Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 22 сағат бұрын)
Әдебиет пен өнер туралы эсселер қазақтың әдеби тілі жайлы бір ой

Мұхамеджан Қаратаев айтқан аса орынды пікірлерге кішкене ой жалғастырмақпын. Қазақтық әдеби тілі жөнінде. Бір кезде қазақтың әдеби тіліне негіз болған деп әр түрлі географиялық аудандарды атап, талас тудырушылар болды. Бұл әдеби тілдің табиғатын түсінбеушіліктен туған нәрсе болатын. Біздің әдеби тіліміз қазақтың халық тілінен туды. Алшақ жатқан қазақтың тіл тұтастығы кімді болса да қайран қалдырады. Бір алшақ өңірдің екінші қияндағы қазаққа түсініксіз сөздері көп болса жүз қаралы ғана. Мұны диалект деп қараудың өзі күмәнды. Қазіргі замандағы қарым-қатынас, коммуникация ұлғаюы арқылы ондай сөздердің өзі тіпті азайып қалды.

Әдеби тіліміздің биік мамандық сатысына көтеріліп, жақсы дамығанын мақтан етеміз. Бұл үлкен табысымыз. Әйтсе де сол даму жолында — кей жағдайда қазақ сөзін жүдетіп те алып жүрміз. Шұрайлы, құйқалы сөздер саяси-әлеуметтік, шаруашылық әдебиетте ғана емес, көркем әдебиеттің көп шығармаларында да азайып барады. Әрине, етек жайған жаңа ұғымдарға байланысты көптеген көне сөздер шет қақпай қалып жүр. Соны жаңғыртып пайдалану қолымыздан келе бермейді. Қауырт та, қарбалас қимылдайтын журналистика болса бір сәрі, тіпті жазушылардың өзі ауызға оңай түсетін, жаттанды сөздерге көп жүгіретін болып жүр. Осындай халде тосын сөздердің, мағынасына көп адамдар түсіне бермейтін оқшау сөздердің ешқандай жаттығы жоқ дер едім. Мұхтар Әуезов өзі оқыған қазақ кітаптарының ішінен өзі бұрын естімеген жаңа сөз ұшыратса жазып алып отыратын, ондай сөздерді қызықтап, сүйсініп айтатын. Тіл байыту үшін қазақтың еш сөзінің жаттығы жоқ. Тек соны жазушы орнын тауып, дұрыс пайдалана білу керек.

Әрине, қай тіл болмасын өзге тілдердегі атау, ұғым сөздерді бойына сіңіріп байыған. Қазақтың әдеби тіліне де түбі бір түркі тілдерді айтпағанда, араб, парсы, кейінірек орыс, европа тілдерінен көп сөздер енді. Бірақ әңгіме қазір қазақтың байырғы тілі туралы. Ал, байырғы тілге келетін болсақ — менің ойымша оның бір сөзін шашау шығармасақ жақсы болар еді. Бізде орынсыз ескіріп қалған сөздер аз емес, сонымен бірге диалект сөздер де әдебиетімізде өз орнын табар еді. Шығармаларының тілі сөз болып отырған Д. Досжанов, С. Бердіқұлов сияқты жас жазушылардың тосын сөз, тосырқап қалған сөздерге көбірек баруы құптарлық нәрсе.

Ал, біздің кейбір жазушыларымыз XV—XVI ғасырдағы қазақ өмірінен шығарма жазғанда «мұны дұрыстап ұйымдастыру керек», «көпті жұмылдыру керек», «бұл мәселеге үлкен мағына беру керек», деп ескі хандарды бүгінгі шаруашылық басшыларының тілімен сөйлетеді. Соған орай осы күнгі жұмысшы мен интеллигентті ескі билерше сарнататын жазушылар да жоқ емес. Демек әр заманның өз тілі бар. Оны шатастырмау қажет. Бірақ сөз қоры, тіл байлығы қай заманға арналған шығармаға да керек. Орайын тапқан шебер болса архаикалық ескі сөздердің өзі бүгінгі тақырыпты жатырқамайды. Тек көпке түсініксіздеу тосын сөздерді баттастырып қабаттап, ұтымды ауырлатпай, орнын тауып, сөз орайына қарай өзінен-өзі түсінікті боларлық етіп қолданса — ондай сөздер халыққа тез сіңіп кетеді. Өз тәжірибемнен бір мысал келтірейін. «Күсті» деген сөзді екінің бірі түсіне бермейді. Ал, «қолымды жіпсіз байлаған сен ғана едің, Бәтима. Сенен де күстім біржола» дегенде — ешбір түсіндірменің керегі жоқ сияқты. Демек тосын сөзді, жұрт тосырқап қалған сөзді қайта тірілту үшін — қыбын тауып қолдануымыз керек.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама