Жұлдызды жылдарға жол салған
(Өзен кені аумағына тұңғыш рет ел қоныстандырып, жұмыс күшін жинаған және осындағы алғашқы іздестіру, барлау жұмыстарын басқарып, осы өңірде өмірлік із қалдырған Қамысбай Мырзағалиұлы туралы әңгіме)
Мырзағалиев Қамысбайдың есімі елге мәшһүр жан. Өзін таныстыру қажет болған жерлерде Еңбек ардагері, Маңғыстау қазынасын алғашқы игерушілердің бірі ретінде ғана көрсетіп, үстірттеу сөйлеп кете беретін бұл ағаның шын мәнінде жарты арал байлығын ел игілігіне жаратудағы еңбегі ұшан-теңіз. Мұнай іздестіру барлау жұмыстарының бастауында болған түбекте тұңғыш құрылған геологиялық мұнай іздестіру экспедициясының бастығы ретінде есімі алдыңғы қатарда аталатын, ондаған кен орындарының кіндігін кескен, атақты Жетібай мен Өзен жерлеріне ең алғаш ел қоныстандырып, түтін түтетуге бас болған Қамысбай Мырзағалиұлы — қазір Ақтау қаласының тұрғыны. Жасы жетпіс беске келіп қалған. Алайда жүзін Күн қаққан, жүріс-тұрысы әлі ширақ, сергек ойлы осы ағаға алпысты әрең бергендейсің. Көздері жіті көретіні сезіліп тұр. Өмірден танып-білгені мол, көп жайларды зерделеп, терең түсінетін жан екені де назардан тыс қалмайды.
1. Бұралаң баспалдақтар бойында немесе тағдыр айдауындағы жылдар.
Тіршілікте әділетсіздіктің жиі кездесетіні жасырын емес. Алайда әділетсіздіктің де әділетсіздігі бар. Соның мысалы ретінде осы әділетсіздікті бүтіндей бір жүйеге айналдырған Кеңес өкіметі деген жарықтықтың талай әрекеттері өзінің қисынсыз қисықтығымен тайға таңба басқандай қалпымен бүгінде айдай әлемге әшкере болды.
Кеңес өкіметімен көзін қатар ашып, есін біле бастағаннан сонымен бірге тыныстап, бірге жетілген Қамысбай тағдырында сол бір кер заманның мөрі басылған тұстар баршылық екен. Етік тігіп, емшілік жасап, ауқатты тұрмысымен өз қолымен, табан ақы, маңдай терімен жасаған үлкен әкесі Құрықтың балаларына қалдырғаны да аз болмаған секілді. Әйтеуір, мұның әкесі Мырзағали бастаған ағайынды жігіттер өкімет адамдарының тізімдеріне байлар қатарында еніп, салықтан көз ашпапты. Соның салдарынан Атырау өңірінен Маңғыстауға қарай, Маңғыстау өңірінен Атырауға қарай бой тасалап, көше берсе керек. Бірақ төрт түлік мал өсіріп, мал мен жанын қатар атаған қазаққа көшпелі тұрмыс та таң болып па, сөйтіп жүріп-ақ Мырзағали отбасында он бала өрбіпті. "Аттың жалы, түйенің қомында" дегендей, әрқилы шақтарда дүниеге келген сол балалардың тағдырына да көшпелі күндер өз таңбасын салып кете беріпті. Мырзағали Құрықұлы бір баласының есімін Көшбай қоюы да содан болса керек. Бұл ретте Қамысбай Мырзағалиұлының да есіміне тоқталмай өту қиын.
— Менің ғұмырымның алғашқы кезеңінде кездейсоқ жағдайлар көп, есімімнің өзі де солайша кездейсоқ қойылған. Әкелеріміз еңбегімен байыса да, сол байлығының зейнетінен гөрі бейнетін көп көріпті. Салымнан көз аштырмаған өкімет адамдарынан бой тасалаймыз деп, қашып-пысып жүргендерінде дүниеге келген жерім "Қамысақты" деп аталады екен де, сол жердің атауы маған бұйырыпты. Қазір тіпті сол жердің Атырауға қарайтынын немесе Маңғыстау аймағында екенін білмеймін, — дейді Қамаң...
Жалпы Мырзағали Құрықұлының отбасында он бала дүниеге келгенімен, тіршілік қолайсыздықтары, ауыр тұрмыс әсерінен шығар, сол он баланың төртеуі ғана ержетіп, есею бақытына ие болыпты. Еркін жүріп, етекке түсіп, жадырап жайлауға шығып, қой құрттап, қозы жамыратып, бие сауып, түйе мінген көшпелі қазақтың арманы бар ма... Бірақ жас Қамысбайдың пешенесіне мұндай емін-еркін тіршілік жазылмапты. Елсіз жерде көшіп-қонып, сусыз жерде арып-ашып, қорғалақтап жүріп, құм жайлаған қу даланы паналапты. Қыста жауған қардың суын сақтаймыз деп, терең етіп ор қазып, соған қардың суын көміп ішкен қазақтарды естуіңіз бар ма?! Теріскей бетте тереңде жатқан сол қарды қазып алып, су жасаған шақтары Қамаңның есінде еміс-еміс сақталыпты. Егер ойына орала қалса, бейне бір түсінде көргендей, кейде тезірек ұмытқысы келсе, кейде елестер жетегіне еріп, ұзақ отырып қалатыны да бар.
... Отызыншы жылдардың дүрбелеңінде атасы Құрықтың төрт баласы да мал-мүлкі тәркіленіп, айдалып кетеді. Айдауда кеткен төртеуден екі баласы — Есенбай мен Түгелбай қайтадан оралмайды. Олардың неліктен ізсіз жоғалып кеткенінен Қамаңдар әлі күнге дейін хабарсыз.
Бала Қамысбай үшін балалық шақтың базарлы күндері айдалу жылдарынан соң да туа қоймапты. Еміс-еміс елестер оның көз алдына тағы да бір ұмытыла бастаған суреттерді әкеледі.
...Әлдебір төбенің басында бір топ үлкен кісілер жиналып, әңгіме-дүкен құратын. Бес-алты жасар бұл соларды төңіректеп ойнап жүретін. Сол төбеден төменге көз жібергенде екі-үш шағын ауыл көрінетін.
Бір күні анасы мен екеуінің Атырау өңірінде тұратын апасына бару үшін жолға жиналғандары есінде. Әйтеуір түйеге мініп кеткендері есінде. Қалай барғандары жадында сақталмапты. Тек әлде сағынғаннан немесе өзге бір себептері де болған шығар, апасының бұларды көріп, егіліп, ұзақ жылағанын ұмытпапты. Сол сапардан бұлар қайта оралғанда ауылдарының орны ғана қалыпты, әлдеқайда көшіп кеткен екен. Қай бағытқа кеткендерін шаншып кеткен уыққа қарай бағдарлаған... (Көшпелі халықтың өздері ғана түсінетін белгісі.)
Сөйтсе, әлгі екі-үш ауылдың үстінен шыққан Кеңес өкіметінің өкілдері бұлардың бәрі банда деп, шетінен қол-аяқтарын байлап, көшіріп алып кетіпті. Қатты назаланған кейбіреулері қарсылық та көрсеткен екен, ол "бандалармен" қару арқылы сөйлесіпті. Осындай сәттердің бірінде қарсы шыққан Қамысбайдың немере ағаларының бірі Дәрібайға да оқ тиіп, ол ғұмырлық мүгедектікке ұшырайды.
Әрине, ауылымен айдалған адамдарды түрмеде ұстау оңай еместігі белгілі, біраз күннен соң көпшілігін босатып жібереді. Бірақ әкесі Мырзағали түрмеде қала береді. Мырзакеңнің тұңғыш ұлы, уыздай жас Нұрғали енді осы отбасының бас көтерер азаматы есебінде қалады. Алайда бұл отбасының нағыз сергелдеңге түсер күндері де енді басталады.
Малдың бәрін баяғыда сыпырып әкеткен. Ақыл қосар әке қамауда. Бұлар енді теңіз бойлай жүріп, балық аулап күн көруді ойлайды. Алайда үйренбеген кәсіп ауыр тиіп, тапқандары тамақ асырауға жетпейді. Олар енді Жайық бойын сағалап, егін егіп, мал табуды ойлайды. Одан да мардымды ештеңе шығара алмайды. Сол қысылтаяң күндерде Нарынға барып, сол жерде бұлар құмаршық теріп жеп, жандарын сақтайды. "Менің тірі қалғаным сол құмаршықтың арқасы", — дейді Қамаң ақтарыла шынын айтып...
Аңыздың ізіне ерсек, бір аруана ботасынан айырылып, желінін сүт кернеп, шыдай алмаған сәтте аққан аппақ сүт тамған жерлерден осы қасиетті өсімдік өсіп шығыпты. Тікен тектес, жапырақ тектес дәндері болады екен. Оларды ұрып түсіріп, келіге түйеді. Содан соң оның ұнтағынан нан пісіріп жеуге де, көже жасап ішуге де болады. "Өлмегенге өлі балық жолығады" деген ғой, сөйтіп жүріп бала Қамысбай да тірлік көшін жалғай беріпті.
— Әкеміз Мырзағали түрмеден босағанша ағамыз Нұрғали бізді асырап, бақты. Әкеміз қайта-қайта оралған соң, жасы сексенге жақындап барып, 1955-жылы қайтыс болды, Құлсары маңында, Басшы әулиенің қорымында жатыр. Анамыз таз руынан Нұрмағамбет деген адамның қызы еді, ол кісі әкемізден сәл кейін 1961-жылы дүние салды. Ал жазықсыз банда қатарына қосқаны үшін өкімет адамдарына қарсы шыққанында оқ тиетін ағамыз Дәрібайдың кейінгі тағдыры өзгешелеу болды. Мал-жаннан түгел айырылып, айдауда жүргенінде қашып, Ресей жеріне өтіп кетіпті. Сол жақта Елеш Жақсылықов деген жасырын атпен күн кешіп, өмірден кетті, — деп, Қамаң үнсіз отырып қалды...
Жас Қамысбай жасы тоғызға қараған шағында Талғансай жерінде тұратын апа-жездесінің қолында болады. Алтыншы класты Мақтау қағазбен бітірген соң Гурьев қаласына оқуға түскісі келеді. Әрине, қазір алты кластық біліммен мамандық алатын оқуға түсуді ойлау қисынсыз көрінуі мүмкін. Бірақ білім алғысы келген адам үшін ол кезде бұл да аз оқу емес, сауат ашылған, талап бар. Не керек, бала Қамысбай өз талабымен бастауыш сыныптары үшін мұғалімдер даярлайтын оқу орнының даярлық курсына түсіп, бір жыл оқиды. Бірақ ол көп ұзамай, өзінің жан-жүрегі қалайтын мамандықтың бұл салада еместігіне көз жеткізіп, мұнай техникумына ауысады. Арманы да сол туған өлкенің өзі кезген сай-салаларымен, тау-тасымен өзектес екендігін де сонда ұғады.
— Міне, мен сөйтіп өзімнің өмірлік жолымды да кездейсоқ сүрлеулерде адаса жүріп, әрең тапқан екенмін, — деп, күледі енді ол кісі өзі соған әбден риза екендігін ұқтырып.
Осы техникумда оқып жүрген жылдарында да жас Қамысбай өмірінің тарихқа өшпес таңба басып кеткен Ұлы Отан соғысына қатысты біраз кезеңдерін бастан кешіреді. 1943-жылы соғыс қажеттері үшін елден жиналған үш жүз бас сиырды Курск доғасында шайқасып жатқан жауынгерлерге жеткізу үшін Ресейдің Ульяновск, Пенза, Тамбов, Рязань, Москва, Орел облыстарын басып өтіп, бес-алты айлық ұзақ сапарға жүріп қайтады. Соғыс аяқталардан бір жыл бұрын оларды қайта даярлықтан өткізіп, геолог-геофизик мамандығын игерту мақсатымен деген желеумен Грозныйға ауыстырады. Кейін анықталғанындай, мұндай "ауыстырулардың" ол кезде өзге саяси астарлары да болған екен. Соның алдында чечен-ингуштарды тегіс дерлік Қазақстанға жер аударып жіберіп, әлгіндей жолмен жіберілгендер біртіндеп қаңырап қалған сол аймақты толтыруға да керек болыпты.
Бірақ ол жолы Қамысбай Мырзағалиұлымен бірге барып, оқуларын Грозныйда жалғастырған он бес жастың арасынан екі-үш қыз бала ғана тұрмысқа шығып, қалып қояды да, қалғандары тегіс елге оралады. Бір қызығы, әлгі он бестің ішінде тек қана екі жас жігіт бар екен де, қалғандарының барлығы қыздар болыпты. Ал қазағы бір ғана Қамысбай Мырзағалиұлы екен. Оның негізгі бір үлкен себебі, сол кезде соғыс жүріп жатқандығы еді. Әуелде оқуға бірге түскен қазақ жігіттерінің бәрі де соғыс басталған соң түрлі себептермен техникумды тастап кете берген. Осылайша ол сол кезеңде мұнай өнеркәсібінің ең таңдаулы мамандары шоғырланған Грозныйдан мұнайды ұңғылардың көмегімен қалай іздестіруді үйреніп, сонымен қатар геофизик мамандығын игеріп, Қазақстанға қайта оралады...
2. Өндірістің кіріспе сабақтары
Қамысбай Мырзағалиұлының еңбек жолы осылайша атақ тап Қосшағылда техник операторлықтан басталады. Ол уақытта бүкіл Ембі ауданында жалғыз ғана каротаждық партия жұмыс істейтін, Ауданның барлық кәсіпшіліктеріне, іздестіру партияларына және терең бұрғылау барлауына қызмет көрсететін де сол. Партияда он-он бес адам ғана болатын. Бастықтары С.Н.Иванов деген орыс жігіті еді.
Техник оператордың да атқаратын міндеті оңай емес екен. Ең қиыны, жұмыстың қай сағатта басталып, қай сағатта аяқталатындығын жан баласы тап басып айта алмайтын. Күн мен түн тұтасып, уақыттың есебінен жаңылған шақтары көп болғаны ғана есінде. Өйткені олар үшін тапсырма қай кезде алынатыны белгісіз, ал тапсырма құлаққа тиген бойда жұмыс та басталып жүре береді. Аяқталғанша кеш батып, түн ауып жатқанында ешкімнің шаруасы болмайды. Олар соғыс майданына түскен жоқ, бірақ бұлар кешкен майдан қиыншылықтары соғыстағыдан кем еді деуге ешкімнің де батылы бармас. Енді ойласа, адамдар қаншалықты жан аямай еңбек етсе, соншалықты ауыз жаласқан тату болады екен. Оларды басқа түскен барлық қиыншылықтарға төздірген де осы болу керек.
Еңбек жолын да осындай қиын-қыстау жылдарда бастаған Қамысбай Мырзағалиұлы уақыт өткен сайын өмірден көргені мен түйгені мол, шымыр да ширақ жастардың қатарына қосыла берген. Соғыстан кейінгі елуінші жылдарда Лениншіл Коммунистік Жастар Одағы жас еңбек озаттарының Бүкілодақтық кеңесін өткізетін болғанда, оған қатысатын Гурьевтік жастардың бірі ретінде Қамысбай Мырзағалиұлының да тізімделуі тегін емес еді. Сол жолы сол кездегі Қазақстандағы мұнай өндіру ісінің дөкейі Сафи Өтебаев:
— Кеңесте Байбақовтың өзі баяндама жасайтын көрінеді. Сен жиын соңынан сол кісіге арнайы жолығып, сөйлесудің қамын жаса. Реті келсе, жарыссөзде де айтуға болар еді, бірақ ауызба-ауыз сөйлесіп, сол бойда бір нәтиже шығаруға талпынуың керек, — деп, үш түрлі мәселені айырықша тапсырған: біріншісі — Құлсары кентінде жастардың демалысын ұйымдастыру үшін клуб аса қажет.
Екіншісі — Мақат пен Құлсары арасындағы тар табанды теміржолды Қаратонға дейін жеткізу аса қажеттігін дәлелдеуі керек.
Үшіншісі — Мұнайлыға су құбырын тарту мәселесін шешуге тиіс.
"Білмесе бригадир қоя ма" дегендей, Сафи аға да Қамысбайдың жас болғанымен, бас боларлық жағдайы бар екенін сезген болу керек. Айтқанындай-ақ, есебін тауып, Байбақовтың орнына баяндама жасаған Евсенкоға жолығып, асықпай әңгімелесудің ретін келтірген, бастығының барлық сәлемін қолмен қойғандай етіп жеткізген. Өмірдің сол бір шақтарына қойылған ескерткіштей, Құлсары кентінде әлі күнге дейін тұрған клуб үйін көрген сайын Қамаң бір жасап қалады.
Дегенмен осы бір Мәскеу сапарын сөз ету барысында біз Қамаңның тек қана осы клуб үйінің салынуына ықпалы тигенін айтайық демеген едік. Бұл сапар ол кісінің бойындағы үлкен азаматтық болмысының да бір ұшығын бері шығарып, жүрегінің ізгілігінен хабар беретіндей бір үлкен әрекетке де жол ашқан.
Бұл кезде ол мұнай өнеркәсібі мамандарынан дәріс алып қана қойған тәжірибесіз жас емес, бірнеше жылдан бері өндірістің ыстық-суығын көріп, бірталай сырларынан хабар алып қалған. Губкин атындағы мұнай, химия және газ өнеркәсібі институтын бітірген жоғары білімді маман дәрежесіне жеткен, ысылған. Сол себепті де жас өндіріс озаттарының Бүкілодақтық съезінде сөз болған мәселелерге терең түсініп, өзінің бағасын да беріп отыруы заңды еді. Мәскеулік басшымен негізгі тапсырма бойынша жұмыстары біткен соң сол кеңесте жан-жақты сөз болған мұнай мен газ өндірісіндегі кадр жетіспеушілігі турасындағы әңгімені қайта өрбітті. Сөйтіп отырып, сөз арасында өзінің кейбір ойларын да жасырмай айтып салған.
Соғыс кезінің қатаң тәртібінің әсері де болар, сонымен бірге әкімшілік аппаратында отырып, биліктің күшімен ғана жұмыс істейтін, өндіріс ісіне қатысты кейбір мәселелердің байыбына бара алмайтын, бірінші кезекке адам мен адамгершілікті емес, жоспар мен қатып қалған ережелерді ғана қойып үйренген бюрократтар әділетсіздікке жиі себеп табатын. Кейде тіпті жер қойнауынан фонтан болып атқан мұнайдың көлемі құрамындағы газы шыққан соң резервуарлардағы бұрынғы көлемінен азайып қалатындығын да пайымдай алмайтын сорлылар талайлардың обалына қалып жататын. Осы жайларды еске ала отырып:
— Егер шынымен кадрлар аса қажет болып жатса, болымсыз себептермен сотталып кетіп, әр жақта не болса сонымен шұғылданып жүрген мамандарымызды неге қайтарып алмаймыз?! Мысалы, біздің бірнеше тәжірибелі мұнайшыларымыз айтуға тұрмайтын себептермен сотталып, қаңғып кетті. Біреуі ағаш кесіп, Амур бойында жүрсе, енді бірі Ухта шахталарында қор болуда, үшіншісі тағы бір жақта. Соларға іздеу салса қайтеді деп, соның алдында ғана өндірілген мұнайды сәл ысырып жазғаны үшін істі болып кеткен Байшонас кәсіпшілігінің бастығы Орынбай Бердіғожин, бас инженері Байзақ Мұхамбетов, цех бастығы Аққуан Кемеловтар туралы айтқан. Обалы не керек Евсеенко мұны дұрыс түсініп, құптай сөйлеген:
— Мұндай асыра сілтеушілік деректері Бакуде де болған. Біз бірқатар адамдарды іздеу салып, босатып алдық. Сіздің жерлестеріңізге де көмектесуден қашпаймыз. Өкінішке қарай соңғы кездері асыра сілтеуге көп жол беріліп жүр, — деп, шын жанашырлық танып. Сол бойда-ақ тиісті адамдарды шақырып, әлгі ағайындардың соңынан іздеу салып, босаттыру үшін тиісті тапсырмалар беріп тастаған. Сөйтіп, бұл Жоғары Кеңес атына өтініш хат толтырып кетеді.
— Осы үшін бізді Мәскеуге бастап апарған облыстық комсомол ұйымының бірінші хатшысы Хайруллинадан сөгіс алдым. Сотталып кеткендердің "жоғын жоқтау" жөнінде маған ешкім арнайы тапсырма берген жоқ болатын, — деп, ол кісі ойланып барып, қайтадан жадыраған, — өздерінің түрмеден босауына менің себеп болғанымды естігенде Аққуан: "Осыдан ауылға аман-есен бара қалсам, Қамысбайға сағат алып беремін", — деген екен. Егер маған сол кездегі ең жоғары Мемлекеттік сыйлық берілген болса, мен оған Аққуанның әлгі сөзін естігендегідей қуанбас едім, ол да менің жүрегіме соңдағыдай жылу құя алмас еді деп ойлаймын. Өйткені адамға пайдаңды тигізуден артық қасиетті іс болмайды ғой. Оның үстіне ол адам соны түсініп жатса, нұр үстіне нұр деген сол емес пе...
Мұнайшыны ойлантатын да, толғантатын да мұндай сәттер мен оқиғалардың аз болмағаны анық. Сондықтан шығар көзіне ештеңе ірікпейтін. Қамаң айтады:
— Менің түсінуімше, инженер болу деген сөз өмір бойы үйрене беру деген сөз. Егер ол өзін өзгелер ашып берген жаңалықтарды өмірге енгізу деген сияқты бір ғана жұмыс түрімен шектеп тастаса, өзіне-өзі зиян жасағаны болар еді. Олай дейтінім, институт бітіргеннен шебер Беркінғали Досмұхамбетов, мұнарашы Бақа Жұмағалиев, механик Боранша Көлбаев, бұрғышы техник Қуан Қазиев, Александр Борисовтардың қалай жұмыс істегендерін көріп, солардан көп нәрсе үйрендім. Мұнайлы, Қосшағыл, Құлсары кәсіпшіліктерінде бұрғыланып бітіп жататын ұңғылардың көбі көз алдымнан өтті. Шебер, цех бастығы болып жүрген кезімде мен әлгі аталған адамдарға еліктей жүріп жұмыс істедім. Уақытымның көбін жұмыс басында өткіздім. Сол себепті де жұмысқа қандай жағдайлардың кедергі жасауы мүмкін екендігін тез аңғаруға, техника тілін қапысыз түсінуге үйрендім. Қызмет уақыты аяқталғанына қарамастан әрбір жаңа ұңғы құрылысын бақылап, жұмыс процесінің әр кезеңін көз алдымнан өткізбесем, өзімді әлденеден құр қалатындай сезініп, жұмыс басынан кетпеуші едім...
3. Маңғыстау жерінде.
Ембі кәсіпшіліктерінің бірінде қызметте жүрген Қамысбай Мырзағалиұлын Гурьев қаласындағы мұнай мен газ өндірісіне қатысты жұмыстарды басқаратын орталыққа шақыртады.
— Маңғыстауға барасың ба? — деген тікелей қойылған салмақты сұрақ Қамаңның әлі құлағында тұрғандай.
— Кім болып?! — деген қарсы сұрақ аузынан қалай шығып кеткенін өзі де аңғармады.
— Экспедицияға бас инженер боласың! — жауап кідірмеген.
Бірақ бұл да ойланып жатпастан:
— Мен директор болсам ғана барамын! — деп салған. Қамысбай өзінің жас та болса, бас болуға жағдайы бар екендігін жасырғысы келмеген. Ал егер адамның батылы бара жатса, ол тек қана өзіне сенгендіктің белгісі емес пе. Бастығы оның бұл қайсарлығын ішінен теріс көрмеген де болу керек, тік сөздеріне мән бергендей:
— Бас инженерліктен бас тартпа! Айлығың үш мың, с хвостиком, — деп, қолын ұсына берген. Бұл — мәселе шешілді дегеннің белгісі еді. Қамысбай да ендігі қарсыласудың жөнсіздігін түсініп, ұсынған қолды ойланбай алған...
Сөйтіп, 1957 жылдың қазанында Маңғыстауға келген-ді. Бір қызығы, әңгіме бас инженерлік жөнінде болса да, бұйрық директор деп берілген екен. Осылайша Қамысбай Мырзағалиұлы жаңа жерде жаңа істің тізгінін ұстап, Маңғыстау аумағындағы өзінің ұланғайыр жұмыстарына кірісіп кетеді.
Бастық болған жақсы-ақ шығар, бірақ ол кездердегі басшылық тауқыметі қандай болғанын көзге елестету қиын емес сияқты. Бұл ең алдымен жұмыс жасайтын адам табу, сонан соң қол астындағы адамдарды ортақ іске жұмылдыру десек, сонымен қатар олардың жұмыс жасауына қажетті жағдайларды жасау, тұрмыстық қажеттіліктерін қамтамасыз ету. Ал ол кезде Маңғыстау өңірінде жалғыз Форт-Шевченко қаласынан өзге мойын бұрар ештеңе жоқ. Осыған қарап-ақ басшылық жауапкершілігі салмағының қандайлығын аңғаруға болар.
...Бірде Қызаннан Форт-Шевченкоға қайтып келе жатты. Ойынан су шығару үшін қойылып, тұрып қалған ұңғы шықпай қойған. Шегендеу кезінде цемент тұтып қалыпты. Қозғап жіберу керек. Бірақ жіңішке құбырдың бойымен оны қозғап жіберетіндей ештеңе жіберу мүмкін емес... Басын қатырумен Форт-Шевченкоға» жақындап қалған кездерінде басына әлгі сұрағының шешімі кеп қалғаны. Дұрыстығына күмәні қалмаған ол қалаға келісімен жігіттермен рация арқылы хабарласып, не істеу керектігін түсіндірген.
...Ертеңіне бұрғышылар қосына қайтадан келсе, ұңғыдан шыққан су меймілдеп бар ыдысқа толыпты. Тіпті маңдай ауылдардың бүкіл малы суға қарық болып, қой-ешкілер суға тоғытылып жатыр екен. Жұрт мәре-сәре. Оның осындай тапқырлықтарының шапағатын еңбек майданында қатар жүргендер талай жерде көрген шығар-ау. Осы ғұмырында ол айналасындағы серіктерін де, өзге жұртты да талай рет тығырықтан алып шығып келеді...
Маңғыстау жерінде жұмысы оған сеніп тапсырылған экспедиция ол кездері Түбіжік, Қызан және қошақ алаңдарында іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатқан. Қамаң өзінің бойында бар білімі мен тәжірибесін осы экспедицияның жұмысын жолға қоюға жұмсауға тиіс болды. Сол жылғы жоспар бойынша бұл жерлерде елу мың метр тереңдік бұрғылануы тиіс екен. Барлау бұрғылауының негізгі мақсаты сол зерттеліп жатқан жерлерде халық қажетіне жарайтын кен орындары бар ма, жоқ па соны анықтау екендігі түсінікті. Бірақ олардың жұмыс көлемі осы мақсатта неше метр жер қазғандығымен анықталады.
Ал экспедицияға Қамаң келген кезде онда небәрі екі мың метр тереңдік бұрғыланғаны белгілі болды. Экспедиция қарамағында Д. Нұрболғанов, Қ.Сыдықов, Ш. Корсундар басқаратын екі крелиус және бір карталандыру партиясы жұмыс істеп жатты (крелиус — шведтің алып жүруге қолайлы шағын бұрғылау станогы). Қамаң бірінші кезекте жұмыстың өнімділігіне кедергі жасап отырған себептерді анықтаған. Техникалық жабдықтаулары нашар. Оның үстіне карталандыру партияларында жұмыс істейтін адамдары аз, себебі тарифтік ставкалары төмен, адамдар сол себептен де оған баруға құлықсыз. Әрине, ең алдымен осы сияқты жұмыстың жүруіне кедергі келтіріп отырған кемшіліктер жойылуға тиіс.
Қамаң ең алдымен техникалық жаңа жабдықтар іздестіре бастады. Өлдім-талдым дегенде жаңадан үш станок тауып жеткізген. Бұдан соң А.Шолтанов, Қ.Құлбеков, У.Қанатов, Иванов секілді бір топ адамдарды жылы орындарынан қозғап әкелу де оңайға түспесе керек. Ол кездері қазақтарды үй ішінен бөліп алу деген болмайды, жұмысқа алсаң үй ішімен біржола көшіріп алуың керек. Бірқатар адамдарды крелиус партияларынан ауыстырып алуға тура келген. Қалай дегенмен де, мәселенің бөрі бірден шешіліп кетті деуге болмайтын еді. Оның үстіне, адам тұрған жерде оның тұрмысы мен тіршілігіне қажетті бірқатар қажетті жағдайлар тағы да шешімін күтіп тұрды. Жұмыс бабында да, адамдар тіршілігінде де күнделікті пайдалануға қажетті жағдайдың ең негізгісінің бірі — су екендігі белгілі. Ал мұндағы ауыз су тапшылығы өз алдына, тасымалға керекті көлік санаулы. Геологиялық барлау партиясының қарауындағы екі-үш автокөлік Форт-Шевченко қаласынан су тасиды, азық-түлік жеткізетін де солар. Бірақ ол қайдан шақ келсін. Аз да болса тасымал суды үнемдеу үшін сол әсерлерді қазып, су жинауға әрекет жасаған. Бірақ олар су емес, тұздық болып кетті. СКН-3 качалкасымен алынған сулары да пайдалануға жарамаған. Бірақ бойды билеген жастық жігер, ертеңгі күнге деген зор сенім, жақсы үміттер оларды жасыта алмады. Қиындық оның орнына жігерлерін жанып, қайсарландыра түскендей еді.
Жұмысшылардың арасында Грозный, Киев, Алматы қалаларының орта, арнаулы оқу орындарынан келген жастар бар болатын. Ал жұмысшылардың негізгі бөлігін Форт-Шевченко қаласындағы орта мектепті бітірген жастар құраған. Бір қызығы, сол бір алғашқы жұмысшылардың қатарында үлкен жолдың бастауында қазір есімдері жұртшылыққа жақсы танымал С. Қырымқұлов, Т. Құдайбергенов, Ш. Ақкенжеев, А. Жүнісбеков сияқты азаматтар да жүріпті. Солардың арасында Алматыдан келген жалғыз студент Т.Сағынғалиев те бар еді. Баспаналары — палата. Маңғыстау даласының естен тандыратын аптабында палатада тұру дегеннің не екенін бүгінде екінің бірінің түсіне кіре қояр ма екен. Ал сол бір күндерде әлгі адамдар сол палаталарда жаз аптабын ғана емес, қыс қаһарында қарсы алып еді-ау...
Сол жылы елу мың метр тереңдік бұрғылау жоспарын қамтамасыз ету үшін, олар желтоқсанның соңына дейін ауыр жағдайларда күн кешуге мәжбүр болған. Әдетте қарталандыру партияларының жұмысы жаз айларында жүріп, ал қыс айларында бұл партия адамдары базаға қайтып кетеді. Өйткені табиғат жағдайларының қолайсыз кезеңінде жұмыс істеу оларға қиын. Әйтсе де бұл жолы олар қыстап қалған. Ызғарлы жел өңмеңдерінен өте үздіксіз соғып тұрып алды. Бұрғылау агрегатында желден қорғанатындай ештеңе жоқ. Оның үстіне жиі-жиі қоныс аударып отыруларына тура келеді.
Соған қарамастан, мемлекеттің төлейтін еңбекақысы да түкке тұрғысыз. Ал енді геологиялық іздестіру жұмыстарына төлейтін еңбекақылары одан да төмен. Бірақ бұрғылау шеберлері З. Құлбеков, У. Қанатов, С. Шуақбаев сияқты майталман, еңбекқор жандар барлық қиыншылықтарға төтеп беріп, тіпті қажет болған жерлерінде бұрғышыларды өздері де ауыстыра жүріп жұмыстарын тоқтатпайтын.
Жан рахатынан безінген сол бір қиын да ұмытылмас күндерді есіне алғанда Қамаңның ойына, бұрғылау алаңындағылармен қатар, шаруашылық қамымен бұлардың жағдайларын жасап тыным таппайтын Құсайын Шопашев, Байшолақ Тұнықбаев, Отарбай Темірбековтер де қоса оралады. Азық-түлік жөнінен қиналып қалған шақтарда, сол бір беймаза жандар қалай да бір амалын тауып, ауыр тұрмыста жүрген әріптестерінің қалай да көңілінен шығып жатушы еді. Біріне бірі сүйеу болған, жанашырлық жасай алған, ортақ істен қолдарынан келгенін аянып қалмаған экспедиция мүшелері ақыры діттеген мақсаттарына жетіп, 30 желтоқсан күні 50 мың метр тереңдікті бұрғылап үлгерген.
Сөйтіп, 1958 жылды қарсы алу үшін тоқ көңілмен, ертеңдеріне деген нық сеніммен Форт-Шевченко қаласына аттанысып кетіскен. Маңғыстау өлкесіне келгеннен кейінгі өзіне тапсырылған алғашқы істе көрсетілген алғашқы сенім болған соң ба, Қамысбай Мырзағалиұлының көңілінде сол бір күннің суреттері жақсы жатталып қалғандай. Бастарынан кешкен қиыншылықтарына қарамастан, сол жеңісінің тәтті дәмі әлі күнге дейін жүрегін жылытатын сияқтанады...
4. Теңге газ кешенінде
Өмір өтіп жатты осылайша...
1965 жылдың желтоқсанында Теңге жеріндегі жұмыстарды бұрынғыдан гөрі белсендіре түсу мақсатымен Оңтүстік Маңғышлақ мұнай барлау экспедициясы құрылып, Қ.Мырзағалиұлына оны басқару ісі тапсырылады. Жаңа экспедиция еншісіне бірнеше барак тиеді — кеңсе де, тұрғын мекендері де сол. Қамаң адамдарын сәл де болса жайлырақ орналастыру үшін Ақтөбе зауытының ағаш вагондарын алдырып, отбасы барларына тұрғын жай жасап берген. "Тұрғын жай шаршы метрін" неғұрлым кеңейте түсу үшін бір-бірінен бұрылмай алшақтатып, өздерінше жайлы қоныс жасаған.
Кадр мәселесі тығырыққа тірелген. Адамдары жұмысқа орналасып үлгермей жатып, мынау "тозақтан" құтылуды жоспарлай бастайтын. Шынында да, оларды қызықтыратындай ол төңіректе көзге көрінердей көрік те, өзге жағдай жоқ-ты. Сол себепті де тұрақтап қалғандар басқа барар жер, басар тауы жоқ дегендей онсыз да жағдайлары келісіп тұрмаған жандар мен "ішкіштер" ғана болатын. Соңғыларын емін-еркін "шат-шадыман" тұрмыс еліктірген. Соның салдарынан "әй" дер әжесі, "қой" дер қожасы жоқ бұл иен далада тәртіп орнату мәселесі бұрғылау жұмыстарын жүргізуден бір де бір кемдігі жоқ маңызды мәселеге айналған. Бұл үшін басшының, оның төңірегіндегі азаматтардың өздерін ерекше байыпты ұстап, өз әрекеттерін аса жауапты (қараулары қажет-тін. Солардың төзімділігі, адамдардың адамдық қасиеттерін жоғары ұстай білгендігі, адалдығы мен әділеттілігі оларды сан қыспақтан аман алып шыққан. Айналасындағы жігіттердің қолдауы арқасында ол талай қиын жерлерден жол тапты, тентектерін тезге салды. Жолдастары бұзақының қолындағы пышағын жұлып алған да күндері болған-ды.
Теңгеде ол кезде 5-6 бригада жұмыс істеді. Көшпелі мұнай барлаушылардың бірнеше қосалқы қызмет тораптары, екі-үш металл кесетін станоктары мен шеберхана бар. Сол бір күндері Теңгеде алғашқы із тастағандар қатарында қиыншылықтарды бөліскендерден Қамаңның есінде Е.Қараев, Н.Астраханкин, В.Кравченко, Б.Судаков, И.Назымов, Б.Сүлейменов сияқты азаматтар сақталып қалыпты.
Ол кездегі бүкіл іздестіру-барлау жұмыстарының жаны, негізгі қозғаушы күші – геологтар. Уақытпен есептеспей, бос сағаттарының бәрін бір мақсатқа ғана жұмылдыра еңбектенген Г.Каримов, Б.Бисенғалиев, Ж.Қоразов, О.Бердіғожиндерді ұмыту тіпті мүмкін емес. Ал тұйыққа тірелген жерлерде талай рет қол ұшын берген, сүйеніш болған, мойнына түскен талай қиыншылықтарды өзімен бірге тұрып көтерген Х.Шалабаев, О.Бисқалиев, С.Бараев, И.Хататаев, В.Тардонов, Т.Құдайбергенов, Б.Ыбраев, Д. Мұқановтарды қалай ұмытсын.
Сондай-ақ жұмысшыларды жабдықтау бөлімінің қызметкері Күріш Тасболатовтың Теңгеге келуі әр жолы үлкен мерекеге бергісіз еді. Күрекеңнің аңқыта салған тамаша әндері бейне бір топырағы ұшқан қапырық ауаға нөсер жаңбыр төккендей жадыратып жіберетін.
1967 жылдың аяғында Теңге алаңының да мұнай мен газ Қоры есептеліп бітті. Ал оны игеру 1972 жылы басталған. Қазір Теңге байлығы американдықтармен бірлескен кәсіпорын арқылы игерілуде.
Көп ұзамай Маңғышлақ мұнай барлау экспедициясы жаңадан салынып жатқан Ақсу поселкесіне көшуі керек болды. Әрине, Қамаң бұған қуана қоймаған. Онда кадр мәселесі бұл жердегіден де қиындай түсетіні белгілі. Теңге Өзенге жақын болған соң жұмыс күшін табу жеңілдеу екендігі түсінікті. Ақсу поселкесі Каспийдің жағасында Х. Өзбекқалиевтың ұсынысымен салынып жатқан. Ақсуда бұлар сейсмологтар анықтаған Кендірлі, Ақсу, Темір баба тағы басқа алаңдарға іздестіру жұмыстарын жүргізулері керек. Қалай болғанда, бұлар ақыры осында қоныс аударған. Экспедиция өзінің құрамындағы барлық жетекші мамандарымен, құрал-жабдықтарымен көшіп барып, Ақсу поселкесінде аяқталмай қалған құрылыс жұмыстарын бітіруге қатысып, кешікпей-ақ тұңғыш барлау жұмыстарын да бастап жіберген.
Алайда осы жерде қызметте жүрген кезінде Қамысбай Мырзағалиұлының "Маңғыстау мұнай-газ барлау" тресіндегі он бір жылдық қызметі аяқталып, әріптестерімен қоштасуға тура келген...
Өз ғұмырының ең таңдаулы жылдарын, толысқан тәжірибесін, бойындағы білімі мен білек күшін, қабілеті мен қайратын Маңғыстау байлығына қарай тіке жол ашылған 1957 жылы қара күз күндерінен бастап жұмсаған Қамысбай Мырзағалиұлы қазыналы түбектің осы кезден бастау алған бүкіл өрлеу тарихымен бірге жасасып, оның ыстық-суығын зейнетке шыққанша бірге бөлісті.
1968 жылы Өзен экспедициясына бас инженер болып тағайындалып, "Мангышлакнефть" өндірістік бірлестігіне қызметке ауысты. Алайда жұмыс орны өзгергенімен, еңбек майданындағы оның міндеттері сол бұрынғы күйінен көп ауыспаған. 3000-3500 метр тереңдікке қойылған іздестіру-барлау ұңғыларымен жұмыс жасай жүріп, біртіндеп Маңғыстаудың Түркменстанмен шекарасына қарай жылжи берген. Осылайша Өзен аумағындағы Қоқымбай, Шұқырой, Қуанды, Темір баба, Батыс Теңге, Қызыл су, Тамды, Жаңаарна, Асар тағы басқа жерлерде іздестіру-барлау жұмыстарын жүргізу істерінің басында болды. Осынау күндері Маңғыстауда тұңғыш рет триас қабатынан (113-ұңғыдан) бензин тектес жеңіл мұнай табылды. Ал Асар алаңында қора қабатынан жаңа мұнай кен орны ашылған.
1966 жылы Одақ көлемінде алынған қаулы бойынша 1966-1970 жылдары Маңғыстауда мұнай мен газ кен орындарын игеруді тездету міндеті алға қойылып, 1970 жылы өндірілетін мұнай көлемін 12,5-15 млн тоннаға дейін жеткізуге тапсырма берілген. Бұл кездері барлаушыларға қарағанда бұрғышылардың материалдық та, техникалық та жабдықтау жағдайлары өзгелерге қарағанда әлдеқайда жақсы болатын. Көзделген межеге жету үшін барлық мүмкіндіктер көп кідіріссіз-ақ жасалып жататын. Соған сәйкес нық бағыт ұсталған. Алайда 1972 жылы Орталықтың Маңғыстауға бұрынғы қарым-қатынасы өзгере бастады. Оған себеп бұл аймақтың зор болашағына меңзейтін жаңалықтардың соңғы кездері болмай қалуы еді. Сөйтіп 1973 жылы «Маңғыстаумұнайбарлау» тресі таратылып, оның орнына комплексті экспедиция құрылған. Күрделі қаржының бөлінуі күрт қысқарып, штат кестелеріне көп өзгерістер енгізілген. Тек қана 1974 жылы Бозашы жарты аралында ашылған мұнай мен газ кен орындары Маңғыстау мәртебесін қайтадан шарықтатуға негіз жасады.
Сонымен қатар осы кезеңде Қызылорда облысында жаңадан ашылған Құм қол мұнай кен орнында да бұрғылау жұмыстары кеңінен өрістеу үшін қолдан келгеннің бөрі бірлестік арқылы жүзеге асып жатты. Көп ұзамай өндірістік қуаты мол "Мангышлакнефть" бірлестігінің қолдауымен Құмкөл тез күш ала бастады. "КазНИПИнефть" институтында кен орнын пайдалану және кәсіпшілікті жарақтандыру жобасы жасалды. Бірлестік қажетті техникамен, құрал-жабдықтармен, материалдармен және кадрлармен қамтамасыз етті. Талантты инженер М.Саламатовтың басшылығымен өндірістік мәселелер де дұрыс шешім тауып жатты. Сөйтіп Қазақстанның Қызылорда облысындағы жаңадан ашылған ірі мұнай кен орны пайда болуына өзгелермен қатар Қамысбай Мырзағалиұлының да айтарлықтай еңбегі сіңген.
5. Бойдағы қайрат пен ойдағы ізденіс үйлесімі.
Табиғат бойдағы қазынасын оп-оңай қолға ұстата қоймайды, оны алудың жолы кейде тіпті қиын-ақ. Сол үшін адамдардың жан баспаған шөл далаларды, ит тұмсығы батпайтын ормандарды кезіп, ұйқысыз түндер мен аштықтан бұратылған талай күндерді бастан кешуіне, бас айналдырған аптап пен аңызаққа, бет қаратпайтын үскірік аяздарға төзіп, талай қауіп-қатерлерге көре тұра бас тігулеріне тура келеді.
Өркениетті заманның ең құдіретті күшіне айналған "қара алтын" іздеушілерге бұл сөздерінің тікелей қатысы бар екендігін өз көздерімен көріп, сол қиыншылықтардың бәрін өз басынан өткерген Қамысбай Мырзағалиұлы сияқты ағалардың арамызда жүргені, жай ғана жүріп қоймай, ғасырлық кезеңнің төрттен үшін бастан кешірсе де, елдің ертеңін, ұрпақтың болашағын ойлап, әлі күнге дейін тыным таппай жүруі білген, түсінген адамға үлкен жүректің лүпілінен хабар бермей ме!?
Ол өзі бастан кешкен өмір мен мамандығының мехнаты мен маңызын көп көріп, көп нәрсені түйгені бар.
Осылардың бәрін көріп, білген сайын Қамысбай Мырзағалиұлының жүрегінде мұнайға деген ерекше ықыласпен қатар, оны зерттеп, тануға деген құлшыныс та берік қалыптасқан. Сондықтан да болар, 1988 жылы "КазНИПИнефть" институты қызметке келген кезде оның жылдар бойы жадында жатталған көңілінде қатталған мол тәжірибелі ойларының жүйеленіп қағазға түсуі заңды құбылыс еді. Ғұмырының қажыр-қайратқа толы ондаған жылдарын қызу еңбек майданында өткізіп, мұнай мен газды Жер қойнауынан қалай іздестіруден бастап өндіріс процесінің бүкіл ой-шұңқырын бастан-аяқ көзімен көріп, қолымен ұстаған зерделі де қажырлы жанның зейнетке шығар шағындағы аттай алты жыл уақыты мұнай әлемін зерттейтін ғылыми институтта да бейғам өтпепті. "Бұрғы ерітіндісі", "Бұрғылау кезінде болатын түрлі жағдайлар мен авариялардың алдын алу жолдары", "Ұңғыларды шегендеу мен жөндеу", "Мұнай көздерін ашып, ағынын арттыру жолдары", "Жобалық тереңдігі 5500 метрлік іздестіру ұңғысын орнату тәжірибесіне талдау", "Көлбеу, көлденең бұрғылау және мұнай көздерін ашатын оқпандар жасау" сияқты ғылыми еңбектерінің әрбіреуінің атауынан көрініп тұрғандай-ақ бұлардың бәрі өмір тәжірибесінің өлмейтін сабақтары.
Ал "Мұнай жөніндегі мағлұматтар" (үш автор бірлесіп жазған) ұзақ жылдар бойындағы үздіксіз ізденіс жемісі. Онда бүкіл дүние жүзі халықтарының мұнай турасындағы ең алғашқы аңғал түсініктерінен бастап, оның сырлары ең бір қарапайым жолдармен егжей-тегжейлі ашылған бүгінгі күнге дейін мағлұматтар жинақталған. Олардың арасында неше түрлі қызықты жайлар да кездесіп жатады. Мысалы, газ деген сөзді білмейтін адам жоқ шығар. Ал оның атауы грек пен немістің сөздерін біріктіруден пайда болған екен. Өйткені әуелде адамдар мұның зат екенін білмеген. Ал егер зат болса басқаша болар еді. Бірақ жан (рух) деуге де келмейді. Сонда бұл не деп бас қатырған. Кейіннен оның зат екенін ғалымдар дәлелдеп шыққанда мұның өзі теңдесі жоқ ғажайып жаңалық деп бағаланған.
Тағы бір қызық жәйт, әлі күнге дейін мұнайдың қайдан, қалай пайда болатынын және оның химиялық құрамы қандай екендігін ешкім толық білмейтін көрінеді.
Өнегелі отбасы иесі Қамысбай ағаға қатысты бұл турасында әдемі әңгімелер айтуға әбден болады.
Қамаңның ғұмырлық серігі Байдалиева Тәнім апамыз да Маңғыстау өңіріне кеңінен танымал орденді ұстаз. Бүгінде олар тәрбиелеп өсірген ұрпақтары бір қауым елге айналды. Тұңғыштары Алтай Грозный мұнай институтын бітірген, экономист. Қамасы Қазақ политехника институтының түлегі, Қазақ мұнай зерттеу институтында қызметте. Нұрлан мен Мәскеу энергетика, электротехника институттарының түлектері, бірі — Қарақұдық мұнай кен орнында, екіншісі Теңіз Шеврон кәсіпорнында. Балаларының бәрі әке жолын қуып келеді деуге әбден болады...