Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Жер қазғандар

(повесть)

ШІЛДЕДЕ

Күн ыстық. Көкшетау маңы. Айнадай тұнық сулы көлшүмектің қасы. Көлшүмектің жағасындағы көк ала қамыс, судыр құрақтар — айнаның жиегіне салынған әдемі өрнек сияқты. Аспан балқып маужыраған қиырсыз көк мұхит сияқты. Балқыған, көктегі шыжыған қызыл күн өткір алтын шұғыласын кектен жерге шашыратып, бүркіп ойнап тұрғандай. Айнала төңірек, жер-дүние, жан-жануар, жердегі өсімдік қазір маужырап, марғау тартып тұрған тәрізді.

Ойпаңда көк ала құрақты кішкене көлшүмек. Айнала төңірек ылғи белес. Күншығыс сәскелік жақта көгеріп, зеңгір тартып, Көкшетаудың басы көрінеді. Тек күнбатыс жақтағы Көкшетау қаласына қараған жонның оң жағы ойпаңданып, кесіліп жатқан қиырсыз дала.

Белестер де, ойпаңдар да, далалар да, бұта-өсімдіктер де көкпеңбек, жасыл бояудай. Түп-түгел қара жерге жасыл жібек кілем төсегендей. Көк ала көлшүмекте жап-жасыл. Оның айнадай суында зеңгер аспанның суреті көрінеді.

Алдыңғы күн қалың нөсер жаңбыр кұйып өткен еді. Жер бетін қаптаған, құлпырған қалын жасыл шөп, жаңа жасыл желекке оранған өсімдіктердің, бұталардың жасыл жапырақтары мен гүлдері кеше мен бүгін төтенше құлпырады. Айналаға қарап тұрғанында, жердің. семіз қара топырағы жасыл ала шөптен көрінбейді. Қалың, бітік жасыл шөптерге араласа шыққан түрлі гүлдер жерге өрнек, түр береді. Кең көк, жасыл жайма жібек тіккен темір кесте секілді. Кейбір гүлдердің түсін, атын көп жұрт білмейді. Әні, қызыл, ақ, көк, сары, шикіл, күлгін, ал, әсіресе зеңгер жалқын шашақтар!

Шынында, ұшы-қиыры жоқ жерге жайған жасыл жібек барқыт жаймаға тіккен өрнекті шұбар ала кесте тәрізді.

Бір жерде сары шашақ көбірек, екінші жерде ақ ала шашақ көбірек, үшінші жерде қызыл шашақтар ден, төртінші жерде ылғи күлгін шашақтар өскен.

Желсіз күннің ыстығы жер дүниені қуартқан ыстық емес, маужыратқан, балбыратқан ыстық. Маужыратып, булап, жадыратқан ыстық.

Аспанның ортасында бұлт жоқ. Тек алыс жермен шендескен төңіректерінде ғана айнакөлдің жиегіндегі ақ көбігіндей көтеріліп іркілген буралардай ақ бұлттар көрінеді. Ақ бураларша маужырап шөккен бұлттар қозғалмайды.Көктің ортасына келуге шыжыған күннің шашыраған ыстық шұғыласынан жасқанатын сияқты.

Ала кестелі жібекке оранып, жасарған қара жер қызыл күннің көктен күліп бүркіп тұрған алтын нұрына балқып, рахаттанған денесін төсеп, жас босанған, қалжасы жаққан келіншекше жадырап, көсіліп жатқан тәрізді. Немесе ыстық бұлау жанына жаққан сұлуша балқып, маужыраған тәрізді.

Ойды, қырды қаптаған қалың жасыл ала шөп те, көк, жасыл жібек желекке, жас келіншекше оранған бұталардың жапырақтары да, гүлдері де күннің ыстық шаңқан нұрымен құбылып, құлпырады. Шыжыған күннің алтын, ыстық нұрына қызып бусанған.пысынаған семіз жер мен жасыл шөптен, жасыл жапырақтардан, түрлі балауса гүлдерден қою жұпар аңқиды. Қызғалдақ, сарғалдақ, гүл шашақтардың көкірек тоймас жұпар иістері бойды балқытады. Шаңсыз, тозаңсыз, күмістей таза ауа жұтқан сайын кеудені кеңітіп, тәнді елтітіп мас қылады...

ТЕМІР ЖОЛ БОЙЫНДА

Сол шілдеде, айнала белестің ортасында, кішкене көлшүмектің қасында, темір жол бойында үш жүздей жұмыскер жұмыс істеп жатты.

Қоспақ темір жолдың арт жағы белестерден қатарласып, тереңдеп, шұбалып шыққан екі жыландай күнмен шағылысып жалтырайды. Жұмыскердің жатқан жерлері бір белестің ылдиы, көкшүмектің қасы. Белестің ойпаң тартып, көсіліп кеткен алабы. Темір жол алдыңғы жағы сол кесілген ойпаңмен барып, көлшүмекті жағалай қырлап алдыңғы бір белестерді орап, айналып, тағы бір белестерге кіріп кеткен...

Темір жолмен Қызылжар қаласынан шығып, Көкшетау қаласына жетпіс шақырымдай қалған жерде «Азат» бекеті бар. Ал әлгі жұмыскерлердің бір көшелі, кішкене ауыл сияқтандырып барак салып алып, жұмыс істеп жатқан кішкене көлшүмегі «Азаттан» Көкшетауға қарай он-он бес шақырымдай жерде. Істеп жатқан жұмыстары темір жолдың кей кезіне жаңадан жер төсек салу, кей кезін аударып салу. Бұл араның темір жолы бұрын асығыс салынып, шала біткен еді.

Жер төсегі бұрын бос, жұқа, түпкілікті жол болуын жете ойланбай, қалай болса солай, асығыс салынған темір жолды, енді аударып қайтадан жақсылап салып жатыр.

Бұлардың бұл жердегі енді бүгінгі жұмысы: бір белестен кесіп шығып, ылдиға қарай ойысып, оңай жерлерді қуалап, бұраңдап, оң жақтағы көлшүмекке қарай ойпаңға түсіп кеткен темір жолды қопарып, түзуірек тартып салу.

Темір жол бастықтары мен темір жол шеберлерінің өлшеп, сызып берген жобалары бойынша, бұрынғы жолдың сол жағынан төтелеңкіреп, түзу тартып, жер төсек төсеп жатыр.

Төтелей тартқанда көлденен, келген бір белес-жотаны жырып, кертіп, талқандап жатыр. Жотаның кертіліп, жырылып жатқан жерінің тас аралас топырақтарын ойпаң жерлерге салынып жатқан темір жол төсегінің жағаларын да кертіп ойып, топырақтарын алып, жер төсекке төгіп жатыр.

ЖҰМЫСКЕР БАРАКТАРЫ

Жұмыскерлердің жатқан жайлары жұқа тақтайлардан оңай ғана жасай салған аласа үйшіктер. Үйшікті барак дейді. Үйшіктердің саны он төрт-он бес. Жолдын екі жақ езуіне бір көше қылып, бір кішкене ауыл сияқты, жағалай салған. Барак-үйшіктерден басқа, қос күркелер де бар. Тіпті арбаға құрым жауып істеген бірді-екілі көлеңке панашықтар да көрінеді. Барак-үйшіктердің бірі он кісілік, бірі он бес кісілік. Үйшіктің кейбіреулерінің төбелерін шыммен, кейбіреулерінің төбелерін тақтаймен жапқан. Кейбір үйшіктердің кішкене терезелері тышқанның көздеріндей сығыраяды. Кейбіреулерінің есіктері терезе орнында.

Үйшіктердің іштерінде, ірге тұстарында әр жерде ілулі тұрған киімдер болмаса, жөнді ештеңе жоқ. Барак-үйшіктердің іштерінде қатар-қатар құрылған, тақтайдан істелген ылғи бір кісілік төсек ағаштар бар. Аласа, жатаған, ұзынша үстелдер сияқты. Жатаған, үстелдерден айырмасы сол, тек бір жақ басына көтеріңкі, түйетайлы қылып, төрт бұрышты сопақша тақтай шегелеген. Жатқанда, сол тақтай басты биіктетіп жастыққа кепіл болады. Аласа төсек ағаштардың үстерінде кірлеу, салтақтау төсеніш ретсіз жатады. Әрбір үйшіктің жалаң жер табанына төсеніш болған жердің қою жұмсақ шөбі еді. Қою, жұмсақ жасыл шөп жұмыскерлердің жалаң табанына қойдың жұмсақ жүнді түбітті жабағысы сияқты тиеді. Біраздан соң жұмсақ жабағы шөп түтіліп, жұлынып, жыртылып, жердің топырағы шыға бастаған.

Қос, күркелерде және арбадан істеген көлеңке панашық жақтарда төселген ескі, кір-кір текемет, сырмақ, алаша, киіз жұрнақтарда сілемдері жатыр. Не бір шоқпыт-шомыттар ғана жатыр. Қос, күрке жақтардағы жерде төсеулі жатқан ескі текемет, алаша, сырмақтардың кейбіреулері жырымданған, салтақтанған,кейбіреулері жырымдалған, тесілген, шоқпытталынып жамалған,қожалақтанған ылғи сілімтір. Үйшіктердің босағаларында, сырттарында күйеленген кірлеген, майланған ыдыс-аяқ, табақтар, қасық ожау жатыр Және бірен-саран басқа саймандар да шашылып жатыр. Ошақ бастарында ағаш отынның шөмшектері, үйген тезек, күйеленген мосы, күйелі, майлы бақырлар қараяды.

Жасыл ала даланың көк ала белестердің ортасындағы көк құрақты көлшүмектің жанындағы жұмыскерлер барактары осы...

Барактың таяу маңында ел жоқ. Кейбір жұмыскерлердің.аттары және сауатын бірен-саран сиырлары болмаса,таяуда қара-құра көрінбейді. Темір жолдың сол жағындағы қырға шықсаң, оның аржағында алыста жасыл ала қамыстары айнадай жалтыраған суы сағыммен ойнап бұлдырап көтерілген бір ұзынша көл көрінеді. Көлдің жағасында отырған аз үйлі, шағын екі-үш ауыл сағыммен бұлдырап көрінеді. Әр жерде бытырап жатқан, сағым көрінеді. Және әр жерде бытыраған, кей жерде шоқ-шоқ болып өскен биік ағаштар көрінеді. Олардан басқа ел,басқа қара-құра көрінбейді...

Ал күншығысқа сәскелікке қарасаң,алтын күнге,аспан көкке созылған Көкшетаудың зеңгір сұлу биігі көрінеді...

«ТАРМАҚТЫҢ» ҚАРМАҒЫ

Ыстық күнде, ыстық ауада үн де қатты естілмейді. Анда-санда ғана шырылдап, тізбектеп сайраған бозторғайдың жырлары әлсіреп қана естіледі. Шарыққа шығып, құбылтып сайраған торғай қайта төңкеріліп жерге түседі. Көлшүмек бетінде және дала шетінде ойнаған сағымдар торғай күйлеріне билеген сияқты. Барактардың алдарында жанған оттардың көк ала түтіндері жұлындай-жұлындай болып созылып, аспанға өрлейді. Мосыларға асылған, күйе басқан темір шелектерін, күйе басқан үлкен жез шәйнектерін айналдырып, оттардың қасында біраз адам қыбырлап жүр. Темір жолдын күнбатыс жағында, қаракөк өртеңдей ылди далада, жұмыскерлердің он шақты тұсаулы аттары бытырап жайылып жүр. Ойпаңдағы судыраған жасыл құрақты, жайқалған көкорай шалғынды, айнадай тұнық сулы көлшүмек жағасында төрт-бес ат және жұмыскерлердің жиырма шақты сиырлары жайылып жүр. Төрт-бес ат суға түсіп, шомылып, жүндері жылт-жылт етіп, көлшүмектің жағасындағы көк балдыр шалғынды бырт-бырт орады. Олардан басқа барак қасында қыбырлаған жан көрінбейді. Жұмыскерлер түскі демалысқа келіп, үйшіктерінде,барактарында, күрке, баспана-көлеңкелерінде тыныстап жатыр.

БАРАК ҚАСЫНДА

Бұзаубақ қосынын ішінен шаң-шұң дауыс шықты.

— Ой, барыссақ-барысайық! Советский соттың алдында сен құрлы сөзімді тыңдата алмасам, жер басып жүрмей-ақ қояйын, сен кімді қорқытасың? — деді.

Шаңқылдаған Бұзаубақтың бұл сөзі — күзен айғырының шақылдағанындай боп естілді.

— Ой, аузыңа түскеніңді сөйлейтінің не? Сенімен сөз таластырайын деп келіп отырмын ба мен? Міне, милиция бұйырған соң бірге еріп келіп отырмын. Әйтпесе, көрмегенім сен бол! Саған заңның ешбір тармағына жатпайтын іс қылдырған мен емес, не сөйлейсің өзін!.. — деді бір қоюлау дауыс.

Қостың жанындағы арбада байлаулы тұрған ер-тоқымды үш атты бір айналып, аттарға таныған кісіше қарап, нығыз шойын денелі қара мұртты қара жігіт Бұзаубақтың қосына кірді.

Бұзаубақтың қосындағылар тығыз сиып отыр еді. Қара мұртты қара жігіт кірген бойында қостың есік киізін жамылыңқырап тұрды. Қостың бір шетінде отырған Бұзаубақтың келіншегі тұрып,қостан шығып кетті,

— Ей, батыр-ау, мен не қылған екенмін! Ә-ә? Әрі құйыршық, әрі контр кешегі жауыз Николайдың қалдығы айтты деп, мен үкіметке заңсыз адам, болғаным ба, не қылыппын мен, айтшы кәне! — деп көзі шатынап Бұзаубақ. Бұзаубақпен керіскен ұзынша бойлы, денелі, сары ала мұртты, қара шапанды, баланың үкілеген ақ елтері тымағын киген қазақ та қызараңдап тікие қарап отырды.

— Е, үкіметтің заңына қарсы бір нашардың он екі жасар қызын бүлдіріп отырған жоқсың ба? Бұл заңның қандай тармағына жататынын білесің бе? - деді баланың үкілеген тымағын киген сары мұртты қазақ.

— Ей, батыр-ау, алсам, мен қызды еркімен алдым. «Мені бүлдірді деп қайсыңа барды? Сенің нең күйе кетті. Өз артың былғанып жүріп, біреуді біреудің бүлдіргенінде сенің не ақың бар? Мен сені бүлдірдім бе? Сенің неңді бүлдірдім мен?...

— Құдай-ау, енді үкімет заңының бір тармағын айтсаң, бұл аузына түскенін шапылдайды. Осы құдайлықтарыңды айтыңдаршы, осынікі заңның қай тармағына тура келеді? — деді, үкілі тымақты Бұзаубақтан басқаларға мақұлдата қарап.

— Ей, Шәкір, мына милиция тыңдап, протокол қылсын, сен араға жүріп, Әбжанның жиырмадан асқан қызын Ақмадияның он екі жасар қылғұрт баласына алып бергенсің, оның қай тармаққа келеді, соны айтшы? - деді Бұзаубақ.-

Баланың үкілеген тымағын киген Шәкір қызараңдап, жалтаңдап сасыңқырады...-

— Ауылнай, айтатын сөзіңді ғана айтып, жөнге бастасайшы?.. Текке ілініскен сөзді қоздырғаннан не өнеді деп отырсың!.. деді қоста отырған Хасен.

Хасеннің дөнен қошқар үніндей, жуан, маңызды, қою салқын үні аналардың қызуын бірден басыңқырағандай болды.

Шәкір ауылнай Хасенге:

— Жоқ, Бұзаубақ мына милицияны тап мен шақырып әкелгендей көріп, маған шапылдайды. Қайдағы аузына келгенін сөйлеп, мені «контр, құйыршық», - дейді, «Николайдың қалдығы», - дейді. Мен ондай болсам, үкімет мені ауылнай қоймас еді. Құдайға шүкір, менің адал бадырақ екенімді көріп, үкімет өзі қойып отыр.

Қызылдар ең әуелгі келгенінің өзінде маған мандат берген. Округтен келген өкілдер де менің үкіметке шын ниетіммен кірген адам екенімді білген, тіпті центрден, Қазақстаннан келген азаматтар да менің кім екенімді көрген. Аудан басындағы жәшейкелердің ұяларынан да сұраған. Заң бөлімдерінің жобасы бойынша сөздің жөнін айтсам, бетің бар, жүзін, бар демей, аузына түскенін айтады! — деді.

— Жоға, ей, батыр-ау, сен «мандат-пандат» деп мақтанба, ондай мандатты бәрімізге де берген!.. Онан соң, осы менің саған соқтыққан жерім бар ма? Елде тыныш тапқызбадыңдар, мұнда келіп жұмысқа кірдім. Енді бұл жерде де түртпектеп отырғызатын емессіңдер, енді қайда барамыз осы!.. Тескен тау өтіп кетпесем, тыныш қоятын емессіңдер! — деді Бұзаубақ.

— Сені түртпектеп жүрген мен деймісің, байғұс?..

— Сендерсің!..

— Ауылнай, Бұзаубақ, ақырын-ақ сөйлеп, бір жөнге келуге болмай ма осы! Қазір жұмыскерлердің тынығып жатқан кезі. Текке шаң-шұң шығарып жұрттың мазасын аласыздар ғой... Бұзаубақ, сен сабыр қыла тұршы... Ауылнай, қысқасын айтқанда, не қыл дейсіз осы? Соны айтшы, — деді Хасен.

— Мен ештеме қыл демеймін, округ соттан мына милицияға қағаз бар. Мына Бұзаубақтың қатынын жауапқа шақырған. Бұл келіншекті және мына Бұзаубақтың өзін бұрын да талай рет шақыратын Женотдел. Тергеуші. Сот... Бұрын әйтеуір үй деп, бүй деп мына Бұзаубақ нашар адам болғанға, істі соза тастап жүретін. Енді, міне, тағы да жауапқа шақырып отыр! — деді Шәкір.

— Не деп шақырады, не қылмайсың деп шақырады Бұзаубақтың қатынын? — деді манадан бері тыңдап есік жамылып тұрған Әзімхан. Есік жамылып түрегеп тұрған Әзімханның түксиген бетіне Шәкір жалт қарады.

— Біреулер арыз берген болса керек, Бұзаубақ бір нашардың он екі жасар қызын еріксіз қатын қылып отыр деп, соған шақырады, — деді Шәкір.

Манадан бері Бұзаубақтың келіншегі қостың жанында үндемей тыңдап тұр еді.

— Бұзаубақтың келіншегі мына түр, қараңызшы, он екідегі бала сондай бола ма? — деді Әзімхан.

Бәрі есік жаққа, Әзімханға қарады.

— Ия, соны айтшы! — деді Хасен.

— Қазір, әрине, он екіде емес қой. Бірақ Бұзаубақ алғанда он екі жаста болаты, - деді ауылнай.

— Ей, Шәкір, қанша бұйыра сөйлегеніңмен мені іле алмайсың, сен бұл тап дұшпаныңды қой! Гүлияны мен алғанда жасы он екіде емес, он төртте болатын, жылы мешін, содан бері міне, бес жыл болды, қазір он тоғызда. Он төрт жасында қалай алып, үйленгенімді әлгі, бұрнағы жылы ауданға келіп, әлгі кооперациямен жүрген женотделге де айтқам...Он тоғыздағы әйел қатын болмасын деген бұл Қазақстан үкіметтерінің қандай заңдары бар екен?Енді осы нең бар менде!... - деді Бұзаубақ.

— Сен алғанда он төртте емес, он екіде. Он екідегі қыз туралы үкімет заңының тармағы бар... Алғаныма бес жыл болды дейсің. Бес жыл бұрын істеген қылмыс қылмыс емес деген үкімет заңының тармағының бірінде де көрсетілмеген шығар деймін, - деді Шәкір

— Ей, батыр-ау, бес жыл бұрын өзі сүйіп тиген қыз үшін мені үкімет заңының тармағымен қорқытасың, сол заңның тармағына өзің қалай ілікпей жүрсің осы? — деді Бұзаубақ.

— Е, мен неге ілігем? — деді Шәкір ауылнай.

— Әхмадияның он екі жасар қылғұрт баласына Әбжанның сүймеген қызын қосқанның заңның тармағына жатады да, менің сүйген қызды алғаным жатпайтын бола ма?

— Ей, Бұзаубық, Әхмадияның он екі жасар баласы деп қоймайсың. Әбжанның қызының күйеуі Әхмәдияның үлкен баласы өлген соң барды.Оған менің ілігетін жерім жоқ...

— Жоға, мейлі, он екі алсын, он төртте алсын, Бұзаубақтың әйелі қазір он тоғыз-жиырмады. Бұған енді,дәл бүгінге дейін сенің заңның кетпей жүргенін осы менің сені аяғандығым емес пе? — деді Шәкір.

— Ей, сен мені аямай-ақ қой! Жеңіме қызыл байлап жүрсем, мен мопрмын, сендей контр емеспін. Құйыршық емеспін. Үкімет контрдың айтқанын қылса барсын! — деді Бұзаубақ.

— Ей, контр болып мен не қылыппын?..

— Қылшықтың ақтарының ломының, оғын ауылыңның сыртына тыққан кім еді?

— Кім көріпті менің ломының оғын тыққанымды?

— Қызылдар келгенде тауып алғаны қайда еді!

— Қашып бара жатқан ақтардың тастап кеткен ломының оғын мен тыққан болам ба, мен тықсам, маған қызылдар мандат берер ме!

— Мандатты бәрімізге де берген! Сен өтірік мақтанба! Сенін абдыраңның ішінен Кернскийдің мөрі шыққаны қайда?

— Қандай Кернскийдің мөрі?

— Кәдімгі қағазға басылған мөр!

— Ой, астапыралла, мынау не дейді, құдай-ау! Көкшетау оязының жер туралы жазып берген акты қағаздың, мөрі, Кернский мөрі болады екен, ә?

— Сен оны неге сақтайсың, сен кешегі Некалай қан сорғыштың қалдығы болған соң сақтайсың!

— Жолдас, енді қойсаңыздаршы керісуді! Керісті қойып, істі бітірейік, — деді милиция.

Сол сөзді айтып, милиция қозғалып отырды. Манадан бері, «біраз сөйлесіп алсын» деген сияқты отырған милиционер енді қозғалып, соз тізгінін қолына алғысы келді.

— Сіз қағаз әкеліп отырмын дейсіз ғой. Кәне, енді не қыл дейсіз? — деді Хасен.

— Округ соттың жіберген бұйрығы бойынша, келіншекті ауданға апарып жауап алу керек, — деді милиционер.

— Кім жауап алады, не деп алады? — деді Хасен.

— Жауапты округ соттың жіберген тығыз бұйрығы бойынша мен аламын. Онсоң, не деп алатыны керек қағазда жазылған, — деді милиционер.

— Оныңыз болмайтын іс қой! — деді Хасен.

— Мен қатынымды ауданға жібере алмаймын. Өзім қазынаның жұмысын істеп жатырмын. МОПР-дың мүшесімін. Қатын осындағы бір қос рабочиға столовой қылып, ас дайындап істеп беріп тұрады. Баралмайды! — деді Бұзаубақ.

— Жоқ, сіздің оныңыз заңға қарсылық болады. Өзіңіз жеңіңізге, әне, қызыл байлап алыпсыз, сөйтіп отырып әйеліңізді жібермеймін дейсіз, — деді милиционер.

— Алатыныңыз жауап болса, осында неге алмайсыз? — деді Әзімхан.

— Ия, осында ала қойыңыз жауабыңызды! — деді Хасен.

Милиционер жан-жағына, есікке қарады:

— Ал олай десеңіздер, заң бойынша, әуелі әйелмен оңаша сөйлесіп көрейін осында, — деді.

Ауылнай Шәкір қаранып:

— Кәне, ендеше бәріңіз де тысқа шығыңыздар, әйелді әкеліңіздер! — деді.

— Ал, менің сөзім бар! Әйелден жауап алардан бұрын менің сізден алатын кішкене жауабым бар! — деді Әзімхан.

Бәрі қарай қалды Әзімханға.

Милицонер бет сүйегі жалпақ, орта бойлы, көселеу, үлкендеу келген көзді ақ сары жігіт. Екі қасының арасында кішкене ғана бұлтиған, қоян тобық, бөртпе түйіні бар. Әзімханның сөзіне аңырайыңқырап қарады.

— Не сұрайсыз? — деді.

— Сіз жауапты қалай аласыз, былтырғы Жаңарқадағы Берекең қызынан алған жауаптай аласыз ба, жоқ Бәкірдің қатынынан жауаптай аласыз ба? — деді Әзімхан.

Бәрі аң-таң болып қарай қалды.

Милицонep боп-боз болды. Сарғылт көздері де бозарып кетті.

— Әлижан... қайдағы Бәкірдің қатынын айтып тұрсың? Ей, жолдас, ондай шатақ сөзді доғарыңыз! — деді.

— Шатақты көресіз былтыр Жаңарқа ауданында болдыңыз ғой?

— Ал, болдым.

— Әлижанның аулына қондыңыз ғой?

— Тіпті, Әлижан дегенді білмеймін, ей, жолдас!.. Ондай өтірік сөзді қойыңыз! Үкіметке кедергі қылмаңыз, контр жаман үгіт таратып... біліп қойыңыз!

— Білеміз, бірақ сіз Әлижанды қалай білмейсіз?.. Әлижанның қызын оятып, қойнына алмаған соң, бешпентінің оқасы бар деп, ол оқа патшаның сыйға берген оқа шекпенінікі деп, жала қылып, әурелең протокол қылмап па едіңіз?

— Ой, тауба-ай, тіпті естімеген жұмысты айтуын қарашы мына жігіттің!

— Естімеген жұмыс емес, көрген жұмыс. Онсоң, сол Әлижанның келетін күні, Әлижан аулының қасындағы Бәкірдікі семіз тоқты соймады деп пәле салып, Бәкірдің қатынының Қызыл шүберек екен деп, протокол қылғаныңыз қайда еді? - деді Әзімхан.

— Ай, жігіт, сен аузыңа түскеніңді сөйлеме! Мен мұнда, Округ соттың тығыз бұйрығы бойынша келіп отырмын;кешегі ҚазЦИК-тің декретін оқымап па едің? Өзің бір есуас жігіт екенсің,өлеріңді білмеген! Осы жерде контр үгіт таратасың, — деді милиционер.

— ҚазЦИК-тің қандай декретін айтасыз, үкіметті пайдаланып отырсыз ғой, көрсетіңіз. Онан соң, контр үгіт тарататын мен емес, сіздей адам болады. Алыстағы елдің шеткі ауылдарында істейтініңізді мұнда, жұмыскерлер арасында істей алмайсыз. Бұзаубақтың жабайы, аңқаулығымен пайдаланбақ болатын шығарсыздар. Бірақ оларыңыз бұл арада бола қоймайды. Есімде жүрген адам едіңіз, бүл арадан мен сізді жібермеймін енді... Сондағы мініп кеткен Әлижанның көк аты мен қаракер биесі қайда? — деді Әзімхан.

Милиционер састы.

— Ей, сіз ат пен бие деген өтірікті қайдан шығардыңыз? Мен тіпті Әлижан дегеннің маңынан жүрген емеспін ғой, — деді.

— Қайдан жүрмедің? Әлижанның көк атын өзің мініп, қаракер биесін лаушы балаға мінгізіп кетіп, Нілді зауытынан өткенде баланы бір арбашылардың жанына тастап, қаракер биені алып, көк атпен Ақмолаға қарай жоқ болмап па едің?.. «Момын малы ортақ деген» еді, өзіңіз айтып отырған Округ сотының алдына енді өзіңіз тартылып, Әлижанның екі жылқысын төлейтін шығарсыз! — деді Әзімхан.

Басқалар аңырая қарады.

Милиционер енді қалжырады.

— Мырза, сіз басқа біреуді маған жорып отырсыз ғой деймін!.. Қызық болайын десе, бола береді екен-ау! — деді.

— Басқа біреу емес, сіздің есіміңіз Қапан емес пе?

— Я... Қапан.

— Е, енді қалай танасыз?

— Ойбай-ау, енді, Әлижан дегенді білмесем, қалай мен болам? Рас, Жаңарқа ауданына барғаным рас, енді Жаңарқа бардым екен деп, сол елде болған істің бәріне мен жауап беремін бе?

— Мына арбадағы ат үстіндегі, сіздің мініп келіп отырған еріңіз, күміс үзеңгісімен сол Әлижанның күміс қасқалы ері емес пе? Онан да танасыз ба? Осынша ұрлықпен, осынша арамдықпен әлгі ауылнай айтқан заң тармағына қалайша әлі ілінбей жүрсіз? — деп, кеміте сөйледі Әзімхан.

— Жолдас, ілгері тілеуің бар жігіт көрінесің, мұндай жаланы қойыңыз. Адамша жақсы сөз сөйлесейік! — деді милиционер...

Ақырында ауылнай Шәкір мен Қапан милиционер өз бастарын алып қашты.

ШАБДАР АЙҒЫР ЖҰМЫСҚА ШАҚЫРДЫ

Дембелше күрең орыс күркесінен шығып айқайлап, жұмысқа шақырды. күйіп, жел қағып тотыққан жирен мұртын оң қолымен дыр-дыр уқалап қойды. Күркесінің іргесінен бір сынық қаңылтыр алып, қайың таяқпен ұрып айқайлап,шіркеуге шақырып, қоңырауын қаққан попша даңғыратты. Бұл жұмыскер бастығы еді. Жұмыскерлер, індерінен шыққан суырларша қыбырлап, күркелерінен өріп шыға бастады. Бір күркеден ұзынша бойлы, көк көйлекті, сақал-мұрты жоқ, жалаңбас, қараша жігіт шыға келді.

Жым-жырт жатқан күркелердің айналасы лезде қыбырла жанданып, құжынап кетті. Күркелерден бірен-саран қатын-қалаш, бала-шағалар да шыға бастады.

Қазақ жұмыскерлерінің қыбырлағандарымен бірге самбырлаған сөздері де араласа бастады.

Қазақ жұмыскерлерінің көбі көйлекшең, дамбалшаң. Кейбіреулері жалаңаш еттеріне жеңсіз қамзол киген. Орыстар да көйлекшең, шалбаршаң. Жұмыскерлердің көбі-ақ жалаң аяқ, кейбіреулері қалпақшаң, кейбіреулері бастарына |тек орамал тартып алған.Тымақ кигендері де бар.Киімдері кір-кір, денелері де күнге күйген. Жел қаққан,тотыққан, кір сіңген.Әсіресе қазақтар қап-қара. Киімдеріне,денелеріне адам қарап жіберенде-ақ жер қазғандар екендерін айтпай-ақ білетіндей.

Топталысып, үйір-үйір болып,шұбырысып,самбырласып,әркім өзінің мерзімді жұмысына жөнелді. Біреулері аттарына жөнелді. Аттарын ұстап әкеп жеге бастады.

ЖҰМЫСТА

Біреулер текшелеп алып, қазып жатқан жерлеріне түсіп,темір күректерін алып сыбанып, алақандарына түкіріп, күректерімен кіршілдетіп қара жерді кертіп, күйрете бастады. Біреулері қорапты арбаларымен арбаларын ойылған жерлердің, жиектеріне қойып, үйілген топырақтарды күректеп, арбаларына сала бастады. Біреулері төсеп жатқан қалың жер төсекті тегістеп,оның үстіне жаңадан тұс-тұстан арбалап төгіп жатқан топырақтарды жаймалай бастады. Біраз жұмыскерлер темір жол кесіп белестің кертіп жатқан жерін ауыр қайлалар, сүймендермен дүрсілдетіп ойып, шақырлатып қырнай бастады. Кысқасы: әркім өзді-өзінің мерзімді орын-орындарына тұра-тұра қалысып, құмырсқаша қыбырлап, мерзімді қимылмен жұмыстарына кірісті. Арбалы аттарымен жұмыс істеп жүргендер де өздерінің мерзімді жұмыстарын орындауға кірісті.

Сөйтіп, үш жүздей жұмыскер күндегідей катар тұра қалып, темір жолға төсеніш салуға кірісті.

— Е-ей, қайлаңның басы қылқылдап барады, уай...

— Ха-ха-ха!..

— Уай, Хакен!.. Оның қайласының басы өзіне тартқан!..

— Сен өзіңдікін байқадың ба?..

— Ей, сен немене, тұғжыңдап кеткенің, кәрі кісінің жерошақ қазғаны сияқтанып!

Күркелерінің қасында бірен-саран қатын-қалаш, бала-шағалар ғана қалған еді. Олар да қыбырлап, бірдемелерін істеген болып жүр. Қатын-қалаштың, кейбіреулері тезек теруге қаптарын арқалай жөнелді. Кейбіреулері бұзауларын арқандап жүр.

Жұмыскерлердің ә дегенде көбірек екпіндеп самбырлаған сөздері, бірін-бірі сықақ қылған күлкілері, қылжақтары бірте-бірте азайды. Бірте-бірте, енді жай сөздер ғана естілетін болды. Самбырлаған екпінді сөздер, көтеріңкі күлкілер азайған сайын қара жерге кіршілдеген, пышақтың жүзіндей жалаңдаған темір күректердің салдырлары, күйретіп, шақырлатып тас қопарған, тас қашаған ауыр қайла, ауыр сүймендердің дауыстары көбірек естіле бастады. Жағалай қаршылдатып тас кемірген көк темірдің ащы дауыстары бірте-бірте басымырақ, қаттырақ естіле бастады.

Сөйтіп, жұмыскерлер есепті қимылдарымен құба жонды талқандап, күйретіп, жер қазуға, шақырлатып тас қашауға жұмылды.

Бұл біраз орыс, дені қазақ үш жүздей жұмыскердің түрлері, қияпаттары, тұрпат мінездері, құлықтары түрліше. Ұзынша, арық, көсе, қыр мұрынды, сида қара, мақарша, тырбиған қара ауыз, тырбиған қызылша сақалды күрең, сары сөңкек боз, мықыр сүр, қапсағай қара... тағы да толып жатқан суретті адамдар. Бұлардың әрқайсысында суреттері, сипаттары, тіршіліктері, бір-бірімен қатысулары, өзді-өздерінің аралары талай әңгіме қыларлық еді.

ҚОСТАСТАР

Төрт жұмыскер бір қос еді. Бұларға біраздан бері тағы да екі кісі қосылды. Бұрынғы бір қос болып жүретін төрт жігіт салт жігіттер. Соңғы қосылған екі кісі жақын елдердің бірінен келіп қосылған еді.Бұл екі кісінің біреуі жасы қырықтан асқан адам. Он жеті, он сегіз жастағы бала жігіт. Жасы қырықтан асқан кісінің ат арбасы бар, жаман қосы бар, бір-екі бұзаулы сиыры бар, он сегіз, он тоғыз жас келіншегі бар. Бала жігіт мұны елінен пайдалас қылып алып келген кісісі.

Бұлармен жақынырақ танысайық...

Бір қос болып жүретін бұрынғы төрт жігіттің.төртеуі де жасынан көздерін тырнап ашқаннан жұмыспен, бейнетпен көздері шыққандар. Бұлардың екеуі жасынан елде жүріп, әркімге жігіт болған Нілді, Спасс, Екібастұз зауыттарында жұмыс істеген еді.бетімен де жүріп, Нілді зауытында істеп, одан Екібастұз зауытына көшіп, сонда істеп, Екібастұз зауыты тоқтаған соң, Ертіс пароходтарынан қызмет іздеп, онда орныға алмай, осы Көкшетау, Қызылжар темір жолына келіп жұмысқа кіріп еді. Екіншісі елде де жүріп,одан Нілді келіп, одан қайта елге барып, жігіт болып, әр жерде кәсіп қылып жүріп, ақырында осында келген. Ал ана екеуі бұрын елде жалшылықта да болып, әркімге жанама жігіт те болып,енді осы темір ғана бойына келген еді.

Елде жағына жігіт, атарман болып зауыттарда да жұмыс қылған біреуінің есімі Хасен.

Хасен ұзынша бойлы, шүңірек үлкен сұр көзді, қыр мұрынды, атжақты, қаптағай, ашаң сіңір денелі, көселеу сұр жігіт. Жасы отызға таяған. Қатын-баласы, жинаған азын-аулақ қара-құра біздің елде. Өзі сабырлы жігіт, көбінесе шүңірейген сұр көзінің астынан қарайды. Көп бос сөйлемейді. Сөйлеген сөздерін аңдап, орнымен сөйлейді. Жолдастарына қадірлі, өйткені жолдасына кең етіп ойып берендей, өтірікке жоқ, бір сөзді жігіт, сөйлегенде, даусы дөнен қошқардың маңырағанына ұқсайды.

Күшті сіңірлі денесі сойған қасқыр тәрізді. Қол-аяқтарының, барлық денесінің көк еттері шор болып байланғандай. Безбеннің темір кеңірдегіндей.

Үстіне көк темір сауыт кигізіп, басына қарқаралы буғызып, беліне қанжар, сапы, садақ

байлап, қолына желекті көк найза беріп, өмілдірікті ақ боз атқа мінгізіп, «мынау, оқтан, оттан беті қайтпаған Хасен батыр» десе, көз тояр еді...

Қазір көйлекшең, дамбалшаң, белінде қызыл шүберек белбеу, басында қарақоңыр ескілеу қалпақ. Көйлегінің жеңдерін сыбанған, дамбалының балақтарын жоғары түрген, қолында темір күрек. Темір жолдың жер төсегінің үстіне шығып, атпен тасып әкеп төккен топырақтарды дұрыстап жаймалап түр. Мұның тұрған орны жер төсектің ең бір ойпаңдау жерге салынып жатқан тұсы...

Екіншісінің есімі Халкен. Бұл бұрын ауылда жалшылықта болған, қосшы бала болған. Бұл да ұзынша бойлы, кесе, сида арық, атжақты, жасықтау қара көзді, қыр мұрынды тарамыс қара жігіт. Жасы отыз бестер шамасында. Аяқ-қолы сойдиған. Көп іштемені онша парық қылмайтын жуас жігіт. Бірақ азырақ мысқылшыл, кесе болса да өңі ескі. Жұмсақ мінезді. Ашудың не екенін білмейді. Ашаң, сида, денесі май жаққандай, жып-жылтыр қара. Арықтаған дөненше қара нар тәрізді. Әйелі бар еді, алған жылының келесі жылында айрылысып кеткен. Енді бойдақ. Інісі мен шешесі, қарындасы бәрі елде.

Қазір Халкен көйлек-дамбалшаң. Аяғында жаман, бақабас орысша етік. Басында қоңыр бөрік. Белінде қоңыр қайыс белбеу. Көйлегінің жеңдерін сыбанған. Қолында жалаңдаған жүзі қажала-қажала аппақ болған темір күрек. Иіліп, ақ күрекпен кіршілдетіп қара топырақты күйретіп ойып тастап түр.

Үшіншісінің есімі — Сатай. Мұның бұрын ауылда істемегені жоқ. Талайды керген жігіт. Аласа бойлы, дембелше, мақарлау, аяқ-қолдары, саусақтары да қысқа, тырбиған, дөңгелек бет, бір жақ көзінің ағы бар, қарасұр жігіт. Жауырыны бүкірлеу, төңкерілген астау тәрізді. Жасы қырықтар шамасында. Он шақты жылдан бері кішкене қара мұрты бар. Бір алған әйелін қоя берген. Содан кейін алған әйелі, шешесі, інісі елде. Өзі бала күнінде байдың үйінің молдасынан едәуір оқыған. Өзі де молдалаумын деп жүреді. Бірақ езінің жазған хатын біраздан соң езі танып оқи алмайды. Қимылдары шапшаң. Жұмыссыз бір күн де қарап жүре алмайды. Жұмысқа өте мықты. Сөйлегенде жылдам, дабырлап сөйлейді. Бір сөзді қайта-қайта айтады. Ақкөңіл. Бірақ күйгелек. Ашуланғанда тіпті сөйлей алмайды. Булығып, күрмеліп, сөзін айта алмай қалады. Қулыққа, арамдыққа олақ. Аузындағысын жолдасына жырып береді. Yйінe көлдең кісіні шақырып әкеп қонақ қылады. Барам деген жеріне ерінбейді. Жүріп-тұруға өте құмар. Көпшіл, үлкендермен үлкендерше отыруға тырысады. Жастармен өзін жастарша ұстайды, «молдалармен кездессе, өзін молдаша», жорғармен кездессе, өзін жорғаша» ұстауға тырысады.Ұрылармен ұрыша да отыра алады.

Соңғы жылдары аз ғана қара-құра жасап алып, ауылда ел жұмыстарына да қатынасып жүрді. Қатынасқанда өз бетімен емес, ел адамдарымен бірге жүріп қатынасты. Ауылда бір үйге бір қонақ келсе, не бір үй той қылса, қонақ күтуге даяр тұратын Сатай болып та жүрді.

Қысқасы: қолына ақ сабау ұстап, Сатай ылғи ас берген ауылда даяшы болып жүру үшін туғандай еді. Осының бәрін бір сұмдықпен, қулықпен істемейді. Өзін-өзі сегіз қырлы, бір сырлымын деп ойлайды. Қолымнан келмейтін нәрсе жоқ деп ойлайды.

Сатай өзі көйлек-дамбалшаң. Көйлегінің сыртынан желбегей ескі, жыртық, шолақжең, сүр қамзолы бар. Басында ескі ақ елтері бөрік. Аяғында жаман қазақша етік. Етігінің қонышы қон. Басы ескі құба былғары. Қазір мұның да қолында жалаңдаған, қажалған өткір құрыш темір күрек. Самайынан тер ағып Халкенмен бірге темір күректі табандап, тұғжындап кіршілдетіп, қара жерді күйретіп жатыр.

Төртіншісінің есімі Әзімхан. Жасы отыз бестер шамасында, бойдақ. Орта бойлы, жауырынды, кеуделі, төсті жігіт. Беті сопақтау, жуан шоң мойын, дөңгелек қара көз, қырша мұрынды, қараторы жігіт. Дене бітімі нып-нығыз, тұп-тұтас, шойындай. Қалың қара сақалын күзеп, иегіне шоқша ғана сақалшық қойған. Қою қара мұрт. Қалжың, әзілдің гүлі. Ашуланғанда бет-аузының түктері едірейіп, қау тәрізденіп кетеді.

Бірақ ондай көп ашуланбайды. Даусы жуан, ашық. Сөзге өте құмар. Бірақ өте салмақты. Көп тыңдайды. Өзі бір әңгімені айтуға кіріссе, өте әдемілеп, бажайлап айтады. Бір қызық әңгімелерді айтып отырғанда, өзі сол уақиғаны сол сәтте қолымен істеп отырғандай суреттеп, жандандырып сөйлей біледі. Әзімханның қимылдары салмақты, жүріс-тұрысы марғау, сылбыр, түйенің жампозы, шудалы жайбасар қара атан тәрізді. Көбінесе бет-аузы, аңқау кісінің бет-аузындай. Бірақ ешнәрсені андаусыз жібермейді. Жұрттың көбі елемейді, бүл ішінен жіпке тізіп отырады. Әркімнің мінезін, құлқын бірер көргеннен-ақ әбден өзінше болжап алады. Өмірінде ерінген емес. Өте тәуекелшіл. Жолдасымен отқа-суға бірге түсуге ешуақытта іркілген емес. Қорқу, үрку Әзімханның. әдеті болған емес. Жай жұмыскерді басынып, қатынына қызығып келген залым ауылнай Шәкір мен арам милиционердің таюына себеп болған да осы Әзімхан.

Өте жақын жүретіндер ғана Әзімханның шын қасиеттерін әбден біледі. Өте сырлас болмағандарға, араласып жүріп, бірге істес болмағандарға Әзімхан оңайлықпен сырын бере қоймайды. Өзімен бірге туысқан ағалары да Әзімханның нағыз шын сипаттарын түгел білмейді, өзінің туысқан ағалары да оны тек қаңғыбас деп қана жүреді. Әзімханның бір ағасы етікші, бір ағасы егінші еді. Үйінде азын-аулақ күн көргіш малдары болса да, Әзімхан әр жерге жүріп үйренген еді. Анда-санда үйіне келгенде, бейшара кемпір шешесі Әзімхан үйде отырар ма екен деп, Әзімханның жолдастарына, құрбыларына жалынушы еді.

— Қарақтарым-ау, осының қатынын ғана алып берсеңдерші! Қатынын!.. — деуші еді.

— Кемеке-ау, қатынын алып берсеңдерші дейсіз. Мұның бір даяр тұрған қатыны бар ма еді бір жақта?.. Бұған әлі ешкімді өзіңіз айттырған жоқсыз... Қай қатынын алып берсеңдерші дейсіз? — дегенімізде Кемекең аңырайып тыңдап тұрып күлетін:

— Ойбай-ау, солай екен ғой. Әлі ешкімді айттырғанымыз жоқ екен ғой!.. Сөйтіп, осыған біреуді неге айттырмайсыңдар?.. Сөйтіп, осы иттің қатынын ғана алып берсеңдер екен! — дейтін еді тағы да.

Әзімхан хат таниды. Сатаймен ауылдас. Сатай оқыған Мақаңның ноғай молдасынан о да оқыған. Өзі жөнді жаза алмаса да, жазғанды жақсы таниды. Бұрын бала күнінде қиссаларды, өлең кітаптарды құмарланып, қонышына тығып жүріп оқушы еді. Қазір енді жаңа кітаптарды оқиды. Әзімхан өзінше аса сыншы. Әсіресе әйелдерді сынай біледі. Маңайында бір жерде бір атышулы сұлу қыз, не сұлу келіншек бар десе, Әзімхан соны барып бір көріп, сөйлесіп келмей қоймаушы еді.

Қазір Әзімхан көйлек-дамбалшаң. Көйлегінің омырауы, жағасы ашық, жалан, бас, жалаң аяқ. Жеңдерін, балақтарын түрінген. Белінде шыт шүберек белбеу, қолында темір күрек. Халкен, Сатай, Бұзаубақ үшеуінің күйретіп ойып тастап тұрған топырақтарын торы шолақ атқа жеккен шілік қорапты арбаға күрекпен жалғыз өзі салып тұр. Қырда құдық аршығанда шыңыраудан балшық атқандай қылып, топырағын текшелеп ойған төрт бұрышты кең шұңқырда тұрып, шұңқырдың қабағындағы арбаның қорабына бір қос қара топырақты лақтырып тұр. Міне, бұл — бұрынғы бір қос болып жүрген жігіттің сипаттары.

Енді, біраздан бері оларға келіп қосылған екеуінің үлкенінің есімі — Бұзаубақ. Баласының есімі Қаймолла. Бұл екеуінің елі жақын, отыз-қырық шақырымдай жерде. Бұзаубақтың жасы қырықтан асқа, қараторы, орталау бойлы адам. Арық, қалақша жауырынды, шоқша қара сақалды, тырбиған қара мұртты кісі, ұрты солғындау, шимай-шатпақ әжім. Жасынан керген ауыр бейнеттің барлық денесіне, бетіне, маңдайына,мойнына салған қатпар-қатпар айғыз-айғыз таңбалары шимай-шатпақ әжім. Айқыш-ұйқыш арықпен суарып салған егіннің ескі аңыздары тәрізді. Ес білгелі болған жапырық өркеш, ақ қаптал, өмірінде шыр бітпеген оқпақ қоңыр түйе тәрізді. Немесе, міну өткен ақ қаптал, ақ айыл, өмірінде жал бітпеген кедей Бұзаубақтың өзінің торы шолағы тәрізді. Ес білгелі арқасы жұмыстан, бейнеттен босамаған адам. «Жүрмеген есігі жоқ. Өтпеген тесігі жоқ. Бұл ноғайға да жүрді, орысқа да жүрді. Саудагер байдың Сібірге, Нижанға, Мақаржаға мадарын да апарысты. Егінші байлардың егіндерін де алысты бұл. Ел қазағының есігінде жүріп те ісі жоқ. Қаладағы орыс, ноғай байларының ат қораларында да қызмет қылып, атшы қызметтерін де атқарды бұл. Ақырында бір-екі жыл Көкшетаудағы алтын зауытында жұмыс қылды. Қысқасы, Бұзаубақтың көрмегені жоқ. Жұмыс қызғанда шаршауды білмейді. Қимылы өте шапшаң. Мінезі қимылынан да артық шапшаң. Айтайын деген сөзін бетің бар, жүзің бар демейді, айтып салады. Тез ашуланады. Шақылдаған дауысы аш күзеннің айғырындай. Тілі де ащы. Қандай өзінен әлді, күшті, бай, ұлық кісі болса да қорлағанын көтере алмайды. Біздей жүйрік, тұздай ащы тілін салып алады. Бірақ білімі жоқ. Білімім жоқ деп ойламайды. Диуаналау, аянып, именіп, бұғып қалмайды. Қанша пысық болса да ақ көңіл,аңғалақ. Арамдықты білмейді. Қулыққа жоқ. Табен ет, маңдай терімен тапқан-таянғанын беріп алған қатыны өлген. Одан туған екі баласы бірдей өлген. Одан кейін екі жаман қатын кез болып, біреуі бұзылып өзі кетіп қалған. Біреуінің ойнасын ұстап алып, Бұзаубақтың өзі тастаған. Содан 1922 жылы бір нашардың үш-он төрттердегі қызын «қараның жөнін беріп» әйелдікке алған. Қазір енді онысы он сегіз-он тоғыз жасқа келіп, Бұзаубаққа қатын болып отыр. Әлгі Шәкір ауылнай мен милицияның іздеп келгені осы келіншек еді. Елде, әркім әйеліне қызығып, жәбірлеп, мазалай берген соң, бір әкеден туысқан інісі қарайласпаған соң, жөне елде отырып, тек мал бағып қана отырып күнелтуді киын көріп, Бұзаубақ енді темір жолға келген. Бұлар енді темір жолға келгенде, салт келмеген, жалғыз торы шолақ атын арбасына жегіп, баспана қылып отырған жыртық құрым шоқпытты қосын артып, қатынын алып, бір ауылдас момын адамның он жеті-он сегіздегі баласын серік қылып, екі бұзаулы сиырын темір жолға ала келген. Келген соң ана төрт жігітпен сөйлесіп, солармен үйлесіп, солармен жұмыстас, оттас болған...

Қазір Бұзаубақтың үстінде көйлегінің сыртынан киген ескілеу желбегей қара бешпенті бар. Бешпентінің сол жақ жеңінде сынық сүйем қызыл шүберегі бар. Жағасында қаңылтыр таңбасы бар. Онысы мопр белгісі. Бұтында дамбал. Аяғында қонышы салбыраған, ұлтарған ескі қазақша жаман етігі бар, басында қарамен тысталған ескі қара сеңсен бөрік. Тымағының екі құлағын қайыра көтеріп, бауын желкесіне байлап қойған. Алыстан ербиген қарақшы тәрізді. Қолында темір күрек. Самайынан кірлі тер ағып, оттастарымен бірге сықырлатып қара жерді кертіп, күйретіп жатыр.

Бесеуі, темір жолдың жұмыс басқарушысымен сөйлесіп, келісім қылып, өлшеп алған, ұзындығы үш саржын, көлденеңі бір саржын, тереңдігі бір кез жерді Халкен, Сатай, Бұзаубақ үшеуі күрекпен кертіп, ойып жатыр. Әзімхан түскен топырақты жинап, бір жақ шетіне тықсырып әкеп, сол жерден құлаштап қорапты арбаға толтырып тұр.

Бұзаубақтың баласы бір аяғы ақсақ, мақарлау, бетінде шешектің дағы бар, сұрлау бала. Ол көйлек-дамбалшаң, басында тысы әбден шоқпыттанып жыртылып, білтеленіп жүні шыққан, үйтілген ескі қоңыр елтірінің сілемі, жаман бөркі бар. Әзімханның салып берген топырағын, Бұзаубақтың торы шолақ жеккен қорапты ағаш арбасымен темір жол төсегіне, Хасенге тасиды. Хасен баланын арбамен әкелген топырағын төккізіп алып, жөндеп жаймалап тұр.

ЖАҢА КҮЙ, ЖАҢА БИ

Құмырсқаша қыбырлап,.ойпаңды биіктетіп, көлденең белесті кеміріп, темір жолға тапжылмайтын төсек салу үшін ұзыннан-ұзақ шұбалып, қара жерді талқандап, жапа-тармағай қимылдап жатқан өзіндей еңбекшілерге Әзімхан қарап тұрды.Әр жерден қысқа-қысқа сөздер, ат айдаған дыбыстар естіген. Шөмеңдеп тартқан арбалы аттардың арбаларының, дөңгелектері сықырлаған дүрсілдеген, біреуді-біреудің шақырған дауыстары естіледі. Тас қапқан көк темірлердің,темір күрек,ауыр саймандардың, жер қапқан темір күректердің, қатар-қатар, кезек-кезек кірш-кірш еткен күйлі дыбыстары естіледі. Әзімхан айнала қарап тамсанды... Жаздың мынау әдемі жібек нұрлы күнінде қара жерді, ойды, қырды қаптаған кестелі жасыл кілемдей, желбіреген жібектей, мынау қалың көктің ортасында, мынау күмістей заты, жұпар исі жан мен тәнді мас қылған тұнық ауаның ішінде, заты қосылып, естіліп тұрған дыбыстар еңбек күйі тәрізді. Өлшенген жол бойында шұбалып, жапа-тармағай өлшеулері қимылдап жатқан жұмыскерлердің, арбалы аттардың ырғақты қимылдары еңбек биі тәрізді көрінді Әзімханға.

Қазақстанның кең даласында, алыс түкпірінде жатқан,өз бетімен жүрен сияқты бейғам жұртқа, бұрын байқамаған, сезбеген күйді сездіріп, көрмеген күйді, естіртіп, көрмеген биді естірткен, көрсеткен, алысты жақын қылған, сөзі мен даусы жер жарған, қалың еңбекші қазақтың налып, өзінің маужыраған, ұйықтаған ару даласының ұйқысын ашқан, отарба деген күңгірт сезім Әзімханды қозғады...

Шынында, міне отарбаның жолын қазақ жұмыскерлері түзетіп, аударып салып жатыр. Жаратылыстың, қара жердің міндерін түзеп жатыр. Темір жолға. Қолайсыз ойпаң жерлерді биіктетіп жатыр. Тым биік жерлерді қазып, аласартып жатыр. Тіпті бөгет болатын белестерді қақ жарып, кертіп,темір жолға, оқпандап тапжылмайтын жер төсек салып жатыр.Қараңызшы!.. Мынау жер қазған, жер жөндеген, бір мөлшермен шұбалған үш жүз жұмыскердің мөлшермен, ырғақпен жұмсаған темір күректерінің, ауыр қайла, ауыр кетпендерінің, балғын шомбал сүймендерінің,үзілмей естіліп тұрған дыбыстары, оған қосылған өзге дыбыстар күй емес пе? Үш жүз жұмыскердің мөлшермен шұбалып,мөлшермен тұрып, мөлшермен, ырғақпен қимылдап жатқандары би емес пе?.. Сырт-сырт, шақ-шақ! Кірш-кірш, тақ-тақ, дүрс-дүрс, сырт-сырт, кірш-кірш!.. Міне, бүл дыбыстар шынында би емес пе?

КҮН БАТАРДА...

Күн еңкейді. Оңтүстіктен ақырын ғана майда жел білінді. Еңкейген алтын күннің лебі денеге жібек торғындай жұмсақ тиді. Күні бойы жаздың қою жұпар исіне барлық дене балбырап, май сияқты еді. Енді, торғындай майда ескектің жібектей жұмсақ гүлден алған жас демі балбыраған денені сергіте бастады. Қызыл күннің алтын нұры өте жұмсарды. Ақырындап ескен майда ескектің жұмсақ лебі адамның бетінен жұп-жұқа, нәп-нәзік үлбіреген жібекпен ақырын желпігендей сипайды. Сүйген нәзік сұлудың ақырын қалтыраған жұмсақ деміндей тиеді...

Күн аспан мен жердің шендескен шегіне салбырады. Күні бойы ыстық күннің шыжытқан лебімен буланған семіз жердің жұмсақ, жылы, жұпарлы май сасыған лебі енді қоюланып шыға бастады. Нәзік, жұп-жұмсақ жібектей бетке, мойынға, барлық денеге оралып тұрған торғын ескек те енді біраздан соң басыла қалды. Күмістей тынық ауа тұнжырап тынды. Қиырдағы қара жерге еңкейіп, төмендеген қызыл күннің алтын нұры әлсіреп, қызыл күн бұрынғысынан да қызарды... Жер шетіне қырынан келіп мінген күн қалтыраған алтын нұрын жер үстіне алтын өрмекше жайды...

ЖҰМЫС МЕЗЕІЛІ БІТКЕНДЕ

Орта бойлы, жирен мұрт, күрең орыс арбаның үстінде тұрып, айғай салып, қаңылтыр легенді қайың таяқпен даңылдатты. Жұмыскерлер жұмыстарын тез доғара бастап, айғайласып, самбырласып қозғалысып, басқаша қимылдасып қалды.

Сөйтіп, ол күнгі жұмыс бітті. Жұрт күректерін, кетпендерін, қайлаларын алып, кейбіреулер иықтарына салып, кейбіреулері жай таяқша ұстап, үздік-создық шұбырып, самбырласып жатақтарына қайтысты. Бірінің омыраулары алақ-салақ, көбі киімдерін бағанағыдан да азайтыңқырап, денелерін ашыңқыраған. Кеуделерін жалаңаштаған, кейбіреулер көйлектерін де шешіп алған. Жалаңаяқтары да бар. Әр түрлі қалпақты. Әр түрлі бөрікті. Тымақтылар да көрінеді. Бастарына тек орамал тартқандар да көрінеді. Жалаңбастары да бар. Көйлегі барлардың көбі білектерін түрінген. Күн қарыған, жел қаққан,тотыққан бет-ауыз, аяқ-қолдары тағы да термен, қара топырақпен қарайыңқырай түскен. Кейбіреулер қатарласып, самбырласып сөйлесіп келеді.Біреулер ойнап, бірін-бірі келемеж қылып келеді. Кейбіреулер үндемей, жай ғана келеді.

— Ей, ей, қақтықпа, қақтықпасайшы! Жынды немемісің өзің! — деді бұқа дауысты біреу.

— Құж, құж! — деп келемеждеді оны біреу. Бірнешеуі күлді.

Сары сақалды жапырақ қазаққа бір сида жігіт қалжыңдап:

— Уай, Маускеңнің сүйменінің басы мұқалып қалыпты.онысы несі ей? — деді.

— Уай, сендерді... Мен құсап қазсаңдар сендердікінің басы нұқылмақ де дәнеме қалмас еді! — деді Маусымбай.

— Уа-ай, мақтанғаныңмен, сүйменің шолтиып, қысқарып ғой! - деді анау.

— Қысқарса да, сендей қатпадан терең ояды! — деді Маусымбай.

— Ха-ха-ха-ха! - тағы ду күлді бірсыпырасы.

Бітік көздеу, жылмағай сопақ бет, бозғыл жігіт жымиған сияқтанып келе жатты күледі. Сида қара жігіт енді оған келіп қақтықты. Жылмағай бет жігіт оны жақтырмай қалды. Түсін суытып алды. Сида қара жігіт оның түс суытқанын елемеді.

— Қалай, Тәжен, шаршадың ба? — деді.

— Е, шаршасам бірдеме берейін деп пе едің! — деп торс ете

Саида қара жігіт тәлкек қылуға ыңғайланғандай болды.

— Антұрған, шаршама, шаршасаң келіншегіңе ие бола алмайсың! — деді.

— Е, соның күйігі саған түсті ме! — деп Тәжен шақ ете түсті.

— Ха-ха ха-ха-ха!

Тыңдап келе жатқандар ду күлді.

— Ей, Хамза, Тәженді не қыласың қажап, оның өзінің терісі жұқарып жүрген жігіт, ертең рабочкомға айтады ол! — деді бүйрек бет, шолақ танау, ала көз қара жігіт келемеждеп.

— Ей, Сапақ, сен тиіспей жайыңа жүр!.. Сенін, бейбастақтығыңды мұнда ешкім көтере алмайды. Мұнда Орынбайдың ауылы жоқ! — деді Тәжен.

— Әй, қойсаңдаршы, соқтықпай осы! — деді ұзын бойлы қарасұр қазақ.

— Е, қуық па еді бүл! — деді Сапақ күліп.

— Әй-әй, күресті қара, күресті қара! — деді бір бала. Екі жігіт алыса түсіп, апыр-топыр тырбайысып жатыр еді.

— Болма, болма, Халкен!.. Қайыр, қайыр!.. Шалып ал!.. Шалып ал!.. Е-е, сілте, сілте... Е-е, әуіп! — деді біреулер.

— Уа, құдай атқыр, Халкеннен жығылып қалды! Халкеннен жығылып қалды! — десті.

Халкеннен жығылып қалған тышқан көз қара жігітті бір топ жігіт күліп мазақ қылды.

Қызылжар — Азат жақтан күрсілдетіп, ентігіп, ауаны жаңғыртып ақырған отарбаның дауысы шықты. Салып жатқан темір жол жер төсегінің бойымен жатақтарына қарай қаптай шұбырып келе жатқан жұмыскерлер отарбаның дыбысына аңырайып, бастарын көтерісе қарасты. Бұрынғы жолмен жаңа салынып жатқан жолдың бұл жердегі арасы жүз елу қадамдай еді.

— Отарба келді!.. Отарба!.. Пойыз келеді! Пойыз! — десті.

Қатар қосбақталған темір жолдың өкшесіне, отарба келе жатқан жаққа қарасып, жұмыскерлер топырласып, көпшілігі солай қарай тігініп, самбырласып сөйлесулерін көбейтті. Отарба да белестен асып, жұмыскерлерге қарсы, түтіні кейін будақтап, гүрсілдеп, ыңқылдап шыға келді. Шыға келіп жүрісін жайлатып, шұбалған қою жалбыр жалы жер соққан қара айғырша қою түтіні будақтап, ентігіп келіп, жұмыскерлердің қабаттасып, шұбалған ортасына тоқтады. Жүк пойызы екен. Тіркелген, ылғи терезесіз, салдыраған, дүрсілдеген, қызыл арбалар. Темір жолдағы жұмыскерлерге нан, шай, басқа керекті нәрселер тасып беріп жүретін Максим деген қоңыр сақалды орыс, есігі ашық тұрған бір қызыл арбадан жерге секіріп түсті.

— Қане, жігіттер, нан келді! — деп айқайлай түсті.

Жұмыскерлер Максимді көргеннен-ақ нан келгенін білгендей, жүгіре басысып, шуласып, тобырланып, пысылдап тұрған отарбаға келіп анталады.

Күлісіп, кейбіреулер:

— Е-е, Максим, аман ба... нан келді ме, ой, сорлы, көде сақалың-ой!.. — десті.

— Нан!..Нан!.. — десті екінші біреулер. Жұмыскерлер Максимді тез қамап алды. Максим да кейбіреулерімен амандасып жатыр. Жұмыс басқарушымен Максим қол алысып амандасты.

Максим қайта секіріп вагонға мініп, вагонның ішіндегі тақтай сөкінің үстіндегі лық толған үлкен бөлке нандарды алып бермек болды.

— Қәне, жігіттер!..Захар, әкел арбаларыңды! — деді.

Басқарушы қорапты арбаға кісі жүгіртті. Керсеңдей-керсеңдей бөлкелерді санап, үйіп жатыр.

Тез нан беріп болып, отарба бір ақырып, дүрсілдеп, пысылдап жүріп кетті.

Жұмыскерлер жөңкіген бойымен келіп, бұрынғыларындай басқарушылардың қолынан тиісті нандарын алып, бұрынғы жолдың түзетіліп көшулерге бунағының екі жағына шұбатыла салынған өзді-өздерінің жатақтарына үйір-үйір болып тарады...

«ШАБДАР АЙҒЫР»

Айтқандай, «шабдар айғыр»деп қалжыңдап қазақ жұмыскерлері бір жұмыс басқарушыны айтқан еді. Содан бері жұмыс басқарушы Захар орта бойлы, дембелшелеу келген, жүндес келген адам. Қабақтары үрпек ақ шабдар, анда-санда бір күзеп жүретін сақалы, күзеусіз мұрты бар, шал-жирен еді.Жұмысқа шақырғанда доғаратын уақыт болды дегенде қаңылтыр дегенді дыңғырлатып дауыстайтын болғандықтан, Захарды қазақ жұмыскерлері «шабдар айғыр» деп атап кеткен еді...

ЖАЗДЫ КҮННІҢ БАТУЫ

Сәулесі жарқыраған қызыл күн қып-қызыл алтын табақтай болып, көктен салбырап келіп, аспан мен жердің қиырындағы шендескен қыстырылды. Жердің қиыр шетіне қырынан селіп тұрған қызыл күн, шұбалған жібек өрмегін жинаған сұлуша жер дүниеге шашылған алтын нұрын қалтыратып, асығып жинай бастады. Қызыл күннің қалтырай жүгіріп жиналған алтын нұрымен айрылыса бастаған жасыл жердің сұлу жүзі құбылып, демде мың түрге түсті. Ойды, қырды, даланы теп-тегіс тұтасып қаптаған қою жасыл қалың шөп дүниені қаптаған жасыл теңіз тәрізденді. Қазір батып бара жатқан қызыл дүниенің нұрымен ойнап, жасыл теңіз мың түрлі құбылды. Мың түрлі құлпырды. Құбылып, ақырын толқығандай болып тұрды.

Аспан мен жердің шендескен арасына қырынан тұрып қыстырылған қып-қызыл алтын табақ, қыстырылған араға жылжып, жартылап кіріп, тағы да жылжыды. Алтын нұрының, ақырғы ұшықтарын аспанға шашыратып, жартыланған қызыл табақ қыстырылған екі араға ақырын ғана жылжып жоқ болды...

Ойы, қыры, даласы жап-жасыл болып тұтасқан жердің жүзі енді жасыл емес, қаракөк теңіз тәрізді болды. Қаракөк теңіз құбылып, бірте-бірте қошқыл тарта бастады...

КЕШКІ ШАЙДА

Жұмыскерлер өзді-өздерінің жатақтарында қыбырласады. Дабдырлаған, күңкілдеген сөздер естіледі.

Шабдар айғырдың күркесінің жанында жалпыға бірдей қазандық бар. Қазандықта екі мыс қазан бар. Жұмыскерлерге күніне үш рет: таңертең, түсте, кешке мыс қазандарда су қайнатылып қойылатын еді. Жұмыскерлер үш мезгіл шай-суын содан алатын. Ал өзге бөлшек астары болса, әр қос, әр үйір өз беттерімен бөлек-бөлек істеп ішетін. Қазір енді жұмыскерлердің әр қосынан, әр үйірінен бір-бір кісі шай ыдыстарын, шәйнектерін алып, үздік-создық жүгірісе басып, қазандыққа келіп, қайнаған су алып кетіп жатыр.

— Ей, ей, Отарбай, Шабдан, ана Тәженнің қатыны суды сыртына төкпесін! Шәйнегін шүмекке дәл төсесін! — деді күліп, банағы Сапақ деген шолақ танау жігіт.

— Саған да жетер, танауыңа құятын болсаң суды! Шүмекке сен танауыңды төсе! — деді қайнаған мыс қазанның шүмегінен су ағызып алып жатқан Тәженнің қатыны Жәмила деген қызыл келіншек.

— Ха-ха-ха-ха!.. Oh, oh, оһ!

Су алуға тұрған қазақтар ду күлді.

— Ал, ал, ана Иванның Марфасы келеді дәу бақырымен, Иванның Марфасы келеді қара бақырымен! — деді біреу.

— Марфа, сенікі бедре үлкен, кипяток коншал! Сенікі бедре бәрін әкетеді! — деді тағы да Сапақ.

Сапақ бұл «орысша» сөзді тауып айттым дегендей, ақылды түрмен күле сөйледі.

— Сам ты үлкен бедре, шайтан! — деп, Марфа күліп кеп тұрды.

— Ай-ай-ай, ана сұмырай барады, ана сұмырай барады! Ал сұмырай суды құртады! - деп бір барақтың алдындағы біреу

Сұмырай дегені, бір үлкен қол бақыр алып қазан қасына келе жатқан бір арық қауқиған сұр жігіт екен.

— Уай, бұлтиған көзіңді ұрайын, сен сұмырай!.. — деді ол.

Жапа тармағай, әр күркенің жанында жұрт бүкшеңдеп,шапшаң қимылдасып, жуынысып жатыр... Жуынып болғандары күркелерінің шай жабдықтарын жасап, дастарқан орнына ұстап жүрген кір-кір шаршыларын, орамалдарын, кенеп қаптарын жайып, нандарын турағалы даярласып жатыр. Қатын-қалашы бар қостардың шай жабдықтарын қатындарын, балалары даярлап жатыр.

Темір жолдың екі жағында шұбалып, иіріліп, мошап жатқан қалың қалашыдай жұмыскерлердің жатақтары жұмыскерлер қайтқан соң жанданып, қыбырласып жатыр.

Аты барлары аттарын доғарып байласты. Азын-аулақ сауын сиырлары жатаққа оралып, бұзау байлаған үйшіктерінің, күректерінің жандарына келді.

Темір жолдың күнбатыс жағында ойпаңдығы жасыл құрақты көлшүмекке екі-екіден жұптасып алты үйрек бірінің соңынан бірі келіп қонды. Бұзаумен кеткен бір сиырды қайырған баладан үйректер шошып, дарылдап, қырылдап қайта ұшты.

Жұмыскерлер күркелерінің жандарында, үйір-үйір болып, тіреліп отырып, дабырласып, шай ішуге кірісті. Күні бойы жұпар иісті тұп-тұнық ауадан дем алып жүріп істеген жұмыстан кейінгі қара нанмен ішкен қара шай өлшеусіз дәмді көрінеді.

Жаңа ғана батқан күннен кейінгі мезгіл жұп-жұмсақ қаракөк барқыттай еді. Жазғы жарық ақ саңлақ аспанның астында, сондай кешкі мезгілде ашық ауада отырып ішкен ас балдан тәтті көрінді...

БҰЗАУБАҚТЫҢ ҚОСЫНЬІҢ АЛДЫНДА

Біздің Хисендердің қосы шайды өздерінің күркесінің жанындағы Бұзаубақтың күркесінің алдында ішіп отырды. Бұзаубактың күркесі құрым, шоқпыт-шомыт оранған кішкене қара қос. Сол қара қостың алдында Хасен, Халкен, Әзімхан, Бүзаубактың өзі, ақсақ, баласы, қатыны — бәрі дөңгеленіп, кеңінен малдастарын құрып, шай ішіп отыр. Күйе басқан үлкен қара шәйнектен жігіттерге шай құйып беріп отырған Бұзаубактың келіншегі. Жұмыскерлердің шай ішіп отырған ыдыстары әртүрлі: бірінде көк қаңылтыр тұтқалы шұңқыр, бірінде жамаулы кесе, бірінде шыны аяқ. Бәрінің де үстіндегі киімдері манағы қалпы. Астарына салғандары Бұзаубактың жыртық ескі сырмағының сілемі мен бір кір-кір жамаулы көрпесі және бір кенеп қап. Сатайдың астында өзінің үлкен ескі қоңыр шекпені. Алдарына жайылған, ортасының алақандай жері үлдіреп тесілген, Бұзаубақтың ескі бір кір қоңыр дастарқаны. Шынында бұрын дойбы үйінің түріндей өрнекті көк дастарқан еді. Бұзаубақтың үйінде біраз жыл өмір сүргеннен кейін түсі қошқыл қоңырға айналған. Бұзаубақтың келіншегі бір тізерлеп шай құйып беріп отыр. Табақсыз, қара ала шыны аяқтың шұңқырымен өзі де шай кұйып ішіп отыр. Ортасы тесік, кір мен май сіңген қоңыр дастарқанның үстінде қалай болса солай тілініп, жұлынып, үзілген бөлке нан үйіліп жатыр. Көмейлеп шайнаған нандарын жұмыскерлер сылпылдатып сиырша сораптап ұрттаған шым-шым сумен айдап, өңештеріне тықпалап отыр...

БҰЗАУБАҚТЫҢ КЕЛІНШЕГІ

Келіншегіне таяу отырған Бұзаубақ абажадай құлақтарын көтеріп, серейтіп, қалқайта байлап қойған тер сіңген қара қоңыр тымағын бір қолымен көтеріп, қисайтыңқырап, маңдайының қара терін ағызып сыпырып тастады. Шайын тауысқан шыныаяғын келіншегіне бере беріп:

— Шығара күй, шығара құйсайшы шайынды! — деді. Келіншегі Бұзаубаққа қарап:

— Шай шықпайтын шай... — деді.

— Неге шықпайды?.. Ауданнан әкелген кооперативтің шайы шықпай ма екен? — деді.

«Кооперация» деген сөзді Бұзаубақ дұрыстап айтам деп — «кәпірәтсиә» дейтін еді.

Келіншегі:

— «Кооперация» болса да шықпайды, — деді.

Келіншегінің есімі - Гүлия. Он сегіз-он тоғыз жаста еді. Орта бойлы, талдырмаш, қызыл шырайлы, тобылғы торы еді. Келіншектің әдемі маңдайын көмкерген екі қасы қарлығаштың қиылған қанаттарындай, қап-қара, сүп-сүйір, дөп-дөңгелек екі көзі де қап-қара мөлдіреген қарақаттай, мұрны түп-түзу еді. Иілген сүп-сүйір екі қасы өрімдей солқылдаған, қиылған жіп-жіңішке көзіне түскен қалың қара шашы шумақтаған жібектей. Мінезі салмақты. Көп сөйлемейді. Кісі көзінше отырғанда,тұрғанда мінезі бағып, аңдап отырады. Бірақ онысын кісіге сездірмейді. Асығып сөйлемейді. Асығып жүрмейді. Сөз сөйлегенде әрбір сөзді созып, баптап сөйлейді. Шешесі жасында өлген. Әкесі өте жарлы болып, он үш-он төрт жасында Гүлияны Бұзаубаққа алты қараға бергеніне, міне төрт-бес жыл болды. Сұлулығының және жастығының себебімен Бұзаубақтың қолына келгелі талай әңгімеге ұшырады. Гүлия Бұзаубақтың баспанасына ие болып, Бұзаубақтың тапқан-таянғанын жинап, үсті-басын жамап, екілі-үшті сиырын сауыр, әйел болып отыр. Үсті-басы бүтін. Бұзаубақтың тапқан-таянғаны Гүлзияны аш-жалаңаш қылған жоқ. Үстінде қазір көнелеу, жеңсіз қара сәтен бешпент. Қайынның жапырағы түсті шыт көйлек. Басында кішіректеу, ескілеу жасыл түсті шәлі. Аяғында көнелеу кебіс-мәсі. Бұзаубақтың жаман киіз тоқымының үстінде бір тізерлеп отырып, жұмыскерлерге үлкен қара шәйнектен шәй құйып беріп отыр.

Жұмыскерлер жайласып, нанды күрсілдете соғып, шайларын ұрттап отырды. Хасен мен Сатай дастарқанның төр жағында, Сатайға таяу Әзімхан мен Халкен,оларға таяу шәйнектің бір жағында бала Хасеннің сол жағында,келіншегіне таяу отыр.

ДЕМАЛЫС КҮННІҢ АЛДЫНДА

Сатай Халкенге, Әзімханға қарап:

— Шай ішіп болған соң бағанағы еттеріңді асыңдар... Көгенкөзденбей! — деді.

— Асармыз... Асылар... Азғантай ет қой... — деді Халкен.

Сатай жамаулы ақ кесесін Гүлияға қарай соза тастап:

— Е, азы несі?.. Азы несі?.. Жарты ет емес пе еді алғандарың, жарты емес пе еді?..- деді.

— Қайдан жарты ет болады, шолақ сан мен торт тал қабырға? — деді Әзімхан.

— Ей, не дейді мына көгенкөздер?.. Түу-түу!.. — деді Сатай.

Шайын ұрттап, нанын шайнап Халкен ыржиып күлді.

— Ей, батыр-ау, бағана жарты етін алмап па едіңдер? — деді Бұзаубақ.

Хасен Гүлия кұйып берген шайды Бұзаубақтың қолынан ала беріп:

— Еттен тіпті құр қала жаздаған ғой, аңырайып жүріп. Онанда, тез шайды ішіп болып, андып тұрып, тағы да ет алыңдар. Азаттан қазір қасапшы ет әкеледі. Ертең демалыс, жұмыс қылмайтын күн. Қазір қасапшы ет әкелуге тиіс... — деді.

— Ә-ә... Солай екен ғой... Солай екен ғой... Сүйтіңдер, сүйтіңдер... Тез ішіп болыңдар шайларыңды. Тез ішіп болыңдар!.. Енді көгенкөзденбей тағы да, — деді Сатай.

— Қайыр... сүйтейік, — деді Әзімхан Халкенге қарап. Бұзаубақ Хасен мен Сатайға қарап қойып, Әзімхан мен Халкенге:

— Жарайды, ет әкелсе, енді құр қалмай, алдын ала аңдып тұрып ала қойыңдар! — деді.

Сатай:

— Енді он қадақ алыңдар! — деді.

Халкен:

— Он қадақ көп болмай ма? — деді.

Сатай:

— Көп болмайды... Көп болмайды. Түу, ой, ақымақ!.. — деді. Жұмыскерлер Сатайдың сөзіне күлісті. Халкеннің өзі де күлді. Хасен күліп, Халкен мен Әзімханға:

— Көп болмас, енді он қадақ алып асыңдар, Сатекең, ертең демалыс болғанға бір тояйын деген ғой! — деді.

— Е, сендер жемессіңдер, көгенкөздерім! Аш бүркітше соғарсыңдар... — деді.

Сүйтіп отырғанда, Азат жақтан, темір жолмен қатарласып жатқан телеграмм бойының қара жолымен белестен асып, қылаң атқа қорапты арба жеккен біреу шыға келді.

Әзімхан:

— Ойбай, әне етші келеді екен, ал, жүр, Халкен, жүр!.. — деді.

Шай ішіп отырған тұтқалы шұңқырын тастай беріп, түрегелді.

Белестен асып келе жатқан арбалыға бәрі де қарай қалды.

— Рас!.. Рас!.. Ие!.. Ұмтылыңдар!.. Ұмтылыңдар!.. — десті үлкендері.

Халкен Сатайға:

— Сен өзің де барсайшы, Сатай!.. Еттің тәуірлеу жерін көріп, таңдап алмасаң мыналар бозарып тұрып, тәуір жерлерінен ала алмай жүрер! — деді.

Сатай асығып, қалған шайын аузына толтыра-толтыра ұрттап-ұрттап жіберіп, кесесін қоя салды да;

— Е, мына көгенкөздер есуас деймісің, етті көріп ала алмайтын. Он қадақ етке бәріміз барамыз ба? Он қадақ етке? — деді.

Әзімхан мен Халкен күліп:

— Жүр, Сәтеке, ендеше үшеуміз барып әкелелік!.. Көңілдерінде ет болмаса, тағы да бізге сөйлей берерсіздер!.. — деді.

Сатай.

— Түу, түу мына иттер дейді... Бара беріңдер! Кездерің жоқ па, тәуір етті көріп алатындай? -деді.

Әзімхан мен Халкен:

— Жүрсейші енді, нең кетеді!.. — деді қылжақтап. Хасен де:

— Ей, барсайшы енді, әні, қасапшы келіп қалды! — деді Сатай.

Халкен:

— Ендеше біз де барамыз!.. — деп күлді.

Бұзаубақ:

— Ей, батыр-ау, енді құр қаласыңдар ғой! — деді.

Сатай Халкен мен Әзімханға:

— Түу, барсаңдаршы енді тұрмай!.. Онысы несі жынды кісідей Ыржиып күледі ғой. Ақымақ! — деді.

Өз арада Бұзаубақ та, Хасен де шәй ішіп болды. Гүлия ыдыстарын жинай бастады. Әзімхан мен Халкен Сатайға күліп қасапшыға жөнелді. Қасапшыға басқа үйшіктерден де жұмыскерлер өздеріне кеп ұмтылды.

Бұзаубақ келіп, күркелердің шетіне тоқтады.

— Ал, ет келді!.. Ет келді!.. деп біреу дауыстады. Лезде қасапшыны жұмыскерлер қоршап алды...

Біртіндеп жылжып, төңірек күңгірттене бастады. Күнбатыс жақ әлі де аппақ саңлақтанып тұрса да, күншығыс жақтан қошқылданып, түннің қаракөк көpiнe бастады. Ойды, қырды басқан жұқа көлеңке ақырындап күңгірттене берді...

Қасапшының етін жұмыскерлер лезде быт-быт қылып бөліп алыпты...

Ертең демалыс болған соң, жұмыс қылмайтын күн болған соң заттары барлардың кейбіреулері аттарын жегіп, жақындағы елдерге жөнеліп бытырай бастады. Кейбір орыстар Азат поселкасына кетіп жатыр. Ешқайда бара алмайтындардың көбі тамаққа тойып алып, жатудың қамын ойлап жатыр... Ертең демалыс болған соң жұмыскерлер бүгін тіпті жұмыс қылмаған тәрізді. Бәрі қыбырласуда...

КЕШ

Сол күннің. кеші де өзінше әдемі еді... Аспан шатыр қылып жайған кіршіксіз таза көкжасыл торғындай. Мың миллион, сансыз алтын жұлдыздар — көлемі кен көк торғынға жыпырлатып қадаған сансыз алтын шеге тәрізді, бырдай болып, құлпырып ойнап, жылтылдап, алтын сәулелерін шашады. Жылтылдаған жұлдыздар, үнсіз сұлу күймен, қиырсыз көк мұхитында от шашып қалқып ойнайды. Жер жүзі тым-тырыс, үн жоқ, тыныс қылып, ақырын маужырап қалғыған тәрізді. Тек жұмыскерлер жатағының үйшіктерінің жандарында, жылтыраған оттардың маңдарында ғана ақырын күңкілдеген, ақырын күлген дыбыстар естіледі.

Кей жұмыскерлердің бірен-саран сауын сиырлары да үйшіктердің жандарындағы бұзауларының қастарына келіп жатып, тыныштыққа кіріскен. Тек жұмыскер аттар ғана көрінбей, жайылып өріске кеткен. Жазғы түннің жұмсақ күнгірт мұнары жер жүзін қаптаған. Темір жолдың күнбатыс жағындағы көлшүмектен ақторғындай женіл мұнарланып, қалқып бу көтерілген. Ойды, қырды қаптаған бітік, қалың жасыл шөп қазір күнгірт, қошқыл түбіт тәрізді.

Күнбатыста әлі де ақшамның ақтаңлағы жоғалған жоқ. Жер жүзіне, қалын жұмсақ балдыр шөпке мөлтілдеп, жалтырап шық түскен. Күндізгі қызыл күннің шыжытқан бұлауынан жер жүзінің жаңа ғана мөлдіреп салқын тері шыққан тәрізді. Көздің жасындай, шараптың шашыраған жауһарындай мөлдіреген түнгі шық, жер жүзіне шашқан гауһардың, ұшқыр құмындай құлпырып, неше түрлі от шашып ойнайды. Аспандағы бырдай болып нұрын шашқан жұлдыздар, жер жүзінің мөлдіреген шығымен шағылысып ойнайды. Көктен жерге жасыл ала гауһарлы нұр шашып құлпырады. Аспан теңізінде қалқып, қара жерге гауһардың отындай құлпырған сәулелерін шашып ойнаған жұлдыздар, көк мұхитта, үнсіз күймен, сұлу бимен жалтылдап ойнаған сияқты. Адам баласының тұрмысын жолында күні ұзын бейнет қылып жер қазғандарға, жол түзегендерге сауық қылған тәрізді. Солардың қазіргі кешкі тыныштарында сауық қылып, көктің үнсіз күйі мен сұлу биін көрсетіп ойнаған тәрізді.

Жұмыскерлер үйшіктерінің кейбіреулерінің жандарында, жердегі жұлдыздардай, от жылт-жылт етеді.

Үйшіктердің көбінен күңкілдеген сөздер естіледі. Кейбіреулер анда-санда өлең айтып та қояды.

ОТ БАСЫНДА

Хасендердің, Бұзаубақтардың қостарының жанында да от жылтырайды. Оттан он шақты кадамдай жерде тұрған Бұзаубақтың арбасында байлаулы екі бұзауының қасында екі сиыры жатыр Біреуі қара ала, біреуі қызыл сиыр. Бұзауларының қасында жусап, анда-санда қозғалып, ыңыранып қояды. Жаңа істеген қайың мосыға үлкен қара бақыр асулы. Бақырдың астында мол қылып қаланған тезек маздап жанып жатыр. Бақыр толы қойдың еті. Бақырдағы су қаттырақ қайнап кеткенде еттің көбігімен араласып жырт-жырт етіп, бақырдың ернеуінен асып, ағып отқа төгіледі... Жанып жатқан тезек шоғы майлы көбік тамғанда пыс етіп, борс етіп сөне қалып, қоңырсытып, майды күйдіріп қайтадан тез лап етіп жанады. Ақсақ бала мен Бұзаубақтың келіншегі қайыңнан істеген үлкен қалақ қасықпен еттің көбігін алып, бастыртып, сорпасын сапырылыстырып қояды. Ақсақ бала қу көсеудің басын отқа жағып алып, бақырға жарық қылып, Гүлия етті аударыстырып қояды. Ақсақбала мен Гүлия отқа тезек қалап қояды.

Хасен, Бұзаубақ, Сатай, Әзімхан, Халкен бәрі бақырдың қасында, оттың басында. Оттың төр жағында иіріліп, жағалай отырған да, отты көлбеп жатқаны да бар. Астарында — үйреншікті ескі жамаулы, жыртық, кір-кір төсеніштері — сырмақ, текемет, көрпелердің сілемдері, кенеп қап, ескі тоқым...

Бәрі де, манағы, күндізгідей емес, бір-бір жалаң қабат жазғы » жұқа киімдерін киген. Біреулер — ескі жеңдері, етектері қыршылған қара, қоңыр бешпенттерін; екіншілері — жамаулы, жыртық қоңыр шапандарын, сұр шекпендерін киген. Күндіз жалаң аяқ жүрген Хасен аяғына бұзаубас орысша етігін киген. Бұзаубақпен Халкен бір-біріне сүйеніп көлбеп шынтақтап жатыр. Шымырлап қайнап тұрған бақырды көңілдеріне ток санап, анда-санда қарап қойып, бәрі күңкілдесіп, әңгіме айтысып қояды. Әңгімелері көбінесе бастан кешірген, өткендегі әңгімелер. Бастан кешірген істері ертегі тәрізді.

Жас жігіт күніндегі елдегі жаңа зауыттағы тұрмыстарынан Хасен әңгіме айтып отыр. Өзгелері әңгімеге кірісіп, әрқайсысы өзі айтып отырған әңгімедей ұқыптап тыңдайды. Хасен өткен өмірден әңгіме қозғап:

— ...Бұрын, зауыттарда жүргенімізде мен ақшаны өзгелерден көбірек табушы едім... Бірақ жанның қиналуына есеп болмаушы еді... — деді.

Сатай Хасенге қарап:

— Хасен, Екібастұз зауытында таскөмір шығарады ғой? Мен мыс шығаратын зауыттың жер астына түсіп, өзім жұмыс қылмасам да, барып көріп едім. Таскөмірді қалай қазып шығаратынын айтшы, — деді.

Сатай соны айтқан кезде көрші қостардың бірінен бір тықпа қара сақалды жігіт келді, отырғандарға: «Кеш жарық!..» — деді. Отырғандар: «Ешкің арық!» — деді.

— Уай, еттерің жаңа қайнап жатыр ғой? — деді тықпа қара сақал. Халкен:

— Кеш асылып еді, — деді. Тықпа сақал Гүлияға қалжыңдай сөйлеп:

— Бәйбіше, бір уыстай түз берші қарызға! — деді. Гүлия орнынан тұрғанша, Бұзаубақ:

— Бер... бер... — деді.

Гүлия қара қосқа кіріп, бір уыс тұз әкеп берді. Тықпа сақал:

— Рахмет, ұл табыңыз, қосағыңызбен қоса ағарыңыз!.. — деп, тұзды алып кетті...

Хасен үзілген сөзін кайта бастады.

— ...Мыс кенін қалай қазып шығаратынын көрсең, таскөмірді де солай қазып шығарады... Таскөмір зауытында да жерді құдықша тесіп, «шак» қазады. Оған тақтай қиып шегендеп тастайды. Оған ылғи саты қояды. Таскөмір тереңнен шығатын болса, қазған шак та терең болады. Саты шактың аузынан ең түбіне шейін болады. Саты бір ғана болмайды. Көлбете, жалғай салған, бөлек-бөлек әлденеше саты болады... Жұмыскерлер бір-бір фонарьды беліне байлап алып, сол сатылармен жердің астына түседі. Түскен түбінен, жан-жаққа тарау-тарау қылып, ойлардың таскөмірін қопарып алып,шыңырау құдықпен шелекпен су алғандай, бадия шелекпен тысқа шығара береді. Ол бадия шелек екеу болады. Біреуі шыққанда, біреуі тұрады. Кезек-кезек шелекті тысқа шығара берді. Не шығыр тәрізді қылып, терең айналдырып шығарып тұрады. Шығаратын тесігі не әлгі адам түсетін «шактың» жанында болады. Не басқа бір қолайлы жерде болады, Таскөмір қаза-қаза, үңги-үңги, әлгі «шактың асты кең забой болып, жан-жаққа неше тарау болып қазыла береді — деді.

— Сүйтіп, жердің асты ұшы-қиыры жоқ қазыла бере ме? — деді Сатай, Хасен:

— Таскөмірі жұқа жерлер үшкір қайламен қазылады, тас көмірі қалың жерлерде ұшпырымен соғылады, - деді.

— «Екібастұз» зауыты қай жерде осы?.. — деді Бұзаубақ. Хасен:

— Кереку уезінде... Павлодар уезінде, - деді.

— Ой, жер астының жұмысы ауыр ғой...Біздің қазір бүл істеп жүрген жұмыстарымыз, шакта істеген жұмыстардың қасында, кіші жұмыс емес ғой... Шактан шыққанда, жұмыскерлердің түсі адам көргісіз болады екен. Көрден шыққандай болады екен... — деді Сатай.

— Әзімхан да, Бұзаубақта: «Әрине, жер астында істеген жұмыстан қиын жұмыс бола ма!? Және, қазіргідей зауыттар ол уақытта қазғаның қолыңда ма!.. Ол уақытта зауыттар байлардың қолында ғой...Байлар пайданы көбірек сыпыруға жұмыскерлерді өгізше айдамаушы ма еді!» - десті.

Өзгелері:

— Я, я!.. Солай еді ғой!.. — десті.

Ол арада үлкен үйшіктерден бір-екі қазақ жігіті келді:

— Кеш жарық! — деді екі жігіт.

— Е-е, ешкілерің арық!.. Ешкілерің арық! — десті от басындағылар.

Екі жігіттің бірі әлгі бүйрек бет, шолақ мұрын кеспелтек қара — Сапақ деген жігіт, ет жоғалтып жүрген кісідей, бақырға қадала қарады:

— Бір сылқитайын деп отыр екенсіңдер бүгін! — деді.

— Сендердей дейсіндер ме, көгенкөзденіп, кеш болса тек бір-біріне қарап, қылқиып, түкірігін жұтып отыратын! — деді Сатай күліп.

От басындағылар күлді.

— Олар бір-бірінің көзіне қарап-ақ тояды, — деді Халкен күліп.

— Уай, жоққа мақтанады екенсіңдер өздерің, ертең көрерсіңдер біздің өнерді, — деді Сапақ.

— Ертең не қыласыңдар? — деді Хасен.

— Серне қылатын шығарсыңдар? — деді Бұзаубақ қалжыңдап.

— Таяудағы елдің бірінен бір бағланды әкеп жығып, біздің Сатекеңнің батасын алатын болған ғой! — деді Әзімхан қалжыңдап. Бүйрек бет жігіт насыбай атып, мойнын бұрып шырт түкірді:

— Не деген ащы... қатыны ашулының насыбайы да ащы болады деуші еді. Бұзекеңнің сұлуы қияңқы екен-ау өзі! — деді ойнап.

— Добрый вечер! — деді екі орыс, оттың жанына келіп.

Бір орта бойлы, ақ кірпік сары орыс, қасындағысы кеспелтек, аққұба орыс әйел. Екеуі де тастан қына терген ешкіше ауыздары шөпшеңдеп, шекілдеуік шағып келді. От басындағылар ойнап сөз қатысты.

— А-а, Иван, Марфа, пожалысты, пожалысты, садис! — десті. Қазақтар орысша сөйледік деп ойласып, мәз болған сияқты болды.

— Қалай, мақан барит, мақан кошаит! — деді Иван күліп. Иван да қазақша сөйледім деп ойлап, о да өзіне-өзі мәз болғандай болып тұрды.

Қайнай бастаған бақырға қарады:

— Түу, коп мақан, барашка, шампан керек! — деді...

— Макан кошат болады, садис, — деді Бұзаубақ...

— Ай, көп мақан, кусать болады. Спать коп болады! — деді Иван.

— Ай, Иван, сен мақан көшайт кіласың,шампан көшайт кіласып, жақсы болады. Марфа карашо болады...Сенікі Марфа сыйлайды, карашо болады! — деді күліп, түрегеп тұрған Сапақ.

Бәрі ду күлді.

— Пойти к чорту! — деді күліп Марфа.

Сапақ өзінің сөзіне өзі мәз болып, бәрінен де қатты күлді.

Орысша сөздерді айттым, тауып айттым деп ойлады.

— Ей, Иван, сенікі маржа карашо — жақсы, загранешнай, өзіңіз тағы да Сапақ көзін қысып, қолымен көрсетіп.

Тағы да бәрі ду күлді.

Марфа күліп, ойнап Сапақты жауырынға сылқ еткізіп қойып қалды.

— Түу, безстыдник, шайтан! — деді.

— А, Бұзаубақ, мақан кошайт. Шампан көшайт, корай жаққа маржа сыйлайды! Бараншик будит, — деді Иван қалжыңдап.

Тағы да бәрі ду күлді.

Иван да қазақша сөздерді тауып айттым деп ойлап, ақылды сыңаймен тұрды.

— Маржа, мақан, шампан, көшәйт, бараншик, сыйлайды — деген сөздерді қазақтар орыстың сөзі деп, орыстар қазақ сөзі деп айтатындықтан, бұларды қазақтар орысша сөздерді тауып айттық деп, орыстар қазақша сөздерді тауып айттық деп ойлап, мәз болысып тұрды..

От басында өздері ғана қалған соң, Хасенге әңгімесін қайта айтқызды.

— Әрине, шахты істеген жұмыстан ауыр жұмыс болмайды ғой... Және де қатерлі де көп... адамның денсаулығына да үлкен зиян... Және де патша заманында, зауыттар байлардың қолында тұрғанда, жер астының жұмысының жайы тозақтай болушы еді.Кейде шахтыда екі сағаттан ұзақ тұрып, бір киіммен жұмыс қылуға мүмкін емес те кезі болады... Бір жылы мынадай болды: Екібаста, шахтыда жұмыс қылып жүргенімде бірза забойдың,таскөмірі қалың бір жердің төбесінен су сорғалап ағып тұратын болды. Ешкім тұрып ұшпыр соға алмады. Бастық бір сары сақал орыс еді, маған жабысты. Бір күнімнің ақысын екі күнге есептеп беретін болды. Жұмыс уақытында қазына киімін беретін болды.

Және сағатына қарап тұрып, әрбір екі сағат сайын құрғақ киім жіберіп, үстімдегі суға шылқыған киімдерімді алғызып, сол жер астында темір пешке құрғатып жіберіп тұратын болды... Көнбеске болмады... Мен көндім. Әлгі жерге барып, жалғыз істедім... Осылайша, ден су сорғалап ағып тұр. Есебі шелектеп құйғандай. Аяқ басатын асты да су. Күндіз, түні бірдей қараңғы жер асты, есебі,тозақтың түбіндей. Белімде бітеу фонарь. Жеті қабат жердің астында, қараңғы, үңірейген, үңгір забой, есебі, көрдің ішіндей десе болады. Ал белде сығырайған фонарьдың, оты айдалада, қараңғы түнде жылтыраған Жүргіншінің сығырайған отындай. Сондай белімдегі сығырайған фонарьдың жарығымен жападан-жалғыз тұрып, ауыр балғамен қалың таскөмірге ұшпырды гүрс-гүрс соғам... Таскөмір топырағы араласқан су лезде үсті-басымды, бет-аузымды қап-қара лайға шылқытады... Екі иығымнан лай су сорғалап, төсіме, аркама құйылып, борбайларым мен сирақтарыма сорғалап, бақайларыма барып іркіліп тұрады... Есебі, тұла бойым суық судың ішінде тұрды деуге болады... Жер астында таскөмірді вагонге салып, атпен таситын кішкене темір жолдардың бойына аласа үңгірлердің таскөмірін ташке арбалармен жұмыскерлер тасиды. Міне, сол жұмыскерлердің екеу-үшеуі қол үзбей келіп, әлгі мен ұшпыр соғып тұрған үңгірдің жер табанына іркілген суын шелектеп алып төгіп кетіп тұрды. Жер табаны ойлау екен. Үңгірдің төбесінен аққан су табанына іркіледі де, әлгі ойға толғаннан артылған су асып, есебі забойдың ойына, суағар жырасына бұлақша ағады... Әсіресе әлгі ұшпыр соққан жердің жер табанына іркілген қарала қоқым суы аяқты шыдататын емес!.. Бірақ, әйтеуір, суды тез-тез келіп төгіп тұрды. Және бастық әрбір екі сағатта құрғақ киім, құрғақ етік жіберіп, ал суға шылқыған киімдерімді, етігімді құрғатуға алғызып тұрды. Солайша енді, есебі, екі күн, әлгі жердің көмір тасын жалғыз тұрып ұшпырмен жағалай, есебі, биік жардан қазған қарлығаштардың ұяларындай қылып, жыпырлатып шұрық-шұрық тесіп бердім. Мен тесіп берген соң, дәрі қойылып, әлгі ара күл-талқан болып, қиратылды. Сүйтіп, ол араның таскөмірі алынып, забойды бұрып әкеттік. Бастық екі күн істеген ақыма, есебі, торт күннің ақысын берді де, және сол жер астында кішкене темір жолмен таскөмір тасып, вагон арба тартатын аттардың біреуінің жамбасы сынып өліп еді, соның есебі,жарты етінің жартысын берді. Ат — семіз ат еді, ылғи жем жеп жүрген, жуан бір елі қазысы бар екен. Сол жылы Екібаста жұмыс қылатын, есебі, осындай бір қос, төрт жігіт едік... Етті алып келгенімде, бәрі тамаша қуанды. Жұмыс маған қиында болды. Бірақ қиын болса да семіз аттың етіне бір кенелдік, — деді.

Халкен:

— Жер астының сол суы қайда кетіп тұрады? — деді.

Хасен:

— Машинамен тысқа шығарып төгіп тұрады... Әйтпесе, суын тысқа шығарып төкпесе, қазылған забойлардың бәрі суға қарық болуға мүмкін, - деді.

— Хасеннің сөзін тыңдап отырған, жатқан жігіттер оның, жер астында істеп мал тапқан қайратына сүйсініп отырды.Бәрі де біраз уақытқа шейін үндемей іштерінен: «Міне, қайрат!» дегендей, сүйсіне, сұқатана қарап отырды.

Жолдастары Хасеннің қайратына іштерінен сұқтанып отырғанын сезгендей, Бұзаубақ:

— Өйтпесе мал табыла ма!.. «Мал түрікпеннің түбінде, арыстанның аузында» деген сол емес пе?.. — деді.

Сатай:

— Түу, түу, не дейді!.. Қайрат қылмаса жігіт мал таба ма!.. —

Бүлкілдеп, шымырлап қайнаған қара бақырдың астындағы отты күйелі қайың көсеумен көсеп, қағыстырып, от басында үюлі жатқан ақ тезектен қалап қойып, жұмыскерлердің әңгімелерін ақсақ бала мен Гүлия да тыңдап отырды.

Хасен:

— Мына Әзімхан жер астында қайратты, мықты-ақ еді. Бірақ астында көп жұмыс қылмай шығып кетті, сол аз уақыт жер астында болғанда тым-ақ қарулы көрініп еді, — деді.

Сатай:

— Қанша қарулы болса да, жер астының жұмысына шыдау оңай ма? Жер астының жұмысын көріп көзің тойған ғой, батыр! — деп Әзімханға қарап күліп, қалжыңдай қажады.

Әзімхан да күліп қалжыңдап, Сатайды келемеждеді.

— Ойбай-ау, өзі қандай екен?.. Сен шахтыға түссең, тіпті, қайта шыға алмас едіңдер тырбаңдап. Әуелі, ана жылы елде Балапан оятам деп, үйінің жабығынан түсіп қайта шыға алмай, қолға түскен жоқ па едің? Қараңғы үйден шыға алмай қазандағы ұйытулы бір қазан қатығына түсіп кетіп, малтып жүргенінде қатыны ұстап алып кісендеп қойған жоқ па еді, — деді.

Бәрі Сатайды сықаққылып күлді...

Енді жігіттер бірін-бірі қажай сөйлесіп, қалжыңға кірісті, біраз күлісіп, қара бақырға қарасты.

Хасен:

— Гүлия, етті сапырып қой, жақсылап! — деді.

Гүлия ожаушасын қолына алып:

— Сапырып отырмын ғой, — деді. Бұзаубақ келіншегіне:

— Түз салып асып па едің? — деді. Гүлия:

— Салғамын... — деді.

Етті қарап, әлі піспегендігін көрісіп, тезекті қалатыңқырап, жай отырысты, жатысты жұрт.

ЖҰЛДЫЗДАР СЫРЫ

Әзімхан мен Халкен аунап шалқасынан жатты. Жап-жасыл торғындай аспандағы жіп-жиі жұлдыздар бырдай болып, шашылған сары алтындай жылтылдайды. Екеуі көкке көз жіберіп, құлпырған жұлдыздарды түгендегендей болып жатысты. Түнгі жасыл аспан, бейнебір қиырсыз жасыл теңіздей. Сол теңізде сайран қылып құлпырып неше түрлі гауһар нұрларын, алтын ұшқындарын шашыратып, атқылап ойнаған ұшы-қиыры жоқ, сансыз миллион жалтылдаған жұлдыздар екінші бір дүниенің әлемі тәрізді болып көрінді. Қол жетпейтін, көз жетпейтін, ақыл жетпейтін биіктегі, аспандағы сиқырлы әлем тәрізді көрінді. Ақшам жоқ, жіңішкерген әлі де ақтаңдақ. Тыныс алып маужыраған жер жүзін қаптаған қарақошқыл тартқан қалың көк балдыр шөпке бүріккендей болып, жалтырап түскен шық манағыдан да қою жалтырайды. Жұмсақ шөптерді басқан мөп-мөлдір шықтар жібекке өткізген меруерттердей, гауһардай құлпырады. Аспандағы құлпырып ойнаған алтын жұлдыздардың шашқылаған қызыл-жасылды гауһар нұрларымен шағылысып жер мен көк құлпырған нұрға толғандай. Жер жүзі тыныс рақатына маужырап, ақырын ұзақ қалғыған тәрізді. Шалқасынан түсіп жатқан Халкен, жұлдыздарды санай түсіп, бала күніндегі үлкендердің жұлдыз санаған жаман болады деген сөзі есіне түсіп, санауын қоя қойды. Әйткенмен, танитын жұлдыздарын көзімен іздеп тауып жатты... Бала күнгі қиялдарына шомды.

Ішінен: анау Жетіқарақшы деді, жеті таған болған жеті жұлдызды.

— Анау жетіқарақшы дүние — дүние болғалы андып, ала алмай Ақ боз ат, Көкбоз ат, — деді ақшыл от, көкшіл от шашқан қатар екі жұлдызды.

— Анау олардың арқаны, — деді, Ақбозат, Көкбоз аттан желі тартып кеткен тізбектелген үш-төрт кішкене жұлдыздарды.

— Анау Ақбоз ат, Көкбоз аттың темір қазығы — деді, желі арқанының ұшындағы жеке жұлдызды...

— Анау Жетіқарақшының ортасындағы жылтылдаған кішкене жұлдыз - жеті қарақшыныңҮркерден ұрлап әкелген «ұялшақ сұлу қызы», — Деді, біресе жоғалып, біресе көрініп тұрған бір кішкене жұлдызды...

Халкен ішінен өзінен-өзі күлді:

— Соған да шынымен нанушы едік-ау, шынында, осы не екен?.. Керемет-ау... — деді.

ПЕРІ ПАТШАСЫНЫҢ ҚЫЗЫ...

111 алқасынан түсіп көкке, жұлдыздарға қарап жатқан Әзімхан екінші ойда жатты. Алыс аспандағы оттарын, гауһар нұрларын шашқылап ойнаған жұлдыздарға қарап, Әзімханның бала күніндегі оқыған қиссаларының біреуінің әңгімесі есіне түсіп жатты...

Бағдат, Мысыр шәһәрінің бірінде бір ер жігіт, Хасен деген, бір ай десе — аузы бар, күн десе — көзі бар, ай маңдайлы, жұлдыз көзді сұлуға ғашық болған...

Сұлу: «Мен алты қабат аспанның ар жағында перінін, патшаның қызымын, есімім «Бәдиғұлжамал», — деп, жоқ болған.

Хасен ел-жұртын, мал-мүлкін тастап, қаңғырып ғашығын іздеген. Ақырында, бір мыстан кемпір жол тауып берген. Heше ай, неше күн михнат шегіп, жол жүріп, Қап тауынан асып, бір бәйтеректің түбіне келіп, тынығып жатқан. Ұйықтап кетсе, Хасеннің құлағына шулап жылаған дауыс естіледі. Хасен шошып оянса, діңгектей ұзын үлкен жылан бәйтерекке өрмелеп барады екен. Бәйтеректің басындағы ұяда екі балапан бар екен. Жылан сол балапандарды жеуге өрмелеп ұяға таянған екен, ұядағы екі балапан өрмелеп келе жатқан аждаһа жыланды көріп, шулап жылап тұр екен. Балапандардың анасы балапандарына жем іздеп кеткен екен. Шулап жылаған балапандардың көз жасын көріп, Хасен шыдай алмай қылышын алып, жалмауыз жыланға ұмтылады. Жылан енді ысқырып, Хасенмен алысады. Жыланды Хасен әрең жеңіп, өлтіреді... Тағы да ұйықтап қалады...

