс оқуын тез меңгеріп кетеді» деп желпілдеткенмен, Старков,-«басынан бастағаны жақсы, үлгеріп бара жатса көрерміз» деп, Шоқанды даярлық кластың біріншісіне белгіледі. Оның не екенін білмейтін Шоқан қарсыласқан жоқ. Содан кейін Григорийге еріп, жатақхананың тағайындалған бөлмесіне барса, жасау, жиһаз кешегідей болғанмен, жинала бастаған балалар тым ұсақ. Кадет корпусына оқушы алу ережесінде даярлық кластың біріншісіне сегіз жасар, екіншісіне тоғыз жасар бала алынады. Бұл бөлмеге сегіз жасарлар жиналып жатыр екен. Шоқан олардың арасында, көп ботаның арасындағы тайлақтай.

— Бұнда мен тұрмаймын, — деді Шоқан ұсақ балаларды көрген соң.

— Ендеше, менің бөлмеме барайық. Онда әзірге бала аз. Ар жағын көрерміз.

Шоқан ол бөлмеге барса, көбі теңдестері.

«Шешуі қиын болар» деген бұл мәселе оңай шешілді. Шоқанның хал-жайын білгісі келген Шыңғыс Коробейникованың үйіне түнде тағы барды да, орнын сипады. Қалай, қайда кеткенін Варвара айтпайды. Қадағалап сұрайын десе:

— «Балаңызға күзетші болам» деп расписка берген жоқпын. Қаңғыбас балаңыздың қайда кеткенін қайдан білейін, білетінім ертемен шығып кеткеннен бері жоқ, — дейді. Қайталап сұраса, — мазаламаңыз! — деп ашуланады.

Тағы да қорқынышқа шырмалған Шыңғыс, кадет корпусына барып, Григорийге астыртын жолықты да, соның жатақханасына орналасқанын естіді. Варвара мен Шоқанның арасында болған шатақты Григорий Шыңғысқа айтпады. Айтқаны,-«Бірге оқитын балалардың арасында болғысы келеді». Шыңғысқа бұл қуанышты хабар. Григорий Шоқанның қай класта оқығысы келетінін айтып, Старковтың бұйрығын баяндап еді.

— Онда қайттік, — деді Шыңғыс абыржып.

— Естуімше, «сол кісі пара алады» дейді. «Пара берсе, сауатсыз баланы да қабылдай береді» дейді, — деді Григорий.

Астыртын кісі салып көрсе, Старковтың сұрары көп емес екен, жүз сомның маңайы ғана екен. Шыңғыс оған екі жүз сом өткізді. Шоқан бірінші негізгі класқа «жылдың аяғында экзамен ұстай алмаса шығарылады» деген шартпен алынбақ болды. Бұл саудадан және әкесінің әлі де Омбыда екенінен Шоқанның хабары жоқ.

Старковқа берер парасын өткізіп, баласын орнықтырған бұйрығын естігеннен кейін Шыңғыс тәуекелге бел байлады да, «Қызылжар қайдасың» деп тартып отырды.

Оқу бастала келе, Сібірлік кадет корпусының өмірінде ерекше бір көрініс болып қалды. Қысқы қаникулға дейін Шоқан орыс тілін, алдыңғы қатарда оқитын орыс балаларымен бірдей білді. Өзге сабаққа да ол орыс балаларынан кем түскен жоқ. Оқу жылының аяғында бір класта оқитын қырық баланың ішіндегі ерекше үлгеретін үшеуінің бірі болды.

Тағы бір ғажабы-оқуға кірісе ұйқышылдығы қалды. Ертемен ерте жұртпен бірге оянады, қатар жуынып, тамақты қатар ішіп үлгереді. Түнде жұрттан кеш жатады. Жатақхана тәртібінше, шам түнгі сағат 11-де сөнуге тиісті. Ол тәртіпті коридордағы күзетші қатты сақтайды. Сондай күзетшілердің қасындағы өзге кадеттер ұйықтап жатқанда тумбочкасындағы сығырайма кішкене лампысын жағып кітап оқып жатқан Шоқанды сан рет ұстап алғаны бар. Бұл қылығы үшін басқаларды жазалайтын тәртіпшіл урядник Шоқанға тимеді.

Бірінші кластың программасында орыс тілінің грамматикасы, есептің теориясы, жер шарының Европадан басқа бөлшектерінің физикалық жалпы географиясы, Азия мен Африканың көне мемлекеттерінің тарихы, христиан дінінің «жаңа өсиет» аталатын кітабының шығу тарихы, неміс және татар тілдерінің тәжрибеде қолданылатын грамматикасы, әдемі жазу және сүгірет салу сабақтары болатын. Бұлардан «татар тілін» жақсы білем деп ол сабаққа қатынасқан жоқ. Христиан дінінің сабағы мұсылмандар үшін міндетті емес еді, Шоқан «білгім келеді» деп ол сабаққа да қатынасты, тек шоқынатын орындарға құлшылық үшін емес, таңсық үшін қатынасып жүрді, экзамен ұстағанда бұл сабақтан да «5» алды. Өзге сабақтардан тек, есепке ғана шорқақтау, басқаларынан алдағы қатарда. Солардың ішінде неміс тілінен де, сүгірет салуда да бірінші орында. Әдемі жазудан ақсады, әріптердің сызықтарын қағазға да, тақтаға да нашар түсіретін болды, бірақ грамматика шарттарын жақсы білгендіктен бұл сабақтың да балы беске қойылып жүрді. Физкультураға шорқақ. Оған бас себеп — еріншектігі...

Құсмұрынға қайтқан Шыңғыс, онда тоқырамай, ұлы отанымен Сырымбеттегі туыстарына көшті. Сол жылғы қыстың аяғында Омбыдағы қазақ облыстарының басқарма председателі полковник — Карл Казимирович Гутковский Құсмұрын дуаны таратылып, елі Көкшетау дуанына қосылуын, біріккен дуанның сұлтан правителі болып Шыңғыстың белгіленуің білдіріп ресми түрде Омбыға келуін хабарлаған.

Қуаныштан жүрегі алып ұшқан Шыңғыс, Омбыға табан аузында жүріп кетпек еді, көктем ерте басталып, сол қыста қалың түскен қар ери жөнелді. Ондай кезде лайланған жер арбалы түгіл салттыны да жүргізбейді. Шыңғыс жер аяғы босап, саздың кебуін амалсыз күтті.

Жер кеуіп Омбыға аттанғалы жатқан шағында оның құлағы тағы жақсылықты шалды. Омбыдан келе жатқан әлдекім Шоқанның биылғы оқуын ерекше бағамен бітірген хабарын айтып Шыңғыстан сүйінші сұрады. Содан кейін, қасына нөкерлерін ерткен ол, салт атпен Омбыға тіке тартты.

Шыңғыс Омбыға жеткен шақта кадет корпусының оқушылары жазғы лагерьге кетуге жиналып жатқан еді. Әкесінің келген хабарын, пәтерге қайда түскенін естіген Шоқан амандасуға барған жоқ. Оны «естімеген болар» деп, өзі іздеп баруға үлкенсіп, Шыңғыс «шақырып кел» деп Абаны жіберді. Ол барған кезде кадеттер қора ішіндегі алаңда доп ойнап жатыр екен. Киімдері бірдей, бойлары шамалас көп баланың ішінен Аба Шоқанды әрең тауып алды. Аяғында — башмағы, бұтында — трусиы ғана бар, өзге киімі жоқ. Шоқан жүгіріп ентігуден танаулары делдиіп, терлеп-тепшіген денесі күп-күрең болып жүрген. Сағынған бейнемен амандасқан Абаға ол бірге жатып-тұрған адамдай бірер ауыз тіл қатты да доп қуып сапырылыса жүгірген серіктеріне кетер қалпын байқатты. Бірдемелерді айта бастаған Абаға:

— Кейін! — деді ол жүгіре жөнеліп.

— Кейінің не, Қанаш-ау! — деді Аба артынан айқайлап. — Хан-ием келді! Сол шақырады!..

— Кейін!-деп артына қолын бір-ақ сілтеген Шоқан қызу ойынға араласып та кетті.

Одан кейін қалай тосқанымен, Шоқан Абаның қолыңа түскен жоқ. Шапқылап жүрген Шоқан, деңгейлес келіп қалғанда, Аба бірдеме деп қалса, естімей ме, әлде ойынды қимай ма, әлде жолағысы келмей ме, — ешбір тіл қатпастан, қарамастан кете барады.

Біраз отырып тоқтата алмаған, тіл қатыса алмаған Аба қажығандай болды да, «әкесін көрсе бүйтпес» деген оймен пәтеріне қайтты. Жолшыбайғы ойы: «Бұ несі жаным-ау?!.. Оқуға зорлап әкетуін әлі ұмытпай жүргені ме?.. Менің жазығым не сонда, сөйлеспейтін?! Бұл хан тұқымының осындай қаталдығы қалмайды екен-ау! Сүйегіне бітеді екен ғой, бұндай қаталдық?!»

«Әке мен баланы араздастырып алмайын» деген оймен, Аба Шоқанның түс бермеуін Шыңғысқа жұқалап қана айтып, «ойын қызығында жүр екен, жөнді сөйлеспеді» деп қана келді. Ертеңіне Абаның:

— Өзіңіз барып қайтатын боларсыз, хан-ием? — деген сөзіне:

— «Әке» десе іздеп келер өзі. Балама бас иіп қалай барам? — деп жауап берді Шыңғыс.

Хабарын білмеуге шыдамаған Аба, сол күні кадет корпусына тағы барса, балалар лагерьге кетіп қапты. Шоқан да бірге кетіпті. Бұл хабарды естігенде:

— Бетінен жарылғасын, — деді Шыңғыс қатал даусын жібітпей. — Қайда болса да аман болсын. Тірі болса бір көрерміз.

Омбыдағы жұмыстарын бітіріп, аға сұлтандық дипломын алған Шыңғыс Шоқанды іздеместен Көкшетауға қайтып кетті.

Шоқан екінші кластың оқуын сабақтас балалармен бір, яғни орыс тілін олармен бірдей. білумен бастады. «Олар» дегеніміз, кілең орыс балалары. Кадет корпусы түгіл, оның бастамасы — соғыстық училищенің отыз үш жылдық өмірінде бұл оқу орнында Шоқанға дейін бір де қазақ баласы оқып көрген емес-ті. 1826-32 жылдары оқыған Дмитрий, Алексей, Матвей Әлғазиндар, Иван, Андрей Байғұловтар және Николай Асанов-тек қазақша фамилиялары ғана сақталған, ата-бабалары шоқынып, казак-орыс болып кеткендер еді. Училищенің азиялық бөлімінде де Шыңғыстан басқа қазақ баласы оқымаған.

Кадеттердің де, оқытушылардың да, әкімшіліктің де көңілдерін бірінші класта-ақ бөлген Шоқан, екінші класта көзге ерекше түсті. Бұл класта бірінші кластар жалғанумен қатар, алгебра, геометрия, гректің, македонияның, римнің тарихтары дүние жүзінің физикалық, азияның саяси географиясы және француз тілі қосылды. Бұл сабақтардың бәрін озық балалардың қатарында алып жүрген Шоқан өткен жылдың сабағында орыс тілін мүлтіксіз, неміс тілін жазбаша да, ауызша да ұғынысарлық дәрежеде игерген ол, екінші класта француз тілін сөздіксіз оқи алатын халге жетті.

Өзге сабақтарды да жақсы үлгеретін Шоқан, өткен жылы да, биыл да тарихтық сабақтарға ерекше зиректігін аңғартты. Ол кластас және жатақханалас балалардың ішінде беделді болып алды да, біраздан кейін билеп-төстеп кетті.

Кадет корпусының оқу жұмысын Иван Николаевич Ждан-Пушкин атқаратынын жоғарыда аңғартқанбыз. Әскерлік те, жалпылық та білімі жоғарғы дәрежелі бұл адам корпустың оқу тәртібіне аса қатал еді. Ол кадеттерден оқу кезінде де, бос кезде де уставтық тәртіпті бұлжытпай орындауын талап ететін. Сабақ уақытында тәртіпке жатпайтын қылық көрсеткен кадетті, ол бұрышқа тұрғызып қоюдан, жұмалық демалысқа шығармаудан, асқынып бара жатса, каникулға босатпаудан бастап, оқудан мақрұм етуге дейін баратын. Сондықтан өзге оқытушылардың, алдында кейде аздап еркінситін кадеттер Ждан-Пушкиннің алдында өздерін қапыда қасқырға қарсы келіп қалған қояндай ұстап, селтие қалатын.

Балаларға басшылық ететін Шоқан, жаңағыдай қатал мінездері үшін Ждан-Пушкиннің атын — «Немвруд» қойып алды. Онысы — ескі Вавилония империясының тұсында патшалық құрған, ете қатал болған, мұсылман елдері «Намруд» деп атап, (құранда солай) қаталдығы үшін «Шиддат (қаһарлы, қатал деген сөз) лақабын қосқан, сөйтіп, ислам тарихында «Намруд шиддат» аты қалған адам. Бір күні «Немвруд» лақабын ести қалған Ждан-Пушкин, «ол кім?» деп сұрастырғанда, ешкім де білмей, ақыры, тарих оқытушысы — Гонсевский ғана айырған. Ол лақапты таратушы кім екенін таба алмаған.

Ждан-Пушкин корпуста математика сабағын да береді екен. Бұл сабаққа шорқақ Шоқанға, оның бір мезетте қатты ұрысқаны бар. Шоқан оған содан өшіккен. Тағы бір сәтте Шоқан оқитын класқа бір топ бала жиналып, әлденені ермек қып отырса, Ждан-Пушкин кіреді. Ол «мезгілсіз неге жиналдыңдар» дегендей, кадеттерді қорқыта қарап аз тұрады да, үн-түнсіз шығып кетеді. Сонда Шоқан есікке жүгіріп барып, ішкі жақтан тірей қояды да, қатты ысқырып қалады. Бұл дыбысты естіген Ждан-Пушкин кім екенін білгелі класқа қайта кірейін десе, іштен ашпай тұр!..

Ыза болған Ждан-Пушкин есікті төмпештей ұрып, әрең дегенде еріксіз аштырады. Сонда «кім» деген сұрауға ешкім жауап бермей отырып алады.

«Бәрібір айтқызам» деген ашумен шығып кеткен Ждан-Пушкин қанша тексергенмен артынан да анықтай алмайды. «Соның жазасы» деп Ждан-Пушкин әлгі балаларға бір ай демалыс бермейді. Сонда да біле алмайды. Ақырында амалсыздан «кешіреді».

Ішкі тәртіптің начальнигі Старков екенін, оның парақор екенін білеміз. Кадеттер бір кезде соның атын Талейран қойып алды. Бұны да Шоқан шығарған еді. Оның да кім екенін Старков Гонсевскийден білді, бірақ кімнен шыққанын ол да таба алмады.

Григорий Потанинмен достық қарым-қатынастарын ұзарта және нығайта түскен, бірақ, қашан жолықса да, тек орыс тілінде ғана сөйлесетін Шоқан жатақханада өзімен қатар төсекте жататын, оқу кезінде бір партада отыратын Федор Николаевич Усов деген баламен дос болып алды. Бұдан екі жас кіші Усовтың бойы недәуір биік. Сол сорайған бойына, денесінің сидамдығына, қылқиған мойнына, қоңқайған мұрнына қарап ажуалаған кадеттер оған «Павлин» деген лақап тағатын, онысы — Россияда сирек кездесетін, күнгей Америкада болатын, бойы тырна тәрізді сидам құс. Қазақтар оны «Қоқи қаз» дейді. Ертістің Кереку мен Семей арасындағы жағасында отыратын Капитан станицасынан келген ол, қазақтың тіліне Григорийден әлдеқайда жетік және ішіне «қ», «г», «н,» әріптерін қоса, қазақ сөздерін ешбір акцентсіз айтады. Оған да Шоқанның қойған шарты. «Менімен бір ауыз да қазақша сөйлеспейсің».

Оқуға зиректік жағынан Шоқан мен Усов қатар оқитындардың ішінде ең озығы. Бақастасып оқитын олардан Усовтың, озық жері — ағылшын тілі ғана. Бұл тіл кадет корпусының төртінші класына ғана кіруге тиісті. Оған дейін Усовтың біліп алуы әкесі Николай Гордеевич Россияның Лондондағы соғыстық көп жыл қызмет атқарған екен де, бірге жүрген шешесі ағылшын тілін жақсы үйреніп қайтқан екен. Федор әке-шешесі Россияға оралғаннан кейін туған. Шешесі оған ағылшын тілін есі кіре үйрете бастап, кадет корпусына бастауыш біліммен он жасында түскен шағында, ағылшынша таза сөйлейтін болды. Кадет корпусында ол ағылшын тілінің сабағын жоғарғы кластарда өте бастады. Шоқан француз тілінен Усовтан озық болды, ал, неміс тілінен екеуі «ит-жығыс» түседі.

Зирек Усов ескі римнің, тарихынан хабардар бола бастаған шақта, қалжыңды түрде Шоқанды — (ақ сүйек) патрицей, өзін — плебей (қара сүйек) деп атады. Шоқан оған масаттанбаса, ренжіген жоқ.

Усовтың бір қылығы Омбыдағы чиновниктер мен әскери бастықтардың көбімен үйір, олардың қызмет орындары былай тұрсын, үйлеріне де барып жүреді. Корпуста өзімен қатар Шоқан Уәлиханов есімді зирек бала оқитынын, таныстарына бірінші болып мәлімдеген сол.

Усов 1849 жылдың көктемі кезінде, бір бөлмеде жататын балаларға жаңалық хабар әкелді.

— Қызық болып жатқан көрінеді, Европада, — деді ол.

— Не қызық?

— Европаның бірнеше мемлекеті патшаларын құлатып жатқан көрінеді.

— Қойшы-ау?!

— Рас.

— Қандай мемлекеттер?

— Франция, Австрия, Германия, Италия.

Бұндай мемлекеттер барын кадеттер географиядан біледі.

— «Патшалардың орнына кім тұрады» дейді?

— Мына, мен сияқты плебейлер! — деп Усов кеудесін қақты. Қалжыңдағыш балалар:

— Ал, мына Чокан Чингисович сияқты патрицейлер ше? — деген сұраққа:

— Біздің Россиядан басқа Европада ондайлар карталарын ұтқызып болды, — деді Усов.

Өзін «патрицеймін» (ақ сүйекпін) деп түсінетін Шоқан бұл сөзге намыстанғандай болып:

— Россия патшалары аман болса жетеді, басқалары к черту! — деді Шоқан.

Шоқан мен Усовтың арасында тұтанған осы бір егес, содан кейін жалғаса, өрши берді. Бұлайша үдей беруіне, корпус оқуының үшінші класынан басталған — орта тарих сабағы себеп болды. Оқытушы — Вильна университетін бітіріп келген жас және жігерлі Гансевский.

Ол кездегі орта тарих өркендеу (возрождение) кезеңінен, яғни он төртінші ғасырдан басталатын еді де, француздың он сегізінші ғасырдың екінші жартысындағы ұлы революциясымен аяқталатын еді. Іштей өзін якобинцтер қатарына қосатын Гансевский, бес ғасырға созылған өркендеу дәуірінен, демократтық жақтарын мадақтай, реакциялық жағын жамандай баяндайтын. Осы бағытын тереңдете түскісі келген ол, Европаның бірнеше мемлекетінде еткен жылы ғана жасалған 48-жылдың, революциясын да, оқу программасында жоқтығына қарамай білгенінше баяндап, венгер революциясының халық өкілі-Петефиді, италия революциясының халық өкілі — Гаррибальдиді көтермелей сөйлейтін. Өркендеу дәуірінен Шоқанға ерекше ұнайтын адам-Леонардо да Винчи. Шоқанның сол сияқты әрі жан-жақты ғалым, әрі әдебиетші, әрі суретші болғысы келеді. Және ол «болам» деп сенеді де.

Әкімдерден және қолбасшылардан Шоқанды ерекше қызықтыратын адам, — бірінші Наполеон. Франциядағы аз ғана халық — Корсикадан шыққан оның өміріне, ісіне байланысты әдебиетті қадала оқыған Шоқан: «Шіркін, бағым сондай жана қалса!» деп қиял етеді.

Европаның орта тарихындағы мәселелер жайында сөйлескен Шоқан мен Усов үнемі екі жақты пікір ұстайды. Шоқан — монархияны, Усов — демократияны жақтап, бірімен бірі келісе алмайды.

Бұл тартыс бара-бара тереңдеп кетті. Оған себеп, төртінші класта Россия тарихының оқылуы еді. Ол сабақты Ждан-Пушкин жүргізді Монархиялық ұғымдағы ол, арғы тегі Киевтің князі — Рюриктен басталатын орыс ақсүйектерінің шежіресін баяндай келіп, бер жағында Романовтардан патша болғандарды мақтайды да отырады.

Оңашаланған шақта, осы жайда Шоқаң мен Усов тағы да керкілдесіп қалады. Әсіресе Романовтар жайында, Усов бұл фамилияны сықақтай сөйлеп:

— Сен олардың арғы атасы-Андрей Иванович Кобыла екенін білесің бе?-дейді.

Карамзин тарихынан бұндай фамилияны көр, қазақтың «бие» атайтын жылқысын, «кобыла» деуін білетін Шоқан:

Ондай фамилия неден шыққан? — деп сұрайды.

— Иван Литвадан он үшінші ғасырда келген пруссак, ол кездегі фамилиясы Гланка-Комбила екен, Россияға келе православияға көшеді де, мазақтаған орыстар «Комбиланы» — «Кобыла» деп кетеді. Иваннан туған бес баланың біреуінің аты — Жеребец, тағы біреуінің аты — Кошка.

Романовтарды солайша қорлап сөйлеген Усов:

— Жақсы Романовтар, бұл тұқымнан бірінші патша — Михаил Федоровичтің атасы-Роман Юрьевичтен басталды, — дейді де, І-Екатеринадан таусылып, бер жағы немістер болып кетті, — дейді.

Ол Романовтардың тірегі тек казак-орыстар ғана деп ойлайды.

— Тевтон орденінен Россияның батыс шегін кім қорғады? Казак-орыстар! Кавказды Россияға кім бағындырды? — Казак-орыстар! Қырымды ше — Казак-орыстар!.. Астрахань, Қазан хандықтарын ше? — Казак-орыстар! Сібірді ше? — Казак-орыстар! Қазақ даласының теріскей жағын ше? — Казак-орыстар!.. Қазақ даласының оңтүстігі мен Орта Азияны Россияға бағындыруда, казак-орыстар бірінші скрипканы ойнайды.

— Рас, — дейді, бұл тарихтардың бәрінен хабары бар Шоқан.

— Тірегі болғанымен, құлы болған жоқ, — деп мақтанады Усов, — өкпелеген шағында казак-орыстар Романовтардың әкесін танытқан.

Усов он алтыншы ғасырда казак-орыстардың «Голытьба» аталған жанжалқой тобынан бастап, «пугачевшылдық» аталған көтеріліске дейін казак-орыстардың Романовтарға қарсы көтерілістерін санап береді. Бұлар да Шоқанға мәлім материалдар. Әсіресе — Пугачев көтерілісі. Оған казактар қақжарлы болып, Әбілхайыр ханның тұқымы патшашылдықты, қарапайым халықтың біразы Пугачевты жақтағанын, Шоқан ел ішінен ауызша да естіген, қалаға келген соң кейбір тарихи мәліметтерден де көрген.

Орыстың тілі мен әдебиетінен сабақ беретін Костылецкий кадеттерге Загоскин, Лажечников, Куколькин, Брамбеус сияқты сол кездегі орыс әдебиетінің «кейінгі планында» деп саналатындарды көтере таныстырып, Пушкиннің, Гогольдің, Лермонтовтың, әсіресе Белинскийдің «күнәсіз» шығармаларын ғана атайтын, әкімдердің я заманның кемшіліктерін сынайтын шығармалары туралы үндемейтін.

Бірақ, кадеттер сол тұста «құпия» саналатын шығармалардың көбін не кітап, не журнал, немесе қолжазба түрінде тауып ап, жатақханаларда, оңаша орындарда, кейде жеке, кейде топталған түрде оқитын. Мысалы: Радищевтің «Петербургтан Москваға саяхатын», Пушкиннің, айдаудағы Чадаевқа жазған өлең хатын, «Деревнясын», Лермонтовтың, Пушкиннің, өлімі туралы өлеңін, Белинскийдің Гогольге жазған хатын, «Ревизорын», Некрасовтың заманды сынайтын өлеңдерімен, «Желбаздың жүрістері» аталатын романын, тағы тағыларды... Кейде кадеттер «әдебиет кеші» сияқты жиналыстар жасап, «құпия» шығармаларды оқитын. Кейбір тыңшы кадеттер, бұндай жиналыстарда не болғанын корпустың басқарушыларына хабарлайтын, олар тыймақ болғанмен, айласын тапқан кадеттер, жиналыстарын жалғастыра беретін. Шоқан бұндай жиналыстардың қалың ортасында. Ол бір сәтте Лермонтовтық Пушкиннің өліміне арнаған өлеңін оқимын деп, Ждан-Пушкиннен естіген.

Орыс әдебиетімен сондай таныстығы бар Шоқан, 1850 жылдың аласапыран болып жатқан көктемінде, іштей үлкен бір күйзелушілікке ұшырап қалды. 1849 жылдың басында Петербургта «петрашевшілдер үйірмесі» деген топ құралып, Россияның монархиялық құрылысына демократиялық түзеулер кіргізбек болғанын, жандарм басқармасы үйірмені бақылап жүріп, сол жылдың апрелінде, басқарушыларын тұтқынға алуын, олардың ішінде көпке жазуымен таныла бастаған жас прозаик Федор Михайлович Достоевскиймен, ақындардан — Александр Плещеев және Сергей Дуров барын, ұсталған отыз үш кісіден он алтысы дарға асылуға бұйырылуын, олардың тізімінде Достоевскийдің болуын, ақырында, асылу жазасы каторгіге жіберумен ауысқанын, кадеттер де, Шоқан да кезінде естіген. Содан кейінгі тағдырлары немен тынарын кадеттер білмей жүрген шақта, 1850 жылдың көктемі басталып, қар ери бастаған кезде, корпустың мыңға жақын кісі сиятын залында жиналыс болды. Оны ашқан — генерал-майор Павловский, айдалып келе жатқан петрашевшілдердің бүгін Омбы көшесіне кіруін, осы қаладағы острочке қамалуын қысқаша айтты да:

— Корпус үйінің алдынан өтерде, — деді сөзінің аяғында, — кадеттер қақжарлы болып тұрады, қолдарына жас шыбықтар беріледі, сонымен алдынан ете берген қылмыстыларды бастан тартып қалып тұрады.

Қақжарлылардың қатарында Шоқан да тұрды. Қасында — Усов. Ол Шоқанға:

— Сен ұрасың ба, жоқ па? — деді сыбырлап.

— Өзің ше?

— Мен ешқайсысын да ұрмаймын.

— Ендеше, мен де.

Алдарынан өте бастаған айдалушылардың ұрарлық та жері жоқ екен, бәрі де жүдеу, бәрі де шаршаған, аяқтарын сүйретіп әрең басады, киімдері далба-дұлба, әсіресе аяқ киімдері, көбінде тозған пима, сонымен шылқылдаған қарлы суды басып келеді, шаштары жалбырап өскен, аузында сақал-мұрты барлардың да түгі ұйпаланып бетімен кеткен!...

Қысқасы өте аянышты халде. Сонда да бұйрыққа бағынғыш кадеттер бастарына шыбықпен шықпыртып қалады... Не деген мейірімсіздік!..

Ешкімді де сабамай қатар тұрған Шоқан мен Усовты бақылаушы полиция уряднигі көріп қалды да:

— Неге тек тұрсыңдар? Әлде аяйсыңдар ма? Бұл қылықтарың дәрежесі зор генерал-майорға жетеді! — деп ақырып қалды. Мана Павловский:

— Бұйрықты орындамаған кадет жазаға тартылады. Мүмкін корпустан шығарылуы, — деп сақтандырған. «Сөйтер» деп қауіптенген Шоқан Усовқа:

— Біз де шыбықты сілтеген болайық, бірақ батырмайық, әйтпесе жазаға ілігерміз, — деді.

— Мақұл,-деді Усов.

Олар солайша сипай соғып тұрғанда, жақындай берген қырбық мұрт біреуін:

— Достоевский! — деп қалды Усов.

— Қай?

— Федор Михайлович!

— Кәдімгі «Кедей адамдардың» авторы ма?

— Сол!

Жас жігіт болғанымен, ол да қатты қалжырап келеді екен, зорға сүйреткен аяғы, ара-тұра бүгіліп қала жаздайды.

Алдарынан етуге айналған оны, Шоқан мен Усов сипай да соқпай, таянып келгенде:

— Достоевский! — деп қалды, ақырын дауыспен.

Дәрменсіз кезін алайта қарап басын бұрған Достоевскийге:

— Федор Михайлович! — деп қалды Шоқан.

Кіші офицер формасындағы азиялық бұл жеткіншектің кім екенін білмеген Достоевский жылы қабақпен қарауына риза болғандай, басын ақырын ғана изеп өтті. Оның көкірегіне Шоқан жайлы жылылықтың бірінші ұшқыны түсті...

Шоқан Достоевскийдің «Кедей адамдар» аталатын романың Петербургта шығатын Отечественные записки»

Журналынан оқып, көркемдігіне қатты сүйсінген еді. Одан кейін сол журналда, осы роман туралы Белинский жазған мақаланы да оқыған. Мақала Шоқанның Достоевскийге деген жылы сезімін күшейте түскен.

Міне, енді, сол Достоевскийдің мынадай сорлы халде жүргенін көріп қалды! Не деген аянышты хал! Бұл халден қашан құтылады, бейшара!.. Өзінің не көмегі тие алады оған ?!

Содан кейін басынан кетпеген осы ой, Шоқанның жүрегін шымшыды да жүрді...

Сабақты жақсы алып кеткен, ой-санасы жылдам өскен Шоқан, төртінші класқа түсе үлкен бір қоршылыққа ұшырады. Соғыс министрлігінің бекітіп берген программасы бойынша, орысша «инородец», қазақша «бұратана» аталатын елдерден оқитын кадеттердің ешбіріне, соғысқа қатынасы бар сабақтар мен ойындарға қатынасуға ұлықсат жоқ.

«Бұратана» дегенде, Шоқан оқыған кездегі кадет корпусында Россиядағы отар елдерден басқа бір де кадет жоқ. Сонысына және ақсүйек тұқымынан шыққанына қарамай, соғыстық сабақ пен ойынының бір де біріне Шоқан қатынаса алмады.

Үшінші класта «фехтование» аталатын ойында қанжар, қылыш, оқсыз мылтық сияқты «суық құралдармен» сайысып, соғыстың қолма-қол тәсілдеріне жаттығады, географиялық сабақтың тарауы сияқты болып топография, яғни соғыста жердің ой-қырын қалай пайдалану сабағы етеді. Шоқан бұлардан мақрұм болды. Намыстанған Шоқан, сабақты тастап кетуге бір ыңғайланып, сырлас достарының ақылымен әрең тоқтады.

Намыстанудың әкесі төртінші кластан басталды. Онда соғыстың айла-әдісінің, артиллерияның, эскадрондағылар үшін ковалерияның сабақтары жүретін. Бұл сабақтарды, сібірлік қазақ облыстарының басқарма председатель Батыс Сібірдің соғыс губернаторы, полковник Карл Казимирович Гутковский оқытатын. Шоқанға екінші кластан бастап көңіл аударған ол, жолыққан жерде сөйлесіп, үйіне шақырып... дегендей, қадыр-құрмет көрсете бастаған. Гутковскийдің әйелі Екатерина Яковлевна Шоқанды туған баласындай күтетін. Шоқан Гутковскийдің, Омбы гимназиясында оқитын қызы-Катеринамен достасып, жастарының, арасында үш-төрт жылдық айырма болғанмен, өзара олар туған аға мен туған қарындастай болған. Неміс пен француз тілдерін Катерина да оқитын. Бұл сабақтарды олар бірге даярласатын. Екатерина Яковлевна мен Карл Казимировичтің түпкі ниеттері-достасқан екі жасты мәңгілік жұбай етуде де.

Жақындығы осындай Гутковскийге Шоқан соғыстық сабақтарға кіре алмауына қатты наразылығын айтып, корпустан кетерлік көңілін білдіріп еді:

— Ол пікірден қайт, — деді Карл Казимирович, саған класс қажет емес, оқу қажет. Бұратаналарға класта соғыстық сабақтар туралы белгіленген ережелерді мен бұза алмаймын, оны патшадан басқа ешкім де бұза алмайды. Оны бұздыру үшін көгі дәлел, көп уақыт керек. Менің саған айтар ақылым-оқу программасына кіретін соғыстық сабақтарға байланысты кітап атаулыны қолыңа берейін, өз бетіңмен оқы, түсініксіз жерлерін менен сұрап отыр.

Гутковский Шоқанды осы ақылға көндірді. Ол айтқанынан шығып, сол кезде: — артиллерия сабағына қолданатын Маркевич пен Вессельдің, фортификацияға қолданатын Теляков пен Госмардың, тактика туралы генерал Шитовтың, ковалерия туралы Граббенің оқулық курстарын және соғыс өнері туралы жазылған басқаша кітаптарды Шоқанға түгел тауып берді.

Шоққанның ерекше қызығып оқығаны немістің соғыс ғылымында атағы шыққан теоретигі-Карл Клаузевичтің еңбектері, әсіресе Наполеон Бонопарттың әуелі Италияға, одан кейін шығыстық Европаға жасаған жорықтары туралы жазған кітаптары. Бұларды Шоқан неміс тілінде оқыды. Омбының кадет корпусы үшін бұл еңбектер жабық еді, оған бірінші себеп-Гутковскийдің өзіндік жалғыз ғана данасы болмаса, өзге Омбыда бұл кітап жоқ, екіншіден, орыстың соғыстық басқарушы орындары, Клауезвичтің, 1812 жылғы Отандық соғысқа, әсіресе сол соғыста орыс әскеріне бас қолбасшы болған Кутузовқа берген бағасына қарсы, сондықтан орыстың әскерлік ойынына, әсіресе оқу орындарына таныстырудан қатты тыяды. Соны біле тұра, Шоқан Клаузевичты құныға оқып, соғыс жайынан көп мәліметтер білді, қажетті деген тұстарын жазып алды.

Бұл кітаптарды түсінуде Шоқанға аса зор жәрдем көрсеткен Гутковский, иллюминалық білімнің фотофикациясын яғни түрлі-түсті бояулық картасын жасауды да ұғындырды. Қолжазбасы нашар Шоқан, геометриялық және бояулық сабақтарға жүйрік еді, сондықтан иллюминаларды ұғып алғаннан кейін, өзі де қатырып қағазға түсіретін болды.

Шоқанның кадет корпусындағы оқуы төрт жыл өте, яғни 1852 жылдың көктемінде бітті.

Шоқан кадет корпусын тамамдаған шақта, Омбының «Жарқын қоғам» аталатын тобына түгел танылып болған еді, әсіресе үш үйге, бірі-жаңағы айтқан полковник Гутковскийдің үйі, екіншісі-әрі генерал-губернатордың кеңсесінде азиялық істерге консультант болып қызмет атқаратын, әрі корпуста орыстың көне тарихынан сабақ беретін-Сергей Яковлевич Капустиннің үйі. Әсіресе Капустиндікі, үшінші-Батыс Сібірдің генерал-губернаторы, сібірлік қазақ округтерінің құрметті председателі Густав Христианович Гасфорттың үйі.

Капустиннің үйі «Омбы қаласының салоны» саналады. Онда, ең алдымен кітапхана бар, ондағы кітаптардың ішінде сирек ұшырасатын, кейі ешқайдан табылмайтын кітаптар да аз емес. Жұрт оны «Қазаннан Омбыға көшкенде кітаптарын бес ылауға әрең тиеп әкелді» деседі. Идеялық жағынан, өзін утопиялық социализм идеясының адамы көретін Капустин, өзгелермен осы жайда көп кеңеседі. Араларында он бес жастай алшақтығы бар әйелі -Ефросия Фелимоновна қыздар гимназиясында француз тілінің және әдебиетінің сабақтарын береді. Ол әйел көзқарасында-романтик. Кітапты, әдебиетті сүйетіндер осы үйге әр кезде жиналып, пікір алысып жүреді.

Шоқан осы үйдің өз баласы сияқты болып кетті. Сонда үнемі бас алмай оқитыны кітап. Ол Ефросияны «Фросия апай» дейді. Сол апайдың дос-жар адамдарына айтуынша «екі-үш жылдың ішінде Шоқан бұл үйдегі кітап атаулыны түгел жұтып болды». Ол орыс тіліндегі кітаптарды ғана емес, неміс, француз тіліндегі кітаптарды да оқиды, әсіресе саяхат кітаптарын және оларды сыдыртып қана оқып шықпайды, жүрген жерлерінің географиялық карталарын алдына жайып қойып, қадағалап оқиды, соны көргендер-«осы да түбінде атақты саяхатшылардың бірі болмаған!» деседі.

Шоқанның Густав Гасфорт үйімен үйірлігін айтпастан бұрын, оқырмандарды Гасфорттың өзімен қысқаша таныстырып алайық, ол орыс барондарының ішіндегі ең ірілерінің біріне жатады. Оның әкесі-Христиан Фердинандович, Романовтармен қат-қабат құда болып кеткен немең герцогі-Голынтейндермен қандас, сондықтан Россия патшасы бірінші, екінші, үшінші Гасфорттарды қадыр тұтып, Христиан Гасфортқа Қырымдағы әскери корпусты басқартқан. Ол бір жағынан Севастополь қаласының шығып жақ жазығына әскерлік жылқыларды өсіретін завод ашып, мыңдаған арғымақ өсірген. Завод орнаған сондағы төбе, әлі күнге дейін «Гасфорт шоқысы» аталады.

Густав сол шоқыда туып, сонда ескен. Әкесі сияқты, ол да сауатын соғыстық мектепте ашып, жоғарғы білімді Берлиннің Соғыстық Академиясымен аяқтаған. Бірінші Александр Густавты әкесінің, қарамағындағы армияға жіберіп, поручик чинінен жоғарылаған ол, кейін генералдық чинге жеткен. 1812 жылдың компаниясына қатынасып, Парижға дейін барғандықтан, Александр оны генерал-аншеф дәрежесіне дейін көтерген. Әкесі өлерде жылқы заводын соған тапсырған. Қырымда қызметте жүрген ол, Пушкинды жекпе-жекте (дуэль) атып өлтіретін Дантеспен танысып дос боп кеткен. Сондықтан мақтанған шақтарында:

— Пушкинға «онымен атыспа, ол өте мерген кісі» деп ем, намысы қозған адам тыңдамады, ауыр жарамен әл үстінде жатқанда, көңілін сұрай барып ем, «білмейді екем ғой сізді, Дантеске дос па десем, маған да жаныңыз ашиды екен ғой. Енді білдім. Бірақ, кешіктім» деп қолымды қысып жылады, — дейді екен.

Густав Гасфорт даңқты, атақты жақсы керетін адам. Чин жағынан көтерілу жолында келе жатқан ол, тұрмыс-салт жағынан да көзге түсуді арман ететін. Сол армандарының бірі — атақты князьдар: Юсуповтың — Москва маңындағы, Воронцовтың — Одессадағы, Шереметьевтің — Кавказдағы атақты сарайлары сияқты Гасфорт сарайын салдыру еді. Сөйтуге жағдайы толықпай жүрген, 1850 жылы Батыс Сібірдің генерал-губернаторы болып тағайындалды. Сол қызметін атқару үшін Омбыға келсе, губернаторлық кеңсе, әрі бөренеден қиылған, әрі сиықсыздау екен. Оның осы қалаға, өзге губернаторлардың бәрінін, кеңсесінен де артық үй салдырғысы келді. Оған лайықтаған орны,-кадет корпусының алдындағы жазық, кең алаң. Ол болашақ орданың (дворец) жоспарын жасатты. Сонда архитекторға берген тапсырмасы, осы алаңның жалпы нұсқасын, Петербургтағы ордалық алаңға ұқсату, салынатын үйдің сиқы, қысқы ордаға ұқсау, сонда кадет корпусының үйі Петербургтағы генералдық штаб сияқтанады, Ертіске құятын Омбы өзенінің үстінде тұрған ағаш көпірді алып, орнына темірден көпір салса, ол Нева өзенінің қысқы ордаға тақалған көпіріне ұқсайды, сонда, Омбының бұл алаңының Петербургтағы ордалық алаңға ұқсамаған несі қалды?!

Патша сарайының, ол кездегі министрі граф — Блудов еді, өзі Гасфортпен Отан соғысы кезінен өте дос еді. Оның үстіне бірінші Николайдың оң көзі. Гасфорттың Омбыға жаңадан кеңсе салуын, ол патшаға бекіттіріп берді. Осы план, Шоқан кадет корпусын аяқтар жылы бітіп, генерал-губернаторлық кеңсесі қызметін сонда көшкен.

Бұл жақтан көңілі орныққан Гасфорт, енді адъютанттарын дұрыстап алуды ойлады. Үш адъютанты болуға тиісті, бірі — жалпы әкімшілік ісінде, екіншісі — жергілікті қызметтерді басқару ісінде, үшіншісі — қазақ елдерін басқару ісінде.

Соңғы қызметте, оның көзі-кадет корпусын бітіргелі жүрген Шоқанға түсті. Омбының «жарқын қоғамына» көп араласатын Шоқан, Гасфортпен басқа үйлерде, әсіресе Гасфорттың ағасының қызын алған, әрі жақын досы болып кеткен Гутковскийдің, үйінде танысты да, оған, әсіресе — әйеліне білімімен, қылығымен, мінезімен ұнағаннан кейін өз үйімен де араласып алды. Гасфорт пен әйелінің де ойы — жиендері — Катерина Казмировна Гутковскаяны түбінде осыған телу.

Гасфорттың Шоқанға қызығатын және бір себебі — хан тұқымынан шыққан бұл әдемі жігіт, бірінші Петрдің адъютанты болған араб Ибраһим Ганнибалға ұқсап, кеңсесін көріктендіріп жіберуі, шығыстық, қазақтық мәселелерде оң көзі болуы мүмкін.

Шоқан кадет корпусын 1853 жылдың көктемінде бітіретін бірінші топтың ішінде. Гасфорттың ойынша, бітіру мәжілісін аса салтанатты түрде өткізу, ол үшін ордалық алаңға, Омбы бұрын көрмеген парад жасату.

Осы идея басына кірген Гасфорт, парадты қалай өткізу туралы тиісті адамдармен кеңесіп көрсе, қаланын, тұрғындарын былай қойғанда, Петербург пен Москва сияқты әскер орталықтарымен байланысы бар аздаған чин болмаса, былайғы әскери чиндердің, әсіресе осы маңайдағы казак-орыс станицаларында туып-өскен, Омбыдан жоғарғы қалаларға барып көрмеген, саны бірталай урядниктердің, ясауылдардың, сотниктердің, тіпті капитан, майор чиніндегілердің басым көпшілігі әскери парад дегенді көрмек түгіл естіген де жоқ екен. Сондықтан Гасфорт бағынышты чиндердің бәріне, ең алдымен соғыстық парадты күн бұрын әзірлеуді бұйырып, оның қандай тәртіпте өтуінің программасын жасатты да, әлденеше рет түзеттіру арқылы бекітті. Бекіген программа бойынша соғыстық парадқа қаланын, мың шақты найзасы бар гарнизоны, кадет корпусының жоғарғы кластары және шығысы Новониколаевка мен батысы Ыстап арасындағы казак-орыс станицаларында күзеттік қызмет атқаратын жасақтар қатынасады. Парадты Гутковский басқарып, Гасфорттың өзі қабылдайды. Парад күні Омбыдағы әскерлік чиндер де, станицалардан шақырылатындар да ең жақсы түрде киініп, бар наградаларын, медальдарын кеуделеріне тағады.

Осы мақсатпен Омбыда,ы және станицалардағы әскерлік қосындардың киім-кешегін тексертіп қараса, чині жоғарғы генералдармен, өз қаражатына сәнденетін аздаған ауқатты офицерлер болмаса, былайғы соғыстық адамдар киім жағынан өте жүдеу екен. Гарнизон солдаттарының және кіші офицерлерінің көбінің киімі ескі-құсқы біразы жамау көрдер, формалары әрқилы, талай өзгерген формалардың бәрінен де нұсқалар бар. Ал, станицаларда тұратындардың бірен-сараңында ғана болмаса, әскери форма жоқ, басым көпшілігі деревняша, кейбіреулері қазақша киінеді.

«Құрал» дегендердің, «жүзден тоқсаны» дегендей — қылыш қана, қалалық құрал сарайларында қимылсыз ұзақ тұрған отты мылтықтары, әсіресе, азын-аулақ, зеңбіректерді тот басып қалған. Батыс Сібірдегі әскери халықтың ішінде, сән-салтанат жағынан көруге тұрары, тек кадет корпусы ғана екен. Ол да Омбыға Гасфорт келгелі түзелген. Сол жылы оның барлық класстарын түгел аралап, киім-кешектерінің жүдеулігін, формаларының ала-құлалығын көр Гасфорт, соғыс министрлігіне хат жазып, жаңа және көрікті формалар алдырған, сол формамен барлық кадет жұнттай киінген.

Қызметтегі әскерді сондай тәртіпке келтіру үшін кеп уақыт керек, Гасфортта ондай уақыт жоқ. Сондықтан Гасфорт жақындап қалған парадқа қызмет әскерін барымен ажарлап көрсетуге бұйырды.

Әскери орындардың, парадқа бұлайша даярлануы, халық арасында толып жатқан түрдегі қаңқуға айналып кетті:

— Патша келмек дейді, соған жасап жатқан әзірлік, — десті біреулер.

— Бір патшалықпен соғыс болайын деп жатқан көрінеді, соған әзірлік, — десті екіншілер. Қай патшалық екендігі туралы толып жатқан жорамалдар жүріп жатты.

— Қоқан, Хиуа хандықтарымен бірігіп, қалың қолмен Кенесары келе жатыр дейді, бұл соған даярлық, — десті үшіншілер.

— Қытай соғысқалы жатыр дейді, — десті төртіншілер.

— «Көшім хан өлді» деген өтірік екен, ол ойдағы, қырдағы татарларды жиып, Сібірдегі хандығын қайтадан құруға келе жатыр дейді, — десті бесіншілер.

Қалмақ хандықтарын атады алтыншылар.

Осындай жорамалдар қаулап кетіп, тұрғын елдердің зәресі ұша бастады. Әскерлік ұйымдар дүрліккен жұртқа арнаулы кісі жіберіп, ешбір соғыстың болмайтынын бұл тек, кадет корпусын бірінші болып бітіретіндердің тойына арналған парадқа әзірлік ғана екенін түсіндірмек еді, парадтың не екенін көрмек түгіл естімеген жұрт алдауға жорып, желігуін үдете түсті, соның кесірінен «соғыс болса таптап кетеді» деп крестьяндар егінді бұрынғыдан биылғы көктемде аз салды. Мал өсіретін казак-орыстар табындарын қазақтың алыстағы жайлауларына айдатты. Осы дүмпуге қазақ байлары да шыдамай, жайлауға жылдағыдан алыс кешті.

Парад жақындап қалған шақта, Гасфорт генералитетін қайта жинап, даярлық туралы есебін тыңдады. Пәлендей салтанатты бола қоймағанымен, тәртіп тәп-тәуір болғалы тұр екен.

Гасфорттың бұл парадты жасатудағы бас мақсаты-алаңға жиналатын топқа, өзін жарқырата көрсету еді. Баяғыда, Отан соғысының жеңісіне арналып Петербургта жасалған парадта, бірінші Александр, жеңісте үлесі бар генералитет атаулының бәрін жаңа, әдемі формада киіндіріп, орден, медаль атаулыларын төстеріне қадатып шығарған.

— Сонда, — дейтін мақтаншақ Гасфорт наградтары көштік жағынан, менің алдымда Барклай-де-Толли ғана болды.

Онысы өтірік, расын кім білсін. Ал, көптік жағынан ордендері мен медальдары төсіне симай, біраз медалін «бото-форт» аталатын биігі. Арықтау кезінде денесіне шақ мундирі, семірген кезде әрең, сыйып, түймелері үзіліп кетерліктей тырсылдағанмен, жоғарғы чиндермен бас қосқанда, не патшаға аудиенция жасағанда киіп алатын, мінезі сайқы -мазақтау бірінші Николай патша болған шағында Гасфортты осы формасында көріп, «о, семіз шошқа» деп қарнына түйгіштепті, Гасфорт «қасиетті мундирін сонда да тастамай, ерекше күтіп ұстайтын. Кейін өңірлерін, жең ұштарын, арқасын қаракүйе (моль) жалап дақ түсіргенмен, ішінен түстес жіппен білдіртпей шаңдатып қойған.

Омбыдағы парадта ол осы формасында көрінбек. Ал, генералдары мен офицерлеріне берген бұйрығы — «ең жақсы формаларыңды киіп, наградтарыңды төстеріңе түгел тағып шығасыңдар!»

Тағы бір берген бұйрығы — парадты қаланың халқы да түгел көретін болсын.

Бұйрық солай болғанмен, парад басталуға тиісті сағат тоғызда, әскери қосыңдар белгіленген орындарында болды да, былайғы тұрғындардан бірен-саран адам ғана келді. Гасфорттың ойы-алаңды лық толтыру еді, әскерлік адамдар жұқ та болған жоқ. Гасфорт бұған ашуланып, тиісті адамдарды қатты сөгіп, кейбірін сабап алды да, алаңға адам толмай, парад басталмайтынын айтты. Бағыныштылар халықты қанша қысқанмен, мезгіл түске тармаса, жарты алаңдық қана адамның басы құралды. Парадты одан кешіктіруге болмайды.

Программа бойынша, алан, адамға толған шақта, (оған алғаш Гасфорттың күдігі болмаған) сәнді ерттелген арғымақ ақбоз атқа мінген Гасфорт, бәрі де арғымақтарға салт мінген нөкерлерімен, кадет корпусының қақпасынан шыға келу керек. Сол кезде, Омбыдағы үш дем — оркестрі қосыла «патшаны сақтай гөр, тәңірі!» күйін ойнап жіберу керек. Музыка даусының қаңғыр-күңгірімен даңғаза болып жатқан шағында мінбеге жеткен генералдар аттарынан түсіп етекте қалып, Гасфорт пен Павловский ғана жоғары көтерілу керек те, Гутковский мен полиция начальнигі — генерал-адъютант-Фредерике тізіліп тұрған әскери қосындармен және кадеттермен сәлемдесу керек, содан кейін Гутковский Гасфортқа рапорт беру керек.

Тәртіп осылай болғанмен, тоғызда басталуға тиісті парад ісіне он екіде әрең кірісті.

Гасфорт парадты қабылдағаннан кейін, бірінші сөзді өзі алып, Россия туралы, Сибирь туралы, ондағы бұратаналар туралы, кадет корпусының мән-маңызы туралы айтқан болды. Жиын оның сөзін тыңдаған жоқ, себебі әкімшілік істерінде өзінің айтқанын орындататын Гасфорт, сөзге шорқақ еді, оның үстінен тұттықпа да, оның үстіне талай парадқа қатынасқанмен, бұдан бұрын өзі қалың топ алдында сөйлеп көрген жоқ-ты. Осы кемшіліктері сабақтаса қалған Гасфорт, бірден сасқалақтап, дөңгелек семіз беті томпайып, күре тамырлары білеуленіп, кескіні күреңдене қалды, ондайда, иек тұсын ғана қырып, жақ үстін дударландыра өсіріп жіберетін қалың қаба сақалымен, оған тұтасын кеткен жұқалау мұртын екі қолымен кезек-мезек ширата сипай беретін. Сондай халға түскен ол, аздан кейін тіпті кекештеніп, кездері бадырая қараған жиын алдында не айтып, не қойғанын білмей де қалды. Сол жайын көрген көпшілік, оның бытысқан сөздерін мазақты күлкімен ғана тыңдады.

Тағы біреулер сөйледі. Олар да қыра қойған жоқ. Олардың да сөзіне жиын ықлас қойған жоқ.

Корпуста тәрбиеленушілердің және оны биыл бірінші бітірушілердің атынан Шоқан сөйлеуге ұйғарылған. Оның шешен жас екенін, Омбының жарқын қоғамы аңдап та үлгерген. Гутковскийдің, Капустиннің, Ганцевскийдің, кейде Гасфорттың үйлерінде өткізілетін кештерде, Шоқанның қатынаспайтыны сирек болатын. Сонда жұртты қызықтыратыны, білімінің көптігі, тарихты, әдебиетті, көркем өнерді жақсы көретіндігі, әзіл-оспаққа жүйріктігі, сөзге алғырлығы, реверанстарға жетіктігі, ажуа-қалжыңға ұсталығы, әйелдердің тілін таба білуі, әңгімелерінің қызықтығы, тағы тағылар.

— Бұл жағынан, — деседі, Шоқанды мақтамайтын дамалар, — Валиханов, Омбы былай тұрсын, Россияның мәдени орталығы — Петербургтан асып, дүние жүзінің ең биік тәрбиесін беретін — Парижда оқыған сияқты.

Кадет корпусын бітіргендер парадқа жаңа формада шыққан. Қылқан-кескендей жас өспірімдерге жараса кеткен бұл форма Шоқанды да сұлуландырып жіберген. Оның бала шағындағы шарғалау бойы кейінгі жылдарда сұңғақтанып, қушықтау иықтары кеңейіп сымбаттанған. Сол денеге корнеттің қызыл шалбары, көгілдір кительді, маңдайында алтын түсті кокардасы бар жасыл фуражкелі, жылтыраған шегірен етікті, формасын киіп, белін күміс түсті жалпақ белбеумен қынай буынғанда тіпті сымбаттанған. Оның қара сұр келбеті де көз тартарлық болатын, оң жақ шекесінен солына қарай қайырған көмірдей қап-қара шашы кең маңдайынан көзіне төнген қалың қабағы, мұрын жағы кең, қиық жағы тар, қиғаштана кеткен өткір қара көздері, ортасы дөңестеу, танау жағы делдигендеу, қырлы келген мұрыны жоғарғы ернінің үстіне қырбықтана бастаған қара мұрты, шешендікке біткен сүйірлеу иегі қандай көзді болса да бір аударатын.

Омбы дамаларының бағасында бұл қалада нелер сымбатты сұлу жігіттер болғанмен, Шоқан «арпа ішінде бір бидай», «қаршығалар ішіндегі лашын». Қызыққыш дамалардың, әрқайсысы Шоқанды өзіне бейімдегісі келеді, кекселері қыздарына жанастырғысы келеді. Өсекші Омбының арасына: «Бұл Гасфорттың жиені, Гутковскийдің қызы-Катеринамен сөз байласып қойған», деген сөз тарап болған.

Сондай Шоқан, сөйлеу кезегі келіп мінбеге көтерілгенде, танитындар:

— Чокан!.. Шоқан! — деп өзара күбірлесіп қалды да, танымайтындар, қасындағыларынан:

— Кім бұл?! Қалмақ па, эскимос па, киргиз ба?! — деп сұрасты. Танитын біреудің:

— Киргиз! — деген сөзі, төңірекке электрдің тогіндей тарай жөнелді.

— Киргиз!.. Офицер, қандай биікке көтерілген!.. Ғажап!.. — деген күңкілдер дабырласып жатқанда, парадты сөзді басқарған Ждан-Пушкин Шоқанның аты-жөнін айтып, сөз берді. Оны естігендер:

— А-а, Чокан Валиханов! — десті. Естімегендер:

— Кім ол? — деп сұрағанда:

— Хан тұқымы, ақсүйек! — деп жауап берді білетіндер. Одан әрі кеу-кеулесуге, сөйлеп кеткен Шоқан мұрша бермеді.

Шоқан өзге білім жүйелерімен қатар, шешендік тарихын да біраз қарастырған еді. Сонда «пәлен-түген» дейтін шешендердің ішінен оған ерекше ұнайтыны — көне римнің атақты шешені — Цицерон да. Шоқан оның өз сөздерін де, ол туралы жазылған әдебиетті де көп қарастырған. Өзі көргендерден оның шешен санайтыны — кадет корпусындағы оқытушылардың бірі — Гансевский де. Француз тарихына жүйрік ол, «француздың ұлы революциясы» деген тақырыпта сөйлегенде, оның шешені Жан Поль Маратқа ұқсағысы кеп, дене қимылын да, бет бейнесін де құлпыртып жіберетін. Шоқан соған еліктеп, егер бір жерде сөйлеуге тиісті болса оңаша бөлмеде, айна алдында тұрып, денесін, бет бейнесін құбылтып репетиция жасайтын.

Бұл жолы да сөйткен ол, мінбеге артистерше ойнақы бейнемен шыға келді де, аз уақыт көзімен жиынды шолып ап, сөзін бастай жөнелді.

— Господа, госпожа, құрметті халық, — деп бастады ол сөзін, — бір топ кадет, биыл ұлы император — бірінші Александрдың атындағы Омбының кадет корпусын тамамдап отырмыз. Солардың ішінде, бұратана елдерден мен жалғызбын.

— Оғаштануын! — деп қалды, бұл сөзін ұнатпағандар.

— Мен орыс оқуының тәрбиесінде өсіп білім алдым.

— Содан бастауы керек еді ғой, — десті әркімдер.

— Менің үлкен отаным — Россия да, кіші отаным — қазақ даласы...

— Туған елін ұмытпауын!

— «Қасқырды қанша асырасаң да орманға қашады» деген осы, — десті әркімдер.

Сондықтан мен барлық өмірімді, барлық ақыл-ойымды, білімімді осы отандарыма адал қызмет атқаруға арнаймын.

— Киргизда «Отан» болған! — десті біреулер кекетіп. Біраз адам қол шапалақтады.

Екпінді сөзден ентігіңкіреген Шоқан, аз тыныс ап, сөзін жалғастырып кетті.

— Өткенге қарап отырсақ, дүние жүзінде, әрбір тарихи кезеңдерде, әр түрлі мемлекеттер құрылған солардың ішінде, мысалы, шығыста Ассирия мен Вавилония, Египет пен араб, Отта мен түркі мен ұлы моғолдар сияқты, көне грек пен көне рим, Византия сияқты ірі империялар да болды. Кәзір де бар, ондай империялар, солардың бірі — Россия. (Қол шапалақтау.) Менімше, біздің замандағы империялардың ішінде болашағы ең күштісі осы — Россия. Сөзім дәлелді болу үшін, Россияны Англиямен салыстырып көрейін. Күні бүгін Россиядан Англияның отарланған өлкелері де әлдеқайда көп, байлығы да, ғылымы да, техникасы да артық. Сондада мен Россияның болашағы Англиядан да артық деп ойлаймын. (Дабырласқан жұрт тына қалды) Неге дейсіздер ғой? Жауабым төмендегі. Орыстың, кәзіргі атақты педагогі — Константин Дмитриевич Ушинскийдің журналда жарияланған бір әңгімесінде, әкесі балаларына «бірлікшіл болыңдар» дегенді мысалмен көрсетеді. Ол бір шыбықты алып игенде сынып қалады. Көп шыбықты қосып игенде біреуі де сынбайды. «Міне — дейді әкесі, — бірікпегендегі күшін, жеке шыбық сияқты, біріккен күшің — жұпталған шыбықтар».

— Екінші мысал, — деді Шоқан, оң жақ қолын, алақанын жаза көтеріп — мына саусақтардың жеке күйіндегі күштері қандай? Ал, — деді жұдырығын түйіп, — былай біріккендегі күші қандай? Алақаннан жұдырық әлдеқайда күшті емес пе?

— Рас! — деп қалды бірнеше дауыс.

— Мұны айтып тұрғаным, — деді Шоқан, — біздің Россияның күші — бағынышты елдерінің территориялары тұтастығында. Бұл жағынан біз, атомның бөлшектенбейтін ұрығы (ядро) сияқтымыз. Біздің ішкі күшімізді сырттан келіп жеңер қуат жоқ.

— Онысы дұрысқа да келеді, — десті әркімдер.

— Ағылшында мұндай тұтасқан қуат жоқ, — деді Шоқан екпіндеп, — оның колонияларын теңіздер, мұхиттар бөліп жатыр. Бұл шашыранды қуат қанша күшейгенмен, еш уақытта тұтаса алмайды, сондықтан жағдайы келген бір замандарда, (ондай жағдайдың тумауы мүмкін емес), қазақша айтқанда Англия «сиырдың бүйрегіндей бытырап кете барады, ал Россия, жылқының бүйрегіндей тұтастығынан танбайды.

— Қызық теңдеулер! — десті әркімдер.

— Осы екі ұлы империя яғни Россия мен Англия, — деді Шоқан, — бүгін саяси жарыста: Англия Американың, Азияның, Африканың, Австралияның көп жеріне отаршылдық қанатын жайып, қазір Индия арқылы Орта Азияға көз тігіп отыр.

— Қайдағы саясатқа кетті мынау?! — десті бірнеше адам.

— Біздің оны тоқтатуымыз керек! — деді Шоқан қызына түсіп. — Орта Азия халықтары, оның ішінде, менің, туған халқым — қазақ, заманымыздың мәдениет биігіне көтерілу үшін, оған мәдениетті мемлекеттің сүйемелдеуі керек. Менімше, ондай мемлекет Орта Азияның көршісі — Россия болу керек. Әзірге Россияға қазақ даласының үштен екісі ғана бағынды. Тез арада қалғанын да бағындырып, одан кейін Орта Азияның кен, өлкесіне қанат жаюымыз керек.

— Программалық сөз!.. — десіп қалды әркімдер.

— Осы бағытта! — деді Шоқан, бар даусымен, — Россияға да, қазақ даласына да, Орта Азияға да адал жүректен қызмет атқаруға әзірмін!..

Шапалақ ду ете қалды. Шоқан жалт бұрылды да, мінбеден түсе жөнелді. Сөзге қызынып ентіккен аққан терге шомған, ақыл емес, инстинкт ғана билеген ол басқыштармен жүгіре жөнелген шағында, жерге құлап түсер ме еді, қайтер еді, егер етекте тосып тұрған нағашысы — Шорманның Мұсасы құшағын жая қағып алмаса. Шоқанды бауырына қатты қысқан ол, қылығына, сөзіне өте риза болғандықтан қуанышты сезімнің еркіне бағынып, еңіреп жылап жіберді.

Шоқанның сөзі тыңдаушыларға, ойда жоқ сенсация болды. Өзгелерді былай қойғанда, бұндай саяси бағыттағы программалық сөзді, «Шоқанды білеміз» дейтіндер де күтпеген еді. Шоқан сөздерінің қазақ даласына, Орта Азияға байланысты тұстарын әкім атаулы ұнатқан жоқ, себебі қазақтарды, азиялықтарды Европамен теңдестіру, — бұған дейін олардың басына кірмеген ой. Сондықтан, қазақ округтерінің басқарма председателі Дюгамель, қатар тұрған Гасфортқа:

— Адъютант қып алғалы жүрген киргизіңіз қалай-қалай сөйлеп кетті, Густав Христианович? — деді Гасфортқа.

Бұл сөздің астарына түсіне қалған Гасфорт:

— Билеуші ол емес, менмін ғой, Альсеньер Джозеппович, — деді Дюгамельдің орысша инциалы-Александр Иосипович екенін біле тұра, әдейі французша инциалын қолданып, — мені ол жұмсамайды, оны мен жұмсаймын. Қалай жүруін ол білмейді, мен білем.

Олар солай сөйлесіп тұрғанда, былайғы жұрт жұптаса да, топтаса да өзара кеу-кеулесіп кетті. Сонда айтқан сөздерінің ұзын-ырғасы талант!.. Гени деуге де тұрарлық!.. Жас та болса бастай!.. Білімі ұшан-теңіз!.. Қандай шешен сөйлейді!.. Өткірлігін айтсаңызшы!.. Ақылы қалай толыққан!.. Саяси мәселелерге де жетік!.. Болашағы зор жігіт!.. Әсіресе жарайды ғой бұны!.. Отар халықтан шықты деп аузын аштырмай, аяғын бастырмай қоймаса!..

Бірінші кітаптың соңы.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама