Жошы хикаясы (ІІ нұсқа)
Жалғыз баласы Жошы бала күнінде аңға шығып, аты құланмен елігіп, желігіп, бала атына ие бола алмай, аттың басын тоқтата алмай жығылып, ат сүйретіп өлтірген. Қасында бірге шыққан жігіт-желеңі ел бетін көре алмай қашып, зым-зия жоғалып кеткен. Аңға кеткен бала келмеген соң хан да, жұрт та түйсінген. «Бұл бала енді жоқ болды. Кімде-кім баламның өлімін естіртсе, басын аламын!» — деген. Сонда бір Кетбұға деген домбырашы бар екен. Күй тартады екен. Бір күні домбыра тартқан, домбыраның күйімен баланың өлгендігін сездіреді. Сондағы домбыраға тартқан күйі «Алаша хан, Жошы хан, ақсақ құлан жосыған, құлан теуіп өлтірді-ау, бұйрығын ақтан келтірді-ау!» деп тартқан екен. Сонда хан айтқан екен: «Кетбұғам, сенің домбыраңның даусы бұзылды-ау! Біліп отырмын, сен домбырамен айтып отырсың. «Алашахан, Жошыхан, Ақсақ құлан жосыған» деп мен кесше кісі болмасам, ханның жалғызының жайрап қалғандығы дәл келеді-ау осыған», — деген екен. Бұл сөз ханның аузынан шыққанда жұрт шулап қоя берген. «Алди- яр, тақсыр, өз аузыңыздан естідік», — деп.
Сол уақыт құлан шуы делінген уақыт екен. Малдың балалап, аң да, мал да төлін төгіп жатқан кезі екен. Хан жарлық қылды: «Төрт түлік малды төлінен айырсын, жаңа туып жатқан жас төл енесіне жамырамасын, хайуан да мендей аза тұтсын, зарласын», — деді де өзі ас-суын ішпей, төсектен басын көтермей, теріс қарап жатып қалыпты.
Алаша хан өзі қара қылды қақ жарған әділ кісі екен. Екі даугер келсе, ұйқыда жатса да шошып оянады екен. Ас ішіп отырса, аяғын жерге қоя салады екен. Сол екі даугердің көңілін дауалатпай ішкені ас болмайды екен. Қатыны келіп:
— Тақсыр, есік алдында екі даугер келіп тұр, — депті. Хан жұлып алғандай:
— Дауы не екен, сұрадың ба? — депті.
— Сұрадым, біреуі бөтен жұрттың жолаушысы екен, біреуі өзіміздің күнде көріп жүрген Жонбас екен. Жолаушы ұзын жолға кетіп бара жатқанда «қайтарымда алармын» деп Жонбасқа ат басындай алтын қалдырып кеткен екен. Сол жолаушы барған сапарынан қайтып келіп, енді алтынымды алып кетейін десе, Жонбас алтынды бермепті. «Баяғыда сенікі болғаны не керек, менің көзім, қолым үйреніп бауыр басып қалыппын, бермеймін» дейтін көрінеді. Алаша хан:
— Аманатты сақтау болар, иесі сұрай келсе, өзіне қайырар болар, өзіне берсін, — дегенде ханым:
— Төреңізге құлдық, тақсыр! «Хан екі сөйлесе, қара болады, қара екі сөйлесе, қатын болады» деген. Бұл бала Жасаған иемнің сіз бен бізге сақтатқан аманаты емес пе? Аманатын иесі өзі алды, өзінікін өзі алды деп өкпелегенмен, өкпе жүре ме, — дегенде, хан басын көтеріп алыпты:
— Сенікі дұрыс екен де, менікі бұрыс екен, — деп ақылы сабасына түсіп, отын оттап, суын ішіп, мал баласын жамыратыпты.
Сонда бозінген жеріп ботасын алмапты. Хан:
— Осы бота аштан өлсе, обалы маған, обалы мойнымда қалады-ау! — деп күйінеді де, «осының ботасын алғызған адамға қалыңсыз қыз берем» деген соң, баяғы Кетбұға бес саусағын сірімен қаптап алып күй тартып, хан баласының мән-жайын домбыраның күйімен сөйлепті. Естіген жұрт та езіліп су болып ағыпты. Інген де есінен танып, балқып кетіп, еміреніп ботасын емізіпті.
Хан енді мұның өшін құланнан аламын деп жұртқа сауын айттырып, ат жараттырды. Қыз, бозбалаға ор қаздыртты. Бозбала кетпен алып, жер шабады. Олардың тамағын, сусындарын қыздар даярлап беріп тұрады. «Құлан өтпес» деген су құлан үшін қаздырған ор екен. Сонда құлан қуғанда жұрт көзіне түскен құланнан бес-ақ құлан құтылыпты. Шу бойында сол құланның құтылған жері «Бес құлан» атаныпты.
Баласы өлгенде келіні оң жақта отырып қалған екен, «баламды жоқтатамын» деп келінін оң жағына түсіртіпті. Баласының бір санын тауып алып, соған там салдыртыпты, «Жошы ханның тамы» дейді. Онан соң Алаша ханның тамын келіні салдыртыпты. Өзеннің жел жағында бір мұралтайдың үстінде. Келіні өз тамын өзеннің ығынан ойпаң жерге салдыртыпты, «атамның тамына көрініп тұрмайтын жерде болсын» деп. Жетіқоңырды жайлап, қыстап жүретін бір найман айтты: «Алаша ханның тамының жоғарғы жағынан бір кірпіш түсіп еді, жазуы бар екен. Қысырауын ханның ханымы «Хан Бибі» деп жазылған екен» деп.