Мәңгілік ел
2014 жылдың 17 қаңтарында Ел басымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев кезекті халыққа жолдауында: «Бір жыл бұрын мен еліміздің 2050 жылға дейінгі дамуының жаңа саяси бағдарын жария еттім. Басты мақсат — Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуы. Ол — «Мәңгілік Қазақстан» жобасы, ел тарихындағы біз аяқ басатын жаңа дәуірдің кемел келбеті. Өткен тарихымызға тағзым да, бүгінгі бақытымызға мақтаныш та, гүлденген келешекке сенім де «Мәңгілік Ел» деген құдіретті ұғымға сыйып тұр» деген болатын.
Енді сол «Мәңгілік Ел» идеясының түп тамырына зер салсақ. Бірі білсе, бірі білмес «Мәңгілік Ел» идеясы өзінің бастауын манифест ретінде Күлтегін, Тоныкөк, Білге қағаннан алады. Сондай-ақ «Мәңгілік Ел» мемлекеттік идеясының философиясы әл-Фараби шығармаларында, ал саяси қағидалары Жүсіп Баласағұнның «Құтты Білік» еңбегінде негізделеді.
Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» атты еңбегінде «Ұлттық идеяның тұжырымы ұлттық тарихи кеңістікте жатыр. Оны өзге бір өрістерден іздеу кезекті әмбебап құрылымдардың біріне қарай құлдырап кету деген сөз.Ұлттық идеяның қалыптасуы өзіміздің төл тарихымызды жаңаша ұғыну негізінде ғана мүмкін болады» деген еді. Енді міне «Қазақстан жолы – 2050:бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында ежелгі ата - бабаларымыз – түркілердің мәңгілік ел идеясын – қазақ елінің ұлттық идеясы ретінде жариялауы кездейсоқ емес.
Алғаш рет «Мәңгілік Ел» идеясы Шығыс Түрік қағанаты әскерінің бас қолбасшысы Күлтегінге арнап қойылған ескерткішінде түркі еліне жария етілген. Күлтегін ескерткішіндегі жазудың сол жақ бетінде: «Өтікен жынысында отырсаң мәңгі ел тұтып отырар ең», – деп айтылған. Тура осы сөздер Білге қаған ескерткішінің оң жақ бетінде қайталанған. «Мәңгі» сөзі айтылмаса да, оның мағынасы Тоныкөк ескерткішінің сол жақ бетінде «ел» сөзінің бір сөйлемде екі рет қайталануы арқылы берілген:«ел де ел болды». Сондай –ақ, «Мәңгілік Ел» идеясын Тоныкөктін «Мәңгілік ел болып қалыптасуымыз керек. Біздің бектеріміз бен қағандарымыз өзге жұрттың алдауына түспеуі керек. Аға буын қателессе, ол кейінгі жас ұрпаққа да қиындығын тигізеді. Сондықтан, біз шектес, шекаралас елдермен сарабдал саясат жүргізуіміз керек»,- деген сөздерінен байқауға болады.
Ежелгі түркілердің «Мәңгі ел» идеясы үш тұғырдан қарастыруға болады:
1. Көне түркі жазба ескерткіштеріндегі «Мәңгі ел» үндеуінің жариялануы;
2. Әл - Фарабидің философиялық шығармаларында, «Мәңгі ел» идеясының теориялық-методологиялық тұрғыдан негізделіп келуі;
3. Жүсіп Баласағұн осы идеяның іс жүзіне асуын қамтамасыз ететін «Құтты Білік» дастаның жазылуы. Бұлардың бәрі бір-бірімен тығыз байланысты, бір заманның жемісі және өзіне дейіңгі бабалар мұратымен жалғаса отырып, кейіңгі ұрпақтарының құрған мемлекетшілдік, яғни «мәңгі елдік» идеямен сабақтасады. «Мәңгілік Ел» идеясы дегеніміз — өткенімізден сабақ ала отырып, болашағымызды баянды ету жолындағы хақ мұраттарымыз!
Тарихи тамыры тереңде жатқан «Мәңгілік Ел» идеясы бүгінде өзінің жалғасын табуда. Оны Елбасының 2015 жылға арналған Жолдауында айқын көрсетіп берді: «Біз Жалпыұлттық идеямыз – Мәңгілік Елді басты бағдар етіп, тәуелсіздігіміздің даму даңғылын Нұрлы Жолға айналдырдық. Mәңгілік Ел – елдің біріктіруші күші, ешқашан таусылмас қуат көзі. Ол «Қазақстан 2050» стратегиясының ғана емес, XXI ғасырдағы Қазақстан мемлекетінің мызғымас идеялық тұғыры».
Қазақстан тағдыры үшін, өткен ата-бабалар мен болашақ ұрпақ алдында ең бағалы құндылығымыз - егемендігімізді сақтап, мұратымызға айналған «Мәңгілік ел» болу идеясын жүзеге асыру жолында аянбай еңбек ете білейік!
Мынжасов Даулет Ерланович Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің География факультетінің Қоршаған ортаны қорғау және өмір тіршілігінің қауіпсіздігінің 1- курс студенті
У.М.Джолдыбаева Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Қазақстан тарихы кафедрасының доценті