Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Күнделік жүргізудің пайдалары

Жазушылар жас күнінде күнделік тұтпағандығына өкінеді екен. Өйткені оқиғаларды еске түсіріп жазу басқа, сол кездегі сезім мен күйді суреттеп өз сөзіңмен жазған қатарлардан еске түсіріп жазу мүлдем басқаша болады екен.  

Атақты неміс физигі Альберт Эйнштейн: «Қиял күші – барлық нәрсенің негізі. Сіздің күтіп тұрған көркемдіктің фрагменті секілді. Қиял күші білімнен де маңызды» деп зеректіктің шынайы көрсеткіші білім емес қиял күші екендігін айтқан екен. Өйткені білім, өнер, технология салаларында тіршілігімізді жеңілдетіп жатқан көптеген жаңалықтар қиял күші бай болған адамдардың арқасында табылған. Сондықтан балалардың жетілуі үшін тек білім жүктей бермей олардың өзін танымдай алатын белсенділіктерге де бағыттауға мән беру керек. Бұл тұрғыда күнделік жүргізудің маңызы зор. Өйткені күнделік тұту - қиял күшін, ой-сананы, тілді және есте сақтау қабілетін шыңдау тұрғысында зеректікті дамытатын ең әсерлі жолдардың бірі. Күнделік жүргізу - бастан өткендерді дәптерге жазумен қатар өз-өзін зерттеу, бағалау, өткеннен сабақ алу секілді пайдалары бар. Басқаша айтқанда тіршілігіміздің себебін, қандай адам екенімізді, нені дұрыс істеп, нені бұрыс істегенімізді еске түсіретін естелік дәптер. Осы тұрғыдан күнделік жүргізу адамның өзін жақсырақ тануын қамтамасыз етіп, сезіну, ұғыну деңгейін арттырып, қисынды шешім қабылдауын жеңілдете түседі.

Күнделік жүргізетін адамдар басынан өткерген жағдайлар мен тәжірибелерін өз сөзімен суреттеп, жазу тілімен сипаттайды. Адам жазу қабілетін қолдана отырып зейінінде қалыптастырған деректерді зерттеу, еске түсіру, талдау, байланыстыру, тексеру секілді амалдарды жаңадан жүйелендіреді. Басқаша айтқанда жазу - мақсатқа сай сөздерді таңдау, бұларды орынды қолдану, әдемі сөйлемдер құра алу және сөйлемдерді әр түрлі мақсаттарға сәйкестендіріп қалыптастыруды қажет етеді.

Күнделік жүргізу адамға ең терең ойларын, сезімдерін сөйлеммен сипаттау және оны кейіннен қайта зерттеп, талдау мүмкіндігін береді.

Зеректік ұғымына ғалымдар әртүрлі сипаттама берген. Зеректік – жалпылама ойлану, ақылды, сананы қолдану, талдау, есте сақтау, қисын құру және шешім шығару секілді қабілеттердің біртұтас атауы ретінде қарастыруға болады. Америкалық профессор, психолог Луис Терстоунның айтуынша зеректік бірі екіншісінен өзгеше зейін күшін талап ететін қабілеттердің бірлестігінен қалыптасады. Зеректікті құрайтын осы негізгі қабілеттер мыналар:

Сөзге байланысты қабілеті: Оқығанын түсіну, сөйлемдерді реттеу, сөз қисыны мен сөз қоры т.б. қабілеттер.

Сөз тапқырлық: Белгілі мерзім ішінде белгілі сөз түрінен көп сөз таба алу.   

Есте сақтау: Түсініксіз нәрселерді, сандық, сөздік және пішіндік  қатарлар мен материалдарды егжей-тегжейлі түрде есте сақтай алу секілді факторларды қамтиды.

Қисынды ойлану: Қисынды ойлану, пікірлеу күші.

Ұғыну қабілеті: Шытырман, аралас-құралас нәрсенің жай-жапсарын көре алу, ұқсастықтар мен өзгешеліктерін тез арада және дұрыс түрде ажырата алу.

Мекен байланысы: Бір мәселенің көрінбейтін жақтары мен ғарыштағы әртүрлі жағдайларды елестете алу, қиялдай білу, мекен байланыстарын түсіне алу секілді қабілеттер.

Сандық қабілет: Қарапайым арифметикалық есептерді тез және дұрыс есептей алу.

Терстоунның осы атағандарының ішінен сандық қабілеттен басқа барлық қабілеттердің жетілуіне күнделік жүргізудің пайдасы бар екендігін дөп басып айта аламыз. Зеректіктің ең маңызды ерекшелігі жетілуге, дамуға бейім болуы. Дүниеге келген әр балада белгілі мөлшерде зеректік болады. Бірақ осы зеректік қабілеттердің шыңдалуы, жетілуі айналасындағы шарттарға, белсенділіктерге байланысты. Баланың күнделік жүргізу дағдысына ие болуы, зеректігінің жетілуі тұрғысынан өте пайдалы болып табылады. Сондықтан ата-ана ретінде осы дағдыға бағыттауға да немқұрайлы қарамауымыз қажет.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама