Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Аққу – арман

(Ертегі қойылым)

Қатысушылар:
1. Ерке
2. Аян
3. Әже
4. Аңшы
5. Бүркіт
6. Тұлпар
7. Жел
8. Тағдыр
9. Аянның әкесі
10. Аянның анасы
12. Бірінші қалыңдық
13. Екінші қалыңдық

Шымылдық ашылғанда сахнада үлкен сандық тұрады. Оның екі жағында екі перде тұтылған. Оны масахана десе де болады. Сандықтың оң жағында асадал, сол жағында ағаш төсек. Төсектің үстінде сауытсаймандары: қалқан, қылыш, найза, дулыға жатады. Асадалға қоржын ілінген. Сахнаға екі жүргізуші шығып, залда отырған балалармен амандасады.

1-Жүргізуші: Сәлеметсіңдер ме, балалар?!

2-Жүргізуші: Біз бүгін сендермен бірге ертегіші әжейдің үйінде отырмыз. Ертегіні ұнатасыңдар ғой? (Балалардың жауабы)

1-Жүргізуші: Ертегіші әжейдің ертегілерін біз де сүйеміз. Бұл ертегілер аталардың, әжелердің айтуымен ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатыр. Біздер оларды той-думандарда, жиындарда, мерекелерде, тамашаларда аталар мен әжелердің аузынан еститін болсақ, енді оларды сендер осындай театрлардан да тыңдап, көзбен көре аласыңдар.

2-Жүргізуші: Қазір сахнаға ертегіші әжейлерің шығады. Ал, мына сахнада көріп отырған құралсаймандар ертегіші әжейге көмекші ретінде қатысады.

1-Жүргізуші: Ертегіші әжей келгенше сахнада қандай заттар бар екенін дұрыстап көріп алайық.

2-Жүргізуші: Алдымен мына сандықты ашып көрейік. Онда әжей қызық-қызық ертегілер мен аңыздарды сақтаған дейді.

1-Жүргізуші: Өте сәнді сандық екен (Ашуға әркеттенеді). Ой, мынау ашылмайды ғой!

2-Жүргізуші: Кәне, мен ашып көрейінші (Оған да ашылмайды). Ашылмайды?!

1-Жүргізуші: Мүмкін, кілті бар шығар (Іздестіреді). Кілті көрінбейді ғой.

2-Жүргізуші: Кел, бірлесіп ашып көрейік (Онда да ашылмайды). Жоқ, болмайды екен! /Масаханадан әжей шығады/

Әже: Амансыдар ма, серіктестерім?! Әуреленбеңдер, бәрібір аша алмайсыңдар. Біріншіден, біреудің мүлкіне, әсіресе, бұл заттарға рұқсатсыз тиісуге болмайды. Екіншіден, бұлар жай заттар емес – сиқырлы заттар (Енді залға қарап). ОҺо, менің қонақтарым қандай көп! Сәлеметсіңдер ме, балаларым?! Сендер мұнда ертегі тыңдау үшін келдіңдер ме? Онда мен ертегіні сендерге шын ықыласыммен айтып беруге дайынмын. Алайда, алдымен мына сиқырлы заттардың маған қайдан, кімнен келгенін түсіндірейін.

Ерте, ерте заманда менің бабаларымның бабасы аңшы болыпты. Алайда оның үйі де, күйі де, малы да, мінерге аты да жоқ кедей екен (Ол масаханадан қолында садағы бар аңшы қуыршақты алып, жүргізушіге береді). Аңшы бір күні талдың бұтағында отырған бүркітті көреді (Әжей енді масаханадан Бүркіт қуыршақты алып шығады). Бүркіт аңшыдан сескеніп, бұтақтан-бұтаққа секіреді. Бірақ, ұшып кете алмайды. Аңшы садағын алып көздей бастайды. Сол кезде Бүркіт адамша сөйлеп қоя береді.

Бүркіт: Тоқтағын, Адам! Мені атпа! Менің қанатым сынған, сондықтан ұша алмаймын, мені аяй гөр!

Аңшы: Ая дейсің? Ал, мені кім аяйды? Үш күн болды, ашпын. Қақпаныма да, торыма да аң, құс түскен жоқ. Кешір мені, енді сені атамын! (Адырнасын керіп, жебесін соза бастайды)

Бүркіт: (Тыпыршып) Асықпашы, Адам! Мені атып алғаныңмен, тамағыңа жарамаймын, бәрібір қарның тоймайды.

