Жемістер
(повесть)
1
1919 жыл
Қазан айы еді. Күзге салымғы шуақ күндердің бірі. Танабай ауылы Ақмоланың оңтүстік жағындағы Нұра өзенінің бойындағы қыстауында еді. Өзеннің жағалары қалың биік тал, кей жерлерінде талмен араласа шыққан қамыс. Аралдарында, қыраң жерлерінде биік ұшқат, қараған, тобылғы. Өзеннің, екі жағындағы жалпақ шыққан неше түрлі есімдіктің сары ала алтынданып әбден піскен кезі. Талдардың жапырақтары сап-сары ала алтын түстеніп ақырын сыбдырлап желбірейді.
Қарағандардың да жапырақтары сарғайып, бүршіктері қызарып, құндақтары тұқым шашқан. Тікендердің, жазғы алқызыл гүлдерінің орындарына қып-қызыл моншақтай, сабақтаған қызыл моншақ түймелердей болып, итмұрындар самсаған. Қызыл тобылғылардың жасыл жапырақтары да алтындай сары алаланып құйылған. Өзеннің және қарасулардың жаға-жиектеріндегі селдіреген қамыстардың шашақтары үлбіреп, жел соқса ақырын ырғала желбіреп, сары үкідей болып сарғайған. Қамыстардың ақырын судырап, әдемі сыбдырлаған жапырақтары да сары ала болған.
Қалың бұта, қалың талдардың араларын қақ жарып, иреңдеп аққан Нұра өзенінің көк мөлдір суы тоқылған көк жібектей созылып, ирелендеп, сумаңдап ағады...
Нұраның қалың талдарының, қалын. бұталарының жүгіріп аққан суының және жағасындағы отырған ауылдың жаздыгүнгі ән қосқан шуы қазір басылған. Өзен бойының жаратылысы қазір қазан айынын шуақ күніне шуақтап, ақырын маужыраған сияқты.
Өзеннің сол жағында таяу тиіп тұрған әдемі суретті шокты таудан бір биікше бойлы қара сұр жас бала жігіт жаяу келе жатыр. Киімдері нашар. Иығына асқан ескі бытыра мылтығы және иығынан төмен асқан өлген қояны бар. Оның, кого қара қасты, шүңіректеу қабақты қаракер көздері, қырша мұрынды, қара сұр беті жас бүркіттің беті сияқты... Жасы 19-20 шамасында. Оның жас, солқылдақ денесі жүріп келе жатқанда өрімше шиырылып жазылады. Ол кейбір ойларға түсіп шыққанда жарлардан аңша ырғиды. Иығына асқан қоян бұлғалаңдап, салақтайды.
Бұл жас жігіттің есімі Нияз еді...
Қалың бұталардың арасымен бұраңдап шыққан соқпақпен келіп, ауыл тұсындағы биік жардың, басына келіп мінбелеп тұрып, төмендегі ағып жатқан суға қарады. Жардың тұсындағы ағын судың асты құмақ саяздау қайраңында суды өрлеп бір топ кек жон балық ақырын жүзіп кетіп бара жатыр екен. Нияздың көзінен от ойнады.
«Әттегене-ай, қазір қолда шанышқы болса, мына көк жондардың бір-екеуін шаншып алып қалар едім-ау!..» — деді ол ішінен.
«Шіркін, өзі қысырақтың үйіріндей екен!..» — деді Нияз тағы да ішінен.
Өзеннің екінші жағында, ауылдың тұсындағы жиектегі қалың тал арасынан бір ұзынша бойлы сұлу қыз су алып жатты. Бүл дөп-дөңгелек, қап-қара көзді, пісте мұрынды, қап-қара шашын екі тал қылып ерген сұрша қыз, судың ар жағында тұрған Ниязды көріп, шелектерін жерге қойып, соған қарап тұрды. Нияз тал көлеңкесінде тұрған қызды көрмеді. Ол судың тау жағындағы жар басынан төмендегі суға үңіліп қарап тұрған еді... Қыз Ниязға қарап, күлімдеп қолын бұлғады. Нияздың екі көзі төмендегі қайранда жүзіп бара жатқан көк жон балықтарда болды. Қыз дауыстайын деп еді, ауыл естіп қалар деп қорқып дауыстамады. Дәл сол кезде өзеннің қыз тұрған жақ жиегінде отырған ауылдан Танабайдың бәйбішесінің қаһарлы, ызғарлы дауысы шықты. Қыз селк етті.
— Уа, Ғайни!.. Ғайни!.. Жүрсейші, албасты басқыр!.. — деген дауыс сұңқылдады ауылдан.
Ғайни қыздың есімі еді. Шақырған қаһарлы дауысты ести сала екі шелек суды алып жөнелді. Ғайнидің жасы он сегізде. Ыбырай деген ұстаның қызы. Танабай байдың үйінде жұмыс істеп жүретін. Оның, нәзік, солқылдақ, сұлу денесі екі үлкен шелек су асқан ауыр мойын ағаштың астында майысып келе жатты. Екі ауыр шелек судың теңселген ырғағының билеуімен Ғайнидің соқпақпен асыға басқан аяқтары тәлтіректеп, шалысып келе жатты.
Өзеннің жағасындағы Танабай ауылы шикі қыштан, шымнан, тастан араластыра тәртіпсіз салынған үй-қоралар еді. Бұл ауылдың үй-қораларының көбі аласа, мыжырайған. Тек екі-үшеуі ғана көтеріңкілеу, тәуірлеу еді. Ал бүл екі-үш үйдің бірі — Танабай байдың өз үйі, өзге үйлердің бәрінен де көрнекті, ағаштан салынған биік, тәуір еді.
Танабай үйінің есігінің алдында Танабай байдың қатыны тұр. Орта бойлы, орта жасқа келген, семіздеу, қызылшырайлы бәйбіше, қаһарлы, ашулы түрмен өзен жаққа қарап түр. Суға толы екі үлкен шелек асқан мойынағаштың ырғалып езгендігінен иығы, бойы майысыңқырап, аяқтарын асыға басып тәлтіректеп келе жатқан Ғайниға қарап Танабайдың қатыны қолын сермей иіріп, зекіп оны асықтырып тұр. Ғайни асыққан үстіне асығып, тәлтіректеп, дедектеп келеді. Мойынағаштағы екі үлкен шелек шайқалып, шалпылдап төгілген су жарқылдап көрінеді...
— Құдай-ай, дігірлеген ит-ай! — деді Ғайни күңкілдеп.
— Жүрсейші-ей, албасты!.. — деді байдың бәйбішесі шаңқылдап.
«Нағыз албасты сен!..» — деді Ғайни ішінен.
Танабай байдың үйінде үлкен дөңгелек үстелді жағалай он бес шақты кісі отыр еді. Алдарында жасаулы ішімдік пен ас. Бұлардың бәрі де байдың, «Алашорданың» ұлдары. Бұлардың кейбіреулері әскерше, кейбіреулері жабайы киінген. Әскерше киінгендерінің жандарында алтыатарлары бар. Бірнеше мылтықтары мен қылыштар үйдің іргесіне сүйеулі тұр.
Өздері бірдеме туралы өте абыржыған түрде құттары қашып кеңесіп отыр. Шырайларынан, қимылдарынан, үндерінен, барлық түрлерінен, сөйлеген сөздерінен жайшылықтағы қалыптарынан айрылып отырғандықтары көрінеді. Үлкен күдік, үлкен қауіп, қатты сасқандық сезіледі. Бұлар өздерінің абыржып сасқандығын жасыруға тырысып, іштеріндегі үрейленген қорқыныштарын сыртқа шығармай тұншықтыруға тырысып, ішіп-жеген болып отыр.
Бұл он бес шақты кісінің бірі — орта бойлы, семіз, көсе, орта жасқа келген құба кісі үй иесі, ауылдың қожасы, ел ішіндегі ықпалды бай Танабай. Екіншісі — гимназия оқушысының ақ түймелі көкала киімін киген, он алты-он жетідегі құбаша бала жігіт — Танабай байдың баласы Әжібай. Үшінші — орта бойлы, қозғалақтаған қу жақтау, сұрша жігіт Мияш Сүлейұлы деген Танабайдың жанама жігіті. Төртінші — мықырлау бойлы, қырқылжың, салпы ерін, үлкен ауыз, өңсіз, құбақан кісі — Танабайдың ауылдасы, ақылдасы Әбділде деген қазақ. Бұлардан басқа дөңгелек үстелді жағалай жайғасып ішіп-жеп отырғандардың бәрі ауыл адамдары емес — қонақтар. Қонақтардың бірі — кен институтының форымды киімін киген студент Ахмет Оразбекұлы. Екіншісі және сол форымды киім киінген орыс жігіті — Геннадий Семенов. Және әскерше киінген екі жас жігіт. Екеуі де прапорщик. Оның бірі қазақ — Отар Әзезұлы деген қырша мұрынды, орташа бойлы, ашаңдау, құбаша жігіт. Екіншісі — орыс прапорщик Миша Губин. Өзгелері — солардың, жігіттері.
Кен институтының форымды киімін киген студент Ахмет Оразбекұлы ауыз, құлағы сөзде болса да өзі қозғалақтап, Танабайдың үй ішіне қарай береді. Танабайдың үй ішінін. жасауы толық, бай, сәнді. Тұсқа әдемі, масаты кілемдер, неше түрлі жібек кестемен тіккен, құндызбен сәндеген түскиіздер ұстаған. Танбайдың, бәйбішесі мен өз төсегі — өрнекті сөкіде. Тұстарында қаракүрең кілем. Сәкінің екі жағында күмістеген екі адалбақан. Бақандарда ілулі түрлі киімдер тұр. Қызының төсегі түрілген жібек жарма шатырша шымылдықтың ішінде ақ күмбезді, серіппелі кроватта. Тұсына әдемі кестелі, құндызды түскиіз ұстаған. Үйінің еденінің төсеніштен сау жері жоқ. Төсеніштері кілем, текемет, оюлы сырмақ-Ахмет Оразбекұлы көбінесе сол қыздың төсегінің сәніне тесіле қарайды. Бірақ көзқарасы тиянақсыз. Өйткені бәрінің барлық сезімін, барлық ойын, қиялын басып отырған нәрсе кәзір бір-ақ мәселе:
«Шынымен-ақ, енді бәрінің де біткені ме?.. Шынымен-ақ бәрін енді большевиктердің алғаны ма?..» Кәзірге бәрінің көкейін тесіп, бәрін үрейлендіріп отырған, бәрінің созғылап отырған мәселесі осы.
«Шынымен-ақ бәрін большевиктердің алғаны ма?» деген қорқыныш бәрін де үрейлендіріп отыр.
Әрқайсысының көз алдына сағымша жүгіріп, жеңкіліп, табынды жылқы, қоралы қой, тобырлы сиыр, түйелер елестейді. Сол малдар өсіп-өнген, мекен қылған жерлер — селеулі далалар, биік құзды әдемі таулар, құстары шулаған айдын көлдер, өлкелі өзендер елестейді.
Байлығына, билігіне қауіп-қатер келген Танабай мен қатыны бүгін тым мырза. Қару асынған жігіттерге және олардың бастықтарына біртүрлі үмітпен қарайды.
Байдың бәйбішесі мен қызы кәрлен ыдыстарды сылдырлатып, қонақтарды күтіп қызмет етіп жүр. Әбділде үлкен сырлы тегенеден қымыз құйып отыр. Малай жігіт пен малай қыз Ғайни аяқтарын ұшынан басып, солардың күту қызметінде жүр.
Байдың қызы мен Ғайниға қонақтардың кейбіреулері үйрек көрген қаршығаша қарап қояды.
Прапорщик Отар мен және бір-екі жігіт Ғайниға қадала қарайды. Қонақтардың қосшы жігіттерінің бірі тысқа шығып аттарын қарап келіп, ауыз үйде Ғайниді ұстай алды.
Ғайни:
— Қойыңыз, оныңыз қалай?.. — деп жұлқынып, жігіттің қолынан босанып, қолын қағып жіберді.
— Бір сүйгізіңізші! — деді жігіт.
— Ондай бейбастағыңызды басқа жерде істеңіз, — деді Ғайни ашуланып.
Сымп етіп төргі үйден Отар шыға келді... Қыз бен жігітке жалтақтап қарап:
— Неғып тұрсыңдар?.. Қарындас, неге үрпиіп тұрсың? — деді.
Ғайнидің қасына келіп белінен құшақтамақщы болды. Ғайни құшақтатпай, Отардың қолын да қағып тастап тергі үйге кіріп кетті. Отар да төргі үйге қайта кірді. Отар сүйеулі тұрған құралдардың арасынан өзінің карабинін келіп алды. Карабиннің шаппасын тартып, ашып-жауып, айналдырып қарады:
— Бүл ауылда ұста бар ма?.. — деді қасына келе берген Мияшка.
Мияш:
— Бар! Оны қайтесіз?.. — деді.
— Мына карабинімнің шаппасының бір винтін түзету керек еді, — деді Отар.
— А-а, жарайды... Қазір ұстаға кісі жіберейік! — деді Мияш...
Сол ауылда Ыбырай деген, орта жасқа келген, қара сақалды
ұста бар еді. Ұстаның жалғыз қызы Танабай байдың үйінде жұмыс істейтін. Ыбырай ұста кемпірімен екеуі бір аласа шым үйде тұратын. Ыбырайдың үйінде Ыбырайға жәрдемші болып, банағы Нияз деген бала жігіт тұратын еді. Ол жастау күнінде Нілді (Успен) зауытында Ыбырай ұста болып жүргенде бірге істескен Темір деген кісінің баласы еді. Ол, әке-шешесі өлген соң Нілді зауытында балға соғушы болып істеп жүргенде, бір мейрамда Балашов деген бухгалтердің баласымен күресіп, жыққан. Жығылғандыққа намыс қылып бухгалтердің баласы төбелес шығарған соң Нияз әлгімен төбелесіп жүріп, оның қолын мертіктірген. Сол үшін Нияз жұмыстан шығып қалған соң Ыбырайды іздеп елге келіп, соның қолында тұрып қалған.
Ыбырайдың үйінде де бірнеше кісі отыр еді. Бұлардың бәрінің де кедей адамдар екені сыртқы түрлерінен, жыртық, жамаулы, ескі, кір киімдерінен, арық, қансыз өңдерінен-ақ белгілі еді. Ыбырайдың шымнан салған аласа үйі түтін сіңген қарақожалақ болатын. Оның қарақожалақ ағаш қобдилары, ескі ағаш кебежесі, жаман, кір, күйе, түтін сіңген сәкі төсегі, жамаулы қарақошқыл әбдіресі, жыртық, жамаулы ескі көрігі, пешінің алдында орнатқан құрыш төсі, қара балғалары, қысқаштары, балта, шапқы, кескіштері. Ыбырайдың езінің және оның кемпірінің қошқыл түсті, ескі, жамаулы киімдері, ескі, жыртық төсеніштері, өздерінің май, күйе, түтін сіңген беті-қолдары — бәрі бірыңғай, бір түсті, кедейліктің, бейнеттің таңбасы сияқты еді.
Ыбырай үйінде отырған адамдармен қызу түрде сөйлесуде. Бірақ оның екі қолы мен көзі жұмыста, тек құлағы мен аузы ғана сөзде болатын.
Нияз екі қолымен көрікті гуілдете басып, көмірді қып-қызыл ғып қыздырып, үлкендердің, сөздерін тыңдап отыр.
Ыбырайдың бір қолында үлкен балға, бір қолында ұзын қысқаш. Қыз-қыз қайнаған отта жатып, ұшқын шашып, қызарған кішірек балтаны қысқашпен қысып алып, төске салып, Ыбырай шапшаңдата дүрсілдетіп таптап жатыр. Жүз жағы ақшыл тартып қызарған балтаны шапшаңдатып, ауыр балғамен төске салып ұрғанда, шытырлап қызыл ұшқын шашырайды. Темірді темірмен жаныштап, темірді темірмен таптап ұрғанда Ыбырайдың екі қолы, алысып ойнаған азулы аңдарша, темірмен ойнайды.
Ыбырай балтаны лезде таптап, тағы да қызартып алып, шыж еткізіп суарып, суытып алып жүзін бір қарап, отырған қазақтардың бірінің алдына тастай берді.
Ол екі арада, көрікті басып болған Нияз үйдің қабырғасында ілулі тұрған мылтығын алып, шаппасын ашып қарап тұрды.
Ыбырай Ниязға қарап:
— Ей, Нияз, бердеңкеңді тығып қой! Қашқан, қуған біреу-міреу ауылға келіп жүрсе, алып кетуі мүмкін... Онан да домбыраны алып, бір ән салып жібер! — деді.
Ыбырайдың сөзін қостап:
— Ия, ия! Кәзір енді мылтықты тығып қойған дұрыс!.. Ия, онан да домбыраңды алып, ән салып жібер! — десті өзгелер де.
Нияз мылтықты пештің артына тығып қойды да, домбырасын алып, құлағын бұрап, шерте бастады.
— Е, іркілме, дауысың домбырамен бірге шықсын! — деді біреуі.
Нияз домбыраға дауысын қосып, әндетіп өлең айта бастады. Сол кезде үйге Танабайдың малайы Боранбек, әлгі, Танабай үйінде отырғандардың мылтық асынған бір жігітін ертіп кіріп келді.
Үйдегілер үрпиісіп қалды.
Үйге кірісімен отырғандарға қарап қойып, бөтен жігіт Ыбырай ұстаға қарай:
—
Ұста, кәні, бізбен бірге Танаекең үйіне барайық, карабин мылтықтың бір винті босап еді, соны жөндеп бересіз! — деді.
Ыбырай да және оның үйінде отырғандар да бөтен жігітке достық көзбен қарамай, бәрі де ала көздерімен ата қарасты.
Ыбырай:
— Біз мылтық жөндеуді білмейміз! — деді.
Жігіт:
— Білесің, жүр, айда!.. — деді. Жігіттің алмай кетпейтіні білінді...
— Мына Нияз барсын да!.. Мылтық винтін Нияз біліңкірер! — деді Танабайдың малайы Боранбек.
Ыбырай, Ниязбен отырғандар Боранбекке адырая қарады. Боранбек: «Барсын!» — дегендей ымдап, көзін қысып, иегін қақты. Ыбырай Боранбектің дегеніне енді икемделе сөйледі:
— Мен бұрын мылтық жөндеп көрмеген соң айтып едім, мейілдеріңіз ендеше...
Кешікпей жігіт Танабайдың үйіне Ниязды домбырасымен алып келді.
Танабайдың малайы Боранбек «мәнісін түсіндіріп» айтуға және басқа да әңгімелер айтуға Ыбырай ұстаныкінде қалды...
Домбырасымен Ниязды Танабайдың, үйіне кіргізгенде, үйде отырғандар оны аңырайысып қарсы алды.
— А-а, мынау кім!.. Әнші ғой, домбырасы бар?.. Айда, айда, келтір, келтір!.. Кел, кел домбырашы!.. — десті.
Винтін жөндейтін карабиннің иесі:
— А, ұста қайда? — деді.
Жігіт:
— Ұста да осы, домбырашы, әнші де осы! — деді.
— А-а, тіпті жақсы!.. Жарайды, жарайды!.. Ендеше, ән де саларсың, мылтықтың винтін де түзерсің... Қані, отыр! — десті біреулері.
— Жоқ, әуелі мылтықтың винтін көріп жібер!.. Сонсоң саларсың әніңді! — Отар карабинін алып Ниязға көрсетті.
Нияз карабинді алып, шаппасын қайырып, босаған винтін көрді.
— Істеуге болады ғой! — деді Нияз Отарға.
— Қашан істейсің?..
— Қашан істе десеңіз, сонда істейміз ғой, — деді Нияз.
— Қазір үйіңе апарып істеп алып келесің бе? — деді Отар.
— Өй, ол винтті ілезде-ақ ондайды ғой, әуелі отырып біраз ән салсын! — деді Ахмет.
— Ия, ия, бір-ақ винті болса, ілезде істейді ғой, әуелі ән салсын ұста бала! — деді Танабай.
— Ия, әуелі ән салсын отырып... Әй, жігіт, әуелі мына етті асап жібер де, отырып ән сал! — деп Ахмет алдындағы табақтан бір уыс ет алып Ниязға ұсынды.
Нияз азырақ бөгеліңкіреп, екі ойлы болғандай созыла қимылдап келіп, ұсынған етті асады. Етті ыңғайсыз отырып шайнап жұтып, домбырасын шерте бастады.
— Қані, енді дауысыңды қосып жібер, ұста бала, сарна, сый кісілер естісін! — деді Танабай.
Көп іркілмей Нияз шырқап қоя берді:
Талпынып байлаулы кұс қағынғаны,
Шаңқылдап мұңын айтып шағынғаны,
Еркімен ұшып жүрген құлаш жазып,
Емес пе, ұяласын сағынғаны?
Нияз бір ауыз өлең айтқанда-ақ тыңдаушылар бір-біріне қарасып, сүйсініп бастарын шайқады.
Қараймын қарайғанға мал ма екен деп,
Нұраны өрлей біткен тал ма екен деп.
Ай жарық терезеден мен қараймын,
Қалқажан төсегінде бар ма екен деп.
Қалқажан төсегінде балбырайды.
Алмадай екі беті албырайды.
Бетіне ай сәулесі нұрын төгіп,
Төсектен жібек шашы салбырайды!..
Нияз шырқаған әніне домбырасын қоса шертіп осы өлеңін айтып отырғанда, үйдегі тыңдаған тың жұртпен бірге оның өлеңін бақытты шыраймен Ғайни да тыңдап тұрды.
— Түу, мына ұстаң әнші ғой өзі!.. Е, тағы да! Тағы да сал! — деді Ахмет.
— Шорт знайт, маладес! — деді Семенов.
— Жақсы!.. Қарашо! Жақсы! — деді Губин.
— Ахмет, өлеңдерінің мәнісін айтпадың, ғой маған? — деді тағы да Семенов.
— Ей, тіпті өлеңі не деген жақсы, ақын ғой өзі! — деді Отар Танабайдың баласы мен Мияшка.
— Әнші-ақ! — деді Танабайдың баласы.
Тағы да бір-екі ән салды Нияз.
Далбастаған мырзалар Ниязға тағы да ән салғызып ішіп-жеп отырды.
Нияз ақырғы өлеңін айтып отырғанда Танабайдың қатыны Ғайниді суға жұмсап жіберді.
Ғайни екі шелекті алып үйден шыққанда оның соңынан елеусіз ғана Танабайдың жанама жігіті «жабысқақ» Мияш та шықты. Нияз оны сезіп, енді өлең айтып отыра алмады. О да түрегеліп әзірше рұқсат сұрады.
— Мен енді үйге барып ана мылтықты жөндейін!.. Керек қылсаңыздар тағы да шақыртасыздар ғой! — деді ол.
— Жарайды, ендеше, тағы да шақыртамыз! — деп Отар ұшып түрегеліп барып, карабинін Ниязға алып берді де:
— Тез істе, жарай ма?.. — деді Ниязға.
Ғайни мерзімді соқпақпен, талдардың араларымен өзенге келді. Қалың талдың арасындағы мерзімді суаттан су алып жатқанда құс ататын мергенше ұрланып, арт жағынан Мияш та жетіп келіп, Ғайни жалт қарап сез қатқанша болмай, оны құшақтай алды. Ол құшақтай алғанда, Ғайни оны итеріп жіберді. Ол қайтадан Ғайниға жабыса берді. Ғайниді енді белінен ұстағанда, Ғайни оны күшті қимылмен өзінен аулақ лақтырып жіберді. Сымбатты, күшті қызды бағындыруға күші жетпейтінін көрген соң ол енді Ғайниді айтқанына созбен көндірмек болып, алдап-арбап айналдыруға кірісті. Дәл осы кезде он, мен сол, арт жақтарын қоршаған қалың биік талдардың уақ, жіңішке, қалың, бұтақтары, қамыстардың қалың жалпақ жапырақтары судыр ете қалды. Судыр етіп шайқалып қалып, жапырып ашылып, Нияздың басы, кеудесі судан сүңгіп шыға келгендей қақ қастарынан елп ете қалды. Мияш та, Ғайни де селк ете түсті. Қалың талдың арасынан шыға келген Нияз оларға жауға шабатын жыртқыш аңша қарады. Мияш тез жоқ болды. Нияз Ғайнидің қасына жетіп келді.
— А-а, байдың жанама жігітімен аулақта талды шымылдық қылып, айналысып-толғанысып түр екенсіңдер ғой? — деді Ғайниға ол.
— Нияз!.. Не сөйлеп тұрсың, өзің? Сен маған сенбеуші ме едің? — деді Ғайни.
— Сену деген не, өз көзін. көргенде!.. Сен тап-таза кісі болсаң, онымен мұндай оңаша жерде әлгідей тұрмас едің!.. — деді Нияз зілді дауыспен.
— Нияз, сен не сөйлеп, не қойғаныңды білмей тұрсың!.. Бұл араға оны мен шақырып келгем жоқ, оның өзі келді, өзі маған байланып тұрды!.. — деді Ғайни жәбірленген үнмен.
— Ия, сүйтіп ақталмай қайтушы еді!.. Солай бұлтаратын әркім-ақ!.. Соныкі болады екен ғой бала?! — деді Нияз кіжінген үнмен.
Ғайнидің төбесінен жай соққандай болды. Шатынап, көзіне жас толды.
— Мәжнүн!.. Сенен басқа мен ешкімді маңыма жуытқаным жоқ!.. — деді Ғайни зәресі ұшып.
— Ия-ия!.. Болар енді!.. — деп Нияз түңіл гендей жерге бір түкіріп, тез бұрылып судыр-судыр еткізіп қалың тал мен қамысқа кіріп жоқ болды... Ғайни қатты күйініп-қорланып жылап, бетін басты.
2
АҚТАР ҚАШЫП KEЛE ЖАТҚАНДА
Ақтардың бір қосын әскері Танабайдың ауылына қарай бүйрек шығып келе жатты. Оларды қуып келе жатқан қызылдар да жүрісті жылдамдатып, ақтардың бұл жөніндегі алдыңғы қосындарын жан-жағынан қоршалап үркітіп, анда-санда атқылап, жеткендерін ұстап алып келе жатыр еді. Ақтардың әскерлері әбден үрейленіп, бытырай қашып, қалай қылса да құтылуды мақсат етіп, жөніндегі кез келген елдің қолға түскен жақсы аттарын, мықты көліктерін, азық-түліктерін, киім-кешектерін қолына алып, елді талап келе жатты. Ақтардың үрейленіп қашып бара жатқанын көріп отырған және олардың талауына бір-екі ұшыраған ауылдар ақтарға талатпау ылаждарын істеп, қуып келе жатқан қызылдармен байланыс жасап, елден-елге хабар жіберіп, өздерінше әр түрлі тәсіл жасап,қашқан ақтарды үрейлендіріп әрекет етіп жатты. Актардың талауына ұшыраған елдердің істеген әрекеттерін, тәсілдерін сол қашып бара жатқан актардың жөніндегі елдер күн бұрын біліп отыратын болды. Сүйтіп, олар да келген ақтарды тез тайдырып жіберу үшін ана елдердің тәсілдерін істейтін болды. Бірақ қашқан ақ пен қуған қызылдар соқпаған, ол шеннен жырақ, қаға беріс отырған елдер дүңкілдеген сезден басқа әлгі тәсілдерді әлі білген жоқ еді.
Ол тәсілдердің бірі мынау еді.
Ақтың қосыны бір ауылға келіп түседі. Ауылға келісімен сасқан қасқырша алақтап қол жұмсау, бассыздық, зорлық істей бастайды. Сол кезде, әлгі ақтар келген жақтан көз ұшында шауып келе жатқан бір атты кісі көрінеді. Ауыл адамдары үрпиісіп соған қарасып, қорқысып тұрады. Құйғытып шауып келе жатқан атты қазаққа ауыл қазақтары қорқынышты жүзбен қарап тұрған соң ауылда қонып жатқан ақтың қосыны да елеңдесіп, сол шауып келе жатқан салт атты қазаққа қарасып тұрады. Салт атты казак құйғытып, атын басқа-көзге «төпелеп» шапқан бойымен басындағы тымағын қолына алып сілтеп, айғайлап ілезде ауылға таянып келіп қалды. Оның тымағын сілтей айқайлап шауып келе жатқандағы айтатын сөзі:
— Ойбай, қызылдар келе жатыр!.. Қызылдар келе жатыр!..
Сүйтіп, шапқан бойымен салт атты қазақ ауылға келіп, әлгі
үрпиісіп қарап тұрған қазақтардың ортасына ентігіп тұра қалып қорқыныш айтады:
— Ойбай, қызылдар келе жатыр!.. Қызылдар келе жатыр!..
Елеңдеп қарасып ақтар да тілмаш арқылы бұл «хабарды» естіп үрпиісіп, үрейленіп, аттарына, көліктеріне қарай тұра-тұра жүгіріп, жалма-жан апыл-құпыл аттана жөнеледі...
Сүйтіп, ауыл таланбай қалады. Кейде тіпті, ақтың кейбір қосыны үрейлене аттанып қаша жөнелгенде кей ауылға әз нәрселерін де тастап кетеді.
Жалпақ халықтың ақтарға тілектес емес, қызылдарға тілектес екенін айқын көрген сон актардың кейбір қосыны өздерінше әр түрлі тәсіл, әр түрлі қулық істейтін болды. Және кейбір қосындары әуелгі жөнінен сәл бұрылып, қаға беріс елдің ішіне қарай жөнін өзгерте қашатын да болды.
Ақтардың сондай қосынының бірі Танабай ауылына қарай бұрыла қашып келе жатқан қосын еді.
Танабайдың ауылына қарай бүл қосын бұрыла қашқанда қосынның бас офицері бұйрық беріп:
— Тулар мен белгілер алмастырылсын! — деді.
Ақтың қосыны ілезде өздерінің иықтарындағы погондарын жұлып-жұлып тастады. Оның орнына қызыл шүберектер байланды. Әздерінің туларын тығып, олардың орнына қызыл тулар көтерді. Сүйтіп, күн еңкейген кезде бүл қосын Танабайдың ауылына келді.
Бүл әскер ауылға таянғанда, Танабай ауылы — Танабай үйі жын тигендей, апалаң-топалаң болып жатты.
Танабай үйіндегі «Алашорда», бай-помещик ұлдары да жын соққандай аласұрып, өздерінің иықтарындағы погондарын жұлып-жұлып құртты. Үстеріндегі әскерлік киімдерін, студент киімдерін шешіп тығып, қазақ киімдерін киісіп жатты. Жабысқақ Мияш пен салпы ауыз Әбділде оларға жәрдем істеп, қазақ киімдерін тауып беріп киіндіріп жүрді. Бұлар киімдерін алмастырғанымен қоймай, пана іздеп, жасырынатын жер іздеп, сасқалақтап жүгіріп аласұрды. Сүйтіп жүріп неше түрлі күлкі боларлық істер істеді.
Мысалы:
Ахмет студент өзінің қап-қара тырбақ мұртын ұмытып, әйел болып отыру үшін әйел киімін киді. Басына қатынның кимешегін, үстіне ұзын, қос етек көйлек киіп алды. Ал Танабай бай жасырынуға өзінің ұн толтырған үлкен ларына кіріп кетіп, үсті-басы аппақ үн болып, қайтадан шыға келіп, түшкіріп сасқалақтап жүрді.
Сүйтіп, олар әрең, деп азырақ естерін жиып, аттарына мініп өзеннің қалың талдарының, қамыстарының араларына кіріп сіңіп кетті.
Олармен қоштасып, ауылда Танабай үйінде еркектерден тек салпы ауыз Әбділде мен жабысқақ Мияш қана қалды. Ақтың қосыны қызыл ту көтеріп Танабайдың аулына түсті. Ауылға келе сала әр үйге бөлініп, әскерлер аласұрып, жүгіріп қол жұмсау істей бастады. Азық-түлік, киім-кешектерді қолмен ала бастады. Жақсы ат қарап, жылқы табынын іздеп, ауылдағы қатын-баласын қыспаққа алды. Әр үйден киім, азық-түлік алғанда қарсылық қылған не тез тауып бермеген адам болса, сабап ұрып, жәбірлей бастады.
Танабай байдың үйіне қосынның бастығы бірнеше жолдастарымен, жігіттерімен түскен еді. Мияш әскердің бастығына зыр жүгіріп, аңшының итінше жалақтап, қызмет қылып жүр. Қылыш-мылтықтарын арттарына, үйдің іргесіне сүйеп қойып, қосынның бастығы жолдастарымен Танабайдың төргі үйінде, үлкен дөңгелек үстелді айнала отыр. Танабайдың бәйбішесі мен Мияш қосынның бастығы мен жолдастарын тік тұрып сыйлап ішкізіп, жегізіп жатыр. Сыртынан білдіртпегенмен Танабайдың бәйбішесінде үрей жоқ.
«Құдай-ой, әлдене ғып кетер екен бұл пәлелер!» — деді ішінен байдың қатыны.
— Пожалыста!.. Пожалыста!.. — деп, мөлтеңдеп жүр Мияш.
Біраздан соң командир Мияшка қарап күліп қойып:
— Немене, ауылда жақсы келіншек, жақсы қыз бар ма?.. — деді. Мияш мәз болған болып күліп, командирға сыбырлады...
Омырауына, бөріктеріне жарасымсыз қылып қызыл жапсырған бір кіші бастық пен екі солдат енді аздан соң-ақ Танабайдың малайы Боранбекті айдап, қосын бастығы отырған Танабай үйіне кіргізді. Боранбек мықтап сабалған. Бет-аузы қан-қан.
Қосын бастығына есіктен кіре тік тұрып білдірді.
— Тақсыр... А-а... Жолдас... Командир... Мына бір түсі жаман арам киргиз мынау екеуіне тұра ұмтылыпты, аналар бір үйден атқа жем алып жатқанда!.. — деді кіші бастық қосын бастығына.
Қосын бастығын ескі әдетпен, байқамай «тақсыр» деп айтып қалғанда кіші бастық абыржыңқырап қалды.
— А-а!.. — деп ажырайды командир.
— Е-е, иттің баласы қарай көр!.. Контр!.. — деді қаһарланып командир. Өзінің «контр» дегеніне өзі ішінен күліп, қасындағы жолдастарына қарап қойды.
— Жауып қой, итті!.. Соңыра атып тастаймыз мұндай контрды! Апар! — деді командир...
Боранбекті апарып шоланға жауып, есік алдына бір солдатты қарауыл қойды. Боранбек солдаттармен ат жеміне таласқан жоқ еді. Шынында, екі солдат келіп Ыбырай ұстаның үйінің жанындағы бір нашардың жас қатынын зорламақ болып, үй ішін шулатып жатқанда, Боранбек келіп ара түсіп солдаттардан қатынды айырып алып еді... Сол үшін үшеулеп Боранбекті сабап алып келген еді...
Танабайдың қатыны мен Мияштың: «әлде қайтеді?..» деп қорқуы і.көбейіңкіреді. Манадан бері өз үйіндегі әскерлермен болып отырып Әбділде енді қосын бастығына қызмет істеген болып қозғалақтап,'Танабайдың үйіне бір келіп, оз үйіне бір барып елпеңдеп жүрді...
Боранбекті жауып қойғанда бір жағынан іштерінен қорқыныштары көбейіңкіресе де, Танабайдың қатыны мен Мияш, Әбділде үшеуі екінші жағынан сәл жайланыңқырап дем алып қалды.
Бұлар іштерінен:
«Е, бұл қалай?.. Әлгі большевиктер жалшы малайларға, кедейлерге тимейді, тек байларға ғана, кісі ақысын жеушілерге ғана тиеді дейтіні қайда?..» — десіп қалды.
Үйінде отырған Ыбырай ұста да «бұл қалай?» — деп ойланған еді.
«Большевиктер кедейлердің, жұмыскер, малайлардың, қолдарын тендікке жеткізіп келеді дегені қайда?! Өйтудің орнына ayылға келіп, нашарларды қорламақ болғаны несі?!. Нашарға ара түскен, зорлыққа қарсы шыққан Боранбекті сабап, қамап қойғаны несі?!.. Мұны енді не қылар екен?..» — деп Ыбырай ұста дал болып, ойға қалып отырды.
Екі солдат Ыбырайдың үйіне кіріп келді. Екеуінің де қолдарында мылтықтары бар. Мылтықтарына, беріктеріне қызыл шүберек байлаған. Түстері суық. Көзқарастары бұзық.
Екі солдаттың аш қасқырша қараған кездерінен қорқып, Ғайни шошынып шешесіне таянып отырды. Бірақ қорыққанын білдірмеуге тырысты.
Екі солдат Fайниға қарап орысшалап сөйлеп тысқа шақырды. Олардың тілін білмесе де, Ғайни екі солдаттың арам түрінен, дыбысынан арам ниеттерін сезді. Ғайнидің әке-шешесі де екі солдаттың сұм ниетті түрлерінен шошып, қызын қорғамақ болып араға түсті. Сүйтіп тұрғанда тағы да екі солдат келді. Өзді-өзі күңкілдесіп сөйлесіп, екеуі барып Ғайниді ұстап сүйреді де, араға түскен әкесі мен шешесін кеуделерінен нұқып итермелеп, үйдің бұрышына жаныштай тықты...
Күн темен еңкейді.
Ғайниді Танабайдың үйіне қарай екі солдат сүйреп келе жатты. Ғайни жұлқынып соғысып шаңқылдап келе жатты. Танабайдың есігінің алдында екі жолдасы мен қосын бастығы — командир қарап тұр. Олардың қасында жалтақтап Мияш та тұр. Сүйретіп алып келе жатқан Ғайниға қарап қойып, Мияш командирге итше жағынып, сұм, арам шыраймен жымиып қойды...
Ал сол кезде бір аласа үйден Нияз шықты. Ол Ғайниді сүйреп келе жатқан солдаттарға және Танабайдың есігінің, алдында жолдастарымен тұрған қосын бастығы — командирге бір қарап, алақтады, суағар сайсымаққа шыққан қалың биік бұталардың тасаларымен өзенге қарай еңкеңдеп жүгіре жөнелді. Нияз жүгірген бойымен барып өзен жағасындағы қалың биік талдардың арасына кіріп жоқ болды...
Ол екі арада Ғайниді есік алдында тұрған қосын бастығы — командир үй алдына алып келді... Ғайни енді командирге жалынды.
— Тақсыр!.. Төре! Жібертіңіз мені!.. Мен не қылдым сіздерге! Мен бір нашардың қызымын!.. — деді Ғайни командирге.
Қосын бастығы айуан түсті көзін тұндырып, Ғайнидің бас-аяғына жеп қоятындай боп қарап, оның қолынан ұстады. Қолынан ұстап, белінен құшақтамақшы болды. Ғ айни енді тақсырдың өз ниетін көрген соң қолын жұлып алды. Ғайнидің дөңгелек қара көзінен лағнат қарғысын шашқан от ұшқыны жалт-жұлт етті.
Қосын бастығы:
— Шынында, сұлу екен тағы қыз!.. — деді. Мияш құйрығын бұлаңдатқан жаман итше қарап, командирге:
— Мен айтып едім ғой сізге!.. — деді.
Мияшка Ғайни:
— Мияш, сен мыналардың тілін білесің ғой, өлгенде ұмытпаймын, айтсайшы, мені босатсын! — деді.
Солдаттар Ғайниді тез қапсыра құшақтай алып, көтере сүйреп, Танабайдың үйіне кіргізуге айналды. Ғайни қолдарын да, аяқтарын да, тістерін де жұмсап, өзінің арына-намысына таласты. Кеудесінен қапсыра құшақтай алған солдаттың қолын шайнап жіберді. Солдат Ғайниді қоя беріп қанаған қолымен болып кетті. Қайратты, арлы қызға екі солдаттың әлі келмей жұлқысты...
Ал ол екі арада Нияз өзеннің жиегіндегі қалың биік талдардың түбіне тыққан карабинді суырып алған еді. Оны үстіндегі шекпеннің ішіне тығып, талдардың ара-арасымен тасаланып келіп, дәл командирлер тұрған Танабайдың үйінің тұсына келді. Талдардың қалың бұтақтарын, қамыс жапырақтарын ептеп ашып қарап, Танабайдың есігінің алдында болып жатқан уақиғадан көз айырмай бақылап тұрды. Ғайниді екі солдат белінен қапсыра құшақтап алып, көтере сүйретіп Танабайдың үйіне кіргізуге тартып, оларға есірік айуан түсті командир есік ашқанда, ұясын арам қарақұстардан қорғаған сұңқарша, Ғайни олармен соғысып, күшті қолы!!, аяғын,өткір тістерін жұмсап coғысып жатқанда, Нияздың беті мұздай суып, тастай қатып карабинді оқтанып, құтырған қасқыр көрген тау бүркітінің көзіндей найзаша тігінген көзімен карабинді Нияз командирге кезеді.
Мылтық оғы шаңқ еткенде Танабай үйінің есігінің алдына үймелегендер селк ете түсті. Командирдің қасында тұрған орынбасары қырыққан шөпше сылқ етіп құлап қалды. Ол екі арада, командирдің орынбасары жығылғанша екі солдаттың бірі сүйреп, бері итеріп Ғайниді үйге енгізіп жіберіп, өзгелері шошып қалып, мылтықтың даусы шыққан жаққа жалт-жалт қарасып, жығылып жатқан командир орынбасарына ұмтылып еңкейіп қарай қалды. Олар өйткенше, Нияз тағы да атып жіберді. Екінші оқ шаңқ ете қалғанда, солдаттың бірі жұрындай ұшып түсті... Нияз бірінің соңынан бірін қуалата үшінші рет атып жіберді. Асығыңқырап атқан үшінші оқ үймелегендердің бастарынан асып кетті.
Нияз өйткенде, олар да жандәрмен мылтықтарын алып, бұрылып-бұрылып, Нияз атып тұрған тал ішіне қарай гүрсілдетіп ата бастады.
Нияз енді өзен бойындағы қалың биік талдардың арасына сіңіп жоқ болды. Күн батқаннан кейін біртіндеп қаптап, біртіндеп қоюланған көлеңке Ниязды жасырып, жұтып кеткендей болды.
Құтырған жындар Танабайдың үйінде ауыздарынан жалын шашып, тулап жатты. Қосын командирі: «қырамын да жоямын!..» — деп жынданған жыртқыш айуанша қырылдады. Өлген командир орынбасарын қан-қан қылып үйге кіргізіп сұлатып салып қойды. Ыңқылдап-күрсілдеп, қанға боялып, жараланған солдат жатты. Ғайни енді былай қалды.
«Шоланда қамауда отырған Боранбекті тысқа шығарып атып тастаңдар!» — деп бұйырды командир.
— Алып шығып, атып тастаңдар ол иттің ұлын! Қарашы бұларды, аяқастынан жаулық қылуын!.. Анаңды ұрайын!.. — деді командир күрілдеп.
Ауыл ете қатты үрпиген. Бірақ дәрмен жоқ. Ауылдағы қатын-баланың бәрі де бұғып, зәресі ұшады. «Пәле қай жағымыздан соқтығар екен?» — деп іштерінен тынады...
Боранбекті солдаттар тысқа алып шықты. Боранбек солдаттардың тілін білмейді. Бірақ олардың түрлерінен, үндерінен, сұм ниеттерінен жүрегі шошынады. Боранбек орта бойлы, жауырынды, тікше қара көзді, болар-болмас қара қырбық мұртты, жиырма екі-жиырма үш жас шамасындағы қара жігіт. Боранбектің үстіндегі кең, ұзын шекпені, басындағы үлкен қоңыр елтірі тымағы, қара жамылғандай оның үстін басқан. Кең тымағының түсіңкі маңдайының астынан көмірдей қап-қара көздерінің ызалы оты жайнап жалтылдайды.
Қазақ тілін білетін орыс арқылы ол түзге отыруға рұқсат сұрады. Әуелі тілмаш орыс күлді. Сонсоң өзгелері де күліп, Боранбекке түзге, дәретке отыруға рұқсат қылды. Бірақ мазақ қылған, қорлаған үнмен Боранбекке «жерге отыр!» — деді. Соны айтып, алтыатарын қолына ұстаған кіші командир қорлаған шыраймен күлді:
— Ит отырып болып, дамбалының бауын байлап тұрғанда атайық!.. — деді.
Боранбек кең шекпенін жамылып, еңкейіңкіреп еңсесі түсіп солдаттарға арқасын қаратып барып отырды. Солдаттар винтовкаларын көлденең-көлденең. ұстап қарап тұрды. Боранбек күйбеңдеп, шекпенін жамылып отырды... Біраздан соң кіші командир, алты атарының аузын қаратып ұстап тұрып, Боранбекке қарап тықыршыды:
— Ей, не мақан!.. Немене, ұзақ отырып алғанын! Бол тезірек! — деді.
Боранбек үндемей отыра берді.
Солдаттар шыдамсызданып тықырши бастады.
Тағы да Боранбекке соз қатты. Боранбек үндемей отыра берді.
Сол кезде үйден бірнеше жолдастарымен командир шықты. Командир ашулы үнмен солдаттарға қарады:
— Немене, атып келдіңдер ме?.. — деді.
— Жоқ, әлі атқамыз жоқ, тақсыр... а-а, жолдас... командир!.. — деді кіші командир.
— Неге? — деді қаһарланып командир.
— Әлі атпағанымыз, ол анау отыр, түзге отырып отыр, — деді кіші командир.
— Сволыштар!.. Неге онымен әлі күнге сәнденіп тұрсыңдар!.. Ал, менің командамды тыңдаңдар! — деді командир жыланша ысқырып.
Командир команда берді. Екі солдат мылтықтарын анадай қарайып отырған Боранбекке қарай кезеді. Команда бойынша көздеді. Команда бойынша екі мылтықты бірдей шаңқ еткізіп атып қалды. Үрпиісіп бұғыңқырап отырған ауыл селк етіп, елең ете қалды. Батқан күннен кейінгі бірте-бірте қоюланып келе жатқан кештің, күңгірт көлеңкесі басқан айнала, тұнжыраған өзен өлкесі, күңгірттенген қалың тал — бәрі де селк ете қалды. Өзеннің сыртындағы қою күңгірттенген таулар да алыстан. Оқ тиген жануарша, аңқ ете түсті...
Тек... анадай жерде қарайып отырған Боранбек қана міз бақпай отыра берді. Тіпті қозғалып артына да қарамады... Міне, қайсарлық!
Командир бұрқан-тарқан болды. Солдаттарды боқтап, жер тепсінді:
— Әуеге атып тұрсыңдар ғой, сволыштар! Неге дәлдеп көздемейсіңдер!.. Ал, көзде қайтадан!.. Ал!..
Екі мылтық тағы да шаңқ ете қалды. Япыр-ау, бұл не деген керемет!.. Тағы да төңірек жаңғырығып қаңқ ете түсті. Ал Боранбек әлі де бүлк етпей отыра берді Міне, қайраттылық!..
Бұл қалай?..
Командир бір солдаттың қолынан винтовкасын жұлып алды. Жұлып ала сала өзі кездеді, тістеніп тұрып атып қалды...
Тамаша-тамаша!.. Масқара!..
Тағы да Боранбек тебіренбестен отыра берді. Көлеңке жамылып төңірек, оқ тиген итше қаңқ етіп, мазақ қылып күлгендей болды.
Винтовкасын көлденең, ұстаған бойымен командир, құтырған жыртқышша ырсылдап, Боранбекке қарай жүгірді. Командирмен ілесе өзгелері де жүгірді.
Командир өзгелерінен озып келген бойымен арман қарап отырған Боранбектің арқасына винтовканың дүмімен қойып қалып, жүгірген және мылтықпен ұрған екпінімен етбетінен түсті.
Өзгелері де командирға ілесе жүгірісіп келіп, Боранбек отырған, командир жығылған жерге апыр-топыр тұра қалды.
Масқара-масқара!..
Аттан жығылып тұрғандай асып-сасып командир ұшып тұра келіп, корланып жағының шаңын сүртіп, бәрі алақ-жұлақ бір-біріне қарасты.
Боранбектің өзі жоқ, тек үлкен шекпені мен салпаң құлақ тымағы ғана етпетінен түсіп, ажуалап күлген сияқтанып жатты...
Боранбек түзге отырған болып, жерге үш шыбық шаншып, сол үш шыбыққа, отырған кісі қалпында, шекпені мен тымағын кигізіп, өзі соның тасасымен жер бауырлап жорғалап,талға кіріп кетіп қалған екен.
Боранбектің жер бауырлап жатқан шекпені мен тымағын аяғымен теуіп, командир ашу қысып қиқылдап, солдаттарын боқтады...
Дәл сол кезде ауылдағы қосын (қатер) «сақтан» белгісін (тревога) беріп сұңқылдатып керней тартты.
Командир мен жолдастары селк етіп бұрылып, енді түскен үйлеріне қарай жүгірді. Ауылдағы қосын апыр-топыр сасқалақтады. Ат-көліктеріне жүгірісті. Асығып-сасып, қысыла сыбырлай, дабырлай аттарына шапшаңдата мініп, қосын ауылдан шұбала жөнелді. Ауылда өлген командир орынбасары мен жараланған солдат қалды.
Сол күні, сол кеште Танабай ауылында ұмытылмайтын тарихи уақиғалар болды. Танабай аулына екінші қосын келе жатты. Бұл қосын енді нағыз қызылдардың өз қосыны еді...
Ымырт жабылған кез...
Ауыл таға да үрпиісіп отыр. Кеш жамылып келе жатқан әскер Танабай ауылына манағы қосыннан гөрі қорқыныштырақ көрініп тұр.
«Манағылар неге алды-артына қарамай асығып жөнелді екен?.. Мыналар неге кештетіп келеді?.. Бұлар кім?..» деген мәселе үрпиісіп бұққан ауыл адамдарына түсініксіз болды.
Қызыл қосын да Танабай аулына келіп түсті... Ауыл халқы демін ішіне тартқандай қарай қалды... Бұлар да қызыл... Бұл қалай?
Манағылар сияқты қосын әр үйге бөлініп-бөлініп түсті.
Бұлардың мінездері манағылардай емес... Бұл екінші қосын өте тәртіпті. Зорлық, бассыздық істемейді. Ауыл халқымен адамша сөйлеседі. Бұлар ауылға келісімен манағы қосынды сұрай бастады. Оларды «қызыл емес, ақтың қосыны!» — деді.
Бірнеше жолдастарымен бұл нағыз қызыл қосын бастығы да Танабай байдың үйіне түсті. Бұл қосынның бастығы алдағы қосынан қалған жаралы солдаттан жауап алды. Мияштан да жауап алды. Онан соң Мияшты тілмаш қылып және өзінің татар тілмашы арқылы ауылдың бірнеше адамдарынан, Танабайдың қатынынан жауап алды. Алдағы қосынның қалай келіп, қай жаққа кеткендігі және ол қосынның істеген істері туралы тексеріп, жауап алды.
Ғайнидан және оның әке-шешесінен де өзі барып жауап алды. Оларды жұбатып, үрейлерін басуға тырысты. Бірақ қорыққан, үрейленген қараңғы ауыл қанша дегенмен бұл екінші қосынға ішінен шын ашыла сеніңкіремей барлық сұрауларына жауапты сақтықпен берді.
— Тақсыр... Жолдас... Біз де білеміз?.. Біз қараңғы халықпыз. Біз өзімізге жәбір қылған кісіні жек көреміз, мылтық алып атам десе, қорқамыз. Жылы ұшыраған кісіміз жақсы көреміз!.. — деп аңқаусыған сөзден басқаны көп айтпады.
«Бұлар кім?.. Манағылар кім?.. Бұлар не қылар екен?» деген ой ауыл халқына үйелеп алды. Екі қосынның қайсысы қызыл, қайсысы ақ екеніне түсінбеушілікті жабысқақ Мияш пен салпы ауыз Әбділде де әртүрлі ымбалмен ауыл халқына қоюландыра берді.
Жабысқақ Мияш пен салпы ауыз Әбділде қызыл командирінің қасында тағы да жылпылдап жүрді...
Командир әркімнен жауап алып болысымен сол сағатында ауыл адамдарын Танабай байдың үйіне жинап, ақтардың қылықтары туралы және қызылдардың тілегі мен мақсаты туралы түсінік соз сөйледі.
Жиналған ауыл жұрты әлі де анықтап түсіне алмай, әлі де шындап сене алмай, біразырақ «шатасыңқырап», әлі де «байқайық» деген ішкі сырын бермей, қызыл командирдің сөзін тыңдап болған соң, ез үйлеріне тарасты.
Ғайнидің қорқып қалған шешесі жұрт тарасып жатқанда, қызы мен еріне күңкілдеп бірдеме айтып тұрды. Жұрт тарап болғанда бұлар Танабай үйінде қалды.
— Енді үйлеріңізге барып ешнәрседен қорықпай жата беріңіздер! Енді ешкім тимейді сіздерге!.. Қызылдың әскері алдымен сіздерді, еңбекші кедейлерді қорғайды!.. Енді қорықпай барып жатыңыздар! — деді қызыл командир.
Ұстаның қатыны:
— Тақсыр, мына осы үй, мына баламның қызмет қылып жүрген үйі еді. Рұқсат қылсаңыз мына қызыммен екеуміз бүгін осы үйге қонсақ деп отырмыз! — деді.
— Неге, оз үйіңізге барып жатуға қорқасыздар ма?.. Неден қорқасыздар?.. Мен айттым ғой, ешкім тимейді деп! — деді қызыл қосынның командирі.
— Жоқ, енді, тақсыр, осында болсақ екен!.. — деп ұстаның қатыны болмады.
Ақырында командир рұқсат қылды...
Бағана Нияз қашқанда, қалың талдардың араларымен өзеннің сыртындағы жақын тауға қарай қашқан еді. Мылтығын көлденең ұстап, шекпенінің етектері жалпылдап, Нияз тал-талдың араларымен жүгіріп келе жатыр. Оның қою, қара қасты қабағы түйіліп, қаракер көзінен қасқыр алған тас түлек бүркіттің көзіндей, қызылды-жасылды от ұшқындай жылтылдап келеді. Күшті, сіңірлі, білеу қолы мылтықты орта белінен қысып, қамшыша ұстап, салмақтап қояды.
Өзеннің тауға жақындаған тұсындағы қалың, қою талдарының ішіне келгенде, Нияз азырақ демалып айналаны тыңдап отырды.
Нияздың мақсаты таудың ар жағындағы Танабайдың жылқы табынын іздеп таппақ еді.
Демалып тағы да жүруге орнынан тұра бергенде бір аттың пысқырған дыбысы естілді. Нияз тұра қалып тыңдай қалды.
Сол аттың пысқырған жағына қарай тал-талдың арасымен ақырын аяндады...
Біраз жүрген соң қалың талдың жас шыбықтарын сыбдырлата жайпап, екі ақ төбет секіріп шыға келді, Нияз сол селк ете қалды.
«А-а, мынау Танабайдың иттері ғой?.. Бұлар қайдан жүр?.. Ым... тамаша, бұлардың да ауылдан қашқаны ма?... Әлде Танабайлар да осы ауылдың бір жерінде ме екен?..» — деді Нияз ішінен.
Дүрдиген жуан мойын екі ақ төбет арсалақтап Ниязды бастап жүрді...
Ол, айнала қалың тал шыққан бір шұқырлау жерде бұғып отырған, банағы Танабаймен бірге Танабай үйінен қашқан «Алашорда» — бай балаларына кез болды.
Олар үрпиісіп, елеңдесіп қалды. Ортаға алып Нияздан сөз сұрады.
Нияз болған уақиғаны бәрін бажайлап айтты. Орыстарға Ахмет пен Отар орысша айтып отырды. Нияз болған уақиғалардың бәрін баяндап айтқаннан кейін мұндай жігіттің келіп қосылғанына олар қуанып қалды.
— Міне, шын мықты жігіт!.. Міне, нағыз батыр! — десті олар.
Прапорщик Отар Нияздың арқасынан қақты.
— Қолыңды әкел, өлсек бірге елейік! — деп ол Нияздың қолын ұстап, қысып қойды.
— Ана бір тоқымды бос аттардың бірін мінесің, біріне ие бол! — деді Отар тағы да.
Сол шұңқырдың ішінде, жиектері талдарға байлаулы, ерттеулі аттар тұр еді. Және бірнеше жайдақ аттар да тұрған болатын. Ерттеулі аттардың да бір-екеуі артық алынған еді.
Нияз айнала қарады. Болған уақиғаларға таңырқағандай болды...
Қазап айы. Түнерген кеш. Баяу ескен қоңыр жел. Өлке бойындағы қалың тал мен әредік қамыс ақырын қозғалып сыбдырлайды. Ақырын теңселіп сыбдырлаған қалың биік талдардың арасы. Қалың талдардың арасындағы бір бекіністеу үлкен — зор апан құдық сияқты көк шұңқыр, шұңқырда байлаулы тұрған аттар. Ұрыларша «бекініп» отырған он үш шақты кісі, іштерінде еркекше киінген Танабайдың қызы. Қастарында екі ақ төбет...
Екі ақ төбеттен басқаларының бәрі күні бүгін шіреніп, жасаулы үйдің төрінің алдында масаты кілем үстіне төсеген жібек көрпенің үстінде отырған адамдар. Алдарында үлкен дөңгелек үстел, дөңгелек үстелге жайылған көк дастарқан, оның үстінде жасалған неше түрлі ішіп-жем ас-тағам: қымыз, ет, сары май, қазы, карта, бағланның семіз еті. «Сен іш, мен іш!» — деп отырған мырзалар... Сүйткен адамдар енді міне, қашқын болып, түнерген кеште, өзен өлкесінде қалың тал арасында қоянша бұғып, ел жаққа құлақ түріп, баршы жіберіп елеңдеп отыр...
Нияз бір күннің ішінде болған бұл өзгеріске, өз өмірінің бірнеше сағаты ішінде үлкен уақиғаны бастан кешіргеніне таңырқап отырды.
Шұңқырда отырғандарға жағалай қарап, Нияз еркекше киініп, басына тымақ киіп отырған Танабайдың, қызы туралы ішінен: «Бұл бейшара қайда барады?.. Бұл қайтеді енді?..» — деді.
Ауыл жаққа жіберіп отырған баршылары біраздан соң тал арасында жасырынып жүрген Боранбекті тауып алып келді.
Боранбекті де барлығы ортаға алып соз сұрап, Боранбектің істеп келген ісіне таңқалып күлісіп жатты... Сонсоң бәрі кеңесіп ауылға үш адам жіберді: бірі — прапорщик Отар Әзезұлы, екіншісі — Боранбек, үшіншісі — Нияз, өзі тіленді баруға...
Танабай ауылында ымырт жабылып «ел орынға отырған» кезде, әр жерге қарауыл қойып, қызыл қосын демалып жатты.
Қараңғы кеште тұнжыраған ауыл жым-жырт еді. Қазір иттер де қорғалап, коп үрмей жатыр. Отар, Боранбек, Нияз үшеуі қараңғы кеш жамылып, қалың ағаш, қалың биік талдардың араларымен ешкімге соқпай, ешкімге көрінбей ауылдың қасына келіп, дәл Танабайдың. үйінің тұсына таяу келді. Ақырын ескен қоңыр жел өлке бойындағы қалың тал мен қамыстардың бұтақтарын, жапырақтарын қозғап сыбыр жүгірткендей... Орман андары сияқты біртүрлі шапшаң, біртүрлі ынғайлы елеусіз қимылдап үшеуі ептеп басып, ағаш-тал бұтақтарын еппен ашып-қозғап, ауылды бақылап тың тыңдап, көлеңке сияқтанып, ақырын сыбырласқан тал жапырақтары-сыбыр қоса жүрді.
Үшеуінің арт жағындағы талдар сыбдыр ете қалды. Жалт-жұлт қарасты. Арсалаңдап, қойқаңдап Танабайдың екі ақ төбеті жетіп келді...
— Өй, кет!.. Кет!.. Мына иттер бүлдірмесе игі еді?.. — деді Отар сыбырлап.
— Тимеңіз, тимеңіз!.. Бүлдірмес! — деді Боранбек.
Ауылдағы әрбір қыбырды, әрбір дыбысты, әрбір сыбдырды,
ауылдан шыққан сөздердің әрбір жұрнағын қағып алып, қадалып тұрды үшеуі.
Танабайдың үйінде от жап-жарық болып жанып тұр. Үйде сөйлесіп отырған сөздердің кейбір үзінділері естіледі. Тіпті, күлкі де естілгендей болды.
Оты шаңқан жанып тұрған Танабайдың үйінен естілген күлкі кек-ыза қайнаған Нияздың жүрегін шоқ түскендей қайнатты.
Үшеуі демін ақырын тартып, кеуделері булығып сыбырласты. Бұлардың булыққан сыбырларын қалың тал мен қамыстарда бір-біріне айтып, сусылдағандай болды, Боранбек шешінді. Жыртық, жамаулы ескі етігін аяғынан шешіп, қонышындағы кішкене пышағын алды. Ол жауға қарай атуға дайындалғандай ыңғайланып, түнде жүрген ұрының артынша басып, Танабайдың үйіне қарай кетті. Оның соңынан аяндап екі ақ төбет те кетті...
Боранбек күндізгі сағым, күңгірт көлеңке сияқты бұлдырап, мысықша басып, оты жалтырап тұрған Танабайдың терезесінің түбіне барды. Үй араларында жүрген қосын қарауылдары оны көре алмай қалды. Отар мен Нияз тал түптерінде қолдарындағы винтовкаларын қымтып ұстап, ауылға, Танабай үйіне көздерін аш қасқырша қадап отыр...
Боранбек терезеден ақырын қарады. Танабайдың төргі үйінде дөңгелек үстелде жарқырап жанып тұрған керосин лампаның жарығымен үйде әңгімелесіп отырған жұрттың түрлері Боранбекке бір түрлі қаперсіз сияқты көрінді. Ол азырақ таңырқай қалды. Бұл кеште ол бүл ауылда жұрт мұндай тыныштық, қауіпсіз шыраймен отырады деп ойламаған еді.
Танабай үйінде қосын бастығы мен оның жолдастарынан басқа және Танабайдың әйелі, Мияш, Әбділдеден басқа Ғайни мен оның шешесі де отыр екен. Денелі, ақшыл адам үстінде қыналған әскери киім, белін жалпақ сары белбеумен қынап, иығын сары былғары қайыспен шандыған, белінде алтыатар мылтық, жай балаша ойнаған жылы шыраймен қарап, үстел жамында Ғайниға және ана екі әйелге бірдеме айтып отыр.
«Бұл қосын бастығы ғой!» — деді Боранбай ішінен.
«Иттің баласы!..» — деді тағы да ішінен ақырын.
Қосын бастығы мен әйелдердің арасында отырған Мияш бастықтың сөзін жалтаңдай тыңдап, Ғайни мен ана екі әйелге оның сөзін түсіндірген сияқтанып, бірдеме айтып отыр.
«Иттің баласы!..» — деді Боранбек ішінен.
«Отырғанын!..» — деді тағы да.
Боранбектің тықыры білінбей жұмсақ сырғанаған майда жел сияқтанып, тағы мысықша басып, Отар мен Ниязға қайтып келді. Терезден көргенін сыбырлап екеуіне айтты.
Енді Нияз шыдамады. Енді ол да шешінді. Қанын ішіне тартып алды. Аш бүркітше үңірейді... Карабинді алып, Боранбек пен бірге Танабайдың үйіне қарай жүрді. Екеуі бұғып, үйден, ауылдан көзін айырмай жымып, ыңғайлы мезгілін тауып, ақырын келіп терезеге жабысты...
Бұлар терезенің астыңғы көзінің бірінен қарап тұрғанда, иығын сары былғары қайыспен шандыған, беліне алтыатар асынған бастық күліп Ғайниды иығынан қақты. Нияздың жүрегі шоқ тигендей қалтырады. Екі қолымен карабинді жүрегіне қысты. Бұлар қарап тұрған терезенің астыңғы кішкене көздерінің бірі сынық еді. Сол сынған көз бір жаман шүберекпен бос қана тығындалған. Нияз шүберекті суырып алып, тез шегініңкіреп, карабиннің аузын сынық көзге салды. Боранбек орнынан қозғалғанша, Нияз шапшаң көздей салып атып кеп жіберді. Үйдің іші гүрс ете қалды. Ғайниды жауырыннан қаққан қосын бастығы шалқасынан түсті. Көрші үйлердің иттері шошынып үріп қоя берді.
Үй араларын, ауылды күзеткен әскерлердің шошынып дабырлаған сөздері, жүгіре басқан дүсірлері естілді.
Нияз бен Боранбек аңша сыпылдап, Отардың қасына келіп, желше жып етіп, қалың талға кіріп кетті... Бұлармен бірге екі ақ төбет те жүгіріп талға кіріп жоқ болды...
3
Таңертең ертемен қосын жүруге ыңғайланып аттанып жатқанда, түнде Танабай үйінде иығына оқ тиіп жаралы болған командир Қырымұлы Танабайдың серіппелі былқылдақ арбасында отырды. Қырымұлы таңылған иығын бір қолымен ақырын сипай ұстап, қалың биік талдар, қалың бұталар бүркеп жатқан Нұра өзенінің көсілген бойына және өзеннің аржағындағы таяу тұрған, алыс тұрған тауларға қарап отырды. Аспанда сирек-сирек уақ ақ ала бұлттар бар еді. Күннің алтын шұғыласы шашырап, бұйрат таулардан асып келе жатқан кез. Оңтүстік-күншығыстан баяу ескен жұмсақ қоңыр жел ұйқыдан тұрған денені сергітіп, бетке үлбіреп тиетін еді.
Қырымұлы отырған серіппелі былқылдақ арбаның о жақ, бұ жағына шығып, арбаны жолға қамдап жүрген Мияш пен Әбділден Қырымұлы жер жөндерін сұрап, айналаға қарап отырды.
Қосын кешегі қосынның ізімен ілезде жүріп кетті. Жараланған командир Қырымұлын жұмсақ арбамен қалаға, ауруханаға алып жөнелді...
Ерте тұрған ауыл халқы ербиісіп, қосынның соңынан қарап қалды...
Он үш атты кісі тауға қарай келе жатты. Қастарында екі ақ төбет...
Бүлардын, бастықтары: Танабай бай, қасында ұлы мен қызы, екі кен студенті, геолог Оразбекұлы мен Семенов, екі жас пра-порщик Губин Миша мен Отар Әзезұлы, өзгелері жігіттері. Бұлардың ішінде Танабайдың малайы Боранбек пен Нияз да бар. Ана оқығандардың да киімдері қазақша. Жігіттердің жетегінде тағы да бес бос ат бар. Бүл бес аттың, бір-екеуінің үстінде сымдап теңделіп артылған киіздер бар.
Бұлар ат үстінде сөйлесіп келе жатып, бір жерге келіп тоқтады. Аттарынан түсті. Оразбекұлы мен Әзезұлы қалталары нақ кішкене дәптершелерін алып, Танабайдан сұрап, біреулердін мекен-жайларын, ат-жөндерін жазып алып отырды. Әр түрлі жөннің, жүретін жерлерінің аттарын,түстерін сұрап жазып алды.
Сұрап дәптершеге жазып алуды бітірген соң, бәрі түрегеліп, Танабаймен және оның ұлы-қызы, малайымен қол ұстасып қош айтысты...
Қош айтысып болып аттарына мінісіп, ат үстінде тағы да бас изесіп, иек көтерісіп қош айтысып, екі айырылысты. Танабай ұлы-қызымен, малайы Боранбек, екі ақ төбетпен бір жаққа қарай бұрылды. Өзгелері құбылаға қарай бет қойып жөнелді.
Танабай балаларымен, малайымен езінің қырдағы жылқысына қарай бет түзеп келе жатты. Олардың арттарында аяндап, бүлкілдеп екі ақ төбет келе жатты... Алдарында төрт-бес белдің ар жағында Танабайдың қырда жатқан табын жылқысы бытырасып жайылып жүрген... Жылқының бер жағындағы қырлардан биік тұрған шошақ қара обада Танабайдың бас жылқышысы жалқұйрығы жерге шұбалған тоқпақ жалды, қара ала айғырға мініп, жуан, ұзын қайың құрығын сүйретіп, жан-жаққа көз жіберіп қарауылдап түр еді. Оның қыран қара қоңыр өзі бұл кісілерді көріп бақылауда болатын...
Ал әлгі жер кенінің екі геолог студенті мен екі прапорщик бастаған оншақты кісі бес бос ат жетектеп, екінші жаққа кетіп бара жатыр...
Күнбатыстан күншығысқа қарай даламен жүгіртіп, көз керім жерден үш-төрт атты кісілер шыға келді. Жүгіртіп шыға келіп мыналарды көре сала жолығуға осыларға қарай бұрыла салып зымыратты. Мына келе жатқан он шақты кісілер де бұл төрт кісіні көре сала көздері соларда болып келеді... Зымыратқан торт атты кісі ілезде таянып қалды...
«Егерде қару-жарақтары бар қызылдар болса, бойларындағы жарақтарын қайтсе де тартып алу керек және оқтарын, документтерін тартып алу керек!» деген сөздерді айтып келеді зымыратып келе жатқан торт аттыға қарсы келе жатқан топ.
— Аттарын да алу керек, егер жақсы болса!..
— Дұрыс, дұрыс!.. Соған бекіттік, аңқау болмаңдар!.. — десті топтың бастықтары...
Шауып келе жатқан торт аттының төртеуі де жарақ асынған, екеуі қызыл киімін киген, әскери жігіттер. Екеуі қазақша киінген қазақ жігіттері екен, төртеуі екпіндетіп, ентелетіп шапқан бойымен топқа жетіп келді. Аттары ырс-ырс етеді. Өздерінің етектері жалп-жалп етеді. Жамырасып сөз катысып амандасты. Аяндап келе жатқан топ араларын ептеп аша берді. Шауып келе жатқан жарақты торт жігіттің аттары қызған екпінмен ентелеп, топтың ара-арасына кіріп-кіріп кетті. Бірлі-жарымды соз қатқанша Отар бастап, төртеуін қолмен ұстай алды. Мойындарындағы мылтықтарын «бұ қалай?» дегенше болмай жұлып-жұлып алды. Жарақ иелері:
— Ей, бұларыңыз қалай? Ойнап жүрсіздер ме? — деп еді, Отар жыланша ысқырып:
— Сөйлемей қолдарыңды көтеріп тұрыңдар! Әйтпесе, таяқ жейсіңдер! — деді ақырып.
Төртеуі де лезде мұның ойын емес екеніне түсіне қалды. Семенов пен Губиннің орыс екенін білмесін деп әдейі, екеуін үндетпей қойды. Екеуі тымақтарын көздеріне киіп қырынырақ қарап тұрды.
Төртеуін де аттарынан түсірді. Оқ қаптарымен оқтарын шешіп алды. Қалталарын тінтті. Документтерін алды. Кей киімдерін алды. Керекті сөздерін сұрап, аттарын алып, өздерін жаяу тастап, топ жүріп кетті.
Тез жүріп бір қырдан асып топ тоқтап, кейбіреулері аттарынан түсіп, өздерінің жетегіндегі екі атқа теңдеген сымдаулы киіздерді шешіп, жаңағылардан тартып алған торт аттың үстіндегі ер-тоқым мен мылтықтарды сол киіздің арасына тығып қайта буды. Сүйтіп буылған киіздерді екі атқа қайтадан артып алып, құбылаға қарай жүріп кетті...
Енді олар елсіз дала, таулармен жүруге бет түзеді. Таудан соққан қоңыр жел арттарынан қырындап қуалады...
4
1920-ЖЫЛЫ БАНДЫНЫ ҚУҒАНДА
Жаз... Қар кеткеннен кейінгі бусанған қара жер жасыл жібек желек жамылған сұлу келіншекше жасарған. Жер жүзі көгеріп, жасыл ала жібекке оранып құлпырады. Ел жаз рақатының дәмін тата бастаған. Бірақ көк шыға әр жерден жиналған банды елді әбігер қыла бастады... Бір жерден қуылса, екінші жерге өтіп кететін болды...
Нұра өзеніне таяу жерлердегі әдемі көлдердің бірі: Жаман көл, Шөпті көл, Маржан кел, Ағашты көл, Күрең ала, Сары ала, Шұңғыл көл, Балықты көл, Шошқалы көл, Сұлу көл, тағы басқа көлдер бар еді.
Сол көлдердің бірі — Аққулы көлдің жағасында тізіле қонып алты ауыл отыр.
Жаздың алтын нұры ойнаған шуақ күні еді. Көк мөлдір сулы Аққулы көлдің жасыл ала қамыстары көк жібек торғынға тіккен жасыл ала өрнекті жібек кесте сияқты. Аққулы көлдің жібек құнарлы буы қалқыған, үсті жасыл ала көкорай шалғынды жағасымен түгел жасыл кілем жайғандай айналасының өте бір қызықты балбыраған кезі еді.
Көл ортасында қалың, жасыл ала қамыстың айналасы айнадай жалтыраған кең жайқын. Сол жайқында аппақ болып шаңқиып екі жұбай аққу сыланып, ақырын әсем жүзіп көлеңдейді. Екі аққу ұзын, сұлу мойындарын иіп, көл ортасында ақырын сыңқылдап, аппақ денесін күміс суға төсеп, әсем жүзіп, күміс судың айнадай мөлдірін шымырлатып сызады. Екі аққудың нәзік сұлу үнмен сыңқылдап жүзген күміс сызығынан сылдырлап меруерт, гәуһар моншақ тізіледі... Көлдің айнадай жалтыр жайқындарында жағасындағы судыраған жасыл құрақ, көк қамыстарының араларында неше түрлі жұпталған су құстарының ойнаған, жүзген дыбыстары естіледі... Қап-қара жүнді, сыңқылдаған дауысты, ақ маңдайлы қасқалдақтар, қырқылдап ойнағандар қоңыр үйректер, теріс аяқтар. Сусылдап ұшып-қонып ойнаған, нәзік үнді, көк ала мойын, көкала жібек құйрық сұқсырлар. Дамылсыз сүңгіп, қыздарша күліп ойнаған, маржан көз сүңгуірлер. Балаша жылаған, ақ төсті кагарлар. Анда-санда қоңыр күйін қаңқылдатып ұшып-қонған қоңыр қаздар. Шулаған шағалалар. Көлді айнала қорыған қарала қанатты, әдемі айдарлы, шаршамайтын саққұлақ қызғыштар. Көкке шығып, зыр қағып безектеп сұңқылдаған ұзын аяқ, біз тұмсық тауқұдіреттер, тағы да толып жатқан неше түрлі құстар көл басын сұлу күйлі думан қып жатты.
Көл жағасындағы көкорай шалғында тізіле қонып отырған алты ауыл биелерін бір-екі сауып алған кезі еді. Сауын биелері ауыл қасында, қол жағасында көгалда жайылып жүрген. Әр ауылдың қасында, шалғынға тартылған желілерде тізіле байланған құлындар жатыр. Ауылдардың сыртындағы бір-екі шақырымдай тұрған тауларға қарай көстие жатқан көк-жасыл бетегелі өрісте бойдақ жылқылар жүр. Өзге малдар да қол жағасында көкке тұмсықтарын тығып жатыр. Күнге арқасын төсеп, көлдің көкорай шалғынына төсін төсеп, торт түлік мал рақаттанып шуақтап жатқан... -Ілезде сол алты ауыл бүйі тигендей у-шу болып, үрпиісіп апалаң-топалаң болды да қалды.
Жүз шамалы салт атты банды, көлге таяу тұрған тау араларынан шығып, бір саймен бұғып келіп, ауылға тиіп қалған еді.
Қатар тізіле отырған алты ауылда үрей жоқ. Салт атты бандылар бұл алты ауылдың үстінде, жын қаққандай сартылдатып, алаң-жүлаң етіп жүр.
Банды түрлі жұрттан, көбі казак пен орыс, жүз шамалы. Бәрінің қолында әртүрлі жарақ. Олар: әртүрлі мылтық, қылыш, қанжар, найза, айбалта, тіпті кейбіреулерінде сойылдар да бар.
Шапқыласып жүріп алты ауылдың төрт түлік малын көл басына топырлатып иіріп алды. Бірсыпырасы жылқы ішінен жақсы ат іздеп, ұнатқан аттарын ұстап, кейбір қашаған аттарды дүрсілдетіп, қуаласып жүр. Кейбіреулері қойдан семіз-семіз қойлар тандап алып, бірсыпырасы алты ауылдың үйлерін аралап жұртты, қатын-баланы қорқытып, бетке келгендерін сабап, коммунист іздеп жүр. Мылтық, оқ іздеп жүр. Коммунист пен мылтық тауып ала алмаған соң кейбір үйлерді тінтіп, ұнатқан нәрселерін алып жүр.
Бандыны бастаған Отар Әзезұлы мен Мишка Губин. Ол екеуінің қасында жарау темір қара көк атқа мініп Нияз да жүр.
Үшеуінің де киімдері, аттары өзгерген. Екіден-үштен үй-үйдің арасында ат омыраулатып жүрген бандылар. Қымызы бар деген үйлерден қымыз сұрап ішеді. Кей үйден қаймақ сұрайды. Қымызы бар үйлерден қымыз алып шығады. Қымызды көбінесе ат үстінде тұрып ішеді. Кейбір «күдікті», «сенімсіз» адамдардың қымыздарын әуелі өздеріне ішкізіп алып ішеді. «Улап береді» деп қорқады.
Міне, үш банды аттарын омыраулатып Құсайынның үйінің есігінің алдына тұра қалды.
— Әй, бұл үйдің иесі кім? Неге үйлеріңе бұға қалдыңдар? Ініне тығылған суырға ұқсап? Қымыз бар ма? — деді үш бандының бірі қылтиған тырбық мұртты қисық мұрын қара жігіт.
— Қымыз бар... Қымыз бар... Тысқа алып шығайық па? — деді үй иесі Құсайын деген жирен мұрт қазақ.
— А-а, бәсе!.. — деді бандының екіншісі.
— Алып шық бері, тегенең мен үш таза тостаған! — деді әлгі тырбық мұрт банды.
Құсайын қатынымен, бала-шағасымен сасқалақтап әбігер бола қалды. Күйбеңдеп, күңкілдесіп сөйлесіп жатыр. Алты ауылдың бәрі сондай әбігер... Тарс-тұрс сүзіс. Шаң-шұң сөз.
— Әй, тезірек қимылдаңдар, әйтпесе бұзауша мөңірерсіңдер! — деді әлгі тырбық мұрт банды.
— Қазір!.. Қазір!.. Мына тостағанды жуғызып жатырмын... Әй, бол, тез алып шық!.. — деп, Құсайын есік алдына келді.
Құсайынның қатыны да кішкене тегешімен біріңді қымызын сасқалақтап, тысқа алып шықты. Құсайын да тысқа шықты.
— Аяқ, ожауларың қайда?.. Қалай ішеміз мұны?.. Неге аяқ алып шықпайсыңдар? — деді банды.
— Бізді жылқы деген ғой тегене бас қойып ішетін!.. — деді бандының бірі.
Сол кезде ойбайлаған бір әйелдің дауысы үш бандыны жалт қаратты.
— Астағыпыралла!.. — деді Құсайынның қатыны.
— Өй, неге алып шықпағансың.?.. Маған бер тегенені!.. Бар алып шық тез!.. — деп Құсайын қатынының қолынан қымызын шайқалтып төге-шаша тегешін алды. Қатыны қалбалақтап, тегешті байына бере салып, үйіне кіріп, бірінің үстіне бірін, ең үстіңгі тостағанға шайнектің қақпағын салып, салдырлатып үш тостаған мен ожауын алып шықты.
Құсайын тегешті қалталақтап жерге қойып, қатынынан ожауды алып қымызды сапырып тостағандарды ала беріп, үстіңгі тостағанның ішінен қара шәйнектің қақпағын алып тастады.
Үш банды ат үстінде тұр. Бірінің қолында — бердеңке мылтық, бірінде — қылыш, үшіншісінде — айбалта.
Үш тостағанға қымызды құйып, бандыларға ұсынды.
— Тостағандарың таза ма еді?.. Әуелі өздерін, үшеуінен де ұрттап ішіп көріңдер!.. — деді әлгі тырбық мұрт банды.
Құсайын мен қатыны жалтақтап бір-біріне қарасты.
— Кәне, неге жалтақтайсыңдар?.. Тостағандардан әуелі өздерің ішіп көріңдер дедім ғой!.. Сөзге түсінбей тұрсыңдар ма? — деді банды.
— Ішіп көр... Ішіп көр... Міне, мен ішігі корейін!.. — деп Құсайын ез қолындағы тостағаннан ұрттап ішіп көрді. Қатынына «ішіп көр!» — деді қолындағы тостағаннан.
Қатыны да, езі де тостағандарынан ішіп көрді. Сонсоң ғана тостағандарды алып бандылар ішті.
Үш банды қымыз ішіп тұрғанда, жарау күреңге мінген бір банды шапқылап келіп, «Тез болыңдар... Тез болыңдар» — деп өтті.
Қымызды үш банды тез-тез ішіп болып, аттарын қамшыларымен бір-бір салып жөнелді.
Кейбір бандылар кейбір жас әйелдерді үйлерін айнала қуалап жүр. Жас әйелдерді қуалаған бандылардың кейбіреулері ойнағансып, кейбіреулері жас әйелдерге арсыз айуанша қарап қуып жүр.
Бір үйдің жанында екі банды аттарынан секіріп түсті. Үйдің есігінен шыға келген орта бойлы, қызылшырайлы, қаракөз, қара қас келіншекті ұстай алды. Бандының бірі — кетік тіс, кер пұшық жігіт қаракөз келіншекті үйге қарай сүйреді. Бандының екіншісі — жауқабақ, тот маңдай қара жігіт қолындағы айбалтасының басынан ұстап, сабын сүйретіп, жылдам қимылдап үйге кіріп шықты да, қара қас, қаракөз, қызылшырайлы келіншекпен алысып жүрген кер пұшық кетік бандыға:
— Тарт үйге!.. Адам жоқ!.. — деді.
Өзі де келіп апырақтап, қаракөз келіншекті ұстап, екеулеп үйге сүйреді.
Қаракөз келіншек кер пұшық бандыға әл бермей жүр еді. Жауқабақ жігіт те айбалтасын үйге сүйей сала жүгіріп келіп, келіншекті ұстап, екеулеп сүйрегенде, келіншектің құлын даусы шықты. Келіншек жұлқынып, екі аяғымен жер тіреп, қолдарымен сабалап, белінен қапсыра құшақтаған жауқабақ қараның он. үлкен бармағының орта белінен шап етіп тістеп қатып қалды. Жауқабақ қара да тыпырлап, ышқынған даусы шықты. Бандының бармағынан қара қан саулап ағып қоя берді. Дәл сол кезде, астындағы мейіздей қатқан темір қаракөк атты ойнақтатып, мойнында мылтық, белінде қанжары бар Нияз жетіп келді.
— Ей, бұларың не?.. Жіберіңдер әйелді! — деді.
Кер пұшық кетік банды әйелді қоя беріп Ниязға қарады. Жауқабақ қара да айуан түсті басын көтеріп, Ниязға қарап тістеніп, қара қан аққан оң қолын босатып, сол қолымен қаракөз келіншекті ұстап тұрды.
Алақ-жұлақ етіп, есі шығыңқырап келіншек тұрды. Кер пұшық кетік банды Нияздан жыланша көзін алмай, бетін тыржитып, қамшысын ысқырта үйіріп алып, Нияздың атын басқа тартып-тартып жіберді.
Каракөк ат осқыра секіріп шапшып түсті.
Нияз атынан секіріп түсті. Осқырып тұрған атының шылбырын шұбата ұстап, кер пұшық бандыны ол қамшымен тартып-тартып жіберді.
— Өңшең азғын, бұзылған ит!.. — деді.
Қаракөз келіншекті қоя бере салып, екі банды боқтап Ниязға жабылып қалды. Апыр-топыр сабаласып, екі банды Нияздың қолындағы қамшысын жұлып алып, кер пұшық оны салып-салып жіберді. Нияз жұлқынып, секіріп кейін шығып, беліндегі қанжарын жарқ еткізіп суырып алды. Кер пұшық кетік банды мойнындағы винтовкасын жұлып алып, Ниязға оқталды.
Сол кезде Отар Әзезұлы шауып жетіп келді.
— Бұларың не?.. Не қара көрінді сендерге?.. — деп ақырды ол.
Нияз жанжалдың мөнісін айтты Отарға.
— Мін аттарыңа!.. Тұқымыңды ұрайын, ит өңшең! — деді Отар.
Нияз да, кер пұшық пен шот маңдай қара да аттарына мінді. Қаракөз келіншекті жайына қалдырып кетті...
Отар дүрсілдетіп шауып келіп, Миша Губин отырған үйге түсті.
Бұл үй сол Аққу көлінің басындағы алты ауылдың ен бай үйі еді. Үй іші жасаулы, сәнді. Төрдегі табалдырыққа шейін жайған қызыл ала масаты кілемдер. Тер алдына кілем үстіне қабаттап қызыл-ала көрпелер төсеген. Айнала, сырлы керегелерде шашақты кілем, оюлы, кестелі түскиіздер ұстаған. Тер мен саба жақтың арасында әдемі ақ күмбезді жылтыр кроватта үй иесі бай мен қатынының төсегі тұр. Діңкиген, пай жібекпен тыстаған мамық жастықтар. Жібек, барқыт көрпелер. Кроваттың бас-аяқ жағында сырлы адалбақандарда ілулі тұрған қымбатты киімдер. Күміс кемер белбеу, күмістеген қамшы. Кроваттың бас жағында әдемі сырлы шкаф. Терде тіреле жиналған кестелі қапты әбдірелер мен тендер.
Саба жақта құрсаулы әдемі шым үй. Үйдің езі аппақ киізден. Баулары тоқыма масаты. Үйдің кереге уықтары төрт-бес түрлі май сырмен сырланған. Керегенің бастарын жалпақ масаты, тегерішпен құрсаған, уықтың баулары тоқыған масаты, салбыраған, тігілген шашақты.
Терде кілем үстіне төсеген қызыл-шұбар көрпелердің үстінде Миша Губин мен Отар Әзезұлы отыр. Олармен бірге төменіректеу тағы да үш банды отыр. Бәрінің алдарында үлкен деңгелек үстел. Үстелде әдемі кеселер. Кеселерде қымыз...
Бұлардың аттарын бай үйінін жанында бір банды шаужайларынан ұстап түр. Үйдің есігінің сыртында бір банды есікті күзетіп тұр. Үйге рұқсатсыз ешкімді кіргізбейді. Қаракөк атты ентелете желіп, үйге Нияз жетіп келді. Атынан секіріп түсіп, атты бандыға ұстатып, езі үйге кіріп кетті.
Үстелдің қасына кілем үстіне дастарқан жайып, оның үстіне тұтқалы үлкен сырлы ағаш тегенедегі қымызды күмістеген, шығыршықты мүйіз ожаумен байдың қатыны сапырып отыр. Бандының бастықтары кәрлен кеселермен мас иісті сары қымызды ішіп отыр.
Бай да, бәйбішесі де тіпті жас адамдар. Жас жігіт пен жас келіншек.
Байдың өзі сақал-мұртсыз, орта бойлы, денелі, жас жігіт. Аты — Дөнен. Едәуір ажарлы жігіт. Тек айыбы бір аяғы азырақ сылтыма ақсақтау. Бірақ бір аяғының бұл сылтымасы кейде Дөнен байға жарасады деп айтысатын.
Дөнен бай азырақ тершіп, басындағы пұшпақ бөркін түре киіп, судыраған қара жібек шапанын жамылып, бандыларға құрмет қылып, сәл абыржыңқырап, қазір аяғын басқанда қаттырақ ақсап,тынышсызданыңқырап, қозғалақтап тұрып, есікке дамылсыз келіп сығалап, тысқа қарап қойып отырды.
Банды бастықтары қымыз ішіп болып тұрып, аттануға ыңғайланды.
— Қайыр, енді қош болыңыздар!.. Рақмет!..
— Қайыр, қайыр!.. Өздеріңіз де қош болыңыздар!.. — Отар мен Губин жолдастарын алдымен шығарып жіберіп, жылы шыраймен Дөненге қарады.
— Енді, әлгі айтқандай байланыс қылып, бізге білдіріп тұр, Дөнен!.. Ештеңеден қорықпа, әйтеуір, қалай болғанда да, іс өзінің тура жөнінен барады. Қызылдар құриды!.. — деді Отар.
— Әмін!.. Әмін!.. — деді ақсаңдаған Дөнен қалбалақтап басын шұлғып, — Дұрыс!.. Тілеулеріңізді тілеп, қарап жатпаспыз... Құдайдың салғанын көрерміз!..
Үшеуі қатты қысысып қол алысты.
Дөненнің қолын қысып, Губин:
— Ну, бай, надо теперь работать, действовать!.. — деді.
— Қане, бай, енді жатпай-тұрмай әрекет қылуға керек! — деді Отар.
— Жарайды!.. Жарайды!.. Өздеріңіздей көріңіздер! — деді Дөнен.
Аққу көлінің басындағы алты ауылды астан-кестен ғып болып, енді біраздан соң бандылар ауылдан шығып бара жатты. Бандының біреулерінің жетектерінде ауылдан алған аттар. Біреулерінің қолдарында не қанжығаларында ауылдан алған нәрселер. Енді біреулерінен ерлерінің алдарында сереңдеген семіз қойлар кетіп бара жатты.
Бірнеше күннен соң сол банды Нұра өзеніне құйған бір кішкене өзен сымақтың бойындағы бір орыс хуторын келіп басты. Казак аулында істегендерін бандылар орыс хуторында да істеді.
Хутордан керек қылған малдарын, нәрселерін алумен катар асыранды құстарын да қуалап, бақыртып, ұстағандарын шулатып алып та кетті.
Үлкен нөсер жаңбыр жауып, ашылған. Жер жүзі, айнала көкпеңбек. Әуе жібектей жұмсақ, жанға жайлы еді. Нұра өзенінің бойы, оның шымырлап, сылдырлап аққан тұнық суы, жасыл жапыраққа оранған қалың талдары мен бұталары, бойлай шыққан көкорай шалғындарының арасы — бәрі де мың түрлі шаттық үндерін қосып, сұлу күймен жасыл жазды жыр қылып, жер үстін жаңғыртып тұрған кез еді.
Болыстық Атком орталығы Танабайдың аулына — қыстауына көшкен... Ауыл үйлерінің көпшілігі қазір киіз үйлерінде. Кеңсе орнаған қыстауда отырған жұрт қазір аз ғана. Тек кейбір кедейлердің, жалшылардың үйлері бар және Аткомде істейтіндердің кейбіреулерінің үйлері бар. Сондықтан кеңсе тұрған қысқы ауылда қара-құра қыбыр онша көп емес. Тек, ауылдың бір жaзықтay жерінде үй салуға дайындық жасап, жұмыс істеп жатқан он тақты жұмыскерлер қыбырласып жүр...
Аткомның кеңсесі Танабай үйінің қасында, салпы ерін Әбділденің шикі қыштан салған тапалтақ үйінде еді. Салпы ерін Әбділденің үйі екі бөлмелі үй. Екі бөлменің ортасын жалпақ пешпен жарған. Екі бөлмеде екі-екіден кішірек торт терезе бар. Төртеуі де оңтүстікке қарай салынған. Терезелердің кейбірі сыны0, жамаулы, бір-екі көздерінде шыны жоқ. Сол оңтүстікке қараған төрт терезенің ортасында, үйдің орта маңдай қырында көк бояумен бояған, үлкен қаңылтыр темірде «Болыстық Атком» деген жазу шегелеулі түр. Үйдің төбесі түзу салынып, шым топырақпен жабылған. Топыраққа селдіреп, жалбырап көк шөп шыққан. Үйдің іші кірлеу. Үйдің қабырғаларын бұрын сылаған ақ балшық, қазір кірленіп, айғызданған, кей жері тіпті қабыршақталып, құлап түскен. Сол қабырғаларда жапсырулы, не шегелеулі әртүрлі суреттер, жазулар түр. Үйдің төбе ағашы қолдың саласындай ғып салған шырша. Едені жер. Үйдің екі бөлмесіне де ескі, жаман ағаш үстелдер орнатылған. Қызметкерлер орындықтарда, сол жаман үстелдерді өңгере-өңгере отыр. Кеңсеге келген адамдардың кейбіреулері ұзын тақтай орындықта отыр.
Төргі бөлмеде, төрдегі үстелді өңгеріп, болыстық, атком төрағасы, қара ешкінің құйыршығындай шоқша қара сақалды казак отыр. Оның қасындағы үстелде төрағаның орынбасары болып салпы ерін Әбділде отыр. Төргі үйдің есік жағындағы үстелді өрнегiн, хатшысы болып жабысқақ Мияш отыр. Кеңседе отырғандар естіген-білген жаңалықтарын айтысып, сұрайтын сөздерін сұрасып болып, бірдеме күтіп отырған сияқты еді... Кеңседе отырған алты кісінің бірі — Танабай бай, екіншісі — бай Дөнен ақсақ...
Ақсақ бай Дөненнің қасында Байсалбай отыр. Бұл бір қызық мінезділеу қазақ еді.
Селдір бұйра сақалын сипап, Байсалбай төрағаның тұсында, үйдің қабырғасында жапсырулы тұрған Лениннің суретіне қарап отыр. Лениннің кең маңдайына, үлкен басына, милығына қарап отырып, өзінің басындағы бөркін алып, басынан бірдеме іздегендей мандайын, миығын оң қолымен сипалап, өзінен-өзі мырс етіп күліп жіберді.
Отырғандар Байсалбайға жалт-жалт қарасты.
Төраға:
— Е, Байсеке, неге күлдіңіз?.. — деді.
Байсалбай жымыңдап, өз басын өзі сипалап, Лениннің суретіне қарады.
— Біздің басымыз ана Лениннің басындай неге болмады екен?.. — деді.
Отырғандар Байсалбайдың сөзіне жымиысып күлісті.
Қыстаудан бір-екі шақырымдай жерде киіз үйлі ауыл көрініп тұр, Танабай аулының көпшілігі сол киіз «жайлау ауылда» еді. Қысқы үйлердің көпшілігі үңірейісіп бос түр. Сондықтан Болыстық Атком тұрған Танабайдың қыстау аулында әлгі үй салуға дайындық істеп жатқан он шақты жұмыскерлердің қыбырынан басқа жүріп тұрған адам аз болатын.
Киіз үйлі ауыл жақтан бір салт атты қазақ шауып келді. Атын ентелетіп, алқынтып, Болыстық Атком кеңсесіне түсе қалып, кеңсеге жүгіріп басып еніп келді.
— Отряд келді!.. Қазір Көкөзектен бері асты! — деді.
Бәрі бірден қозғалып әбігер бола қалды. Әсіресе Танабай абыржыңқырап қалды. Бірақ онысын көп сыртына шығармауға тырысты. Танабай, Дөнен ақсақ, Мияш, Әбділде төртеуі бір-біріне күдіктене қарағандай болды...
Танабай байдың қысқы үйі бос еді. Қала жақтан әскер (қосын) келеді дегеннен қосынға штаб-пәтерге сол Танабай үйін дайындап қойған еді.
«Отряд келіп қалды» деген хабар жетісімен Танабай үйінің есігіне күзетке қойған екі кісі тік тұрды. Самауырындарға от салып, қазан астына от жап.т жатыр... Кеңседе отырғам Атком бастықтары мен отырған адамдардың бөрі де тысқа шығып, тағы Танабай үйіне барып, үйге төсеген төсеніштерін тағы да жөндеп сыпыртып, керекті ыдыс-аяқтарын, қазан саймандарын керіп және дайындаған астарын түгендеп келісті. Шай қайнатылып, ет дайындалып жатыр...
Бәрі де Көкөзек жаққа қарасып тұрды. Бәрі де Көкөзек жаққа қарап, бір-ақ ойға тігініп елегізіп, жайшылықтағыдай қалжыңды, бос сөзді қойып, Болыстық Атком кеңсесінің жанында, әр-қайсысы өзінше ішінен бір ойға шомған сияқты, тұйықтанып отырды...
Ал Байсалбай өзінің әдетінше үндемей, өзінің соңынан қалмайтын бір ойына қадалған сияқты көзін алдына, бір ноқатқа тігіп отырды. Сүйтіп, бәрі де үндеспей, тігініп отыр еді, Байсалбай мырс етіп күліп жіберді. Үндеспей отырған жұрт ақырын селк еткендей қозғалысып, Байсалбайға жалт қарасты.
— Е, неге күлдің, Байсеке?.. — деді Мияш.
«Не айтар екен» дегендей бәрі де Байсалбайдың бетіне қарасқан бойымен назарларын басқаға аудармады.
Байсалбай жымыңдап:
— Ана жылы қалаға шығып бара жатқанымызда Таласбектің сары інгенінің құйрығы шошаң-шошаң еткен!.. — деді.
Үндемей отырған жұрт ду күлді. Тек Танабай тамсанып қойды. Ал Байсалбайдың өзі ақырын жымиған бойымен тағы да алдына қарап қадалды да қалды...
Біраздан соң жетпіс-сексен кісілі атты қосын аяндап ауылға келді. Көбі ересек жігіттер. Бастығы былтыр әскермен осы ауылға келіп жараланып кететін Қырымұлы екен.
Болыстық Атком жанында отырған адамдар бастығы Атком басқарушылары болып, қосынды қарсы алып, Танабайдың үйіне әкелді. Қосын түсіп аттарын байлады... Қосын бастығы Қырымұлы атынан түсіп, қарсы алған адамдармен қол ұстасып амандасып, Мияш пен Әбділдені тани кетті.
Катар тұрған Мияш пен Әбділденің беттеріне қарап:
— Сіздерді таныдым ғой деймін! — деді.
Катар тұрған Мияш пен Әбділде де Кырымұлын тани кетті. Екеуі де иесінің алдында бұлғаңдап, жағынған аңшының итіндей қалбалақтап, шыр көбелек айнала қалды. Екеуі де арсалақтап, шапшаң қимылдап, беттері де қозғалақтап, біресе беттері ыржаңдап, біресе ентіге жүгіріп, Танабай үйінің есігін ашып, жолдастары мен Қырымұлын үйге кіргізді. Төрге жайылған киіз, кілем, көрпелердің үстіне жолдастары мен Қырымұлы отырысты. Қосын кісілерінің көбі тыста, аттарының, қасында қалды... Олардың бірсыпырасы өзенге, тал арасына барып жуынып самбырласып жүрді...
Болыстық Атком қызметкерлері күтісіп, үстел жасап дастарқан жайып, шұбар ала кеселерді, шыныаяқтарды сылдырлатып жасап, тегенелермен қымыз әкелді.
Танабай мен Атком бастығының орынбасары Әбділде екеуі екі тегенені алдарына қойғызып, ожауларын көтеріп, қымызды сапырып кеселерге құйып бере бастады.
Мияш біресе отырып, біресе түрегеліп, қонақтарды күту ісін бақылағандай жалтаңдап тұр. Болыстық Атком бастығы қонақ күтушілердің, беріле бастаған мас иісті сары қымыздың, дайындалып жатқан шайдың, асылып жатқан екі қазан еттің — бәрінін иесі жалғыз өзі сияқтанып, Қырымұлына қарап қойып отыр.
Жаңбыр жауып ашылғаннан кейінгі жұмсақ шуақ күн онша ыстық болмағанмен, әскер адамдары сусынды ішіп жатыр. Қосын адамдарының кейбіреулерінің сұрауы бойынша шайды да жасап жатыр. Қайнап тұрған самаурындарды әкеп, буларын бұрқыратып қойды. Жайылған дастарқандарға жаңа пісірген бауырсақтарды төгіп тастады. Шыныаяқтарды сылдырлатып шайды құя бастады.
Ауыл адамдары жүгіріп түгел жұмылғандай болып, тік тұрып қосынды күтіп, астарын беріп, ішкізіп-жегізіп жатқанда, ақсақ Дөнен бай ақырын шегініп, сылти басып, қасындағы жігітін ертіп Атком кеңсесінің, қасында тұрған бос қораға келді. Сол қорада тұрған аттарына мініп, Танабайдың киіз үйлерінде отырған ауылына қарай аяңдатып жүріп кетті.
Енді біраздан соң ақсақ. Дөнен қасындағы жігітімен екеуі киіз үйлі ауылдан шығып, арғы белден асып, тасаға түскен соң, аттарына қамшы басып-басып, зымыратып ала жөнелді...
Олармен ешкімнің жұмысы болған жоқ...
Ауылдағы жұрттың бәрінің назары осы Танабайдың ағаш үйінде мошап жатқан отрядта болды...
Қырымұлы көкала кесемен қымызды жұтып қойып, жымиып күліп жолдастарына қарап, былтырғы уақиғаны айтты. Былтыр күздігүні ақтарды қуып келе жатып осы елде, осы ауылда болғандығын, осы үйде терезеден атып оны қалай жарақаттағандығын Қырымұлы жолдастарына әңгіме қылып айтып отырды.
Атком бастықтары, төраға, орынбасар, хатшы үшеуі күту кызметін істеп, қымыз бен шайды бере отырып, Қырымұлына балаша ауыздарын аша, күлімдей қарап, тыңдап отыр...
Қосынның үйдегі жігіттері қымыз бен шайды ішіп, біртіндеп тысқа шығып, тыстағы аттардың қасында қалған жігіттерді біртіндеп ас ішуге жіберіп тұрды.
Сусындарын ішіп, астарын жеп болған соң қосын біраз тынықты.
Біраз тынығып, аттарын отқа қойғызып, Қырымұлы бес-алты жолдастарымен және болатком қызметкерлерімен, ауыл үстіндегі әлгі үй салуға дайындық жасап, он шақты жұмыскерлер жұмыс істеп жатқан жерді көруге барды.
Әкеп жинап, үйіп тастаған кірпіш-қыштарды, тастарды, діңгек бөренелерді, үй салынатын жерді көріп, жұмыскер қазақтармен сөйлесіп, Қырымұлы айналаға қарап тұрды.
— Ия, мәдениет ошағын орнатуға өте жақсы, өте қолайлы жер екен... Әрине, әуелі мектеп, аурухана, кішкене әптек-дәріхана, кооператив, Болыстық Атком... Сонсоң ілезде зорайып құралып, мәдениеттің бір жақсы ошағы болатын жер екен!.. — деді Қырымұлы.
Өзгелер де мақұлдап тұрды.
Қырымұлы жазықта отырған киіз үйлі ауылға қарап:
— Ауылдың киіз үйлері анау тұрғандар ма? — деді.
— Бұрынғы көшіп барып отыратын жайлауы анау адырлардан әрі еді. Биыл, мына Болыстық Атком осында кешіп келген соң әйтеуір алыс жайлауға кетпей, осы кеңсенің қасында отыр ғой, — деді Аткомның торағасы.
— А, онысы дұрыс болған! Енді ұзаққа көшкенді қойып, мәдениет ошағын жасауға тырысу керек, — деді Қырымұлы. Соны айтты да:
— Мына бандыны құртып болып, осында субботник жасап, сіздерге мықтап бір көмек істейміз! — деді.
— Дұрыс, дұрыс! Сүйту керек! — деді Қырымұлының жолдастары.
Болыстық Атком бастықтары ырзалық шыраймен жылдам-жылдам бастарын изеді. «Жақсы-жақсы,дұрыс-дұрыс!» — десті.
Қырымұлы мен жолдастары айналаға, жазықта томашадай-томашадай, күмбездей-күмбездей болып отырған киіз үйлерге қарап тұрды.
— Киіз үйлерде отырған ауылдарды барып көрейік әлі! — деді.
— Ия, ия, барып көру керек! Обязательно барып көру керек! — деді Қырымұлының жолдастары.
— Дұрыс-дұрыс! — десті ауыл адамдары, Атком қызметкерлері.
— Тіпті митингіні сонда істесек қайтеді! — деді Атком ағасы.
— Жарайды, сонда істесек істейік сонда! Тіпті жақсы! Көпшілік сонда ғой, жарайды! — деді Қырымұлы.
Бәрі де соны мақұлдасты.
Ертеңінде Болыстық Атком бастықтары мен келген отряд түгел атқа мініп киіз үйлі ауылға келді. Дайындалған қатар үш үйге қосынды түсірді. Танабайдың үлкен ақ күмбездей ақ үйіне бірнеше жолдастарымен Қырымұлын түсірді. Күн бұрын күтініп, Танабайдың, киіз үйін дайындап, төсеніш кілемдерін, тұсқа ұстаған кілем мен кестелі тұскиіздерін жайнатып, қып-қызыл шұбар қылып қойған еді. Төрде қызыл-шұбар масаты кілемдердің үстіне жайған ала жібек көрпелердің үстінде Қырымұлы жолдастарымен қазақша малдастарын құрып отыр. Олардың алдында әдемі дөңгелек үстел. Үстелге шашақты қызыл шұбар дастарқан жайған. Дастарқан үстінде қызыл ала кеселер. Шеттеңкіреп Атком бастығы мен хатшы отыр. Орынбасар Әбділде үш үйдегі қосын жігіттерін күтіп жүр. Және Танабай үйінде кейбір ауыл кісілері отыр. Қайта-қайта шығарса да болмай босаға жақта анталап бала-шаға тұр. Үй иелері — Танабай мен қатыны тегенеге құйған қымызды сапырып, қонақтарға беріп отыр. Танабайдың қызы басына күмістеген, үкілі, қызыл-шұбар топысын киіп, екі қатар етіп өрген ұзын шашын арқасына тастап, үйге бір кіріп, бір шығып жүр. Боранбек қатар үш үйге түскен қосын жігіттеріне барды. Қосынның қазақша білетіндері Боранбекпен сөйлесіп, мұң-жайын сұрастырып, қосынға жігіт боп кір деп үгіттеді. Боранбек едәуір ойланып қалып, Танабай үйіне қайта келіп, бастықтардың сөздерін тыңдап отырды. Ал Танабай қу оны енді малай қылмаған сияқты болып отырды.
Қырымұлы қымыз іше отырып, былтырғы қашқан ақтың әскерлерінің елді қалай жәбірлегендерін, халықтың оларды және қызылдарды қалай қарсы алғанын айтып отырды.
Қырымұлы Танабайға қарап:
— Бай, былтыр біз сіздің үйге қонғанда қайда едіңіз?.. — деді.
Бай азырақ сасыңкырап қалып:
Бір жұмыспен басқа бір елде едім... Алыстағы бір елге жолаушы кеткен едім!.. — деді.
Қырымұлы:
— А-а, солай ма еді!.. — деп Мияшқа қарады.
— Әлгі сондағы сұлу қыз қайда?.. — деді Қырымұлы тағы да. Мияш:
— А, ол қыз осы ауылда... Осында, әкесіңікінде! — деді.
— Оның, күйеуі қайда бұ күнде, бар ма?.. — деді.
Мияш азырақ сасыңқырап қалды. Бірақ сасыңқырағандығын білдірмеуге тырысты. Басқаға байқаусыз қылып Танабайға қарап қойып:
— Ол сол бетімен жоқ болып... Содан бері ешбір дыбыс білінбей қойды! — деді.
Танабай бүл сөзді естімеген кісіше бетін меңіреулендіріп, қымызды сапыра түсті.
Танабай мен Мияштың бет-көз құбылыстарын сезген Боранбек:
«Ой, қулар-ой!» — деді ішінен.
Байсалбай манадан бері Қырымұлының, сөзін тыңдап отырған сияқты еді.
«Ыбырай ұстаның қызының күйеуі сол былтыр кеткеннен жоқ болып кетті» дегенде Байсалбай қарап отырып мырс етіп күліп жіберді.
— Е, неге күлдіңіз? — деді Қырымұлы.
Қырымұлының сұрауын Байсалбайға қазақшалап айтты.
Байсалбай:
— Алдыңғы жылы Қара пүшпайдың үйінде бір кісенді ұстап шұқылап отырып, сұқ қолым кісеннің тесігіне кіріп кетіп қайта шықпай қойып еді! — деді күлімдеп...
Қырымұлы таңырқап күліп, тамсанып қойды...
Сүйтіп, әңгіме айтып, қымыз ішіп біраз отырысты... Біраздан соң Қырымұлы жолдастарымен тысқа шықты. Олар тысқа шығуға тұрып есікке қарай жүргенде Танабай орнынан тұрып, олардың соңынан еріп, тыстағы қызына және ошақ басында жүргендерге дауыстап:
— Әй, тыста қайсың, бар? Мына кісілерге жазым қылып ана иттер ұмтылып жүрмесін. Байқаңдар! — деді.
— Е-е, күндіз ит ешкімді қаппайды! — деді тысқа өзгеден бұрын шыққан Боранбек...
Қырымұлы жолдастарымен жерошақтағы буы шыққан қазанға қарап тұрды. Үйге сүйеніп тұрған Танабайдың қызына, қыздың алдында ошаққа көзін сүзіп, дөңкиіп жатқан екі ақ төбеттің жуан мойындарына, үлкен бастарына, түксиген қабақтарына қарап, Мияшқа:
— Ана иттер қасқыр алатын иттер ме? — деді Қырымұлы.
Мияш:
— Ия, қасқыр алатын иттер... Және қорадан түн баласында қасқырға да, ұрыға да қой бермейді. Тамаша иттер! Адамнан артық! — деді.
Қырымұлы таңырқап басын шайқады. Сүйтіп, қастарында тұрған ит иесі Танабай байға, оның жуан мойнына қарады...
Иттерді біраз соз қылып, Қырымұлы жолдастарымен ауыл сыртындағы ойпаң көгалдағы желі басында тұрған және жайылысып жүрген жылқыларға қарап тұрды. Есік алдындағы көгалда жайлап ойнап жүрген қалың топ қозыларды көріп, бәрі аяндап солардың қасына барды. Ойнап, секіріп, жердегі жібекше құлпырған жұмсақ жасыл шөпті ауыздарымен бір талдап үзіп, бастарын изеп, жалмап жеп жүрген жас қозыларды көріп, Қырымұлы жас балаларға қарағандай қарап тұрды. Бір ақ қасқа қара бұйра қозыны ұстап құшақтап маңдайынан иіскеп, басынан, арқасынан сипап, жолдастарына қарады:
— Міне, жаратылыстың бір әдемі баласы! — деді.'
Жолдастары да сүйінген, жұмсақ шыраймен қарап тұрды...
Енді біраздан соң Қырымұлы жолдастарымен Ыбырай ұстаның кішкентай қараша жыртық, үйіне келіп кірді.
Ыбырай ұстаның үйі Танабай байдың үйіндей емес. Танабай үйі әдемі қалың ақ шұғадай ақ киізден істеген, үлкен ақ күмбез. Іші сырлы, қызылды-жасылды кестелі, оюлы, сәнді, масаты қызыл-шұбар кілемдер төсеп, кілемдер ұстаған.
Ыбырай ұстаның үйі кішкентай, мыжырайған, аласа, киіздері киіз емес, ескі құрым, қырық жамаулы, шұрқ-шұрқ, жыртық-тесік, үлдіреп, іріп тозған, томашадай қараша үй. Қараша үйдің іші Танабай үйіндей қызыл-жасыл кестелі, сәнді емес, іші сыртқы көрінісіне лайық: шоқпыт, күйе басқан, арбиған ағаш кебеже, жыртық ши, жамаулы, тозған кір-кір киім, жыртық төсеніш. Кетік, жамаулы ыдыс, пұшық шәйнек. Және үйінің бір жағын алып жатқан жамаулы көрік, темір-құрыш төс, қара балға, сынық темір, жыртық қапқа толтырған кемір, тағы да осындай нәрселер. Жерошағының басында жатқан жамаулы қазан, шөмшек, қу тал және үйілген тезек.
Ыбырай ұста, қатыны, қызы Ғайни үшеуі командирлермен бірге есігінің алдына шығып тілмаш арқылы Қырымұлымен сөйлесіп тұрды.
Ғайни былтырғыдай емес, түсі өзгеріңкіреп, іші шермиген. Оның. ішінің жуандығына қарағанда, бүгін-ертең босанатын сияқты түрі де бар еді.
Қырымұлы Ыбырай ұстаның иығынан ақырын қағып, сөйлесіп тұрды және біртүрлі достық шыраймен Ғайниға:
— Ештеңе етпейді, күйеуің жоғалып кетсе, тағы да күйеу табылар, өзің әлі жап-жассың... Мектептен оқу оқысаң, білім аласың, адам боласың!.. Оқу оқуыңа жәрдем етеміз, Болыстық Атком де жәрдем етеді, оқып, еркектермен қатар қызмет істейтін боласың!.. Солай ғой, ә?.. — деп Қырымұлы қасында тұрған Болатком бастықтарына қарады.
Олар: «Әрине... әрине.. сүйтіледі ғой...», — дегендей сөздерді мыңқылдады.
Қырымұлының көзі Танабайдың көзіне түсті. Танабайдың көзінің мұз сияқтанған түріне Қырымұлы қадала қарады. Танабайдың көзін жаңа ғана анықтап көргендей болды. Байдың жуан, семіз мойнына қарап, оның екі ақ төбетінің дүрдиген жуан, жұмыр мойындарын көз алдына келтірді. Әдейі салыстырғандай, қасындағы Ыбырай ұстаның мойнына қарады. Ұстаның тамырлары адырайған көк еттері білініп, сай-сайлары қазылған, қалың терлі мойнына, жыртық, жамаулы киіміне қарады. Қырымұлы қабағын түйіңкіреп, айналып, ұстаның жерошағының басында жатқан жамаулы қазанына, қазанның қасындағы шоштитып үйген тезек түбінде бүк түсіп, бұралып жатқан, ескі жүні түбіттеніп түспеген, арық, жіңішке итіне қарады...
«Нашардың иті де нашар болады екен-ау !..» — деді ол ішінен.
Күн еңкейгенде ауыл үстінде үлкен митингі болды. Қосынмен бірге ауылдың үлкен-кіші, әйел-еркегінің бәрі де ауыл сыртына жиылды. Алқа-қотан жұрттың ортасына шығып Қырымұлы соз сөйледі. Ол кеңес үкіметінің. коммунист партиясының жұмыскер жалшы, кедейдікі екенін айтты, Үкімет пен партияның мақсатын баяндады. Байлардың еңбекші тапқа жау екенін және байлар мақсаты — жұмыскер-жалшы, малай, кедейлерді жұмысқа алып, солардың еңбегін пайдалану екенін айтты. Еңбекшілерді байлардың қандай әдістермен алдайтынын суреттеді. Байлар табын, оның үкіметін жұмыскер, жалшы, кедейлер табы құлатып, кеңес үкіметін орнатқан соң байлар табы ақ әскер жасап, кеңес үкіметінің қызыл әскерімен қалай соғысқанын суреттеді.
Былтыр сол ауылды басып өткен ақтар әскерінің істеп кеткен қылықтарын айтты. Қазақ байлары да орыс байларының ақ әскерінің тілегінде болғанын айтып, қазақ байларының «алашордашылары» орыстың ақ әскерімен бірге, еңбекші таптың қызыл әскеріне қарсы соғысқанын айтты. Қазіргі бандылар да орыс пен қазақ байларының ісі екенін айтты... Сөйтіп, Қырымұлы еңбекшілерді бандыға қарсы күреске шақырды. Еңбекші азаматтарды қызыл қосынға кіріп, бандыны құртуға аттануға шақырды. Және бірнеше кісі сөйледі. Болатком бастығы сөйледі. Жұрттың, көбіне Қырымұлының сөзі айқын айтылған сабақ сияқты болды. Ыбырай ұста мен Боранбек рухтанып көтерілді. Екеуі де сөйлеп, актардың қылықтарын айтты. Бандыны құрту керектігін, ел ішінде байларға енді жол бермеу керек екендігін айтты...
Боранбек:
— Енді, мына мен жолдас Қырымұлының қосынына кіріп, бандыны құртуға бірге аттануға ықтиярмын! Тіленемін! — деді жұдырығын түйіп.
Бірсыпыра кедейлер Боранбектің мұнысына сүйсініп, ал Танабай мен оның тілектестері қорқысып, үлкен күдіктеніп қалды.
Митингіден кейін Танабай ептеп Боранбекті тоқтатуға әртүрлі амал қылды, біреу арқылы Боранбекті қорқытып: «былтырғы Қырымұлына оқ атқандарыңды біліп қалып, жаман қылып жүрмесін» дегенді сездірді.
— Олай болса, мен шынын айтам!.. Аттырған байлар, атқан Нияз... Ол да актың әскерінің бастығы деп атқан!.. — деп Боранбек енді Қырымұлының қасынан шықпады.
Кешке Боранбек Танабайдың «Бормандай» деген мейіздей қатып жүрген бәйгі атын ұстап мініп, Қырымұлының қосынына айқындап жазылып кірді...
6
Ертеңінде Қырымұлының, қосыны бандыны іздеп шықты. Қырымұлының отрядына Сейтенұлының отряды келіп қосылды.
Оның отрядының көпшілігі казак, екен. Екі бөлек қосын қосылып, бір қосым болып келе жатты...
Күн қоңыр ала еді. Аспанда қалың, көкала, қоңыр ала бұлттар бар. Ақырын толқыған жел бірде басылып, бірде толқып жасыл шөптердің бастарын ақырын ғана ырғайды...
Қызғалдақты, сарғалдақты жасыл ала жібек шөппен бүркенген кен даланы басып өтіп, қосын бір жасыл ала бұйраттарға, шоқы, төбешіктерге кірді. Нұра өзеніне құятын көп уақ өзендердің біріне келді. Өзеннің жағалары, көк-жасыл құрақтары, жағаларындағы, ойпаңдарындағы уақ қарасулар, көкорай шалғындар, ұшқан үйректер көрінеді. Біраздан соң өзен бойында жайылған, су ішкен қалың табын малдар кездесті. Малшылар таңырқасып қарасып қалды. Анадай отырған киіз үйлі ауылдар көрінді.
Қырымұлы мен Сейтенұлы біріккен қосынның алдында оқшау аяндап келе жатты. Қырымұлының астында қазақы сұлу қылаң ат, Сейтенұлының астында мейіздей қатқан тор қасқа ат. Екеуінің аттары да, киіктің текелеріндей әдемі, жеңіл шіреп аяңдайды. Бастарын ақырын шұлғып, мойындарын иілтіп қойып, тізгіндерін тырсылдатып, ілгері ұмтыла басады...
Байдың «Бормандай атын» шұлғытып, беліне қылыш асынып, қосын ішінде Боранбек те келеді.
Екі күннен бері баршыда жүрген кісілер келіп, ақырғы хабарларын берді:
— Банды жақын арадағы бір ауылдан жаңа ғана аттанды!.. — десті.
Екі бастық қосынға бұйрық беріп, бәрі желе-шоқыта жөнелді. Баршылар шауып, алдында жүріп отырды. Екі жақта тебелер, бұйраттар қалып барады... Аттар тершіді... Тағы да кең далаға шықты. Көгерген шоқыларға келді. Шоқылардың алдындағы саяз сулы, қара сулы өзен жағасына кірпіштен салынған, қазақтың әдемі, сұлу, биік шошақ молаларына келді. Одан өтіп, шоқылардың сыртындағы жазыққа қараған жақтағы қорған-обалардың ар жағындағы өзеннің бір бұрмасында отырған ауылды көрді. Ауылдың малдары көп жерлерді алып, бырдай болып жайылып жатты.
Қырымұлы мен Сейтенұлының алдында келе жатқан баршы екі жігіт аттарының бастарын тартып, мойындарын бұрып бірдеме деді.
Қырымұлы мен Сейтенұлы кейін қарап, қолдарын көтеріп ымдады. Шоқытып келе жатқан қосын аттарының бастарын тартып аяңдатты. Екі бастық: «Тоқтаңдар!» — деп бұйырды.
Қырымұлы мен Сейтенұлы сөйлесіп, қосынды сол араға тастап, желіп таяу тұрған кішкене шоқыға шықты.
Екеуі шоқының үстінде тұрып дүрбімен қарады... Тез шоқыдан түсіп жүгіртіп қосынға келді. Қосынды екіге бөлді. Бірін Қырымұлы, екіншісін Сейтенұлы бастады. Бұйрат белестердің, қорған шоқылардың тасасымен, өзек сайлармен екі бөлек қосын екі жақты айнала жүрді... Екі бөлінген қосынның басы, құйрығы әр жерден қараң етіп қылтылдап көрініп қалып, жүгіртіп кетіп бара жатты.
Қызыл қосынды банды да күтіп түр еді.
Терең сайдың жарына келіп бекініп, банды да аттарынан түсіп, тез жаяулаған еді. Аттарын жардың ішіне қойып, олар жардың қабағына шығып қарады.
Отар мен Миша Губин жарлы сайдың жағасындағы қорған-төмпешіктің. екі жағындағы қырдың тасасына бандысын қанат жайғандай катар тізіп жатқызып қойып, өздері қорған-төмпешіктің басына еңбектеп шығып, қорған-төмпешіктің тастарының тасасында дүрбімен қарап жатты. Миша Губин дүрбімен қарап жатқанда, Отар кейін қарап қолымен ымдап, бандысына бұйрық қылды. Банды қанатша жазылған бойымен еңкендеп жүгіріп, қорған-шоқының екі жағындағы қырының үстіне еңбектеп шығып, тізілген бойымен тастарды паналап жата-жата қалды.
Миша Губин бұққан бойымен тізіліп бұғып жатқан бандыға қарады. Қолымен ымдап бұйрық қылды.
— Ат! — деді.
Банды атып-атып жіберді.
— Бір-бірден көздеп ат, асықпай дәлдеп ат! — деп Миша Губин дауыстап бұйрық қылды. Шаңқылдатып біртіндеп атты...
Қырымұлы бастап келе жатқан қызыл отрядтың бір-екі адамы аттарынан ұшып түсті...
— Аттан түсіп жаяу еңбектеп ат!.. — деген Қырымұлының да дауысы шаңқ ете қалды.
Тез секіріп аттарынан түсіп, қызыл отряд жүгіріп жата-жата қалып еңбектеді. Бұлар да ата бастады... Бұлардың аттарының қасындағылары аттарды жалма-жан бір бүйір ойға қарай алып қашты.
Бандының бастықтары Отар мен Губин өздерінің алған тұрғыларының қолайлы екенін және қызылдардың аңдаусызда қолайсыз жерде еңбектеп келе жатқанын көріп, көздері шатынап, тістене қуанысты.
Екі жақ, та бір-бірден атысып жатыр. Қырымұлының отрядының жөне бір-екеуіне оқ тиді...
— Өте жақсы!.. Бек жақсы!.. деді бандының екі бастығы бір-біріне.
Отар бандысының оң жақтағы қанатына қарап, оның ар жағындағы едәуір жердегі обашықтан ербеңдеген бірдемені көре қалды. Сасып Губинге айтты. Екеуі алақтасып асығып, қолдарымен ымдап, бандыларына бұйрық қылып, өздері кейін ойға қарай жорғалай жөнелді. Екі бастықтың ымдаған бұйрықтарымен екі жақтарында тізіліп жатқан бандылардың бәрі де кейін ойға қарай жыланша жорғалай қашты. Ойға түскен соң тұра сала еңкеңдеп жүгірісіп, аттары тұрған жарлы сайдың басына келді.
Сол екі арада Сейтенұлының, отряды сай-саймен қараңдап таянып келіп қалды.
— Тоқта!.. Осы арада ананы бір-бір атып тоқтатып, жарға түсіңдер! — деді Губин мен Отар.
Банды анандай қылтылдап келе жатқан Сейтенұлының отрядына қарай бір-бір атып, жарлы сайға түсті. Жүгіріп келіп аттарына мінісіп ала жөнелді...
Сейтенұлының отряды оң жақтан құйғытып, қашқан бандыға ат қойды. Сейтенұлы мейіздей қатқан торы қасқа атынын, маңдайын жарқылдатып, қылышын жалтылдатып, зымыратып отрядының алдында келе жатты.
Құйынша құйғытып қаша жөнелген банды да ат үстінен бұрылып, артындағы қуғыншыға оқ атып бара жатты. Қуып бара жатқан Сейтенұлының отряды да зымырап шапқан ат үстінен қашып бара жатқан бандыны атқылап, дүрсілдетіп келе жатты.
Банды бұйраттарға, шоқыларға қарай бұрыла қашты...
Ол екі арада Қырымұлының отряды да аттарына мініп, Сейтенұлының отрядының соңынан зымыратып келіп қалды.
Сейтенұлының отряды атқылап, бандыға тым таянып қалды. Боранбек «Бормандай» атпен жұлдызша ағызып, қылышын ыңғайсыздау ұстап, Қырымұлының отрядынан озып, Сейтенұлының отрядына келіп араласты... Банды берекесі кетіп, кей жерде оқ тиген адам мен атын қалдырып, қашқан аңша жосып берді. Бір жерде прапорщик Губиннің аты сүрініп, бір аяғын ақсатып алды. Ақсаған аты шаба алмай Губин алақтап, қуғыншыларды наганмен атып келе жатты. Кешікпей оның өзі де оққа ұшты. Прапорщик Губин оқ тиіп аттан ұшып түскенде, оның астындағы шалқұйрық, шабдар аты ақсаңдап, оқыранып, шылбырын сүйретіп барып тұрды...
Шалқасынан түсіп жатқан Губин Мишаның қасына «Бормаңдай» атты зымыратып Боранбек пен және бір-екі жігіт жетіп келді.
— Мылтығын маған беріңдер!.. Ағатайлар, мылтығын маған әперіңдер!.. — деді Боранбек «Бормандай» аттың басымен алысып. Үшеуі прапоршиктің наганын таба алмай алақтап жерге қарады. Шалқасынан құлап өліп жатқан Губинге Боранбектің көзі түсіп, жүрегі су ете қалды.
— Ей, мынау кім?.. — деп аттың басын бұрып алды.
— Тоқтама, тоқтама!.. Жүр-жүр! — деп ана екеуі Боранбекті тоқтатпай ілестіріп, шапқан қосынмен бірге тағы да зымыратты...
Қосын бандыны қуып болып кайтып, бандының өлгендерін көріп, қалталарын ақтарып, документ қағаздарын іздегенде, Боранбек прапорщик Губинді анықтап таныды.
Бұл қызыл отрядқа, әсіресе Қырымұлына өте керекті уақиға болды.
Боранбек енді Қырымұлына былтырғы уақиғаның бәрін бастан-аяқ баяндады. Губиндердің былтыр Танабай үйінде жатып қашқанын да, Танабайдың оларды неше күн қонақ қылып, ақырында бірге қашып, шығарып салғанын да түгел айтты...
Содан кейін, Қырымұлы тез Нұра бойындағы болыстың орталығына түнделетіп келіп, сол келген бетінде Болаткомдегі орынбасар Әбділде мен хатшысы Мияшты, Танабайды және бір-екі кісіні тұтқындап, конвоймен қалаға тиісті орнына жіберді...
Ертеңінде жиылыс-мейрам, субботник өткізілді...
Күн жылы ашық еді. Күннің көктен құйылған алтын шұғыласы жасыл ала жібек жамылған сұлу жерді маужыратып нұрға шомған. Нұра бойының жасыл жапыраққа оранған, самсаған сымдай, өрімдей сұлу қалың талдары да, өзеннің екі жағындағы қалың көкорай шалғындары да, мейрам күнін күйлегендей, бір-біріне күй қосуда еді. Жаздың көк мия, жасыл гүлдерінің, балбырап шаңқиған қызғалдақтарының, жасыл жапырақтарының жұпар иісіне қоштанып жан-жануар шаттануда еді. Жасыл жапырақтары желбіреген көк талдардың арасында, бұтақтан бұтаққа қонып, бірін-бірі қуалап ойнап, сыпылдап ұшқан көкектердің сұңқылдаған дауыстары; көк бұйра талдарға, қызыл бұйра тобылғыларға ұялаған, аспанда шырқап, жарқылдап, қалықтап ұшқан тұрымтайлардың саңқылдаған дауыстары; қалың. тал, қалың бұталардың араларында жасырынып ойнап, мың құбылтып сайраған сандуғаштардың күміс табаққа сорғалатып құйған алтын бұршақ дыбысындай жырлары; көкорай шалғындарды аралап, гүлден-гүлге қонып, гүлдердің балын, гүлдердің жұпарын жинаған аралардың ызындаған әдемі күйі және басқа неше түрлі жаз иелерінің сан алуан сұлу үндері, әсем әндері қосылып, Нұра бойын жаздың шаттық күйіне толтырған күні еді.
Қырымұлы мен Сейтенұлының қосылған отряды түгел жиналған. Ауылдың барлық адамдары және маңайдағы ауылдардың уәкілдері де жиналған еді. Бәрінің жиналып тұрған жері — әлгі Болатком кеңсесінің жанындағы бос жерге салынайын деп жатқан жаңа үйдің орны, сол үйді салмаққа керекті заттарын дайындап жатқан жұмыскерлер де сол жерде, сол көпшілікпен бірге еді. Жиналған жұрт тойға келген сияқты... Әсемдеп шерткен домбыраның күйі, шырқаған сұлу ән естіледі.
Митингіні Болатком торағасы биікке шығып, айқайлап ашып, сөзді Сейтенұлына, сонсоң Қырымұлына берді. Сейтенұлы биікке шыққанда, айнала тұрған жұрт шулаған, самбырлаған сөздерін қойды. Домбыра мен әндер тына қалды...
Сейтенұлы айқайлап сөйледі.
Қырымұлының сөзін де Сейтенұлы қазақшаға аударды.
Екеуі биікке шығып тұрып, жұртқа банды туралы, байлардың жаулығы туралы бірсыпыра баяндай келіп, ақырында мынадай екшенді соз сөйледі:
«...Сонымен, жолдастар, азаматтар!.. Кейінгі сөздің екшендісі сол. Біз бүл мейрамды қалың енбекші қазақ елінің автономия мейрамы деп мейрамдап отырмыз!.. Біздің бүкіл кеңестік социалистік республикасының Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлар кеңесі жолдас Лениннің қолы қойылған декретпен қалың қазақ еліне автономиялы кеңестік социалистік республикасы берілгендігін жариялады... Міне, біз бүгін сол қуаныш күнді мейрамдап, бүгін осы араға мәдениет ошағының негізін саламыз!.. Бүл мәдениет ошағы бұл болыста болашақ қазақ қаласының негізі болады! Мұндай қалалар, мұндай мәдениет ошақтары қазақ елінің жерлерінде коп болмақ!..» — десті.
Жиналып тыңдап тұрған жұрт қуанып, шаттанып алақандарын шапалақтасты. Айқайласты.
Манағы домбыра шертіп отырған әнші шырқап, екпіндетіп ән салып қоя берді. Жұрт ән мен өлеңді тыңдап, ырзалы шыраймен күлімдесіп отырды.
Екі-үш ауыз ән салғаннан кейін, ішінде Ыбырай ұста бар, бірнеше кісі мінбеге шығысып, сөз сөйледі.
Қырымұлы мен Сейтенұлы достық-қуаныш шыраймен қарасып, Атком бастығы мен бір-екі жолдастарына бастарын изеп бірдеңе деп, қолдарымен біреуді «келтір!» дегенді ымдады.
Мінбе тұрған ортаға Ғайниді және бала көтерген Ғайнидің шешесін ертіп алып келді. Айнала отырған жұрт қарай қалды. Ғайни ұялып тартынып-қысылып, әрең келгендей, аяғын баяу басып келді.
Қырымұлы кемпірдің қолынан құндақтаған жас баланы алып, мінбеге шықты:
— Міне, жас нәресте, ер бала!.. Туғанына бір жұмадай ғана болған. Туған анасы адал ниетті ұста Ыбырай жолдастың жүректі, жақсы қызы! Бүгін, қазір бүл нәресте балаға жаңа заманның жаңа салтымен есім береміз!.. Кәне, кім қандай есімді лайық көреді, айтсын, мына көптің алдында!.. Кәне, осы отырған бәріңіз де ойлаңыздар, айтыңыздар! — деді Қырымұлы.
«Қырымов!», «Совет!», «Кеңес!», «Төңкеріс!», «Автономия!» деген есімдерді жұрт, топтың әр жерінен шуласып, күлісіп, самбырласып ұсынды.
Қырымұлы баланы ыңғайсыздау қозғап, әйел сияқты болғансып, ақырын тербетіп шайқаған сияқты, ырғалып тұрып:
Тұра тұрыңыздар!.. Тұра тұрыңыздар!.. Мен өзім де ұсыныс қыламын: Сейтенов! «Автономияны» қазақша қандай дыбыспен айтады?.. Немесе оның қазақшасы қандай болады?.. — деді Қырымұлы күлімдеп.
Сейтенұлы:
— Қазақтар «Автоном»дейді!.. Ал қазақшаға аударғанда«Өзі еркі» болады! — деді.
Қырымұлы:
— Өз еркін?.. Ну, тамаша, жақсы... Ендеше, мұның есімі Өз еркің болсын. Ал ендеше, Сейтенов! Дауысқа қой, кімде-кім осы есімді дұрыс десе, қолын көтерсін! — деп, Қырымұлы баланы құшақтап, күліп тұрды.
Сейтенұлы:
— Ал,бері қараңыздар!..Ғайнидің ұлының есімі Өз еркің болсын дегендеріңіз қолдарыңызды көтеріңіздер!.. — деді.
Айнала отырған жұрт жапырлап қолдарын көтерді.
Сейтенұлы мінбеден айнала қарап тұрып:
— Ал түсіріңіздер қолдарыңызды!.. Ал кімде-кім олай болмасын десе, қолын көтерсін!.. — деді. Оған ешкім қол көтерген жоқ.
Сейтенұлы:
— Қарсы көтерген қол жоқ!.. Сонымен, баланың есімі Өз еркің болды!.. — деді.
Жұрт ойнап, шуласып жатыр. Қырымүлы баланы қайтадан Ғайнидің шешесіне берді... Қырымұлы мен Сейтенұлы және олардың кейбір жолдастары Ғайнидің қолын ұстап құттықтап, «құтты болсын» айтысты. Ыбырайдың, да қолын ұстап құттықтасты...
Қосын жігіттерінің бірі Ғайниға бірнеше метр мата кездеме берді...
Жұрт шуласып, самбырласып отырды.
Қырымұлы мен Сейтенұлы мінбеге шықты да, отырған жұртқа айқайлап субботниктің мән-жайын айтып, енді қазір сол субботникке жұмылуға бұйырды.
Жұрт енді дабырласып жұмыла іске кірісті.
Лезде, салынбақ үйдің сызылған жоспары бойынша негізін — табанын қаласты.
Және онымен катар, сол арадағы көгал ойпаңда күнбұрын түзу сызылған жоспар бойынша қазылған шұңқырларға даярланып келтіріліп қойылған жас шыбықтарды қатарлап отырғызды.
Лезде субботник жұмысы бітті...
Кешке Қырымұлы мен Сейтенұлы ауыл жалшылары мен кедейлерін шақырып қосынның, партия ұясының басқарушыларымен қосын мәжіліс жасап, Болыстық Аткомға орынбасар қылып Ыбырай ұстаны кіргізді. Уақытша хатшылыққа және партия ұясын ұйыстыруға қосыннан Сәттер деген жігітті тағайындады... Оған Fайниді хат танытып үйретіп, әйелдер арасында іс істеуге баулуға және Ыбырайдың, шала сауатын толықтыруға тапсырды...
7
Шалғырт тартқан, кең қиырсыз дала... Жаздың орта кезі. Отар мен Нияз сол суы тапшы қиырсыз даламен келе жатыр. Екеуінің, беті — құбыла күнбатыс. Мұнда ел жоқ. Ел түгіл, бір қара-құра тірі жан да көрінбейді.
Аспан сұрғылттау. Бұлтты. Оңтүстік жақтан толқи ескен қоңыр жел екеуінің аттарының құйрықтарын ақырын солтүстікке қарай тарамдап бұрады. Екеуі алыс жолға кетіп бара жатқан адамдар сияқты, асықпай жай аяндап кетіп барады.
Аспандағы сұрғылт бұлттардың жер мен көктің шендескен тұсында ыдыраңқыраған жерінен батуға еңкейген қызыл күннің шеті жалтырап, қызыл нұрларын шашырата көрінді.
Қиырсыз кең дала айнала қарағанда теп-тегіс, жап-жазық болып көрінгенмен, кей жерде белес, кей жерде ойпаң, да кез келеді.
Нияз бен Отар аяндап, жазық кең даламен, кішкене белестен-белеске асып кете барды...
Бірте-бірте күн батып, қиырсыз дала караңғыланып, екі атты кісіні кештің қараңғы көлеңкесі бірте-бірте жасырып, бұлдыратып, көрсетпей жұтып қойғандай, жоқ қылды...
Күншығыс жақ біртіндеп бозарып, жалтырап таң атып келеді. Шошайып бір кішірек шоқы көрінеді. Обалы қорған сияқты. Жалтырап атып келе жатқан таңның ақ шапағы біріндеп қиырсыз жансыз даланы жартық қылды.
Айнала дала, далада жалғыз шошақ қорған шоқы, тірі жан жоқ, тек қана екі ат жайылып жүр. Екеуінің де аяқтары мықтап тұсалған, шідерленген. Екі аттың екеуі де арыған, жүдеген...
Қасында осы екі ат жайылып жүрген әлгі жалғыз шоқының түбінде, бір ойпаңда бірнеше түп тобылғы өскен. Сол тобылғының түбінде кір-кір киімдеріне оранып, астарына тоқымдарын төсеп, бастарына ерлерін жастап, қатарласып, бір-біріне тығылып, екі кісі жатыр. Екі кісінің бірі қозғалып басын көтерді. Ұйқылы көзімен айналаға, жайылып жүрген аттарға, жарқырап атқан таңға қарады. Сүйтіп, қасындағы жолдасын оятты.
Жолдасы да басын көтеріп, азырақ ұйқысырап, шошыңқыраған кісіше, үрейлеу түрмен қарағандай болды.
Бұл екеуінің біріншісі — Нияз, екіншісі — Отар еді.
Екеуі тұрды. Айналаға көз жіберіп, екеуі де еңкейіп, ер-тоқымдарын жерден жинап көтеріп алды. Нияздың ерінің артында қанжығасына байланған бақыр мен қапшығы салақтап көрінді. Және екеуі де тоқымдарының астына басып жатқан винтовкаларын жерден көтерісіп алып, аттарына қарсы жүрді.
Екеуі келіп аттарын ұстап, аттарының аяқтарын босатып, ерттеп мініп, жүріп кетті...
Түс кезінде екеуі бір төбешіктердің түбінен бір жамандау су тапты. Кішкентай бұлақ сымақ құдық.
Екеуінің де аттары өзеуреп, шыдамсызданып суға бастарын қойып, құлақтарын қайшылай жұтты... Әздері де аттарынан түсе-түсе қалып, аттарымен таласқандай, суға бастарын қойып, көмейлерін дүрсілдете жұтты. Суға қанып, аттарына, өздерінің де көздері шырадай жанды. Аттарының аяқтарын бекітіп судың қасына отқа қойып, екеуі сол арадан судың басындағы көгал шөптердің араларынан бірдеме іздей бастады. Іздегендері шөптің тамыры сияқты тамақ болатын. Кейбір шөптердің түбін қазып, тамырларын жұлып алып, тазалап ауыздарына салып, шайнап жеп көріп, түкіріп тастап жүрді.
Отар өте қатты шыдамсызданып, қолымен қатты-қатты қарнын уқалап, жерге жата қалып аунақшып, жиырылып, тыпырлап, іші ауырып өлейін деп жатқан кісіше, бетін ащы түрмен тыржыңдатты.
Нияз айналаға қарап тұрып, қастарында жайылып жүрген аттарына қырындап келе жатқан екі-үш қасқырды көрді.
— Ойбай, қасқырды қара! — деді Нияз.
Отар да ұшып тұра келді... Екеуі де мылтықтарын ұстай-ұстай алды. Бірақ атуға оқтары жоқ еді!
— Әттеген-ай, құдай-ай, оғы құрғыр да жоқ болды-ау!.. — деді Отар назаланып.
Қасқырлар бұлардан қорықпай, тіпті таянып келіп, аш көздерімен бұларға сұқтанып қарап тұрды.
Нияз бен Отар жүгіре барып аттарын ұстап, аяқтарын босатып, ауыздықтарын салып, мініп жүріп кетті.
Бір төмпешке шығып айналаға дүрбімен қарап, ештеңе көре алмай, күнбатыс құбылаға қарай тағы да жүріп кетті. Бұлардың соңынан сүмеңдеп қасқырлар да жүріп отырды...
Кешке жақын екеуі бір едәуір үлкен төбеге шықты. Екеуі де аң көрген аш бүркітше қозғалып, көздері шатынасып, дүрбімен қадала қарады, едәуір жерде көшпелі елдің шетке шығып отырған ауылдары мен сол ауылдардың малдары көрінді. Түйе, жылқы, қой топтары көрінді. Екеуі төбеден түсіп төбенің таса түбіне аттарының аяқтарын бекітіп отқа қойды, сүйтіп өздері төбенің басына қайтадан жаяу шығып, аш көздерін едәуір жердегі ауылға, малға тігіп, жер ыңғайларын шенеп отырды.
Бұлар отырған төбемен катар екінші төбеге үш қасқыр да шығып, аш көздерін ауылдар мен малдарға тігіп, өңкиіп ауыздарынан сілекейі ағып қарап тұрды...
Лезде кеш батты, ымырт жабылды.
Нияз бен Отар аттарына мініп. көздерін қадап ауыл жаққа қарай жүрді.
Үш қасқыр да бүгжеңдеп жортып, ауылдарға қарай тұмсықтарымен әуені иіскелей жөнелді...
Ертеңінде, аппақ болып таң атып, жер жүзі жарқырап кершген кезде олар ала-бертіп, «олжалы» болып келе жатты. Нияздың алдында өңгерген бір семіз қой сереңдеп, Отардың жетегінде пысылдап, екі еркеші баладай, бір қара түйе келе жатты.
Ертеңінде, үш қасқыр да «олжалы» болып, бүйірлері делдие тойып,тайраңдап келе жатты. Үшеуінің де тұмсықтары, алдыңғы аяқтары, омыраулары қан-қан. Үшеуінің де ауыздарында тістеген еті, терісі жырымдалған қойдың қолының, санының жіліктері келе жатты...
Отар мен Нияз бір сусыз өзеннің бойындағы казактың ескі молаларына келді. Жағалап су іздеді. Іздеп жүріп, бір кішкентай көзі бітелген, каңбақ басқан бұлақ тауып, екеуі қатты қуанды.
Аттарын бір-біріне айқастырып бекітіп, бұлақ басына байлап қойды. Түйенің аяғын берік қып тұсап, мұрындығынан бір тырбақ бұтаға байлап қойды. Қойды жығып аяқтарын буып, құбылаға қаратып Нияз бауыздады... Жалма-жан асыға қимылдап сойды...
Енді бір сағатта от жағып, бақырға ет асып отырды.
Етті бақыр үстінен-ақ, бір қайнатып алып жеп отырды...
Қалған етті, Нияздың қанжығасында бөктерулі жүрген қапты алып, қапқа салып, қайтадан бөктеріп алды. Сүйтіп тез аттарына мініп түйені жетектеп алып, жүріп кетті... Сүйтіп олар бірнеше күн ылғи елсіз жапан даламен, елсіз құлазыған жондармен жүріп, ақырында Қазақстанның кең, қиырсыз шөлейт даласының ортасындағы Қарсақпай зауытына келді...
Күн батуға еңкейген кезде, олар бір едәуір биік тас обаның басында айналаға көз жіберіп дүрбімен қарап тұрды.
Алыста киіз үйлі ауылдар көрінеді. Кең далада, жазық жондарда, қара ноқаттар сияқтанып, қарайған малдар көрінді. Анда-санда қыбырлаған, жүрген адамдар да көзге түсті. Және сол жақтағы едәуір жердегі бір талпақтау төбелерден асып жатқан бір едәуір үлкен қара жолдын үзіндісі де керінді.
Екеуі тас обаның басында аттарынан түсті. Отар өзінің үстіндегі ескірген, жыртылған сыртқы шапанын шешіп алып, алдына жерге жайды. Қонышынан бір жапырақ қойдың құйрық майын алып, өзінің карабинін жылдамдатып майлай бастады.
Нияз да өз винтовкасын сүртіп майлауға кірісті. Майлап болған соң екеуі мылтықтарын Отардың жаман шапанына орап, жіппен мықтап буылдықтап байлады. Екеуі сөйлесіп жан-жаққа көз жіберіп, жерді белгілегендей әр төбеге қарап, қолдарымен бір-біріне көрсетіп, буған мылтықтарын қорған тастарының бір қуысына тықты.
Сонсоң аттарына мініп, көз ұшында болар-болмас көрінген елге қарай жүріп кетті.
Екеуі бет алдарындағы екінші бұйраттың биігіне шығып қарағанда, әлгі отырған киіз үйлердің аржағында тұрған машиналардың пеш мойындары көкке сорайып, Қарсақпай зауыты көрінді...
8
ҚАРСАҚПАЙДА.
АЙЫРЫЛЫСҚАН ЖОЛ АУЗЫНДА
Кеш... Қарсақпай зауыты.
Қарсақпай зауытында бас геологтың жәрдемшісі болып Ахмет Оразбекұлы істейтін еді.
Отар мен Нияз сол өздерінің ашыналары — геолог Ахметтің пәтерінде жатты.
Ахметтің пәтері — кәдімгі дала зауытының аласарақ үйіндегі екі-үш бөлмелі жасаусыз ғана пәтер болатын.
Күндегідей бір кеште көгілдір шынылы ондық лампаның жарығымен үшеуі отыр. Бірақ бүгін Отар жүрмек, сондықтан Ахметтің. домбырасын Нияз шертіп ән салып отыр. Әні, өлеңі Нияздың өз шығармасы, — әлгі, 1919 жылы Ахмет пен Отарларға Танабай үйінде айтқан өлеңі.
Нияз өлеңін, әнін алғаш шығарып айтқандай, барлық жан сезімін жұмсап, ой-қиялын аспанға шырқатып, көк мұқитына шалқытып айтып берді. Оның ақырын түйіліп жазылған қас пен қабағы, қаракер көзі айнадай жалтырап, кейде нәзік мұнарланып жасаурап, кейде тұнжырап терең ойға батып, кейде гауһарша жалтылдап от шашып, жан күйінің толқынын көрсетіп отырды.
Олардың есіне сағымша сапылдап өткен күндер — Танабай ауылы түсіп отырды. Танабайдың семіз қазы мен қартасы, арақ-шараптары, құмар қылатын иісі аңқыған сары қымыз, қонақтарын күтіп жүрген Танабайдың қызы мен қатыны қиялдарына келді.
Ал Нияздың қиялына ұзын ерген қап-қара шашты, дөп-дөңгелек мөлдір қара көзді Ғайни келіп, кез алдына көк шыбықша бұралып кетпеді...
— Шіркін, Танабай үйінің қазысы мен қартасы, сары қымызы еске түсті-ау!.. Кең жайлау... Алқаракер өртенді өpic... Томарлы су, ұзын аққан өзен. Қамыстары судыраған мөлдір сулы, үйрек, қаздары қаңқылдаған, мойындары құрықтай аққулары маңқиып сыңқылдаған шалқар көл... Көлді айнала отырған ылғи ақ ауылды елдер... Көк шалғынға тіккен кестелі, сырлы ақ ауылды, ақ үйлер. Көкке төселген қызыл ала шашақты жібек кілемдер, кілем үстінде жібек көрпе, оның үстінде отырып ішкен сары қымыз, жеген бағлан еті!.. Шіркін-ай!.. — деді Отар көкейі кесілгендей.
— Ештеңе етпес, қайғырмаңдар!.. Көрерміз әлі, алдымызда талай күндер бар, әлі талай күресерміз, күрескенде енді басқа тәсілдермен күресерміз, сөйтіп ақырында өзіміздікін өзіміз қайтарып алармыз!.. — деді Ахмет қайраттанып.
Ахмет ішінен өзінің бұл қайраттанған сөзіне ырза болып қозғалып, сол жағына мойнын бұрып қарап қойды.
Үшеуі өлеңін қойып, сөйлесіп түрегелгенде Отар Ахметпен, Ниязбен тағы да қош айтысып, қолдарын ұстасты...
Отар жүріп кеткеннен кейін Ниязды Ахмет зауытқа жұмысқа кіргізді.
Нияз слесарь-ұсталық; мастерскойының бір цехында істейтін болды.
Нияз өзінің білетін, сүйетін жұмысына кірген соң және керекті жақсы аспаптар қолына түскен соң, іске беріле істейтін болды.
Мастерскойда үлкен көліктер гу-гу етеді. Пеш қуысына, көрік аузына үйіп салған көмірлер қып-қызыл болып жайнайды. Қайнаған қызуы бетті шарпып күйдіре жалайды. Шоктағы сом темірлер қып-қызыл болып балқып, ақшыл тартып ұшқын атады. Ұзын сапты қысқашпен бір жұмыскер бала жігіт шоқта жатып қып-қызыл болып шыжыған темірді қысып алып, ұшқын аттырып үлкен құрыш төске салады. Нияз құрыш балғамен шыжыған темірді дүрсілдете ұрып, илеген нанша созғылап, жұмырлап, қырлап керекті формаға, керекті түрге салады. Темірді темірмен илейді. Темірді темірмен кеседі Нияз...
Пул іс те Ниязды қанағаттандырмады. Нияз сұранып жүріп машина бөліміне шықты.
Қарсақпай зауыты бір кішкене бұйраттың өзекшесінде. Әзектің солтүстік жақ беткейі биікше шоқы. Сол биікше шоқының үстінде Қарсақпайдың машина құрған зауыты бар. Ал төменгі өзекшеде зауыттың қызметкерлері тұратын үйлері, мекемелері бар.
Зауыттың өзі, машина құрған жері әлгі биікше шоқының үстінде. Шоқының үстінде машиналардың ұзын пеш мойындары көкке созылып, қою түтіндерді аспанға будақтатады. Машиналар гүрсілдеп, жаңа жегілген мың пар аттарша тулайды. Гүрсілдеген машиналардың темір дөңгелектері сартылдап, жүгіріп айналып зырылдайды. Машинаның айқыш-ұйқыш қайыс тартпалары жыланша оралып, сусылдап жүгіреді. Сол машиналардың ортасында бір машинаның тұтқасын ұстаған Нияз машинаны басқылап, тізгіндеп тұрады. Сүйтіп, Нияз күн санап өсіп, күн санап ілгерілеп, машинаны меңгере берді.
Біраздан соң Нияз үлкендерге ашылған кешкі мектепке оқуға түсті. Оқуды да жан-тәнімен сүйіп оқыды. Әсіресе есеп ғылымын сүйіп оқитын болды. Оқу Ниязды онан сайын өсірді. Оның іші-сырты бірдей есіп, қалыптана бастады. Нияз жұмыскерлердің кезіне түсіп, ауызға ілікті. Оны жолдас жұмыскерлері жақсы көретін болды...
Күндердің бірінде Ниязды завком шақырды.
«Сені завком шақырады!» дегенде Нияз, неге шақыратынын айтпаған соң сәл елендеңкіреп қалды.
«А, мені неге шақырады екен?» — деді ішінен.
Неге шақырғанын білгісі келген сайын Нияздың күдіктенуі көбейе берді.
Завкомға келе жатқанда Нияздың күдігі уайымға айналды.
«А, бұл неге шақырады?..» — деді ішінен күдіктеніп, уайымдап.
— А, Нияз!.. Келдің бе? — деді завком, Нияз үйге кіріп, оның үстелінің жанына келгенде.
— Ия, келдім, — деді Нияз басыңқы дауыспен.
— Нияз, сенің оқығың келе ме Мәскеуге барып? — деді завком. — Сен өзің жарамды зерек баласы ң, оқысаң адам болар едің.
Нияздың қаракер көзінің оттары жалтылдап ойнады.
— Оқығым келеді... Бірақ қалайша?.. Қашан?.. Қандай оқу? — деді Нияз.
— Қалайша болушы еді!.. Оқығың келсе жібереміз, барасың да оқуға түсесің! Барғың келсе күні бүгіннен бастап жібереміз! Бізге, міне, қағаз келіп отыр, «жұмыскерлерден екі жас жігітті Мәскеуге «Рабфакқа оқуға жібер» деген, — деді завком.
— «Рабфак?..» Не оқытады онда?.. Не болады?.. — деді Нияз.
— Не оқытушы еді... Бәрін де оқытады!. Рабфактан оқып шыққан соң, шырағым, не болам десең, — сол боласың!.. Рабфактан жоғары оқу жоқ!.. Одан оқып шықсаң, болғың келсе директор, басқарушы, партком, комиссар, командир, ревтрибунал, — кім болам десең де, бола бересің!.. Рабфак деген оқу, шырағым, қазір сондай болған!.. — деді завком.
Ниязға қарап:
— Немене барасың ба? — деді завком тағы да. Нияз азырақ көңілі толқып, ойын бекіте алмай:
— Жақсы, ақылдасайын! — деді.
Завком:
— Кіммен ақылдасасың? — деді.
— Жай... ертең келіп айтармын! — деп Нияз қозғалып, есікке қарай бұрылды.
Завком аңырайыңқырап қарап отырды. Нияз ойланып, бұрылып шығып кетті. Завком Нияздың артынан қарап, ақырын басын шайқады:
— А, қандай жарамды, зерек жігіт, оқуға баруға ақылдаспақ болады... ә? — деді завком тамсанып.
Нияз геологтың орынбасары Ахметке келді, Ахметке завкомның сөздерін айтты. Ахмет біраз ойланып тұрып, қатаң, үнмен:
— Бар!.. — деді.
Нияз қуанды.
Бір-екі күннен соң Нияз Мәскеуге, рабфакқа жүруге жиналды.
Завком бастығы оған документ жазып отырды. Оның, алдында, үстелге мінбелей түрегеп Нияз тұрды.
Завком Ниязға:
— Сенің әкеңнің есімі қалай еді? — деді. Нияз азырақ сасқалақтап:
— Жантемір!.. Жантемір!.. — деді.
Завком:
— Жарайды, «Нияз Жантемірұлы» болып жазылады ғой!..
— Солай!
Завком қағазды жазып, мөрін басып, Ниязға берді. Нияз қағазды алып, қол ұстасып қош айтысып шықты.
Нияз енді жүруге жиналып болып, кіші геолог Ахметпен қоштасып тұрды. Ахмет пысықтап ақыл айтып:
— ...Қазіргі уақытта алуға мүмкіндігі бар нәрсенің бәрін ала беру керек! Барлығын пайдалану керек!.. Бірақ әлгі менің айтқандарымның бәрін ешуақытта есіңнен шығарма? Әрқашан есінде болсын: жұрт не десе, о десін, қашан да жау — жау болады, қандасың — бауырың болады!.. Ал енді, жолың болсын! Хатты жиі жазып түр. Әлгі менің айтқанымды ұмытпа! Қош!.. — деді жігерленіп.
Екеуі қатты қол алысты. Нияз бұрылып, түйіншегін алып жөнелді. Өзінің айтқан қайратты сөздеріне, жігерлі үніне Ахмет тағы да сүйсініп, басын қисайта көтеріп, ойланып тұрды.
Өзіндей бір жас жігітпен Нияз Мәскеуге жөнелді...
9
ТӨҢКЕРІС ІСІ
Сүйтіп, екі-үш жыл өтті. Жыл мезгілдері оз қалпында дөңгеленіп, айналып өтіп жатыр. Бірақ заман көріністері, тұрмыс салттары біртіндеп өзгеруде. Міне, тағы да жаз. Нұра өзенінің бойы. Танабай ауылы. Танабай ауылында едәуір өзгеріс болған. 1920 жылы қаланған негізіргелердің үстінде қазір әжептәуір үйлер тұр. Ол үйлер: мектеп, аурухана, дәріхана, Болыстық Атком кеңсесі. Олардың алдында тағы да екі-үш шикі қыштан салынған үйлер тұр. Олар: кооператив және сондайлар.
Барлық жаңа салынған үйлердің маңдайларында жазулы темір тақталар орнатулы тұр. Кооперативтің, жанында ауыл шаруашылығының машиналары. Болыстық Аткомның алдындағы атбайларда байлаулы аттар түр. Аттылы-жаяу қазақтар да жүр. Ауыл үстінде, ауыл маңында қара-құра да, қыбырлаған жан да көбейіңкіреген. 1920 жылы ауыл қасына отырғызған жіңішке көк өрім шыбықтар да содан бергі екі-үш жылдың ішінде едәуір бойлап өсіп, бау-ағаш болып қалған... Міне, сол бау-ағаштардың қасынан үш жасар ұлы — Өз еркіңді жетелеп Ғайни өтті. Ғайнидің көрінісі де өзгерген. Киімдері ықшам — қалаша. Ғайни баласын жетелеп мектепке келіп, мектеп есігінің тақтай сатысын тықылдата басып, ішке кіріп кетті...
Мектептегі татар қызы мұғалима мен Ғайни Болком партия мен Болатком жанында әйелдерді ұйымдастырушы болып істейді...
Міне, мектепте мұғалима бір топ ересек балаларға есеп үйретіп тұр. Тік тұрған үлкен есепшот. Мұғалима есепшоттың қасында әр түрлі есепті шотқа қағып көрсетіп тұр. Ересек балалар есеп-шотқа қарап, есепті дәптерлеріне жазып отыр. Балалардың шетінде Ғайни да отырып, мұғалиманың жанында отырған үш жасар ұлы да мұғалиманың қаққан есебіне тесіле қарап отырды.
Ал Болыстық атқару комитетке төраға Ыбырай ұста еді. Хатшы — Балкен деген жаңа жігіт еді.
Аткомның төргі бөлмесінде екеуі бір қағазды қарап отыр. Ыбырай ұста мүлде өзгерген. Үсті-басы тазарған. Киімі бүтінделіп, өзі өңейген. Екеуінің үстіне Танабай кірді. Танабай бұрынғысындай емес — ұяң. Қалтасынан налог қағазын алып, мал саны артық жазылыпты деп көрсетіп, көзімен ақырын арбап тұрды.
Ыбырай қағазға қарап:
— Бұл коп мал емес қой, онан да налогыңды тезірек салсаңшы! — деді.
— Жоқ, мына заңға жатпайтын жас малдарды ірі мал қылып жазғанын айтам... Әйтпесе, «төлей бер» десеңдер, төлей береміз ғой! — деді Танабай.
— Төлей берсейші! — деді Ыбырай. Танабай бұрылып, аяндап шығып кетті.
— Ай, осы шамалы налогты да төлегісі келмейді-ау! — деді Ыбырай басын шайқап.
Хатшы Балкен езу тартып күлді.
10
Нияз Мәскеу барып, рабфакқа кіріп оқи берді.
Ол күн санап оқудың сатысына өрлеп, бар күшін, бар қайратын тек оқуға ғана жұмсады.
Ол оқу кітабын қолынан тастамай, рабфактың, биік үйінің биік тік сатысымен өрімдей жас жігіттермен бірге күн сайын жоғары өрлей берді.
Білім алып, ой жүйесі кеңуімен бірге оның сырт қияпаты да жыл санап өзгере берді.
Рабфакты бітірген жігіттерді шығарып салған үлкен жиылыста Нияз мақтау алып бітіргендердің қатарында болды. Рабфакты бітіріп ол Жер кенінің институтына көшті.
Нияз енді қалың, кітаптарды қабаттап ұстап, оқу үйінің бұрынғыдан да биік мәрмәр тас сатысымен күн сайын жоғары өрлей берді. өрлей берді.
11
Тағы екі-үш жылда Нияз кен институтын бітіруге айналды. Ол күн сайын кабинетте кен зерттейтін, кен қазатын сайман, аспаптардың тетіктерін үйреніп, дамыл алмады. Лабораторияда жер кендерінің неше түрлерін қарап тексеріп, олардың айыруын үйреніп, тыным таппады.
Бір демалыс күні бірсыпыра оқушылар институттың да отырды. Нияз бір оқушы қызбен газет оқып отырды. Газеттегі: «Қазақстанда ірі байлардың — жарым феодалдардың малдарын, мүліктерін конфискелеу туралы» хабарды оқып отырды.
Оқушы қыз Ниязға жолдастық-достық шыраймен қарап отырды. Газеттегі хабарды оқып отырып, Нияздың есіне Танабай түсті. Танабайдың топ-топ малдары, табын жылқылары, қоралы қойлары есіне түсті.
Танабайдың ауылы, Ғайни есіне түсті... 1919 жылғы алғаш Ғайнимен сүйіскені есіне түсті... Жаз күні... Ауыл... Өзеннің бойы... Жасыл жапырақты қалың талдардың арасы. Жапырақтары ақырын ғана қозғалып, анда-санда көк өрім талдар бір-біріне бастарын иіп, сыбырласып қояды. Өзеннің суы көкпеңбек, мөп-мөлдір. Ақырын иреңдеп, шымырлап ағады. Өзеннің уақ майда, меруерт құмды, саяз жайқынында ойнаған балықтар. Көк жапырақ жамылған, сұлу сымдай талдардың, араларында жасырынбақ ойнағандай, бұтақтан-бұтаққа ұшып-қонып, екі-екіден сұңқылдап, өзен бойын жаңғыртып, жырлап ойнаған көкектер. Өзеннің суатында жалдап, шұрқырасып су ішіп, судың көк иірім тереңінде сырылдап жүзген жылқылар... Солардың қасында, талдардың жапырақтарының арасында жасырынған Ғайни мен Нияз. Екеуі бірін-бірі сүйген... Ғайни...
— Не ойланып қалдың, батыр жігіт? — деді Ниязға қасындағы оқушы қыз ойнап.
Нияз есі кіргендей, қозғалып қызға қарап:
— Әй, Маруся-ай!.. Сен түсінбедің ғой, қазір мен туып-өскен жер, қиырсыз кен, дала, таулы салаларды сондай көргім келеді, сен оған түсінбейсің ғой!.. — деді.
