Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 4 күн бұрын)
Асан қайғы туралы

Асан қайғы желмаясына мініп желдіртіп Сарыарқаны аралап жүргендегі жерге айтқан сындары.

Ұзын аққан Ертісті көргенде: «Мына шіркіннің баласы тойдым деп қарап отырмас, қарным ашты деп жылап отырмас. Сиырдың мүйізі, кеуірдің құлағы шығып тұрған жер екен. Күнінде баласы кеуірден жылайды-ау!» — депті.

Шыңғыс тауын, Семей тауларын көргенде: «Мына шіркіннің топырағы құтырған екен. Оған шыққан шөп құтырады, оны жеп семірген мал құтырады, оның етін жеп, сүтін ішкен адам құтырады. Қан үзілмейтін, кісі өлтіру, ұрыс-төбелес көп болатұғын жер екен», — депті.

Түндік өзенін көргенде: «он екі қазылық ой түндік, маңырап жатқан қой түндік, қойдың құлағы тұтам шығып тұрған жер екен», — деп, тастап кетуге қимай артына он қараған екен. Сонан Қара атанған.

Қызылтау деген жерге келгенде тауы, тасы кеш болғанда қой болып еңіреніп жатады екен. «Тоқтысы қысыр қалмайтұғын жер екен» депті.

Баянаула тауын көргенде: «Ат ерін алуға жарамайтұғын жер екен. Шіркінді жұрт қалай қоныс қылып отырған. Бір көрген кісі кәпір-ай, сені желкемнің шұқыры көрсін дейді екен. Бауырында бір қара еткен тұзы бар екен. Тұзы ауыр екен. Бір күн түнеп кетемін деген бір жұма тоқтап қалады екен. Тұзы жібермейді екен».

Ащы бойына келгенде артына қарап: «А, Баянаула, сенің қоныс болып тұрғаның мынау Ащының арқасы екен. Мал жазғытұрым бір жұма ащылайды екен. Күзге таман бір жұма ащылайды екен. Сонысы бір жылға татиды екен. Олай болмаған Баянаула қоныс болуға жарамайтұғын жер екен», — депті.

Бөкейбай деген төбені көргенде: «Анау Баянаула тауынан мына Бөкембайдың қырық кезіктігі бар екен».

Терісаққан деген өзенді көргенде: «Сарыарқаның тұздығы екен» депті.

Жетіқоңырды көргенде: «Сарыарқаның мауыты екен» депті.

Шу деген өзенді көргенде: «Мына шіркіннің екі жағы борбас екен, өне бойы нар қамыс екен. Іші толған жолбарыс екен. Баланың іші қуырылмайтұғын, пышағы суырылмайтұғын, еркегі ат болатұғын, ұрғашысы жат болатұғын жер екен» депті.

Қаратауды көргенде: «Көкектен басқа құсы жоқ, көк шөпті жұлғаннан басқа ісі жоқ. Аты бестісінде қартаятұғын, жігіті жиырмасында қартаятұғын жер азғыны да мұнда екен, ел азғыны да мұнда екен» деген екен.

Шымкент, Сайрамды көргенде: «Екі бас сабыр, базар малында береке болмайтұғын, базары жақын — байымас, мазары жақын — көбеймес» деген екен.

Ұзын аққан Сыр бойын көргенде: «Басы байпақ, аяғы қайқақ, екі-ақ ауылға қоныс екен. Өн бойы кедейлікке біткен жер екен».

«Қаратауды жайласа, Сырдың бойын қыстаса, қоныс болуға сонда дұрыс екен» депті.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама