- 02 қаз. 2021 00:00
- 173
Кесіртке
Кесіртке — қабыршақтылардың бір отряд тармағы. Олар жер шарының суық аймақтарынан басқа жерінің бәріне дерлік таралған. Бұлардың қазіргі кезде 20 тұқымдасқа, 350 туысқа бірігетін 4000-нан астам түрі бар. Қазақстанда 6 тұқымдасы (жармасқы, ешкіемер, кесел, ұршықсап, жабысқақ, кәдімгі кесіртке), 13 туысы, 30 түрі кең таралған. Кәдімгі кесіртке тұқымдасының республикамызда 2 туысы бар. Бұлардың Қазақстанда 11 түрі кездеседі. Мысалы: секіргіш кесіртке (тұрқы 12 см-дей) республиканың солтүстік бөлігінде, Алтай, Сауыр, Жетісу (Жоңғар) Алатауы, Тарбағатай, Күнгей Алатауында; тірі туатын кесіртке (тұрқы 7,5 см-дей) Батыс Қазақстан, Ақмола облыстарында, Алтайда; жүгіргіш кесіртке (тұрқы 8,5 см-дей) мен орташа кесіртке (тұрқы 7 см-дей) республиканың оңтүстік аймақтарында; жолақты кесіртке (6 см-дей) Каспий маңындағы құмнан бастап, Алакөлге дейін; торлы кесіртке (тұрқы 10 см-дей) Арал теңізінен Алакөлге дейін таралған.
Кесірткелердің көптеген түрі жерде жүреді, ағашқа, бұтаға өрмелей алады, құмға батып кететін түрлері де бар (бат-бат кесіртке). Галапагос игуанасы мұхит жиегіне жақын жердегі суда кездеседі. Денесі жалпақ, қысқа не ұзынша келеді. Денесінің тұрқы 3,5 см-ден 4 м-ге дейін жетеді. Тері қабыршағының пішіні, құрылысы, үлкендігі әркелкі, оның түрлік жіктелімге бөлгенде үлкен мәні бар. Аяғы кейбір түрінде өте жақсы жетілген, кейбіреуінде редукцияға ұшыраған (тек калдығы қалған). Тісі бірқырлы кейде көпқырлы болады. Тілінің құрылысы да әр түрлі. Мысалы, жармасқы мен ешкіемерде — жалпақ, қалың етті; кеселде — ұзын, ұшы екі айырылған; хамелеонда — өте ұзын, түп жағына қарай жуандайды. Көздерінің қабағы қозғалмалы, ойнақшып тұрады. Қауіп төнгенде көбі құйрығын үзіп тастап қашады, бірақ көп кешкпей жаңадан құйрық пайда болып бұрыңғы қалпына келеді. Кесірткелердің көпшілігі жұмыртқалайды. Ұсақ түрлері 1-2, орташалары 8-10, ірілері 10-нан астам жұмыртқа салады.
Кесірткелердің арасында жемін күндіз де, түнде де аулайтын түрлері бар. Түрлі жәндіктермен және олардың дернәсілдерімен, өрмекшілермен,моллюскилермен, құрттармен, ұсақ кемірушілермен, құстар және олардың жұмыртқасымен, бақа, жыландармен, аздаған түрі өсімдіктің жұмсақ бөліктерімен, жемісімен және тұқымымен қоректенеді.
Кесірткелер — ауыл шаруашылығына зиянды жәндіктерді жеп, негізінен, пайда келтіретін жануарлар, бірак кесірткелердің арасында денелерінде жәндіктердің, кененің қансорғыш түрлері тіршілік етіп, адамға, жануарларға, малға қауіпті ауру қоздырғыштарын тарататын түрлері де бар. Кесірткелердің терісінен түрлі бұйымдар жасалады. Кейбір түрлері улы келеді. Кесірткелер көп ауланған, олардың санының жылдан-жылға азаюына байланысты қорғауға алынып, 36 түрі мен түр тармағы Халықаралық табиғат қорғау одағының "Қызыл кітабына", ал республикадағы 3 түрі (жұмырбас шұбар кесірткелер, Зайсан жұмырбас кесірткесі және кесел) Қазақстанның "Қызыл кітабына" енгізілген.
Оқуға кеңес береміз:
Жылан
Күзгі табиғат аясындағы жануарлар
Жануарлардың кейбір қасиеттері
Жануарлар балаларымен
Жан-жануарлар атаулары
Жануарлардың рентген суреттері
Қызыл кітапқа енген жануарлар (омыртқалылар)