Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 4 күн бұрын)
Көгілдір таулар

БІРIНШІ ТAРАУ

Шыңылтыр Сібір кейінде қалған. Поезд кішірек станцияға кеп тоқтады. Көктем кезі еді. Алайда бұл жердің күн қақтаған құмына қарап, дәл қазіргі шақта енді бір жерде бәйшешек гүлдеді дегенге сенгің келмейді. Тіпті алдымызда өзен суы жайылып, темір жолды басып кетті деген де көкейге қонбайды екен. Вагоннан топырлай түскен жолаушылар көлеңке қуып сенделіп жүр. Алғашқыда поездің тоқтағанына назаланып, тепловоз басындағы поезд бастығын ортаға алып шу көтерген. Енді, міне, күннен қорғалай отырып, күбір-күбір әңгімеге кіріскен. Тепловоз да тым-тырыс. Составтың басында жабулы семафорға шекесінен қарап, жасыл қоңызға ұсап тұр.

Шпалдарды санай басып біраз жүрдім де, әлден соң күнге кірдім. Тымырсық тыныштық басып тұр. Көңілсіз - ақ. Әсіресе осындай жолаушы шыққанында жалғыз болсаң, көңіліңді мұң торлайды. Ал мен бір купеде өзім ғана келемін. Терезе алдына отырып, алыстағы көгілдір тау сілемдеріне көз жібердім. Ол жақ — менің туған жерім, менің туған ауылым. Ол таудағы әрбір жалғыз аяқ соқпақты білемін мен. Онда менің ешқандай ет - бауыр туысым болмаса да: «Тағы да туған үйіңе соқпай өтіп барасың - ау, сен», — деген жабырқау ой орала береді көңіліме. Апыр - ау, сол бір аласа ғана, бел ортасынан жерге шөккен, бір жағына қарай қыңыранған, терезе орнына қырық құрау шыны құрсауланған балшық кепе бар ма екен, десеңші бұл күнде. Біздің ауыл жарыса аққан қос бұлақтың ортасына орналасқан. Ен, шетте, биік таудың дәл етегінде мен туған — сол бір ескі балшық кепе тұратын. Біздің үйден шыққан жалғыз аяқ жол терең шатқалды өрлеп, алыстағы көкпеңбек боп көрінген көгілдір тауларға қарай кететін. Үйдің артындағы кішкентай сайдың ішінде жазғытұрым малина гүлдесе, күзге қарай қара бүлдірген тұнып тұрушы еді. Неше түрлі тау гүлдері, қалақай, итмұрын атаулылар ит тұмсығы өтпестей боп сыңсып өсетін. Әрине, мен ауылдан аттанғалы талай жылдар өтсе де ол үйдің азып-тозып, құлап қалуы мүмкін емес. Ол үйді әлдекім жылма-жыл жөндеп, сылап, сыртын әктеп қойып жүрген шығар. Туған ауылымның адамдарын білемін ғой. Олар менің енді қайтып оралмасыма көздері әбден жетпейінше, біздің үйдің отын ешқашан сендірмейді. Әрбір адамның туған жерінде жүрегіне ыстық отаны — ошағы болады. Ол ошақтағы жарқыраған от әрқашан қол бұлғап, иесін өзіне шақырады да тұрады. Сондай оттың менің ата-анам қоныс еткен үйде де әлі күнге жанып тұрғанына кәміл сенемін. Ол — сонау көгілдір таудың етегінде, менің алғашқы балғын қуанышым мен жабырқаулы балалық шағым өткен өлкеде.

Егер мен қазір есік қағып кіріп барсам, ол үйдің мені танымайтын тұрғындары өздерінін, туған ұлындай қарсы алатынын да білемін. Ол үй ғана емес-ау, бүкіл ауыл болып маған ыстық құшағын ашар еді...

Әне, анау жатқан құмдауыт төбеден асып түссең, ескі қара жол бар, ол жолмен түнделете жүріп отырып, балалық шағымның базары болған көгілдір тауға ертеңгі таң сәріде жетуге болады. Бірақ бұл сапарда да ата қонысыма соға алмаймын. Қызмет жайы осылай: бүгін түн Алматыға жетуім керек, онан әрі Душанбеге ме, болмаса Будапештке ме, әйтеуір тағы да бір жаққа жүріп кетуге тура келеді, ал туған жерім — көгілдір тауларға қашан ораламын, ол жағын өзім де білмеймін.

Ата-бабамнан қалған бір дәстүр маған мықтап сіңіскен, мен де нағыз көшпелі қазақпын. Рас, тарихшылар менің бабаларымды сонау Адам - ата, Хауа ана кезінен-ақ көшпелі болыпты-мыс деп дәлелдегенше мен тіптен сенбеймін. Менің бабаларымның қолымен салынған Отырар, Фәрәуи сияқты үлкен қалалар мен мемлекеттер тарихта болды ғой. Ол қалаларда Вавилондағы сәнді сарайлар мен кітап қоймаларына бергісіз сәулетті үлкен сарайлар, кітапханалар және де болды. Тек соның бәрі тарих тұяғының астында қалып қойыпты. Онан кейінгі жерде менің аталарым көшпелі өмірге ауысты. Мен де үнемі жолаушылап жүргенді ұнатамын. «Жібек жолын» шарлап шықсам деймін... Шуда жіпше шұбатылған қара жол көз ұшына дейін бұралаңдап барып, бұлдырап кетеді. Толқып келген ой теңізінен серпілу үшін мен қолыма кітап алғам. Бірақ оқи алмадым. Купенің есігі жұлқи ашылып, ішке ұзын бойлы, жауырынды, қараторы өңін күн қаққан жас жігіт келіп кірді. Қолында ескі чемоданы мен умаштай ұстаған кепкасы.

— Сәлеметсіз бе! — деп күлімдей амандасты да қолындағыларын үстіңгі полкаға тастай берді. — Көктемде де осындай қапырық болады екен-ау! Қайбір жақсы дейсің, — ол қол орамалымен тер басқан маңдайын сүртті. Пиджагын шешті, — Бұл кішкентай станцияға тек жүк поездары ғана аялдаушы еді. Көрім болғанда бүгін жолаушылар поезының тоқтағанын көрдіңіз бе. Әйтпесе жүк поезына жабысып, үлкен станцияға жетіп, жолаушылар поезына сол жерден мінем ғой деп келе жатыр едім. Тіпті рақат болды.

— Қай жерге дейін барасыз?

— Алматыға да. Анау жатқан құм жоталардан асып келемін, — - деп жігіт көгілдір тау жақты нұсқап қойды. — Бұрын облыс орталығы Талдықорғанда тұрғанда мәжілістерге жақын жерден деп ете қалушы едік, енді Талдықорған облысын Алматыға қосқаннан бері жүретін жолымыз алыстап кетті. Біреулер осы екі облысты қайтадан бөледі екен десіп жүр... Кім біледі. Қазіргі уақытта бүгін былай етсе, ертең олай қыла салу салтқа айналып кетті ғой. Әлде осының бәрі игі мақсат үшін шығар, кім білсін... Ау, айтпақшы таныспаппыз да ғой.

— Анаш! — деп қолын созды.

— Алыстан келе жатырсың ау деймін. Жол жалықтырған сияқты ма? — деді Анаш менің жауабымды күтпестен - ақ. — Ал мына мен поезбен ұзақ жолға шыққанды ұнатам. Кең далада салт атпен, я машинамен жүрген де бір тамаша...

Бүгіннің өзінде ғана газикпен жүз отыз шақырымдай жерді алып жібердік. Біраз жер өзенді жағалай жүріп, көкмайсалы ойпаңға кеп тоқтап, суға түсіп, ауқаттанып алдық. Шіркін, уақыт тар болды, әйтпесе қармақты серпе лақтырып отыратын - ақ жер екен. (Мен Анаш сөз ғып отырған өзенді бала жасымнан білетінмін. Ол басын алыстағы таудан алады. Бір кезде мен де сол өзеннің жағалауын жалаң аяқ шарлап, суға аққан шыршаның бұтағымен жарыса жүгіргенмін). — Онан кейін құммен жүрдік. Шағылдан шағылға ұшып-қонған құм бүркітін көрдік. Қысқасы сілікпеміз шығып, қарнымыз ашып-ақ жеттік. Қас қылғандай бұл жердің дүкенінде қатып қалған прәндік пен арақтан басқа ештеңе жоқ екен. Мына бір шарапты әзер таптым. Білетіндер дәмі қышқылтым деп мақтады өзін.

Анаш шалбарының қалтасынан шетелдік ұзын мойын төлкені алып, столға қойды...

Вагон терезесінің тұсындағы шаңғытқан ескі қара жолмен құм жотадан асып бара жатқан бір қора қой көрінді. Қой соңында — жүк артқан, бала-шаға, қатын-қалаштар мінгескен түйе керуені кетіп барады.

- — Түйелер кетіп барады. Бір асықпайды - ау, жануарлар, маң-маң басып... Сонау қыпшақ шапқыншылығы кезіндегі жүрісі де дәл осындай маңғаз болды-ау, бір өзгерсеші. Тек қолындағы жүгі басқа, күмістеген дүниелер емес...

— Е, әлі талай жылдар бойына осылай болады да, — деді Анаш мені қостап, үстінен көңілі толмағандық аңғарылды. — Бұларды бәрібір космос корабльдерімен ауыстыра алмайсың.

— Шыныңызды айтыңызшы, осы жануардың адамзат қауымына ғасырлар бойы қаншама еңбек сіңіргенін ойланған кезіңіз болды ма? — деп, ол маған барлай қарады. — Талай жанның өмірін сақтап, нелер қиын қатерден құтқарды емес пе, ұлылы-кішілі талай жаңалықтардың ашылуына себепкер болды ғой. Егер күндердің бір күнінде зоологтар қазіргі кездегі мамонттың қалдығын іздегендей, түйенің қалдырған ізі мен сүйегін іздей бастаса, о, онда жер шарының қай түкпірінен болса да табар еді. Оның өзі жан баспас деген ең қорқынышты құмның арасынан да, ең тереңдегі жер қатынан да табылатыны анық... Кейде мен осы бір жануарды өзіміздің жермен бірге жаралған болар деп ойлаймын. Әбу Әли Ибн-Сина мен Эль Бирунидің де жендеттерден қашып құтылып, шөлден аман қалғаны, осы жануардың арқасы емес пе. «Шығыстың Аристотельі» атанған ұлы қыпшақ Мұхамед Әлъ-Фәрәуиді Тараздан Бағдатқа жеткізген де осының қомы емес пе...

Марко Поло мен Семенов Тянь-Шаньскнй, Шоқан мен Потанин — қаншама жаһанкез мұнын, еңбегіне алғысты еді. Түйенің күре тамырынан сығып алған бір аяқ қан баукеспе ұрыға, яки ақынға, жаһан кезген зерттеушіге, болмаса қаңғып жүрген дәруішке жан бітірген...

— Сіз тарихшысыз - ау деймін?

— Мұның бәрін айтып отырғаным, кейбіреулердің дала суретінен тек сырттай қызықтар таңғажайыпты ғана аңғаратынын жек көрем. Егер мен тарихшы болсам, түйе туралы көп жайларды айтар едім, — деп Анаш езу тартты. — Адам баласының осы бір өмірлік құлы, қандай қиыншылықты болса да мойымай көтеретін, момын жануар жайында кітап жазуға әбден болады. Мәселен, піл жайында, дельфиндер мен акулалар туралы жазылған кітаптар көп-ақ. Джек Лондонның «Ақ азуын», Мұхтар ағаның «Көксерегін» оқып отырғаныңда нағыз қанқұйлы аңға да көңілің бұрады ғой. Жуырда мен дельфин туралы жазылған «Ақ лоцман» деген повесті оқыдым. Сенесіз бе, жоқ па, сонан кейін әлгі, үйірі тастап кеткен кішкентай ақ дельфин біраз күнге дейін ойымнан кетпей жүрді. Ол лоцман болып, кеменің мұхиттағы қатерлі жартастар арасынан өтуіне көмектеседі. Сондықтан да оны «Ақ лоцман» деп атайды. Бір елде сондай дельфинге орнатылған ескерткіш бар деген сөзді де естідім.

— Иә, олар қолға тез үйренеді дейді. Өте көнбіс жануар болса керек...

— Жоға, ол философия емес. Қайырымдылық тек көнбістікпен өтелмейді. Адам ақ дельфинді елімнен құтқарды, ал ол бұған бауыр басып, жақсылыққа жақсылықпен жауап беруге ұмтылды...

— Сіз темекі тартушы ма едіңіз? — деп мен папиросымды алдым. Поезд жылжып жүріп кетті. Біз бір-бірімізді түтінге қақалта тұрып, ұзап бара жатқан керуенге қарадық.

— Несі бар, жақсылыққа жақсылық деген өте орынды. Кел таныстығымыз бен ізгілік үшін ішелік, — деді ол кенеттен. — Рудаки айтыпты ғой:

Аш бураға бал шарапты балағам, Көбігінен сайтан оның тараған.

Ол шарап құйды. Новосибирьден бері стол үстінде тұрған алманы алып екіге бөлді. Өзі көңілді, күлдіргі жігіт екен. Екеуміз шарап іше отырып, армян радиосының анекдоттарын еске алыстық.

Бірде оның көз ұшында қалған керуенге әлі де тесіле қарап қойып отырғанын сезіп қалдым да:

— Жазғы жайылымға кешкен мұндай керуендер бұл жақта көп пе? — деп сұрадым.

— Көп, — деді ол. — Мынау құмның ар жағы жайылым. Әрине, Сарыарқа сияқты көк шалғыны бітік болмағанмен, қой мен түйе үшін шүйгіні жетерлік...

— Түйеге мінген шопан жусай жайылған қойдың шетінде тұр. Дала. Құлаққа ұрған танадай тыныштық. Қалың ойға итеретін табиғат тылсымы... Міне, мұндай көрініс әрбір қыр баласының есінде мәңгі сақталады. Солай емес пе? Сол далаңы сүймеуін, мүмкін емес қой. Мен үшін ол құр сырттай қызығарлық қана көрініс емес.

— Қалай десем екен... — Ол шараптан бір жұтып қойды да, жейдесінің түймесін ағытты. Терезе алдынан сырғанап кейін қалып қойып жатқан біркелкі сап-сары құм теңізіне ұзақ қарап қалды... — Сүю деген сөз де жеткіліксіз... Әттең басқа сөз таба да алмайсың. Менің бүкіл өмірім даламен, малмен, түйемен біте қайнасып жатыр. Бір айта кететін жай: түйелер де әртүрлі болады. Бұл өлкеде тек нарлар өседі. — Ол сәл ойлана отырып, әңгімесін жалғастыра берді. — Мен оларды өте жақсы көремін. Осы нарға байланысты көңіл жабырқатар жәй бар, — деп шылымының тұқылын терезеден лақтырып жіберді.

— Мен ФЗО-ға түсіп, одан қашып кететін жылы он екіге толған кезім еді. Бұл қырық үшінші жылдың қысында Күз - баста болатын. Қаладан бізді Томь өзені бөліп тұратын. Өзен жағасында ұзыннан-ұзақ салынған жатақхана корпустары болушы еді. Біз көп едік. Бір төсекке төрт баладан жататынбыз. Тұсымызда бақытты балалық шақ туралы, онан соң тағы бір «Бәрі жеңіс үшін!» деген плакат суреттер ілулі тұратын. Біздер фәзеуешниктер боп шығуға тиіс едік. Әр корпусқа бір тәрбиешіден бөлінген, ал бір корпустағы бала саны жүзден асатын. Әрбір он баланың өз атаманы болатын-ды. Біздің де сондай атаманымыз болды — көкшіл көзінің төменгі жағын ала он, жақ шекесіне қарай сызылған тыртығы бар, үсті-басы кір-қожалақ, шашы жылқының ту құйрығындай тікірейген, тентек бала еді. Біздің аяғымызға ағаш табанды ботинка берілген-ді, жүргенімізде жердің тоңын ойып жіберердей тақ - тұқ ететін. Қолымызға бір-бір балта ұстатты, онысы ауыр болған соң Томьға апарып лақтырдық.

Атаманымыз Гришканың бұйрығы бойынша, біздер, дүкендер мен базардағы жұрттың қалтасын қағуға тиіс едік. Мен бұл бұйрықты орындай алмадым. Сондықтан атаман маған үлкен алым салды. Жалғыз мен емес, оның қаһарына басқалар да ілікті. Сөйтіп қалта қағуға жарамсыз боп шыққандарымыз үш жеті бойы өз үлесімізге тиетін нанды атаманға жинап беріп, аш жүруімізге тура келді. Ал Гришка болса базарға апарып, нанның әр тілімін 30 сомнан сатып, қарық боп жүрді. Бір жетіден кейін біз қарсылық білдірдік. Алым төлеуден бас тарттық.

Түскі тамақ үстінде өз үлесімізге тиген нанды тоя жеп ап, бүкіл жұрттың көзінше, тәрбиешіміздің алдында атаманымызға наразылығымызды айттық.

Тәрбиешіміз бұл істі егжей-тегжейлі анықтаймын деп уәде етті де, өз жөніне кетті. Осының артынша шеткеріректегі кішкене тамның сыртында атамандардың мәжілісі болды.

— Тоқтай тұрыңдар әлі, дромадерлер! Томьның тұңғиығы сендерді аңсап жатқан болар... — деп кіжінді Гришка бізге.

Біз бұдан әрі ештеңені күткеміз жоқ. Биік қоршаудан секіре домалап шықтық та, Томьның үстіндегі көк айдын мұз арқылы қалаға кеттік. Қалтарыстармен жүріп кеп, жолаушы- лар поезының астына кіріп, астыңғы текшелерге жайғаса орналастық.

— Мұндай текшелер жолаушы поезындағы кезкелген вагонның астында болады. Мұны ит қамайтын жәшік деп атайды, — деп түсіндірді маған Шегіртке атанған досым.

Жәшік іші созылып жатып қорылға басқанға өте жайлы еді. Біздің «купеміздің» екі жағын да вагон қанаттары сыртынан қапталдап тұратын. Бәрі тынышталып, поезд орнынан қозғалар сәтте мен досымнан:

— Шегіртке, әй, Шегіртке! Дромадер деген не? — деп сұрадым.

- — Ә-әй, қараңғышылық-ай, — деп қойды Шегіртке. Онан кейін түсіндіре бастады: — Дромадер деген біздердің бір-бірімізден аумайтын тұмсық тірескен қиқарлығымыз. Ұқтың ба!

Мен Шегірткенің осынша кеп білетініне қайран қалдым. Біздің ендігі атаманымыз осы болуы керек деп түйдім. Кіп - кішкентай, ап-арық болса да оның ширақтығы, батылдығы керемет еді. Жақсы атаман шығады өзінен.

Сөйтсем оның өз жоспары бар екен.

— Ал, бауырларым, осы бірге жүргеніміз де жетер! Енді жеке-жеке кетелік... — деді ол.

Біздер осылайша бір-біріміздің аты-жөнімізді анық білмеген күйде үнсіз қоштасып, бет -бетімізге кеттік. Мен Аягөздің қасындағы Сергиупольде тұрған солдаттарға тап болдым. Бір ақ көңіл аспазшыға қолқабыс етуші боп орналастым. Сонда жүріп барабан қағуды үйрендім. Бірақ, бәрібір, солдаттар мені ездерімен бірге майданға әкетпеді. Бір жаппа нанды құшақтатты да, аудандық оқу бөліміне қолхат жазып беріп, билет сатып әперді де туған жеріме шығарып салды.

Келесі жылдың қысын мен өз ауылымның, жанындағы интернатта қарсы алдым. Нан тауып жеу бұрынғыдан да қиынға түсті. Балалар ағайын-туғандарын паналап кетті. Январьдың аяғында интернатта небәрі он төрт-ақ бала қалған едік.

Терезелер суықтан жарылып, жарғышақтардан ызғырық гулеп тұратын. Кешкісін біздер тыр жалаңаш шешініп, бір-бірімізге тығылыса ұйықтап жататынбыз. Сол күнгі кезекші болтан бала үстімізге ескі-құсқы көрпелерді, жыртық тондарды жауып, шет - шетін қымтап тақтаймен бастыратын да, өзі де енетін. Түнде үстіміз ашық қалмауы үшін екінші жамбасымызға сол кезекшінің бұйрығымен аунайтынбыз... Осындай дірдек қағып тоңып, қарным ашып жатқан түндерде мен достарымды еске алатынмын. «Қайдасыңдар, жердің қай түкпірінде жүр екенсіңдер қазір... Нарларым менің, нарларым...»

Бірде зоология пәнінің мұғалімі осы бір сөзді айтып қалды, тек ол:

— Бір өркешті түйе драмедар деп аталады — деді. Мен Шегіртке сөзінің дұрыстығын дәлелдеп драмедар емес, дромадер деп мұғаліммен сөз таластыра кетуге әзір едім. Алайда мұғалім не ФЗО туралы, не Шегіртке жайлы бәрібір ештеңені білмейді ғой деп іркілдім. Мектептен қайтарда мен интернат ауласында тоқтап, өзіміздің жар дегендегі «жалғыз жегіндіміз» — жүні түскен кәрі түйеге ұзақ қарадым. Жануардың самарқау қимылы, үнсіздігі, бедірейе қарағаны — бар табиғаты Шегірткенің сөзін растап тұрғандай: тұмсық тірескен қиқар. Түйені ызаландырғым кеп, ұрып қалдым. Ол мыңқ еткен жоқ. Сол сабырлылығының езінде үлкен күш бар сияқты. Мен былайырақ кеткенде, түйе орнынан тұрып, үй төбесіне жирафша мойнын созып, шіріген қамысты жайлап күтірлете бастады...

... Кеп ұзамай интернаттың нарына деген менің көзқарасымды түп тамырымен өзгерткен оқиға болып өтті. Оған аяушылықпен қарап, жек керудің орнына жақсы көретін болдым. Жетімсіреген, жалғыз өркешті, мұңлы жануар маған аса ыстық көрінетін боп кетті.

Майданнан киіп қайтқан шинелін әлі жаматып үлгірмеген, ұзын мұртты, қабағы үнемі жабыңқы жүретін Жүніс деген ақсақ кісі бізде қоймашы боп істейтін. Бір күні ол жаралы сол қолымен қойманың аузындағы үлкен қара құлыпты әзер деп ашты да бізді ішке кіргізді.

— Ал балалар... азық-түлік таусылды, — деді ол ауыр күрсініп. Онан соң әзілдеуге тырысып: — Барлық жәшіктерді тақырлап көріңдер. Ең болмаса бүгін тоя ішетін, бір кештік ұн табылар, — деді.

Кешкісін ол Мәулен деген бір ересек баламен мені үйіне ертіп барды. Әйелі бізге арнап екі картон пен бір уыс қара талқаннан көже істегенше, Жүніс ертең таң азаннан үшеуміздің станцияға жүретінімізді айтты. Түйе жүнін еткізіп, жүз килограммдай ұн әкеледі екенбіз.

— Ал енді аяқтарыңды шешіңдер де шұлғауларыңды ана апаларыңа беріңдер, кептіріп қойсын, шарықтарыңды бері тастаңдар, жамап қояйын. Өздерін, жатыңдар да ұйықтаңдар.

Тауық екінші шақырғанда жолға шығамыз...

белгілі жол сілеміне қарай қақпайлап қояды: Анда-санда аспанға қарайды да:

— Жолымызды қыла көр, алла, қайтарымызда да күн осындай ашық болғай, — деп күбірлейді. Алла оның сөзін естімепті. Өйткені қайтар жолымызда боран соқты. Біз aт түтектің ішінде қалдық. Қырсыққанда Жүністің жарақатының аузы ашылып, дереу ыстығы көтерілді, кей сәт есінен тана бастады...

Нар да болдырайын деді. Ауылдан шыққаннан аш болатын, тәлтіректеп қара тер боп келеді. Біздің бойымызды үрей биледі. Мен қорыққанымды білдірмеу үшін түйені үсті-үстіне ұрғылап, дамыл таппай айқайлап қоямын. Есін бір жиғанда Жүніс.

— Ұра бермеңдер. Үйді өзі тауып апарады, — деді. Біз шана соңынан омбы қармен жүрдік, ақыры титықтаған түйе бір төбешікке келгенде жатып қалды. Мен таяқты ала сап, ұруға ұмтылғам. Нар басын бұрып, маған дәл жапа шеккен адамша мұңая қарады. Ол да мен сияқты жалғызсыраған жетім еді. Жаудыраған көздері жасқа толып тұр. Ер адамша қабырғасы қайысып, үнсіз жылап тұрды. Оның көз қарасында адам баласына тән — жабырқау, қиналу, мүсіркеу, шаршау, кінәлау — бәрі де бар еді. Ауыр жас тамшылары сырғып барып, суық қарды қара жерге дейін тесіп өтіп жатты... Менің қолымдағы таяқ жерге түсіп кетті. Шанаға қарай теріс айнала бердім. Мәулен де менімен бірге жүрді.

— Біз неғып тоқтап тұрмыз? — деп сыбырлай сұрады Жүніс. Онан соң орнынан көтерілмек болды.

— Көрмей тұрсыз ба? — дедім мен шегіп жатқан түйені нұсқап.

— Немене, жануарым, болдырғаның ба? Қиын болды ғой... Мәулен, қаптың аузын шеш не етегіңе ұн салып ап, жануардың алдына апаршы. Кішкене әлденіп, солығын бассын... — Қинала сөйлеген Жүніс біраз демін алды да: — Қозғамаңдар, әлденсе өзі-ақ тұрады. Өзінің тұрғаны дұрыс. Менің де ауруым басылайын деді. Қорықпаңдар балалар, үйге аман-сау жетеміз әлі. Жетеміз ғой... Жел де саябырлапты, мұндай боран жылы болады Осынысы жақсы.

Мен Мәуленнің етегіне ешбір сыбдырсыз жапалақтап түскен қарға, салбыраған қалын, түкті ұртымен ұннан асықпай - саспай қарбыта асап шайнаңдаған аш түйеге сілейе қарап тұрдым. Түйе де бұрынғысындай емес, бізге етене болған дос пейілмен сабырлы қарайды. Ол маған қарай мойнын созып, еркелегендей менің иініме басын сүйкеп - сүйкеп қойды.

— Әй, байғұс нарым-ай... — деппін мен балалық шын көңіліммен. Мүсіркеп шудасынан қасып, сипағым келді. Сонда түйеге қарап тұрып бірінші рет мен біздің қазақта аналарымыз баласын еркелете тұрып неліктен «ботам менің» деп еміренетінін, неліктен қырда ең сұлу қызды «ботагөз екен» дейтінін ұққан едім...

Нар орнынан тұрып жүріп кетті. Мәуленнің білеуленген жалпақ беті күлкіге көміліп, жүріп бара жатқан күйде жапалақтаған қарға алақанын тосып, солардың арасынан жұлдыз сияқтысын іздеуге кірісті.

... Келісімен Жүніс ауруханаға жатты. Кешкісін, талай күннен бері жөнді нәр сызбай жүрген он төрт бала пышақпен тілгіленген ұзын столды қоршалай отырдық. Үлкен сырлы табақтан әркім өзіне буы бұрқыраған қою атала көже құйып алды...

Онан кейін барлығымыз колхоздың ат қорасына түсіп, аттарға салынған шөпті түп-түгел ұрлап әкелдік те, өзімізді өлімнен құтқарған жалғыз нардын, алдына үйіп салдық. Қуаныштан жарылардай қарқылдаса күліп, секіре билеп, ұялас күшіктердей асыр сала мәз-мейрам болдық. Сол бір түн естен кетпестей ғажап еді. Ол түн бізге тағы бір қуаныш әкелді. Дәл ұйқыға жатардың алдында колхоз шопандарының бізге арнап көрпе-жастық беріп жібергенін білдік. Рас, көрпелер жамаулы болатын, бірақ арасына түйе жүні тартылған жеп-жеңіл, жұмсақ еді.

— Дүниеде мұндай көрпеден жылы ештеңе жоқ. Пешке жылынғандай боламыз енді! — - деп Мәулен даурыға айқайлады, — Құртыңдар, мынау тақтайлар мен жыртық тондарды. Төрелерше шіреніп жатып ұйықтайық.

Ертеңгісін білдік, Жүніс сотқа беріліпті. Жұрттың айтуына қарағанда оны бізге ешкім де қоймашы, я тәрбиеші ғып тағайындамапты. Тіпті ондай қызмет атымен жоқ та екен. Интернат баяғыда-ақ есептен шығарылып, жабылған көрінеді. Ал Жүністің бізге қамқорлық жасап, шопандардан жүн алып, ұнға айырбастауға еш қақысы жоқ екен. Қысқасы ол мемлекеттен қымқырған боп шықты...

Анаш үнсіз тұрып қалды. Ойлы қалыпта терезеге қарайды.

Терезе алдында жүйткіген поезбен жарысқандай телеграф сымдары, бағандар қалып жатыр, әріректе бүкшиіп жатқан жоталар, таулар. Анаш солардың ешқайсысын аңғарар емес, өз ойымен өзі.. Менің байқауымша оның өңінде кірбің бар сияқты, әлденеге қобалжып тұрғандай. Адам мінезінде бір сәттер болады - — әңгімеден әңгіме туып, кездейсоқ сөздің өзі жүрегіңді шарпып етіп, түрлі ойларға сүйрейді, еткен өміріңнің ең бір ыстық шақтарын еске салады. Есіңе бірінен кейін бірі тізбектеліп өткен күндердің суреттері оралады, істеген істеріңе сырт көзбен қарайсың. Олар саған соншалықты ыстық көрінеді, өйткені әр өткен істің өз мәні, астары болады. Егер сен өмірден жақсылықты, ізгілікті іздеген болсаң онда өміріндегі әрбір ұсақ жайлар, күйлер жалғыз сенін, өзің туралы ғана емес, сен өмір сүрген мезгіл туралы, сенің заманың туралы баяндайды, өйткені адам өмірінің өзі сол ұсақ жайлардан құралады ғой...

Анаш та дәл қазір өзінің балалық шағындағы қуанышы мен қайғысын, ізгілік пен қатыгездікті айтып, мейірбан Жүніс пен қайсар Шегірткені, өзінің балалық шақтағы достарын елжірей еске алып тұрды.

Мүмкін, мұның, өзі адамдар бойынан жақсы қасиеттерді ғана көріп, соған сеніп үйренген жанның кездейсоқ сыр ашуы шығар. Мүмкін бұл өткен күндердің сан қырлы қиыншылықтары мен романтикасын еске алудан туған өнеге, өсиет болар.

Мүмкін поездің адамды дарақы күлкі мен парықсыз бос сезден көрі, көбіне жабырқаңқы күйге,өмір туралы салиқалы ойға бөлейтін осы бір бірқалыпты тербетілген ырғағы оның есіне өткенді түсірген болар. Мүмкін тіпті оның көкейіндегісін айтып, шерін тарқатқысы келген шығар...

Шынымды айтсам, сол пысынаған ыстық күнде купеде отырып, мен философияның қыртыс-қыртыстарына мұншалықты ене қойғаным жоқ. Анашты тыңдай отырып, мен өзімнің бастан кешіргендерімді еске алдым. Ол маған құрдас еді, сондықтан оның тағдыры менің тағдырыма ұқсас болатын...

— Осыдан үш жетідей бұрын, осында бір қызық жағдай болды, — деп жалғастырды әңгімесін Анаш. — Жиі-жиі жаңбыр жауып тұрған кез еді. Бір шетелдік адамды бастап совхоздар мен колхоздарды аралатуға тура келді. Әлгі кісі ең алыс түкпірлерде жатқан шопандар қыстауын көргісі келді.

— Мен азиялықтардың: «мың қайтара естігенше, бір рет көрген абзал» деген данышпандық мәтелін ұнатамын, — деп қойды ол. — Қысқы жайылымдарда болып, шопандардың қалай тұратынын көрсем деймін. Сіз мені шопандар тұрмысы колхоз орталығында — селода тұратын колхозшылардай: не керектің бәрін алып тұрады деп құр сөзбен сендіріп қоймассыз. Мәселен картоп, нияз, капуста, жемістерді олар да күнделікті жеп тұра ма, оларда да электр жарығы жана ма, кітаптар бар ма...

Мен оны сендіруге тырысқам да жоқ. Үнсіз келеміз. Машинамыз батпақты қара жолда бұлтаң қағады. Кейде сортаңға түсіп кетеміз де, газик жан - дәрмен боп алға ұмтылады. Жол титықтатқан шофер бізге қарап қояды да, ақырын ғана күңкілдейді. Даланың шым-шытырық сүрлеулерінде жолды тура тауып жүру оған қиын тиіп келеді. Кенет алдымыздан түйе мінген адам ұшырасқанда ол қуанып қалды.

Түйе үстіндегі адам біздерге көңіл аударған жоқ. Оның үстіне кигені қалың кенеп плащ екен. Балшық жабысқан саптама етігімен үзеңгіге шіреніп қойып, түйе жүрісінің ырғағына қарай изеңдеп, ойға шомып келеді. Шофер одан қазақша:

— Ақсақал, шопандар қыстауына қай жолмен тезірек жетуге болатынын айтып жібермейсіз бе? — деп сұрады.

— Тура жүрсең адаспайсың, — деді үстіндегі адам, онан соң бұрылып бізге қарады: күн мен желге тотыққан қою күрең жүзді орыс жігіті екен.

— Мәссаған, міне саған ақсақал! — деп күліп жіберіппін мен.

— Қайдан білейін. Жүзін көрген жоқпын ғой, — деді қысылып қалған шофер.

— Иә, сөйтіп, бізге қонаққа келе жатыр екенсіз ғой, — деді түйе үстіндегі жігіт таза қазақ тілінде.

Жауапты шофер берді. Түйесін қамшылап сар желдіріп әлгі жолаушы жігіт те бізден қалысқан жоқ. Жүріп келе жатқан күйде мен:

— Мына кісі сіздің мұнда кім боп істейтініңізді білгісі келеді? — деп дауыстадым.

— Ветеринар боп істеймін.

— Апыр-ай, сіз бізбен бірге отырған болсаңыз, біраз әңгімелесіп алар едік - ау...

- — Е, отыруға болады, — деп, ол шоферге машинаны тоқтаттырды.

— Ал түйені қайтесіз?

— Артымыздан өзі-ақ жетеді қыстауға.

Ол үзеңгілерін қайырып, ердің қасына мықтап байлап түйенін, басындағы жүгенді сыпырып алды да, мойнынан сипап, шапақтап қойып, өзі машинаға кеп отырды.

— Иесінен өзі де қалмайды, көрдіңіздер ме, — деп қойды біздің жаңа танысымыз жымиып. Түйе машина соңынан сар желіп келе жатты, — өзім үйреткем. Жануар жақсы серік, өзі жас.

Шетелдік адам көңілденіп кетті. Оған осы таныстықтың өзі таң-тамаша қызық көрініс еді. Ол түйе жайында сұрастыра бастады. Жолаушы жігіт екеуміз өзара танысып алғаннан кейін шетелдік қонақтың сөзімен айтқанда «дала кемесі» жайлы, «Азия мен сонау Солтүстік Африкаға дейінгі жерді алып жатқан Орта Шығыстың тарихын жасасқан жануар» туралы әңгімені бастап кеттік.

Сөйлесе отырып мен жаңа танысымыздың жүзіне анықтай зер салдым. Бет-аузын қалын, түк басқан, тотыққан, ат жақтылау, оң жақ шекесінде білінер-білінбес тыртық ізі бар, қою күрең шашы баса киген құлақшынына сыймай шығып тұр... Жоқ, бұрын көрмеген адамым, Бірақ дауысы мен кей сот мұңайғандай боп өте шығатын жымиысы әлдеқандай бұлдыр елесті оятқандай болады.

— Айтыңызшы, — деді шет елдік қонақ, — басмашылармен соғысқан кезде сіздерде махарлар болды ма?

— Сіздің айтып отырғаныңыз түйеге мінген сарбаздар болар? Білмеймін. Мүмкін болған да шығар. Өзім көргенім жоқ. Кештеу тудым, — деп жауап қайырды ветеринар.

— Қаһарлы кавалерия. Африка мен Аравия құмдарында махарлар қазірдің өзінде де қауіпті, Ағылшын, француз офицерлері басқаратын арнайы құрылған отрядтар бар...

— Ол жайлы естіген сияқты едім. Сіздің айтып отырғаныңыз жазалаушы отрядтар ғой шамасы. Өздерімен кетсін. Әлі-ақ жайына қалар. Бізде махарлар атымен жоқ. Түйені шопандар күш көлікке пайдаланады. Тау арасымен құм арасында көшіп-қонғанда түйеден артық көлік жоқ. Шопан үшін машинадан түйе жақсы. Ерекше күтімді де тілемейді, жануар... Біздегі майдан мүлдем басқа. Біздер молшылық үшін күресеміз, астық үшін, ет үшін...

Шет елдік қонақ бұл жауаптың өзіне белгілі екенін, талай естігенін айырықша білдіргісі кеп басын изей берді.

— Біздің дромадерлер қысқа қарай құмға кетеді, — деді ветеринар.

— Дромадер емес драмедар, — деп мен оны әзілдей түзеттім.

— Ғылым жүзінде солай ғой. Ал біздерше дромадер деген жақсы, — деді ол күлімсіреп. Мені тағы да оның дауысы мен сәл мұңая күлімдеген сәті таң қалдырды.

— Кешіріңіз, сіз... — деп ол менің бетіме тесіле қарады.

— Шегіртке деген бір бала болып еді... Дромадер... — дедім мен үзіп-үзіп.

— Қара торғай! Қайдан жүрсің?! — деп ол айқайлап жіберді... Шарта құшақтасқан біз машинадан әзер түстік. Шетелдік қонақ бізге таңырқай қарап қапты. Ілезде қасымызға шопандар, түйешілер жиналып, екеумізді қоршап алды.

... Біз тар бөлмеде шелпек пен шақпақ қант толы дастарқанның басында, қаймақ қатқан ыстық қою шәйді ернімізді күйдіре ішіп отырмыз.

Шегіртке екеуміз бір-бірімізге күле қарап қойып өткен күндерді, әлі күнге бірде-бірін кездестірмеген балғын достарымызды еске алып отырмыз. «Қайдасыңдар, нарларым менің нарларым?».

Сыртқа шыққанымызда менің айтқандарымды тыңдап болған Шегіртке:

— Өмір деген жылдармен өлшенбейді, — деді ойлана тұрып. — Жылдар тек жастық пен кәрілікті жікке бөледі, өткен оқиғаларды тізіп баян етеді, біздің өзімізді өзіміздің ұғуымызға пайдасын тигізеді...

Шетелдік қонақ қойын дәптерін ішкі қалтасына тығып қойды. Ол киіз үйдің іргесіне сүйенген күйде дала табиғатына ойлана көз жібере тұрып, біздің әңгімемізді үнсіз тыңдады. Оның тым-тырыс қалғандығы сонша, біз тіпті оның барын да естен шығардық.

* * *

Анаш тағы да шылымын тұтатты. Бөтелке босаған. Құм шағылдар да таусылды. Поезд жүрісін баяулатып, тағы да жасыл даламен келеді. Шпалдарды су басып кеткен жерлерге келгенде тіптен ақырындап, абайлап жүреді. Өзен асып төгіліп жатыр. Көлкіген судың жағалауында күрек, сүймен ұстаған жұмысшылар жүр. Әр жерде бір тастақ төбелерге тұмсығын тығып, қара қабанша бульдозерлер тұр.

... Анаш терезе алдында ұзақ тұрды. Мен оның шаң мен терден жотасы сәл қоңыр тартқан ақ жейдесін тырсылдатып керіп тұрған кең жауырынына, күнге күйген қара шашына көз жібердім. Оның әңгімесін тыңдай беруге әзір едім. Сондықтан ойын бөлгім келмей, қашан өзі тіл қатқанша үнсіз отырмын....

— Тегінде мен Қырғызстанда туғанмын. Туған жерім Сонкөлдің жанындағы бір ауыл. Анық қай жер екенін де білмеймін. Кішкентай кезімнен жетім қан, балалар үйінде тәрбиелендім. Балалық шағым Қазақстанның осы бір шет аймағындағы шекараға жақын тұрған бір кішкене ауылда өтті. Әне, анау - у көрінген көгілдір тауларда, — деді ол қолымен нұсқап. — Тағдыр мені қайда айдаса да мейлі Сібірде болайын, мейлі Жетісудың басқа бір шетіндегі балалар үйінен шығайын — бәрібір бір-екі ай өткеннен кейін, мен қайтып айналып осы ауылды табатынмын. Онда, жүрегі күн нұрыңдай шуақты қарт ана — менің әжем тұратын. Сол жерде мен өзіме достар тапқанмын. Көктем болса тау-тасты шарлап көк жуа іздеп, жаз болса қара бүлдірген теретінбіз. Сонда біздің әрқайсымыз жолақ-жолақ белгісі бар шекара бағанын басқалардан бұрын көруді, таудың арғы бетінде жатқан Қытайға бірінші боп баруды арман ететінбіз.

Әжемді мен туған анам есепті апа деп атайтынмын. Көңілденген сәттерінде ол езінін, Шәуешек пен Құлжада өткізген жастық шағын жиі-жиі еске алатын. Менімен бірге бөдене ұстасып жүрген жолдасымның аты да Құлжа еді. Бірде мен апамнан:

— Осы Қытайдағы қалалар неліктен Шәуешек, Құлжа деп қазақша аталады? — деп сұрадым.

— Ол жақта қазақтар көп, — деді апам.

Онан соң ол Үрімшінің қисық көшелері туралы, у-шуға толы базары мен толып жатқан дүкендері туралы әңгімелеп кетті. Тегінде апам Жоңғар қазақтарының өмірі жайлы, дүнген бақша өсірушілері мен ұйғыр қолөнершілерінің тұрмысынан толып жатқан ертегілер, қызықты хикаялар білетін. Ал қытайлардың өнершілдігін сөз еткенде оларды мұздан от жағады деп дәріптейтін. Үйдің жанындағы огородта апам собығы кіп-кішкентай қытай жүгерісін өсіретін-ді. Кішкене собықта ақ маржандай боп ұш қырлы ернекті дән тығыз тізіліп тұратын. Осы жүгеріні ешкі - лақтан қори жүріп мен өзімді қытай орманының қорғаушысы деп есептейтінмін және Құлжа қаласын досым Құлжадан да бұрын керуді арман ететінмін.

Әжем бір әңгімесінде атам мен қызы (менің анам) үшеуінің жаңбырлы қараңғы түнде ақ боз атқа мінгесіп, шекарадан қалай өткендерін айтты. Бұлар Қырғызстандағы Сонкөлдің жағасынан бір-ақ шығыпты. Сол жерге қоныс теуіп, менің анам тұрмыс құрыпты. Ақбоз ат жануар әбден қартайып өлді, оны мен де еміс-еміс білемін. Ыңыршағы шыққан кеп шолақтардың бірі болатын, — деп Анаш поезд доңғалағының бірқалыпты тықылына құлақ түре тұрып езу тартты.

— Бір қызығы, мен шетелге алғашқы сапарымда сәйгүлік атпен бардым. — Ол тұрып барып шам жаққан, бірақ ток жоқ боп шықты. — Сайтан алғырлар, үнемдеп отыр-ау...

Сәл ойлана тұрып Анаш әңгімесін қайта жалғады.

— Соғыстың соңғы жылы болатын. Ауылда жұмысшы қолы жетіспейтін. Майданнан жараланып қайтқан бригадир мені жайлаудағы малшыларға оқ-дәрі, тұз, тары апарып қайтуға жұмсады. Жүрер алдымда ол маған:

— Жалғыз өзін, қорықпайсың ба? — деді.

Жолдын, қалай боларын білмесем де:

— Жоқ, — дедім мен.

— Онда жігіт екенсің. Естияр боп қалдың ғой, қорқатын түк те жоқ. Тек тақымың мықты болсын. Мін етін атың жақсы ат, жолды өзі-ақ табады. Тан, біліне жолға шықсаң, күн бата жетіп барасың. Тау үстінде күн тез бата қоймайды, — деп бригадир жол болсын айтып, шығарып салды.

Состиған биік жартастардың арасында, бас айналатындай ирелеңдеген жалғыз аяқ жолмен тартып келемін. Екі жағым шыңырау құз. Тысыр еткен дыбыс жоқ, меңіреу тыныштық. Үрейлі қорқыныш билейді бойымды. Дегенмен ақ боз атқа мініп жалғыз келе жатқаныма масаттанып та қоямын. Астымдағы ат алшаңдап, аяғын қадап басады.

Бір буырқана тулап жатқан сарқырама бұлаққа жеттім де, өзім су ішіп, шалдыққан атыма біраз от шалдырып алдым. Тақ төбемнен шұқшия қарап отырған үлкен бүркітке көзім түсіп кеткенде, сасқанымнан, атыма секіріп мініп алыппын. Осы мезетте қылтадан салт атты екі шекарашы шыға келді.

— Иә, қайда барасың, жігітім? — деп сұрады олар. Менің есім шығып, қорқып қалдым.

— Жамантас жайлауында отырған бақташы Хамза атайдікіне барамын, — дедім.

— Ә, онда бірге жүрелік, көңілді болады.

Тағалы аттар тастақ қияға мысықша тырмысып, тік өрге ентелеп келеді. Алдымыздан төңірегін ақбасты шыңдар қаумалаған жап-жасыл жазық кез болды. Дәл ертегідегідей - ақ көрініс еді. Көкпеңбек мөлдір көк аспан, жауқазын жасыл жайылымдық. Жартастар арасында ұйыған сүттей боп жатқан мәңгі қар. Күн батуға таяп, тау үсті кешкі шұғыламен нұрлана құбылып тұр. Қар күлгін тартып, кен, жазық көкпеңбек боп, аспан реңі қызғылт жалқын түрге енді. Көк шеп үстіне түскен біздің көлеңкеміз ұзарып, алып батырларға ұсап кетті. Осы сәтте мен ауылдағы балалардың дәл қазір менің кімдермен, қайда бара жатқанымды білмейтіндеріне қатты қынжылдым.

Сол сәтте мен алдымнан пенде жайдың күтіп тұрғанын да білгем жоқ.

* * *

Проводник шәй алын кірді. Біздер столға кеп отырдық.

Анаш стаканға бір кесек қант салды да, қасықпен жайлап араластыра бастады. Мен әңгімені өз арнасына түсіргім кеп:

— Ал сөйтіп тауға барған сапарың қалай аяқталды? — деп сұрадым.

— Күйінішпен, — деді ол. Мен оған қадала қарадым.

— Оның өзі сиықсыздау ұзақ әңгіме. Менің шет елдегі алғашқы сапарым біраз тентіреумен аяқталды. Ол жайлы бірде реті келгенде әңгімелермін, — деп ол да маған қадала барады.

— Әлі кездесеміз ғой. Тау таумен кездеспейді, адам адаммен кездеседі демеуші ме еді, бір мәтел. Сондықтан ос.ы әңгімені келесі кездесуімізге қалдырып, алғашқы сөзімізге көшелік.

...Шетелдік қонақпен мен сол күні қоштастым. Шегіртке (шын аты Семен еді), оны әрі қарай келесі совхозға дейін шығарып салуды өз міндетіне алды. Ал менің ауданға тез қайтуыма тура келді.

Кешкі асты ішкен соң жүріп кеттім. Шетелдік қонақты әкелгенде колхоз, совхоздардың жиі қоныстанған жерін аралап, үлкен жолмен жүргенбіз, енді ой-шұқыры көп төте жолға түстік.

Ымырт үйіріле шағылдар арасына жеткенбіз. Кенет машина жарығын ойқастай жарып ерттеулі бос ат шауып етті. Шофер машинаны тоқтатты. Тізгіні быт-шыт болған аттың жолды осқырына айналып, түн қараңғылығын тұншықтырғандай ауық-ауық үрейлі кісінегені жақсылықтың белгісі емес еді. Шофер оны машина жарығымен ұстап, ақырындап артынан жүрмек болды. Бірақ ат пысқырына үркіп, кілт бұрылып жолдан шығып ап, текіректеп шауып далаға ұзап кетеді де, бір айналып машинаға қайтып оралады. Кейде тұра қап, аяғымен жер тарпиды. Кезі машина жарығына шағылысып жалт-жұлт етеді.

Шоферге машинаны тоқтаттырдым. Бір сәт төңірек тым-тырыс бола қалды. Түнгі кеңістікте шағын төбелердің сораптары кезге шалынды. Он шақты қадамдай жерде басын тік көтеріп, құлағын тігіп тас мүсіндей қатып ат тұрды. Маған үрейлене қарайды. Көзге көрінбес түнгі шіркейлердің бірқалыпты ызыңы, жалғызсыраған дала құсының алыстан естілген әлсіз шиқылы атты менен әрмен қорқытатын сияқты. Ат мені жақындатар емес, жақындаған сайын ақырындап жылыса береді.

Самал есті. Ат дір етіп, құлағын қайшылады. Құлағы жұлдыздарға тиіп тұрғандай көрінді. Осы кезде адамның ыңырана шыққан дауысы естілді маған. Солай қарай ұмтылдым енді. Жусанға сүрініп кетіп, төмен шұңғылға құлап түстім.

Арқамнан суық тер шығып кетті.

Дәл менің алдымда ұзынынан созылып адам денесі жатыр еді. Қорыққаннан айқайлап жібердім. Жүгіре басып шофер де жетті. Біз әлгі адамды машинаға алып жүрдік. Үсті-басы қатқан, бірақ, кеудесінде жаны бар екен. Машинаға келген соң бетіне жарық түсіріп көрдім, өзіме таныс бір жас жігіт еді. Біз оны ауруханаға әзер деп жеткіздік. Сол түні оған қан жіберілді...

Әйтеуір әлгі жігіт бір ажалдан аман қалды. Қазір Алматыда ауруханада емделіп жатыр. Онда оның университетте бірге оқыған достары бар. Жомарт деген мектептес досы да сонда. Екеуі Ақтұмада бірге өскен. Университетті бітірген соң Жомарт астанада қалып қойыпты да, ол туған ауылына кепті. Оның артынша екі жылдан кейін оқу бітіріп, балалық шағының досы Зәуреш те қайтыпты. Ақтұмадағы ауруханаға дәрігер боп орналасқан көрінеді. Екеуінің арасында сәл бір кірбің бар деп естігем. Тек мына қатерлі жайдан кейін қайта табысқан дейді. Қазір Зәуреш Алматыда, жігіт қасында.

Бұл екеуі нағыз жарасқан қосақ. Жігітке деген алғысын ауылдастары сөзбен айтып жеткізе алмайды. Ол бұлақ суындай мөлдір жаңалықты жерлестеріне өзімен бірге ала келген... Олардың рухани өсуіне күш салған... Адамға тек жақсылық істеуді ғана көксеген. Бірақ оның осы ізгі мақсаты үшін әлдекім оған зұлымдықпен есе қайырыпты... Өмірдің өзі солай ғой. Кейде қайырымдылық пен зұлымдықтың қайсысы басым, әрі өміршең екенін айыра алмай дал боласың. — Анаш тағы да шылым тұтатты. Бұл кезде купе іші қараңғы еді, бірақ біз шам жаққанымыз жоқ.

— Мәселен, сіз қалада тұрасыз. Бақ арасымен кішкентай бұлақ суының сылдырап аққанын талай байқаған шығарсыз, — деді әлден уақытта Анаш. — Қалың шөптің арасында бірде көрініп, бірде көзден тасаланып, сол бұлақ сылдырап аға береді, аға береді. Осы бір кішкене тасқын бетінен қайтпас - қайсар келеді, дуалдың астын кеулеп, ақыры бақ ішінен де шығып ап, еркіндікте тулап жатады. Міне, әлгі жігіттің өмірі де осы бұлақ суы тәрізді. Ол тау арасында туды. Ата-анасы болды. Күндердің бір күнінде анасы қайтыс болды, артынша әкесі «халық жауы» боп ұсталып кетті. Кішкентай кезінен бастап-ақ оған өз нанын өзі тауып жеуге тура келді. Панасыз жетім үшін жақсылық пен жамандық арпалысып жатты. Ол қайырымды боп өсті. Оны адам еткен ауылы еді, сондықтан да ол өзінін, адамдық... Иә, адамдық!.. борышын ақтау үшін сол ауылына оралды. Университет дипломымен ескі бастауыш мектепке кеп мұғалім болды.

Жаңадан мектеп салдырды. Онан кейін өз бастамасымен салдырған орта мектепке ауысты...

Тасыр-тұсыр етіп есік ашылды. Проводник Анашқа төсек-орын әкелген екен. Әңгіме тағы да үзілді.

Біз тамбурға шықтық. Ашық қалған есіктен кешкі суық жел кіріп, терезе перделерін жұлқылап, ыстық плафонға қонуға әрекеттеніп жүрген жынды көбелектерді үрлеп, ұйтқып тұр екен.

— Ессіздер... — деді Анаш көбелектерге қарап. — Жолында өлім күтіп тұрғанын білмей асығады - ау.

Менің көбелек жайында ойлауға мұршам жоқ еді. Өйткені Анаш әңгімесі менің туған ауылым туралы болатын. Ол айтып келе жатқан жігіт туралы... Бірақ мен әлі оның атынын, кім екенін естігем жоқ қой. Тек өзімнің көкейімде тұрған бір адам болмаса екен деп тіледім.

— Сол түні ол да дәл осы көбелек өлімге қарсы бара жатқанын білмеді - ау. Әйтеуір сәті түсіп аман қалды. Әбден қансыраған екен. Менің қаным оның қанымен орайлас боп шықты. Қызықты көрдіңіз бе?

Анаш үнсіз тұрып қалды. Біз купеге кірдік. Анаш шай жақты. Бір-ақ... көпке дейін үндеген жоқ.

— Сөйтіп, сізбен қандас, бауыр болған жігіттің аты кім? Айтсаңызшы?! — дедім мен ақыры өзімді-өзім ұстай алмай дауыстап.

Анаш маған таңырқай қарады да:

— Асқар, Асқар Сембин, — деді. — Сіз оны танушы ма едіңіз?

Мен Асқарды танимын ба? Құдайым - ау, мен үшін бұл сұрау қандай тұрпайы естіледі. Бұл сұраудың астарында кінә тағып, реніш айту бар сияқты. Анаш сөздері маған менің көгілдір тауларды сырттап өтіп қана қоймай, туған ауылымның өмірінен де шеттеп қалғанымды анық ұқтырды.

ЕКІНШІ ТАРАУ

Әйнекті есікті шалқайта ашқан сестра:

— Бар, бақтың ішіне бар! — деп күлімсірей бұйырды да, Асқарды еркелете иығынан қозғап қойды. — Бар қиындық артта қалды... Сәл шыдасаң енді аз күнде шығарады.

Асқар ақырындап бақ ішіндегі жүлге жолға шықты. Сирень гүлдепті. Жуан, зәулім теректің жапырақтары суық терге малынып жылт-жылт етеді. Түнгі шық буланып жатыр. Таңғы салқын, әсіресе, алып еменнің түбіндегі гүл жарған қарақаттың жанында айқын сезіледі. Қоңыр салқын таза ауадан Асқардың басы айналғандай болды. Сәл тыныстаған соң ол жалғыз аяқ сүрлеумен бақтың күн нұры түскен шеткергі бұрышына қарай жүрді. Қолын көтеріп терек бұтағын қозғап қойды. Мөлдір шық тамшысы мойнына тамып кетті. Аңдаусыз тұрған Асқар тітірене селк етіп, ақырын күліп жіберді. Дәл осы сәтте ғана ол өзін ауыр азапты, алыс сапардан оралғандай сезінді.

Оның ойын көрші палатада жататын қарттың сөзі бөліп жіберді.

— Қарай гөр мұны! Міне жігіт! Қыдырыстап шықтың да ма? Әй, бұ жастық шіркінге не дерсің. Мықты ғой. Енді тез оңалып кетесің. Ойбай, бұл кез сендердің жататын кездерін, бе. Сенін, жасыңда баяғыда өзіміз не кереметтеріңді істейтінбіз. Қазір ғой, міне, әр айдын, тоғыз күнін анализбен, жиырма күнін ауруханада жатып өткіземіз. Қысқасы титықтаған шақ...

— Сіз екеумізді бір шығаратын болар. Әлі де құлшына ен,- бек етуіңізге тура келер, — деді Асқар қартты жұбатып.

— Әй, шырағым - ай, бұл ертегіңе мен илана қояр ма екем. Менің күнім өтіп кетті ғой. Сенімен бірге айға сірә да ұша алмаймын. Маған мазақ болған ай ма. Ендігі жерде тәңірінің өзі мені айранмен қаужаңдап жатсын деп қойды ғой. Гагарин маған немере құралпы. Ал сені болса қалыңдығыңның шымылдығы желбірей күтіп отырған жоқ па. Асықсаңшы, шіркін... — деп қарт өз жөніне кетті.

Асқар сүмбіл теректердің ұшар басына, онан күнге қирады. Күн көк жүзіне жайлап көтеріліп, шуағымен бетті шалып, ұйысқан бақ ішіне сәулесін молынан күн түсуде. Зәуреш келетін кезге дейін тас төбеге шығып, батыс жамбасқа сәл құлайды, бақ ішінде оның нұры шалмаған бұрыш қалмайды. Сол кезде Асқар мен Зәуреш әне бір тұрғам орындыққа отырады. Әзірше жалғыз өзінің отыруына тура келеді де. Жомарт та келмей жатыр. Жол жүріп кетті ме екен, әлде Зәуреш оған жолыға алмады ма?! Ал Жомарт жоқ болса, Гүлсараны мазалау ыңғайсыз...

Асқар осындай жалғыз отырған сәттерде, алғаш ауруханаға түсетін күнгі көрген -білгендері бірінен кейін бірі тізбектеліп көз алдына келетін.

... Соның алдында ол сегізінші класта әдебиет пәнінен соңғы сабақты өткізді. Тоқсан аяқталған. Бұл Қарлығаштағы жаңа мектепте бірінші оқу жылының соңғы күні еді. Ал мұнан бұрын университетті бітіріп келісімен төрт жылдай Ақтұмадағы бастауыш мектепте директор боп істеді.

Жолға шығарының алдында Асқар Ақтұмадағы Дәмеш апайдікінде болып, Сапар ақсақалға кездесті. Әңгімелесе отырып шәй ішті. Сапар баласа Қодарды шақырып ап, атақты Ақтөбел жүйріктің тұқымы Жұлдызды алғызды. Сапар Ақтұма колхозын ұйымдастырушылардың бірі еді, Асқардың әкесімен дос еді, кезінде бақташы, колхоз председатель балташы боп, одан кейін қайтадан бақташы, ұста болып істеген. Қазір ауылдағы ең ескі үйдей боп шөгіп қартайған шағы. Бірақ көңілге түйгені, айтары кеп. Ақтұманың еңбектеген жасы мен еңкейген кәрісі туралы, әрқайсысының өмірі жайлы ол күні-түні отырып жырдан қызық қып әңгіме айтып бере алады. Ақтұма тұрғындарының жартысына жуығы қырылған отызыншы жылдың ашаршылығын да, отыз жетінші жылды да қаз-қалпымен еске түсіре алады, сол жылы Асқардың әкесінің ұсталғанын, онан кейін ақ жауын себелеп тұрған күздің сұрықсыз бір күнінде оның екі көзден айрылып, шашы аппақ құдай боп оралғанын Сапардан жақсы білетін ешкім жоқ. Қақаған қыста Асқардың әкесі дүние салған кезде де басы-қасында тек Сапар болды.

Онан кейін не болды? Онан кейінгісін Асқардың өзі де жақсы біледі. Қиыршық қар тікенше қадалып бетке ұрғылап тұрған күні ол әкесінің мүрдесінің басында тұрды.

Онан соң қабір басына келгендер бір-бір күректен топырақ тастады. Лезде томпиған бейіт пайда болды. Асқардың әкесін жерлесуге келгендердің ішінде Ақтұманың бір ғана адамы болған жоқ. Ол — Әмірбек.

Мүмкін ол зират басына келуге Дәмеш апайдың, болмаса Сапардың, тіпті ең аяғы Жекен қарттың қанішер деп атауынан қорыққан шығар. Ашынған адам мола басында шындықты айтудан тартынбайды ғой. Сембай моласының басында жұрт Әмірбекке үнсіз тұрып іштей қарғыс айтты.

Сол отыз жетінші жылдан елу бесінші жылға дейін — он сегіз жыл бойы Әмірбек өз бетіне еш жанды тура қаратқан емес. Жұрт оны сыйлап емес, қорқып именетін. Ақтұмалықтар Асқардың әкесін жақын тумаларын қадыр тұтып еске алса. Әмірбек оны «халық жауы» деп қаралайтын.

Уақыт өте берді. Асқар да талай жерді шарлады. Жетісудың барқыт бұйра құмынан жаяу асып, Ақмола мен Алтайдың Сарыарқа далаларын кезді. Бірақ қайда жүрсе де өз ошағы — Ақтұма ойынан еш шыққан емес. Ақтұманың тас бұлағы, мейірбан адамдары, әсіресе Сапар мен Дәмеш апайды ұмытар ма? Өйткені қабырғасы қайысып, жетімдіктің қатал теперішін көрген сәттерінде ауылдастары Асқарға пана болды, көңіліне медеу беріп, көкірегіне мейірім құйды.

Сондықтан да болар бұдан жеті жыл бұрын университетті бітірісімен көп ойланып тұрмастан Ақтұмаға келді. Басқаның істеген жақсылығын басына іс түсіп, қиындық көрмеген адам ғана бағалай білмес, ал өмір тауқыметін көрген адам өзіне істелген жақсылықты сірә да ұмыта алар ма. Қазақ «аштықта жеген құйқаның дәмі кетпес» деп осыдан шығарып айтқан болар. Жетімдік керіп қорланған бала жүрегі арашаға түскен мейірбан қолдың табын өмір бойы ұмытпақ емес. Бала кезінде Асқарды «халық жауынын, баласы» деп мектептен қуғандар да болды. Тіпті балалар үйіндегі ұрыларға дейін мұны басынатын. Олар ұры саналғанмен жау емес еді. Қайда барса да Асқардың осы бір жанына батқан таңбадан қашуына тура келді. Қаңғырып та жүрді. Ұрлық та істеді. Тек Дәмеш апай мен Сапардың үйіне келгенде құтылатын бұл айдардан. Бала жүрегіндегі тоңды екі қарттың мейірбан көңілдері жібітетін. Көкірегіне тек жақсылық, адамшылық ұялайтын. Университеттен кейін Асқардың қалада қалуға мүмкіндігінің бар екеніне қарамастан ауылға аттануы сондықтан. Ол мұнда ең болмаса екі-үш жыл істегісі келген. Сонан бері екі-үш жыл емес, жеті жыл етті.

Ауыл келбеті оның көз алдында жаңаруда. Ол істеуге тиіс істердің кептігі сонша, қалаға ауысу туралы ойластыруға уақыты да жоқ.

Бір істі бітірсе, екінші іс басталады. Жеті жыл бұрын мұнда аурухана да, клуб та болған емес, кішкене мектеп үйінің өзі ескі қора сияқты еді.

Асқар жұмыс істей бастаған алғашқы айларында, бригадир Бәукен екеуінің Сапар ағаймен ақылдаса келгенін есіне түсірді. Қазір Бәукен председатель. Бірақ осы күнге дейін Сапар қартпен ақылдаспай тұрып ауылда бірде-бір іс істелмейді.

Міне, бүгін де Асқар жолға шығарынын, алдында Сапарға жолыға кетпек боп келген.

— Барсаң, «Жұлдызға» мініп бар. Машинадан гөрі салт ат дұрыс, — деді қарт. — Машина жаңбыр жауса батпаққа тығылып қалады, құмда да жүре алмайды. Ал салт атпен жол таңдамайсың. Ең тыныш көлік... Шопандарды араламақ ойың да өте жөн іс екен, Асқаржан. Әуелі өзің барып керіп қайт, онан кейін оқушыларыңды апарасың. Демалыс кездерінде текке сенделіп жүргенше, қора жасап, үй жөндеп, шопандарға көмектессін...

Шопандар қыстауы колхоз орталығынан елу шақырымдай болатын. Жол, екі-үш ауылды басып өтіп, жайқалған егін жайлардың, шабындықтардың жабайы жоңышқалардың ортасымен жүретін. Әуелде Асқар салт атпен жүру қалжыратып, соғып тастайтын болар деп ойлаған. Бірақ Жұлдыздың аңқылдаған аяңы жанға жайлы, жұмсақ екен. Түс кезінде ол екі жолдың қиылысқан жеріндегі кішкене өзеннің жағасына кеп тоқтады.

Қоржынның аузын шешіп, нан алып, сумен соғып алды. Онан соң шешініп малта тастарға тайғақтай жүріп кеп, кішірек иірімге рахаттана сүңгіді. Суға түсіп боп, атын суғарып, айылын мықтап тартты. Жеңіл ырғып ерге қонды.

Осы кезде қыстау жақтан қара жолдың шаңын шұбалта көтеріп, келе жатқан жеті кісілік газик көрінді. Әне-міне дегенше жүйткіп кеп, өзен жағасына тоқтай қалды. Шофер секіріп түсіп радиатордың қақпағын ашты. Бұрқ етіп ыстық бу шықты машинадан. Шофер брезент шелегін алып суға жүгірді.

Асқар машинаға жақын кеп шофермен амандасты, кабина ішінен Әмірбекті көріп қалды.

Ол аяғын талтайтып, беліндегі белбеуін босатып қойып отыр екен. Быртиған семіз саусақты қолы діріл қағып галифесінің қалтасынан мыжғыланған «Северді» алды. Шалбар-шалбар боп тер .басқан жүзінен тесірейген кішірек көздері жылтыңдап айырықша көрінді.

Асқар Әмірбекті талайдан бері көрмеп еді. Талай жылдар Ақтұмада есепші боп, онан кейін аудандық тұтынушылар одағына ауысқан. Сол жерде ол мойнына ақша мінгізіп, екі жылға сотталды. Одан осыдан бір жыл бұрын қайтқан. Сонан бері көрші ауданда жол басқармасының ағаш көшетінде күзетші боп істейді екен десетін жұрт. Бірақ мұның қаншалықты анық екенін ешкім білмейтін.

Өткен күзде Әмірбек қыстаулардағы малшыларды аралап қарбыз, алма апарып сатыпты деген қауесет тарады. Бір шопанның үйіне кеп әуелі балаларға бір қарбыз, бір алманы тегін ұстатады екен. Онысын таласа-тармаса жеп алған балалар тағы да сұрайтын көрінеді. Әмірбек бермейді. Балалар тұс-тұстан қыңқылдап, жылай бастайды. Баланың аты бала емес пе, әке-шешесінің мазасын кетіреді. Қысылған шопан Әмірбекке:

— Тілегеніңді берейін, тек, не тезірек кет те, не қарбызын,- нан балаларға берші, — дейтін көрінеді.

— Қалайша тегін беремін? Төле пұлын, әне бір қойыңды жетектеп әкел де, таңдаған бес қарбызыңды ал, — дейді екен Әмірбек. Шопан: бұл осыны шынымен айтып тұр ма? дегендей таңдана қарайды оған. Ал балалары болса аяғына оралып, әкелерінің тезірек қойды қарбызға айырбастауын жалына тілеп, жылап, мүлдем мазасын алады.

— Ау, ол колхоздың қойы... Ақшаға сат, екі құнын берейін.

— Жоқ, — дейді Әмірбек. — Сататын болсам, мен базарға да апара аламын.

— Әй, неткен қатыгез, пиғылың жаман еді, — деп, шопан ақыры сұраған қойын беріпті.

Сөйтіп Әмірбек базардан арзан бағаға сатып алған дәмсіз, кішкентай бес қарбызды бір қойға айырбастапты...

Осынын, бәрін Асқарға айтқан кезде, ол сенбеп еді. Бәукенге анығын білуді өтінген. Әлгі қыстауға Бәукеннің өзі барыпты. Шопан оған:

— Тексеретін түк те жоқ! Онан да маған тон мен киіз үйден басқаның да қажет екенін ойласаң етті. Нан мен майды мен өзім де табамын. Ал бүлдіргеннің құмда өспейтінін неге білмейсіңдер осы сендер... — деп дүрсе қоя беріпті. — Әмірбек дегеніңнің кім екенін де білмеймін, тіпті білгім де келмейді. Егер бұрын Ақтұмада тұрған болса, кім екенін өзің білесін, де. Ал маған ешкім келген жоқ...

Мүмкін шопан шындықты айтқысы келмеген болар. Балаларға бола ақымақтық еткенін айтудан жалтарған болар. Мүмкін, тіпті сөз Әмірбек жайлы емес, басқа біреу туралы шығар. Алайда бұл оқиға жәй кетпеді. Сол күннен бастап колхоз басқармасы жеміс, овощ, балды ен, әуелі шопандарға жөнелту туралы қаулы қабылдады, тек сонан кейін артылса орталықтағыларға берілетін болды. Орталықта сатып алуға болады, «құмда бүлдірген өспейді»...

Иә, ол құлақ естімеген жәй еді. Әмірбектің солай істей алатынына Асқар шек келтірген жоқ. Бірақ сене де алмады. Өмірдің алға басуымен бірге адам да түлейді ғой. Ал қазіргі заманда бір қой үшін адамдық арын жоғалтуға кімнің дәті шыдар... Жоқ, Әмірбек ондайды істей қоятындай адам емес сияқты, деп ойлады оның жүзіне қадала қараған Асқар. Өзі қартайыпты. Көре аз көрмеген. Жақсылық пен жамандықтың бағасын ұтар кезі болды ғой.

Әмірбек машинадан суырыла шығып:

— Әй, Асқаржан, мұғалім шырақ, амансың ба! Жол болсын? — деді.

Асқар сәлемдесе тұрып машина ішінде жатқан екі-үш қойды кезі шалып қалды.

— Шопандар ауылына бара жатқаным, — деді ол, — өздеріңіз қайдан келесіздер?

Машина ішіндегі қойлар тыпырлай бастады.

— Біреулерде алашағым болушы еді, соны әкеле жатқаным, — деп жалтаң жауап қайырған Әмірбек, көзін сығырайтып радиаторға су құйып тұрған шоферға қарап қойды.

— Мұнша мал төлеуіне қарағанда алашағыңыз көп болған - ау шамасы?

— Бәлі, о не дегенің, Асқаржан, бір қой ананыкі. Жолда сатып алды, — деп ол шоферды меңзеді. Шофер болса Асқарды бастан аяқ үнсіз қарап алды.

Бір қойды — таныс бір шопан бар еді, — сол берді сыйлап. Әрине оның қаруы менің мойнымда болат та енді. Үшінші қой — өзімнің әлгі алашағым. Жә, жөніңді айтшы енді, өзін, жәйша барасың ба шопандарға? Әлде мұғалімдіктен ауысып па едің?

— Жазғы демалыс басталды ғой.

— Жөн, жөн. Демалудың орнына малшыларға тартқан екенсің ғой... Шаруа қамы де... Шала бүлінер не болды дейсің? Малшылар со баяғы бір бәз қалпында.

— Қолқабыс тигізу керек боп тұр. Мектеп оқушыларын әкелмекпіз. Оның үстіне колхоздағы тексеру комиссиясының мүшесі едім, ептеп тексеру жүргізіп қайтсам деймін.

— Жарайсың, жігітім! Жұрт сеніміне ие болғанға не жетсін. Тексеру деген де жақсы нәрсе. Ақтұмадан шыққан балалардың ішіндегі еті тірісі, мақтан етері сен болдың ғой. Ауыл-аймақтарың қалай, аманшылық па? Талай рет барамын деп, сәті түспей жүргені. Ағайын-туғанмен де суысып кеткен сияқтымыз. Уақыт деген суытады екен. Уақыт деген қызыл түлкі, бұлан, қағып ете шығар демекші, құбылмалы кез ғой. Жел қай жақтан тұрар екен, кімге қалай жағар екем дейсің? Бірақ көпке жағу қиын екен...

— Кепке жағып керегі не, ол қайбір жақсы қасиет дейсіз... Ол жағын сіз менен артық білесіз.

Осы не ойлап тұр дегендей, Әмірбек Асқарға шұқшия қарады да:

— Сен көкірегің ояу, оқыған адамсың ғой. Бәрін де білесің, — деп мысқылды үнмен езу тартты. Асқар оның осы кескінінен қуыстанып тұрғанын байқады.

— Уай, біздің бұ тұрысымыз не. Әй, шофер, қайдасың? Жүр, әне бір көгалға отыралық. Әкелші! Не бар еді бізде? Бір бөтелке мен шұжық бар сияқты емес пе еді, — деп Әмірбек аяқ асты шала бүлініп қалды. — Түс, Асқаржан, бізбен біраз отырып кет. Кептен бергі кездескеніміз осы шығар. Баяғының әдетінде далада кездескеннің татулығы берік болады дейтін.

— Рақмет, ағай, кеш болса таяп қалды, барар жерім әлі алыс, ертерек жетуім керек.

— Асқаржан, отырмай кетсең ренжимін. Бас-аяғы бес минут қана, — деді Әмірбек тізгіннен ұстай тұрып. — Білемін сенің алдыңда кінәлімін. Бір кезде сені ренжіткенім үшін кешірмесін де білемін. Әкеңнің өліміне де мені кінәлі дерсің. Бірақ бір алланың өзі куә. Сенің әкеңді ұстатқан мен емеспін. Елдің шығарған жала өсегі де. Өсек деген пәле өлімнен де жаман екен, Асқаржан. Мен сенің ауылдағы ел қадірлейтін адам болғаныңа шын қуаныштымын. Кәне, қолымнан дәм ауыз тиіп кет. Үлкен жолдын, үстінде кезігіпсің, дастарқаннан аттама.

Асқар аттан түсті. Көгалға жайғаса отырды. Әмірбек бөтелкені түбінен бір ұрып, тығынын ұшырып жіберді. Кішкентай стакандар да пайда бола кетті.

— Біздің шофер нағыз шаруа адамы, бәрі дайын, көрдің бе? — деп Әмірбек жымың қақты.

— Сөйтіп олжалы боп келе жатыр екенсіздер ғой.

Әмірбек кезін сығырайтып:

— Басқа мұғалімдер сияқты сен де қайталай бергенді жақсы көреді екенсің, Асқаржан, — деп қойды. — Оқушыларға бір сөзді қайталап отырған пайдалы шығар, ал маған қажетсіз - ақ. Әлгінде бір айтып ем, адамға адам ауыспай бола ма, бірде берсең, бірде алып дегендей. Бір кезде мен оған қарызға ақша бердім, енді сонымның пұлын қайырып және бір қойды сыйға тартты. Әлде тексергің кеп отыр ма? Мәссаған, ендігі қалғаны сенің мені тексеруің екен ғой, ха - ха... — Әмірбек өтірік қарқылдап күлген болды.

— Тексеруші үшін, — деп ол өз стаканын көтерді. Шофер түнерген күйде шұжықтан турап, жол жаққа қарап қойып отырды. Асқардың түйгені Әмірбек те, жол бойында көп отырғылары келмейтін сияқты, әлде қайда асығулы еді. Шынымен біреудің қойларын басып әкеле жатқандары ма?

Асқар бұл ойынан тез бас тартты. Секемшілдігі үшін өзін-өзі іштей кінәлап алды. Өзіне еш уақыт ұнамаған адамды ұрыға санап, күдіктенуге бола ма екен...

Асқар алғыс айтым атқа қонды.

Күн жер бетіне төніп қалған. Көз қаратпас өткір сәулесін ішіне тартып, қызуы қайтып, үлкен қызыл шарға айналған күйі уылжи піскен домалақ қауын секілді еді. Гүл өрнегімен әшекейленген жасыл дала да реңін құбылтып өзгерте бастады. Әуелі қызыл күрең түске еніп тұрды да күн жерге таяна бастаған кезде күлгін - сұр бозамық басты үстін. Ал Күнсұлу кеңістікке бетін басып, ашық қызыл кешкі рауанға шолп еткенде, дала үстіндегі әлгі нәзік бозғыл қызылға боялды.

Асқар дала кешінің құлпырған бояуларына таңырқай қарады.

Әдеттегідей кешкі рауанда шіркей де пайда болды. Асқар анда-санда қолын бір сермеп, төбесінде үймелей ілескен шіркейді үркітіп қойып келеді. Кенет үлкен қара қоңыз бетіне сарт ете қалған-ды. Асқар сілейе қалған қоңызды жерге бір ұрды. Қазіргі сәт оның ойынан Әмірбек кетер емес. Машинадағы қойларды адал жолмен алмағанына күмән жоқ. Ол біреуді я алдап соқты, я болмаса ұрлап әкетті. Қыстауға жетісімен оның қай-қай жерлерде болғанын анықтау керек.

Күн әлдеқашан ұясына қонған. Кешкі ымырт үйіріліп, аспанды жұқа шарбы бұлт қабаттай бастаған. Алдыңғы жақтан, қараңғылық арасынан қарауыта сілемденіп шағыл құмдар көрінді. Үлкен жолдың екі жағында бірдей қой тұяғы таптаған тарам-тарам жалғыз аяқ, сүрлеулер жатыр. Қыстауға дейін он шақты шақырымдай-ақ қалған. Жұлдыз екі құлағын қайшылап, ентелей түсіп келеді. Енді бірде артқа қарап пысқырынып қойды.

Асқар да мойын бұрған, кеш қараңғылығын қақ жарып машина келе жатыр екен.

«Бұ кім болды екен? — деп ойлады ол. — Біздің ауылдан ешкім келетіндей емес еді ғой. Көрші колхоздың бірінен болар. Олардың малы да осы құмда емес пе? Машина озып барып, қалың шаңға тұншыға тоқтады. Жарығы да өшті. Бұрқыраған шаңнан ба, әлде жарықты бірден өшіргендіктен бе, көзге түртсе көргісіз тастай қараңғылық басты. «Әлгіндегі Әмірбектің «ГАЗ-60-ы» сияқты ма» деп түйген Асқар. Осы сәт машинадан қарсы шыққан адамның:

— Сәлемет пе, жолдас! — деген жуан даусы естілді. Асқар үркектей берген атынан түсіп, әлгі адамға қарсы жүріп, қол созған Әмірбектің шоферімен бетпе-бет соғысып қалды. Түсі суық, қараңғыда Асқарға тесірейе қарап тұр. Секем алған Асқар жалт бұрылып атына мінбек еді. Бірақ үлгіре алмады. Аяғын үзеңгіге сала бергенде, басынан тиген ауыр соққы ұшырып түсірді.

— ... Жетер! — деген Әмірбектің даусы оған терең шыңыраудан шыққандай талып естілді, — Неғып тұрсың енді, доңыз! Тез, атты әкел. Шылбырына байлай салалық. Мас боп келе жатып жығылып, ат сүйретіп өлтіргендей болсын... Сонымен іс бітеді! Ұқтың ба, ақымақ! Ол аттан жығылған... Атты әкел деймін, тез!

Аттың осқырына кісінегені, тұяқ сатыры, әлдекімнің ыңқ ете түскен үні шықты.

— Ойбай-ай... Ә, иттің малы - ай! Жамбасымды сындырып кете жаздады - ау. У-уһ, оңдырмады - ау! Неғып тұрсың, меңірейген неме?! Ананы былай шетке сүйретіп апарып, жыраға тастасаңшы. Тез, болсаңшы енді, әне, төбенің ар жағынан жарық көрінген сияқты. Біреулер келе жатыр! Бол, тез!

Бетіне жып-жылы бірдеңе жабысқандай болды, Асқар өзін аяғынан сүйреп келе жатқанын жақсы сезді, бірақ еш жері ауырмайтын сияқты, тек басы ғана көтертер емес. Мұны лақтырып тастай салды. Мотор дүрілі естілгендей болды да, төңірек тым-тырыс боп тына қалды. Асқар жылы қан жауып баттасқан көзін әзер ашты. Басы қорғасын құйылғандай, зілдей. Иығы, жотасы, аяқтары сыздап, қозғалтар емес. Тұрып отыруға әрекеттеніп көрген, жан даусы шығып кетті. Ақыры қимылдауға шамасы келмей, сұлық жатты. Шарбы бұлттан тазарған түнгі қаракөк аспанда шашыла жарқыраған жұлдыздар. Жарты ай да Асқарға мүсіркей қарап тұр. Кенет оның бетіне қорқынышты үлкен бірдеңе төнді. Жылы демі бет шарпып білініп тұр. «Жұлдыз» екен. Әмірбекке ұстатпай теуіп кеткеннен кейін, ол ұзай шауып барып, енді Асқарға оралған кезі.

Асқар тағы да ыңыранды. Аттың оқырана кісінегені түнгі даланы жаңғырықтырды. Жер тарпып, айнала кісіней шауып тұра алар емес.

Асқар таңдайы құрғап, ауру жанына батып, айқай салғысы келді. Бірақ айқайлауға дәрмені жоқ. Тамағына тас тығылып қалғандай. Ол енді бар күшін жиып, етпетінен түсті де алға қарай жылжи бастады. Өне - бойы салдырап, дір-дір қағып, әзер сүйретіледі. Қарап жатып текке өлгенше, тырбанып қалғысы келеді, өмір сүргісі келеді...

— Бұ кешірімпаздық пен орынсыз адамгершілік саған қайдан пайда болған. Өмір сені еркелетпеген еді ғой. Ал сен болаттай берік болудың орнына, балауыздай былбыраған жұмсақсың, — деген еді сонда Бәукен. Әй, Бәукен - ай, сенін, айтқаның дұрыс екен-ау, деп ойлады Асқар әлі құрып жатып...

«Жұлдыз» Асқардың жанына айналып тағы келді. Тағы да шырқырап кісінеп, жер тарпып тұрып алды. Түнгі кен, далада тылсым жоқ. Қансыраған Асқар енді өн-бойының ауырғанмын сезуден қалды. Ерні кезеріп, таңдайы жұтындырмай құрған, әбден шөлдеді. Ажал деген сайқы мазақтап таяп тұр. Бәрінен де қорлығы — сол ажал адамдық құны жоқ ұрынын, қолынан болып отыр. Асқар ыңырана тыныс ап, түн құшағындағы далаға көз жіберді. Дәл қазір оған туған даласына дейін жат болып керінді.

Қаншама аштықты, жалаңаштықты бастан кешіріп талай соққыға бой бермей, енді адам боп шықтым ба, дегенде еле салу қандай өкінішті. Не қызық керді?! Өмірінің ең соңғы минутында Зәурешінің ақ дидарын бір кере алмай, құлақтан кетпес әсем дауысын бір ести алмай қапы кеткені ме?! Тағдыр неткен қатыгез еді!

Төңірек тым-тырыс. Көк аспанда сұп-суық боп жұлдыздар жарқырайды. «Жұлдыз» құйрығын шаншып ап, әлде қайда шауып кеткен. Не оқыранғаны, не тұяғының дүсірі естілмейді. Тек малшы қауымға ғана қанықты елі тыныштық басып тұр даланы.

Тыныштық сырын Асқар да тыңдай білетін. Өзі тау мен дала аясында туып-өскендіктен бе, ол тыныштықтың, шертер сырын — шопан атаның жер-ана туралы, жұлдыз әлемі туралы таусылмас ұзақ ойлары деп білетін, дала адамының ұзақты күнге өз-өзімен өмір туралы мәслихаты деп ұғатын. ?Кел мен боран малшы қауымға қорқыныш әкелсе, күн күркіреп, найзағайдың ойнауы үрей туғызды, тыныштық — көңілдің жазы. Иә, Асқар да дала тынысын, дала тыныштығын тыңдай білетін. Ал қазіргі тыныштық қорқынышты еді. Өлімді күткен тымырсық тыныштық еді...

Жоқ, Асқардың өлгісі келмейді. Қолы бір топ теріскенге ілікті. Жансыз дене алға қарай сүйретілді. Иә, осы жан - дәрменнің өзі өмірге сүйрейтіндей. Ол тағы бір тырмысқан кезде алға аунап түсті де, төмен шыңырауға домалай жөнелді. Ерніне су тиді.

Бұл кезде «Жұлдыз» аяғына оралған тізгінін быт-шыт қып үзіп, қара жолды ары-бері ойқастай кесіп етіп, кісіней шауып жүрген. Бірақ Асқар оның аяқ дүсірін ести алмады...

Ауыр ойдан Асқардың басы ауырайын деді. Бақ іші жым-жырт еді. Тек анда-санда ағаштар арасынан ақ халатты сестралар мен жұпыны тусті ұзын халат киіп серуендеп жүрген аурулар көрініп қалады. Орта жастан асқан ақсұр әйел қарағаш жанына кеп тоқтады. Көлеңкелеу жерге ескен бұл қарағаш әлі де жапырақ жая қоймаған, бүрі ісіне кеуіп тұр. Әйел сол бүрдің бірін үзіп ап, жайлап арасын ашты да алақанына салып мұңая ұзақ қарады Тұңғиық жанары жасқа толып, жапырақтан басқа ешнәрсені көрмейтін сияқты Көкірегін басқан шер ауыр болса керек. Қарағаш бүрінің жапырақ ашқанын көруге асық сияқты... Бұл әйелдің аурухана үйінің екінші қанатындағы палатада жататынын Асқар білетін. Әйел өмірінің өнегелі, үлгілі болғанынан да хабардар. Қазір ол айықпас науқас — ракпен ауырып жатыр.

Асқардың жүрегі шымырлап, дірілдеп кетті. Бір сәт науқас әйелмен сөйлесуге оқталды да; мазалауға дәті бармады. Ол енді назарын әйелден аударып әзінің үзілген ойын жалғастырмақ боп, орындық астымен сылдырай ағып жатқан арықтап.і суға қарай отырып, Зәурешті ойлады, әрбір үш күнде бір хат салып туратын Бәукенді еске алды. Ол әр хатында Асқардың осы күйге ұшырауына өзін кінәлі санайтындай өкініш сыңайып байқатады. Өзін Сапар қарттың «жерден алып, жерге салып ұрысқанын» да жазған. Тағы бір хатта аудандық комсомол комитетінін, секретары Анаштың телефон соққанын айтыпты. Асқардың көз алдына ұзын бойлы, кең жауырынды Анаш келе қалды. Бір өлімнен аман қалғаны үшін ол өзін Анаш алдында борышты санайтын...

... Сол бір өлім құшағында жатқан түнде есінен танған Асқар, көзін аудандық ауруханада жатып бір-ақ ашқан. Жымиып күлген дәрігер:

— Ең бастысы сүйектерін, аман, ал жара деген жазылады. Үйлену тойыңа дейін дыңдай боп кетесің әлі, — деп көзін қысқан. Асқар да езу тартты.

— Қалыңдығың, байғұс, екі тәуліктен бері күтіп отыр. Қазір ішке кіргізем. Тек ескерте берік бол. Қозғалуға, сөйлеуге рұқсат етпеймін, - деді дәрігер. Есік жайлап қана ашылып, ішке өңі мүшкіл тартқан Зәуреш кірді. Көзі кіртиіп, қалжырағаны бірден көрініп тұр.

Асқар оған қарсы тұрмақ боп ұмтыла берген, дәрігердің жұмсақ қолы оны қайта жатқызды.

— Қозғалуға болмайды, — деп ақырын ғана тағы бір ескертті де дәрігер шығып кетті.

— Әйтеуір аман қалдың... Соған шүкір, — деді Зәуреш көз жасын жұта тұрып. — Онан кейін қасына кеп отырып Асқардың қолынан ұстады.

— Ендігәрі сені ешқайда да жібермеспін жалғыз. Бірге боламыз, қайда болса да бірге барамыз... — Зәуреш оған еңкейетінді.

— Зәуреш... — Асқар да мұнан әрі ештеңе айта алмады. Сөз жетпеді. Ол Зәурештің шаршаған жүзіне, ұзын қара кірпіктеріне, көзінің астындағы қара көлеңкеге телміре қарады. Әбден шаршапты - ау. Түні бойы ұйықтамаған: Асқардың ес жинауын күтіп отырған. Шашы қандай мап-майда, жұмсақ. Тау гүлінің, дала желінің иісі есетін тәрізді бұрымынан...

Зәуреш Асқардың бала жастан бірге өскен досы. Екеуі мектепте бірге оқыды.

— Зәурешім менің...

Қыз кезі жасқа толып, күлімсірейді. Бұл, қуаныштан шыққан жас еді. Асқар тағы күбірлеп қайталап жатқандай: «Зәурешім менің...»

Зәуреш оның маңдайынан сүйді.

— Асқарым менің, — деді ол да. Жүрегі көкірегіне сыймай тулап тұр. Кәдімгі Жоңғардың биік жартастарының тар жықпылында күн сәулесінің алтын шуағына насаттанып, махаббатқа мастанған ұлардай бұлқына тулайды.

Бір кездерде Асқар мен Зәуреш тау жуасын тере барып, улар тойынын, үстінен түскен. Бүкіл халықты қуанышқа бөлеген Жеңіс күні де Асқардың есінде. Сонда кішкене Зәуреш қойдың бір сирағын ағаш табаққа салып бір кесе қымызбен Асқарға әкелген-ді. Ұялшақтай тұрып: «Бәйгеден озып кел. Мен сені күтемін» деген сыбырлап. Асқар Зәуреш екеуінің фермадағы қашаған бұзауды қуып ұстағандарын да ұмытқан жоқ. Алматыда театрда қатар отырып Күләштің әнін тыңдаған сәт те әлі көз алдында. Ол кезде Асқар университетте, Зәуреш медицина институтында оқитын.

Енді бұдан былай Асқар оны ылғи да: «Зәурешім менің...» дейтін болады.

Зәурештің ыстық жасы Асқардың маңдайына тамып кетті.

— Саған бүйтіп қол жұмсаған кім? — деді булығып. Онан ормен солқылдай жылады. Асқар ше? Ол да жылап жатты. Шексіз қуаныштан жылады.

.. Асқар қарағаш түбінде тұрған егде әйелдің ешбір сыбдырсыз жүріп барып, қарақат ағашын айналып кеткенін сезген жоқ. Ол өз ойымен өзі еді. Анашпен алғаш кездескен кезді қаз-қалпында есіне түсірді.

Анаш колхозға комсомолдық есеп - беру сайлау жиналысына қатысу үшін келген. Жиналыстан кейін Асқар оны өз үйіне қонуға шақырды.

— Мен сіз туралы кеп білемін, — деді Анаш сонда. — Қызмет бабы солай, адамдар жайлы көп білу керек. Көптен бері сізбен жақын таныссам деп ойлайтынмын, бірақ реті келмейтін... Ал сіз мен туралы онша көп білмейтін боларсыз. Рас, менің балалық шағым да осы Қарлығашта өтті, онан кейін Қытайда болдым. Иә, солай...

ҮШІНШІ ТАРАУ

Бұл түні мен ұйықтай алмадым. Өз полкасында Анаш та дөңбекшіп жатыр. Ақыры ол, шыдамы таусылды білем, басын көтерді.

— Әлгі Асқарға қол жұмсаған сілімтікке өз басым түсіне алмай-ақ қойдым, — деді онан соң. — Егер дәл сондай оқиға кітапта жазылған болса, «ойдан шығарылған» дер едім. Ал мынаған өзім куә болдым ғой. Сотқа қатыстым. Апыр-ай, сол ит сондай мінезді қайдан тапты екен десеңізші? Не жетпеді екен соған? Адал еңбегін істей бермей ме... Жоқ, не десеңіз де өмірдің қым-қиғаш шытырмандығы осындай, әділдігі мен зұлымдығының қосарлана жүруінде болар. Күн менен түн ғой — бір тәулікті құрайды, сол сияқты өмірдің өзі шындық пен жалғандықтан тұра ма деймін. Зұлымдық өміршең. Меніңше, ол зауза қоңыз сияқты ғой деп ойлаймын. Өсімдік атаулыға бүйідей тиетін сондай бір қоңыз болады. Ол өзі жаз басында шығады да ағаштардың жапырағын бау қиып, жеп, гүлдерді семдіріп, көк шөпті бүлдіреді. Еш тіршілікке пайдасы болмайды. Бар ғұмыры басқаға залалын тигізген зұлымдықтан ғана тұрады. Өлер сәтінде ол өз ұрығын жер астына шашады. Оның жұмыртқасынан өніп шыққан құрттар шөптердің, ағаштардың, гүлдердің, астықтың тамырын кеміріп өседі. Ал қоңызға айналғаннан кейін олар жер астындағы ұрасынан шығып, зиянды әрекетін жер үстінде жалғаттырдым. Осылайша тар шеңбермен олардың тіршілігі қайталана береді. Ол қоңыз, нағыз тілмен айтқанда жер бетіндегі зұлымдық атаулымен бірдей өміршең.

Қазір ғой адам баласы корабльдер жасап, космосқа ұшуда. Бұл келешек ұрпақтың өмірі үшін қажет. Алайда, екінші жағынан алып қарағанда біресе алған, біресе мұңнан болып жатқан атом жарылыстары жерді де, гүлді де, адамды да, хайуанды да уландыруда. Ғалымдар строницийді аса қатерлі деп айтады да, соған қарамастан өздері жаңа бомбаларды ойлап табады. Егер бұл іс алдағы кезде де осылайша кете берсе, келер ұрпақ өз өмірлерінің құсалығы үшін біздерді лағнаттайтын болады. Мен бұл жайлы жастардың пікір таласы кештерінде жиі естіп жүрмін. Жас жігіттер мен қыздар: — Неліктен бұлай, неліктен зұлымдық өміршең? — деп сұрайды.

Ал соларға қалай жауап беру керек дер едіңіз? Атом қазанын қотарыстырғанша, түйені, нарды жақсы көрсеңдерші деу керек пе Осы күні: «Тіршілігіңде өмірдегінің бәрінен қармап қал...» деп үн бақпайтын жасөспірімдер де бар.

— Соларға қалған жауап беру керек?

Мен үндеген жоқпын. Не демекпін оған? Ол дәл осы сәтте көзге көрінбес ісікті скальпельмен тілгілеп жатқан хирургке ұқсап кетті...

— Жауап деген әрқилы болады ғой. Сіз жас достарыңыздың психологиясын менен артық білетін боларсыз.

— Мәселе сонда ғой, қазіргі балаларды құр қол ала алмайтыныңда. Нар жайындағы әңгімелеріңе олар пысқырмайды да. Ойлап көрсең олар мен біздердің жас айырмашылықтарымыз бас-аяғы бес-он жыл ғана, ал қарап отырсаң өздері мүлдем басқа ұрпақ. Мүмкін олардың балалық шағының сәл басқаша жағдайда, соғыстан кейін еткендігінен шығар. Соғыста қасірет тартып, қатер мен аштықтың қысымында жүргендерінде іш құста боп сыртқа шығара алмаған бар мейірім, қайырымдарын әкелер мен аналар балаларының басына шектен тыс үйіп төккендіктен болар, әлде өмірдің өзі де бұрынғысына қарағанда әлдеқайда еркіндеп, жеңілдегенінен бе. Кім білсін? Мүмкін, мен бояуын қоюлатып, ұрысқақ шалдардың қай кезде болмасын: «Бізбен салыстырғанда қазіргі жастар немене...» дейтін жаттанды ауыруын қайталап отырған болармын. Шынында ауданымызда жақсы жастар ете көп. Тіпті алысқа бармай-ақ Асқардың әлгі шәкірттерін алалық. Қандай тамаша жігіттер мен қыздар өсіп келеді десеңізші.

Өткен жазда бір ретте мен Ақтұмаға келе қалдым. Пішен уақыты еді. Ауылдың сыртындағы тау қойнауларында шалғыны белуардан қиын қиялар бар-ды. Трактор құлап кетеді. Шөп машинасы да өте алмайтын. Ол жерлердің пішенін тәжірибелі шалғышы қарттар қолмен шабатын...

Өліп-өшіп бір дестені аяғына дейін жеткізетін де, онан соң бүгжеңдеп жоғары көтерілгенде ентігіп, тыныс ала алмай қалатын. Міне, осы қарттардың орнын ауыл балалары алмасып, сол қиын қиялардың пішенін өздері шабуға кірісті. Оларға бұл кеңесті Асқар берген көрінеді.

Бригадаға келіп, әлгілерді өз көзіммен көрдім: биіктігі екі жүз метрдей тік жотанын, басынан шалғы ұстаған балалар бірінің артынан бірі түсіпті. Өкшелерін қадап алған. Тізелерін сәл бүгіп, бір қалыппен құлаштарын кең сермеп, еңіске қарай қазша қалқып, шепті көсілте шабады.

— Ж-ж-ах! Ж-ж-ах! — дейді шалғы үні. Шөп сусылдай сұлайды. Артта қатар-қатар боп қалын, дестелер қалып жатыр. Шөп ну жыныстағыдай - ақ бітік өсіпті. Солқылдап тұр.

— Ж-ж-ах! Ж-ж-ах! Түйін жарған алқызыл, шоқ-шоқ боп ұйысқан сары, көк раушан гүлдер балалардың аяғының астына сұлап жатыр.

Күн күйдіріп тұр. Бәрі де белуарға ;ейін шешініп тастаған жоталарын күн қақтап қызарып кеткен, өздері шат көңілді. Бірінен кейін бірі тоқтай қап, бетін басқан терді жұдырығымен сырып тастап, қуып жетіп қалмады ма екен, дегендей соңындағы көршісіне қарап қояды: Жүзінде жалт етіп күлкі ойнайды да, онан әрі кете барады. Дестені аяғына дейін жеткізіп, жүгіріп жоғарыға қайта шығады да тағы қатарға тұрады. Толқынша ирелеңдеген жал-жал дестелер бірінен кейін бірі созылып жатыр...

Кенет біреуінің дәл аяғының астынан дүр етіп алтындай жалтыраған қырғауыл ұшты. Әлгі шалғышы бала жігіт сасқанынан отыра кетті. Жұрттың барлығы да тоқтады.

Қаншама күлкі, әзілдің тиегі ағытылды сонда!

Осы кезде Сапар қарт та жеткен. Шабан жүрісті айғырынан тусті. Кенеп қапшығының аузын шешті. Одан кішкентай темір тес пен балғасын алды. Дүзі қайтқан шалғыны шыңдау үшін келген екен Оның артынша екі доңғалақты арба мен бір кішірек бала да келді. Таба нан және ашытылған мұздай суық тары көже әкеліпті.

Шаршаған балалар бірер сағат демалуға жиналды. Рахаттана түстеніп алды. Онан соң Әуезовтің «Қараш - қарашы» жайында және бір американдық жазушының романы туралы өзара қызу айтысып кетті. Жазушының есімін ұмытып қалдым. Тек романының аты есімде сақталыпты. Оның бір ұнамды, бізге тән атпен «Шыңырау үстіндегі егін деп аталады. Енді бірде әлгі балалар өмір туралы, онан тарих жайлы айтысқа ойысты, Вурукартаның бойында массагет жасақшылары қансыратқан Дария патшаны да сөз қылды.

Біраздан кейін жүгіре жарысым тағы да жотаға шықты.

Ж-жах! Ж-жах! Темірдің сыңғыры: шөптің сусылы, әлдеқайдан жоғарыдан жеткен бақташының, Сапар қарттың күлімдеген шадыман жүзі, осылардың бәрінің төбесінен көк аспанда айырықша жарқырап күн — сұлу тұрды. Бір сезбен айтқанда бұл күн ғажап күн еді.

Мен кеш қайттым. Егін-жай аралықтарындағы көк шалғында бытпылдық әуенінің ырғағымен жүріп келе жатып солар туралы, жас пішеншілер туралы ойладым Олар сөз еткен, пікір таластырған кітаптардың барлығын да оқып шығуға бекіндім.

Маған тән бір қасиет — қала балаларына қарағанда, ауыл балаларына бүйрегім көбірек бұрып тұрады. Мүмкін, бұл комсомол қызметкері үшін үлкен кемшілік те болар. Білмеймін. Әйтеуір маған ауыл балалары айдай анық, түсінікті. Өз басым қаланын, кейбір, жалаң табанымен жып-жылы жер алақанын еш уақыт басып көрмеген, күндіз-түні көше бойлап сенделіп жүріп, әлем кеңістігі, өмір туралы сапыра сөйлейтін жасөспірім көке мылжыңдарына түсінбеймін...

Меніңше, жас пішеншілер де өз ойларын шын көңілден айтады. Өйткені олардың өз түйгендері бар. Ал мыналар — біреуден естіген, жауыр болған сөздер...

— Жастық шақ тікшіл, яғни адал келеді. Қайда тұрса да, мейлі аудан орталығында болсын, мейлі ауылда болсын, бірдей емес пе, — дедім мен.

— Тікшіл әрқашан да адалдықты білдірмейді. Мәселен, қитық мінезділер көбірек ашылып сөйлейді. Бірақ солардікі дұрыс па? Дұрыс ойлай білудің өзі де тәрбие емес пе. Егер менің досым сүйдім - күйдім кеп айтса, маған да неге сондай болмасқа деп, немесе сол досың есінен танғанша ішетін болса, неге маған сол ғұсап ішпес, деп ойлана берсе, онда ондай «ойлардан» пайда шамалы ғой.

Өзіңе ұнаған елең жолын есте сақтап қалу деген, көкірегінде поэзияға деген үлкен қошеметтің оянуы емес. Әрбір адам диқаншының тері сіңген астық иісі мен сазға өскен балдырдың иісін айыра білуі тиіс... Ненің дені дұрыс, әрі сұлу екенін ұға білуі керек, — деді қызына сөйлеген Анаш.

Түн жарымынан әлдеқашан ауған. Мен шаршайын дедім. Ұйқы да буа бастады. Анаш байқап қалды.

— Жабысқақтығым үшін кешіріңіз. Көңілімде жүрген дүдәмал ойларымның дұрыс -бұрыстығын тексеру үшін біреумен әңгімелесіп айтысқым кеп жүруші еді, — деді ол ақтала сөйлеп.

Онан соң терезені ашып, темекі тұтатты.

— Қазір жастармен жұмыс істеу қиын. Осыдан біраз жыл бұрынғыдай жауырынды жаба тоқыған басшы болу бұл күнде жарамайды. Сол Ақтұмадағы жас пішеншілердің кез келгені ешкім комсомол хатшысының орнына отыра алар еді. Ой-өрісі кең, жанжақты білімдар.

Міне, солардың алдында жер болып бетіңнен басқын, келмейді. Бәрін де кесіп-пішіп, толғанып сол Ақтұма балаларынан кем білмесем дейсің.

Шынымды айтсам мені аудандық комсомол комитетінің секретарь етіп қояды - ау деген үш ұйықтасам ойымда жоқ еді. Не дегенмен шет елде болдым ғой. Бірақ соның бәріне де қараған жоқ, сайлады. Ол аздай, аманат артты тағы да. Соны ақтау керек.

Оның үстіне жұрттан да қалғын, келмейді.

— Қай жерлерде тұрып қайттыңыз? — деп сұрадым мен көгілдір таулар жақты нұсқап. — Шетелге қалай өтіп кетіп жүрсіз?

Анаш ойланып қалды...

Соғыс аяқталар жылы бригадирдің оны шекарадағы Жамантас жайлауында отырған шопандарға азық-түлік жеткізіп бер деп жұмсағанын ол алдыңғы бір сөзінде айтқан-ды.

* * *

... Анаш енді болмағанда адасқандай еді. Жолда кездескен екі шекарашы оны жылқышы Хамзаның киіз үйіне дейін әкеп салды. Киіз үй көкпеңбек кең аңғардың екінші басында, айдалған тар меженің — шекараның аржағында Синьцзян шопандарының киіз үйлері көрініп тұратын.

Таңертеңгілікте аспан шайдай ашық болатын. Тау үстіне төнген күн маужырап, адам денесін білдірмей күйдіреді. Тау ауасына мастанған Анаш табиғаттың шымқай ашық бояуларын қызықтай қараған күйі өзіне тез үйренген үлкен сұр төбетті ертіп, аңғар ішінде асыр салып жүгіріп жүрді.

Түс кезінде шопандар жиналды.

Хамза жылқыны үй іргесіне айдап әкелді. Ол қаншырдай қатқан сұлу мүсінді, бурыл құнанды үйретпек болатын.

Жылқылар бірін-бірі бүйірлей ықсырып, иіріліп тұрады. Таяқ шаншар жер жоқ. Дөңгеленген семіз, сауыр күнге шағылысып жылт-жылт етеді. Бастарып кекшитіп, көтеріп алған. Көздері ойнақши алақтап, кісінесіп, бірін-бірі таптап кетердей боп тұр. Хамза асқан ептілікпен ұмтылып кеп, бурылдың басына бұғалықты тастап жіберген. Қалық жылқы аңғарды өрлей лан берді.

Асау құнан да жан ұшыра табынның соңынан кетпек болған. Бірақ қыл сағалықтан түскен бұғалық адымын жаздырмады. Хамзаның астындағы асау қуып үйренген қабырғалы ат төрт тағандап жер тіреп тұрып алды. Хамза болса бұғалықтың ұшын дереу тақымынан өткізіп ап, қолына орады да ат үстінде шірене қатып қалды. Қыл арқан сымдай тартылып тұр Жанталаса алға ұмтылған құнан тік шапшып барып шалқасынан құлады. Жылқышы ат үстінен лып етіп секіріп түсті. Осы сәт бурыл атып тұрған, қылғындырған бұғалық тағы да тартып қалды.

Енді Хамза арқанды бірде тартып, бірде босата тұрын асау құнанды шырқ айналдырып жүгірте бастады. Онсыз да шапши атқыған бурылды шықпырта соғып, дөңгелек торға түскен ақ тиіндей шырқ айналдырып тұр. Асау құнан лезде қос бүйірі солқылдап, ақ көбік боп шыға келді. Қалжырайын деді. Ақыры шапши секіргенін қойып, сары желіске ауысты. Екі адам барып Хамзаның қолындағы арқан ұшын ұстады.

Хамза біртіндеп асауға жақындай бастады. Құнан тоқтай қап, мысықша еппен басып өзіне таяп келе жатқан жылқышыға қалш-қалш етіп осқырына қарап тұрды. Хамзаның қолында тағы бір жіңішке қыл арқан бар еді. Әлгіні ілгектеп ап, лып еткізіп құнанның тұмсығынан орай салды. Құнан тағы да аспанға шапши қарғыған. Енді бір қалт еткенде Хамза арқанмен екінші рет іліп қалған еді, асау жүгенделіп шыға келді. Жылқышы құнанды мықтап езулеп тартып тастады да, Анашқа:

— Тез, тоқымды әпкел! — деп айқайлады.

Енді бірер минутта бурылға тоқым салынып, төс айыл тартылды.

Арқасына тоқым түскеннен кейін асау құнан тағы да аспанға қарғып, бұлқына тулап, шыр көбелек айнала шапты.

— Жә, осы сабылтқанымыз да жетер! — деді әлден уақытта жылқышы, арқанды тартып. Онан соң шеттеп тұрған Анашқа қарады: — Ал кәне, көрсетші жігіт болғаныңды.

Анаш дәл бұлай болар деп күтпеген. Сасып қалды. Бірақ бас тартуға тағы болмайды, онда өмір бақи ауылдағы балалар мен шалдардың мазағына ұшырағаны.

Ол тулаған құнанмен қатарласа жүгіріп бара жатып қарғып мінді де жалынан тастай қатып жабыса ұстады. Бурыл алып жөнелді. Өз атына мініп, арқанның ұшын тақымына басып Хамза да Анашпен қатарласа шапты. Бурыл озып шыққан, бірақ Хамза оны тәсілқойлықпен тұқырта тартып жібере қоймады.

Тура шауып құтылмасын білген асау құнан тосыннан жалғыз бұрылғанда, Анаш бұлт етіп жұп-жұмсақ тау шөбіне домалап түсті.

— Ештеңе етпейді. Оңайлықпен олжа келуші ме еді, тәйірі, — деп дауыстап қойды Хамза...

Осы бойда қарлы жотаға дейін шауып барып, одан қайта киіз үйге дейін жеткенше асау құнан біраз бастығып қалған еді.

— Уай, мынау нағыз шабандоз ғой! Жарайсың, міне. жігіт! — десіп шопандар кеу-кеулесе қарсы алды.

... Асау үйретудің қызығына берілген жұрт кештің қалай болып, ақша шыңдардың басына қара бұлттың қалай оралып, аңғар үстіне түнере кеп төніп қалғанын да аңғармады. Аяқ асты ұйтқып жел көтерілді.

— Ойбай, дүлей дауыл болмаса не қылсын, — десіп шопандар малдарына жүгірді.

Жел әлпетінен сескенген Хамза да киіз үйдің іргесіне қазық қағып, мықтап бекіте бастады.

— Алдыңдағы құнанды қаңтарып қой, суысын әбден. Таңға жуық өзім арқандап жіберермін, — деді Анашқа.

Бұлт лезде аспанды тұтастырып алды. Хамза киіз үйге кіріп, қалың сулығын киіп шыққанша, аспан азан-қазан боп күркіреп кетті. Аңғар үстін қараңғылық басты.

— Үйге от жағып қой! — деді атына асыға қонған Хамза. Осы кезде атын борбайлай шауып бір шекарашы келіп қалған:

— Ақсақал, жылқың екіге бөлініп кетті. Тез жетіп, ықтатпасаң, тұратын емес, — деді анадайдан.

— Ә, жамандатты. Әлгі ақсақ айғыр - ау, өз үйірін бөліп әкетіп жүрген. Көрсетермін ол кәрі итке.

Ақсақ айғырды боқтықтың астына алған Хамза қараңғылыққа сүңгіп кетті. Шекарашы да оның соңынан шаба жөнелген.

Найзағай жарқылдады. Қорыққан Анаш киіз үйге жүгіріп кірді. Жел үдей түсті. Киіз үйдің уықтары сықырлап кетті.

Қорыққандықтан ба, тоңғандықтан ба, әлде шаршағандықтан ба, Анаштың қолдары діріл қағады. Сіріңкені жаға алмай ақ қойды. Киіз үй болса құтырынғандай селкілдеп тұр, күркірі, желдің ысқырғаны қараңғылықты қоюлата түсетін сияқты. Қорыққан Анашқа біресе киіз үйді өзі көтеріп кетердей, біресе басын екі тізесінің арасына тығып, қаншама уақыт өткенін білмей, өзінің бүрісін отырған күйінде ұлтарақтай жермен қоса киіз үй мұны да алып, шыңырауға құлап бара жатқандай көрінеді.

Кенет тыстан:

— Хамза! Барсың ойбай, Хамза! Қайғыға душар болдық қой! — деген үрейлі дауыс естілді.

Құтырған жел түндікті жұлып әкетті. Найзағайдың жарқылы киіз үйдің ішін жарқ еткізді. Осы сәт шекпені алқа-салқа боп ішке бір таныс шопан кіріп келген еді.

— Хамза қайда?

— Ол жылқыға кетті, жылқыға, — деді дір-дір еткен Анаш.

— Шап, ойбай! Тауып әкел, қайда жүрсе де. Кісі өліп жатыр де. Әлгі Жапсарбайдың үйіне жай оты түсіп, әйелі содан шошып мерзімінен бұрын босанды. Баланы тапты да, өзі жан тәсілім етті. Сорлының үйінде жан жоқ. Бар, ойбай, ана атқа міне сал да тауып әкел. Жапсарбайға да хабар беріңдер, қоймен бірге ықтап кетіп еді. Ал мен әлгі жаңа туған балаға барайын, балаға. Жалғыз қалды ғой. Ал тез!

Осыны айтты да шопан асығыс кетіп қалды. Анаш бурыл құнанға өзінің қалай жетіп барғанын аңғарған да жоқ. Бурыл құнан арқанға оралып, желге сыртын беріп ықтап тұр екен. Жануар ол да Анаш сияқты дір-дір қағады. Осындай қара түнекті қорқынышты сәтте жалғыздықтан ол да қорқып тұрған сияқты. Шиеленіп қалған шылбырды шешкенше, құнан Анашқа тығыла түсіп тұрды.

Суық желді елең қылмастан, әлгіндегі шопан айтып кеткен үрейлі хабарды әлі де толық ұғынып бола алмастан, бурыл құнанға секіріп мінген Анаш, Хамза кеткен жаққа жөнелді. Аттың жып-жылы тебіндігіне тізесін қысып алды.

Қайда бара жатқан бағытын білмесе де, аттың басын бос жіберіп, қамшылап келеді. Бурыл қунан болса желге қарсы жүргісі келмей қыржыңдайды. Үнемі бір жағына қарай ұрт шапқандықтан, Анаш қайта-қайта түсіп қала жаздап, құнанның жалынан ұстап қалып қана келеді. Кенет дәл төбеден күн шатыр ете түсті. Шыбыртқының үніндей ащы дыбысы құлақты тұндырып жіберді. Жарқ ете қалған найзағай сәулесінен киіз үй көрінді. Бұл жаңа ғана өзі аттанып кеткен Хамзаның киіз үйі екен. Бас білмейтін асау құнан айналып, қайтып әкелген боп шықты.

Анаш есін жиғанша болған жоқ, үп-үлкен бірдеңе булыға ырылдап кеп бурылға атыла асылды. Құнан жан ұшыра кісінеп, жұлқынып қап тізгінді босатып алды да, шыбын-шіркей боп безіп кетті. Жұмарланған әлгі қорқынышты нәрсе екі көзі көкпеңбек от боп жарқырап қуып берді. Анда-санда аттың құйрығынан тістеп қалып, тістерін сақылдатып, жолбарысша гурілдейді. Бұл — Хамзаның кәдімгі қасқыр сұр төбеті еді. Бүгін ертеңгісін ғана Анаштың соңынан еріп, оған мөлтеңдей қараған төбет. О, опасыз!

Қазір әбден құтырған төбет Анашты да, атты да таныр емес. Анаш иттің атын атап айқайлап келеді, бірақ даусы өзіне де естілер емес. Жаңбыр тікенше қадалып, бетке ұрғылап келеді.

Желге қарсы демін ала алмай қалған Анаш, бар күшімен атқа мықтап жабысып алды. Жалдан өлі болмаса, тірі айрылмастай. Өкпе тұстан әлдене гүрс ете қалды да, бір буда от аспанға атылды. Ракета! Анаш атқа бұрынғысынан да бетер жабыса тусті де, мұнан әрі ештеңені естіген жоқ. Оның жалғыз ғана сезгені — аттың, алақанды осқан қатты жалы мен денесіне жабысқан су жейдесі еді. Тек бір сәтке ғана: «Шекара! Атып жатыр!» деген көмескі ой келгендей болды басына. Ол енді бурыл құнанның құстай ұшқан шабысын да сезген жоқ, азан-қазан болған күннің күркірін де естіген жоқ. Тек қараңғылыққа ғана сүңги берді.

* * *

Бурыл құнаннан қалай ұшып түскенін, онан қанша уақыт ес-түссіз жатқанын Анаш күні бүгінге дейін есіне түсіре алмайды. Оны Башбай байдың жалғыз кезді қойшысы тауып алған еді.

Анаш көпке дейін есін жия алмады. Денесі от боп жанып ауық-ауық сандырақтап жатты. Қойшы шал болса, өзі білетін ем атаулының бәрін істеп бақты: бір шөптерді қайнатып, соның суын, онан жас туған қойдың уызын ішкізіп, ыстыққа булаған жалбызға жатқызды. Бірақ сонда да Анаш есін жинай алмады...

Башбайдың қойшылары жайылымдарын күн сайын жаңғыртып, көшіп отыратын. Олар Анашты түнде ғана алып жүретін болды. Үшінші күні қойшы шал бір қойды алып ұрып, ұрлап сойды да, терісін тез сыпырып ап, Анашты соған қымтап тұрып орап тастады. Бұл ем бірден қона кетті.

Әбден қара терге түсіп, біраздан соң көзін ашқан Анаш қан мен тердің ауыр иісін сезді...

Төңірегінде ылғи бір тері шалбар киген, қой жүнінен қолдан тоқылған алаша шекпендері бар, милығы қырқылған ескі малақайлы бейтаныс адамдар қоршалай отырыпты. Жол тотыққан қап-қара жүздері мейіріммен күлімдей қарайды. Жалғыз көзді, селдір сақалды арық шал:

— Бісіміллә, — деп қойды.

Анаш отырғандарға тегіс таңырқана қарам шықты. Онан соң естілер-естілмес:

— Хамза ағай қайда? — деп сұрады.

Отырғандар үнсіз бір-біріне қарасты.

— Ныспың кім, балам? — деді жалғыз кезді шал.

— Білмеймін, — деді Анаш. — Мен Қарлығаштанмын.

Отырғандар тағы да бір-біріне қарады.

— Жө - өн балам, сөйтіп сен мынау көгілдір таулардың арғы бетінен келген екенсің ғой. Өзіміздің үлкен жерден екенсің. Біз сені Түлкілі сайдан тауып алып едік. Аттан құлапсың. Өзі бір мықты, жүйрік ат болса керек жануар. Кейін қайтып кетіпті. Ізінен байқауымша асау мал сияқты. Сені мұнда қалдырып, өзі кері қайтыпты.

— Ал балам, біз сені кейін апарып сала алмаймыз, кінә қойма. Бұл төңіректе сары аяқтардың жасақтары жортуылдап жүреді. Бір құдай жар болсын езіңе, солардың көзіне түсе көрме...

Анаш ып-ыстық жас терінің ылжырай жабысқанын бүкіл тәнімен сезіп жатыр. Анадай жердегі ағаш астауда боршаланған қой еті тұр екен. Аядай ғана қырық шоқпыт киіз үйдің түндігінен мөлдір көк аспанды және жап-жасыл боп күдиген тау жотасын көрді. Суық тиіп әлсіреген жүрегі алқына соғып, жетімсіреп, қатты жабықты. Осы тұста балғын көңілі өмірінде тұңғыш рет «шекара» деген сөздің қорғасындай ауыр салмағын, қылпыған қылыш жүзіндей қорқынышты мәнін ұққандай еді. Осы бір ғана сөз туысы бір адамдарды, мынау тұрған — бала жасынан жүрегіне ыстық, сүйікті көгілдір тауларды қақ жарып екіге бөліп тұрды.

Анаш бір ауыз сөз айта алмады. Орнына көтеріліп, мынау жалаңаш тәніне шаянша жабысқан теріні лақтырып тастамақ болып еді, оған шамасы келмеді. Тағы да сылқ түсті. Маңдайы қайтадан күйіп-жанып, сандырақтай бастады. Айқайлап Хамзаны шақырып, ауылдағы досы Құлжаның атын атай берді. Ал қойшылар болса мұны Құлжа қаласын айтып жатыр-ау деп ұқты.

Анаш ұзақ ауырды. Жалғыз көзді қойшы шал Жаппас екі ай бойына, алыстағы жазыққа қарай бет түзеп жайылымнан жайылымға кешкен сайын оны өзімен бірге алып жүріп бақты. Тосын жұртқа ол Анашты жиенім еді деп қойды.

— Балам, біреу-міреу сұрай қалса, руым Найман, Көксайдан келдім дей сал, — деді ол Анашқа. — Алла сақтасын, тек мынау көгілдір таудың арғы бетінен, совет жағынан екеніңді естірте көрме...

Жаппас көбіне малды таң сәріден өргізіп, түнделете бір-ақ қайтатын. Ондайда Анашты Жаппастың немере қызы — кішкене Ақжүніс қарап қалады.

Ешкіммен сөйлеспейтін бұйығы, тұйық мінезді кішкентай қыз ертеден кешке дейін киіз үйдің алдындағы ошақтың басында шұқыңдар: құрт сығымдап, ауру қозыларды күтіп, жіп иіріп, бір тыным таппайтын. Үйге тек, Анашқа айран, я қымыз құйып беру үшін ғана кіретін. Ақжүністің үстінде — тобығына дейін собалаңдаған ескі көйлек, аяғында — тозығы жеткен ер адамның бәтеңкесі еді. Бұрымына қосып өрген шашбауында бірнеше күміс теңгелері болатын. Анаш оның жүрген - тұрғанын сол күміс теңгелердің сылдырынан біліп жататын. Ақжүністің көңілді жүрген сәтін әлі күнге көрген емес. Кіп -кішкене қыздың жабырқау жүзінен тереңде жатқан жазылмас мұңды, бағыныштылықты байқайтын.

Бұлтты күндері Ақжүніс бұрышқа кіріп алып, тырп етпей отырып, шалдың жыртылған киімдерін жамап-жасқайтын, немесе әлдеқайдан теріп алған неше түрлі бұлдардың қиындыларынан құрап көрпе тігетін. Анашқа ылғи «сіз» деп сөйлесетін.

— Сізге қымыз берейін бе? Тоңған жоқсыз ба? Үстіңізге тон жабайын ба... — дейтін ол.

Анаш науқасынан айыға қоймады. Оның үстіне іш құсталық пен жалғыздық та жегідей жеп бітті. Әзінің достарын: Шегірткені, ауылдағы балаларды, туған жері Қарлығашты сағына еске алатын. Күніне туған елге оралудың ондаған жоспарын құратын ойменен. Тек Жаппас қайтқанда ғана жебір ойдан сергіп қалушы еді. Шал Анашқа олар шекараны күзетпейді дегенді айтты. Бірақ олар шекараны жағалап жортуылдап жүреді екен. Онан кейін мынау таулардың арасында, далада, құмда көтерілісшілердің тобы да көп жүретін боп шықты. Олардың бастаушысы — Мұқан деген батыр екен.

— Менің балам сол Мұқанның тобында жүріп, бір айқаста қайтыс болды, ал келінімді жылан шағып өлтірді. Не керек, ақыры бұл дүниеде Ақжүніс екеуміз ғана қалдық қой, — дейтін ауыр күрсінген шал... Онан соң сәл ойлана отырып, әдеттегідей өзінің таусылмас әңгімесін бастап кететін де, қазақтардың жоңғарлықтармен соғысы туралы, онан өзінің бала кезінде Қашқардың базарына бөдене ұстап апарып сатқаны жайлы әңгімелейтін. Айтуынша бала кезінде өте епті, қу болыпты. Кекіліктің, бөдененің ен, таңдаулыларын ғана ұстайды екен. Бөдене төбелестіруге жаны құмарлар бұған ең жақсы, күшті құсты әкеп беруін сұрайтын бопты.

Құс аулайтындар Жанасты көре алмайтын. Бір рет Жаппас бір үйір кекіліктің ізіне түсіп келе жатқанда, екі адам мұны тарпа бас салады. Сабай бастайды. Басқа да, бетке де, көзге де ұрып, сілікпесін шығара сабайды. Міне, содан Жаппас бір көзінен айрылып, Башбайға қойшы болады...

Қарт өз әңгімесін күтпеген жерден үзіп тастап, кенет Қарлығаштағы тұрмыс туралы, жалпы совет жайында қазбалап сұрай бастайтын. Анашты үнсіз тыңдайтын. Ақжүніс істеп отырған ісін ұмытып, қара көздері таңдана ашылып, әр сөзді қалт жібермейтін. Жаппас болса ауық-ауық құптай тамсанып, ақырын ғана басын изей беретін. Жалғыз көзін тарс жұмып ап, ойға бататын, ойлана отырып күрсінетін. Ақжүніс те атасына таман жақындап кеп отыратын ондайда. Қарт өзінің күсті қолымен немересінің жұмсақ шашынан еркелете сипай отырып, ақырын ғана: «күндердің күнінде біз екеуміз де ата-бабаларымыздың сол үлкен қонысына оралатын болармыз. Тек алла жар болсын...» дейтін.

Анаш соғыс туралы, Қарлығаштағы ер-азаматтардың майданға қалай аттанғаны жайлы, өзінің достарымен шеккен сапары туралы әңгімелейтін. Бала көкірегі көрген-білгендерінің ең жақсы дегендерін сақтап қалған екен, сондықтан Анаштың әңгімелері жүрек тебірентерліктей шығатын. Анаштың сөзіне қарағанда Қарлығаш дүниедегі ауыл атаулының ең әдемісі еді. Бірде Жаппас еппен ғана:

— Балам, сен оқи, жаза білесің бе? — деп сұрады.

— Енді қалай? — деді таңданған Анаш.

— Онда балам, менің мына Ақжүнісіме үйретсеңші, қаруы алладан қайтсын, — деп өтінді Жаппас. — Бұл менің сенен бесін намазы кезіндегі өтінішім болсын. Бас тартпа, балам...

Қарт тысқа шықты. Қотандағы күйіс қайырып жатқан малды бір шолып қойды да, көк шөп үстіне ақ жайнамазын жайып, намазын ұзақ оқыды. Намазын оқып болған соң, селдір сақалын сипап тұрып:

— Шүкір, қазір халіміз оңалды, — деді Жаппас. — Башбайдың қолы ашылып келеді. Мұқаннан өлердей қорқады да. Мұқаннан сары аяқтар да қорқады, бірақ олардың, әсіресе, ес қалмай шошынатындары коммунистер. Жұрттың айтуына қарағанда, коммунистер жуық арада бізге де жетіп, бұл арада да совет құрады дейді. Мұны маған Құлжадан келген біреу айтып еді. Сондықтан Башбайдың шаруасы бұл күнде басынан асады. Сенің кім екеніңді қазбалауға мұршасы да болмас.

Сөйт, балам, менің Ақжүнісімді оқыт...

* * *

— Сіз түсіңізде ұшып көрдіңіз бе? — деп сұрады Анаш, әңгімесін сәл үзе тұрып.

Естігендерімді ой елегіне салып отырған мен, оның сөзіне бірден түсіне алмадым.

— Меніңше балалық, жастық шағында ондай түстерді әркім-ақ көретін болар. Иә, сондай бір түстер кіреді. Бәрі ап-айқын. Қолыңды сәл көтеріп, қанат қаққандай қағып қаласын, да бір төбеден екінші төбеге мамықша қалқып ұшып барасың. Жолыңдағы өзендерден қарғып өтіп, жартастардан қалқып қана жазыққа түсесің... Шалдардың айтуынша мұндай түстер адамның өсе бастаған кезінде кіреді дейді, — деді Анаш күле сөйлеп. — Кейде маған космонавттардың салмақсыздықтағы көңіл күйлері балалардың, жаңағы, түсінде ұшуымен бірдей болатын сияқты көрінеді. Кей сәт түсінде әбден ұшқаның сонша, тіпті оянғаннан кейін де қолыңды сермеп қалсаң ауаға қалқып шығатындай көрінесің. Шын емес пе? — деп жымиды Анаш, — Мен сондай түстерді жиі көретінмін.

Түсімде мен көгілдір таулардың үстінен ұшып өтіп, Қарлығашқа оралып жүретінмін. Бір қызығы — жалғыз емес, Ақжүніс екеуміз ұшатынбыз. Төбелер мен жартастардың үстінде тұрып, сәл ғана тепсініп қалатынбыз да дәл Рафаэльдің картиналарындағы балалардай жер үстінде қалқып ұшып жүретінбіз... Адам деген қызық қой. Түс көресің, арман етесің, қуанасың, тебіренесің, жә өзің туып, балалық шағыңды қарсы алған ұлтарақтай бір жерге ғаламаттай құштар боласың...

Жас шағыңда көрген түстерін, шетінен әдемі болады, өйткені сен — бірде ерлік істеп жүресің, бірде бұлт үстімен ұшасың және сен үнемі батырсың, ертегідегі батырсың, сөйтіп жүріп кейде өлген анаңның мейірбан алақанын сезінесің, әкеңнің мүрдесімен сөйлесесің, алтыннан сарайлар саласың, — деді Анаш күрсініп. — Ал ояна кетсең бәрі басқаша.

Мен Ақжүністің ең болмаса бір рет қуанып, күлгенін көргім келді. Ен, болмаса бір кіп-кішкентай орамал, конфет, немесе көйлек сыйлағым келеді. Өйткені оның үстіндегі көйлегі өте ескі еді. Менің Жаппас қартқа бірдеңе сыйлап, оған алғысты екенімді білдіргім келеді.

Мен оларға бірге туғандай бауыр басып кеттім. Әрине, ол жақта менің басқа да ержүрек, мейірбан, кең пейілді достарым — қалмақ Шабшай, қытай Сяо Чаньмен оны тек Сяо дейтінмін, — болды. Бірақ мен Жаппас қарт пен Ақжүністі басқа жұрттан айрықша жақсы көретінмін.

Ақжүніс ұғымтал екен. Жазуды тез үйренді. Біз жазуды аппақ қып сүргілеген егіз терісіне көмірмен жазып жүрдік. Мен Ақжүніске өзіміздің алфавитті үйреттім. Ал ол жақта күні бүгінге дейін араб алфавиті. Әрине, мен Ақжүніске оқыту үшін біздің алфавитпен жазылған кітапты таба алмадым. Ал араб алфавитімен жазылған кітаптарды өзім де оқи алмайтынмын. Тіпті үйренуге құлқым да болмады. Енді ғой, міне, үйреніп жүргенім.

Бірде Жаппас бір кітап алып келді. Араб әріптерімен жазылыпты. Тек ең соңғы бетінен мен біздің алфавитпен жазылған жалғыз жолды таптым. Бұл кітап қазақтың халық эпостарынан алынған батырлар жыры екен. Әлгі жолда: «Издано в Алма-Ате» деп жазылыпты. Туған ауылым Қарлығашты, достарымды еске салатын бірден-бір тірі куә осы кітап боп көрінді маған. Өйткені ол Алматыда шыққан еді. Бұл жаққа көгілдір таулардың арғы бетінен келген еді.

Араб өрнегінің сырын ұға алмасам да, мен ол кітапты тұмардай сақтап, туған елімнен — үлкен жерден маған жіберілген қасиетті бұйымдай, әзіммен бірге алып жүрдім.

...Көшіп-қона жүріп, біз қоңыр күзде қыстауға жетіп, киіз үйден жер үйге кірдік. Шынын айтқанда, бұл — үйден гөрі үңірейген інге көп ұқсайтын. Есік орнына жуан бір бау қамыспен бітеп қоятын тар аузы ғана бар. Үйдің ішін ошақтағы от пен май шамның күңгірт сәулесі ғана жарық қып тұратын.

Осылайша дәрігердің көмегін көрмей-ақ, екі айдан кейін мен аяғымнан нық тұрып кеттім. Денсаулығым әбден оңалған еді. Таза ауа, сүт пен қымыз мықтап әсер етсе керек.

Мен Жаппасқа қой бағып, күзетуге көмектесе жүріп, басқа қойшылармен де таныстым. Сөйтіп үйренейін дедім-ау.

Басқалармен кездесіп, жұмыс істей бастаған соң бас қатырған түрлі ойларға да уақыт азайды. Оның үстіне қыс түсіп қалғаннан кейін, келер жазға дейін елге оралуды ойлай берудің де мәні жоқ еді.

Қалың қар түскен кезде Башбайдың бас етіп қойған адамы барлық қойшыларды шақырып ап, еңбек ақы белгіледі. Жаз бойына Жаппас баққан бір қора қой екі жүзден бес жүзге жеткен екен. Малының қоңы да жақсы еді. Әлгі адам Башбай атынан Жаппасқа бес тоқты берді.

Байдың осынша мырзалығына қуанған Жаппас әлгі тоқтыларды айырбастап, Ақжүніске көйлек, бәтіңке, өзіне етік, маған күрте әпермек болды.

Малды көрші қойшыларға табыс қып, жылы киініп алдық та, Жаппас атай екеуміз Шарасүме қаласындағы базарға жүріп кеттік.

Көлігіміз түйе болатын. Жолда тоқтыларға береміз деп екі бау шөпті де сол түйеге теңдеп алғанбыз.

Екі күн дегенде Шарасүмеге де жеттік. Жаппастың жекжаты — бір қалмақ шалынікіне түстік. Төңірегін қалың саз ке- секпен қоршаған, жайдақ табелі, аласа, көзге қораш там екен.

Аула ішінде қармен жентектелген балшықты кешіп, алым-жұлым балалар жүгіріп жүрді. Бүкіл семья бір-ақ бөлмелі үйде тұрады екен. Сол жалғыз бөлменің ішінде арық екі ешкі байлаулы тұр, бұрышта үрлеген шардай тырсиған асқабақтар шашылып және біраз жүгері үйіліп жатыр. Кәдімгі Қарлығашта өзіміздің бақшада әжем есіретін ұсақ дәнді қытай жүгерісі. Ал ең шеткі бұрышта дөп-дөңгелек көздері бар, апан ауызды ағаш құдай тұр. Алдына кішкентай шырағдан жағылған.

Балалар күні бойы піскен асқабақты кеміріп жүрді. Тек түсте ғана шешелері қайнатқан жүгерінің бір-бір собығын ұстатты.

Менің жалғыз көзді қартым оларды қатты аяп кетті. Бір тоқтысын алып соғып, әлгі үйдің ішін бір тойғызды.

Сол күні мен сол үйдің ең үлкен ұлы — Шабшаймен таныстым. Ол менен бір-екі жас үлкен екен. Дөңгелек жүзді, кен, жауырынды бала жігіт қазақша судай таза сөйлейді. Ол мені дереу көше аралатуға ертіп шықты. Батпақтан әзер деп аяқ алып, шалшық сулардан секіре өтіп, орталыққа тарттық.

Шарасүме қаладан гөрі шағын ғана шығыстық поселкеге көбірек ұқсайды. Көшелері құмдауыт. Екі жақта да есіктері тарс жабылған ұзыннан-ұзақ дуалдар.

Қаланын, орталығында сол дуалдарға ойып жасалған тар үйшіктерде, бірінен-бірі асыра айқайлауға тырысып саудагерлер және қолөнершілер: — тері илеушілер, темір ұсталары мен ағаш ұсталары отыр. Ұйғыр, қазақ, дүнген, сибо (ондай да халық бар), қалмақ, қытай — бәрі бар. Ұста балғасының шыңылы, жұртты шақырған дауыстар, тері мен қуырған еттің иісі, адамдардың — - кір-кір, түтін шалған, жел мен күн күйдірген жүздері қайшыласады. Дәл бір ескі ертегіге тап болғандаймын. Мен үшін мұндағының бәрі де бейтаныс дүние.

— Әне, сары аяқтар келе жатыр! — деді Шабшай мені жеңімнен тартып қап.

Мен батпақты көшені кірбіңдей басып, төңіректеріне күжірейе қарап қойып келе жатқан бірнеше полицейларды көрдім. Тышқан сұр киімдері бар, бастарына баса киген інішектікіндей кепкалары бар, тек сәл сопақтау және төбесінде он екі тармақты жұлдыз таққан көк айдары және бар. Аяқтарында бәтіңке және топырақ түстес сары балтыр орағыш. Сондықтан да «сары аяқтар» атанса керек.

Қолдарында мылтық, белдерінде қып-қысқа жапон кездіктері.

Сол сәтте олар маған, неліктен екенін білмеймін, күлкілі керінді, анау үйшіктерде отырған адамдар сияқты, олардан қорқу менің қаперіме де келген жоқ. Мүмкін бұл, ФЗО-да, одан интернатта жүргенімде көрген киноларымдағы полицейлардың кез келген баладан алданып қала беретін ақымақ боп көрінуінен болар.

Алайда келесі күні ертеңгісін мен нағыз қорқынышты елестей, есімде мәңгі бітеу жара боп қалған жайды көрдім...

Түнде қар жауды. Таңертеңгісін қала тап-таза, тұнық боп тұрды. Кешегі шалшықты, батпақ көшелерді ақ қар жапқан. Күн ызғарлы еді.

Үй иесі мен Жаппас ата өзара кеңесе кеп, әуелі дүкендерді аралап, саудагерлермен кездесіп, айырбастауға қойылған товарларды көріп, бағасына келісіп, сонан кейін кеп қойларды алып кетпек болған. Осы кезде аулаға басында түлкі тымағы бар, қасқыр ішігінің сыртынан гүлді кездемемен белін буынған ұзын бойлы ұйғыр кеп кірді. Үй иесі ә дегеннен абдырап, оның қарсы алдынан жүгіре шығып, қошемет білдіріп, екі қолын бірдей созды.

Ұйғыр таза шығыстық жымиыспен оның қолын қысты. Жаппаспен амандасып, тіпті маған да бас изеп қойды. Онан кейін мән бере тоқтыларға көз тастап, әрқайсысын жеке-жеке ұстап көрді. Шеткерек шығып, көздерін сығырайта қарап Жаппас атадан:

— Бағаңыз қандай, ақсақал? — деп сұрады.

Шалым сасып қалды. Ол саудаласуды білмейтін. Қолын жайып:

— Өзіңіз айтыңыз, мырза, сіздің берген бағаңыз әділ болар, — деді ол.

Ұйғыр үндеген жоқ. Тоқтыларға тесірейе қарап тұрып, қойнынан мүйіз шақшасын алды. Алақанына бір шымшым насыбай салып, лып еткізіп астыңғы ерніне атып жіберді.

— Ақсақал, сіз біздің қонақсыз. Алыстан келдіңіз. Сондықтан сізге қиянат ойлап, алдасам, алла алдында күнәға батамын... Мен сізге қашқар жібегінен көйлек, түлкінің пұшпағынан бөрік және біздің қаланың ең таңдаулы етікшісі Алтынбек шебердің әзі тіккен су жаңа етік берер едім. Келісесіз бе? — деді ол ернінің астындағы насыбайын тілімен езгілей сақауланып.

Жаппас ата өзінің қалмақ жекжатына қараған. Анау асыға бас шұлғыды.

— Келісемін.

— Кәне, қолыңызды... — деді ұйғыр насыбайын түкіріп жіберіп.

Бірақ сауданы келістіретін қол алысу болмай қалды. Аулаға алқына жүгіріп Шабшай кірді.

— Мұқанның адамдары қолға түсіпті, — деді ол дауыстап. — Сары аяқтар халықты алаңға қуып жатыр. Мұқанның адамдарын қалай өлтіретіндерін көрсеткілері келеді! — Шабшайдың көзінде ызбарлы от жарқ етті. Біз жүгіре басып қақпадан бірге шыққан кезімізде:

— Мұны Мұқан білсе, әлі сараяқтарға көрсетеді ғой көресіні, — деді ол маған сыбыр етіп.

Кеше ғана қаңғырап бос тұрған көше бүгін тарайып кеткен сияқты. Көп топыр бізді де ортасына алып кетті. Жұрт үнсіз келеді. Қатулы жүздер. Түнде жауған қардың шиқылы. Аяз бен жарқыраған күн. Арт жақтағы біреулердің сөзін естіп қалдым:

— Бұ қалай болыпты?

— Қарбаласта ұстапты. Бұлар түнде келмей ме. Туғандарын көру үшін. Сол кезде сары аяқтар ұстап апты. Қоршап алған екен.

Мұнан әрі мен ести алмадым. Шу көбейіп, Шабшай бір шетке қарай тартты. Кепті айналып өтіп біз алаңға шықтық. Бірін-бірі тықсырған жұрт дөңгеленіп тұр. Онан әрі мидай дала. Омбылай жүріп сол жақ шетке шыққанымызда бес ер адамды көрдік. Белдеріне дейін жалаңаш, қолдары байлаулы, дәл қардың үстінде тұр, екеуі жалаңаяқ, қалғандарының аяғы шүберекпен оралған. Сабырлы қалыпта үнсіз тұр. Әлдеқайда көптің арасында әйел сұңқылдайды. Бала жылады. Екі полицей еңірей жылаған шалды көптің арасына сүйреп тастады. Гоминдан солдаттарының тізіле тұрған қалың қатары көптің лықсуын мылтықтарының жалаңаш найзаларымен ұстап тұр.

Мұқанның адамдарының ішіндегі ең қартаң біреуі: «Бісміләә... ила алла» деп құран оқыды.

Мен ең шетте тұрғанына қарап алдым. Жап-жас қазақ жігіті екен. Сабырлы, сұлу өңді. Екі кезі тостағандай. Өзі грек атлетіндей бұлшық еттері білеу-білеу, сұлу мүсінді. Маған оның тыныс алғаны естіліп тұрғандай болды. Көкірегі бір қалыпты көтеріліп, тынысты терең алып тұрды...

Қарсы жақта тұрған офицер қолын көтерді. Тыныштық басты. Тек баланың жылағаны ғана естіледі. Аналы сыңсуы мен шалдың ойбайы енді алыстан жетіп тұр. Оларды полицейлер түрмеге әкеткен...

Сәби өксігін тұншықтыра дауыстап, офицер үкім оқыды. Мен оның, сөздерін түсінгем жоқ.

Солдаттар мылтықтарын кезеніп, алға аттады. Көпшілік кейін ығысты. Лағнет айтушы дауыстар естілді. Мен қар үстінде тұрған бес қазақтан көз алғам жоқ.

Өздеріне анықтай қарадым. Булығып, үрейленсем де, бойымды соларға жетіп барсам деген бір қайсар ырық биледі. Тісім тісіме тимей сақылдап, тұла бойым дірілдеп кетті. Суықтан емес, қатты қыстығудан дірілдедім. Шабшай менің қолымды мықтап қысып алған. Әлде не деп күбірлейді. Сары аяқтар туралы айтып тұрған сияқты, бірақ мен оны тыңдағам жоқ. Солдаттар тұтқындарға таяу барып, оларды көпшілікке теріс қаратып тұрғызды. Өздері тез кейін қайтты. Бесеудің әлгінде құран оқығаны тағы да көпшілікке қарай бұрылды.

— Қош болыңдар!

Үш солдат бірден ұмтылған. Ол жәйімен өзі теріс айналды.

Офицер қылышын көтерді. Жұрт күңіреніп кетті. Әйелдер азалы жоқтауды бастады.

Мылтықтар гүрс етті. Тына қалды. Екі адам құлады. Әлгі жас жігіт ақырындап көпшілікке бұрылды. Көкірегін үш Қызыл жолақ шимайлапты. Көздері сол тостағандай қалпы. Бірақ тесіле қарағаны қорқынышты еді. Өлі тыныштық орнады. Жайлап аққан қызыл қан жас жігіттің денесін жылы бумен тұмшалап тұр. Ол алға аттаған. Бірнеше солдат үрейлі дауыспен мылтықтарын лақтырып, кеп ортасына қарай лап қойды.

Офицер аттан салды.

Мылтықтар гүрс етті! Тәлтіректеген жас жігіт шетке қарай бір аттады да, тағы да көпшілікке теріс қарап тұрды. Үсті-басынан бу бұрқырап кетті. Қан жапқан денесі ақ даланың үстінде лапылдап жанып тұрды. Офицер оған жүгіріп барып, желкесінен атты. Тағы да, тағы да.

Жігіт құлады. Офицер енді оның құлағынан атты. Қорыққанынан оның қолдары қалтырап кетіпті.

Оғы таусылған. Жас жігіт ыңырана қозғалды. Үрейі ұшып, есі шыққан офицер казармаға қарай жүгірді.

Аһ ұрған жұрт солдаттарды тықсырып тастап, жатқандарды қоршап алды. Халық тегеуріні бізді де лықсытып кеп, жас жігіттің денесіне таяу әкелді. Ол әлі де тірі екен. Сом білекті қолымен жер тіреп, көтерілді.

— А-аһ-һ... — деп ышқынған демі кеудесін жарып шықты. Ақ қардың үстіне шалқасынан сұлап түсті.

Жұрт күңіреніп кетті. Менің аяғымнан әл кетіп, қайта-қайта жығыла бердім. Көз алдымда бөккен қан алаулап тұрды.

Ол ақтық рет тыныс алды. Алқызыл қаны ақ қарды бояп жатты.

Біреу мені артқа сүйрей тартып шығарды.

— Кетелік, балам, кетелік... Алла үшін, тезірек, — дейді еңіреген Жаппас атам.

Аяғымды әзер басып келемін. Ештеңені керер емеспін. Көз алдымда тек суық қарға ағып, буланып жатқан қызыл қан. Ал құлағымда: «А-аһ-һ...» деп ақтық ышқынған арманды үн.

Біз сол сәтте-ақ қаладан жүріп кеттік...

* * *

Анаш әңгімесін үзді. Плафонның көгілдір сәулесіне тесіле қарап ұзақ жатты. Нені ойлап жатыр екен? Мүмкін, қазір көз алдына сол бір күннің суреттері келген болар... Мен оның үнсіз халін бұзуға бата алмадым. Әңгімесін өзі жалғар сәтті күттім. Алайда ол мені ұмытқан сияқты, терең ойға шомып кетті...

Түн жарымынан әлдеқашан ауған. Вагон іші тым-тырыс. Тек сырттан паровоздың арсыл-гүрсілі естіледі. Мен терезеге қарап жатырмын. Дала тастай қараңғы. Жұлдыздар әлсіз ғана жыпықтайды. Біздің поезд бір станцияда аялдап тұр. Бұл түні оның жүруінен тұруы көп еді. Графиктен шығып қалғандықтан, басқа поездар — мейлі жүк поезы болсын, мейлі жолау шылар поезы болсын, — тәкаппар күйде бізге түтін мен бу қаптырып, біздің көндіге қалғыған составымыздың тұсынан салтанатпен жаңғырықтыра өтеді.

Ұйқым әлдеқашан қашқан. Анаш әңгімелері ойдан ой туғызып жатыр.

— Иә, сонымен онан әрі не болды? — дедім мен шыдамсызданып.

Анаш селт ете қалды.

— Иә, қай жерге тоқтадым?.. — Ол сәл үнсіз отырды.

— Сонымен қыстауға оралдық...

Сондағы Ақжүністің қуанышын көрсеңіз етті. Алған көйлектігіміз оған қатты ұнады. Дереу отыра қап, өзіне көйлек тігуге кірісті. Мәз бола отырып, біз жоқта бір түлкінің иттерден қорықпай қыстаудың жанына кеп тышқан аулағанын айтты. Төбеттер бір қора боп ұмтыла қуып, қарға батып жүгіре алмай қапты. Түлкі оларды мазақтап, тышқанын аулай беріпті.

Ақжүніс менен қала жайын сұрады. Ұнады ма, қандай жақсы нәрселер көрдің дейді. Мен ұнады деп жауап бердім. Бірақ жауабымның сенімсіз, жасанды шыққаны сонша, Ақжүніс айтқаныма сенбеді. Көргенімізді айтуға Жаппас қарттың да, менің де дәтіміз жетпеді. Өйткені оның әкесі де Мұқанның тобында жүріп өлді ғой. Оның үстіне Ақжүніс өте пәс көңілді еді, сондықтан бес адамның өлімі туралы айтудың қажеті де жоқ еді.

Кей сәт ол маған сынағандай қарап қалатын, бірнеше рет сөз тартпақ та болды. Мен қашқақтап кетіп жүрдім. Бұл сырдаңдығымды сезген Ақжүніс қайтадан бұрынғысынша тұйық үндемейтін болды.

Кейіннен мен Мұқан батыр мен оның сарбаздары туралы көп естідім. Мұқанның өзі туралы халық арасында неше түрлі сөз тарап, оның ерлігі мен айласы жайлы аңыздар айтылып жүрді.

— Он жылдан бері ол еркін құстай, сонау Алтай тауы мен Тибет шекарасынан бастап, Қашқар даласына дейін шарықтап жүр, — дейтін ол туралы қойшылар. — Сары аяқтардың ішінде оны ұстауға батылы жететін адам жоқ. Мұқан жарлы-жақыбайларға тимейді. Оның күш сынасатыны байлар мен күштілер ғой. Ол сары аяқтардан бауыры мен әкесін өлтіргендері үшін кек алып жүр. Бірталай қалаларда Мұқан сарбаздарының тұтқиыл шапқыншылығынан қорқып ескі қорғандарды қайта жасады... — десетін олар.

Қыстың жаймашуақ бір күнінде қойды күнге жайып жүргенімде маған жылқышы Садық келді. Онымен мені Жаппас таныстырған болатын. Сонда қарт маған туған еліңе қайтуыңа тек осы Садық қана көмектесе алар еді деген-ді.

— Биылғы қыс жылы. Қойшыларға жайлы, малдары күйлі шығады... — деп қойды ол. — Сен өзі жүре келе жақсы қойшы боласың ба деймін. Тек, менің ойымша сауатты адамға мұнан гөрі тәуірлеу жұмыс табылар деймін... Солай ма, бауырым?, Сен өз ауылыңда жүргенде, — деді ол тау жақты меңзеп, — басқаны арман еткен боларсың. — Ол күрсініп қойды. — Мына мен де бала кезімнен сол үлкен жерге жетуді арман етіп келемін. Ол жаққа жету маған қиын. Саған оңай ғой. Сен советтіксің. Жаз шыққасын сені Құлжаға апарып саламыз. Онда сендердің консулдарың бар. Ол саған көмектеседі...

Садық сауатты адам болатын. Қойшыларға жиі қонаққа кеп тұратын. Бір жеркепеге жұртты жинап ап, ұзақ әңгімелесетін. Олардың не жайлы сөйлесетіні — маған құпия еді.

Соңғы кезде біз жаққа Садықтың Сяо Чань деген досы да келгіштеп кетті. Ол неше түрлі қызық хикаяларды білетін, қазақша мақалдап, мәтелдеп тамылжыта сөйлегенде көпті көрген қойшыларыңның аузын аңқитып кететін көңілді қытай жігіті. Бірде ол Ақжүніс екеумізге көз қысып қойып:

— Бір жұмбақ айтайын, шешесіңдер ме? — деді. — Тыңдаңдар онда. Мұқан өз сарбаздарымен тауға қайтып келе жатады. Осы кезде оған сары аяқтар тап береді. Күн батқанша соғысады бұлар. Сары аяқтар кеп екен. Мұқандарды бір терең құзға қуып тығады. Төңірек тегіс қар, состиған жартастар, жалтыраған мұз. Қысқасы, Мұқандар мұз қоршаудың ішінде қалады. Түн боп кетеді де, сары аяқтар құзға кіруге батпайды. Енді бұлар қайда кетер дейсің деп, таңның атуын күтуге бекінеді. Таңертең Мұқандарды қолға түсіріп аламыз, болмаса қырып саламыз дейді.

Таң атады. Қараса — құзда тірі жан жоқ. Ал кәне, айтыңдаршы, Мұқан сарбаздарымен қайда кетті? Кәне, қайыссың тапқыр екенсің?

Өңі қашқан Ақжүніс орнынан үнсіз тұрып, жеркепеге кіріп кетті. Сяо ағай жұдырығымен өз маңдайын бір ұрды.

— Әй, шайтан-ай, шатастырдың-ау. Мұндай әңгімені айтпағым не, оған? Әкесі есіне түсіп кетті...

— Мұқан түн ішінде құздан шығып, кетіп қалды, — дедім мен.

— Қалай? Құзға кіретін жалғыз жолдың өзін сары аяқтар күзетіп тұрды. Сонда ол қалай шығып кеткен?

— Енді, жартастарға өрмелеп шығып кетті ғой.

— Ал аттарын, құрал-саймандарын қайда жіберді?

Мен үндей алмадым.

— Әй, жігітім-ай. Мұның шешуі тіптен оңай. Ойбай-ау, Мұқан сен екеуміз емес қой. Бірде-бір иероглифті, бірде-бір әліпті таяқ деп білмесе де, оның басы жұмыс істейді.

Түнде, төңірек тынышталғаннан кейін ол өз сарбаздарына барлық іштік-тоқымдарды жинауды бұйырады. Тегіс жинайды. Онан соң сол тоқымдарды жоғарыдағы мұзға төсеп жол жасауды бұйырады. Аттың терімен су болған жабағы тоқымдар мұзға жабысып, тез қатып қалады. Соның үстімен Мұқан сарбаздарын да, аттарын да шығарып әкетеді. Іштіктерін жинап алып, іздерін де қалдырмапты. Ұқтың ба?

Ал қойшылар Мұқанға алланың өзі жәрдемге келіпті дейді. Барлық сары аяқтарды ұйықтатып тастайды-мыс. Көрдің бе, аңыздың кейде қайдан шығатынын...

Бірнеше күннен кейін Сяо ағай бізге Мұқан жігіттерінің Құлжаға кетіп бара жатқан Башбай байдың керуеніне шабуыл жасап, тып-типыл ғып тонап кеткенін бірінші боп хабарлады. Башбайдың сауғаға апара жатқан аттарын, түйелерін, жүнін, май мен тері-терсектерін тегіс әкетіпті. Байдың өзін босатын, мұнан былай қойшыларға саусағыңды тигізуші болма деп жіберіпті. Қысқасы, біз әр күні осындай бір жаңалық еститінбіз...

Қысқы жайылым кен, болатын. Январьға қарай жергілікті байлардың отыз қораға жуық маңы келетін мұнда. Тау беткейлерінде іннің тесігі құсап жеркепелердің есіктері үңірейіп тұрады. Алыстан қарағанда біздің сол ауылымыз жабайы араның ұясы сияқты еді. Мұнда қойшысы бар, бақташысы бар, жылқышылар мен күзетшілері бар, бас-аяғы жүзге тарта жер-үй болатын. Боран-шашында қойды үлкен қамыс қораларға қамайтынбыз, ал үйір-үйір жылқылар лапас астын ықтап тұратын.

Мал иелері ете сирек келетін. Қыстауда олардың өздері қойған бас адамдары болатын. бірақ солардың өзі де қожалардың үйін сағалап, жиі-жиі кетіп қалатын.

Қойшылардың арасына танымайтын адамдардың келуі жиілей бастады. Бұлар Сяо ағай мен Садықтың достары еді. Олар күтпеген жерден келетін де Садық пен Сяо сияқты тез тайып отыратын.

...Мен жазды күттім. Садықты күттім. Күн жылыған сайын менің сағынышым да күшейе түсті. Қатты асықтым: туған ауылым Қарлығашты тезірек көргім келді. Жаппас атай біресе науқасын сылтауратып, біресе әзірліктің жоғын айтып. жазғы жайылымға көшуді кейіндете берді. Ол менің халімді ұғып, Садықтың, келуін күткісі келді. Төңіректе мал сирей бастады.

Ақыры, хабар да жетті-ау. Бір жап-жас ұйғыр жігіті келген. Ол Садық пен Сяодан сәлем айтып, немістермен соғыстың біткенін айтты. Советтер жеңіпті.

Біздің жер үйімізге бірінен кейін бірі қойшылар келе бастады. Олар мені құттықтай келгендер. Жеңіс құрметіне, таңдап жүріп, бір семіз қойды сойып тастадық. Мен сонда бірінші рет осы қойшылардың барлығынын, да, мені күні бүгінге дейін «қашқарлық бала» деп атаса да, менің Қарлығаштан екенімді, көгілдір таулардың арғы бетінен келген жат жерлік екенімді тегіс білетіндерін ұқтым. Олар үшін мен Үлкен елдің, Ұлы елдің өкілі едім. Сондықтан да олар үлкен той жасады.

... Тағы да бір-біріне ұқсаған сүреңсіз ұзақ күндер созылды. Біз жазғы жайылымға кешіп шықтық. Ақжүніс қозыларды күтіп, мен Жаппас атайға көмектесіп жүрдім. Сяо мен Садықтан хабар жоқ. Құлжада көтеріліс бопты деген қауесет тарады. Халық сары аяқтардың казармасын басып апты.

Жолаушылап келген біреу қаладағы жалғыз трактордан бір түн ішінде танк жасалып шығарылғанын айтты. Рамалар жасап, оған қалың жабағыны керіпті де, сыртынан қаңылтырмен қаптап тастапты. Ішіне станокты пулемет орнатыпты. Ертеңгісін сары аяқтарға қарсы жіберіпті. Аналар қатты сасыпты. Офицерлер безіп кетіпті. Әлгі «танк» аэропортқа (бірнеше кукурузниктер тұрған, кішкентай ғана қону алаңы) қарай тартыпты. Күзетшілер қашып, ұшқыштар көтерілісшілер жағына шығып кетіпті.

Жұмысшылар аяқ асты «бомбалар» да жасапты. Шәңкелерге оқ-дәрі салып, аузын мықтап бітепті. Оқ-дәріге білте жалғастырып қойыпты.

Аспанға самолеттер көтеріліп, ұшқыштар әлгі «бомбалардың» білтесіне от қойып, казарманың үстінен тастаған көрінеді. Кейбірі жарылып, кейбірі жарылмапты. Алайда зәрелері ұшқан солдаттар өздері беріліпті.

Сол жақтан келгендер Сяо мен Садықты көтеріліс басшыларының арасынан кергендерін айтты. Сөйтсек олар коммунист боп шықты. Қысқасы, менің ұққаным: олардың маған қайырылуға пұрсаттары жоқ. Енді елге қайтудың бір ғана жолы қалды — малдың шекараға таяғанын күту, сол тұста совет шекарашыларына жетуге әрекет ету.

Енді бір айдан кейін шекараға жетуіміз үшін, екі-үш күн сайын қоныс аударып отыруымыз керек дегенді айтты Жаппас қарт.

Бір жеті өткенде атын қан сорпа қып бір жігіт келді.

— Башбай қашып кетті! — деді ол қойшыларды жинап ап. — Бүкіл Синьцзянь бойынша Шығыс Түркстан үкіметі құрылды. Мұнан былай Башбайдың барлық малы халық меншігі болады. Өздерін, тегіс Шарасүмеде болатын кеңеске жиналыңдар! — Онан соң ол Садықтың, менің Құлжадағы совет консулына жеткізілуімді бұйырғанын айтты.

Консул Алматымен байланыс жасап, Алматы Қарлығашпен жалғасыпты. Бар жағдай анықталғаннан кейін, мен үйге қайттым.

Көгілдір таулардың арғы бетіне жасаған менің саяхатым осылай аяқталды. Мен Ақжүніспен қоштастым... — деді Анаш ақырын ғана. — Сол мен үйлерінде болғанда тек бір рет қана, онда да қоштасар сәтте қолымды өзінің кіп-кішкентай алақандарымен ұзақ қыса тұрып, бетіме тура қарағаны әлі күнге есімде. Көзі жасқа толып тұрды.

— Сіз мені ұмытпай, есіңізде сақтайсыз ба? — деді сыбырлай сөйлеп.

Мен оның кіп-кішкентай қолын бетіме басып, сүйіп, кереметтей бір жақсы сөз айтқым келді. Бірақ олай ете алмадым. Жанымызда мені шығарып салуға келген шалдар тұрды.

— Ата-бабаларымыздың үлкен қонысына бізден мың да бір сәлем айтып, бас и, — деп өтінді олар. — Көгілдір таудың, бізді дауыл мен нөсерден қорғап тұрған қайырымды таудың, біздің халқымызды үш тарапқа бөліп тұрған қаһарлы таудың құс ұшпас асқар шыңына бас и...

— Менің руым Найман, — деді Жаппас қарт. — Наймандар Синьцзянь мен Маңғұл жерінде қой бағады. Сол наймандардан Жетісу малшыларына бас и...

ТӨРТІНШІ ТАРАУ

Мен туған елге Харгос пен Жаркентті басып, ескі керуен жолы — «Жібек жолымен» қайттым. Жолда кездескендердің қайсысы болмасын менің сол жақтан екенімді білсе-ақ:

— Ондағы біздің бауырларымыз қалай тұрады екен? Менің туыстарым бар еді, кездестірмедің бе?.. — деп сұрайды.

Содан бері талай жылдар өтті. Осы күні де кездесетіндіктен де, шопандар менен:

— Шырағым, мына көгілдір таулардың арғы жағы қалай? Не боп жатыр? Біздің туғандарымыз аман ба екен?.. — ден алаңдай сұрайды.

Не деп жауап беруге болады?

Мұндай жағдайда бәрін білгіш лекторлар болса. Олар мұндай сұрауларға оп-оңай-ақ жауап қайырар еді. Программадан алған цитаттарын орын-орнына қойып, шегемен қаққандай жымдастырып жіберіп, әзіл-шынын араластыра отырып, бәрін де сықпыртар еді, — деді Анаш.

Мен хат алысып тұрмақ боп көрдім, — деп қойды ол. — Ақжүністің қалай тұратынын, Садықтың қайда екенін білгім кел¬ген. Айтпақшы, сөз арасы — Садық Жүніске қатты ұқсайтын. Есіңізде ме, интернатта қоймашы боп істеген, Отан соғысының мүгедегі жайында айтып ем ғой.

Бірақ менің хатыма тек Шабшай ғана жауап жазып тұрды. Онда да бірнеше хатқа ғана. Ақыры ол да жауап жазбай кетті. Екі айдай бұрын мен тағы да хат салғам. Жауап жоқ. Әлде менің хаттарым қолдарына тимей ме. Білмеймін.

Шабшай Жаппас қарт туралы да, Садық пен Сяо туралы да ештеңе білмейді екен. Ол тек Мұқан жайлы ғана жазыпты. Мұқанды өлтірген көрінеді. Анархист, бүлікшіл, тонаушы деп өлтіріпті.

Революциядан кейін Шығыс Түркістанда ол үлкен қызметке қойылған. Бірақ, сауатсыз адам ол қызметті атқара алмапты. Іші пысып, торға түскен аңдай болса керек.

Күнде таңертең, ол өзінің жақсы керетін аттарын әкелуді бұйырады екен. Онан соң, бауырынан жарап тұрған сәйгүлік аттарға жабырқау кескінде ұзақ қарап алады екен де, қайыра ат қораға жібереді екен.

Бірде оның кішкентай баласы атқа мініп, қала сыртына шығады. Сол кезде баланы әлдекім өлтіріп кетіпті. Өлтіргендер табылмайды. Осыдан кейін Мұқан бұрынғыдан да сұстанып, ешкіммен сөйлеспейді. Ақыры бір күні белгісіз жаққа кетіп тынады.

Күндердің күнінде қол жинап, тау сағалап келеді. Оған Синьцзяндағы қазақтардың ұлттық батыры, Шығыс Түркістандағы революцияның белгілі басшыларының бірі — Ысқақ бек генерал барған екен. Мұқан оны салқын қабылдап, сөзін тыңдағысы келмейді. Ысқақ бек оған, егер бейбіт халықтың мазасын алатын болса, жазаланатынын ескертеді. Бірақ Мұқан ол ескертуді құлағына да ілмейді.

Ақыры Шарасүменің, түбінде қанды айқас болады. Бұрынғы гоминданшылар полкы күтпеген жерден Мұқан жағына шығып кетеді. Іс насырға шауып, ауылдардың, мазасы болмайды. Қойшылар малдарын тастап қаша бастайды.

Мұқанның бүлігін басу үшін қол бастап Ысқақ бектің өзі аттанады. Тәжірибелі генерал оп-оңай жеңіске жетеді. Оның үстіне Мұқанның жасақтары да бұрынғы емес еді. Аннан қашқан, мыннан қашқан, ұры-қарылар, кісі өлтірушілер, опасыздар болатын. Олар тас-талқан болады. Мұқанның өзі қашып құтылады.

Екі жылдай соңынан қуғын түседі. Енді оның төңірегіне бір кездегі ақ гвардияшылар мен әртүрлі қағылған-соғылғандар топтасады. Ақыры, ол Тибет шекарасында қолға түседі.

Үрімшіде ашық сот болады. Сол жерде Мұқан дарға асылады.

... Ал Ысқақ бек кейіннен Пекинге ұшып бара жатқанда, авиация апаты кезінде қайтыс болады... Осыдан біраз уақыт қана бұрын, — деді Анаш ойлы қалыпта. — Мұқан менің есіме Григорий Мелеховты түсіреді. Тағдырлары әртүрлі қалыптасқан мен әр революцияның өз Мелеховтары болады ғой, — деп қойды Анаш. — Бірде біз Жомарт екеуміз осы жайлы таласып едік. Жомарт — Асқардың досы, әрі құрбысы. Асқарды білетін болсаңыз, оны да білуіңіз тиіс. Ол екеуі университетті бірге бітірген. Тек Жомарт ауылға қайтқан жоқ. Қалада қалды. Қызмет істеді, диссертация әзірлеп жүр. Ол туралы сізге бұрын айтқанмын...

Алматыға барған жолымда мен онымен екі рет кездестім. Қызық жігіт. Әртүрлі ғылыммен шұғылданады. Археология, тарих, әдебиет, саясат — бәрінен хабардар.

Міне, сол екеуміз Мұқан туралы сөз қозғадық. Сөйтсем, Жомарт Синьцзянда шығатын қазақ газеттерін жаздырып алып тұрады екен. Оның айтуынша, Мұқанды ебін тауып адастырған Американың Құлжадағы бұрынғы вице-консулы көрінеді. Елшілік паспорты оның тек бет пердесі болса керек. Ал шындығында тыңшы екен. Құлжадағы революция кезінде елеусіз жасырынып қалған. Өзіне агенттер жалдап ап, солардың жәрдемімен Мұқанды уландыра бастаған. Қытайлардың жазғандарына қарағанда, Мұқанның баласын өлтірген және оны қызылдарға жапқан соның агенттері дейді. Қысқасы сол агенттер Мұқанды арандатып тынған. «Елшінің» өзі де сазайын тартыпты. Мұқанды қолға түсіретін кезде, Тибет шекарасында елім қауыпты оны. Ол орыс шаруасынша киінсе де, Ысқақбектің бір офицері оны өлігіне қарап таныпты... Кім білсін, мүмкін газеттердің жазғанындай Мұқанның анархист екені де рас шығар... — Анаш үнсіз тың тыңдап қалды. Ол полкада ұзынынан созылып жатқан. Стол үстіндегі шамның жарығы оның білінер-білінбес сақал басқан иегіне, ат жақты жүзіне түсіп тұрды. Шамның сары жалқын сәулесінен бе, әлде өткенді еске алған сәттегі қатты толқудан ба, Анаштың өңі сұрланып кетті. Құлағының астын ала желкесіне қарай созылған қара жіптей жіңішке тыртықты байқап қалдым. Тыртық ұстараның жүзімен жүргізілгендей.

— Бұл тыртық бурыл құнаннан жығылғанда қалған. Тобылғы тіліп кеткен екен. Көп уақытқа дейін аузы бітпей, әзер жазылған, — деді менің көз қарасымды аңдап қалған ол. Шаң басқан қалың шашын сілкіп тастап тұрып отырды. Көзі күлім қағады.

Поезд жолаушылардың ұйқысын бұзып алмайын дегендей, ақырындап орнынан жылжыды.

Түнгі сағат екінің шамасында Жомартты телефон шылдыры оятты. Телефон соққан, бір үйде тұратын көршісі — республика комсомол комитетінін, секретары екен.

— Мазалағаным үшін кешірім өтінем. Менімен бірге аэропортқа барып қайтқыңыз келмей ме? Меніңше, сізге қызықты болар деймін. Өкінбейсіз.

— Анықтаңқырай айтсаңыз. Не жайлы айтпағыңызды түсінбей тұрмын, — деді ұйқылы-ояу Жомарт.

— Космонавт мінген самолет сәл бізге аялдайды екен... — деп хабарлады көршісі.

Самолет Москвадан Джакартаға ұшып барады екен. Әдеттегісінше, шетелдік Азиядан бізді бөліп тұратын көгілдір таулардан секіріп өтерінің алдында Ташкентте сәл аялдай алуы тиіс. Ал қазір Ташкентті қою тұман басып жатқан көрінеді. Сондықтан космонавт мінген самолет Алматыға қонбақ.

Аэропорт тым-тырыс еді, тек анда-санда диктор бір сарын үнмен рейске ұшатын самолеттерге билетті тіркеу басталғанын хабарлап қояды. Креслоларда — қалғып-мүлгіген жолаушылар, тыста — отыратын адам күтіп, көздері көгерген таксилер. Қала қалың ұйқыда жатыр. Журналистер де ұйқыда. Бұл түнде олар Алматыға, біздің мазасыз планетамызды айналып, космоста әлі ешкімнің қолы жетпеген ұзақ сапар шеккен адамның қонғанын білген жоқ еді. Фототілшілер де ұйқыда.

Аэропортта фототілшілердің жарқ-жұрқ еткен өткір сәулелі шамдары да, жүгіре жүріп интервью алатындар да, думанды шу да жоқ еді.

Әр кездегідей саябыр қалып. Локаторлар ғана тыным табар емес. Радистер әуеден жеткен дыбыстарды мүлт жібермей тыңдап отыр. Синоптиктер жел менен бұлттардың қозғалысы туралы радиограммалар беріп тұр. Эфирде де әр қашанғыдай мазасыз шу. Барлық толқындарда бірден барлық тілдерде сөйлеп тұр. Сонда да дәл осы сәтте бүкіл радиотолқынның шексіз әлемінде бір бағыттың — Москва мен Делидің үзіліссіз жалғасып тұрғанын ешкім байқамаған болар. Осы бағыттың түйіндескен жері — Алматы еді. Біздің байланысшылар космонавт мінген самолеттің Алматыға келгенін Москваға хабарлап, онан Делиден — майор космонавты алып, Индонезияға ұшып бара жатқан «Ил-18»-ді қабылдауға дайындықтарын сұрады.

... Космонавт әлі кабинада. Ол ұйқысынан оянып, асықпай киінді де самолеттің Алматыда қанша тұратынын білгісі келді.

— Жиырма минуттай, мүмкін тіпті екі сағаттай тұрып қалар... Бәрі ауа райына байланысты ғой, — деп жауап берді оған, тек аэропорттан ұзап кетпеуін өтінді. Осы кезде қонаққа Қазақстан комсомолы Орталық Комитетінің секретары өзін таныстырды.

Таң алдындағы қараңғылық. Тау жақтан самал жел соқты. Қонақты бастап бұлар аэровокзалға қарай жүрді. Сыртқы қақпаның аузында самолетке отыруға келе жатқан бір топ жолаушылар жолықты. Біреуі космонавтың бетіне үңіле қарады, бірақ таныған жоқ.

Кенет тұман түсіп, төңірек қап-қараңғы боп кетті.

Космонавты шетелдік туристерге арналған залға алып кірді. Ол кішкентай столдың жанындағы креслоға кеп отырды. Бұлардың артынша ішке кірген жұқа пальтосы бар арықша жігіт оған өз қойын дәптерін ұсынды.

— Мектеп оқушылары үшін бір-екі ауыз сөз жазып бермейсіз бе. Мен қазақ пионер газетінен едім... бір жолдасымды шығарып салуға келгем, ойда жоқта сіздің мұнда екеніңізді білгенім. Балаларға бір-екі ауыз жылы бірдеңе жазып берсеңіз...

— Балалар ма? Қазір олар тәтті ұйқыда, жақсы түстер көріп жатқан шығар... — деп күлімсірей сөйлеген космонавт дәптерді қолына алды.

Жас жігіт алғыс айтты. Езуін жия алар емес. Бір орнында тыпыршып, бірдеңе айтпақ сияқты. Осы тұста біреу оған қазір космонавты мазалайтын уақыт емес екенін ескертті. Тілші жігіт шығып кетті.

Комсомол секретары космонавты қонақтарға арналған бөлмеге шақырды. Енді космонавт, секретарь және Жомарт үшеуі ғана қалды. Секретарь қонаққа тыңдағы бір совхоз балаларының космонавты космостан кеп қонған кезінде бірінші боп қарсы алған қазақ жігітін қалай іздегенін айтты.

— Жақсы жігіт еді, жіті қимылдайтын, жайдары жүзді. Сол кезде мен оның атын сұрап алуды да ұмытып кетіппін, — деді қонақ сәл ойлы қалыпта, мүмкін, осы сәт жер үстіндегі алғашқы кездесуін еске алған болар. Ол өте сабырлы, жәй сөйлеп отырды. Жомарт оның жүзіне анықтап қарап алды. Космонавтың қара торылау, сұлу кескіні көп қозғалмайтындай көрінді. Жас Будда құдай сияқты күлкісі жұмбақты. Егер ойнақшыған мөлдір көзі мен көңіл күйін пышақ кесті аңғартар көз қарасы болмаса, оның сабырлылығын шектен тыс деуге болар еді.

«Мүмкін, Будда данышпан, бірақ өте керенау, салғырт болған болар, — деп ойлады Жомарт. — Ал космонавтын, сабырлылығында асқан ерлік, іскер күш бар. Қазақ: жаманның ашуы тілінде, батырдың ашуы түрінде, деп текке айтпаған шығар, — деп түйді Жомарт. — Халық бұл сөзінде тек ашуды емес, терең адамгершілік мінезді сипаттаған болар. Мәселен мына отырған жігіттің космонавт болмауы да мүмкін еді ғой. Бірақ бәрібір оның мінезі осы күйінен аумас еді. Мақтау, даңқ, жұрттың зор қошеметі оның мінез-құлқын титтей де өзгерте алмаған. Мейірбан, еңбеккер семья сіңірген бар асыл қасиет оның бойынан мәңгіге орын теуіпті.

Ал егер оның орнында мен болсам. Қалай болар еді онда. Даңқты мен қалай қабылдар едім? — деген ой оралды Жомартқа. Ол космонавтын, жүзіне тағы да көз жіберді: осынша сабырлылық, өзіне деген сенім қайдан туып жатқанын, оның не туралы ойлап отырғанын білгісі келді...

Өзі мен қатарлы екен, жасымыз құрбы, маған замандас, мүмкін, біздің балалық шағымыз да өте ұқсас шығар. Әрине, ол құсап космосқа мен де ұша алар едім, егер де жас күнімнен мазарлардың төңірегін шұқылап, бас сүйектер жинамағанымда: егер де ескі ескерткіштер жайлы кітаптарды оқып басымды қатырмағанда, егерде... Сонда менің қуғаным ғылым емес пе екен, еңбек емес пе екен. Трояны ашқан Шлимандай, немесе Крит аралындағы Миностың патшалығын дүниеге паш еткен Эвенсше, тіпті ең аяғы Хеопс пирамидаларының, сырларын тұңғыш ашушы... сияқты археологтар да ұлы ерліктер істей алады ғой...

— Әттең, уақыт тар, қаланы аралап көрсе болар еді, — деген космонавт сөзі Жомарт ойын бөліп жіберді. Әңгімені жалғастыру үшін Жомарт іле:

— Сіз бұрын Алматыда болмап па едіңіз? — деп сұрады.

— Жоқ. Фрунзеде болдым, мұнда болған емеспін. Мұнда менің бір досым тұрады. Бұрын ауылда тұрған. Қазір лып етіп кіріп шықсам болар еді. Амал не, дәл адресін білмеймін. Маған соңғы хатында жаңа пәтерге кешетінін жазып еді. Оның үстіне мына самолет те белгісіз боп тұр ғой. Бес минуттан кейін, әлде бір сағаттан кейін ұшармыз. Кім білсін! Ауа райы...

Досыңыздың қайда тұратынын біліп көрелік, — деп Жомарт телефонға жақын кеп отырды. Космонавт құдды Будда құдайға ұсап тағы да үнсіз қалды. Онан соң жайлап орнынан көтеріліп, кішкентай столға кеп сүйене отырды да, уақытты текке өткізбей, досына хат жазуға кірісті...

Адрес столы жұмыс істемейді екен. Жомарт көмек көрсете алмады.

— Ал, қайтеміз, тысқа шығалық. Серуенделік. Оның үйін білетін біреу-міреу боп қалар. Хатты беріп жіберелік, — дейді космонавт.

Сыртта тағы да әлгі пионер газетінің қызметкері жолыққан. Ол, сөздің кім туралы екенін біледі екен. Хатты табыс ететін болды.

— Кездескенімде жақсы болатын еді. Ер мінезді, нағыз дос адам. Ол екеуміз ылғи да бірге ұшатынбыз, — дейді космонавт. — Көп-көп сәлем айтыңыз, хатты сирек жазатыныма ренжімесін. Қол тимейді, — деп жымия күлді. — Уақыт жоқ. Ол әрине, өзі де түсінеді. Жұмыс, ол аздай, жетісіне екі мыңға жуық хат келеді. Жауап беру керек.

Оның өзін көріп, баласын ойнатып, зайыбымен таныссам деп едім. Мен болсам әзірге бойдақпын ғой. Көріп тұрсыздар, тіптен уақытым жоқ... Солай дегейсіз, — дейді ол кешірім өтінгендей.

Жолаушылардың бірі космонавты танып қап, жан-жақтан жұрт топырлап кетті. Өзара әлдене жайлы сыбыр-күбір сөз, көпті кие жарып алға мектеп оқушысы шыққан. Космонавт оған суретті ашық хат сыйлады. Әлдеқайдан фотосуретші де пайда бола қалды. Өткір шамын жарқ еткізді. Тағы да. Тағы да. Күлкі. Гүлдер. Аэровокзал гуілге толып, теңселіп кетті.

Таңғы қараңғылық сейілейін деді. Шығыс жақ бозара бастады. Таң жақындады.

— Өкінішті-ақ. Қаланы көре алмадым, — дейді космонавт, топтан бөлініп шығып. — Қала қандай өзі?

— Біздің қаламыз өте сұлу, — дейді секретарь мен Жомарт қосарлана жауап беріп.

— Несімен?

— Көкпеңбек... Көшелері түп-түзу... — дейді сасып қалған Жомарт. — Мұнда сібір қарағайы да, үндінің лала гүлдері... бәрі өседі, — одан әрі ол өз қаласы жайлы ештеңе айта алмайды. Әрине, егер шетелдік біреу сұраған болса, Жомарт оған көп жайды айтар еді. Ал бұл болса, өзіміздің адам ғой, сондықтан әрбір шетелдікті таңдандыратын жайлар, құрылыстарға, өзгерістерге, өмірдің күнделікті жаңғырып отыруына үйренген, кезкелген совет адамы сияқты, бұған да таң емес қой. Бұл тұста Алматыны Алмалықтан айырып тұратын өзіне ғана тән ерекше белгісін, бояуын іздеу керек. Өйткені көп жағдайда адамдар сияқты қалалардың тағдыры да бірдей боп, бір-біріне сырттай ұқсас кеп отырады. Бірақ әрқайсысының өз бойына шақ қасиеті болады.

Космонавты самолетке отыруға шақырды. Әуе кемесі жер-көкті дірілдетіп, орнынан қозғалды да көгілдір тауларды бетке алып тартып кетті. Алдында — көне заманнан келе жатқан шаңқай лаланың отаны — Индия және Индонезия.

— Жақсы таң. Күн ашық болады. Ол уақытында ұшып баратын болды, — деді секретарь, бұлар қалаға кірген кезде. — Көп сөйлемейтіні өкінішті-ақ. Әңгімелерін ести алмадық.

Жексенбі күнгі таң айырықша еді. Түнгі самал терек жапырақтарын тұтқан шаңды қағып, таң азаннан көше сыпырушы әйелдер қоқыр-соқырды тазалап, әлгінде ғана салқын сумен жуылған асфальт көше жарқырап жатты. Гүл жапырақтарына қонған көзге көрінер-көрінбес шүпірлеген шық тамшылары, күннің алғашқы сәулесіне шағылысып, кіп-кішкентай ұшқындар ойнап кетті.

Түнгі тыныстан кейін қала тып-тынық, таза еді. Шық пен гүл жұпары аңқиды. Машина ішіне жұлқына кірген жел кешеден қалған дел-салдықты қуып, ұйқыны ашып, бетке ұрғылайды. Жомарт космонавтпен кездескеннен кейінгі жерде бұл түнді ұйқысыз өткізген.

Көше қиылыстарында постовойлар әлі жоқ. Жомарт пен Гүлсара мінген машина еш кідіріссіз көше бойлап зымырап келеді. Кіші станицаны басып өтіп, Құлжа жолына түсті.

Машина раушан гүлдер мен қызғалдақтар тұнып өскен аңғардың шетіне кеп тоқтады. Жомарт пен Гүлсара жексенбіні осы бір кен, далада оңаша өткізбек болған. Алайда такси қалаға қайтуға кері бұрылып үлгіргені сол еді, зулап кеп тағы бір машина тоқтай қалды. Онан кейін жиырма шақты адам мінген қызмет бабындағы автобус келді. Келгендердің біреуінде қатты даңғырлатып бұрап қойған қалта радиоқабылдағышы бар екен.

— Яма-а-ай-ка. Яма-а-ай-ка! — деген Робертиноның әні келіп тұрды.

— Ал керек болса саған жапан дала?! — деді ішек-сілесі қатқан Гүлсара.

— Тауға барғанымыз дұрыс еді ғой, — деді суына сөйлеген Жомарт. — Мынау ара тақырайған жер екен. Бәрі алақандағыдай...

— Неге? Осы жақты қалаған сен емеспісің. Маған бұл ара ұнап тұр. Ал халықтың көп болғаны қайта жақсы емес пе, көңілді болады. Естіп тұрсың ба? Тіпті Робертино да далада. Мен кен, далада ән тыңдағанды жақсы көрем... Сенін, қалың шөптің арасына жатып ап, сағаттар бойына аспанға қараған кезің болды ма? Мұхит түбіндегідей бұлттар жәйімен қалықтап жүреді, және дәл сол сәтте ән естіліп тұрса. Қоңыржай назбен жүрек қылын шертер ән болса ол.

— Турасын айтсақ, Робертино әнінің бұл далада шырқалуы тұңғыш рет шығар. Анау қабылдағыш күшті екен, ұстап тұр ғой. Шетелдік болу керек, шамасы.

— Мен Робертино туралы емес, жалпы ән туралы айтып тұрмын, — деді енді Гүлсара, бейжай сабырлы үнмен. Өзі қалың шөптің арасынан қызғалдақ теруге кірісті.

— Таста оны. Онан да раушан гүлдер тер. Жүр, әнеу төбеге шығалық, сонда гүл көп болуға тиіс.

— Сен неге қызғалдақты жақтырмайсың осы?

— Иісі жаман.

— Сен қашан да болса ештеңені жақтырмайсың. Робертиноның даусы қитығыңа тиеді, қызғалдақтың иісі жаман, адамдар күбіжіктеп қана отыруыңа кедергі келтіреді. Бірақ бәрін де сенің көңіліңдегідей етіп жасау мүмкін емес қой.

— Логикасын көре алмай тұрмын-ау. Мысалы, маған Робертиноның әндері ұнайды. Бірақ ол модаға айналған, кез келген адам оның даусы жөніндегі өз ойын айтып қалуға асығады. Ал қызғалдақ дегенің тек өсіп тұрғанда ғана әсем көрінеді. Үзіп алып қарасаң, — гүл жапырақтарындағы қара жиектері, гүлдің болбырлығы, өңінің ескілігі бірден көзге түседі. Гүлдегенде шымқай, бояуы аса қанық болғанымен тұрақтылық жоқ, жастық солқылдақтық пен қуаттылық жоқ, тез солады. Қызғалдақты тек басқа гүл жоқ болса ғана үзуге болады... Ал раушан басқаша... Солқылдақ, саумал, өңін тез бермейді, ұзақ тұшырқануға болады...

— Бұл айтқандарын, абстракты философия. Гүлдер қашан да жақсы. Мәселен, қызғалдақтың емге қажет бақта өсірілетіні де болады. Басқа гүлдерге қарағанда пайдалы, әрі әсем.

— Гүлдің сорттарын мен айыра алмаймын. Оны гүл өсірушілерге тапсырған дұрыс шығар...

— Сен тек үзгенді ғана біледі екенсің ғой?

— Дүниенің өзі солай. Біреулер өсіреді, біреулер үзеді. Біреулер жұпар жұтса, ал енді біреулер тозаң таратып, тұқым себеді. Адам қаншалықты дүниені жасаушы болса, соншалықты бүлдіруші де...

— Сенің ойларың маған түсініксіз, біртүрлі ыңғайсыз жайға қаламын...

— Мұны сен бірінші рет айтып тұрсың. Бұрын да екеуміздің ойымыз бір жерден шығады дегенің есімде еді.

Жомарт үнінде ызалы қыжыл бар еді.

— Мүмкін, солай деген шығармын. Бұрын сен маған мүлдем басқаша болатынсың...

— Міне, мұның ашық сөз. Сенің де тырнағың бар боп шықты ғой...

— Саған керегі тек, тастаған жерінде жата беретін мамық жастық па?

— Сен нені айтып тұрсың, Гүлсара? Жә, қояйық ұрысты. Ой дегендеріңді таста. Бүгін күн демалыс қой. Әңгімеміз гүлдер мен махаббат төңірегінде болсын. Мен әне, анау алдымызда жатқан ескі қорған туралы әңгіме айтайын. Ертеде өткендердің жұмбақтарын шешелік...

— Осы мен кіммін саған? Бүйтіп қашанға дейін жүруге болады. Сенің мені кімге балап жүргеніңді білуім керек қой, ақырында? Мүмкін, әлденеге: қызғалдаққа, әлде раушанға — тез сола ма, әлде берік пе, — деп теңейтін боларсың?

— Диссертацияны бітіргенге дейін бұл тақырыпта сөз етпеуге келісіп едік қой екеуміз! — деді Жомарт шытынып.

— Сен бітірдің ғой диссертацияңды.

— Енді педагогтік қызметке орналасуым керек.

— Көмбе қазу мен архивтен өзге сені ештеме қызықтырмайды, сенен қандай педагог — тәрбиеші шықпақ.

— Жә, болды енді... Бұлай сөйлесуің мені қанағаттандырып тұрған жоқ. Мен әйелдің көз жасын көріп, еріп кететіндерден емеспін.

Гүлсара жауап қатқан жоқ. Бұрынғы үнсіз күлкі тұнып тұратын көзін жарқ еткізіп кең ашып, жігітке қарап қалды.

— Дәурен сенікі екен-ау?! Өзіңе ғана қажеттіні ойлап, тек сол жайлы ғана сөз етуге бейімдісің. Қандай тыз-тыз еткен менмендік еді, — деді қыз, аяғының астына түскен гүлдерді жерге аяусыз таптап жатып. Жомарт асыға басып, алда кетіп бара жатты.

Гүлсараның оны тоқтатып, кейін бұрғысы келді. Тезірек асфальт жолға шықпақ болды. Осындай оңаша күбіжікке жаны қас еді. Бүгінгі күні ол көңілді думанның ортасында болғысы келген. Бәрін де ұмытқысы келген. Әсіресе, кешеден бері университетте бірге оқыған курстас бір қызбен кездескен кезде күтпеген жерден туған ойлар әбден мазалап еді оны.

... Үш жыл бұрын Жомартпен алғаш танысқан. Бұл дәл сол Сергеймен біржола ұрсысып кететін кеште болатын. Гүлсара Сергеймен екі жыл бір группада оқыды. Ол қазақ университетіне үшінші курсты бітіргеннен кейін Қазаннан ауысып келген-ді. Жаңа келгенді жігіттер жақсы қабылдады. Қашан да жайдары жүретін Сергей, сабақты да жақсы оқыды. Ұзын бойлы көк көз жігіттің ашық күлкісі, тыңғылықты ісі мен қарапайымдығы группадағы үш қыздың, үшеуіне де бірдей ұнаған. Сергей Гүлсараны сүйді. Ол қызға Еділ туралы әңгімелеуді жақсы көретін. Жігіттің бұл сырын жалғыз Гүлсара ғана емес, Сергейді одан қызғанатындай боп көрінетін басқа дос қыздары да білетін.

Рас, кейде Сергейдің бір мойындығы мен дөрекілеу қарапайымдығы қызға ұнамай да қалатын. Гүлсара жігіт бойынан айырықша сес тастап отыратын сыпайы мінезді, оралымды, әрі қамқоршыл интеллигентті көргісі келетін. Ол, жігіттің елден ерек сұлу болуын, қандай айтыста да жеңілмеуін және өзіне дегенде жұмсақ та нәзік болуын қалайтын.

Сергейде осы қасиеттердің бәрі бар еді. Тек қазір Гүлсара өз қылығын ақтау үшін себептер іздеуге мәжбүр боп отыр. Шынтуайтқа келген де себептер де айқын. Кінәлі Гүлсараның өзі.

Сергей жолдаманы Тың өлкесіне алған. Ал Гүлсараға қалада қалу мүмкіндігі туды. Республикалық Орталық музейдің ертедегі Қазақстан тарихы бөлімі бойынша экскурсовод болуға келіскен.

Университетті бітіру құрметіндегі кештің ертеңіне серуендеп жүрген кезде Сергей еш кіріспесіз-ақ дәл кішкене балаша:

— Бірге кетелік. Бір лашық табамыз. Құдайларша тұратын боламыз, жасөспірім тың тұрғындарын өмірге әзірлеп, ақыл-парасат үйретеміз... — деген еді бірден.

— Ал осында қалып, неге бірге істемейміз? — деп кесіп тастаған Гүлсара, өзінің шұғыл кеткеніне өзі таң қап.

Сергей қыз жауабының кесімділігіне көңіл аудармастан:

— Екі өмір тұтасып бірлік одақ құрғанда, біреу кей жағдайда жол беруі керек, — деді. Ерніне үйірілген күлкі қыз көңілін қытықтап кетер емес. Олар гүл алаңындағы фонтанның жанында отырған. Гүл сатушыны көріп, Сергей соған ұмтылды да, Гүлсараға жұпар аңқыған ақ райхан сатып әкелді.

— Неге жолымды мен беруге тиіспін?! — деді Гүлсара, дауысын өзгертпестен. Ақ гүлді де алғыс айтпастан алды.

— Гүлсара, ол жақтың қандай тамаша болатынын өзін, ойлап көрші. Кең дала, тыңда туған балдырғандар, жаңа мектеп және солардың ортасына біз барамыз... Ал мұнда... Өзің-ақ айтшы, экскурсовод боп істеу шынымен ұнағаны ма саған? Менің ойымша...

— Біреу үшін ойлаудың еш қажеті жоқ, ең тынышы өзінен сұрау керек, — қалайсың ба, жоқ па? — деп. «Дала», «дала», дейсің. Ол далаңды мен білемін ғой.

Гүлсара еш себепсіз өзінен-өзі қызына сөйлеп кетті. Ұрысқысы келмесе де, өзін ұстай алар емес. Гүлсара сондағы қызулығының мәніне әлі күнге түсіне алмайды. Дәл сол сағатта өз тағдырының сонша жайбарақат, әрі қарадүрсін шешілуінен болар, әлде қаламен, фонтандармен, гүлдермен қоштасқысы келмегендік шығар, болмаса өз досының күтпеген шешімін естіп тосылып қалғандықтан ба.

Сол сәтте кеп жайдың тікелей өзіне тірелгенін, өз шешіміне байланысты екенін Гулсара білетін. Сергейге «иә» деп ай¬тып, көп қызықты жоғалтар еді, бірақ оның есесіне онан да үлкен қызыққа — өмірлік досқа ие болар еді. Гүлсара осы бір сәттің — өз өміріндегі шешуші сәттің боларын алдын ала сезіп жүрсе де, — бұған еш әзірлігі жоқ еді. Бойын қаймығу мен қуаныш, толқу мен әлдеқандай ересіз үрей биледі. Сол үрейді басу үшін ширығып алды. Жігітке көңіліндегі сөздерінің бірін де айтқан жоқ. Қайткенде де Сергей жүрегінде қаймығу мен үрей туғызбақ еді. Өйткені Гүлсара өмірдің осындай ең мәнді минутында жігіттің осы бір күлкісін, ешнәрседен қаперсіз күлкісін кешіре алмады.

— Сен білетін едің ғой... — деді Сергей өтінгендей. — Менің көптен сонда баруға жиналғанымды білетін едің ғой.

— Мен ештеңені де білгенім жоқ. Мен бәрін де сенің өзіңнің ғана шешкеніңді білгенім жоқ. Елден бұғып, курстас жолдастарымызбен той өткізбестен, айдаладағы лашыққа қашып кететінімізді де білгенім жоқ...

— Сен нені айтып тұрсың? Ол қайдағы айдала? Эх, Гүлсара, әлі қандай той жасаймыз біз! Кең даланың төсінде жасайтын боламыз. Саған аппақ көйлек тігеміз. Қандай тамаша болатынын білсең сен?!

Дала! Керіп тастаған көк гүлді кілемдей дала. Сол даланың төсінде үлбіреген ақ көйлек киіп сен тұрасың...

— Жетер! Немене, мені ақымақша үгіттейсің. Маған сенің, көйлектеріңнің керегі жоқ.

Гүлсара орнынан тұрды да тез-тез басып жүріп кетті, өз соңынан Сергей де ере тұрып, қуып жетіп тағы да үгіттей бастар деген сенімі нық еді. Сол минутта ол сол кештің қалай аяқталатынын білген жоқ-ты. Өзінін, қылығына да есеп берген жоқ. Толқу, қуанышты, тулаған сезім — қуаныш тасқыны билеген еді оны. Ол жүріп келе жатып: қазір ғой оның соңынан болашақ күйеуі Сергей, не істерін білмей, сүмеңдеп еріп келе жатыр деп ойлады. Жатақханаға жеткенде ол Гүлсараға таяп кеп үнсіз ғана «кешір, осылай боп шыққанына» дейді.

«Не үшін кешірмекпін сені!» — дейді де Гүлсара оның кең кеудесіне қатты жабысып тығыла түседі. Тек бұл жай кезінен бұрын болмасын деп, Гүлсара бұрылып қарамауға тырысты.

Сергей оған сол күні де, оның ертеңіне де келген жоқ. «Кешір» деудің орнына ол «қош» деп хат жазыпты. Өзінің ақымақтығы мен қарапайымдығынан құр сезімге сеніп, ешқандай құқы болмаса да, мұны мазалағаны үшін кешірім өтініпті. Тек Гүлсара оның бұл қылығын дөрекілік, я басынғандық деп ұқпасын, кешірсін, бақытты болсын депті.

Кешкісін кешірек, өз ісіне есеп беріп жатпастан, Гүлсара опера театрының жанындағы кафеге барды. Жолдас қыздары мен достарынан оңашаланып, болған жай туралы ойлануға бекінген. Бұрыштағы қызыл столға кеп отырып, кофе мен балмұздақ алдырды. Сергеймен болған бар әңгімені ұсақ-түйегіне дейін есіне түсірді.

— Егер орын бос болса, отыруға рұқсат етіңіз. — Ой жібі үзіліп кетті. Оның қарсы алдында қара костюмді, крахмалданған ақ жейделі жас жігіт тұрды. Жылы ұшыраған жігіт көздері қыздан жауап күте қарайды. Гүлсара осы бір таза қырынған, қараторы өңді, артистке ұқсаған жас жігітті бұрын да талай керген. Білетіндер оны талантты, өзі аспирант, тарих және археологиямен әуестенеді десетін.

— Пожалуйста, — деп Гүлсара өз орындығын сәл кейін сырғытты.

Жігіт қатарласа отырып, коньяк қосқан кофеге заказ берді.

Даяшы қыз әдеттегідей асықпай қызмет етуде. Көршілес отырғандар хрусталь сыңғырымен аралас әлдене жайлы сөз таластырып, күлісіп отырды. Гүлсара мен көршісі үнсіз отыр. Қыз оның оқта-текте көз қарасын сезіп, ыңғайсызданған күйде кішкентай орамалын уысында сығымдай берді.

— Сіз оқуды бітірген боларсыз. Егер қателеспесем, бүгін сіздердің университетті бітіру тойларыңыз шығар. Сіз неге мұнда жалғыз отырсыз? Ә, түсінемін, түсінемін. Мұндай күні жалғыз болып, болашақ туралы ойланбақшысыз ғой. Алда үлкен өмір есігі, — деді жігіт жұмсақ үнмен. Онан кейін ол университетті бітірудің құрметіне бір бокалдан шампан ішуді ұсыныс етті. Биге шақырды.

Шудан, музыкадан, биден Гүлсараның басы айналды. Сергей туралы ұмытып та кетті. Бойын тағы да қуаныш тасқыны биледі. Осы бір би толқынында жеңіл қалқып, өзін шыр көбелек айналдырған жас жігітпен билей бергісі, билей бергісі келді.

— Сіз мамықтай жеп-жеңілсіз, анау қызға ұқсайсыз. Көрдіңіз бе? Мен осында келген сайын ылғи сол қызға қарап отырғанды ұнатамын, — деп жігіт кафе қабырғасындағы декоратив суретті нұсқады. Онда: тас бұлақтың жағасында жас ару малта тастарды теріп отыр.

— Шынында да өте сұлу екен, — деді қысылып қалған қыз. — Бірақ бұл сурет өте абстрактылы ғой, сонда сіздің махаббатыңыздың да сондай болғаны ма.

— Дұрыс айтасыз. Абстракция қазіргі кезде модадан шыға бастаған сияқты ма, қалай, сондықтан мен де енді махаббатта реалист болсам деймін... — деп ол қызға жұмбақтай қарады. Қызарып кеткен Гүлсара теріс қарап кетті.

Жігіттің айырықша сесті сыпайылығы және ептеп өз дегеніне сенімділігі аңғарылды. Қыздан рұқсат сұрамастан-ақ жатақханаға дейін шығарып салды. Жол бойы жігіт әңгімелеріне берілген Гүлсара, қайдан келгенін, университетті қалай бітіргенін, қайда қызметке орналасатынын тегіс айтып шыққанын өзі де аңғарған жоқ. Тек Сергей жайында ләм-мим демеді.

Бірнеше күннен кейін Гүлсара қызметіне кіріскен кезде музейдің ертедегі Қазақстан тарихы бөліміне әлгі жігіт келіп кірген. Екеуі де ескі таныстарша кездесті.

— Менің сізді жаңа рольде алғаш көрушілердің бірі болғым келді, экскурсовод ретінде сіздің әңгімелеріңізді естісем деймін, — деді жігіт әзілдеп.

— Онан да сіз маған көмектесіңіз, — деп жауап қатты қыз. Бірақ көмектесетіндей ештеңе жоқ екен. Мұнда келушілер өте сирек еді. Кіргендер қаңқиған бас сүйектер мен сарғайған карталарды, ескі суреттерді құлықсыз қарап, келесі залға өтіп жатты.

— Таныс құрылыс, — деді Жомарт макетке жақындап.

— Он төртінші ғасырда Түркістанда салынған Ахмед Яссауидің мавзолейі, — деп қойды Гүлсара.

— О, ақынға салынған ескерткіш! Бір кезде оның алдында Орта Азияның мұсылман қауымы бас иген. Бұл ақынды Ақсақ Темірдің өзі құрмет тұтқан. Тегінде әр жаулап алушының өз идеологы болған. Македонскийдің — Аристотелі, Темірдің — Яссауиі...

— Өйтіп қосақ жасауға болмайды ғой. Аристотель болса ұлы ғұлама, данышпан, ал Яссауи — мистик.

— Солай ма еді? — деді Жомарт, кекесін әзілмен. — Солай-ақ болсыншы, мен сіздің құқыңызға қол сұқпаймын. Өзіміздің жабайы туындыларымызды жоққа шығарып тәрбиеленгенімді ұмытып кетіппін ғой. Алайда музейге келуші адам ретінде: неліктен макет толық берілмеген? — деп сұрақ қоя аламын. Сіз маған мавзолейдің тек қазіргі барын, Түркістаннан көре алатын қалпын ғана көрсетіп тұрсыз. Ал бұл құрылыстың әуелгі тұңғыш көрінісі қандай болған? Ескі архивтерден ең болмаса суреттемесін табуға болмас па еді?..

— Сіз көп жайды қалайды екенсіз, — деп жымиды Гүлсара.

— Солай ма? Ондай ойым жоқ еді. Менің қалауым онша көп емес қой. Өз жерімнің мәдениетін білгім келеді. Жер қабаттарынан мен бір кездерде осы мавзолейді қоршап тұрған құрылыстың қалдығын көріп едім. Меніңше, егер сол үлкен құрылысты ең болмаса макетте толықтырып құрастырса, таңғажайып архитектура болғанына көз жеткізуге болады.

— Мен сізді сол үлкен құрылыстың бар суреттемесін құрастыруға көмектесерсіз деп ойлаймын, — деді Гүлсара, — Сіз тарихшысыз ғой, Мен осыңнан бүкіл құрылысты қойып, мавзолейдің өзі туралы кеңінен, ғылыми дәлелденген, фактілермен шегеленген жазбаны да таба алмадым.

— Сіз жақсы сыншы екенсіз, — деп езу тартты Жомарт. — Бірақ мен осының бәрін көзімнің жеткені деп айтып отырғаным жоқ, сөйлеп тұрын ойланғандығымнан боп тұр. Бұл менің ойларым. Меніңше, мен сияқты музей көруге келушілер мұнда болмайтын шығар. Жұртты қазір Ақсақ Темірдің тұсындағы кірпіштен гөрі космос корабльдері көп қызықтырады, — деп Жомарт сыпайы ғана шегініс жасады. — Бұл мавзолейде сұлулық сипатталған. Бірақ сіздің келушілеріңіз оның ұлылығын байқамастан, шалғайлықты көреді. Ол кірпіштерде араб өрнегі, ісләм діні, біздің бабаларымыздың қайғылы мәдениеті қою сіңіскен. Оларға шаңғытқан зермен Шығыстың ертедегі сұлулығы оюланған...

— Ал мен үшін ертеден қалған әрбір қабырға, әрбір кірпіш — шынжырмен жүріп түтігіп өлген менің бабамның — құлдық келбеті. Ал сол қорқынышты тарихты тірілту қажет пе екен? — деп жауап қатты қыз.

— О, ертедегі архитектураның тамаша үлгілерін бұлайша түсіндіру бүгінгі заман талабына аса сай екен. Олай болса музей ашып, ескі қаңқаларды несіне жинаймыз?

— Музей деген өткен өмірді көрсетіп тұратын жәй ғана айна емес пе.

— Алтын сөздер. Өз рөліңізді тамаша ойнайды екенсіз. Сізден нағыз қазіргі заманғы, Қоншақты Игорьдан келбетті еді деуге, болмаса Илья Муромецті қыпшақтар жеңген екен деуге еш уақыт аузы бармайтын экскурсовод шығады. — Көңілді Жомарт ойнақы әзілмен сөйледі. Гүлсара өзінін, жігітпен тез тіл табысқанын, екеуінің (сол сәттегі байқауынша) мүдделерінің, ойларының ортақ екенін аңғарған. Бұл да тарихты жақсы көретін.

Жомарт ертедегі Орта Азия тарихының таң-тамаша оқиғалары жайлы, Қарақұмдағы ескі Нисседен табылған Таңшолпанның скульптурасы туралы әңгімеледі. Бұл скульптура әсемдігі жағынан Венера Милосскаядан бір де кем емес, тек бет әлпеті азиялық және ол шебер қолынан Европада сұлулықтың символы боп саналатын Венера Милосскаядан көп бұрын туған. Таңшолпан Азия билеушісінің сарайына сән беріп тұрған болса керек...

Келушілер жоқ еді. Жомарт өз әңгімесін жалғастыра берді. Ол Мерв тарихын, оның ғаламат қорғандарын еске алып, Мервтің ең биік қорғанына тұтқындалған Вие сұлуға парфяндық жас жігіттің садақ оғының ұшына хат байлап жібергені туралы әңгімеледі...

Олар жұмыс соңынан көшеге бірге шықты. Жігіт тапқыр әңгімешіл еді. Соны тыңдаймын деп Гүлсара жатақхананың тұсынан қалай өтіп кеткенін, Жомарт тұратын пәтерге қалай жеткенін де аңғармай қалды. Үй іргесіне келген соң, ішке кіруге тура келді. Бір бөтелке құрғақ шарап табылып, әлдеқайдан шампан бокалы, тағы басқа да заттар пайда бола кетті. Гүлсараның алғашқы жұмыс күнін атап өтпек болысты. Қызды жаңа танысының осынша көңіл білдіргені тебірентіп жіберді.

Жомарт жалғыз тұрады екен. Гүлсара түн жарымына дейін отырып қалды. Онан соң сонда түнеді. Ертеңіне опық жеді, бірақ кеш еді.

Енді қыз одан айрылып қалмауға тырысты. Бар ырқымен жігіттен ұстанып бақты. Оның ерсі көрінер қылықтарын да, еш таусылмайтын ешкімге қажетсіз ой-қиялдарын да — бәрін де кешіріп отырды. Бір егде әйелден: әйел деген жата жабысқыш, мазасыз, мыжығау болмау керек деген сөзді естігеннен кейін Гүлсара Жомарт істерінің бәр-бәрін, ең аяғы оның қыздар туралы ашықтан-ашық айтқан бір жақты қияс пікірлеріне дейін үнсіз кешірді.

Тәкаппар да еркін боламын дей жүріп Сергейден айрылды. Енді күннен күнге өз-өзіне деген құрметтен айрыла бастаса да, Жомартты жоғалтудан қорықты. Жігіт алғашқы түні-ақ үйленемін деп уәде еткен-ді. Онан кейін тойды ғылым кандидаты болғанға дейін кідіртетінін айтты.

Осыдан біраз күн бұрын ол диссертация қорғады. Профессорлар оның таланты туралы сөз етті. Қысқасы ол қорғап шықты...

Жомарттың соңынан Гүлсара да қыратқа көтерілді. Қырат төбесі: түбіне неше түрлі шөп, қызғалдақ, раушан және ұсақ ақ гүлдер тұнып өскен жасыл тостаған сияқты екен.

— Қарашы, қандай тамаша, — деді Жомарт үнсіздікті бұзып. — Рақаттанып дем алып, ел көзінен қағыста күнге қыздырынып жатуға болады. Қалағаныңша жатып, аспанға қарауыңа болады.

— Мен осы бір бұғынбақ ойыннан шаршадым, — деп қалды Гүлсара, шөпке жәйімен отыра беріп. Ол әлі де өз ойының, шырмауында еді. Қырат төбесіндегі ұсақ ақ гүлдер оның есіне тағы да Сергейдің ақ райханын салды.

Гүлсара кішкентай өсімдікті үзіп ап, жапырақтарын аялай сипады. Моншақ-гүлдің атын білмесе де, анықтап қарай отырып, оның райханмен керемет ұқсастығын тапты. Ол Сер¬гей ұсынған, нұры таймағандықтан сәл салқын тартқан бұлын, көк табы бар ақ райханнан еш айнымайды. Гүлсара бір сәтке сол гүлдін, иісін сезгендей манаурап, фонтан шуын есітіп, бетіне су тозаңы бүркілгендей боп, Сергейдің ақжарқын, өте-мөте таныс ашық жүзін, көкпеңбек тұнық көздерін көрді...

— Біздің демалысымыз ғажап болатын болды. Ашық аспанның астында алыптың алақанына шыққандай көк шұңғылдамыз. Мүмкін, біз әлдеқандай ханның, болмаса қолбасшының моласының үстінде отырған шығармыз, мүмкін, осы қыраттың орнында Дешті-Қыпшақ қаласы тұрған шығар. Ал мына біз отырған жер ертедегі құрылысшының қолымен көк аспанға тік шаншылған ғаламат минареттің үсті ме... — Жомарт бөтелкелерді ашып, бутербродтарды алды.

— Міне, енді ауқаттанып ап, күнге қыздырынуға болады. — Жомарт шешініп, майка, трусимен ғана қалды. Гүлсараға таңдана қарады.

— Немене, бұл қорған ұнамай тұр ма?

Гүлсара жауап қатқан жоқ. Оның сөзін естімеді де.

— Сен ақ гүлдерді ұнатасың ба? — деп сұрады жауап орнына.

— Бәрі де шартты, Гүлсара. Сен бұл сентиментальдығыңды тасташы. Немене бұ, гүл де гүл, махаббат та махаббат деп. Біздің ғасыр — реалистер ғасыры. Абстракты түсініктерге сенің өзің де қарсы едің ғой...

Гүлсара оны тыңдаған жоқ. Жігіт сөзін аяқтай алмай тосылып қалды. Қолайсыз тыныштық орнады. Гүлсара тамаққа қол да созбады. Күнге қыздырыну да қаперіне келген жоқ, басқа жайды ойлап отырды.

— Сен не дедің? — деді кенет оянғандай.

— Менің айтпағым: ақ гүлге де, қызыл гүлге де әрқилы қарауға болады. Әлі есімде біздің ауыл — Ақтұманың жанындағы тауда қалың жынысты жерлерде қоңырау гүлге қатты ұқсас үлкен ақ гүлдер өсетін. Сұлулығы айырықша еді, ал үзіп ап қолыңа ұстап тұрсаң, басың айналып, лоқси бастайсың. Ол гүлдің иісі өте нәзік еді де, улы екенін бірден айыра алмайтынсың. Ал оның иісі тез өкпені қауып, уландыратын...

Гүлсара оның айтқандарын көзі бажырайып, тізесін құшақтап отырған күйде тыңдады. Иә, иә. Ол шындықты айтып отыр. Гүл жайындағы шындықты емес, өзі туралы. Бұл адам сұлулық атаулының қандайынан болса да жамандық табуға әзір, тіпті өзінің туып-өскен ұясын да қуыс ін деп атауға әзір.

Гүлсара онымен танысқаннан бері әлі күнге ол өз ауылын, өз Ақтұмасын бір ауыз жақсы сөзбен есіне алған емес. Өз ауылдастарының өмірлерінен де, туған бұрышының табиғатынан да, тауының ауасынан да ол тек улыны, азғындықты ғана көреді. Азғындықты өзіне жақындаспақ болған айналасындағы адамдардан да іздейді.

Иә, иә, адамдар да гүлдер сияқты. Сырттай бір-біріне ұқсас болғандарымен әртүрлі. Олардың да гүлдер сияқты жаманынан гөрі жақсысы басым. Мәселен, Жомарттың жерлесі Асқар. Гүлсара оны осы үш жылдың ішінде бір-ақ рет көрген. Ол Алматыға келген еді. Сонда Гүлсара Жомарт пен Асқардың өзара әңгімесін, таласын естіген-ді. Өзі де Асқармен сөйлесті. Жоқ, сонда Асқар өзінің ауылдастарына, туған жері Ақтұмаға көлеңке түсірерліктей, болмаса Жомарт туралы да бір ауыз жаман сөз айтқан емес. Ал Анаш ше? Жомарт пен Асқардың жерлесі. Ол Сергей сияқты еді. Мінездері ұқсас. Ол қашан да өз ауылы туралы сүйсіне әңгімелеп, туған жерім — Қарлығаш деп мақтаныш ететін. Айтуынша шынында да оның ауылы алып Жоңғар тауының көкірегінен ұя салған қарлығаш сияқты көрінеді екен.

Анаш келгенде, Жомарт бір жаққа шығып кеткен болатын. Гүлсара қонақпен оңаша қалған. Сонда ашылып біраз сөйлескен. Анаш қыз көңілінің жабырқау екенін байқаған. Сонда ол өмірдің қиын жолдарына күш алып шығуы үшін адам бір-бірінің түзелуіне, жөнге түсуіне көмектесуі тиіс деген-ді. Ол кезде бұл сөздің астарын Гүлсара түсінбеген. Сонда Анаш шынымен Гүлсара Жомарттың ой-түйсігін түзетуге көмектесе алады деп айтқаны ма еді. Тағы да ол: әркім езінін, жетер жеріне — өмір мақсатына ұмтылып, оны көзден таса етпеуі керек деп айтқан-ды...

— Анаш саған хат жазып тұра ма? — деп сұрады өз ойының қалың қабатына шомған Гүлсара.

— Немене сен? — Біресе гүл, біресе Анаш деп? Шараптан ішсеңші онан да. Кел, күнге қыздырынайық.

Гүлсара күннің қатты шыжғырып тұрғанын енді ғана аңдады. Жылы кофтасын шешіп алды.

— Еске салғанын, жақсы болды, әйтпесе ұмытып кеткендей екем, — деп жалғастырды Жомарт сөзін. — Анаш хат жазған еді, Асқар осы Алматыда, ауруханада көрінеді. Сәлем айт, өзім де келіп қайтуға тырысармын депті. Ертең Асқарға кіріп шығу керек. Өткен жетіде жиналып едім, тарс есімнен шығып кетіпті. Айтпақшы. Анаштың жазғанына қарағанда Зәуреш те осында екен. Сен білесің бе оны? Есіңде ме, бірде көшеде кездесіп едік қой. Ол дәрігерлердің кеңесіне келген болатын. Біздің ауылдың қызы ғой. Ал Асқарға бірге барайық.

Гүлсара Зәурешті Ақсардың айтуы бойынша білетін. Зәуреш — дәрігер, Асқардың сүйген қызы, мүмкін, ендігі әйелі де шығар. Гүлсара Жомарттың ауылынан келгендердің көбін танитын. Асқар мен Жомарттың балалық шақтағы досы — Бәукенмен де танысқан. Ол қазір колхоз председатель Үшеуі де жақсы жігіт, тек Жомарт қана өз достарына ұқсамайды. Гүлсараға әсіресе ұнаған Анаш еді. Оның бойынан бір сопылық есіп тұратын, онымен бұлтақсыз ашық сөйлеспеу мүмкін емес еді. Бәукен болса ауылшаруашылық институтында сырттан оқиды. Ол да ашық, бір мінезді.

Зәуреш алғаш кездескенде-ақ бір түрлі көрінген бұған. Гүлсара оны музейге шақырды. Зәуреш үзіліс кезінде келген. Екеуі асханадан бірге түстеніп, музей төңірегінде паркте серуендеп жүрді.

Гүлсараның Зәуреш сөзінен түйгені. Зәуреш те әлдеқандай бір алдау торына душар бола жаздапты. Бірақ ол өзінің ақ райханын сақтап қалған. Қозғалтпаған оны.

Гүлсара шляпаны көтеріп Жомартқа қараған. Ол аяғын талтайта созып, көкірегін күннің ыстық шуағына қақтап, Олжас ақынның «Нұрлы түндерін» оқып жатыр екен. Бөтелкедегі шарап орталанып қапты. Оның қасында журнал ашулы жатыр, Гүлсара қолына алып, парақтап көрді. Онан соң иығын күйдірмеу үшін шалқасынан аударылды да, журналды лақтырып тастап, бетін шляпамен қайта жапты.

Ыстық тұла бойын бусантып жіберді. Мұнан әрі ештеңе ойлағысы келмеді. Толқығаны басылды. Жүйкелері де тынышталды. Енді қалғыйын деді.

Қырат үстіндегі осы бір кішкене шұңғылға жел өте алмайды екен. Кей сәт Гүлсара көзін ашып, күңгірт көзілдірік арқылы дәл төбедегі ақ бұлтқа қарайды. «Ақ райхан, ақ бұлт. Егер осындай бұлтты мұхит үстінде керсең, онда дәл соның астында ұлтарақтай болса да, жер бар екеніне күмәндік етпе деседі жұрт. Теңізшілер қашан да осындай бұлтты көруге ұмтылады екен. Олар сол бұлт шыққан тұсқа қарай жүзетін көрінеді. Бұл олардың — мұраты, олардың Мекесі. Ал мен болсам өзімнің, ақ райханымды аялай алмадым», — қат-қат ойлар ағып жатыр.

Ақ бұлт шоқпыттап барып сейіліп кетті де, аздан соң қайта пайда болды. Гүлсараның көзі жасаурай берді. Бір сәтке ол көз жасын ешкімге көрсетпей, әйелдер үнсіз булығып жылап алғысы келді. Күн де жәрдем етіп тұр. Қыз жүрегінің мұңы мен сырын түсінгендей, көз жасын дамыл-дамыл кептіре береді. Шептер болса, қыз иығын жыбырлатып қытықтайды.

Рақат тыныштық басқан. Жасыл қырат үстін жалғызсыраған қызыл-сары көбелек айналып ұшып жүр. Әуелде бұлт пен көбелектен өзгеге зер салмай жатқан Гүлсараға, енді бірде қырат үстіндегі шұңғылдың шетіне шықса, күнге қол созуға болатындай көрінді. Алақанды тосып, күн шашыратқан алтын селден бойына жұтып жаңа күш жиса, сөйтіп өзінің ақ райханын іздеуге шықса.

Гүлсара жылағанын қойып, тағы да көзін жұмды, маужырайын деді. Біреудің ақырын жұлқығанынан оянды. Көзін ашып ап, төніп тұрған Жомарттың жүзін көрді. Әбден мезі қылған шараптың иісін бұрқыратып, сүйіп жатыр екен. Кезінде ұшқын ойнап:

— Қашанғы бүйтіп жата береміз, — дейді.

— Қойшы әрі, — деп Гүлсара оны ақырын итеріп тастады. Орнынан көтеріліп, көзілдірігін алып, тез ғана кофтасын киді. Түрегелді. Юбкасын қағып, түзетіп қойды да, аяғын босоножкасына сұқты.

— Жетер. Дем алдық қой. Кетелік.

— Не боп қалды? — деді Жомарт, шытынып.

— Ештеңе де емес. Басым ауырып кетті. Оның үстіне уақыт та боп қалды ғой. Сен өзің Асқарға да барып шығу керек дедің емес пе. Бүгін баралық. Үлгіруіміз керек. Ертең ерте қызмет бар. Шет елден келген делегация музейді көрмек.

— Жарқыным-ау, әлі ерте ғой...

— Жетер дедім ғой мен, болды.

— Мұны айтып тұрған сен сияқты емессің.

— Сондықтан да сенімді естілуі тиіс. Менің үйге қайтқым келді. Жомарт түсінбегендей иығын қозғап қойды да, киіне бастады.

— Сенің бүгін келмеуіңе де болатын еді. Мен сені зорлаған жоқпын ғой, — деп күңк етті.

Гүлсара жауап қатпады.

— Мына кәкір-шүкірлерді не істе деп бұйырасың? — Жомарт ішіліп бітпеген бөтелкені нұсқады.

— Ол сенің ісің. Лақтырып тастасаң да, өзіңмен бірге пәтеріңе ала жүрсең де болады. Керек боп қалар.

— Сені бүгін қандай шыбын шақты? — деді Жомарт, сөмкесінің ішін шепке қағып, босатып.

Олар халық толы жазыққа түсіп келе жатты. Волейбол ойнап жүрген жігіттер мен қыздардың тұсынан өте берген. Біреуі бұларға даурыға дауыстады.

— Біздің командаға келіңдер!

— Рақмет, біз асығыс едік! — деді Жомарт, әдеттегідей өзінің сестігіне басып. Қалта радиоқабылдағышы бар жас жігіттің жанынан да өткен. Музыка естілмейді. Көк шөпке жайғаса отырған жігіт қабылдағышын шұқылап қапты. Оны айнала қоршап алған бір топ жігіт әзілдей қағытуда. Шеткеректе қыз бен жігіт гүл теріп жүр.

— Неғып ерте қайттыңдар? Күн жексенбі ғой, — деген, бұлар тоқтатқан автобустың шофері. Екеуі де үндеген жоқ.

Машина, балқыған асфальтта дөңгелегі сусылдай алға, малаға қарай зулап келеді. Гүлсара бұрыштағы жұмсақ орындыққа тығыла отырды. Қазір ол кең даланың төсінен бері қарай жақындай түскендей боп тұрған қала туралы ойлады.

Қала таудың етегінде жатыр. Жан-жақтан ағылған дала жолдары, сол қаланың көшелерінде түйіседі. Дала қаланың іргесінен басталады. Ал қаланың өзі көгілдір таулардың етегінде тұр. Жолдар көше шеттерінен жылан ирелеңдеп шығып, далаға сіңуде.

Астана басын биік таудан алып, жазыққа жеткенде тарқатыла аққан үлкен бұлақ тәрізді еді.

Гүлсара мұнда шағын жұмысшы поселкесінен келген-ді. Әуелде қала тіршілігі оған түсініксіз көрінген. Қала жайын түсінбегендіктен, білмегендіктен біртүрлі қорқатын да. Бір-екі жыл өткен соң қалаға үйреніп алды. Енді оған қаладағы өмір әсем де қызықты, жеңіл де бейғам керінді. Ол астананың үлкен өмірінің тек театр залдары мен фойелеріндегі, парктеріндегі, ресторандарындағы бөлімін ғана білді. Қаланың аялағаның ғана ұқты. Бірақ қаланын, қатал болатынын білген жоқ. Қала — өзіне, кімнің құштарлығы шама-шарықпен ғана шектелсе соған, кім ұсақ-түйек күйттердің тасасынан оның қайнап жатқан үлкен өмірін кермесе, соған қатал еді...

Қала деген қай тұрғыдан болса да — ар-ұждан жағынан да, махаббат жағынан да, ой-арман жағынан да... — қысқасы, барлық жағынан да кіршіксіз тазалық болғанын ұнатады. Қызығы - ай десеңші, неге мен осыны бұрын ойламадым екен? — деп сұрады Гүлсара езінен өзі.

Өткен көктемнің басында Гүлсара бірінші рет Москвада болды. Ол Москваға жазда барсам деп жүретін. Ол ойын тағы да осы Жомартқа бола бұзды. Жомарт творчестволық командировкада болып, диссертациясын әзірледі де, Гүлсараны кезекті демалысын ерте көктемнен алуға мәжбүр етті. Қыз оның ырқына еріксіз кенді. Жазғы демалыс үшін деп жинап жүрген қаражатын сол жолы ресторандар мен кафелерге сарп етті. Күндіз Жомарт сабағын сылтау етіп жоламайтын. Гүлсараға кешкісін ғана келетін де, түн ортасында жатағына қайтып кететін.

Гүлсара жалғыз өзі аралай жүріп, астананы Ленин тауының биігінен қарап қызықтады. Бір-екі рет үлкен театрда болып концерт тыңдады. Арбатты бойлап, Кремль аллеясымен жүрегі аттай тулап лүпілдей жүрді. Кездескенге дейін москвалықтар Гүлсараға ерекше сияқты болатын, ал кездескен кезде олардың, алматылықтардан еш өзгешеліктерін кере алмады. Рас, москвалықтар қашан да асып-сасып, асығып жүреді екен, оны Гүлсара халықтың өте кептігінен болар деп түйді.

Москвада жүргенінде Гүлсара кенет өз селосын есіне алған. Біртүрлі сағына аңсаған.

Ол Москвада он күндей жүріп қайтты. Алған әсерлері тез ұмытылды. Сонда болған күндерін есіне түсіргісі келген кезде, ойына өзімен көршілес бөлмеде тұрған бір кішкентай американдық қыз сап ете түседі.

Гүлсара «Украина» қонақ үйінде жатқан. Бірде ол ешкімге байқатпай, жас балаша жылдам, лифтің бірінен екіншісіне ауысып отырып, жоғары-төмен сырғанап жүрген. Сол күні көңілі өте көтеріңкі еді. Жиырма бесінші қабаттан түсіп келе жатып, ол лифтершаның жанында тұрған сары шашты, боп-боз, пісте мұрын кішкентай қызды көрді.

— Иә, Робби, жоғары-төмен сырғанаған ұнай ма саған? — деп сұрады лифтер. Кішкентай қыз үндеген жоқ. Көзін кең ашып, мейірімді әйелге таңдана қарап қалды да, біркелкі әсем тістерін көрсетіп езу тартты.

— Бұл қыз американ балетінен. Мүлдем сәби, өзі ойын көрсетуге келген, — деді сөзшең лифтер.

Гүлсара қыздың өзімен көршілес бөлмеде тұратынын байқады. Лифттен шыға - ақ сәби жүзі өзгеріп сала берді. Күлкісі семіп, төңірекке құлықсыз қарап, дәл үлкен адамша бұйыға қалды. Шекесіндегі қызыл реңнің ізі де қалмады. Өңіндегі ақшыл сарылық, көз қарасындағы үрейлі елен, жас сәбиге аяушылық туғызып тұрды. Робби кезекшіден кілтті үнсіз алып, көңілсіз басып өз бөлмесінің есігіне қарай жүрді.

Кешкілікте Гүлсара Роббиды тағы да керді. Бұл жолы спорт сарайында болған американ балетінің концертіне Жомарт екеуі бірге барғанда көрді.

Оның Роббиға деген аяушылығы арта түсті. Гүлсараның қызды қолына алып, жанына отырғызып аймалап, көңілдендіргісі келді. Ол Роббидың бұрандалы қуыршаққа ұсап, балет солистерінің аяғының арасында шыр көбелек айналып жүргем кезінде мұз айдынына дәті жетіп қарай алмады.

— Қандай техника! Ғажап! — деп сүйсіне таңырқады Жомарт.

— Кішкентай қыз аянышты, — деп Гүлсара шынын айтты.

— Қызық адамсың. Кішкентай қыз болмаса мұншалықты әсерлі де болмас еді. Бұл ғажап сәби! — деп Жомарт даурыға сөйледі.

Гүлсара оны тыңдаған жоқ. Бір уыс гүлді деміге шалдыққан кішкентай қыздың аяғына қарай лақтырып жіберді...

* * *

Дорогомиловский жағалауының гүл алаңында көк шалғын желкілдеп тұр. Кешке қарай, әсіресе, түн ортасында бұл ара салқын тартып кетеді.

— Дәл осы жердегідей жел ұйтқы бүкіл Москвада болмайды. Ылғи соғады да тұрады, — деп қитықты такси шофері қонақ үйінің алдына кеп машинасы тоқтағанда, Гүлсара концерттен қайтқан еді. К,ызды шығарысып салуға Жомартпен бірге келген бір жас жігіт:

— Бұлардың техникасы кереметтей деген сенін, сөзіңе қосыламын, сұңғыла есептілік және басқа да толып жатқанның бәрі бар, алайда осының бәрін көркемөнер деуге болмайтын сияқты, — деді. Бұл жігіт тарихшы екен. Жомарт сияқты, ол да диссертациясының тақырыбын бекіту үшім Ташкенттен келіпті.

— Ал, анау кішкентай Робби жайында қалай ойлайсыз? — деп сұрады Гүлсара.

— Ол кішкене қыздың сәбилік қылығынан ештеңе қалмапты. Әрине, бізде де цирктегі концерттерде балалар шығып жүреді. Бір-ақ олардың адамгершілік жағы басым көрініп тұрады, — деді жас жігіт.

Жомарт күліп жіберді.

— Екеуің де: сен де, сен де жөні түзу адам екенсіңдер де, — деді ол, Гүлсара мен екеуін меңзеп. — Біздегінің бәрі жақсы да, олардағы бәрі жаман. Қандай айқын ойлар!

— Менің айтып тұрғаным «олар» мен «біздер» туралы емес, кішкентай қыз туралы ғой, — деді ыза болған Гүлсара. — Байғұс баланы мұз үстіне лақтырып-лақтырып жібергені қорқынышты - ақ екен. Байқауымша, сен мұны ешқашан да түсіне алмассын,. Сәби бала бұрандалы қуыршаққа айналған. Кезекші әйелдің айтуына қарағанда, концерттен соң Роббиды әкесі ресторанға апарып, түн ортасына дейін өзімен бірге ұстайды екен... Және сол әкесінің — сол атақты Бадди Лоландтың жеке басынын, тәрбиесі қандай десеңізші?!

— Сен енді естіп бәрін біле қаласын,. Балетке ғана емес, ресторанға да қарсы боп шықтың ба, — деп Жомарт реніш білдірді. Оған жолдас жігіті:

— Достым - ай, сенімен сөз таластыру да қиын - ау, — деді.

— Ренжімеңдер. Бұл тұста мәселе кішкентай қызда да емес және оның әкесінде де емес, тіпті бізде де емес. Мәселе өмірдің түрліше жағдайында. Мәселен, қалалы жер адамның мінез-құлқын қалыптастырады. Біздің, де Лоландтан еш айырмамыз жоқ.

— Жомарт, сен қияс кеттің. Нағыз көркемөнер қалада да, селода да — барлық жерде бірдей туады. Ал Лоланд жайына келсек, мен сенімен тағы да келісе алмаймын...

Кіре беріске тағы да үш «Волга» сырғып кеп тұра қалды. Машинадан америка балетінің артистері шықты. Бірін-бірі қолпаштап, иықтан шапақтап, духи мен помаданың ұшқыр иісін бұрқыратып фойеге қарай өтті. Американдықтарға бастан-аяқ шын ықласымен сүйіне қарап алған Жомарт:

— Біз де қайтайық. Тым кеш боп қалды. Ауқатсыз қалармыз, — деді.

Бадди Лоланд кішкентай қызымен «Волгадан» жұрттың ең соңын ала түскен. Кішкентай қыз аяғын тырпылдата, баспалдақтармен жүгіріп шығып, жап-жарық фойеге кірді де:

— О, кэй! О, кэй! — деп дауыстап, қып-қызыл ала боп боянған бір әйелдің соңынан жүгіріп кетті. Қонақ үйдің күтушілері оны сүйінуден гөрі аяныш білдірген жымиыспен шығарып салды.

— Байғұс бала - ай, өзінің шешесі жоқ-ау, — деймін, — деді Гүлсара, ақырын ғана.

Жомарт және оның жолдасы, Гүлсара үшеуі он үшінші қабатқа көтерілген. Кафе жабық боп шықты. Олар қайтадан төменге түсіп, ресторанға кірді. Американ балетінің көптеген актерлері стол жағалай отырып та қалыпты. Мұндағы қалыптан тыс тыныштықты киімдерін ауыстырып киіп үлгірген Робби бұзып жіберді. Ол залға көңілді дауыстап жүгіріп кірді. Жұрттың бәрі де оның қылығына езу тартқан. Ал Робби кішкентай қолдарын сермеп, мәз бола күліп, аралықтардан жүгіріп өтті де, Гүлсараның байқауынша, басқалардан мейірімді көрінген бір актердің тізесіне шығып алды.

Бадди Аоланд та кірген. Роббиді көріп, бірдеңе деп зекіп қалды. Кішкентай қыздың жүзіндегі күлкі ізі пышақ кесті жоғалды. Тұрып барып бос орындыққа отырды. Боп-боз өңі, үшкілдене қырланған мұрны, қаймыға бағжаңдаған көзқарасы, тағы да дәл әнеу күнгі лифтіде сырғанаған кездегідей, оған деген аяушылық туғызды...

... Машина қалаға кірген. Гүлсара тағы да сондағы қонақ үйіндегі Жомарттың: «Қала адамның мінез-құлқын қалыптастырады, оларды не мейірімді, не зұлым етіп, болмаса тәкаппар, менмен, яки үлкен мақсатты адам етіп шығарады», — деген сөзін есіне алды. Сонда осы айтқаны дұрыс па? Апыр-ау, адамды қала туғызбайды, қаланы адам салады емес пе? Ендеше ол қаланың қандай болатыны: жақсы, я жамандығы, машина механизмдерін сақ - сұқ еткен жансыздығы, болмаса адам дайын мейірімді, тазалық пен мәпелеуді ұнататын болуы адамға байланысты емес пе? Үлкен қала Гүлсараға кішкентай Роббиға ұқсайтындай көрінді. Ол өзін салған адамдарға кіріптар еді...

Гүлсара Жомартқа қарады. Қыз өз ойын дауыстап айтқысы келген. Өйткені Робби Жомарттың да есінде ғой. Бірақ үндеген жоқ. Жомарт оның өзіне қарағанын байқап қалды. Бұрыла отырып:

— Білесің бе, Гүлсара, дала қызғалдағы туралы қатты айтуымның себебі, олар көбіне шұрайсыз, ескірген аңызақ жерлерге өседі. Онан соң олар иесіз қалған ескі зираттарға өседі, мүмкін, қара дақтары да содан шығар.

Гүлсара оған таңырқай бұрылған. Жігіт үнінен өз қайсарлығына өкінгендей сыңайды таныды. Жомарт оның алдында кешірім өтінгендей. Мұндайы жоқ еді бұрын.

Жомарт оған жұғыса отырды. Қыздың қолынан ұстады.

— Осы, адамда дос болатыны да жақсы-ау, — деді ол, Гүлсараға біртүрлі жуасыған кескінмен қарап. — Егер сен болмасаң, мен не істер едім? Тіпті ұрсысатын да ешкім болмас еді-ау, — деп жымия күлді тағы.

Гүлсара оған үнсіз қарап қалды. Кейде ол өстіп бала сияқты бола қалады. Күлкілі - ақ. Өз ойларына өзі өрекпиді. Мұндай сәттерде ол езінен басқа дүниеде сүйкімді жан жоқтай көрініп, адамға сонша мейірімді, ерке қылықты боп кетеді...

— Отырардың үстінде де қара жиек қызғалдақ өседі ғой, — деп қойды Жомарт...

— Не жайлы айтып отырсың, қайдағы Отырар? — деп сұрады Гүлсара. Қыз Жомарттың дәл бүгін көп нәрсені қайта ойлағанын білген жоқ-ты.

Қырат үстінде күнге қыздырынып жатып, ол өткен түнде құдды Будда құдайға ұқсаған, тұйық мінезді космонавтпен кездескенін есіне алған. Көңіліне Шығыстың ертедегі бір қолжазбасынан оқыған өлең жолдары да оралды. Онда: ондаған қантөгіс соғыста жеңіп шыққанша, алақандай жерді құмнан тазартып, жыртып, егін ек, деген ой айтылатын-ды...

Жомарт көңілін тағы да, түндегі космонавтпен кездескен кездегідей, сондай-ақ әзінің осыдан қап жыл бұрын қалың қамысты жыныстың арасынан араб әріптерімен шимайланған үйді (жай ғана мазар екен) тауып алған шақтағыдай ерлік туралы қиял биледі.

Рас, ол кезде Ақтұманың шақ басқан көшесінде асыр салып жүріп, Жомарт археология деген ғылымның бар екенін білген де жоқ еді. Трояны ашқан ұлы қиялшыл, әрі фанатик Шлиман дегеннің болғанын, немесе Египеттің екі жаулаушысы: Наполеон мен Шампольон екенін де білген жоқ еді. Бірі — фараондар елінің билеп-төстеушісі болуды арман етіп, ақыры өмірінің соңғы күндерін кішкентай аралмен шектесе; екіншісі — дүние жүзін ертедегі Египеттің мәдени қазыналарымен таныстырып, арабтардың ғана емес-ау, жер үстіндегі мәдениет атаулыны қадірлейтіндердің құрметіне бөленген.

Жер қойнында құпия сырлар көп қой. Ал адам жердің сол құпияларын тегіс білмей жатып Марсқа ұмтылады. Мәселен, қазақ даласында ескіден қалған қорғандар жоқ. Бір кезде батырдың иығынан ұшып түсіп, Шыңғысханның атының тұяғына тапталған теп-тегіс қалқан сияқты... Ал осы төңкерулі қалқан өзінін, сырларын әлі ашқан жоқ, астына бүгіп жасырып жатыр...

«Қалқан...» — «Алғашқы соққы!...» «Отырар!» — деп басы дыңылдап тұр. Бір кездегі криттың ғасырлар қабатынан Миностың, патшалығын қазып, ашып, сол арқылы «арқауын» тарқатқан, неге әлі күнге ешкім Отырарды қазуға кірісе алмай жүр?

Ал егер... Егер Отырар туралы өшіп бара жатқан естелікті қозғаса қайтер еді?!

Әрине, Отырар — космос емес. Дегенменде... Космонавтын, скафандры да, археологтың қыл. қаламы да ғылымға, яғни адамға қызмет етеді. Әлгі ертедегі қолжазбаның авторы да осы жайлы жазып отыр ғой, қантөгіс соғыста жеңгенше, алақандай жерді айдап, егін салған артық деп отыр ғой. Отырар — ол аузы құлыптаулы сыр, көп-көп ғасырдан жатқан сыр, туған даланын, өткендегі тарихы. Жердің өшіп бара жатқан ескерткіші...

Вяткин Ұлықбектің ұлылығын дәлелдеп шықты. Оның обсерваториясын қазып алды. Ал Афросиаба мен Отырардың құпиялары әлі де ашылған жоқ.

— Отырардың үстінде қара жиек қызғалдақ гүлдеп тұр, — деп тағы да қайталаған Жомарт Гүлсараның қолын қысты. — Біз екеуміз оларды теріп ап, шашып тастайтын боламыз. Біз екеуміз әлі талай-талай айқасқа түсеміз, — деді ол, қызға қарап жымиып. Онан соң алақанын ысқылап қойып, жолаушылардың ешқайсысы естіместей ақырын сыбырлап:

«Не нуждаясь в пощаде глупцов,

Не покорствуя мудрым,

Слово бродит в степи,

Чтобы нечаянно встретить меня... —

деп «Нұрлы түндерден» үзінді оқыды. Ол әр сөзін салмақтап, асықпай оқыды.

«Бұған тағы да бір аласұрған ой түсті, сондықтан да көңілі хош», — деп ойлады Гүлсара.

БЕСІНШІ ТАРАУ

Мен тағы да көшпелі. Тағы да жолға шықтым. Күн нұры қиырлай құйылып тұр. Жанымнан стюардесса өтіп барады. Бұл Жиенбай бақташының қызы. Жүріс-тұрысы тік. Көз қарасы өртеп жіберердей. Күлкісі сәулетті. Жел қағып, күнге күйген дала сұлулығы оған анасынан мұраға қалған.

Бұл да Гүлсара сияқты, тіп-тік сымбатты, өңінің нұрлығы, бет-әлпеті, кескіні далада ат үстінде жүрген шабандоз қыздай шырайлы да өткір. Ал Гүлсара жүзі тоспаның жанындағы көлеңкеде өскендей бозғыл еді.

Жиенбайдың өзі самолетте ұшып көрген емес. Ол бар өмірін ауылда еткізіп келеді. Ал қызы болса, ертеңгі асты Алматыда ішсе, түскі асты Москвада ішеді, болмаса керісінше. Алғаш біздің аэропортқа «Ил-18» қонғанда бұл онжылдықты бітіріп келген еді. Содан бері жас қыз күніне әуе соқпағымен төрт мың шақырым сапар шегеді. Ол да жолдын, бір басы ғана...

— Төменде Балқаш қалып барады, — деп хабарлайды ол. Әрине, оған осы әуе соқпағының астындағы әрбір төбешік белгілі.

Мен төменге қараймын. Қардай аппақ ақша бұлттар, жерге көлеңкесін түсіріп, қалқып барады. Көк жағал дала мен сап-сары құм көрінеді. Дала да, құм да шөлден түтігіп жатыр. Кезерген еріндей сағалаулар көк айдынға сұғынған. Сіміріп, күш алып жатқан сияқты.

Қанша сімірсе де шөлі қанбайтын. Көк айдын жүзі кең. Оған толассыз ағып кеп үлкен өзендер құйылуда. Үлкен өзендерге кішкене өзендер, кішкене өзендерге бұлақтар...

Асқар мен Жомарт туралы әңгімесін Анаш осылай бастаған-ды. Анаш екеуміз үш күн бірге болдық. Бүгін ескі достардай қоштастық.

Бірқалыпты мотор гүрілі. Жарты айға ұқсаған күміс Балқаш кейінде қалып барады. Бізден төменде менің ата қонысым Сарыарқа бірде көтеріліп, бірде басылып, жөңкіліп жатыр. Тебеміз бен төңірегіміз тұңғиық көк. Бұлттар ыдырап кеткен. Жер бояулы бірқалыпты. Енді бір сәтте самолет аспанның биіктігі мен даланың кеңдігіне таңырқап, осы бір ұлы кеңістікте ойланып тұрып қалғандай көрінеді.

Осындай мезі етердей боп, жолдың қысқармай қоятыны маған баяғыдан белгілі. Ол жай — төңіректің адамды жалықтырар біркелкілігінен болады.

Далада келе жатқанда да, дәл осы аспандағыдай, жүрісің енбейді. Айналаң кең жазық, аспанның бірде көкпеңбек, бірде түнеріңкі болатыны сияқты, жолыңда кейде жап-жасыл, кейде сап-сары, кейде сұп-сұр алқаптар кездесіп отырады...

Жапанда жалғыз салт атты келеді делік. Бірде желдіртіп, бірде аяңмен жүреді. Төңірек тым-тырыс. Қураған бұталар, шертиген саршұнақтар, көкте жүзген қаршыға, ал бәрінің үстінде, лапылдаған отша, төне күйдіріп күн тұр. Салт атты асығып-ақ келеді, бірақ сұрқай жазықтан шыға алар емес.

Ат болдырайын дейді. Өзі де шаршайды. Сәйгүлік басын салбыратып далбақ желіске ауады. Жолаушы кең далаға ойлы жүзбен самарқау көз жібереді. Даланын, жансыздығы, ұйқылы қалпы оны ығыр ете бастайды. Ол күнге қарап қойып, енді ойша соны асықтырады. Жолаушы өз ойына, болмаса изектеген ат жүрісіне көндіге отырып, бас-аяғы жоқ, бір әнді ыңырси айтады. Төңіректе көз тартар ештеңе жоқ.

Міне, кеңістікте, алыста сағым пайда болады. Неліктен екенін кім білсін, даладағы сағым көбіне шығыстық үлгімен көрінеді: пальма ағаштары, шынар, кипаристер, көк теңізге төніп тұрған сәулетті сарайлар, минареттер, өрнекті жағалаулар болып келеді. Олар жолаушыны алыстан арбап, асықтыра түседі, сағымды ешкімнің қуып жетпейтінін білсе -дағы, жолаушы асыға түседі. Ол сағымдар өте ғажап әсем болады, бірақ жеткізбейді. Сен жақындай түскен сайын, сағым алыстай береді. Жолдың таусылмас кезін, анық жетеді — езің бір орынды таптап қана тұрғандай көрінесің.

Сүреңсіздік адамды жалықтырады. Ұйқы басады. Ертеде көшпелі дала сүреңсіздігінен құтылу үшін, үнемі қоныс аударып, кешіп отырған. Ал ондай тұрмыс адамды қажытатын еді.

Ұшы-қиыры жоқ кең далада көңілге тұнған ауыр мұңды сейілтер, сүреңсіз өмірді бейнелейтін созылмалы мұңды әндер туған. Толғау - әндер. Дала адамды ұзақ ойға икемдейді, мүмкін, сондықтан да болар, сахара адамдарының өмір туралы ойлары кеп жайда салиқалы, салдарлы боп келеді. Мүмкін, ақындардың, философтардың... далада кеп болатыны сонан шығар...

Басқасын қайдам, менің бір ғана білетінім — сахара адамдары сөзге сараң келеді. Олар жұмыс пен ойдан босамайды. Соның өзі олардың уақыт ұтуына, сүреңсіздіктен құтылуына жәрдем етеді. Қысқасы, әр адам өзін далаға тәуелді етпейді. Табиғатқа тәуелді болғысы келмейді. Құл боп мойын сыну адамға жат қасиет. Адам күресті аңсайды әманда.

Мал бір қоныстың шебін жеп бітсе, адам оны екінші қонысқа кешіреді, одан үшіншіге... Сөйтіп дала сағым арбайды оны. Шаңға батып, күнге күйіп, жол шеккен адам күйреген қала жайында ыңырсып ән салады, еткен жорықтағы шапқыншыларға қарғыс айтып, өзі жаңа жорық — далаға жорыққа аттануды армандайды. Ол өзінің қалалары мен каналдарын қалпына келтіруді арман етеді. Ол өз өлкесінің тау мем тасты қопарған Фархадтай өршіл, тәкәппар батырларын әнге қосады. Сондықтан да оның әндері мен ойлары дарқан даладай кең де мерейлі еді...

Көкте де дәл сол даладағыдай. Адам деген, мейлі космоста болса да, уақыт туралы, өзі туралы, өткен өмір туралы, жер үстіндегідей, ойланбай тұра алмайды.

Самолет ұшып келеді. Көлеңкесі төменде төбелер мен жазықтардың үстінде сырғып келеді. Сол төмен — жер. Онда астық өседі. Тын, жерлер бар. Ол жерлер, мүмкін, жиырма ғасырдың ішінде, мүмкін, қырық жыл ішінде тұңғыш рет жыртылған шығар. Мен самолет көлеңкесінің егін-жай үстінен қалықтап келе жатқанын көріп отырмын. Самолеттің жылдамдығын енді сезгендей. Мен жер мен космостың аралығында ұшып келе жатқанымды есіме алам. Төменде «Восток» ұшқан дала жатыр, төбемде сол «Востоктың» орбитасы. Самолет моторының бірқалыпты гүрілі мен аспан тыныштығы ойға бөлейді.

Мен Анашпен кездескенімді, Асқар мен Жомарттың өзара сөзін әлі ұмытар емеспін.

... Кеш біз Асқарға бардық. Тәуір боп қапты. Тек жүзіндегі сарғыш пен сәл тәлтіректей жүргені ғана төсек тартып ұзақ жатқанын білдіреді. Дәрігер енді бір жетіден кейін шығаратынын айтты.

— Ешқайда бұрылмастан балаларды қарсы алуға барамын. Олар осы жаққа келмек боп жүрген көрінеді. Біздің мектепті бітіруші жиырма бес баланың бесеуі осында жоғары оқу орындарына түсуге келмек. Бұлар біздің жаңа орта мектебімізді тұңғыш бітірушілер, — деп қызына сөйледі Асқар. Аурухана халатын шешкенше асық. Мезі етсе керек. Өзінің туған ауылы — Ақтұмаға, жолда кешіккен салт атты, асығады.

Зәуреш бізбен бірге болған жоқ. Ертеңгісін мен оны ойда жоқта аэропорт кассасының, алдында кездестірдім.

— Асқар тәуір! — деді ол. — Мені тез ауылға шақыртыпты... Ал сіз, тағы да жолаушылап барасыз ба? Туған жеріңізге бір соғып кетсеңіз етті...

Мен күлдім.

— Сіздің күлкіңіздің мәніне түсінбедім.

— Күлкімен оңай құтылуға болады. Айтар жауабың болмай қалғанда, күлкі — сөз орнын алмастырады, — деп жауап қаттым мен. Шынында да менің айтарым жоқ еді. Зәурешті көріп, мен тағы да: тұлымы желкілдеген кішкентай ойнақы қызды керген жерде қып-қызыл боп, не істерін білмейтін ауыл баласына айналған едім, ол кішкентай қыз осы Зәуреш еді. Мен қашан да оны өзіме қаратуға тырысатынмын. Тікенекті ағашқа маймылша өрмелеймін деп жейдемді өрім-өрім ғып, қолы-басымды тікен жырып қан-қан ғып, болмаса көшенің шаңын аспанға көтеріп, жайдақ атпен құйғыта шауып өтіп, я шектен шыққан бұзықты аяғынан шалып қап, Зәурештің көзіне түсуге тырысатынмын. Сондайда маған езу тартып бір қараса, соның өзі жеткілікті болушы еді. Студент кезімде мен соның бөлмесіне сылтау етіп кіріп, өзімнің музыка мен поэзияға деген сүйіспеншілігімді білдіруім үшін қалтамдағы ең соңғы тиыныма пластинка мен өлең кітабын сатып алатынмын. Бірақ езу тартқаны, со бала кезіндегі, еш қамсыз, тек көзінде сабырлылық, ойлылық тұратын... Егер сөйлей білсем, мен оған талай жайды ақтарар едім ғой.

— Мүмкін, Ақтұма мен Қарлығашқа қарай баратын жолды ұмытқан боларсың. Әрине, Ақтұма Африка емес те, Қарлығаш Париж емес қой, — деді Зәуреш, әзіл-шыны аралас. Мен балалық шақтан жадыма мықтап орнаған кескінге еш үнсіз қарай бердім. Бір кездегі ұп-ұсақ секпілдің ізі де қалмапты. Қимылындағы алқын - жұлқындық та жоғалыпты. Жуан бұрымын желкесіне түйіп қойыпты. Қысқасы, бұл тұрған — маған бала күнімнен таныс Зәуреш еді, бірақ жат еді. Менің алдымда басқа Зәуреш тұрды. Жас әйелдерге тән қаталдық, сабырлылық және биязылық сонау бір кездегі тұлымды кішкене қыздан ештеңе қалдырмапты оның бойына.

Ол екеуміз бір-бірімізді «сіз» десіп сыпайы қоштастық. Зәуреш ауылға ұшып кетті. Асқарды үйде күтіп алмақ боп кетті...

.. Иә, сөйтіп, кеше біз Асқармен бірге болдық. Ол өзінің шәкірттері туралы айрықша бір мақтанышпен сүйсіне отырып әңгімеледі.

— Сәрсен физматқа түссем деп жазыпты, ал Жабай химфакты қалайды екен, — деді ол әңгімесін жалғастыра түсіп. — Екеуінің де түсетініне сенемін. Қандай конкурс болса да ете алады. Көкірегінде оты бар балалар...

— Шәкірттеріңнің арасында тарихпен әуестенетіндері бар ма еді? Тарих факультетіне, немесе Москваның тарих - археология институтына да кейбіреулерін түсіру керек, — деп қойды сөз арасында Жомарт.

— Ақтұма мен Қарлығаш үшін бір археолог та жетпей ме, — дейді Асқар, Жомартқа қуақы күлкімен жымия қарап. — Бізге ендігі жерде химиктердің кеп болғаны керек. Сіз қалай ойлайсыз, Анаш, мен дұрыс айтып тұрмын ба?

— Зоотехниктер мен агрономдардың көп болғаны дұрыс, — деп жауап қатты Анаш. — Жомарт, сіз ауыл жаққа келсеңіз етті. Біраз болып, елмен сөйлесіп, біздің айранымыздың дәмін татып, тау ауасын жұтып қайтсаңыз етті. Онда да қопарып - ақтаратын жайлар бар. Тек Гүлсараны да ала келуіңіз тиіс. Ол әлі біздің ауылды керген жоқ қой...

— Жомарт үшін қазір Отырардан өзге тірлік жоқ. Соны айта-айта, менің құлағымның құрышын да қандырды әбден. Экспедиция жинағысы келеді. Тілек білдірушілерді іздеп жүр, — деді әлденеге толқығандай боп тұрған Гүлсара, әңгімеге асыға араласып. Қолында, Асқарға әкелген болу керек, бір уыс алқызыл райхан гүлі бар еді. Соны Асқарға тапсырудың ретін со күйі таба алмай-ақ қойды. Асқар кездескен жерде - ақ бірден Анашқа бұрылып, Ақтұма жайым сұрастырып кеткен. Онан кейін бақ ішіне кіріп, барлығымыз да күміс теректің түбінде сылдырай ағып жатқан бұлақтың жанындағы орындыққа кеп отырғанбыз.

— Шынында да энтузиастар керек. Қысқасы, тоқмейілсіген қипықтар емес, фанатиктер қажет. Ұзақты күнге аптаған ыстыққа мойымай отырып, Отырарды басқан мыңдаған жылдардың шаңын кішкене күрекпен, щеткамен тазартуға қабілеті бар еріктілер болса деймін. Онсыз болмайды. Өйткені бұл археология ғой. Тоқмейілсігендерге өз сырын еш уақыт ашпайтын ғылым. Шіркін, егер сенің шәкірттеріңнің арасынан ең болмаса сондай бір бала шықса... — деді қызынған Жомарт. Ол жолдастарының өзіне күле қараған мысқылды кескіндеріне көңіл де бөлген жоқ. Өзінің ой - мақсатын, жоспарларын тезірек ортаға салғысы келген.

— Тоқта, тоқта, — деді Асқар оны бөліп. — Ретімен айтсаңшы. Отырарын, не, әуелі? Біздің арамызға дейін Фараби деген атпен өмір сүрген Отырар ма? Сонда сен сол Отырарды аршуға шынымен бекіндің бе?

— Дәл солай.

— Оның қажеті қанша?

— Сөз бе екен сол да... Түбінде, әйтеуір, бұл істі қолға алу керек қой.

— Онда, неге міндетті түрде Отырарды қолға алу керек, ал Жент, Сығанақ, болмаса Таразды неге қолға алмасқа... Осылардың бірде бірі күні бүгінге дейін ғылым үшін ашылмай отыр ғой. Тараз деген ұлы Қарахан мемлекетінің астанасы болған...

— Отырар — бұл қара шаңырақ, бұл жеке өзі дүйім ел болған қала, мәдениеті күшті дамыған ұлы қала. Бұл қала біздің жеріміздің еткендегі мәдениетінің шыққан шыңы және ошарыла құлағаны, — деп Жомарт айқаса түсті.

— Мен сені бала кезіңнен білемін ғой, — деді оны тағы да бөлген Асқар. — Бұл екеуміздің баяғыдан бергі таласымыз. Мен университетте жүргенде-ақ сенін, білгірлігіңе, ұшқырлығыңа қызығатынмын. Бірақ сен еш уақытта бір істі шегіне шығарған емессің. Сенің жеке басыңның ісі қашан да басқа істердің бәрін ығыстырып тастайтын. Сондықтан, тура айтқаным үшін кешір, менің Отырар сенің тек кезекті қызығушылығыңның бірі ғана сияқты. Біраз уақыт өткеннен кейін сен үшін Отырар мен Тараздың еш айырмашылығы болмай қалады. Сен тіпті оларды жайына - ақ қалдырасың, — деді Асқар, сабырлы үнмен. — Және осының бәрі саған неменеге керек, тағы да бір: «Хиуа минареттерінің теңдесулері» деген сияқты тақырыпта диссертация жазу үшін бе? Онан да Анаштың айтқанын тыңдасаңшы.

— Сөз бе екен сол да... — деді ашуын әзер ұстаған Жомарт. — Осынша ұзақ уақыттан кейін сағынысып көріскендегі біздің әңгімеміз дәл осындай болар-ау деп мен ешқашан ойлаған емес едім...

— Басқаша сөйлесе алмаймын, — деді қызып кеткен Асқар. — Университетті қашан бітіріп едік? Неше жыл өтті сонан бері? Не бітірдің сен? Айтшы, не? Диссертация қорғадың, ай сайын кез келгеннің қолы жетпейтін айлық алып тұрасың... Бөлме сөзімді. Диссертацияның жаңалық ашатынына мен қосыламын. Бірақ кез келген диссертация жаңалық аша алмайды. Мәселен, «Хиуа минареттерінің теңдесулері» кімге керек, сенің сол кітабыңнан жұрт не тәлім алады?

— Бұл нағыз тұрпайылық. Сенің тарапынан көргенсіздік. Құрылысты ыңғайлы, берік және әдемі етіп салу үшін ата-бабаларымыздың өткендегі құрылыс тәжірибесін білуіміз қажет, — деп, Жомарт та берілмеді. — Ең ақырында еткен заманның, мәдениетін білуге тиіспіз. Өзіміздің ұлы көшпелілердің ғана емес, сондай-ақ үлкен мәдениетті елдің де ұрпағы екенімізді ұғынуымыз керек.

Өмір — мұхит, уақыт — толқын деп бір кезде Абай д.і айтқан. Міне, сол жағаны жуып-шайып, тазартып, шөпті айырықша көгертетін толқын сияқты, біздер де — адамзаттың әр ұрпағы — шамамыздың келгенінше жер үстіндегі өркенді мәдениеттің тарихын түрлі қыңыр пайымдаулардан тазартып, ақиқаттап отыруымыз керек. Коммунизм — адамзат қоғамы мәдениетінің ен, жоғарғы сатысы екенін сен менен кем білмейсің ғой. Ал сол коммунизм тарих сабақтарының негізінде орнатылады. Өткен өмірдің тереңін білу — болашақ биіктерге көтерілу деген сөз. Тек өткен жолды, бастан кешірген оқиғаларды саралап талдау ғана, кейбір жайларды алдын-ала теріске шығаруға, болмаса қолдауға мүмкіндік туғызады. Жақсылық пен жамандықты анықтауға нақтылы себеп болады.

— Осының бәрін сен қарапайым тілмен түсіндіріп бере алмайсың ба? Қарапайымдық өзіңнің ұраның еді, — деді Асқар, сабырлы үнмен. Енді ол Жомарт сөзін ойлы кескінмен зейін қоя тыңдаған.

Асқар өзгермепті деп ойлады Жомарт. Асқар онымен өте қарапайым тілмен сөйлесіп, Жомарттан әр кез сол қарапайымдықты талап ететін. Бала кездерінен солай еді. Жоқ, енді оған Отырар турасындағы ойының жәй жаңалық ашуға, я ерлікке ұмтылыс екенін, бұл сөзінің космонавтпен кездескеннен кейін туғанын айта алмайды.

— Отырарға жорыққа сен жорық үшін деп жиналып жүрген жоқсын, ғой. Отырар болмады деп ешкім теріске шығарып жүрген жоқ, ал экспедицияны тек тағы да бір рет: «Отырар болған» деп айту үшін ғана жинау, бері айтқанның өзінде жеңілтектік. Қандай да болсын ашылған жаңалықтың, ой-арманның іске қатысты, мәнді негізі болуға тиіс. Әсіресе біздің уақытымызда, адам баласы әрбір ашылған жаңалықты қалт жібермей қадағалап отырған шақта, — деп қойды Асқар.

— Шынымды айтсам, мен керемет бір жаңалық ашамын деп ойлап та жүргем жоқ. Менің мақсатым — сол қаланың күйреу тарихына жұрт назарын аудару, — деп жауап қатты Жомарт ойлы қалыпта. — Сол қала туралы сеніп бара жатқан естелікті жандандыру. Сен мұғалімсің ғой, байырғы шындықтарды қайталау — сабақ негізі екенін өзің де білесің.

Отырар — еткен өмір. Ол Шыңғысханның ең алғашқы, ен, қатал, әрі қорқынышты, топас соққысын қабылдады. О л Яксарттан бастап, сонау Андалузияға дейінгі аралықтағы барлық жер мен халықты қорғаушы қалқандай боп тұрды, зұлымдықтың өртті құйынынын, қарсы алдындағы жақсылық атаулының жауынгері тұрды. Ол от құшып құлады да, қайтып тұрмады. Каналдарды құм кеміп, кітаптар өртелді, Отырардың сәулетті сарайлары мен көк - жасыл алқаптары аяқтың астында қалды. «Шығыстың Аристотелі» атанған қыпшақ Мухаммед әл Фараби өмір сүрген, білім алған, кітап қоймасына тамсанған ұлы қала, ерт дауылы мен өзен боп аққан қанға батып, біржола күйреді... Екі ғасыр өткен соң Отырар күл-қоқыс арасынан көтерілуге әрекет еткен. Алайда басқыншы жау оны тағы да таптап тастады. Отырарда Ақсақ Темірдің соңғы сағаты өткен. Бұл туралы Шоқан жазған-ды.

Осынын, бәрі өткен өмір. Ал бүгінде ше. Анау асулардың арғы жағындағы, өздерін білімдар санайтын жұрт: — деп Жомарт көгілдір таулар жақты қолымен нұсқап қойды, — зерттеушілер Шыңғысханның тарихтағы прогресті ролін көрмей отыр деп байбалам салып жазуда. Олардың айтуынша Шыңғысхан: Шығыс пен Батыстың мәдени байланысын нығайтқан, Европа мен Азия халықтарының экономикалық және мәдени қарым-қатынастарына кедергі болмасын деп қорғандар мен бастиондарды тып-типыл етіп, қалалар мен мәуелі бақтарды таптап тастаған.

— Сонда сен алыста тұратын адамдармен таласқа түспексің бе? Ал олар сені естір ме екен? — Асқар орнынан тұрып, теректің күміс жапырағын үзіп ап, умаштай бастады.

— Қазір жер апшысының тарылғаны сонша, біз үйде отырып-ақ Анголадағы баланын, жылағанын, Сайгондағы атылған мылтық үнін, Хиросима ауруханаларындағы өлер сәттегі күңіреністі бәрін естиміз, — деп жауап берді Жомарт.

— ... Және көгілдір таулардың ар жағынан шыққан аталас туыстарымыздың налығанын да естиміз, — деп сөз қыстырды Анаш. Бұл талас оны толқытқан еді.

Жас қарақат ағашына сүйеніп Гүлсара тұрды. Орындық, үстіндегі гүлін ұмытып, ол Жомарт өңінен осы кезге дейін өзі аңғармаған жаңа кейіп тапқандай қадала қарап, оның сөзін таңырқай тыңдап қалған...

— Иә, бұл жақсылық пен жамандық жайындағы таусылмас дау ғой. Ол дау ғасырлар бойы айтылып келеді. Біздің әкелеріміз айтқан, біз де айтып отырмыз, сенің шәкірттерін, де бұған әзір болуы керек, — деді Жомарт. — Адамның ісі мен әрекеті уақытпен шектеледі. Мен тарихшымын, сондықтан да бұл даудан шеткері тұра алмаймын. Хиросима трагедиясы сияқты, Отырар алапаты да жер үстіндегі ауыр трагедиялардың бірі болған. Отырар алапаты Шыңғысхан жасақшыларының Орта Азия мен орыс жеріне шапқыншылық жасауына себеп болған. 1218 жылы Отырар құлады, 1220 жылы — Женд, онан кейін — Сығанақ. Жендтің өз уақытындағы ұлылығы мен қуаттылығын, сол кезде Арал теңізінің Женд деп аталуы - ақ білдіреді. Осы қалалар құлағаннан кейін Шыңғысхан ордасы сол кезге дейін «қаңлылар» (каналдар елі) атанған біздің даламыздан еш кедергісіз алға жылжыған. Соның ізінше, біздің жерімізді жоңғарлықтар мен ирандық Нәзір шахтың аттарының тұяғы айғыздады... Ел есінде тек қаңлы деген сөз бен Отырар, Женд деген қала аттары қалды, және Отырар қабырғасында басқыншы жаумен бабалары жан қия айқасқан Найман, Қыпшақ рулары қалды.

Академик Сергей Павлович Толстов «Хорезмнің топырақ шежіресін» қалай оқығысы келген болса, Отырардың топырақ тарихын менің де солай оқығым келеді. — Жомарт орнынан тұрып, маңдайына түскен қара шашын кейін серпіп тастап, өз әңгімесін түрегеп тұрған «үйінде жалғастырды. Ол дәл қазір мүлдем өзгерген халде еді, биіктеп кеткендей еді. Оның бойында адам келбетін өзгертіп, күш бітіретін, сұлу ететін өз ойының, әділдігіне деген нық сенім туған. Көзінің қарашығына дейін үлкейіп кеткендей. Бірақ ол ештеңені де көріп тұрған жоқ еді. Ұзын, қара шашын артына қарай сілкіп тастап, алысқа көз жібере тұрып, өз көңілінің түкпіріне түйген жаңа жайларды біздің аяғымызға буда-буда ғып тастап тұрды. Бұл минутта ол ешкімге ұқсамастай қайсар еді.

— Айтпақшы, Толстов жуырда ғана Окса мен Яксарта жағалауларында жүргізген өзінін, археологиялық зерттеулерінің нәтижелерін жариялады. Және, Бертольдың ізінше он үшінші ғасырға дейін Батыс Европа, Евразия континентіндегі ең артта қалған шет болғанын дәлелдейді. Тоғызыншы ғасырдан он екінші ғасырдың соңына дейін дүниеге ғылым мен ақындық ойдың: Мұхамед әл Фарауи, Әбу Әлі ибн Сина, Мұхамед ибн Мұса әл Хорезм, Әбу Райхан әл Бируни, Омар һайям, Рудаки, Фирдоуси... тәрізді алыптарын берген Орта Азия халықтарының мәдениеті Батыс Европадан әлде қайда биікте еді.

Бірақ орта ғасырда Шыңғысхан ордасының Жоңғар мен Ақсақ Темір басқыншылығынан аман қалған Батыс Европа шырқап алға шыққан. Ал оны Шыңғысхан соққысынан аман сақтап қалған, оны қалқан боп қорғап қалған орыс жері еді!

Шыңғысхан «прогресінің» арқасында Орта Азия бірнеше ғасырға кейін шегінді. Бұл туралы Маркс та айтқан еді. Шапқыншылық салдарының айырықша ауыр да қатерлі болуының себебі, жүздеген ұрпақтар еңбегінің жемісі — бүкіл су жүйелері орнатылған-ды. Ол кездегі өндіріс күші дәрежесінің төмендігі сонша, су жүйелерін қалпына келтіру мәселесін бір мың жылдың ішінде сөз етудің де реті жоқ еді. Бір жылдың ішінде Бұқтарма теңізіндей теңіз жасап, болмаса Ертіс суын кері бұратын бүгінгі күнгідей күш жоқ-ты. Ол кезде бір қырғын соғыстың өзі-ақ, бүкіл бір елді жүздеген жылдар бойына қаңыратып, мәдениет атаулының бәрінен жұрдай қылатын. Оның үстіне ол кездегі соғыстар таусылмайтын да. Сондықтан да біздің еш табиғи шекаралықтары жоқ, қанға боялған мидай жазық тақыр даламыз, соғыс атаулының ғаламат кең алаңына айналған...

— Қазіргі кездің соғыстары онан да қорқынышты, — ден Гүлсара Жомартты қостап қойды. Ол өзінің реніштерін ұмытқан еді.

— Мәселе сонда ғой. Егер құлдық, феодалдық дәуірлердің соғыстары соншама қалалардың, гүлденген өңірлердің, каналдардың түбіне жеткен болса, шағын репетициясы ғана Хиросима мен Нагасакидегідей болған ендігі соғыс адамзатты қандай халге душар етпек. Тіпті жаңа соғыстың, кейінгі кереметтей үрейлі зардабын адамның ақыл-ойы толық елестете де алмайды ғой, — деп іліп әкетті Жомарт. — Жақсылық пен жамандықтың негізгі түйіні, міне, қайда жатыр.

Әрине, егер бір ғана адам соғыс деген — прогресс десе, оған жұрттың бәрі сенеді деген сөз болмаса керек. Бір түйе керуен болмас демей ме халқымыз, алайда бір ақсақ түйе бүкіл керуенді жолдан қалдырмай ма? Оны емдеу керек. Жарақатын іріңдетіп алмай, ақылға сап, байыпты емдеуге тура келеді. Ал керуен болса алға қарай, күнге бет алып, күн сәулесін тосып, адамға беруі тиіс. Сол сәуле адам қолында жарқырап жанып, жамандықтың көлеңкесін қуады. Тағы бір мықтап есте ұстайтын нәрсе: бірде-бір дауыл, жер үстінде болсын, космоста болсын, күн сәулесін сөндіре алмайтын болуы керек.

* * *

— Қыдырыс мерзіміңіз бітті. Палатаға кіретін уақытыңыз болды. Сәлден кейін дәрігер қарай бастайды, — деді кезекші сестра Асқарға. — Сіздердің де үйге қайтатын уақыттарыңыз болды, жолдастар. Науқас шаршады... — Сестра әлденеге толқулы еді. Жандарынан кезекші дәрігер жүгіріп өтті. Онан соң ақ халат киген тағы бірнеше адам өтті. Әлдеқайдан жылаған дауыс естілді. Бақтың түкпірінен бүкшиген шал керінді. Аурухананың қалың халаты тобығына дейін солаңдап тұр. Ол жерге қараған күйде тыпырлай басып, асығып келеді.

— Ақсақал, не боп қалды? — деп сұрады Асқар одан.

— Ә, бұ сенбісің, қарағым? Онша-мұнша, ештеңе емес. Біз — адам деген жан дәрменде тал қармаймыз, ал ажал де¬ген жалмауыз кемпір етегімізден түпсіз тұңғиыққа тартады емес пе. Әлгі көрші палаттағы әйел қайтыс болды. Әне, анау шеттегі. Солай, шырағым, — деді қарт дірілдеген үнмен. Күрсініп қойды да, бізді ұмытқандай, өз жөніне жүріп кетті.

— Рак. Ол әйел қатерлі ісік — ракпен ауырған. Мен ол кісіні кеше ғана осы бақтың ішінде көріп едім. Қара ағаштың жапырақ жарғанын көруге асығып, бүрлерін өз қолымен ашып еді, — деді Асқар.

Бос зембіл көтерген екі санитар өтті. Гүлсара қарақат бұтақтарының астынан еңкейіп шығып, гүлін ақырын ғана сол зембілге қойды.

— Бұл гүл со кісіге...

Санитарлар ләм-мим деместен ұзап кетті.

* * *

— Бір адамның үлесіне қаншама жамандық тиеді екен? — деді қақпадан шыққан кезімізде Гүлсара.

— Біздің әрқайсымызға тиер үлес қандай болса, сондай шығар, — деді қалың ойдан әлі де арыла алмай келе жатқан Анаш. — Және жамандықтың қай белгісімен болса да күрес жүргізіледі. Мәселен, Зәуреш аурулармен күреседі, Асқар — өз шәкірттері үшін, Жомарт — Отырар туралы шындық үшін. Қысқасы, біздің бәріміз де біріміз үшін де, біріміз үшін бәріміз күресеміз. Жақсылық пен күн нұры үшін күресеміз, — деді, соңғы минуттардың үрейлі әсерлерін сейілтпек болған Анаш, ойлы үнмен. — Біздің бәріміз де өзіміздің аяқ тірер нүктемізді, осы таластағы өз орнымызды іздейміз...

Біз көшеге шықтық. Күн еңкейіп, оның солғын тартқан сәулесі үйлер мен ағаштар арасынан жарып етіп, бізбен жарын аққан бұлақ суына шомылып тұрды. Кенет үлкен үйдің ашық терезесінен Бетховенның алып сазы шықты. Және осы бір жүректі тебірентер саздан төңірек тегіс салтанатты күйге бөленді. Күн сәулесі өз қуатын тағы да бойына жиып, ағысын баяулатып, қорғасын түске енген бұлақ тәніне саржағал садақ оғынша қадалды. Күн сәулесінің осы бір шаншуы мен жер жарған Бетховен сазынан бұлақ ақырын ғана діріл қағып тұрған тәрізді...

* * *

Мен ол музыканы қазір де естіп отырмын. Бірқалыпты мотор гүрілінің арасынан, кеңістікті кесіп өтіп, түпсіз көк аспанды үнге толтырып, сол саз самолеттің дөңгелек иллюминаторынан маған жетіп тұр. Осы бір өмір мен күрестің әуені менімен бірге ұшып келеді. Жүректі қатер мен қуанышқа бөлеп, тебірентеді...

Мен төменде қалып жатқан ерлерді: төбешіктерді, ескі қорғандарды және қалаларды көріп келемін.

Қорғандар есіме Отырар туралы тарихты салса, қала — Асқардың мектебі мен Анаштың әңгімелерін түсіреді. Бақ арасындағы әңгімелерімізді ұмыта алатын емеспін...

Осы жолдарды, балалық шақтағы достарыммен кездескен сәтті, көгілдір таулар мен тас бұлақтар, гүлдер жайлы әңгімелерді еске ала отырып, сан құбылған күй сазының ырғағымен жазып отырмын.

Мен өзімнің құрбы-достарым жайлы жазып отырмын. Олардың ішінен қаһарман кейіпкер іздемей-ақ қойыңыз. Олар алғашқы ерліктерін ғана істеп жүр. Олар жақсылық үшін ғана еңбек етеді... Олар күреседі, ізденеді, өмір сүреді...

Орысшадан аударған САЙЫН МҰРАТБЕКОВ


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама