Біз адам болмаймыз!
Қашан, қай жерде болсын әңгіме-дүкен құрып отырғанымызда дүмбілез біреу: «Жоқ, туысқандар, біз адам болмаймыз!» — деп қалса-ақ — бітті: «Иә, иә, біз асыраса да адам болмаймыз!» — деп жапатармағай бас шұлғып шуласа бастаймыз. «Оу, осы сендер не деп отырсыңдар?! Тым құрыса өздеріңді өздерің сыйласаңдаршы!»— дейтін тірі жан табылмайды.
Жас кезімде, жиырма бестердегі шағымда, менің сондай бір ездікке қаным қайнап қарсы шапқаным бар.
Бірде кемемен Патшазада аралдарына жүзіп бара жатқанбыз. Мосқал тартқан біреу аяқ астынан өз-өзінен тұлан тұтып:
— Оллаһи, біз адам болмаймыз!— дегені.
Салондағылар оны құптап, ал кеп бас шұлғысын.
— Е, неге адам болмаймыз?!— дедім мен, күйіп кетіп.— Болғанда қандай!.. Көр де тұр!.. Бүкіл жер-жаһанды таңырқатамыз әлі!..
Салондағы жолаушылар келісіп алғандай-ақ қиқуласып:
— Жо-жоқ, біз адам болмаймыз.
— Бізге басқалардай болу қайда!
— Біз асыраса да адам болмаймыз!— десті.
Жұрттың қошеметіне көңілі көншіген жаңағы мосқал неме:
Ұлым, қалай, естідің бе?—деді маған.—Барлығы да мені қолдап, қостап отыр ғой. Яғни, біздің адам болмайтынымыз даусыз. Мына халайықты сен соны айт деп ешкім қорқытып-үркіткен жоқ.
— Адам боламыз!.. Боламыз!—дедім мен.
Анау жымиды.
— Байқайсың ба, ұлым, сен өзің де «Адам боламыз» деп тұрсың, ә? «Боламыз!..» Яғни, біз әлі адам бола қойған жоқпыз.
Сол күннен бастап: «Біз неге адам болмаймыз?» деген ой мені жегідей жеді де жүрді.
Бұл сұраққа жауапты торлы терезенің арғы жағында соңғы жолы отырғанымда ғана тауып, көзім ашылып, көңілім орнығып қалды.
Онда саяси тұтқындарға арналған кең камерада отырдым. Менен басқаларының бәрі кілең қасқалар мен жайсаңдар, әйгілі өсімқорлар, атақты ақсүйектер, губернаторлар, бас директорлар, меджлистің бұрынғы депутаттары, көрнекті саяси қайраткерлер, ірі чиновниктер, инженерлер, дәрігерлер. Көпшілігі Европа мен Америкада оқып білім алғандар, шет елдерде көп болғандар, бірнеше тілді білетіндер.
Біздің көзқарастарымызда алшақтық болса да, мен олардан көп нәрселерді үйрендім, неге адам болмайтынымызды да солардың арқасында түсіндім.
Маған үйден біреу-міреу келген сайын жүйкем жұқарып, есім шығады. Пәтерақыны төлей алмай отырмыз, дүкеншіге қарызбыз деген бейшаралықтан басқа естірім жоқ. Еңсем түсіп езіліп қаламын. Тіршіліктен түңіліп-ақ кетемін.
Дереу роман жазғаннан басқа амал жоқ. Оны газеттердің біріне өткізіп, аз да болса ақша табу керек. Кітап сюжетін баяғыда-ақ кесіп-пішіп, басымда сақтап жүргенмін.
Іштей бекініп, автоқаламымды сайлап, қағазымды ыңғайлап, тақыр темір төсекке төселіп отырдым. Есіл уақытым текке өтпесін! Қызығы жоқ қысыр әңгіме құрысын!
Он шақты жол жаздым-ау деген кезімде тұтқындардың ішіндегі бір оқымысты жаныма келді де, төбеге түйіп қалғандай етіп:
— Біз адам болмаймыз! Бола алмаймыз!— деді.
Мен үндемедім.
— Себебін айтып берейін бе?— деді ол.— Мен Швейцарияда оқып білім алдым, Бельгияда алты жыл қызмет істедім.
Ол сол елдердің өмірін емешегі үзіле мәтиыхтап жөнелді. Оның ойда жоқта қыстырыла кеткеніне қынжылып-ақ отырмын, қайтейін! Қолым бос емес екенін аңғарар деп қағазыма үңіліп отырған боламын. Ал әңгімешімнің қаперіне ештеңе кіріп шығар емес. Судырлатып отыр:
— О жақта кітапсыз жүрген тірі жанды көрмейсіз. Швейцариялығың да, бельгиялығың да бір минут бос уақыты бола қалса кітап оқиды. Автобуста, поезда — бәрінде де кітаптан бас алмайды. Үйлеріне барып көрсеңіз, шіркін! Күндіз-түні оқи береді, оқи береді...
— Апырым-ай, неткен ғажап еді!— деп қойдым, енді ол жайына кетер деген үмітпен.
— Әрине, ғажап!— деді ол.— Ал сіз мына маңайыңыздағыларға қараңызшы. Кілең зиялылар, бірақ біреуінің қолында кітап болсайшы. Жо-жоқ, қымбаттым, біз адам болмаймыз!
— Рас айтасыз!— дей салдым.
Менің құптауыма зәру болып отырғандай-ақ ол екілене түсті, еңбектеген жасынан еңкейген кәрісіне дейін кітап оқитын бельгиялықтары мен швейцариялықтарын одан сайын мадақтап жөнелді.
Түскі тамақ уақыты болды. Екеуіміз де төсектен тұрдық.
— Біздің неге адам болмайтынымыз сізге енді түсінікті шығар?— деді ол.
— Түсінікті,— дедім мен.
Сонымен, түске дейінгі уақытым кітапсыз жүрмейтін швейцариялықтар мен бельгиялықтар туралы лекцияны тыңдауға кетті.
Тамағымды апыл-ғұпыл ішіп алдым да, төсегіме шығып алып, романыма қайта кірістім. Алдымда — қағазым, қолымда — автоқаламым, ойымда — роман оқиғалары.
Қаламымды қағазыма тигізе бергенімде жаныма тағы бір танысым жетіп келді:
— Не істеп отырсыз?
— Роман жазып отырмын.
— Бұл жерде жаза алмайсыз. Айнала — у-шу!.. Сіз Европада болдыңыз ба?
— Жоқ. Түркиядан ұзап көрген емеспін.
— Өкінішті-ақ! Европаға қалайда барып келіңіз. Оларды әз көзіңмен керу, онда тұру — бір бақыт! Өміртанымыңыз өседі. Мен Европаны көп араладым, бармаған елім жоқ. Мен Данияда, Голландияда, Швецияда біраз жыл тұрдым. Бірін-бірі сыйлайды деп солардың адамдарын айт. Маңайымдағылардың мазасын алмайын деп тіпті қатты сөйлемейді де. Ал бізде у-шу, айқай-ұйқай! Менің ұйықтауым керек пе, бірдеңе жазуым, оқуым керек пе, тағы басқа істейтін шаруаларым бар ма — оған ешкім қарамайды... Жоқ, сіз мына у-шудың ішінде роман жазып жарымайсыз. Жаза алмаймыз!
— Мен у-шудың ішінде жаза беремін, тек біреу-міреу құлағымды түріп қойып құран оқымаса болды.
— Қымбаттым-ау, сізге мүлгіген тыныштық керек қой, рас па? Ал мыналардың сізге бөгет жасауға қандай правосы бар? Ақырын сөйлесе, іштері кеуіп өле ме! Ал Дания мен Швецияда, Голландияда бұндай емес. Ол елдердің адамдары бірін-бірін сыйлай біледі, прогреске қолдары жетіп отырғаны да сондықтан.
Ол европалықтардың ілтифаты мен тәрбиесі туралы хикаясын мақамдап, ағыл-тегіл сампылдай берді.
Мен қағазға еңкейіп, жазуға ыңғайландым. Жазбасам да жазатын сияқтандым. Оным сыпайыгершілікке жатпайтынын білемін-ақ, қайтейін...
— Босқа әуре болмасаңызшы,— деді танысым,— бәрібір ештеңе жаза алмайсыз. Текке шаршайсыз. Бұл жер сізге Европа емес. Европаның адамы болу дегеннің не екенін білесіз бе? Ол — ең әуелі төңірегіндегілерді сыйлай білу. Ал бізде немене бар? Міне, қымбаттым, осыдан соң біз адам бола аламыз ба?! Жоқ, бола алмаймыз!
Адвокаты келіп қалмағанда ол менің құлағымды сарсытатын еді.
Тағы біреуі келіп миымды ашытпаса екен деген қауіппен қағазыма шұқшия түстім.
Бірер жолды жазғаным да сол еді, камералас бір танысым сап ете қалды.
— Жұмысыңыз жемісті болсын! — деді ол.
— Рақмет,— дедім.
Ол төсегіме қыстырылып отырды да:
— Бізге басқалардай болу қайда!— деді.
Сөйлесетін рай танытқым келмеді де, үндемедім.
— Сіз Америкада болдыңыз ба?— деді.
— Жоқ.
— Өкінішті-ақ! Америкада бірер ай тұрып келсеңіз, біздің неге осынша артта қалғанымызды түсінер едіңіз. Американдықтар біз сияқты емес, олар мылжыңдауды сүймейді. Америкада: «Тайм из мани» дейді. Уақыт — ақша дейді. Олар сенде бір шаруасы болғанда ғана келеді. Шаруасын екі-ақ сөзбен айтады да, жұмысын істей береді. Ал біздің Түркияда ше? Осы өзімізді алайықшы. Біз немен шұғылданамыз? Тілімізді безегенді ғана білеміз. Ал Америкада өйтпейді. Сол себепті оларда прогресс бар.
Мылжыңын тиып, маңымнан кетер ме екен деп ойлап ары күрсінемін, бері күрсінемін, бірақ ол тілін безегенін тоқтатар емес.
Кешкі тамақтың уақыты болды.
— Біз адам болмаймыз. Сөзуарлықтан арылмайынша, біз адам болмаймыз!— деді ол, орнынан тұра беріп.
— Дұрыс айтасыз!—дедім мен.
Кешкі тамақты да тезірек ішіп алып, жұмысқа қайта кірістім. Роман! Тек роман жазу керек!
— Ең бастысы — еңбек. Басқасы өзінен-өзі бола жатады,— деді әлдекім.
Басымды көтеріп алсам,— қарсы алдымда камералас жолдастарымыздың біреуі тұр.
— Ал сіз қалай дейсіз?— деді ол, қатарлас төсекке отыра беріп.
— Оған дау бар ма? Еңбектің аты — еңбек,— дедім.
— Әке-шешем мені неміс өнегесімен тәрбиелеп өсірді,— деді ол.
Мен ызадан қақ жарыла жаздадым.
Ол ақтарыла жөнелді:
— Мен Стамбулда неміс лицейін бітірдім. Германияда жоғары білім алып, сонда көп жыл қызмет істедім. Онда жұмыс істемей сандалған бір де бір немісті көрмейсіз. Ал бізде ше? Осы камерада отырғандарды-ақ алайықшы... Жоқ, жо-жоқ, біз адам болмаймыз. Бізге басқалардай адам болу қайда!
Мен романымды күндіз жаза алмайтынымды, жүйкемді босқа тоздыратынымды ұқтым. Жұрт шырт ұйқыға кеткен кезде, яғни түнде ғана жазуым керек.
Ал көршім Германияны мақтап әлі сайрап отыр:
— Германияда жұмыс істемеу — нағыз масқара. Неміс қай жерде болсын қол қусырып отырмайды, қалайда жұмыс тауып алады. Бос отырған неміс — неміс емес. Ал бізде керісінше: осында біз ғой пәленбай айдан бері отырмыз, бірақ тым құрыса біреуіміз жұмыс істедік пе? Жұмыс деп аузыңды ашып байқашы: түрмеде не істемекшісің?— деп өзіңді ақымақ қылсын. Қаратаяқ неміс өйтпейді. Ол естелік жазады, мақала жазады, ертең не істейтінін ойластырады, кітап оқиды, әйтеуір, телміріп тек отырмайды. Ал біз ше?.. Жоқ, не десеңіз о деңіз, біз адам болмаймыз!
Ол түн ортасында ғана кетті. Енді іске кірісуіме әбден болады. Енді ешкім келіп төсегіме отырмас, біздің адам болмайтынымызды дәлелдеп ешкім лекция оқи қоймас.
Жоқ, қателесіппін, тағы біреуі келді. Ол ұзақ жылдар бойы Францияда тұрыпты. Ұйықтап жатқан жолдастарды оятып алмайын деп ақырын сөйледі. Оның айтуына қарағанда, француздар жұмысты да жақсы істей біледі, ойнап-күлгенді де жақсы көреді,— әр сағаты есепте.
Ол маған түн ортасынан кейін жұмыс істеме деп ақыл айтты.
— Сіз қазір ұйықтаңыз, жақсылап тынығып алыңыз, сонсоң таңертеңнен бастап жазыңыз. Осы бізде уақытты дұрыс пайдалану деген жоқ. Дем алар кезде — жұмыс істейміз, жұмыс істейтін кезде — дем аламыз. Содан барып дұрыстап еңбек ете білмейміз. Сол себепті біз адам болмаймыз! Ешқашан адам болмаймыз!
Ол кеткен кезде мен де қалжырап біткенмін. Көзімді ашып-жұмып аз-маз отырдым да, құладым.
Таңертең ертерек тұрып, жұрт ұйықтап жатқан уақта жазуға қайта кірістім.
Камерада өзім қатты сыйлайтын бір танысым барды, сол әлгі бір жерге барған екен, содан оралып келе жатып маған бұрылды:
— Англияның ешбір тірлігі мына біздікіндей емес,— деді ол.— Сіз Англияда болдыңыз ба?
— Жоқ.
— Айталық, мына сіз Англияда жүрсіз делік. Поезда келе жатырсыз. Пәленбай сағат бойы бірге келе жатсаңыз да, купедегі жол серігіңіз сізге тіс жармайды. Бізде ондайды көре қалса: «Неткен суықбастылық! Неткен жатбауырлық» дер еді. Ал оның үндемейтіні — суықбастылығы да, жатбауырлығы да емес, тәрбиелілігі, зиялылығы. Мүмкін сіздің онымен сөйлесуге зауқыңыз жоқ шығар. Соны ойлайды да, сізді мазаламайды. Ал бізде ше?.. Бізде сіз оны танисыз ба, танымайсыз ба, сізде жұмысы бар ма, жоқ па — бәрібір: жаныңызға келеді де, жағы талғанша сампылдайды. Міне, сондықтан да біз адам болмаймыз!..
Мен алдымдағы қағазымды жұмарлап-жұмарлап, төсек астына атып жібердім. Автоқаламды қалтама сүңгіттім.
Құрысын!..
Роман жазбақ әрекетім сонымен тынды. Оның есесіне романнан он есе қымбат ақиқатқа көзім жетті. Неге адам болмайтынымызды білдім.
Содан бері, егер мен отырған жерде біреу-міреу кекесінмен: «Жоқ, біз адам болмаймыз!..» дей қалса, мен қолымды көтере қоямын да:
— Неге адам болмайтынымызды мен білемін! — деймін.
Менің көзім ашық, көкірегім ояу. Бұл үшін түрмеге мәңгі қарыздармын.
Орысшадан аударған Ғаббас Қабышев