Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Көркем аударманың көркі

Ұлы орыс халқының классикалық және советтік әдебиетін, туысқан ұлттардың, халық демократиясы елдерінің және дүние жүзілік әдебиет үлгілерін қазақ тіліне аудару — идеологиялық және мәдени зор маңызы бар іс. Бұл әдебиетіміздің шеберлік жағынан жетіле түсуіне көмегін тигізіп қана қоймайды, сонымен бірге халқымыздың рухани мәдениетін ерекше байытады.

Аударма ісінің белгілі бір сатыға көтерілуінің нәтижесінде, қазақ оқушылары Пушкин, Лермонтов, Гоголь, Тургенев, Толстой, Горький, Маяковский, Шолохов, Фадеев т. б. орыстың классикалық және советтік әдебиетінің тамаша өкілдерінің шығармаларын өз тілінде оқитын болды.

Туысқан советтік республикалар әдебиетінен қазақ тіліне Айбектің «Науаиы», Айнидің «Бұхарасы», Сыдықбековтың «Біздің заманның адамдары» сияқты шығармалары аударылды. Қазір Башировтың «Намысы», Лебрехтын «Коордийдегі нұры», Кербабаевтың «Шешуші адымы», Ибрагимовтың «Келешек күні» т. б. шығармалар аударылып жатыр.

Дүние жүзі әдебиетінің көрнекті шығармалары да қазақ тіліне аударылуда.

Қазақтың көркем әдебиет баспасы қазір орыс классиктерінің шығармаларын, мемлекеттік сыйлық алған шығармаларды түгел дерлік қазақ тілінде шығару мақсатын қойып отыр.

Әдебиетіміздің аударма саласында елеулі жұмыстар істеліп, белгілі бір кезеңнен өтіп, енді алда айрықша зор міндеттер тұрғанда, өткен жолымызды шолып, іс тәжірибемізді қорытып, болашақтағы міндетіміздің негізгі бағытын белгілеп, көркем аударма өнеріндегі басты мәселелерді шешіп алу кезек күттірмейтін мәселе болуға тиіс. Қазақ тіліне жүздеген кітаптар аударылды. Бұл үлкен іс ірі-ірі кемшілігіне қарамастан, үлгілі тәжірибесіз емес. Осы жолдағы тәжірибені белгілі жүйеге салу, көп кідіртпей қолға алынатын басты міндет болуға керек.

1

Проза аудармасының жалпы жағдайын сөз еткенде бұл саладағы табыстарымызға тоқталмай кетуге болмайды. Ғ. Мүсрепов еркін аударған Горький әңгімелері ұлы жазушыны қазақ оқушыларына танытуда елеулі қызмет атқарды. Мүсрепов Горький текстін қатал сақтамағанымен де ұлы жазушының шығармаларының жанын, жалынды пафосын суытпай жеткізді. Горький әңгімелерінің революциялық жігерін, ерекше үнді, сарынды әуенін қазақ оқушыларының құлағына, сол қалпында әкелді. Бірақ өкінетін нәрсе, жазушы өрісін дамытып, жаңа аудармаларда Горький шығармаларының философиялық терең ойын, өмір сезінуін, өмір құбылысының сырын терең ашатын тамаша суреттерін қазақ тілінде әлі де бере түсуі керек еді.

Соңғы жылдары шыққан Горькийдің Америка туралы жазылған памфлеттері, В. Янның «Шыңғыс хан» (аударушылар: Мұхамбетжанов, Ысқақов), Павленконың «Бақыт» (аударған Т. Әлімқұлов). Короленконың «Соқыр музыкант» (аударушы Ж. Қосубаев), Гулияның «Сакендегі көктем» (аударушы Қ. Сатыбалдин) т. б. роман, повестер қазақ тіліндегі аударманың көрнекті табыстары болмақ.

В. Янның «Шыңғыс хан» романын аударған Мұхамбетжанов, Ысқақов жолдастар шығарманың идеялық арқауын, автордың өзіндік стилін жете түсіне білген. Ерте заман тақырыбына жазылған романда пайдаланылған ескірген ұғымдарды жете зерттеп, суреттелетін дәуірге лайықты сөз бояуын таба білген. Аударманың тілі, ойы анық. Түпкі нұсқаның әсері оқушыға толық, айқын жетеді.

«Сакендегі көктем» аудармасында, ерекше көзге түсетін жақсылық Қ. Сатыбалдин автордың жанға жылы, Кавказ халқына тән, биязы юморын ысытпай, суытпай табиғи қалпында жеткізген:

«Сакен түу, атам заманнан, тіпті осы қазір Кавказ тауы атанып тұрған жердің үсті жалаңаштанып, теңіз түбі көтеріле бастағаннан жасап келеді. Адам баласының Сакенге қайдан, қалай келіп жүргені белгісіз және оны мұнда не айдап әкелгені де сол секілді жұмбақ. Бірақ әйтеуір сан ғасырлар бойы Сакенде адам тұрып келе жатқаны айдан анық» (Г. Гулия «Сакендегі көктем»).

Мұнда автор өз атынан сөйлесе де, оқиғаны сол жергілікті халықтың өзіне тән сәл қулығы бар, аңқаусып сөйлейтін, тартымды тілімен баяндайды. Осы жанға жылы, ойнақы сезім ұшқындаған қуақылық сабасынан асып күлкіге айналып кетпей не нұры сөніп, өшіп қалмай сол қалпында шығарманың басынан аяғына дейін созылады. Аудармашы да осы әсерді не орынсыз асырып алмай немесе кемітпей, ерекше бір сезімталдықпен әсерлі етіп бере білген.

Л. Соболевтің «Теңіз жаны» атты жинағында негізгі әңгімелерін аударған Ғ. Орманов жолдас та, сонау қаһарлы жылдардағы совет теңізшілерінің ерлігін, мазмұны бай, сыртқы көрінісі қарапайым ұстамды ер мінезін автор айтқан дәрежеде берген.

«Теңіз жаны»— өмірді барынша сүйгендік. Қорқақ адам өмірді сүймейді: тек өмірден айрылып қалам ба деп шошиды... Теңізшілер ұрыс үстінде өлетін болса, соның өзінде де жаудың зәресін ұшыра өледі: теңізші өз көзіне түскен жаудың зәресін ұшыра өледі: теңізші өз көзіне түскен жаудың бәрін өзімен бірге ала өледі» (JI. Соболев, «Теңіз жаны», 6-бет).

Біз бұл үзіндінің орысша нұсқасын келтіріп жатпадық. Бірақ осы азғана сөздің өзі-ақ батырлықтың сырын ашып жатқан жоқ па? Сондықтан да аудармашының автор ойын толық жеткізгеніне еш күмән болмасқа тиіс.

Мінеки, автордың теңізшілердің өзіне ғана тән мінезін суреттеген жерін аударушы сол күйінде өте әсерлі етіп береді:

«Теңіз жаны — қай жерде болса да алда болуға, жақсы болуға тырысатын адамның өзіндік биік намысы. Мұның өзі — аздап мақтауды да сүйетін, аздан әсемпаздыққа, сәнқойлыққа, сұлу сөзге де әуестігі бар, өзіне-өзі сенімді, ақжарқын жұлдызды жігіттің аса сүйкімді келбеті. Бұл «аздаған нәрселердің» ешқандай өрескелдігі де жоқ. Осы көтеріңкі ептеген бояма сәнқойлықта жатқан бір қарапайым, жақсы себеп бар: ол өз лентасын, өз кемесінің атын мақтан тұтқан, азамат соғысы матростарының таңғажайып ерлік даңқына бөленген «қызыл флотшы» деген сөзді мақтан тұтқандық еді» (бұл да сонда 6-бет).

Теңізшілер өмірін өте жақсы білетін автор суреттеген, аударушы жеткізе білген осы сипаттан қызыл флотшының тосын көзге ерсілеу көрінгенмен ешбір сөлекеттігі жоқ, бізге қанық болып кеткен өзіндік мінезі сол сүйкімді қалпында сипатталады да оның ерекше ерлігі, еркін қайраты аңғарылады. Сөз жоқ, алғыр аударушы автор ойының барлық астарын, оның сезімін, стилін түсінген де, бар жанымен тебіреніп сезіне аударған.

Павленконың «Бақыт» романының аудармасы негізінен сәтті шыққан, түпкі нұсқаның көркемдік дәрежесін сақтай білген, творчестволық аударма қатарына жатады. Т. Әлімқұлов Павленконың тамаша көркем тілін, адам психологиясының сырына қанық аңғарымпаздығын, Павленко стилінің кейде нәзік көтерілетін жалынды екпінін жақсы түсініп, өз ойымен қорыта білген.

«Эмалевая вода маленькой бухты отражала в себе и синюю — в переливах — тучу гор, и нежый цвет неба, и ещё что-то глубокое, тонкое и прекрасное, что незримо глядело в море сверху, — может быть, музыку, доносившуюся из дальних домов, может быть, запах лесов, душно ниспадающий на воду, или просторный и могучий голос поющей по радио женщины, который так вольно реял над землею и морем и был так родственен пейзажу, что казалось, принадлежит существу, обитающему где-то здесь, между гор».

Қазақшасы: «Кішкене бухтаның жалтыраған суларына тауды құшқан бұлттардың көлеңкесі түсіп, көгілдірленіп дір-дір етеді, аспан көктің әлсіз сәулесі де түсіп тұр. Және бір тамаша терең сырлы нәзік сәуле теңізге төніп, тесіле қарайды.

Бұл, мүмкін, сонау жердегі үйлерден естіліп тұрған музыка үні шығар, мүмкін, суды келіп аймалап жатқан нулы орманның иісі шығар немесе осы маңды — тау ішін мекендеп, жер мен теңіз үстінде еркін қанат жайып қалықтап, табиғатпен ұласып жатқан үн — радиода ән салып тұрған әйелдің оралымды өктем даусы шығар. Әйтеyip бір таңғажайып дүние» (П. Павленко. «Бақыт». 3-4-беттер).

Бұл табиғаттың тамаша нәзік елесі мен сол көріністен әсерленген адамның көңіл күйі. Табиғатты лирикалы сезіммен қабылдаған адам жанының қуаныш лебі. Лирика сияқты мұны да дәл сөзбе-сөз аудару мүмкін емес. Аударушы автордың осы сезімін жанымен ұғып, қазақ тілінде сезім тұтастығын шашыратпай, өз поэзиясымен берген.

Адам бейнелерін суреттейтін жерде де аударушы автор берген сипатты айнытпай, жанды түрде жеткізген.

«Комков сұңғақ бойлы, өндірдей кісі еді. Ол күлгенде бүкіл беті бірге күледі.

Тіпті, үндемей отырғанның өзінде, күлкілі бір нәрсе біліп, айтқысы келмей тұрған адамдай болады да тұрады» (Бұл да сонда, 94-6ет).

Орыс тіліндегідей қазақ тілінде де осы суреттен жайдары, бетінен күлкі табы кетпей, қуақы мінезі ылғи сыртқа теуіп тұратын адам бірден көзге елестейді.

Аударушы романның әңгімелеу ырғағын, оқиғаның даму қарқынын, жазушының интонациясын дұрыс түсінген. Оқиғаның дамуын баяндап келе жатқандығы байыпты әңгіме, жағдай шиеленіскен кезде екпінді, жігерлі болып оқушыны ширықтыра түседі.

Қорытып айтқанда, аударушы Павленконың стилін түсініп, шығарманың көркемдік өзгешелігін ұғынып, творчестволық жолмен сезініп аударған. «Лениншіл жас» газетінде басылған Дүйсенғалиев жолдастың сынының бірбеткей, әділетсіз жазылғанын атап кету керек. Сыншы бүкіл аудармаға талдау жасап, оның дәрежесіне баға бермейді. Жеке ұсақ мысалдармен үлкен кітаптың аудармасына қорытынды жасайды. Сыншы келтірген кейбір мысалдар дұрыс та, кейбір мысалдар даулы. Сөз жоқ, ұсақ кемшіліктер. Аудармадан ондай кемшіліктерді жібермеуге тырысу керек. Ондай ұсақ кемшіліктер негізінен жақсы шыққан адамдарға ақау түсіргенімен оның құнын әлсірете алмайды. Сондықтан да сыншы аударушының жеке кемшіліктерін көрсетіп, кей кезде ала қолдығы барын ескертіп, көмектесе отырып, еңбегіне әділ баға беруге тиіс еді.

Жалпы осы күнге дейінгі аударма туралы әр жерде жазылып жүрген сындағы ең негізгі және аса елеулі кемшілік дұрыс әдеби талдаудың жоқтығы. Сыншылар көбіне жеке сөйлемдерді ғана түпкі нұсқамен салыстырып, сонда кеткен қаталарға, кейбір ағаттықтарға тоқталып, аударушының автор стилін бере білуіне, аударманың көркемдік дәрежесіне тоқталмайды. Мысалы, М. Сәрсекеев жолдас «Казахстанская Правда» газетінде шыққан аударма туралы мақаласында, бір-екі сөйлемді ғана мысалға алып, онда да оны орыс тіліне кері аударып, үлкен-үлкен кітаптардың аудармаларына қорытынды жасайды. Және «Загорелое лицо» дегенді «жүзі күнге күйген» деп аударды деп кінәлайды. Бұл сынның ұшқалақ, жеңіл жазылғаны айқын.

2

Көркем аудармада азды-көпті жетістігімізбен қатар, ірі-ірі кемшілігіміз бар. Көптеген аудармалардың көркемдік дәрежесі төмен, автордың ойы, стилі бұрмаланып келеді. Содан барып, классикалық және совет әдебиетінің таңдаулы шығармалары қазақ оқушыларына өзінің тамаша көркінен айрылып, сиқы қашып, қансыз-сөлсіз түрде жетеді. Осыдан шығарманың идеялық өткірлігі мұқалып, кейде тіпті бұрмаланып, көркемдігі құлдырап төмендеп кетеді. Совет әдебиетінің сүбелі шығармасы «Тынық Донның» аудармасы өте төмен дәрежеде шыққан. Аударушы Н. Баймұхаметов совет әдебиетінің тамаша өкілі Шолоховтың асқан шеберлігін, өзіне тән стиль ерекшелігін түсінбегені былай тұрсын, орыс тілін шала білгендіктен түпкі нұсқаның көп жерлерін сорақы бұрмалап, шығарманың идеясын тереңдете түсетін жерлерін шамасы келмегендіктен тастап кетіп отырған. «Социалистік Қазақстан» газеті бұл аударманы өте қатты, өте әділ сынады. Сол «Тынық Донның» қазақшасының дәрежесінде шыққан аударманың бірі атақты жазушы Бичер Стоудың «Том ағайдың лашығы» атты кітабы. Аударушы Е. Қойшыбаев жазушының стилін, шығарманың идеялық мазмұнын ұғына білмегені, көркемдік дәрежесін жеткізе алмағаны былай тұрсын, тіпті, қарапайым грамматикалық заңға бағынып, белгілі ойды білдіретін сөйлемдерді де дұрыс құра алмаған. Аударманың әдеби тілінің бірнеше «үлгілерін» қарап көрелік.

«Қорқып жан-жағына қарай жалтақтаған Том тепкішектің (?) үстінен шықты. У-ду болған адам дауыстары, қаптап кеткен қалың ызыңға айналған ағылшын, француз тілдерінде азан-қазан болып, құлдарын мақтап жатқан сатушылар дауыстары, өз бағасын айтып жатқан алушылар дауыстары естіледі» (Б. Стоу, «Том ағайдың лашығы». 322—323-беттер).

«Май қарағайдың жалын жарығымен итке қосылған қалың көпір қиқу салып, дүбір көтеріп, ұлып, үріп сазға тартты» (384-бет).

«Ертеңгі соққан жел оның құлағына қарай дәлдеп соғып тұр, сол себепті ол қорада болған әңгіменің бәрін естіді» (389-бет).

«Я, серейді. Аузын ырсита бергенше осысы тәуір» (392-бет). «Ол қырылдап әрең дем алып жатты; салалық (?) кеудесі анда-санда қимылдап, бір көтеріліп, бір басылып жатты» (396-бет).

Аударманың тілі бастан-аяқ осы дәрежеде. Осыдан оқушы қандай көркемдік әсер алады, не ұғына алады? Шынында да тіл бүлдірудің бұдан артық «үлгісін» табу қиын.

Орысша текске түсінбей, автор ойын сорақы бұрмалау Л Соболевтің «Теңіз жаны» кітабындағы кейбір әңгімелердің аудармаларында кездеседі. Мысалға: «Бірінші тыңдаушы» деген әңгімені алайық. Бұл әңгіме теңіз флотында тұңғыш жұмысшы, матростар қатарынан маман, білімді офицерлер дайындап шығаруға арналған. Автор ескі әскери ғалымдардың Совет өкіметіне қарсы саботажын, буржуазиялық соғыс-теңіз ғылымының күйрегенін, сонымен бірге оның теорияшыларының да өмірге керексіз болып азып бара жатқанын, совет соғыс-теңіз флотына жұмысшылар мен матростар арасынан шыққан тың, жаңа күш келгенін көрсетеді. Шығарманың осы тамаша идеясы аударманың нашарлығынан оқушыға жетпеген. Автор академияның бұрынғы бастығының үйін былай суреттейді:

«Журналы были давнишние — 1917 года, спокойная тишина, приветливая горничная, портреты адмиралов-флотоводцев, Николая 1 — основателя академии — и гравюры парусных кораблей на стенках, весь наложенный годами и не изменившийся порядок этой теплой, тихой и просторной квартиры отвлекал от того, что творилось за его дверьми».

Міне, еліміз азамат соғысын аяқтап, жаңа қоғам құрып. жатқанда, қайнаған өмірден теріс айналып, іштен тынған, дәрменсіз, буржуазиялық ғалымның барлық қызық етер дүниесінің сиқы. Ал, аудармашы мұны былай берген:

«Журналдар ескі, 1917 жылы болатын, алайда тым-тырыс тыныштық, жайдары ашық жүзді қызметші әйел, адмирал-флотшыларының (?) портреттері, Академияны құрушы Николай Біріншінің портреті, көп жылдар бойы бұрынғы қалпына келтірілген қабырғадағы желкенді корабльдердің гравюрасы және жылы, тыныш, кең үйдің өзгермеген тәртібі есіктің ар жағында болып жатқан істен көрі бұлар Борис Игнатьевичтің көңілін көбірек аударды» (Л. Соболев, «Теңіз жаны», 220-бет).

Айырмасы шынында да таң қаларлық. «Адмирал-флотшылары» дегенді қалай түсінуге болады? Автордың айтып отырғаны «қолбасы-адмиралдар» деген мағынада емес пе? Жылдар бойы қалыптасып, ұйыған сүттей тұнған тыныштығы бұзылмаған бөлме ішінің тәртібі «көп жылдар бойы қалпына келтірілген қабырғадағы желкенді корабльдің гравюрасына» айналып кеткен.

Одан ары:

«Но странное дело: в осторожном и абстрактном изложении его они потеряли всю свою осроту и направленность. Меч, вложенный им в руки учителя, не разил, а почтительно («не беспокоит-с») брил министерские щеки, орудия громоподобных страстей не стреляли, а салютовали: это был период, когда авторитет ученого был уже признан и когда петушиные наскоки пора было менять в проповедь».

Қазақшасы:

«Дегенмен таң қаларлық іс: оны дерексіз баяндауында Борис Игнатьевичтің айтқан пікірлері өзінің өткірлігін жоғалтты. Оқытушының қолына Борис Игнатьевич ұстатқан қылыш шаппайды басын иіп (?) («мырза сізге қолайсыз емес пе?» дегендей) министрдің сақалын қырды, атышулы мақалалардың зеңбіректері жауға қарай атқан жоқ, салют қана берді: бұл жас оқымыстының беделі бағаланған және әтешше килігуді елеулі мадақтауға айналған кез еді» (Бұ да сонда, 200-бет).

Осыдан не түсінуге болады? Қылыштың бас игенін кім көрген! Автор буржуазияшыл ғалымның самодержавиеге «қарсылығының» барлық арзан сырын, оның бар мақсатының мансап екенін әшкерелейді. Ал, аудармадан біз оны көре алмаймыз. Кішкене ұғым берерлік, ептеп грамматикалық заңға бағынатын үзіндінің алғашқы сөйлемінің өзінде аударушы автор айтып отырған буржуазияшыл ғалым: «дерексіз баяндамайды», өткір ойларды тура айтпай жасқанып, алыстан орағытып, тұмандатып қана меңзейді. Ал, одан кейінгі күрделі ұзақ сөйлемнен азын-аулақ та болса бір нәрсе ұғынудың өзі мүмкін емес.

Осындай сын көтере алмайтын нашар аудармалар шығарманың көркемдік құнын түсіргені былай тұрсын, аударманың идеясын да бұрмалайды.

Аударушы Ғ. Дәулетов Л. Соболевтің тамаша әңгімесін аударып қазақ оқушыларына пайдасын тигіземін деген ойдан мүлде аулақ сияқты. Мұндай құнсыз нашар аударманы баспаға ұсынғанда, аударушы игі мақсатты емес, жеке басының материалдық қамын ғана ойлағаны даусыз. Осы аударманы қарап, бастырып шығарған редактор Ж. Жұмаханов жолдас та дәл осы халде болғаны анық.

3

Проза аудармасындағы екінші бір басты кемшілік — түпкі нұсқаның көркемдік қасиетін жеткізіп бере алмау. Көп шығармаларда автордың әсерлі тілі — тым салқын, жанды суреті — сүреңсіз болып келеді де оқушыға әсерін азайтып, жарқын идеясын көмескілендіріп алады. Амал қанша, күні бүгінге дейінгі басылып шығып жатқан аудармалардың көпшілігі осы дәрежеде.

Мұндай аударушылар негізінен орыс тілін түсінеді, аса бұрмалап тексті өзгертетін қаталар да жібермейді, бір-ақ жазушылық таланты, аударып отырған автордың стилі мен терең қабысатын творчестволық үндестігі болмағандықтан шығарманың стилін, оның көркемдік дәрежесін, тамаша шығармалардың өзге кітаптарда қайталанбайтын ерекшелігін жойып жібереді. Осыдан барып, тек негізгі сюжет желісі, оқиғасы, кейіпкердің әрекеті ғана болмаса, шығарманың рухы, тіл өзгешелігі көрінбей қалады.

М. Горькийдің тамаша шығармасы «Ана» романы дәл осы дәрежеде аударылған. Сөз жоқ, аударушы орыс тілін түсінеді, қазақ тілін де тәуір біледі, белгілі дәрежеде қалыптасқан журналистік стилі де жоқ емес. Бірақ көркем шығарманы аудару үшін, әсіресе М. Горькийдің шығармасын аудару үшін бұл үш шарттың тіпті жеткіліксіз екені даусыз. Аударушы ең алдымен Горький стилінің өзіндік тамаша ерекшелігін, оның өмір құбылысын, адам мінезін, табиғатты суреттегенде философиялық терең ұғым бере отыратынын аңғармаған. Екіншіден, аударушы Горький тілінің зор байлығын меңгеріп жетпеген. Аударма арқылы қазақтың әдеби тілін байытатын соны суреттер кіргізе алмағаны былай тұрсын, аударушы осы күнгі әдеби тіліміздің табыстарын да лексикалық және стильдік жағынан толық пайдалана алмаған.

Роман басталғаннан-ақ М. Горький патша заманындағы жұмысшы слободасының, фабриканың сиықсыз, түнеріңкі, суық суретін бірден көзге елестетіп, сол кездегі қатал шындықты жан-тәнімен сезінуге оқушыны дайындап алады:

«Каждый день над рабочей слободкой в дымном, масляном воздухе дрожал и ревел фабричный гудок, и, послушные зову, из маленьких серых домов выбегали на улицу, точно испуганные тараканы, угрюмые люди, не успевшие освежить сном свои мускулы».

Казақшасы:

«Күн сайын фабрика гудогы жұмысшы слабодкасын тітіретіп, бұлдыр тартқан майлы ауаны жаңғырықтырып, қалтырап өкіре бастайды; сонда өзінің бел қайратын ұйқымен тыңайтып та үлгермеген, тұнжыраңқы жұрт осы үнге бағынып, кіп-кішкене сұрғылт үйлерінен бейне үріккен тарақандар секілді, көшеге жүгірісе шығады» (М. Горький, «Ана», 7-бет).

Аударушы мұнда Горький суретінің ерекше бояуын бере алмай, образды сөздерді арзан сөздермен төлеген. Горькийдің айтуынша, фабрика гудогы өкіріп, оның даусы ауада дірілдейді, ал аудармашының айтуынша гудок слободканы тітіретеді. Біздің ойымызша, Горькийдің берген суреті «өңдеуді» керек етпейтін тәрізді. Және де «бейне үріккен тарақандар секілді» дейді аудармашы. Осындай бір мағыналы «бейне», «секілді» деген екі сөздің бірін алдынан, бірін соңынан қолданғанда аударушы мағынаны үстемелей толықтыратын әсер бермейді, қайта орынсыз сөзді қыстыру арқылы ойды әлсіретеді.

Горький патша заманындағы жұмысшының азапты, қараңғы өмірі езіп жіберген Павел Власовтың әкесінің мас болып отырған кезін былай суреттейді:

«...глухим голосом, наводившим тоску, выл песню, широко открывая рот и закрыв глаза».

Аудармада былай болып шыққан:

«Екі көзін жұмып, аузын арандай ашып, адамға қайғы түсіретін мұңды дауыспен сұқсұрдай сұңқылдап(?) өлең айтатын» (сонда).

Екі сурет екі түрлі. Біреуі жұп-жұмыр, суреті дәл, бірден көзге елестейтін жанды көрініс те біреуі суреті ала, ішкі мағынасы қайшы елес. Кісіні торықтыратын, ұлыған мұңды дауыспен өлең айтып отырған мас адам қалайша «сұқсырдай сұңқылдайды»?

Әрине, бұл шындық көріністі дәл бере алмайтын, автордың ойын бұрмалап, құнын түсіріп жіберген аударма.

«И по щекам ее медленно текли слезы» деген қарапайым, ұғымды жұмыр сөйлемді аударушы: «Ананың бетінен жайлап қана көз жасы аға бастады» (Бұ да сонда, 15-бет) деп аударады.

Бұл, біріншіден, сауатсыз сөйлем. Кісінің көз жасы бетімен ағуы мүмкін, бірақ бетінен шықпайды. Екіншіден, аударушы осы қарапайым сөйлемді қып-қысқа, жинақы берудің орнына, сөзді үнемдемей, бейпіл жұмсап, нашарлатып алған.

Одан ары, аударушы Горькийдің адам бейнесін суреттегенде оның келбеті мен ой дүниесін астастырып, сыртқы көрінісінің өзінен-ақ адамның мінезіне терең бойлап, сырын аша суреттейтінін ұқпаған. Горький «Ана» шығармасының ішіндегі елеулі бір кейіпкері жұмысшы қауымының ортасынан шыққан, «кітапшыл», пәлсапаға берілген Рыбинді былай суреттейді:

«Он говорил тихо, но каждое слово его речи падало на голову матери тяжелым оглушающим ударом. И его лицо, в черной раме бороды, большое, траурное, пугало ее. Темный блеск глаз был невыносим, он будил ноющий страх в сердце».

Қазақшасы былай болып шыққан:

«Рыбин жайлап сөйлесе де оның әрбір сөзі анаға естен тандырарлық, ауыр соққыдай боп тиді. Оның қара сақалмен әсерленген үлкен қаралы беті ананы үрейлендірді. Көздерінің қарауыта жарқылдаған жанары адам төзерлік емес, жүректі жүйткітіп (?) қорқыныш тудырғандай еді» (Бұ да сонда, 64-бет).

Жай салыстырып қарағанда аударма ұқсас тәрізді. Бірақ Горький берген үрейлі адамның жанды суреті аудармадан сезілмейді. Өмірге өзіндік философиямен қарайтын «құдай іздеуші» Рыбиннің анаға еткен бір түрлі «киелі» адамдай үрейлі ауыр әсері де сезілмейді.

«Глаза у него были прищурены, и взглядом опытного владыки людей он испытующе щупал лица рабочих. Перед ним снимали шапки, кланялись ему, он шел, не отвечая на поклоны, и сеял в толпе тишину, смущение, конфузливые улыбки, в которых уже слышались раскаяния детей, сознающих, что они нашалили».

Қазақшасы: «Көздерін сығырайтып алған, жұртты билеп-төстеуге машықтанып қалған қожаның көзқарасымен жұмысшылардың бетіне сыр тартқысы келгендей тесіле қарайды. Біреулер оның алдында бөріктерін алып, бастарын шұлғып жатты. Ол ешкімнің сәлеміне жауап қайтармастан алға өтіп барады. Мұның алдында топ бірте-бірте тына бастап, кейбіреулер абыржыған, ұялған пішінмен күлімсірейді. Бәсең дауыстар да естіледі; бұл дауыстардан өздерінің істеген тентектіктерін мойнына алған балалардың өкініші сықылды өкініш те естіледі» (70-бет).

Бұл көркем аударма емес, тек мағынасын түсіндіретін аударма. Көпке мәлім, М. Горький көркем сөзге өте жауапты қараған адам. Ол шығармасында көріністі, әсерді, сезімді бұрмалайтын сөз құрамы кездескен жазушыларға үнемі кейіп отырған. Ал, аударушы мұнда атақты шебер жазушыға қиянат істеп, суретті жансыз етіп беріп отыр. «Сыр тартқысы келген кісіше тесіле қарайды» дейді аударушы. Жұмысшылардың сәлеміне бас иместен, шіреніп өтіп бара жатқан директор қалайша тесіле қарайды? Автор тесіле қарады демейді, жұрттың қабағын аңдып көз жүгіртіп байқап келеді дейді, «Уже слышались раскаяния детей сознающих что они нашалили» деген оралымды аз сөзбен берілген бейнелі сөйлемді аударушы: «бұл дауыстардан өздерінің істеген тентектіктерін мойнына алған балалардың өкініші сықылды өкініш те естіледі» деп, сөзді орынсыз бейпіл жұмсап, олпы-солпы сөйлеммен әсерін кемітіп аударған.

Горький сөздерінің терең мағыналы, жалынды күші де аудармада екпінді ырғағынан айырылып, әлсіреп кетіп отырады.

«А Павел, выбросив из груди слово, в которое ои привык вкладывать глубокий и важный смысл, почувствовал, что горло ему сжала спазма боевой радости; охватило желание бросить людям свое сердце, сожженное огнем мечты о правде».

«Павел маңызы зор терең мағына беріп әдеттенген осы жалынды жігермен айтып салғанда, айбынды қуаныш көкірегін кернеді; шындықты көксеп, оттай жанған жүрегін жұртқа суырып беру тілегі бойын билеп әкетті».

Сөздерінің терең мағыналы, жалынды күші де аудармада екпінді ырғағынан айырылып, әлсіреп кетіп отырады.

Аударманың күш жағынан олқылығын былай қойғанда, осы үзіндінің кісіні ширықтыратын қызу қарқыны, жігері бәсеңдеп кеткен.

М. Шолоховтың «Көтерілген тың» романының аудармасында да осы айтылған кемшіліктер кездеседі. X. Өзденбаев негізінен түсініп, түпкі нұсқаның мағынасын дұрыс бергенмен де Шолоховтың стилін, көркемдік дәрежесін, оның өзіне тән тамаша юморын жеткізіп бере алмаған. «Көтерілген тың» романындағы ерекше есте қалатын кейіпкер Щукарь атай. Әрине, қазақшасында да Щукарьдың бейнесі күлкілі боп көрінеді, өйткені оның автор суреттеген қимылы, істерінің өзі күлкілі. Бірақ түпкі нұсқада кездесетін Щукарьдың сөйлеген сөзінің арасынан ұшқындап тұратын күлкісін жазушылық шеберлікпен жеткізіп бере алмаған. Жеңіл оқылатын, ылғи оқушыны іштей күлімсірететін Щукарь сөздері кейде тіпті оқуға да ауыр болып кетіп отырады. Деревняға колхоз ұйымдастыру үшін келген жұмысшы табының өкілі Давыдовтың да сол өзі барған қазақ деревнясының ортасынан мінез-құлық, бейне өзгешелігі, тіл ерекшелігі аудармада көмескіленіп, көрінбей кеткен.

Жазушының ең негізгі құралы, табиғи адам бейнесін аудармай тірі қалпында түсіретін барлық бояуы — сөз. Шығарма қамтыған өмір материалы қаншалықты маңызды, үлкен болып келсе де, оны көркем шығармаға айналдыратын айқын, әсерлі, тіл байлығы болмаса, шығарма шын дәрежесінде құнды бола алмайды. Кейбір үлкен жазушылардың белгілі бір сипатты, мінезді, көріністі дәл беретін жеке сөздерді таңдап, көп ізденіп толғанатыны да осыдан. Автор суреттеуінен басқа адам образын терең ашуға үлкен құрал болатын кейіпкердің тілі — диалог. Диалог кейіпкерлердің сөзімен, кейбір жеке оқиғаларды баяндап қана қоймайды, сонымен бірге оның ой-өрісін, мінез-құлқын, тәрбиесін, мәдениетін көрсетеді. Диалог нағыз шебер түрде берілмесе, кейіпкердің образы терең ашылмай, ойсырап тұрады. Ол жанды адамнан гөрі ойдан шығарылған жансыз схемаға айналады. Диалогта кейіпкердің ой-пікірімен қатар, оның қуаныш, күйініш сезімі, ішкі дүниесі әсерлі ашылуға тиіс. Қазақ тіліне аударылған шығармалардағы ең бір басты кемшілік кейіпкердің сөзін өзіне тән ерекшелігімен әсерлі күйінде жеткізіп бере алмайтындығында. Бұл кемшілік, тіпті, негізінен тәуір аударылған шығармаларда да жиі кездесіп отырады. Ал, нашар аударылған шығармаларда, кейіпкердің әсерлі сөзі барлық қасиетінен жұрдай болып, өңі қашып, шытырман ауыр сөйлемге айналып кетеді.

Гогольдің «Тарас Бульба» деген шығармасының аудармасынан мысал келтірелік. Қарт казак Тарастың оқудан қайтқан балаларын қандай сөзбен қарсы алғаны оқушыға мәлім.

«А, признайтесь, сынки, крепко стегали вас березовым и свежим вишняком по спине и по всему что ни есть у казака? А может, так как вы сделались уже слишком разумные, так, может, и плетюганами пороли? Чай не только по субботам, а доставалось и в среду и в четверги?»

«Шынын айтыңдаршы, ұлдарым, қайың жас шыбықпен арқаға, кез келген жерлеріңе дүрені мықтап соқты ма? Мүмкін, сендер өте естияр болып кеткендіктен қамшымен де дүрелеген шығар? Жалғыз сенбі күні ғана емес, сәрсенбі, бейсенбі күндері де тамақсыз қалған шығарсыздар?» (Гоголь, «Тарас Бульба», 9-бет).

Мұнда аударушының «чай» деген сөздің «бәлки», «мүмкін» деген мағынада айтылып тұрғанын түсінбей «тамақ» деп ұққанын былай қойғанда, қарт Тарастың сөз бояуын жеткізіп бере алмағаны анық. Гоголь осы диалогте Запорожьенің ескі казагының еркін кең мінезін, ойынды-шынды қаталдығын шебер суреттейді. Ал, аудармада мұның бірі де жоқ. Диалог қуанған сәттегі қарттың аузынан шығатын, қарапайым ұшқынды сөздерден құралмай, тілге оралымсыз, әсерсіз күрделі сөйлемнен құралған.

Одан ары: «Сыны мои, сыны мои, милые. Что будет с вами, что ждет вас? — говорила она, и слезы останавливались в морщинах, изменивших ее когда-то прекрасное лицо».

«Ұлдарым менің, көзімнің жанарындай ұлдарым. Неге көз боларсыңдар? Қандай болашақ күтіп тұр сендерді? — деді ана домалаған көз жасы өңді бетті қалталандырған әжімге тоқтай қалды (14-бет)».

Гоголь, өмірінде қорлықты көп көріп, қалған күнінің тілегін балаларының болашағына артқан кемпірдің аналық бар ықыласын, ақ тілеуін қарапайым, бірақ үлкен сезімге толы диалогын шебер берген. Бұл диалогтың ішінде де орынсыз тұрған, не сезімді әлсірететін жасанды сөз жоқ. Ал, аудармада біз бұл қасиетті көре алмаймыз. Гоголь «что ждет вас?» деген қысқа ғана сөйлеммен ананың күдікті ойын, қайғылы жан сезімін берсе, аударушы оны «қандай болашақ күтіп тұр сендерді?» деген сезімі аз, ресми сөзбен береді.

Осыдан барып, шығарманың көркемдік қасиеті, оқушының жанын тебірентерлік терең әсері әлсіреп, айқын бояуы көмескіленіп кетеді.

Көп аударушылар түпкі нұсқаның текстін жөнді зерттемейді. Шығарманың жазылған дәуіріндегі жағдайды, жазушыға әсер еткен нәрселерді тексермейді. Бір дәуірде халық арасына таралып жүрген ұғымдар, кейінгі кезде өзгеріп кетуі мүмкін. Сонымен бірге көп шығармада жеке мамандық терминдері де кездеседі. Мұны да зерттеп түсініп алу қажет. Осыған мысал ретінде, Қ. Боранбаев аударған Л. Соболевтің «Жекелеп ретін келтіру» деген әңгімесінен үзінді алайық: «Должность второго помощника командира в те годы мало чем отличалась от должности главного боцмана — как говорится, сванки, драйки, мушкеля, шлюпки, тросы, шкентеля...».

Қазақшасы: «Ол жылдарда командирдің екінші жәрдемшісі бас боцманның — жуан шеге, драйкалар, мушкелдер, қайықтар, болат арқан, шкентельдер деген қызық сөздері болмаса, басқа айырмасы аз еді...».

Аударушы теңіз флотына тән сөздердің мағынасын анықтап, түсініп алмастан, сол күйінде қоя салған. Осыдан барып, оның бәрі оқушыға түсініксіз шытырман сөз жиынтығына айналған. Жоғарыда аталған Ғ. Дәулетовтің аудармасынан тағы бір мысал: «Академия была пустынна, сквозь стеклянные двери только в трех аудиториях были видны слушатели (Разгром! разгром!) да в вестибюле встретил он двух преподавателей, примащивающих на спине «обезьянки» с картошкой (опять вечером изображать амбала!).

«Академияда адам аз еді. Есіктің терезелерінен тек үш аудиториядан ғана тыңдаушылар көрінді. (Күйреу де күйреу!) ол вестибюльде «маймылдың» арқасында жайсыз отыра салған бір-екі оқытушыны кездестірді (тағы да кешкісін амбалдың суретін салу деген сөз»).

Мұнда да аударушы шығармада суреттелген дәуірдегі туған ұғымды жете түсініп, зерттеп білмей, тура аудара салған. Біріншіден, жақшаның ішіндегі «Разгром! Разгром!» деген сөз кейіпкердің «құрыған екенбіз!» деген ойын білдіреді, екіншіден, «обезьянка» деген картон салатын қапшық па, басқа ма, әйтеуір ыдысты білдіретін нәрсе болуға тиіс. Ал, кейінгі жақшаның ішіндегі «изображать амбала» деген сөзде амбалдың суретін салу емес, соның кейпіне түсу деген мағынада айтылып тұрған тәрізді. Ал аударушы осы сөздердің сол кездегі қолданылған мағынасын дәл зерттеп, ұғымды етіп беруі керек еді.

Жоғарыда айтып өттік, автордың стилін бергенде, оның барлық сөз бояуын да жеткізіп беру керек. Ал, кейбір аудармашылар, автор сөзінің бояуын жоғалтып, оның тек жалаңаш мағынасын ғана береді. Тарихи романдардың тамаша шебері Алексей Толстой, ескі заманның тілін дұрыс пайдаланудың тамаша үлгісін көрсетті. Ол, «Петр 1» романын жазғанда, сол дәуірдің архивін ақтарып, Петр заманының тілін зерттеді. Ескірсе де осы күнгі оқушылар түсінетін сөздерді екшеп алып, жазып отырған заманының алыстығын сездіру үшін әдейі пайдаланды.

«...А теперь, государь братец, настает время нашим обоим особам богом врученное нам царство править самим, понеже есьми пришли в меру возраста своего, а третьему зазорному лицу, сестре нашей, с нашим двух мужскими особами в титлах и расправе дел быти не изволяем».

«Ендігі жерде, патша аға, екеуміз де ержетіп, кәмелетке келгендігімізден құдайдың бізге тапсырған патшалығын өзіміз басқаратын күн туды; ал үшінші қарабет адамға, апамызға, біздің екі ер басымыз тірі тұрғанда, лауазым алып, іс басында болуға жол бермейміз».

Әрине, бұл аударма мағына жағынан дұрыс, бірақ Петр І-нің тіліндегі автор берген сол заманына тән өзгешелікті аударушы сақтамаған. Бір тілден бір тілге аударғанда мұны сақтау өте қиын, әйтсе де автор сияқты аударушы да ізденіп, қазақ тілінің ескі қорынан осыған лайықты архаикалық сөздер табуына болатын еді. «Петр I» романын оқығанда, сөзінің бәрі түсінікті болғанмен, оқушы сонау алыстағы заманның кейіпкерлерінің ішінде отырғандай болады. Ал, аудармада заман алыстығын, уақыт алшақтығын сезе алмаймыз. Бұл негізінен сәтті шыққан, көп еңбек сіңірілген аударманың құндылығын едәуір кемітеді.

Аудармадағы осындай ірі кемшіліктер ұлы орыс әдебиетінің және де басқа елдердің әдебиетінің тамаша үлгілерінің қазақ тілінде көркемдік ерекшелігін, әр жазушының өзіне тән стилін, тіл байлығын жеткізіп беруге үлкен бөгет болып отыр. Осыдан барып, қазақ тіліне аударылған классикалық шығармалардың көпшілігі қазақ әдебиетіне көркемдік шеберлігі жағынан үлгі боларлық шын дәрежесіне көтеріле алмай, ең тәуір дегенде қазақ жазушыларының ортақол шығармалары дәрежесінде кейде одан да төмен шығып жүр. Аударушыға қойылатын ең басты талап — аударылатын шығарманың идеялық мазмұнын, көркемдік қасиетін терең ұғып, автордай толғана тебірентіп аударып оқушыға сол күйінде жеткізіп беру.

Осы тұрғыдан аудармадағы кейбір жеке мәселелерге қысқаша тоқталып өткен жөн. Күні бүгінге дейінгі аудармада екі бағыт байқалады. Оның бірі түпкі нұсқаны бір сөзін өзгертпей дәлме-дәл аудару. Мұндай аударма дәл болғанымен шығарманың көркемдігіне көп нұқсан келтіреді. Екінші бағытты ұстаушылар «нағыз қазақшылауға» әйтеуір жатық, ұғымды болу қай аудармаға да керекті шарт деп біледі. Бірақ мұндай аудармада түпкі нұсқаның ерекшеліктері, соны картиналары жаңалығынан айрылып қалады. Сөз жоқ, әрбір талантты жазушының өмірді көркем сурет арқылы қабылдауы әр түрлі. Сондай-ақ әр шығарманың сөз бояуы да әр түрлі. Ал, осылардың бәрін бір қалыпқа салу — үлкен қиянат.

Осыған байланысты мақал-мәтелді, афоризмдерді, қалыптасқан ұғымдарды (выражение), терминдерді аудару мәселесі туады. Осылардың бәріне қазақша теңеу табу деген пікірге қосылуға болмайды. Әр халықтың әр түрлі экономикалық, шаруашылық жағдайында туған мақал-мәтел, афоризм, ұғымдардың өзара негізгі мағыналарының ұқсастығы болғанмен образдық жағынан, ой құбылысы жөнінен айырмашылығы болмай қоймайды. Екіншіден, әдемі, жақсы аударылған мақал-мәтел, афоризмдер қазақтың әдеби тілін байытады. Сондай-ақ бұрын қазақта болмаған, немесе жаңадан туған атауларды аударам деп ескі салттан балама сөз іздеу немесе бір сөзді (терминді) бірнеше сөзбен аудару дұрыс болмасқа тиіс.

Термин қолдануда тағы бір қате тенденция бар. Кейбір аударушылар орыс тіліне басқа тілден кірген терминді сол қалпында алып, ал орыс тілінде жасалған терминдерді қайткен күнде де аударып алуға тырысады. Мұндай кемшілік Ғ. Орманов, Мұхаметжанов, С. Омаров тағы басқа аударушыларда және осы мақаланың авторында да болып келеді.

«Еркін аудару» мәселесін де дұрыс шешіп алу қажет. Бұл жайында айта кететініміз, шығарма қандай еркін аударылса да ең алдымен автордың рухын, көркемдік даралығын сақтау қажет.

Көркем аударма жасауда әрбір аударушыға өне бойы үлгі боларлық тәсіл ұсыну мүмкін емес. Көркем аударма да творчестволық жұмыс. Әр жазушының, әр шығарманың көркемдік өзгешелігі қаншалықты алуан. Әрине, бұдан аударманың негізгі мәселелері зерттелмесін деген ұғым шықпауға тиіс. Қайта осы саладағы үлкен-үлкен принципиалды мәселе болсын, ұсақ тәжірибелік маңызы бар жайттар болсын, теориялық терең шешілуі қажет.

Айта кету керек, осы күнге дейін әдебиет зерттеушілер аударма мәселесіне зейін салмай келді. Күні бүгінге дейін көркем аударма жайында жүйелі бір еңбектің болмауы, Қазақ ССР Ғылым Академиясының тіл және әдебиет институтының мұндай аса маңызды іске тым жауапсыз қарағанынан.

«Правда» газеті келелі мәселе етіп көтергенге дейін, Жазушылар одағы қазақ әдебиетінің осы үлкен саласына мән бермей келді. Жазушылар одағының президиумы орыс халқының ұлы әдебиетін, туысқан халықтар әдебиетін, қазақ оқушыларына өз тілінде жеткізуді өзінің басты міндеті деп қарамады да және бұл міндетті жазушылардың алдына жеткілікті дәрежеде қоймады. Жазушылар одағының бұл мәселедегі тартыншақтығын былай қойғанда, ол тіпті, көркем аудармамен айналысқан жазушының еңбегін творчестволық еңбек қатарына қосып елеуді де ұмытты.

Бұл жағдай көптеген жазушылардың әдебиет үшін аса маңызды істен қол үзуіне, содан барып аудармамен кәсіп етушілердің көбірек сұғанақтауына себеп болды.

Әрине, біз барлық жазушылар аудармаға түгел қатыссын деген үзілді-кесілді талап қоюдан аулақпыз. Бірақ көркем шығармаларды аударуда өздерінің ерекше талантын аңғартқан талай жазушылар бар. Екіншіден, қазақ жазушыларының өсу жолындағы шеберлікке жетілудегі, ең негізгі мектебі — орыс әдебиеті. Егер жазушы өзіне үлгі тұтқан шығармасын аударса, оны оқып шыққаннан гөрі, анағұрлым көп нәрсе алатынына қандай дау бар. Осы себептен де қазақ жазушыларының көркем шығарма аударуға қатысуы өте қажет нәрсе болуға тиіс.

Сонымен қатар аудармаға қабілеті бар, нағыз маман профессионал аударушылар тобын құру өте қажет жұмыс.

Көркем аудармаға деген талап нағыз өз дәрежесіне көтерілуі тиіс. Сонда ғана қазақ тіліне аударылған әрбір үлкен шығарма әдебиетімізге мол үлесін қосып, халқымыздың рухани мәдениетін байыта алады.

1961


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама