Сейтжан Омаровтың бір әңгімесі
Мінезі қызық-ақ адам еді "Сәкен-ей, — дейтін анадайдан көре сала мені қасына шақырып алып, — екеуміздің қалай танысқанымыз есіңде ме?"
— Жоқ, аға, — дейтұғым.
— Ал менің есімде бәрі, көз алдымда бүгінгідей сайрап тұр.
— Қалай танысып жүрміз, аға?
— Баспочтамптың қарсысындағы саябақта жападан-жалғыз отыр едім, жұтынып тұрған екі-үш жігіт таяп келдіңдер де, менімен қатарласа жайғастыңдар. "Ассалаумағалейкум!" — деп сәлем де бердің сен. Сол екі-үш жігіттің ішінде көбірек сөйлегені де, өктемі де, өркөкірегі де сен болған соң, есімде қалыпсың.
— Қай жақтан келдің, шал? — дедің маған.
— Ақтөбеден едім, — дедім.
— Ақтөбе бай ел ғой, не қызмет істейсің?
— Бұғалтыр едім.
— О, тіптен жақсы, бірер кружка сыралық тиын-тебен бар шығар, ә! — дейсің.
— Сол құрғыр болыңқырамай тұр-ау.
— Әй, өзің сараң шал болмасаң неғылсын. Жазушылардан кімді білесің?
— Әуезов, Мұқанов, Мүсірепов дегендерді ептеп білуші ем, Ғабиден, Әлжаппар дегендерді естуім бар.
— Өй, қайдағы кәрі-құртаңды сөз етіп, Иманасов дегенді естуің бар ма?
— Жо-ға...
— Түу, өзің сараң ғана емес, надан да шал болмасаң неғылсын. Осы жасқа дейін талантты ақын Иманасовты білмейсің. Ол деген қазіргі таңда атағы дүрілдеп тұрған дарынды ақын ғой, екінің бірі біледі, әрине кітап, газет оқитындарды айтам.
— Естімеппін, ол кім еді? Жас па?
— Ол мына алдында тұрған — Сәкен Иманасов. Жә, шал, мыжып отырар уақыт жоқ, өзің сараңсың, өзің надансың. Жақсы, Сәкен Иманасов деген аса талантты жас ақынмен таныстым деп еліңе айта бар, ал сау бол! — деп кете бердің ғой сен қасымнан.
— Қойыңызшы, қайдағыны шығармай. Мен ондай иттікке бара қоятын адам емеспін ғой. Өзіңіз жақсы білесіз, — деймін мен шынымен-ақ шыр-пыр болып.
— Е, сол білгендіктен ғой, айтып тұрғаным. Білмесем, есімде қалар ма еді ол оқиға.
Бұл сөздің қайсысы шын екенін, қайсысы қалжың ретінде айтылғанын мен білмеймін. О жағы Секеңнің ішінде қара жерге бірге кетті. Өз ойымша, дәл осылай дей қоймаған сияқтымын. Оның үстіне, осынша оспадарлық жасайтын тым парықсыз да емес ем ғой деп те ойлаймын.
1975 жылы ғой деймін, қасымызда орыс ақыны Геннадий Кругляков бар, Сейтжан Омаров ағамыз бастап Талғар ауданын аралап едік. Аудандық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы ол кезде көбіне әйел жолдастардан болушы еді ғой. Мұнда да солай екен. Беті жылтыраған орыстың күлімкөз келіншегі бізді құрғақ әңгімеге тойғызып, түске дейін ел аралауға автокөлік тауып бере алмай-ақ қойғаны. Біз Секеңе қараймыз, Секең әлгі күлімкөз қатынға қарайды, қатын хатшы әр жерге бір телефон бұрайды да, түк өндіре алмай, айналып келіп жерге қарайды.
— Қой, аға, жүріңіз, бірінші хатшыға кірейік, орыс та болса, ер-азамат қой, бір қайран жасап қалар, — деймін мен әбден төзімім таусылып.
— Қой, ұят болар, көлік табылады деп отыр ғой мына әдемі келіншек, шыдайық, — деп Секең міз бағар емес.
Ақыры түс қайта бірінші хатшыға кіруге ағамызды көндіріп, үшеуміз сол "төренің" кабинетінен бір-ақ шықтық.
Секең мәймөңкелейін деп келе жатыр еді, мен бірден ашу-ыза аралас ойдағы сөзімді түп-түгел ақтара салдым. Бастық бірден ұқты. Ұқты да, әп-сәтте көлік те тапты, ертіп жүретін беделді адам да қосып берді қасымызға.
Былай шыға Секең:
— Апыр-ай, сен өзің агрессивный жігіт екенсің-ау, кім білген, — деп қойды күліп.
Калинин атындағы колхозда болдық. Клубына жұртты жинап кездесу өткіздік. Колхоз партия ұйымының хатшысы Семен деген қазақ жігіті екен, соның басқаруымен музейлерін аралап көріп, едәуір шаршап барып Алматыға оралар алдында кабинетіне кірдік.
— Ал енді сау болыңыздар, келіп тұрыңыздар, — дейді Семен.
— Семен, өзің құрдас екенсің, ауылында азық-түлік дүкені бар ма? — деймін мен.
— Бар ғой, оны қайтесіз? — дейді Семен.
Секең де елең етіп, "Мынау бірдемені бүлдірмесе, жарар еді" дегендей, маған состия қарай қалған.
— Бір баланы жұмсай салшы, бір орам шәй әкеліп берсін, пұлын өзім төлейін, — деймін мен.
— Шәйді қайтпексің? — деп енді Сейтжан ағам сұрады.
— Жаңа көрші бөлмеде электр шәйнегін көріп ем, соны сұрап алып, бір шыны шәй ішпесем, тілім аузыма сыймай бара жатқаны, — деп қоямын.
Сол кезде үстімізге салмақпен жай басып колхоз төрағасы кірді. Атын ұмытппын. Көпті көрген үлкен білімді адам көрінді. Әңгіменің соңын тыңдап қалған со кісі бір мырс етіп күлді де, Семенді ертіп шығып кетіп еді, әне-міне дегенше, о жігітім жылпылдай сөйлеп қайта кірді де:
— Мына іргедегі бір үйде дастархан жайылып, дәм әзір тұр еді, шәй ішіп кетіңіздер, — деп аяқ асты жік-жапар бола қалғаны...
... Алматыға қайтып келе жатып Секең:
— Айттым ғой, агрессивный жігітсің деп, апырмай, әлгі жердегің мүлдем ерсі болды-ау! Семенді де аямай, жерге қараттың. Бастығы да сазайын берген болуы керек өзінің, жүні жығылып-ақ қалыпты, — деп күледі кеп.
Жиі көріп, үлкен-кішінің арақатынасын сақтай отыра сыйласып өткен Сейітжан Омаров ағамен бірге бірер күн дәмдес болғанда естігендерім осылар еді.