Мәңгі алауға айналғандар
«Апа, көке. Аман-есенсіздер ме? Менің алдыңғы хатымды алдыңдар ма? Апам менен: «Хабар кешікті ғой», — деп мазасызданып жатқан шығар. Оның себебі, қолымыз бұл уақытқа дейін ешқандай тиген жоқ.
Міне, қазір майдан даласындамын. Дайындықтан өтісімен, бірнеше күн жол жүріп жеткеніміз осы. Апа, қазір хатты асығып жазып отырмын. Бұдан соң уақыт бола ма, болмай ма, кім біледі. Енді соғысқа кіретін шығармыз.
Апа, өз жайларың қалай? Суық түсті ме? Ана тентектерің әлі де асық атып, ойнап жүр ме? Жоқ, жұмыста ма? Оларды тым еркіне жібере берме. Тәртіпті болып, айтқанды тыңдасын. Тәртіптің күшін енді түсініп жүрмін.
Колхоздың жұмысы жүріп жатқан шығар. Жігіттерден кім қалды? Өзгелерден хат-хабар бар ма? Апа, әжемнің денсаулығы қалай? Құлағы ести ме? Көп-көп сәлем айт. Ал көкем қалай? Белінің құяңы қойды ма? Әлгі көлік жайы қалай болды? Жирен айғырдың арқасы жазылмаса, колхоз мініске ат беретін шығар...»
* * *
Самсаған жұлдыздардың қатары сиреп, біртіндеп сөне бастапты. Алагеуімгі мөлдір ауа сондай тұнық та, тымық. Жан-жағына қараған адамға алдымен көзге түсетіні — анадай жердегі шоқ көк терек. Селдіреген жапырақтары жыбырлап, еріксіз назар шақырады.
Табиғаттың тымық шағы әманда әдемі, дәл осынау таңғы ауадай таза. Тіпті жылдың ең қоңырқай маусымы күздігүні де тыныштық аясында тұнған сұлулық қандай әсерлі. Төбе, жазықты қуалай жапқан иірім-иірім орман, сол орман — Отанды құрайтын алуан ағаш пен бұталардың үрім-бұтағы бәрі де сары ала күздің еншісіне тигенін шамалайсың. Орман жарықтықтың қайталанбас күзгі иісін айтсаңшы. Қалбаңдай келіп, бейбіт қонып жатқан жапырақтар, шыққа малшынған куқылт шөптің арасындағы ірілі-уақты тастар, айқыш-ұйқыш машина, адам іздері жарыса айқындалып-ақ келеді.
Осындай әсерлі екендігіне қарамастан күзгі әуеннің бір сазы кем, бір бояуы солғын. Ол осынау малынған табиғаттың жүгірген аң, ұшқан құстан жетімсіреп, жадау тартқаны ғана ма?..
Солдат шинелін қаусырынып қойды. Күзгі қара суықтан үп еткен леп те бой тоңазытардай өтімді. Бұйығып отырған серіктері де қолдарын уқалап, бір серпілісіп қалды. Қанталаған шала ұйқы көздер әлемнің түнеріңкі жағын әлсін-әлі шолып әлек. Қалғып-шұлғып, есінеп отырған жауынгерлерді асықпай аралап екеу жүр. Рота командирі мен политрук екен. Солдаттың сергек қалпын танып, командир арқасынан қақты. Өзінің қара торы өңі көңіл күйін сездірер ештеңе байқатпайды. Шаршаңқылықтың белгісі қабағында ұйып қалған сияқты. Керісінше, қарлығыңқы үні құлаққа жылы:
— Тынықтың ба? Қызыңды ойлап отырсың ғой, ә?
Осы бір шиыршық атқан шағын денелі кісіні көргені кеше. Жүдеулеу пішіні адамның ықыласын аса тартпайтындай көрінген. Бірақ әлгі бауырмал сөз: солдаттың жүрегін шымырлатып әкетті. Бас салып сөз иесін, бауырына қысып алғысы келген. Есесіне устав бойынша атып тұруы, оң қолды шекесіне сарт еткізіп, честь беруі тиіс екенін ғана парықтады. Бірақ енді ондай қимылға кеш еді.
— Керегі жоқ. Сәл де болса тынық. Өзің неге сонша бозарып тұрсың? Қорыққандықтан ба?
«Қорқу» дегенді енді ойға алудың да жөні жоқ еді. Өзіне арналған жаңағы бір-екі ауыз жылы сөз жүректің қуысындағы әлдебір көңілсіз сезімдерді шайып әкеткен сияқты. Қасын керіп, ұяла күлімсірейін дегенше екеуі ары қарай өтіп те кетті.
Тып-тынық таңның қойнауында туындаған әлгі ойлары қазіргі жағдайдан тым шалғай болып шықпады ма? Бос қиялмен әуреленіп тұрғанын білсе, командир не айтар еді? Ия, өзінің не мақсатпен таң күзеткенін бір секунд та ұмытуына хақысы жоқ.