Ысқырған дауылдың екпінінен Хасен тағы да оянып кетеді. Қараса, бәйтерекке қалықтап қара бұлт келген екен. Қара бұлт емес, керемет үлкен қара ала канатты бір күс екен. Балапандарына бір аяғымен бұғы, бір аяғымен марал әкелген екен. Бұл керемет күс адамша тіл білетін самұрық екен. Самұрық Хасенді көріп, енді оны жемек болады. Балапандары анасының Хасенді жемек болғанын көріп, шулап, Хасен олардың жанын алып қалғандығын айтады. Өліп жатқан жыланды көрсетеді. Самұрық өлген жыланды көріп, Хасеннің достық қылғанын біліп, Хасенге тимей жөн сұрап, сөйлесіп, дос болады... Достыққа достық қылмақ болып, Хасенді аркасына мінгізіп, жеті қабат көкке, «жұлдыз көзді, ай маңдайлы» сұлуға алып ұшады. Аспанның мұхит теңіздерінен асып, талай қиыншылықтардан өтіп, перінін патшасының шәһәріне келеді...

Осындай түн екен... Перінің шәһәрі жарқ-жұрқ етіп жатыр екен. Жарқ-жұрқ етіп жатқан шәһәрдің көшесіне жыпырлатып жаққан сансыз миллион жарқыраған шамдары бар екен. Шам болып жанып, жарқ-жүрқ етіп жатқан шам емес, шам боп жарқылдаған жұлдыздар екен. Қалын жұлдыз жарқ-жұрқ етіп шам болып ойнайды екен...

Хасен қалаға келеді. Қала шырт ұйқыда, ұйқыда болғанда, оянбайтын ұйқыда екен. Өйткені бір ұйықтағанда, пері қырық күн ұйықтайды екен. Хасен қаланы аралайды. Самұрықтың айтқан ақылы бойынша қаланың ортасындағы пері патшасының алтын сарайына келеді. Сарайдың қақпаларының алдында үстіне темір сауыт, басына дулыға киген, қолдарына айбалта ұстаған перінін күзетші батырлары ұйықтап жатыр екен. Олардың қасынан өтеді. Сүйтіп ұйықтап жатқан неше батырлардың қасынан, неше қақпадан өтіп, Хасен сарай ортасындағы есіктерін гауһарлаған сырлы, алтын үйге кіреді. Үйдің, ішінен меруерт торғын шатырды көреді. Шатырдың алдында, айналасында қырық сұлу қыз ұйықтап жатыр екен. Бірінен-бірі асқан сұлу екен. Хасен қайран болып тұрады. Шатырдың қасына келеді. Шатырды ашып қараса, торғын төсекте ұйықтап жатқан сұлу Бәдиғұлжамалды көреді.

Сурет пе деп ойлайды.

Сағым ба деп ойлайды.

Жұлдыз ба деп ойлайды.

Хасен есі ауып талып қалады. Біраздан соң. есін жиып алып, Бәдіғұлжамалдың сұлулығына қайран болып тұрады. Не қыларын білмейді. Сүйтіп тұрғанда:

— Ей, адамзат! — дейді біреу.

Хасен селк етіп қараса, алтын торда тұрған тотықұс екен. жалынады. Барлық мұңын,ғашықтығын айтады.

Тотықұс Хасенді аяп, ақыл айтады. Тотықұстың ақылымен Хасен пері патшасының қызы «жұлдыз көзді, ай маңдайлы» Бәдиғұлжамалды алып қайтады...

Міне, бала күніндегі қиссадан оқыған осы қиял ертегі аспанға қарап жатқан Әзімханның қазір қиялына келіп жатты...Әзімхан өз ішінен өзіне күлгендей тамсанды.

Бала күнімізде осындай қиял әңгімеге шынымен нанушы едік-ау!.. Бала біз түгіл, үлкендер де нанушы еді!.. Шіркін, заманның өзгеруі-ай, енді сондай қиял әңгімеге кім нанар?..

Нана ма, нанбай ма?..

Шын ба, өтірік пе?..

Бірақ аспанға ұшқанға енді нанбақ түгіл, көзімізбен де көрдік. Шіркін, өнер-ай! - құстың канатына мініп ұшқанды емес, аэропланға мініп ұшқанды көрдік. Аспандағы жұлдыздардың жерге түсіп шам болғанын көрмесек те, электр шамды көрдік. Шіркін, өнер-ай! — деп, аунап түсті...

Шеткі күркенің бірінен біреу әдемі дауыспен ән шырқап қоя берді. Әне, Көкшетау әні. Ақан серінің белгілі «Сырымбет» деген ырғақты, зарлы, көркем әні.

А-әуле-е-ем қонлы-ы Сырымбет даласна-а-е-ей, е-й!!!

Ғашық болдым ақ сұңқар бала-асына-а, е-ей... еркем,

қарындас-ау, енді есен бол-ей!..

Кішкентайдан бірге ескен, қарағым, ай-ай, е-ей, е-ей!!!

Шыныңменен бөтенге барасың ба, е-ей, еркем, қарындас-ау,

енді есен бол-е-ей!..

Маужыраған, қалғыған түнгі төңірек әдемі үнмен, жұмсақ ырғақпен ақырын тербеледі... Мұңды көркем ән, енді бір ауыз айтылып, жазғы түнгі жасыл аспанды жұмсақ қанатымен ақырын сипап, қалқып үзіліп қойыла қалды...

— Ей, екі көгенкөз, Әзімхан, Халкен, бір әңгіме айтыңдаршы, қарап жатқанша! — деді, отқа таянып отырған Сатай. Халкен басын көтеріп алып:

— Әзімхан айтсын!.. Әзімхан әңгіме айтсын, — деп, жатқан Әзімханның тізесін тартқылады.

— Әзімхан... Әзімхан, бір әңгіме айтшы, басынды көтеріп! — деді.

Жолдастарының бәрі де серпілгендей болып, «Әңгіме айт, әңгіме айт», — деп, басын көтерген Әзімханға жабылды. От жағып отырған ақсақ бала мен Гүлия бір-біріне, содан соң: «Әңгіме тыңдаймыз!» — дегендей жүздері жайнап, Әзімханға қарасты.

Әзімхан басын көтеріп, отқа таман жарыққа таяу отырды:

— Қандай әңгіме айт дейсіндер? — деді. Хасен:

— Әлгі, Нілді зауытында Шегірді ұрып, жұмыстан шығартып жіберген шатағыңды айт! — деді. Сатай мен Халкен:

— Е, е, соны айт!.. Соны айт! — десті.

— Аспан қызы «Бәдиғұлжамал» хикаясын айтсам қайтеді, — деді Әзімхан.

— Дұрыс, дұрыс, соны айт, соны айт! — деді Халкен.

— Жоқ, жоқ, оны кейін айтарсың, әлгі Хасен айт деген әңгімеңді айт әуелі, — деді Сатай.

— Қайыр, жарайды. Айт десеңдер соны айтайын!.. Бұл енді жер астының, хикаясы ғой, — деп күлді Әзімхан.

ЖЕР АСТЫНЫН, ХИКАЯСЫ

— Мен сол Нілді зауытында жер астында істегендегі уақиғаларды бір қалың дәптерге әдейі ұмытпасқа жазып алып едім, соны айтайын.

Біреуді ұру, әрине, тентектік қой... Бірақ тентектің де әр түрлісі болады, біреу қорлыққа, ызаға шыдай алмай, лажсыз тентектік қылады, біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді. Тентектік те сол тәрізді. Біздің Нілді зауытының байы ағылшын еді ғой. Ал шахтылардың үстінен қаратып қоятын байдың Шегір деген ұлығы болатын. Сол Шегірді ызаға шыдамай менің, әлгі, боқтап салып қалғаным, сол тоңып секірген тәрізді іс еді...

Жарайды...

Әуелі, ол жанжалдың алдындағы оз жайым мен жер астының кейбір жайларын айтайын... Сол жылы мен Нілді зауытын¬да, жер астында, шахтыда жұмыс қылушы едім.

Жер астында екі түрлі ауыр жұмыс бар, бірі — манаты Хасен айтқандай, ұшпыр соғу. Бірі — тас тасу. Әрине, осы екі жұмыс сай деймін. Тіпті бәрінен де ауыры — ұшпыр соғу. Таскөмірге салған ұшпырдай емес, көк тасқа, мыстың кеніне соққан ұшпыр қиын болады. Оған күшіне сенген ғана жігітің жігіті ғана шыдайды.Оған күшіне сенген ғана жігіт түседі. Әлсіз жігіттер ұшпыр мен көк тастан тереңдігі екі сүйемдей алмаса, «ақ ауыз» болып шығады. Білмеген жұрт «ақ ауыз» дегенге түсінбеуі мүмкін! Өлшеуіне ілікпей саяз ойылған тесіктің аузына ақ кетеді. Соны «ақауыз» дейді. Ал ақ ауыз деген сөз... Міне зауыттың байының заңы, тәртібі сондай еді. «Ақ ауыз» болып шығатындар көп болады... Ал, неғұрлым ұштары терең айдай алатын, көп айдай алатын қарулы жігіттерге, соғұрлым ақша көбірек беріледі. Ал ақшаны көбірек табуға, қу тамақ үшін жұмыскерлер жандарын дозаққа салып,аласұрып көк тасты тістерімен кеміргендей болады...

Жа-ра-айды... Қайыр...Тыңдай беріңіздер!.. Әңгіме болсын.

Басқа жұмыс болмай, ал сол ұшпыр соғудың мәнісін білмей, шын «ақ ауыз» болып жүрдім. Ұшпыршылар, күндіз бір кезек болып шығып жүрдім. Ұшпыршылар, күндіз бір кезек, түнге бір кезек екі рет жер астына түседі. Мен күндізгі кезекпен түскенмін. Жаман жыртық киімдерін киіп жер астына түскен жұмыскерлердің түрі тірідей көрге түскен адамдардай болды. Күнімен жер астындағы су сорғалаған қараңғы үңгірде шамамен жүресің. Шаммен тұрып, көк тасқа көк құрады дүзді темір қазықты ауыр балғамен бар күшіңді,бар жаныңды аямай аласұрып кеп мыжғылап соғасың. Көк темірді көктемірге, көктемірді көктасқа шақ-шақ еткізіп, дүрсілдетіп кеп соғатын. Терең жер астын кеулеген терең, қараңғы үңгір забойларына жағалай соққан ұшпырлардың дауысы бүкіл жер бетін қозғалтады. Сүйтіп, жер астын күңірентеді. Мыжғылап созған, көк иық болып, екі қарың салдырап, жүрегің қарайып, үсті-басың лай суға сүңгіп шыққандай боласың... Міне,бұл тәрізді бейнетті істеп-істеп, бір тиын таппай, «ақауыз» болып шығудың қандай екенін «ақ ауыз» болмаған кісі білмейді. Менің осы күнге шейін сол ағаш жер астына түскен күнім есімнен қалмайды.Сол жылы жиырмадағы кезім еді. Сол, жастай жер астында істеген жұмыс, шахты, забой, ұшпыр соғу, былғаныш көктас, сасық иіс, тұнық лай су, қолды қарып, қажап жаңғырықтырған ұшпыр темір, байға жағынып итаршыланған нәренжіктерді итше ертіп жүретін Шегір жер астына түсіп-шығып жүргендегі жұмыскерлердің тұрпаттары — міне, осының бәрі осы күнге шейін менің есімнен қалмайды. Сондағы халдың түймедейін ұмытатын емеспін. Қарам отырғанша әңгіме болсын, мен сол алғаш жер астына түскен күнімді айтайын, сонсын, әлгі нәренжік пен Шегірді ұрған күнгі жұмысты айтармын.

Қайыр... Алғаш жер астына түсетінде жүрегім күпті болып жүрді. Жұмысқа шақырған таң алдындағы шабашты қағысымен бірге баратын жолдастар жұмысқа жөнелуге киінді. Мен де киіндім. Бұрын жер астына түсіп жұмыс қылып жүрген жігіттер жаюлы тұрған, көк тастың суы мен лайы сіңген шоқпыт жамаулы, біріне-бірі сай шекпен, бешпент, шалбар, етіктерін киіп шықты. Мен де белбеуіме майшам орнатқан темір шамдал байлап, қалтама бір қорап сіріңке салып, жолдастарыммен бірге жөнелдім. Қыстың күні еді.

Тан жана ғана сарғайып, бозарып атып келе жатқан мезгіл... Қызылшұнақ аяз. Сол жылы қар да қалың түскен, зауыттың үйлері жота-жота карлардың арасында. Үйлердің төбелері ғана қараңдап, қылтияды... Тек машинаның ұзын қара мойындары ғана аспанға созылып, қою қара түтінін будақтатады... Үсті-бастары көк ала балшық сіңген, саусылдаған шоқпыт киім жүз қаралы жігіт сұп-сұр болып, шұбырып сықырлап келеді, араларында мен. Жүрек күпті. Қалалы жердің құдықтарындай қылып, шегендеп тақтай қиған, аузын қақпалаған төрт бұрышты тесік шахтының аузына келдік.

Жұрт белдеріндегі шамдарын жағысып, қақпағы ашылған қималы құдққа арттарымен түсіп, шахтының сатысымен тырбаңдап, шегініп кейін жүгірген төрт аяқты мақұлықша төмен құлдырап кетіп жатыр. Сатылардың көлденең ағаштарына, жылдам-жылдам сарт-сұрт етіп жабысқан жұмыскерлердің қол-аяқтарының дыбыстары, жер астынан уілдеген леппен бірге шыққан дыбыстармен қосылып күңгір-күңгір естіледі. Қап-қара болып үңірейген шахтының аузы қу тамақ үшін дамыл көрмей аласұрған халықты тірідей жұтып жатқан жалмауыздың аузы тәрізді. Ал қараңғы жер астынан уілдеп шыққан леп құдды жалмауыздың демі тәрізді...

Сүйтіп, жұмыскерлер топырлап бірінің соңынан бірі шахтының үңірейген аузына жұтылып жатыр... Мен де жұтылып кеттім... Сатымен тырбаңдап төмен құлдырап кетіп бара жатырмын. Менен кейін біреу түсті,одан кейін біреу, одан кейін біреу... Белдеріндегі шамдары жылт-жылт етеді... Менен кейін түскен жігіт те жылдам-жылдам тырбаңдап, аяқтарымен мені басыма теуіп қалуға таянып, мені арт жағымен қуып келе жатқан мақұлық тәрізді. Мен де менен бұрын да түсіп кетіп бара жатқан адамның арандаған басын қуалап барамын. Бір сатыдан соң бір сатыға тарсылдап түсіп барамыз...

Жа-рай-ды...

Сүйтіп жер асына түсіп болып, сол шахтының түбіндегі жұмыскерлердің бас-аяғы жиналатын үйшікте жиналып қойған ағаш сәкілерде отырдық. Бәріміздің белімізде алдыңғы жағы ашық, темір қорапта жанған бір-бір шам. Отырған орны бәріміздің тұрпатымыз, түрлеріміз бір сұмдыққа жиналып отырған біртүрлі адамзаттарға ұқсайды... Құдай біледі, өмірінде шахтаның ішін көрмеген біреудің түсіне дәл сол түрде кіре қалған болсақ, түсінен шошып оянар еді...

Жа-рай-ды...

Жер астының үңгірлеген қуыстарын забой дейді ғой. Міне, сол забойлар тарау-тарау болады... Бәрі номерленген болады. Бірінші, екіншіден бастап... Хасен біледі... Сол забойларға жұмыскерлерді таратып жіберіп тұратын, жұмыскерлердің үстінен қарайтын басқарушысы болады. Мына «десятник» сияқты. Шахта жұмыскерлері оны «нәренжік» дейді. Жер астын билейтін үлкен ұлық — Шегір мен наренщиктер байдың. итаршылары болады. Байға жағу үшін жұмыскерлерді көбі осы тышқыртып жүреді.

Сол наренщик біреу емес, әлденешеу болады. Бас-басының үстінен қарайтын, билейтін істері бар. Әйтеуір бәрі де жер астындағы ұшпыршылар мен қара жұмысшыларға айғыр...

Жара-айды... Қайыр...

Міне, солардың бірі — Мәсен деген қазақ «нәренжік» келіп, жұмыскерлерді забой-забойға жұмысқа таратты. Қара жұмыстағыларды қара жұмыстарына, ұшпыршыларды өз жұмыстарына...

Қараңғы жер астындағы тарам-тарам үңгірлерге, шамдары жылт-жылт етіп, күңгірлесіп жұмыскерлер тарады... Ұшпыршылармен бірге мен де әлгі Мәсеннің айтуымен берген ұшпырларын санап, балғасын алып, нәренжік жұмсаған бір забойға кеттім. Міне сол, алғаш жер астына түскен күнім есімнен қалмайды.

Әуелі мен, әрине, әлгі айтқандай «ақ ауыз» болыңқырап жүрдім. Қайыр, біраздан соң азырақ төселіңкіреп, «ақауыз» болмай, ақша таба бастадым. Тапқанмен қанша ақша?.. Күн ұзақ тозақ. тәрізді жер астында тас қазып, жанталаса қимылдап тапқан ақшаң, тәуір киім киіп іше бастасаң, елге жіберуге жетпейді. Үйге жібере бастасаң, өзің жөнді киім кимей, тәуір тамақ ішпей жүресін. Ал ауыр жұмыста жүргенде біздің, қазақ баласына күштірек ас ішіп жүрмесе болмайды, оны өздерің де білесіңдер. Сүйтіп, жанталасып жүріп тапқан ақшаң, мұқтажыңның біріне жетсе, біріне жетпейді!.. Қысқа жіп күрмеуге келе ме?..

Жарайды...

Ал енді, жанжал болған күнге келейік.

Қыс ортасы еді. Бір күні мықыныма шиқан шықты... Шиқанды елейін бе?.. Жұмыс қыла бердім... Шиқанның уы шығып, ұлғайып жазылмады: біреуі емес, шиқанның бірінен кейін бірі, біртін-біртін әлденешеуі шығып, жұмысқа кедергі келтіре бастады. Жер астынан, шахтыдан «ақ ауыз» болып шыға бастадым... Тамақ керек. Ақша керек. Бірақ ақшаны жөпшеңді бейнетпен табуға болмайды.

Шиқан қалжыратып жүрсе де, жұмыстан қалмай жүре бердім: ақпан мен қаңтар — қыстың қылшылдап тұрған кезі еді.

Қайыр... әлгі жанжал шығатын күні бір үңгірге келген он шақты кісі едік... Көк ала жақпар тасқа жағалай тұра қалып, ұшпырды салып кеп қалдық. Ұшпырды Хасен көрген, өзгелеріңнің көрген-көрмегендеріңді білмеймін. Ұшпыр, жуандығы орта таяқтай ұзынды-қысқалы қазық сияқты, жұмыр темір болады. Темір болғанда жай темір емес, асыл, құрыш темір болады. Ұзындары бес ширектей, ең қысқалары екі ширектей болады. Ұшы қазықтай үшкір болмайды. Ұшы қашаудың жүзіндей тапталған жүзді болады. Мыс араласқан көк тасты сонымен қашап, теседі. Тескенде бір-екі елі ғана қылып теспейді, едәуір терең қылып теседі. Қатты тасты тесу оңай болмайтынын өздерің де сезесіңдер... Әуелі, қатты жерге қазық қағуда оп-оңай емес деседі жұрт... Тіпті, жұмсақ жерге қазық қағу да күшпен келеді ғой, he!

Жарайды...

Тұп-тұтас, құйған шойындай болып жатқан көк ала тасқа шақылдатып ұшпырды қадап жатырмыз. Бір қолда ауыр балға, бір қолда ұшпыр. Ұшпыр темірді ауыр балғамен кек ала тасқа жағалай шақ-шақ еткізіп ұрғанда, жер астының үңірейген, үңгілген түбір түбірлерінің бәрі де мылқау күңгірлеп жаңғырылады.

Жарайды...

Аласұрып біраз жымғылап ұрғылап едім, ұшпырымның жолы мағдымайды.

Және сол уақытта балаңдау, қатпаған кезім ғой... Кез келген тас та тым қатты екен. Және оның үстіне уы шыққан шиқан да біраздан соң ауырғаны көбейіп, қозғалған сайын жаныма бата берді. Және тескілеуге тиісті жерім жоғарыда еді, созылып тұрып соғуға шиқан әлімді келтірмей қойды. Әйтседе жанды шүберекке түйіп, ұшпырды айналдырып соға бердім, соға бердім, соға бердім... Нәренжіктер, Шегірлер келіп, жұмыстары-

маңызды көріп кетті. Тас құдықтың көзіндей, жер табанының кей араларынан жылымшылап су ағады. Жоғарыда да ептеп су тамшылайды. Тұрған түкпіріміздің жер табанына су іркіліп жатыр. Іркілген суды манағы Хасен айтқандай, қара жүмысшылар келіп, шелекпен, күрекпен төмен жыраға ағызып әкетіп жатыр. Бірақ сонда да жер табанымыздан су арылар емес. Судың биіктеу, көтеріңкілеу жерлерді тауып,басып тұрамыз... Судан биіктеу болып жатқан басқыштары жоқ жерлерде аяқтарымыз көк шалшық суға шылп-шылп етеді...

Жарай-айды...

Ұшпыр соққанда, қашап, үңгілген тесікке су жіберіп соқсаң, көк тас азырақ босаңқырағандай болады. Ұшпыр соғатын жерің төменде болса, қашай бастаған жеріңе су жіберіп отыру оңай болады ғой. Ал, ұшпырды биікке созылып тұрып соғуға тура келгенде, қашап тұрған тесігіне су салып түру киын болады. Суды қолыңмен алып шашып тұруға мандымайды, коп уақытты алады. Мен енді лаж жоқ, жер табандағы лай суды аузыммен ұрттап алып, қашап тұрған тесіктеріме лай суды аузыммен атқытып, жіберіп тұрдым.

Жоғарғы төбеден тамшы тамған соң, жер табанда шылпылдаған лай су болған соң, оның үстіне қашап жатқан тесігіңе салған суың, ұшпыр соққанда бет-аузыңа шашырап тұрған соң біраздан соң үсті-басың, аузың көк лай суға аунап тұрған адамның түріндей болады... Жарайды...

Үсті-басым, бет-аузым, лезде үйреншікті түрге түсті. Иісіне, түсіне жер астында жүрін жұмыс қылатын жұмыскерлер әбден үйренген лай су үсті-басыма, бет-аузыма сіңіп бақты... Жұмысты доғаратын уақыт таянды. Күн ұзақ жанталасып, екі тесік тестім. Бірақ тереңдігі көңілдегідей емес... Бір жағынан шиқан да қинап бақты...

Ұшпыршыларға акт күнде бір жазылып тұрады. Жұмыс біткен соң, үстімізден қарайтын нәренжік пен істеген жұмысымыздың ақысын жазатын есепші-жазушылар келіп, әрқайсысымыздың тескен тесіктерімізді санап, өлшеп көрді. Сол күні кім көп тессе, өлшеп, сол күнгі ақыны соған көп жазады. Ал кімде-кім тесікті аз тессе, не терең тесе алмаса, өлшеп, оған сол күні і ақыны аз жазады. Ал кімде-кімнің тескені тым саяз болса, оған ол күніне, тіпті бір тиын да ақы жазбайды, оны «ақ ауыз» қылады дедік қой.

Ондайға неге ақы жазбайды дейсің бе, неге ақы жазбайды десеңіз, тым саяз тесіктерге дәрі қойып атуға болмайды, байдың Шегірге тапсырған бұйрығы солай, тәртібі солай дейді.

Ал кейбір қазақ нәренжіктердің көңлін аулап қойсаң, дәрі қойып атуға болмайды деген саяз тесіктеріне де, кейде ақы жаздырып жібереді. Ал заты сайтан кей «нәренжік» бірдемеден саған қиықтанып өшігіп жүрген болса, сенің дәрі қойып атуға болатын, бай жақсы көретін терең тесігіңді де кейде есепке алмай, жаздырмай кетеді... Шегірге айтсаң, өзіңе ұрсады. Үлкен байға арыз қылсаң, Шегір мен нәренжіктер біледі дейді. Сондай да пәлелері болады.

Жарайды...

Жұмыс доғаратын уақыт болып, манағы бізді жұмысқа таратқан нәренжік Мәсен деген жігіт пен жазушы орыс келді. Жағалай әрқайсымыздың тескен тесігімізді санап, өлшеп жазып жатыр. Бір уақытта кезек маған келді. Мен ен шетінде едім... Тесіктерімді көрсеттім. Мәсен «нәренжік» тескен жерлерімді өлшеп көрді де, орысқа орысшалады... сүйтті де маған қарап, ақ бормен тесіктерімнің аузына крес тартты:

— Мыналарың жазуға ілекпейді, жақсылап тесе алмапсың, — деді.

— Е, неге жазуға ілекпейді? Мұндайлар ілекпесе, тіпті ешбір тесік ілекпес, онда тіпті жұмыс қылмасын дегендеріңде! — дедім.

— Жоқ, ілекпейді, — деді.

Міз бақпай жүре берді. Не қыларымды білмедім. Жүрегім тулап, ызам қайнап, көзіме жас келді...

Нәренжік пен жазушыны токтатып жалындым. Ұшпыр соққан жердің бүгін өте киын болғанын айттым. Көк тастың бір тым қатты кез келгенін айттым, биіктеу жерден соғудың қиын екенін және шиқаннан қалжырап жүргенімді айттым.

«Нәренжік» бұрылмаған соң, жалғыз орыс та құлақ салған жоқ. Жалынған «нәренжігім» қайта сөзіңді нұқатып, «Ә, бәлем!..Қандай екен?» — дегендей, кекете қызық қылды.

— Е, шиқан қатты қимылдапты дейсің, бозбалашылық жарым түнде неге ауырмайды, жоғары созылып ұшпыр соғу қиын болды дейсің, қызы бар үйдің қорасына қамау ғой! -деді.

Наренжіктің мына ызасы қорлығы удай болып, іші-бауырымды өртеп, күйдіріп кетті.

Сол жерде нәренжікпен шартта-шұрт керістім де қалдым.

Аузыма келген сөзді айттым.

Ұшпыр таптап тұратын бір ұстаның менімен көңілі жакындау бір сұлу қ сді. Мөсен нәренжік сол қызға сөз салып жүренін қыздың өзі маған бірде айтқаны бар еді. Мәсен Мәсен нәренжік сол қызға сөз салып жүргенін қыздың күйігі екенін білдім де, мен де аянбай, тартынбай сөйледім. Бірге жұмыс қылған жігіттер маған «қой, қой» деп жүр. Мен енді несіне аянайын? Ағылшын бай жұмыстан ертең шығарып жіберсе де, нәренжіктің азаптай қорлығына қайтып шыдайын?..

«Қайда барсам — бір тесік, қалтамның түбі тесік!»

Бәрібір, бай нәренжіктің қылығын мақұлдайды. Нәренжіктер — байдың итаршылары...

Енді, нәренжікпен пәрменімізше боқтастық...Сол жерде аңдаусыз тұрғанымда желкемнен қойып кеп жібергені ғой әлгі иттің... Енді қайтесің?.. Өзіңнің күн ұзынғы бейнетіңді күйдіріп жіберді және өзіңді ұрады...Мен де шықшыттан періп кеп жібердім. Айналып, тәлтіректеп кетті... Қасымыздағылар жабылып менің қолымды ұстай берді, жұлқынып, босанып алып, ұрайын деп, қолын көтеріп келе жатқан нәренжікті маңдайдан тағы бір періп кеп жібердім. Тымақтай болып шалшық жерге ұшып түсті... Қасымыздағылар нәренжікті көтеріп алды. Сүйтіп тұрғанда, біздің шұңымызға бір-екі нәренжікпен, жазушымен, әлгі күллі жер асын билейтін ұлығымыз — Шегір жетіп келді. Шегір тапалтақтау ақсары орыс еді. Қанден ит сияқты. Барлық жер астын билейтін, бәріміздің үстімізден қарайтын сол болғандықтан,жанжалдың мәнісін соған айттым... Нәренжіктің өшпендікпен қиянат тұрғанын айттым. Ұлық қиянат көрген маған болысады деп тұрмын... Жоқ, ұлық өйтпеді!.. Ұлық өзіме кеп ақырып, өзімді жеп қоя жаздады. Енді қайда барарымды білмедім!.. Байға барып арыз қылсаң, бәрібір, бай өзінің қалап қойған итаршыларының ісін мақұлдайды!.. Көрген қорлық, көрген жәбіршілігімнің орасандығынан көзімнен жас ытып-ытып кетті...

Шегірдің маған тепсіне жекіріп тұрғанын арқа тұтып, Мәсен «нәренжік» тағы да ұмтылып кеп, бетіме, көзіме қойып-қойып жіберді. Көзімнің оты жарқ ете түсті. Енді «бір күн өліппін, бір күн туыппын» дегендей, не болғанымды білмей кеттім. Мен де ұмтылдым. Мәсенді мен де көзге, мұрынға періп-періп жібердім. Мәсен өкіре құлады... Қасымызда тұрғандар асып-сасып, мені ұстамақ болып жүр. Біреулер былдырлаған Мәсенді тұрғызып жатыр. Мен енді, не болса да бір сойқан болды той деп, өзімді ұстатпай, бала күнгі шапшаң. кезім той, жұлқынып, босанып, тағы да Мәсен нәренжікті періп кеттім. Тағы да жапырлап ұстай бергенде, ұстатпай жұлқынып, тулап келіп бажылдап, не қыларын білмей тұрған Шегірді де өндіршектен салып жібердім. Тәлтіректеп, айнала бергенде, оң аяғыммен қағып кеп жібердім. Шегір де қалпақтай түсті... Ұшып барып, жерде жатқан балғамды алдым. Ұстауға келгендерге балғаны ала жүгіріп, жайпап ұстатпадым. Сол кезде өзім сол жердегілердің бәріне ақырып, бірдеме деп жүрмін. Не айтып, не қойғанымды қазір өзім де білмеймін. Тек, осы күнге шейін есімде қалғаны: «Енді ұстаймын деп келгеніңді де өлтірем, өзім де өлемін!» — деп, балғаны жайқай беріппін...

Сөйтіп, өзім де тоқтамастан жөнеліппін...

ЖЕР ҮСТІНДЕ ДҮЛЕЙ БОРАН ЕКЕН

Жүгіріп, жын қуғандай, есінен айырылған адамша, шахтыдан шықтым...

Жер үстіне, тысқа шықсам, күн де кешкіріп, жер үсті де алай-түлей болған екен. Аспан да, жер де, аппақ түлей, астан-кестен боран екен. Сол күнгі ауаның райы да әлі күнге дейін есімнен қалмайды. Аспанды қаптаған қалың ұшқыр қарасұр бұлт, аппақ қармен араласып аппақ жерге салбырап түскен. Түлей боран бұрқырап, аппақ қарды түтетіп екпіндеп ұйтқи соғып, жерді басқан бұрынғы қалың қармен тағы да сабалап жауып тұрған қарды, жын мен жынды қуғандай, біріне-бірін қосып әлемет қылып жатыр екен. Долы боран алай-түлей қылып, аспан мен жерді қосып жібергендей сұрапыл қылып тұр екен. Дәл сол борандай боранды мен тіпті ешуақытта көргенім жоқ.Жерде,көкте ақ түтек,ақ айран, ақ түлей. Күн кешкіргенде ақ түлей қараңғыланып, әрі күңгірт тартқан. Сол жыл қар тым қалың түскен еді. Жер үстін басқан аппақ қалың қар сабап, үйіп жайып салған ақ мақтадай еді. Ысқырып, ызылдап,шулап,ұйтқып,тулап соққан дүлей-долы дауыл үлпілдеп, жаюлы жатқан қалың ақ мақтаны енді астан-кестен қылып ұшырып жатыр. Бір қарды бір қарға соғып, быт-быт қылып аспанға ұшырып, аспаннан жерге қарай сабалап жауып тұрған қармен қосып, ұйтқытып әкеп қайтадан жерге соғады. Жерден қуалап ақ қарды ойдан-ойға, ін-нен-інге, ықтан-ыққа, тасаға тығады... Елу кадам жердегі нәрсе, қара-құра, зауыт үйлері көрінбейді... Қасындағы таяу тұрған үйлер ғана бұлдырап көрінеді... Жөпшенді борандарда жасырынбайтын зауыттың будақтаған қара қою түтіндері,биік көкке бойлаған қара мойындары да көрінбеді... Ақ түлей және үскірік суық екен. Лай суға сүңгіп шыққан кісіге ұқсап сүмеңдеп, жылы, дымқыл қорадан шыққан көк жамбас қойша үсті-басымнан сасық бу бұрқырап, жүгіріп казарма қайдасың деп, салып келемін. Жататын үйлеріміз казарма ұзын-ұзын балшық үйлер. Бораннан көрінбейді, көрінбесе де жөні осылай ғой деп, дедектеп келемін. Су киімдерім лезде мұз болып қата бастады. Түтеген қар су киімдеріме жабысып, шегендей болып ұстап жатыр. Жиырма-жиырма бірдегі кезім ғой, суықты, боранды онша елейтін емеспін... Бірақ шахтыдан шығып, казармаға жүгірісімен-ақ жер астындағы қызуым, ашуым, күйінгенім лезде басыла берді...

Ақыры, қойшы, казармаға келдім. Байға барып арыз қылудан ешбір жақсылық күткенім жоқ. Байдың жайы белгілі ғой...Ертеңінде мені жұмыстан шығарды...

Miнe, нәренжік пен Шегірді сабағаным осылай еді... Егерде сол сағатта байдың өзі оңаша қолыма түссе, құдай біледі, етін жейтіндей едім!..Қанын ұрттар едім... Көзіме қанды жастың толғаны сондай еді, — деді Әзімхан. Манадан бері үн жоқ, түн жоқ, Әзімханнан көздерін алмай тыңдап отырған жолдастары Әзімхан әңгімесін бітіргенде бір-ақ қимылдасты... Бәрі де жамырап, жамырап, жабырласып сөз алыса бастады.

— Түу,ит-ай!.. Сонша ұмытпай жүрер ме бәрін...Сонша ұмытпай жүрер ме бәрін!.. Әңгіменің майын тамызады. Әңгіменің майын тамызды...Қолмен ұстағандай,қолмен ұстағандай! — деді Сатай күліп. Хасен де күліп:

— Шайтан-ай, ертек айтқандай қылып бұлжытпай сөйлегенде, әңгімені тіпті өңдеп жібереді, — деді. Бұзаубақ:

— Ойпыр-ой! Батыр-ау, өзі де ертегідей әңгіме екен... жиырма-жиырма бірдегі күні, тіпті бала күні ғой... а!.. Тамаша!.. Бұл да жасынан, мен құсап, көрешекті көріп баққан екен, — деді.

Халкен ыржиып күліп отырды:

— Әзімхан әңгіме айтқанда, өзі де құдды кітаптан, не бір газеттен әңгіме оқығандай қылып айтады. Ылғи газет оқып үйренген. Бұл әңгімелерді езінің жазып қойғанынан жатқа айтып отыр, — деді.

Ақсақ бала мен Гүлия да Әзімханның әңгімесіне тамашалай құлақтарын төсеп, қадала қарасып отырған еді. Енді олардың да жүздері жайнасып, қозғалысып қалды.

Бұзаубақ Әзімханға:

— Сөйтіп, сол бетіңмен зауыт жұмысынан шығып кеттің бе? — деді. Хасен күліп:

— Жоқ, әлі қызығы бар. Онымен Әзімхан аман кетпейді... Оны да айтсын. Одан кейін не болғанын да айтсайшы, ей! — деді. Сатай:

— Айтшы... Қалдырмай айтшы... Қалдырмай айтшы... — деді. Әзімхан:

— Одан кейін әлгі Мәсен итпен тағы да бір сұмдардың адам айтқысыз пәлесімен бір жұмадай каталошкеде отырып шықтым. Ет әлі піспеген көрінеді, оны да айтайын ендеше... Гүлия, отыңды қағыстырып қой, бірақ енді қатты қайнатпа, баппен піссін... Аударыстырып сапырып қой және әлгі тұздыққа сарымсағыңды турауды ұмытпа! Бұзекең сарымсақты сорпаны жақсы ішеді... Ал Бұзекең сорпаны көп ішсе, саған да зиян болмайды, — деді қалжыңдап. Гүлия қалжыңдап:

— Бақырға алаңдамай, әңгімеңді жақсылап айта бер, — деді. Жолдастары күлісіп:

— Бүзекең нені жақсы көретінін де, ет пісіруін де Гүлия өзі біледі, айт, айт, әлі ет піскен жоқ, әлі ет піскен жоқ, — десті.

КАТАЛОШКЕГЕ ҚАЛАЙ ТҮСІП ШЫҚТЫ

Әзімхан әңгімені тағы созды:

— Қайыр, жарайды ендеше, - деп алды, — Каталошкеге қалай отырып шыққанымды айтайын. Ұшпырларды таптап тұратын ұста бар еді, ұстаның бір сұлу қызы бар еді дедім ғой... Бар пәле сол қызы құрғырдың кесірінен болды... Қызы құрғыр да шын сұлу еді. Аты Нұрила еді. Жігіттің бозбас күнінде сұлу қызы құрғыр өзі отқа да, суға да түсірмей ме!..Шынында сол қызбен тәуірлеу едім. Былайша айтқанда, жұмыстан шықсам да, зауытта айналақтап жүріп, қызға жолығып жүрдім.

Мәселен нәренжік бар өнерін аямай Нұрилаға сөз салып жүрді. Нұрила берік қыз еді. Былық қыз емес еді. Қыз шын жақсы қыз еді. Қыз көңілін Мәсенге бермеді. Мәсен маған бұрынғыдан да бетер өршікті.Қызға да тісін қайрады, маған да тісін қайрады...

Жарайды...Қайыр...

Зауытта бір екі-үш бұзық жігіттер бар еді. Үшеуі де жас жігіттер болатын. Біреуі тіптен жастау,бала жігіт еді. Үшеуі де жылпос, екеуі азырақ сол зауытта орысша оқыған, ал біреуі сол зауыттың мыстың ерітетін Спас зауытында едәуір орысша оқыған еді. Ал Нілдіден оқыған екеуі орысшаны шала білетін еді. Спастан оқығаны орысшаға едәуір жетік, тіпті судай болатын. Былайша айтқанда, үшеуінің басшысы да, білгіші де сол еді. Ол уақытта және қашан да болса, аз ғана орысша білетенідер бізге ұсап лас былғайтын ауыр жұмысқа» кірген бе?.. Ондайлар не біздің үстімізден қарайтын нәренжік, не бізді «ақ ауыз» қылып жүретін есеп жазушы, не табельшик, не байға ағылшынға переводчик — тілмәш, не бірдеме болып жүреді ғой... Бұлар ондай орындарда да жөнді болған емес. Бұлар көбінесе уақ былық-бұзықтық, қара ойындарымен, жуликтікпен кәсіп қылып жүрген қулар. Бұлар және ұрлық қылғанды қалтадан ақша ұрлау,үй арасының дүниесін ұрлаумен болды... Әйтпесе ұрлықты жақсылап істеп, жақынға кесірлерін тигізбей жүрсе, онда бір сәрі ғой...

Өздері бір кезде қызмет қылмақ болғанда, көбінесе ағылшын байға тілмәш болып, тағы да сондай жұмыс қылмайтын орындарда болып, әр түрлі арамдықтары жұртқа білініп қалған соң, орындарынан шығып қалғандар еді. Орындарынан шыққанмен, әрине, сол зауытта жүретін. Ақша салып карта ойнайтын. Арақ ішетін. Қай жерде бұзықтық болды десе, ішінде осылар жүретін.Арамдық, жуликтік қылып, карта ойнап, аңқау жұмыскерлердің ақшаларын ұтып алатын. Өздері киімді тәуір киетін. Ылғи қарадан - қарап бос жүретін болған соң, зауыттың қыз-келіншектерін айналдыратын. Домбыра, сырнай үйренбек болып барылдататын, насыбай ататын, шылым тартатын. Қысқасы, енді нағыз жулик, алаяқтардың дәл өзі. Зауыттағы бейбастақтық, бұзықтық, жуликтік, былық-ұрлық, қулық-сұмдық, алдымен осылардан тарайтын.

Жарайды... Қайыр.

Міне, Мәсен ит сол бұзық қуаяқтарды менің соңыма салды. Соңыма салғанда, әлгі ұстаның қызын қорқытып, сол ретінде соныма салды... Ал үш қудың біреуі жекпе-жек кез келсе, не тіпті, екеуі-үшеуі бірдей кездесіп қалып, бірдеме қылмақ болса, жалғыз өзім-ақ ұрып жығатынмын. Бірақ ол қулардың жандарында пышақ, мылтық және екі қадақтық, үш қадақтың шойын кірлер болады, содан ғана қауіп қыламын...

Жер астында жұмыс қылатын, менімен жақын үш-төрт жас жігіттер бар еді. Бәрі де мықты еді, бәрі де өзіміздің елдің жігіттері болатын. Мен түнде жүргенде, солардың түнгі жұмысқа бармайтындарымен бірге жүремін...

Жарайды...

Бір күні, сол жақын жолдасымның бірі, өзіміздің Саден дегенмен түнде ұстанікіне бардық. Ел жатқан кез еді. Қыз қораларының қақпа есігін ішінен ашып қойған екен. Кірдік. Қораға кірген соң мен үйге ендім. Саден мені үйге кіргізіп, қайтып кетті.

Ұстанікі, ортасын қазандық пешпен бөлген, кішкене екі бөлмелі, аласалау балшық үй еді. Ауыз бөлмеге қараған қазандық жағында ұстаның бір жақыны қатынымен жататын. Төргі бөлме жағында ұстаның өзі әйелімен, бала-шағасымен жататын. Қыз төсағашта жататын еді...

Төсағашта, қыздың қасында, ақырын сыбырласып, сөйлесіп жаттық... Біраз сыбырласып жатып ұйықтап кетіппіз.

— Ұйықтаудан бұрын не қылдың, соны айтшы! — деді Халкен күліп. — Ха-ха-ха-ха!

— Уа, қылқиған мойныңды ұрайын, тыңдай берсейші! — деді Әзімхан. — Әңгімені бөлмей отыр, Халкен!

Жарайды... Бір кезде, есікті біреудің ашып-жапқан дыбысымен оянып кеттім. Қыз да оянып кетті. Тысқа шығып жүрген ұста болар ма десем, ол қатынымен екеуі пысылдап ұйықтап жатыр екен... Есік жақтағы бөлмеде ұстаның еншілесі мен оның қатыны да пысылдап ұйықтап жатыр...

— Енді кім болды?..

Жүрегім сезіктеніп, біраз тыңдап жаттым... Біраздан соң қораның қақпа есігінің ашылып, жабылған сықыры естілді... Енді не болса да тұрып, киініп кетейін деп,төсағаштан түсіп, киімдерімді қарасам, жоқ екен!.. Олай-бұлай сипалап қарап, таба алмадым. Біреу алып кеткен киім табылсын ба? Енді қыз екеуміз састық. Ә-әй, осы алаяқтардан келді ғой деп ойладым...

Не қылу керек. Қойшы, амалдап, о қып, бұ қып ұстанікінен аман-есен жатағыма жеттім...

Қайыр...

Ертеңінде Саденнің, Жұматтың киімдерінен селбесіп ауысып кидім. Бірақ киімім жоғалды деп жұртқа айтуға, әшкере қылуға болмайды.Ұят!.. Білдіртпей, алаяқтардан зерттемек болып отырмыз... Күн тағы да боран болды. Оның ертеңінде ұдайымен тағы да боран болды... Сол боран күні түнде ағылшын байдың даяр киім, сайман сататын дүкеніне ұры түсіпті. Ұрыны күзетші сезіп » қалып, пірканшікке хабар беріп, пірканшік пен күзетші келіп, ұстай алмай қалыпты. Бірақ ұрының өз киімдері дүкенде қалыпты... Қазақ екен... Қалған киімдері қазақша екен... Ұрының киімдерін қолына алып, урядник дознание қылып жатыр деп есіттік...

Бұл - жұмыскерлерге бір әңгіме болды...

Жарайды...

Мен үйден шықпай отырдым. Енді оның ертеңінде таңертең төсектен ешкім әлі тұрмаған кезде жатағымызға саусылдап, қасында бір стражнигі бар және бір-екі орыс бар, зауыттың үрпек шашты уряднигі қылыштарын сүйретіп жетіп келді. Жүрегім су ете түсті... Казарманың ішіндегі жұрт үрпиісіп тұр... Урядниктің нығанда шендері, жанында — қылышы бар. Түсі қандай суық десеңші иттің! Урядник тұрып:

— Әзімхан Тұрысбеков сен бе? — деді.

— Мен, — дедім.

— Тұр, ойда киін! — деді.

— Тақсыр, қайда жүр дейсің?.. Не қылдым мен? — дедім.

— Ну, сөйлеме, собака, тұр жылдам! — деп урядник теуіп-теуіп қалды.

— Құдай-ау,мен не жазып едім! — деппін,әбден енді өлгенімнен, Урядник иттің түсі суық болған соң текке таяқ жермін деп тұрмын...

Зығырданым қайнап түр, ішімнен: «Е-е, бұл енді анаугүнгі Масен мен Шегірдің лаңы ғой, амал барма? Жазығым жоқ еді», деп, тез киіндім. Мен киініп болған соң урядник қасындағы стражникке жатағымызды талқандатып тінткізді. Бірге жатқан жігіттерден жалғыз-ақ Бижан деген жігіт бар еді. Өзгесі күндізгі кезекке, жер астына жұмысқа кетіп еді. Жұмысқа кеткен жігіттерді тексеріп сұрады... Бижанға да киін деді. Бижан:

— Тақсыр, менің жазам не? — деді.

— Киін сөйлемей!.. Білесің жазаңды! — деді. Сөйтіп, ақыры қойшы, Бижан екеуімізді урядник айдап әкеп, каталошкесіне қамады да тастады...

Жарайды... Қайыр...

Аздан соң мені стражник урядниктің үйіне алып келді. Урядник үйінде түрегеп жүр екен. Бешпентшең, жалаңбас, үсті-басы саусылдаған шен. Қанға тойған ит сияқты, түсі суық бір ит еді... Осы жыланша ысқырады! Құдды шаяндай, шикіл сары, тік мұрт... Неколайдың заманындағы ұлықтардың түсі суық, сұсты болушы еді ғой... Мен үйіне енгенімде жыланша қарады. Үстелінің қасына келді. Қарасам, үстелінің үстінде менің жоғалған киімдерім жатыр екен!.. Көк шүберекпен тыстаған қоңыр елтірі тымағым, тібен күпім, ескілеу саптама етігім... Бір сұмдықтың болғанын сезе қойдым. Урядник:

— Әзімхан Тұрысбеков!.. Мына киімдерді танисың ба? — деді.

— Танимын, — дедім.

— Бұл кімдікі? — деді.

— Менікі, — дедім.

— Бұл киімдеріңді қайда тастап кетіп едің? — деді.

— Тақсыр, екі-үш күн болды, ұрлатып едім! — дедім.

Урядник қазақша судай еді. Тағы да ақырды... Айтқан сөздері мынадай:

— Сен өтірік сөйлеме!.. Байдың киім сататын дүкеніне алдыңғы күні, боран күні түнде келіп, құлпын ашып түсіпсің... Күзетші мен пірканшік сені ұстай алмай қалыпты. Сенің қасыңда тағы да екі кісі болыпты. Олардың біреуі сенімен бірге дүкенге кіріпті де, бірі сыртта тұрыпты. Дүкеннің терезесінің бір көзін сындырып, содан нәрсе алып тұрыпты... Барлығы 500 сомдық нәрсе алып кетіпсіңдер, мына киімдеріңді ағашқа кигізіп, кісі қылып қойыпсың. Күзетші мен пірканшік есіктен келгенде, мына сенің, адам тәрізденіп түкпірде тығылып тұрған киімдеріңді кiсi деп алданып қалыпты. Қуыршақ қылып қойған сенің киіміңді кісі деп келіп ұстағандарда, сендер босағада жасырынып тұрып,шығып кетіпсіңдер. Соның бәрін істеген сен... Сені бұзық адам дейді. Анау күні жанжал қылып,жұмыстан да сол себепті шығып қалыпсың... Сен ұрладың, онан да шыныңды айт, — деді.

Мен не дерімді білмедім!.. Аузым аңқайып, тыңдаппын да тұрыппын... Сасқанымнан:

— Ойпырым-ай, бұл не деген сұмдық!.. — деппін.

Ұшып көкке, ұшып жерге түсіп,дүкенге түскенмен емес екенімді айттым...

Урядник пәлені мойныма мөлдіретіп сала берді. Мен ақтығымды айтып құр безектей бердім... Тіпті болмаған соң киімдерімнің қалай жоғалғанын, қай жерде жоғалғанын айтып, ұстаның қызын куә қылдым. Саденді куә қылдым. Басқа да жақын сырлас жігіттерді куә қылдым. Мәсен нәренжіктің өштігін айтым. Мәсеннің менің соңыма, әлгі жулик алаяқтарды салып жүргенін, бұл пәленің солардан келген пәле екендігін айттым.

Бірақ урядник болмады .Мойныма міндіре сөйлейді. Ақырында менің айтқан сөздерімді қағазына жазды-жазды да, қол қойдырып, мені қайтадан айдатып каталошкесіне жіберді. Стражнигі мені каталошкесіне қайта алып келіп жауып, Бижанды ертіп әкетті. Біраздан соң Бижанды да кайтып әкеп жауып тастады. Бижан да әбден дал болып отырды. Түнде біздің үстімізге Саденді де әкеп қамады.

Сөйтіп, атпай-шаппай каталошкеде жаттық. Біреуді біреуге атыстырып бұзықтықты кәсіп қылып жүрген, дүкенге түсіп нәрсе ұрлаған алаяқтар жақсы кісі болып, күліп-ойнап, арақ ішіп сайран салып жүрді.

Жарайды... Қайыр...

Ақыры қойшы, ұстаның қызының және басқа да менімен . сырлас жігіттерден жауап алып, тағы да бірнеше адамнан жауап алып, бір жұмадан соң бізді босатты...

— Mінe, әңгіме осы! — деді Әзімхан.

— Батыр-ау, енді дүкенге түскен ұрылар кім болып шықты? Дүкенге түскен ұрылар кім болып шықты?.. — деп жапырласып сұрасты Әзімханнан жолдастары.

Дүкенге түскен, әрине, әлгі алаяқтар екен. Зауыттағы бүкіл қазақ жұмыскерлері және барлық сол зауыттағы кәсіп қылып отырған жай қазақтардың бәрі әлгі қулардың мұнысын осындай әңгіме қылып жүрді. Ол қулардың дүкенге түскенін де, басқа қылмыстарын да әңгіме қылып айтысып жүрді. Бірақ арам иттерді ұстап каталошкеге жапқан жоқ. Жаппақ түгіл, урядниктің Тарасов деген стражнигі солардың айтқанын қылды. Солармен бірге арақ ішіп жүрді... — деді Әзімхан.

Тағы да жамырасып, жолдастары Әзімханның әңгімесін сөз қылды. Сатай күліп:

— Түу, абақтыда тіпті текке отырып қала жаздапсың ғой. Боқ басында подсуд кете жаздапсың ғой... Подсуд кете жаздапсың ғой!.. — деді. Хасен күліп:

— Әйтеуір, әупірім деп аман қалған ғой, әйтпесе әлгі қулардың нақақтан-нақақ жапқан пәлесімен, есебі, ілініп кетуі де мүмкін ғой!.. — деді. Бұзаубақ:

— Батыр-ау, сол адамдар қазір бар ма екен?.. Бар болса, әлі осы күнге шейін бірдемеге ілікпей жүр ме екен? — деді. Әзімхан:

— Әлгі, қулар ма?.. Ол қулардың бірі өлді білем. Орысшаны шала білетін біреуі, екеуі кәзір бар. Бар болғанда, екеуі тіпті бір үлкен орындарда жүрсе керек, — деді. Бұзаубақ:

— Уай, батыр-ау, екеуі кәзір үлкен орында жүр дейсің бе? Тамаша екен!.. Соларды біле тұра орынға қоя ма екен, жоқ, білмей қоя ма екен?.. — деді. Әзімхан:

— Ойбай, неге біле тұра қойсын!.. Қайдан білсін?.. Өздері орысша біледі. Өздері залым, саясат біледі... Олар әр нәрсеге шебер ғой... Кешегі милиция болып жүрген қудың қандай адам екенін көрген жоқсың ба?.. Оларды қайдан білесің!..

Анау күні, съезге барып келе жатқан біздің сол Нілдінің бұрынғы бір жұмыскеріне жолықтым. Ол да «көрдім, үлкен орында екен», — деп, күліп барады. Және өзі «бадырақпын, жұмыскермін» деп айтады екен, дейді.

Сонсын, ол қудың шынында қандай адам екенін бұрын сырын білмеген адамдар қайдан білсін!.. — деді Әзімхан.

Жұмыскерлер бастарын шайқасып, оны біраз әңгіме қылды. Хасен:

— Қазір жұмыскерлердің қадірі артық болғанға, сондай қулар осы жанын салып, жылпылдатып жүріп, «бұрын жұмыс қылған жұмыскер» деген куәлік қағазды зауыттан қалай қылса да ебін тауып алып шығады білем осы. Қазір мен тағы да бір-екі осындай адамдарды білемін... — деді.

— Оларың кімдер, әй мен білем бе оларды?.. — деді Халкен.

— Сен де білетін шығарсың, онсоң Хасен де жақсы білуі керек! — деді Әзімхан.

— Бұрынғы жылы елде жүргенімізде, жаздыгүні біздің елге екеуі де ұлық болып келді ғой! дедi Хасен.

— Уай, бұрынғы жылғы, әлгі «Бұйра жалмын» деп келіп, әлгі Жуанышбайдың қызымен төбелесіп,таяқ жейтін ана бір қу емес пе, сол Жуаншыбайдың .қызы тепкілейтін «бұйра жал» емес пе? — деді Сатай...

Әзімхан мен Хасен сақылдап күлді.

— Жо-о-қ. Жуанышбайдың қызы сабайтын ит — ол бір басқа неме ғой, елге бұйрожалыптың полнемосины — өкілі болып келген ғой ол, жұрттың көбі тек «бұйра жал» дейтін еді той. Ол да бір бұзық ит еді. Аналар басқа, — деді Әзімхан.

— Ә-ә, ә-ә, енді кім, енді кім?.. Әлгі «Асаубай әкім» болдым деп, елден ақша жинап әкететін әлгі ана бір сары сөмкелі қу шығар оларың? - деді Сатай

Әзімхан тағы да күлді.

— Осы Сәтекең сөзді өзгертіп ала қояды, әй! «Осовиахим» деген сөзді естіп, біліп жүрсе де және осында соған мүше болып жүрген адамдарды көріп жүрсе де, «Асаубай әкім» дейді, - деді.

Бәрі күлді.

— Е, енді қалай,енді қалай еді?Бәрібір емес пе?.. Бәрібір емес пе? - деді Сатай.

— Бәрібір болса, асаубай әкім», «әбіл әкім» деп сөйлерсің, «бәрібір» сөз жақсылыққа соқпайды... Ана жылы, Балапанның келінін оятам деп, үйдің есігінен кірмей, «бәрібір» деп, жабығынан түсіп, қайтадан шыға алмай қалып, Балапанның ақсақ қатынның қолына түсіп таяқ жегенің — сол «бәрібір» дегеннің кесірі емес пе еді? — деді Әзімхан Сатайды келемеж қылып.

От басындағылардың бәрі де күлді...

— Өй, ақымақ, ей, ақымақ!.. Не дейді, қоймайды екен қайдағы өтірікті айтып! — деді Сатай.

Бәрі тағы да күлді.

Халкен бақырдағы етті көріп:

— Мынау ет жидіп қалыпты, — деді. Гүлия мен ақсақ бала етті түсірді.

СӘУЛЕЛІ ТҮНДЕ

Жұмыскерлер ет жеп болған кезде, жартыланып туған ай арқан бойы көтерілген еді. Аспанда әлі де бір шүйкедей бұлт жоқ. Үн жетпес биікке жайылған жасыл торғындай аспанда бырдай болып шашылған сансыз жұлдыз әлі де жалтырап, қара жерге алтын нұрын төгеді. Ертедегі сиқырлы шәһәрдің қараңғы түндегі алыстан жалтыраған сансыз көп шамдарындай жалтырайды. Жұлдыздардың гауһарша ойнаған қызылды-жасыл, аппақ сәулелері жартыланған ай сәулесімен қосылып, мөп-мөлдір шық басқан қаракөк жерді манағыдан да бетер жалтыратқан. Кәзіргі аспан — алтын жұлдыздармен сәндеген биік сәулетті көк күмбез тәрізді. Көкке арқан бойы көтерілген, жартыланған алтын ай сәулетті көк күмбездің алтын айшығы тәрізді...

Сол кезде жұмыскер үйшіктерінің көбі-ақ тыныштанып ұйқыға кеткен еді. Тек бірен-саран үйшіктердің маңдарында әлсіреген оттар ғана жылтырап көрініп, ақырын күңкілдеген дыбыстар ғана естілетін еді.

Хасен, Сатай, Әзімхан, Халкендер ақырын сөйлесіп, күркелеріне кіріп, жатуға төсектерін ыңғайлады. Олардың, үйшіктері мен Бұзаубақтың үйшігінің арасы жиырма қадамдай ғана еді.

Бұзаубақтар да жатуға қам қылды...

Дәл осы кезде «Азат» жақтан отарбаның, ақырған дауысы шықты. Желсіз түндегі үнсіз ауаны қақ жарып ақырған отарбаның, дауысы жұмсақ, әдемі тынық түнде маужыраған, қалғыған төңіректі селк еткізді. Келе жатқан отарбаның ақырып, арқыраған дауысы төңіректі жаңғырықтырып, үнсіз тынық ауаны қозғап, қалтыратып жіберді. Отарбаның жылдам жақындап, дүрсілдеп келе жатқан дүбірі естілді. Отарба дүрсілдеп, асығып, ентігіп екі көзі жайнап, қып-қызыл от шашып белестен лезде шыға келді, әлі де жатпаған жұмыскерлер түрегеп, күркелерінен шыға-шыға қарасты. Отарба белестен асып үдере шапқан қара айғырдай дүрсілдеп, ентіге пысылдап дем алып, екі көзі жарқырап, будақтаған қап-қара түтіні қара айғырдың шұбалған қою жалбыр жалындай бұрқырап, жер соғып бұраңдай шауып жетіп келді. Екпінді бәйге қара айғыр тіркелген арбаларды сүйреп, шұбатылып, тоқтамай қарақшыдан өте шыққандай гүрсілдеп келіп темір денелі алыпша өте берді. Хасендердің үйшіктері темір жолға таяулау болғандықтан олардың жанына келіншегі және ақсақ бала мен Бұзаубақтар келді. Гүрсілдеп өте берген отарбаға бәрі қатарласып қарап тұрды. Сатай отарбаға қарап тұрып:

— Ой, шіркін, қара айғыр-ой! Шіркін, қара айғыр-ой!.. Сүйреген екен талайды... Сүйреген екен!.. — деді.

— Я, сүйреген екен батырың!.. Бұл енді ертең күндіз қайта өтеді ғой? - деді Бұзаубақ.

Хасен есінеп:

— Я, ертең түсте қайта өтеді... — деді.

Осы неше вагонмен артылса тарта алмайды екен? — деді Халкен.

Әзімхан керіліп, дауысын созып:

— Талайды әкетіп барады-ау, ә-ә?.. — деді. Халкен: Я, талай адамды сүйреп барады той, — деді. Жігіттерге қарап қойып, Гүлия ақсақ балаға ойнап:

— Осы араға тоқтаса мініп кетер едім мен! — деді. Ақсақ бала қалжыңдап:

— Бар, жүгір соңынан, бар!.. — деді. Сатай қалжыңдап, Гүлияға қарады:

— Гүлия, немене, отарбаға мініп кеткің келді ме? Кетіп-ақ қалсайшы, кәзір әйелге бостандық қой, әйелге бостандық қой!.. Бұзаубақ өзі тағы да бір қатын алар! — деді.

Бұзаубақ күліп, қатынына:

— Я, бара ғой, отарбатаға мініп кеткің келсе,тоқтаған жерінен мінесің! — деді. Гүлия күліңкіреді.

— Кетсе, несі бар дейсің? Кетсем, кетермін де қалармын!.. Кәзір кімге болса да бостандық емес пе!.. — деді.

Әзімхан қалжыңдап:

— Е, сені біз жібереміз бе бостандық екен деп?.. — деді.

Гүлия күліңкіреп иығын теңселтті:

— Ер болсаңдар, жібермессіңдер!..

— Өй, мынау қор қылмаса игі еді!.. Өй, Бұзаубақ-ау, мына Гүлия не дейді?! — десіп, жігіттер қалжыңдап күлісті...

Отарба гүрсілдеп шұбалып, аждаһаша иреңдеп өтіп, асып кетті...

Жұмыскерлер есінеп, үйшіктеріне кіріп жатысты... Жұмыскерлердің, жатақтары, төңірек, енді тегіс тыныштыққа, тәтті ұйқыға кірісті...

Әзімхан біраз ұйықтай алмай жатты. Ойына, қиялына әлденелер келіп ұйықтатпады. Шұбалған, өткен күндерде болған түрлі істердің көбі бірінен соң бірі сағымша бұлдырап тізбектеліп Әзімханның қиялынан, көзінің алдынан өтіп жатқандай болды. Жастықта кез болған талай оқиғалар есіне түсіп Әзімханның ойының, қиялының түкпіріндегі ескі қоймаларын ақтарғандай болды. Жастықтағы өткен күндердің талай кезеңдерінде кез болған, өзіне ұнаған бұралған сұлу қыздар, қырдың киігінше ойнаған қаракөз келіншектер есіне түсіп, олармен араласып, қиялымен неше түрлі жұмыстар жасады. Қиял бірден-бірге көшіп, қиялындағы «жұлдыз көзді, ай маңдайлы» сұлуға келіп тірелді.

— Ә, соның өзі, сірә, осы Гүлия емес пе екен? — деді ішінен.

Бұзаубақтың келіншегі — «жұлдыз көзді» Гүлия.

Көрген жерде-ақ Гүлия Әзімханның көңіліне ұнай кеткен... Гүлия сұлу... Гүлия олай-бұлай ғана әдеміше келіншек емес, айта қалғандай сұлу. Сымбатты, көркем, келісті сұлу. Бұзаубаққа сайма-сай емес, Бұзаубақ сұлудың не екенін білмейтін адам. Оған тек қатын болса болды. Гүлия солқылдаған көк өрім шыбықтай. Көкорайдағы балбыраған, қызғалдақ гүліндей жайнаған әйел. Өзі сөзге де ұста. Қалжыңның неше түріне жетік. Қас пен қабақтың құбылысынан адамның ішкі ойын сезіп отырады. Гүлия Әзімханға өте ұнайтын. Ұнайтынын өзі де білетін. Әзімхан да Гүлкенге ұнайтын. Ұнайтынын Әзімханның да іші сезетін... Гүлияның зеректігіне, тек көзқараспен тана іштегіні сезетіндігіне Әзімхан таң қалатын. Жарлының қызы, жасынан ештеңе көрмеген, жасынан бір жарлыға қатын болған жас әйелдің мұндай зерек, мұндай сезгіш, мұндай сынағыш болуына Әзімхан таң болушы еді. Бірақ Әзімхан өзін-өзі берік ұстап, жолдастық шегінен аттамасқа бекініп жүруші еді. «Қасқыр да қас қылмайды жолдасына», «атаң да болса бір жолдас» деген мақалдарды Әзімхан берік ұстаушы еді. Бірақ сұлу, көркем әйелдің, арбауы Әзімханды қызықтырып, толқыта беруші еді. Дөп-дөңгелек, түпсіз терең тұңғиық қара кездің ертедегі «сиқырлы айнадай» жалт етіп қарап қалып төңкеріліп кеткені Әзімханды тылсыммен азғырғандай аздырып, еріген қорғасындай балқытып, сынаптай толқытып тастаушы еді. Бірақ қан лепіріп, лоблыған жүректің тілегін ноқталаған жолбарыстай, темір қайратпен ноқталап бекітіп қоюшы еді. Гүлияны елемеуге, ойламауға тырысушы еді.

Бірақ бүгін төсекке жатқан соң, өткен күндерді шарлаған ұшқыр қиял таты да Гүлкенге келіп тірелді...

Әзімхан ұйықтауға тырысып, екі-үш аунап жатты... Бірақ ұйқы келмеді. Ұйқы әбден ашылып алды... Шарлаған қиял шаршамайды, Гүлия Әзімханның көз алдына келе берді.

Жүрек лыпылдап асыға соғудан тыныштықтағы қалпына аумайды. Дене қызыңқырап алды. Бірсыпыра жатып, беймаза болып, Әзімхан тысқа шықты.

ТАҢ АЛДЫНДА

Таң ақ таңлақ, болып сарғайып, талауранып атып қалған екен. Жер-дүние азырақ бозарыңқы тарта бастаған. Көктегі құлпырып ойнаған жұлдыздардың да жанған сәулелері манағыдан гөрі солғындаңқыраған. Тақыр жерге басқан үлкен аттың ізіндей жартыланған алтын ай көкке өрлеген. Жер-дүние таң салқынындағы маужыраған тәтті ұйқының мұнарына батқан. Жұмыскерлердің, үйшіктері де тым-тырыс терең тәтті ұйқыға шомған. Әзімхан жалаң бас, шапанын жамылып, жалаң аяқ тысқа шығып қақырынды. Денесін салқындатып жүрді. Бұзаубақтың арбасының қасына келді. Арбаның қасында жатқан сиырлар түрегелді. Әзімхан жүрді, қиырға, көкке қарап тұрды. Таң алдындағы мұнар мен қалғыған Көкшетаудың биігінің басына қарап тұрды.

Сол кезде Бұзаубактың күркесінен біреу шыта келді. Әзімхан, бұзауға жанасқан сиырды айдаған бола қойды. Жалаң бас, шапан жамылып тысқа шыққан Гүлия екен.

О да арбаның қасына, бұзауларға келді. Жарты ғана минуттай Әзімхан мен Гүлия бір-біріне қарасып тұрысты.

Әзімхан ақырындау:

— Мына бұзауларын еміп жатыр екен... — деді.

Гүлия:

— Өзім де ұйықтай алмай жатқан едім, манадан алан болып... Бала мен, Бұзекең тіпті ұйқыдан бас көтермейді. Еттерінен ет кесіп алсаң да міз бағатын емес... — деді.

Әзімхан күліңкіреген болды:

— Тіпті қатты ұйықтайды-ау өздері... Сен тысқа шытып жүргенде де оянбас, ә?.. — деді.

Гүлия:

— Екеуін де,тіпті жұлмалап жатсаң да,тырп етпейді... Ұйқыдан басқаны не қылсын!.. — деді.

Әзімхан:

— Е, қайтсін, осындай әдемі түнде ұйқыдан басқа не бар?.. — деді.

Гүлия:

— Ұйқы адамның дұшпаны емес пе? «Ұйқтағанды ұйқы алады, ұйықтамағанды жылқы алады» деген бар емес пе? Ұйқы жақсы болса, өзің неге ұйықтамай жүрсің?.. — деді.

Әзімхан күліңкіреп:

— Мен арба сықырлап жатқан соң, бұзау еміп жатыр ғой деп шығып едім... Шыққаным жақсы болған жоқ па, сиырыңды емізбей айдадым... — деді.

Гүлия күліңкіреп:

— Сиыр айдауға ұйқың сергек екен? — деді.

Әзімхан оған енді тез жауап бере алмады. Ішінен: «Қой енді, тез үйшікке кіріп жату керек» деп, өзіне-өзі ақыл берді... Гүлия Әзімханның ішінен ойлап тұрған ойын сезгендей, Әзімханға тіпті жақын таянып, түпсіз терең дөп-дөңгелек қара көзімен мөлдірей қарап, Әзімханның иығына оң қолын ақырын салды... Әзімхан да бір қолын Гүлияның мойнына еріксіз ыңғайсыздау орады. Беті біресе күлімдеген, біресе қуарып суыған тәрізденіп, Әзімхан азырақ еңкейіңкіреп, Гүлияның бетіне-бетін тақады. Өзін-өзі билей алмай Гүлияны жылдам қатты құшақтай алып, Гүлияның бетінің ұшына, одан еріндеріне Әзімханның, ыстық, лепті екі ерні жабысты да қалды... Әзімханның жамылған шапаны иығынан түсіп қалды. Бір-біріне жабысып, сүйісіп, құшақтасқан бойымен екеуі жерге отыра кетті. Көйлекшең, дамбалшаң, жалаң аяқ, шық басқан дымды шөпке отыра кетіп, дереу Әзімхан есін жиып алғандай ұшып түрегелді. Есін жия алмай қолын созып отырған Гүлияға сасқалақтағандай бір қолымен шапанын алып, шапшаң еңкейіп асығып сыбырлады:

— Ойбай, ұят болар!.. Мұнымыз масқара болар, тез қосыңа бар... Мен кетем!.. — деп жүре берді. Ұшып түрегеліп Гүлия жылдам сыбырлап, қолын созды:

— Тұра тұр, кішкене... Неден қорқасың?.. Тұра тұр!

Әзімхан Гүлияға бұрылып, сыбырлады:

— Ойбай, қарағым, енді... кеңшілікте асықпай сөйлесерміз. Қазір біреу шығып қалады... Бұлай тұрғанымыз ұят болады... Бар енді қосыңа!.. — деп жылдам басып, үйшігіне қашты. Демде үйшігіне кіріп жоқ болды...

Гүлия да біраз тұрып, қосына барды...

Темір жолдың күнбатыс жақ жағасында, ойпаңдағы үлбіреген ақ торғындай мұнары қалқыған көлшүмектің үнсіз тұрған құрағынан әдемі сызылған дауысты бұлбұл сайрады. Бұлбұлдың жазғы таңмен бірге сызылған, құбылған әдемі күйі, үзіліп-үзіліп, тізбек-тізбек түйдектеліп шертіліп, шұбалып қалтырап құйқылжи берді. Мұнары торғындай қалқыған көлшүмектің самсаған құрағынан бұлбұлдың нәзік толғаған мұңды жыры, сызылған сұлу күй лепіріп соққан, алабұртқан ыстық жүректің өксігін жұбатқандай болды.

Жазғы сиқырлы түннің жан мен тәнді елтіткен жұпар иісті, жұмсақ мұнары бірте-бірте жадырай берді...

ЕРТЕҢІНДЕ

Ертеңінде жұмыскерлердің көбі сәске түсте күн қыза тұрды. Күн жұмыс қылмайтын демалыс болғандықтан, жұмыскерлер асықпай тұрысып, асықпай шайларын ішісіп жатты. Күн тағы да жұмсақ ыстық. Жап-жасыл кілемнің түріндей ойды, қырды теп-тегіс қаптаған жап-жасыл балдыр шөптер кешегідей балбырайды. Аспан сайраған, құйқылжытып жырлаған дала жыршылары бозторғайлардың әндері естіледі.

Жұмыскерлердің жатақтары бейбіт, асықпай қыбырласады. Кейбір жұмыскерлер, кейбір бала-шағалар үйшіктерінің жандарына от жағысып, шүпірлесіп ас пісіріп жатыр. Кейбіреулер тыраштанып жуынып жатыр. Сөйлеген, күлген, қалжыңдаған» үндер естіледі. Бірдемеге кейіп, дауысын қысып, бұзып: «е-е»деп қалған дыбыстар да естіледі. Үйшіктердің алдына, ашық ауаға оттардың көк ала түтіндері жалындай-жалындай болып созылып, көлеңдеп көкке ұшады. Жатақтарымен жұмыскерлер бейне жаңа ғана бір жақтан көшіп келген қала тәрізді. Не темір жол бойына түнеп жатқан бір жүргіншілер тәрізді.

Хасен, Сатай, Әзімхан, Халкен, Бұзаубақ, Гүлия, ақсақбала — бәрі шайларын даярласып жатыр. Бүгін бұлар жұмыскерлердің көбінен кешірек тұрды. Қазір енді, Гүлия әкелген көлшүмек суымен Бұзаубақтың пұшық құманынан беттерін жуысып жатыр. Гүлия шайды құрым қосқа жасап жатыр. Кір-кір, жамаулы қоңыр көрпесін төрге, жыртық ескі сырмақтың үстіне Хасен мен Сатайдың отыратын орнына салды. Үлкен бөлке нанды Бұзаубақтың қара кездігімен тіліп, үзгілеп дастарханға үйіп тастады. Шай ішетін тұтқалы шұңқырларын, шыны аяқтарын, кеселерін кір мен май сіңген жыртық кенеп орамалымен сүртті. Күйелі үлкен қара шәйнекті қосқа әкеп, тыстағы жігіттерді Гүлия меруерт тістерінің арасынан әдемі дауысын әндете шығарып, шайға шақырды...

Сүйтіп, жатақтарындағы жұмыскерлер демалыс күнін еткізіп, тынығып тыраштанып жатты. Кейбіреулер бүгін де тақаудағы ауылдарға және «Азат» поселкасына кетісті.

Қорабын алып тастап Бүзаубақ жайдақ арбаға торы шолақ атты жекті. Атын жегіп жүріп Бұзаубақ Гүлияға бұйрық айтып жүрді:

— Тезек теріп қой. Бұзау жамырап кетпесін!.. Онсоң, әлгі дорбаны дайындашы, кооперациядан бірдеме алсақ, керек болар!..

Хасен, Сатай, Әзімхан, Бұзаубак, Халкен — бәрі кооперативке барып ол-пұл нәрсе алуға және қымыз ішуге «Азат» поселкасына кетті.

Гүлия мен бала қос пен үйшікті күзетіп қалды.

Гүлияга бойдақ, жас жұмыскерлердің едәуірі-ақ қызығатын. Өте-мөте бір Сәтпай деген тұз көздеу сары жігіт айналдырып қоймайтын.

Сәтпай өзінің қызыл бояумен боялған домбырасын бос уақытта қолынан тастамайды. Бүйіріне айна салған, тақтайларын темір шегемен шегелеген, қаңсыған жаман домбырасын жаман қодастың жүрісіндей кикелеңдетіп қоймайды. Сәтпай домбырасын тәуір, сәнді деп ойлап, жұмыстан бос уақыттарында қолынан тастамай діңкілдетіп үйшіктен үйшікке кіріп жүреді және өзі домбыраны тәуір шертем деп ойлайды. Бірақ өзі зілдей, өзі қаңсыған аңғал-саңғал домбырасы дәл итаяқтай десе ешкім күнәлі болмайтындай еді.

Сәтпай бүгін ешқайда бармай қалып еді. Хасендер, Бұзаубақтар «Азатқа» кеткен соң, біраздан кейін домбырасын үркек мәстек жылқының жүрісіндей діңкілдетіп, кикелеңдете шертіп Гүлияның қосына келді. Үстінде жаңа алып киген шыт көйлек. Басында тікен сүр қалпақ. Аяғында көнелеу орыс етік. Белінде сары былғары белбеу.

Бір жұмыскерлердің қазанын сұрап әкеп, Гүлия қостың алдындағы жерошаққа сүт пісіріп жатыр еді. Үстінде күндегі киімі: басында ескілеу жасыл шәлі, үстінде қайың жапырақты шыт көйлек, жеңсіз қара кемзал. Жалан аяғына кебіс ілген.

Ақсақ бала көлшүмектің жағасында екі бұзаудың қасында жүр еді.

Сәптай күлімдеп, «сәнді» домбырасын дүңкілдетіп келіп тұрды.

— Е, келіншек амансың ба?.. Пісірер көбейсін!..

Гүлия қазанды түсіріп қойып, әдетінше әндеткендей созып сөйлеп:

— Ә, өздеріңдікі де көбейсін! — деді.

Сәтпай:

— Еркектеріңнің әрі кетіп қалған ба?.. Енді бастаңғы қыласың ғой, ә?.. - деді.

Гүлия ұнатқандай күліңкіреді:

— Байғұс-ау, бастаңғы қылдыруға құмар болсаң елге, қыздары бар жерге бармайсың?.. Бастаңғы қылғанда менен не өнеді дейсің?... - деді.

Сәтпай:

— А-ай, мың қыздың істеген бастаңғысына бір сенің бастаңғыңды айырбастамас едім!.. Қайтейін, сені құдай қасартып қойған соң!.. — деді.

Гүлия қазанның тұтқаларынан құрыммен ұстап, қаңылтыр шелекке құйып алып, қосқа енгізіп қойды. Домбырасын діңкілдетіп, Гүлиямен бірге есігі қайырылып аңқаюлы тұрған қосқа Сәтпай кірді.

Көкөрімдей солқылдаған сұлу Гүлияның аппақ меруерттей тістерінің арасынан сызылып, әндетіп шыққан әрбір сөздерінің дыбысы Сәтпайдың жүрегін шымырлатып қытықтай берді.

Гүлия Сәтпайға:

— Біздің ауылда бір қатын бар еді. Сен тәрізді қылжақтаған бұқашықтарға: «айтқаның жаңа, асыққаның не?» — деуші еді.Мен де сенің қылжағыңа сүйдесем, сен күліп мәз болып қалар едің-ау. Бірақ мен үндемей-ақ қояйын... Қалжыңның орны бар ғой... — деді.

Сәтпай:

— Апырым-ай ай-,сенің осы бойыңа адам жуытпағансып сөйлейтінің қалмайды екен!..Тап бір төренің, не бір мырзаның қатынындай паңданасың. Ешбіреуді менсінбеген адамша сөйлейсің! — деді.

Гүлия қағылтыр шелектегі сүтті ожаушасымен сапырып.бетін шыбыннан қорғап дастарқанымен бүркеп қойды.

Сәтпайға:

— Осы күнде әркім өзіне-өзі тере де... — деп төсегінің алдына отырды.

Сәтпай да отырды.

Бұзаубақтың құрым шомыт қосының сырты қандай болса, ішкі жасау, саймандары да, төсеніштері де сондай еді. Төрдің алдында жыртық ескі сырмақ. Сырмақ емес-ау, сырмақтың сілемі. Өздерінің жататын, төсек салатын жерлерінде қабаттап салған және бір-екі текеметтің сілемі. Оның тор жағында жинаулы, бір-екі жамаулы көрпелер. Қоңыр қызыл шүберекпен бидайылаған, жүні үгілген кішірек екі жастық. Төсек-орындарының аяқ жағында топсалары сынған, қаңылтыр бастырмалары үзіліп қалған бір ескі жалаңаш, көк абдыра. Оның есік жағында үлкен үйеңкі шай жәшік. Басқа саймандары және азықтары сол жәшіктің ішінде. Ыдыс-аяқтарының біразы сол жәшіктің үстінде, біразы төңкерулі, қасында. Қаңылтыр шелектегі сүтте соның қасында. Оның қасында майлы, күйелі қара бақыр мен күйелі қара шәйнек түр. Міне, Бұзаубақтың қосының іші осы.

Қоста Сәтпай домбырасын діңкілдетіп бейбастақ, ұятсыз көздерін ойнатқан болып, қалжыңдап Гүлияны қажап отыр. Жігіттің қылжағын Гүлия жай сыпайы созбен тойтарып, ісін істей берді. Сүтін ұйытты. Абдырасын ашып, Хасенге тіккен шыт дамбалды алып, шыттың қалғандарынан дамбалға бау ызды.

Сәтпай қалжың шығармақ болып:

— Ән салайын ба, Гүлия? — деді. Гүлия бауды ызып отырған бойымен:

— Қазір ән салып әуре болып не қыласың... Салғыш болсаң кешке, еркектер жиналып отырғанда сал. Қазір әніңді тыңдайтын кісі жоқ қой... — деді.

Сәтпай қалжыңдап:

— Мені шаршайды дейсің бе!.. Кешке де айтармын... Қазір өзіңе оңаша айтқым келеді... — деді.

Гүлия:

— Домбыраңның шегі мен беті тозып қалар... Кешке айтарсың... — деді.

Сәтпай:

— Домбырам саған мың жыл ән салсам да тозбайды, — деді.

Гүлия мазақтап, күліп қарады:

— Тозбаса тозбас, тыста жатқан біздің арбаның «әдемі» қорабы тәрізді екен...

Сүйтіп, шомыт қоста, Гүлияның қасында Сәтпай әрнемені бір айтып отырды...

Біраздан соң, бұзауларды қайырып ақсақ бала келді. Күн кешегідей тамылжыған, жұмсақ ыстық. Жасарған қара жерді қаптаған жап-жасыл балдыр шептер күнмен пысынап тамылжиды. Көк ала жасыл жібек шөпке оранған қара жердегі қою жұпар иіс жан-жануарды маужыратады. Жасарған жаратылыстың құшағында жасыл жібек кілем жайғандай жап-жасыл ала, жас иісі аңқыған кең байтақта жұмыстан тынығып, жер қазғандардың көшпелі қаласы жатты.

Бесін еңкейген кезде Бұзаубақ, Хасендер қайтты. Торы шолақ атқа жеккен жайдақ арбамен итектеп белестен қара жолмен асып Бұзаубақ, Хасендер жатаққа келгенде құрым қостан домбырасын ұстап Сәтпай шықты. Сәтпай домбырасын көлденең ұстап өз үйшігіне кетті. Сәтпайдың құрым қостан жалғыз шыққанын Бұзаубақ ішінен өте жаратпай қалды, ішінен:

— «Япырым-ай, қоста Гүлия жалғыз ба екен, жоқ, Қаймолла да бар ма екен?..» — деп Бұзаубақ тынышсызданды. Сәтпайдың қостан шығып кеткенін Хасен, Сатай, Әзімхандар да көріп еді. Олар да іштерінен Сәтпайды жақтырмай қалды. Қостан Гүлия да шығып тұрды. Бұзаубақтар қостың жанына келіп тоқтап,арбадан түсті.

Бұзаубақ тымағын қолына алып арбадан түсе беріп келіншегіне:

— Қаймолла қайда? — деді.

Ақсақ баланың қоста жоғы Бұзаубаққа тікендей жайсыз көрінді.

Гүлия:

Тезек теріп әкелуге кетіп еді... — деді. Бұзаубақтың көздері шатынап, зәрлі көк найзадай Гүлияға қадалды.

— Е, тезекке өзің неге бармадың?.. Жұмыс қылып шаршап жүрен баланы жұмсап, өзінің ыржақтап қоста отырғанын қарашы, иттің баласы!.. — деді.

Хасен Бұзаубаққа:

— Е, Қаймолла жас жігіт емес пе, жас бала шаршаушы ма еді?..Тезек тере келгенге несі кетеді, қолды-аяқты баланың?.. — деді.

Бұзаубақ ызаланып, долданып, буынып сөйлей алмады. Келіншегіне тісін қайрап,даусын күшпен ақырын шығарып құшырланды:

— Қарабет!

Гүлия жәбірленіп:

— «Мен теріп келейін» деп болмай кеткен езі. Мен іс қылып отырып қалдым. Әйтпесе ерінді деймісің... Тағы да қайратыңа мініп келген екенсің! — деді.

ЕКІНШІ ТҮН

Кеш болды. Ертең жұмыс қылатын күні болғандықтан жұмыскер әдеттерінше кешке ертерек жатты. Әр үйшіктің алдында жылтыраған от тезірек, ертерек сөнді. Күңкілдеген, самбырлаған сөздер, кейде саңқ ете түскен қатты дауыстар, күлкілер, кейде естілген өлеңдер тез сап болды. Айнала ұштасқан, жасыл ала кілем жайғандай қиырсыз дала, жасыл жібек оранған шалғынды қобылар, сайлар, көк балдыр бетегелі белестер жазғы кештің мұнарына батты. Ұштасқан жердегі түзетілуге, аударылуға тиісті темір жол бойындағы жер қазғандардың жатақтары да лезде кеш жамылып, тыныштыққа кірісті. Кешегідей емес, аспанға қалқып қаз бауыр ала бұлттар жинала бастады. Сонда да жазғы ауа, жылы кеш жібектей жұмсақ еді. Жұмыскерлер ертеңгі жұмыс қарсаңында кешкі ұйқының тәтті мұнарына теп-тегіс маужырап,тым-тырыс жұмылды. Үйшіктер тым-тырыс болды. Тек бірсыпыра уақытқа шейін Бұзаубақтың қосынан ащы үнді күңкілдер естіліп жатты.

ЖҰМЬІС БАСЬІНДА

Ертеңінде, мерзімді уақытында жұмыскерлер күндегідей жапа-тармағай жұмыстарын істеп жатты. Ойпаң қобыға түп-түзу қылып сала бастаған созылған қомақты жер төсек күн санап, сағат санап өсуде. Ойпаң қобымен жалғаса көлденең кескестеп жатқан белес темір жолдын ойпаңнан түзу тартылып жатқан тұсынан кертіліп жатыр. Сол бұрын темір жол айналып кеткен көлденең белестің кертілуі де күн санап, сағат санап кеңіп, тереңдеп қашалуда. Темір жолдын бұл түзеліп аударылып жатқан бетімен белесті әбден кертіп шықса, белестің Көкшетау жаққа қараған арты ылдиында сол белестің көлбеген күнбатыс жақ тұмсығын орап келген бұрынғы ескі темір жолға төтелеп қиып қосылмақ.

Сөйтіп, көлбеген белестің созылған тұмсығын айналып орап жүруді қалдырып, темір жол дөңкиген белестен өтіп енді дұрыс жөнімен тартпақ. Бұрын асығыс салына салған темір жолды жұмыла қимылдап, тапжылмай жол төсек салып жатыр. Жол бермей жатқан өр белесті кертіп, қазып, жол ашып жатыр.

Жұмыс күндегідей үйреншікті, күндегідей бір қалыпта. Біреулері ауыр кетпен, ауыр сүймен, ауыр қайлалармен күйретіп, қорапты арбаларға салып жатыр. Біреулері қазған, ойған жерлері құлаштап күрекпен, қорапты арбаларға салып жатыр. Біреулері арбалармен топырақтарды, тастарды тасып темір жолдың ойпаңынан өткізе салып жатқан жер төсегіне апарып төгіп жатыр. Біреулер жер төсегін жаймалап, нығыздап, мықтап биіктетіп салып жатыр, Жер төсектің үстінде дарылдап сөйлеп жұмыс басқарушы орыс «Шабдар айғыр» жүр. Бұл — қазақ жұмыскерлердің қалжыңдап қойған аты.

Тізіліп, шұбалып тұрып құмырсқаша жұмыла қыбырлаған жұмыскерлердің қимылдары күндегідей.

Көбі көйлекшең, білектері сыбанулы. Жаздың жұмсақ, жылы ауасына денелері барбиып,тершіп, қара жерді бұрқыратып қазып талқандап жатыр. Жалаңдаған өткір темір күректердің үзілмей бір қалыпты кірш-кірш еткен дыбыстары және ауыр қайла, ауыр сүймен, ауыр кетпендердің қарш-қарш етіп шақылдағандары, оған қосылған арбалардың дүсірлері және жұмыскерлердің әр жерден үзілмей есітілетін дыбыстары — бәрі қосылғанда құлаққа күндегідей күйі естіледі...

Теп-тегіс жасыл ала жібек барқыт қаптағандай, жасыл ала жібек шөпті жонды жер қазғандардың дыбыстары жұмыс күйлерімен жаңғыртады.

Сол күні аспанда ақырын қалқыған көк ала бұлттар еді. Аспанда ақырын жылжып, айналып қалқыған ақ мамық жүнді, ақ қанатты көк ала бұлттар бейне бір қиырсыз айдын көк теңіздің ақырын қалқып жылжыған сендері тәрізді еді. Адамның тәнін ақырын ғана жұп-жұмсақ торғынмен сипағандай тамылжып тұрған майда ескектің демі білінетін еді. Аспандағы қалқыған ақ ала бұлттар ыстық нұрлы алтын күннің бетін ақ пердемен мүлде жасыра алған жоқ еді, Ауа тіпті жылы, жібектей жұмсақ еді. Жер дүние жадырап, жазылып, тершіп, маужырап пысынауда еді.

Ішуге асы мол, киюге киімі бар, төтен қайғы, төтен күйігі жоқ адамзаттың бейлі кеңіп, қаны тасуда еді.

Бұзаубақ қара жерді өткір күрегімен кіршілдетіп ойып тастап тұрды. Күрегін жерге қадай беріп тоқтап, қара қоңыр тымағының астынан терін сүртіп қойып, біртүрлі жұмсақ жүзбен қасындағы Сатай, Халкен, Әзімхандармен сөйлесіп тұр.

Сатайға қарап:

— Апырым-ай, Гүлияны түнде жатқаннан кейін бір жұмысқа азырақ ыза болып, азырақ ұрсып-ұрыңқырап едім!.. — деді.

Сатай өткір күрегінің қайырылған қанатынан қара жерге табанымен басып қалып, кірш еткізіп кіргізіп қойып, сөз айтып тұрған Бұзаубаққа ашуланған түрмен қарады:

— Е, неге ұрдың таты?.. Неге ұрдың тағы?.. Осы сенің бір жының бар шытар... Жазықсыз кісіні ұра бере ме екен?.. Жазықсыз кісіні ұра бере ме екен?.. Бәсе, таңертең, бағана томсарып жүргені сол екен той! Өнесі!.. Өнесі!.. — деді.

Халкен де күрегін қойып:

— Е, неге ұрдың таты да, Бұзеке? Тіпті, жазықсыз кісіні ұра бергеніңіз жарамайды ғой, — деді.

Керткен жердің қазылған топырақтарын тықсырып, торт бұрышты шұңқырдың шетіне жинап күреп жатқан Әзімхан Бұзаубаққа ештеңе демей көзінің астымен қарап қойып тұрды.

Бұзаубақ Сатайға:

— Кеше, ана Қаймоллаға тезек тергізіп жібердің деп, ашуланып едім. Менің мінезім жамандау той, бір нәрсеге ашулансам қатты ашуланам. Содан кешке, жатқан соң, азырақ қолым да, сөзім де тиіп еді... Жылаған соң қойып едім... Жоқ, ұрмайтын да едім, «бүйте берсең кетемін», — деді. Сонсоң азырақ қолым тиді, — деді.

Сатай Бұзаубаққа:

— Сен жазықсыз бүйтіп ұра берсең, қатыннан айрыласың... Қатыннан айрыласың, отырасың сонсоң көгенкөзденіп. Әнеу күнгі ауылнайлардың қызығып жүргендері де осы той! Олардың қызығып жүргендері де осы мінезің ғой, — деді.

Бұзаубақ босаңқырап қауіптеніңкіреп, күліңкіреді:

— Е, қайда барар дейсің! Көкшетау қаласында қымыз алып сатып, кәсіп қылып отырған бір жулик қазақта апасы бар еді. Апасы да байындай жулик әйел еді. Сол апасы былтыр келіп жатып бір азғырып алып кетпек болып, Гүлияны біраз лоблытып кетіп еді... Әлі де сол апасы қатысқан кісіден Гүлкенге сәлем айтып жатады... Тек содан ғана қауіп қылам... Әнеугі жұмысқа да соның қатысуы бар ғой деймін... — деді.

Халкен Бұзаубаққа күліңкіреді:

— Е, қазір қатын ұрған дұрыс па екен?.. Гүлия барып, «мені отағасым ұрады деп», қаладағы женотделдердің біріне айтып, арыз қылса штраф салмай ма?! Өзіңіз совет үкіметінің оң көзісіз. МОПР-сыз. Жеңілдегі қызыл шүберек анау. «Басыма бостандық сұраймын» деп барып жүрсе, бәле той ол?! Және ол қаладағы анасының қолына бір тисе, қайтып алу оңай бола қоймайтын шығар.... Өзіңіздің МОПР-лықтан шығартар... — деді.

Сатай Бұзаубақ қарап:

— «Қайда барар дейсің» деп, өзіне-өзі сенген кісіше сөйлеуін қарашы!...Өзіне-өзі сенген кісіше сөйлеуін қарашы! Ана бешпентінің жеңіндегі қызыл шүберекке сенемісің? Бұл заманда қатынды еппен ұстамаса, бұрынғыдай қатын ұрған-соққанға көне бере ме?.. Бүйте берсең қатыннан айрылып қаласың... Айырылып қаласың... Қатының тапқызбайтын қатын, — деді.

Және ойнап күлді де:

— Ондай қатынымыз болса, өзіміз сылап-сипап отырар едік. Сылап-сипап отырар едік... Бетіне күн тигізбес едік! — деді.

Халкен күлді, ойнап:

— Ендеше, екеуін неге айырбастамайсыңдар?.. — деді.

Әзімхан күліп:

— Сәтекең Бұзаубақ үстеу берер?.. Сатекеңнің қатыны өзі семіз, өзі сүтті, өзі буаз, өзі күшті, өзі бір аяғының сылтымасы бар, жортақы қатын, — деді.

Бәрі күлісті. Сөйтіп аз тана қалжыңдап сөйлесіп, жұмыстарын істей берді...

ОЛ ЖЕРДІҢ ЖҰМЫСЫ БІТКЕНДЕ

Жер қазғандардың бұл арадағы жұмыстары кешікпей бітті... Ойпаң қобыдан түп-түзу тартылып, жер төсек ұлтаны жалпақ қомақты етіліп, темір жол салынды.

Ойпаң қобыға жалғас көлденең жатқан белес кертіліп, екі бөлек көсілді. Темір жол сол ойпаң қобыдан түзу тартылған бойымен көлденең белестің түп-түзу кертілген жырасымен салынып асты. Сүйтіп, бұрынғы темір жолдың, белестің күнбатыс жақ көлбеген тұмсығын орап келіп,түзу тартқан жерінен жана жол төтелеп қиып қосылды. Жұмыскерлер енді темір жолдын ілгері жағындағы жұмысы коп бір жеріне көшпек болды.

Жақын елдерден аттарымен, сиырларымен келген жұмыскерлердің көбі ілгері бармайтын болды.

Жұмыскерлер уласып-шуласып нәрселерін, саймандарын, ыдыс-аяқтарын, қоқыр-соқырларын жинап-түйіп, көшуге даярланып жатты. Бұзаубақ қалуға жолдастарын қимай, бірге ілгері көшуге жиналып отыр. Ақсақ баланы атына мінгізіп, екі сиырды кеше айдатып жіберген. Өзге нәрселерін отарбаға салып әкетпек.

Күн батқан кезде жұмыскерлерді мінгізіп әкетуге, жүк таситын қызыл вагондарды тізбектеп сүйреп, тарсылдатып отарба келді... Жұмыскерлер жапырласып, шуласып, самбырласып бөлініп-бөлініп, нәрселерін тасырлатып, вагон арбаларға салып, тез апыр-жапыр міністі.

Қара айғыр. қара машина пысылдап, ентігіп ақырып жіберіп, лоқси жұлқыды. Шұбала тіркелген қызыл вагон арбаларды бір-біріне сақыр-сұқыр еткізіп алып жөнелді.

Күн батқан кез еді. Аспан сұр ала бұлтты. Күнбатыс жақтың, ақшаның ақ саңлағы қоңыр ала бұлттардың ара-араларынан тана саңлауланып көрініп тұрады. Күнбатыстан ақырын ғана майда жел ескектейді. Кеш жұмсақ қана еді. Аспан бұлтты болғандықтан және айдын тумайтын кезі болған соң кеш онша жарықта емес.

Жұмыскерлерді мінгізіп алған отарба кеш жамылып жорғалап иреңдеп, Көкшетауға қарай салдырап тарта берді.

Түнде ел орынға отыра отарба Көкшетау қаласына келді. Шұбалып вокзалда едәуір тұрды. Жұмыскерлердің біразы вокзалға түсіп, самбырласып сөйлесіп жүрді. Көбі мініп келе жатқан вагон-арбаларында ұйықтап жатты.

Отарба Көкшетау қаласының вокзалынан жүріп кеткеннен кейін біраздан соң Бұзаубақ, Хасен, Сатай, Әзімхан, Халкендер лезде әбігер бола қалды... Олай-бұлай сасқалақтап, вагонда Гүлия жоқ болған соң-ақ Бұзаубақтың жүрегі сұп-суық болды. Отарба екінші бір тоқтаған бекетте жолдастары түсіп, жүгіріп өзге вагондардан іздеді. Жаңылып, адасып басқа вагонға мінбеді ме екен деп, іздесті. Жолдастары қалай іздесе де, Гүлия жоқ болды. Отарбада келе жатқан жұмыскерлерге бүл үлкен оқиға — әңгіме болды. Жұмыскерлер өзге кісілерді түгендесті. Өзгелердің бәрі түгел көне жолдастары да өте қатты жайсыз болып шықты, Бұзаубақ және жолдастары қара жамылғандай болып отырды.

Әзімханның да іші күйгендей болып отыр.

— Апырым-ай, сол Көкшетау қаласындағы апасына баруға қалмаса игі еді? - десті.

Жұмыскерлер жұмыс қылатын жерлеріне келіп түскен соң ертеңінде Әзімхан бар тәуір киімдерін киініп, қайта жүрген отарбамен Гүлияны іздеп жөнелді.

Әзімхан түс кезінде Көкшетау қаласына келіп түсіп вокзалға келді. Бұзаубақ айтқан, қымыз алып сатып, кәсіп қылатын Гүлияның апасыныңкін іздеді. Екі көшенің түйіскен бұрышындағы мыжарайған, жаман ескі ағаш үйге келді.

Қымыз сататын үй сол екен. Айтқандай, Гүлия апасынікінде отыр екен. Әзімханды көргенде Гүлияның екі беті ду етіп қып-қызыл болып кетті...

Әзімхан Гүлиямен біраз сөйлескен соң-ақ, қанша сөзін сарып қылса да, Гүлияның енді Бұзаубаққа қайтпайтыны көрінгендей болды. Жездесі үйінде жоқ екен. Апасының Гүлияға қайт дейтін түрі көрінбейді. Қайта Гүлияның өз қолына келгеніне үлкен қуанышты екендігін білдіріп отырды. Гүлияның өзі де қайтпаймын деп отырған соң, жаманатты болмайын дегендей, ықтиярды Гүлияның өзіне салған болып отырды. Бірақ емін-еркін сөйлесуге Әзімханға Гүлияны оңаша беретін түрі көрінбеді.

Әзімхан не қыларын білмей тысқа шығып, көшеге қарап тұрды. Әнеугі ауылнай Шәкір мен Қапан милиционер ойына келе берді.

«Әй,иттің балалары-ай,сендерсіңдер-ау!» — деді ішінен. Баяғы Мәсен пен оның залым жолдастары есіне түсті...

«Қой, кеңес заманында ондай залымдар құруға тиіс емес пе еді!.. деді ішінен.

Әзімхан сот мекемесіне барып, Шәкірмен Қапанның қылықтарын айтып арыз бермек болды.

Шұғылданған шыраймен сот үйіне қарай жөнелді...

Ол сот бастығына екі қудың бар қылықтарын айтып беріп шықты.

Содан ел орынға отырып, орныққан кезде Гүлияны апасының рұқсатымен Әзімхан оңаша сөйлесуге қораға алып шықты.

Тақтайлары аңғал-саңғал болып сусыған жаман ат қораның түбінде отырып, Әзімхан бір жағы наз,бір жағы ақыл тәрізді бірсыпыра шыр.сөз айтты Гүлияға.

Әзімханның сөзін тыңдап болып, Гүлия да Әзімханға іштегі бар сырын, бар жасырын мұңдарын ақтарып, әндеткен әдемі дауысын сызылтып отырды. Гүлияның шыбықтай солқылдаған сұлу денесі, қызғалдақтың үлбіреген жапырақтарындай әдемі қатталған еріндері, еріндерінің арасынан тізілген меруерттей ақырын сызылып әндетіп шыққан сөздері Әзімханның күйген жүрегін онан сайын күйдіре берді. Гүлияның жүрегінің түкпірінен шығарған толғап айтып отырған сөзін Әзімхан ішінен күйініп ойран боп тыңдап отырды.

«Алып кетейін бе осы?!» — деді ішінен.

«Өзім алып қояйын ба!» — деді және ішінен.

Бұл сұрауды өзіне-өзі ішінен айта салып, ол жалаң аятына тікен басып алғандай «жоқ!» — деді тағы да.

Оның. көз алдына Совет үкіметінің мөріндегі күн астында айқаскан орақ-балғаның, суреті елестеді.

«Күн астында айқаскан орақ пен балта мәңгілік тілектестік, мәңгі жолдастық таңбасы» деген жоқ па еді? Қой!..» — деді ішінен өзіне-өзі.

Және ішінен: «Әттең шіркін, дәмдес, қостас, тілектес жолдастың әйелі, әттең Гүлия-ай!..» — деп отырды.

Едәуір сөйлескеннің ақырында, Гүлия Әзімханға:

— Қыскасы, мен саған бір-ақ айтайын, Әзімхан! — деді. — Мен өлсем де енді Бұзаубаққа бара алмаймын. Қазір, әйтеуір әйелге бостандық қой!.. Мен Бұзаубаққа бара алмаймын. Төрт-бес жыл шыдадым. Енді болар... Екі күннің бірінде соз естіп, таяқ жеп отырғанда, мен оның несіне қызығамын?.. Бүгінге шейін шыдап келдім, енді шыдай алмаймын... Мысалы, мен сендей жігіттің, мысалы, сенін етегіңді ұстасам, өлсем де айрылмас едім. Мен егерде сенің әйелің болсам, ыстығыңа күйіп, суығыңа тоңуға ант қылып, ырза болар едім... Қайда алып кетсең де көз жұмып соңыңнан еруге риза болар едім... Енді өзің біл... Маған риза бол... — деді.

АРТЫНДА АЙ, АЛДЫНДА КҮН

Ертең ерте Әзімхан қайтты. Көкшетау вокзалынан өтетін отарба вокзалға сәскеде келетін еді. Жүруге даярланып Әзімхан Гүлияға қарады.

— Қайыр, енді мені отарбаға мінгізіп, шығарып салып қайт! Енді көрісер-көріспесіміз екіталай той... Біраз дәмдес болып едік... — деді.

Гүлия Әзімханды шығарып салмақ болды. Гүлия вокзалға баратын болған соң, апасы да ере жүрді...

Вокзалда біраз тұрып, Гүлиямен қоштасып қол ұстасты.

Отарба қозғалып жүре бергенде, Әзімхан арбаға ырғып мінген еді. Жерде қалып бара жатқан Гүлияға Әзімхан вагонның есігінен қарап тұрды. Гүлия да телміріп, мөлдіреп, Әзімханға қарап тұрды.

— Неге келдім екен осыған! — деді ішінен Әзімхан.Кетіп бара жатып күрсінгендей:

— Қош енді!.. — деді.

Гүлияның көзінен жас мөлдіреп, моншақтай домалап басындағы жасыл түсті шәлінің омырауына, салбыраған шашақты етегіне тамып-тамып кетті. Ол да сызылған әдемі сұлу дауысымен «Қош енді!..» - деді.

Сүйтіп, мөлдіреген сұлу махаббат қала берді.

Бірақ ол неге жылады? Ол неге мұңайды?..

Кетіп бара жатқан Әзімханның жүрегі ақырын езіліп аунақшып, жанына шоқ, басқандай батулы еді. Темір жүректі отарба елеңдеп жүйіткіп,Әзімханды көгерген зеңгір Көкшетауға қарай алып қашты. Алтын күнге көкке созылған Көкшетаудың басынан асып, аспанға өрлеген қызыл алтын күнге қарсы Әзімханды ілгері қарай сүйрей берді. Өмір нұрын шашып тұрған алтын күн ғана отарбамен бақыт сәулесіне қарсы бара жатқан Әзімханның қара бұлтша түйілген қабағын алтын нұрымен жылытып жұбатып тұрды. Әзімханның артында телміріп «жұлдыз көзді,ай маңдайлы» Гүлия алды. Бірақ алдында өмір, қайрат, жігер нұрын шашақан күн тұр еді.

Келген соң жолдастарына Әзімхан Гүлияның келмейтін түрін айтты. Бұзаубақ ойран болды. Өзгелеріне де ауыр тиді.

Хасен, Сатай, Халкен үшеуіне Әзімхан Гүлияның сырларын айтты. Әзімханның көзіне оның қалай жабысқандығын баяндады. Және Гүлияны өзі сонша ұнататын болса да, дәмдес жолдасының әйелі болғандықтан, өзінің азбағанын айтты. Жолдастары Әзімханның онысына қатты ырза болысты.

Бірақ Халкен:

— Е, алдап-сулап алып келсең етті! — деді.

— Е, алдап-сулап әкелгенмен оның көңілін таппаған соң бола ма?- деді Әзімхан..

— Е, олай болса, ептеп көңілін тауып жүруге болмайтын ба еді' деді Халкен.

Түу, жолдастықтан аттап не барқадар табасың! — деді Әзімхан.

— Не былшылдайды, ит!.. Бір қатын үшін жолдасынын көзіне шөп сала ма! — деп Хасен Халкеннің сөзін жақтырмай қалды.

Сатай:

— Дұрыс Әзімхандікі, дұрыс болған! «Қасқыр да қас қылмайды жолдасына» деген!

Әзімхан кеудесін көтеріп Көкшетау қаласы жатына қарап қойып, ақырын күрсінгендей болды.

Оның көз алдына жасын сүртіп, телміріп қарап қалған «жұлдыз көзді, ай маңдайлы» Гүлия елестеді.

Таты да кеудесін көтеріп, маңдай алдындағы күнге қарады.

Күн астында айқаскан орақ пен балғаның суреті көз алдына келді.

Оның артында телміріп, «жұлдыз көзді, ай маңдайлы» Гүлия қалды.

Бірақ алдында өмір, қайрат, жігер нұрын шашқан алтын күн тұр еді.

1928 жыл.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама