Ілиястың простопқа айтқаны
Ұмытпасам, 1916 жылдың күзі ғой деймін. Спасс зауытының атақты саудагер байы Сейтқамалдың Әубәкірінің үйінде бас қосқан үлкен бір жиын болды. Ол жиынға Соколов деген простоп та қатысты. Үсті-басы сап-сарала, көкпеңбек темір асынып жүреді. Қандай қаһарлы? Ол кезде Спасстың болысы — Тәтидің Оспаны. Ол да бар. Елдің қасқа мен жайсаңдары жиналған.
Өткенде де адамның неше алуан жорғасы болған ғой. Бір адам өткен-кеткен әңгімені қозғап отыр... Айдабол Жапар ақын дегенді бірінші рет сол кісінің аузынан естідім.
Бір ретте Жапар ақын, үстінде құба төбел ғана киімі бар, артында бөктеріншегі бар жалғыз өзі жолаушылап келе жатып, жаңа ғана көшіп келіп қонған бір ауылға кез келеді. Ел шетінде кездескен адамнан:
— Бұл ауыл қай ауыл? — деп сұрайды. Сөйтсе, дуанбасы Ыбырайдың ауылы екен дейді. «Не болса да соның өз үйіне түсейін» деп, көп ауылдан сөдектеу тігілген Ыбырайдың үйіне бет алады. Тақала бергенде Ыбырайдың маң төбеттері Жапарды ортаға алады. Иттің үргенінен Жапардың астындағы аты үркіп, өзі аттан мұрттай ұшады. Одан Ыбырайдың пәуескесіне байлаулы тұрған аттары үркіп жұла қашады. Сонда Ыбырай:
— Бұл өзі кім, аттан жығылып өле алмай жүрген? Ұрыңдар өзін, — деп кісі жібереді.
Жапар ақын қоржынын қарына іліп, атын жетелеп Ыбырайға тақалып келіп айтқаны екен:
— Ажал қайдан болғанда қатер-қауіп,
Дәулетіңе жығылдым есім ауып.
Сен лашын болғанда, мен торғаймын,
Не тоятың қанады маған шауып, —
дейді. Ыбырай райынан қайтып үйіне түсіреді. Сусын беріп, сол күні үйіне қондырады. Әңгіме-дүкен құрады.
— Жапарым, енді мені жамандап бір ауыз өлең айтшы, — дейді.
— Айтайын, мырза, — дейді Жапар.
Ыбырай басы үлкен, мұрны қолағаштай өңсіз адам екен. Және түбі естек екен. Сонда Жапар ақын Ыбырайға қарап отырып:
— Жаман демей несі бар, мұндар естек,
Қолағаштай мұрның бар, кеуден тәстек.
Дегеніңе халықты жүргізген соң,
Мың-мыңдап жылқы айдадың өңшең мәстек.
деген екен. Ертеңінде Ыбырай Жапарды астына ат мінгізіп, үстіне шапан кигізіп шығарып салған екен.
Әлгі кісіге отырғандардың бірі:
— Сіз жақсы-жақсы әңгімелер біледі екенсіз. Ал өзіңізден осы сияқты өнер табыла ма? — деді.
— Е, одан да қара жаяу емеспіз, — деді әлгі кісі.
— Ендеше, біздің Соколов мырзаны мақтаңызшы, — деді.
Сонда әлгі кісі отырып:
— Соколов, қылышыңнан қаның тамар,
Зәріңнен көрген жанның есі танар.
Ояз бен жандаралдың сыйлағанын
Көргендер осы күні аң-таң қалар.
Болса адам арамдыққа қия басқан,
Жайың бар көретұғын тез аңғарар.
Бұл маңда сенен асқан жан бар десем,
Жанаспас шындыққа адам нанар, —
деді. Соколов қазақша судай білетін еді. Қарқылдап күліп, қалтасынан сөлкебай күміс алып әлгі кісіге тастай берді.
Сонда төрде отырған Әубәкір бай:
— Ал енді сізді жаңа мақтағанын естідіңіз, Соколов мырза. Енді бағанағы дуан басы Ыбырайды жамандағандай жамандаса қайтер едіңіз? — деді.
— Е, жамандасын, — деді Соколов.
Бағанағы ақынымыз қипыжықтап қалды. Сонда Ілияс:
— Бір тойда екі жар жоқ. Ендігі рет басқанікі. Егер де мырза кәр қылмаса, жамандауын мен жамандайын, — деді.
Соколов та:
— Жоқ, кәр қылмаймын, ал жаманда, — деді. Сонда Ілияс:
— Бергенің сенің болды екі сөлкі,
Айтуға бір сөз келді жаңа төлкі.
Парадан собираешь богатства,
Етесің нашарларды ылғи күлкі.
Біреуді қорқытасың, біреуді алдап,
Жыртқышта саған ұқсас жылпос түлкі.
Менің де айтқан «мақтап» сөзім үшін
Тақсырым, тастарсыз ба екі-үш сөлкі, —
дегені бар емес пе? Соколов алғашқы уәдеден тайды. Өңі бұзылып, қуарып сала берді. Қатты ашулансын-ай келіп Ілияс- қа:
— Сенің бұзық екеніңді біз ертеден білеміз. Бірақ кешірім жасап келдік. Енді бетіңмен жібере алмаймыз, — деп отыр.
Оспан болыс, Әубәкір бай да ұрсып жатыр. Ал Ілиястың да алқымы кеуіп кеткен.
— Бас кессең де, тіл кеспек жоқ. Тағы да айтамын, — деп орынынан түрегеп алды. Тағы да Соколовқа:
— Дағдың ғой ысқыратын нашар жанға,
Боялған қолың сенің қызыл қанға.
Алғашқы уәдеңнен адам болман,
Тайлығар кәзір сенің жөнің бар ма?
Айдату, байлап-матап, қылыш шауып,
Жандарға қарсыласқан жала жауып.
Алдыңа тізе бүгіп иілмеспін,
Басыма төндірсең де нелер қауіп, —
дегені ғой. Естуші жұрт: «Әй бәрекелді-ай! Батырдың тұқымы дегенмен батырлығын жасады-ау!» — десіп жатыр.
Ал Соколов бұрынғыдан бетер қаһарлана түсті. Ал енді Соколов бірдеңе ететін болса, отырғандардың ішінде кейбіреулер Соколовтың өзін бассалмақ болып отыр екен. Құрдастары Қоянкөз деп атайтын Қартабайдың Ысқағы, Кемелбайдың Түсіпбегі сияқтылар Ілияс пен Соколов сөйлесе бастағанда-ақ далаға шығып кетіп, жеңдеріне темір тағып алып, қайыра келіп отырады.
«Ел ренжісе, жер көтермейтін ауыры бар, ел сілкінсе, қарлы-жаңбыр дауылы бар», «көп қорқытады, терең батырады» деген емес пе?! Әубәкір, Оспандар елдің бет алысын байқап қалады. Содан сескенген ол екеуі Соколовқа ақыл айтып тоқтатты да, халықты таратып жіберді.
Егер де он алтыншы жылдың дүрбелеңі болмаса, Соколовтың Ілиясты бір тықырға тақауы да мүмкін еді....