Енді зер сала көз кідірткені — қасындағы жауынгерлер. Қайсысы жетісіп тұр дейсің. Арпалысқан сезімдерін жүгендеуге тырысып, іштен тынған калыптары. Тек қайта-қайта қылтыңдай берген темір қалпақ кімдікі деп, көз тоқтатып қараса, Қылжақ Шегір. Сөз сұйылған тыныштықтан өзінің іші пысты білем, тұнжырыңқы жүздерге көзін қыдырта қарап, оқыс ыңылдап кетті. Құлаққа жылы орыс әуені. Рақаттана бір қайырып тастады да:
— Атасына нәлет. Осы қазір қырылып қалсақ та, қабақ түсірмейікші. Сыбағасын алады. Әуелі, көрінсінші өздері, — деді жағдайға сәйкеспейтін көтеріңкі үнмен.
Осы бір ажарлы сөздердің шығуын күтіп тұрғандай шатыр ете түскен ащы дауыс тымық ауаны қақырата айырып жіберді. Окоптағылар елең етісіп, ес жинап үлгіргенше алапат басталды да кетті. Бейне бір ұйқыдағы алып жануардың бүйіріне әлдекім біз тығып алғандай, жер оқыстан шорши мөңкіді. Келесі секундта аунақши берген окоптың қабырғасы төңкеріліп келіп, ес жиғызбастан солдаттың бетінен соқты. Сонан жерге жабысқан қалпы, тыпыр ете алмай, жата қалған.
Өстіп есі кіресілі-шығасылы күйде қанша уақыт өткенін білмейді. Әйтеуір, құлағына командир әмірі талып жеткенде ғана бойына жан кіргендей болып еді.
Баспалай қарап, болжағаны — маңайы.
Артиллерия дайындығы бітіп, шабуыл басталыпты. Жарық дүниеден қасаң тартқан жанары табиғаттың жаңағы әсем келбетін тап басып, тани алсашы. Көзіне енді ілінгені — жаңағыдан мүлде басқа, тосын көрініс. Аспан асты иректеліп, құшақтасқан будақ-будақ қою шаң. Жер астынан бықсыған өрт түтініндей көкжиекті қымтап, көз тойып болмас жаңағы бар әдемілікті сіміре салыпты. Көктерек шоғырының орнында жапырыла құлап, сойдиған қазықтар. Шыққа малшынып бүріскен шөптердің тамтығы топырақ бүркеніпті. Айналасы қорасан ізіндей шұрқ-шұрқ. Адамның емес, жердің жарасын көріп-ақ, денең түршіккендей. Оп-оңай қазылып қалған дайын көр алдағы сұмдықтың ишарасы сияқты. Сусылдай жөнелген жүрегін тоқтата алмай, солдат назарын қасындағы жолдастарына аударды.
Ең жақыны — темір қалпағы милығына еңкейген Қылжақ Шегір. Аузын толтыра топырақ түкіріп, үсті басын қаққыштап әлек. Жарқыраған тістерін ашып, ыржиып күлгенсымақ, бірақ өңі боп-боз. Жаңағы тарсыл-гүрсілден шыңылдап кеткен құлақ шіркін әлі де дыбыс атаулыдан әлі де жерулі. Қылжақ Шегірдің әншейіндегі күркіреме үні шыңылдаған үрейлі тыныштықты сейілтуге тіпті әлсіз:
— ... түк емес... екен ғой.
Ол ақсия ыржиған күйі еңсесін түзеп алыпты. Өзгеден бұрын ес жинаған да сол. Окоп ернеуіне жапатармағай мылтық ұңғылары жығылды. Қылжақ Шегірдің батылдығы Солдатқа да шым-шымдап ауысқандай, қылтасының дірілі басылып, саусақтары шаппаның салқын табын сезінген.
Иә, ол адамзат тарихындағы соғыстардың ең сұрапылы һәм ауыры болып саналатын соғысқа осылай кірді. Бүгінгі ғұмырына дейін басынан кешкендері соңғы екі күннің ұсынған қияметіне татыр ма? Және бәрі де тұңғыш көргендері.
Өмірінде бірінші рет осындай сұлу өңірдің топырағына аяқ басып отыр. Өкініштісі сол — ару табиғат құшақ жайып, күлімдей қарсы алған жоқ, шашын жая күңіреніп, азалы халде есеңгіреп жатты.
«Соғыс» деген сұмдықты бірінші рет қалай көрсе, көз алдында адам өлгенін көргені де осы.
Сөйтіп, шайқас басталып кетіп еді.
Бықсыған қошқыл түтекті от семсерлер тоқтаусыз тілгілейді. Есірік оқтар басын сәл көтерсе, қағып түсердей. Алдыңғы түпсіз үрей қайта тықсырып, окоп қабырғасына жабыстырған күйі, тыпыр еткізуді қойды.
Қасына ұшып түсіп жатқан гильзалар, «Ат», «Тоқта», — деп үздіксіз саңқылдаған командир әмірі. Үрей табанында қолы қалтырай атқан алғашқы оқтар бет алды лағып жатыр.
Шынымен, осынша қоян жүрек болғаны ма? Кәне, сабыр, сабыр. Әйтпесе...
Ажал демі асыға жетіп жатқан қарлы жақты көруге өзін-өзі итермеледі де, мылтығын ыңғайлап, төбесін қылтита бастаған. Әлденеден тіксініп, жалт қарап еді, жанындағы жігіттің езуінен жүлгелене қан ағып барады екен. Екі қолы таяныш болуға жарамай, атпал дене қабырғаны сыпырып барды да, сылқ етіп құлады. Окоп ернеуінде — нысанасын іздеумен от алып үлгермей қалған винтовка.
Солдаттың көз алды қарауытып, құлағы шыңылдап кетті. Аңырайып тұрды да, барлығын ұмытып, сүріне-қабына тұра ұмтылған. Әлдебір жері шанши ауырып, жүрегін ызғар қарып өткендей ме? Сонымен қабат қыстығып шыңғырғандай ма?
Әлгінде ғана өзі қатарлы мылтық атып: «Соғыс деген онша қорқынышты емес екен ғой», — деп күліп тұрған азамат қас-қағымда сұлап түсті. Қан сорғалаған езуінде күлкі табы ұйып, тістері сол жарқыраған қалпы. Жігіттің жайдары жаны былқ-сылқ еткен жылы денені тастап та үлгеріпті. Ұрыс даласына күннің күлгін жарығы аунағаны осы сәт.
Солдат өз пішінінін қандай болып кеткенін білмейді. Өне бойын әл бермес бір діріл кернеп алған.
Қайран Шегір. Айналасын күлкімен безендіруге құмар, қалжыңбас, қайғыру дегенді, «өлем-ау» дегенді парықтай білмейтін шаттық иесі емес пе еді. Оның қуақы кейпі қашанда қатер мен қайғыны ұмыттыруға дайын тұратын. Міне, енді күлкімен туыстас ақ сары өңін өлім ызғары еншілеп, өмірмен адамша бақылдасуға да мұрсаты келмей, оп-оңай-ақ өлікке айнала салғаны... Бейшара анасы азалы хабарды естуге әзір ме десеңші.
Ол алғашқы өлімді осылай көрді.
Дүниедегі ең қымбатты нәрсе адам өмірінің өлімге шапшаң ұласа салуы тым зәрлі, санаға сыймас түсініксіз құбылыс екенін пайымдады асығыста. «Соғыс» деген сұмдықтың да бұлтартпас мағынасын енді жанымен сезінген.
Әп-сәтте көз алды дөңгеленіп, дүние көшіп жөнелді. «Уақыт», «өмір», «адам» деген ұғымдар үңірейген қып-қызыл кеңістікке жұтылып, құрдымға кете барды. Мына сұрапыл ертеде көрген бір қорқынышты түсі сияқты. Енді-енді ояна кетіп, төсегінен табылатындай. Бұл шынымен-ақ қан кешіп, қалың шайқастың ортасында жүр ме? Мынау мәңгілік созылып келе жатқан аласапыран ба? Ол мәңгілікке таусылмай ма? Өлім туралы ойлап жүргені несі, мына кілең балғын жігіттер өлім үшін келіп пе еді? Осы мағыналас шындықтан шалғай қайдағы бір есеңгіреген сезімдер.
Адам жанын нысана етіп, ауаны құтырына кескілеген мың-сан оқ, снаряд. Мүлт кеткені топырақ қауып, болмаса, бала қайыңның не кәрі теректің бұтағына қарш қадалып, омырып түсіреді. Тіміскілегенін дәл тауып, ыстық қанды шаша, міндетін өтеп жатқандары да бар.
Жау әскерінің: «Талқан ғып таптап өтеміз», — деген зор дәмесі болған сияқты. Енді, міне, қайтқан теңіз толқынындай жамырап кейін серпіліпті. Жойқын шабуылды тым тәкаппар бастаған сұсы суық танктердің де қатары қақырап, тоз-тозы шыққанын жауынгерлер көріп отыр. Майдан даласының әр жерінде обадай домаланып, тілсіз қалған сол темір тажалдар.
Енді алыстан ноқаттанған танктер жаңадан топ құрып, ұрысқа дайындалуда. Ұрыстың бір сәтке ғана тынышталған шағы. Ротада біраз шығын бар сияқты. Алғашқы жаралылар да бой көрсетіп қалған. Жаңағы қатпа командир окоптың бас-аяғын бір түгендеп шықты. Жауынгерлердің көбінің-ақ репеті қашыңқы, жүздері қуқылт. Алғашқы арпалыстың әсері.
Командирдің өңі өзгеріссіз: әр жауынгерге сыңай қарап, сергітіп әкететін сабырлы қара көздері; сол шаң басқан әжімді өң. Тек даусы қарлығыңқылау ма, қалай?
— Төтеп береміз ғой, жігіттер? Төтеп береміз. Станцияға қарай жаудың бірде-бір танкісі өтпейтінін көздеріңнен көріп тұрмын.
— Дәл солай, жолдас капитан, — деді сопақ пішінді, секпіл бет сержант. — Жақындап көрсін, тағы да сазайларын алады. Тіпті ертең де осы окоптан жылжымаймыз.
— Ертең бұл жерде соғысудың керегі жоқ. Бұйрық — станцияны бүгін кешке дейін ұстау. Содан кейін шегінеміз.
Ашынған жаудың аяусыз екенін Солдат білетін. Ана жылы: «Қақпанға түскен қасқыр алам», — деп келген көкесін жазым қыла жаздамады ма. Тек сақтық пен өжеттіктің арқасында аман қалып еді-ау. Мына жаудың да сол жаралы аңдай азуын басып келе жатуы анық. Арқыраған арынмен ширығып келіп, тағы да соқтықты. Сонда да жапырып кете алмай, жан еттерін жұлып жеп, шайнасып жатыр.
Солдаттың көз алдында секпіл бет сержант оққа ұшты. Зіркілдей төнген бүйі кейіптес танкты атылып барып ұрмақшы болып еді. Бума гранатаны ыңғайлай берді де, сымдай тартыла қалып, екпеттей жығылғаны.
Бұл сержант — Солдаттың ротадағы ең ұнатпайтын адамы. «Ә» десең, «мә» деуге даяр ұр да жық, ішіне пышақ айналмастың өзі. Ысқырып тұрған қатал да. Өзін әлденеше кезектен тыс нарядқа айдағанын бұл қайтып ұмытсын. Бірақ... қасындағы жолдас, Отан қорғауға бірге аттанып, жанды бір шүберекке түйген қарулас азамат. Кеше ғана: «Қимылың шабан», — деп бұған тепсініп еді, аяқ астынан пұшайман болып, ажал аузында жатқаны анау.
Ойланып-толғанып тұруға уақыт бар ма, бар қайратын шақырып, ышқына ырғыды окоптан. Ет қызулық қой, сәл кідіргенде, қайшыласқан өлім құрығының бірі мойнына сарт етіп ілініп, жарық дүниеден жұлып алатын еді. Лып беріп жата қалды. Енді жерге жабысып, тырп етер емес. Екі аралық бар-жоғы бес қадамдай. Жаралыға көзін ғана сатып, дымының құрығанын айтсайшы.
Окоп үстін қорғасын бораны жайқап етті: жүйкені шымырлатар ысылдаған, ызыңдаған үндер, күннің шатырлағанындай жарықшақ ащы дыбыстар. Өлім арыстандары құшырлана ойнақ салып, тірлік иелерін сайқымазақ етеді. Аузына ілінген жан иесін ашқарақтана жалмап, қарқ-қарқ аяр күлкі шашады.
Әр секундынан өлім күтіп, шарасыз халде іштен тынған жаралы зорлана қимылдап, бері қарай жылжығысы бар, өз денесі өзіне жүк, қайтіп қозғалсын.
«Жаралының жағдайы осы болса, бүйтіп жатысы не? Дыңдай азаматты өлімге қиып, дәті қалай шыдамақ. Қорқақ екен ғой өзі, нағыз су жүрек. Бүйтіп қор болып, жігіт болып туғанша...»
Солдаттың қолы окоп ернеуін қайта сипалады. Бұл жолғы қимылы сақ. Бетін топыраққа жанаған күйі біраз жатты. Демігін басып, жүрегін тоқтатпақ. Мұнан кейінгі көріністер қадау-қадау есінде: маңдай тұсында шаңға көміліп, болар-болмас дірілдеген етік өкшесі; шынтақтай жылжумен сынық сүйем жерді зорға ұтып келе жатып, іштей арпалысқаны; «құтқару керек», «қой, кері қайтайын» деп азуласқан кереғар ойлары; жаралыны сүйрелеп, тасаға бой жасырғанша ажал төндіріп, таусылмай қойған түпсіз уақыт... артынан бәрі араласып, кереметтей ұзақ болып көрінген.
Міне, енді, өзі ісіне сенер-сенбесін білмей, окоп түбінде отыр. Қорғасын түтектің астынан қайтіп аман шыққанына тағы қайран. Осы бес қадам ашық жермен жылжу үшін қаншама жүректілік қажет болды десеңізші. Сонда ерекше ерлік те істеген жоқ, жауынгерлік парызын ғана өтепті.
Солдат үсті-басын сипалап, өзін тексеріп те алды: әзірше аман. Бүйткен амандықтан не қайыр, жолдастары қырылып жатқанда. Жаралылар қаншама десеңші. Ешқайсысы окоптан кетер емес. Не болса да, қасық қандары қалғанша жолдастарымен бірге көрмек. Екі взводтың командирі қаза тапты, политрук жаралы. Рота командирі әлгінде тағы қасына келді. Неткен мықты адам. Әр жауынгермен-ақ осылай бауырынша жақындасып, сөйлесе біледі. Қиын минуттарда қарлығыңқы қоңыр үні де үлкен сүйеніш.
Ұрыстың тыным алған сәті. Өткен өмірінің қат-қабат елестері осы бір қысылшаңда келгені несі? Солдат енді өзімен-өзі.
Күн көзін жұтып, ұйлыға будақтаған қою шаң жауынды жылдардағы соқыр тұманнан аусашы. Ондай тұман қырда әсіресе күзге салым жиі болмаушы ма еді. Балалар үшін тау етегінен ауылға қарай жылжыған соқыр тұманды атойлап қарсы алудан қызық бар ма? Қолдарындағы шыбықтарын төбеден асыра ойнатып, қалың тұманға тырағайлай сіңгенге не жетсін, шіркін. Сол тұманның ішінде бірін-бірі ұстатпай, қуаласпақ ойнаса, соқыр тұманды қалың қол деп есептеп, бір тасадан аңдағайлап дүрсе қоя берсе...
Кейде екіге бөлініп, сол тұманға бой жасырысып, ұрыс ойынын ойнайтын. Ши арасына бытырап кеткен сиырларын жинап алу үшін өгіз торысына қонып, қалқайып шыға берген әкесі: «Боранды күні ит пен бала құтырады, деген. Онан да бұзау қамасып, шешелеріңе көмектессеңдер қайтеді. Әйда, барыңдар солай», — деп балалардың алдын кес-кестей қайыратын. Сөйтеді де, артына қарайлап, тепеңдеумен ойға түсе береді. Ауыл балалары әкесінің қаһарынан қаймықпайды. Үлкендер арасында сыйлы болғандықтан ба, көп үндемейтін қара кісіні тыңдап жүру әдеттері.
Шешесі әкесінен мүшел жас кіші, пысық адам. Қимыл-қозғалысы жіті, жұқа өңді әйел мазасыздыққа бейім, күйгелек. Ызасы түскенде балаларын шапалақпен жанып та жіберетін. Сол кісі әскерге жүргелі тұрған зіңгіттей ұлын тас қып құшақтап алып, тамам елдің көзінше қоймастан еңіреді-ай. Айрылысар шақтағы аналар зары онсыз да көңілдері құлазыңқы жұрттың сай-сүйегін сырқыратты келіп.
Жұмыстан баржиып ісінген ана саусақтары ақырғы рет баласының бетін сипады. Жаңа сауылған сүттің жылуы танауына сол кезде сезілді емес пе. Туған үйдің соңғы иісіндей көкірегін кеңейте берді де, лекітіп барып өшті. Сонан кейін әлгі саусақтардың жанасқаны — шешесінің құп-қу жүзі болатын. Сосын ол ағыл-тегіл ыстық жасқа малшынды.
Былайша балаларына мейірімді әкенің өзін байсалды ұстағаны көз алдында. Ұлына ұзақ қарап тұрып, шешіліп сөйлей жөнелгендегі үні ғана бұзылыңқы, күңгірт еді:
— Шешеңнің көз жасын неғыласың? Не көрсең де, жұртпен бірге көрерсің. Арттарыңда қарайған халық қалып барады. Қарайған халықтың ақ тілегі жебер. «Қорыққан адамды ажал аңдиды» деген. Жүрек тоқтатып, сескенбей барыңдар. Артыңда ел бар, біз бармыз деп ойла. Халық зауалы жауды тегін жібермес...
Жайшылықта ділмарлығы жоқ колхоз бақташысының тағы да ұлан-асыр ақыл айтқысы келген, жылаған елдің шуы үдеді де, сөз аяғын жұтып жіберді. Ұлының бүйрек бетін тікенек сақал-мұртымен үйкелеп, емірене иіскеді әкесі. Дәті қанша берік болғанымен, аумақты қой көздері қызарыңқы екен.
* * *
... Қатарлары сирей түскендей. Манағы бір жаппай тарсылдаған мылтық үндері селкеу. Тынымсыз сартылдап тұрған пулемет те енді үздік-үздік от шашады. Винтовка ұңғысы қызғалы қашан. Ауа дар айрылып, құлақты тұндыра ұрғанда, әрең бұғынып үлгерді. Денеге шойын жарықшақтай тиген ауыр соққы.
Окоп түбінде ме, жүрелеп отырып қалды ма, өзіне ие бола алмай, ұшып түскен сияқты. Алдымен түйсінгені — тірі екендігі. Есі кіресілі-шығасылы халде, үсті-басын сипалап жатыр: еш жері бүлінбеген, сау-саламат. Қуаныш атты дарқан сезімнің тірі қалуға қатысты да түрі барын, ол сан қилы қуаныштың ең қымбаттысы екенін де сол мезет пайымдап еді. Содан кейін іздеп ұмтылғаны — қаруы...
Әлгі снарядтың дүмпуі қорқынышпен қорытылған манағы ой, сезімдерді де аунатып, сілкіп тастапты. Аракідік: «Осы түсім болғай», — дейтін қияли тілегі бұдан соң адыра қалған. Мынау қиямет-қайым өмірдегі нағыз соғыс екенін, түк сұрауы жоқтай есепсіз қырылған халық сор соғыстың құрбаны екенін тұна бастаған санасы бұлтарыссыз ұқты.
Буалдыр шаң ішіндегі ербеңдеген қараларды қарауылға ұстамақ болып жатып, ойлағаны: «Қалай аяқталар екен? Ай, мына қан төгістің беті жаман-ау... Алғашқы күн емес пе? Неғып төтей алмаймыз? Бітсе игі еді тезірек...»
Қалт тоқтаған танктың зеңбірегі жайымен бері бұрылды да, аузы шырпы жаққандай жалт ете түсті. Құлын да құлыны шыға шыңғырып аунаған доп...
Басын топырақтан суырып алғанда, құлағы бітеліп калған екен. Көз шарасы қанға шыланды ма, әлде окоп төңірегі шынымен шашыраған қан ба, қайда қараса да, қып-қызыл жосадай. Сонан кейін көргені ақыл-есін адастырып жіберді.
Окоптың арт жағында қанға малшынып адамның колы жатыр. Қол тұтамында омырылған мылтық құндағы. Шинельдің бір кесек жыртығынан қара қошқыл кан тамшылайды. Сүйектің ырсиған аппақ тініне топырақ жұғыпты.
Сұмдық көрініс жанарын осып түсті. Шошыныңқы үрей үнін оқыста тағы шығарды ма, тамағы жыртыла шыңғырып жібергендей болды. Өңінің жансыз тартып кеткенін сезіне алды ма, бет-аузы жыбырлап әкетіп бара жатқандай. Окоп түбін тығындап, үйілген қалың топырақтың арасынан біреу тәлтіректей түрегелген. Талқаны шыққан жолдасының денесіне түкке түсінбейтін делқұлы адамдай тесіліп ұзақ қарады. Шатынаған көк көздері ой нышанынан аласталып жансыз бедірейеді. Астан-кестен дүниені елер емес. Тірі аруақтай бір сәт қыбырсыз тұрып қалған әлгі жауынгердің тұла бойын кенет діріл керней бастады. Қолдары қалтылдап, сырт киімдерін сыпырып жатқаны несі? Әне, көздері ақшиып, мас адамдай сенделектеп кетті ғой. Аза бойды қаза қылған даусы неткен ащы. Ессіз қыстыға айқайлап:
— А-а-а-а! — дегені соғыс демінің қалыңына тұншығып, мұның құлағына ғана жетіп жығылды. Жауынгер сол тарғыл үнмен шыңғырған қалпы окоптан атып шықты. Қолында — көкке сермелген мылтығы. Солдат көмейі кептеле қырылдап:
— Тоқта! — деп айқайлағанша болмады, жаңағы жігіт қайнаған оқ өтіне қойып кетті де, бар пәрменімен дедектей жүгірді:
— А-а-а-а!
— Қайт кейін, өлесің!
Жан даусы шыға тоқтатқысы келген далбаса айқайы аққұла зая кетті. Кірпігін енді бір қаққанда, оқ ағысында ешкім жоқ еді.
«Шыдай алмады-ау... Шыдау, шыдау мүмкін бе?...» Солдат өзінің не болып кеткенін білмейді. Дүние қызыл қан теңізінде қарық болып бара жатқандай ма-ау, басы бөлек, денесі бір бөлек сияқтанып, дене мүшелері бағынудан қалғандай ма-ау? Бүкіл майдан даласына түсетін снаряд атаулы бұның басында жарылып, жарықшақтары темір қалпақтан тайып кетіп жатқандай ма?
Көзі — мылтықтың қарауылында, қолы — шаппада. Сақтық дегенді мүлде ұмытып, тынымсыз ата берді... Тістенген ерні боп-боз болып, бет алды не айтып жатқанын байқайтын емес: «Қарғыс атқан сұмдар. Сазайларыңды... Жақындап көріңдер енді... Тек келіңдер...» Бар болмысын қан қарайтар, бұрын түйсінбеген қатал сезім жаулапты. Ет жүрегін езіп, шырқырата бұрау салған күш — шексіз өшпенділік, шер болып байланған қара тас кек еді.
* * *
... Дұшпан тобы шаңытқан алқапқа қайта тола бастады. Соны күшпен түйіліп келіп, ұйымдасып жатуы анық.
Жаңа шабуылға дейін жан шақырып, тыныстайтын темекі тартымдай кесімді мезгіл. Тізе бүккені сол екен, манағы тәтті елестерінің тағы да көлденеңдей кеткені. Телміріңкі жаудыр жанарлар қайда қараса да өшпей, көз алдында қабаттасып тұрып алды. Тіпті алыстан обайып көрінген танктерді де шарасына сыйғызып, кірпігін еппен көтерген бойы бақырая қалған сықылды. Мана еңбектеп жаралы сержантқа ұмтылғанда да осынау қара көздер жасқа шылана желкесінен бағып тұрғандай шіміркеніп еді-ау.
Иә, олар... — адамзат ұғымындағы күллі нәзік, күллі игі сезімдерді қос тамшыда ғана тұндырып, солдат жүрегіне уыз шапағат сепкен қыр қызының жанарлары. Көрші ауылдан еді. Анда-санда ғана көрініс беретін нәзік тұлғасын ойша иемденіп, көңілін демдейтін. Жүрек жарды бар құпиясын оңаша ақтарып, тек өзіне мәлім ете алмай кеткені қандай өкініш. Неғып жасықтық жасады екен? Өзге жігіттердей сөз байласып аттану да есіне келмепті.
Бұдан соң... өз қатарындай үйленіп үлгермегенін, «Өмір алда», — деумен-ақ қысы-жазы колхоз жұмысынан мойын босамағанын, ең ақыры, дәл қазір шыт-шыт болып жарылып, тіліміне топырақ жабысқан еріндердің жас арудың үлпек тәніне жұғыса алмастан, арманда кезеріп жатқанын... және көп-көп өкінішті жайларды лезде ой арғымағымен шолып өтті. Кеудесін оққа емес, өксікке ұрындырған, бейбіт күннің үзігіндей қас қағым сәтті одан әрі қысқартып жіберген ауыр ойлар.
— Жолдастар, ақырғы дем біткенше!..
Қатпа командирдің ұран салып, қайрат шақырған айбарлы үні ажал ырылымен тайталасып келіп, окоптағыларды аяғынан тұрғызған. Сөздің соңын бәрі анық ести алған жоқ. Бірақ оның дәл мағынасын шеттегі жаралыларға денін қапысыз ұғысты. Ұрыстың басынан-ақ командирдің ширақ қимылы, сабырға шақырған қарлығыңқы, тіпті қырылдақ даусы қорқыныш атаулыны сейілтумен болды емес пе. Жан алысып, жан беріскен соңғы минуттарда, «Енді біттік-ау! Енді құрыдық-ау», — деп барлық мүмкіндік қолдан сусыған қысылшаңда ротаны шашау шығармай, босаңсытпай ұстап қалатын — басқа емес, дәл осындай тастүйін әмір, қайталанбас қатал бұйрық. Жауынгердің қашанда арқа сүйері — осы командирлер. Солардың қастарында екенін сезіне отырып, бір жұтым ауадай аңсатқан жеңіс барын, женілмес Отан барын жан жүректерімен тұшынатын.
... Фашистер тіпті тақау қалыпты. Бұқпантайлап жүгірісіп қираған танкті қалай тасаланып жатқандарына шейін айқын. Қарғадай ербеңдеген немелерді нысанаға іліктіру енді оңай. Екі жақтың да атысы қазір сылбыр. Совет жауынгерлерінің қатары мүлде сирепті.
Осыны фашистердің де аңдаған сыңайы байқалады. Үнсіз қусырып келеді.
Солдаттың санасы әбден сергіген. Айналасын мүлтіксіз абайлайтын естияр халде. Ойлар бірі келіп, бірі кетуде. Тек бір нәрсені анық сезді — жаудың деңдеткен жері осы.
«Қанша адам қалды екен? Шынымен манағы жігіттердің бәрі жоқ па? Есіл азаматтар... Енді кім? Мен де... мен де... — ары қарай мағынасы айқын сөздерді ойлай алмады. — Оқ қай жерімнен тиер екен? Мүмкін, граната, я снаряд...»
Сұмпайы кейіптегі арбиған темір үйіндісі күркілдеп, таяп келеді. Үркердей ғана жүрек жұтқан жандарды қайтсе де таптап өтпекші. «Осы жолы қайтпаспын» дегендей екпіні тым арынды.
Танк беттеген жақтан бір ірі денелі жауынгер көтерілді. Өзі кеудесінен жалаңаш, темір қалпағы да жоқ. Қолында граната бумасы. Аяғының жарасын елейтін емес. Болат құбыжыққа қарай, тайсалмастан ілбіп барады. Ақырғы әлін жиып, сүйретіліп келді де, денесін игере алмастан, шынжыр табанға жанаса құлады. Гранатаны лақтыра алмады. Алды-артын жалын тістелеп, аласұрған танк шұңқырды ернеулей тұрып қалды.
Ерлік. Манадан көзі куә қыруар ерліктің бірі ғана. «Егер жалғыз оқ маңдайдан қадалып бірден өлтірсе ше? Қиналып жан шыққаннан гөрі... — Кенет қаупі күштірек басқа бір ой миын қарып алды. — Тұтқынға түсу? Жоқ, жоқ, бұйыртпасын. Шынымен... шынымен-ақ олардың жеңгені ме? Москваны алып... туған жердін топырағын таптар ма? Жоқ, жоқ. Айтпа? Айтпа... — Енді оның ойы өз тілінде дыбысталып, өз құлағына жетпей жатты. — Мүмкін емес».
Неге өледі бұл? Өлуге титтей де қақысы жоқ еді ғой. Он тоғызға толғаны кеше ғана. Неге? Жоқ, тірі қалар, тірі... Енді бір, Алла жарылқап шынында да аман қалса ше? Онда бүгінгі ел көрмеген сұрапыл туралы, бағзы біреулердің түсіне де кірмейтін ересен шайқас жайлы Отанына, еліне бар даусымен әйгілері, шынайы батырлық, қанды қырғын дегеннің не екенін білместен ғұмыр кешер келешек ұрпаққа өз аузымен жыр етіп жеткізері анық. Қылжақ Шегір, секпіл бет сержант, танкіге тосқауыл болған жаралы... соңғы солдаты шейіт кеткенше Отан алдындағы міндетін абыроймен орындаған ротасы — бәрі-бәрі қанша рет тамсана, таңырқай айтсаң да, таусылмас аңыз емес пе?!
Сол қапталдан сатыр-сұтыр етіп автомат үндері жетті. Оң жақтағылар бұта-бұтаның арасымен жорғалаған жыландай сусып, оқ шығармастан, дыбыссыз таяп келеді. Жігіт жан-жағына қарап, санаулы-ақ қалған жолдастарын көрді. Олар қазір еш әмірсіз-ақ қорғанысқа көшкен, жанталас атыс үстінде. Ауыр жаралы пулеметші де қару қарауылын сығалап әлек.
Солдаттың мылтығы көз ілеспес шапшаңдықпен гильзаларды ытқытып, тарсылдай жөнелді. Айнала аударылып-төңкерілген бір дүние. Көз алдына біресе жұқалаң жасқа шыланған жұмсақ жанарлар, біресе әкесінің қоңырқай кесек жүзі, біресе бармағынан сүт тамшылаған тілім-тілім қолдар көлденеңдей берді. Бір сәт саусақ саласынан сүт емес, ыстық жас сорғалайды. Тіпті окоп кемеріндегі топыраққа да тырс-тырс тамып, қанмен араласа бастағандай.
Жоқ, көріп тұрғаны — бұларға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын мүлде басқа көрініс. Темір қалпағы дағарадай бір жігіт манағы көк терек тамтығының тасасынан шыға келген. Үстіндегі формасы да, қолына ұстаған қаруы да көзге оғаш. Еңкейе жүгіріп бері ұмтылып келеді. Оның артынан тағы бірнешеуі пайда бола кетті. Жүздерінде ерекше ештеме жоқ, кәдімгі адам. Тіпті алдыңғысының өңі таныс сияқты ма, қалай?
Бұлар? Бұлар... солардың өзі ғой. Иә, иә... Мылтығын оқтай берген, қолының қары тыз ете түсті. Сонда да қаруын сыңар қолмен ышқына демеді де, барқырап келіп қалған қастас топқа ақырғы рет атты. Келесі қимылға үлгере алған жоқ. Екпетінен жығылып жатып көргені — үзім-үзім қан тамшыларын құныға тартқан дымқыл топырақ. Шауып өткен ой: «Кімдікі екен?» Санасы күңгірттене әлдекімге деген аяныш сезімін түйсінді. Жараны баса қойған алақан сырты боялып кетті.
Өмірінің ақырғы секундында жанарына іліккен нәрсе — қан, өз қаны болатын. Демі таусыларда ойлағаны: «Мүмкін емес... мүмкін емес».
* * *
«...Апа, әлгі маған арнаған ақсарбас тоқтыңды жақсылап семіртіп қой. Аман-есен оралған күні тойлармыз. Өзің көп жылама. Ал енді хатымның аяғын ертең бітіремін, өйткені...»
* * *
Шайқас күн еңкейе аяқталды. Шынжыр табандар окоп маңында айқасқан өлі, жаралы денелерді мыжғылап, езіп өтті. Күн ұзынғы қанды қырғынды, ауызбен айтып жеткізгісіз өз ерліктерін әлемге аян етер ротаның бірде-бір жауынгері бұл кезде тірілер қатарында жоқ еді.
1975