Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Жетісудан Семейге жарысқа барған домбырашы келіншек

Мың тоғыз жүз оныншы жылдары губернатор Семей халқына мынадай жарлық хабарлаған:

— Семейдің байлары, саудагерлері, мырзалар және қымыз, пиво сатушы әйелдер, әртүрлі аспапта ойнайтын музыканттар! Алдағы демалыста аралға шығыңдар, өте қызықты жаңалық, тамаша болады. Тамашадан қалмаңдар, кедейлер бармаса да болады, — депті.

Халық демалыс болғанша шыдай алмай асығып, не болар екен деп лоблып, жаяу саудагерлер қалтасына бес-он сомнан салып, дайындала бастайды. Қайықпен өтетін аралға көпір салыныпты. Елдің күткен демалыс күндері де жетті. Ел ағылып аралға қарай кете бастады. Елмен ілесіп, мен де аралға бардым. Халық жиналыпты. Сыра сатушы бір жерге, қымызшы бір жерге, музыканттар бір жерге бір топ болып олар тұр. Биік төрт столды бір жерге қойып, үстіне кілем жайып, оның үстіне шәйі көрпелер төсеп қойған.

Ер-әйелдер құрметтеп қазақтың келіншегін әкелді. Стол қасына келіп тұрып, халықпен сәлемдесті, сұңғақ бойлы, мүсінді, аққұба, қызыл шырайлы, келбетті, үлбіреген жас келіншек. Үстінде торғын көйлек, шетіне оқа, құндыз ұсталған қара кемзал, басында ақ жібек шәлісі бар. Аяғында көксауырлап күмістелген кебіс-мәсі, кебісін шешіп, стол үстіне шығып, көрпенің үстіне отырғызды. Жанында екі ішекті бір домбырасы бар және жеті ішекті бір домбырасы бар. Шәлісін басына төгілте бүркеніп келіншек отыр. Губернатор келді. Қасында төрт палицейі бар. Халық дүрліге көтеріліп, тағзым қылды.

Сағат онның шамасы. Губернатор орнынан тұрып, халыққа келіншекті таныстырды.

— Бұл кісі бізге келген қонақ. Жетісудан келген қазақтың дарынды музыканты. Біздің Семей музыканттарымен сынға түсуге әдейі келіпті. Сіздер қазір осы жарысты көресіздер, — деді де келіншектен сұрады, — бұл күй тартысудың тәртібі қалай өтпек? — деді.

Келіншек:

— Былай болады: әуелі сіздің бір музыкантыңыз екі-үш күй ойнасын, одан кейін оның күйін мен орындаймын. Содан кейін мен үш күй ойнаймын, оны сіздің музыкантыңыз орындау керек. Егер бір-біріміздің тартқан күйімізді біріміз орындай алмасақ, ол жеңілгеніміз.

Губернатор музыканттарына ұғындырды. Содан жарысқа кірісті. Бірінші болып бір орыс музыканты баян ойнады. Керемет ойнады. Үш күй тартты. Одан кейін келіншек екі ішекті, жеті ішекті домбырамен әлгі музыканттың күйін бұлжытпай тартып берді. Өзі үш күй тартты, оны баянист бірін де тарта алмады. Оны жеңілдің деп былай шығарып қойды. Қазақ жігіттері қаны қызып, іштерінен әруаққа сиынып тұр «О, Құдайлап». Гитар ойнаушы, мандалшы, балалайка, пианина ойнаушылар бәрі жеңіліп шықты. Содан кейін скрипкашымен жарысты. Скрипкаға төрт күй ойнады. Оны да келіншек тартып берді. Содан келіншек төрт күй ойнап еді, скрипкашы оның екеуін ойнады, екеуін ойнай алмады.

Сонымен Семей музыканттары жеңілді. «Бәйге жетісулық музыканттікі» деп алдына дастарқан жайдырып, губернатор жүз сом салды.

— Ал, мырзалар, бәйге сый қонақтікі болды. Бес сомнан кем тастамаңдар, — деді, — мырзалар мүмкін артық тастар, ол өзд ерінің мырзалығына байланысты, — деді. Қазақтар разы болғандықтан, қалталарындағы барын тастағандар болды. Келіншектің алдында ақша төбе болып үйіліп қалды.

Осының ішінде болған орта жастағы Мақанжан айтты:

— Бұл аты, даңқы шықпаған қандай күйші! Келіншектің екі қолында перчатка, саусағының ұшы жезден, — деді.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама