Бір тамшы көздің жасындай
Қолыңыздағы кітаптың алғаш ақ қағаз бетіне түсе бастағанына міне, аттай онбес жыл өтіпті. Ауызекі сөзді былай қойғанда, өлеңге қимайтын да симайтын айрықша ой үзіктері, тіршілік толғамдары Сізді де бейтарап қалдырмас деген үміттеміз.
Ащылы-тұщылы өмір шындығында да, көз жасындай кермек ой тамшылары да осының ішінде...
Оқыңыз,
Көңілі ояу, көзі ашық әзіз оқырман!
ҚАЗАҚСТАНЫМ
Қазекем көзге жәй көрінгенімен, сөзге бай. Бір сөзді жерге түсірмей қағып алып, қақпақылға салып құбылтып, құлпыртып ала жөнелгенде тақымына көкпар басқан шандоз шабандоздай алты қырдан ары асып бір-ақ тоқтайды. Қадыр аға бірде маған: “Сұлуды сипаттаудың отыздан аса баламасын таптым, мықты болсаң, соны сен қырықтан асырып, елуге жеткізші?” деп еді. Комбайнның соңынан масақ түгілі кәшек қалушы ма еді?! Ағамыз түк қалдырмай түгелімен сыпырып-сиырып кеткен екен.
Жуырда бір қарындасымыз (асаба) қалың жұрттың қаперіне осындай көп баламалы сөздің бірін аукционға салды. Әркім білгенін, назарға ілгенін айтып жатыр жаным, күнім, айым, жұлдызым, айнам, әппағым, қошақаным, ботам, қозым, балапаным, құлыным, құлыншағым, қуыршағым, қарғам, қарлығашым, қарағым, арманым, ардағым, сүйіктім, сүйкімдім, сүйінішім, сүйенішім, қараторғайым, аққуым, ботагөзім, күлімкөзім, бозторғайым, қарғашым, жүрегім, тілегім, шырағым, алтыным, жарқыным, мөлдірім, шырайлым, құндызым, қызғалдағым, сарғалдағым, қырмызым, бәйтерегім, талшыбығым, бақытым, қуанышым, махаббатым, ғашығым, асылым, сырғалым... деген сияқты.
Қаншама көп болғанымен сөз де тақ-тұқ таусылады білем, жұрт тағы не бар дегендей бір-біріне қарайлап үнсіз қалды. Иә, бәрі айтылған сияқты — Ай да, Күн де, жұлдыздар да... Асаба “болды, бітті” деп жүлдегерлерді анықтауға кірісе бергенде, ортаға төрт-бес жастағы Мирас жүгіріп шыға келді де: “Қазақстаным!” деп қасқайып тұрып айтты да тастады!
Жұрттың көзі жыпылық қақты. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін томардай-томардай ересектер емес, тобықтай бала ғана айтты! Айтып қана қойған жоқ, әрі қарай әуендетіп-әндетіп ала жөнелді.
Алтын күн аспаны,
Алтын дән даласы.
Думанды бастады —
Далама қарашы!
Кең екен жер деген —
Жерге дән шықты ғой.
Дән егіп терлеген
Қазағым мықты ғой.
Менің елім,
Менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім,
Туған жерім менің — Қазақстаным!
Былайғы жұрттың қосылуы сол екен — аспан асты, жер үсті жаңғырығып жүре берді.
...Кейде біздің Ай мен Күнді ауыздан тастамай жүріп жұлдызды, ошаққа от жағып жүріп Отанды естен шығарып алатынымыз бар. “Бала тілі — бал” дейсіз бе, жоқ, “Болар бала...” дейсіз бе, ендігісін өзіңіз пайымдай беріңіз...
* * *
Гамлетте мынадай бір диалог бар:
Гамлет: — Қалада мен болған баяғы кездей бағалай ма бұларды (өзіне өнерлерін көрсетуге арнайы келе жатқан актерлерді айтып отыр), солай ма?
Розенкранц: — Жоқ, гәп сонда ғой, ол жоқ қой.
Гамлет: — Неге олай? Әлде бұлар нашарлап кетті ме?
Розенкранц: — Жоқ, бұрынғы бетімен жарқырауын жарқырап-ақ келеді-ау. Бірақ қалада өңшең бір ақүрпек балапандар ұясы пайда болды...
Ақүрпек балапандар ұясы... Бүгінгі әнді де, әннің сөзін де жазатын және оны өздері орындайтын, ұлттық ұясынан безіп шыққан біздің ақүрпек-сарыүрпектеріміз солардың салдыр-гүлдір сарқыншақтары, ақыр-тақыр ақабалары емес пе екен, сірә? Дұрыс айтасыз, не демегіңізді емеурініңізден танып тұрмын, кешегі Біржан, Ақан, Жаяу Мұсалар да өздері шығарып, өздері айтқан. Бірақ олар, сол Гамлет айтқандай, ақыл құдіреті Тәңірге тән — табиғаттың артып туған айрықша адамдары ғой! Тәңірдің әмірімен адамның құрсағынан шыққан дүние Уақыттың құрсауына бағынушы ма еді?! Ал мыналар... өзіміздің қарасирақ “ақүрпектерді” айтам, әуен-саздан ада-күде, өлең сөзден өрмекші ғұрлы өнер тоқи алмаған, өңешіне жел толған өлермендер ғой, бар болғаны. Осыған қарап өлермендер өміршең ғана емес, тамыршаң да екен-ау деген ойға келесің. Әйтпесе, Гамлет заманы қайда, біз қайда?! Шынтуайтына келсек, біз олармен емес, олар бізбен күресіп жүр. “Іштен шыққан жау жаман”. Асқынған ауруға ем кем. Енді не істеу керек? Бас қатырар бір сұрақ осы.
Данагөй мен Дәмегөй
Ешкімнің де ақымақ болғысы жоқ. Алайда ақыл айтқанның бәрі асып туған ақылман емес. Жұрттың көбі жасырып айтқаныңды қайдам, асырып айтқаныңа кәдімгідей сенеді. Дұрысы, өзін сендіреді. Бір емес, екі емес, күніне әлденеше мәрте мақтай берген соң сезімнен сергектік қашады, ұятты ұйқы басады. Осыдан келіп данышпандықтан дәмегөйлер данагөйдің шекпенін киіп, шенін тағып шіреніп шыға келеді.
Әр дәмегөйдің жанында он-ондап жағымпаздар мен жандайшаптар жүреді. Біреуінің ныспысы “Ләббай, тақсыр”, екіншісінің азан шақырып қойған аты “Құп болады”, одан кейінгілері Құлдық, Жантық, Тантық... болып кете береді.
Дәмегөйлер көбейген сайын анадан арда туған “дара дананың” күні қараң бола бастайды. Өзін адамға да, қоғамға да керексіз сезінетін жанның қасіретін Құдайым еш пендесіне енші етпей-ақ қойсын.
* * *
Қасқыр қақпанға түскен сайын шибөрілер ши түбінде шиті мылтығынан оқ атып масайрайды, мәз болады.
* * *
Биліктегілер өздерін биіктемін деп ойлайды. Солай ойлаған соң да бірде болмаса, бірде бастары айналады. Басы айналған адам, әрине, құлайды. Құздан құлаған құлжадай. Ол құлаған соң алаңдардағы ескерткіштер де құлайды. Тұғырынан. Тұғырға басқа біреу қонады, дұрысы — қонжияды...
Біз білетін “Перпетум мобиленің” бір сықпыты осындай.
* * *
Парасат биігіндегі адам Саясат сайтанының арбауына бой алдырмайды.
* * *
Жер — адамның игілігі болғанымен, Алланың иелігі екенін аз күнде ада-күде ұмытып шыға келдік. Осыншама азғындайтындай, құдай-ау, бізге не көрінді?
* * *
Ақынның сөзімен ел өз жазмышын таниды. Ақынның өзімен ел өз болмысын өлшейді. Ақынның көзімен ел өз болашағын бағамдайды.
* * *
“Түске дейін халықпен бол,
Түстен кейін Хақпен бол”,
— дейді Имам Бұхари өз хадисінде. Ал қазекем “Халық — Хақтың жердегі аты” дейді. Арғы жағын парасат-пайым иесі өзі-ақ ұғып алар.
* * *
Дуалы ауыз айтады: “Патшаның бір мезеттік әділеттілігі алпыс жыл бойғы Нәпіл ғибадатынан артық әрі абзал. Өйткені ғибадаттың сауабы ғибадат етушінің өзіне, ал әділеттің шарапаты Патша мен барша жұртқа бірдей тиесілі”.
* * *
Алла тағала Иманды жаратқанда, Иман: “Я, Пәруәрдігар, маған әл-дәрмен, күш қуат бере гөр.!” дейді. Сонда Құдірет иесі оған нұрлы кескін, сұлу сипат, әрлі әдеппен қоса күш-қуат сыйлайды.
Алла тағала Күпірді жаратқанда, Ол да: “Я, Пәруәрдігар, маған да күш-қуат дарыта гөр.!” дейді. Сонда Жаратушы Күпірдің пейіл-пиғылына лайық оған жарамсыз құлық пен жағымсыз бақастықты бұйыртады.
Хадис шәріптегідей: “Пейілі тар, іші һарам адамға Пейіште орын жоқ!” болуы осыдан.
* * *
Сәруәр көңіл, сардар пейіл сахы адам қай кемшілігімен де ананың сүйкімді ұлы, Алланың сүйікті құлы. Іші қара қазымыр һәм қызғаншақ адам қай артықшылығына қарамастан Алланың азғын пендесі. Сахылық пен ізгілік — саралық пен даралықтың сәні мен сәулеті. Дүниенің дәулеті де, адамзаттың әулеті де оның жанына жақын, маңына мақұл.
Назым:
— Кезгеніммен барша дүние бақтарын,
Сахылыққа сай сияпат таппадым.
Немесе:
Дұшпаныңның сахылықпен мысын бас,
Ол да, бәлкім, саған уын ұсынбас...
* * *
Адамның онекі мүшесінің бәрі дерлік Алла тағала тарапынан аманат арқаланған. КӨЗ аманаты шариғат рұхсат еткен нәрселерге ғана қарап, шариғат қош көрмеген нәрселерді назарға алмауды қалайды. ҚҰЛАҚ аманаты жағымсыз, өрескел, ғайбат сөздерді, естіген күнде де қаперге алмауды үндейді. ТІЛ аманаты әділі мен ақиқатын айтпақ, шын сөйлемек керек екендігін алға тартып, өтірік, өсек, алыпқашты әңгімелерден аулақ болуды нысанаға алады. ҚОЛ аманаты дүниенің алдамшы байлығына, жалғанның жасанды жылтырағына алданбауды, өзгенің мүлкі мен затына сұқтанбауды, сұғанақтық жасамауды жақтайды. Ал АЯҚ аманаты түзу жолдан бұрыс кетіп, қия баспауды, керісінше, қайырлы, мейірлі іске көбірек қадам жасауды қалайды...
Мақсатты адам жақсы атты боламын десе, аманатқа қиянат жасамағаны абзал. Мұндай адам Алла нұрының аясында алғысқа бөленеді, шарапат-шафқатқа кенеледі.
НАЗЫМ
Табиғаттан — Талбесік бір аумаймын:
Ағын-төгін Көктемде жыраудаймын,
Жазда Күннің көзінен нұр аулаймын,
Күзде қайтқан тырнамен тыраулаймын,
Қыста ұлпа ақ қардай қылаулаймын...
* * *
Ежелден қаным менің қырық сідік,
Намысым, намым менің — Түрікшілік!
Көктейін көктем сайын Байтеректей,
Кетпейін қу томардай іріп-шіріп...
* * *
Тәнім өледі,
Қабыр қалады.
Талым өнеді,
Тамыр қалады.
Талым дегенім — еңселі Еменім,
Тамыр дегенім — өлсем, өнемін!
* * *
Ей, оғылан, ұмытпа, Ұстаз — ұлы бағбаның,
Өміріңе өнеге — өшпес тәлім алғаның.
Жарық болар жан-жағың, орындалар арманың,
Көкірегіңе жаға алсаң ұлы ұстаздың шамдалын!
* * *
Қасиеттің қадірін қас надандар нағылсын,
Қай кезде де қасыңнан жақсы адамдар табылсын.
* * *
Жақсылардың әр сөзі — жан азығы, білгенге,
Бір-біріне қарайлап ажар ашар гүлдер де...
Жын-жыбырмен шатасқан аулақтау жүр нәкәстан,
Берекелі сөз шықпас бейпіл ауыз бақастан.
* * *
Қара сөзден балқытып бал құйғанда таңдайға,
Өшті деген өмірің қайта өршіп жанбай ма?!
Кім біліпті жалғанда жазылғанын маңдайға?
Тәңір біреу болғанмен тағдырды адам таңдай ма?.
* * *
Батырдың бір жауы бар Сатқын деген,
Алла атын ауызға алып ақпын деген.
Жақсыны жанай жүрген Жантық аз ба,
Тілінен бал тамызар тәтті у менен!?.
* * *
Аңшыдайын адасқан Қансонарда
Қанша сорға кез болдық,
Қанша лаңға...
Жасақ жинап “Абылай алаңына”,
Өз тағдырын жас ұрпақ алса қолға!..
* * *
Қашанғы өзді-өзіңнен өш аласың?
Қазекем, ойладың ба осы арасын?
Ақын мен Атымтайға төрін беріп,
Ақылды ел әз тұтпай ма босағасын?!
* * *
Тіршілік мұнар, тіл шұбар...
Хәлімды менің кім сұрар?
Бірлікке бастар түрі жоқ
Тірлікке мынау кім шыдар?
Сүйектен өтіп сыңсуы,
Жиектен жылап Күн шығар...
* * *
Бір-біріңнің артыңа шала байлап,
Үлкеніңді саласың балаға айдап.
Тәңіріңді танымай,
Тайқазанда
Шала пісіп жатасың, шала қайнап.
Сауысқанның салтындай ала қанат,
Бір-біріңді жатасың жағадан ап.
Берекең жоқ болған соң бейіл бұрар,
Ел екен деп кім сені бағаламақ?
* * *
Жүгім барын сезінем,
Жұрттың қамын
Жұмыр басты пендедей жегенімде.
Үнім барын сезінем,
Ұлы сөзге
Ұятымды, арымды жегерімде!
* * *
Бас құлықсыз құлаққа,
Тез жүрмейді құнысқа.
Жата берсе қынапта,
Қылыш шіркін қылыш па?!
* * *
Жүрегімді түбінен
Қазатын жан бар ма екен?
Жан жарасын тілімен
Жазатын жан бар ма екен?..
* * *
Замананың зар-уайым толғағы ем..,
оты құстай торықпасын торда Өлең.
Турабиден тұяқ қалса — ол да Мен!
Ұлы жұрттан ұят қалса — ол да Мен!
* * *
Жалғыздық — сырбаз сыңарым,
Жарық күн — әуре-сарсаңым.
Пейіштің жүзі — құмарым,
Перінің қызы — аңсарым.
* * *
Пенденің мұңы — жанбағыс,
Кірпікке інжу ілдірген.
Фәнидің дәмі — алданыш,
Бақидың мәнін кім білген...
* * *
Халықты құл деме,
Ол — Алланың есімі,
Әйелді күң деме,
Ол — әлемнің бесігі!
* * *
Арнаңнан асып-таспа —
Төгіліп қаласың.
Көпке топырақ шашпа —
Көміліп қаласың!..
* * *
Солып барам, құдай-ай, солып барам,
Соңғысы ма ем сорлының соны ұқпаған?
Қай төленің ішіне басым сұғып,
Қай төбенің басына қонып қалам?..
* * *
Тастап шығып тығынсыз Құмыраны,
Жын-перімен жымдасты ұры-қары.
Қалтаңдаған қайықтай, қайран дүние,
Қай жартасқа қай күні ұрынады?..
* * *
Жамылып жатамын да қалың ойды,
Аңсаймын кешегі өткен Абылайды...
Пақырға аспандағы наны қайғы,
Патшаға астындағы тағы қайғы.
* * *
Ұлылықтың ұғынбай Әліппесін
Адам ұлы бола ма қағып төсін?
Әкім де емес,
Хан да емес,
Әркім де емес,
Біртуарлар бастайды халық көшін!
* * *
Суық ұрса, кетпей ме шетінеп гүл?
Қайда бүгін қызылы екі беттің?
Өзенімде — көз жасы жесірлердің,
Өзегімде — өксігі жетімектің.
* * *
Жанарында мәймілдеген мұздай мұң,
Аспандағы мұңдасымын күзгі Айдың.
Мен жыласам — бой-бойыммен боздаймын,
Мен сағынсам — жүрегіммен сыздаймын.
* * *
Қол жетпес әлем-жәлемге
Көзімді саттым, телмірдім.
Жезөкше мынау әлемге
Жетім көңілімді емдірдім.
* * *
Екі айрылар ұның да, кебегің де,
Дүниенің еленсең елегінде.
* * *
Ел еңсесі есті ұлды
Езетіні қинайды.
Тіршіліктен бес күнгі
Безетіні қинайды.
Не өлі емес, тірі емес,
Көкіректі бір елес
Кезетіні қинайды.
Қуыс жерге қу жүрек
Қуып тықсаң, сыймайды.
Сөйте жүріп өмірді
Қимайтының қинайды...
* * *
Көңілім менің — әппақ Ай,
Әппақ Ай бұлтқа батпағай...
Сабырым менің — сары алтын,
Мінезім менің — мақтадай.
* * *
Ажалдан адам қашып құтыла ма?
Еткейсің, ебі келсе, шүкірана.
Ғұмырын ұзартатын адамзаттың
Пейіштің періштесі — бүкіл ана!!!
* * *
Жаратқан пендесіне дамыл берер,
Ғайыпты сен көрмеген жаның көрер.
Тіршілік ұясына дән салғандай
Тірілер қара жерге тәніңді егер.
* * *
Мендегі мұң мен зар бөтен,
Тұншықты-ау жаным түнекте:
Ем болар ермек бар ма екен
Езілген мынау жүрекке?
* * *
Сақал да жоқ, мұрт та жоқ,
Айта алмадық жұртқа әдеп.
Абыройдан айрылдық,
Ақтан біраз ұрттап ек...
* * *
Кеткім келеді бір жаққа, кеткім келеді,
Көзіме менің сыймай жүр көктің көлемі.
Күннің де қажет болмай тұр күлімдегені,
Гүлдің де қажет болмай тұр көп гүлдегені,
Кеткім келеді бір жаққа, кеткім келеді...
* * *
Қайдан өмір тусын
Екі рет мені,
Қалғыма, арман-құсым,
Көкіректегі!
Шашағыңмен ізгі
Шашыра, таңым.
Шафқатыңмен бізді
Асыра, Тәңір!
* * *
Тағдырыңды тұл қылма,
Тамырыңды жұлдырма.
Алтыны бар құмның да!
Құдайы бар құлдың да!
* * *
Аурудан айық, емге көш,
Айналсаң мұздай мүсінге:
Адамның бәрі пенде емес,
Ібілісі де бар ішінде!
Болмасын десең еңбек еш,
Еңсеңді төмен түсірме:
Адамның бәрі пенде емес,
Періштесі де бар ішінде!
* * *
Кәлимаға тіл сындыр,
Құдайға қол ұмсындыр.
Өлім деген — жұмбақ ән,
Өмір деген — тылсым жыр!..
* * *
Жамыратса толқынын Өмір-теңіз,
Жабайыдай жағада неге үркеміз?
Бордақыға байланған тән мен жанды
Өтірікпен, өсекпен семіртеміз.
Іркіт іштен, шіриді балық бастан...
Арманыңды қайтейін алып қашқан?
“Бас-басына би болған өңкей қиқым”
Абай сөзін жүрсің-ау әлі ұқпастан.
* * *
Тағдырыма не дермін?
Жарық күн жоқ жайнаған.
Аспаннан бұлт, менен мұң
Арылғанша қай заман?..
* * *
Іштен балқып жүргенде, іштен еріп,
Жұмақ шіркін жатпайды түске де еніп.
Ұлылықтың ұғымы ұланғайыр,
Кісілікке жарасар — Кішкенелік.
Кішкенемін,
“Кішілік — мін” демелік.
Ұлы болар ұл туса, күндемелік.
...Тал ағашы жанында жайқалса да,
Бал арасы қонады гүлге келіп.
* * *
Тағдыр, мені бірде ұнат, бірде ұнатпа,
Мінбей-ақ та қояйын дүлдүл атқа.
Ерік берсең болғаны жалғыз ғана
Бұрғылаған кеудемді бір бұлаққа...
* * *
Жаманға түндік тескен жел уайым,
Жақсыға кіндік кескен ел уайым.
* * *
Жүйрікті қамшыласаң, бағы жанар,
Қашырды қамшыласаң, қағы қалар..
* * *
Жан жақсыға құмар,
Тән нәпсіге құмар.
* * *
Періште — нұрлы әлемім,
Сыбызғы — сырлы әуенім.
* * *
Еліктің мекені — Дала,
Өліктің мекені — мола.
* * *
Ұры-қары ізіндей
Ит құйрығы бір тұтам.
Ұстараның жүзіндей
Әділ сөзді пір тұтам!
* * *
Жарағымен жақынын
Жасқамаған ер мықты!
Ауызынан ақынын
Тастамаған ел мықты!
* * *
Кім бар дейсің Хақтан ақ,
Сақта дәйім сайқалдан.
Айтылған сөз — атқан оқ,
Айтқанымнан қайта алман!
* * *
Көкжиектен керуен көшіп бері,
Ашылса екен әлемнің есік, төрі.
Кеңейсе екен пейілі тіршіліктің,
Көбейсе екен балақан бесіктегі...
* * *
Мүлгіген жетпес мұратқа,
Қалғыған мінбес құр атқа.
Көңілің жүрер Жұмақта,
Көзіңді салсаң жыраққа.
* * *
Адамның ең сорақы мінезі — атаққұмарлығы,
Ең дөрекі мінезі — өзімшілдігі.
* * *
Сана мен Pyx біріккенде ғана адам бойында Ар мен Ождан оянып, Ерлік пен Өрлік өре түрегеледі!
* * *
Пушкиннің әжесі қалмақ қызы болған. Сол Пушкин былай дейді: “Мен өз Отанымды, жеме-жемге келгенде, жерден алып, жерге салуым мүмкін, бірақ оны бөгде адамдардың тілдеуіне ешқашан да жол бере алмаймын!”
Намысшыл ақын ақыр соңында жаттың жалғыз оғына жанын қалқан етті емес пе?! Шалғайына шаң жұқтырғысы келмейтін шалағай отаншылдардың шала-шарпы шалдуар түсінігі Пушкин кісілігі алдында ат шалдыра алар ма екен, сірә?!
* * *
Алла емес, жердегі пенделер ныспылаған әйгілі төрт пайғамбардың бірі Ескендір Зұлқарнайын ақтық ауасын алқына жұтты да, ақтық демін шығарарда мынаны әрең-әрең айтып үлгірді:
— Табытқа салар алдында оның бір жағын тесіп, қолымды шығарып, алақанымды ашық қалдырыңдар. Сөйтіңдер де адамы көп алаңмен алып жүріңдер. Жұрт көрсін — жер-жаһанды жаулаған Ескендірдің де мынау фәниден бақиға түк өндіре алмай құралақан қайтып бара жатқанын! Жинадық, тердік, сандыққа салдық, қапшыққа тықтық... бәрі әдірем қалды. Сорым құрысын, сорым!.. Дүние — сусыған құм екен, уыста ұстап тұра алмадық. Дүние — сырғыған су екен, ындынды қандыра алмадық. Дүние — сыңсыған ну екен, көзді тойдыра алмадық. Ақыр соңында айдалада, жат бір елде Әзірейілдің ырқына көніп, Ажалдың құрығына іліктім. Артымда тек анам... қайран, анам қалып барады. Одан өңгесі көзіме көрінер емес. Айтыңдаршы анама... жеткізіңдерші... мәңгі өлмейтін бір адамды тауып (бар болса), екеуі мені жоқтап жыласын...
Сондағы жоқтау мынау:
— Қайран да, ұлым, қайран да,
Жапырағыңды жаңа жайғанда,
Баптанып атқа міндің де
Аттанып кеттің майданға.
Сүйретіп жүріп тоздырған
Сүйегің қалды қай маңда?
Жетпегір ұлың өлді деп
Жел ұлып жатыр ойдан да,
Жел ұлып жатыр сайдан да.
Құдайдың зарын құп алмай,
Ажалдың барын білдің-ау,
Басыңнан бағың ұшқанда,
Астыңнан тағың тайғанда.
Қайран да, ұлым, қайран да,
Қайран да, ұлым, қайран да..
* * *
Ұлы адамдардың жүрегін қашанда ұлы армандар әлдилейді. Арман әлдилеп, тербеткен жүректің кеуденің тар қуысына симай әманда азат кеңістікті, бостан болашақты аңсайтыны осыдан. Тағдырдың жазуымен мәңгі тұтқынға түскен жүректің зар-мұңын, арзу-арманын Тәңірім болмаса, пешенелі пенде қауымы қайдан ұға қойсын, тәйірі!.. Арманшыл жүректің тағдыры аспаншыл қыранның талайымен тақауласып жатса, бұған не дерсің?!
Сонау жиырмасыншы жылдардың өзінде: “Тәуелсіздікке ие болар күн туа қалса, мен ең алдымен өз халқымның және өзге халықтардың тарихы туралы кітап жазуға отырар едім. Бұл — өзара ұғынысуға өте-мөте керек” депті Мұстапа Шоқай.
Ұлы күрескердің ұрпағы бүгінгі тәуелсіздік қадірін ұлы арман иесінше ұғына алса, бұдан артық үлгі-өнеге бар ма, шіркін-ай!..
* * *
Ұлы адамдардан ұлы идеялар туар,
Орташа адамдар оқиғаға құмар,
Қалғандары қайдағы-жайдағыны қуар.
* * *
Жылауын жүрек жылап, көзіңнен жас ағатыны несі екен?
* * *
Ақынсыз халық — ақылсыз халық!
* * *
Ақынның құшағында мұз ериді, қыз балқиды.
* * *
Бала кезімде кітапты құлшына, құмарта оқушы едім. «Адам қартайғанда қайтадан бала болады» деген рас-ay деймін, енді құныға, құмыға оқитынды шығардым. Арадағы жылдар бос өткен уақыт білем...
* * *
Аяғыңа түседі бой салмағы,
Иығыңа түседі ой салмағы.
* * *
Еліктің ес кіре ме лағына,
Мергеннің мертіккенше бір оғына...
* * *
Орыстың тілін сол орекеңнің ауызына шайнап салып жүрген қазақтың өз Ана тілі — ақ сүтіне деген тәбеті емшектен ерте шыққан баладай.
* * *
Ұлысы көбейген елдің тынысы кеңиді,
Ұрысы көбейген елдің ырысы кемиді.
* * *
Ождан жоқта опа кем,
Намыс жоқта Арыс аз.
* * *
Бәрінен де көздің жалтақ, құлақтың қалқақ, тілдің тантық, жанның Жантық болғанынан жаман нәрсе жоқ!
* * *
Бақансыз шаңырақ көтеріле ме,
Батырсыз жамиғат көтеріле ме?!
* * *
Жаман жұғысты болғанша,
Жақсы ырысты болса нетті?..
* * *
Жерге тіккен бір шыбық —
Желкілдеген Тіршілік!
* * *
Көн төккен жер көктесін келеді,
Көксоққан ер өкпешіл келеді.
* * *
Жеңген тобашыл,
Жеңілген табашыл.
* * *
Қарайлап отырмаса қатынға ері,
Көбейер көкпаршыдай тақымгері.
* * *
Есіктен енбей жатып төрге озғандар —
Қазақтың ертеңіне көр қазғандар.
* * *
Індетпей-ақ табатын іздесе кім,
Бойымда бар мың дертім, жүз кеселім.
Ағайынмен араға айлар салып,
Абайыммен күнара жүздесемін.
* * *
Сабыры сарқылған адам сенімін жоғалтады, сенімін жоғалтқан адам өзін жоғалтады.
* * *
Көліктің ең арзаны — екі аяқ.
* * *
Сөз — жанның тілі, ән — жүректің мұңы, тіл — рухтың үні. Жан кеудеден ұшқанда сөз өледі. Мұңның аясында сағыныш, аңсау, уайым, қаяу, қайғы, зар бар. Мұны жеткізе алмаған ән жүректі қаппайды, есте қалмайды, ескен желдей өте шығады. Құлақта тек ызыңы қалады. Ал рухтың жөні басқа! Өз тілінде сөйлей алмаған адам — рухани әлжуаз, мүгедек, міскін, бейшара.
* * *
Ұлттық сана-сезімнен ада адамда тиянақ жоқ, қиянат көп.
* * *
Дұшпаннан Мыстан қауіпті. Дұшпанның пиғылы анық, ал Мыстанның мысықтілеуі бірде миығында, бірде мысқылында. Байқамай қаласың. Ал Жаудың жөні бір басқа — сырттан шолмайды, іштен шалады. Мәселен, “Іштен шыққан жау жаман”, “Іштен шыққан шұбар жылан”, “Қазақтың жауы қазақ”... Амалсыз мойындайсың.
* * *
Қазақта “Арам жеген төбеттей” деген сөз тіркесі бар. Қазіргі жемқорлар мен жалмауыздар тұп-тура сол Төбеттің өзі. Сірә, төбедей етті жұмырына жұқ көрмей жұта берген соң солай аталып кеткен болар.
Иә, ит азғыны — төбет. Бала кезімізде күшала жеп өлген талай төбетті көргенбіз. Ине жұтып ирелеңдеп бүгіліп, қиралаңдап қисайып, қинала жан тапсырғандары да аз болмаған. Соның бәрі тәбетін тия алмаудың кесірі мен кесапаты. Тәбет, Төбет... Қызық екен...
* * *
Қонаққа тамағыңнан бұрын қабағыңды бер. Ырысыңды ішіп, төкпейді, ыдысыңа құсып кетпейді. “Қырықтың бірі — Қызыр”, босаға аттаған адамның аяғы жерде, көзі төрде, Қызырыңнан құзырыңды аяма. Жас болса — қалқаяр,
Mac болса — шалқаяр,
Қас болса — талтаяр,
Дос болса — марқаяр.
* * *
Әйел алсаң көркіне қызықпа, дертіне қызық. Қыздың дерті іреңінде емес, жүрегінде. Өзегін өрт, жүрегін дерт жайлаған бойжеткен махаббатқа бой алдырады, ғазиз жанын ғашықтыққа қияды. Еркін есепке, етегін төсекке ыңғайлаған ұрғашының бас-аяғы түптің-түбінде өсек-аяңға шырмалады. Тектілік жөні бір басқа...
* * *
Қағбамыздай қасиетті мекеннің есігін есіргенге, терезесін тесілгенге, төрін көсілгенге бере бермей, екі араны құнттап, етек-жеңді қымтап жүрсек болмас па?!
* * *
Жақсыны сезіндіретін, жаманнан безіндіретін құдірет ақын өлеңінде жатыр.
* * *
Есениннен:
Қарлы жапан. Жалғыз Ай адасып жүр көкте кең,
Мынау өңір, мына өлке бұрынғыдан бөп-бөтен.
Ақ қайыңды қуарған қалай ғана көктетем?
Кім өтті екен өмірден... өзім өлген жоқ па екем?...
* * *
Ән мен өлең шіркінге елшінің де, емшінің де қажеті шамалы. Өзі елші, өзі емші өнерге жүрек қана дәнекер, өмір ғана кіріптар!
* * *
Ес — ақылдың алғашқы нышанасы. Есі кірген бала ақыл есігінен аттайды. Ақылы толысқан бозбала (бойжеткен) кәмелетке енеді. Кәмелетке ену — кәдеге жарау, санатқа қосылу. Сана-сезім де осы тұста қалыптасады. Сана көкіректе ұяласа, сезім жүректен жай алады. Абайдың “көкірегі ояу, көзі ашық...” дейтіні осыдан. Сана — ақыл, естің көкірек ішіндегі көрінісі. Бастағы Ми көкіректегі Сананың саф алтынға бергісіз салмағы. Ал Сезім — жүректің қас қағымдағы қағілез хабаршысы. Ол Ақылмен Сана арқылы ғана байланысады. Содан да оған тікелей бағынышты емес. Еркіндікке етене құмар ерке Сезімнің шалт қимылдап, кейде шалыс басуы осыдан келіп шығады. Сезімнің саяқ сапары қашанда қауіп пен қатерге толы. Сананың серіктес сыңарына (сана-сезім) айналғанда ғана Ол сабырлы, салмақты.
Туажат
Билік. Анықтаманы керек етпейтін атау. Әйткенмен, Би мен Биліктің ара алшақтығы жер мен көктей. Қазақ даласындағы еңсегей елдіктің елеулі де қалаулы бір көрінісі — Билер төбесі мен кеңесі еді. Оған үш жүздің атақты үш биі және ел-ел, жер-жердегі басқа да ауызы уәлі, сөзі дуалы, келбеті кенен, ақылы терең игі жақсылар куә. Бүгінгі Билік кешегі Билер кеңесін алмастыра алды ма? Жоқ. Неге? Неге десеңіз, “билік айту” бір басқа, “билік құру” бір басқа. Алғашқысы — халықтың алдында, не ішінде, кейінгісі — үстінде, не үстемдігінде. Үстемдік, гегемондық ешқашанда елдің ішіне ене алмайды, аты мен заты Билік болған соң. Ал Би (билер) ше? Ол — әділет. Ол — ақиқат. Ол — заң. Ол — үкім. Ол — кесім. Ол — келісім... Айтқаны — айтқан, дегені — деген! “Турабиде туған жоқ”. Халық құба-құп. “Лік” жалғаулығы жармасып, жабысып алғалы бері Билік бұл қасиетті қағидалардың бәрінен болмағанымен, денінен ада-күде айрылып қалды. Айрылудың екінші бір айғағы — бөліну. Халық, әсіресе, қазақ бөлінуді аса жақсы көрмейді. “Бөлінгенді бөрі жейді” осыдан қалған. Үйірден безсе — саяқ, үйінен безсе — кезбе, халықтан безсе — өзге. Өзгеленген Билік сөзге көнген көнпіс көпшілікті еншілесе еншілер, елеп-есіркемейді. Тұма-тұнық тазалықты Туажаттан іздеп әуре болмаңыз.
* * *
Бізде қазір кәде аз да, уәде көп. Бұрын керісінше болатын. Уәде ердің құны еді. Кәденің азайғаны — пейілдің тарылғаны, уәденің көбейгені — ердің азайғаны.
* * *
Рабия әл-Адавия: “Аллаға адал, шынайы құлшылық Жұмақты аңсаумен, Тозақтан қорқумен шектелмейді...”
* * *
Ел еңсесі езілсе — не қоғамның қасіреті, не патшаның қасиетсіздігі.
* * *
Зу-н-Нун Мисри (Мысыри): “Жәй пенде өз күнәсі үшін іштей өкінетін болса, өкімет адамдары (патша, әкім, зиялы) өз жауапсыздығы үшін Алла алдында кешірілмес күнә арқалайды”.
* * *
Жеке басқа табынудан асқан ақымақтық та, есерлік те болмақ емес. Қолдан құдай жасау — құлшылықтың ең сорақы түрі. Мұндай қылмысқа тек Құдайдан қорықпағандар ғана барады.
* * *
Үрей — үкі көзді Қорқыныштың екі аяқты Елесі. Есі-дертін Елес торыған адам есігіне қырық құлып салса да, тыныш ұйықтай алмайды, өлгенде ғана болмаса...
* * *
Өлеңде тылсым тағдыр бар. Іштей сезініп, түйсінгендер ғана сол тағдырмен өз табиғатын табыстыра алады. Өкінішке қарай, сезіну, түйсіну қабілеті әр адамда әрқилы. Әсіресе, болмысы нәзік, елгезек, елжіреуік жандар әсемдік әлеміне, әдемілік әсеріне тез бой алдырады. Аз болсын, көп болсын, менің шынайы оқырманым да, жанашырым да, медеуім де, демеуім де осы бір пәруана жандар.
* * *
Саясат — Қабыл, Идеология — Абыл. Қабыл — қатыгез, обыр, озбыр, аяр, залым... Абылдың жай-күйі белгілі... Содан да Қабыл-Саясат әлемді билеп-төстеп отыр. Абыл-Идеологияны өлтіру де, қайта тірілту де оның қолында. Өзіне керек кезде тірілтеді, керек еместе өлтіреді. Ханынан бастап қарашысына дейін саясатты сағызша шайнайтын езбе елде сөз көп те, іс кем, қайыршы көп те, қайырым аз, мәселе көп те, мәміле жоқ...
Бізде де, міне, Саясаттың салтанат құрғанына біраз жыл. Идеология жоқ, бар болса, саясаттандырылған, немесе, оның қолжаулығына айналған. Идекеңнің күнін итке берсін!..
Қайран, Абыл, жолың неткен ауыр еді?! Қайда барсаң Қорқыттың көрі...
* * *
Қараңғы үйге шам жақсаң, жарығы шартарапқа түседі. Жаратушы иенің нұр жамалы да жәми жаһанға түсіп тұр. Оның кәміл шындығы мен кемел сипаты осында. Құдірет иесіне сай құзыретіміз болса, кәні...
* * *
Алты бірдей сахаба — Әбузар Ғаффари, Салман Фарси, Аккаша Абдолла, ибн Мақсұт, Әбу Дардах және Ақлама Хазірет Мұхаммед пайғамбардың құзырына бас сұққанда, Ол кісі көңілсіз отыр екен. “Ей, Расулулла, — дейді олар, — көңіліңіз сынық сияқты, себебі не?”
Сонда Пайғамбарымыз: “Сахабаларымның біразы шариғатқа ниет қойғанымен, жамағаттың жағдайынан бейхабар. Көпшіліктің намазына бұл нұқсан келтірмес пе екен деп қапаланып отырмын...” деген екен.
Алла елшісіне тән осынау жұмсақ жүрек, ізгі ниет, көлпар көңіл, қамқор қасиет... мұқым мұсылман қауымын былай қойғанда, ел билігіндегі азаматтардың ылғи да есінде жүрсе, ар-ұяттарына нұқсан келмес еді-ау дейсің...
* * *
Қазақты сөзге ұйыту қиын, өйткені өзі де сөздің түбін түсіреді. Қазақты жөнге салу қиын, өйткені өр кеудесіндегі “өзім білемі” не кері тартады, не кежір кещеленеді. Қазақ мақтағанды мақұл көреді, өйткені олар — кешегі маңғаз басып, мақпал ішік жамылған, мақал-мәтелін аузынан суша ағызған абыз аталардың ұрпақтары.
* * *
Қазақтың өзбектен озып саудагер, қожадан озып сәуегей болғанын көрген емен.
* * *
Өмір де бір — ана “Әлдиін” аңсайтын да тұратын бөбек. Ол тек әнмен ғана жұбанбайды. Жөргегін тепкілеген баладай Аспан-Жерді асты-үстіне ала тулайтын да, қунайтын да кезі болады оның!
* * *
Өлімнен емес, қартаюдан қорқам... әсіресе, Әзілхан Нұршайықовқа ұқсап...
* * *
Қадыр ағамыз алпысында абыз, жетпісінде данышпан атанды. Ал қазір... қатардағы Қадыр.
* * *
Тұмаш аға тумай жатып қартайды. Ақсақалдықтың ауылы қайда әлі!..
* * *
Біздің Шөмішбай шетелге шықпасын, шықса болды — шен тағынып, шекпен жамылып келеді.
* * *
Азынағанның бәрі айғыр, жазғыштың бәрі жазушы емес.
* * *
Адам мен табиғат арасына алтын арқау өрген өлең ғана өміршең.
* * *
Біздің кей жігіттеріміздің арқаға артатын жүкті алдыға салатын әдеті бар. Иілгіштігі де, именшектігі де содан.
* * *
Жардағы Жапалақ пен ойдағы Орқоянды былай қойғанда, тордағы Арыстанды аядым. Қүйтақандай болса да, көктегі азат құсқа не жетсін?!
* * *
Айрандай ашығанша, сүттей ұйыған артық.
* * *
Жалғыздың тағдыры қыл ұшында,
Тәңірі тіл ұшында.
* * *
Жазмыш жалғыз болғанда,
Қырсық — Қырық қарақшы!
* * *
Алаңдамай жайға өзге,
Жаутаңдайды Ай көкте:
Үміт бар деп қай көзде,
Ұят бар деп қай бетте.
* * *
Әйелден артық жауың да, жақының да жоқ.
* * *
Дүние дүрбелеңіне дүрбімен емес, ақынның көзімен қарасақ, бәлкім, біраз нәрсе анық көрінер ме еді...
* * *
Қарақан басының қамын ойлайтын Ханның (патшаның) өмірінің ұзақтығын қайдам, денсаулығы жақсы болады.
* * *
Маған бір “мен” де жетеді, екі рет езу керсем, “менмен” болып шыға келем! Құдай сақтасын!
* * *
Ұлт намысы — тілі ғой,
Намыссыз ұлт халық па?!
Ондай елді тірідей
Тастау керек Тамұққа!
* * *
Шешен болам десең,
Жұрт алдына жиі шық.
Көсем болам десең,
Ұлылардың сырын ұқ.
Мешел болам десең,
Үй ішінде жат та бұқ.
* * *
Қызға қарасам,
Ұнағым келеді.
Айнаға қарасам,
Жылағым келеді.
* * *
Көзімді ашсам — өзгені көремін.
Көзімді жұмсам — өзімді көремін.
* * *
Тән саулығы білекте,
Жан саулығы жүректе.
* * *
Миссионер — жолбарыс терісін жамылған жансыз.
* * *
Әркімге айла жүргенмен, әкімге айла жүрмейді.
* * *
Келіншектің аяғының ауыр болғанына сүйін,
Еріншектің аяғының ауыр болғанына күйін.
Әсер
Қараңғы түнде тау қалғып,
Ұйқыға кетер балбырап.
Даланы түгел дел-сал ғып
Түн басады салбырап...
Қара іңір ме екен, жарым түн бе екен, әйтеуір, марғау да меңіреу бір сәтте даланы шетке, тауды бетке алып әлдебір жаққа маңып бара жатасыз. Тылсым күрсінге толы әлдебір дыбыс, әлдебір үн жан-жағыңыздан жамырап, түн ішінен күнді іздеп күңіренгендей болады. Көңіліңіз әлем-жәлем күй кешіп, көкірегіңіз шерге толады. Аяғыңыз жаяулайды, жүрісіңіз баяулайды. Таң әлі ұзақ, түн әлі тұңғиық. Қалғып-мүлгіген тау әрі-беріден соң көз алдыңызда көрінуден қалады. Мамыр да марғау, мылқау да меңіреу тіршілік...
Таң атса екен тезірек, түрегелсе екен төңірек!..
* * *
Мейлі, сен шүршіт бол, мейлі, сен шукша бол, поэзия тілі (иісалмастан құдай сақтасын) кім-кімге де ұғынықты, түсінікті. Себебі, оның тұла бойында ән бар, ырғақ бар, үйлесім бар... Құран аяттары сияқты оны да баппен, қырағаттап оқыған абзал.
* * *
Бас бар жерде ми болады. Ми — ақылдың үйшігі. Жүрек бар жерде көз де (“Жүректің көзі ашылса...”), сөз де, сезік те, түйсік те... болады. Асқазан бар жерде бойға қуат, тәнге тәбет бар. Ал, бірақ, жан азығының жаратылысы басқа ғой...
* * *
Нағыз адам, нағыз ақында идеал болмайды. Идеал — Құдай, сонан соң... оның өзі.
* * *
Есениннен: ...Құлап жатқан жапырақ
Жылап жатқан жүрегім...
* * *
Ақында адами әлемнен өзге әдеби әлем бар. Өз әлемінің ішіне енгенше оның жаны жай таппақ емес.
* * *
Адамдар бір-бірімен сыйласпайын, сырласпайын демейді, әңгіме — көлпар көңілде, ділбар ниетте.
* * *
Ақын да бір — Періште. Періштелікті ақынға қиғысы келмейтін пенделер өзі білсін, бірақ бір қарасаң бала, бір қарасаң дана ақынның рухани білігі қайдан бастау алып жатыр деген сауалға қас қағым сәт болса да жауап іздесек, жетіп жатыр.
* * *
Әйел ит мінезді:
Жақсы көрсе жалағысы кеп тұрады,
Жек көрсе талағысы кеп тұрады.
* * *
Адамның пішімі мен пошымы адам айтқысыз әрқалай.
Бір-ақ мысал: жомарты ұлықталады, нәмәрті бұғып қалады.
* * *
Өзіңді сақтаудың ізгі де ілкі амалы — сабырдан сарқылмау, сенімнен айрылмау.
* * *
Тағдырыңа тән бермейінше пешенеңдегі жазуды оқи алмайсың.
Қуырмаш
Жүгері дәнін қызып тұрған қазанға салып кеп жібергенде іші сыртына айнала ақжарылып, баданадай-баданадай болып шыға келеді. Біздің қазақты да дәл осындай қара қазанға салып көрсе не болар еді? Тіршілік қазанын айтам. Қайнаса, ылжырап-былжырап кетеді. Дұрысы, қуырылғанда ғана бойындағы бар бойкүйездігінен арылар!..
* * *
Ұлтшылдық пен ұлтсыздықтың бір нәсілдің бойынан табылғанынан артық қасірет бар ма екен, сірә?!
* * *
Біз кімбіз? Кім болғымыз келеді? Біріншісі күмән. Екіншісі арман. Күмәннен арылмай арманның ауылы көрінуші ме еді!..
* * *
Күнкөрістің қамы қалжыратқан ел мен қарақан бастың қалтасы қалыңдаған жерде ұлттық мүдде ұмытылып, әділдік атаулы әдірем қалады.
* * *
Біз отаншыл бола аламыз ба? Оны ханнан да емес, патшадан да емес, Жансарайыңызда жасырынып жатқан өз Ожданыңыздан сұраңыз!
* * *
Тәуелсіздік алғанымызбен, әлі күнге дейін мемлекеттік атрибутымызда ақау бар. Мемлекеттің негізі — тұрғылықты ұлт. Тұрғылықты ұлт қана — тыңғылықты жұрт. Өңгесі келеді, кетеді, толығады, жаңарады... Екеуін теңестіремін деу — телісіз өскен тексіздік нышаны.
* * *
Ұлттық идея ұйысқан, қалыптасқан, аяғын анық басқан қауымда ғана болады. Мемлекеттік мерей мен халықтық қадыр-қасиетке, елдік еңсегейлік пен есендікке жеткізетін де сол! Патшамыз да, басқамыз да сол Идеяға жүгінбесек, жұмылмасақ, жегілмесек ергежейлі ел қалпында ұсақтағанымыз ұсақтаған!.. Ергежейліні кім елесін?! Ұсақты кім ұлықтасын?! Ешқашанда!!!
* * *
Бұл дүние — бізге берілген бір сәттік Еркіндік. Еркіндіктің дәмі кейде кермек, кейде ащы. Оның тәтті болмағы тек қиял мен түсте ғана.
* * *
Қазаққа айту оңай, сөйлеу — парыз. “Іске мешел, сөзге шешен” деп оны Құдайдан да бұрын өзі айтып қойған.
* * *
Зиялы кім? Ол — қалыптаса қоймаған және өмір бойы қалыптаспайтын зиянсыз орта.
* * *
Біз де, алһамдулиллаһ, мұсылманбыз. Бірақ оның бірден-бір көркем көрінісі — діни этика баршамызда бар ма? Бар болса, неге Құдайдан қорықпаймыз?
* * *
“Рахымсыз жыртқыштан, әділетсіз әкімнен, ұятсыз ұрғашыдан сақтан” деген екен ежелгілер. Енді біз оған “тойымсыз тоғышардан, тобасыз тоңмойыннан, жетесіз жемқордан, дүмбілез дүниеқоңыздан, қайырымсыз қалталыдан, бейопа байдан, бейдауа бишікештен сақтан...” деген сүйкімсіз сөздерді қосуға мәжбүрміз.
* * *
Шәмшіден біреу: “Дәулетті туысқандарың бар ма?” деп сұрапты. “Бар-ay, бірақ олар мені менсінбейді” депті Шәмші. “Ал кедей туысқандарың ше?” депті анау сонда. “Неге болмасын, бар, бірақ оларды мен менсінбеймін” депті Шәмші.
* * *
Ахмет Байтұрсынов: “Қазақтың бас адамдары! Әуелі сіздер адаспаңыздар, адаспас үшін ақылдасып, ойланып, ынтымақпен іс істеңдер!
Екінші, Алашқа аты шыққан адамдар! Көсемдіктеріңді адаспай, түзу істеңдер. Сендер адассаңдар, арттарыңнан Алаш адасады”.
Осыны патшамыз да, басқамыз да маңдайшамызға іліп, қауашағымызға құйып алсақ қайтеді?!
* * *
Әншейінде “жылқы мінезді халықпыз” деп мақтанамыз. Айтыңызшы, алдыға келгенде кімді тістеп, артқа жармасқанда кімде теуіп жатыр екенбіз? Өзімізді емес пе, осы?.. Жылқы жануардың (мал деуге қимайсың) тектілігі, кірпияздығы, сүңғыла сүлулығы, біртуарлығы мына мен қасқада бар ма екен деп әр қазақ өз ішіне өзі үңіліп көріп пе? Үңілсе, не көріпті? Көру үшін де көздің шелден ада-күде таза болуы керек шығар-ау!.. Оны айтасыз, сол қазақтың дені бүгінде қойдай қоңыр, қозыдай момақан. Қой жарықтығыңыз қомақты, қоңды құйрығын аш қасқыр тартып әкетсе де, мыңқ етпестен басын жерге салып, артын қанға малып, қашан бір жерге барып омақаса құлағанша жүре береді...
Алдыңғысы азайып, кейінгісі молайған тұс екен, енді не істеген лазым? Қасқырдай қасарысатын, бөрідей бөріктіретін заман әлдеқашан өтіп кеткен!.. Айтпақшы, түп атамызбен тұстас, төркіндес Түйе бар екен ғой! Иә, кәдімгі, көшпенді қазақтың көнбіс көлігі! Көнбістігімен қоса төзімділігін, шыдамдылығын айтсайшы?! Кезсең керуенге, мінсең серуенге жарайтын жануарың да осы Ойсылқара! Жүріс-тұрысы қай кездегі қазақтың да пошым-пішіміне, мінез-құлқына болым-болмысына бек жараса кетеді! Әсіресе, қазіргі бізге, біздің бүгінгі менталитетімізге... Өйткені... “Арқалағаны алтын болса да, Түйенің тамағы — тікен”. Бұл да қазекемнің өз сөзі, өзгенікі емес.
* * *
“Түркі тілдерінің ішінде қазақ тілінің болашағы зор. Дүниеге “диуан” (“диван”) дәуірін алып келген Шағатай, немесе Осман әдебиеті сияқты, қазақ тілі де өркениеттің алдыңғы көшіне шығады”. Мұны Заки Уәлиди өз “Естеліктерінің” екінші кітабында 1922 жылы айтып кетіпті. Ауызы дуалы, сөзі уәли Уәлидидің айтқанына сенсек, үмітіміз әлі алда екен, сеніміміз қолда екен. Ата-бабамыздың қарғысы атпасын десек, қазақпын деген қалың жұрт тіл аманатына қиянат жасамайтын шығар-ау!..
Аманатқа қиянат — жаманаттың ең қиямпұрысы!!!
* * *
Түн — жарықтың елшісі,
Мұң — ғаріптің емшісі.
* * *
Ромэн Роллан: “Сатқын, екіжүзді француздарды жек көру, жек көріп қана қоймай, аяусыз күресу арқылы мен Францияны олардан қорғап қаламын” деген екен. Бұл да, кәдімгі, өзіміз айтып жүрген “іштен шыққан жау жаманның” бір көрінісі болса керек. Өзіңмен күресу арқылы өзгені жеңудің бұдан өзге қай амалы бар екен, сірә?!
Афсана
Перғауын (Мысыр патшасы) бір сөзінде патшалардың ішінде Аллаға бірден-бір жақын өзі екендігін айтып қалыпты. Сонда көп ішінен біреу: “Мұны немен дәлелдей аласыз?” деп сауал тастапты. “Жер үстінде бұрын-соңды болмаған Жұмақ тұрғыза алатындығыммен!” депті сонда патша. Сөйтіпті де Сарай қазынасын, қарақұрым халықтың еңбегін түп-түгелімен әлгі Жұмақ құрылысына жегіпті. Көп ұзамай жүзі жауһар жүзіктей көз тойғысыз Жұмақжай да әзір-мәзір болыпты. Жаңалық хабар жата ма, жәми жұрт жан-жақтан сәнді Жұмақ салтанатына жиналыпты.
Жаһандағы жаңалық атаулы Жаратқан иенің назарынан қашан тыс қалып көрген?! Әзірейіл періштені шақырып “анау шіркіннің жанын мұнда алып кел!” деп әмір беріпті. Бұдан қам-қаперсіз патша нөкерлерімен бірге салтанаттың басы-қасына келіп, өзі бас болып Жұмақ есігінен ене бергенде жантәсілім етіпті. Алланың құдірет күші арқасында жердегі Жұмақ қас қағып үлгергенше аспанға көтерілген көрінеді.
Алла жаратқан жеті Жәннатқа сегізінші Жұмақтың келіп қосылу жәйі осылай екен...
(Рабғузи, “Қиссасул әнбие”, онбірінші ғасыр).
* * *
Өнер адамы өршіл келеді. Тамшыдай у мен зәрді ішетін де, тағдырмен текетіреске түсетін де сол. Өстіп жүргенде Жаратқан иесіне жазып қалатыныңыз да сол пақырыңыз.
* * *
Өз пешенесіндегі жазмышын оқи алмай пұшайман халге түскен пендесін жалғыз Жаратқан аямаса, кім аясын? Адамның жарық дүниеге келгеннен бергі бір трагедиялық хал-ахуалы осы болар, бәлкім...
* * *
Сізде мен бармын,
Менде Сіз барсыз!
* * *
Өрге өгіссіз де шығуға болады... өмірге өзіңді өгізше жексең!
* * *
Айтыстан ақиқат туғанымен, тартыстан талант танылмайды.
* * *
Өзіңді тану өткенді таразылаудан басталады.
* * *
Жақсы болсын, жаман болсын, қанға сіңген қасиеттің өмір мен қабыр арасында қағажу қалуы екіталай.
* * *
Біліп тұрып сұраған күнә,
Күліп тұрып сынаған күнә.
* * *
Пенде Тәңірімен,
Бәйтерек тамырымен.
* * *
Асау аттай ақын көңілінің адым сайын тұлпардай тұсалып, тордағы құстай құсалана бергенінен артық қандай қасірет болушы еді?..
* * *
Кеш те болса аңғарғаным — Драматургия қараған сайын назданатын, қадалған сайын мәз болатын қылықты қыздай неме екен!..
* * *
“Е, сен ақын екенсің ғой...” деп елеп-ескермейтін елде біздікі өліп тынбайынша өзіне мұрсат бермейтін ит тірлік қой, тәйірі!..
НАЗЫМ
Құс қандай бақытты, —
Қанатын көкке жая білген?!
Мен қандай бақыттымын,
Жер басып жүргеніме аяғыммен!.
* * *
Мен — ақынмын,
Алла жүгін көтерген,
Көнбістерді көре-көре еті өлген.
Ібіліс пен жын жайлаған мекеннен
Көп ұзамай көгіме ұшып кетем мен!..
* * *
Қазынаға сұғын салған сұм қанша?..
Қазанымнан қайыр қанша, уланса?!
Қайран, менің қазағыма дәл қазір
Абылайдай арда туған Ұл болса!..
* * *
Алғанша Ажал — сұр мерген,
Ақынға Алла тіл берген!
Талайды көрдім түрленген,
Талайды көрдім сыр берген...
Ірісе ішің, не қайыр,
Сыртыңды сылап жүргенмен.
* * *
Тақуа, тақыр пақырмыз,
Тағдырдан қайтқан тауаны.
Алқына жұтып жатырмыз
“Уәде” деген ауаны...
* * *
Батысқа бағынамын,
Шығысқа табынамын.
Өзгеге жағынамын,
Өзіме тарыламын.
Келеді білгім,
Сонда мен кіммін?
* * *
Ұлылықтың ұғынбай Әліппесін,
Адам ұлы бола ма қағып төсін?
Патша да емес,
Хан да емес,
Сын сағатта
Біртуарлар бастайды халық көшін!
* * *
Айға арзу айтып ем аспандағы,
Аспанның да көзінен жас тамбады.
Бұлбұлдардың амалы біткен білем,
Қарғалардың заманы басталғалы?!
* * *
Бұлт көшеді,
Тауым қалады.
Күнім батады,
Таңым қалады.
Жаным ұшады,
Тәнім қалады.
* * *
Қара орманнан, өртенсе, күл қалмай ма?!
Қам-қаперсіз кешегі күндер қайда?..
Қара аспанға қалықтап ұшып кетсем,
Қара жерге оралу мұң болмай ма?
* * *
Қазақтың қаусады ма құз-қамалы,
Көбейді көрсеқызар түз қонағы.
Күзеткен қыз кірпігін күні-түні
Жігіттің қайда бүгін Мұзбалағы?
Қасқырлар түсіп жатса қақпанға ұдай,
Қайтеміз жасап алып жоқтан “құдай”?
Зор етпей, хордың қызын қор еткендер
Домалап түспей ме екен тақтан былай!!!
* * *
Кім керек етер мендейді бүгін?
Қашқалы қашан қадірім.
Білмеймін және келмейді білгім,
Қалады қайда қабырым...
* * *
Аспан елін аралап ақын көңлім,
Ауылына Алланың жақын келдім.
Қамкөңілдің дәрі іздеп дәрменіне,
Қара жерге симаған Пақыр — менмін!
* * *
Өзің біл — нанбайсың ба, нанасың ба,
Алғаусыз бір шындық бар дәл осында:
“Құдайым сауысқанға билік берсе,
Самұрық қызмет етер панасында”...
* * *
Жел қуды — жетім бұлт сұрқайланды,
Күн де анау бетін бұрып, сырт айналды.
Зәнталақ залымдардың заманында
Сұрқылтай сұлу, Сұңқар сұмпай болды.
* * *
Адамның Аллаға аян қай қылығы?
Әркімнің өз ішінде қайғы-мұңы...
Бөктері Алатаудың жетпегендей,
Көкбөрі жарым түнде Айға ұлыды...
* * *
Ей, Алла, айтшы, мұның жараса ма?:
Басыма қар жаудырдың қарашада...
Тоймайды шыққыр көзім қыз-қырқынға,
Ойнайды сақалыммен бала-шаға.
* * *
Жабыққанда табылмай жанашырым,
Жалғыздықтың сезіндім жаңа сырын.
Жүрегімнің түбіне түсіп кетті
Жаудыраған жақұттай қарашығың...
* * *
Жан сарайын жарық етер бар ма шам?
Атар екен Алла нұры — таң қашан?..
* * *
Ажарым қайда деме — таң нұрында,
Ажалым қайда деме — тағдырыңда.
Шырағым қайда деме — Шаңырақта,
Тұрағым қайда деме — қабыр жақта...
* * *
Құзар шыңның белгісі
Құзғынға ұя салдырмас.
Ақиықтың белгісі —
Қанатын желге талдырмас.
Қас жүйріктің белгісі —
Шашасын шаңға шалдырмас.
Қайнар бұлақ белгісі —
Қанша ішсең де қандырмас.
Қазанаттың белгісі —
Жүгін жолда қалдырмас.
Азаматтың белгісі —
Атажұртпен тағдырлас!
* * *
Күңіреніп күллі түркі шаңырағы,
Қай жаққа қаймана жұрт жамырады?..
Қазанын көрінгенге бере берсе,
Қазағым санын әлі сан ұрады!
* * *
Ұрпаққа үлгім дарымай,
Жақсыға жұртым жарымай,
Барымнан жоғым көбейіп,
Тарылған пейілі, Тәңір-ай...
Арымай қайтем, налымай,
Шашылып кетсем тарыдай?
Ардағың қайда, аяулы ел?!
Әруағың қайда, Абылай?!
* * *
Күлкімді қашан тиярмын?
Ұйқымды қашан қиярмын?
Көшімді қашан түзермін?
Есімді қашан жиярмын?
* * *
Қу далаға кісінеп Құлын-Сенім,
Құлазимын құрыққа ілінсе Күн.
Тоқсанға кел,
Жүзге кел..,
Кім елейді,
Тоқты ғұрлы болмаса құның сенің?!
* * *
Сал кәні?
Сардар кәні?
Сақы кәні?
Қалайша бәрі ақшаға сатылады?
Наданның кещелігін кешірсем де,
Адамның қиын екен ақымағы.
* * *
Елу деген елі емес еріккеннің,
Елірген кім, ендеше, еліккен кім?
Төнгені ол басыңа бір бұлттың,
Енгені ол түсіңе еліктердің...
* * *
Шығады жүзден дара, мыңнан дана,
Екшелер дән мен қабық қырманда да.
Бейішін бейнетінің белден кешер
Бейілін ел мен жұртқа бұрған ғана.
* * *
Көгерсін деп адамға көңіл берген,
Көбейсін деп адамға өмір берген!
* * *
Естен танып жүрмегін, ел мақтаса,
Сылып таста, көзіңді шел қаптаса!
* * *
Туса да мезгіл дәргүмән,
Түледі қайта тал, қайың..,
Бақиға кетер алдынан
Бой жазған ғазиз жандайын...
* * *
Ешкімді,
Керек етпен ештеңені!
Көңілім — көне қобыз, көшкен өңі.
Ертпесең, ертпей-ақ қой көшке мені,
Алмасаң, алмай-ақ қой еске мені!..
* * *
Қар жауып тұр мақтадай мамық қана,
“Қайғырма да, — дегендей, — қамықпа да”.
...Біз күдікпен келерміз дүниеге,
Біз үмітпен енерміз табытқа да...
* * *
Айықсын дерттен өнбойым,
Ажалым жетпей өлмейін.
Көкірегім тұрсын шымырлап
Көгілдір қонған көлдейін!
* * *
Таң түрткілеп ұйқышыл түн етегін,
Тағы да бір аңғартты күн өтерін.
Бүгін барлық күнәні жасап алып,
Ертең тегін өсекті гулетемін...
* * *
Ұсқыны үйітілген қой басындай
Ебелек қырдан асты сайға симай.
Көл жатыр —
Кешегі ызғын Қызойнақта
Арудың ұмыт қалған айнасындай.
* * *
Ақ жүзі жарқылдаған алмас едік..,
Енді не болар екен жанға серік?
Кеудемнің жар дегенде жалғыз шамы,
Жалп етіп сен де бір күн қалма сөніп...
* * *
Жарылқар деп жарлысын құтыменен,
Жаратқанның жарлығын күтіп өлем.
Ақыретте жуылар күнәм менің
Қанмен емес, ананың сүтіменен!..
* * *
Ағызып өткен аттай даламенен,
Мен кетем...
Қайғы кешіп қалады өлең.
Жамылып қара түнді кеп тұрармын
Сағынып, сарғайғанға санаменен...
* * *
Жапанды ымырт жапты ғой,
Жұлдызсыз, Айсыз түн — түнек.
Дүниені мынау, Хақ-Құдай,
Алсаң бір етті сілкілеп?!
* * *
Аруананың сауып ішкен ар-сүтін
Азаматтың асып кетті-ау нарқы тым!..
Абайласаң, біз болармыз, ағайын,
Абайлардың сарқып ішкен сарқытын.
* * *
Алтын шапақ аптағанда тау шыңын,
Баурайында балбырайды бау шырын.
Мен — бабаның сынығымын бір асыл,
Мен — даланың сыңғырлаған даусымын!
* * *
Қауқары жоқ қаңбақты жел қуады,
Тәуекелге ер ғана бел буады!
* * *
Бір адым жаны жақын жынға, жатқа,
Себепші күллі қайғы, күллі азапқа —
Батыраш, Қотыраштар, Ықыластар
Әлі де аз деймісің бұл қазақта?!
* * *
Кететін періште де, патша да айнып
Аяр ғой, Әзәзіл ғой — ақша, байлық!
Көргенге көз тояттап, көңіл қанып,
Көгілдір дүниені бақшадай күт!
* * *
Тоқ көңіл тойымшыл мен тобашылға
Торсықтың азы да бір, толасы да.
Пейілің мен пешенеңе байланысты
Пейіште болмайсың ба, боласың ба...
* * *
Телегей теңіз суын кешкен білер,
Қабатын Қап тауының тескен білер.
Талайды, түсіне енсе, сескендірер,
Далада дабыл салған Көшпенділер!..
* * *
Тұтылып Күн де көктен, Ай да көктен,
Аз ба күн маң даланы майдан еткен?..
Амалы шыныменен таусылған ба,
Заманы Ер Түріктің қайда кеткен?
* * *
О, Құдірет!
О, Өлең!
Сенсіз өмір — өмір емес, жәй ғана...
Құшағыңа ал,
Құшырлан,
Сүй,
Аймала!
Қараңдаршы, қандай ғажап Дүние!
Қараңдаршы, қандай ғажап айнала!
Жұлдыздармен Жұмақжайда жүздесіп,
Созсам, қолым жететіндей Айға да!
Аспан жаққа ұшып кеткен екен-ау
Қыз жібек те, Лаура, Баян, Ләйла да!..
Жұлдыздарға қызықпайды қай Дана,
Жұлдыздарға қызықпайды қай бала?!
Қолдан келсе, арғымақты байлама,
Арғымақтың Атажұрты — айдала!!!
* * *
Көл жаманы — батпақ,
Жол жаманы — қатқақ,
Ел жаманы — бетпақ.
* * *
Қойныңызда қыз жатса,
Қыз — патшайым, Сіз — патша!
* * *
Мен әлсіз емес екенмін — өзімді өзім жеңдім!
* * *
Жалғыздың аты шығар, жат болмаса,
Жаяудың шаңы шығар, Хақ қолдаса.
* * *
Арқаңа батса батпан жүк,
Алдыңнан шығар бақ пен құт.
* * *
Шешен болам десең, жұрт алдына жиі шық,
Көсем болам десең, ұлылардың сырын ұқ,
Мешел болам десең, үй ішінде жат та бұқ.
* * *
О, орыс патриотизмі! Сенде шек жоқ-ау, сірә?!
Әлдекімдер әлдебір елдерге емексіп жүргенде... мен саған еркімнен тыс таң қаламын!
* * *
Күнәнің ең ауыры — өз тіліңнен өгейлену. Ана сүтін емген екенсің, өз тіліңді иемден. Өз рухының үнін өз кеудесінде өшірген жан өзгеге опа бермейді. Опасыз да, ождансыз да, отансыз да солардың арасынан шығады! Тәңірім тексіздіктен сақтасын!..
* * *
Алты қырдың аржағынан, алты ауылдың аймағынан ат шалдырып, арнайы келіп сөз айтып, көз салып жүрген Жігітке Қыз шарт қойыпты:
— Бірінші шартым — отыммен кіріп, күліммен шығасың.
Екінші шартым — тіліңнен безесің, дініңнен шығасың.
Үшінші шартым — осы айтқанымның бәрін бүгіннен бастайсың!
“Әп” дегенше Қыздың алма мойынын Жігіттің алдаспаны қиып түсіпті. “Басқа пәле тілден” деген осы.
* * *
Ницше: “Біз Ақиқатты құмарпаздық ойынына салумен келеміз. Бәлкім, адамзат қауымы дәл осыдан опық жер. Жә, одан келер-кетер не бар дейсің”?!
* * *
Хайдеггер: “Біз тұрмыс тауқыметін тез тартамыз да, бірдеңеге ұрынған соң барып Құдайды іздей бастаймыз”.
* * *
Ең алғашқы ақын — Адам ата, ең алғашқы ару — Хауа ана. Хауа ана сұлу болмаса, Адам ата ақын болмас еді. Әйелсіз — ақынның күні қараң. Әйелсіз ақын — мылқау. Еркектің жүрегі әйелдің еркінде, еркектің тілегі әйелдің көркінде. Әйел барда — өлең де бар, ән де бар. Әйел жанын әспеттеген, әйел жүрегін әлдилеген, әйел тәнін тәу етіп аялаған, аймалаған ақын ғана — нағыз ақын! Адам ата — осындай Ақын! Олай болмағанда біз де ақын болмас едік, адамзат қауымы да осыншалықты өсіп-өнбес еді!..
* * *
Оқырманның оңтайына жығылатын, сыншының сыңайына қүбылатын ақын — өз көлеңкесінің құлы.
* * *
Бұлбұл бағына, қарға талына, ал ақиық тауына әуес.
Өнеге
“Мен талантты қазақ емеспін, талапты қазақтың бірімін...”
Мұны кім айтты деп ойлайсыз? Баукең. Иә, кәдімгі қаһарман десе — қаһарман, қаһарлы десе — қаһарлы Бауыржан Момышұлы!
Үлкен жүрек иесінен ғана ұлағатты сөз шығады. Ұлық болсаң — кішік бол. Кішірейгеннен кісілігіңе кір жұқпақ емес, керісінше кішіпейілділігіңе ел сүйсінеді.
Осы Баукең өле-өлгенше “менің халқым” , немесе “менің қазағым” деп өзеуремепті, өрекпімепті, өңештенбепті. Халқының, қазағының ар-намысына қылдай қиянат тұрмақ, қылау түсірмеген, жанпида қызмет еткен батырдың біз білетін бір өнегесі осы. Менің халқым деп хан, патша ғана айтса жарасар болар. Онда да сол алдиярыңыз алдымен өз халқына қалтқысыз қызмет етсін! Әйтпесе, айттың не, айтпадың не! Сөз атасын өлтіруге ешкімнің де хақысы жоқ.
Өкініштісі сол, бесіктен белін босата салысымен “менің халқым”, немесе “халқым-ау!” деп өңмеңдейтіндер көбейіп барады. “Айналайын, ақ патшам” да соның бір кері. Әдеп деген болады. Талантты халықтың өзі-ақ танып, біліп алады. Талапты болғанға не жетсін?!
Аязби, әліңді біл, Құмырсқа, жолыңды біл!
Әйгілі Шығыс шайыры Әбдірахман Жәми /1414-1492/ 1480 жылы жазылған «Сүлеймен мен Әбсал» дастанында Зертханада /лаборатория/ қолдан ұрпақ жасап шығару жолдарын баян етеді. Мұның мәнісі былай. Әйел атаулыдан көңілі қалған, жүрегі айныған патша Сарай маңындағы, гарем жанындағы сүйіктісі бар, сүйкімдісі бар ұрғашыларына жанаспай-жақындаспай-ақ болашақ тәж-тағына лайықты мұрагер сүйгісі келеді. Ғұлама ерекше құпия жағдайда патша мен оның ең сұлу да ақылды әйелінің ұрығын қосып, шыны құты ішіне жасанды жолмен бала өсіріп шығарады. Патша мұрагерінің атын Сүлеймен деп ныспылайды.
Жәми бұл оқиға желісін өзінен төрт жарым ғасыр бұрын өмір кешкен данышпан шипагер Әбу Әли Ибн Синаның /980-1037/ жоғарыдағы аттас пәлсапалық хикаясынан алған болатын.
Тегінде, хикая желісі шайырды алабөтен қызықтырса керек. Осының арқасында әйгілі дастан дүниеге келген.
Енді көрмейсіз бе, араға тағы да төрт-бес ғасыр салып жапондықтар шыны құтыда бала өсіріп шығару ісімен айналысып жатыр! Ойға алған нәрсесін оябына дейін жеткізу Ибн Синаның қолынан келмеді деймісіз, Құдайдан қорыққан шығар. Алла ісіне қол сұғу адамзат баласына жараса қояр ма екен, тәйірі?.. Жапондарды айтам да.
Ауру қалса да...
Сонау ерте заманда-ақ Ибн-Ғыптан дейтін ғұлама: “Түркілер — ақжарқын, ашық келеді. Бірақ шеттерінен билікті, сонан соң қошеметті тәуір көреді. Бұл — олардың қанына сіңген әдет” деген екен. Одан бері де нешеме ықылым заман өтті... Бұған алып-қосарыңыз бар ма? Әй, қайдам-ау, “Ауру қалса да әдет қалмайды” демекші...
* * *
Абайдың 31-сөзіне қараңыз: “...Қай адамның көңілінде дүние қайғысы, дүние қуанышы ахирет қайғысынан, ахирет қуанышынан артық болса — мұсылман емес”.
Қандай үндестік, ұқсастық?! Мен аударып, аракідік нәсияттап жүрген Имам Исмаил Бұхари хадистерінде де дәл осындай Құрани сөздер бар! Қайран-ай, қалталыларымыз бен алқалыларымыздың санасында осы бір сөздер сайрап тұрса, кәні!.. Біз енді ғана бас қойып жатқан бұлақтан ол кісі қай кезде шөл қандырып алған?
“Ақынның аузына сөзді Алла салады” деген әңгіме шынымен-ақ рас болғаны ғой, сірә...
* * *
Жазаның түр-түрі болады. Ұстаз шәкіртін бұрышқа тұрғызып қояды. Ұры, қары, қарақшы, баскесерлер де өздеріне лайықты жазасын алып жатады. Жұдырықтай бөдене де себетке қамалып жарық дүние кеңістігіне шыға алмай жапа шегеді. Құдай қанат берген титымдай құсты адам торға қамаса, бұл қиянат емей немене? Анығында, бөдененің сайрағаны — жылағаны. Бағынан безген бұлбұл да тағынан тайған ханнан кем құса көрмейді. Адамның адам болып туып, адам боп өлуі де бір ерлік! Ал адамдықтан айнып, айуандық сықпытқа түскендерге қандай жаза лайықты? Хайуанаттың да жыртқышы мен құртқышы, сүйкімдісі мен сиқырлысы болады емес пе? Егер ақын: “Қайтсең, адам, қаласың адам болып?” деп күллі адамзат қауымына арнап сауал тастаса, бұл да еріккеннің сөзі емес шығар-ау. Бір ғажабы, сонау (түнекте емес) түбекте жатқан Бекет әулие (Пір) осы сауал төркінін елден бұрын аңғарып, оған елден бұрын жауап тапқан сияқты:
“Шайтанға ерген пендені
Шариғатпен жазала...”
Жоқ, кешірерсіз, бұл жауап емес, үкім, кесім!
* * *
Қызылкөз қызғаныштан, ілікшіл іштарлықтан келіп Алланың қаһарлы қарғысына ұшыраған Сайтан әулеті лағынет қамытын киіп осы күнге дейін Алланың көзіне тура қарай алмай, есесін Адам ата мен Хауа ана ұрпағынан алып жүр. Шайтан азғырғанда — адам іші алатайдай бүлінеді. Шайтан түрткенде — отбасының ойран-топаны шығады. Сайтан сақылдап күлгенде — сабырда сес қалмайды, сайқалда ес қалмайды...
Осы күнде Сайтан әулеті едәуір өсіп, көзге ілініп қалды. Амалы қанша, соры қайнап әлі күнге дейін біз сияқты егемен ел бола алмай жүр. Сонысына қарамай өсімтал да өнімтал. Олай болатын себебі, Алланың кәріне кезігіп, қарғысына ұшырағандардың бәрі де Сайтан әулетінің санатына қосылып жатыр, қосылып жатыр... Дүйім дүниеге тарыдай шашылып кеткен немелерді, жеме-жемге келгенде ұстап көріп, түстеп тану да қиын. Қай елде жүрсе сол елдің сойылын соққан болып, содырдың қолына шоқпар, сойқанның жолына көкпар тастап жүргені.
Мен қорықсам, осы әулеттен қорқам.
* * *
Аңқаулық Арамзалықпен ағайындас келіп жатса, не шара? Онда Аңқаулықтың да балалықтан қалып балиғатка жеткені де. Балиғатқа жеткен бала бала болудан қалмай ма? Айналадағы әлемдік әсемдік атаулыға көз қырын салмай ма? Көзіне іліккен көрік көңілін жауламай ма? Көңіл шіркін көзін ашты дегенше көкірекке сәуле түспей ме, шам жанбай ма? Сол көкірек шамына жан-жақтан жамырай қанат қағып келіп қызылды-жасылды көп көбелек келіп қонбай ма? Сөйтіп әр пенде өз әл-қадарынша пәруанаға айналмай ма? Аңқаулық ана құрсағында қалып, Арамзалық мынау жарық жалғанды жайлап, жаулап алар болса, адамның әубастағы Алла құйған қалыбынан айнымағанда несі қалады? Құдайдың қуыршаққа (икон, будда), адамның Құдайға айналмаққа ұмтылу мәнісі, сірә, осыдан келіп шығатын шығар...
* * *
Шекспир Клеопатраның аузына мынадай сөз салады:
“Шыдай беру — ақымақтық,
Шыдай алмау — азап”.
Рас қой, адам болып туып, ақымақ болып өлу қай пендеге абырой әпере қойсын. Бірақ сол ақымақтардың ақылды болғысы келіп тұратыны несі екен? Көре тұрып бұған шыдау — тағы азап.
...Шыдай алмау — азап. Грибоедов айтқан “Ақылдың азабы”, Мағжан айтқан “Сұм өмір абақты ғой саналыға...” сірә, осындайдан туған болса керек.
Абай пайғамбар емес
Пайғамбарлық, әулиелік, серілік сияқты әруақты, ардақты ұғымдарды дұрыс дәріптесек екен. Қанша кадірлі болса да Абай пайғамбар емес. О бастан Алла пенде қылып жаратқан. Ақын боп туған Абай өзінің пенде екенін өзгеден бұрын мойындап өткен.
Әулиелік хақында да айтарымыз осы. Әулие, әруақ, рух жер басып жүрмейді. Өзін әулиемін деушілер өзін-өзі мақтаған өгіз тентектер. Ал серілікке келсек, мұның аужайын Мағжан әлдеқашан-ақ айтқан: “Ақанның жат мінездерін өмір бойы тәңірі көріп, сұлулыққа табынуын көз алдыма алып келсем, менің есіме ағылшынның ақыны Оскар Уайльд келіп түседі. Оскар өмір бойы сұлулықты жырлаған, жалпы жұрттан Сері деген лақап алған. Жұрт оны да сері деген. Сол серілік үшін оны абақтыға жапқан.
Ақан да сұлулыққа табынған. Алты алаштан сері деген ат алған. Бірақ Ақанның сұлулыққа табынуы тереңірек. Ақан өмірінің жұмбағы түйіндірек. Мұның өмірі — мұң мен зар. Егер Ақан Оскар Уайльдтай өнерлі елдің ішінде туса, бұл тілекке жауап табу қиын”.
Көңілге не түйдіңіз? Серілік жолы сұлулыққа табыну ғана ма екен? Жоқ, меніңше, сұлулыққа табына жүріп құрбандыққа шалыну! Құрбандыққа шалыну — міндетті түрде найзаға кеуде тосу, немесе қылышқа мойын ұсыну емес. Мұң мен зар қайда қалады сонда? Ал мұны бастан кешпей сауық-сайран, жеңіл-желпі сейіл-серуен құру — серілікке жатпайды. Өйткені серілік басқа, секектеу басқа!..
* * *
Жас ақын жаңа туған Ай сияқты. Бірте-бірте сәулеленіп, дөңгеленіп, жарығы молығады, жамалы толығады. Аспанның ажарын ашып, айналаға саумал бүркіп, өзі де қорғасындай балқып, аққудай қалқып, әтірдей аңқып бара жатады.
Жаңаның аты жаңа, жастың аты жас. Оған көңілі құлап, көз тастамаған адам болмайды. Жаңа дегеніміз — жаңалық, жас дегеніміз — жасампаздық! Жаңалық пен Жасампаздық — жаратылыс сыйы. Ол — ұлттың үлесі, халықтың қазынасы, ашылған жаңа рухани әлем, кеуде кеніші.
Сол жас ақыныңыз (жазушыңыз) өсе келе, есейе келе сәбилік, періштелік пәк, таза табиғатын сақтап қала ала ма? Жанындағының бәрі жақсы еместігін, маңындағының бәрі дос еместігін сезіне ала ма? Бәрінен де бұрын киелі өнерге иелі бола ала ма? Міне, бар гәп осында. Жанбай жатып өшкенді, қонбай жатып көшкенді онсыз да аз көріп жүргеніміз жоқ. Оның кімге қажеті бар дейсіз?! Тәңір сыйына опасыздық жасау да күнәнің ең үлкені саналады.
Алла мейіріне кенелгір, адам алғысына бөленгір, айналайын, жас буын, өзіңе-өзің абай бол!..
* * *
Ақын — екі дүние елшісі. Ол кейде пенде қатарына түсіп, кейде Періште қанатында ұшып жүреді. Алланың азат құсы да бір, ол да бір.
Алланың азат құсы аспаннан жерге түсіп азапты ғұмыр кешіп жүрсе — қанатынан қайрылғаны, қадірінен айрылғаны. Күндердің күнінде бәрібір өзінің мейірімді мекеніне ұшып кетеді. Наласы да, тобасы да ішінде...
Өлеңі қалып, өзі кеткен ақында өлім болмайды. Абай әлемін, Мағжан мұңын, Мұқағали мұратын, Жұмекен жұмбағын, Төлеген төркінін, Жұматай жұмағын таныған жұрт — ардақтауға, абзалдауға тұратын ұлт. Қожа Ахмет Иассауиді Әмір Темір, Әлішер Науаиды Хұсейін Байқара, абыз Бұқарды хан Абылай ұлықтаса, мұны ұлылар ұлығатына баласақ керек. Ешқайсысы да кішірейіп қалған жоқ — лебізін тыңдап, негізін танығандықтан тағынан түсіп сәлемін берген, өрігін шағып дәнегін берген.
Тақ иесіне де, бақ иесіне де тағылым осы!!!
* * *
Әрине, сен сымбаттысың, сәулем. Сымбатыңа сай сының да, сәнің де келіскен, Періштем. Сырға да кенішсің, сиқырыңа да келістім. Бірақ сенен де қымбат, сенен де жұмбақ бір әлем бар, жаным. Ол — Уақыт. Шын жүйрік тағасыз, шын қымбат бағасыз. Сенің қымыздай қызығыңды, уыздай қылығыңды сол Уақытқа қидым. Кешіре гөр мені — ақылыңмен, көркіңмен, еркіңмен, дертіңмен...
Ал, Уақыт дейсің бе? Уақыт, ол — өткеннің елесі, бүгіннің енесі (анасы), ертеңнің еншісі. Өткен — келер-кетер түсім. Бүгін — болар-болмас ісім. Ертең — қонар-қонбас құсым. Менің тағдырым осы үшеуіне бірдей қатысты. Бақытым да, сорым да сонда...
Мен саған гүл сыйлайын — өзімді қосып. Сен маған Уақыт сыйла — сезімді қосып. Жарай ма, жаным?..
* * *
Адамзаттық тағдыр мен әлем оқиғаларының қайнаған қазанына Ресей жұрты қанша түсті, қанша пісті... Ал қаншама ұлт-ұлыс мұның бәрінен болмағанмен денінен шет-шалғай, бәндәуи ғұмыр кешіп жатты. Ыстық от пен мұздай суда шарболаттай шыңдалған орыс тағдыры әлі талай-талай талас-тартыстар мен тебіңгі үзер тентексүрең текетірестерді басынан өткізіп, әлі талай-талай таңғажайып тамаша ұлдар туғызатыны айдан анық, бесенеден белгілі. Империя құлағанымен, ұлан-байтақ жерді мекендеп жатқан орыс рухы орыс жұртына талақ тастап кете қойған жоқ, кетпейді де. Пушкині, Есенині, Толстойы, Чеховы, Гоголі... бар ел өзгелерден қашанда еңселі. Империялық індет тақтан тайғанағанымен, әлі толайым тоқыраған жоқ. Ол тек орыс шовинизмінің менмендік, астамшылдық әпербақан әсіре мінезін ғана әшкереледі. Орыс тектілігі, орыс рухы сол баяғы қалпында.
* * *
Адамның ашулы кездегі кейпін көргім келмейді, көрсем, Жаратушы жарықтықтың оны “сүйіспеншілікпен жараттым” дегеніне сенгім келмейді.
* * *
Аққу — көлдің сәні,
Ақын — елдің сәні.
* * *
Батыр — аңғал,
Ақын — аңғал-саңғал.
* * *
Сері — сырбаз,
Сал — кербез.
* * *
Бала жетіге жеткенше жерден таяқ та жейді, тамақ та жейді.
* * *
Еркектің тәбеті аста,
Әйелдің тәбеті — ақша.
* * *
Алқым керме,
Алабөтен асқынба,
Айдалаға алып қашпа ат басын.
Абайлап бас, аяғыңның астында
Ата-баба әруағы жатпасын...
* * *
Ақ қайыңды Рязань өлкесі тұрғанда орыс елінде енділікте де Есениндер дүниеге келе береді. Кешегі-бүгінгі урбанизация үрдісі қала қазағын қазымыр, қатыгез қалыпқа қамап тынса, ауыл қазағын қан қақсатып, қаңтарып, қаңғыртып, қақпақылға салып қойды. Осылай бола берсе, “Ақындар ауылда туып, астанада өледі” деген айтулы афоризмнің де аяғы көктен келетін шығар...
* * *
Сен мендесің,
Шерлі, мұңлы шермендесің,
Кең сарайым — кеудемдесің,
Кеудемдегі жүрегімдесің,
Жүрегімдегі жібек үндесің.
Жалғанда мынау Жаратқан ием
Екі мұңлықтың тілеуін берсін!
* * *
Өле тұрып өре түрегел,
Көресіңді көре түрегел!
Өз көріңе ене түрегел,
Өлмейтініңе сене түрегел!
* * *
Жетімнің жасын не жел, не ел құрғатады.
* * *
Актер шеберлігі барша сахнагерге сын,
Феномен жөні бір басқа.
* * *
Ұлттың ұлы ұраны: “Тәңіріңді таны, тамырыңды тап!”
* * *
Нәпсіқұмардың құлқы: “Өзіңді тыйма, өзгеге қима”.
* * *
Сөздің шуынан тілдің уы әлдеқайда уытты.
* * *
Патша парманшыл,
Ақын арманшыл.
* * *
Жеміссіз дарақ әуелеп өседі,
Жемісті дарақ мәуелеп өседі.
* * *
Атадан тал да қалсын, мал да қалсын,
Бұл екеуі болмаса, кәмбағалсың.
* * *
Сенде қандай мән қалды, “айқын” ғалам?
Менде қандай ән қалды айтылмаған?
Бостанымды сұрайын қай заманнан?
Астарыңды сұрайын қай тұлғадан?
Менен басқа пенденің бәрі ақылды,
Дәлдүріш пен көргем жоқ дарақыңды.
Қашан ұшар екенмін саған, Алла,
Қанатыммен қақ жарып қара түнді?..
* * *
Қорқытты көрдім түсімде
Қобызсыз, қоңсыз пішінде.
Дүміне жалау байлаған
Дүниеқоңызда ісім не?!
Қобызсыз Қорқыт кім еді? —
Тілсіз бір жан ғой тірі-өлі.
Қобызсыз мынау қоғамда
Қорқаулар өмір сүреді!
* * *
Беу, бейкүнә Жәннәтім,
Саған жетер бар ма күн?
Сан соқтырса қайтейін,
“Өмір” деген салдақым?!
Салдақыдан кете алмай,
Жәннәтіне жете алмай,
Қай сапарда қалды Ақын?..
* * *
Ол өлген жоқ, ақиқат сапарына аттанды.
* * *
Рабиа анадан өнеге: “Сіздің айтқаныңызды балық та айта алады, менің істегенімді құс та істей алады. Одан да, келіңіз, жерге түсіп сыр-сұхбат құралық”.
* * *
Сағдидан сауға: “Сөйлемесем — өзіме өзім төремін,
Сөйлесем — сөзім өзіме төре”.
* * *
Ақын мақтаса, маймылдың мәткесі де ару қызға айналып жүре береді.
* * *
Ақын бақыты — азабының рахатын басқалардың көріп жатқаны.
* * *
Рух қаһары батырдың, рух қайырымы ақынның бойына біткен. Біреуі жердің — қорғаны, біреуі — елдің ардағы. Екеуін елеусіз қалдырған ел телегейдегі ескексіз қайықтай қалт-құлт.
* * *
Ген, Қан — бәрі бір сөз. Жан Алланікі, Қан адамдікі. Рас, хайуанда да қан бар. Қалаңыз-қаламаңыз, мақұлық болса да, олардың қаны адамға қарағанда анағұрлым таза. Таза екен деп текті деуге тағы болмайды. Тектілікті қазақ баласы тек жылқыға ғана қиған. “Сұлу ат, жақсы қатын — ер қанаты” дейтіні содан. Тектіліктің жадында да, жатырында да тазалық жатыр. Адамның азғындауы тобырлық тозғындауға әкеліп соғады. Тобымен тобыр дейтін обырға тоғытылған ұлт ешқашанда есі бүтін елге айнала алмайды. Жан үзілсе — Жаһанға ұшады. Қан бұзылса — жапанға лағады. Абайға құлақ асыңыз: “Адасқанның алды жөн, арты соқпақ”. Қабылдамасқа шараңыз жоқ: Адам ата — Хауа анадан бері адам адамға қандас, қардаш, қарындас. Қасиет те, қасірет те қанда! Ұлт басына төнген сонау бір қиын-қыстау, сын сағатта Мұстафа Кемал Ататүрік түрік жастарына: “Сен мұқтаж болып тұрған күш-қуат алпыс екі тамырыңдағы асыл қаныңда бар!” деген екен.
Иә, азат қан ғана асыл!!! Масыл тәнде асыл қанның азат ғұмыр кешуі мүмкін емес!
* * *
Мәжнүнсіз өмір — мазмұнсыз.
* * *
Жалқаулық — жан саулығының ең қатерлі дұшпаны.
* * *
Жалғыздың аты шығар, жат болмаса,
Жаяудың шаңы шығар, Хақ қолдаса.
* * *
Алпыс екі тамырыңда күндіз-түні аққан қаныңда да, жүрегіңнің бір түкпірінде жасырынған жаныңда да Үрейдің үкі көзі менмұндалап тұр. Ұйқы көрмейтін, тыным бермейтін, қусаң қуысыңнан шықпайтын сол Үрей көзің жұмылғанша көлеңкеңе айналып сенен бір елі қалмайды. Оны қуатын да, қайта туатын да сенде хәл жоқ. Аурудан айығуға, дерттен арылуға болар, ал Үрейден... өз қолыңмен өзіңді өлтіргенде ғана құтыласың! Бірақ, өкініштісі сол, өзін-өзі өлтірген адамды, Құдайдың құп көруі былай тұрсын, ешкім не қорқақ, не батыр демейді.
* * *
Үміт — Күдік пен Сенімнің арасындағы алашапқын елші. Анау екеуі төрге таласып жүргенде ол босаға бағып отырады. Қалғу-мүлгу былай тұрсын, екеуін көзден таса қалдырмайды. Екеуі бір-бірін әлдеқашан жеп қояр ма еді, амал не, Үміт қара үздірмейді. Адам тағдырының таразының қай табағынан табылмағы Үміттің таңдауында. Дүние ұршығында Үміттің үзілген күні Күдік бел алады, Сенім жоғалады. Аржағы айтпаса да түсінікті...
* * *
Мына парадоксты қараңыз: “Арийлер империясын” құрмақ болған Гитлердің ең алғашқы құрбандығы басқа емес, өз отандасы — Ницше. Бірі — арий тұқымының ақикөзі, екіншісі — адамзат қауымының ақиығы. Бірі — бүлдіргіш күш, екіншісі — ақыл-ой кемеңгері. Бірі — құныкер, екіншісі — құрбандық. Бұлай деуіміздің себебі — алдыңғысы 1889 жылы дүниеге келсе, екіншісі сол жылы көз жұмған. Ақыл-ойдан баз кешіп, әсіреарийлікке бой алдырған ұрдажық ұлтшылдық қызды-қыздыға келгенде қызыл қанмен шөл қандырып, дүйім дүниені алатайдай бүлдірді. Әрине, бұл Алла әмірінен тыс әрекет еді. “Арийлер империясы” іске аспай әдірем қалды. Алапаттың бетін қайтарған “Қызыл империяның” да жарты ғасырға жетер-жетпесте желкесі үзілді. Ал Ницше әлі тірі!
* * *
Өткенде де өтірік пен шындық жеткілікті. Бір ғана мысал: Гитлер әлемдік соғысты ашып қана қойған жоқ, жебірей жұртына жебір-обыр жұт болды. Тіпті, нәпсісіне нәпақа, еншісіне еркетотай Ева бұйырса да. Содан да болар, Гитлер десе жөйітіңіз әлі күнге жөндеп ұйықтай алмайды. Ал Сталин ше? Мүштекті бұл мүттәйіміңіздің де, әсіресе, мұсылман жұрты дегенде мұрты мен құрты қоса жыбырлап, жыны ұстай жөнелетінін кім біліп, кім елемеп еді?! Қап тауының қапталындағы қай ел қан кешіп, қайғы жұтып, дүние дүрбелеңіне ұшырамап еді? Атамекенінен ауа көшкен ел-жұрттың көз жасы мен көкірек шемені кімнің мойнында? Тұтас ұлт-ұлыс рухының жер болып, жетімсіреуінен артық қандай қасірет болушы еді?! Қарғыс, нала кімді қабірінде тыныш жатқызған?.. Атам қазақтың “көріңде өкіргір...” дегені бұл орайда кімге қаратып айтылғанын өзіңіз-ақ аңғара беріңіз. Түркіні түрткілеп, мұсылманды мұқатудың аржағында не жатыр деп ойлайсыз сонда? Үңіле білгенге, мұның жауабы тарихта...
* * *
Алла тағала Адамды өз құдіретімен жаратып болған соң оған қарата былай депті: “Сені өзім үшін жараттым. Жер бетіндегі күллі жан-жануар мен өсімдік атаулы сенің иелігің һәм игілігің. Сен олардың бәрінен де ұлықсың, бәрінен үстемсің. Саған аз-көп емес, 20 жыл өмір бердім. Өн, өс...”
Сонда Адам: “Қайыр қылсаң, бүтін қылмайсың ба? Осыншама кең де жарық дүниенің қызығын көру үшін бар болғаны жиырма-ақ жыл бергенің не?” дей бергенінде, Алла тағала: “Өзіңнен басқа да тіршілік иелері бар екенін ұмытпағайсың” деп жүзін Есекке бұрыпты: “Өле-өлгенше арқаңнан жүк түспейді. Еңбегің тер, тұзың сор, тағдырдан алған несібең сол. Саған сол себепті 30 жыл жетеді” дегенде, Есек байғұс ақырып-өкіріп Алланың алдына құлай кетіпті: “Ойбай-ау, өмірім қор, тұзым сор болса, маған мұнша жастың керегі не?”
Мұны ести сала Адам: “Олай болса сол отыздың жартысын маған қиыңызшы?” деп өтініпті. “Жарайды, солай-ақ болсын” деп Жаратқан ие Итке иек қағыпты: “Сен, Ит, мына адамға бірден-бір көмекші боласың. “Жат” десе, жатасың, “тұр” десе, тұрасың, “үр” десе, үресің. Өзіңде ерік болмайды, бар несібең Адамның мойнында. Олай болса саған 20 жыл жетіп қалар” дегенде, “Мұндай мырзалығың бар болсын. Өз еркім өзімде болмаса, мұнша жасты аталама езіп ішем бе?!” деп Итекең де назалана қыңсылай бастапты. Адам қарап тұрмай: “Ендеше, Иттің де жарты жасын маған қия қойыңыз” депті.
Кезек Маймылға келіпті. “Ұсқыныңды Адамға ұқсатып жаратқаныммен, — депті Алла тағала оған, — бүкіл іс-қимыл-әрекетің балаға ұқсайды. Туғаннан өлгенге дейін белің бүкшиюмен, қабағың түксиюмен өтеді. Әйтсе де саған жомарттығым ұстап 50 жыл ғұмыр сыйладым!” депті. Сонда Маймыл Хақ тағаланың алдына етбеттеп жата кетіп зар қағыпты: “Адамды былай қойғанда, бала ғұрлы миым болмаса, оның үстіне өле-өлгенше белім бүкшиюмен өтсе, мұндай ұзақ өмірдің маған не керегі бар?”
Адам тағы да араға түсе кетіп: “Онда Маймылдың азар-безер болған жасының жартысын маған бере қойыңыз, Жаратқан ием?” деген екен. Алла тағала Адамнан несін аясын, “мақұл” деп меселін қайтармапты.
Жаратқаннан жалынбай алған 20 жасында Адам алаңдау былай тұрсын, уайым-қайғысыз жастық шағын өткізеді. Ал 30 бен 40-тың арасында есекше еңбек етіп, тірлік қамытын мойнына іледі. 40 пен 50-дің арасында, қаладың-қаламадың, әркіммен бір арпылдасқан-алысқан ит-ырғылжың өмір басталады. Ал 50-ден арғы өмірде Адам өзінің емес, бала-шағаның қамын ойлай-ойлай қартайып, немереге мөлиіп, шөберемен шөмиіп, бала құсап жан-жағына жәутеңкөзденіп қалады. Қазақтың “Қартайғанда бала боласың” дейтіні осыдан...
* * *
Жүсіпбек Аймауытұлы: “Зорлық, қиянат, қанішерлік жоғалып, бір заманда адам баласы бірін-бірі маңдайға шертпейтін, жер жүзіне ұжымақ орнайтын шақ бола ма, жоқ па?..”
* * *
Өсер елдің баласы — ұлтының ұлы,
Өшер елдің баласы — құлқынның құлы.
* * *
Бостандықтың жемісінен тәтті қай мәуе, еркіндіктің елінен артық қай Жұмақ бар?
* * *
Саясат билік құрған жерде адамгершілік бастауы суалады, имандылық дарағы қуарады.
* * *
Біз шешпеген дау бар ма?
Біз жеңбеген жау бар ма?!
Біз ішпеген су бар ма?
Біз татпаған у бар ма?..
* * *
Қазақтың бір-біріне көз алартатыны, тіпті, кешірместей кектеніп кететіні, жақыннан безіп жатқа жем болатыны, мұның өзі айықпас аурудай өнбойымызды жайлап алғаны ұрығымыздың әлсіреп, рухымыздың төбе көрсететін жерде төменшіктей беретінінен емес пе екен?..
* * *
Қазір бізге Қасым ханның түсінен гөрі хан Кененің күші көбірек қажет болып тұр-ау...
* * *
Рухтың сүйеніші — Ар, Ождан, Намыс.
Рухтың сүйініші — арлы қыз, ожданды оғылан, намысты ұл.
* * *
Фаридиддин Аттар: “Адам әуелі пенделік тіршілік — пәни дүние кіріптарлығы мен мұқтаждығынан құлан таза құтылып алмай ақиқи рухқа қол жеткізе алмайды”.
* * *
Бізге саяси сауаттылықтан гөрі сана санаткерлігі көбірек керек. Өйткені санаткерлік — Өркениеттің өз баламасы.
* * *
Қырық жыл қырғын болса да суалмаған, тәнімізді де, жанымызды да суарған алпыс екі тамырымыздағы асыл қанымызды тулатып та, қунатып та тұрған асқақ рухымызды өлтіріп алмайық. Ол өлсе, тірі өлікке айналамыз. Тірі өліктің мекені — Жер емес, көр!
* * *
Рух — адам баласына Алла тағала дарытқан дүри гауһар Нұр.
* * *
...Бас кетті (кесілді, асылды, атылды), дене қалды. Бас орыны бос. Содан да Мойын бұрылшақ, Иық именшек.
Бастағы көз болмаған соң жақсы мен жаманды көруден қалдық. Бастағы құлақ болмаған соң Құдай сөзіне құлықсызбыз. Бастағы пешене болмаған соң тағдырымызға не таңылғанын, жазмышымызға не жазылғанын білмейміз. Бассыз дене де бір, баянсыз бақыт та бір. Өйткені бақ басқа қонады, бас болмаса қайда қонады?
* * *
Халық қарғысы қара дауылдан да жаман, ал алғысы ана сүтіндей абзал.
* * *
Ұлт қалыпқа түсіп, қатарға қосылмай халық бола алмайды.
* * *
Аруақ та бір, бесіктегі бала да бір. Ол сары алтындай салмақтағанды, алғыстап, ардақтағанды ұнатады.
* * *
Рухты ту еткен, Аруақты тәу еткен елдің еңсесі қашанда биік.
* * *
Рух ұшпалы, Аруақ көшпелі.
* * *
Молада ұйықтасаң ұйықта, мазарға маза бер.
* * *
Түн түнерген сайын Күн күрсінеді.
* * *
Ібіліс жаулаған елдің ішін ірің жайлайды. Рухы күшті ел Алладан басқаға бас имейді.
* * *
Батыстың көзге көрінбейтін көсемі — Демократия. Орыстың рухани пірі — Бірінші Петр. Түрік туыстардың ту ұстары — Ататүрік. Иранның имамы да, иманы да — Аятолла Хомейни. Өзбек ағайындардың да Әмір Темірі ат үстінде. Бізге де бір Темірқазық керек-ау!..
* * *
Үй ішінен үй тігіп қараны да, ханды да менсінбей қасқайып отырған қандасыңды көргенде қара жерге кіріп кете жаздайсың!
* * *
Көп қыздарымыздың сана-сезімі қазір сынаптай сырғып жүр. Олар үшін:
Бүркіт те бір, бірегей де бір,
Шүршіт те бір, шүрегей де бір.
Біз көңірсітіп жүрген Неоинтернационализмнің бір сықпыты осы болып жүрмесін...
* * *
Шіркін-ай, Демократия дегеніңіз рахат бір дүние екен ғой: капитализмнің шекпенін киіп, социализмнің сөзін сөйлеп жүрміз!
* * *
Ойдан қашқан Отызбай, қырдан қашқан Қырықбай, елден қашқан Елубайлардың есеп-қисабына елігіп, еріп кеткісі келіп жүрген “элиталарымыз” қаншама... Олар үшін ерлік — ертегі, елдік — аңыз.
* * *
Бас болмаса аяқ саяқтың күйін кешеді. Басқаны қайдам, осы менің басым кейде бар, кейде жоқ сияқты. Басым барда — ояумын, басым жоқта — қаяумын. Менің азабым да, ғазалым да осы.
* * *
Шенеуніктің шекпенін киіп, шегірткеше билеп жүрген қазағыма қайранмын!..
* * *
...Әлі күнге үкі көзді үрейден арыла алар емеспін. Кімнен, неден қорқам — білмеймін. Көздің жалтақ, құлақтың қалқақ, тілдің тантық, жанның Жантық болғанынан жаман нәрсе жоқ екен...
* * *
Баяғыда бір ғұлама қасындағыларға: “Дүниеде не қатты, не тәтті?” деп сауал тастапты. Біреуі “жұт қатты, сүт тәтті” десе, екіншісі: “қарғыс қатты, алғыс тәтті” депті. “Жоқ, таба алмадыңдар, — депті сонда ғұлама, — тіс қатты, тіл тәтті. Ал енді осы екеуінің қайсысы өміршең?” “Әрине, қаттысы” депті қасындағылар. Ғұлама басын шайқап: “тағы да таба алмадыңдар, қатты болса тістерің қайда? Ал тілдерің әлі күнге сайрап тұр!” деген екен.
* * *
Адам тағдыры ойыншыққа айналғанда — арға дақ түседі, арамзаға бақ түстенеді.
* * *
Сауаты шала, көңілі бала, бейілі дала кешегі қыр қазағы мен бүгінгі бірі зиялы, бірі қияли, бірі қалталы, бірі алқалы, бірі ойшыл, бірі тойшыл, бірі дарынды, бірі қарынды, бірі Шығайбай, бірі құдайдай, бірі Жантық, бірі тантық, бірі Батыраш, бірі Қотыраш, бірі даңғой, бірі сәнқой... қысқасы, сан түрлі, сан қырлы қазекемді салыстырып көрген жеріңіз бар ма? Айтары жоқ, бүгінгі қазақ бәріне бейім, бәріне дайын. Шамасы, Ол қазақ бола-бола қажыған, қартайған, зеріккен, жалыққан. Өзіне — жаппай қасқыр, өзгеге — “ләббай, тақсыр”...
* * *
Зәуіде әйел жүрегіне зер салғыңыз келсе, сізге не аттан түсуге, не көкке ұшуға тура келеді. Менің боз басым да, көз жасым да, бақытым да, сорым да, ақиқатым да, ақыретім де, мұңым да, сырым да... әйел затының тылсым табиғаты мен толайым тағдыр-талайында.
* * *
Ақын үшін еркіндік пен азаттықтың төркіні — оңашалық! Маған оңашалық сыйлаған адам-менің ең жақсы көретін жанашырым.
* * *
Ана бесікті тербетсе, ән әлемді әлдилейді!
* * *
Сезімшіл әннің өзімшіл жанға жаны қас.
* * *
Санасыз сатқындық, оспадар ойсыздық, жалаң жадағайлық, жетесіз жеңілдік — әсіре әуестікпен, елп етпе елігумен етене егіз.
* * *
Кешірерсіз, сізге дарыған өнер, шынтуайтында, сіздікі емес.
* * *
Құл пұлға емес, пұл құлға құлдық ұрып қызмет етпейінше Құдай берген өнердің құны жұрт алдында құлдырағаны құлдыраған.
* * *
Кеңпейілділік пен кешірімшілдік кемелдігіміздің белгісі емес пе еді, “бас-басымызға би болғымыз” кеп тұратын кеселімізден құлан-таза айығатын күн қайда? Неге би екеу болғанда дау төртеу болмақшы? Дауласпаудың, жауласпаудың амалы бар ма?
* * *
Егесті елемесең — ерегеске, ерегесті елемесең — төбелеске, төбелесті елемесең — төңкеріске айналады.
* * *
Ошақтың үш бұты бірігіп ортақ қазына — Тайқазанды көтеріп тұр. Түркістанда. Ал үш жүздің ұлдары бірігіп неге Ұлы жұртқа ұйыса алмай жүр? Қазақияда...
* * *
Сөз астары мағынасында,
Ой астары қағидасында.
* * *
“Ауру қалса да, әдет қалмайды”. Әдеттен әдепке көшудің айла-амалын ел-жұрт өзгеден емес, өзінен іздесін.
* * *
Ер санатына еніп, Pyx қанатына мінген елгезек жан жақсыны да, жаманды да, қиянатты да, зиянатты да елден бұрын таниды.
* * *
Бүгінгі қаймана қазақтың пешенесінде “балапан басымен, тұрымтай тұсымен” деген жазу баттиып тұр.
* * *
Есері елірген, ессізі семірген қазекемнің есі-дерті — бірін-бірі, әлі келсе — шалып қалу, амалын тапса — қауып қалу. Бір-біріне Қарашаның қара суығындай қатыгез. Ұлт тағдыры уыстан сусып, қарақан бас қарақшының қарауылына іліккен шақта “бас-басына би болу” — аяқ астына илену емей немене?..
* * *
“Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар” — мұны кеше Абай айтқан. “Қалғып кеткен Рухты қан оятар!” — мұны бүгін біз айтуға тиіспіз!
* * *
Нәуетек ұлдан, желетек қыздан ақ желкенін жел керген жеткіншек, туырлығын ту еткен “Тұрымтайдай” Абылайлар тумақ емес!
* * *
Қайрауы келсе, шыңдауы келіссе, қалам қаруы алмас қамал бар ма?!
* * *
Өз миссиясын ұмытқан сыншы — әдеби қылмыскер.
* * *
Тағдырына налып, өнген-өскен кезеңін жазғырған жаста даусыз дарын, дауасыз даралық болады дегенге сенбеймін. Себебі, өз әлемін жасай алмаған адамның әдебиетте де тындырары шамалы.
* * *
Өлшеусіз байлық жоқ, таусылады.
Мөлшерсіз уақыт жоқ, қаусырады.
* * *
Жадыгөймен есептес, жезөкшемен төсектес, жағымпазбен өсектес саясатыңыз, әлі көресіз, талайларды талма тұстан тас қаптырады! Бұған күдігіңіз де, күмәніңіз де болмасын.
* * *
Сенім — Үміт пен Күдіктің әлімсақтан бергі ара ағайыны. Ал Қанағат, Тәубе, Шүкіршілік — Адам ата, Хауа ананың үшемі.
* * *
“Алтын көрсе, Періште жолдан таяр”... Жалт етпе жалтыраққа жанарын жұмсай берсе, Періштеде не сән, не мән қалмақшы? Тегінде, бүл өзін періште санап жүрген “перуайымдардың” ойлап тапқан сандырағы болса керек.
* * *
Жаны нәзік, жазмышы озық, жалбағайы тозық Ақын азабы айтып тауысқысыз. Тағдырмен егеске түсетін де, тамшыдай у ішетін де, қилы-қилы тағдырдың қиюын табамын деп Қылкөпірден өтетін де, Қылуетке түсетін де сол!!!
* * *
Ақындық — Тәңір сыйы, тағдыр сыбағасы. Тәңір сыйы болған соң да екінің біріне Қыдыр-қонақ бола бермейді. Қона қалғанның өзінде қадыр-қасиетіне жетпесең, желмен ұшып кетеді. Жете қойғанның өзінде азабына азан шақырып, тозағына тоба айтып, құлқына құлша жегілу — қылықты қыздың да, құзырлы бидің де, базарлы байдың да, қазыналы ханның да қолынан келе қоятын шаруа емес.
* * *
Алла мен Ақын арасында анау-мынау аңғара алмайтын тылсым-ғайып бір ұқсастық бар. Мен білсем, ең алғашқы ақын — Алланың өзі!!! Бұған титімтай да күмәніңіз болмасын!
* * *
Аруақты, арқалы Біржанды “елірме есуасқа” балап, айбозым Ақанды “пері шалықтап, жын иектегенге” санап, серілік пен салдықтың құдайақы құнын көк тиынға түсірген нәкәс надандыққа не дерсің?..
* * *
Рух әлсіздігі ұлт дәрменсіздігінің бірден-бір белгісі. Дәрменсіз, әлжуаз адам дерт пен науқасқа тез бой алдырады. Дерт қайғыға, ауру айықпасқа айналып кетсе, жарық дүниеңіз жалған дүниеге айналады. Жалған дүниеден кім бақытын таба алсын? Жанарыңыздың жарығы мен жарқылы да, жарық дүниенің жақсылығы мен жасампаздығы да жүрегіңізді мекен еткен ұлы Рухтан нәр алады. Рухыңызды өлтіріп алмаңыз!
* * *
Жел өтіне көк байрағымызды қанша желбіреткенімізбен, ондағы бәдізделген Қыран кейпіне жан бітірмесек, ұранымыз да, “жұмағымыз” да жалған әуезеге айналады.
* * *
Драматургия қалыпқа салып қатырып тастайтын, немесе мумиялап сақтайтын мысырлық мүлік емес, керісінше, тіршілік қаны алпыс екі тамырында тулап тұрған нағыз өмірдің өзі!
* * *
Ерте есейген інілерім ерте қартаймаса екен,
Ерте толысқан інілерім ерте ортаймаса екен...
* * *
Қисық ағашты тез түзетеді,
Қисық мінезді сөз түзетеді.
* * *
Саясат — ойын. Ойнап жүріп от басу оп-оңай. Ал мен ойын баласы емеспін. Отағасымын...
* * *
Біздер — ақындар Антикалық әлемдегі Антей тектілерміз. Көктен шуақ, жерден қуат аламыз. Біздің күрестен жығылмайтынымыз да, жеңілмейтініміз де содан!
* * *
Мен саясатқа емес, саясат маған қызмет етсін.
* * *
Ері азайған, езі көбейген ел ұлы көшке ілесе алмайды. Құдай ілбіген мен мүлгігеннен сақтасын!
* * *
Ірілікке бүйрегің бұрса, ішіңді іріңге індетпе, санаңа сары су ұялатпа. Ең жақсысы, елге жақ та есен жүр.
* * *
Мәдени-рухани өнім беруші ат төбеліндей азаматтарын ардақтай алмаған қоғам — нәуетек, нәркүмән қоғам. Адам еңсесі рух әлсіздігінен еңкіш тартады. Ал ән — рухтың заманауи азығы.
* * *
Поэзияның табиғаты тарпаң, тағдыры тылсым, мінезі мінсіз, жаны нәзік, көңілі кірпияз. Оны толғандыратын да, толқытатын да — төлтума сұлулық, пәкиза-пәк жаратылыс.
* * *
Алапат ауру, жойқын жеміт алыс құрлықтан жер-жаһанға Жаһандану жамылғысын киіп, қара көлеңкедей қаптай жайылып келеді. Оған қарсы қам-харекет аләзірге пенде тарапынан тақ-тұқ. Тәңірия құдіреті болмаса...
* * *
Ұрысса да ұйқас іздеп, таласса да тауып айтуға әуес қазақ үшін өлеңсөз қашаннан бері қәт болып еді, тәйірі?..
* * *
“Махамбеттің басын бәске салған, Абайды қамшының астына алған, Мұсаны жаяу қалдырған, Шәкәрімді шыңырауға тастаған... дөйің мен дойырың мына біз боламыз!” деп кеуде қаққан қазақты қазірше кездестіре қойған жоқпыз. Кездеспесін, жолықпасын... Алайда... “ақынның сөзінің өлгені — өзінің өлгені” дегенді қайда қоямыз?
* * *
Өскен ел, өркениетке көшкен ел ең әуелі өз ұл-қызын ұлықтар болар. Өзіңді тәрбиелеу — өзгеге танылудың әлімсақтан бергі үлгісі.
* * *
Анасын аялаған адам ғана
Алланың ұшпағына қол арта алады.
НАЗЫМ
Азайды көшті бастар ескі достар,
Көбейді кешті бастар ешкібастар.
* * *
Мүйізі қарағайдай,
Мінезі Қарабайдай...
* * *
Су төркіні — әуіз,
Сөз төркіні — ауыз.
* * *
Табанының бүрі жоқ,
Бармағының мөрі жоқ.
* * *
Сана сардары — Абай,
Сана сарбазы — халық.
* * *
Рухани қазына хан сарайында емес,
Халықтың жансарайында!
* * *
Күлімдеген көзіңнің садағасы
Дірілдеген көп жұлдыз аспандағы!
* * *
Иттің үргені үйреншікті,
Абалағаны болмаса.
Дұшпанның күлгені үйреншікті,
Табалағаны болмаса.
* * *
Сөз сөйлеу де бір өнер:
Біреу кестелеп айтады,
Біреу дестелеп айтады.
Кестелеп айтқан — жанға азық,
Дестелеп айтқан — малға азық.
* * *
Ит үрмейтін жерде үреді,
Бит жүрмейтін жерде жүреді.
* * *
Бөрінің баласы — бөлтірік,
Өсектің баласы — өтірік.
* * *
Өтірік өзімшіл келеді,
Шындық төзімшіл келеді.
* * *
Көрші жаныңда,
Ағайын жадыңда.
* * *
Жапырақ — талдың көркі,
Абырой — ардың көркі.
* * *
Аспанда шырақ болмас, Ай болмаса,
Қаңбақта тұрақ болмас, сай болмаса.
* * *
Қудың құрығынан сақтан,
Судың жылымынан сақтан.
* * *
Ел болмағы басшыдан,
Жол болмағы қосшыдан.
* * *
Жақсыға сөзім батпайды,
Жаманға сөзім өтпейді.
Жамандар маған жақпайды,
Жақсылар маған жетпейді.
* * *
Төлеген, сенде арман жоқ!
Дон Жуан, сенде ұят жоқ!
* * *
Жер ажары жабылмас,
Қарашада қар қонбай.
Жан азабы жазылмас,
Жаппар ием жар болмай.
* * *
Алланың бір есімі — Халық болар,
Халықта ғаріп те бар, алып та бар...
Көнеге көзін салған көсем жігіт
Өнеге өткен күннен алып қалар.
Санаға Сайтан келіп әлек салса,
Арада Ар мен Намыс набыт болар.
Тәж бен тақ, ат пен бақтың тасасында
Пенденің бір нәсібі — Табыт та бар...
* * *
Батырлардың кегі қайтар беренмен,
Ақындардың шері тарқар өлеңмен!
* * *
Кешегі көрікті бақ
Бүгінде — көліктұрақ.
* * *
Көзіне күйе жаққанға
Көрінер қара ақ таң да.
* * *
Жазушының бәрі мықты,
Жаман кітап қайдан шығады?
* * *
Ақша даңқымен пұл өтер,
Патша даңқымен ұл өтер...
* * *
Көз жабыққа құмар,
Көбелек жарыққа құмар.
* * *
Қар кетеді,
Жер қалады.
Хан кетеді,
Ел қалады.
* * *
Бақ пен тақ патшаға лайық,
Бар мен жоқ баршаға лайық.
* * *
Ұнатпайтын ұсқынсыздарым:
Көшенің тұйығы,
Көженің сұйығы,
Көсенің миығы.
* * *
Алғанша ажал — сұр мерген
Ақынға Алла тіл берген.
Талайды көрдім түрленген,
Талайды көрдім сыр берген...
Ірісе ішің, не қайыр,
Сыртыңды сылап жүргенмен,
Алшайып атқа мінгенмен,
Талтайып таққа мінгенмен!
* * *
Сауда жүрген жерде
Сауға кем болады.
Саудагер жүрген жерде
Тәуба кем болады.
* * *
Адамнан қайыр, мейір қашқан күні
Көбейер жер қайғысы, аспан мұңы...
* * *
Жақсыға көз қанбайды,
Жаманға сөз қонбайды.
* * *
Бетін бұлт жапқанмен,
Көрінбей қалмас Ай болмас.
Ертелі-кеш баққанмен,
Есек атқа айналмас.
* * *
Сағынып күту — сертке сын,
Зарығып күту — дертке сын.
* * *
Жібекті түте алмаған жүн етеді,
Жүйрікті күте алмаған жүдетеді.
* * *
Қыздың көркі — құндыз бөркі.
* * *
Қайыңдар көктем сайын кеш бүрлейді,
Өрікке өскен сайын ес кірмейді.
Шыршалар көнермейді, ескірмейді,
Еменге мұның бәрі естілмейді.
* * *
Шетімізден іріміз, ұлымыз,
Өнердің құлымыз дейтін біреу-міреу болсайшы!?
* * *
Адамды алдаған — азалы,
Алланы алдаған — жазалы.
* * *
Пенделіктің күні үшін,
Кенделіктің құны үшін
Арысыңды дауға берме,
Намысыңды жауға берме, Ұлысым!
* * *
Тақияңды аспанға атпа бекер,
Жерге түссе көрінген таптап өтер.
* * *
Көлігінен айрылған адам
Желігінен айрылады.
Сенімінен айрылған адам
Өмірінен айрылады.
* * *
Күдік-күмәншіл адамның айран-асыры:
— Әуелі мен ешкімге сенбеуші едім,
Енді маған ешкім сенбейтін болды.
* * *
Екі шоқып, бір қарау
Қанаттының әдеті.
Екі нұқып, бір қарау
Жарақтының әдеті.
* * *
Болмашыға сыр алдыра берсең,
Көсемдігің қайда қалады?
Болымсызды ұран қыла берсең,
Шешендігің қайда қалады?
* * *
Жас кезімде “Перуайымға” салдым,
Қартайғанда сарыуайымға салындым.
* * *
Тамырсыз ағаш көктемес,
Тәңірсіз адам көбеймес.
* * *
Жатырына қарай баласы,
Ақылына қарай данасы.
* * *
Серкесі жоқ мал қасқырға жем болады,
Серкесі жоқ ел “тақсырға” жем болады.
* * *
Бозбалаға жарасар
Серілік пен серкелік.
Қыз балаға жарасар
Естілік пен еркелік.
* * *
Бұрынғының мақалы:
“Қызды жеңге бұзар,
Жеңгені теңге бұзар”.
Бүгінгінің мақалы:
“Пейілді пенде бұзар,
Пендені теңге бұзар”.
* * *
Қазағаң сөзге құмар,
Өзағаң бөзге құмар.
Сөзге құмар аузымен орақ орады,
Бөзге құмар қолымен орақ орады.
Ауызбен орақ орған барын жейді,
Қолымен орақ орған бәрін жейді.
* * *
Дұшпаныңның сақылықпен мысын бас,
Ол да, бәлкім, саған уын ұсынбас.
* * *
Бұл жалғанда не көрмейді жазған бас,
Бітер істің машақаты аз болмас.
* * *
Сақысыз — адам сараң,
Ақынсыз — қоғам қараң.
* * *
Желік көбейсе азғынның,
Жемтік көбейсе, құзғынның жолы болады.
* * *
Сұңқардың мұңын Сұрқылтай қашан түсінген?!
* * *
Дүние — қолдың кірі, жусаң ғайып,
Дүние — қызыл түлкі, қусаң ғайып.
Ашылған алақанда Алла ырзығы,
Ырыс-құт жұдырықты жұмсаң ғайып.
* * *
Бір жазушының естелігінен:
— Әңгімеміз көбіне сыр ашумен емес, сыра ішумен аяқталушы еді.
* * *
Бар айтқаның — құр мақтау,
Құр мақтауың құрғақтау.
Одан гөрі керек еді тіл қатпау.
Тіл қатпауың —
Құр мақтаудан қымбаттау.
* * *
Толқын жартасқа соқса,
Кері қайтады.
Жаңғырық жартасқа соқса,
Өлі қайтады.
* * *
Күн бола ма бұлтсыз,
Ел бола ма ғұрыпсыз?
Тай бола ма таңбасыз,
Жан бола ма үмітсіз?
* * *
Ақын жүрегіңізде болсын,
Алла тілегіңізде бол сын.
Иман
Пайғамбарымыз Расулулла с.ғ.с. хадистерінің бірінде: “Кел, бізбен бірге отыр, Иман хақында сұхбаттасалық” деген сөз бар.
Адамның әр басқан қадамына Иман таразы. Қарғыстың жаманы — “имансыз”. Жан — Иман үйі болса, Тән — оның есігі. Абыл мен Қабыл Адам ұлдары болса, Адал мен Әділ — Иман перзенттері. Мұнымен қоса Иманның Иба мен Ұят деген ғұснижамал қыздары бар екенін де естен шығармаған абзал. Базар нарқы сияқты адам парқының да әрқалай болмағы имандылық өлшеміне саяды. Жақсылар неге сырласуға ділгер, сұхбаттасуға құмар? Жамандар неге өркөкірек, өзімшіл? Мал аласының сыртында болуы бесенеден белгілі, ал адам аласының іште болу себебі неде? Екеу де тек ұрыққа, текке байланысты болғаны ма? Сонда тәрбие тану, ғибрат алу қайда қалмақшы? Кез келген адам өзін-өзі Иман таразысына салып өлшей ала ма? Көңілдің тезі, жүректің көзі дегенді қалай ұғынсақ керек?..
Ия, Иман иесі осының бәріне жауап іздейді. Ең әуелі өзінен, сонан соң өзгеден!..
Иман дарағы
Иманның мүкәмал (толық( болмағының үш шарты бар екен. Олар:
— айнымайтын, тура, берік сенімде болу;
— адамдармен жақсы қарым-қатынаста болу;
— Адамның өзін-өзі тәрбиелеуі, ғибадат пен кішіпейілдікке бейім болуы.
Бірінші шарт ең алдымен адамның өзіне қажет. Екінші шарт өз сыйың мен өзгені сыйлай білу қасиетіңе қатысты. Үшінші шарт, әсіресе, үлкендерге тиесілі. Кез келген адам өзін-өзі тәрбиелей ала ма? Қасиет қанда, қасірет қаныпезерлікте жатса қайтеміз? Алдыңғысы текке телініп, кейінгісі жетесіздікке жегіліп, қара жол қайрылмастай қақ айрылып кетсе, тәрбие тәлімі қайда қалмақшы?
Ұят
Ғибадат — киелі жай, қасиет мекені. Тектілік төркінінде кішіпейілділік жатады. Момын (муһмин), мүсәпірлік ұғымын қаймана қазақ өз керегінше қарабайырландырып алғаны болмаса, мұсылмандық түсінігінде олар имандылық ишарасына ие. Ал имандылық дарағы, анау-мынау емес, алпыстан аса бұтақтан тұрады. Абайлаңыз, ол сіздің ағзаңыздағы алпыс екі тамырыңыз болып жүрмесін... Алла тағала мен оның пенделерінен ұялу — осы бұтақтардың тек біреуі ғана екенін ескерсек, Абай айтпақшы, кемел адам болу екінің бірінің қолынан келе ме? Алла тағаланың періштелеріне: “Жүрегінде зәрредей иманы бар адамды тозақтан азат ет!” деп әмір беруінде кеңпейілділік пен кешірімділіктің шынайы үлгісі жатқан жоқ па?
Ей, жер басып жүрген (жетесіз) пенде, осыдан кейін сізге енді не керек?!.
Тарыдай тағылым
Сахабаларының бірі Пайғамбарымыздан: “Ей, Расулулла, қайсы қасиеттер исламда ең үлгі һәм қадірлі саналады?” деп сұрағанда: “Аш-арыққа тағам бергенің, танитын-танымайтынға сәлем бергенің” деген жауап алады. Хадисте бұған қоса: “Өзің тоя жеп, көршің аш-жалаңаш отырса, Алла алдында да, адам алдында да күнәға батқаның” деген сөз бар.
Біздің қазақы ортада бұған керісінше “танымасты сыйламас” деген ұғым орныққан. Бұл не — ұлттық мінез ерекшелігіміз бе, әлде ислами ибаға исіне қоймағанымыз ба? Жарайды, бұрынғыны бұрынғы делік, қазіргі қазақ қандай? Арамызда, Құдайын былай қойғанда, әкесін танымай бара жатқандар аз ба? Құлқын мешітке емес — мешкейлікке, аш-арыққа емес — ашкөздікке, дарқандыққа емес — дарақы даңғойлыққа жеңдіргендердің әлгіндей аталы сөзге, баталы байламға құлақ аспауы қалай? “Құдайдан қорықпағаннан қорық” дегенді қазақ өзіне емей кімге айтқан? Әлде... “Айтып істеген ұрлықтың айыбы жоқ” па?
Жиырма бірінші ғасырдың қазағы қандай болар екен?..
Рух
Рухтың он екі мүшесі бар. Олар: қажыр, қайрат, ождан, ар, намыс, ұят, абырой, сенім, төзім, үміт, иба, иман.
Қажыр қажыса, қайрат қартайса, ождан ортайса, ұят ұрланса, абырой тоналса, сенім семсе, намыс өлсе, ар азса, төзім тозса, үміт үзілсе, иба өшсе, иман көшсе — Рухтан не қалады?
Сана сабағы
Сана-сезімнен ада-күде адам болмайды. Ол туабітті қасиет.
Алғашқы әні — ана әлдиі, алғашқы дәмі — ана сүті, алғашқы дәні — ана мейірі. Өсе, есейе келе бұл міндет қоғам мойнына жүктеледі. Егер арамызда ата-ананы, үлкен-кішіні сыйлаудан қалған адам болса, оған кінәлі қоғам. Бойымыздағы рухани мүгедектікті типтік құбылыс деп түсінсек, қателескеніміз. Тән мүгедектігі тағдырдан, жан мүгедектігі қоғамнан! Алғашқысынан жеке адам зардап шексе, соңғысы қоғам ағзасына аса қатерлі кесел! Оның қауіп-қатері бұрынғы оба, бүгінгі СПИД-тен де артық екенін бір сәт те естен шығармаған жөн.
Сабау
Бала кездің бір көрінісі көз алдымда. Анам марқұм қара жұмыстан шаршап келгеніне қарамай, қара шайға қанып алған соң қара іңірде бұрышта бүктеулі жатқан жабағы жүнді қой терісіне жайып салып, қолындағы қос сабаумен оңды-солды сабалайтын да отыратын. Сабау сартылдаған сайын жабағы байғұста жан қалмайтын — күпсініп, қобырап, қой терісіне сыймай кір-күстен, шаң-тозаңнан арылып, мақтадай мамықтанып, үкідей үлпілдеп шыға келетін.
Жабағыдай жабысқақтанып, жамаудай жалбырап, тігісінен сөгіліп, астарынан ажырап, қожырап, божырап бара жатқан жұртты қағып-сілкіп, оған көнбесе, сабаудай сабап санатқа ендірмеске, сауапқа көндірмеске амал жоқтай көрінеді. Саязды санға, саяқты малға қосатын қос сабау кімнің қолында болмақ сонда? Түтілген жүн иіріліп жіп, жіп тоқылып киім болғанша қай заман? Ол киімді кім киер? Ол күнді кім көрер?..
Жалаңаш қоғам
Жалаңаш ұрғашы кейпін экраннан, яки газет-журналдан көре қалсақ, ұялғансып, қызарғансып қалатынымыз бар. Онымен тұрмай көптің көзін ала беріп ұрлана үңіліп, сұқтана қарайтынымызды қайтерсің?! Бұл не? “Көрмегенге көсеу таң” ба, әлде тән жалаңаштанып, жан шаламастанып, лыпа жұқарып, иба азайып, есесіне имансыздық етек алып бара ма? Қазақ үшін абырой бүркеулі, ұят шіркеулі болмайтын ба еді ежелден? Ал ар-ұяттан, абыройдан ада-күде айрылған мына қоғамды жалаңаш демей не дейік? Қысылмаған қыз, қымсынбаған ұрғашы, тәйірі-ай, кімге дәрі? Мұндайда Абайшалап еріксіз:
“Бетті бастым,
Қатты састым,
Тұра қаштым жалма-жан” дейміз бе, қайтеміз? Қашқанда қайда бармақпыз? Қоғамнан тыс өмір бар ма, заманнан тыс қоғам бар ма?..
Тәртіп тәлімі
Әмір Темір былай дейді: “Басында алтын толы табағы бар бала оның нәйеті тарыдай түйірін ұрлатпай, түсірмей мен құрған ұланғайыр мемлекеттің о шеті мен бұ шетін жаяу аралап шыға алады. Мен орнатқан тәртіптің тағылымы мен тиянағын, міне, осыдан-ақ біле беріңіз”.
Иә, тәртіп бар жерде артық нәрсе жолда жатпайды. Үлкеннің де, кішінің де нәпсі тежегіші — ұлы мәртебелі Тәртіп! Үйрене білгенге үлгі, жирене білгенге нәкәстік жетеді. “Өзі болған қыз төркінін танымастың” керін келтіріп жүрсек, сөз басқа.
Әрі-сәрі
Түйеқұсқа: “Қанатың бар ғой, ұшсаңшы?” десе, “Мен түйемін” дейтін көрінеді. “Е, ендеше жақсы болды, арқаңа жүк артайық” десе “Мен құспын!” деп кергиді екен. Сол айтқандай, бізде небір кержалқаулар бар-ay... Тіпті, осы Түйеқұсыңыз тұлабойымен қазақ деген халықтың менталитетін меңзей ме, қалай?..
Мың жылдық арман
Паустовский айтады: “Ана тілін ұмытқан адам — Отанға аса қауіпті!” деп. Мен айтамын: “Сол аса қауіпті адамдардың қаншасы қазаққа тиесілі қара қазанның құлағын ұстап отыр?..” деп.
Абай тұсындағы “Қазақтың жауы — қазақ” қазақтың санасынан қашан сылынып тастар екен?
Арамбұтақ
Жүзімде керекті және керексіз бұтақтар болады. Керектісі жүзім салады. Керексізі қорек сорады, яғни арамбұтақ. Өсімтал да өнімтал өзі. Пейілі жаман, дер кезінде отап тастамаса, жемісті бұтаққа кесірін тигізеді. Мұны отап тастау басқа емес, бағбанның ғана қолынан келетін шаруа.
Індет пен дерт жайлаған біздің қоғамда да арамбұтақтар аз емес. Әсіресе, а-ан-ау жоғарғы жақта. Адам мен заман ағзасын аздырып, тұқымын тоздырып жатқандар да солар. Қаулай өсіп бел алып кетпеуі үшін ауық-ауық қыршынынан қиып тастап отыратын Бағбан керек-ақ, Бағбан...
Қатты мен Жұмсақ
“Жұмсақ өміршең бе, қатты өміршең бе?” деп сұрапты бір данагөйден шәкірті. “Жұмсақ, — депті сонда ұстазы тілін көрсетіп, — ал тісім жоқ”.
* * *
Конфуций: “Ең үлкен саясат — тәрбие” депті. Ал біз: “Ең үлкен тәрбие — саясат” деп кері кергумен келеміз. “Ақымақтың айтқаны келмейді, сандырағы келеді” дегенге сай емес пе мұнымыз?
* * *
“Түске дейін халықпен бол,
Түстен кейін Хақпен бол” дейді Имам Бұхари хадисі. Ал қазекем: “Халық — Хақтың жердегі аты” дейді. Имаммен имандылық жағынан үндес екенбіз-ау! Тек сөз жүзінде болып жүрмегей...
Ақиқат
Уақыт пен оның шежіресі — Тарих қана бәрін өз орнына қояды. Мәселен, Пушкин дәуірінде Нестор Кукольникті поэзия оқырмандары алақанға салып, аспанға көтере дәріптеп бақты. Әуелі мұны дуалы ауыз сыншылар бастап берді. Келе-келе керісінше болды. Аптық басылды, ақиқат ашылды. Ақылды алға салып ақ күймеге пар ат жеккен Парасат “паһ, шіркін” деп даурыққан жоқ. Теңіздей толқыған, темірдей балқыған поэзия өз дегенін істеді — Уақыт жадында, адамдар санасында Пушкин қалды. Обалы не керек, Кукольник те осал ақын емес еді...
* * *
Томас Джефферсон 1816 жылдың өзінде-ақ: “Мемлекет неден тұрады? — шарықтаған қорғандар мен қарауылды, қарулы қақпалардан емес, мұнаралары күмбезделген асқақ айбынды қалалардан емес! Жоқ, адамдардан — саналы адамдардан тұрады. Өз міндетін білетіндерден, өз парызын өтейтіндерден тұрады. Олар тек парыз-қарыздарын біліп қана қоймайды, өздерінің құқықтарын да біледі, оны сақтап, қорғай алады. Олар мемлекет құрады. Мемлекет солардан тұрады” депті. Бұған алып-қосарыңыз бар ма? Шынында да, Жаратқанның құлақкесті құлы, ұлы мәртебелі Адамнан артық қандай қазына-байлық бар дейсіз?! Патша да, басқа да ерте демей, кеш демей осыны ойласа, кәні!..
* * *
Ұлы адамдардың жүрегін қашанда ұлы армандар әлдилейді. Арман әлдилеп, ана тербеткен жүректің кеуденің тар қуысына сыймай қашанда азат кеңістікті, бостан болашақты аңсайтыны осыдан. Тағдырдың жазуымен мәңгі тұтқынға түскен Жүректің зар-мұңын, арзу-арманын Тәңірім болмаса, пешенелі пенде қайдан ұғып, сезінсін, тәйірі!.. Арманшыл жүректің тағдыры аспаншыл құстың талайымен табысып жатса, бұған таң қалуға бола ма?!
Сонау жиырмасыншы жылдардың өзінде: “Тәуелсіздікке ие болар күн туа қалса, мен ең алдымен өз халқымның және өзге халықтардың тарихы туралы кітап жазуға отырар едім. Бұл — өзара ұғысуға өте-мөте керек” депті Мұстапа Шоқай.
Ұлы қайраткердің бүгінгі Тәуелсіздік қадірін “кім бар-ay?” деп кездейсоқ келіп тұрған құдайы қонақша емес, ұлы арман иесінше ұғына алсақ, бұдан артық бақыт та болмас еді-ау, шіркін!..
* * *
Моцарттың тұсындағы бір композитор әуелі: “Мен ғанамын!” деп жүріпті. Бертін келе “Мен және Моцарт” дейтін болыпты. Тағы бірер жылдан соң “Моцарт және Мен” депті. Ақыр соңында “Тек қана Моцарт!” дейтін болыпты.
* * *
Көне деректерге көз қандыра отырып кейде қырық кез құдықтан қауғамен су тартқандай әсерде қаласың. Шәжіраи (шежіре) “Насабнамада” мынадай жолдар бар: “Райс дариячасының бойында қорған бина қылып, жеті күнде тамам қылып, мұғ черикидин хабар алдыра йубарган ғазилар (оғыздар, халлуктар дегені) 3000 тарсалар ічіндаки мұсұлманларны кочуруб алыб келділар...” Харса хушхал халқының йоқсызлығыны коруб, қорғанға кочуруб, Қалаш ат беріб, илгари тушуб...”
Қалаш қаласы хақындағы мағлұмат қазақ арасына тараған діни дастандарда да кездеседі. Мысалы:
“Ноғайлы деген ел еді,
Қалаш деген шаһардың
Падишасын Жамал дер еді.
Атырабы қырық күндік,
Төңірегі шөл еді...”
“Мұңлы Сейіл” дастанынан алынып отырған бұл жолдар нені меңзейді? Тарихшыларымыздың бұдан хабары бар ма? “Насабнамадан” ше?
Айта кететін нәрсе, әлі күнге дейін Арыс теміржол стансасы мен Бадам арасында Қалаш деген шап-шағын ғана бекет бар. Құпия құлыптың кілті осы жерде көмулі жатқан жоқ па екен?..
* * *
Ойды ой түртіп оятады. Күдіктен күмән үркеді. Бүркеулі жатқан уақыт сілемі тіркеулі тұрған мұрағат мүлкі емес. Мәселен, қыздың жігітке айтқан назын әспеттейтін ел аузындағы мына бір назымға назар салыңызшы:
Ергене тасты ұнтап кел,
Ескі әніңді шырқап кел.
“Ескендір қайтқан” төбеден
Есетін желдей бұрқап кел...
“Ескендір қайтқан” төбе нені меңзейді? Көне тарих көшінің бұл да бір бізге беймағлұм беттері болмағай...
Жігіт қайда, қыз қайда? “Ерен қабырға”, немесе Тәңіртақ (қазіргі Тянь-Шань) сияқты Ергене тастың да тарихы болғаны ғой. “Ескендір қайтқан” төбе сол тарихтың кірер есігі емес пе екен?
Өткен өмірден өзек тарта отырып тарих тілін ұғына алмасақ, туған топырақ бізге сырын аша қояр ма? Келер ұрпақтың сауал сауған көзіне не деп қараймыз?
...Өз жеріміздің өгей ұлы болудан сақтасын Құдайым!..
* * *
Сөз — жанның тілі. Ән — жүректің мұңы. Тіл — рухтың үні! Жан кеудеден ұшқанда сөз өледі. Мұңның аясында сағыныш, аңсау, аяу, арзу, қаяу, уайым, қайғы, зар бар. Мұны жеткізе алмаған ән жүректі қаппайды, есте қалмайды, ескен желдей елеусіз өте шығады. Құлақта тек ызыңы қалады. Ал рухтың жөні бір басқа! Өз тілінде сөйлей алмаған Адам — рух атаулыдан ада, мүгедек бір бейшара. Ұлттық сана-сезімнен саяқ жанда тұрақ та жоқ, тиянақ та жоқ. Руханият — ұлттық үрдіс пен дәстүрдің жиынтығы болса, оның тегі де, төркіні де — Рух. Өз рухының үнін өшірген жан ешкімге опа бермейді. Сатқын да, опасыз да, ождансыз да, отансыз да солардың арасынан шығады! Тәңірім тексіздіктен сақтасын.
* * *
Егер залым адам бұл дүниеде жазаланбаса, өзінен соң оның азабы мен зардабын ұрпақтары көреді.
* * *
Таққа отыру оңай емес, түсу одан да қиын.
* * *
“Қауыснамадан”: “Патшаның қуаттылығы өз жасағының көптігімен, ал бай-дәулеттілердің қадыр-қасиеті жоқ-жұқанаға, қаріп-қасірге, жетім-жесірге көрсеткен септігімен артады”.
* * *
Бұзырыжмейір данышпанның былай дегені бар: “Төрт нәрсе ауыр бәлекет.
Біріншісі — жаман көрші.
Екіншісі — берекесіз отбасы.
Үшіншісі — жүзіқара қатын.
Төртіншісі — мұқтаждық”.
* * *
Фашегурс (Пифагор) данышпан өзінен кейінгіге былай деп өсиет қалдырыпты: “Он түрлі қасиетке ие болғың келсе, мыналарды жадыңда сақта:
Бірінші — өзіңнен күшті, үлкен ұлықпен ұрыспа.
Екінші — қызылөңеш қызбалармен мәжілістес болма.
Үшінші — одағай, ожар мінезді адамдармен алысып-жұлыспа.
Төртінші — надан адамдармен пікір таластырушы болма, бәрібір жеңе алмайсың.
Бесінші — екіжүзді адамдармен дос болма, қарым-қатынасты үзуді кешіктірмеген жөн.
Алтыншы — жалғаншыл жылпоспен мәміле қылма, уағда байласпа.
Жетінші — бақылмен сұхбаттас болма.
Сегізінші — қызғаншақ, іші тар адаммен шарап ішпе, дастархандас болма.
Тоғызыншы — қатын-қалашпен бір жерде көп отырып қалушы болма.
Оныншы — сырыңды ешкімге айтпа, абайсызда абыройың төгілмесін.
* * *
Жердің мұзы қатады мамырда да,
Шердің сызы батады қабырғама.
Көңілімнің серігі — сабыр ғана,
Өмірімнің сенімі — Тәңір ғана!
* * *
Жұқа бояу жұғымды,
Қалың бояу — жұғынды.
* * *
Көліктінің қалтасы қалың болса —
Көріктінің алқасы алтын.
* * *
Туғанынан кім безсін,
Туырлығын кім кессін!..
* * *
Мен бүгін ең соңғы досымды өлтірдім... тірідей. Қош, “дос”, бақұл бол...
* * *
Ұрығы семген, үнжырғасы түскен елдің ертеңі көрінген көкаттының ермегіне айналады. Бүгінгі бей-жайлығымыз осы бей-берекеттің басы болмағай...
* * *
Қалыпқа симаған дүние қауызда қалай қамалсын?!
* * *
Заманның Заңын саясаткерлер жасап, зарын қаймана халық тартады.
* * *
Ішімді ірің жайлап барады. Күресерге дәрмен, алысарға пәрмен, егесерге жәрдем жоқ. Әттеген-ай, ашыған айран болсам, ащысыраған біреу-міреу сіміріп салар ма еді?! Е елге себім жоқ, е ертеңге сенім жоқ. Сыртым бүтін, ішім түтін. Жанартау құсап жалын бүркіп, от құсқанға не жетсін, шіркін!..
* * *
Шекспирдің тағы бір кейіпкері Энобарб Антонийге: “Ол (Цезарь) сенен жиырма есе бақытты” дейді. Еріксіз елең ете қаласың. Екі есе десе де жетпей ме? Мейлі, он есе дей-ақ қойсын. Ал жиырма есесі несі? Антонийді соншалық ауыр сөзбен сілейтіп салмаса да болатын еді ғой? Сөйтсек, бұл: “Цезарь сенен жиырма жас кіші” дегені екен ғой. Бәсе деймін-ау, сараң сөйлеп, астарлап айтпаса Шекспир Шекспир бола ма?!
* * *
Ормандағы өртті ауыздағы сөзбен іркіп, сумен бүркіп өшіре алмайсың.
* * *
Марқұм Мәкен апамыз (Абайдың немересі): “Менің балаларым менің Абайымды оқуды керек қылмай қалды” деп күрсініп салып еді...
Қандай қасірет! Тағдырына налып отырған жалғыз Мәкен апамыз ба екен? “Менің балаларымды” “біздің балаларымызға” ауыстыра қойсақ, бүгінгі бір сұмдық шындықтың беті ашыла түспей ме?
Қайран, заман-ай, Абайды оқудан қалған ұрпақ қалғанымызды қайтсін. Ұлы ақын бір өлеңінде: “Келер күн келер екен не дайындап?..” деп өзіне де, өзгеге де сауал тастап еді.
...Денемнің түршіккені несі екен? Кімнен? Неден?..
Екі кесе, бір шәйнек
Шәйханаға бас сұқтым. “Келіңіз, төрлетіңіз. Не қалайсыз?” деді Қыз қиылып.
— Көк шәйдан болса...
— Қазір, аға...
Қыз қимылы ылдым-жылдым екен, ә дегенше алдыма екі кесе, бір шәйнекті қоя берді. Бұлдырықтай ғана ыстық самса буы бұрқырап тәбет шақырды. “Екі кесесі несі, бір кесе де жетпей ме? Әлде, қасыма келіп...”
— Мына кесенің біреуі... — дей бердім жанай өтіп бара жатқан Қызға, — мен өзім ғанамын ғой?..
— Жалғыз отырған кісіге жалғыз кесе әкелу жақсы ырымға жатпайды. Мұны маған анам айтқан...
Періште пейіл, тәтті жымиыс. Ішім уылжып сала берді. “Анасын көр де, қызын ал...”
Әлденелерді күбірлеп кетсем керек.
— Аға, шәйіңіз суып қалды ғой, жаңартып әкелейін бе?
Тағы сол мәйін мақам, тәтті лебіз... Жанары жаудырап жанымда тұр.
— Жо-жоқ, рахмет, жаным...
Тағы да тіл ұшына әлдебір сөздер орала берді:
Қаласам, шәй да дайын, мәй де дайын,
Қарғам-ау, қалай саған жәй қарайын...
Бейіштің самалындай сәруәр бейіл
“Анаңнан сені тапқан айналайын”!..
* * *
Жанартау жүрек манартау басқа маза бермеуге айналды. Жазмыштың бір күнінде жарыла ма, кім білсін...
* * *
Жалғандық пен жасандылық жасырынған жерде жасампаздыққа жай жоқ.
* * *
Ақымақ екеш ақымақ адам да ақылды итке айтқанын істете алады...
* * *
Адам баласы анадан туғаннан бері мынау алақандай жерде адасумен келеді. Ес жиып, етек басқаннан бері Шындықты іздеумен келеді. Таптым дегені тағы жоқ. Өмірінің аяғына дейінгі әуре-сарсаңы осы болса, адаспағанда қайтсін?!
Иә, Шындық — ана екен де, Пенде — жетім бала екен. Жер бетінде қанша адам болса, сонша жетім бар. Мына Жер — жетімдер мекені! Ата сақалым аузыма шыққандағы көргенім мен көзімнің жеткені осы. Кеш, өте кеш. Қандай өкінішті? Жетім екенімді білгенім де ғой, келер ме едім өмірге, келмес пе едім...Келдім екен, амал жоқ, табайын-таппайын, Шындықты шырақ алып іздеуім керек. Ол, бәлкім, шыңырауда ма? Бәлкім, шыңда шығар?.. Таба алмайтыныңды күні бұрын біле тұрып іздеген болуың — әрі күнә, әрі ақымақтық! Жарық дүниеге келдің екен — күнәлісің. Себебі сен — күнәлілер перзентісің! Ал ақымақтығың... Аллаға және өзіңе ғана аян.
* * *
Былайғы жұртқа ақылды болып көріну кез келген адамның әдеті. Өзгені алдау арқылы өзің де соны алданыш тұтасың. Әйтпесе, дүниеде сенен артық ақымақ адам жоқ!
Иә, Өмір дегеніңіз адасу мен алданудан тұрады. Ал Шындық па, Шындық — сіз туа салысымен-ақ өлген!..
* * *
Қазақтың тамаққа тәбеті тақуаның намазға ұйығанындай, іштегі жыланның басын кері қайтарғанша құлқы бері бұрылмайды.
Арғы-бергімізге көңіл аударып, көз салсақ, — Көкбөрінің әулетінен екенбіз. Ол да мына біз сияқты ас десе аранына ие бола алмай қалатын тежеусіз неменің бірі ме еді?.. Олай дейін десек, Көкбөрінің жұлымыр жұрағатынан саналатын қасқырдың қойға шапқаны болмаса, қылтамақтан алғанының бәрін қылғытып салғанын көре қойған жоқпыз. Қаз екеш, қаз да тойғанына емес, орғанына семіреді.
Тәбет те Нәпсінің бір ныспысы. Іштегі жылан — ашқарақ ылаң. “Іштен шыққан жау жаман” демекші, нәпсісін тыя алмаған қу пендешілік Құдайдың ұлынан құлқынның құлына дейін құлдыраса керек. Сырт көз — сыншы. Өзімізді бір сәт өзгенің көзімен өлшемдесек, Тәбет деген тәп-тәуір сөзді Төбет деген таптаурын сөзге айырбастай салмас едік қой. Әйтпесе, ішіп-жеу де мақтан ба, тәйірі?! Бәрінен де пақырға парымаған, дарақыға дарымаған сөз обалын айтсайшы...
* * *
Осы ит атаулы бір-біріне неге өш? Әсіресе, қорадағы итекеңдер. Босатып жіберсең, бір-бірін түтіп жеуге бар! Ауыз жаласып, бір-біріне өліп-өшіп жатқан тұмсықты тұқымдастарды әлі күнге көрмеппіз. Иә, қайсыбір уақыттарда, көктемде болса керек шамасы, ұрыншақ бір ұрғашының соңынан ұрдажық бес-алтауының сүмеңдеп жүретіні болмаса... Соның өзінде де келісудің орнына кеңірдегін созып керілдесіп жатады. Айтпақшы, анау бір жақындасып-жандайласып... қара басып қалғанда да бір-бірін ендігәрі көрместей екі жаққа шатқаяқтайтынын қайтерсің?! Қайсыбір білгіштер айтқандай, осы шіркіндер шынымен-ақ Қасқырдың азғындаған түрі-ау деймін? Қасқырдың аржағында Көкжал арлан... Оның аржағында Көкбөрі... Көкбөрінің аржағында... Не боп барады өзі? Қой, долбарламай осы арадан доғара қояйын...
* * *
Мынау мазасыз мезгіл, тынымсыз тіршілік тауқыметінде жүріп аяулы бір сәтін өз жүрегіне өзі үңілуге жұмсайтын жанға жан-тәніммен тағзым етер едім!
Үшжүзділік
Басына қиын-қыстау іс түссе болды, ел-жұрт еріксіз екіге бөлініп кетеді. Бірі — нақұрыс пен надан. Ішінен іріп, ішімдікке салынады. Екіншісі — естісі мен ересегі. Дінге ділін аударып, ділмарлық жолға түседі.
Рушылдықтың түп-тамырына дейін құлдырап, үшжүзділіктің (екіжүзділіктен құдай сақтасын) ұшар басына шыққан қазақ қазір осылайша екіге айрылу кезеңін басынан кешіріп жатыр. Алғашқысы азғындық жол-дағы, кейінгісі аз күндік алданыш. Әйтпесе, қазақ діншіл болса, бұрын қайда жүрген? Кім біліпті, ертең қарнымыз тойып, қалтамыз томпайып қаз қалпымызға қайта келгендей болсақ, Алла жолынан айнып шыға келмесімізді?.. Барынша әсірешіл (әсершіл емес), әулекі, әпербақан, қит етсе Құдайды қарғап-сілеп шыға келетін қазақтың, басқасын қайдам, бұл қолынан әбден-ақ келеді!
Ал, ішімдік пе? Ол — талғамсыз, тәбетшіл жұрттың обырына орыстан жұққан оба ғой.
Кім бар-ау?
Бір мақалдың үдесінен шыға алмай-ақ қойдым: “Малым — жанымның садағасы, жаным — арымның садағасы”.
Алдындағы малынан айрылған ағайын қазір аузындағы нанынан айрылып қалмаудың қамында. “Айдағаны бес ешкі” болса да бұрын қазекем қараша үйдің шаңырағынан аспанға қарата шырт түкіріп жатушы еді. Амал не, ол күн келмеске кетті. Мал жоқта жан сақтау қиын екен. Қиын болғаны сол, қазір қам-харекеттің қанбазарында қазақтың Ары да, Аруы да саудаға түсіп жатыр! Шынымен-ақ ханнан қайыр, қарашыдан зайыр кеткені ме?
Қазақ деген халықтың қасиетін қапысыз аңғартатын аталмыш мақалдың астарын ақтарып, тысын сөгіп, ішіне үңіле қарайтын азамат бүгінде арамыздан табыла қояр ма екен? Әй, қайдам...
Зауал
Нострадамустан бастап Вангасы бар, өңгесі бар көріпкелдердің сәуегейлігіне көңіл аударсақ, әлемдік Апокалипсис, яғни Заманақыр зауалы қылтиып қыр атсында тұрғанға ұқсайды. “Мың асқанға бір тосқын” деп қазекем де асып-тасу аяғының не болмағын әуелден-ақ ескертіп қойған. Әйткенмен, айта отырып айнитын да, сезе жүріп семіретін де, біле жүріп бүлінетін де алдымен сол қазақ. Мұсылманшылық жолына бақсақ, бұдан асқан күнә жоқ. Әсіресе, әсіре-билік иелерінің бұл бағыттағы “еңбегі” ерен. Асауды момынға, момынды тобырға айналдырып жібергендерге ерте ме, кеш пе, бір жазаның болары хақ. Бірақ... “Екі ортада шыбынның өлетіні” жаман да.
Мінез
Дала, дала, дала! Шалғыны шаш етектен! Жолдың қай қапталына қарасаң да, саяқ жүрген бірен-сараны болмаса, тігерге тұяқ көрінбейді. Бұрындары отар-отар қой, үйір-үйір жылқы болушы еді. Аз жылда айдаһар асап, жалмауыз жұтып қойғандай. Ауылға кіреберісте ғана бір шоғыр мал көрінді. О, тоба! Ешкісі де, қойы да, сиыры да, жылқысы да — бір шопанның ығында! Мұндайды кім көрген? Үйір айғырынан, сиыр бұқасынан, қой-ешкі серкесінен айрылғанда өстеді екен-ау!.. Онысымен қоймай бір қойдың үстіне қоқиып қарға қонып алыпты! Бозторғай болса бір сәрі... Үстіме қарға қонды екен деп қағынып-сілкініп жатқан қойды көрмедік. О, можантопай момын бишара-ай...
Қазақты бірде қойдай қоңыр, бірде жылқы мінезді деуші еді. Қазір, иә, дәл қазір біз соның қайсысымыз? Жалына жан, сауырына шаң жуытпайтын текті жылқы тұқымы қанда тулап жатса, үстімізге қарға, құзырымызға құзғын қондыра қояр ма едік?!
Мен мына заманның сұрқынан шынымен-ақ қорқайын дедім.
Қияметқайым
Бір муһмин байғұс Мұхаммед пайғамбарымыздың алдына келіп:
— Айтыңызшы, адамзатқа Алла тарапынан Ақырзаман қашан келмек? Әлде, ол әр пенденің басында болатын зауал ма? деп сұраған көрінеді. Сонда Расулулла с.ғ.с. оған:
— Адам өз көршісін, аға-інілерін, одан қала берді әке-шешесін өлтіретін күн келмейінше Қияметқайым болмайды, — деп жауап беріпті.
Әрбір сұмдық өлім, сумақай суық хабарды естіген сайын жүрегім суылдап, еріксіз есік жаққа қараймын — Қыдыр емес, Қияметқайым келіп қалмады ма екен деп...
Қазақы пошым
Кейде ойлаймын: “Осы қазақтың Алла алдында да, адамзат алдында да нендей жазығы бар?” деп. Көңілі даладай, мінезі баладай. Аузынан әні, дастарханынан дәмі үзілмейді. Бір асым етінен бастап бір атым насыбайына дейін қонағының аузына тосып отырғаны. Жақынын жатқа қимайды, құдасын құдайындай сыйлайды. Даласы да кең, тобасы да мол. Не керек, бәрі де бар. Талай ел тақырда отырып та талқанын тауып жеп жүр ғой...
“Отаршылдың озбырлығы” дедік, “Кеңестің кесірінен” дедік, жарайды. Енді бізді кім кешірер? Аса бір нәуетек нақұрыс, намақұл ноқалай болмасақ, ес жинайтын кез келді емес пе? Бағзыбіреулердің: “Бесіктен белді енді шешіп жатырмыз емес пе, әлем алпауыттарының алдында біз деген әлі баламыз ғой, баламыз...” дегеніне қарадай қаным қайнайды. Құдай-ау, қашанғы бала, қашанғы шала күй кешпекпіз? Қазақ қазақ болғалы қай заман?..
Ал жарайды, бала екенбіз делік, сонда деймін-ау, айналдырған аз ғана жыл ішінде жәмижаһандық жаһилдікті, жалдаптықты, жамандықты қалай бойға жұқтырып ала қойдық? Жетесіз жемқорлықты, ордашыл озбырлықты, отаусыз обырлықты, матаусыз мафияны айтам да...
“Қайырымсыз қауым, мейірімсіз патшаға Алла тағаланың рахымы бұйырмайды” деп хадисте айтылғандай, ана жатырында бала, бала бақырында бәле жасырынып жатқан жоқ па екен осы?..
Күнәнің ең ауыры
Қайсыбірде кінә мен күнәнің аражігін ажырата алмай жатамыз. Кінәліні кешіруге болады, ал күнәліні... Ілуде біреуі болса да назарға ілер деген үмітпен мұсылманшылық ұғымындағы ең ауыр күнәға жататын жайттарды жіпке тізуді мінәжіп көрдік:
— Алла тағала атына кір жағып, күмән келтіру:
— Адам өлтіру,
— Майдан (ұрыс-соғыс) алаңын тастай қашу
— Ақ-адал ұрғашыны жезөкше деп күстаналау
— Арам жолмен ақша табу, дүние-мал жинау
— Жетім-жесірдің несібесін жеу
— Адамның арына тию, кемсіту
— Ата-анаға жәбір-жапа көрсету.
Жұмаққа жол
Кімнің жұмақтан дәмесі жоқ дейсіз. Әсіресе, не істеп, нені бүлдірсе де “Құдайдың өзі кешіреді” деп жүре беретін қазекемнің бұл мәселеде талабы таудай, танауы үйдей. Тамұқ оның түсіне де кірмейді. Білмегенге, білгісі келмегенге обал-сауап бірдей. “Ойбай, есер қазақты есіктен сығалатпаңдар, — депті есті ебекең, — қазақ есіктен енді дегенше, Жұмақтың төрінен бір-ақ шығады”.
Сол айтпақшы, бір бейбақ (сірә, қазақтың түпатасының бірі болса керек): “Ей, Расулулла, маған Жұмаққа барудың жолы мен жөнін айтыңызшы?” деп өтініпті. Сонда оған Расулулла с.ғ.с: “Сен сұрақты төтесінен қойып отырсың. Адасып жүрген пенденің бірісің ғой, айтсам-айтайын: біріншіден, жан-жануарларды қамқорлыққа ала жүр — олардың тілі жоқ. Екіншіден, азап шеккен, қорлық көрген адамдарды құлдықтан құтқар — олардың күні жоқ. Үшіншіден, жетім-жесір мен кәріп-кәсірге пана бол — олардың дымы жоқ. Осы айтқанымды мүлтіксіз атқарсаң, бәлкім, Жұмаққа жолың ашылар” депті.
Ия, Жұмаққа барар жол жарық күннен басталады. Бірақ жол-жөнекейгі жылтыраққа алтын екен деп бұрыла бермегеніңіз жөн...
Қуыршақ құдайлар
Әлденеден түңіліп, күйінгенде үлкендердің аузынан: “Құдайын ұмытқан неме!” деген ауыр сөз шығып қалады. Меніңше, қарғыстың ең жаманы осы. Құдайды ұмытқаны үшін Шайтан да Пейіштен қуылған. Пейіштен қуылған Шайтан қарап жүрмей өсіп-өніп, қара көбейтіп, ендігі біразы адамдардың қуыс кеудесіне еніп алған. Кеуде қуысы кептеліп, сана саңлауы бітеліп қалғандар Құдайды естен шығармағанда қайтсін?..
Мезгілсіз босана беретін мегежіндер сияқты Шайтан әулеті де тым өсімтал. Бірі Әзәзіл кейпінде, бірі Жантық бейнесінде жүріп Құдайдың екі аяқты құлын азғырумен әлек. Әрлі-берлі азғырыстан кейін онсыз да кекірігі айнып жүрген немелер Шайтан жолына түспегенде нетеді? Арамызда жүрген “қуыршақ құдайлар” осылар. Тақтан түссе де аттан түспейтін атамзаманғы шенді, шекпенді шенеуніктер, шала қазақтар мен “жаңа қазақтар”, мәңгүрттер мен көзқамандар және ертеңгі “суперқазақтар” — аталмыш “қуыршақ құдайлар” әулетінің көрнекті өкілдері. Қазір олар патша мен бәтшаның, хан мен қарашының арасындағы “Қытай қамалындай” берік белдеуде бекемденіп отыр. Хан сөзінің халыққа, халық сөзінің ханға жете алмай желкесінің қиылып жатуы да осы белдеудің “берекелі қызметінің” арқасы.
“Қуыршақ құдайлар” қатары көбейген сайын ханнан пәрмен, халықтан дәрмен қашады.
Афсана
— Тақсыр, мен өмірімде көп қылмыс-қиянат жасадым. Сол күнәларымнан арылтып, Алланың кешірімін әперіңізші? — деп қиылыпты бір бейбақ Имамның алдына жүгініп.
— Сенің жаның бес бірдей арықтан лай, қоқыс су ағып келіп, қосылып жатқан бір тоғанға ұқсайды екен, — депті сонда Имам. Біріншісі — сенің көздерің. Мұсылмандықта әйелге көз сүзу, сұқтану, ішіп-жеу әбестікке жатады. Екіншісі — сенің ауызың. Ораза ұстап, дұға оқып жүр, қарау ойдан қаш, жақсы сөз айт. Шариғат қаламағанды ішіп-жеме. Үшіншісі — сенің сана-сезімің. Әдепсіздік пен зұлымдықтан, менмендік пен өркөкіректіктен арыл. Төртіншісі — сенің құлағың. Өсек-аяң мен кесір-кесепат сөзді терме, естімеген бол. Тек сонда ғана әлгі арықтарыңның суы тұнықталады, жаның да, тәнің де тазарады. Ей, бейдауа, пенде, өзің болмасаң, сені күнәларыңнан мен арылта алар халде емеспін, Аллаға жалбарын, Аллаға!..
* * *
Бұрын кезіккен жұрттың бәрі маған оқымпаз, іздемпаз, білімпаз болып көрінуші еді. Ал қазір сол адамдардың ақ-қарасы айқындалып қалғандай. Қайсыбіреуі детективтің соңынан дедектеп жүр. Жүріп те, тұрып та оқитыны — оқиғасы ойға опа бермейтін, желісі желең, жалғасы жалаң бірдеңелер. Сары сағыздай созылғанымен санаңда сарқыты да қалмайтын сабынның алқындысы ақылыңа ақыл қоса ма? Ендігі біреулері ертеден кешке дейін сканворд шешумен әлек.
Қайран, менің қаракөз оқырманым,
Қанбазарға қайдан кеп топырладың?
Стандартқа ешқандай симайды екен,
Сканвордқа шұқшиып отырғаның.
Сағыз демекші, қанша шайнасаң да ол шіркіннің ауызға бәс, ағзаға ас болғанын кім көрген? “Күбісіне қарай піспегі” деген осы. Нағыз кітаптың орнын сағыз кітап басты.
Бөздің бәсі озып, сөздің нәші кетіп болған заманға тап келдік. Обалың кімге, Оқырман?
Үрген шар
Біздің әкімдердің біразы Елбасының енші бөліп берген ересек ұлдарына ұқсайды. Бар білгені — бақыр бастың қамы. Өйтпегенде ше! Бүгін болмаса ертең мұның орнына басқа біреу келеді. Келеді де: “Әй, бәтір, қайқай!” дейді. Бірер жылда жемсауы бұлтиған бұл да: “Уә, кімсің, байқа, әй!” демейді. Өстіп жүргенде ай өтеді, жыл жылжиды... Уақыт оздырған, елді тоздырған “жүгермектерін”, әрине, Елбасы басынан сипап, әукесінен қасымайды Айтылған сөз — атылған оқ, қайсыбіреулері асын ұрттай ішіп отырып мұрттай ұшады. Ендігі біреулері Үлкен үйден елге “үлес” алып қайтады. Қайтады да біраз күн қопаңдап қол-аяғын жинаған болады.
Осы бір орайда бала қолындағы үрген шар көзге еріксіз елестейді. Үрген шардан үміт бар ма — ұшады да кетеді. Кейбір шар бірер күн шеңбірек атып тұрғанымен, бірте-бірте желі шығып бүрісіп, тырысып тынады. Ал қайсыбірі қарадай тарс етіп жарылады. Жарылған нәрседен нәжіс болмаса, жағымды иіс шығушы ма еді, тәйірі...
“Семіздікті қой көтередінің” бір кері осы-дағы.
Қайран, Абай!..
Қазақы қауымда әлеуметтік белсенділік бұрын да оңып тұрмаған еді, қазір атымен жоқ. Театр мен кинодағы көрермен, көркем әдебиеттегі оқырман белсенділігін айтып әуре болмай-ақ қоялық. Кітап түгілі бір-біріне үңілуге уақыты да, шамасы да жоқ жұрттың қазіргі көрген-баққаны — қара бастың қамы, қара базардың маңы. Ертеден кешке дейін сеңдей соғылысып, сілесі қатқан, сіңірі шыққан ел “өз үйі — өлең төсегіне” сүріне-қабына құлайды. Ертеңіне тағы осы. Мимырт тірліктегі милау қыртты, мылқау жұртты басқару иттен де оңай! Патша тақта, көзқаман атта, мәңгүрт қапта! “Елу жылда ел болмақтың...” қазіргі қам-харекеті әзірше осылай, ертеңін қайдам...
“Адам бір — боқ көтерген боқтың қабы...” — қайран, Абай-ай, тағы да алдымыздан шыға келдің-ау!..
“Білеміз...”
— Аға, біз сізді жақсы білеміз, — деді бір інім қолды-аяққа тұрмай, — о, сіз деген... қалай айтсам екен, сіз деген... былай, мақтаныш етеміз, аға, біз сізді... Сіз деген, әлгі, анау...кім бар ғой...
— Кімді айтасың? — дедім мен де аузына түсіп әлгінің (мақтағанды кім жек көрсін).
— Кім ше, әлгі, анау... Бірақ, аға, сіз бәрінен де мықтысыз! Сіз бізді білмейсіз, бірақ біз сізді білеміз... Білгенде қандай!..
— Ой, айналайын, білгенің жақсы. Білгісі келмейтіндер, көзге ілгісі келмейтіндер қаншама... Сен оларға қарағанда... Айта қойшы, айналайын, қай кітабымды оқып едің?
— Ағасы-ау, сізде кітап сабан емес пе?! Көп дегенім ғой, ағасы... қайсы бірі есте қалушы еді...
— Соның қайсысы қолыңа ілікті деп жатқаным ғой, інім...
— Аса қаражаяу емеспіз, ағасы, біз де кітап оқимыз... білеміз, білген соң да...
— Немді білуші ең, айтпайсың ба енді?!
Дауысым қаттырақ шығып кетті білем, анау жан-жағына алақтай берді.
— А-а-ғасы, ана бір кісіні де... жақсы білуші ем. Алдынан шығып, сәлем беріп дегендей...
Тұра жүгіріп, құрақ ұшқан “інімнің” жағы тынар емес:
— Ассалау, аға! Біз сізді жақсы білеміз, аға. Білгендіктен де... алдыңыздан шығып, сәлем беріп дегендей...
Дешті қыпшақтар
Тақ тайғанақ, бақ баянсыз. Әмір Темір ажал құшқан соң-ақ ұрпақтары ұлы империяны уысында ұстап тұра алмады. Көк күмбез, көгілдір мұнаралар көп ұзамай көзден ұшты. Бірен-сараны ғана бүгінгі Самарқан сәнін келтіріп тұрғаны болмаса, шаһардың іші-сыртындағы жасыл жұмақ, сансыз саябандардың бірі де жоқ. Мұның себебін әркім әр саққа жүгіртеді. Соның бірі мынау: Самарқан тауларының аржағынан бері ауған Дешті қыпшақ көшпенділері мал-жанымен қала іргесін жайлаған. Жанға тұрақ, малға құрақ керек — жасыл жұмақ, мамыр маңай аз өтпей-ақ таз тақырға айналып шыға келсе керек.
Таулы жер баулы, сулы жер нулы. Самарқанның қазіргі көркі де көз тоярлықтай. Әйткенмен, әлгі саябандар...
...Өзіммен-өзім ойша сырласып, мұңдасып келе жатқанда Ташкеннен асып, Келесті басып келе жатқанымызды жалаң жол, жартыкеш төбелерге қарап аңғара қойдым. Жасыратыны жоқ, осыдан бірер жыл бұрын сирек те болса жол қапталында қалқайған қарағаш пен қаратал қарға да, қарғаға да пана болып тұрушы еді. Бірі де қалмапты...
...Есіме әлгі Дешті қыпшақ көшпенділері түсе кетті. “Ұқсамасаң тумағыр-ай” десеңші?!
Дауысым қаттырақ шығып кетсе керек, қасымда қалғып-мүлгіп келе жатқан етжеңді әйелдің басы қақшаң, көзі бағжаң ете қалды. Екі қолы бірдей аяқ жақтағы қампиған қапшыққа жармасты. “Үһ, орнында екен ғой...” Қайтадан көзін жұмды.
Иә, біздер — Дешті қыпшақтармыз!..
Шенеуніктер шаһары
Қай кеңсеге кірсем де тұмылдырық киген құсша тұмшаланып алып тұқшыңдап отырған біреу. Бас көтерер түрі жоқ. “Жүзі төмен, көзі көген адамнан жақсылық күтпе” деп отырушы еді жарықтық анам...
Сыртқа шықтым. Көше кезіп, Есіл жағаладым. Қайран, өзен қар жамылып, мұз жастанып жатыр. Қар қашан ериді, мұз қашан жібиді?..
Екі қолы қармақта, екі көзі оймақта — қаба сақал қария қайдағыдан дәмелі. Қалт-құлт еткен қармаққа жалт-жұлт еткен жасымық жанар түбінен қағілез де шалдуар шабақ қашан ілігер?..
Кешкілік пойызға отырдым. “Кез келдік, жылдам барып тез келдіктің” кері болды. “Кісідегінің кілті аспанда” — шаруам бітпеді. Жолсерігім қаламының желі, қадамының ебі бар қаршадай ақын боп шықты.
— Сенесіз бе, аға, — деді ол, — айналдырған бірер айдың ішінде Алматыны қатты сағындым. Әншейіндегі “ауасы бұзылды, дауасы азайды” дейтініміз бекер-ақ екен. Астанада, әлгі... бір-екеулерді еске алмағанда, ақын жоқ! Анасыз бала жетім, ақынсыз — қала жетім. Алматының айбары Алатау болғанда, айдары ақындар екен ғой, шіркін!..
Ойланып қалдым. Ақын інім әлденені астарлап отыр. Атадан қалған ауызекі сөз бар: “Ақын — Құдайдың құлы, адамзаттың ұлы”. Ақын жүрген жерге періште үйірсек, Қыдыр ата да кетәрі емес.
...Иә, айтты-айтпады, қар қашан ериді, мұз қашан жібиді?..
Темір тауық
“Тарыдай шашылған аз қазақты Жиырма бірінші ғасырдың технологиялық темір тауығы түгел шоқып жеп қоюы ықтимал...”
Айналайын, Марат-ай (Марат Қабанбаев), қаршадай басыңмен қазағыңның қамын жегеніңді қайтейін, қарамызды азайтып қара түннің қойнына қайрылмай кете барған соң...
Жамағатың жаңа ғасырда да жайбарақат, жиярға есі, жабарға етегі жоқтай көрінеді... әлі күнге. Айдың күні аманында шаңырағы ортасына түскен Ауылың анау... Ажалдың хабарынан да, айдаһардың аранынан да айылын жимай далиып жатқан Далаң мынау! Қабағын қара бұлт басқан, жебір мен обыр жұптасқан, көзі үңгіге, кірпігі сүңгіге ұқсаған сырты бүтін, іші түтін қаражүрек қатыгез Қалаң, әне! Алла — Тәңіріміз еді, Ауыл — тамырымыз еді...
Тамырсыз талшыбық та көктемейді,
Пендесі, Алла берсе, көп демейді.
Тал түсте тамырынан ажыраса,
Бұл қазақ енді кімге өкпелейді?
Тамырсыз Тәңірімізге қалайша алақан жайып, қол созар екенбіз?
Көкшілденіп тұратын көзі кілең
Қала деген — моланың өзі білем?
Түнде тағы ауылым түсіме енді,
Көк түтінге тұншығып көз іліп ем...
“Өлетін бала молаға қарай жүгіреді” демекші...
* * *
“Шекараны таспен қоршама, доспен қорша”. Бұл — бұрынғылардан қалған сөз. Бүгінгі мен бұрынғының арасы бұлыңғырланып барады. Көз алдың бұлыңғырланса, Тау екеш, тау да көрінбей қалады. Тас қаланса тау болар, жас шыланса көл болар. Үй болған соң кесе-аяқ сылдырламай тұрмайды. Ел болған соң өсек-аяң арада жүрмей тұрмайды. Басы мойнында, тасбиғы қолында бола тұрып тасы қойнында жүрсе ағайынның анттан айнығаны, адамдықтан азғаны, Алладан безгені. “Бас-басына би болған”, ел атанып енші алған Түркі тұқымдас Алаш азаматтары алдымен осыны ойға алса екен!..
* * *
Сократ: “Өнерден жақсы, білімнен үлкен, ұяттан сұлу нәрсе, қызғаншақтықтан асқан дұшпан жоқ”.
* * *
“Екі нәрседен сақтанған жөн, — депті Патша (“Қауыснама”) ұлына, — бірі — күшті дұшпан, екіншісі — айлалы дос”.
Дұшпанның аты — дұшпан. Атына заты сай, айдан анық, бесенеден белгілі. Қару асынып, қан аңсап қарсы алдыңда қасқайып тұр. Қам қылмасаң, қарсы қайрат көрсетпесең, сұрың сараң, күнің қараң. Ал дос... оның ішінде айлалы дос. Абай айтпақшы, “күн шыққанда — мойныңда, күн батқанда қойныңда”. Сенің қыр-сырыңды бес саусағындай біледі. Қазекем бұл турасында “астыңдағы атыңа, қасыңдағы қатыныңа сенбе” деп айтардай-ақ айтқан. Былайша айтқанда: дұшпан сыртта, дос іште. “Іштен шыққан жау жаман”. Олай болса, оңбай опынып қалмас үшін:
Қара жерге енгенше,
Достан сақтан сен де, енше!
* * *
Оның ірілігін кезінде екінің бірі мойындайтын. Ал ұлылығын ерте ме, кешпе, тірілерге Уақыт мойындатары хақ!..
Мен де тірі пенденің бірімін — інілік ілтипатымды алға салып бүгін де палатасына бас сұқтым. Өң-түсі кешегіден едәуір солып қалыпты. Өлмеші жанарын әрең аударғаны болмаса, бәлендей бейіл білдіре қойған жоқ. Мен де сұп-суық қолын алып, сүлесоқ амандастым. Денем дір-рр етті. Осы отырысы өлген адамды орындыққа сүйей салғандай еді. Әлден соң менің бар-жоғымды мүлдем ұмытты да алдындағы қағазымен болып кетті. Саусағы қалам ұстауға келіп- келмейді. Дәрменсіз. Әлжуаз. Қу сүйекке немене ілігуші еді, көзілдірігі де күн сайын қусырылып бара жатқан мұрынының үстінен суси береді. Түнімен ұйқы көрмегені қуқыл өңінен көрініп тұр. Мына отырған адам осы түрімен осы сәтте көзіме Сиясауыт сияқтанып кетті. Қалам ұшынан қан ба, сия ма, қағаз бетіне әзірге маған беймағлұм бедер түсіп жатыр. Сауыттың сиясы таусылып, түбі ақыр-тақыр тартқандай...
Аяп кеттім. Күні кеше Үлкен бір Үйде, үлкен бір кеңседе Үлкен бір адам болып отырушы еді. Енді ешкімге керегі болмай қалғандай. Сезетінмін, о бастан-ақ кітап қотарып, қағаз кеміріп-ақ отыруға жаралған оқымысты жан еді. Таққа отырмаса да, атқа қонып, сол содан түспей қойды. Бес жыл өтті, он жыл өтті... Он бес жыл өтті... Енді, міне, тарыдай шашылған, талқандай төгілген, тарамыстай сөгілген тағдыры таусылуға таяу. Атақ та, ат та, кеңсе де, кеніш те жайына қалды. Аядай қуыс, салқын палатада жалғыз өзі. Халін сұрай келген маған қарайтын емес. Қарамайын демейтін шығар-ау, уақыты құрғыр жетпей жатыр емес пе... Жо-о-қ, өтіп бара жатыр, уысынан кетіп бара жатыр! Келмеске!!! Аялсыз, баянсыз Уақыт шіркінге кімнің әмірі жүріп еді, осы күнге дейін?..
...Ертесіне үзілді. Көз жұмды. Фәниден өшті. Бақиға көшті. “Кеңсайдың” қолтығы кең екен, Үлкен ағаны да құшағына алды. Осы күнге дейін санамнан өшпейтіні — сарқылып жазған сарқыты қайда екен? Аяқталмай қалған...
* * *
Қазақтың тойдағы лепірме, көпірме сөзін кешіруге болар, бірақ кісі қазасына жайылған азалы дастарханда асынып-тасынып, ауыздыға сөз бермеуін қалай қабылдарсың? Сөздің парқы мен нарқы сөйленер жеріне орайлас, қарайлас болмаушы ма еді? “Қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын” дегенде Абай мұны мақтан үшін айтпаған шығар-ау...
* * *
“Сөз бір шарап сияқты, одан бастың ауыруы да, жазылуы да мүмкін, — дей келіп патша (“Қауыснама”) ұлына мынадай өсиет айтады: адам үш түрлі, сөз төрт түрлі болады, балам. Адамның бірінші түрі — біледі және білген сайын біле түссем дейді. Екінші түрі — біледі, бірақ біле тұра “білмеймін” деп бұлтарады. Бұлар — қу, зымиян, залымдар. Олардан мейлінше сақ болған жөн. Үшіншісі — білмейді және білгеннің тілін алмайды. Олар — ессіз, есірік, нақұрыс, надандар. Бұлардан да алыс, аулақ жүрген дұрыс. Ал енді, ұлым, мынаны да ұғып ал: сөз — төрт топқа бөлінеді. Біріншісі — білуге де, айтуға да қажеті жоқ сөздер. Екіншісі — білуге де, айтуға да қажетті сөздер. Үшіншісі — білуге қажеті жоқ, бірақ айтуға болатын сөздер. Төртіншісі — білуге керекті, бірақ айтуға болмайтын сөздер”.
Осы үш түрлі адамның, айтыңызшы, сіз қайсысына жатасыз? Сөзіңіз де соған байланысты...
* * *
Қыз он бесінде көзге ілігеді. Онсегізінде бойжетеді. Жиырмасында толысады, піседі. Одан әрі піскен жеміс үзіліп жерге түседі.
Жігіт — онүшінде отау иесі. Онүш пен онбес арасы — бозбала бозым шағы. Жиырма — дер шағы. Жиырмабес — ер шағы. Отыз — орда бұзар кез болса, Қырық — өмірдің белдеу тұсы. Орыс ақыны Евгений Евтушенконың:
“Жизнь до сорока — как хмель,
После сорока — похмелье” дейтіні осыдан.
Мұны қазақшаласақ:
“Қырыққа дейін ұртың май,
Қырықтан кейін қыртылбай” болып шығады. Әйткенмен,
“Қырықта қылшылдаған қылыштаймын,
Қыздырып отқа салған құрыштаймын!” деген қанатты, қайратты сөзді де қаперде ұстаған дұрыс-ау...
Ақтілеу
Бағбандай күтіп, баптаған,
Қызым ең қолын қақпаған.
Өзіңмен жаным марқайып,
Өзіңмен, жаным, мақтанам.
Алтыным едің сақтаған,
Ананың сүтін ақтаған.
Алдыңнан бағың ашылсын,
Тілеймін саған сәт қадам,
Аумин!!!
* * *
Айтыс өнерінің алып та жығатын, шалып та жығатын ақындарының бірі Мұхаметжан Тазабековтың “Қызым, саған айтам, келінім, сен тыңданы” меңзейтін мына бір екі-ақ ауыз сөзі қарсыласын ғана емес, мені де есеңгіретіп кеткендей:
“Бұрынғының Құраны — “Аллаһу акбар!”,
Бүгінгінің ұраны — “Ап қоялық”!
Екі сөздің арасы төр мен көрдей. Бірі — Жаратқанға жалбарыну, Тәңірге табыну. Екіншісі — Ібіліске ізет, Әзәзілді әспеттеу. Екі аралықта есі кіресілі-шығасылы есеңгіреп жүрген қандасымыз қаншама... Естінің көз алдыңда есуасқа айналғанын көргенде өзің де көрге кіре жаздайды екенсің. Есуас — құлқынның құлы, есті — ұлтыңның ұлы. Құл жиылып ел болмасын, ұл жиылса кем болмасын білетін қазақтың Құранға жүгінудің орнына ұранға жығыла беретіні несі екен осы?..
Күлшелі бала
Әр ұлт-ұлыс өзінің балалық, ерке, есею, даналық және қартаю кезеңдерін басынан кешіреді. Батыс қазір даналық дәуірін тауысып, қартаюға ауысып отыр. Шығыс өз тізгінін Батысқа бергелі бағытынан да, бақытынан да айрылды. Ендеше оны да “ісегінен қартаю” сәті күтіп тұр. Өз тағдырына өзі ие бола алмаған адамның, не елдің қожайыны көп болады. Аңызды алданыш тұтып, ертегіге ұйыйтын аңғалдығыңыз, әрі кетсе, балалықтың бір түрі.
Біздің де есіміз кіресілі-шығасылы. Қашан көрсең барымыздан айрылып, жоғымызды түгендей алмай жүргеніміз. Ата-баба дәстүрінен баз кешуге айналдық. Ал дәстүр деградацияға ұшыраған жерде қоғам ағзасы азғын-тозғынға бой алдырады. Дәстүр ұмытылған күні ұлт ұлттығынан айрылып, дүбара-дүмше күй кешеді. Шариғат пен салт-дәстүрді біріктіргенде ғана қазақ — әрі мұсылман, әрі қазақ болып қалады. Салт-сана, үрдіс-дәстүр ешуақытта да ескірмейді, жаңармаса, жаңғырмаса. Ал шариғат бастауы қасиетті Құран-кәрім.
Бүгін, ертең деп жүріп алмай, балалық кезеңнен тезірек арылуымыз керек. Шәркез шолжаңдық шалағай балалыққа ғана тән. Баланы кім көрінген басынады. Біз қазір өңгенің көзімен қарағанда — “күлшелі баламыз”. Ал баланың (қазақтың) қолындағы күлшеге ит те, доңыз да, түлкі де, қарға да... көз сұғын салады. Алдымызда есею кезеңі тұр. Даналықтың ауылы әлі алыс. Ал қартаю дегеніңіз оп-оңай.
* * *
Алла тағала бұрын Жердегі пенделерін үреймен үркітіп, өліммен қорқытып, жазамен жасқап, ажалмен ақыл-есін жидыратын. Енді ол да қалды. “Кедей бай болсам дейді, бай құдай болсам дейді”. Жәбірейіл жамағаттың жадынан шығып, Әзірейіл де әдірем қалды. Адам өзінің әубастағы пенделік қалыбынан, немесе қабығынан безіп, Алла шекарасынан аттағалы тұр. Құдіреті күшті Құдайым енділікте осынау мақұлығын нендей шарамен тәубесіне келтіре алмақ? Апырай, аяғы немен бітер екен мұның?..
Құран кәрімнің құлағыма қырағатты әуен-үні келеді: “Алла тағаланы ешкім де көре алмақ емес, бірақ Алла бәрін көріп, біліп отыр”.
* * *
Адам ата, Хауа ана жаралғалы бері қанша заман өтті... Қаншама ұрпақ жаңарды, өсті, өнді... Алланың бергені мен пенденің пейіліне сай Жер кең. Дүние шалқар.
Қанша адам болса, сонша арман бар. Адамзаттың бір арманы — Жаратушы иенің мүбәрак жүзін, яғни көркем келбетін көру болса керек. Әрине, Алланың бар екеніне күмән келтірмейтіндер ғана.
Мен де армандаймын, Алланың жүзін көрсем деп. Сөйтсем, мұным бекер екен. Бекер екендігіне сопылық ілім-білімге бейіл бұрғанда барып көзім жетті. Көбіміз оны көнерген, көнтақы болған керексіз, қорексіз сана сарқыты деп жүрміз. Бекер-ақ! Бастауы бар дүниенің баяны болмаушы ма еді?! Оның үстіне ілім-білімнің ескіргенін кім көрген? Өлеңмен жазылып, қырағатпен оқылатын, Алла тағаланың құдіретімен Жерге түскен қасиетті Құран кәрімді де дүниәуи ғылым-білімнің болымды бітімі, болжамды бастауы деп жүрміз емес пе?!
“Тәңірі — тылсым. Ол ашылса, Құдайда құдірет, адамда бет қала ма?..” депті ақын Жүмекен Нәжімеденов.
Құдайдың құдіретіне шәк келтірмесек те, біз — адамдар әлдеқашан бетімізді ашып алғанбыз. Жаңа түскен келін де бетін ашқан бірер күннен соң үлкенге де, кішіге де тура қарайтын ғадетке көшеді. Мұнысын және ерсі көрмейді. Күндердің күнінде, әлдеқандай себеппен Алла дидарын көретіндей болсақ, әлгі беті ашық, еті қалың келін сияқты Оның көзіне тура қараудан ешқайсымыздың да именбейтінімізге имандай сенімдімін! Одан да Алла көрінбей-ақ қойсын... арзу-арманымызға айналып жүре берсін...
* * *
Махамбеттер қашанда аңдаусыз ажал құшып, мезгілсіз мерт болып жатады да, Ықыластар нақақ қанға ындын қандырады. Дүниежалғанның ықылым заманнан бергі ғадеті осы. Кешегі Ер бабаны еске түсіріп, Айбынды атаны ауызға ала беретініміздің неліктен екені сөз ұғар кісіге осыдан-ақ аңғарылып тұрған жоқ па...
Өкініш пен Өнеге
Адам баласы адым сайын өкініштен ада емес. Оның өзегі ең алдымен Уақыт алдындағы әлжуаздық пен дәрменсіздікте жатыр. Ес жиып, етек басқалы бергі есепсіз, елеусіз өткен күндерімді енді еске алсам, өзегімді өрт шалады. Әу бастан есім дұрыс болған да, бәлкім, Алла тағала берген осыншалықты ырзықты құр босқа рәсуа етпес пе едім... Цейтнотқа аңдаусыз түсіп қалып амалы құрып отырған шахматшының қасіретті халі ғой бұл. Тәңір берген тағдырды айдың күні аманында өз керегіңше ұқсата алмау да бір бейшаралық емес пе?
Мені қойшы, өз обалым өзіме. Ал Шахан ағаның — Шахан Мусиндей абзал ағаның әлмағайып тағдырына не дерсің? Оның обалын кім көтерер? Уақыт па? Заман ба? Адам ба? Меніңше, қай-қасысы да!
Олай демей қайтейік, жиырма жылдай Колымада ит пен битке таланып, қора-қопсыға қамалып жүрсе. Олай демей не дейік, жазарға қағаз таба алмай, аузына Алла салған өлеңді қайын қабығына әдіптеуге мәжбүр болса. Олай демей не дейік, ең аяулы да албырт, асыл да асау жылдарын ит арқасы — қиянда өткізіп, өзегін өксік буып, өмірін өрт шарпыса!.. Сондағы жазығы мынау төрт-ақ жол өлең болыпты:
Мінерге ат жоқ, ішерге ас жоқ, сенделіп,
Ой-арманын әлдекімдер өңгеріп,
Күлге аунатып, күресінге тастаса,
Сен отырсың неменеңді меңгеріп?
Мұны ағамыз қай кезде жазды дейсіз ғой? 1932 жылы! Зорлық пен зобалаңның, қорлық пен қудалаңның өрттей лаулап, қаулап тұрған кезінде. Жүрек жұтқан адам деп осыны айт! Басқаны былай қойғанда, күні кешегі 86-ның сергелдеңінде талай “тарландарымыз” бен “арландарымыз” сыр білдіріп алған жоқ па?.. Қасқыр көрсе ит екеш итіңіз де бұтына жіберіп қояды екен ғой. Қасқырға қарсы шабар Сырттанды сырттан іздемей-ақ, іштен іздесек етті. Сол Сырттанымыз Шахаң емей кім еді?! Ат басы алтынға бергісіз жиырма жылын өкіметке өтеп келіп, қалған ғұмырының бәрін дерлік сахна өнеріне сарп еткен осынау өнегелі ғұмырдан қайсымыз ғибрат алып, тәлім таныдық?
...Ұлағат иесін ұмытып бара жатқан жоқпыз ба?..
Құмырадан шыққан Құбыжық
“Батысты коммунизм елесі кезіп жүр...” Бұл — кешегі күннің елең-алаңдағы сандырағы болатын. Елді кезген сол Елес Еділ жаққа қайтып оралған жоқ. Келмеске кетті білем...
Бүгінгі үрей мен дүлей басқаша: “Шығысты Батыстың Жыны кезіп жүр...” Иә, кәдімгі, құмырадан шыққан Құбыжық!
* * *
Замана қартайған. Қартайған замананың құлағы тас керең. Замана алжыған. Алжыған замананың аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығады. Мәңгі жас және мәңгі жасайтын — жалғыз Жаратқан. Оның құлқы мен құлағы жердегі қайсыбіреулердей тас керең емес. Оның көзі көргек, жердегі қайсыбіреулердей тұманды, күмәнді, буалдыр емес. Ол бәрін көреді, естиді, сезеді, түсінеді...
Ей, пешенелі пенде! Арзу-арманым Алла тарапынан жауапсыз қалады деп қайғырма. Бүгін жылап, ертең жұбанамын деу әрі кетсе — әбестік, бері келсе — бейшаралық. Алла асықпайды, әр нәрсенің ақырын күт, бар нәрсенің байыбын аңғар. Сабыр сақта, сан соқпа. Асыққан — сайтанның ісі. Ал Сайтан — Оның, Алланың еңбір жұғымсыз, жұқсыз мақұлығы. Мақұлықтың қылығы мен бүлігіне бой алдырғаның — адам қалыбынан айнығаның. Күнәнің ең үлкені де, сорақысы да сол!
* * *
Өткен күннің бәрі естеліктің еншісінде емес. Бәріне өмірдің өзі таразы. Таразының екі басына түскен сөздің қайсысы салмақты, қайсысы ардақты екенін уақыт өлшеп, екшеп отырса керек. Адым бассақ неге Абай алдымыздан шыға келеді?:
“Әркімнің мақсаты өз керегінде,
Білмедім пысығын да, зерегін де...”
Дәл бүгінгі қазақы қаумет-қарекетімізді дөп басқандай! Әулиелік пе, көрегендік пе, болжампаздық па, не бұл? Әйтпесе, Сарышолақ жыраудың мына бір ауыз кестелі де кесімді сөзін алайықшы:
“Күнде жасып жүргенше,
Көздегі шерлі жас кепсін.
Құлдықпен өмір сүргенше,
Қанжығада бас кетсін!”
Мұның аржағында “мың өліп, мың тірілген” қазақтың қасіретті де қасиетті тағдыры жатқан жоқ па?! Кешегі Желтоқсан желектерінің көкейіне қона кеткен тастүйін шешім, нартәуекел байлам да осы емес пе еді?! Бұл аз болса, мына төмендегі төрт жолға үңіліңіз:
“Бағымның неге қайтқаны
Тәңірдің көңілі қалды ма?
Елімді билеп кете ме
Кешегі келген қаңғыма?..”
Жырау Сарышолақ пен Әулие Мөңке бірінің аузына бірі түкіріп қойған дерсің. Жырау ерлікке шақырса, Әулие елдікке, есендікке еңсесін беріп отыр. Қасірет-қайғымен, арман-аңсармен, қанмен, термен келген теңдік, азаттықтың парқы мен нарқы қымбат, алды-арты абат болса игі деген күдік-күмән аралас қауіп-қатер де жоқ емес. Қай кезде де қалғып-мүлгуге мұрсат бермейтін, қас қағым сайын қаперге алатын қастерлі сөз ғой бұл!
* * *
Ясунари Кавабата: “Жапон қолынан шыққан әрбір дүние — жапон рухының айшықты көрінісі”.
* * *
Мұстапа Шоқай: “Батыс тәрбиесін алған зиялыларымыздың аянышты жері — рухани жақтан өз халқына өгей болып қалуы”.
* * *
Ұлығы кердең, ұрығы семген елдің ертеңі көрінген көкаттының ермегіне айналады. Қазақы болмысымыздың қазіргі ахуал-ауаны осы бей-берекеттің басы болмағай...
* * *
Бір рет жіберілген қателік — мың жылдық азап.
* * *
“Күнәм жойқын, тәубем аз,
Тіршіліктен не таптым?
Дүние — жемтік, мен — төбет,
Соны бақпай, не бақтым?
Ырылдасып әркіммен,
Не қапқыздым, не қаптым...”
Дұрыс-ақ айтқан екенсіз, Дулат баба! Біздің де бүгінгі аужай осы. Күнәға батқан қыртта, сақалын сатқан қартта ұят пен ынсап болушы ма еді?!
Айтпақшы, Ынсап та Нәпсінің нәйеті бір ныспысы ғана екен-ау! Кешегі іздегеніміз “жоқтық” еді, бүгінгі тапқанымыз “боқтық” болса, не шара. Жоқтықтан әбден зардап шеккен байғұс басымыз аз жылда дүниеқоңызға айналдық та бір-бір боқтықты өрге де, көрге де домалатып ала жөнелдік! Ханымыз да, қарашымыз да! Болғандар мен толғандар үшін “боқтық” та жемтік екенін енді-енді біліп жатырмыз...
Иә, жылтырағанның бәрі алтын емес. Құмырсқа басқа, қоңыз басқа дегендей...
* * *
Шындықты біреу шыңда дейді, біреу шыңырауда дейді. Шыңдағы Шындық шырқырасаң да түспейді дейді. Шыңыраудағы Шындық шыңғырсаң да шықпайды дейді.
Осыдан мың жыл бұрын Шындықты ұлы шайыр, сүлей сопы Жалалуддин Руми де іздепті. Сондағы айтқаны мынау: “Мен Шындықты шырақ алып іздедім. Ол Кресте жоқ болып шықты. Мен үндістердің храмына кірдім, ол жерден де Оның із-түзін таба алмадым. Мен Герат пен Қандағарға дейін бардым. Іздегенім Шындық еді. Ол көктен де, жерден де табылмады. Мен Қап тауына жеттім, Шындық орнына алдымнан Анка құсы шықты. Одан шығып Қағбаға бардым. Онда да көзіме түсе қоймады. Мен ол жайында Ибн Синадан сұрадым, бірақ ол Әбу Әли Ибн Сина ілімінен де жоғары еді. Ақырында өз жүрегіме үңілдім. Ол сонда жатыр екен”.
Расында, Шындық одан басқа қай жерде болушы еді?!
* * *
Қабыл Әбілді өлтірді. Жұлын құрттай зұлымдық осы күннен басталып бүгінге жалғасты. Таң атып, Күн шығары кәміл болса, ол ертең де дүйім дүниені алатайдай арандата бермек...
Қабылдың қатігездігі асқынды. Есесіне Әбілдің азасы артты. Дүние қақ бөлінді. Адамзат ала-құла. Зұлымдық төске өрлеп, басқа шапты. Батыс-Қабыл Шығыс-Әбілді аямауға айналды. Қансыраған Шығыс жан сұраған халде Хақ тағаланың жүзіне жалынышпен жалбарына қарайды. Мінәжаты аузында, мұң-азабы көзінде. Алла үнсіз. Үнсіздік созылған сайын жанды үрей билейді. Үрейдің көзі үлкен.
Күн бүгін де қызарып батты. Батыс ішін тартып тұр, Шығысты жалын шарпып тұр.
...Қабыл Әбілді өлтірді. Батысты Елес, Шығысты Әруақ кезіп жүр. Ертең не болар екен?..
* * *
Орыстың “Когда говорят пушки, музы молчат” деген тіліптүсті сөзін үстінен жүгін түсірмей былайша қазақшаладым:
Нысананы пергілеп
Ақырғанда зеңбірек,
Муза байғұс мұңданар
Екі көзі мөлдіреп.
* * *
Өлең — менің қан тамырымның бүлкілі, жүрегімнің ырғағы. Қуана да, шаттана да, қайғыра да, мұңая да білетін сол жүректің солқылдай соғуы мен лүпіл қағуы әр сәтте әрқилы. Яғни, өлеңімнің ішкі әуені, мақамы, ырғағы, нәші — жүрегімнің кардиограммасы. Мен ешкімге ұқсамаймын, маған да ешкім ұқсамайды. Еліктеу, елпілдеу маған жат. Өз ән-жырым — өз тағдырым. Заман қай бетін бұрса да, енді өзгере қоюым екіталай, өте қиын, тіпті, мүмкін емес!
* * *
Ұйқым қашқалы қашан. Ақ төсекте әрі дөңбекшимін, бері дөңбекшимін. Әлдеқайдан Әупілдектің әуені, әуені емес-ау, үні келеді. Әуп-әуп... Менің әжем де өс-т-е-п әупілдеп отырушы еді — іші шәйға ма, желге ме, толып кеткенде. Зәуза да тыным алар емес. Тілін таңдайына төсеп тастап тәтті түнге тамсанады-ай келіп, тамсанады-ай келіп!..
Түн жарымы ауып барады, әлі ояумын. Жұлдыз біткен шақырайып тұр. Кірпігім ашық, ұйқы қашық. Ай да байқаусыз жылжып төбеден ауып барады екен. Көлдің арғы бетінен бе, әупілдектің әуені тағы естілді. Әуп-әуп... Жарым түнде “әупірім!” деп әлдекім әлденені көтере алмай әлекке түсіп жатқандай.
Орнымнан тұрып, жағалауға жақындадым. Сап-салқын саумал леп көкірек сарайымды айқара ашып жіберді. Алқындырған алғашқы легін ашырқана сіміріп салдым. Көлге көз тастадым. Болмашы бір леп көбелектің қанатындай көлдің бетін аймалай жүгіріп барады екен. Шым-шым толқын құмдауытты шөп-шөп сүйеді. Ерні жұп-жұмсақ, жып-жылы Еркем есіме түсті... Жүрегім шым ете қалды. Дәл қазір көрпесін жартылай жамылып, жартылай ашылған ернінен ақық тісі жартылай көрініп тәтті ұйықтап жатқан болар ма...
Күрсініп салдым. Көзім көлге түсті. Тұп-тұнық, тып-тыныш. Ай сәулесі аяғымның ұшынан бастап со-н-а-ау арғы бетке дейін ақжолақ із тастап төгіліп-ақ тұр екен! Құдды көктен көл бетіне керіле, созыла келіп көлбей жата кеткен кербез Құс жолы дерсің!
Құс жолымен құстай жеңіл денемді дегбірсіз күй, дегдар халде арғы бетке алып өткім келді. Арғы бетке... Неше күн, неше түн маған маза бермеген махаббаттың мәңгі мақам Музасы — Ару әлем, Армандай өлеңім күтіп тұр!!! Ай жолағы үстімен алтын арқау, түскілем — Сол әлемге жетсем, арман жоқ!..
* * *
Қаншама өмір сүрдім — соншама ажалмен алыстым! Амал нешік, күнді түн, жарықты түнек жеңді... Ендігі үміт — Таңда!
* * *
He істесе де өз-өзіне кешірімпаз Адам — не нәкәс, не нәлеті!
* * *
Спиноза: “Үрей — рухтың дәрменсіздігі салдарынан пайда болады”.
* * *
Қайтсем сыздаған жүректі сылап-сипаймын, қайтсем мұздаған жүректі ерітем, қайтсем құлазыған көңілді құлантаза қуантам, қайтсем жылаған жанды жұбатам — менің өмірім де, өлеңім де осыған бәйек. Мұның бәрі бір адамның қолынан қалай келсін. Жолыма серік, жаныма көрік болатын адамды іздейтін себебім содан.
* * *
Жер-ананың тынышын ала бердік-ау?.. Бесік тербетіп, әлди-әнін ыңылдап айтып отырған ананы әлдебір тосын айқай қатты шошытпай ма? Тәтті де жұмсақ, сиқырлы да ғажап әуенге еріп-балқып енді ғана ұйқы құшағына ене берген сәби-Тіршілік осынау оқыс дауыстан шар-шар етіп оянып кетпей ме? Шошынған ана, оянған бала...
Ей, құмырсқадай құжынаған Қабылдың құбыжық ұрпағы! Бесік тербеткен Ана қай заманда да ұлықтың ұлығы емес пе еді?! Хақ-тағаладан қалауың не? Астамсып аспанға шапшып, Айға секірсең де, қайтып Жерге түсетініңді білмейтін бе едің, сен жазған?!
...Жер-ананың тынышын ала бердік-ау. Наласына қалып, кәріне ұшырап жүрмесек нетті?..
* * *
Идеал өлді. Идеал өлген соң әсемдік орнын есерлік, сұлулық орнын сұмпайылық басты. Идеал өлген соң сенімді сезік, үмітті күдік басынды. Идеал өлген соң оның жер бетіндегі жетім шақалағы — Идеология әдірем қалды. Өлген идеалды жылап-сықтап жоқтай қоятын қоғамыңыздың түрі мынау.
Идеалдың әкесі — сұңғыла Суреткер еді. Сол Суреткеріңіз бүгінде сүлдерін сүйретіп әр есікке бір сығалап, әр тесікке бір телміріп жүр. Есік дегеніміз — Қоғамның өзі. Тесік дегеніміз — Қоғамның көзі. Есігі құлыптаулы, тесігі бітеулі Қоғам аузын буған өгіздей өзін-өзі өрге тартумен әлек. Өгіз өле ме, арба сына ма — оны бір құдайым біледі...
* * *
Жеке бастың бақыты... Сіз қалай ойлайсыз, бұл өзім-өзім дегенде емешегі үзіліп тұратын, өзгеге келгенде өңі бұзылып тұратын эгоизмнің сыңары емес пе? Ал адам баласының қам-харекеті үшін басын бәйгеге тігіп, өз бақытынан баз кешетін мыңнан біреулердің тағдырын кім таразылайды? Біреуге денсаулық, біреуге ақ жаулық, ендігі біреуге мол саулық керек. Бәрінің байламы — Бақыт, айғағы — Уақыт. “Бақыт баянсыз” десек, меніңше, ол тек жеке бастың “меншігіне” ғана қатысты. Өлісі бар, тірісі бар — әлгі “мыңнан біреулерге” келсек, ортақ бақыт деп аталатын адамзат игілігіне солар ие. Бұған қызғанбау керек, қызыққан лазым.
* * *
Ұлға тентектік, қызға еркелік жарасушы еді... Қызым, сен тентек болып барасың. Ұлым, сен ерке болып барасың. Ерке ұл ержетіп жарытпайды. Тентек қыз бойжетіп жарытпайды. Ұлым, сен есіңді жи да тегіңді ойла. Қызым, сен ертеңгі барар еліңді ойла.
* * *
Театр тағдырын түсінбей-ақ қойдым: сахнада әртістер өзін-өзі ойнайды, залда адамдар өзін-өзі көреді. Өзін-өзі ойнайтындар дана болғансиды. Өзін-өзі көретіндер бала болғансиды. Күледі, жылайды, мұңаяды, қайғырады... Бар болғаны бірер сағатқа. Алданады, алдарқатады, жұбатады, жұбанады... Бар болғаны бірер мезетке. Сонсоң екеуі екі жаққа тарайды. Қызық...
Пұл мен Құл
Адамның пенделік қалыпқа түсуі аса қиын емес. Өз қолымен көкқағаз дейсіз бе, көбік қағаз дейсіз бе, ақша жасап алады да онысына құлша жүгінеді һәм жегіледі. Орекеңде “Монетный двор” деген тіркес, “деньги” деген сөз бар. Монет — қырғыздың манаты, деньги — қазақтың теңгесі. Айналып келгенде бәрінің ныспысы — Пұл. Пұлға құлқын құлатқан пендеңіз өзінің Құдайдың құлы екенін ұмытады. Ал Құдайын ұмытқан адамнан жақсылық шықпайды. Себебі ол — сатқын, һарам, бишара, бейбақ, міскін...
...Түгің жоқ болса да мынау міркем дүниеде Құдайдың құлы боп жүргенге не жетсін?!
Мәлішқұйрық
— Әке?
— Әу, Балам?
— Ұрыспайсыз ба?
— Қарадай неге ұрсады екем, әлде, бірдеңені?..
— Бүгін екі алдым...
— Неге? Неден?
— Неден десеңіз — тарихтан, неге десеңіз — ағаймен ерегесіп...
— Ағаймен? Ұстазыңмен?
— Иә, ұстазыммен. Ол кісі “Егер Әмір Темір болмағанда біз үйтпес едік, бүйтпес едік...” деп...
— Иә, сонсоң... Анықтап айтшы, былай?
— “Егер Әмір Темір Анкараны шаппағанда кешегі Еуропа бүгін бүйтіп құтырмас еді. Егер Ол жауыз Тоқтамыстың тоз-тозын шығармағанда орыс бүгін ормандай қауламас еді. Одан да бар күшін мына қара қытайға қаптатқанда ғой...” деп қайта-қайта қақсай берген соң шыдамай...
— Иә, немене, шыдамай шығып кеттің бе?
— Жоға, айтысып қалдық қой.
— Айтысқанда, былай, не дедің?
— Ақан серіні білесіз бе? — дедім ағайға.
— Ал ағайың не деді?
— Ол кісі ме? Ол кісі тарс кетті. “Ойбай-ау, Ақан серіні кім білмейді? Бұл қай сұрағың? Ақан қайда, Темір қайда?” — деп ал кеп шүйліксін, ал кеп киліксін...
— Ал сен?
— Мен де қасарысып: “Онда Ақан сері Әмір Темірді неге “Жігіттің падишасы” деп әнге қосып мадақтаған?” деп едім, “Түсінігіңнің түрі осы болса, әкел бері күнделігіңді, мә саған Мәлішқұйрық!” деп еңгезердей екіні күнделігіме қонжитып қоя салды.
— Е-е, дұрыс болмаған екен...
— Кімдікі, әке, менікі ме?
— Екеуіңдікі де. Ұстазбен ерегеспеуің керек еді, балам...
— “Өткенге топырақ шашуға болмайды, өлгенді ғайбаттаған ғазауатқа ұшырайды” деп өзіңіз айтушы едіңіз ғой, әке?
— Оқу керек, оқып қана қоймай, оқығанды көңілге тоқу керек, балам. Білгенге, тарихтан асқан ғұлама, уақыттан асқан ұстаз жоқ. Ақан сері айтса, бірдеңені білген шығар. Кәне, және бір тыңдап көрелікші сол әнді (домбырасын күйлеп “Майдақоңырға” қосылады).
— Түркістанға баралықшы, әке, Иассауи бабамыздың басына?..
— Барамыз, балам, көктем келсін, жаз шықсын...
* * *
Сенің бір тамшы көз жасыңның жерге түспеуін қалаймын, жаным, егер ол сағыныш пен мұңның жасы болса...
* * *
Өткенін ауызына ала берген, алға сала берген адам ақыры қартайып тынады.
НАЗЫМ
Мінәжатым жалғанып жерден көкке,
Ай астында бесігім тербелмек пе?
Жазмышынан озмышын жаңылдырып,
Я, Жаратқан, пендеңді шерменде етпе.
* * *
Әр қабырдың аясында — Айқұлақ.
Бізден гөрі онда тыныш, жайлырақ.
Өнебойын дерт жайлаған қоғамда
Жаным жара,
Бағым қара,
Қайғым ақ...
* * *
Қауметі үшін аз күннің
Қай пендені жазғырдым?
Көп ішінде — жалғызбын,
Жалқы ішінде — Мәжнүнмін.
* * *
Көк түтінге тұншығып түйдектелген,
Үркіп ұшып барады үйрек көлден.
Қай түйыққа бір күні тірелерсің,
Қайран, менің жолдарым иректелген?..
* * *
Түзде — өрісім,
Күзде — жемісім.
Бойда — салмағым,
Ойда — кенішім.
* * *
Өмір — базарым,
Өлім — ажалым.
Қағба — бағытым,
Алла — назарым.
* * *
Өлсем — Елеспін,
Көмсең — дөңеспін.
Келсем, неге өлдім?
Өнсем, неге өштім?
* * *
Ібілістің жетегіне ергендей
Шеке тұсты шерткілейді шерменде ой.
Желігімді баса алатын емеспін
Желке үзіліп, жеті қабат жерге енбей!
* * *
Жұмбақ арман жылатқан жесірдеймін,
Құмда қалған керуеннің көшіндеймін.
Жаратқанның дауа іздеп дәргейінен,
Қай күнәмді кеш деймін, кешір деймін?
* * *
Қанша ақын қабірінде ұмыт қалды?
Қанша асау қу мойыннан құрықталды?
Қай шортан қарағайдың басын шалып,
Қай заман қайта туды Ұлықпанды?..
* * *
Аунақшып төсегінде ақын дара,
Төрде отыр төс кеміріп әкім-қара.
Салмағы сары алтындай қара сөздің
Қадірін қайдан білсін қатын, бала...
* * *
Бұра тартып,
Бұлдаған бірдеңесін
Кісімсінген немелер кімді елесін?
Саясаттың сары езу сабаздары,
Бір сөзіме тати ма күллі егесің?!!
* * *
Ішіне құйылғасын ақ қорғасын,
Ілбиді иығымда батпан басым.
Жұмағын жұт жайлаған мына жұртта
Сыр, Аму — екі көзден аққан жасым.
* * *
Жігіттің сертке серік сергектігі,
Көрінер көзге көркем жер көктігі.
Бабаның әруағы аунап түсер,
Баланың — уілдесе жөргекте үні.
* * *
Қайыр, Мейір — емес пе еді екі ұлым,
Самал желпіп,
Жел сипаған кекілін?
Төр бермейтін,
Жерге енбейтін тексізге
Телміріп тұр босағада жетімім!..
* * *
Жырынды мен құл ұқпаса құнымды,
Кімге налып,
Кімге айтамын мұңымды?
Жанартаудай өңешімнен от шашып,
Мен де бір күн ақтарармын жынымды!!!
* * *
Тағы бір гүлім солды ғой,
Тағы бір күнім өлді ғой.
Баяғы қазақ — сол қазақ,
Баяғы Құдай — сол Құдай!
* * *
Өрт тамған өнбойына өзегінен
Ақындар келер, кетер кезегімен...
Қамалды қабағыммен бұзып-жарып,
Жаманды жазалаймын сөз оғымен!
* * *
Ай жалғыз,
Алла жалғыз...
Мен де жалғыз.
Жақсыға жарымаған кембағалмыз.
Жалғыздың жауы да көп, “сауы” да жоқ,
Құдай-ай, енді қашан ел болармыз?..
* * *
Жалғанда мынау мінәйім
Адамның бәрі арманда.
Қор қылма мені Құдайым,
Құлқыны құдық жандарға.
* * *
Жүрсе де жұлдыз бенен Ай қасында,
Қашанғы қасірет пен қайғы осында:
Әйелдің — сұлулығы айнасында,
Әйелдің — ұлылығы айласында!
* * *
Махаббаттың орнына
Машақатым бітпеді.
Өмірімнің соңына
Алла қояр нүктені.
* * *
Қаймананы қайтейін кінәраттап,
Қара су да жылғадан жылап ақпақ.
Мен өлгенде...
Құранның аятындай
Өлеңімді оқырсың қырағаттап...
* * *
Ақ қағаздың бетіндегі шимайым
Көбейді деп неге өзімді қинайын?
Жаннан артық жалғыз сәттік Жалғанға
Жүрегімнен басқа немді сыйлайын?!
* * *
Қар жауып тұр...
Бабында әлі кәрі Ақпан,
Қансонармен қанжығасын қанатқан.
Келте өмірді ертегіңмен ұзартып,
Ертеңімді есіркей гөр, Жаратқан!..
* * *
Жау торығыш келеді жері байды:
Төрі ұнайды,
Біреуге көлі ұнайды...
Есен болса ел мен жер,
Айтпас па едік
“Елімайдың” орнына “Елігайды”?!
* * *
Тірлігім тылсым, тіл майда,
Тілімді алар ұл қайда?
Жабағы бұлт жапса өңін,
Жанарын жұлдыз жұмбай ма?
Асылдан туып жас ұлан,
Басынан бұлақ тұнбай ма?
Ақ шашақ, алтын айдарым
Абылайдан қалған Ту қайда?!
* * *
Жете туған ұлыңыз —
Жетектегі құлыңыз.
Кете туған ұлыңыз —
Іштен шыққан Жыныңыз.
Өте туған ұлыңыз —
Інжу шашқан Күніңіз!
Құлға құрық ұстатып,
Күнге құлдық ұрыңыз!
* * *
Бір ұлыңның болғаны —
Шығар-шықпас жаның.
Екі ұлыңның болғаны —
Жарқыраған шамың.
Үш ұлыңның болғаны —
Басыңдағы бағың.
Төрт ұлыңның болғаны
Астыңдағы тағың.
Бес ұлыңның болғаны
Асқар Алатауың.
Алты ұлыңның болғаны
Баурайдағы бауың.
Ханым емей немене
Соны тапқан жарың?!
* * *
Алшаң-алшаң аттармыз,
Арғымақты баптармыз.
Қара жердің үсті кең,
Қайда барып тоқтармыз?..
Ана сүтін ақтармыз,
Баба салтын сақтармыз.
Әлдеқандай күн туса,
Алдаспанды қолға алып,
Айбалтаны саптармыз!!!
* * *
Тағдырдың жолын таптамай,
Аршындап алға аттамай,
Атаның салтын сақтамай,
Ананың сүтін ақтамай
Ерлердің ісі бітер ме?!
* * *
Жай ұстап туған жатырдан,
Ашынса, ашу шақырған.
Шалдуарларға шарт сынба,
Алдиярларға ақылман.
Бәндәуи мынау тірлікке
Бәдәуи-басын қатырған.
Залалсыз, зілсіз Ақынға
Қай заман балын татырған?!
* * *
Я, Құдай!
Періштең ем жерде жүрген,
Бесігім келеді әлі тербелумен...
Өлмейтін өнбойында Рух барда
Ақынды көргенім жоқ көрге кірген!
* * *
Алдынан күтіп жүрген күнді ғажап,
Қосылғай тілегіме күллі қазақ.
Өлмейтін маған өмір бергені үшін
Аллаға мың бір құлдық!
Мың мінәжат!!!
* * *
Дария — мұз,
Қария — құз,
Дала — сұр...
Ал, аласұр!
Арманыңды таң асыр!
Адамға емес, арзуыңды айт Аллаға,
Ақ-адалға Алла ғана жанашыр!
* * *
Алла қосқан қосақты
Адам бөлсе, бұл айып.
Ерке мінез, есті қыз
Ер жігітке лайық.
* * *
Өмір жүгін көтердік,
Өрге бірге шығарда.
Екеумізге жетерлік
Ғұмыр бергей бір Алла...
* * *
Біреуді бақ қимайды,
Біреуді тақ қинайды.
Екі өлім жоқ, бір өмір бар,
Екі жұлдыз бір маңдайға симайды.
Ол маңдайдың тарлығы емес,
Алланың жарлығы.
* * *
Кек екен ғой арғы атасы кесірдің,
Кежір пендең кері кетсе, кешіргін:
Жаппар ием, жарығыңды өшірдім,
Көкірегіме Тамұғыңды көшірдім...
* * *
Өңменіңнен өтеді жаман адам қарғысы,
Өміріңе жетеді жақсылардың алғысы.
* * *
Ақылы аз, тақымы бос қатынға
Есің болса, шатылма!
* * *
Құлан құмай болсам дейді,
Құл құдай болсам дейді.
* * *
Алладан келген парман —
Пендеге арман.
* * *
Маргарита Атуод (Канада жазушысы): Мен мемлекеттің шекарасын да, төлқұжатты да, үкіметті де мойындай қоймайтындардың бірімін. Біз тек қана Жазушы мен Оқырман деген жүраттан тұрамыз. Біздің санымыз шексіз де шетсіз. Біздің қатарымыздан адам баласының барлық өкілдерін таба аласыз. Бізде тек билікке бас ұрмайтын, дара билеушілердің шашбауын көтермейтіндер ғана тұрады, былайша айтқанда, “Әдебиет республикасының” тұрғындарымыз...”
* * *
Қырық жамау жүрегім
Емделетін күн қайда?
Барлы менен жарлыны
Теңгеретін күн қайда?
Жақсылықтың желкенін
Жел керетін күн қайда?
Зұлымдық пен Жұлынқұрт
Жерге енетін күн қайда?
Қамсыз күнін қазақтың
Мен көретін күн қайда?..
* * *
Мына заман — көрқаулардың заманы,
Мына заман жемқорлардың заманы.
Жүріп тұр ғой әкімдердің әмірі,
Құрып тұр ғой ақындардың амалы...
* * *
Баю болса бар мақсатың, арманың,
Қайда қалмақ ар-иманың — ардағың?
Неге сонша күні қысқа Қыранның?
Неге сонша ғұмыры ұзақ Қарғаның?..
* * *
Өзгереді бұл өмір, өзгереді,
Дауылды да аңсайтын кез келеді!
Тілсіздерге Тәңірім тіл береді!
Үнсіздерге Тәңірім сөз береді!
Өзгереді бұл өмір, өзгереді!..
* * *
Айға азу біленген,
Күннен зауал тіленген,
Шибұттанып шіренген,
Билікқұмар бұл елден
Түңілгендей түрім бар!..
* * *
Тұз ащы да, тіл тұщы.
Тәтті тілдің бағзыда
Ащы тұзды жалайтынын қайтерсің.
* * *
Баратын жер қалмады,
Кіретін көр қалмады.
* * *
Өкпе басқа, бауыр басқа,
Жара басқа, жауыр басқа.
* * *
Сәлем бергенім — кішіргім келгені,
Сауал бергенім — түсінгім келгені.
* * *
Қан тасынады,
Ашу басылады...
Бәрі келіп ақылға бас ұрады.
* * *
Жанымды жалын қақтады,
Жарық күн шамын жақпады.
Пенденің күні батқанмен,
Тәңірдің таңы атпады...
* * *
Өтпейтін нәрсе көбейген сайын құнсызданады. Жетпейтін нәрсе азайған сайын қымбаттайды. Біздегі өтпейтін нәрсе Сөз. Абай айтпақшы: “Қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын” болғандықтан. Нұсқалы сөз қашанда қысқа, тұспалды сөз қашанда ұзын.
Тағы бір жетпейтін нәрсе — Ұят. Ұяттың құны қазір аспандап, шығандап кетті. Жерге түспей тұр. Жерге түссе, бәлкім, қолмен ұстап, көзбен көрер ме едік. Көріп қана қоймай: “Үйбүй-ай, мынау, кәдімгі, өзіміздің Ұятымыз екен ғой, мұнсыз қалай өмір кешіп келгенбіз, ұят-ай?..” деп Тәңірімізді танып, тәубамызға келер ме едік. Әй, қайдам, кетіп қалдық-ау біраз жерге... ұятсыз...
* * *
“Время подлецов и поэтов...” Орекем де оңдырмай айтып салады-ау, бет-жүзіңе қарамай! Сол айтқандай, біздің қазіргі ахуалды “Қалталылар мен қаңғыбастар қауымы” десе, қатып кеткелі тұр. Қаңғыбастарды (ақындар) қайдам, Қалталылардың қатары адым сайын, күн сайын “подлецтермен” көбейіп келеді. Айырмашылығы сол: қалталы тексіз, ақын епсіз. Қалталы көлікті, ақын көнікті. Қалталы толық, ақын арық. Ары қарай тізе беруге болар еді, бірақ әлеуметтік жаратылысы жағынан екеуі бір-бірінен алшақ емес — қалталы да қазақ, ақын да қазақ. “Қазақтың жауы — қазақ”... Осыны кім айтып еді, құдай-ау?..
Жә, жетер, қайдағыны қаузай беріп қайтеміз, “дүмшепатрлер” тағы да дүрсе қоя берер. “Бір елі ауызға екі елі қақпақ” деген...
* * *
Ән мен өлең — жүректің егіз перзенті. Бірінсіз бірінің күні жоқ. Екеуі де сұңғыла сұлулыққа, әлеміш әсемдікке құмар, құштар, іңкәр... Біреуі көзден сәл таса болса, екіншісінің қабағына қар қонады, кірпігіне кірбің ұялайды.
Өлеңнің өз басында да көлденең көзге шалына бермейтін, тек оқығанда ғана ойға қанат, көңілге қанағат сыйлайтын ғажайып та тылсым әуен, саз, иірім бар. Оның сөзбен айтып жеткісіз рахаты да, ләззаты да осында. Өлең тағдырын танымайтын, тілін ұғын-байтын жандар осының бәрінен сыртекі ғұмыр кешеді. Қандай өкінішті һәм аянышты?!
* * *
“Еркін өлең” мен “прозадағы өлеңді” мансұқтаудан аулақпын, әйтсе де, әр жолында музасы мұңая қарап, әні үзіліп, сазы үздігіп тұратын, барынша әуезді, назды өлең өріміне не жетсін?! Абайдың, Науаидың, Тютчевтің, Есениннің өлеңдеріне неге әндер мен романстар көп жазылады? Тіпті, олардан тым-тым берідегі Мұқағалидың ше?!
Егіздің сыңарындай, емшінің тұмарындай ғашық-машық екеуді, мүмкіндігінше, ажыратпаған, жетімсіретпеген жөн-ау. Өз басым осылай ойлаймын.
* * *
“Анасын көріп қызын ал,
Аяғын көріп асын іш”
— дейді біздің сыншыл халық. Дәл осы талап-тілекті ақынға, немесе оның өлеңіне таңып көрсек қайтеді?
Біріншіден, өлеңнің адами-қоғамдық, өмірлік-өнегелік миссиясы айтып жеткісіз. Ол — ар мен ұяттың жоқтаушысы. Ол — жетім мен жесірдің қорғаны. Ол — ождан мен намыстың найзагері! Ол — мұңлық пен музаның сырласы Ол...
Екіншіден, Ақын — өз дәуірінің өкілі, өз елінің азаматы, әлеуметтік сана-сезімнің қозғаушы күші. Ақынсыз Өлең жоқ, Өлеңсіз Өмір жоқ!
Рас, мынау алабажақ, ала өкпе, қым-қуыт тіршілікте өлеңсіз де өмір сүріп келе жатқандар аз емес шығар-ау... Бірақ Абай мұндайларға мынаны айтқан:
“Махаббатсыз дүние бос,
Хайуанға оны теңеңдер...”
Достоевский: “Дүниені сұлулық қана ұстап тұра алады” десе, сол Сұлулығыңыз — махаббат дүниесінің періштедей перзенті емес деп кім айтады?!
Сөзіміздің “әлқиссасына” қайта оралсақ, өлеңіне қарап ақынды, ақынына қарап өлеңін танысақ керек. Әттегенайы да осы. Қайсыбір өлеңшілеріміз “Домбырам не дейді, мен не дейміннің” керін келтіріп жүрсе, қалай қынжылмассың?
Үйде отырып жұртына үн тастаған
Жалқау да аман, бүгінде жылпос та аман.
Өзге түгіл аз ба ақын арамызда,
Өміріне өлеңі ұйқаспаған?
Айтса айтқандай, өзі бір басқа, сөзі бір басқа өлермендерден сақтасын құдайым! Екіжүзділік дейді мұндайды. Оның аржағында сатқындық деген сабазың тұр...
* * *
“Дүние-байлық — қолдың кірі” дейді қазақ. Сөйтеді де Құдайдан көзін ала бере байдың алдында құрдай жорғалауды сөкет көрмейді. Өйткені “Кедейдің тоя жегені — шала байығаны”. Құлқынға құлша жегілген байғұс бір күннің берешегі үшін мың күннің көрешегін ойланбастан құрбандыққа шалып жіберуге құба-құп. Алты қат аспанның аржағындағы Алланы ол нағылсын?!
Көп қазақ, мен білсем, осылайша өмір сүріп келеді. Бұрын да, бүгін де. Ертеңге көзім жетпейді...
* * *
Паустовский айтады: “Ана тілін ұмытқан адам — Отанға аса қауіпті” деп. Мен айтамын: “Сол аса қауіпті адамдардың қаншасы қазаққа біткен қара қазанның құлағын ұстап отыр...” деп.
* * *
Халық эпосында (“Қыз Жібек”) Қыз Жібектің сынын сипаттай келіп:
“Кеудедегі қос анар
Нар түйенің санындай...”
“...Анар емес, кеудедегі қос анар —
Бекежандар бұғып жатқан қос оба”
деп әлгі гиперболаны одан әрі үстей, әсірелей түседі.
Қайсысы қалай айтсын, бәрібір, қыз баланың бойындағы артықша сұлулықты “анар” сөзі арашалап алады. Олай дейтінім — “нар түйенің санындай”, немесе “қос обадай” екен деп еркек атаулы әйел тәніндегі Тәңір ие “тартуын” осы күнге дейін тәрк еткен емес, керісінше, көргенше ындыны кебеді, көрген соң ынтығы артады!..
* * *
Фаридаддин Аттар айтады: “Ішіңдегі асыл жауһарың — адами арың. Одан — айрылғаның — қадыр-қасиетіңді жоғалтқаның. Алланың нұры — кеудеңдегі жарық шамың. Кеуде шамың өшсе, бейнең қаракөлеңкеден көрінбейді. Қара түнектегі міскінді кім елейді, кім есіркейді дейсіз?! Дүние-мүлкіңді, алтын-күмісіңді жоғалтсаң да, кеудеңдегі асыл жуһарыңнан айрылма! Сенің кеуде-сарайыңдағы сол жауһарға кім қызықпайды? Қызғанышпен қарайтындар қаншама?.. Алла нұрын ұрлатып алған адам Шайтан жетегінде кетеді. Ал шайтани болмыс жарықтан безеді, нұрдан қашады. Түнек түн оның жайлы да сайлы мекені. Кеудеңдегі шамыңмен өзгелердің жанына жарық түсір, нұр сыйла, сәуле сеп! Ең үлкен парыз-қарызың осы!”
* * *
Кімнің басына іс түспейді, кімнің тағдыры тәлкекке ұшырамайды... Асанбай Асқаровты айыпқа тарту жөніндегі қат-қат қағаз, том-том құжаттардың бірінде әлемге әйгілі ұлы Мұхаңды “Мұхтар Әуезов деген бір ақын...” деп сүйкеген екен. Оны жазған кім дейсіз ғой? Кәдімгі, “тергеу ісінің архитекторы” атанған “түкірігі түйме алтын, қақырығы құйма алтын”, кеңес дәуірінің кербестісі, тегеурінді тергеуші В.И.Калиниченко! Мұхаңды “ақын” деп жүрген мықтыңыз нақ осының өзі!
Неткен надандық, неткен ақикөз астамшылық десеңізші?! “Ұсақ” ұлттың ірісі де, тірісі де, ұлысы да оның көзіне көбелек құрлы көрінбеген-ау, шамасы. Біздің “сауатымызды ашып, көкірегімізге сәуле құйған” өркениетті ел өкілінің сықсима сиқы осындай! Күлесіз бе, жылайсыз ба?
* * *
Қай ұлттың да төлқұжаты — Тіл. Ұлттық үні мен “мені” өз тіліндегі Әнұран (дұрысы Елұран) арқылы айшықталады. Ар мен Намыс, Ождан мен Опа, Мақсат пен Мүдде, Арман мен Арзу атаулының бәр-бәрі осынау асқақ та айбынды әуенсөздің аясында.
...Кезінде, әлемдік ортақ тіл қарым-қатынасын қабылдау, қалыптастыру рәуішінде француз бен ағылшын тілдері тақаса, тайталаса келіп таразы басын тең ұстаған. Араға уақыт салып қайта сарапқа түсіргенге дейін әккі де әбжіл ағылшындар маңғаз да марғау француздардан айласын асырып кеткен. Әйтпегенде, бір кездегі орыс ақсүйектері секілді әсіре әулекі атқамінерлерімізден бастап былайғыларымызға дейін өз тілімізді күресінге итере салып бүгінде французша сайрап жүрер ме едік, кім білсін... Өз тілін өгейсініп, өзге тілді өңештеп жүргендерге ағылшыншасы не, французшасы не, бәрі бір емес пе?
Алла бергелі тұрған сүбелі сыбағасынан айрылып қалған әлгі “маңғаздар мен марғаулар” әлі күнге дейін ағылшындарға өкпелі. Әйткенмен, еуропалық емеурін мен сипама сыпайылық мұны аңғартқысы келмей әуре.
“Ауызы күйген үріп ішеді”. Содан да болса керек, Сенан де Мейан деген дуалы ауыз француз ХVIII ғасырдың өзінде-ақ: “Өзге тілде сөйлейтін ұлт біртіндеп өзінің төл болмысын жоғалтады” десе, осы елдің тағы бір өкілі П.А.Симон: “Тіл — әрбір ұлттың үн-үрдісін білдіретін, тарихтағы орнын анықтайтын, өмірлік және шығармашылық қайталанбас қасиетін паш ететін құрал, тіл — сол елдің тағдыры” деп таусыла сөйлеген.
Ащы да болса, айтайық — біздің тіліміз әлемдік ауқымда өзге бір өміршең тілмен жуық арада тайталаса қоймас. Дозақы тірлікте қазақы көкіректі екідай текетірес мазалайды: біреуі — күдік, біреуі — үміт. Күдік: күндіз күмән, түнде тұман күн кешіп жатқан қазекемнің тіл тағдырына деген сол баяғы салбөксе салқындығы. Үміт: ұлын Алпамыс, Абылай, Абай, Махамбет, Бауыржан.., қызын Тұмар (Томирис), Жібек, Баян, Әлия, Мәншүк.., қойып жүрген қазақ ерте ме, кеш пе, тіліне де зер салар-ау!..
“Үмітсіз — Шайтан” демекші, Тұран қайта туылмай ма, Түркі қайта түлемей ме?!!
* * *
Бұрынғы ата-бабаларымыз мал жиғыш еді, бүгінгі біздер мал жегіш боп алдық. Қызыл көрсек қылғытуға әзірміз. Қандыауыз қандасымыз һәм қарсыласымыз — Қасқыр екеш қасқыр да қанжығамызда. Өйткені:
— Бір қазанға екі қошқардың басы симайтыны бесенеден белгілі;
— Бір тойда екі “жар” жоқ;
— Бір елдегі қосөкіметтің де көпке бармасын көргенбіз...
Қасекеңнің бөлтірігі күшті ме, қазекеңнің бөпетайы күшті ме — қазірдің өзінде-ақ белгілі болып қалғандай. Бірінің ауызы — аран, бірінің күні — қараң, тұқымы тұздай құрып барады. Қарсыласына “крест” жорығын жариялаған қазақтың қарқыны, құдай салмасын, алабөтен! Жүгірген аң, ұшқан құсты құтайтатын емес. Қасқырға қой қалмағалы, түлкіге тауық табылмағалы қа-ша-ан... Содан ба екен, қазекең қазір бір-бірімен “мал-жан аман ба?” деп амандаспайды. Неге дейсіз бе? Неге деріңіз бар ма, бұл сәлем-сауқатыңыз жаңа ғасырдың кәдесіне жарамай қалғалы да біраз болды. Малы кетіп, жаны қалған ағайын қазір қаланы жағалап, базарды сағалап, сауырын сабалап әлек. Жолыға қалсаң, “іздірәстіңе” ыздиып жауап бергенсиді де өте шығады.
“Басқа түссе, баспақшыл”. Алдынан малы, аузынан сәлемі қашқан қандасқа “қайда асықтың?” деу де артық. Жанбағыстың жанталасына түскен жалғыз қазақ па екен, тәйірі?! Қалай болғанда да бір ұйқының кеміп, бір қалғудың әдірем қалғанын қапысыз аңғаруға болады. Ойлап қарасаң, “Оян, қазақ!” деп озан салғаннан гөрі “Қазақ, қайда барасың?” деген сауал әлдеқайда өтімді де өркениетті емес пе?
“Бастан құлақ садаға” демекші, мейлі, ендігі жерде қазақтың жауы қасқыр-ақ бола қойсын, тек “қазақтың жауы — қазақ” болмасыншы!..
* * *
“Жазу, жаңа дүние келтіру — Ажалды өлтіру!” дейді Ромен Роллан.
“Өле отырып өмір сүр” дейді ұлы Гете.
Қандай ұлы үндестік десеңізші?! Алла жіберген ажалды өлтіру, және өлтіре отырып өмір сүру, шынында да, кімнің қолынан келмекші? Қарапайым пенденің бе? Айта көрмеңіз! Өлмейтін кім бар дейсің бұл фәниде?.. Ал енді өлмеу үшін не істеу керек? Алла тарапынан Жәбірейіл періште арқылы туралап келген ажалдан құтылу үшін Ніл дариясы астынан жеркепе қазып жасырынған асқан ғұлама Арастұл (Аристотель) әрекетін кім қайталай алмақшы? Ол үшін Арастұлдан асып туу керек қой! Қанша қашсаң да құтқармайтын Ажал ақыры оны да алып тынды емес пе?..
Сол Арастұлды арғы-бергі заманда кім қайталай алды? Ешкім де! Ендеше, “өле отырып өлмеу”, өмір сүру тек ақылы асқан, айырықша жаралған Алланың сүйген құлдарына ғана енші екен де. Амалыңыз қанша, олай демеске әддіңіз жоқ. Әл-Фараби, Әбу Әли Ибн Сина (Авиценна), Фердауси, Низами, Физули, Рудаки, Иассауи, Науаи, Абай, Ескендір Зұлқарнайын, Еділ, Шыңғысхан, Әмір Темір, т.б. Күллі адамзат қауымы үшін бұлар аз ба, көп пе? Аз, өте аз. Аздың орнын, аман болса, келер ұрпақ толтырар. Үміт те, Сенім де осы ойдың құлдығында.
Әйткенмен... Бұл Үндестік заңын қойсайшы?! Оған Уақыт та, Кеңістік те ешқандай кедергі бола алмайды екен.
“Өлді деуге сыя ма, айтыңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған?..” деген Абай сөзі әлгі екеудің өмір мен өлім турасындағы тұжырымын түпкілікті түйіндеп, тиянақтап тұрған жоқ па?!
Иә, ұлының аты — ұлы. “Ақынның аузына Алла сөз салады” дегенге бұдан кейін құлақ аспай көріңіз.
* * *
Менің аңғаруымша, Алланың ең жек көретіні — астамшылдық. “Ұлық болсаң, кішік бол” деген ғибратпен қоса кейде: “мынау Құдайын ұмытқан екен” деген ренішті де есітіп қаламыз. Бірі ырзалық, екіншісі — наразылық.
Көкірегіне дән түскендер көбейсе, елдің бағы. Кеудесіне нан піскендер көбейсе, елдің соры. Қорықсаң, соңғысынан қорық. Осыдан Абай да қорыққан. “Бас-басына би болған өңкей қиқым...” деп налыса, бұл — соның салқыны. Бұған Мұрат Мөңкеұлының “Мен қауіп еткеннен айтамынын” қосыңыз. “Мың асқанға бір тосқын” болса екеннің қамы бұл. Амал не, мынау жадыгөй жалған, тірнекі тіршілікте асқан да аз емес, тасқан да табылады. Олар кеше де болған, бүгін де бар, өкінішке қарай, ертең де өркен жая бермек.
Пенде менменсіген жерден Періште қашады.
* * *
Ақыны мен Ақсақалы қағажу қалған халықтың басынан шырағы өшеді, астынан пырағы қашады.
* * *
Қоғамның тас қамалы мен ақынның қас-қабағы қай мезетте де үйлесім тауып керген емес.
* * *
Жылдар бойы құлқы құлыпталып, ырқы тұйықталып, рухани еңсесі құныс тартқан ұрпақ-буынның арқасына аманат арту аса қауіпті — кез келген жерде аунатып кете барары хақ. Олай болмас үшін ендігі келер жас буын, уыз ұрпақты Ана тілімен сусындатып, сөз атасы — Өлеңмен асырауымыз керек.
ҰЯ
“Алтын ұя”, “Ұшқан ұя”, “Ұяластар” деген ұғым бар. “Ұяда нені көрсең, ұшқанда соны ілерсің” дейді қазақ. Қыран неге ұясын қияға салады? Қарлығаш неге ұясын үй ішіне салады? Әркімнің өз үйі — өз ұясы. Әлем-жәлемге малынған хан Сарайынан қашып шыққандай болған Жиренше де “қайран, менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім!” демейтін бе еді қараша үйіне бас сұққанда.
Иә, Ұя мен Үй төркіндес ұғым. Отау мен Отан да солай. Осы екеуі үшін талай өмір құрбан болған, талай тағдыр тал қармаған... Ар мен Ождан өре тұрған. Намыс пен Қайрат қиянат пен зұлымдыққа қарсы майдан ашқан!.. Ұяға жылан өрмелесе, балапан шырылдайды. Үйдің шаңырағы шайқалса, бесіктегі бала шарылдайды. Ұядан құс түлеп ұшады, үйден ұрпақ өсіп, ержетеді. Мәңгіліктің мекені — Үй мен Ұя.
Әлімсақтан бері келе жатқан мынадай аңыз бар: бір Көкқұтан балапандарына жем тасып жүріп ұясына қайта ұшып келсе, онда қам-қаперсіз жайғасып алған Қарғаны көреді. “Е, адасып жүрген бір байғұс болды ғой” деп алғашында мұны елеп-ескере қоймайды. Арада үш күн өтеді, бірақ әлгі қарға кете қоймайды. Көкқұтан да бұған пәлендей мән бермейді. Төртінші күні төрт жүз көкқұтан ұшып келеді де ұясын қарғаға берген Көкқұтанды түте-түтесін шығарып шоқып өлтіреді. Мұны көрген Қарға да зәресі ұшып ұядан безе жөнеледі.
Намыс тапталған жерде Ар аяқ астында қалады. Ұясын жат жайлаған құс пен Отанын сатқан ождансыз ұлда бұл олқы соғып тұрады. Ал олқылық түбінде бір опындырады.
Аталмыш аңыз қай ұрпақтың да жадында болса игі...
Темір тағылымы
“Егер мемлекет белгілі бір тәртіп пен қағидаға сүйеніп құрылмаса, — дейді әйгілі Жаһангер Әмір Темір, — онда биліктің салтанаты ұзаққа бармайды, құдіреті құм сияқты үгітіле береді де ақыр соңы су аяғы — құрдымға кетіп тынады. Мұндай биліктің сиқы мен сықпыты, түрі мен тұрқы жамылғысыз, лыпасыз тыр жалаңаш әйелге ұқсайтын болғандықтан, оны көрген жұрт жиіркеніп теріс айналады. Не болмаса, ол мемлекет қайдағы бір қаңғыбастар кіріп-шығып жүретін төбесі ашық, есік-терезесі жоқ, тоз-тозы шыққан үйге ұқсайды. Сол үшін де мен өз билігім мен әмірімді ислам дініне сүйене отырып белгілі бір қағидаға негіздеп құрдым. Мемлекет басқару барысында кездескен қандай бір қиын түйін мәселені де осы қағидаға сәйкестендіре отырып шештім. Менің ұрпақ алдындағы парыз-қарызымның абыройлы, атақ-даңқымның ғұмырлы болмағының түп қазығы осында...”
* * *
Сол Әмір Темір өзінің “Түзіктерінде” былай деп ағынан жарылады: “Шын патшаның құзырына Уақыт қана бағынбас. Өйткені ол да Адамның ұлы, Алланың құлы. Жаратушы ием маған да ақыр бір күні таусылар тағдыр сыйлады. Қарамағымдағы халық қармағымдағы балық емес екенін ерте ұқтым. Әмірім де, өмірім де сол халықтың пешенесіне жазылған. Қияметқайым күні солардың тым болмаса біреуінің етегіме жармасып қайыр тілеп, не қарғыс айтып қыр соңымнан қалмай қойғанын қаламас едім...”
* * *
Әмір Темір: “Дүние шіркін қанағатсыз қатын сияқты — оның ойнасы көп”
* * *
Әмір Темір (“Темір түзіктері”): “Егер патша залым, уәзірі әділ болса, Ол патшаның зұлымдық әрекет-пиғылына өз ақыл-айласын қарсы қоя алады. Ал егер уәзір залым болса, мемлекет істері көп өтпей-ақ тығырыққа тіреледі”.
Кәде
Ақынды көрсе, әкімдер
“Ит көрген ешкі көзденер”...
Жатырқай бермей жақын кел,
Өнеге тұтсын өзгелер.
Жақсы көр, мейлің, жаман көр.,
Ұмытпа елдік кәдеңді:
Атыңнан түсіп сәлем бер,
Билеп тұрсаң да әлемді!
* * *
Нөсердей қас қағымда төкпелеген
Өмірге кім бар, кім жоқ өкпелеген?..
Ақпанды шың басына шығарып сап,
Келеді Көктем түсіп Көктөбеден.
* * *
Абай ауылы азайды,
Көпес үйі көбейді...
* * *
Заманға көзім жетпейді,
Адамға сөзім өтпейді.
Көнтақы мынау тіршілік
“Көресің әлі көп...” дейді.
Ұрпағым қашан көбейіп,
Ұрығым қашан көктейді?..
* * *
Барар жерін, қонар көлін нұсқамай,
Бастан бақтың, қолдан құстың ұшқаны-ай...
Сені өмірден ерте кетті демеймін,
Өлеңнің де бас-аяғы қысқа ғой?!
* * *
Ойға орын аз кезде бойға дерт жұққыш келеді.
* * *
Кешегі қазақ пен бүгінгі қазақта айырма бар ма? Бар болса, қандай? Жоқ болса, “Ит мініп, ирек қамшылап” жүргенімізге жол болсын?
Ел қатарлы есейіп, жұрт қатарлы көбейдік пе? Есейсек, кез келгенге неге есеміз кетіп жүр? Көбейсек, неге көсегеміз көгермей жүр?
Әр қазақ осыған бас қатырса қайтеді?..
* * *
Бақа да батпағында бақылдап бағады, Қарға да қарқылдап Қараталына қонады, бірақ пейіш бағындағы пәруана құсқа не жетсін?!
* * *
Жаман ауру — жарақты жаудан да қауіпті!
* * *
Ойдан сайға, гүлден гүлге қонып-қонбай тынымсыз тірлік кешкен ебелекте де, көбелекте де айбозым ақынның мазасыз мінезі, әурешіл әрекеті бар. Оның көбіне жарқ етіп жанып, жалп етіп сөнетіні де осыдан...
* * *
Өлең түгілі қағаз бетіне қарамайтын, ойды күле, сөзді жүре тыңдайтын дүйім бір ұрпақ дүрмегі қаулай өсіп келеді. Жан азығын жат көрген, тән қызығын нәп көрген ұл мен қызды бала дейсіз бе, шала дейсіз бе, өзіңіз біліңіз.
* * *
Менің ұққаным — қазақ қашаннан өлеңге марғау.
Тыңдауға бар да, құндауға жоқ, шайнауға бар да, ойлауға жоқ...
* * *
Пастернактан:
Ақынға болма самарқау —
Өмірден осы білгенім.
Жарылып кетіп Жанартау,
Жаныңды таппай жүрмегін!
* * *
Бір жағы — күйкі пенделік психология, екінші жағы — менмендік, өзімшілдік, тоғышарлық, мәңгүрттік ауру меңдеген ортадан не нәрсені де күтуге болады.
* * *
Бауыржан Момышұлы: “О, құдіретті поэзия! Мен сенің құрбаның болғым келеді!..”
* * *
Дүние дүрліксе — дүбір көбейеді.
Дүмшелер біріксе — күбір көбейеді.
* * *
Шала шапқын, бос мақтанға бой алдырған елде етженді ес, байыпты бәтуә болмақ емес!
* * *
Атты шобырға, топты тобырға айналдырған Әлдекімге, әттең, атар оғым жоқ!
* * *
Шекесінен қараған шекпендіге шендесе алмай (белдесу былай тұрсын) шидің құмалағындай әржер-әржерде шашырап, шетте қалғаннан жаман нәрсе жоқ екен...
* * *
...Бастан бақ, қолдан құс ұшты. Қоқиқаздай қанша қоқаңдағаныммен, елейтін ешкім жоқ. Анда-санда ата тегіме тартып Айға қарап ұлып-ұлып қоям...
* * *
Әкім, Өкім, Үкім — бәрі бір әкенің “керенау, кербез, бір керім...” ұлдары.
* * *
Балам оқымаған дүниеге немерем бас-көз болады деу — барып тұрған ақымақтық!
* * *
Ей, қара түн, жұлдыздарды қылғытқан,
Құтқарсаңшы қу тірлікті құлдықтан?!
Алтын айдар туса деп ем бір Ұлан
Ақиқаттан,
Шырылдаған Шындықтан!
Қайғы қақтап,
Қара жерде мұң қаптап,
Қайыршының күні кетті қымбаттап.
Шығыс жақтан шығар ма екен Таң-Ана,
Алтын айдар бір Сәбиді құндақтап!!!
* * *
Саясаттан кекірік айныды. Айтыс-тартыстан да тапқанымыз шамалы. Батыстың “әлаулайы” мен “әриайдайына” әбден бой алдырған әдепсіз, көргенсіз порно-газетсымақтардың да әсіре шолжаңын шорт кесетін кез жетті!
* * *
Ақынның орыны тақта да емес, табытта да емес, жұрттың жүрегінде!
* * *
Өлеңнің иесі — ақын,
Киесі — халық.
* * *
Хас өнерге ғашық болу мен машықтанудың арасы жер мен көктей!
* * *
Шүрегей мен Бірегейді бірдей бағалаудан артық қасірет бар ма?!
* * *
Бетке айтқанның айыбы жоқ: қазақ оқырманында бейтараптық басым — шайнамай жұтуға бар да, күйіс қайыруға жоқ.
* * *
Материалдық кедейліктен рухани өгейлік әлдеқайда қасіретті һәм қауіпті...
* * *
Көлден аққу ұшқалы, шөлден ақбөкен безгелі қай заман!..
* * *
Содырға таяқ, солақайға сойыл, сайтанға саптаяқ ұстатқан мынау зәнталақ заманға не дерсің?!
* * *
Көрегендік те, көріпкелдік те, жақсылық та, бақсылық та ақын жаратылы-сынан алыс емес.
* * *
Ақынның сезімталдығы мен сәуегейлігі Айдың қораланып, Күннің тұтылуын күні бұрын сезіне алуымен астарлы...
* * *
Дүние тек махаббаттан тұрса, ақыннан артық бақытты жан болмас еді...
* * *
Өзін танудан бұрын өзгенің тамырын тап баса білетін ақын — нағыз ақын!
* * *
Ананың алдында барша дүние — бала, сәби...
* * *
Ақынға жар болу — Тәңір иенің әйел адамға тартқан ілудегі бір ізеті.
* * *
Құрық көрмес, ырық бермес Уақыттың қыр соңынан қуып келе жатып бір асуға аялдаймын деп ат шалдырған адамның сол жерде төбешікке айналып қалып қойғанын, айтыңызшы, қайғы дейміз бе, қасірет дейміз бе, тәубе дейміз бе, шүкіршілік дейміз бе?..
* * *
Емшектен шыққан бала да, еркебұлан құлын да енесі мен анасының бауырына ынтыға, омырауына ұмтыла беретіні сияқты, қалада жүрген қай қазақ та ауылға деген әуезесінен арыла алмақ емес. Урбанизация үрдісі бел алған сайын бұл “ауру” асқына түсетін шығар!..
* * *
Дүние дүбірін құлағыңмен қоса құлқыңмен, жүрегіңмен қоса ырқыңмен сезінген сайын Жаратқанға мақұл айтасың, Жаратылысқа жақын тартасың.
* * *
Алуан-алуан адам бар,
Әліне қарай амалы.
* * *
“Қазақ” сөзінің бір баламасы — Ақын. Ақын жоқ болса, қазақ та жоқ!
* * *
Жаныңда Ақын жүрсе,
Көзіңе Періште елестейді...
* * *
Ауылдан безген, қаланы кезген бүгінгі қыр қазағы кешегі “Ақтабан шұбырындыдан” бір де кем емес!
* * *
Үйіме ұры түсіпті. Кітаптарым ашылып, жазбаларым шашылып әр жерде жатыр екен. Ақымақ болмаса, ақынның үйінен ақша іздей ме адам?! Егер үйде болсам, Қожанасырға ұқсап: “Тапсаңдар, маған да бірдеңе тастап кетіңдерші...” дер ме едім, кім білсін.
Менің бар байлығым кітап екені қаперіне де келмеген-ау, әсте!..
* * *
Қазір жұрт бір-біріне күбірлегіш, сыбырлағыш. Әлдекімді жек көреді, әлдекімге кейіиді, кіжінеді. Тіпті, жерден алып, жерге салады. Әсіресе, моншада. Анадан туған қалпында. Жалаңтөс баһадүр дерсің! Киініп, былай шыққан соң жүні жығылады, жүйкесі жуасиды. Киім, шынында да, пенделіктің қалыбы білем. Жаңа туған шақалақты ғой анасы омырауын ағытып ақ сүтімен жұбатады. Ал жалаңаш адамды ше? Әлгі, моншадағы?..
ТӨРТТАҒАН
Онбесінде балқымаса, Айға сын,
Көңілдің де кір шалады айнасын.
Тас орнына Ар мен Алтын тап келсе,
Таразының таңдар едің қай басын?
* * *
Шайырыңның шағымхатын тыңда, Алла:
Маза алмадым мәйдан, шәйдан, мұңнан да.
“Патша — Алланың көлеңкесі” дейді жұрт,
Көлеңкесіз жайма-шуақ күн бар ма?
* * *
Лебізіңнен айналайын ақтұма,
Сені көрмеу, сені сүймеу — пәк күнә!
Тәңірінің сендей ғажап сыйы үшін
Тәрк етер ем тәжбен қоса тақты да!
* * *
Бұл өмір — көзден тамған тамшы ғана.
Пендеге Алла берген жан — сыбаға.
Қалғаны жұмыртқаның қабығы ғой,
Жұмыртқа балапансыз аршыла ма?!
* * *
Жаратқан ием, ғұсни жамалың — арман,
Жапагер пендең аумайды жаралы жаннан.
Аһдқа осы қазір-ақ қамданар ма едім,
Кел деген маған жетсе егер хабарың алдан.
(Аһд — Алла тағала өз ризашылығына ие болған адамдарға ақиретте дидарымды көрсетем деп уәде еткен)
* * *
Ажал болса түбінде аларманың,
Қай қапшықтың түбінде қалар жаның?..
Сен де осал емессің, рас болса,
Топырақ, Су, Ауадан жаралғаның!
* * *
Көп пе күнәм, білмеймін, аз ба күнәм,
Баз кешетін жайым жоқ бәз бағымнан!
Жарық дүние ләззатын көре жүріп,
Кім қорықсын Тамұқтың маздағынан?!
* * *
Қазақтың ескі өлеңін — есті өлеңін
Есіктен төрге оздырдым, дестеледім.
“Балаға әке жүз жыл азық” деген,
Құдай-ау, ол болмаса, не істер едім?
* * *
Саған да маған “заржақ” ат берілген,
Кел, Бұлбұл, “әу” деселік пәк көңілмен.
Сен гүлге бәйіт оқып бәйек болсаң,
Мен татайын ләззатты тәтті еріннен.
* * *
Жарығым, сен де жалғыз, мен де жалғыз,
Жаһанда біз сияқты кем бе жалғыз?
“Жалғыздың құдайы бір” деген сөз бар,
Қосылсақ екі жалғыз – ел болармыз...
* * *
Жалғызды ешкім, бірақ, “жоқ” демейді,
Жалғыздың жалғасы де көп кедейді...
Тәңірсіз топырақ та жаралмайды,
Тамырсыз жапырақ та көктемейді!
* * *
Арзу менен арманның қайсыбірін мұңдарсың,
Өткен-кеткен ай-күннің қайсыбірін құндарсың.
Тәуір тамақ, тәтті ұйқы тәбеті ғой бейғамның,
Махаббатсыз дүние ол болмаса, күл болсын!
* * *
Бара жатыр қай жаққа тас төбемнан зырлап Күн?
Мен де гүлі емес пе ем мезгілінде бір бақтың...
Мыңқ етпейді-ау мұңыма, Үн қатпайды-ау мұныма
Қысық көзді құба таң, мысық көзді зұлмат түн.
* * *
Қара көзді қан етті, дәргейімді дал етті,
Қайтсем екен нәлетті? Салсам ба екен әлекті?!
Үзір сұрап халқымнан, алсам ба екен алқымнан
Алтындаған алқасын арпылдаған Төбетті!
* * *
Ұйқы көрмей... жар-төсекте жан қинап,
Жүрегіме боласың-ау қан құймақ.
Құйтақандай құжыраңның қасында
Қараң қалсын алтын Сарай, сәнді үй, бақ!..
* * *
Көзден ұшып көкжиек пен жер шегі,
Бостан көңіл бола алмадым мен сері.
Құлан қашып бара жатыр келмеске,
Тұман басып бара жатыр еңсені...
* * *
Жібекті түте алмаған жүн етеді,
Әйелді күте алмаған күң етеді,
* * *
Табынба мінген тағыңа,
Сақыға сардар саймын деп.
Халықтан асқан қазына,
Адамнан асқан байлық жоқ!
* * *
Тіл тамыры тілекте,
Діл тәңірі жүректе!
* * *
Алласы жадында жүрген адам бұл фәниде жалғыз да емес, жапагер де емес.
* * *
Елдік пен есендіктің арқасы емес пе, Еуропа елі бүгінде шекарасыз, шекісусіз аман-есен, әп-әдемі ғұмыр кешіп келе жатыр. Ал біз... егемендік алған күннің ертеңіне-ақ шекарамызды қытымыр көрші, қазымыр қатындай тас бекітіп алдық. Бар білгеніміз әзірге осы.
* * *
Цицерон: «Өзіңе дейінгі дүниеден хабардар болмасаң, өмір бойы нәресте қалпыңда өтесің».
* * *
Иттен гөрі иттікті ит етінен жек көремін!
* * *
Әр сөздің қатаңы, қасаңы, жұмсағы... демекші, өзіне лайықты әуені, ырғағы, мақамы болады. Әңгіме — қай жүректен шығып, қай ауыздан есітілгенінде.
* * *
Баукеңде мынадай төрт жол өлең бар:
Өмірінде жетпіс жасқа ақын жеткен,
Көп жылдары айдау мен қамауда өткен.
“Өлмеймін, менікі де өлмейді” деп
Сал айдап Енисейде суға кеткен”.
Мағжан тағдырының, ақын трагедиясының анық-қанық диагнозы емес пе екен бұл? Ендеше, оның өлімін әр саққа жүгіртіп жүргенімізге жол болсын? Баукеңнің ауызынан шыққан сөзге қалай иланбассың?!
* * *
“Үнсіздік — ең ескі әдіс” деген сөз бар. Онсыз да ішқұста адамды үндемей өлтіруге болады. Жаңғырық — Үнсіздіктің жанама, жадағай баламасы ғана. Әсіресе, жапандағы жаңғырық! Абайдың:
“Жартасқа бардым,
Күнде айқай салдым
Одан да шықты жаңғырық...” дегені осыдан. Жаңғырықта тілсіз, тылсым үрей бар. Ал Үнсіздік — дүние дүмпуінің алғышарты. Айтсаң да, жазсаң да, сөйлесең де, үйдесең де, бүйдесең де... үн қатпайтын біздің Билік те бір, қара жартас та бір. “Ең ескі әдісті” қай кезде жөн көріп, қай кезде меңгеріп алған бұлар? Ескі әдістің жаңа әдетке айналғанынан жаман нәрсе жоқ екен!
* * *
Қойдай қоңыр, момын қазақ көбейіп барады. Жылқы мінезді жігіттеріміз, елік көңілді еркелеріміз қайда?
* * *
Әйелдің тілі жүйрігі емес, тігісі жатығы жақсы.
* * *
Бір айтқан сөз екі құлағы бар қазақтың саңылауына ене бермейді, есінен шығып кетеді. Екі айтқанда барып екінші құлағына жетеді. Ал одан да шығып кетсе, сөздің шығын болғаны.
* * *
Кешегі қымызқұмар, қызқұмар селтең-сері қазақ аз жыл ішінде мынау арсыз қоғамның атжалманына айналып шыға келді! Шынында да, біз “Ертеден салса кешке озған, ылдидан салса төске озған” сұңғыла халық екенбіз-ау! Таң қалмасқа не шара...
* * *
Ұрынғанға ұрыс, жұмылғанға жұмыс жетеді.
* * *
Құзырлы орындарда отырғандардың біразы өздерін құдірет санайды. Атасының басы! Құдірет иесі біреу ғана! Ол — Құдай. Үйдегі қатын да, түздегі әкім де осыны ұқса нетті?
* * *
Әйелді сүю керек, бірақ әулекілену артық — әуреге түсесің, ақымаққа айналасың.
* * *
Әйелдің сұлуынан сүйкімдісі жақсы. Сұлу әйел — менмен, тәкаббар. Сүйкімді әйел — қылықты, ерке. Алғашқысы өсекке қалдырады, кейінгісі мөсекте қандырады.
* * *
Жүрек таза болмаса, көңіл қаза.
* * *
Ақынды пір санайтын — халық,
Ақынды тұмшалайтын — табыт.
* * *
Жігітке жырқылдап күлген емес, жарқылдап жүрген жарасар болар!
* * *
Еркекпен ерегескен әйел де бір, ер-тоқымсыз Есек те бір.
* * *
Айғырдың азғаны — жабы,
Еркектің азғаны — жабының қағы.
* * *
Жақсы ұл — әкенің еккен дәнегі,
Жасық ұл — әкенің солған пәлегі.
* * *
Дүние дегеніңіз — тозған киім. Бір патша келіп жамап кетеді, бір патша келіп тонап кетеді.
* * *
Көршінің қайғысы арқылы өзіне ұпай жинағысы келетін ұлт ұлт емес, ұлтарақ.
* * *
Асан Қайғы:
“Теріскейге барсаң күйшімін деме,
Текеге барсаң кеншімін деме,
Таразға барсаң емшімін деме,
Арқаға барсаң әншімін деме,
Алтайға барсаң аңшымын деме.
Арғынға жолықсаң ақыл айтпа, амандығыңды айт,
Керейге жолықсаң шежіре айтпа, шешендігіңді айт!”
* * *
Қайғысыз, мұңсыз қайда бақ?
Жылай да жүріп күлерсің.
Ақ шәлі ару Айды орап,
Ақшамым, мейлі, түнерсін, —
Қос өкпе қунап,
Төсекке
Құлшынып енгім келеді.
Өлеңге,
Өртке,
Өсекке
Тұншығып өлгім келеді!!!
* * *
Түсінен шошынатын адам — өңінде өлі.
* * *
Атқа мінген екенсің — жерді ұмытпа,
Таққа мінген екенсің — елді ұмытпа.
* * *
Саясатты сағалаған Дін — әлсіз, әрсіз, нәрсіз. Түптеп келгенде, оның уағызы — саясаттың сағызы!
* * *
Кімнің сойылын соқсаң,
Соның соғымын соғарсың.
* * *
Ұмытмаған жөн мына қағиданы:
Патшаның қорғаушысы — ар, иманы.
* * *
Өзгенің алдында өзін мықты көрсеткісі келетін адам өзімшіл. Кім-кімнің де өлшемі — халық.
* * *
Қара түнді үреймен өткізбес үшін көзімді жұмам. Көзімді жүмғаным — өтірік болсын, шын болсын, ұйықтағаным. Ал ұйқы — өлімнің елшісі. Атқан таң ғана мені ажалдан құтқарады!
Таң — азат,
Түн — азап,
Күн — ғажап!!!
* * *
Әйелдермен көп отырма —
Сырыңды алдырасың.
Еркектермен көп отырма —
Жынын қоздырасың.
* * *
Жақсы ұғымтал,
Жаман жұғымтал.
* * *
Халықтан өз қадырын арттырғысы келген хан — не ылаң, не Айға шапшыған аң.
* * *
Біреу біреуге сөз айтсын, сөксін, балағаттасын, жәбірлесін — менің жапагер жанымның, сыздаған жүрегімнің, мұздаған ділімнің нендей жазығы бар еді? Аясаң етті, ағайын!?
* * *
Қарға, Құзғын:
Талға да қонамын,
Малға да қонамын.
Тәбетім бөлекше,
Тамағым — өлексе.
Аққу, Қаз:
Қонарға көл таңдаймын,
Ұшарға жел таңдаймын.
Көкекте жезтаңдаймын,
Күзекте ел таңдаймын.
* * *
Көпке өкпе жүрмейді.
* * *
Өз тағдырына немкетті қарайтын халық — судағы балық. Біріншісі — үнсіз, екіншісі — тілсіз.
* * *
Әйел туралы: “Мен оның өзім білетін ышқырлығының ыстығына емес, сергек сезімінің ұшқырлығына тәнті болдым”.
Қысқа қайырымдар
Шығыс дүниесінің, оның ішінде Сирия әдеби-рухани дүрданасының айтулы өкілдерінің бірі Абул Фараж қаламына тән тағлиматтар аз емес. Олар көбіне қысқа да нұсқа қайырым-иірімдердің басын құрайды. Бірінде ой басым, бірінде астарлы, айшықты афоризм, енді бірінде өткір де ұтқыр әзіл-әжуа алма-кезек астасып жатады. Оқып қана қоймай, айта жүруге де оң иығын беріп тұрады. Тағылымды дүниені тәржімалау қашанғы қарызымыз һәм парызымыз екендігін еске алып, олардың қайсыбірін оқырман игілігіне ұсынуды жөн көрдік.
* * *
Шәкірттерінің бірі Сократтан:
— Қайғыру, мұңаю былай тұрмақ, қабағыңызды шытпайсыз. Ылғи көңіліңіз көтеріңкі жүреді. Мұның себебі неде? — деп сұрайды.
— Өйткені менің жоғалтатын да, қол артатын да түгім жоқ — депті сонда Сократ.
* * *
Ағашта асылып тұрған әйелді көріп қалған Сократ, әзілі ме, нәзілі ме, кім білсін:
— Апырай, ә, мына ғажапты қараңыз, жеміс ағашының бәрі, кәне, дәл осылай дәремет берсе! — деп таңданыс білдіріпті.
* * *
Бір ғұламаның қызы бойжетіп отыр екен. Оған бірі бай, бірі кедей — екі кісі бірдей құда түсіпті. Ғұлама ойланбастан қызын кедей жігітке беріпті. Көрші-қолаң таныс-паныстары одан “мұныңыз не?” деп сұраса:
— Дәулетті жігіттің көркінен гөрі ақыл-есі кемдеу көрінді, әкеден қалған мал-мүлік қашанғы етегін жапсын. Ал кембағал жігіт одан әлдеқайда епті, елгезек, есті. Кедейлік кемтарлық емес, есі бүтін адам ертең-ақ етек-жеңін тез жинап алады — деген екен.
* * *
Бір ғұламадан жұрт:
— Қандай әрекет пен берекет елдің еңсесін көтеріп, қуаныш сыйлайды? — деп сұрапты.
— Жауыз патшаның өлімі, — депті сонда ғұлама кідірместен.
* * *
Бір есерсоқ бала көшедегі әрлі-берлі өткендерге тас лақтыруын қоймаған соң Ғұлама қасына келіп:
— Байқа, балам, атқан тасыңның бірі өз әкеңнің көзін шығарып жүрмесін? – деген екен.
* * *
Ғұлама көпшілік ішінде ғұсни көркі мен мүлкі-мүсіні айырықша келіскен келіншектің қасына тоқтай беріп:
— Қалқам, сен бұл жерге тамаша көруге келдің бе, жоқ әлде өзгелерге көркіңді тамашалатуға келдің бе? — деген екен.
* * *
Ғұламадан сарай маңындағылардың бірі:
— Байқаймын, Сұлтан иеміздің сізге деген көзқарасы онша емес сияқты, — деп жақауратқанда, Ғұлама да іркілмей:
— Е, олардың өзінен өресі бір саты биіктерге деген әдет-ғұрпы осындай емес пе ежелден, — деген екен.
* * *
Пифагордың саусақ жүзігіне төмендегі жазулар бедерленген екен: “Бір ғана сәттік бақыттан гөрі бір ғана сәттік бақытсыздық әлдеқайда жақсы емес пе?..”
* * *
— Айтыңызшы, мінбердегі Сөзмәрдің айырықша міндеті не?, – деп сұрағанға Ғұлама:
— Бақырға арзымайтын адамды бақан бойы көтеріп, ойы оқ бойы озықтардың еңбегін жоққа шығару, – деп жауап беріпті.
* * *
Көпшілік арасында біреуге үңіліп, біреуден түңіліп отырған Ғұлама білай депті:
— Ақылды адам ақымақ, надан нәкәсті бірден таниды. Мұның себебі, кезінде өзі де осы тақылеттес болған. Ал, бірақ, ақылсыз адам ақылдыны өле-өлгенше тани алмай кетуі мүмкін. Мұның себебі айтпаса да түсінікті...
* * *
— Бұл пенде дегеніңізді түсініп болмайды, – депті Ғұлама, — бақыты бастан, дәулеті қолдан кетсе, жата ғап қайғырады, ал өмірінің өтіп, кетіп бара жатқанымен мүлдем шаруасы жоқ...
* * *
Бір күні Диогеннен:
— Адамның ең мүшкіл халі неде? — деп сұрағанда, данышпан:
— Өзіңді біле тұрып өзгеге сырыңды сақтай алмаудан мүшкіл нәрсені көрмедім, –депті.
* * *
Қасындағылар Арастулдан (Аристотель):
— Сенің басқалардан айырмаң неде? — деп сұрапты.
— Олар ішу, жеу үшін өмір сүрсе, мен өмір сүру үшін тамақтанамын, — депті данышпан.
* * *
Сократ бір ауқатты адаммен жолда келе жатса керек. Шолғыншылардың аузынан: “Ойбай, осы маңда қарақшылар өріп жүр!” дегенді ести салысымен әлгі бай адам асып-сасып:
— Құдай тас төбеден ұрды деген осы, олар мені танып қалса қайтпекпін? — дегенде, Сократ та қарап тұрмай: — Қап, әттесі-ай, құдай ұрғанда, олар мені танымай қалса қайтпекпін? – деген екен.
* * *
Өтіп бара жатқан біреу қатқан нанды қара суға жібітіп жеп отырған Ғұламаға қайран қалып:
— Апырай, қатқан нанды да рахаттанып жеуге болады екен-ау, – дегенде:
— Ия, дұрыс айтасың, мұның рахаты сол — түйір нан өңешімнен өтіп болғанша түйіліп қалмау үшін демімді ішке тартып отырамын, – депті Ғұлама.
* * *
— Дүниедегі ең жақсы ілім-білім не? – деп сұрапты Ғұламадан.
— Жамандар жақтырмайтын, надандар намақұл көретін ілім, — деп жауап беріпті Ғұлама.
* * *
Аплатон айтыпты дейді:
— Наданның кім екенін екі нәрсесі айтып тұрады: біріншісі, тоқтаусыз мылжыңдығы, екіншісі, ойланбай жауап беруге дайын тұратыны.
* * *
Ғұлама шәкіртіне былай депті:
— Жауыңнан жасырған сырды досыңа айта гөрме, себебі досыңның дұшпанға айналуы әпсәтте.
* * *
Бір патша Диогеннен:
— Ел-жұрт аузынан тастамайтындай сенің мал-мүлкің, жер-суың қайда осы? – деп сұрағанда, данышпан:
— Міне, мыналар! – депті қасында қаз-қатар тұрған шәкірттерін нұсқап.
* * *
Арасту былай деген екен:
— Mac адамның аяғының астындағы тікенекті сезбей-білмей басып өтетіні секілді, надан да өзінің надандығына налымай өтеді.
* * *
Ғұламаның ұлағаты:
— Наданға жақсылық жасаған жан не шошқаның мойнына алқа таққан, не улы жыланды балмен баққан адамға ұқсайды.
* * *
Хусрау Шахтың заманында бір адам көшеде:
— Үш өсиетім бар, кім мың динар берсе, соған айтамын! — деп жар салып жүрген көрінеді.
Мұны естіген Патша әлгі адамды дереу Сарайға алдырыпты.
Ал, қымбаттым, нендей өсиеттер ол? — деп сұрапты Шах.
Әуелі ақысын әкел, — депті анау.
Құты толы динарды алдына әкеп қойыпты.
— Бірінші айтар өсиетім сол, “Сенің салтанатыңда көзге ілер бірер адам жоқ”. Екінші сөзім мынау: “Адамдардың бәрі ақымақ болған күнде де оларсыз өмір сүру мүмкін емес”. Ал үшінші өсиет сөзім алдындағы екеуінің пайымынан шығады: “Патша бұл ақымақтардан біржола құтылуы үшін олардағы жаман әдеттерден хабардар болып отыруы лазым”.
Үш өсиетті де ұнатқан Патша оны айтушыны алғыстап, әлгі құты толы ақшаны алдына ысырыпты. Бірақ қонақ ұсынған ақшаны алмапты.
— Алмайтының бар екен, неге “әуелі ақшаңды шығар” дедің? — депті Шах.
— Мен патша болсын, басқа болсын, ақылды пұлдайтын, алтынды құлдайтын адамдардың қаншалықты бар-жоқ екенін байқап көрейін деген едім, — депті сонда әлгі адам.
* * *
Бұзұргмейірден біреу:
— Неге достың дұшпанға айналуы оп-оңай да, дұшпаныңның досқа айналуы қиын? – деп сұрапты.
— Өзің ойлашы, үйді бұзу салудан, айнаны сындыру құраудан, ақшаны жұмсау табудан әлдеқайда оңай емес пе?..
* * *
Бұзұргмейір патша қаһарына ұшырап зынданда жатқанда оның көңілін сұрай барған достарының бірі:
— Хош, енді осындай күйге душар болғандағы көңілге түйгенің не? – деп сұрапты.
— Төрт нәрсені мықтап көңілге түйдім, – депті Бұзұргмейір — біріншісі: мұның бәрі әубастан пешенеме жазылған екен, соны көріп жатырмын. Демек, бұл тағдырдан қашып құтыла алмайсың деген сөз. Екіншісі: бұл азап қаншама ауыр болғанымен, шыдамасқа, сабыр қылмасқа амалың жоқ. Үшіншісі: бұл бұл ма, әлі бұдан да ауыр күндерге тап болуым мүмкін. Төртіншісі: бәлкім, бұл пәледен бүгін, не ертең құтылармын, немесе әлдеқашан құтылған да шығармын, бірақ мұны мен білмеймін ғой...
* * *
Шахпур Шах былай деген екен:
— Кез келген қаланың кемелін келтіріп, ажарын ашып тұратын бес нәрсе бар. Олар: білімпаз әкім, әділ қазы, ағын-төгін базар, тәжірибелі дәрігер-шипагер және дария суы.
* * *
Бұзұргмейірдің бәйбішесі оған бір сауал берген екен, ол тосылып қалыпты. Сонда әйелі:
— Сенің патша кеңесшісі екеніңді қайтейін, менің бір ғана сауалыма жауап бере алмадың. Өстіп те ақылыңа әжептәуір ақы алып жүрсің-ау,– дегенде, Бұзұргмейір:
— Мен тек өз шамама қарай білген-айтқандарым үшін ақы алып жүрмін, Ал білмейтіндерім үшін ақы төлейтін болса, оған патша қазынасының бар алтыны да аздық қылар еді, – депті.
* * *
Бұзұргмейір мына төмендегі сөзді қайталауды ұнатады екен:
— Басыңды бір-біріне кереғар екі пікір қатырып, қайсысын таңдарын білмей тұрсаң, онда қатыныңмен ақылдас та, оның айтқанына қарама-қарсы әрекет істе!
* * *
Ғұламаның мына бір айтқан сөзі бар:
— Арағы түспегір адамды ең кемінде төрт түрлі жағдайға душар етеді: балбырай балқып бабыңа келген кезде айналаңа асқақтай қарап, кекілікше кердең-кердең басасың. Біраздан соң маймылға ұқсап жұртты мазақтай бастайсың. Одан соң көп өтпей арыстанша ақырып, жұртқа сес көрсетесің. Ақыр соңында шошқа болып саз балшықта аунап жатасың.
* * *
Есті адам ақыл-парасатын қашан қалпына келтірем деп қайғырса, ақымақ байғұс асқазанын қайтсем толтырам деумен әлек.
* * *
— Алты нәрсе, қаладың-қаламадың, баянсыз, – депті бір данышпанн, – біріншісі — ақымақтың ақыл-есі, екіншісі — әйелдің махаббаты, үшіншісі — бұлттың көлеңкесі, төртіншісі — ынсапсыз патша, бесіншісі — есепсіз байлық, алтыншысы — атақ-даңқ.
* * *
Бір данышпанның айтқаны:
— Өзін қайдам, өзгені азар-безер ететін адамдардың бес тайпасы бар:
1. Басқаларға ақыл айтып, тәлім бергісі кеп тұратын қас надан.
2. Аты бар да заты жоқ, тұрқы бар да тұрағы жоқ нәрсеге бола ала шапқын болып жүретін адам.
3. Жанындағылармен ақылдаспайтын патша.
4. Қолынан келмейтін іске тіс-тырнағымен жабысатын адам.
5. Қасындағыларды тоғышар, өзін ақылды санайтын қызметкер.
* * *
— Ақымақ пен соқырдың арасында қандай айырма бар? деп сұрапты шәкірті ұстазынан.
— Соқырдың күндізді түннен ажырата алмайтыны сияқты, ақымақ та ақыл иесі мен беймаза мылжыңның ара жігін парықтай алмайды.
* * *
— Қандай адамды ең күшті деуге болады? – деп сұрапты шәкірті ұстазынан тағы да.
— Нәпсісін тия алатын, өзге үшін өмірін қия алатын және қауіп-қатерлі жолдан өзін сақтай алатын адам өзгеге қадірлі де қымбат.
* * *
Ғұлама айтады:
— Қарсыласың қаншалықты қауқарсыз болса да, сен оны мықты деп біл және одан үнемі абай бол. Күшті досыңды, керісінше, әлсізге сана. Жеме-жемге келгенде, оған арқа сүйеймін деп дұшпаныңнан оңбай таяқ жеп жүрме.
* * *
Айлалы дұшпан жалаңаш қылышқа ұқсайды: жалт-жұлттанып кісіні арбап қана қоймай, абайламасаң, майып қылуы да мүмкін.
* * *
Ұсақ-түйек болмашы нәрселерге мән бермеу ақылды кісінің ісі.
* * *
Өзін-өзі ұлық тұтқан адам ешуақытта ұяттан қысылып-қымтырылмайды.
* * *
Ауызыңнан шықпаған сөз — сенің тұтқының, ауызыңнан шықты екен — сен оның тұтқынысың.
* * *
Ауыл-аймағы ұнатпаған адаммен ет-жақын араласа берме, себебі сенің де сының мен мінің соған сай өлшенеді.
* * *
Харун ар-Рашидтің екі әйелінен екі баласы бар екен. Өз баласы Аминнен гөрі Мамунды жақсы көретінін біліп-сезіп жүретін анасы бір күні халифаға:
— Ей, Халифам, екеуі де өз ұлдарың емес пе, неге балаларды алалайсың? – деп наразылық білдіріпті.
— Онда екеуін де сынақтан өткізелік, себебін сонда білесің, – депті Харун.
Сарай қызметкерін шақырып Амин мен Мамуннан бір нәрсені сұрап келуге бұйырыпты. Әлгі адам Аминнің қасына келіп:
— Ей, Мухаммед Амин, егер де әкеңнің тағына отыра қалғандай күн туса, маған қандай жақсылық жасар едің? – деп сұрапты.
— Сені ме? Өзіме ең жақын кеңесші етіп аламын.
Сарай қызметкері Мамунға да осы сұрақты қайталапты. Сонда Мамун ашуға булығып, алдындағы алтын сауытпен әлгінің басын жарыпты. Онымен қоймай:
— Әкемнің өлімі саған не үшін керек болыпты? Сарай қызметкер-лерінің бәрін оның адал перзенттері деп жүрсем, сен оңбаған оның өлімін тілеп жүр екенсің ғой? – деп айдап шығыпты.
Басын жарып, бақайын қанатып келген Қызметкер болған жәйдің бәрін баяндапты.
– Көрдің бе, – депті сонда Харун ар-Рашид қатынына қарап, — мен перзенттерімнің әрқайсысымен ақыл-парасатына сай мәміле қыламын...
* * *
Үлкенге де, кішіге де бірдей құшақ жая берме. Үлкендерді қайдам, кішілер бұл әрекетіңе қарап: «Е, бұл да өзімізбен барабар екен ғой» деп менсінбей жүрмесін.
* * *
Екі нәрсе адамның қадыр-қасиетіне залал келтіреді. Біріншісі, сұғанақ әрі сұрамсақ болсаң, екіншісі, ақымақпен мәмілелесуге мәжбүр болсаң.
* * *
– Басын төмен иіп, тағзым жасап, сауға сұрамаған адам сауғаға лайық емес, – депті бір патша. Бұған жауап ретінде сол жерде отырған данышпан былай деген екен:
– Сұраған адам алған затынан да көп нәрсені жоғалтады. Шын мейірбан адам сұрамай-ақ беретінін береді.
* * *
Бір данышпан:
– Сөйлегеннен тыңдаған артық, – депті.
– Несі артық? – депті отырғандардың бірі.
— Алла тағала бір тілге екі құлақты не үшін берген? – депті Данышпан жауабын сұрақпен қайырып.
* * *
Қарбыздың піскен-піспегенін шертіп білген сияқты, адам парқы да сөйлеген сөзіне қарап бағаланады.
* * *
Бір данышпан Сұлтанның әйеліне:
— Менің арзу-тілегімді күйеуіңізге оңаша бір сәтте жеткізіңізші? – деп өтініш білдіріпті.
— Менен сұрағанша өзіңіз-ақ айта бермейсіз бе? – депті сонда Мәлике.
— Мәликем! Мәуелі дарақтың ұшар басындағы жемісті алып жеу үшін алдымен қол жетер бұтағын өзіңе қарай ию керек емес пе? – депті сонда данышпан.
* * *
— Парықсыз деп кімді айтса болады? – депті біреу ғұламадан.
— Мақтауды да, жамандауды да білмейтін адамды.
* * *
— Кітап ішіндегі ой-пікірлер сенің түп негіз байлығың, ал кәлләңдағысы сол байлықтың бір бөлігі ғана.
* * *
Бір қора нөкерлерінің қоршауында келе жатқан патшаны көрген біреу: — Адамдарға жасаған жәбір-жапасы басынан асып кеткен-ау, әйтпесе, жұрттан мұнша қорғанып, қорқар ма еді?! – деген екен.
* * *
Бір көршіден бір көрші:
— Адамдарға деген қайыр-мейіріңді соншама аста-төк еткенің не? –деп сұрапты.
— Жаңа үйге көшетін адам әуелі ескі-құсқысынан құтылап алмайтын ба еді?! – депті анау.
* * *
Бір патша алдындағы қайыршыға:
— Кәне, айтшы, не тілесең де ырза қылайын? – депті.
Қайыршы:
— Өлмес өмір, қартаймас жастық, таусылмас байлық, алаңсыз, армансыз бақыт... – дей бергенде, патша:
— Бұлар менің қолымнан келмейді, – депті.
— Онда қолды өзің жай, – депті қайыршы.
— Жайдым, – депті патша.
— Уәдешіл болма, кәдешіл бол! Аумин!!!
* * *
Әйгілі Иран шахы Ардашер жылан шағып, одан аман қалған әкімді ғана Сарай есігінен аттатады екен. «Жылан уынан арыла, айыға білген адам ғана менің қызметіме лайықты!» дейді екен ол.
* * *
Бір ұстаз шәкірттерінің құлағына ылғи да мынаны құйып отырады екен:
— Қанағат — жамағаттың шын жанашыры. Ішкенде де, жегенде де, тіпті, сұлуға ғашық болғанда да оны жадыңда ұста!
* * *
Бір науқас Тәуіпке келіп шаншуға қарсы ем-дәрі сұрапты. Тәуіп әзілкештеу екен:
— Тау доланасының тікенін шәйнап көр, – деп кеңес беріпті.
Науқас қалтасынан қағаз, қаламын алып:
— Қайталаңызшы, жазып алайын? – депті.
— Қос уыс арпа мен тау доланасының тікенін қосып же! – депті Тәуіп.
— Е, жаңа арпа жайында ештеңе демеген едіңіз ғой?
— Сенің есек екеніңді алғашқыда білген жоқ едім, – деп жауап беріпті Тәуіп.
* * *
Әжептәуір-ақ сурет салып нәпақа тауып жүрген жігіт бұл кәсібін тастап, тәуіп болып кетіпті.
— Неге өз кәсібіңді тастап тәуіптікке ауысып кеттің, соны айтшы? – деп сұрағандарға ол былай дейтін көрінеді:
— Салған-сызғанымның қатесі мен кемшілігін екінің бірі сынап-мінеуі мүмкін, ал тәуіптің қатесін жер жасырады.
* * *
Тәуіп алдына келген науқасқа:
— Ет пен балықты бір мезгілде жеме, – деп кеңес беріпті.
— Бауырым-ау, ет пен балықты қоса сатып алуға шамам келсе, сенің алдыңда бүйтіп отырар ма едім? – депті анау.
* * *
Басындағы ісігіне түз пен қалампыр сеуіп жатқан бір науқасты көрген Тәуіп:
– Әпендім-ау, мұның не, әлде, кәлләңді пісіріп, кәуәп жасағалы жатырмысың? – деген екен.
* * *
Аңшының қақпанына түсіп қалған екі түлкінің бірі:
— Енді екеуміз қай жерден табылар екенбіз? – деп күрсініп салыпты.
— Қай жерде болушы еді, екі-үш күннің аржақ-бержағында тері- терсек базарынан да!.. – депті екіншісі мұңайып.
* * *
Төбеге шығып алған Ешкі төмендегі Қасқырды балағаттай бастапты. Қасқыр мұны тыңдап тұрып:
– Ей, Ешкі! Шікірейме, шіренбе! Мұндай сөздер сенің аузыңнан емес, анау отырған жеріңнан шығып жатыр! – деген екен.
* * *
Тазы киікті көрген бойда қуа жөнеліпті.
— Әуре болма, бәрібір маған жете алмайсың, – депті Киік.
— Неге? – депті екпінін де, ентігін де баса алмай келе жатқан Тазы.
— Неге дейтінің бар ма, мен өзімді құтқару үшін, ал сен бар болғаны қожайыныңа жағу үшін жан салып келе жатырсың, – депті Киік алыстай түсіп.
* * *
Ит Түлкіні ұстап алыпты.
— Сен мені күштілігіңмен емес, әлсіздігімнен ұстап алдың, – депті сонда Түлкі, — сенбесең, анау Қасқырға жетіп көрші?
Ит сонда Түлкіні қоя салып Қасқырдың соңынан тұра жөнелген екен.
* * *
Бір құс саятшының құрған тұзағына түсіп қалыпты.
– Мені қайтпексің? – деп сұрапты сонда құс.
– Қайтушы едім, пісіріп жеймін! – депті саятшы.
Құс мұны есітіп жалынып-жалбарына бастапты:
— Ей, ізгі жан! Қыршынымнан қиып қайтесің? Мені жегенмен қарның томпаймайды. Одан гөрі қоя берсең, мен саған бір емес, үш бірдей пайдалы ақыл-кеңес айтар едім... Алғашқысын, қазір, мен қолыңда тұрғанда естисің. Екінші кеңесімді анау ағаштың бұтағына қонғанда айтамын. Ал үшіншісін биік жақпар тастың басына барып қонғанда еститін боласың.
— Жарайды, естісек естиік, айта бер, – депті саятшы.
— Бірінші кеңесім — болған іске ешқашанда өкінуші болма.
— Мұның көңілге қонады, – деп саятшы құсты қолынан босатыпты.
— Екінші кеңесім — болмаған іске ешуақытта да сенуші болма! – депті құс ағаш бұтағына қонып жатып. Сонсоң қос қанатын қағып-қағып жіберіп былай депті:
— Ей, ана сүтін шикі емген аңқау неме! Мені сойғаныңда ғой, ішімдегі екі дана меруертке қарық болар едің!
Мұны естіген саятшы аяғы күйген тауықтай тызақтай бастапты.
— Ұшып кетпей тұрғанда үшіншісін айт енді? – депті шарасыздан-шарасыз мазасы кетіп.
— Бір сәтте екі бірдей ақыл-кеңесті ұмытып үлгерген адамға үшіншісінің қажеті қанша? Сен байғұс «ішімде меруерт тас бар» дегеніме шынымен сеніп қалдың. Құстың ішінде асыл тас бар дегенді кімнен есітіп едің? Бола қалған күнде де ол бөтекеде емес пе?
Осыны айтыпты да құс шырқау ұшып, жақпар тасты бетке алыпты...
* * *
Бір кембағал кісі түс көріпті. Түсінде түйенің құмалағын қазанға салып қуырып жатыр екен... Ұйқысынан ояна салып түс жорушының алдына барыпты. Ол болса:
— Бір мір берсең, түсіңді ап-анық жорып беремін, – депті.
– Ойбай-ау, бір мірім болса түйенің құмалағында нем бар, балық тұрғанда? – деп күйіп-пісіпті кедей байғұс.
* * *
Әлгі түс жорушы отырған орнынан су шыққандай, басқа шаһарға көшпекші болып үйін жыға бастапты. Мұны көрген көрші-қолаңдары:
– Саған не көрінді? Ол шаһарда сенен басқа да түс жоритын адамдар жетіп-артады ғой? – дегенде, ол былай жауап ерген екен:
— Мына қаланың ел-жұртына шыбын-шіркей ұйқы бермесе, көшпегенде қайтушы ем? Ұйықтамаған адам түс көруші ме еді?
* * *
Бір сараң бай кембағалды жалға алмақшы болып:
— Еңбекақыңа не сұрайсың? – депті.
Қарным тойса бопты, – депті анау.
Жоқ, болмайды!
Неге?
— Тым қымбат!
— Ойбай-ау, енді не істейін, апта бойы ораза тұт демесең?! – деген екен.
* * *
Бір диқанның, дауыл соғып, еккен-тіккенінен дым қалмапты.
— Ей, Жаратқан ием, – депті сонда аспанға алақанын жайып, — «бір-бірлеріңе қиянат қылмаңдар» деп пенделеріңе ақыл айтасың, ал енді мына әрекетіңе не жорық? Өз сөзіңе өзің ие болмағаның үшін өзіңе қандай жаза кессең болады, соны айтшы?..
* * *
Ақшасын ұрлатқан бір байғұс:
— Бүгінгідей сорақы күн бұрын-соңды болмаған шығар!.. – деп налыпты.
— Бірақ әмбе үшін емес, – депті мұны анадайдан есітіп тұрған ұры.
* * *
Бір баукесер суға қарап тұрып:
— Апа деймін, мүнда келші, бетіне көн жамаған біреу маған мелшиіп қарап тұр! – депті.
Қасына келіп судан өзін көрген анасы:
— Үйбүй, балам-ay, оның қасында албастыдан аумайтын бір кемпір де қарап тұр ғой? Қой, құрсын, беті аулақ, кетейік! – деген екен.
ҚОСТАҒАН
Өң-түсін Уақытқа алдырмайтын, заманалар көгінде жұлдыздай жарқырап көз тартып тұратын жауһар жырлар қай кезде де адам жүрегінің рухани азығы, жан дауасы, көңіл сусыны. Әлішер Науаидың әлем халықтарына қалдырған ұшан-теңіз бай мұрасы, інжу-маржан қазынасы бұл сөзіміздің айнақатесіз анықтамасы. Өкінішке қарай, осынау асыл алқадан осы күнге дейін біздер — қазақ оқырмандары еншіміз бен үлесімізді өз керегімізше ала алмай келеміз. Қолымыздан қағып жатқан да ешкім жоқ, ежелгі енжарлығымыз болмаса...
Жазылу үлгісі, ішкі мазмұн-мақамы, қысқа қайырым-иірімі қолыңыздағы жинаққа тиісінше әр мен нәр қоса түсетіндіктен, Ұлы шайырдың парасатты пәлсапа мен терең ойға негізделген Қостағандарының ғибратты да үлпетті үлгісін там-тұмдап болса да усынуды жөн көрдік.
* * *
* * *
Асыл сөзді алмастырсаң мылжыңға,
Адам емес, айналарсың бір жынға.
* * *
Тындырған іс опалырақ тіл-жақтан,
Кімге абырой әпермекші құр мақтан?!
* * *
Қанша шешен, болғанымен тіл шебер,
Ділсіз, құнсыз, құрғақ сөзге кім сенер?
* * *
Қара басып қапы қалма аңғармай:
Қара тілдің өткірлігі қанжардай!
* * *
Бір ғажайып құдірет бар ғазалда:
Қара сөзден қаймығады Ажал да!
* * *
Ақиқаттың қазанында қайнаған
Амал қанша, сөзді ұқпайды-ау кей надан.
* * *
Құлпыратын Күн нұрымен түрленіп,
Сөз ажарын қауыз ашқан гүл делік!
* * *
Бұлбұл әнмен әспеттесе таң гүлін,
Ақын жырлар жәми жұрттың жан-ділін.
* * *
Алтын деген, ақық деген асыл ма,
Сан сиқырлы сара сөздің қасында?!
* * *
Түпкі сырын тұратұғын жасырып,
Әрбір сөздің тамырын бас, бәсін ұқ.
* * *
Сөз астары телегейден тереңдеу,
Ердің ісі түптен маржан терем деу!
* * *
Сөз — теңдессіз! Бұл — ақиқат, күмәнсіз!
Алдында оның бал қышқылтым, гүл әрсіз.
* * *
Адамзаттың гүлзар десек түр-өңін,
Алуан әуен құс сияқты тілі оның.
* * *
Ән мен жырдан нәр алмаса жүрегің,
Осы болар тірліктегі тірі өлім.
* * *
Өзгелердің қуанышын бөліссең,
Қара су да бал татиды сен ішкен.
* * *
Есеп емес: кедеймісің, баймысың,
Қатар көтер қаймананың қайғысын.
* * *
Атақ, байлық адал жолмен келмеген
«Уф!» демей-ақ ұшып кетер желменен.
* * *
Алла барда тарылмайды көк пен жер,
Аз болса да, көп болса да, көппен көр.
* * *
Тәлімі жоқ тәрбиесіз қас надан
Ауыл-үйін аулақ ұстар басқадан.
* * *
Гүл өспейді күннің көзі жылымай
Ата-анаңның бірін Күн де, бірін Ай.
* * *
Аллаға да, жағу үшін елге де,
Адам болып қалу парыз пендеге.
* * *
Заттан гөрі қазынадан сыйға алған,
Бақыр артық таза еңбекпен жиналған.
* * *
Сақылықтың бір серігі — адалдық,
Сараңдықтың бір серігі — жамандық.
* * *
Іші-сырты тұратұғын іріңдеп,
Жамандық та — жазылмайтын бір індет.
* * *
Мәуе ағашқа желбіреген желегі
Тас бұршақтап, таяқ тигіш келеді.
* * *
Сезім шіркін құтырғанда қанда ойнап,
Ақыл қалар елеусіз бір жандай боп.
* * *
Сүю, күю — қас қағымы Жазмыштың,
Қайран, Жүрек, қалғып кетсең, хал мүшкіл.
* * *
Махаббатсыз керегі не Ай, Күннің?
Ол бар кезде ләззатың — түн, Ләйлің — гүл!
* * *
Тән қалауы талдырғанмен тал бойды,
Жан қалауы жар құшағын таңдайды.
* * *
Сен дегенде жанын қияр жан барда,
«Жаным» деген жалған сөзге алданба.
* * *
Неғыласың тәж бен тақты армандап?
Ол дегенің — алдамшы түс, жалған бақ...
* * *
Өзгелерден артықпын деп асқынба,
Таңдайында «тәубе» жатыр тастың да.
* * *
Ғұмыр шіркін ғұлама һәм ұлы ана!
«Ұлымын!» деп батып жүрме күнәға.
* * *
Артық сөйлеп, арқан ескен өсектен,
Өміріне өкінсе етті бос өткен?!
* * *
Құмырадан құл боп шығу — Жынға арман,
Одан жаман құлқынына құл болған.
* * *
Шындық үшін шыр-шыр етсең болғаны –
Тоты құсқа айналасың тордағы.
* * *
Ақиқаттың досы жоқ та қасы көп,
Оны армандап, оған жету қасірет!
* * *
Адалдықтың аңсағаны — әділдік,
Зұлымдықтың барша амалы — зәлімдік.
* * *
Ашық болса арадағы қас-қабақ,
Ауыл-үйде адаспайды ас-табақ.
* * *
Аят қашып, ұят кетсе патшадан,
Қайыр күтіп әуре болма басқадан.
* * *
Бүгініңнің түре берме іргесін,
Ертеңіңнен ұят болып жүрмесін.
* * *
Қашты екен деп ала берме жау мысын –
Қара жүрек қанішерден саумысың?
* * *
Шарап уы миды меңдеп, тәнді алар,
Ес жия алмай, есеңгіреп жан қалар.
* * *
Қайғы да бір күшіктегіш қаншықтай,
Көкірегіңнен көше қоймас жан шықпай.
* * *
Қу тірліктің қуа берме соңынан,
Қуамын деп құмға айналған көп ұлан...
* * *
Өткен күнді енді бізге тосу жоқ,
Тірісің бе – тіршіліктің қосын жек!
* * *
Өмір шіркін бір көрмекке ғажап-ақ,
Алдыңда әлі — Қылкөпір мен Ғазауат!..
* * *
Сендік ғүмыр — бір-ақ мезет, қас қағым,
Еншісінен дәметпе, енше, басқаның.
* * *
Су бетіне үңіл, мейлің, үңілме,
Телегейдің маржан жатар түбінде...
* * *
Құдай болмақ — құдайсызға күнде арман,
Пенделіктің қалыбы ғой бұл жалған...
* * *
Дос та іздемес, қас та іздемес, тірі өлсең,
Түн-түнектен шыға алмайсың, бір енсең.
* * *
Қадыр тұтсаң, айып емес қарттығың,
Марқаюмен мақтанғаның — мәрттігің!
* * *
Ажалыңның хабаршысы ақ самай,
Артық та емес, кем де емес, тап солай!
* * *
Күлім қағып келетұғын таң барда,
Күн қайда деп күрсінбе де, таң қалма.
* * *
Адым сайын Ажал барын ұмытпа,
Нәпсіңді ти, құлқыныңды құрықта.
* * *
Торға түскен сайрай ма екен торғай құс?
Зарын айтып жатқан шығар ол байғұс...
* * *
Тапқан жері, жатқан жері — тар мекен,
Жүрегіңнен шерлі мұңлық бар ма екен?..
* * *
Өмір жалған сорлыға да, зорға да:
Келдің — кеттің, өлдің — өштің... сол ғана.
* * *
Кез келгенге кеуде қағып, кердеңдеп,
Алла барда айта берме «мен, мен!» деп.
* * *
Терек шіркін бойын бұлдап тұр босқа,
Жерге иілген жеміс ағаш бір басқа!
* * *
Бақ па, сор ма — не күтіп тұр алдыңда?
Не күтсең де, тәуелдісің тағдырға.
* * *
Бағбансыз бақ жеміс беріп жарытпас,
Ұғымтал ұл ұстазынан жалықпас.
* * *
Тақияңа тар келмейді көк пен жер,
Көгерсең де, көнерсең де көппен көр.!
* * *
Маңдайыңнан сипаған боп сый күткен
Есің болса, аулақтау жүр биліктен.
* * *
Бұл жалғанда бірі — ұмыт, бірі — Үміт,
Екі басқа ұлық пенен ұлылық.
* * *
Кімге керек асып-тасып толғаның?
Ең дұрысы — елге жақын болғаның.
* * *
Базбіреуше жатпайтұғын бал ашып,
Тумысынан қолы ашықтың — жолы ашық.
* * *
Күні-түні ойлағанша бас қамын,
Қарайлай жүр қас-қабағын басқаның.
* * *
Күйдім-пістім мынау жалған — бес күнде
«Күнәсізбін» деп айта алмас ешкім де...
«Ан-а-у жақ...»
Әңгіме арқауына айналып, тілге оралғы болғанда, Билігіңізді қысқасынан қайырып «Ан-а-ау жақ...» деп жатамыз. Сол «ан-а-ау жақты» Қадыр ақын былайша қатырыпты:
Жаңғырығы жоғалды биік таудың.
Қойдым мен де сол тауға жуықтауды.
Естімейді,
Бір емес,
Миллионды,
«Ан-а-ау жақтың» құлағы құлыптаулы.
Бақалар мәз,
Құдыққа құлан құлап,
Көбейді тез құмды шөл,
Жыланды бақ.
Бұзар едім құлыбын құлақтардың,
Барлығын да тастаған пломбылап!
Әділ де ащы айтылған ақиқат. Әр жолы астарлы. «Биік тау» — ата-бабаларымыз. Қадыр жуықтай алмаған тауға қазіргілердің иегі қышымаса да болады. Миллиондардың (халықтың), арзу-тілегін естімейді емес, естігісі келмейтіндердің құлағы — құрыш, құбыласы — тыныш. Бақалардың батпақты көлдегі бақырып-шақыруы олар үшін — «Бақыт симфониясы»! Құландар мен құлындар құлай берсін!.. Құмды шөлде құмыққан даусың кімнің құлағына жетіп жатыр дейсің?! Құдығыңыз — обыр өңеш, апан ауыз. Ал «жыланды бақ»... Тозаққа бергісіз жұмақ жұртымыз болып жүрмегей?..
Неткен қорқау қоғам, қорқынышты әлеумет десеңші?! Абайдың: «Құлықсыз құлақ ойға олақ» дегені еске түседі. Онда «құлық», мұнда «құдық», он да «олақ», мұнда «құлақ»...
* * *
Парықсыздық бой көрсеткен жерге Парасат жоламайды.
* * *
Ақын бетпе-бетте, батыр жекпе-жекте танылады.
* * *
Ақынның бар байлығы:
Қарасөздің қаймағы,
Қара өлеңнің байрағы! Аз ба. Көп пе?
* * *
Алуан-алуан пенде бар, әліне қарай амалы.
* * *
Жұмаққа бір барса, ақын ғана бара алады!
* * *
Нағыз өнер — Тәңір сыйы. Ал Тәңір сыйына ешкімнің де таласы жоқ. Шуаққа шомылған, шұғылаға кенелген, шапағатқа бөленген Құдайдың сүйген құлдары арамызда аз ба?
Барды бағалап, қадіріне жете білсек, кәні?..
* * *
Бұлбұл ілуде бір сайрайды. Оның көңіл қошы — таңғы таза ауа. Бақа ертелі-кеш көл маңайын басына көтеріп жатады. Хас өнерді өлермендік өңмеңдесе, өмірден өң қашады, көңілді мұң басады. Амал не, бұлбұл көзден ұшса, бақа бастан қарғиды. Әттең-ай!..
* * *
Сіз Абайды білем деп ойлайсыз. Әнін шырқап, өлеңін жаттап жүрген соң. Білмейсіз. Кеше де, бүгін де білген емессіз. Білемін деп талай жерде көкірек кергенсіз. Анығында, ол — өзіңізді-өзіңіз әшкерелеу. Ең жаманы, ұяларға тиіс етте сезім, бетте қызыл жоқ. Бұл — жаман ауру, жарамсыз қылық. Жаман ауру — жарақты жаудан да жаман!
* * *
Абай мен Халық деген екі ұғым өзара бірігіп-кірігіп кетпейінше, Абайды аузымызға алғанымыз алған. Бірақ ол күнге кім жетер, кім жетпес... Өйткені:
... Өлген соң ақындардың бәрі аяулы,
Үйрендік тірісінде аямауды.
Көбейіп бара жатыр көпес үйі,
Азайып бара жатыр Абай аулы...
* * *
Не аға буыннан, не атқамінерден қайыр-мейір болмаған соң қазақтың қазіргі жас поэзиясы иесіз, жүйесіз, бағасыз, бағдарсыз, жетім қозының күйін кешулі. Бірақ баянсыз емес! «Жетім қозы жетілер, жетілер де отығар»... Адамзаттық айбын-үні түгілі азаматтық ахуалы алмағайып ақыннан не күтесіз? «Ерім» деген ел болмаса, «елім» деген ер қайдан шықсын?! Бүгінгінің ақыны ертеңгінің ақылы мен нақылына айналмақ үшін біразымыздың бас қатыруымыз керек шығар!..
* * *
Бір жағы — ұсақ, күйкі психология, екінші жағы менмендік, өзімшілдік, мәңгүрттік ауру меңдеген ортадан жақсылықтан өзгенің бәрін күтуге болады.
* * *
Қасқырдай ұлыған «ұлылар», қаптаған «қайраткерлер», дәлдүріш «данышпандар», кісімсіген «классиктер» кімді тыңдасын?! Біздің әлжуаз әдебиетімізді қазір осы қатерлі қасірет меңдеп алған. Рухтың байрағы құласа, Намыстың қайрағы кетілсе, Ожданның ойраны шықса, күнің не болмақ — күншіл, күңкілшіл ағайын?
* * *
Әр адам — өз ой-өрісінің құлы. Ал құлдық санадан құтылу бақыты бұл дүниеде кез келгенге бұйыра бермеген. Мұның өзі бір адамға емес, бір қауым елге, тұтас ұлт-ұлысқа қатысты болса, не шара...
* * *
Мейлі, азапты болсын, мейлі, ләззатты болсын, мейлі, бейнетті болсын, мейлі, зейнетті болсын... ақынның жары болу дегеніңіз — Тәңірдің тағдыр иесіне деген ілудегі бір ізеті.
* * *
Бойдағы қадыр тұтар қасиетіміз қалғып кетсе болғаны, арамза әзәзіл мен пасық пиғыл, нәкәс ниет қараңғыны малданған қандаладай өре түрегелетінін қайтерсің?! Күн мен түннің, өмір мен өлімнің, қарын мен дарынның... адам бойындағы айқасы мен шайқасы Ақырзаманды жеделдетпегенде қайтсін...
* * *
Адам дерті жазылар-жазылмас... қоғам дерті әріден беріге созылса, сол қайғы.
* * *
Қай заманда да ердің Темірқазығы, елдің өмір азығы – Ана! Хауа ана болмаса, Адам атаңыз ішқұса індетке ұшырап бағзыдан-ақ жарық дүниеден баз кешіп, бақи дүниеге аттанып кетер ме еді! «Құдай — шебер» дегеніміз, міне, осы.
Мен айтар едім, іргеміздегі мына құдайы қоңсымыз ормандай орекең бидай өңді, арпа бұрымды орыс қызы болмаса, армандай бүгініне аман-есен жете алмас еді. Ал біздің осы күнге дейін өсе алмай жүргеніміздің ең негізгі себебі — қадірлі де қасиетті қазақ қызының Қағбасын қастерлеп, Құбыласын түзей алмай келе жатқандығымыз. Қазақтың қызы алтын да, жігіті күміс. Осылай екен, алтынды неге ардақтамасқа, сақтамасқа, салмақтамасқа?!
Парадокс! Қоғамның дүние-мүлкін шетел асырып жатқан дүбара дүмшелерге дүрсе қоя береміз де, бір-бірлеп, он-ондап Отбасын да, Ордасын да, Отанын да тастап өзге елге астыртын да үстіртін ауа көшіп жатқан аруларымыз жайында жақ ашпаймыз. Қазіргі ащы шындық — қазақ қыздары қазақ жігіттерін менсінбеуге айналды Мұның астары мен тысында әлеуметтік хал-ахуал жатқанын кім білмейді? Ендеше, ағайын, есіңді жи, етегіңді жап, есігіңді күзет, бесігіңді түзе!!!