Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Ата - баба дәстүрі - асыл қазына (Ата - аналармен жұмыс)
Ата - баба дәстүрі - асыл қазына (Ата - аналармен жұмыс)
Мақсаты: Қазақ халқының салт - дәстүрлері мен әдет-ғұрпының тәрбиелік мәнін ұғындыру, балаларға өз халқының тегін жатқа біліп, ата - бабаның салт - дәстүрін бойына сіңіру. Адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру, тілін дамыта отырып, халық өнегесін үйрету, достыққа баулу, ата - анамен тығыз байланыс жасау арқылы ортақ тәрбиеге жұмылдыру.
Көрнекіліктер: Мультимедия, бесік, киіз үй жабдықтары.

Сабақтың барысы:
Тәрбиеші: Ата салтым - асыл мұра ардағым
Бабалардың жалғастырар арманын
Сан ғасырда қалпын бұзбас қадірім
Өткенімді бүгінменен жалғадым.

1 - бала: Жиналыппыз, сәтті күні бәрімізде
Үлкен, кіші жасымыз, кәріміз де.
Төрлетіңіз, қадірменді қонақтар
Гүл - гүл жайнап мына біздің төріміз

2 - бала: Қазағымның салт - дәстүрі жаңғырған,
Тәлімді ой сынағы, тәрбие көзі қалдырған.
Салт - дәстүрді ардақтайық, ағайын
Қазақ атты үлкен кіші, балдырған.

Тәрбиеші: (Слайд арқылы салт - дәстүрлер туралы қысқаша мәлімет)
Салт - дәстүрлерінің ішінде бала тәрбиесіне байланысты тәрбие дәстүріне тоқталсақ.
Тәрбие дәстүрі:
1. Шілдехана (салт) жаңа туған нәрестенің құрметіне жасалатын ойын - сауық той.

2. Кіндік кесер (салт). Нәресте туған сәтте оның кіндігін әйелдер (кіндік шешесі) кесуге дайын тұрады. Кіндік кесу мәртебелі, абыройлы іс.

3. Бесікке салу (салт) жаңа туған баланы бесікке салу. Бесік қасиетті, киелі, құтты мүлік, сәбидің алтын ұясы болып есептеледі.

4. Қырқынан шығару (салт). Баланың туғанына қырық күн толған соң, оны ыдысқа қырық қасық су құйып шомылдырады, ол сәбидің жан жүйесінің қалыптасып, дені сау болып өсуіне деген ақ тілікпен жасалатын ғұрып.

5. Тұсаукесер (салт) сәби қаз тұрғаннан кейін тез жүріп кетсін деген
тілекпен жасалатын ғұрып.

Қазақ халқының қалыптасқан бірнеше ғұрыптары:
1. Ат қою (ғұрып) қазақ халқы жаңа туған сәбиге жақсы есімдер мен әйгілі адамдардың атын қойған. Сонымен бірге бала есімін беделді көпті көрген аталарымызға қойғызып, батасын алған.
2. Айдар (ғұрып). Балалардың төбесіне шашын ұзартып өсіріп қояды. Бұл ер балаға жасалады.
3. Кекіл (ғұрып). Жас балалардың шашын ұстарамен алып тастайды да, маңдайына бір шөкім шаш қалдырып, оның жиегін тегістеп қиып қояды. Оны «кекіл» дейді.

Қазақтың бірнеше дәстүрлерін атап өтсек.
1. Тыштырма (дәстүр). Сәбиді бесікке салар кезде бесіктің түбегі тұратын тесіктен құрт, ірімшік, тәттілер өткізіп «тыштырма, тыштырма» деп ырым жасайды және оны «тыштырма» деп атайды. Тыштырманы әйелдер ырым етіп бөлісіп, бала-шағаларына үлестіріп береді.
2. Базарлық (дәстүр) – алыс сапарға шыққан адамдардың жақындарына (жерлес, көрші - көлем, жас балалар, сыйлас адамдарына әкелген сыйлығы)
3. Байғазы (дәстүр) балалардың, жастардың жаңа киім үшін берілетін ақшалай, заттай сый.
4. Тілашар (дәстүр) баласы 7 жасқа толған соң балаға жаңа киім кигізіп, оқу жабдықтарын дайындап, шағын той өткізеді. Мұны «тілашар» тойы деп атайды.
Тәрбиеші: Бүгін сіздерге қазақтың ұлттық салт - дәстүрлерін ұсынамыз. Күй ойналып залға бір бала жүгіріп шығады.
1 бала: Сүйінші! Сүйінші! Ерден атам немерелі болды.
Тәрбиеші: Қазақта жақсы хабар жеткізген адамға сүйінші беру деген бар саған кәмпит берейін.(Кәмпит береді)
Ендеше балалар ата - аналар бәріміз Ерден атайдың үйіне барайық.
Күй ойналып, барлығы Ерден атай мен әжейдің шаңырағына келеді.
Бала: Ассаламағалейкум ата!
Ата: Уағалейкумассалам!
Тәрбиеші: Күйлі - қуаттымысыз ата - әже?
Ата: Құдайға шүкір балам аман - сау, жүріп жатырмыз.
Тәрбиеші: Немерелеріңіздің бауы берік болсын. Тойларыңыз құтты болсын.(Қонақтар шашу шашады)
Әже: Қош келдіңіздер! Төрлетіңіздер.
Ата: «Алыстан алты жасар бала келсе алпыстағы қария сәлем береді» деген өздеріңіздің хал - жағдайларыңыз қалай?
Тәрбиеші: жақсы ата!
Әже: «Келгенше қонақ ұялады, келгеннен соң үй иесі ұялады»- деген келіңіздер, төрге шығып қонақ болып кетіңіздер.
1 бала: «Қонағын сыйласа төрге шық» деген төрге шығайық.
(Балалар дастархан басына отырады.)
Әже: Қонақпен еріп құт келеді демекші аталарың екеуміз немерелі болдық. Сендер жақсы келдіңіздер. Осы немереміздің қуанышына ортақтасып куә болыңыздар. Ендеше немеремізге азан шақырып атын
қояйық. Ал келін немеремді алып келе ғой.
(келін нәрестені алып келеді)

1 бала: Туғаннан соң адам боп.
Білімсізден жаман жоқ.
Ел дәстүрін білмесең
Жұрт айтады «надан» деп.

Әже: Жарайсың, балам. Атасын немереңді ала ғой.
(Әже атаға немерені береді)

Ата: (Баланың құлағына үш рет дауыстап айтады) Бисимиллаһир рахман - рахим. Сенің атың Қамбар! (3 рет)
(баланы әжеге береді)

Тәрбиеші: Міне немереңіздің азан шақырылып аты қойылды.

Әже: Алдымен баламыздың денсаулығы мықты болуы үшін тұзды суға күміс теңгелер салып жуындырайық.
Бисимиллаһир рахман - рахим (табаққа су құйып ішіне тұз, күміс теңгелер салып жуындырады)
Шомылдырғаннан кейін әже баланың денесін маймен сылайды.
Өс - өс балам, өсе бер
Батыр балуан бол білекті
Батыл бол талмас жүректі
Аяқ - қолыңды созайық
Саусағынды жазайын
Етті болсын балтырың
Епті боп өс жарқыным.
- Енді немеремізді бесікке салайық. Алдымен бесікті аластайын.
Алас, алас, пәледен алас
Иесі, келді пәледен алас, қаш
Алас, алас көзі жаманның көзінен алас
Тілі жаманның тілінен алас.

Тыштырма жасау.
- Балалар бесіктің түбегінің аст ын қараңыздар. Тыштыма, тыштыма?
(Кәмпит, печенье, құрт түбегінен алады)
Әже: Мынау - бесігіміз. Астыңғы көрпеше, бас жастық, тізе көрпе, шүмек, белбеу, бет пердесі. Ал, мынау ұйқы сақтары, көз моншағы, үкісін байлаймын.
Әже: балалар сендер бесік туралы қандай мақал - мәтел, тыйым сөздер білесіңдер?
1 - бала: «Бос бесікті тербетпе».
2 - бала: «Ел болам десең - бесігіңді түзе!»
Баланы әже бесікке салады.
Әже: міне немеремізді бесікке салдық. Қазақта 7 саны қасиетті сан аталады. Ержүректі, күшті, мықтылығы дарысын деп бесікке 7 киім жабамыз.

Ойын: «Қыз қуу»
Тәрбиеші: Ата - аналар, бүгін тойымыз қызықты өту үшін келесі танымдық ойынға кезек берейік. Мына сыйқырлы сандықшада асықтар салынған. Осы асықтардың бетінде сан жазылғын. Кез - келген бір асықты алып, шыққан сол санға байланысты сұрақ қоямын. Кім жауап береді екен?

1 - сұрақ
Он атаны атап беріңіз.
(Әке, бала, немере, шөбере, шөпшік, немене, туажат, жеғжат, жұрағат, жамағай)
2 – сұрақ. Үш жүзді атаңыз
(Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз)
3 – сұрақ. Үш даусыз
(Мінез, кәрілік, ажал)
4 - сұрақ
Жігіттің үш жақын жұртын ата.
(Ағайын жұрт, нағашы жұрт, қайын жұрт)
5 - сұрақ
Үш арыс.
(Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров)
6 - сұрақ
Төрт қонақ
(Арнайы қонақ, құдайы қонақ, қыдырма қонақ, қылғыма қонақ)
7 - сұрақ
Төрт түліктің пірін атаңыз.
(Түйе пірі - Ойсыл қара, жылқы пірі - Қамбар ата, сиыр пірі - Зеңгір баба, қой пірі - Шопан ата, ешкі пірі - Шекшек ата)
8 - сұрақ
Төрт қымбат
(Алтын ұя, Отан қымбат, құт - береке атаң қымбат, мейірімді анаң қымбат, бәрінен де ұят пен ар қымбат)
9 - сұрақ
Бес қаруға нелер жатады?
(Мылтық, садақ, найза, қылыш, айбалта)
10 - сұрақ
Бес қатер
(От, жау, борыш, ауру, сөз)
11 - сұрақ
Бес жақын кімдер?
(Тату болса ағайын жақын.
Ақылшы болса - апайың жақын.
Бауырмал болса - інің жақын
Инабатты болса - келінің жақын
Алдыңа тартқан адал асын
Қимас жақын қарындасың)
12 - сұрақ
Жеті қазынаны атаңыз.
(Ер жігіт, сұлу әйел, ақыл - білім, жүйрік ат, берен мылтық, қыран бүркіт, құмай тазы)

Ойын: «Арқан тартпақ»
Тәрбиеші: Құрметті ата - аналар, балалар. Қазақта қонақ кәде деген бар. Олай болса сергіту сәтімізде сіздерге қояр тапсырмам мына үзік - үзік сөздерден мақал құрастыру керек.

1) Ұяда..., ұшқанда....
(Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің)
2) Ата..., бала....
(Ата - бәйтерек, бала - жапырақ)
3) Ер... ез....
(Ер бір өледі, ез мың өледі)
4) Өле..., бөле....
(Өле жегенше бөле же)
5) Таяқ..., сөз....
(Таяқ еттен өтеді, сөз сүйектен өтеді)
6) Мал..., жер....
(Мал баққандікі, жер жыртқандікі)
7) Тентектің ақылы....
(Тентектің ақылы түстен кейін кіреді)
8)... сүйіндіреді,... күйіндіреді.
(Жақсы сөз сүйіндіреді, жаман сөз күйіндіреді.)
9) Мысық... тышқан....
(Мысыққа ойын керек, тышқанға өлім керек.)
10) Мектеп..., білім....
(Мектеп – кеме, білім - теңіз)

Қорытынды: Бүгінгі сабағымыздың мақсаты - заман өзгерсе де, ұлттық салт - дәстүріміздің көнермейтіндігін еске салып, ұлттық мұраны қайта жаңғырту. Өзін қазақпын деп санайтын әрбір адам қазақтың дәлелдей алатын істерімен өзгеге өнеге болу керек. Ұлттық қадір - қасиеттер: әдептілік, қонақжайлылық, бауырмалдық, қайырымдылық.

Ата немересіне бата береді:
Бөбектің бауы берік болсын
Өскен сайын өрлей түссін.
Еш жамандық көрмесін.
Өзі жарық күн болсын
Жасы ұзақ мың болсын!
Оқуда алғыр бол
Қатарыңның алды бол.
Қыдыр атаң жолдасың болсын!
Бастарыңызға амандық беріп
Отбасымызға ырыс - құт берсін
Халқымызға тыныштық берсін!
Әмин.

Атырау қаласы,
МКҚК №29 «Нұрсая» бөбекжай балабақшасы
II санатты тәрбиеші Темірханова Жаңыл Жумаханқызы

Назар аударыңыз! Жасырын мәтінді көру үшін сізге сайтқа тіркелу қажет.

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама