- 29 қар. 2022 00:00
- 206
Менің арманымдағы Қазақстан
Қазақстан-Тарихтың әр кезеңінде сан алуан сынақты бастан кешкен, түрлі тоқырауға тап болған , саяси, мәдени шиеленістердің құрбанына айналған ел. Тәуелсіз әрі тыныш өмірге жету жолында ғасырлар бойы зұлматтарға төтеп беріп, найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғалған кең далада мекен еткен, бүгінгі таңда әлемдік аренада ойып тұрып аларлықтай орыны бар, алты құрлыққа аты мәлім дербес Мемлекет. Қазақстан өз кезегінде дамушы ел болғанымен, әлем алпауыттарының арасында өз позициясын айқындай алған, бүкіләлемдік мәселелердің шешуші орталығына айнала білді. Отыз жылдық тәуелсіз тағдырыңда жеткен жетістіктерін толық айтар болсақ, таңды таңға жалғайтынымыз анық.
Дегенмен, біртұтас Мемлекеттің ел ішіндегі мәселесі мен шешімін таппаған сұрақтары ешқашан толастаған емес. Қоғамдық және саяси жүйенің бір ізге түсе алмауы, заң шеңберінен тыс әрекеттер мен шектен шыққан құқық бұзушылықтар ел дамуына кері әсер ететіні сөзсіз. Қазақстанның қазіргі тұрмысы бұрыңғыға қарағанда едәуір жақсы. Десекте, дамыған 30 елдің қатарына кіруді мақсат еткен ел үшін басты мәселе- "жемқорлық" екенін ескергеніміз жөн.
Менің арманымдағы Қазақстан бүгінгі Қазақстанмен салыстырғанда мүлде басқа. "Қайда барсаң да, Қорқыттың көрі" дегендей, еліміздің қай саласында болсын "жемқорлықтың" белең алып тұрғаны жасырын емес. Мен елестеткен Қазақстанның сипатында бұл мәселе мүлде кездеспейді, егер, кездескен жағдай дер кезінде әділ жаза қолданылуы керек. Ел игілі үшін мінберге мінге лауазымды тұлғалар "есеп" үшін емес, сапа үшін жұмыс істеуі, халыққа тиімді жағдай жасай білуі, өз кезегінде әрбір азамат өзін Мемлекеттің бір бөлшегі сезініп, "бір мүдде, бір болашақ"деген ұстанымды бойына сіңіріп, ел ертеңі үшін тізе қосып әрекет етуі мен көргім келетін Қазақстанның негізгі критерийі болып табылады. Жетімін жылатпаған, жесірін ұзатпаған жайсан халқымыздың жай-күйі мен тыныс-тіршілігінің басты көрінісі-ауыл. Менің қиялымдағы Қазақстан ауылдары-цифрлық және инфрақұрылымдық дамудың жаңа сатысына көшкен Мемлекет бөлшегі.
Дамыған Мемлекеттермен терезесі тең дәрежеге жету үшін, сол елдерден үйренеріміз көп. Шығысымыздағы жапон елдерінің инновациялық технологиялары, ең таза елдердің бірі-Германия құпиясы, жылына миллиондаған туристің ошағына айналған Франция туризмі біз үшін аса қажет тәжірибелік нысан болуы керек.
Конституциямыздың бірінші бабында жазылған-"Мемлекеттің негізгі байлығы-адам" деген ойды негізге алар болсақ, Мемлекеттік негізгі қозғаушы күші де оның халқы деген тұжырымға тоқтаймыз. Қазақстан халқы-Қазақстан болашағының негізін қалаушы. Бәсекеге қабілеттілік-баянды болашақтың кепілі, ал бәсекеге қабілеттіліктің негізгі кілті- рухани байлық. Қазақстанның әр азаматы өзі өмір сүріп жатқан елдің тарихын, дәстүрін, мәдениеті мен әдебиетін, ділі мен тілін жетік біліп қана қоймай, оны өмір сүру салтының бір бөлшегіне айналдыра білген жөн. Сонда ғана халқымыз рухани бай, һәм бәсекеге қабілетті болып, Мемлекет дамуына үлес қосары анық.
Аталған бағыттарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел үшін маңызды бастамаларды негізге ала отырып, "жаңару мен жаңғыру"жолында қажетті реформалар енгізе білді.
- Қазақстан өз еліміз, өз Отанымыз. Біздің мәселемізді сырттан біреу келіп шешіп бермейді, әр ісімізге шын ниетпен кірісіп, адал еңбек етіп, табан ақы, маңдай терімізбен нәтиже көрсетуміз қажет, -деді Президент БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.
Расында мызғымас бірлігіміз бен ел тыныштығын бағымыз санап, болашақ үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, тәуелсіз Қазақстанның жаңа дәуірін бірге бастаған бастаған жөн.
Санатова Айдана