Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 8 сағат бұрын)
Жетіген

Ерте заманда бір көпті көрген көне көз қарттың жеті ұлы болыпты. Жетеуі де елге қорған, жұртқа пана болғандай атпал азаматтар еді дейді. ол бір, жаугершілігі көп, тынышсыз заман болса керек. Күндердің бір күнінде алаөкпе болып жаушы жетіп, ел шетіне дұшпан әскерінің тұяқ іліктіргенін хабарлайды. Содан, көне көз қарттың жеті ұлы мұздай сауыт құрсанып, жаудың алдын алуға аттанады. 

Сайланып келген жаудың жасағы мықты, жарағы берік болатын әдеті. Дұшпан жасағымен арада қанды шайқас басталады. Ел ішінен қол жинап, жауға қарсы шыққан жеті жігіт иықтаса жүріп ұрыс салып, жойқын ерліктер көрсетеді. Жаудың бетін қайтарады. Бірақ, шығынсыз соғыс болған ба, осы шайқаста ағайынды жеті жігіт те ерлікпен қаза табады. 

Қаралы хабар қарт әкеге жетеді. Жеті боздағынан бірдей айырылған қарттың қайғысында шек болмайды. Еш жұбаныш таппай, жаны мүжіле береді. Арада күндер, айлар өтсе де, жеті ұлының қылық-қасиеті санасында жаңғырып, жанын жегідей жеумен болады. Әбден шарасы таусылып, шыдамы үзілген қарт күндердің күнінде бір аспап жасайды да, жеті ұлының рухына арнап жеті ішек тағады. Сонсоң, әр баласының қылық  қасиетін елестетіп отырып жеті күй шығарады. Сол жеті күйді перзентіндей тербеп, қалған өміріне жұбаныш етіп өтеді. 

Жетіген аспабы осылайша дүниеге келсе керек. Ал, қарттың жеті ұлына арнап шығарған жеті күйі ел ішіне «Қарағым», «Қанат сынар», «От сөнер», «Бақыт көшті», «Күн тұтылды», «Құса», «Шамырқан» деген атпен тарап еді дейді.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама