Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Ғылымның қарқынды дами беруіне жағдай жасай беретін боламыз - Назарбаев

Соңғы 3 жылда ғылымға 100 млрд теңге бөлінді. Алдағы уақытта бұл ұстанымнан айнымай, ғылымның қарқынды дами беруіне жағдай жасай беретін боламыз, деді Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Ұлттық ғылым академиясының 70 жылдық мерейтойына арналған ҚР ҰҒА-ның Жалпы жиналысының салтанатты сессиясында.

«Бүгінгі мерейлі сәтте біз Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан сынды ғұламаларымызды атап өтуіміз қажет. Тәуелсіздік жылдарында ҰҒА алдыңғы буынның абыройлы ісін жалғастыра білді. 25 жылда ғылыми ұйымдардың саны 2 есеге көбейіп, 300-ден асты.  Ғылымды қаржыландыру жыл өткен сайын артып келеді. Соңғы 3 жылда ғана 100 млрд теңге бөлінді. Алдағы уақытта бұл ұстанымнан айнымай, ғылымның қарқынды дами беруіне жағдайды жасайтын боламыз. Әлемнің дамыған 30 еліне қосылу жолында сіздерге (ғалымдар - ред) зор үміт артылады. Осы алдымызға қойған мақсатымызға жету үшін мен Қазақстанның 3-ші жаңғыруы туралы Жолдауымда 5 басымдықты айқындап бердім. 21 ғасыр - ғылым мен білімнің ғасыры. Әсіресе, қолданбалы ғылымның көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқанын көріп отырмыз. Ғалымдарымыз да жаңа көкжиектерге көз тігіп, зерттелмеген кеңістіктерді игеруі тиіс. Біз әлемдік жаңа технологияларды игеріп өзімізге бейімдеуіміз керек. Мен академиктермен кездесуімде дүниеде болмағанды ашу нағыз революция болар еді, бірақ дүниеде бар нәрсені Қазақстанға әкеліп бейімдеу, ол да ғылым деп айтқан болатынмын. Ғалымдарымыз осы іске белсенді атсалыусы қажет. Сондықтан, дәуір сұраныстарына сай, олар ғылыми көзқарастарын қайта қарауы керек. Біз өнеркәсіптік ғылымның қажеттігін ескере отырып, гуманитарлық салаға да ұмтылуымыз керек», - деді Елбасы.

Айта кетейік, бүгін, 22 ақпан Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры ғимаратында ҚР Президенті, ҚР ҰҒА академигі Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ҚР ҰҒА-ның 70 жылдық мерейтойына арналған ҚР ҰҒА-ның Жалпы жиналысының салтанатты сессиясы өтті.

Сессия жұмысына академиктер, корреспондент-мүшелері, ҚР ҰҒА-ның құрметті мүшелері, ЖОО ректорлары, ҒЗИ директорлары, елдің көрнекті қоғамдық және мәдениет қайраткерлері, шетелдік қонақтар  ғылым академиялары президенттері Ресей Федерациясынан Фортов В.Е., Қырғызстаннан Эркебаев А.Э., Грузиядан Квеситадзе Г.И., Молдовадан Дука Г.Г., Татарстаннан Салахов М.Х., Беларусь ҰҒА Президиумы Төрағасының орынбасары  Килин С.Я., Украина ҰҒА Вице-президенті  Кошечко В.Г., Өзбекстан ҒА жалпы және бейорганикалық химия Институтының директоры  Закиров Б.С., Әзірбайжан ҰҒА Төралқа әкімшілігінің Ғылым және білім беру басқармасының бастығы  Садыгов А., Тәжікстан Республикасы ҒА академигі М.Илолов «Elsevier» басқарма төрағасы және стратегиялық даму жетекшісі, «Relax group» директорлар кеңесінің мүшесі Йонг Сук Чи, ҚХР-ның Алматы қаласы Бас консулы Чжан Вэй қатысты.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама