Баланың зеректігін шыңдау
Жас өспірімдердегі ой-сана, зеректік деңгейінің дамуы ата-аналарды да, мұғалімдерді де қызықтыратын тақырып. Баланың зеректігінің жетілуінде генетикалық құрылым басым рөл ойнаса да, негізінде қоршаған ортаның, яғни жетіліп жатқан ортаға байланысты факторлардың да баланың жетілуіне әсері мол. Бір сәби миында шамамен 180 миллиард жасушамен дүниеге келеді. Бұл жасушалар бір-бірімен нейрондар (жүйке жасушалары) арқылы байланысады. Бір жүйке жасушасы айналасындағы жасушалармен қаншалықты көп байланыс құра алса, яғни синапс құра алса зеректік жетілуі соншалықты белсенді болады. Әке-шешенің гені арқылы сәбиде қалыптасатын байланыс саны шамамен 50 миллионды құрайды. Бұл байланыс мөлшері қоршаған ортаның болымды әсері арқылы триллиондарға дейін бара алады. Қарапайым тілмен айтқанда балаға айналасындағы әсерлер тұрғысынан қаншалықты бай, жан-жақты орта берілсе, оның миындағы синапс мөлшері соншалықты көп болады. Керісінше егер үстем зеректікпен дүниеге келген бала айналасындағы шарттарға байланысты қажетті орта берілмесе, зеректік қабілетін қажетті деңгейге көтере алмайды.
Ми функцияларына қатысты жасалған зерттеулер зеректік деңгейінің 85%-ы он жасқа дейін толығатынын көрсетуде. Яғни 4-10 жас аралығындағы мерзім мида құрылатын байланыстар мен зеректік қабілетін шыңдау, жетілдіру тұрғысынан маңызды болып табылады.
Осы тұрғыда мектепке дейінгі және бастауыш сынып шағындағы балалардың зеректігін жетілдіру үшін ата-ана ретінде не істей алатынымызды былай тізбектеуге болады:
● Салауатты қоректенуін қамтамасыз етуіміз керек. Балалық шақта мидың жетілуі алынған азық мөлшері мен құнарлығына тығыз байланысты. Белгілі минералдар мен протеин тұрғысынан жеткілікті азықтану мидың дамуы үшін өте пайдалы.
● Күнделікті оқиғалар, заттар, адамдар туралы балаңызбен сөйлесіңіз. Баламен жиі сөйлесуіңіз зейіндік дамуына болымды түрде әсер етіп, сөз қорының көбеюін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар оған сұрақ қойып, жауап беруіне мерзім беріңіз. Бірақ сұрақтың жауабы «иә» немесе «жоқ» болатындай емес, ойлануға итермелейтіндей болуы тиіс.
● Кітап оқу - баланың зеректігін жетілдіруде өте маңызды. Кітап оқығанда мидың оң және сол жарты шарлары бір мезетте жұмыс істейді және мида жаңа синапстар қалыптасады. Сондай-ақ кітап оқу сөз қорының баии түсуіне, әлеуметтік зейіннің қолданылуы, мәселелерге альтернативті шешім табу және өнімділіктің артуына оң ықпал етеді. Сондықтан мектепке дейінгі кезеңдерде балаға күнде жүйелі түрде жоғары дауыспен кітап оқу жақсы болады. Оқылатын дүниенің балалар кітабы болуы шарт емес. Бір газет немесе журнал бетіндегі баланың жасына сай жазуларды да дауыстап оқып, олардың зейінінің дамуына қолдау көрсете аламыз.
● Балалық шақта ойын ойнау зеректікті дамытатын маңызды факторлардың бірі. Ойын ойнау арқылы балалар іздену, заттарды тану және мәселелерді шешу қабілеттерін жетілдіреді. Пішін, түс, көлем, салмақ, өлшем, санау, уақыт, мекен және қашықтық секілді біршама түсініктерді ойын барысында үйренеді. Осы себепті ата-ана ретінде үйренуге бейім тұрған балаға лайықты ойындық орта қамтамасыз ете алуымыз қажет.
● Ойнайтын ойыншық пен құрылғылары баланың ой-санасын жетілдіретін болуына ден қоюымыз қажет. Мұндай ойыншықтар әр түрлі зейіндік амалдар қажет ететіндіктен ақылды шынықтырады. Мәселен балаға ойыншық аларда ұл болса көлік, қыз болса қуыршақ секілді стандарт ойыншықтардың орнына, зеректігін жетілдіретін ойыншықтарды алсақ болады. Осылайша баланың зейінін дамытуға қолдау көрсеткен боламыз.
● Балалардың шаттана ойнайтын пазл, конструктор, жұмбақ шешу, шашка, шахмат, судоку, суреттің ұқсасын табу, суреттегі айырмашылықтарды табу және жасырылған сөзді табу секілді белсенділіктер олардың зеректігін дамытуға үлес қосу жолдарының бірі.
● Баланың теледидар көру дағдысын жасына сай болатындай реттеп тәрбиелік мәнді бағдарламаларды тамашалауына рұқсат беруге болады.
● Жүйелі түрде спортпен шұғылдану адам денесін физикалық тұрғыда жетілдірумен қатар мидың жетілуі мен есте сақтау қабілетіне де болымды әсер етеді. Балалық шақта заттарды қағып алып лақтыру, еңбектеу, жүру, жүгіру, секіру секілді әрекеттер балаларды физикалық тұрғыда шынықтырады және өзіне деген сенімділігін нығайтуына ықпал етеді. Сонымен қатар спорттық әрекеттер баланың көшбасшылық қасиеттерді иемденуіне, жауапкершілік алуды үйренуіне және мінез-құлық тәрбиесіне оң ықпал ететіні көптеген дереккөздерде өтеді.
● Баланы әлеуметтендіретін орталарға апарып оның басқа адамдармен байланыс құруын қамтамасыз ете аламыз. Онымен бірге дүкенге, сауда-саттыққа және ойын парктеріне бару секілді күнделікті қарапайым амалдар баланың әлеуметтік ескертулер алуына және әлеуметтік қабілеттерінің жетілуіне ықпал етеді.