Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 2 күн бұрын)
Геолог Беркінғали Атшыбаев кім?

Осы сұрақ мені біраздан бері байыз таптырмаумен келеді. Ізденіс барысында Құлқаш Қарамұрзиев, Әбу Атшыбаев сияқты көнекөз ағалар арқылы білгенім — ол қазақтан шыққан тұңғыш жоғары білімді инженер геолог. Жем бойының перзенті. Руы — шеркеш. Одан соң шалдардан естігенім 1931 жылы Адай көтерілісі кезінде Қарашүңгіл бойында кен іздеп жүрген ол сталиндік зобалаңға қарсы шыққан көтерілісшілер қолына түскен. Шаш қойған, орысша киінген әрі үкімет қызметі үстіндегі жігіт көтерілісшілер ұғымында «қызыл комиссар», жау. Сондықтан әуелі өлім жазасына кесіледі. Беркінғали өте көркем жігіт екен. Әрі ағып тұрған шешен. Сонысына тәнті болған беделді бір ақсақал араша түсіп, жанын сауғаға алады да: «Шырағым, хан баласы болуға лайық жан екенсің. Енді біздің қолға түсе көрме», — деп, қашырып жібереді. Қашқынды Құлсарыға дейін жеткізіп салушы сол кезде жас бозбала, ағылшындар тұсында мұнайшы болған, артынан біздің мұнайшыларға да жұмыс істеп Беркінғалилармен танысып, араласқан атақты Қайшыбай Боқанов. Тарих ғылымының докторы, профессор Талас Омарбеков еңбектерінде Атшыбаевтың Батыс Алашорда әскери қосынында бас интендент болғаны шаң береді. Батыс Алашордасы басшыларының Халел Жанша Досмұхамбетовтер болғанын білеміз. Ал олардың оң қолы бола білу кез-келгеннің маңдайына сия бермеген ғой. Лeниннің өзі алашордашыларға кешірім беріп, ұлтжандылығымыздың туған халқына қызмет етуіне мүмкіндік туғызғанын тағы білеміз. Бұдан шығатын қорытынды Б.Атшыбаев ілкіде алашордашы болғандығы үшін жауапкершіліктен құтылған. Бұдан 3 жыл бұрын мен Маңғыстау ауданы атқару комитеті төрағасының орынбасары, 1938 жылы жазықсыз шейіт болған Үсенғали Иманғазиевтің ҰҚК құпия архивінде сақталған тіркеу ісімен танысу барысында онымен бірге Б.Атшыбаевтың да тұтқындалып, ақталғанын білдім. Үсекең тағдыры туралы бұрын газетте жарияланған «10 күн тергеліп, 12-күні атылды» атты очеркімде тергеу ісіндегі жауап алу протоколына жолма-жол тоқталғаным себепті оған бұл жолы оралмай-ақ қояйын. Қысқаша айтқанда, Б.Атшыбаевқа тағылған айып — белсенді алашордашы, I.Құрамысов, Д.Хангереев, ағайынды Ақботиндермен, Т.Әлиевпен, А.Меңдалиевпен бірге шетел барлауына қызмет еткен, өнеркәсіпте зиянкестік жасаған т.б. ойдан шығарылған оттақылар. Содан соң іле-шала ҰҚК органдарына сұрау салдым. Атырау ҰҚК басқармасына аяқтай барып та Б.Атшыбаевтың тергеу ісін іздедім. Олар қол ұшын беруге уәде етті... Бірақ оның орындалысы тым ұзап барады. Дегенмен құр қол емеспін. ҰҚК қызметкерлері Б.Атшыбаевтың жанұясының барлығын, ұлының сұратуы бойынша әкесінің өлгеннен соң ақталғаны туралы анықтаманы жібергенін мәлімдеді. Осылайша кейіпкерімнің жанұясының ізін шығардым. Зайыбы Лидия Георгиевна Софенрейтер, ұлы Беркен Беркінғалиұлы Атшыбаевтың қолында Алматыда тұрады. Бұл жанұяның қиын тағдыры туралы бізден гөрі қолы ұзын алматылық әріптесім Светлана Оразаева Лидия Георгиевнаның қысқаша естелігін жазып, өткен жылы жариялап та үлгеріпті. Естелік ішінде 5 фотосурет бар.

— Беркен Мұқашұлы Атшыбаевты мен мұнай техникумының геология факультетінде оқып жүргенде білдім. Оның атасы зиялы, жұғымды жан, жақсы геолог ретінде танымал еді. 1933 жылы және 1934 жылғы өндірістік тәжірибе жұмысымды мен соның тобында өткердім, — дейді Л.Г.Софенрейтер.

Лидия Георгиевнаның айтып отырған оқу орны 1932 жылы ашылған Гурьев мұнай техникумы. Күйеуінің атын Беркен деп атауы да түсінікті жәйт. Иванды өзімсініп кішірейткенде Ваня болатыны сияқты ғой.

— Өзімнен 18 жас үлкен болғанына қарамастан, оған ғашық болғаным таңқаларлық емес. Бұдан кейін ондай асқан білімді, оқымысты, зиялы жанды ұшыратқан емеспін, — дейді одан әрі Лидия Георгиевна.

Естелік иесі күйеуінің қазақтың белгілі әулетінен шыққандығын, Қазыбек бидің тұқымы екендігінен хабардар етеді. Әңгімеміздің басында оның руы шеркеш екендігін айттық қой. Біз анықтаған тағы бір дерек Беркінғалидың туған апасы атыраулық белгілі ұстаз Жанаш Нұрмахановтың анасы, яғни белгілі маңғыстаулық журналист Жаннат Нұрмаханованың әжесі. Оның Қаракесек Қазыбек бимен қалай туысатынын анықтауды келер күннің еншісіне қалдыра тұралық.

Б.Атшыбаев төңкеріске дейін Оралдағы реальды училищені бітірген. Бұл кәдімгі «Ақ Жайықтағы» Хакім Жүнісов оқыған оқу орны. Реальды училище ол кезде орта дәрежелі техникалық мектеп. Лидия Георгиевна оған әскери деген анықтауыш қосыпты. Ақиқатында олай емес. Б.Атшыбаевтың әскери шені капитан екен. Сірә ол оны соғыс кезінде әлдебір қысқа мерзімді курста оқып алған тәрізді. Кеңес кезінде кейіпкеріміз Мәскеудің тау-кен академиясын бітіріп, бірден Гурьевке келеді. Бұл уақытта Жылыойда Мақат төңірегінде кең көлемде барлау жұмыстары жүріп жатқан-ды. Мұнда Беркінғали Мұқашұлының қатысуымен көптеген мұнайлы кен орындары ашылып, зерттелді деп куәлік береді Лидия Георгиевна. Бірақ қандай кенорындары екенін түстеп, түгендемейді.

Біз 1935 жылы үйлендік. Бір жылдан соң дүниеге қызымыз келді. Бізден бақытты адамдар жоқтай көрінетін. Әттең, қайтейін... 1937 жылдың шілдесінде күтпеген жерден қызымыз шетінеді, екінші балама аяғым ауыр еді. Ол ұл баламыз Мәскеуде, Беркен менің көңілімді сергіту үшін апарған кезінде, 18-тамыз күні дүниеге келді...

Ауызекі деректер Б.Атшыбаев министр Л.М.Кагановичтің қабылдауында Жем, Маңғыстау мұнайы мәселесімен үш рет болды дейді. Оның бірі дәл осы кезде болса керек деп топшылаймыз. Өйткені тек әйелінің көңілін сергіту үшін Мәскеуге бармасы анық.

— Содан кейін мен үйге, Гурьевке оралдым, ал ерім аурулығы себепті Мәскеуде қалып қойды. Ол сондай-ақ басына қара бұлттың төніп келе жатқанын сезіп білген еді. Соған дейін-ақ бірнеше жақын адамдары тұтқындалған-ды. Мен Гурьевте 24-қазан күні қарсы алдым, үш күннен соң оны алып кетті. Маған айтқан соңғы сөзі: Мен ешқандай да кінәлі емеспін, шыда, бәлкім жыл өтер. Бірақ бәрі де анықталады, ораламын» болды. Содан қайтып ерімді ешқашан көре алғаным жоқ. Одан Гурьев түрмесінде болған уақыттарында екі рет хат алдым. Біріншісінде былай деп жазылған: JI.Г.Софенрейтерге. Лилуся, сенің туғандарыңа баруыңды жөн санаймын, өзің үшін де, Бербишка үшін де (ұлы Беркінді айтқаны ғой — Ә.С.) жақсы болады. Көлікті сұрап аларсың. Маған шай, махорка мен қағаз, кітап, қант сатып алып беріп жібер. Сендерді қатты сүйемін. Беркен.» Екінші хат тұтқынның 22-қараша күні 1 пар қолғап, етік, шұлғау, іш киім, шұлық қабылдап алғандығы туралы қолхаты. Желтоқсанда оны Оралға жіберуге дайындады. Орал ол уақытта облыс орталығы, Гурьев соған қарайтын. Уақыт өтіп жатты. Беркен Мұқанұлынан ешқандай хабар жоқ. Менің сауалыма жауап бермейді. 1938 жылдың көктемінің соңына таман Атшыбаев тірілер арасында жоқ, ол туралы қаладағылардың көбі, тіпті менің ата-анам да біледі деген қауесет тарап кетті. Іле-шала оның өлімі жұрт аузы аштық жариялағаннан болды, жауап алу кезінде тергеуші атты, есін білмейтін ауру-мыс деп, сан саққа жүгіртіп кетті. Оның қазасы осы күнге дейін белгісіз. Болған адам жоғалды да кете барды. Партияның XXI съезінен соң мен СССР Әскери прокуратурасына, Чкалов қаласындағы Оңтүстік Урал әскери прокуратурасына сұрау салып хат жаздым. Оралдың барлық архиві ақтарылды. Алматы, Ақтөбе де жартымды жауап бермеді. Бір сөзбен айтқанда, Атшыбаевтың ізі ұшты-күйлі жоғалды. Тек қана Гурьевтегі тіркеу журналынан «төңкеріске қарсы деп айыпталған Б.М.Атшыбаевтың 1937 жылдың желтоқсанында Гурьевке этаппен жіберілгені» ғана шаң берді. Онда менің көз жасымды төге отырып «бұл қалай сонда жер басып жүріп, қапаста қолдан өлген адамның ең болмаса өлі дерегі табылмай ма» деген сауалыма прокурор «сірә, бұл жерде айыпталушыға қатыстының бәрін жойып жіберуге тиіс болған бір зұлымдық жасалған ғой» деген жауап берді.

Менің алғашқы сауалыма екі жылдай уақыт өткен соң 1957 жылы 6-желтоқсанда Оңтүстік Орал әскери округінің прокуратурасы Беркен Мұқашұлы Атшыбаевтың өлгеннен соң ақталғаны туралы анықтама берді. Міне, ерім туралы өзі көзден кеткен соң қолға ұстап қалған бар дерегім осы.

Күйеу баласының артынша атасы, Лидия Георгиевнаның әкесі Георгий Софенрейтер де НКВД-ның аранына түседі.

Г.Софенрейтер Еділ бойының немісі екен. Екінші сыныпты аяқтамай әкесі өледі. Енді оқуды тастап, жұмыс істеуден басқа жол жоқ. 12 жасында Астраханьнан Гурьевке келіп болашақ қайынатасының шеберханасына жұмысқа жалданады. Қожайынның қызына ғашық болғаны соншалық, үйленер кезде шіркеуде некесін қидыру үшін православие дінін қабылдайды. 1915 жылы ұлтының неміс екендігіне қарамастан, православие дінінде болғандығы себепті оны соғысқа алады. Лидия онда екі айлық қана. Соңғы хабары 1916 жылы Самарадан келеді де, хабарсыз кете барады. Соңынан белгілі болғандай, ол орыс экспедициялық корпусының құрамында Франциядан барып бір-ақ шыққан екен. Француз одақтастардың экспедициялық корпусты майданның ең бір қансоқта тұсына салғанын тарихтан білеміз. Орыстар онда ғажап ерлік көрсеткен. Қазан төңкерісінен соң революция идеясының таралып кетуінен қауіптенген командование корпусты Ла Курин лагеріне әкеліп, құралды тапсыруға бұйырады. Солдаттар оған көнбей, елге қайтаруды талап етіп, бүлік шығарады. Бүлік басшыларының біразы түрмеге қамалып, біразы Солтүстік Африкаға каторгалық жұмысқа жіберіледі. Осы соңғы топқа тап болған Софенрейтер Африкада 4 жыл каторга дәмін татып, елге 1921 жылы ғана оралады. Әйелі мен қызы оны көруден үмітін үзіп қойған екен. Тек шешесі ғана «ол көйлегімен туған, оралады әлі» дейді. Ақыры ананың айтқаны келеді. Өз сөзімен айтқанда, «капиталистік дозақты көзімен көрген ол каторгадан француз, араб тілдерін үйреніп оралады. Неміс тілі, сірә, ана тілі. Орысшаға да сайрап тұр. Тек орысша оқуы мен жазуы нашар. Софенрейтердің Франция сапарында түскен 42 фотосуретін 1938 жыл тұтқынға аларда тінту кезінде НКВД алып қойған екен. Содан қызында кездейсоқ бір ғана сурет Софенрейтердің Архангельскіден Марсельге жүзіп бара жатқандағы бір фотосы сақталып қалыпты. Онда қырбық мұртты, ашаң, әдемі жігіт тұр.

1938 жылдың бүкіл жазы бойына Лидияның мамасы НКВД-ның табалдырығын тоздырады. Күзде ғана күзетушілер әуелі жылы киімін сұратып, ертесіне апарғанда азамат Георгий Иванович Софенрейтердің хат жазуға рұқсат етілмейтіндей тәртіппен 15 жылға сотталғанын хабарлайды. Соңынан барып оның жақын інісі органда қызмет ететін бір досы әйеліне күйеуінің атылғандығы туралы ащы шындықты жеткізеді. Мамасы қызынан бұл шындықты 18 жыл бойы жасырып келіп, 1956 жылдан соң ғана ашады.

1990 жыл Гурьевтегі мемлекеттік қауіпсіздік басқармасы (НГБ) Лидия Георгиевнаға әкесінің УНКВД үштігінің үкімі бойынша 1938 жылдың қазанында атылғанын хабарлады.

Сөйтіп күйеуінен бір, әкесінен екі айырылған «халық жауының қызы», «халық жауының әйелі» Лидия, «халық жауының ұлы Беркінін арқалап қала береді. Әуелі бұлардың пәтерін тартып алады. Жұмыстан шығармақ болады. Бірақ тұтқынға алмайды, өзгелер сияқты жер аудармайды. Оны да әбден түсінуге болады. Тек Лидия Георгиевна емес, Гурьев, Маңғыстаудан 1937 —1938 жылдары зобалаң құрбандарының әйелдерінен ешкім де жер аударылған жоқ. Өйткені мұндағылар онсыз да тағдыры жер аударып қойғандар санатында саналатын. Одан кейін де солай болумен келді.

1949 жылы Еділ бойы немістерін жер аударды. Соқырдың лақтырған таяғы соқырға тиіп, сол зобалаң екі жесір — Лидия мен анасын да шарпи кетті. 1941 жылдың 14-қарашасы күні бұларға екеуінің де орыс ұлтынан екеніне қарамастан, марқұм Г.Софенрейтердің неміс болғаны үшін ғана Гурьевтен үш күн ішінде Есбол ауданына Индер поселкесіне барып тұруға әмір берілді. Лидия 5 қыздың үлкені, қасында Беркіні бар. Сөйтіп жеті мұңлық тарта барды. Жаңа мекенде енді қызмет жоқ. Лидия ақыры әзер алдымен жүріп балалар бақшасына меңгеруші болып орналасты. 250 сом айлық. Соғыс кезінің қымбатшылығында бұл тиын деуге тұрарлық. Әй, құрсын, беті аулақ өтті ғой бастан талай күн... 1942-нің қысында немістерді еңбек майданына жөнелтті, ал сол жылдың аяғында 16 мен 50 жас аралығындағы әйелдерге де кезек келді. Одан тек 4 жасқа дейінгі баласы барлар мен неміс күйеулерімен ажырасуға арыз берген орыс әйелдері ғана лаждап аман қалды. Амалсыздың күнінен оған да барғандар болды. Сөйтіп талай шаңырақтар күйреді. Лидия мен анасына бұл құйттай жеңілдіктің өзі бұйырмады да, бұлар да еңбек майданына алынды. Сәті түскенде осы жерде Беркінғалидың достары қол ұшын берді. Лидияны «Қазақстанмұнай» бірлестігіне өз мамандығымен лажын тауып қызметке алып қалды. Достардың бұл көмегі ол кезде нағыз жүрек жұтқан көзсіз ерлік еді. Сөйтіп байғұс Лидия осыған шүкіршілік етіп, әр айдың 20-сы күні арнаулы комендатураға келіп, тіркеуден өтіп қойып, жұмысын жасап жатты. Соғыс та бітті. Бірақ бұлардың тағдырында еш өзгеріс жоқ. Қайта 1948 жылы Молотов қол қойған бұл «еріксіздер» үшін орныққан жерінен арнаулы рұқсатсыз кетіп қалғандары үшін 20 жыл каторгалық жұмысқа жіберілетіні туралы» қаулы шықты. Тек 1954-тің жазында ғана еріксіздер есептен алынды, паспорт берілді. Осылайша жанын шүберекке түйіп жүріп, төрт сіңлісін, ұлын ер жеткізіп, ел қатарына қосқан Лидия Георгиевнаның үлкен, ұлы ерлігін, ерінің шаңырағын құлатпағанын қалай айтпасқа. Беркен жоғары білімді автотранспортшы инженер болды. Анасын әже атандырып, ернін жібітті.

Лидия Георгиевна бір кезде ері екеуі еңбек жолын бастаған ұжымнан зейнетке шықты. Геология, минерология ғылымының докторы, профессор Николай Васильевич Неволин Жем мұнайының абыздарының бірінен саналады. Сол кісінің жазба есептерінде геодезист Л.Г.Софенрейтер аты Оңтүстік Жем маңын зерттеуде көп үлесі бар маман ретінде аталады.

Лидия Георгиевнаны мен 1952 жылдан білемін, — дейді Лениндік сыйлықтың иегері Валентин Петрович Токарев, — ол тамаша геофизик болатын. Бізді таңқалдыратыны да, тәнті ететіні де геофизикалық жұмыс нәтижелерінің дәлдігі еді. «Маңғыстаугеология» қоғамының Президенті Ғиззат Өтешұлы Балмұхамбетов Лидекеңді білетін боп шықты. «Қазақойлдың» бұрынғы Президенті Балтабек Қуандықов ол кісіні білікті маман деп қатты бағалайды екен.

Міне, марқұм, Б.М.Атшыбаев туралы әзірге білетініміз осындай. Оның жанұясында баласымен бірге түскен бір суреті сақталыпты. Бала 5 — 6 жастардағы мөлдіреген сәби. Суретке Лидия Георгиевна күйеуінің бірінші әйелінен туған баласымен түскені деп түсінік берді. Беркінғалидың екінші әйелінен 18 жас үлкен екенін жоғарыда айттық. Яғни ол 1895 жылы туған. 13-те отау иесі дейтін қазақтың белгілі, белді әулетінен дүниеге келген Беркінғалидың Лидиямен тұрмыс құрғанға дейін де некеде болуы әбден заңды. Ол әйелі кім? Суреттегі баласының тағдыры қандай болды? Ең бастысы, ол қайда туды? Оларға дейін қайда оқыды, ата тегі кім? — қысқасы кейіпкеріміз төңірегіндегі белгісіз жәйттер жетіп артылады. Архив қазыналары әлі ақтарылып жатыр. Ең басты өкініш оның тергеу ісі әлі қолға түспей тұр. Дегенмен үмітсіз емеспіз. Біз бастан өткен тәжірибеде ҰҚК құпия архивінің құлпы оңайлықпен ашыла қоймайтын. Талай сергелдеңге салатын. Егер бұл жолы да сөйтіп барып іздеген жоғымыз табылса еңбектің қайтқаны деп білеміз. Бізге әзірге бесенеден белгілісі — Б.М.Атшыбаевтың ұлттық зиялыларымыздың ішіндегі Мұхаметжан Тынышбаевпен шендесе аларлық көрнекті тұлға екендігі. Енді соны ашып, есіл ерді еліне танытуды борыш, парыз деп санаймыз. Бұл мәселеде жұртшылық көмегіне де ділгерміз. Б.М.Атшыбаев туралы білетіндерін жұрт ортаға салар деп күтеміз...


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама