Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Есіңде ме?

Өткен жылдың соңғы айының соңғы онкүндігінің іші болатын. Бұл күндердегі Түркістан-Сібір теміржолының бойымен жүретін пойыздардың ішіндегі ең жүрдегі деген соң, жолаушылар таситын жүз он алтыншы пойызға отырып, Семей қаласынан шыққан болатынмын. Пойыздың теңселе түсіп, солқ етіп тоқтағанынан оянып кеттім.Терезеге қарасам, үлкен бір станцияға келіппіз. Вокзал маңдайшасындағы жарнамаға көзім түсті. Аягөз екен. Бір кезде оқыған, қызмет істеген қалам ғой, көзіме өте жылы ұшырап, көңіл баурады. Терезеден біраз қарап тұрдым. Перрон толы халық. Біреулер вокзал алдындағы киоскалардан газет алып, кітап қарап, біреулер су, сусын алып дегендей қайшыласуда.

Сәлден соң менің купеме сұңғақ бойлы, сымбатты келген аққұба әйел кірді. Мен төменгі, жиырма бірінші орында едім, ол кісінікі менің қасымдағы жиырма үшінші орын екен. Ол алдымен құндыз жағалы қаракөк мауыты пальтосын, қоңыр түбіт шәлісін шешіп ілді. Сықап толтырып, зорға түймелеген үлкен қара сөмкесін жоғарыға, зат қоятын сөреге орналастырды да, кішірек келген қоңыр сөмкесін терезе алдындағы үстелшенің астына қойды. Жоғарғы сөреден төсек-орын алып төсеп, жастығын дұрыстап қойып, орамалын алып, барып жуынып келді. Етігін шешіп, жеңіл башмақ киді де, жайғасып отырды.

«Бұл маған Алматыға дейін жолсерік болады екен, зерікпейтін болдым» деп ойладым ішімнен.

Алғаш ол есіктен кіргенде екеуміз де бейтаныс адамдардың сыпайы сәлемдесу ишарасын жасағанбыз. Манадан бері оның қимылына бейжай қарап жатқанмен, жүзіне көзім түскен сайын ол маған таныс адамым секілденді де тұрды... Бірақ пәлендей мән бере қоймадым. Өйткені үлкен қалада тұрған соң ба, кейде қайсыбір адамдардың түсі таныс көріне беретіні бар. Тіпті бір-біріне «Сізді қайда көрдім екен, ажарыңыз таныс секілді... Е, кім білсін, осы і астрономнан көрген шығарсыз...» десіп күлісіп жатқандар да кездесетін. Сол есіме келді де, ешнәрсе дей қоймадым. Бірақ таныс бейне барған сайын маза бермеді. Әсіресе арасы қосыла, қабағын ойлай шықшытына қарай ұшып бара жатқан шағаланың қанадай қайқия тартылған жіңішке қара қасы мен аспан түстес үлкен көгілдір кезі, қайырыла біткен қою, ұзын кірпіктері назарымды белді де тұрды. Әдетте шашы, қасы, кірпігі қара кісінің түсі ақ болғанмен, көзі қара болар еді. Мынаның көзі көк болғанда да ғажап. Орыс жұртының сирек санайтын, «голубоглазая» деп ерекше қадірлеп, өлердей ынтық болатын, ақындар көп жырлайтын ашық күнгі тұңғиық, түпсіз аспан түстес ұялы көгілдір көз. Егде тартқаны білінер-білінбес әжімдерінен аңғарылғанымен, «сыры кетіп, сыны қалған» кәрлендей, жасыңдағы сымбаттылық пен сұлулық нышанын қасы мен кірпігі, көзі сөйлеп тұр.

— Құрбым, таныса отырайық, — дедім бір кезде, — Алматыға барасыз ғой тәрізі?

— Иә, Алматыға барамын.

— Сонда турасыз ба, әлде қонаққа бара жатырсыз ба?

— Қонаққа бара жатырмын. Сонда қызым, балаларым тұратын еді. Біраздан бері келген жоқ едім, соларды барып, көріп кайтайын деп шықтым. Мынау бір жәйсіз хабар да естіліп қалды... - деп күмілжіп барып тоқтады ол.

— Сіздің түсіңіз маған таныс көрінген соң қалада көрген шығармын деп ойлап ем, онда қателескен болдым ғой.

— Міне қызық! Мен де сізді бір адамға ұқсатып, бірақ арада көп уақыт өткен соң сұрауға бата алмай болып отыр едім.

— Иә, — дедім мен де елең етіп. — Кімге ұқсатып отырсыз?

— Қыз кезімдегі бір құрбыма.

— Пау, дерсіз! Иә, құрбыңыздың аты кім еді. Қайда тұрып едіңіздер? Көріспегенімізге қанша болып еді? — деп мен де бастырмалата сұрап, басымды көтеріп алдым.

— Менің атым Вера. Вера Алексеевна Казацкая. Сіз мұндай адамды білмейсіз бе? Жас кезіңізде, жоқ тіпті жас кезіңіз емес, қыз кезіңізде ондай құрбыңыз болған жоқ па?

Мен әйелдің бетіне енді тесіле, телміре қарап қалыппын. Қалың тұман арасынан біртіндеп айығып, айқындала бастаған сүлде тәрізді менің көз алдыма сонау алыс күндер, балалық қызық шақтар елестеп, киноның кадрында ауысты.

— Қанат қас! — дедім әлден уақытта. — Япыр-ау, сенбісің?

— Менмін, Тамара.

Екеуміз құшақтаса кеттік. Сүйісіп жатырмыз, жыласып жатырмыз. Жылай беріппіз. Күле беріппіз. Бір кезде барып ес жинадық.

— Бәсе, сенің қасың мен көзің жүрегімді баурап, маза бермеп еді, — деймін.

— Кешіріңіз,—дейді ол. — Сіздің қазақша атыңыз есіме түспей тұр. Біз үй-ішімізбен сізді Тамара дейтін едік қой. Мамам мен Папам тіпті Тамара да демей, Тома, Томочка деп, еркелетіп атаушы еді ғой.

— Ал мен сені Қанат қас дейтінмін. Ой, Вера – Қанат қас, сен қандай зерек едің. Қалай таныдың мені?

— Сіз де таныдыңыз ғой.

— Жоқ, мен шырамыттым ғана. Саған ұқсап, дәп басып тани алмадым.

— Ал сіз менің ойыма бірден келдіңіз. Бірақ «сол ма, жоқ па, сол ма, жоқ па» деп дүдәмәлдана бердім.

— Ой, ғажап - ай! Қанша уақыт өтті. Жоқ, сен керемет екенсің, Қанат қас. Қыз кезінде дос болып айрылысып, кемпір болғанда көрісіп, жаңылмай тану деген, ей сирек шығар.

— Есіңізде ме, Тамара.

—Торғын.

— Иә, Торғын еді-ау айтпақшы атыңыз. Ойлаңызшы, өзіңіз бағып өсірісетін Надя ше, қазір қырықтан асты.

— Тоқта - тоқта, сенің мамаң қайтыс болғанда ол емшекте еді ей?

— Оған бес-ақ ай толған болатын.

— Иә. Сонда біздің көріспегенімізге қырық жыл болды, ә?

— Қырық жыл болды. Екеуміз біріміз сабаққа кеткенде біріміз қарап, кезек бағушы едік қой ол қызды. Папам екеумізге сеніп, ол к ыздың жәйін ойламаушы еді. Сөйткен сізді мен қалай ұмытайын. Мамам сіздің ағаңызды «Сапкең» дейтін. Ол кісіге еріп біз Коля екеуміз де «дядя Сапкең» дейтінбіз. Үлкендер бізге күлетін. Папам да ағаңызды аузынан тастамайтын. Ол кісіні есіне алып біреулерге сөйлей қалса, «менің бір ғажап, қазақ көршім болып еді» деп бастайтын.

— Білесіз бе, Тамара.

—Торғын...

— Ой, кешіріңіз, Торғын, біздің папам соғыстан кейін «Елге барам, туған жеріме барып тұрам, жасым болса келді, сүйегім елімде і.алсын» деп Белоруссияға кетті емес пе. Айналасы жылға жетпей кайтып келді.

— Неге? Кейін үйленіп пе еді?

— Үйленген болатын. Туған жерім деп сағынып, аңсап барған елін жерсінбей кайтып келді. «Бұл өңірдің қына тасты қақ жарып шыққан жібек бетегесі мен ақ көдесін, боз қарағаны мен қызыл тобылғысын, қысы-жазы үзілмейтін қоңыр желін, әсіресе қыста өзіңді бір шақырым кейін шегеріп апарып тастап, шекеңнен өткенде миды мұздатып, ақылыңды бірден кіргізіп жіберетін ақ боранын, мүйізі қарағайдай арбиып, көк жартастың басында желге қарап, мұрынын шүйіріп қасқая қарап тұратын арқарын қия алмадым» деп күлдіретін. — Ал, Торғын, өз жайыңызды да айта отырыңызшы. Алматыға бара жатырсыз ғой тәрізі? Сонда тұратын ба едіңіз?

— Сонда тұрамын, Вера. Көп болды сонда тұрғалы. Журналистпін. Газет редакциясында қызмет істеймін. Бұл жаққа бір қысқа мерзімге ғана қызмет бабымен келіп едім. Шаруамды бітіріп, енді қайтып барамын. Вера, екеуміздің бала кезіміз сирек бір достықпен өтіп еді. Мен саған жәрдемдессем, сен де маған рухани сүйеу, рухани тірек болып қалтқысыз ұғынысып, тату өсіп едік. Сіздің үйдің жалпақ орыс пешінің үстінде екеуміз түнімен ертек айтып, кішкентай Коляны қорқытып, ұйықтамайтынымыз есіңде ме?

— Иә, сіздің үйдің шөп қорасының ішінде құлынға әкелген көк шөптің үстіне жатып алып кітап оқып, ертек айтып, «шөпті шаштыңдар, таптап тастадыңдар» дегізіп жеңгеңізді де талай ашуландырушы едік.

— Иә, иә, сен маған «сіз» деген сыпайылығыңды қой, бұрынғыдай, бала күндегідей «сен» деп сөйле. Ал өзің қалайсың? Аягөзде тұрасың ба? Не кызмет істейсің?

— Аягөзде тұрамын. Мұғалім болатынмын. Құрметті демалысқа шыққаныма да біраз жыл. Бес баланын анасымын. Үшеуі Алматыда тұрады, ең кішісі сонда техникумда оқушы еді. Біраздан бері хабарласпай қойды. Жас қой. Көбіне соған алаң боп келемін. Өзі кішкене қызбалау бала еді.

— Иә, ана жүрегі қашанда сол ғой. Бала - бала дейді де тұрады ғой ол жарықтық.

— Сіз сол оқиғаның кезінде Алматыда ма едіңіз? Ой, кешір, Торғын, тағы да сіз деппін - ау. Үйренбей жатқандық қой. Кішкене бойым үйреніп алған соң «сенге» көшемін ғой. Иә. Не болды өзі?

— Алматыда болатынмын. Бірақ басы-қасында болған, не болып, не қойғанын көзіммен көрген емеспін. Ал ойлана келсең, бұл кейбір саяз ойлылардың арандатуы екенінде сөз жоқ. Бұл бір кадрлық болып соғып өткен құйын. Мен бірде осы Аягөзге қонаққа келіп, «Аққұм», «Юран» әндерін үйреніп қайтқаным мұғалімдердің де назарын аударып еді.

— Ой, Торғын, есінде ме, біз жастар ұйымына мүше болып өтуге қалай дайындалып едік.

— Есімде болмай. Ол бір ұмытылмас оқиға болып еді ғой. Ауданға, райком бюросына қалай барғанымызды, кім қандай сұрақ қойды, қалай деп жауап бердік, жыр ғып айтушы едік. Бізден кейінгілер аузын ашып, көзін жұмып тыңдайтын. «Жастар жиналысына бара жатырмыз, саяси сабаққа бара жатырмыз» деген жауапты қандай мақтаныш сезіммен, үлкен мәнмен айтатын едік. Табанда ересек, табанда саяси қайраткер бола қалып, өзімізде бір жинақылық, жауаптылық пайда болушы еді.

— Пай, шіркін, сол бір күндер десеңші! Сонан соң тағы бір ғажабы бірімізді біріміз, екі алғаны үшін, мектепке кір киіммен келгені үшін, қоғам жұмысын жаман атқарғаны үшін бетің бар, жүзің бар демей, жиналыста сыбап тұрып сынайтынбыз. Ал соған ешкім өкпелемейтін, кайта сол кемістігін жөндеуге, қайталамауға тырысатын.

— Ал кәзір атажау болып шыға келеді. Бір жиналыста сөйлеймін деп күллі бастықтарымды теріс қаратып алдым. Жиналыстың ертеңінде бір штрафник бастығымыз «пенсияға бара қойыңыз» деп шыға келіпті. Ерегістім де «Алдымен сексенге, жетпіске келгендерді шығар, мен солардан кейін әзір тұрайын»,—дедім. Кәзір бар білген айла-амалдарын жұмсап, менен құтылу шарасын жасап жатыр. Ерегесіп, арыз бермей мен де жүрмін. Менің бір әріптесім «Торғын, сенің бойында жас кезіңнен қалған пережиткаң — мінезін бар, соны қоймасаң, халың киын. Бастықтардан кешірім сұра, сен кішірейе сал» дейді. Ол болмайды деп мен жүрмін.

— Штрафнигің қалай? Ондай бастықтар да бола ма?

— Поле, Вера, бұл күнде не жоқ, бауырым, «сүйеушім мықты болса, сүйек жұтсам да қақалмаймын» деген мақал да шықты ғой. Ол бір сүйек жұтып, қақалмай, бір креслодан бір креслоға қонжиған біреу.

— Е, кәзір ондайлардан арыламыз деп жатырмыз емес пе!

— Арыламыз, сөзсіз арыламыз. Бірақ «балта сілтегенше, дөңбек жал тауып» жатқандар да жетерлік.

— Иә. Бүгінгі жастар бізден мүлде басқа. Біздің мақсатымыз оқу, білімді маман, үлгілі адам, интеллигент болу еді. Институт, инженер деген ұғымдар біз үшін көктегі жұлдыз секілді еді. «Шіркін!» деп армандайтынбыз.

— Жеке бастың қамы, өзің үшін еңбек ету, өз мүддең, өз жаныңды ол кезде екінші кезекте тұрушы еді. Ең алдымен мемлекет мүддесі, халық қамы деуші едік. Қоғамдық іс бірінші кезекте тұрушы еді. Ар, ұжданға кір келтіру болмайтын. Әлденеден кінәлі болып, жиналысқа түсу деген өліммен тең ұят еді..

— Айттым ғой, Торғын. Келіп-ақ қалдық. Мынау Бірінші Алматы емес пе? Қарашы өзің?

— Солай екен, — дедім мен.

Вера екеуміз телефонымызды, адрестерімізді алмасып, жексенбі күні хабарласатын болып пойыздан түстік.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама