Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 3 күн бұрын)
Кітапхана – өркениетке жетелейтін орда

Кітапхана - ғасырдан-ғасырға адамзат тарихының керуенін сүріндірмей әкеле жатқан, шырағы биік парасаттылық пен білімділіктің, байлық пен біліктіліктің киелі ордасы. Ал, осындай киелі орданың басшысы - кітапханашы!

Кітапхана жұмысы көзге көріне бермейтін ағысы баяу терең өзен секілді, түсінген адамға жауапты жұмыс. «Кітап – мәңгілік парасаттың ең киелі ғимараты», - деп Ә. Кекілбаев айтқандай, сол кітап иелері қатарына кітапханашылар да  жатады.  Сол қызықты да жауапты жұмысты атқаратын кітапханашылардың алға қойған мақсаты – ертеңі  бар елдің жастарын өркениет әлеміне  бастап жол көрсету,мәдениет көшінен қалдырмай, артымызға тәрбиелі, білімді ұрпақ қалдыру ісіне  ықпал ету. Кітапхана өмірі – сырт көзге біліне, байқала бермейтін ағысы баяу, тулаған толқындар ішінде жататын өмір. Сол өмірге бойлап,дендеп енген адам ғана бұл шаңырақтың қасиеттілігін, кітапханашы мамандығының қыры мен сырын аңғара алмақ.

Алайда, қазір кітапхана саласының құндылығы қандай?

«Кітапханашы-ұлы құрметке ие мамандық. Себебі, ұрпақтарды тәрбиелейтін ұстаз да, болашақтың басшысы да, данасы да, ғалымы да, еңбекқор егіншісі де, кеншісі де кітапханашы алдына келеді. Өмірге ұрпақ берген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты білімді болуға, ұлтшылдыққа тәрбиелеп жүрген кітапханашыларды да солай ардақтауға міндеттіміз! Сондықтан да, келешек ел тұтқасын ұстар жас өрендер, кітапхана ісі саласы болашаққа бағдар беріп, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея, яғни «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асыратын бірден-бір сала болғандықтан бұл мамандықтың  абыройын көтеретін істер жасалынуы тиіс деп ойлаймын. Қазіргі таңда елімізде кітапхана ісі мамандарын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қазақ Ұлттық Қыздар педагогикалық университеті, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті секілді іргелі оқу орындары даярлап келе жатыр. Аталмыш оқу орындарын бітірген жас мамандар өз бітірген салалары бойынша маман болып қалыптасып, жанашырлықпен еңбек етуі керек. Сол кезде ғана мамандық өз құндылығын көтереді.

«Кітапханашы» деген – кітап оқып, кітап беріп, үйіне қайтады дейтін тар ұғым орнына, жас буынға рухани таным беретін тұлға ретінде тануда. Заман көші ілгері жылжып, ХХI ғасыр ақпараттандыру кезеңінде оқулықтар, аудио-бейне жазбалар басқа да басылымдар электронды форматта жүргізілу үстінде. Жаhандану заманында кітапхана жұмысында жаңа технологияларды қолдану – кітапхана саласын дамытып, оқырман қатарын толықтыруға септігін тигізері мәлім. Сондықтан да, заман талабына сай кітапхана қызметкерлері де жаңа белестерден көрінуге тиіс. Болашақта еліміздің кез-келген өңірінде, шет аймақтарда жаңа технологиямен жабдықталған заманауи кітапханалар бой көтерер болса, бәсекеге қабілетті азаматтар мен азаматшалардың қатары көбейері хақ.

Бүгінгі таңда кітапхана – пайдаланушыларға ақпараттық қызмет көрсетудің негізгі және қоғамдық-мәдени орталығы. Ал кітапханашы кітап қарауылы емес, сол кітаптарды және елімізде болып жатқан жағдайларды насихаттаушы, жаңашыл көзқарастағы тұлға, рухани мұраны ұрпақтан-ұрпаққа дәріптеуші.

Болашақта еліміздегі кітапхана саласын дамуына өз үлесін қосар және осы мамандықтың қыр сырын дәріптейтін жастар қатары толықса, Қазақстанның бәсекеге қабілетті елдер қатарына қосылуға үлкен үлестерін қосқаны деп білеміз!

Ал өркениетке жетелейтін жалғыз – кітап пен кітапхана екенін ұмытпайық!

Гүлмира СӘБДЕНОВА, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың доценті,  тарих ғылымының кандидаты.

Жансая Қосмырза әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,  тарих, археология және этнология факультеті,  «Кітапханалық ақпараттық жүйе» мамандығының 2 курс магистранты


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама