Мұрат Әбенов: Полицейлерден гөрі мұғалімдердің жалақысын өсіру керек
Кеше бірқатар депутаттар мұғалімдердің жалақысын көтеру туралы бастама көтерді. Тіпті қызды-қыздымен мың доллардан төлеу керек деп көсілгендері де болды. Әрине, жақсы ұстаздың шәкірті өзінен озатыны белгілі. Ал жақсы ұстазды қалыптастырып, одан білікті шәкірт күткіміз келсе, ұстаздардың жағдайын жасауымыз керек. Сананы тұрмыс билеген уақытта ел болашағын тәрбиелеп жатқан ұстаздарымыздың тым болмағанда материалдық мәселесі шешімін тауып отырса құба-құп болар еді.
Кешегі депутаттардың бастамасына орай бір кезде өзі де еліміздегі білім саласын басқарған Мұрат Әбеновтен қазіргі мұғалімдердің жалақы мәселесіне қатысты пікірін білген едік. Қоғам қайраткері «Әлем бойынша құқық қорғау саласы қызметкерлерінің көптігі жағынан алғашқы он елдің қатарындағы Қазақстанда құқық қорғаушылардан гөрі ұстаздардың жалақысын көбейту керек» деген ұстанымын айтты.
«Біз білім саласындағы реформалар жайлы көп айтамыз. Жыл сайын осы салаға қойылар талапты күшейтеміз. Түрлі бағдарламалар енгізіп, оны қиындата түсеміз. Ал білім саласында қызмет ететін мамандар жылдан жылға өз білімдерін жетілдіріп, жаңартып отырулары керек. Оған талап пен бақылау бар. Ал білім саласындағы реформаларды жүзеге асыратын ұстаздар. Ұстаздардың сапалы қызметінің арқасында ғана реформа реформа бола алады. Мұғалімдердің қызметіндегі сапасыздық реформаны жоққа шығарады. Ал кез келген саладағы нарықтық-экономика бойынша жұмыстың сапасын арттыру үшін мамандарды ынталандыратын, оларға жұмыс істеуге мүмкіндік беретін ол – қаржы мәселесі. Яғни істеген ісіне қарай алатын айлығы. Сол себепті білім саласы мамандарына қаншалықты талап қоятын болсақ, соншалықты олардың айлығын да көтеруіміз керек. Оларды тек үгіттеп, «Сендер болашақ үшін жұмыс істеп жатырсыңдар!» деп арқасынан қағып, мәртебесін тек құр сөзбен көтерумен шектелетін болсақ, біз ештеңе шешпейміз», - дейді Мұрат Әбенов.
Сапалы жұмыс талап етілген жерде жоғары деңгейдегі қаржы да қарастырылуы керек. Бұл ешкімге айғайлап айтпаса да түсінікті жағдай. Дегенмен ұстаздар тарапына келгенде аз айлықпен көп еңбек талап ететініміз жасырын емес. Мұрат Әбенов қазіргі мұғалімдердің көбі жұмысынан айрылып қалмау үшін ғана бәріне көнетінін айтады.
«Бір байқайтыным, қазіргі кезде білім саласындағы түрлі реформалар, жаңа бағдарлама, жаңа білім жүйесімен қызмет ететін көптеген ұстаздар қызметінен айырылып қалмау үшін жұмыс істеп жүр. Басшылықтың қырына ілініп кетпес үшін берген тапсырмаларының барлығын орындап, қайда бар, не істе десе соны жасауға тырысады. Артығымен жұмыс істесең де, жоқ, баяғыңша көштен қалмай жүре берсең де төленетін жалақыда айырмашылық болмағандықтан, мұғалімдердің де білімді ұрпақ тәрбиелеп, білікті маманның негізін қалауға деген қызығушылығы артпасы белгілі. Қазіргі уақытта барлық мәселе қаржыға тіреліп тұрған уақытта, ұстаздарды айлық арқылы жұмысқа деген қызығушылығын арттырмағаннан кейін ешкім де артық жұмыс істегісі келмейді. Осылай ғана түсіну керек. Ешкім оның еңбегін елеп, артығымен жасағаны үшін артығымен ақша төлемеген соң көптеген ұстаздар қосымша жұмыс істеуге мәжбүр. Ал басқа жерде, қосымша жұмыс істеп жүрген адамның бір іске түбегейлі беріліп істеуі екіталай», - дейді қоғам қайраткері.
Әңгіме кешегі депутаттардың ұсынысынан шыққандықтан Мұрат Абдуламитұлынан егер ұстаздардың жалақысын көтергендей болсақ, мемлекеттің оған әлеуеті жете ме деген сұрақты қойған едік. Қоғам қайраткерінің жауабы қысқа болды.
«Мысалы, біз полицейлердің айлығын көтеріп, басқа саланың қаржысын екі есе азайтсақ, полицейлерден мемлекетке түсетін пайда аз. Осы тұрғыдан алғанда Үкімет есептеуі керек. Елдің дамуын, мемлекеттің экономикасын алға жылжыту үшін мықты, сауатты маман керек. Ал мықты мамандардың мектептерден шығатыны айтпаса да түсінікті. Сапалы мамандар дайындамайынша біз экономикамызды көтереміз деп айта алмаймыз. Мысалы, мұнай бағасы қымбаттаған уақытта көп маманның қажеті жоқ, мұнай өз ақшасын өзі табатын еді. Қазір мұнай арзандады, бюджетте кіріс жоқ, оған кіріс кіргізетін жұмысшылар. Демек, біз сапалы жұмысшы дайындамасақ ел экономикасына салмақ түседі. Осыдан қандай қорытынды шығаруға болады. Яғни, біз мұғалімдер үшін қайдан болса да қаржы табуымыз керек. Ал таппасақ, ертең сапасыз мамандар көбейеді. Сапасыз маман ел экономикасын тұралатудың бастамасы. Қазақ айтады ғой, «шығыс шықпай, кіріс кірмейді» деп, сол қағиданы еске түсіру керек», - деді ол.
Мұрат Әбенов ұстаздарға қаржыны қайдан табуға болатынын да айтты. Оның айтуынша, еліміздегі құқық қорғау саласы мамандарының қаржысын қысқартудан біз ұтылмайды екенбіз.
«Менің ойымша, құқық қорғау саласындағы мамандардың жалақысын көтергеннен гөрі ұстаздардың айлығын өсіру тиімді. Мысалы, біздің болашақта жетер жетістіктеріміздің көбі партадан басталады. Оқушыларға сапалы білім беруге мүмкіндік жасамау – болашақ ел экономикасын өз қолымызбен тұралату деген сөз. Ал құқық қорғау саласындағылар ұстаздардан аз дегеннің өзінде екі есе көп айлық алады. Қарапайым ғана қағидаға сүйеніп айтар болсақ, мектепте білімді, тәрбиелі, сапалы оқушы тәрбиелей алсақ, қоғамдағы қылмыс пен тәртіпсіздікті азайта аламыз. Яғни, мұғалімнің айлығын көтеру арқылы еліміздің экономикасын, дамуын алға жылжыта алатын болсақ, екіншіден қоғамдағы қылмыстың азаюына да септігін тигізе аламыз. Сондықтан, құқық қорғау саласынан гөрі ұстаздардың айлығын көтеруде ұтарымыз көп», - дейді Мұрат Әбенов.
Естеріңізге сала кетейік, кеше Парламент Мәжілісінде өткен жиында депутат Ирина Смирнова мұғалімдердің жалақысын көтеріп, кем дегенде мың долларға жеткізуді ұсынған болатын.