- 08 қаң. 2018 00:00
- 267
Егер сіз мұғалім болсаңыз, мектепте міндетті түрде орын алатын 5 жағдай
Барлық мамандықтың өзіндік ауыртпашылығы бар екені рас, бірақ мұғалім болу бәрінен де қиын. Өйткені ол адам тағдырына жауапты.
Мектеп жылдары — керемет кездер. Бірақ, мұғалімдер үшін ол 9 не 11 жыл емес, 20 немесе одан да көп жылдар болуы мүмкін. Көп жағдайға қалжыңмен жеңіл қарай білмесең, мектепте осыншама ұзақ уақыт жүріп-тұру да қиын. Иә, оқушылармен де жиі әзілдесіп, өз-өзіңе де күлкімен қарап, сондай-ақ әріптестермен де міндетті түрде қалжыңдасып тұрған жөн болар.
1. Оқушыларға айғайлап беру немесе одан да жаманы
Ұстаздық киелі әрі өте көне мамандық. Адамзатты ежелден ойландырып,толғандырып келе жатқан,қоғамдық құрылыс өзгеріп жатса да, қажеттігін жоймайтын маңызды мәселе — жас ұрпақты өмір сүруге дайындау. Бұл қиынның — қиыны. Кейде шыдамың таусылып, айғайлап беруің мүмкін, әрине, негізі болмайды ғой. Мұғалім айғайдан көп пайда таппас. Мұндайда төзімділік танытуға тура келеді. Мұғалімге тән ең бірінші қасиет – баланы құрметтеу.
2. Сабаққа кешігу. Мұғалімнің кешігуі
Өзің оқушы болып жүргенде, мұғалімнің жағдайы оқушының жағдайына қарағанда жеңілірек, жақсырақ болып көрінеді. Партада отырмайсың, үй жұмысын жасамайсың — тек тапсырма бересің де жүресің. Ал шындығында, мұғалімдерге де мектепке кешігіп келуге болмайды, оған қоса тексеру үшін үйге әкетілетін қаншама жұмыс бар, ал директормен, әдіскермен және оқу ісінің меңгерушісімен қарым-қатынас кейде кінәлі оқушының уайымынан да көбірек уайым әкеледі.
3. Лақап атқа ие болу. Бірнеше жылдан кейін тағы біреуін иелену.
Мектепте мұғалімнің бірін жақсы көрсе, енді бірін ұнатпай жатады. Және оқушылардың өзіңе қалай қарайтыны туралы білуіңе тура келетіні рас. Қалай болғанда да, мұғалімнің міндеті — оқыту. Ал стильді таңдау әркімнің өз еркінде: іш пыстыратын, көңілді, қатал, нашар, жалқау т.б.
4. Кейде 25/8 режимінде жұмыс істеу
Бүгінгі күн мұғалімнің көп ізденіп, тынымсыз еңбектенуін, сабақ берудің амал–тәсілдерін жетілдіріп отыруды қажет етеді. Өйткені, оқушылар, білім мазмұны, оқыту стандарттары мен үрдісі өзгеріп тұрады, үнемі жаңа талаптар пайда болып жатады.
Бұл арада оқушыларға пәніңді үйретіп үлгеру де керек. Оған қоса сабақты қызықты етіп өткізу, электронды журнал толтыру, дәптер тексеру, ертеңгі күннің сабақ жоспарын жазу, сынып жетекшінің құжаттары, оның сыртында сан алуан мәліметтер мен хабарлама, хаттамалар сияқты бір адамнан асып артылатын жазба жұмыстары. Түрлі байқаулар мен конференция, семинарларға дайындық... ал қалған бірнеше сағат үйге қайтатын жолға ғана жететін сияқты.
5. Балалар назарын аударудың 55 әдісін ойлап табу
Бірінші сабақ не соңғы сабақ болуына қатысты оқушылардың ұйқысы келуі мүмкін, ештеңе істегісі де, естігісі де келмеуі мүмкін. Түрлі себептерге байланысты сабақта балалардың назарын өзіңе аудару оңай іс емес. Және сол назарын аудара алу — кез-келген мұғалімнің басты міндеті де шығар.
Осындай қызығынан қиындығы, зейнетінен бейнеті басым жолды таңдаған қадірлі ұстаздардың әрдайым рухы өрде, орны төрде болсын!