Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 2 күн бұрын)
Мұнаймен үндескен ғұмыр

«Маңғыстау» мұнай өндірісі тарихын маңдай терімен, табан етімен жасаушылардың алдыңғы қатарында сенің атың тұр».

Рахмет Өтесінов

Кішкентай Әнестің ес біліп, ересектердің әңгімелерінен әсерленіп, жүріс-тұрыстарына еліктей бастайтын шағы туған өлкесінде геологиялық-геофизикалық жұмыстар кең өріс алып, ел арасында Маңғыстау аймағында болуы мүмкін үлкен өзгерістер жайындағы әңгімелер шыға бастаған кезеңге тұспа-тұс келді. Әрине, төңірегіндегілердің тіліне тиек болып, әрқилы сөздерге жел берген бөгде жандардың мақсаты не екендігін алғашында бұл жете түсінбеген. Олардың Бүкілодақтық ғылыми-зерттеу, геологиялық барлау институты қызметкерлері екенін де, қақырығы түтеп, аңқасы кеуіп жатқан оның мынау туған өлкесінен мұнай мен газ деген байлықты іздеп жүргендерін де бара-бара бала жүрегі үстірттеу болса да пайымдаған. Сол пайымдауымен бірге оның сәби жүрегінде әуелі туған өлкесінен өзгелер іздеген байлықты өз адамдарымыз неге іздемейді екен, әлде оларға мұндай байлықтың қажеті жоқ па екен деген сұрақтар да туындай бастаған. Балауса сезім... балауса ұғым... «Қызықтың» ақ тақырында жалаңаяқ жүгіріп, «Ащымұрынның» ащы жусанының иісіне елтіп, аппақ құмын кешіп өскен жас баланың өмірден өз жолын таңдар күн туғанда оны жер байлығын іздеушілердің оқуына жетелеген де мүмкін сол бір балауса сезімдер жанына ұялатқан ұғымдар болар, кім біліпті. Оның арғы-бергі себептерінің түп-тамырын ол кезде өзі де ойламаған. Әйтеуір көкірегі ояу, көзі ашық әкенің алдында өзінің осы төңіректегі болашаққа деген жоспарларын ашық айтқаны есінде. Оның жүрек қалауы бір күнде қалай болса солай айтыла салғaн сөз емес, әлдеқашан айқындалып, шешіліп қойған берік байлам екенін әке де бірден түйсінген. Осы өңірде ел басқару жұмыстарына араласа жүріп, Маңғыстау жерінің үлкен болашағы турасындағы алуан түрлі әңгімелерді де ести жүріп көп нәрсені болжайтын әкесі қайта баласының бұл таңдауына қуанып қалған. Батасын да берген.

Сөйтіп, көп ұзамай-ақ орта білімі жөніндегі құжаты қолына тиген соң теңіздің арғы бетіне білім іздеп аттанып та кеткен.

...Адам баласы өзінің жас кезінде ауада қалқып ұшып жүргендей бір күйде болады екен де, тіршіліктің талқысын көре-көре, маңдайын анда бір, мұнда бір соға-соға біртіндеп әлгі биігінен төмендей береді екен. Өзінің алғаш рет осындай «биігінен» құлдырай бастағаны Азербайжанның мұнай және химия институтын бітіргеннен кейін басталғаны Әнес Бүркітбаевтың есінде жақсы сақталыпты. Оқуға алғаш аттанған кезінде де, тіпті бәлен жыл осы оқу орнында оқып жүрген жылдарында да көңіліне қылау түсіп көрмеген екен. Керісінше, қатарынан озып, өзге бір елге білім іздеп баруы, соңында қалғандардың сенімін ақтап, барлық пәндерді игеріп кетуі, диплом алып, елге оралуы оның жас жүрегін шексіз шаттыққа бөлеп, енді сол алған білімді пайдаға жаратуға болатыны, соған мүмкіндік туғаны қиял тұлпарын әр саққа алып қашып, тәтті ойларға жетелей бастаған. Әсіресе туған жерге қайтадан оралатындығы жөніндегі oйлары жан дүниесін ерекше рахатқа кенелтетін «Маңғыстау, сені тастап кеткеннен соң көзімнің жүре алмадым жасын тыйып», — деп, жырлайтын бабаларының хал-ахуалын өзі де түйсінгендей бір күйге түсетін. Осы жылдар ішінде өзінің жаны сүйген туған өлкесінің қазынасын игеріп, туған халқына азамат ретінде өзінің пайдасын тигіземін-ау деген ой оны шынымен қанаттандырып, сүйіспеншілігін еселеп арттыра түсетін. К.Г.Паустовский айтқан Каспий маңындағы адам тұрғысыз аймақта пайда болатын кемпірқосақ бояулы ертегідегідей қалалар мұның да көз алдына елестейтін. Жер астында ғасырлар бойы сақталып, Жер бетіне шығуын күтіп жатқан қара алтын дариясын Жер үстіне шығарып, құм көмкерген өлкесін гүл жайнатуға армандай асығатын.

Енді ойлап қараса, көңілінің алып ұшуына негіз де жоқ еместей екен. Тау-кен инженерінің дипломын алғандар ол кездері баршылық дегенмен, әне-міне алып өндіріс аймағына айналады деп отырған Маңғыстауға кадр аздық ете қоймайтыны анық. Оның көңілін қобалжытқан бірінші жағдай жолдаманың, келешегі зор деп жұрт шулап жатқан, өзінің туып-өскен жеріне емес, ауылынан әлдеқайда қиыстау «Эмбанефть» басқармасына берілуі болды. Әрине, Қазақстан мұнайының алғаш өндіріле бастаған, ел байлығының көзін бірінші болып ашқан Атырау өлкесінен де ат-тонын ала қашатындай еш жөні жоқ, тіпті соның өзі дұрыс та шығар, дені сау жас жігіт үшін ол жер де өз үйіне барабар, сол да сөз болып па!? Теңіздің арғы бетіне өтіп, әлденеше жыл оқуда да жүрді емес пе. Сондықтан ол тіпті бұл үшін де көп қинала қойған жоқ. Тек қолында арнайы жолдамасы бола тұра басқарма бастығының қабылдауына кіре алмағанда барып қатты қынжылған. Лепірген көңілі су сепкендей басылып, жасып-ақ қалған. Енді ойласа, Кеңес Одағы дәуірінде белең алған бюрократия деген дерттің бір тамыры осы жолы көрініс берген екен. Ол өзі адамға, адам тағдырына деген немқұрайлылықтан басталатын секілді. Ол дәуірде адамның жан дүниесінде не болып жатқанымен ешкімнің шаруасы болмаушы еді-ау. Ол кездері сенің мінез-құлқыңның барлық өлшемі Коммунистік мораль кодексіне жазылып қойған, онда да адам тағдыры ойыншық деген сөз жоқ, бірақ адам бойындағы ең жоғары дәрежелі қасиеттерді дәріптейтін сол кодекс талаптары тым жоғары әуелеп ұшып жүреді де, әлгіндегідей бір қарапайым жайларға мән берілмей, қатардағы көпшілік назарға ілінбей қала береді. Көзге түсіп, еленіп, ескерілуің үшін ең алдымен «танылуың» керек. Танылу үшін анкеталарда көрсетілген түрлі талаптарға сай болуың шарт. Әрине, мұның қандай талаптар екенін, қандай жерлерде қажетіңе жарауы мүмкін екенін білетін «зерделі» азаматтар бәрін де алдын ала ойластырып, дайындалып алады. Неліктен бастық біткеннің балаларының бәрі өз өмір жолдарын комсомол қызметінен бастайды? Өйткені олар «комсомол» мектебінен өткен, оның тәрбиесін көрген адамның жерде қалмайтынын жақсы білетін. Егер талдау жасай қалатын адам болса олардың қателеспегендіктерін сөзсіз дәлелдеп берер еді. Ал Әнес сияқты жас жігіт ең болмаса сондай бір ықпалды адамның телефон шалуынан кейін барса босқа табан тоздырмас еді. Сондықтан да әлгіндей «мықты» сүйеніші, артынан сұрап отыратын іздеушісі жоқ адамдарға өмір сүру әлі күнге дейін қиындау. Сондықтан да ондай ықпалды адамдары жоқтар ішкісі келгенді үнемі іше алмайды, жегісі келмесе де жейді, істегісі келмеген жұмысты да істеуіне тура келеді. «Ауру батпандап кіріп мысқалдап шығады» дегендей, ол дерттен тәуелсіз Қазақ елі жуық арада құтылып кетуі де қиын шығар. «Осының кімі бар?!» — деп, өсіп бара жатқан жастардың соңынан сөз терушілер соның дәлелі.

Сөйтіп басқарма бастығының қабылдауына кіре алмай жүрген Әнес бір күні осы маңнан Ғалымжан Қожағұлов деген адамды кездестіреді. Өндірістік практика кезінде танысып, сыралғы болған кісі, осы «Эмбанефть» басқармасына қарайтын ұңғыларды күрделі жөндеу конторының директоры екен. Бар жағдайын біліп алғаннан кейін оны өз қарамағына жұмысқа шақырады. Бұл кәсіпорын да өзі жолдамамен келген басқармаға қарайды. Тіпті қабылдауға кіре қалған күннің өзінде осы ағасының қарамағына тап болмасына кім кепіл!? Оның үстіне мұнайды Жер бетіне ұңғысыз шығармайды, ал оның қыр-сырын үйрететін жұмыстан бас тарту қалай болады?

Сол күні-ақ Ғалекең Әнесті қолымен жетелеп апарып қызметке орналастыра салған. Бірақ арнайы оқу бітіріп келген жас маманды бір жағынан сынайын деді ме әлде шынымен жұмыстың реті солай болды ма, бастығы оны жұмыс орнына әкеліп отырғызар, отырғызбастан өзі шақырып алып, бір топ қағазды көрсеткен:

— Инженердің жұмысы қағазсыз бітпейді. Алдымен осы қағаздарды қарап, бәрін ретке келтір. Ал түстен кейін кәсіпшілікке баратынымызды ұмытпа! — деп, қоя берген. «Бісміллә», — деп, қарап кеп қалып еді, әуелі ештеңеге түсіне алмаған. Бірақ қайтадан сұрақ беруге намыстанып, әрі-бері қайталай оқыған соң барып қолынан келуі мүмкін шаруа екенін пайымдаған. Бірнешеуі жауап жазылатын хат болып шықты. Бөлімдерді аралап жүріп, оларға жауап беруге тиісті адамдары тауып алды. Өзіне тікелей қатысты дегендерін бір бөлек жинады. Бастық қана айта алатын жауаптарды бөліп шығарып, қалғандарын зерттей бастады. Бәрінің жөн-жобасын әбден түсіндім-ау деген кезде бастығына қайта барған. Істегендерінің бірі дұрыс, бірі қате, бірталайымен екінші, үшінші қайтара жұмыстануға тура келген. Грамматикалық қателерден де ада емес екен. Бірақ жас инженер жасыған жоқ. Әрбір ескертуді жадына түйіп, екінші рет қайталамауға, бір айтқанды қалт еткізбеуге сол күннен бастап бел байлаған.

Жас инженердің кеңседегі қағазбасты жұмысы түске дейін аяқталып, түс қайта кәсіпшілікке бару үшін бастығының алдында дайын тұрды. Жалпы оның жұмыс күнінің тәртібі алдағы уақытта да осылай жалғасады деп келісілді. Өйткені ол кеңсе жұмысын да, өндірістік тәжірибені де қатар игеруге тиіс болатын. Кәсіпшілік басына барған соң бастығы оны Филипп Бондарчук атты украин жігітімен таныстырған. Байсалды, жігіт ағасы дерлік жасқа келіп қалған жылы шырайлы адам екен.

— Ал, хош келдің. Білгің келгенді кез келген уақытта сұрай бер, — деген ол мұның үстіндегі ақшыл шалбары мен шаңқандай аппақ көйлегіне сүзе бір қарап өтіп, көзінің қиығынан әлдебір күлкі ұшқыны жылт еткенін байқап қалған бұл. Бірақ ойланып үлгергенше болған жоқ, оның ұңғы жақтағы біреуге:

— Бастай бер! — деп, дауыстағанын естіп, бәрі солай қарай ұмтылған. Әнестің көзіне алдымен түскені жөндеу мұнарасын бойлай көтеріліп бара жатқан құбыр болды. Соны қызықтап жақындай бергені сол еді, ауыстыру үшін алынып жатқан әлгі құбырдың шолтаң еткен соңымен қоса шапшып атқан мұнайды ғана көзі шалып қалды. Қара қоңыр май оны басынан аяғына дейін мезетте «шомылдырып» өткен. Үстіндегі киіміне жаңа ғана Бондарчуктың неліктен «түсініксіз» қараспен көз жүгірткеніне енді түсінген. Әлгіндегі мұнтаздай қалпы енді түсіне де кірмес. Әлгі бір жылт еткен ұшқын есіне түсіп қатты қысылған, оның мәнін ұғумен қатар, өндірістің алғашқы бір естен кетпес сабағын да алып үлгергенін кейін пайымдады. Сөйтсе ұңғы ашық қалған кезде мұндай құбылыстар бола береді екен. Өзгелер үшін бұл үйреншікті нәрсе екені көрініп тұр. Үстеріндегі «спецовкаларының» жеңімен көздерін көлегейлеп теріс айнала қойысты да, соңынан түк болмағандай жұмыстарын одан әрі жалғастыра берді. Ал бұл бір жағынан қысылып, екінші жағынан өзінің осындай жағдайды алдын-ала болжай алмағанына ызаланып, іштей қатты ренжіп қалған. Өзін осында алып келген бастығының ескертпегеніне де өкпесі жоқ емес.

Ертеңіне ол кісі мұны өзіне шақыртып алды да, жұмысқа киетін арнайы киім бөлгізді.

— Мынаны кәсіпшілік жаққа барарда ауыстырып ки де, таза киімдеріңді осында іліп кет, — деп ескерткен. Кешегі болған жағдай турасында ештеңе айтпаған. Тек қана кетіп бара жатқанында:

— Кеше сенің келе сала мұнайға шомылғаның маған ұнады. Енді өмір бойы ісің қара маймен болады екен, — дегені. Неге екенін өзі де түсінген жоқ, мезетте тынысы кеңіп, көңілі көтеріліп кеткен. Бастығының алдынан өзін-өзі тоқтата алмай жымыңдап шыққаны. Сол күні өзі тұрып жатқан үйге келісімен қалай тазартатынын білмей бір бұрышқа апарып тыға салған май-май киімдерін қағазға орап, далаға лақтырғаны есінде...

Әнес Бүркітбайұлының Құлсары мұнай кәсіпшіліктерінде осылай басталған еңбек жолы біртіндеп үйреншікті қалыпқа түсіп, өндірістің сан қилы сырлары сәл-сәлден болса да өз құпияларын оның алдына жайып сала бастаған. Кеңсе қызметіне де төселіп, алуан түрлі құжаттардың қайдан қалай жасалатындығын да ұға бастаған. Ең бастысы, өзі күн сайын көз алдынан өткізіп жүрген ұңғыларды жіліктеп шағып, әр тетігінің өндіріс барысында атқаратын қызметіне қаныққан. Сонымен бірге ұңғыларды жөндеу ісіне өзін бірден тап қылған тағдырына да дән риза еді. Өйткені ұңғы мұнай мен газ өндірісінің жүрегі іспетті. Оларсыз бұл өндіріс жүрмейді. Олардың бойында қандай кінараттардың болатындығын алдын-ала ұғып, оңдай білу бейне жүрек ақауларын тауып, ем қолданатын дәрігердің әрекетіндей сезілген. Тіпті өзінің осы кәсіпорынға тап болуының өзінде де жаратылыстан тыс бір әсер бардай толғанатыны бар...

Ғұмыр жолының бастауында Әнес Бүркітбайұлы санасында өшпес із қалдырған тағы бір оқиғаны айтпай кетуге болмайды. Бұл жай ғана оқиға емес, өмір сабақтарының бір айтулысы десе де сияды. Аға инженер болып жүрген күндерінің бірінде Қаратон кәсіпшілігіндегі мұнай ұңғыларының бірінен алынып тұрған мұнай құрамында су көбейіп кетіп, күрделі жөндеу жүргізуге тура келген. Мұндай жағдайда мұнай келіп тұрған бұрынғы көзді цементтеп тастап (бітеп), мұнай көзін басқа жерден ашады. Өзінің институт қабырғасында жүріп алған білімі мен ұңғыларды жөндеу жұмыстарында жүріп ұғып, түйгенінің бәрін пайдалана отырып, іске кірісіп кеткен...

Алайда ісі сәтсіз болып, авария жасап алғаны.

Былай қарағанда, ұңғы төңірегінде қайнаған өндіріс жұмыстары ғана жүріп, қолдап істейтін шаруалар ғана жүзеге асып жататын секілді көрінеді. Бірақ әрбір ұңғының өзінің өмір тарихы болады. Әрбір балаға ашылған сырқат тарихының картасы сияқты оның да өз басынан өткен хикаяттар сол картаға жүйелі түрде түсіп отыруға тиіс. Осы араға жұмысқа келген кездерінен-ақ мұндағы әріптестерінің қағазға салақтау екенін байқаған. Болып жатқан түрлі оқиғаларға орай ұңғы кітапшасын ашып, оларға жазба жасап жатқан көп ешкімді байқамаған. Әрине, әлгі оқиғадан соң да осы ұңғының тарихын жазатын кітапшаны қарап шыққан. Қашан пайдалануға берілгені бар, бірақ неше рет жөндеуден өткені, жалпы бұзылған-бұзылмағаны турасында ештеңе көре алмаған. Егер ол шынымен түрлі оқиғаларға ұшыраған болса, әлгі кітапшада бәрі көрсетіліп тұрса, оны оңдау да қиын болмас еді. Ал ақауы бұрын қай жерде болғаны, жөнделген-жөнделмегені белгісіз болса қараңғы үйге кірген адам тәрізді кез келген нәрсеге соқтығысып, кез келген сәтте ұшып түсуің де мүмкін емес пе. Әлгі ұңғының да басынан талай оқиғалар өткендігін, бірақ ол турасында ешқандай жазба қағазға түспей қалғандығын бұл кейін бір-ақ білген.

Авария болған жағдайда арнайы комиссия шығып, оның кімнің кінәсі екендігін анықтайды. Абырой болғанда, аға инженер Әнес Бүркітбайұлының бұл жерде еш кінәсі болмай шықты. Осы ұңғыда болған қолайсыз оқиғалардан соң тазарту жұмыстары кезінде оның ішінен бес-алты құбыр сынықтары шыққан. Олар бұрын орнына дұрыс қондырылмауы себепті немесе ескіруі себепті уақытында алынбай, іште жинала берген шіри бастаған қалдықтар екен. Олардың көптігі сонша, алып шығару кезінде көтергіш мұнара ауыр салмақтан екі бүктетіле майысып, әрең көтерген.

Құлсары кәсіпшіліктерінде жүргенде алған бұл екі сабағы оны көп нәрсеге үйретті. Әсіресе, соңғысынан кейін ол әрбір өзінің жауапкершілігіндегі жұмысты, өзгелердің пікіріне қарамастан, анықтамасын тыңдай тұра өзінің көзін жеткізбей бастамайтын болған. Өмірінде өзінің айыбынан болмаса да, өзі бастан кешкен осы авария оның бірінші де, соңғы да жасаған бірден-бір авариясы болып қалды.

Құлсары кәсіпшіліктерінде жүріп Әнес Бүркітбайұлы осындай өндірістік сабақтар алып, тәжірибе жинақтаумен қатар өзіне ғұмырлық серік тапқан. Ол сол кезде оқу бітіріп келіп, ауданаралық ауыл шаруашылығы бактериологиялық лабораториясында қызметте жүрген Әлия Қадымқызы еді. Осы өңірде олардың тұңғыштары Әмина мен ұлдары Жамбыл дүниеге келген.

Алғашында Құлсарыда ұңғыларды күрделі жөндеу конторында инженер, кейіннен Қаратонда аға инженер болды, осы кәсіпорынның өндірістік-техникалық бөлімін басқарды. Әрине, инженер деген сөз өзі басқаратын істі бүге-шігесіне дейін егжей-тегжейлі білу деген мағынаны білдіреді. Алайда жоғары оқу орнын неше жерден бітіріп келген адам болса да өндірістік жұмыстармен бетпе-бет келгенде қорқа соқтамай, бірден батыл кірісіп кету қиын. Оның үстіне әрбір жеке жағдайда ескермесе болмайтын түрлі ерекшеліктері де шығып жатады. Қалай болғанда да жаныңда жақыныңдай көріп, ерінбей үйретіп, жалықпай жаттықтыратын адамдарың болғанға не жетсін. Ғалымжан ағасы бүгінде Әнекеңе тек қана ұңғылардың қыр-сырын емес, тіршіліктің бүкіл болмыс-бітімін ұқтыруға күш салғандай көрінеді. Басқаны былай қойғанда, ауыздарынан шыққан әрбір сөздің дұрыс-бұрысын бақылап, қате кетіп бара жатса сол бойда түзетіп, түсіндіріп отыратын. Әнеске ғана емес,соңынан ерген барлық жастардың қай-қайсысына да қамқор бола жүретін. Ол кісінің жас жігіттердің біріне жасаған ескертуі әлі күнге есінде қалыпты:

— Құбырды түсіріп жатырмын деме, жіберіп тұрмын деп айт. Төбеде жатқан затты жерге түсіру мүмкін немесе тиеулі тұрған жүкті түсіреді. Тіпті суретке түсіру деген де бар. Ал егер сен құбырды түсірсең, онда авария жасағаның болып шығады...

Әнес Бүркітбайұлының техникалық сауаттылығы, істеген ісіне тыңғылықтылығы, ұйымдастыру жұмыстарына ептілігі, уақытын бос өткізгісі келмей, әр нәрсені шұқып көріп, сұрап біліп отыруға құмарлығы, ізденімпаздығы Ғалекеңе ұнайтын. Сондықтан да болар, қызметін де сыналап өсіріп, өзінің ағалық, ұстаздық парызын бір кісідей-ақ өтеп кеткен.

1963 жылы Әнекең өзінің туған өлкесіне қайтуға біржола бел байлаған. Мұның себебі туған жердің байлығын игеруге атсалысу жөніндегі өзінің әуелгі арманы болса, Маңғыстау атағының дүрілдеп шығып, оған көмек беруге өзге өлкелерден көшіп келушілердің күрт көбейе бастауы ол себептің маңызын бұрынғыдан да күшейте түсті. «Бұл Маңғыстаудың жерасты «күмбездері» (геофизикалық зерттеулер кезінде мұнай мен газ жатқан жерлерден білінетін белгілер) бар екені анықталып, түбек кен орындарының алғашқы схема-картасы жасалғанына ширек ғасырдай болып қалған кез. Маңғыстаудағы алғашқы газ фонтаны да, мұнай фонтаны да баяғыда атып кеткен. Енді ол аймақта мұнай өнеркәсібін өркендетуге біржола бетбұрыс жасалып, «Маңғыстаумұнайгаз» бірлестігі құрылғалы жатқан.

Туғанындай болып кеткен Ғалымжан ағасы тәрбие берген азаматының өз ісін жалғастырын, осы Құлсары өңірінде жүргенін қалаған болса керек, өзі сол кезде қатты сырқаттанып жатқанына қарамастан, аудандық партия комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Саламат Мұқашевқа тапсырып:

— Мына жігітті еш жаққа жібермеңдер, — деп өтінген.

— Әрине, мамандар мұнда да қажет. «Прорва» ашылғалы жатыр. Бірақ бұл жігіт Маңғыстауға өзі сұранып отыр. Ал ол жаққа тәжірибелі жігіттеріңді жіберіңдер, деген партияның нұсқауы және бар. Сонда өзі қалай болар екен, — деп, Сәкең күмілжіген.

Бұрғыдан гөрі өмірдің құйтырқы сырларын бар болмысында түсінетін болған Әнес Бүркітбайұлы сол кезде Батыс Қазақстан өлкелік партия комитетінде қызметте жүрген Әбу Атшыбаевпен хабарласып, сол кісінің көмегімен Маңғыстауға жолдама алған-ды.

Әрине, алғаш рет еңбек жолын бастаған, сүйген жар тауып, екі балаға әке болған Ембі өңірі оның есінде мәңгіге сақталып қалды. Сол өңірде жүріп жинақтаған тәжірибесінің Маңғыстаудағы көптеген табыстарына негіз жасағаны сөзсіз...

* * *

Маңғыстау өңірі жерінің негізгі бөлігі теңізбен шектесіп жатқанына қарамастан, оның ауа райына бұл ерекшеліктің көп әсері тие бермейді. Жазы ыстық әрі ұзақ, мамыр айында жаз шығып, қазанның қара суығына дейін созылады. Қысы суық және ол да ұзақ. Жыл сайын тізеден келетін қар түспегенімен, бет қаратпайтын ысқырған жел, аязды күнде дірдектетіп жіберетін шақтары аз болмайды. Әнес Бүркітбайұлы Өзен кен орнына ауысып жаз кезінде келгенімен, үй ішін 1964 жылдың қаңтарында ғана көшіріп алған. Сол кездерде ғана пайда бола бастаған құрастырмалы үйлерден бұған да екі бөлме тиген. Келіншегі Әлия мен балалары Әмина, Жамбылға қоса бұлармен бірге тұратын енесі бесеуі осылайша Өзендегі мұнайшылар тірлігін бастан кеше бастайды. «Дизельдің» қуаты жарық ретінде пайдалануға әрең жетеді, оның көмегімен ас пісіру мүмкін емес. Су мен азық-түлік біразға дейін Бегдаштан тасымалданды, бірде жетеді, бірде жетпей жатады. Барақтың жел улеген тесіктері балалардың ескі-құсқы киімдерімен, қолға түскен шүберекпен тығындалады. Ал отын...

Өзен мұнайының басты ерекшелігін жұртшылық жақсы біледі. Оның құрамында парафин көп. Құбырға кептеліп қалған парафинді мұнайдың түрі кәдімгі шұжықты көз алдыңызға келтіреді. Ең қызығы мұнай қозғалыссыз қалған жағдайда қата бастауы үшін 33 (отыз үш) градус жылылық жетеді екен. Өндірісте бұл ғажап табиғат сыйлығы төгілмей, шашылмай тұрмайды. Мысалы, ол Жер қойнауынан белгілі бір қысыммен көтеріліп шығады, немесе қысым қолдан жасалады (судың, газдың көмегімен). Ал атылып кетпеуі үшін құбыр ішінде оған қарсы қысым қамтамасыз етіледі. Соған қарамастан, Жер астынан оның қандай қысыммен келе жатқанын толық анықтай алмай қалатын кездер жиі болып тұрады. Осы сияқты түрлі себептермен төгіліп-шашылған мұнай айналаны бүлдіре бермеу үшін алдын-ала шұңқыр қазылып қояды. Оларға төгілген мұнай құрамындағы парафиннің көптігінен қатып қалған соң қи ойғандай етіп ойып-ойып алып, отқа жағуға болады. Сонау бір отын-су тапшы қысылтаяң шақтарда барақтарда тұрған мұнайшылар да осылайша мұнайды отқа жағып күн көріпті. Қораптарға салып, қи секілді қалап жағып отыратын осы отындарын мұнайшылар әлі ұмытқан жоқ.

Қазір Жаңаөзен қаласына кіреберісте сол кезден қалған мұнай қалдықтары әлі де бар. Бүгінгі таңда, әрине, оны отын ретінде пайдалануға рұқсат етілмейді. Шұңқырларға төгіліп, топыраққа араласқан мұндай мұнайды арнайы өңдеп, пайдаға жарату қамы жасалуда. Сол мақсатпен арнайы пештер жұмыс жасайды. Бұл қалдықтардың табиғатқа тигізетін зардабы да мол екенін түсіну қиын емес шығар. Бірақ мұнай өндіру жоспарын орындаудан өзгеде ешкімнің жұмысы болмаған сонау бір жылдарда жұрт тіпті экология деген сөздің не екенін білмейтін. Соған қарамастан, қоршаған ортаның бүліне бастағанын түйсінген жігіттер кезінде жоғарыда отырған басшылардың алдына осы тұрғыда мәселе де қойып көрген, бірақ олар қолды бір сілтепті. Енді Әнес Бүркітбайұлы «Біз Жақсылық Жанғазиевтарға жақсы мұра қалдырдық деп айта алмаймын», — деп төмен қарайды.

Өзенге көшіп келгеннен кейін көп ұзамай Әлия апай да (Әлия Қадымқызы Жандауова) мұнай өндірісі саласы жұмыстарына араласа бастаған. Жаңадан ашылып жатқан алып кен орнында мұнайдың құрамын, салмағын анықтап отыратын лабораторияның болуы аса қажет еді. Ал Әлия Қадымқызы бұған дейін ауыл шаруашылығы бойынша бактериялогиялық лабораторияда бірнеше жыл қызмет жасаған. Лаборатория дегеннің не екенін жақсы біледі, приборлармен жұмыс жасап үйренген. Жергілікті басшылар осы жайды ескере келе оған мұнай құрамын зерттейтін химиялық лаборатория қызметін жолға қою туралы өтініш жасайды. Өзіне осы тапсырманың жай-жапсарын түсіндіріп, ең бірінші қолға алуды ұсынған, кейіннен өздеріне үлкен қамқоршы болған Рахмет Өтесінов болатын. Сол кісінің көмегімен Москвадан арнаулы курстан өтіп келеді. Химия зауыттарында болып талай жайларға қанады. Бара-бара өзіне қойылған талапты тегіс игеріп, мұнай өндірушілердің белді көмекшісіне айналған адам. Өзінің бір кездегі ветеринар-бактериолог мамандығын ұмытқан. Сөйтіп алғашқы мұнай эшалонын жіберуге қатысқандардың бірі ретінде тарихта қалды. Өзендегі алғашқы қыс қиыншылықтары да бірте-бірте ұмыт болған.

Әнекең мен Әлия жеңгейдің есінде қалған және бір қыс 1968-ден 1969-ға қараған қыс болды. Сол жылы табиғат өзінің бүкіл қаһарын бойына жинағандай бір күйге түскен. Әнекең өз өмірінде Маңғыстаудың дәл сондай қаһарлы да қатал қысын бірер рет қана көрген болар. Бұл араға жылдар салып бір соғатын қоян жылының қысы болатын. Ысқырған ақ боран бет қаратпайды, аяз тиген жерін отша қариды, сақылдаған суық күндер бәсеңсімей бір қалыпта тұрып алды. Сол бір күндердің қаһары «жоспар» деп екі аяқты бір етікке тығатын мәскеулік мықтылардың, партияның сөзін де адыра қалдырып, кен орнындағы бүкіл жұмыс тоқтап қалған. Кәсіпшіліктердегі мұнай беріп тұрған ұңғылардың бәрі тоқтатылып, қатып қалмау үшін барынша қымталып, жауып тасталды. Ол кезде мұнай тасымалдайтын құбыр деген әлі жоқ. Теміржолды пайдалану мүмкіндіктері енді-енді ғана жасалып жатқан. Мұнай тиісті жерлеріне теңіз арқылы танкерлерге тиеліп жіберілетін. Біздің адамдар оны өндіріп, теңіздегі танкерлерді толтырып беріп отырады. Бұл үшін танкерлер айлаққа жақындап келу керек. Ал әлгіндей қаһарлы қыс күндері теңіз жағалаулары қатып қалатындықтан әрі қатты желден олар айлаққа жақындап келе алмайтын. Осылайда бір ай бойына мұнай өндірісі тоқтап қалады.

Ең қиыны, қақаған қыс күндері тек қана өндіріске емес, жергілікті тұрғындарға да барынша кеселін тигізіп баққан. Далаға шығудан қалған жұрттың үй ішіндегі күйін де кетіргісі келгендей, жылу жүйелері істен шыққан. Қатты суық шыдатпаған батареялар жарылып кеткен. Сол кездегі Өзен мұнай өндіру басқармасының бастығы Рахмет Өтесінов қолдары босап қалған жігіттердің бәрін жинап, жылу жүйесін қалпына келтіру.

Бала-шаға өздерінікі. Қақап тұрған суық үйде бәрібір рахаттанып отыра алмайсың. Басқа амалдың жоқтығы тағы көрініп тұр. Сондықтан кім қарсы болсын, жігіттер іске кірісіп кетеді. Жарылған батареялардың бәрі лақтырылып, орнына құбыр жүргізіледі.

Қандай қиын кезеңдерде болмасын, күлдіргі оқиғалар көрініс беріп жатпай ма. Әнекеңнің есінде сол күндердің ескерткішіндей бір күлдіргі жай сақталып қалыпты. Сол күндері жылу орталығын қалпына келтіру жұмыстарын басқару басқарманың бас инженері А.А.Дергачевқа тапсырылса керек. Қай істің болмасын тезірек біткені жақсы ғой, күндіз-түні қапылып жұмыстанып жүрген күндердің бірінде ол бөлмесіне барлық жауапты адамдарын жинап алып, әлдеқандай бір жайларды кеңесіп отырғандарында кезекші жігіт ентігіп жетіп келіп:

— Александр Алексеевич! Сізді ЦК-дан сұрап жатыр! — депті. Дергачев асып-сасып орнынан ұшып тұрып, жүгіре жөнелсе керек.

— Центральная котельная дегенім ғой, — дейді сонда кезекші оның қапылған түрінен қалай түсінгенін пайымдап.

Бас инженер қайтадан сылқ етіп орнына отыра кетіпті... Ол кездері мұнай өнеркәсібі Москвадағы Одақтық министрлік арқылы басқарылады да, олар телефон арқылы жиі хабарласады. Сондықтан ол кісі өзін шынымен ЦК іздеп жатыр деп қалған ғой.

ЦК демекші, ғасыр мен ғасырдың тоғысына жақындап, коммунистік қоғамның бүкіл болмысын көз алдынан өткізген Әнес Бүркітбайұлы өз басынан кешіп келе жатқан ғұмырының тағдыр деген шіркінге қаншалықты тәуелді болғанын енді ғана шамалағандай. Бір есептен, өз маңдайына тап болған осы қоғамнан екіншісіне ауысу қызығарлық та жағдай секілді көрінеді. Олай дейтіні — сол дәуірдің бүкіл болмыс-бітімін, ұңғыл-шұңғылын өз басынан өткере келіп, оның қыры мен сырына әбден қаныққандай. Ой елегінен өткізіп, ой-шұқырын зерделеген сайын бар құпиясына қанып, танып-біліп жүру де бір ғанибеттей көрінеді. Қазір ғұмырларының осы бір өтпелі кезеңге тап болғанына дән риза сезімдерін білдіріп, мынау аласапыран заманға ілікпей, аман-сау зейнеткерлікке жеткендеріне шүкірлік жасайтындар бар. Әнекең ондайлардың негізінен аумалы-төкпелі күндерден құдай сақтаған, «халық жауларының» қара тізіміне ілінбей, соғыстың қанды шеңгелінен әупірімдеп аман өткендер екенін де сезеді. Бірақ қалай болған күнде де ел басына түскен рухани жұтауға мән бермей, ұлт болашағы үшін бастарын көп ауыртпаған, судың мөлдірін ішіп, киімнің асылын кимесе де, қарын тоқтығы мен көйлегінің бүтіндігін місе тұтып, барына тәуба еткен қарапайым халық үшін «ит басына іркіт төгілген» бір заманның бастан өткені даусыздай.

Ал екінші бір жағынан қарап, азаматтық мәртебе, азаттық биігі тұрғысынан үңілсе, көңілін мүлде ауыр сөзге бір сезімдер жайлайтыны бар. Бейне мұны өмір бойы бір шыбықпен айдап, есінен тандыра жүгіртіп отырған бір мықты болғандай. Ол неліктен?! Қалай пайда болған сезім?! Мүмкін бұл өмір бойы өзінің не істеп, не қоятынын да өзі ойланып-толғанып шешіп көрмегендіктен шығар. Себебі коммунист болғандықтан ол партия талаптарын орындаушы ғана болды. Қандай қызметке жіберсе де жан-тәнімен беріле еңбектенетін, сондықтан да болар, қай жерде де ісі нәтижесіз болған емес. Бірақ өзіне тапсырылған саланы енді ғана жөнге келтіріп, жүрмей жатқан жұмысты жүргізіп, орындалмай жатқан жоспарды орындап, табыс көрсеткіштерін еселеп арттырып, енді ғана бір асықпай, аптықпай, еркін тыныстап бойын жаза бергенде оны жұлып алып, екінші бір қиынға тастап кеп жіберетін. Ал бұл партия көрсеткен сенім, сенің еңбегіңнің жанғаны деп қабылдауың керек. Ал ол қиыннан да жол тауып, тағы да орындалмаған жоспар орындалып, жетпеген биіктерге қол жете бастағанда баяғы бір қол келіп тағы да бір алынбаған қамалды алып, тұралап қалғанды тұрғызасың деп жібере салады. Солай қайталана береді... қайталана береді... Бұл Компартияның кадрларды пайдалану саясатының бір нұсқасы болар. Бірақ сол бір кездегідей жанкештілікпен жұмыс істеу қазір бар ма екен?! Адамның өмірін көрікті ететін тек қана күндіз-түні үй көрмей, демалыспен есептеспей жасайтын қызмет қана ма? Әлде жан қинамай еңбектену үшін жететін биіктерге бұлар әлі жете алмай жүр ме? Шынына келгенде, олар Маңғыстау байлығын игеруге жол салған алғашқылардың қатарында болмағанмен, солардың етегін баса жүрді. Сол кездері бірге еңбек еткендердің бәрі де Әнес Бүркітбайұлының көргендерін көрді. Алғашқы сүрлеу салынғаннан кейін де қиыншылықтар әлі көп болатын. Соларды көру бұлардың маңдайына жазылыпты. Еңбегі жанып, алдына ұстанған мақсатын орындаған соң, жүрген ортасына сыйлы болған соң, басы аман, малы түгел болған соң бұлар көп нәрсені елемегені де рас. Көппен көрген ұлы той дейді ғой қазақ мұндайда. Бірақ құрғыр көңілінің әр бұрышын тұтып қалған түйткіл біткенді біртіндеп бері шығарып, бүгінгі жаңа талғам, жаңа түсінік тұрғысынан салыстырып қарап қобалжытуын қояр емес. Әсіресе өзінің коммунист болған кездері ойынан шықпай, мазалай береді. Әдетте коммунист біткен артық сөйлеуден, ішіндегісін ақтара салудан сақтанып, артық-ауыс әңгімеден бойын аулақ салып жүреді. Партия жетегіндегілердің ең алдымен ауыздарына құлып салатын партиялық билет екен. Ол билетті қалтаға салып тұрып басшыға қарап сөйлеу қиынның қиыны. Ал сөйледің екен — ол партия саясатына қарсы шыққаның, ал ондай адамның өз билетінен айырылатыны түсінікті. Билеттен айырылу ол кездері өліммен тең жаза. Онда көрген күніңді итке берсін. Партия ыңғайымен талай азаматтар туған-туыстан, жолдас-жорадан безіп кетті. Әкесі дүниеден өткенде бет сыйпамаған, құран оқымаған азаматтар қаншама!? Ең өкініштісі «Коммунизм елесіне» алданып, соның уағызына еріп, ой-санасы шектелген жастардың көптігі. Сол заманда тәрбиеленіп, өнеге алған қазіргі жастардың пиғылындағы кейбір оғаштықтар соның жемісі екені де сөзсіз. Бойына шынайы халықтық тәрбиенің нәрі сіңбеген, адамгершілік қасиеттер табиғи қалпымен өн бойына енбеген, рухани дүниесі жұтаңдау қалған бүгінгі ұрпақ өкілдері арасында өмірге жеңілдеу қарайтындар, замана лебі қалай қарата ессе сол жаққа, түпкілікті нәтижесін ойлап жатпастан, тез ауа қоятындар көп. Ондайлардың басшы қызметте жүрген жастар арасынан да кездесіп қалатыны қынжылтады. Ал бизнесмен боламын деп білек түріп шығып, қалтасына тиын-тебен түсе бастаса соны көтере алмай не үй ішінің шырқын бұзатын, не ішімдікке салынатын, сөйтіп өзін қор қылып жүргендеріне қарап жан күйінеді. Ондай жастар Одақ құзырында жетпіс жыл жүрген елдердің бәрінде де баршылық. Маңғыстау байлығы ашылып, оған айналамыздағы одақтас республикалардан келгендер арасында да олар жеткілікті болып шықты. Олардан жастарымызға қандай «өнеге» келгенін жұртшылық өзі де біледі...

* * *

1966 жылы 10-шілдеде Өзен кен орнының алғашқы миллион тонна мұнайы тапсырылды. Алайда мұнай өндіруді одан сайын молайта түсу талабы бәсеңсімейтіні түсінікті еді. Оның негізгі тетіктерінің бірі өндіріске ғылым мен техника жаңалықтарын молынан енгізу. 1967 жылы «Узеннефть» мұнай-газ өндіру басқармасының № 3 мұнай кенішіне меңгеруші болып тағайындалған Әнес Бүркітбайұлы осы мәселеге айырықша назар аударған. Соның бір мысалы ретінде өз басшылығымен топтық қондырғылардағы ұңғылар жұмысын автоматты түрде басқару және бақылау жүйелерінің іске қосылуын айтуға болар еді. Өзен кен орны мұнайының құрамында парафиннің көптігі салдарынан оны өндіру қай кезеңде де күрделі болып келді. Осыған байланысты өнім алуды жеңілдету мақсатымен Әнекең аз уақыттың ішінде ұңғыларды мембраналық атқару механизмін гамма-релемен алмастырып пайдалану мүмкіндіктерін жасау жұмыстарына басшылық етті. Бұл әдіс жоғары парафинді кен орындарын игеру кезінде реттеуші рөлін атқаратын бірден-бір қажетті құралмен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Әнекең № 3 мұнай кенішін басқарып жүрген жылдар ішінде мұнай өндіру бұл кеніште 600 мың тоннадан 4 млн тоннаға дейін жетті. Мұндай нәтижеге жоғарыда аталған тәсілді қолданумен қатар бұрынғы Кеңес Одағының ғылыми-зерттеу институттары жасап шығарған ұңғыларды қыздыру аспаптарын пайдалану, тағы да басқа ізденістер ықпалын тигізген. Мысалы, ұңғылардың жөндеу күтіп ұзақ тұрып қалмауын қамтамасыз ету қажет. Бұл үшін әрқашан қажетті құрал-жабдықтар сай тұруға тиіс. Ол басшы ретіндегі өзінің іскерлігін, ұйымдастырушылық қабілетін бойына біткен мұқияттығы, тыңғылықтылығы арқылы көрсете білді.

№ 3 мұнай кенішіндегі № 84 ұңғыны іске қосқан күндері әлі есінде. 1968 жылдың қаңтары болатын. Мұндай кездері жұмыс күнінің қашан аяқталарын бір құдайдың өзі біледі. Бұл жолы да қарбалас күй түн ортасынан кейін созылған. Ұңғының пайдалануға берілу құрметі үшін арнайы алып шыққан бір жартыларын сол жерде бөліп ішкен соң ғана көз шырымын алуға Өзеннің көңіндегі жұмыс орындарынан бірер сағатқа үйлеріне қайтқан.

Жуырда Әнекең жиырма жасқа толған соң ұңғыны арнайы барып көріп қайтты. Зіркілдеген мотор үні құлақ тұндырған шағын «үйшіктің» («Спутник») ішіне қолдың саласындай қаз-қатар тізеле еніп кетіп жатқан тоқ құбырлар көзіне оттай басылған. Сонадай жерде алып пеш жанып тұр. Ол әлгі ұңғылардан шығып, құбырлар бойымен қаз-қатар тізіле аққан қою майды келесі бір белгі жеткізгенше салқындатпау үшін қызмет етіп тұр. Ал мынау үйшік ішінде жан-жақтан бас қосқан құбырлар бойындағы түрлі тетіктер ұңғылардың хал-ахуалынан хабар береді. Қалай жұмыс істеп тұрғанын, құбыр бойымен не жүріп жатқанын, басқа да жағдайларын көрсетіп, мұнай құрамындағы элементтердің сыйпатын ұқтырып тұрады...

Әнекең зіркілдеген мотор үнін біраз үнсіз тыңдап тұрып, үйшіктің есігін сәл ашып көрді. Таныс көрініс... таныс иіс... Сол мезет өзінің осыдан жиырма жыл бұрынғы жасаң шағы есіне түсіп, жүрегін шым еткізген бір ерекше сезімді түйсінді. Иә, тірлік керуені оны жел айдаған қаңбақтай біраз жерге әкеліп тастаған екен. Сол бір зуылдаған жылдармен бірге талай қырлардан асып кеткенін жаңа түйсінгендей жеңіл күрсініп алды. Ал оның бір кезде өзі өмір сыйлаған ұңғылары бейне бір мұны қимағандай барған сайын жұмсарып, майдаланып, құлаққа жағымды әсем әуендей бәсең гүрілмен біртіндеп алыстай берген...

Іскерлігі мен ұйымдастыру жұмыстарына деген қабілеттілігінен болар, көп ұзамай-ақ Әнекең мансап баспалдағынан және бір саты көтерілді. 1970 жылы «Өзеннефть» мұнай-газ өндіру басқармасының басшылығы оны осы басқарманың техника бөлімінің бастығы қызметіне ұсынады. Бұл мұнай өндірісіндегі бірқатар мәселелерді шешуге мүмкіндік беретін су ысытатын және ыстық суды қабатқа айдайтын тәжірибелік-өндірістік қондырғы дүниеге келген кезең болатын. Техникалық бөлімді басқара жүріп, Әнекең енді осы қондырғыны өндіріске енгізу ісіне бастан-аяқ араласты. Оның тиімділігі мен беріктігін арттыру мақсатында ғылыми-зерттеу институттарымен бірлесе отырып жұмыстанды. Соның арқасында су жүріп тұрған қабырғаларға қақ тұрмайтындай сапалы қондырғыларға қол жетті.

Өмірдің алуан түрлі сабақтарын алып, тіршіліктің сансыз сырларын игере келе адам өзіне ешқандай да түсініксіз құбылыс қалмауы үшін күресе беруі керек деген қорытындыға келеді екен. Ештеңеден қорықпау үшін де, ештеңеден тарықпау үшін де керегі ең алдымен ізденіс десе дұрыс болар ма екен. Дүниедегі ең күрделі деген құбылыстардың көбі ең қарапайым заңдылықтарға негізделетін болып шығады. Ал өзіңе түсініксіз істі қолға алу қаншалықты қиын болса, сол істі игере келе оның соншалықты қарапайым, оп-оңай жолдармен жүзеге асатынын түсінесің. Шынына келгенде, ештеңеден тарықпауға да, ештеңеден қорықпауға да болады. Өйткені көп нәрсе адамның тек қана өзіне байланысты. Міне, техника бөлімінде жүрген жылдарында Әнекең көрген-түйгендерінен осындай қорытынды жасаған.

* * *

Партияның түсіндіруі бойынша, жұмыстың жақсысы мен жаманы, үлкені мен кішісі деген болмайды. Қолында коммунистік билеті бар адам партия жұмсаған жаққа жүре беруге міндетті. Осы тәртіп бойынша Әнес Бүркітбайұлы бір күні аяқ астынан кәсіподақ қызметкері болып шыға келді. Өндірістің сөзі болмаса, насихаттың сөзін мінбеге шығып сөйлеп көрмеген Әнекең біраздан кейін оны да ептеп игеріп, өзіне деген сенімі нығая бастаған. Сондай күндердің бірінде «Казсовпроф» пен ВЦСПС өкілдері қатысатын үлкен облыстық кәсіподақ ұйымының конференциясына шақырылды. Сөйлейтіні туралы алдын ала ескертілмесе де, облыстық ұйым төрағасы оны сөйлеушілер тізіміне қосып қойыпты. Осыны біліп, сасып қалған ол төраға Айтжановтың бөлмесіне жетіп барып, өзінің үлкен жиында сөз сөйлеп, мақтанарлықтай жағдайы жоқ екенін айта бастаған. Кім екенін білмейді, бір бөтен ұлттың адамы отыр екен, айтысып жатқан бұл екеуін мәмлеге шақырып:

— Ештеңе етпейді, ештеңеден қысылмаңыз. Шығыңыз да өз ойларыңызды айтып берсеңіз болды, мұндай жерде сөйлеуге не дайындық керек, — деп басу айтып жатыр. Бастығы да соны қостады. Бұл қолды бір сілтеп шығып кеткен.

Сөйтіп, қалай сөйлеуге де еркің бар дегенге Әнекең көсіліп бір кетпей ме?

Бұл өзі Өзен мұнай-газ барлау басқармасының басындағы ауырлау кезең болатын. Басқарма бастығы Рахмет Өтесінов ауыр жарақат алып ауруханада жатқан уақыт, ал оның орнына уақытша қойылған адамдар тұрақтамай, жиі ауысып, жұмыстың берекесі кетіңкіреп тұрған. Өндірістік жоспарлар орындалмай қалғалы біраз болған. Тіпті былайғы тұрғындардың да жағдайлары кетіңкіреп, күйсіз халге түскен. Өйткені жергілікті халықты жан-жақты қамқорлыққа алып, жағдайын жасап отырған мұнай-газ өндіру басқармасы. Өз жағдайы жоқ басқарма халықтың наны таусылып жатқанда бұрынғыдай көмекке келуге жарамай қалған. Жылу жүйесі жасамай, монша жабылған. Өзіне еркін сөйлей бер, жазып алып айту міндет емес, ойыңдағыны айтсаң болды деген соң Әнекең осы жайлардың бәрін тізіп тұрып баяндап берген.

Басшылардың райы өзгеріп, өзін онша жаратпай қалғанын сезген. Бірақ не болса да болар іс болды деп, Өзеніне қайтып жүре берген. Келісімен оны күтіп отырған басқарма парткомының хатшысы Ким Рақымғалиев дүрсе қоя берді:

— Оу не бүлдіріп келдің? — дейді баяғы.

Сөйтсе бұл келгенше облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Саламат Мұқашев телефон шалып, Бүркітбаевтың сөйлейтін сөзін неге қарап бермедіңдер деп ұрсып үлгеріпті.

Азар болса жұмыстан алып тастар, тіпті сонысының өзі дұрыс болар еді деп, бұл кісі де қинала қоймаған. Өйткені оның алдында жүрегін шайлықтырарлықтай талай жайларды көріп жүрген. Баласына бақшадан орын ала алмаған біреуінің мұның столының үстіне сәбиін тастап кетіп қалғаны да бар. Өлгенде сүйегімді орайтын кілемім жоқ деп, соңынан қалмай жүрген шалдар да әбден мезі қылған. Ал Қырымның жәннәттай демалыс орындарына жолдама алғысы келетін сылқым келіншектер мен сырбаз жігіттер тіпті миды айналдырады. Енді мына оқиғадан кейін осы жұмыстан тіпті құтылғанын жөн көрген. Осы оймен әліптің артын бағып жүрген.

Арада біраз күн өткен соң Республика кәсіподақтары ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Сорокин деген жолдас келе қалды. ВЦСПС XV съезіне дайындық жұмыстарымен жүр екен, өзін ертіп жүріп өндіріс орындарын аралататын адам тауып бер деп өтініш жасады.

— Ондай адам алдыңызда тұр, мен осы уақытқа дейінгі бүкіл ғұмырымды өндірісте өткізіп келе жатқан адаммын. Аралатамын, білгіңіз келгеннің бәрін түсіндіремін, — дейді.

Осылайша әлгі қонағын ертіп жүріп мұнай өндіретін барлық орындарды аралатады, сұрағының бәріне жауап береді, шөлдетпей, шаршатпай шығарып салады.

Бірнеше күннен соң бірінші хатшы басқарма парткомына телефон шалып:

— Сорокин кәсіподақ жұмысын өндіріс адамына басқартқандарың дұрыс болған екен, жағдайдың бәрін айтқызбай түсінеді. Міне, кадрларды осылай орнымен тиімді пайдалану керек, — деп, риза болып кетті, — дейді. Сөйтіп Әнекең «жақсылардың» санатына қайтадан қосылады.

Кәсіподақ комитетінде өткен бірнеше жылдан кейін Әнес Бүркітбайұлы «Мангышлакнефть» бірлестігінің қабаттардың мұнай өнімін арттыру және ұңғыларды күрделі жөндеу басқармасының бастығы болып тағайындалады. Жер қыртысында табиғаттың ғасырлар бойы сақтаған алтын қазынасын Жердің үстіне неғұрлым көбірек шығаруға көмектесерліктей жылдар бойы жинақтаған мол тәжірибе оны абырой биігіне көтере түсті. Талаппен, ізденіспен, тынымсыз еңбекпен ұштасқан жылдар оны тағы да сенім жүгін арқалауға мәжбүр етеді. 1967 жылдан бастап Маңғыстау газ өндіру басқармасына бастық болды.

Жер мен Аспан, Күн мен Ай секілді мұнай мен газ да әуелде егіз жаратылған болса керек. Өйткені газ табылған жерден — мұнай, мұнай шыққан жерден — газ табылып жатады. Академик И.М.Губкиннің жазбаларына қарағанда, американдықтар тек қана мұнай тапқан жерлерін ғана емес, газ шыққан жерлерді де мұнайлы жер деп есептеп, бұрғылай беретін көрінеді. Әнекең өз өмірінде мұнаймен де, газбен де істес болды. Түптеп келгенде, мәселе мұнайда немесе газда емес, жөнін тауып, қисынын келтіріп жұмыстана білуде екенін кәнігі маман жаңа орында да дәлелдейді. Мұнда да өзі бас болып жүріп ғылым мен техника ұсынып отырған жетістіктерді өндірісте пайдалануға зер салды. Теңге кенорнында тұңғыш рет газды төменгі температурада сепарациялау әдісін қолдануға жол ашты. Бұл әдіс бойынша газ бойындағы ылғалды айырып алуға мүмкіндік жасалған.

Ізденістер нәтижесі газ өндіруді де еселеп арттырып, жылына екі млрд текшеметрден төрт млрд текшеметрге дейін жеткізуге мүмкіндік берді. Осы кезеңде «Узеннефть» мұнай-газ өндіру кәсіпшіліктерінде Теңге газы негізінде компрессорсыз газлифт әдісін қолдануға мүмкіндік туды. А л бұл өз кезегінде мұнай өндіруді арттыруға және соған сәйкес оның өзіндік құнын кемітуге жағдай жасады.

* * *

Жетібай Маңғыстау атты қазыналы өлкенің құйқалы жерлерінің бірі болып шыққанын бүгінде білмейтіндер кем де кем. Неге екенін өздері біледі, мәскеуліктер кезінде ол жерде қала салуға болмайды депті. Тек қана жұмысшы жатақханаларын салуға рұхсат еткен. Алайда бара-бара жатақханаларды сағалап көшіп келе бергендер Жетібай жерінен бір емес, бірнеше поселке салуға мәжбүр еткен. Әнес Бүркітбайұлы алғаш Жетібай мұнай-газ өндіру басқармасына бастық болып келгенінде қазіргі елді мекендердің (поселкелердің) бәрі бар болатын. Олар — мұнайшылардың, барлаушылардың, құрылысшылардың мекен етіп отырған ауылдары десе де болады. Солардың бәрінде жеті мыңдай адам тұрып жатқан көрінеді.

Қай жерде де жергілікті тұрғындардың бірінші қамқоршысы сол жерлерде орналасқан ірі кәсіпорындар болатыны сияқты, мұнда да әлгі елді мекендердің барлық тұрмыс жағдайларына қарайласатын осы басқарма еді. Алғаш келген кезінде Әнекең: мына әр жерде бір қоныс теуіп қалған поселкелердің бәрінің бір жерден орналаспағаны-ай деп, өкініп қалған. Егер солай болған жағдайда тұрмыс жағдайының көп мәселесін орталықтандырылған түрде бірден шешіп тастауға болар еді. Мысалы, жылу жүйесі жоқ елді мекендер үшін байланыс қызметіне де, азық-түлікпен қамту, су жеткізу сияқты жұмыстарды біресе ана ауылға, біресе мына ауылға шапқыламай-ақ, бір орталықтан шешіп отыру оңай емес пе. Бірақ өкінгеннен пайда жоқ, халыққа қалай болғанда да қол ұшын беру парыз. Сөйтіп ең күйсіз отырған Мұнайшы (Ескі Жетібай) тұрғындары арасында жұмысты бастаған.

Мұнда тұрғын үй мәселесі көпшілікті қатты қинап отырғаны белгілі болған. Сол себепті ол ең көп балалы отбасыларының тізімдерін алып, олардың отырған үйлерін кеңейтуге жағдай жасаған. Ауыр жағдайда отырған отбасыларын тізімдегенде олардың саны қырық бірге жеткен. Осы ауылда бу қазанын орнаттырып, жылу жүйесі жұмысын іске қосқан Әнекең сол бір күндері талайлардың алғысын алғаны сөзсіз. Адамнан бұрын өндірістің қамын ойлайтын сол бір кездерде де Әнекең сынды ұғымы басқа адамдардың болғаны қандай ғанибет...

«Жетыбайнефть» мұнай-газ өндіру басқармасында бір жылдан аса басшылық жасағаннан кейін облыстық партия комитеті оны ҚазССР мемлекеттік тау-кен техникалық бақылау инспекциясының облыстық бастығы қызметіне ұсынды. Ал 1991 жылы облыстық экология және биоресурстар басқармасында жерді қорғау және пайдалану бөлімін басқарды. Соңынан осы бағыттағы жұмысын «Маңғыстаумұнайгаз» бірлестігінде жалғастырды. Ал 1994 жылғы тамыздан бері осындағы мөлшерлік-зерттеу станциясының директоры.

Мөлшерлеу станциясының жұмысы да қызық, мұндағылар негізінен қандай жұмыс мөлшері үшін қанша еңбекақы төлеуге болатындығын есептеп шығарып береді. Мысалы, бұрғылау станогының 100 метр жер қазғаны үшін қанша төлеуге болады? Немесе кен іздеушілердің еңбегін қалай бағалар едіңіз? Күндіз-түні ұңғыларды бақылап, мұнайдың қалай өндіріліп жатқанын аңдитын мұнайшы-оператордың еңбегі ше? Иә, мұның бәрі отыз-қырық жылдан бері сан рет екшеліп, баяғыда бір қалыпқа түсіп болған мөлшерлер. Бірақ сол ұжымның атқаратын жұмыстары әлі жеткілікті. Ара-тұра іссапарларға шығуға тура келеді. Ұзақ жылдар бойы мұнай, газ барлау, өндіру жұмыстарының қыры мен сырына әбден қанықтым дегенмен де Әнекең әлі тізгінді босататын емес, әлі де баяғысынша тың. Әрбір іс тетігін жете тексеріп, не нәрсеге болса да көз жеткізіп әрекет етуді ұнатады. Сол себепті де ол бүгін Жаңаөзен қаласына жол тартқан. Астында желдей ескен «Иномарка» болмағанымен ақ шаңқан «Волга». Өзі сан рет жүріп өткен, әрбір тасы дерлік көзіне оттай басылатын маңғаз даланы қақ жарған асфальт жолмен зымырап келеді. Өзеннің ойына құлай бере қалың качалкалар «орманына» еніп кетті. Бүгін әдейі Жаңаөзенге апаратын тіке жолмен емес, өнеркәсіптік аймақ деп өздері атап кеткен осы жолмен жүрген. Әне бір тұста бір кездері небәрі 7-8 ұңғы көрінетін. Қазір осылай келе жатып бәрін санап шығу тіпті мүмкін емес. Оңында да, солында да сол бір көрініс. Аттың еріндей болып көзге ерекше түсетін качалкалар өңештері мен оның бауырындағы алып доңғалақтар еріне қозғалып май өндіруде. Кейбір жерлерде олар біріне-бірі тіпті жақын орналасып, қарама-қарсы тұрып билеген екі тұлпарды еске түсіргендей. Бұлар екі түрлі тереңдіктен май сорып тұрған «жұтқыншақтар» екенін Әнекең жақсы түсінеді. Тағы да қай жерде мұндай қосақтар бар екен дегендей, айнала қызыға қарап қояды. «Жөндеу күтіп тұрғандар ғой», — дейді ішінен күбір етіп, ондайда...

Асфальт жол жалтырап әлгінде ғана бүркіп өткен жауыннан кейін көріктене түсіпті. Бұл жолмен бұлайша рахаттана жол жүру сонау бір жылдары тіпті мүмкін емес еді. Ақтау мен Жаңаөзеннің арасына жабық брезент ГАЗ-6З автомашинасымен шаңға көміліп, алты сағатта әрең жететін. Сонау көрінген Қулының құлауынан немесе Тарлының құлауынан асып, шаң бөккен кірпіктері арасынан көздері әрең жылтырап келе жатушы еді... Ол бір алашапқын ауырлау күндер болатын. Партияның жалауын қолға ұстап, «уралап» жүгіру талайларды-ақ титықтатып кеткен шығар сонда. Әйтеуір Әнекең құдай берген денсаулықтың арқасында, қанша шаршап-шалдықса да, сыр бермегендей...

Жалпы адамдар әртүрлі ғой. Солардың арасында өзіне сеніп тапсырылған істің қандайы үшін болса да бойындағы бар мүмкіндіктерін сарқа пайдаланудан жазбайтын адамдар болады. Ондайлар үшін әдетте ең бастысы өзіне сенім артқан адамдардың ойынан шығу, соларды жерге қаратпау, істің мүддесіне нұқсан келтірмеу. Ұдайы осы талаптың үдесінен шыға жүріп жұртшылық арасындағы өзінің беделі мен абыройын да арттыра түскенін олар тіпті ойламауы да, сезбеуі де мүмкін. Неге? Өйткені ондай жандар өздерінің азаматтық парыздарын риясыз таза көңілмен өтейді, жасаған қызметін саудаға салмай, адал атқарады. Бір қызығы, өмір деген арпалысқан әлемнің құшағында осындай кіршіксіз таза жандардың көлеңкеде қалып қоятын кездері жиі ұшырасады. Өзінің мұнайшылық жолын Құлсарыда бастап, Маңғыстауда жалғастырып, қырық жыл бойы аттан түспеген қара алтынның демімен ғана тыныстай келген Әнес Бүркітбайұлымен таныса келе осындай ойға қалуға болар еді. Бұл төңіректегі ойларымызды елімізге еңбегі сіңген құрметті мұнайшы әрі жазушы Рахмет Өтесінов ағамыздың кездейсоқ көзге түскен мына бір хаты да бекіте түскен: «Қымбатты Әнес Бүркітбайұлы! — деп, басталыпты ол, — тағдыр бізді бұдан отыз бес жыл бұрын Кең Жылойда кездестірді, екеуміздің өмір жолымызды бір арнаға салып, бір өзеннің бойымен ағызып ала жөнелді. Содан бері сен — іні, мен — аға болып бірге өсіп, біте қайнасып келеміз...

Ол баста жаңа келген жас инженерді аупарткомның бірінші хатшысымен таныстырған, кейін бір-біріне желімдей жабыстырған қандай күш?! Осы сұраққа сенің сол кезде көзге ұрып тұратын парасаттылығың, үлкеннің алдындағы ізеттілігің, ибалы иманжүзділігің жауап берсе керек.

«Қой асығы демей-ақ, қолың толса сақа тұт, жасы кіші демей-ақ, ақылы асса — аға тұт», — деп, тегін айтылмаған.

Сенің өндірістік өмірің кейінгі жастарға үлгі боларлықтай, қатарың қызығарлықтай мазмұнды. Өзендей алып кен орнын ашуға араласу, басынан бастап игеруге қатысу, оның қиындыққа толы құбылыстарын бастан кешу, бейнетін арқалап, зейнетіне бөлену көрінген мұнайшының қолына түсе бермейтін бақыт. Өйткені Маңғыстау мұнай өндірісі тарихын маңдай терімен, табан етімен жасаушылардың алдыңғы қатарында сенің атың тұр. Оны біреу мойындар, біреу мойындамас, бірақ пендешіліктен жоғары тұратын бір нәрсе бар, ол — шындық. Ақиқат деген алмас кездік қанша жасырсаң да қаптың түбін жарып шығары хақ»...

Осынау ыстық сөздердің Әнекең еңбегіне берілген жоғары баға екені даусыз болса керек. Бірақ та адамның еңбегін белгілі бір анкеталық деректерге қарап бағалайтын, ал нағыз ащы терін төгіп жүргендер қалтарыста қала беруі оп-оңай заманда мұндай әділетсіздіктердің талайын көріп өскеніміз хақ...

* * *

Теңіз жағасын аппақ қар бүркеген. Сонадайдан көрінген жартасты жағалаулардың қиқы-жиқы сызықтары бейне бір шексіз шалқыған көгілдір әлеммен араға салынған шекара іспетті. Су бетінде әлсіз желден пайда болған ұсақ толқындар сұлу әйелдің бетіндегі сүйкімді майда әжімдердей әсем-ақ.

Демалыс күні еді. Маңғыстау қысының сирек кездесетін ашық та аппақ қарлы күнінде кеудесін кере демалып, серуендеп қайтуға шыққан Әнекең жағаға қарай жайлап түсіп келе жатты. Алпыстың асуынан асқанына көп болмаған, денсаулығы әлі мықты. Басын ақ қырау шалғанымен жаны әлі жас, елгезек мінезді осы жанды бұл маңайдан жиі көруге болады. Тынымсыз толқындар қозғалысын бақылап, ойға шома теңіз жағалай қыдыруды ұнатады. Шалқыған көк айдын оның есіне еріксіз теңіз түбінде, мыңдаған метр тереңдікте тербелген өзге бір теңізді — мұнай теңізін еске түсіреді. Оны Жер бетіне шығарудың қамында қазір де талай азаматтар жүр. Алайда олар алатын асуларға баратын жол бұлардікінен гөрі тегістеу секілді көрінеді. Өйткені заман басқа, адам да өзге...

Жай аяңдап жағалауға да жеткен. Жап-жақын жерде құрықтай мойындарын кербездене қозғап, сәнмен жүзіп бір топ аққу жүр. Бұл қасиетті құстар соңғы жылдары Ақтау қаласының көркіне көрік қосып, осы жағалауды қыстап қалып жүр. Адамның қолынан жем алып жейді, үй құстары сияқты адамға тіпті үйірсек болып алған. Жанында немерелері болмаған соң нан алып шықпаған Әнекең оларды босқа дәмелендірмейін деп кідіре берді.

Иә, әрбір тіршілік иесінің өз өмірі, өз тағдыры бар. Аққу сынды құстар бір қиырдан екіншісіне қоныс аударып, жылы жақ іздеп қанаттарын талдырса, жайлы қоныс, жақсы жағдай іздеп қиырды кезетін адамдар да болады. Бірақ өзі үшін туып-өскен Маңғыстауынан жайлы да, жағдайлы да жер болып көрген жоқ және болмайтын да шығар. Ол өзінің жылы ұясын, жайлы қонысын осы өлкеден тапқанына, ұясын осында салып, балапандарын сол ұясында түлетіп ұшырғанына риза. Ғұмыр сапарын қатар кешіп келе жатқан жан жолдасы Әлиясы екеуі бір қыз, екі ұл тәрбиелеп өсіріп, ел қатарына қосты. Әминасы Мәскеудегі химия-технология институтын бітірген. Пластмасса зауытында, Қазақ мұнай-газ зерттеу институтында қызмет жасаған. Соңғы жылдары заманның жаңа талаптарына сәйкес Алматы қаласында ағылшын тілін меңгеріп, жоғары экономикалық білім алды. Экономика магистрі атағына ие болған алғашқы қазақ жастарының бірі. Қазір облыс орталығында «Казгеошельф» біріккен кәсіпорнында қызметте. Жамбылы Алматы политехника институтының түлегі, «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамына қарайтын Материалдық-техникалық жабдықтау басқармасы бастығының орынбасары. Келіні Сәния да экономист. Кенжесі Сәкен өз ісін ашып жатқан қазақ жастары қатарында Мұнай өндірісі құрал-жабдықтарын оңдайтын және жеткізіп тұратын серіктестік құрған. Ая мен Дана атты екі кішкентай немересі бар. Қарап отырсаңыз, балаларының бәрі де ата-аналары салған ізбен келе жатыр. Бұл отбасының үлкен-кішісі түгелімен Маңғыстау байлығын игеруге қызмет етіп келе жатқандар. Туралай айтқанда, олар мұнай өндірісімен ғұмырларын бірге өріп, бірге жасасып, біте қайнасқан жандар. Ең бастысы, бұл салынған із әлі де жалғаса бермек. Адам ғұмыры деген жауапты жолды белінен басып тұрған әркімге-ақ тағдыры осы кісінікіндей-ақ сыйлық жасаса жаман болмас еді-ау деген ой қылаң бергендей. Талайлардың өз тағдырына қызыға қарайтынын Әнекең де сезетіндей, сезеді де соған шүкір етеді. Иә, ол ұзын да мазмұнды онжылдықтардың біразын артқа тастап, ілгері жүріп келеді. Сүріне жаздап қалған тұстары бар шығар, бірақ құламапты. Дегенмен түзу жолдың бойында да не түрлі жанға батқан, жүрекке салмақ салған жайлар жоқ дей алмайды. Соларды ойлайды... толғанады...

Кенет дәл жанынан шағаланың шаңқ еткен даусы шыққан. Жалт қараса бір топ бала сонадай жерде аққуларға нан үзіп лақтырып тұр. Мұғалімдері болу керек, орталарында ұзын бойлы жас әйел бар. Төбелерінде шырқ үйіріле ұшқан топты шағала, аққуларға лақтырған наннан олар да дәмететіндей. Бірақ ешқайсысы қысқы қонақтардың жемін ала қашуға батпайтындай. Тек айналып ұша береді... ұша береді... Осындай бір суретті бұрын да бір байқағаны бар. Ғажап, өздерінен гөрі дәрменсіз көре ме екен әлде құс патшасы құдіретін олар да сезе ме?! Әнекең аңырып ұзақ тұрды. Оған дүние барған сайын сұлуланып кеткендей ыстық көрініп кеткен. Қараса аспан да мөп-мөлдір, көгілдір теңізге ұласып айырықша сұлу бір кейіпке енген. Арқасындағы ару қала Ақтау анау, барған сайын сымбаттануда. «Иә, Маңғыстау жасарып барады. Оның келешегі әлі алда», — деген ол өзінен өзі күбірлеп...


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама