Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 4 күн бұрын)
Ахмет Жұбановқа 115 жыл

"Музыка – адамзаттың әмбебап тілі" деп Г.Лонгфелло айтпақшы қазақ музыкасын шарықтау шегіне көтерген ұлы тұлғалардың бірі –  Ахмет Жұбанов. Толық зерттелмеген қазақ музыкасын зерттеп, әйгілі дирижер, мықты композитор, өнертану ғылымының докторы, Қазақстанның халық әртісі, академик атанған Ахмет шығармашылығы мен еңбегі халық жадында. Биыл Ахмет Жұбановтың 115 жылдығы. Ел есінде сақталған дара тұлғаның өмірі мен шығармашылығын саралап, тың деректер келтірмекпін.

Ахмет салған сара жол Ахмет Жұбанов 1906 жылы 29 сәуірде Ақтөбе облысы Темір ауданында дүниеге келген. Өнерге деген махаббаты ерте оянған Ахмет алты жасынан домбыраның құлағында ойнай бастайды. Жеті жасында Уркачевск елді мекеніндегі екіжылдық училищеге оқуға түседі. Тұңғыш ұстазы Құсайын Әжіғалиев оған домбыра, мандолина, балалайка, скрипка сияқты аспаптарда ойнауды үйреткен. 1919 жылы Ахметтің әкесі ауырып дүниеден өтеді. Оның тым ерте еңбек етуден басқа амалы қалмайды. Алғаш хатшы, меңгеруші болып қызмет атқарады. 1925 жылы Ақтөбе қаласындағы курсты тәмамдап, Ақжар мектебіне мұғалім болып орналасады. 1928 жылы Ақтөбеде оқуға келеді. Мұнда Варшава консерваториясын бітірген Н.Чернюк деген скрипкашымен танысып, музыкалық сауатын ашып, скрипкадан дәріс алады. 1929 жылы ағасы Құдайбергенмен Ленинградқа оқуға келіп, музыка техникумының скрипка классына қабылданады. Алайда, оқу ақылы болғандықтан, техникумды тастауға мәжбүр болады. Көп кешікпей консерваторияда профессор Ф.А.Ниманның гобой классында оқуын бастайды. 1931 жылы А. Жұбанов елге келіп 50 шақты ән мен күйді жазып алады. Осы жылы қазақ тілінде алғашқы «Музыка сауатының әліппесі» еңбегін жазады. 1932 жылы консерваторияны мезгілінен бұрын бітіріп, Өнертану институтының аспирантурасына түседі. 1933 жылдың ақпанында Алматыдағы жаңа ашылған музыкалық драма техникумына жұмысқа тұрады. 1934 жылы қазақ халық аспаптары оркестрін құрады. 1935-1945 жылдар арасында осы оркестрдің көркемдік жетекшісі әрі дирижері болады.

Ахметтің ізімен А.Жұбановтың қазақ мәдениетіне қосқан үлесі ұшан-теңіз. 1933 жылдың ақпанынан басталған еңбек жолы қазақ өнері мен мәдениетінің қалыптасуы, дамуы және өркендеуі жолында алтын әріптермен жазылған жемісті беттеріне айналды. Бұл кезең жаңадан қаулап пайда бола бастаған оқу, мәдени-өнер ордаларының құрылуы мен кәсіби ұжымдардың қалыптасу кезеңі болатын. Бүгінгі таңда құрылғанына 70, 60 жыл толған республикалық деңгейдегі: Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық ұлт-аспаптар оркестрі, Жамбыл атындағы филармония, Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерватория және сол оқу орнындағы қазақтың халық аспаптар кафедрасы, Ұлттық ғылым академиясы, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты құрамындағы Өнертану секторы қазақ мәдениетінің ірі қайраткері Ахмет Қуанұлы Жұбановтың тікелей араласуымен және жетекшілік етуімен өмірге жолдама алған ұжымдар.

Ел арасында өнерпаз әнші-күйшілердің орындауында кең тараған халық композиторларының ән-күйлерін жинап, жүйелеу ісі жиырмасыншы ғасырдың алғашқы жартысында кең қанат жайды. Республикадағы музыкатану ілімінің негізін қалаған А.Жұбанов өзінің ғылыми-зерттеу жұмыстарында қазақ халық композиторлық-орындаушылық мектебінің үздік өкілдерінің өмірі мен шығармашылығын жан-жақты зерттеді. Қазақ халқының кең тараған аспаптық және ән орындаушылық дәстүрлерінің халық жадында қалған танымал тұлғаларының шығармашылық жолына арналған “Ғасырлар пернесі” және “Замана бұлбұлдары” атты монографиялық туындылары жеке кітап болып басылып шықты. Өмірлік тақырыбына айналған “Құрманғазы” монографиясы кезінде алғашқы буын зерттеушілерден кеткен олқылықтарды жан-жақты толықтырып, ұлы күйшінің есімін биікке асқақтата көтерді. Қазақ музыкатану тарихына, қазақ даласында қалыптасқан композиторлық, орындаушылық дәстүрлер жайлы мол мағлұматтар беретін А.Жұбанов қалдырған ғылыми, публицистикалық еңбектер біздің қымбат қазыналарымыз. Белгілі өнертанушы Б.Ғизатовтың “Ғасырлар пернесі” мен “Замана бұлбұлдары” қазақ музыкасына қойылған үлкен ескерткіш іспеттес” деп айтқан пікіріне алып қосарымыз жоқ.

Құрманғазының ұлан-ғайыр күйлерін жинақтап, оларды ғылыми тұрғыдан зерттеп, саралап, күйшінің шығармашылық жолы жайлы салихалы пікір айтқан академик Ахмет Жұбанов болатын. “Құрманғазы және оның өмірін зерттеудегі А.Жұбановтың қызметі” атты мақаласында өнер зерттеушісі З.Қоспақов “Көркем әдебиетте Абай бейнесін сомдаған М.О.Әуезов болса, ұлы домбырашы, күйші Құрманғазының музыкалық тұлғасын жасаған қазақ өнерінің көшбастаушысы, академик Ахмет Қуанұлы Жұбанов болды. …Құрманғазыны айтқанда аузымызға Ахмет Жұбанов есімі қатар оралатындығы да сондықтан” дейді.

Ахмет Жұбановтың суреткерлік арманы – қуғын-сүргінді көп көріп, бас бостандығы үшін күрескен, зор қажыр-қайрат иесі, сахараның “ең үлкен жұлдызы Құрманғазы бейнесін музыкалық театр сахнасына шығару болатын” дейді қызы Ғ.Жұбанова. Бұған дейін 1944 жылы Л.Хамидимен бірге ұлы “Абайды” опера сахнасынан сәтті сөйлеткен А.Жұбановтың келесі жолы “Құрманғазыға” тоқталуы заңдылық болатын. Біріншіден, бұл ұзақ жылдық зерттеудің қорытындысы. Автор Құрманғазы өмірі мен шығармашылық жолын бүге-шігесіне дейін айқындап, жазылатын опера кейіпкерінің өмір сүрген ортасы мен тарихи кезеңін толық меңгерді. Екіншіден, опера либреттосын “…бір жазса, М.Әуезов жазады”деген тұжырымға келуі болды. Себебі, өзінің алғашқы сахнаға қойылған “Абай” операсының сәтті шығып, бірнеше онжылдықты кейінге тастап, зор табыспен сахнада орындалып келе жатуына білгірлікпен жазылған М.Әуезов либреттосының маңызы зор болғанын композитор дұрыс бағалаған еді. Сахнада 62 жылдық тарихы бар қазақтың классикалық “Абай” операсы жайлы кезінде баспа бетінде көп жазылғасын, біз бұл шығармаға көп аялдауды жөн көрмедік. Заңғар жазушымен бірлесіп жазыла бастаған “Құрманғазы” операсының либреттосы көп ұзамай драматургтің денсаулығына байланысты іркіліп, кейін ол дүниеден қайтқанда мүлдем тоқтап қалды. Осындай себептермен аяқталмай қалған операны бітіруді перзенттік парызым деп білген Ғазиза Жұбанова белгілі ақын Х.Ерғалиевпен бірге оны қазақтың тұңғыш радиооперасы етіп жазып (1971ж.), кейін оған қосымша сахналар кірістіріп, 1986 жылы үш актілі “Құрманғазы” операсының толық сахналық нұсқасын аяқтады.

Қорыа келе, халқының жадында сақталып, ауыздан-ауызға беріліп келген музыкалық мұраларын келер ұрпақ үшін тірнектеп жиып-теріп, ұмытылмастай етіп хаттап кеткен А.Жұбановтың төл туындылары да сол дала абыздарының жолын жалғастырушы келешекпен байланысып жатыр.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Жетекшісі: Ф.Қозыбақова әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарих және археология, этнологич факультетінің Қазақстан тарихы кафедрасының тарихшысы
Дайындаған: Ақерке Еркімбек әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Филология және әлем тілдері факультетінің 1-курс студенті


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама