Бақыт деген не?
«Бақытты бол!» – кез келген адамның өз жақынына айтатын ең бітті тәтті тілегі. Алайда «бақыт» сөзіңіз астары мен түпкі мағынасын түсініп, байыбына барып қолданып жүрміз бе?! Бақыт деген не? Бақытқа жету үшін, бақытты өмір сүру үшін не істеу қажет?
Бақыт концептісі көптеген ғылым салаларында іргелі категория болып табылады. Тіпті бақыт мәселесін қарастыратын әдептануда фелицитология деп аталатын ғылыми бағыт қалыптасқан. Түркілік және қазақ халқының дүниетанымында бақыт бақыт ұғымы іргелі концептілер қатарына жатады. Түркілік дүниетанымдағы бұл түсініктің бір қырын ортағасырлық ойшыл Жүсіп Баласағұнның «Құтты білікке» жазылған алғысөзінен көруге болады.
Кітап атын «Құдадғу білік» қойдым –
Құтын тұтсын оқушым білікті ойдың.
Жазған кітап, сөйлеген сөздеріммен,
Екі дүниені ұстауды көздедім мен.
Көрген адам, қызығын қос жалғанның,
Бақытты жан сөзімде жоқ жалғандық.
Жүсіп Баласағұн өзінің «Құтты білік» шығармасында бақыт ұғымын кісілік және ислам қағидалары арқылы жеткізген. Бақыт пен құт-берекенің нағыз қайнар бұлағы Құран Кәрімде шынайы бақытқа жетудің жолдары баян етілгендігін айта отырып, екі дүниені тең ұстаған адам нағыз бақытты адам деген ойды дәйектеген. Жүсіп Баласағұнның еңбегінде бақыт сөзі мен құт сөзі мағыналық жағынан ұштасып, бірінің орнын бірі алмастырып келеді:
Ақыл – қолдар, ал білімнен құт туар,
Бұл жалғанның құлқын саған ұқтырар.
XI ғасырда түркі халықтарының, оның ішінде қазақ жазба мәдениетінің жарқын үлгісі болған, тіл біліміне ғана емес, өзге ғылымдардың зерттеу нысанына айналған ұлы ойшыл, тамаша тіл маманы, ұлы филолог – Махмұд Қашқаридың «Диуани лұғат-ит түрк» атты еңбегінде де «бақыт» cөзінің орнына құт сөзі қолданылған.
Жүсіп Баласағұн «Құтты білік» еңбегінде бақыт бейнесін Айтолды арқылы кейіптеген. Айтолды сабырлы, жомарт жанды, жұғымды, зерек, ақылды, ойлы, көркем мінезді, майда сөзді, шыншыл әрі сегіз қырлы, өнерлі адам ретінде сипатталған. Ол Әділет бейнесі Күнтолды бекке қызмет ету үшін арнайы іздеп барады.
«Бек» деген «құт»! Жақын жүрсе кісі оған,
Бар тілегі қабыл болып ісі оңар!»
Бұл – Күнтуды, тараған даңқы жұртқа
Бақытты жан, балаған жұрты құтқа.
Бұл жерде Жүсіп Баласағұнның басты идеясы бақыттың Күнтуды секілді адал, ақылды, дана, білімді, әділетті, шындық пен ақиқат жолын қуған, көңілі бай адамдарға қонатындығын дәріптеу болса керек. Жалпы Баласағұни еңбегі қазіргі таңда да өз өзектілігін жоя қоймаған, себебі шығармада күнделікті тұрмыс-тіршілікке қажетті заңдылықтар мен ережелерді негізге алынған, өмірдің өзіндік қасиеттері пақырланып, пайымдалған. Мысалы, «Құтты білікте» кез келген лауазымдағы адаммен қалай дұрыс қарым қатынас жасау керектігі туралы, ұл-қыз, отбасындағы тәрбие туралы, қонаққа бару әдебі туралы, жар таңдауға байланысты кеңестер, т.б. көптеген өмірлік мәселелер қарастырылып өткен. Тұжырымдай келгенде осы заңдылықтардың барлығы дұрыс орындап, дұрыс өмір сүрген адамға бақыттың кілті дер едік. Түйіндей келе бақыт деген – өзіңді тану, өзіңді тану үшін білімді болу, қоршаған ортамен, айналаңдағылармен үйлесімділікте болу, адал өмір сүру, өз жолыңмен жүру дегенге сайып келеді.
Қазіргі заманда әрбір адамның өзін-өзі тануы, өзін-өзі табуы өте аз кездеседі. Бүгінде адамдар біреудің тықпалаған пікірімен, біреу айтқан оймен, әсіресе шетелдік көзқарастарға сүйеніп, өз болмысын жоғалтуда. Түп-тамыры мен тегін естен шығарып бөтен елдің қызығын бақытым деп жүргендер қаншама. Әрбір адам өз жолымен, бабалары салған сара жолымен жүріп, шыққан тегін дәріптеп, мақтан етсе, мәдениеті мен мұрасына сүйіспеншілікпен қарап оны дәріптесе, өзін де болашақ ұрпағын да үлкен бақытқа жетелері анық. Өзге елдің психолог, мативатор ғалымдарын оқып өздерінің діліне тыныштық, жандарына саулық іздеген адамдар, X-XI ғасырдың өзінде керемет философиялық толғамдар мен психологиялық құнды жаднамалар қалдырып кеткен әл-Фараби, Қожа Ахмет Иасауи, М.Қашқари, Ю. Баласағұни бабаларымыздың еңбектерінен одан да көп құнды дүниелер табары шүбәсіз.
Автор: Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Филология және әлем тілдері факультетінің 1-курс магистранты Бекбол Жаннұр; жетекшісі - ф.ғ.к., әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті Д.Жанатаев