Аңшы: Сені атып аламын да, теріңді сыпырып, ішіне сабан тығып, кәдімгі тірі бүркітке ұқсатып, бір байға сатамын. Одан алған ақшама тойғанымша тамақтанамын. (Садағын қайтадан кере бастайды)

Бүркіт: Асықпа, Адам! Мені өлтіргенңңмен, бір күн ғана тоқ боласың. Егер мені аяп, қанатымды емдеп жазсаң, өмір бойы тоқ боласың. Басыңа үй де, күй де бітіп, көңілің күйге толады, байлар қатарына қосыласың.

Әже: Аңшы келісіп, Бүркітті қолына қондырып, кең даланы кезіп, неше түрлі емдік шөптерді іздейді. Бірнеше күндер өткенде аңшының мейірінің арқасында Бүркіттің қанаты жазылып, ол әбден тыңайып, бұрынғы мықты да зор қалпына келеді.

Бүркіт: Қайырымды Адам, енді саған алғысымды айтатын кез жетті. Сен маған қаншама жақсылық жасадың, емдедің, тамақтандырдың, кейде мен үшін өзің аш жүрдің. Енді мен де сенің жақсылығыңды жақсылықпен қайтарайын. Отыр менің арқама. Сені тек жақсылық пен бақытқа бөленген өлкеге алып барайын (Бүркіт аңшыны арқасына отырғызып, бірнеше белдерден, өзендерден, көлдерден, таулардан ұшып өтеді. Ақырында жасыл бақты алқаптағы бір әппақ үйдің алдына барып қонады)

– Аңшы, мынау енді сенің үйің болады. Бұл үйде төрт түрлі сиқырлы зат бар. Мынау асадал, оның іші қалаған тағамдар мен үйге қажетті заттарға толы. Ал, мына қоржынның ішінде бабалардан қалған бірнеше түрлі музыкалық аспаптар бар. Олар қалаған әуеніңді ойнап, көңіліңді көтереді, еліңнің аңсаған арманын шертеді, махаббат күйін күмбірлетеді. Сандықтың ішінде өздерің сүйіп тыңдайтын ертегілер, аңыздар сақталған. Олар сенің өміріңді гүлдендіреді. Ағаш төсек болса, сенің тыныштығыңды күзетіп, тәтті ұйқымен тербетеді.

Сен үш түрлі шартты орындасаң ғана бұл заттар өздерінің сиқырлы қасиеттерін сақтай алады. Біріншісі – сен қарт адамдарды қадірлеп, өмір бойы сыйлап жүруге тиіссің. Кейін өзіңнің де қартаятыныңды біл. Қарттықтың ақылдылық, даналық екенін әрқашан да есіңде сақта. Екінші шарт – ешқашан еңбектен қашпа, сенің байлығың да, денсаулығың да еткен еңбегіңе байланысты. Үшінші шарт – өзгенің өміріне қиянат, қастандық жасама. Осы шарттарды өзің, балаларың және немерелерің бұлжытпай орындайтын болса, сені қоршап тұрған мына заттардың сиқырлық қасиеті сарқылмай, дәулетің арта түседі.

Әже: Міне, содан бері осындай сиқырлы заттар әрбір үйде адамдарға қызмет етіп, бақыт, байлық, тыныштық пен береке орнатып келеді.

1-Жүргізуші: Әже, қоржынды ашып, ішінде қандай музыкалық аспаптар сақталғанын көруге бола ма?

Әже: Болады, бірақ сен алдымен қазақ халқының қандай музыкалық сапаптарын білесің, сол жайында айтып берші.

1-Жүргізуші: Менің білетінім: домбыра, қобыз, қыл қобыз, нар қобыз, шаңқобыз.

2-Жүргізуші: Менің білетінім жетіген, ол арфаға ұқсайды, оның жеті шегі бар. Тағы дауылпазды білемін. Ол қазан сияқты, бетін көн терімен қаптап қояды. Оны көбіне аң аулауда қолданады: Ту-ту-там! Ту-ту-там! Сонымен бірге елге жау шапқанда елге хабар беру үшін де қолданады.

Әже: Қоржында бұлардан басқа да аспаптар бар. Оларды бабаларымыз қалдырған. Олар жайында білмеулерің де мүмкін. Мәселен, мынау сазсырнай / қоржыннан шығарады/.

2-Жүргізуші: Керемет! Балалар, қараңдаршы, формасы қаздың жұмыртқасына ұқсайды, бірақ екі тесігі бар екен. Бұрын мұны көрмеген едім. Шамасы, балшықтан жасалған-ау?

Әже: Сондықтанда ол сазсырнай аталған, яғни топырақ пен құмнан жасалады.

2-Жүргізуші: Мұнымен қалай ойнауға болады?

1-Жүргізуші: Менімше, оны үрлеп ойнау керек сияқты. Кәне, көрейінші.

Әже: Мә, ойнап көр. (Ол Н.Тілендиевтің бір шығармасын ойнайды.)

2-Жүргізуші: Балалар, тыңдаңдаршы, құм жырлап тұрғандай, тіпті құм төбе көшіп келе жатқандай. (Әжей сол кезде сандықтан материалдан жасалған құм төбенің бейнесін алып шығады.) Мен бұрын мұндай кішкентай аспаптан үлкен құм төбенің үні шығатынын естіп көрмеген едім. Не деген керемет!

Әже: Балам, солай, адамның қиялы шексіз (Қоржыннан тағы бір аспапты алып шығады) Ал, мына аспапты «Асатаяқ» дейді (өзі ойнайды).

2-Жүргізуші: Әже, кең далада ат шауып бара жатқандай сезініп тұрмын. Жалы желмен желбіреген құлыншақты да көріп тұрғандаймын: Татат-татат-татат! Татат-татат-татат! (Күледі)

Әже: Құлыншағым менің, жақсы ойнайды екенсің!

1-Жүргізуші: Мынау тағы бір аспап. Оны

«Дауылпаз» деп атайтынын білемін. (Ойнайды)

2-Жүргізуші: Бұл аспапты ойнап, батырларды жорыққа шақырады. Ей, батырлар, алға аттаныңдар! (Өзі батыр киімін киіп, батырға ұқсап шыға келеді) Ей, батырлар, кәне, маған еріңдер! Аттандық жорыққа!

Тра-та-та! Тра-та-та! Тра-та-та!

Әже: Ой, менің еркешім, менің тентегім! Дұрыс айтасың, бабаларымыз дауылпаздың үнімен батырларды жорыққа шақырып, елді, жерді жаулардан қорғаған. Сөйтіп, керемет ерліктер жасаған.

Ал, мынау – сыбызғы (Сыбызғыны шығарады). Мұның нәзік үнімен әдемі ертегілер мен аңыздарды жырлайтын болған.

2-Жүргізуші: Әже, қараңызшы, қандай қызық аспап, өзі кішкентай қолдары бар Қаңбақшалға ұқсайды. Қандай жеп-жеңіл! Онымен қалай ойнайды екен?

Әже: Мұны «Желбуаз» деп атайды.Оны ешкінің терісінен жасайды. Қымыз сақтайтын сабаға ұқсайды. Мұны мойынға іліп қойып ойнайды. Мә, ойнап көр. (1-Жүргізуші ойнайды)

2-Жүргізуші: Қандай ғажап үн! Самал жел кең даланы желпіп өткендей!

Әже: Солай, ботақаным! Осындай сиқырлы әуендер сиқырлы сандықты ашып, сиқырлы ертегілер мен аңыздарды атадан балаға, баладан немереге, заманнанзаманға таратып жатады. Біздер оны желдің уілінен естіп, оны, балалар, сендерге жеткіземіз. Міне, сондай ертегілердің біреуі мынандай (Сандықты ашқанда, ішінен жел көгершіндей қалықтап ұшып,сахна төбесіне көтеріледі)

Әже:
Желім, желім – тұлпарым!
Желім, желім – сұңқарым!
Жер үстінде жақсылық
Көріп жүр ғой тапшылық.
Жақсылыққа зұлымдық
Ұрынады қас қылып.
Сол зұлымдық қашанғы
Жер үстінде жасайды?

Жел:
Махаббат пен қастандық
Бір-біріне бастан тік
Жаралған ғой тегінде.
Зұлымдық көп өмірде.
Махаббат десе ақындар
Алау атып лапылдар.
Зұлымдық оны өлтірмек,
Барынша зиян келтірмек.

Әже:
Кең дүние тыңдасын,
Махаббатты жырлашы.
Жырлашы, жел, жырлашы,
Әлемді кезіп тынбашы.
Сен жырлаған аңызды
Тыңдасын жұрт жаны ізг,.
Мен тынбаймын, тынбаймын,
Мен жырласам жырлаймын
Төлеген мен Жібекті,
Еңлік пенен Кебекті.
Қозы менен Баянды,
Аққу жайлы аяулы.
Жырламайды жел текке,
Жеткіземін мен көпке.
Үлгі болсын басқаға,
Кәріге де, жасқа да.

(Жел ұшып кетеді. Әже сандықтан қуыршақ Ерке қызды шығарады, одан әрі оны жүргізуші алып кетеді. Әже Жеңешенің рөлін атқарады)

Жеңеше:
Ерке сұлу сен бе едің?
Неткен ғажап келбетің!
Аққудайсың әдемі,
Сызып өткен көл бетін.
Сен бір көктің жұлдызы,
Жердің жақұт құндызы.
Барлық ақын жырлаған,
Көзді тартқан қырмызы.

Ерке:
Қиыстырып мақтайсың,
Бойымнан мін таппайсың.
Жаны жұмсақ анамдай
Аялайсың, баптайсың.
Қайың ба екен, тал ма екен?
Шекер ме екен, бал ма екен?
Мені сүйер бір жігіт
Бұл өмірде бар ма екен?
Жетер едім бар болса,
Қайыспас ер нар болса.
Мәңгі сүйіп өтер ем,
Аққудайын жар болса.

Жеңеше:
Мұңайма, Ерке, мұңайма,
Мұңаю әлде ұнай ма?
Ажарың аймен теңескен,
Сұлусың ғажап былай да.
Күлімдесең күндей боп,
Жігіт біткен шыдай ма?
(Көпшілікке қарап)
Ей, жігіттер, өрімдер,
Біздің тойға келіңдер.
Айдай сұлу ару қыз,
Еркешімді көріңдер!

Музыка ойналып, бірінші қалыңдық шығады. Қолында сыбызғы және құмырасы бар. Сыбызғысын ойнаған кезде құмыра ішінен жылан шығып, билей бастайды.

Жеңеше:
Еркежан, бұған қалай қарайсың?
Жігітті кімге балайсың?

Ерке:
Мұндай өнер белгілі,
Сиқыршы дейді ел мұны.
Қаламаймын сиқырды,
Жүрген жері құйтырқы.

Бірінші қалыңдық кетіп, екіншісі шығады. Оның қолында беті орамалмен жабылған табақша бар. Оны ашып қалғанда, ішінен жалт-жұлт еткен асыл бұйымдар көрінеді.

Қалыңдық:
Еркежан, қалқам, қарашы,
Қалағаныңды аласың.

Ерке:
Бұйым емес асыл тасың,
Керегі – тек махаббатым!

Жарқыраған асыл тастардың сәулесі сөніп, оның орнына қорқынышты түрдегі Тағдыр шығады.

Тағдыр:
Мен жалынмын – Тағдырмын,
Танымасаң – Тәңірмін.
Байлық та менің қолымда,
Даңқ та менің қолымда.
Ешкім қарсы тұра алмас
Мына менің жолымда!
Күтесің мені, білемін,
Мен деп соқсын жүрегің.
Неге үнсізсің? Қолды бер,
Жүр менімен, соңыма ер!
Ораймын сені жақұтқа,
Бөлеймін сені бақытқа!

Ерке:
Рас, сенің атағың зор,
Соған орай шатағың мол.
Құмда жортқан кесірткесің,
Сені сонша есірткен кім?
Байлықты да, бақытты да,
Тартып алмақсың тақытты да.
Керегі жоқ оның маған,
Ере алмаймын – жолың қараң.
Құсқа кеңістік ауа керек,
Құланға кең дала керек.
Менің-дағы кең жүрегім,
Махаббат деп елжірейді.
Бірақ, сүйгенім сен емессің,
Менімен сен тең емессің!

Тағдыр:
Ей, ару қыз, бұлғақтама,
Құдіретіме шындап қара.
Күлімдесем – күндеймін
Ашулансам – түндеймін.
Алып күшті пілдеймін,
Қарсыласқанды жүндеймін.
Алған беттен тайынбан,
Тойға жылдам дайындал!
Жас жігіт көрінеді.
Ерке оған қадала қарайды.
Жігіт те қызға жақындай түседі.
Екеуі бірін-бірі ұғысқандай болады.

Аян: Әне, сол қыз...

Ерке: Күткенім осы еді...

Аян: Мен сені ұзақ іздедім.

Ерке: Өңім бе, әлде түсім бе?

Аян: Еркежан, шынымен сенсің бе?

Ерке: Аянбысың, жаным, аңсағаным!

Аян:
Мен сені түсімде көрдім,
Әппақ бұлттың ішінде көрдім.
Әлде неден қамығыпсың,
Әлде мені сағыныпсың.
Самұрығымен сағыныштың
Мен де саған алып ұштым.

Ерке:
Күттім сені, келетініңді білдім,
Күттім сені, өбетініңді білдім.

Аян:
Еркем, саған жеткенімше,
Талай таудан өтпедім бе?
Белес-белес белдер қалды,
Небір өзен, көлдер қалды.
Саған арнап гүлдер тердім,
Гүлмен бірге гүлдер дедім.
Сапарымды жалғастырдым,
Талай тұлпар алмастырдым.
Көп бөгеттен өттім аман,
Ақырында жеттім саған.
Таптым, міне, ғашығымды,
Баға жетпес асылымды.

(«Куә бол, айым» әні орындалып жатады)

Тағдыр:
Тоқта, Аян, тыңда мені,
Кім шақырды мұнда сені?
Менің берген антымды ұқ,
Менің қатал салтымды ұқ.
Жақсы көрсе кім Еркені,
Опық жейді түбі ертеңі.
Қиянкескі ойран салам,
Қанға бөгер ойланбаған.
Асқақ арман күл болады,
Сүйген жарың тұл қалады.
Жанарлары жасқа толып,
Ата-анаң құл болады.
Түнге айналар үміт таңың,
Осыны сен ұмытпағын! (Кетеді)

Әже:
Зұлымдық бар бұл өмірде,
Тек жамандық тілегінде.
Жақсылықты көре алмайды,
Жүрген жері болар қайғы.
Жазыңды қыс-тоң қылады,
Қызыл гүлді солдырады.
Ұқпады оны Аян жігіт,
От жүректе оянды үміт.
Жақсы хабар жеткізуге,
Құстай ұшып кетті үйіне.

(Аян тұлпарымен шауып бара жатады)

Аян:
Заула, заула, тұлпарым!
Ерке – менің іңкәрім!
Ерке – асыл жақұтым,
Ерке – арман бақытым!
Желпіндіріп жел жаңа,
Білсін байтақ кең дала.
Білсін оны таулар да,
Білсін оны баулар да.
Білсін оны Анам да,
Білсін барлық адамдар.
Бақыттымын мен бүгін,
Той тойлайтын келді күн!

(Масаханадан Аянның әкесі мен анасы шығады)

Аян:
Армысыңдар, әке-шешем!
Жеттім, міне, аман-есен.
Туған үйім – алтын ұям,
Жарық берген жарқын ұям!
Қуанышпен ұшып келем,
Ғашығымды құшып келем.
Өзі сұлу көркем сондай,
Жан жоқ маған Еркежандай.
Сонымен бір ендігі өмір,
Жеңді жүрек, көнді көңіл.
Біздер неден тосыламыз?
Енді тездеп қосыламыз.
Әке, бізге бер батаңды,
Ер көтерер зор батаңды.

Әкесі:
Дала кезер бөрі ғана,
Қайдан келдің, пері бала?!
Өз жеріңнен неге бездің?
Жат өлкені неге кездің?
Дауылдама, жауындама,
Арулар көп ауылда да.
Соның бірін ондайда,
Таңдап алсаң болмай ма?
Тілімді алсаң, солай, болсын,
Біздің ойға орай болсын.
Тыңдамасаң егер мені,
Теріс бата берем кері.

Анасы:
Тілеп едім бір Алладан,
Соған тәуба қылам, балам.
Бақыт іздеп басқа жерден,
Жар тауыпсың басқа елден.
Тағдыр солай жазған шығар,
Аяқ солай басқан шығар.
Махаббатқа бөгет болман,
Деймін: «Тәңір, жебеп қолда!»
Жолың болсын, тарылмасын,
Балам, алдан жарылқасын!

Аян:
О, Анам менің, айналайын,
Тілегіңе сай болайын.

(Анасын құшақтап, басын кеудесіне қояды)

Анасы:
О, Махаббат Періштесі,
Жақсылықты сен істеші!
Алланың ақ пендесіне –
Қоншы Аянның кеудесіне.
Жастар Тәңір сыйы деп шын,
Бірін-бірі сүйіп өтсін.
Жаманшылық жуымасын,
Армандарын биік етсін.
О, Махаббат Періштесі,
Жүрер жолын тегістеші,
Қуандырып аналарын,
Бақыт құшсын балаларым!

Әже: Ана баласының маңдайынан сүйіп, жақсы тілек тілеп, жанары жасқа толып, үйдің ішінде қалып қояды. Әкесінің оң бата бермегені үшін, баласының бұл сапарының сәтті аяқталуына сенбейтін секілді. Аян болса, сүйген жарым Ерке қайдасың деп, тұлпарымен құстай ұшып бара жатады, қолында Еркенің жібек орамалы. Сол кезде тасадан Тағдыр шыға келіп, садағымен Аянның ту сыртынан жебесін тартып жібереді. Аян көлге ұшып түседі де, табанда аққуға айналып кетеді. Содан кейін көкка қарап, қатты қиқулап ән салады.

Сол тұста Ерке көл жағасында жаутаңдап, жарын тосып тұрады.

Ерке:
Аққуым менің, Аяным менің,
Естимісің, аяулым менің.
Мен сенімен бірге болам,
Бірге ұшып, бірге қонам.
Теңіз, дала, орман-тоғай
Сені ұшырсын маған қарай.
Жаным-тәнім сенімен бір,
Өзіңді ойлап егілемін.
Аққу құсым – ғашық құрбым,
Сені асыға тосып тұрмын!

(Осы кезде қасына Тағдыр келеді де, кекесінді түрде тіл қатады)

Тағдыр:
Сұлу, неге мұңаясың?
Енді сені кім аясын?
Мен сертімде тұра білдім,
Аянға қылыш ұра білдім.
Бар күшімді салып бірден,
Батырлығымды таныттым мен.
Ерке, енді сенесің бе?
Айтқаныма көнесің бе?

Ерке:
Батыр емес, бақырсың сен,
Сырттан атқан қатынсың сен!

Тағдыр:
Онда, Ерке, көр мынаны,
Қылышымнан ол құлады!

(Ерке көкке қарай қолын созып, Тәңірден Тағдырды жазалауын сұрайды)

Ерке:
Тағдыр, сені қарғыс атсын!
Тағдыр, сені қарғыс атсын!

(Алай-түлей музыка ойналып, Тағдыр көкке ұшып барып, жерге бұлт болып оралып, дәу қарақұртқа айналып кетеді)

Ерке:
Бәрі бітті, бәрі тынды...
Қарақұрттың кәрі сынды..
Жарым өлді, мен де...
Жалғыз қалмаймын жерде.
Ал, Тағдыр, сен адам емессің,
Қарақұртсың – елессің,
Ешкімге жақсылық болсын демессің.
Ойлайтының зұлымдық, қиянат,
Жүрегіңде қалған ұялап.
Сол үшін сені қарғаймын,
Құдайдан сұрап зарлаймын.
Күн сен үшін тас түнек болсын,
Тартқаның қасірет болсын!
Өз зұлымдығың өзіңді жұтсын,
Бұл өмірден көзіңді құртсын!
Ал, махаббат көктей берсін,
Жұмаққа қарай беттей берсін!...
/Өзі көлге қарай беттейді/
Аққуым менің, асылым менің,
Өзіңе көптен асығып едім.
Ант етем – енді боламын бірге,
Қасыңда мәңгі қаламын мүлде.

/Орамалын толқынға тастайды, Аққу келіп оны тұмсығымен іліп алады. Ерке суға секіріп кетеді де, өзі де аққуға айналады. Сөйтіп, екі аққу бір-бірімен аймаласып, айдында жүзіп бара жатады/

Әже:

Міне, сандықта сақталған ертегі-аңыздың бірі осылай аяқталды.

(Шымылдық)


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама