Мақала қалай жазылады
Батыста қай істі қалай істеу керектігін түсіндіретін нұсқау-кеңес кітаптар қап-қап болып шығып жатады. Оның бәрін де білгірлер жазады. Олар қажет еткеніңді қалауыңша тәптіштеп ұғындырады, тіпті қағаздың қалай жасалатынынан бастап бостандық пен демократияға қолыңды қайтіп жеткізуіңе болатынына дейін түсіндіріп береді.
Сол кітаптар маған да желік бітіріп, қолыма қалам алғызды. Мен газетке мақаланы қалай жазу керектігі жайында нұсқау-кеңес жазып шығаруды ұйғардым. Оның жексенбілік фельетон сияқты жеңіл-желпі шаруа еместігін білемін. Ол туралы неше том жазсаң да аз болады. Дегенмен, бұл мәселе жөніндегі өз пікірімді неғұрлым тұжырымдап жеткізуге тырысып көрейін.
Сонымен, газет мақаласы қалай жазылады? «Е, ол оп-оңай. Басыңа бір ой келе қалады да, сен қағаз-қаламыңды ала салып жазып тастайсың», дейсіздер ғой, ә? Қайдан! Бүгінде оп-оңай не бар... Менің газетке мақаланы қалай жазатынымды естігілеріңіз келе ме өзі? Онда тыңдаңыздар, ештеңені жасырмай айтып берейін.
Баршаларыңыз сияқты мен де күнде таңертең газет оқимын да, жоқтан өзгеге ренжіп отырамын. Қатты ренжіткендерін ысырып тастай беремін. Сөйтіп, алдымда шамамен он, он бес тақырып қалады. Ал ойымда қашанда қырық-елу тақырып жүреді. Соның бірі қаламыма іліне кетуге дайын тұрады, бірақ маған олардың біреуі ғана керек... Он ойланып, жүз толғанып, ақырында өзіме де, газет иесіне де, жарық дүниені жалпағынан басып жүрген жердегі құдайларға да зияны тимейтін біреуін таңдап аламын. Сауысқанша сақтанып, бір сөз жазып — бір ойланамыз... Сөйтіп, мақалам дайын болады! Әйелім де дайын болып, есік көзінде көлденеңдеп тұрады:
— Не жазғаныңды оқып көруіме бола ма? — дейді.
Болады десең де, болмайды десең де — бәрібір алып оқиды. Мақалаларымды оның көзіне көрсетпеске тырысып, қашанда тыққыштап жүремін. Бірақ ол керге тықсаң да тауып оқып қояды. Бет-аузы батпақша былбырап:
— Өзіңді аямасаң да, балаларды аясаңшы,— деп күрсінеді.
— Е, не боп қалды?
— Не боп қалды дейсің бе? Қазіргі кезде бүйтіп жазуға бола ма екен?
— Жарайды, сонда не істе дейсің?
Әйелім байырғы бағбан тәрізді: мынаны алып таста, мынаны қысқарт, мынаны құрт,— деп мақаламды күзей бастайды.
Әйеліммен жекпе-жекке шығар мұршам жоқ, бұйрығын бұлжытпай орындаймын.
Енді бір кезде көзі жыпылықтап ұлым жетіп келеді:
— Әке...
— Не боп қалды?
— Сен жазып қойыпсың...
— Неменені жазып қойыппын?
Ұлымның бетіне қарасам, өзімнің де жылағым келеді:
— Әке, анау ақырғы сөйлеміңді алып тасташы...
— Ұлым-ау, ең дәмді жері сол ғой...
— Әке, сол дәмдісін алып тастай салшы...
Алып тастай саламын. Сонсоң қызым келеді.
— Әке...
— Айта бер...
— Бірінші сөйлемің нелеу екен...
— Нелеу?
— Алып тастасаң...
Онымен де бітпейді. Менің ескі көз бір юрист досым бізбен көрші тұрады. Не әйелім, не балаларымның бірі жүгіріп соған барады да: бізге болыса гөр, ол тағы бір мақала жазып қойды,— деп аттандайды. Досым жетіп келеді.
— Иә? Бұл жолы не жаздың?— дейді ол, самарқау кейіппен сазарып.
Мақаламды ұстата беремін, ол көзілдірігін түзеп, сыпайы жөткірініп алады да оқи бастайды. Қашанда оның оң жақ қалтасында — қылмысты істер кодексі, сол жаң қалтасында — баспасөз туралы заң жүреді.
— Сенің мына бір сөйлемің.... Қылмысты істер кодексі бойынша бұл үшін бір жыл түрмеге қамаласың.
Мен ол сөйлемді сызып тастаймын.
— Мына бір жерің... Баспасөз туралы заң бойынша бұл үшін ең кемінде екі жылға кетесің...
Ол жерді де дереу сызып тастаймын.
Оның қалтасында азаматтық істер кодексі де, орман туралы заң да жүреді, біреуіне қарайды да: — алып таста,— дейді, екіншісіне қарайды да: — өшір,— дейді.
Амал не?!. Көнемін.
Досым тағы тұрсын-ау; азаптың көкесін әкемнен көремін.
— Жаның барда маған кел! — деп бұйырады телефонмен.
Барамын.
— Ата сақалы аузыңа бітіп, жасың қырыққа жетсе де ақылың кірмеді ғой! — деп күндей күркірейді ол.
Амандасуының бісмілдасы сол. Сонсоң қолына қалам алады да, қолжазбама қырғидай шүйіледі. «Мынаны алып таста, мынаны сылып таста!» басталады. Арғы-бергі адамзат шығарған заң кодекстерінің бәрін түгел жинасаң да, әкемнің бір ашуына астар да бола алмайды. Әкем сызған сөйлемдерді түп-түгел сылып тастаймын.
Заты жоқ, аты ғана бар мақаламды газетке алып барамын. Ондағылар да құр қалмайды.
— Жалпы емеурініңізді ептеп жұмсартсаңыз қайтеді?— деп газет иесі жүйкеме тұз себеді.
— О не дегеніңіз, бұл қазірдің өзінде мамықтай жұмсақ қой. Енді жұмсартсақ ештеңесі де қалмайды...
— Міне, мына бір тұсын алсаң ше?
— Алайық.
— Ал мына жерін өзгертсек ше?
— Өзгертейік.
Әй, енді болған-ақ шығар дейсіз, ә? Қайдан!.. Жазғаныңнан жарыққа шығаруың оңай болса, екінің бірі фельетоншы болып кетпей ме... Ендігі кезек — редактордікі:
— Мына бір сөзді аздап жұмсарту керек.
— Жұмсартайын, бірақ бұдан жұмсаң баламасы қалмады.
Екеуіміз ет пісірім уақыт шұлғысып, ол сөздің ең жұмсаң баламасын табамыз да, текстке енгіземіз.
— Мынау сөйлемеңіз құлаққа түрпідей тиеді екен, мұны былай десек...
— Дейік...
— Пардон... мына бір тұстың қажеті жоқ.
— Алып тастайық.
Енді, әрине, болды дейсіз, ә? Қайдан!.. Бір сағаттан соң телефон безілдейді.
— Хасан-бей?!
— Тыңдап тұрмын.
— Сіздің мақалаңызда Әли-бей деген есім бар ма?
— Бар.
— Әли-бей — біздің үлкен бастықтарымыздың бірінің аты. Енді қайтсек екен?
— Жарайды, Мұста-бей деп өзгерте салыңыз.
— Өйтуге болмайды, Мұста-бей — одан да үлкен бастық.
— Онда аты аталмай-ақ кете берсін!
Сәлден соң телефон тағы шырқырайды:
— Хасан-бей?!
— Иә, менмін!
— Сіз мақалаңызда... бейдің атын атапсыз, ал ол бізге... ғой, одан... алып жүрміз ғой.
— Алып жүрген болсаңыз, ол жерді де ала беріңіз...
Сөйтіп, мақаланың елесі ғана қалады. Келесі күні оны газет фельетоны деген атпен оқисыз. Оқисыз да күлесіз. Ондай фельетонға күлмеске бола ма? Мен өзім де күлемін.
Сол күні газетке мені жалақор деп күстәналаған хат келіп түседі. Оған қалай күлмессің?!
Орысшадан аударған Ғаббас Қабышев