— Е, неге түсінбейін, мен де өзімнің туған Украинамды тамаша жақсы керем!.. Несі бар! Енді кешікпей институтты бітіреміз. Бұрын патшаның айдауымен біздің Шевченко жер ауыл барған Қазақстанға енді мен өзім тіленіп бірге барып, әдемі кең далалары мен қиырсыз шұбалған тауларыңды аралап, оның қымбат байлықтарын мемлекетке тауып беремін. Сонсоң, біздің Украинаға да барып, оның өлшеусіз қызықты жерлерін аралармыз! — деді оқушы қыз.
Нияз қызға шаттана қарап:
— Сүйтіп, барамыз ғой? — деді.
— Әкел қолыңды!
Екеуі шаттанған зор үмітті шынымен бір-бірінің қолдарын қысты...
12
Күздің, басы. 1928 жыл.
Танабай ауылы — аудан орталығы.
Орталық ауылда бұрынғы салынған бес-алты жаңа үйден басқа тағы да бірнеше үйлер салынған.
Бүгін аудан орталығының қыбыры жайшылықтан гөрі шапшаңырақ. Жиналып отырған топ-топ жұрт. Бүгін ауданда ірі байларды конфискелеп, ал, аудан орталығында, бұрынғы оз ауылында Танабайды конфискелемек болып жатыр.
Күн бұлт, салқындау...
Танабайдың қойы мен жылқысын топырлатып, дүсірлетіп ауыл үстіне айдап әкеп иірді. Жиналған жұрт ереуілдесіп түрегеп, малдардың қасына келіп тұрды. Кейбір кедейлер лепіре қимылдап жүр.
Округтен келген уәкіл мен Аупарткомнен партком, атком бастықтары шықты. Іштерінде Ыбырай мен Ғайни бар. Олармен бірге бірсыпыра кедейлер, жалшылар шықты. Ғайнидің денесі бұрынғыдан өскен. Толыңқырап, қатайыңқырап, беті ашаң тарып, шырайы суыңқыраған сияқты. Киімді мүлде қалаша киінген.
Ыбырай әлі Атком торағасы, райком партия хатшысы — жаңа адам. Округтен келген уәкіл — Боранбек. Оның қолында сары былғары дорба. Үстінде сұр киім. Ол соңғы жылдарда оқып, биыл округте қызметте...
Бәрі Танабайдың үйіне келді. Танабайдың қысқы ағаш үйі де тігулі түр еді. Үйінде Танабайдың өзі мен қатыны ғана отырған болатын. Бастықтар кіріп келгенде бай мен бәйбіше түрегеп тұрды.
— Кәне, бай, енді бізге мына үй мүліктеріңізді корсетіңіз! — деді райком хатшысы.
— Көрсететін не бар дейсіз, жолдас!.. Қазақта не мүлік болады, аяғымен жүрген малдан басқа!.. Бар «мүлік» деген мүлік — осы үйдегі жинаулы тұрған да. Ана әбдірелер... Мына Ыбырай да, ана округтен келіп тұрған Боранбек те біледі... Өздеріңіз көріп, лайық дегендерін ала беріңіздер, міне кілттері, — деп Танабай ілулі тұрған бір кілтті алып, Аупартком хатшысының қолына берді...
Танабайдың үй мүліктерін талқандап ақтарып қаттады. Жаратқан нәрселерін бірыңғай шығарып алды.
Бәрі тысқа шығып, жиналған кедейлердің ортасына митинг ашты. Округ уәкілі топқа соз сөйлеп, конфискенің мәнісін баяндады. Бай табы мен кедей табының күрес түрлерін суреттеді. Өзінің Танабайға қалай жалшы болып, одан қалай адам қатарына кіріп, оқып, енді мұндай болғанын айтты. Кедейлерді енді бұрынғыдан да мықтырақ күреске шақырды. Кедейлер сүйсініп шуласып, мақұлдап сөздер сөйледі...
Сөйтіп, үш-төрт сағатта Танабай конфискеленіп бітті...
Біраздан соң қолдарына ұзын шыбық алған не ұзын құрық алған салт атты кісілер, хан талағандай ғып, екіден-үштен үйір-үйірімен, бөлек-бөлек қып, Танабайдың жылқылары мен қойларын дүсірлетіп, шапқылатып қуаласып жүрді...
Танабай мен бәйбішесін жер аударды.
13
НИЯЗ ГЕОЛОГ
Жаз мезгілі. Түс кезі. Күн ыстық.
Көгерген кең даланы, көлбеген жондарды көктей өтіп, шұбалған, жыланша иреңдеген қара жол. Қара жолмен жалғыз автомобиль асыға дүрсілдеп, шаңын бұрқыратып зымырап келеді. Айналада қыбырлаған жан жоқ. Тек көсілген кең дала, көлбеген жондар, кей жерлерде шоқылар көрінеді. Автомобильде отырған екі адамның бірінің қаракер көзі сол жерлерге телміре қарайды... Танып келе жатқандай қарайды.
Зымырап келе жатқан автомобильдің жөнінде теп-тегіс жапан далада көгеріп, найзадай болып шошайып, бір жалғыз шоқы көрінді. Шұбалған, иреңдеген қара жол сол шоқыға қарай созылып асып жатыр.
Автомобиль қара жолдың тозаңын құйын соққандай будақтатып, көкке ұшырып, зымырай жүйткіп әлгі жалғыз шоқыға лезде жетіп келіп қалды.
Найзадай шошақ, әдемі шұбар ала тасты, жалғыз шоқының түбіне үш шатыр тігіп, жер бұрғылап, кен іздеген бір қос адам жұмыс істеп жатыр еді.
Автомобиль зымырап келген бойымен қара жолдан бұрылып, жайырақ жүріп, жұмыс істеп жатқандардың қасына тоқтады. Шаң-шаң болып автомобильден екі кісі шыға келді. Оның бірі — кен білімпазы, геолог, жасы отыздар шамасындағы қазақ жігіті еді. Бүл — геолог Нияз Жантемірұлы болатын.
Екеуі үсті-бастарын қағынып, беттерін сипалап, жер бұрғылап жатқандармен амандасты.
Сөйлесіп, істеліп жатқан жұмыстарды, бұрғыланған жерден шыққан топырақ, тас заттарын көріп, бірсыпырасын орамалға түйіп алып, енді қалай бұрғылау тәсілін айтып, Нияз қасындағы жолдасы және екі-үш кісімен бірге шатырларға келді. Шатырға келіп сөйлесіп, шай қайнаттырып ішіп, тынығып, кешкі салқынмен іске кірісті.
Сол арада бірнеше күн жатып, әр жерді бұрғылап, ақырында Нияз бір бұрғылаған жерден түсі дәме қылдыратын бір тастардың сынықтарын тауып, орамалына орап шатырына алып келді. Шатырда жалғыз отырып әлгі тас сынықтарын зерттеді. Қасында жаюлы жер картасы және бір қағаздар жатыр. Тас заттарын зерттей отырып, бір уақытта оның қуанған көздері шарасынан шығып кете жаздады. Тез ойланып, бір мықты тоқтамға келгендей бет шырайын суытып басын изеп қойып, тысқа шығып, шопырды шақырды.
— Жүремін, автомобильді дайында! — деді ол келген шопырға.
Кайта шатырға кіріп, кен тастарын орамалға мықтап түйіп былғары дорбаға салып, алдындағы жаюлы жер картасын қарындашпен бір белгілер соғып және бір қағазға тағы да бір белгі тартып, оларды да жинап бүктеп портфеліне салып, аузын бекітіп, киіне бастады.
Қарсақпай зауыты. Зауыттың, үйлері бұрынғысынан көбейген... Жаңа үйлер салынған.
Күн кешкірген мезгіл.
Жаңа салынған үйлердің біріне шаңданған бір автомобиль келіп тоқтады. Автомобильден түсе қалып, былғары дорбасы мен портфелін алып, бір қолымен үсті-басының шаңын тез-тез қағып, Нияз жүгіре басып үйге кірді.
Ауыз үйде қызметкер әйелмен амандасып:
— Геннадий Петрович үйде ме? — деді ол.
— Үйге кіріңіз! — деді қызметкер әйел.
Геннадий Петрович Семенов — ескі таныс, қазір Қарсақпайда бас геолог болып істейтін. Ол Ниязды күтіп отырғандай қуанып қарсы алды.
— А-а, жоғары шық!.. Жоғары шық!.. Ден сау!.. Шешін, мен шай қойдырайын! — деп Семенов ауыз үйіне шығып, қызметкер әйеліне «шай қой, тамақ даярла» деп бұйырып келді.
— Ал, қалай, не жаңалығың бар?.. — деді Семенов бірдеме күткендей.
Былғары дорбасы мен портфелін бұрыштағы үстелге қойып, шешініп болған Нияз көңілді түрмен:
— Жаңалық сол, алтын тауып келдім! — деді Семеновқа.
Семенов қылт еткен тышқан көрген мысықша, көзін тігіп селк еткендей жұла қимылдап Нияздың қасына жетіп келді:
— А?..
Семеновтың өңі, қимылы, үні, шырайы бәрі біртүрлі болып өзгере кеткеніне Нияз сәл ыңғайсызданып, енді не деуге ойланыңқырап үндей алмай қалды.
Семенов біртүрлі жасырын шыраймен, көзін Ниязға ежірейтіңкіреп, қолымен ымдап, «ауыз үйде жүрген қызметкер әйел естіп қалмасын» дегендей есік жақты көрсетті. Ниязға Семеновтың ымы енді «алтын деп дыбыстап айтпа!» дегендей болды.
Семенов ұры қияпатына түсіп, шапшаң жымпылдап есікті бекітіп келіп, Нияздың қасына жабыса отырып, сыбырлап сұрады:
— Қайдан?
Нияз Семеновтың ымына, үніне бағынған сияқтанып, мұғліміне жауап берген шәкіртше:
— Шұбар тасты деген жерден! — деді. Нияз былғары дорбасының ішіндегі орамалға түйген кен тастарын алып көрсетті...
Екеуі отырып енді алтын кенін зерттеуге кірісті...
15
Сол жылдарда Қазақстан басшыларының түрлі істердегі қателіктерін кеңес үкіметінің жаулары — арам құлықты жемқор-қулар, қара басынын пайдасы үшін момын елді жылатқан сұмдар пайдаланып, елді бүлдіре бастаған кезі еді... Міне, сол кездегі бұзықтардың көп істерінің бірі мынадай еді.
Үш өтірік «белсенді» бір ауылға барып, қотанның шетіне жұртты жинап жиылыс ашты. Еркек, әйел, бала-шағалар қотанның шетінде жиналып отырды. Үш өтірік белсенді «жиылыс жүргізіп» отыр. Бірі тұрып сөз сөйлеп түр.
— Енді, қазір ескі-құсқы жинауға бұйрықты орындау керек!.. Түсіндіңдер ме?.. Әр үй екі пұт сүйек жинап беруге міндетті. Жаман ескі киіз, құрым-ысырма беруге, бір пардан ескі резеңке калош жинап беруге міндетті!.. Түсіндіңдер ме?.. Ал кімде-кім... кімде-кім мұны орындамаса, контр болып саналады. Ондайларға тиісті шаралар қолданылады!.. Түсіндіңдер ме?..
Отырған жұрттың бірі тұрып:
— Жолдас, бұл қалай болар екен, бүл айтқаныңыздың өзі? Үй басына екі пұт сүйек таба алмасақ, бір жақтан сатып аламыз ба, қайтеміз?.. Ондай сүйек сататын жерді бізге айтып берсеңіз жақсы болар еді?.. — деді.
— Ия, ия!.. Дұрыс-дұрыс! Соны айтыңызшы? Соны айтыңызшы? — десті жұрттың бірсыпырасы.
Өтірік «белсенді» шамданған сияқты ызғарланды:
— Ондай қисық сөзді қойыңыз! Қайдан тапсаңыздар, одан табыңыздар! Бұйрық болды — орындайсыздар! Әйтпесе өздеріңіз білесіздер ғой не болатынын!
— Ал резеңке калош таба алмағанымыз қайтеміз?.. Осы отырғандардың, көбі туғалы резеңке кимегендер, ал бұлар қайдан табады ескі резеңкені? — деді тағы да біреу.
Ол сөзге де болмады үш жалған белсенді...
Ертеңінде, осы үш өтірік белсенді үш атты сабылтып, басқа көзге төпелеп, дүрсілдетіп аудан орталығына келді.
Үшеуінің аттары моншақтаған ащы терге шомып, танауларын делдите дем алып, ілгерілі-кейінді изендеп, ентігіп тұрды...
. Кооперативтің жанындағы үлкен киіз үйден ыңылдаған сепаратордың күйі естіледі. Киіз үйдің іші май сасиды. Үй ішінде орнатылған үлкен сепаратор жүріп тұр. Іргелерінде үлкен бөшкелер, бетондар жиналған. Сепараторды екі қатын кезек-кезек айналдырып, бір шүмегінен қаймақ, бір шүмегінен қаймағын айырған шалап сүт ағызып түр. Үйдің ішінде шелектеп сүт әкелген қатындар. Қатындар сүттерін кезегімен сепараторға құйып өткізіп, алып кетіп жатыр. Бір жас жігіт әр әйелдің әкелген сүтінің, мөлшерін қолындағы дәптеріне қарындашпен жазып тұр. Әйелдердің көбі жазып тұрған жас жігітпен жазылатын сүтінің мөлшеріне таласып, дауыстарын қатты-қатты шығарып ұрсысып қалады.
Үйге салпы ауыз Әбділде кірді. Бұл сүт, май жұмысын басқаратын енді сол екені көрінді. Үйге кірген салпы ауыз Әбділденің тұрпаты қанға тойып тайтаңдаған байдың төбетінің тұрпаты сияқты.
Бір әйел салпы ауыз Әбділдеге үй ішіне сүт жетпейді деп мұңын айта бастады. Әбділде қабағын түйіп алды. Және екі-үш қатын жамырасып сол сияқты арызын айтты.
— Бір сөзді қайта-қайта айта беретіндерің не осы? — деді Әбділде арс еткен төбетше.
Үйге әлгі үш өтірік «белсенді» кірді. Әбділде олармен жампаңдасып қалды. Әйелдер тағы да қыңқылдап, үй іштеріне сүт жетпейтінін шағып тұр. Әбділде қатындарға:
— Не қыл дейсіндер маған, сендердің сиырларыңды сүтсіз қылған мен бе?.. Балаларына сүт жетпесе, мен бейнеуат па? «Заготовканы» кім толтырады, сендер сүт бермесеңдер!? — деді қаһарлана ақырып.
Сол секундте сүт үйіне Ғайни кіріп келді. Бәрі соған қараса қалды. Қатындардың Ғайниді көргенде бет шырайлары қайраттанып кетті. Салпы ауыз Әбділде мен үш жалған «белсендіні» іздеп келгендей Ғайни соларға төне қарады.
— Мұнда тұр екенсіңдер... Қатындардың сүтін мөлшерден артық алып, майын өзіңіз пайдаланғандығыңыз үшін сіз енді орныңыздан алынып, жауапқа тартылатын болдыңыз, — деді ол Әбділдеге.
Әбділденің құты қашып қалтырап кетті. Қатындар дуылдасып жамырасып, қуана сөйлеп, Ғайнидің естірткен сөзіне ырза болып, Әбділдені балағаттап табалады, Әбділде қалтырақтап Ғайниға «нақақтығын» айтты.
Енді Ғайни үш жалған белсенділерге қарады:
— Шырақтарым, сендердің де науқанда үкіметке дұшпандық істеп жүргендеріңді райком мен ауатком естіп, сендерді де жауапқа тартуға тапсырып жатыр, — деді.
Ол үшеуінің де құттары қаша қалды...
Біраздан соң Әбділде өз үйінде әлгі үш өтірік белсенділермен үйме табақ семіз етті орталарына алып, қасқырша жеп-ішіп отырды. Бір майлы жамбасты «белсендінің» бірі табақтан алып, аналарға қарап:
— Осындай болсын заготовка! — деді күліп.
Бәрі етті жалмандай шайнап, қарқылдап күлісті...
Сол кезде олардың үстіне милиция бастығы кіріп келді. Отырғандар үрпиісе қалды.
— Әбділде, сіз тұтқынға алынасыз... Сіздерден де жауап аламыз, — деді милиция начальнигі. Енді төртеуінің де құттары қашты.
16
Қарсақпай зауытында, Ахметтің пәтерінде: Ахмет, Отар, Семенов, Нияз төртеуі қызу-қызу кеңесіп отыр. Төртеуінің алдында, үстел үстінде алтын кеннің сынған тастары жатыр:
— Жоқ, бұл нағыз зиянкестік болады!.. Білдіру керек те, мұны қазып шығара бастаудың даярлығына кірісу керек!.. Біздің міндетіміз сүйту!.. — деді Нияз қыза сөйлеп.
Өзгелері Нияздың бүл сөзіне ашуланып ұрсып, түс-тұстан оған дүрсе қоя берді.
— Сен, есалаң кісіше сөйлейсің ғой!.. Кім үшін, не үшін ынталанып отырсың?! — деді Отар.
— Жоқ, Нияз, біздің міндетіміз айту емес, біздің міндетіміз — бұл кенді болашақтағы жақсы күндерге сақтау!.. — деді Геннадий Семенов.
— Бұл да өзінің «белсенділігін», кеңес үкіметіне «шын тілектес» екендігін көрсеткісі келеді! — деді Ахмет кекетіп.
— Ия, ия! Бүл кеңес үкіметі үшін ынталанып отыр! Кеңесшіл болайын деген екен! — деді Отар.
— Е, болса қайтеді?... Қазір Кеңес Одағы сияқты көп жерді билеп отырған үлкен елдің шаруашылық негізі өзгертіліп жатыр. Шаруашылық бұрынғы ескі соқыр соқпағынан қазір машиналанған жаңа жолға салынып, машина жасайтын үлкен өнер дүкендері құрылып жатыр... Сол өзгеріп, жаңаланып жатқан елдің бірі — Қазақстан, — дей беріп еді Нияз.
— Сен, нағыз агитпроптың өзі болған екенсің! Ұмытқан екенсің қызылдардың алғаш казак аулына келген күні кімдерге тиіп, кімдерді қорлағанын! — деді Отар, Нияз сөзіне үлкен реніш білдіріп, ашу шақырып.
Сол кезде біреу есік қақты. Көршінің әйелі Лена екен. Сөз бөлінді. Үйде отырғандар жым-жырт бола қалды.
17
1932-ЖЫЛ
Қараңғы түн, Ахметтің пәтері. Есік ішінен бекітілген. Ахмет пен Отар алаңдап, ұрыларша жымып күйбеңдеп, шүберекпен екі винтовка, бір наганды сүртіп отыр. Ораған патрондарды алып қарайды. Семенов қозғалақтап, үстел үстіне жайған бір қағазды қарап отыр.
Біреу есікті тық еткізіп, тырнап қалғандай болды. Ахмет селк етіп, көз шарасы үлкейіңкіреп, есікке қарады. Оның көзінен азырақ қорыққандық көрінді. Оның артықша үрейленіп есікке селк етіп қарай қалғаны өзгелерді де еріксіз есікке каратты. Бір нәрсе азырақ сыбдыр етіп, бірдеме еденге сылдыр ете түскендей болды...
Ахмет көзін үлкенірек ашып:
— Адам! Тыңдап түр! — деді.
Оның бұл сөзді тұншыққан сыбырмен айтқандығы өзгелерді де азырақ үрейлендірді. Енді бәрі де тыңдай қалды. Бәрі де есік жаққа қарап, қорқыңқыраған шыраймен тыңдай қалғанда Ахметті үлкен үрей билеп әкетті. Ахмет пен Отар мылтықтары мен оқтарын тез тыға қойды.
— Есікті ашып қарау керек! — деді Отар сыбырлап.
— Ия, ия! Қарау керек! — деді өзгелері де сыбырлап.
— Бар, сен — үй иесісің ғой, есікті ептеп барып аш та қара! — деді Отар Ахметке.
Ахмет барып есікті ашуға қорықты. Бәрі де Ахметті жұмсады. Ахмет бармады. Отар тұрып Ахметті есікке қарай итермелеп: «бар, бар!..» — деді, бірақ Ахмет Отардың итермелегеніне болмай, тырмысып бармады. Отар ашуланып, Ахметті күшпен сүйретіп есікке алып барып, есікті тез ашып жіберді. Отар есікті жылдам ашып жібергенде, ар жағынан бір мысық секіріп үйге кірді. Барлығының көздері бадырайып кетті. Отар тез есіктен шығып, ар жағын қарап, ештеңе таба алмай үйге кайта кіріп, күліп, есікті ішінен бекітті. Барлығы да күлді. Тек Ахмет қана азырақ ұяла жымиып түрегеп тұрды.
Отырып, манағыдай тағы да өз жұмыстарына кірісті. Тағы да шүберекпен мылтық тазалап, үстел үстіне қағазын жайып қарап отырды. Бірақ бұларды тағы да елеңдетті.
Біреу ақырын терезені қақты. Үйде отырғандардың бәрі де селк ете түсті. Енді шын қорқып бәрі бір-біріне қарасты.
Терезені біреу тағы да қақты... Енді олар мылтықтары мен оқтарын тез тыға-тыға қойды. Семенов жазып қарап отырған қағазын жасырды. Терезенің, қалың пердесінің бір жақ шетін сырып қараған Ахмет бір бөтен адам мен терезенің түбінде тұрған Ниязды тани кетті...
Есікті ашты. Нияз үйге кіріп амандасып, қасына ертіп келген әйелмен үйдегілерді таныстырды.
— Сізге келген геолог Маруся, менімен бірге оқыған еді... Жаңа ғана келіп түсіпті, — деді Нияз. Үйде отырғандар Марусямен амандасып, сөйлесіп отырды...
Қарсақпайда, геолог Ахметтің пәтерінде: Ахмет, Геннадий Семенов, Отар үшеуі кеңесуде еді. Отар біртүрлі жайсызданып сандалып, ерсілі-қарсылы жылдам басып жүр. Отардың қолында газет. Түрі бұзылып, ені қашып, кейпі бітіп біртүрлі кейіген. Анау екеуінің де кейпі онша көңілді көрінбейді.
Отар тұра қалып, Ахмет пен Семеновке:
— Моментпен пайдалана алмадық!.. Моментпен пайдалана алмадық!.. Өткізіп алдық!.. Өткізіп алдық!.. ЬІлғи шегіншектей бердік!.. Енді бәрі быт-шыт болды!.. Енді ештеңе де болмайды!.. — деді.
Соны айтып:
— А-ай! — деп бір қолында тұрған газетті екінші қолымен салып қалды.
Ахмет пен Семенов те көңілсіз ойда отырған бойларымен Отардың сөзін мақұлдаған сияқтанып отырды...
18
Алматы қаласы. Жаңбыр жауып күн шайдай ашылған. Әуе тұп-тұнық, тап-таза, жібектей жұмсақ. Көктегі күн жер үстін алтын нұрға қарық қылып тұр. Қаланы, даланы, қала сыртындағы ұзыннан жатқан, төбесі карлы Алатауды, қаланың түп-түзу кең, ұзын көшелеріндегі тізіліп. кекке созылған, кек жапырақтарға бөленген биік ағаштарды көктегі күн алтын нұрына шомылдырып, жалтыратып алтындаған. Зеңгір аспанда, биікте қақтаған бедерлі күмістей, әредік жұқа бұлттар қалқиды. Алатаудың көрінісі тамаша: бірсыпыра бұлт таудың басына ұйлығып, ақ шалмаша, таудың белуарынан иықтарына дейін оралып түр.
Құбыладан күншығысқа қарай созылып, биіктері қасқырдың азуларындай азуланған Алатаудың көкке созылған бастары, қар басқан шындары, ақ сәлделерінің шеттері жазылып, саябырлап, белдеріне, иықтарына оралған, көкжасыл шапанды қожаларша, көкке қарап түр...
Ұзынша бойлы, қара мұртты, қарасұр қазақ бүгін күні бойы Алматының қасиеттеріне, оның көркіне тоя алмай ылғи қарануда еді. Үстінде сарғылт жібек көйлек, басында сүр қалпақ, қолында сары былғары портфелі бар ол, Федерация паркының тау жақ бұрыш кезінде, казак театрының маңдайына қарсы түр. Ол енді ен айналаға, қалаға, көшелерге, тауға қараудан тоймайтын сияқтанып тұр. Міне, ол сонау бастарын ақ кар басқан, иықтарына ақ торғын бұлттар оралған Алатауға, Алматының түп-түзу, кеп-кең көшелеріне қарады. Көшелерінің екі жағында қаз-қатар тізіліп, желбіреген қалың жасыл жапырақтарға оранып, көкке бойлаған биік зәулім ағаштарына қарады, сол қаз-қатар тізілген ағаштардың түптерімен көше-көшенің екі жағында сылдырап, бұралып аққан арықтардың суларына, алтын нұрын Алматыға алаботен мол төккен көктегі алтын күнге қарады.
Сүйтіп, ол жұмсақ әуеге денесін құштырып қарап тұрды.
Бұл — геолог Нияз еді.
Оның қасынан бір-екі казак жазушылары өтті. Оның біреуі Айназар деген жазушы Қарсақпайға келгенде Ниязбен танысқан еді, амандасып өтті.
— Қарап тұрсың ба?.. Ылғи далалы жерлерде жүріп келген соң Алматының көркіне тоя алмай тұрсың-ау, ә? — деді Айназар аяғын тоқтай басып.
— Әр жердің қасиеті өзінше ғой... — деді Нияз күліп.
— А-а, рас, сен көбінесе жердің астына, тасы мен топырағына қарайсың ғой... Шөккен түйедей бір алтын тапсаң екен!.. — деді Айназар жазушы күліп жүре беріп.
Жазушылар өтіп кеткен соң Нияздың қасынан бір топ казак студенттері күлісіп, самбырласып сөйлесіп өтті. Ниязға қарсы қарап тұрған казак театрынан бірнеше қазақ әртістері шығып, жаттаған пьесаларынан ыңырсып ән салысып, Нияздың қасынан өтті. Ұзын шашты әртіс қыздың көзі Нияздың көзімен қарсы атысқан садақтың оғындай қадалысты. Нияздың бет шырайы бұзылмай, алтын кеніне қарағандай қадала қарады... Қазақтың атты полктері — бірнеше жігіт атпен өтті.
Балалар үйінде тәрбиеленген бір түсті киінген бір топ баланы екі тәрбиеші, бірі алдында, екіншісі артында, тізіліп-шұбалтып алып келе жатты. Балалар ақырын қосылып, өлең айтып келе жатыр. Енді, бұларды көргенде Нияздың барлық назары осыларда болды. Тізбектеліп, қаз балапанындай шұбалып, ақырын қосылып, өлең айтып келе жатқан балаларға қарап, Нияз жылы шыраймен күліп тұрды. Балалар Ниязға тіпті қолы жететіндей, таянып өте бастады. Танымайтын ағаның жылы шыраймен күле қарап тұрғаның көріп, балалар да оған ауыздарын ашып, күлісіп өтіп жатты. Кей балалар өте бергенде, Ниязға бұрылып қарап бара жатты. Сүйтіп, балалар шұбалып қасынан өтіп жатқанда көшенің ортасымен бір автомобиль келіп бұрышқа тоқтады. Балаларға назары ауған Нияз автомобильді байқамады. Шопыр автомобильді бақыртып Ниязды өзіне қаратып, келгенін корсетті. Есін жиып алғандай жылдам қозғалып автомобильге кетіп бара жатып, Нияз балаларға қарап күліп, «қош» айтқандай қолын көтеріп, қолының ұшын ебелектетті. Оған балалар да күлісіп, «қош» айтқандай олар да қолдарын көтеріп, ебелектетіп, бұрылып қарай-қарай кетті...
Нияз автомобильге отырып келе жатып көтерілген көңілін баса алмай жан-жағына қарана берді.
19
Қарсақпай зауыты. Зауыт үйлерінің ортасындағы алаң жерде жиналған жұрт. Митинг. Митингідегі жұрттың көпшілігі жұмыскерлер.
Күн еңкейіңкіреген, бірақ ыстықтау.
Шоқынын үстіндегі күрсілдеген зауыт машиналарының ұзын мойындарынан қою, қара түтін будақтайды.
Жиналып анталаған жұрттың ортасында, мінбеде Мирзоян сөз сөйлеп түр. Айнала иін тіресіп тыңдап тұрған жұрттың ішінде Семенов, Ахмет, Отар, Маруся, Нияз — бесеуі де бар.
Жұрт сөздің әр жерінде ду етіп көңілденіп, қолдарын шапалақтап қояды.
«...Мекендерінен көшіп кеткендер қазір жиналып жатыр, — деді Мирзоян, — оларға азық-түлік және басқа да жәрдемдер беріліп, өздері не мемлекет кәсіпорындарына, не колхозға орналастырылып жатыр. Панасыз балалар жиналып, олар үшін босатылған үйлерге орналастырылды. Олар енді жақсылап тәрбиеленеді!..» — дегенде жұрт қызу түрде дуылдасып ұзақ қол шапалақтасты. Жұрт қол шапалақтасып жатқанда, Отардың күшігін алдырған қасқырдың көзіндей, жасыл ұшқын шашқан тікенді көздері қол шапалақтап тұрған Нияздың қуаныш оты жалтылдаған, бүркіт қабақты қаракер көзімен ұшырасты. Нияз бүркітше қабағын түйіп алды. Отардың көзіне найзадай қадалған Нияздың қаһарлы кезі оның қайнаған қастық отын су сепкендей басты... Мирзояннан кейін бірнеше кісі сөйледі.
Нияз да енді шын ниетін білдіргісі келді. Еріксіз барғандай мінбенің қасына келіп сөз сұрап, мінбеге шықты.
Ол өзінің қайда тұрып, қайда өсіп, ауылдан қалай шығып, қалай оқып, адам болғанын айтты. «Кеңес үкіметі болмаса, біз сияқтылар өмірі мұқтаждықтың тырнағынан шыға алар ма еді?» — деді.
«...Бүл күнге шейін түрлі себеппен жұмысқа білек сыбанып кіріспесек, кейбіреулеріміз тіпті ішімізден қарсы болып та жүрсек, енді біз сілкініп, алдымызға түзу қарап, адал ниетімізбен сыбана қимылдап, кеңес елін өркендету жолында тынбай істеуіміз керек... Мен геолог, — алтын іздеу ретінде бұрынғымнан он есе артық қайратпен істеуге уәде етем! Көбейтеміз алтынды! Береміз алтынды!» — деді қыза сөйлеп Нияз.
Жұрт қол шапалақтасты. Ниязонан сайын қызып:
«...Қазақстанның ескі басшылығының асыра сілтеушілік қателіктерін ана тұрғандардай зиянкестер пайдаланбақ болды... Пайдаланып та жүрді...» — деді Нияз қолымен көрсете шаңқылдап.
Нияздың: «ана тұрғандардай» деп қолымен көрсеткендері: Семенов, Ахмет, Отар еді. Тыңдап тұрған жұрттың бәрі дуылдап қозғалысып, Нияздың қолы көрсеткен әлгі үшеуіне қарады. Арттағылар тыпырласып, көтерілісіп, созыла қарады...
Мінбе басындағы зауыт бастықтары да, ұйым бастықтары да елеңдесіп, әлгі үшеуіне қарасып, өзара қозғалысып қалды.
Митинг тарқағаннан кейін біраздан соң Нияз зауыт үйлерінің орталық көшесімен күнбатысқа қарай келе жатты.
Күн батуға таянған еді. Батуға таянған күн қызыл алтын табақтай болып, шұғыласы шашырап, алыстағы жонның шоқтығына қырынан барып тұр еді...
Төрт-бес жас жұмыскер — комсомолдар, комсомол қыздар жүгіріп, дауыстасып Ниязды қуып жетті. Қолдарында гитар, мандалин және қазақ домбырасы бар. Бәрі де қазақ балалары. Ниязбен амандасып, күлісіп қамалап тұрды.
— Нияз ағай, бүгін радиодан концерт бермек едік. Соған қатысуыңызды сұрағалы әдейі сізге келдік! — деді орта бойлы, ашаңдау, қараша комсомол.
— Не дейді! Қой, ойбай, мен ештеңе білмеймін! Мені әнші деп жүрсіңдер ме! — деп Нияз қолдарымен жасқағандай сілтелеп күлді.
Жастар болмады.
— Ағай, бізге осындайда жәрдем тигізбегенде, қайда тигізесіз! Сіз әнді жақсы салады дейді ғой! — деді бір орта бойлы, сопақша беттеу, сұрша қыз.
Нияз оған да болмады, басын алып қашқандай күліп айнала қозғалақтады. Жастар да жамыраса сөйлеп, қаумалап тұрып алды.
Ақырында Нияз көніп, қараша комсомолдың қолынан домбырасын алып, шертіп көріп, радиоға бармақ болып уағда берді.
— Бірақ домбыраңның шегін жаңартып, ондап әкел, — деді ол балаға жүріп бара жатып.
Күн батқан кезде Ахметтің пәтерінде Ахмет пен Геннадий Семенов сөйлесіп отыр еді. Екеуі дағдарып, тұрмыс тұйығына тірелген сияқты. Үйге Отар кіріп келді. Үйдегі екеуі елең етіп:
— Өй, сен кете алмадың ба? Немене?.. — деді.
— Кете алмадым... Кеткенмен, енді қайда барасың? Бәрібір енді ештеңе шықпайды! — деп Отар отыра кетті. Бәрі біраз тұнжырап, үндеспей отырып:
— Енді не болар екен? — деді Ахмет.
— Е, қайтеміз, не болса о болсын! — деді Семенов. Сол кезде үйге ГПУ-дің үш қызметкері кіріп келді...
Радио тарататын үйде, микрофонный алдында жырлап, он шырқап, күй шертіліп жатты. Диктор әйел «р нөмірді түсіндіріп айтып тұрды.
Нияз бұрышта, бірнеше жастардың қасында дайындалып, домбыра ұстап отырды. Микрофонный алдында жырлап тұрған қыз болысымен, микрофонның алдына ұялыңқырап Нияз келді. Диктор әйел оны да «таныстырып» айтты.
Нияз домбыраны шертіп ырғалтып ән салып қоя берді. Оның жырлаған әні — жан сыры сияқты ұмытпай жүретін өзінің бала күнінде Ғайниға арнап айтқан сүйген өлеңі мен әні еді...
Нияздың ырғалтып салып отырған әнін бүкіл Қазақстанға, бүкіл Кеңес Одағына, бүкіл жер-дүниеге Қарсақпай радиосы найзағайдың. оғындай таратып тұрды. Қарсақпай зауытынан айтып отырған Нияздың бүл әнін сол минутінде бүкіл Қазақстанның әр түкпіріндегі адам тыңдап отырды. Барлық Қазақстан түкпірімен бірге оны Нияздың оз ауылында да (Танабайдың ауылында да) казіргі аудандық орталықтағылар да тыңдап отырды.
Міне, Танабай ауылындағы аудан орталығы. Міне, клуб, міне клуб пен мектеп шатырларындағы желілескен ұзын биік радио сызықтары, радио антеннасы. Міне, клубтың бір бөлмесі — қызыл бұрышта, терезенің алдындағы үстелде тұрған радиоприемник. Үстелге жабыса радиоприемниктің алдында Ғайни радио тыңдап отыр. Басына, құлақтарына радионың құлақшынын киген. Ғайнидің бет шырайы әуелі «жай қызық көріп» тыңдап отырғандығын көрсетіп отырған еді.
Біраздан соң Ғайнидің бет шырайы, көз түрі бірден өзгеріп, не шошынған, не абдыраған, не қуанғандай көз шарасы бір кезде үлкейе қалды. Жанның сезімнің, абдырау, аласұру, өткенді еске түсіру, сасқалақтап, шыдамсыздану, ен, қымбатты жоғалтқан затты табу, шаттану, қалтырау, үміт қылу сияқты құбылыстарының көлеңкелері Ғайнидің барлық дене қимыл, бет шырай, көз құбылысынан көріне қалды...
Қарсақпайда радио микрофонның алдында отырған Нияз қаракер көзі жалтырап, домбыраны шертіп, ырғалтқан әнмен мына өлеңін айтқан еді:
Талпынып байлаулы кұс қағынғаны,
Шаңқылдап мұңын айтып шағынғаны,
Еркімен ұшып жүрген құлаш жазып
Емес пе, ұяласын сағынғаны!..
Нияздың бұл өлеңін Нұра бойында аудан орталығы болған бұрынғы Танабай ауылында, аудан радиосында абдырап Ғайни тыңдап отырды...
Қараймын қарайғанға мал ма екен деп,
Өзенді өрлей біткен тал ма екен деп.
Ай жарық терезеден мен қараймын,
Қалқажан төсегінде бар ма екен деп.
Қалқажан төсегінде балбырайды.
Алмадай екі беті албырайды.
Бетіне ай сәулесі нұрын төгіп,
Төсектен жібек шашы салбырайды, —
деп ырғалтты Нияз тағы да Қарсақпайда отырып. Ал Нұра өзенінің бойындағы бұрынғы Танабай аулындағы аудан радиосын тыңдаған Ғайни қалтыраған қолымен дәптеріне бірдемені қарындашпен жылдам-жылдам жазып отырды.
Қарсақпайдың концерті біткеннен кейін Ғайни дәптерінің арасынан қағаз бен бір конверт алып, жылдамдатып хат жазып, конвертке салып желімдеп, әдірісін жазып, жүгіріп алып шығып, аудан Атком босағасының сыртындағы пошта жәшігіне апарып салды...
21
1934-ЖЫЛ
Қиырсыз кен, көлбеген жазық дала. Сол даланың ортасында найзадай шошақ, шұбарала тасты, әдемі шоқы. Бұл жер — әлгі Шұбартасты деген, бұрын Нияз зерттеп бұрғы салып алтын тапқан жер. Қазір енді бұл жерде іс қызу түрде жүріп жатыр. Жұмыскерлерге барактар салынған. Бірнеше керекті бұрғылау машиналары орнатылған. Шатырлар тігілген.
Айнала қара-құра болып қыбырлап, жұмыс күн санап ұлғайып жатты.
Түске таянған мезгіл еді.
Жұмыс істеп жатқан жұмыскерлердің араларында Нияз бен Маруся екеуі де жүр. Бараққа отын тасып келе жатқан бір-екі жұмыскердің қосылып шырқасып салған әндері әуені ақырын ғана дыңылдатады.
Нияз жерде тізесіне бір дәптер қойып, қарындашпен бірдеме жазып отыр. Қасында тұрған Маруся еңкейіп, оның жазғанына қарап тұр. Екеуінің қасында — мотоцикл мен курьер.
Нияз жазуын бітіріп, жазған қағазын бүктеп конвертке салып, мотоцикл жанында тұрған курьерге берді. Курьер хатты алып, былғары дорбасына салып, мотоцикліне мініп дүрсілдетіп зымырата жөнелді.
Нияз қарап тұрып, жетіскен шыраймен қолын көтеріп:
— Береміз алтынды! — деді үнін көтеріңкіреп. Соны айтып Марусяға қарап жолдастық шыраймен күліп, Марусяның иығына қолын салды:
— Бердік қой алтынды, Маруся? — деді. Маруся да жетіскен шыраймен күліп:
— Береміз алтынды! — деді.
Бірнеше күннен соң, мотоциклмен курьер Нияздар жұмыс істеп жатқан жерге қайтып келді.
Маруся жұмыс басында еді де, Нияз шатырда кен тастарын тексеріп көріп отыр еді, курьер Ниязға бір-екі хат әкеп берді. Хаттың бірін Қарсақпай радиосында директор болып істейтін әйел жазған екен. Екінші хат, сол радиодағы директор әйелге Нұра өзенінің бойындағы аудан қызыл бұрышында істейтін Ғайнидан Ниязға тапсырылсын деп келген хат екен.
Нияз әуелі білмей осы хатты ашып оқыды. Хаттың бір жолын оқыған соң көздері шарасынан шығып кете жаздады. Нияздың беті де, түнеугі күнгі Ғайнидің бетіндей сол минутінде мың құбылды.
«Ғайни!..» деген есім оның аузынан еріксіз атып шықты.
Ол біресе қуаныш, біресе абдырап, біресе қорқыңқырап та кетті ...
22
ОН БЕС ЖЫЛ...
1935-ЖЫЛ
Жаздың бір желсіз күні...
Қарсақпай зауытынан Сарысу өзенін жанай өрлеп шұбалған қара жол. Осы жолдан бұтақтанып, Сарысудың әр жерінен Нұра өзеніне қарай бұрылатын тағы да бір қара жол бар. Сарысудан Нұраға қарай бұрылатын сол жолдардың бірімен бір автомобиль бұрқыратып, дүрсілдете зымырап келе жатыр.
Айнала бірде аққұтанның әдемі сапарларындай желбіреген ақ селеулі дала, бірде қызыл бұйра тобылғылы, жасыл қоңыр Қарағанды адырлар, шоқылар, таулар, бірде көкала қамысты көлдер, бірде сарыала жон белестер кездесіп қалып жатыр. Кей жерлерде қыстаулар қарайып кездеседі.
Автомобиль сондай жерлерді аралай зымырап, шұбалып көктей өтіп, иреңдеген қара жолмен аңыратып келеді.
Автомобильде шопырдан басқа екі адам келеді. Екеуі де айналадан көздерің алмай қарайды. Екеуі сөйлесіп қояды. Бірақ көздерін ылғи төңіректен алмайды. Күншығыс жақтағы жондардан қыбырлаған қалың мал көрінді. Қос-қос жылқы, қора-қора қойлар...
Біраздан соң иреңдеп, бір белден асқан жолмен автомобиль белге шыға келгенде, ар жағынан үлкен кестелі табақ сияқтанып Аққулы көлі көрінді. Автомобильде отырған екеудің біреуі мұнартып, шалқып жатқан Аққулы көлін көргенде, қаз көрген лашынша, қозғалып қарады. Көлдің айналасында киіз үйлі ауылдар жоқ. Күншығыс жақ жағасынан үлкен қыстау сияқты, жаңа салынған қала көрінді. Көлдің айналасынан, әр жерден шошақ-шошақ үйілген пішендер көзге шалынды. Күнбатыс, оңтүстік жағаларынан қыбырлап жатқан коп мал көрінді. Автомобиль жоннан төмен қарай зырлап, көлдің солтүстік жағын айналған жолмен келе жатты. Жана салынған самоход арбаның жолдары айқыш-ұйқыш кездескен. Қолмен қатарласты. Көлден зырлап оза берді. Солтүстіктен, Нұра өзені жағынан көлге қарай түскен жана қара жол кездесті. Автомобиль келе жатқан жол екі тармақталды. Екі тармақ жолдың қайсысына түсерін білмей автомобиль жайырақ жүрді. Сол кезде жаңа жолмен көлге қарай беттеген екінші бір автомобиль бұрқыратып шыға келді.
— Ә, автомобиль ғой мынау. Мынау көлдегі совхоз ғой, соған келе жатыр ғой сірә, жолығайық! — деді бұрынғы автомобильдегі екі адамның бірі шопыр мен жолдасына дауыстап.
Екі автомобиль қарсыма-қарсы зырлап келе жатып, бір-біріне дауыстады. Бұрынғы автомобильдегі адамдар: «тоқтаңыздар!» — дегендей қолдарын көтерді.
Екі автомобиль тоқтасып, екеуінен де екі-екіден торт кісі түсе-түсе қалды. Бір-біріне қарасып, амандасып таянысты. Нұра жақтан көлге қарай келе жатқан автомобильден түскен екі адамның бірі — шықшыттарына наркүмістеніп ақ кірген, айналасын қырыққан қара бұйра сақалды, түкті қою қабақ, түзу мұрынды, орта бойлы, жалпақтау денелі, қараторы кісі. Қолында ескі қара портфель, аяғында етік, үстінде кірлеу сүр көйлек, белін қайыс белбеумен буған, басында сүр кепкі. Екіншісі де сол сияқты киінген: аяқта етік, үсте сүр көйлек, белде сары былғары белбеу, басында сұрғылт фуражка, қолында сары былғары жол дорбасы бар. Өзі орта бойлы, жауырынды, ербиген, селдірлеу қара мұртты, жасы отыз жетілер шамасындағы қарасұр кісі. Бұл екеуі ана автомобильден түсіп, бұлардың қасына келген екі кісіге қарап амандасып тұрды. Ал ана екеуінің бірі бұларды шырамытқандай қадала қарап:
— Мені танымай тұрсыздар ғой деймін! — деді көлге қарап келе жатқан екеуінің қолдарын ұстап.
— Біз сізді тани алмай тұрмыз! Қай жақтан келе жатырсыз? — деді әлгі наркүмістей қара бұйра сақалды қазақ.
— Танымайсыздар ма?.. Сіздер де өзгеріпсіздер. Мен — Ниязбын! — деді ұзынша бойлы, қырыққан мұртты, қараторы жігіт.
— Ә?! Ойбай-ау, не дейді, ей?.. А, солай ғой!.. Нияз!.. — деп көлге қарай келе жатқан екеуі Нияздың қолын қайтадан ұстай-ұстай алып, қалбалақтап, қуанып қайта-қайта амандасты.
Аққулы көлге қарай автомобильмен келе жатқан екеу — Ыбырай ұста мен Боранбек еді. Наркүмісті қара бұйра сақалды Ыбырай болатын. Бүл Аққулы көлге орнаған совхоздың директоры еді. Боранбек оның саяси бөлім бастығы. Ал Сарысу жақтан келе жатқан автомобильден түсіп тұрған екеу — геолог Нияз бен Маруся еді.
Төртеуі екі автомобильдің арасында, қалың бетегелі жонның. үстінде бірсыпыра сөйлесіп тұрды.
— Жарайды, ендеше, біздің совхозға қайтарында соғатын болсаң, кешке біз ауданға қайта барғанда, асықпай отырып әңгімелесеміз ғой! Ойпырай, қазақтың әлгі: «кебін киген келмейді, кебенек киген келеді» дегені осы екен-ау! — деді Ыбырай, әлі де өзінің көтеріліп алған көңілін баса алмай.
Боранбек балаша қуанып, арсалақтап отырды.
— «Ат айналып қазығын табады» деген емес пе, жалаң аяқ шар кезген қара бала күнінде кетіп едің, міне, енді кен маманы болып кайттың! — деді Боранбек.
Енді біраздан соң төртеуі уақытша қош айтысып, автомобильдеріне міністі.
— Бүгін анық келесіздер ғой, ана ауыл-ауданға? Жолығысамыз ғой? — деді Нияз тағы да Ыбырай мен Боранбекке пысықтап.
— Ия, ия, кештен қалмаймыз! Райкомде жұмыстарымыз бар. Жолығысамыз, жолығысамыз! — деді Ыбырай мен Боранбек. Сүйтіп, екі автомобиль екі жаққа қарай жүріп кетті...
Автомобиль жүріп отырып Нұраның көпір өткелінен өтіп, екінші жағына шығып, жағаның ойларындағы қалың көкорай шалғындарды аралай жүріп, дөңеске шыға бергенде бұрынғы Танабай ауылы енді бір қала сияқтанып көрінді. Ауылдың айналасында үйілген, тұрғызған, шошайтқан қара-құралар көбейген. Жазықтар айғызданып тақталанып жыртылып, әр түрлі егін салынған. Әр жерде қыбырлаған адамдар көрінеді. Арғы адырда қыбырлаған малдар жүр. Бір бұтақ жолмен ауылдан шығып келе жатқан жүк таситын автомобиль, енді бір жерде жорғалап аяндап келе жатқан трактор жолықты.
Автомобильдегі Нияз бен Марусяның төңірекке, қыбырлаған қара-құраларға қараудан көздері талмады.
Аудандық орталыққа (бұрынғы Танабай ауылына) автомобиль зырлап жетіп келді.
Аудан орталығында, ол күні қыбырлаған халық көбірек еді. Ол күні демалыс күннің бір мейрамдауы еді.
Міне, ауыл ортасына автомобиль зырлап кірді. Соңғы екі-үш жылдың ішінде тағы да бірнеше әдемі жаңа үйлер салынған. Бау-бақша әдеміленіп гүлденген, ағаштары көбейген.
Автомобиль Ауатком алдына тоқтады. Атком маңында жүрген адамдар қарай қалды. Автомобильден жолаушыларша киінген, қолдарына бір-бір сары былғары дорба ұстаған бір еркек, бір әйел: Нияз бен Маруся шыға келді.
Ауыл адамдары жиналысып қалды. Көбі жаңа адамдар. Нияз біреуді іздегендей, жаңа дүниеге келіп таңырқағандай айнала қарап түр.
Ғайни келді.
Ортадан биік бойлы, отыз үш-отыз төрт жасты, таза киінген, дөп-дөңгелек қара көзді, қап-қара қасты, сұлу сұрша әйел мөлдіреп, Нияздың бетіне қарап тұрды. Бұл, 1919 жылғы Ғайни емес, сондағы Ғайниға өте ұқсас. Бірақ ашық, жігерлі жүзді, салмақты, түп-түзу бойлы, сұлу сымбатты, Ниязға өте жақын адам сияқты, қымбатты туысқан адам тәрізді көрініп тұрды.
Ғайнидің алдында да ортадан биік бойлы, отыз бес-отыз алты жасты, жауырынды, нығыз, салмақты, қырша мұрынды, қаракер көзді, қою қабақты, сақалын қырған, қара мұртын қысқартып қырыққан, қараторы еркек тұрды. Бұл, 1919 жылғы Нияз емес, бірақ сондағы Ниязға өте ұқсас. Әсіресе қасы мен қабағы, қаракер көзі... Ғайниға бұл дуниедегі ең қымбатты, ең жақын, ең сүйікті адам сияқтанып көрініп тұрды.
Ол Ғайниға қолын созды:
— Ғайни!.. Ғайни!
— Нияз!.. — деді.
Екеуі де іштерінен сасқалақтап, жүректері атша туласып амандасты.
Тағы да бір-біріне қарасып, қуаныштарын жасырғандай, езулерін тартысты. Бірі-біріне айтарлық соз таба алмай тұрғандай болды. Олардың қастарында, екеуінен көзін алмай тынысын тартып, Маруся телміріп тұрды.
Нияз екі әйелді бір-бірімен таныстырды. Екі әйел абыржыңқырап, біраз жайсызданыңқырап бір-бірімен амандасты.
— Әйеліңіз шығар? — деді Ғайни, әрең шыққан үнмен Марусяны.
— Кен қызметкері... Геолог... Менімен бір жерде қызмет істейді!.. — деді Нияз.
Маруся Нияздың бетіне абдыраңқырай қарады.
Сол кезде Ғайнидің қасына мойнындағы пионер галстугі желпілдеп, он төрт-он бес жасар бір еркек бала жүгіріп жетіп келді. Бала жүгіріп келіп бір қолымен Ғайниді құшақтап, Ниязға қарай қалды.
Нияз бұрынғыдан да қатты абыржыңқырап, жүрегі үлбіреңкіреп Ғайнидан сұрады:
— Сіздің балаңыз ба?.. Сенің балаң ба?..
— Ия!.. Сенің балаң!.. — деді Ғайни. Соны айтып Ғайни баласына:
— Неге амандаспадың?.. Сенің әкең мынау келіп тұрған!.. Амандас! — деді.
Бала онша саспай амандасты. Нияз қатты абыржып, қозғалақтап, баланың басынан сипап:
— Нағыз жігіт болған екен өзі! — деді. Ғайни үлкен өксікпен айтқандай үнмен:
— Он бес жаста ғой! — деді.
Ғайни сөзінің әрбір дыбысын салмақтап айтты.
Нияз:
— Ах, он бес жыл!.. — деді.
Ғайни қолымен жаңа үйлерді және 1920 жылы жас шыбықтан отырғызған бауды көрсетіп:
— Он бес жылдың ішінде міне ауыл да үлкен өзгерді!.. Әне — бау, 1920 жылы жас өрім шыбық күнінде отырғызған өсімдік, қазір үлкен, зор ағаш болып тұр... Он бес жыл бұрын бүл ауылда мынау мектеп, мынау радио, анау аурухана, дәріхана, райком, атком, клуб, трактор, автомобиль сияқты нәрселерді жұрт ойлап па еді!.. — деді.
Нияз баудың көк-жасыл жапыраққа оранып, қатарласа тізілген бұтақты, биік, зор ағаштарына көз тігіп көкірегі толқыған теңіз жағасындай қозғала толқып, өзі сияқтанған балаға қарады. Ғайниға, тағы да бауға, балаға, мектепке, радионың сырықтары мен антеннасына қарады.
Оның жасаураған қаракер көзінің алдында жерден шыға келгендей немесе көктен түсе қалғандай болып, Ғайни, қызыл галстукты өзі сияқты бала, жаңа үйлер, радио сырықтары мен антеннасы, баудың тігілген биік ағаштары тұрды...
Сол кезде бір топ пионер — оқушы балалар катар тізіліп, дабыл қағып, кішкене керней, сыбызғы тартып, Лениннің суретін көтеріп анандай өте берді.
Ғайнидың баласы тұра жүгіріп, пионерлерге барып қосылды. Бала Нияз бен Ғайниға қарады.
Нияз жымиып күліп, балаға қарап қолын көтеріп, сәлем етті.
Бала да арсалақтап күліп, қолын көтеріп, сәлем етті.
Нияз Ғайниға:
— Есімі кім? — деді.
— Өз еркің!.. — деді Ғайни.
Нияз түсініңкіремей:
— Ә-ә, бүл қай елдің сөзі!.. Қай елдің есімі? — деді.
— Бұл — қазақша: «өз еркі» деген сөзден алынған. «Автономия» деген сөздің қазақша мәнісі! — деді Ғайни.
Нияз мәз болып, екі езуі екі құлағына жеткенше күліп:
— А-а солай ма!.. — деді.
— Ия, — деді Ғайни.
Нияз басын шайқап:
— Ия, он бес жыл! — деді.
1935 жыл, 22-шілде.
Алматы.