Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 5 күн бұрын)
Нәресте

Мыңжасар әйелінің аяғы ауырлағаннан кейінгі айларда өзінен-өзі тым күйгелек, сәл нәрсеге ашуланып, сәл нәрсені көңіліне алғыш мінезге бой алдырғаны. Бітпей жатқан шаруасы шамалы. Ертеңгісін университетке жүгіреді, болашақ көгенкөз мамандарға тиісті сабағын береді, қалған уағында аядай кафедраның үстеліне қонжиып, студенттерге дипломды қалай жазу керектігін, қиын есепті қалай шығару жолын үйретеді, қитығы ұстап, жүйкесіне тисе — әңкілдеп кейіп алады баз бірді. Үстінен түйе жүріп өткендей оқиға болса-дағы көнтерілілігі жетеді, сырт дүниемен ісі болмай, шаруасын істеп отыра береді. Ауыр сөзді көтереді. Кешке қарай шекесі сығып ауырады, басы зіл тартып, былғары кепкісін қолтығына қысып үйіне аяңдайды. Екі көзі төрт болып жолына қарап, шағын екі бөлмелі үйді мұнтаздай етіп тазартып, асын пісіріп әзірлеп отырған әйелін ойлайды. Тағы да көкейінің түбінен «не болып қалды» деген уайым, әлде қызғаныш, әлде мұңлы сезім бас көтереді. Жүрегін өрекпітіп, дегбірін тауысады. Жылдамдата, жіті аяңдайды.

Біреу пендешілік қызықты ерте бастайды, келесі кісі үйірінен адасқан жабайы секілденіп, сейіл құру... қыздармен танысу... қауышу... қызмет өсіру... отбасын құру секілді әр жігіттің алдынан кесе-көлденеңдейтін өмір сорабына тым кеш түседі, тіпті, баз бірін басынан кешірмей-ақ айналып өтіп, тіршілік керуенін қоңыраулатып жүргенде — отызды еңсереді, қырықтың қырқасына тырмысады. Мыңжасар да сөйтті. Ең әуелі зейіні мол, кітапқұмар жігітті «қорғап алу» деген өмір межесі титықтатты. Қатар құрбылары университеттің соңғы курсында жүріп-ақ, тәуір деген бір-бір қызды таңдап, тілін тауып, оңашалап сырласып, тойын жасап үлгергенде — бұл қобыраған қағаздарын қолтықтап кітапхана қайдасың деп тартып бара жататын. Күнді түнге, түнді күнге ұластырып тастабандап тапжылмастан отыратын. Жетекші ұстазы қосағын ертерек жер қойнына жөнелткен, қыста шашын жалбыратып бас киімсіз, шілденің ыстығында қолпылдаған кең плащпен жүретін әпенде кісі еді. Дүниенің қызығынан, қызуынан, қаңқу сөзден баз кешіп, ғылым жолына шам алып түсу қияметін үйретті. Мыңжасар шұғылданып жүріп Ферм теоремасының оңай жолмен шешілетін көзін тауып, кандидаттығын қорғады, кафедраға доцент болып қалды. Әлдебір қытай білімпазының осыдан мың жыл бұрын айтқан теоремасын математикалық жолмен шешемін... дәлелдеймін, келер ұрпаққа тоқетерін ұсынамын... деп жүріп самайына ақ қырау түсіріпті, көзінің айналасын, маңдайын өрмекші торындай әжім сызыпты. Кітапханадан кештетіп шығып кетіп бара жатқанда, ойда жоқта, кездейсоқта мектепте бірге оқыған жолдасы ұшыраса кетті. Әлгі екі бетінің қызылы шырайланып, диланып семіріп алыпты: «Ау, сені елдегі жұрт сарғайған кітаптарды оқып тауысамын деп жүріп миы ашып, мәңгүрт болып кетіпті деп еді... қалайсың?.. Үйлендің бе?..» — деп жағадан алғандай қысқаны, қараптан-қарап ұялғаны. Сонда барып өзінің ғылым жолы, Ферм теоремасы деп жүріп басқа жұрттан мүлде оқшауланып, кісікиік мінез ашып, еркекқос тіршілікке әжептәуір малданып жүргенін бір-ақ білді. «Болмас» деді, жолдасының әлгі сөзі жанына батып кетті, жүрегін түршіктірді. Ойына от түскендей күрт өзгеріп, жүріс ашып, сирағы сықырлап жүріп осы Зәуремен танысты. Отырыңқырап қалған біртоға, сыпайы, сабырлы қызды кітапханада ұшыратқан; ақынжанды, дүниенің бәрін көтеріңкі көңілмен, көгілдір бояумен қабылдап үйренген бойжеткен мінезге бай болып шықты. Қолтығында папкесі, аузынан сөзі, қойнынан бөзі түсіп тұнжыраған жігітті «ә» дегеннен өзі билеп-төстеді. «Киноға кіріп шығайықшы», — деді. Қосақтасып кинодан шығып, үнсіз-түнсіз қапталында келе жатқан азаматқа «Ертең туған күнім еді, қолыңыз бос болса келіңіз», — деп адресін берді. Қыздың туған күнін тойлаймын деп отырып ішкілікке үйренбеген басы шамалап қызып қалып, кісіге сөз бермей, самбырлап сөйлеп, қолын сермелеп, қытай ғұламасының теоремасын жыр ғып айтып, кешке жиналғандардың ығырын шығарыпты... Не дегенін, қолын қалай сермелегенін... бірін білсе, бірін білмейді... Ертесіне бетімен жер басқандай болып ұялып қыздың қарасын көргеннен бұрылып жүре берген еді. Зәуре дауыстап кідіртті, жұмсақ қолымен жігіттің қолын қысты, күлімдей тіл қатты.

— Ештеме етпейді, — деді.

«Ештеме етпейдімен» жүріп қала іргесіндегі Зәуре қыздың үйіне барып, ата-анасының алдынан өтті, тау баурайынан бұлт төмендеп, нөсер жауын сүмектеп күз басталған кеште үйленетін болып уәде байласты. Қыз үйінің ыстық тұшпарасына ауыз күйдіріп отырып «аптадан бері кітапханаға бас сұға алмадым-ау», — деп уайым шекті. Үйленетін мерзімін айтып еліне хат жазған еді, біреу сеніпті, біреу «әдейі жазып отыр» деп мазақ етіпті. Тойына Бекберген есімді арба айдайтын жамағайыны келді. Бір жарым тәулік пойыз үстінде інісінің тойына арнап ұзақ өлең жазыпты, сол өлеңін дауыстап оқып, сақалын желпілдетіп жұртты қарық етті. Аз айт, көп айт, өз өміріне, шағын екі бөлмелі үйіне өзгеріс енді. Бұрындары кітап, қағаз, газет шашылып жататын салқындау сыз үйге жылы періште енгендей сезіліп, көңіліне маздаған шоқ қоздатып, жанға жайлы, жылы ұяға айналдырып жіберді.

Бұрындары университеттен шыға салып кітапханаға бұрылатын жазған басы енді қисайып үйіне бұрылатынды шығарды, қашан Зәуресіне жеткенше асығады. «Не істеп жатыр екен, төркініне кетіп қалмады ма екен?» — деген ой көңілін құртша кеміріп, дегбірін алып, дедектетіп қоятынын білмепті. Жан қалтасынан кілтін суырып, есікті ашып кіріп келген мезетте Зәуресі алдынан шығып, күлмең қағып, бұралып құшағына кіреді. Қылықты келіншектің наздана сөйлегені, ас үйдегі мұздатқыш пен үстелді күнәра әр бұрышқа сүйрелеп орнын өзгерткені, «мынаны істедім... мынаны тіктім...» деп үй тіршіліктерін айтып бергені азаматтың жүрегін жылытып, ішпей-жемей мас етеді, ішпей-жемей есеңгіретеді. Бірін-бірі сүйіп қосылған жұбайлардың өмірі жер үстінің жұмағы екен-ау деп елжірейді. Қар кетіп, көше былжырап еріп жатқанда жүрегі көтерілгендей болып дәрігерге көрініп қайтқан Зәуре есіктен енер-енбестен арқасын босағаға сүйеп, иегін әнтек көтерді.

— Бойыма бала бітіпті, — деді нұрлана жымиып, — білгіш дәрігер айтты: «күйеуіңіз бен араңызда жас айырмашылық мол, нәресте — елден асқан зерек вундеркинд болады» деді.

Мына хабарды естіген Мыңжасар жанарының оты жанып жайраңдап қуанды, нақа қиын теореманы тексеріп шешкендей шалқып тасыды. «Шампан ашып ішейікші», — деді. Келіншегі бойына нәресте біткеннен бастап ішкілік ішуге болмайтынын, жүйкесі шаршамауын, оқыс үрейден аулақ жүруін айтып біраз дәріс оқыды. «Мақұл ғой, дұрыс қой» деумен отырып шампанды жалғыз өзі таусыпты, түн ішінде көшеге шығып, толып туған ай астында армансыз сейілдеп оралды. Әйтсе де, әйелінің аяғы ауырлағалы бері, неге екені белгісіз, тым күйгелек, болмашы нәрсеге шырт ете қалғыш, түкке тұрғысыз нәрседен көңілі қалғыш болып әбден сансырады, өзін-өзі ұғудан қалды.

«Қырыққа шыққанда пайда болған кішкентай неме жарық дүниеге аман-есен көрінсе екен».

«Дүниеге келген нәрестені бұл күнгі білгіш дәрігерлер оңай-оспақ ауруға, оқыс дертке бере қоймайтын секілді ғой».

«Зәуре мен екеуіміздің арамызды, сүйіспеншілігімізді бұрынғыдан бетер жымдастыра түсетін ақ жол алданыш болды ғой бұл да, көрсеткеніңе мың да бір тәуба».

Осындай толғаныстан кейін төсегінде сан дөңбекшіп, жанында ақырын пысылдып ұйықтап жатқан келіншегін оятады. Зәуре мазасы кетіп шытына қалады. «Не болды саған?» — дейді кейісті үнмен. «Дүйсенбі күні дәрігерге баратыныңды ұмытып кетпе». «Ұмытпаймын, несіне бекер уайым қыла бересің, өзім де ана болудың, нәресте күтудің жайын білемін ғой», — деп Зәуре ренжи тіл қатады. Терезеден құйылып түскен ай сәулесі ақ сейсепке шағылып бөлме ішін аппақ қылып жіберіпті, шам жақпай-ақ газет оқуға болатындай. Келіншегі тамағын кенеп жеңіл күрсінді. «Дәрігерлердің есебінен көп ерте қимылдады, әрі-беріден тепсінгенде бүйрегімді езіп жібере жаздайды», — деп мұңын шаға сырласады. «Ерте қимылдаса еті тірі болайын дегені ғой, азға шыда», — деп Мыңжасар келіншегіне медет бере сөйлейді. «Қайдам... ертерек босансам екен... қиналып кеттім әбден».

Қайдам?!

Келіншектің мына сөзінде, «сөзі емес-ау, сол сөздің терең астарында ауызбен айтып жеткізу қиын, сірә, мұң, уайым жатқандай. Әлгі уайымды Мыңжасар жүрегімен сезеді. Ай жарығына жүзін төсеп көпке дейін тапжылмастан ойланып жатады, қыбыр етіп аунауға «келіншегінің мазасын аламын ба» деп қорқады, жөтелгісі кеп аузын көрпеге тыға тұншығады. Масасы ызыңдап мазаны алған сары жаз басталды. Не бәлесінің барын кім білген, бұрынғы жылдары қақтың суында, өзен мен көл жағасында гулей ұшып жетілетін көкала маса бұл заманда қала үйлеріне кіріп алып түнімен ызыңдайды. Шаққан жері қызыл дәрі тигендей аптаға дейін ашиды. Бес қабатты үйдің астында өсіп-өніп жатқан секілді. Мыңжасар кеш болса үйдің терезесін тұмшалап, жалғыз маса көрсе іш киімшең арбаңдап қуалап жүріп өлтірмей қоймайды. Зәуренің ұйқысы тағы шала болатын шығар деп іштей уайымдайды. Базарда бүйірі бұлтиған сары қауынның көбейгені күздің түскені. Сөлі сорғалаған, иісі танау жарған шикіл қауынды үйіне жиі әкеледі. Студенттерді күзгі ауыл шаруашылық жұмысқа жөнелтіп жатқан кез, «келіншегімнің аяғы ауыр еді, орта жасқа келгенде күткен қызығым», — деп деканды мазалап жүріп елдегі жұмысқа бармай, қалада қалды. Зәуренің сөлді еріні шіреп піскен өрікше уылжыды. Қаланың қапырық ауасы салқындады, масасы азайды.

Кафедрада тапжылмай қағаз көшірген Мыңжасардың ойда жоқта жүрегі сыздай ауырып, аузына тығылып тыншытпағаны. Жүгіре шығып машине ұстап үйіне жеткен. Есігіне қағаз қыстырулы, тани кетті. Зәуренің жазуы. «Аяқ астынан толғақ қысып, бала босанатын үйге әкетті, уайым етпе, телефон соғамын», — деп жазыпты. Үйге енгені болмаса ойы түзде — бала босанатын емханада. Асқа зауқы соқпай, әрі-беріден тықыршып, жаралы аңдай мысықтабандап басып жүріп-жүріп сыртқа сытылды. Есік алдында босқа адымдап жаны жай таппай үйіне қайыра енеді, телефон күтеді. Әлі күнге өле қоймаған жалғыз маса ызыңдап желкесіне қонды, шарт ұрып көзін жойды.

Түн ортасы ауа телефонға тіл бітті. Арғы жағынан естілген әйел дауысы: «Сүйінші, келіншегіңіз босанды, қыз тапты», — дейді. Қуанғаннан Мыңжасардың көзінен жас ыршып кетті. «Мейлі, — деді, — қазіргі қағынған заманда ұлы не, қызы не, қайта қыз бала мейірімді болады, аман жетіліп, шағын ошағымыздың отын маздата жақсаң қанекей!» Қуаныш кісіге қанат бітіреді деген рас екен, түн ішінде жаңалығын айтып ректорға телефон соғыпты, жорасын шырт ұйқыдан оятып, зәресін ұшырыпты, алыс ауылдағы арба айдайтын Бекбергенге «Келініңіз босанды, ерінбей, әулиелі жерден бесік алып келіңіз», деп ұзарта созып хат жазыпты. Күн шыға басының қайда, аяғының қайда қалғанын білмей, едендегі тықыр кілем үстіне мұрттай ұшып домалапты, түске дейін тастай қатып ұйықтапты.

Зәурені ауруханадан шығарып аламыз деген күннің ертесіне, таң алакеуімде жүйрік пойызбен алыс ауылдан бесік арқалап Бекберген ағайыны жетті. «Түркістанның молдасы бесікке байлайтын бойтұмар жасап беремін деп бір айлық пенсиямды алды», — дейді. «Ол бойтұмарды қайтесің?!» деп бұл таң қалды. «Пәлі деген, бойтұмарды таққан нәрестеге көз тимейді, бәле-жаладан сақтап жүреді», — дейді Бекберген нақа бала тағдырын алдын ала болжап білген сәуегейше көсемсіп. «Айтпақшы, бесікпен қоса баяғы бабасынан қалған кеудеше тонды әкелдім, сәбиханадан шыққан кезде жалаңаш денесін сол тонмен орап алсақ бабасына тартып көріпкел болады», — дейді. Мыңжасар: «Қайдағыны айтпай қойыңызшы», — дейді. Мына сөзді естіген Бекберген басын бауырына алып мөңкиді «Әгәр, сәбиді тонға орамасаңдар, осы қазір өкше ізімді айналып қайтып кетемін», — деп өкпелейді. Мыңжасар амал жоқ, мақұл жүгінеді.

Сәбиханадан нәрестені шығарып алуға такси жалдады. Қолында қағазға ораған бабасының кеудеше тоны, құшағында гүлі, тағы бір түйіншегі бар, артынып, сүмек терге малшынып жеткен еді. Ауызғы үйде ақ халат киген күтуші әйел «Сүйінші!» деп шағын көрпеге ораған нәрестені алдына тартқаны. Бұл бөпесін «тонға ораймын» деп аяқ астынан шәт-шәлекейі шықты. Кезекші әйел ренжіді.

Дәрігерімен қоштасып бері бұрылған Зәурені байқады, таралыпты, бетінің қызылы азайып, тал шыбықтай бұралады. «Тоны несі, ескілікті жағалап жүріп сәбиімізді ауыртып алармыз», — деді. Мыңжасар өзеуреп болмаған соң, ақырында амалсыз көнді. Жаялықтың сыртынан ақ жарғақ тон кигізілді, аяқ астынан нәресте шырылдап жылап сәбихананы басына көтерді.

Бұлар тіресіп-ұшқасып сыртқа шыққанда көрді, күз аспаны аласарып, дым бүрке бастапты. Күтуші әйелге алғысын айтып, қоштасып, дабырласып машинаға тақады. Шофер жігіт лыпылдап артқы есікті ашып қызмет қылады. Мыңжасар мен Зәуре артқы отырғышқа тізе түйістіріп қатар жайғасты.

Мыңжасардың ойында дәнеме жоқ, асып-тасқан қуаныштан өзге не болсын-ау!.. Келіншегінің қолынан қомпита оралған нәрестені алды. Зәуре мәз. «Түсіріп алма, ебедейсізім», — дейді күліп. Қырықтан асқанша еркекқос жүріп көңілі тоңазыған, жас иісті сағынған байғұс басы не әзілге де шыдайды, іштей күпініп болып-толады. Жеңіл мәшине су асфальттың бетімен сынапша сырғиды. Қызығу сезімі еркін билеп, тағатын таусып алдындағы тонға оранған нәрестенің бетін ашып қараған еді. Не болғанын білмейді тегі.

Жүрек басы дір етті. Қорқып кетті. Құндақтағы... нәрестені... «нәресте» деуге аузы бармайды, тілі күрмеліп, қолынан түсіріп ала жаздады. Жон арқасынан суық тер құйылып қалш-қалш тітіреді. Қапталында тізелесіп отырған келіншегі мұның жуған шүберектей оңып шыға келген түрін көріп үні оқыс шықты. «Не болды саған?» — деді, сөйтті де құндақтағы кішкентайдың бетін ашып итіне үңілді.

— Аһ! — деген дауысы шығып кетті.

Есінен танған кісіге ұқсап көз шарасы шатынап, шалқалап құлап бара жатты. Мыңжасар тізесінде көлденең жатқан құндақтаулы сұмдықтың бетін жаба берді. Үні оқыс шықты. «Тоқтат мәшинені, кері бұр, сәбиханаға қайта барамыз!» — деді. Әлем-тапырық естілген өз үнінен өзі шошынды. Мәшине ышқынып кері бұрылды, салып-жетіп манағы сәбихана алдына қайыра келіп қалт кідірді.

Жаңбыр тамшысы ірілеп жауа бастапты. Мыңжасар ләм деместен, еңкеңдей басып, құндақтаулы сұмдықты алдына ұмтылдыра ұстап, кеудесіне тигізбей, басқыштан жалғыз мәрте ырғып қақпаға жетті, ішінен ілінген палата есігін солқылдата соқты.

— Кезекші кейуананы шақырып бер! — деп күллі аурухананы басына көтерді. Кең коридор күңіренді. Қасында аққа оранған көзілдірікті дәрігері бар кезекші кейуана келіп жетті. Жанарында үнсіз сауал.

— Сіз маған не беріп жібергенсіз? — деді Мыңжасар ботадай боздап. — Өзіңіз алыңыз!.. — Ашып көріңіз нанбасаңыз!.. — Есінен адасты деп тұрмысыз?..

Кезекші кейуанада тіл жоқ, не болғанын түсінбей, мына келіп тұрған, дауысы әжептарқы шығып, жанары атысып қалшылдаған жігітке не дерін білмей, қолын созып, құшағын аша берді. Нәрестені құндақтаулы күйінше көтерді. Қасына еріп келген дәрігер әйел ақ сейсепті саусағымен іліп бетін ашты. Ішіне үңілді, көзілдірігін қолымен сүрткіштеді. «Азамат, қызылшақа көрмеп пе едіңіз?... — Өз сәбиіңізден өзіңіз осынша қорыққаныңыз қалай?» — деп кейи сөйлеп, құндақтаулы кішкентайды кесе-көлденең тартты.

«Мен... мен... қайдан білейін?..» — деп Мыңжасар ақ сейсептің үстіне қорқасоқтай көз салған. — о, тоба!.. деді ішінен, «әлгіде ғана құндақта жатқан қызылшақа бейкүнә кіп-кішкентай нәресте емес, жанарынан... бой-басынан... сәуле шашқан бәлелі сұмдық еді ғой!.. Сенейін бе, сенбейін бе?» деген кісіше үрейін басып, бойын билеп ораулы сәбиді қолына ала берді.

«Алмастырып жіберді деп ойлағансыз ғой, сірә, бізде ондай орашолақ істер болмайды, азамат, әбіржімей, қайдағаны қоқсытпай алып кетіңіз, алыңыз!..»

Мыңжасар солбырайған күйінше құндақтаулы нәрестені қайыра қолына алды, ессіз ыржиып кері бұрылды, теңселіп кетіп құлап қала жаздады. Күтуші кейуанадан кешірім сұрауды да ұмытыпты. Солбырайған күйінше сәбиханадан шығып жүре беріпті. Жауын тамшысы ірілепті. Желкесіне, бетіне тырс-тырс тиеді. Құндақтаулы сәби салқын жауын бетіне тигенде кәдімгідей тыржиып тітіркенеді, пысылдап-ысылдап жанарын ашып, әлденеден жиіркенеді. Шофер жігіт есік алдында тықырши күтіп тұр екен. Есікті ашып, ішке енгізді, кабинаны сарт жапты. Әлгіндегі оқыс әсерден әлі айыға алмай, сұрланып бір уыс боп бүрісіп отырған Зәуре күйеуіне тілсіз үреймен жаутаңдай қарады. Құндақтағы кішкентайдан тіксіне қорқады.

— Жүрегіңді бас, — деді Мыңжасар, — қорықпа, бұл жаңағы көргеніміз емес, кәдімгі өзің туған нәресте осы!

— Алмастырып жіберіп пе сонда?

— Жоқ, алмастырған жоқпыз деп ант-су ішеді, көзіммен көрдім, көз жеткіздім, әлгідегі сұмдық емес, сендім, қорықпа деймін.

Мыңжасар нәрестенің жартылай ашық жатқан жүзін көтеріп келіншегіне көрсетті, қызылшақа неме қарны ашты ма, кішкентай танауын пысылдатып, аузын ашып іңгәлай жылады. Зәуренің лоблыған жүрегі орнына түсті.

Құндақтағы бөпесіне қол созып, алдына алып, сол анарын босатып, саусақ ұшындай үрпісін аузына салды. Емізе бастады.

Жеңіл мәшине сүмектеген қара жауын астында сумаңдап жүйткіп келеді.

«Бұл не сонда? Әлгінде көргенім өңім бе, әлде түсім бе? — деп Зәуре үрейлене ойлады. — Құрсағымды шіретіп, қанамды жарып жарық дүниеге әкелген нәресте құшағыма алғаннан бойымды шымырлатып, денемді балқытып, алпыс екі тамырымды иітпес пе еді, иісінің өзі танауымды жаратын... апта бойы емізген, еміренген, тебіренген кішкентай сәбиімнің орнында... жаңа әлгіде... сұмдық нәрсе елестеп кеткен еді-ау... Мақұл. Мұның көзіне қос көрінсін-ақ, басы айналып, шекесі түсіп ауырып келе жатып басқа бір пәлені көргендей әсер алсын. Сонда дәп сол сурет, сол сұмдық жанындағы Мыңжасарға айны-қатесіз қайталап көрінгені қалай? Тіфә!.. тіфә!.. тіл-аузым тасқа. Аспан асты ауысып, азон қабаты жұқарып, ауа өзгеріп жатқан кезде көз алдыңа дүниенің не сұмдығы елестейді деуші еді, сол пәлелер бейкүнә сәбиді жағалап жүр ме?! «Осыны ойлаған Зәуре қапталында орамалмен терін сүртіп әлектеніп келе жатқан күйеуіне бұрылды. «Бекберген қария әулиелі жерден бойтұмар әкелді деп еді мана, әкелші бері, бөпеміздің білегіне тағып қоялық».

Мыңжасар келіншегін жаңа көргендей жанарын ашып-жұмып қарайды, ебедейсіз, ерсілеу ыржияды. Дереу төсқалтасына саусағын жүгіртіп, әлдебір түйіншекті суырды. Түйінін шешіп, орауын жазып үшбұрышты, жүрекше етіп тіккен масаты бойтұмарды алғаны болмаса, баланың білегіне тағып үлгермеді. Мәшине көшелерді аралап жүйтки сумаңдап үйінің алдына жеткізіп еді.

Есеп айырысып, есік ашып бәйек болып құлдыраңдап жүрген Мыңжасардың жүрегі жаңа орнына түскен. Басқышпен жоғары көтеріліп келе жатқан келіншегін сүйемелдеп маймақтана басады. Бала көтерген әйелдің қос қапталына кезек шығады. Пәтерінің алдындағы шағын алаңшада әлдекім қарауытады. «Ау, ертеңгісін қоштасып жолға шығып кеткен Бекберген болмағай деп ойлағаны сол, әлгі сорайған еркек бері бұрылып даудырап сөйлеп қоя берді.

— Вокзалдан қайтып келдім, — дейді, — нәрестені көрмей кетсем «қандай екен» деп сұраған ағайынға не айтар едім, салқын сыра арқалап оралдым.

— Ауылға жүрмей қалғаныңыз оңды болды-ау өзі, — деп Мыңжасар әкесі тіріліп келгендей қуанды. — Мөлтек дастархан жайып шілдехана жасайтын болдық.

Үй іші күңгірлеп, дабырға толып, қабырғасы кеңіп жүре бергендей. Зәуре жылдам қимылдап қазан көтерді, сәбиін шомылдырды, есік пен терезе алдын сулы шүберекпен сүртіп шаңынан арылтты. Сәбиханадан шықпай тұрып күйеуіне жазып дәріханадан, тұз, жаялық алғызып қойғаны оңды болыпты. Емізікті ғана ұмытыпты. Мыңжысар жеңіл киініп жақын жердегі дәріханаға бас сұғып емізіктің неше алуанын алып келді. Тамақ піскен кезде Зәуренің жоғарғы оқу орнында оқитын сіңілісі қоңырау шалды. Мыңжасардың бірге істейтін екі жолдасы бас сұқты. Сүрі мен жас еті қосылып жасалған ақтамақ ас үстінде шілдехана әні айтылып, дәмді сұхбат өрбіді. Бекбергеннің жанары шоқтай жайнап, добал саусағымен домбыраны тыңқылдатты, қай-қайдағы мұңлы мақамға салғаны. Көктемде келеге түскен бураша бұрқылдады, көмейінен су құйылғандай лықылдады.

«Жоқтау ма бұл, көңілді кешімізді бұзған неғылған адамсың?» — деп қызып қалған кандидат өлердей өңештенді. «Жарқыным, түн ортасында үйіңді басыңа көшіре берме, Аңырақайдың даласында жүрген жоқсың». «Балдызжанмен билесем қайтеді?..» — деп бұл қопаңдап тұрып, студент қызға ұмтыла бергенде тас еденге оңбай құлады. Әрі итеріп, бері жығылып әлектеніп жүріп қызыңқы жораларын әзер деп шығарып салыпты.

Бекберген басы тиген жерге аунай кетіп, жертөсекте домаланып жатып жаман қорылдады. Мыңжасар әлгіде көшеге шыққан кезде көрген, аспан асты ақшулан тартып қар жапалақтап құяды. Мұншама ірі, дыбыссыз құйылған қар тасқынын көргені осы. Бейне, жер мен көк астасып, араласып кеткендей, әлдеқайдан, тым жырақтан құлаққа әлсіз гүріл жеткендей.

Көшедегі жауған қарға қарап, терезе алдындағы жайдақ орындыққа тізе бүгіп Зәуре отырған. Жүзі сынық, шаршаған сыңайлы. Самай шашы бұйраланып бетіне түсіп кетіпті. Сәл бұрылып, езу тартып: «Төсегіңізді бөлек салып қойдым, жатып демалыңыз», — деді. «Бөлек» деген сөз нақа кеудесінен нұқығандай әсер етті, әйтсе де әйелінің түнемесіне, нәрестенің жылайтынын уайымдап мұның мазасын алмауды ойлағаны шығар деп үндемеді. Сілелеп шаршаған екен, сүйегі қирап төсегіне құлап ұйқы ұйығына шым батты.

Ертесіне Мыңжасар басын жастықтан жұлып алған бойда:

— Түнде жылаған жоқ па? — деді.

— Таң алдында асты былғанып шамалы қыңқылдады, әйтпесе мазалаған жоқ, — деді Зәуре.

Мыңжасардың мына өмірден байқағаны: адам қырыққа жеткенше уақыты өтіп болмайтыны, қай істің де үдесіне шыға алатын секілді еді, ал, қырықтан астың-ақ, бейне, қыр басынан ылдитөмен жіберген арбаға ұқсап, қашан ойға ұрып қирағанша дөңгелегі зырқырап өтеді екен. Дөңгелене басып ертеңгісін құлқын сәріден университетке келеді, миына сабақ кірмейтін студенттің көзін ашамын, ұлы ұятын оятамын деумен аузы көпіріп әбден діңкелейді... ғылыми кеңес бұл күнде қырғи-қабақ айтыссыз өтпейді... реформа, рынок — ашыла сайраудың заманы, әр кәллады бір қиял, ғалым атаулы басы бірікпей мүйіздесіп сүзісіп жатқаны, мұндай топалаңнан «сөздік дұрыс», «көкейіме қонады» деген пәтуаны еш естімейсіз, «мүйізім қағылғанша сүзісемін», «менің тұжырымым мүлде басқа», «қырғиқабақ қастасамын» деген түрпі сөзден сүрініп жығыласың; сөйлей-сөйлей жағы талады; сүлелеп тұрып ертерек жылы ошағына жеткенше асығады. Екі көзі төрт болып есікке қарап жолын күтіп отырған зайыбын іштей аяйды. Аяғы аяғына жұқпай жіті аяңдайды.

Нәрестенің дүниеге келгеніне ай жарым болған. Күндізгі жұмыстан шаршап келіп, кешкі асын жылдам ішіп, төсегіне қисайғаны сол. Терезеден толып туған айдың аппақ сәулесі құйылады. Пердені ысырып жаппақ еді, тұруға ерінді, сіңірін созып серейіп жата берді. Келіншегі ту сыртын беріп, төсектен аяғын түсіріп омырауын ашып бөпесін емізіп отырған. Жазған басы кел-қайт, кел-қайт алакүлік күйде жатып ұйықтап кетіпті. Шекесі түсе шыңылдап алабажақ түстер көріпті. Шар еткен оқыс дыбыстан шошып оянды.

Басын жастықтан жұлып алып қарап еді, келіншегі жуған шүберектей бозарып бір қырындап құлап бара жатты. Үрей бойын билеп көтеріп әкетті. Қалшылдаған күйі ұмтылып барып Зәурені сүйеді. «Не-е-е болды?» деуге әзер тілі келді. Келіншегі атысқан жанарын аспандатып, кірерлі-шығарлы есін әзер жиып сұқ саусағын безеді, еденде сұлап жатқан құндақтаулы нәрестені мегзеді. Мыңжасар төсегінен сыпырылып түсіп еңкейе берген.

Ақ сейсептің арасынан баяғы сұмдықты тағы көрді.

Тұла денесімен тітіреп кері шегінді, еңбектеді... сүріне жығылды... етпетінен түсті... өлдім-талдым әзер деп телефон құлағына жетті.

Жедел жәрдем шақыратын санды таба алсыншы қанекей, милиционер жекіп ұрысты; «Кекештенген қай немесің?» — деп өрт сөндірушілер өре түрегелді. «Өрт шыққан үйдің адресін айт», — деп. Саусағы қалтырап, санасы шашырап әзер деп телефон соқты-ау, әйтеуір. Түкпір бөлмеде, жатын үйде әлгі құндақтаулы сұмдық пен әйелі қалған: әлдене қыр-қыр етеді: біреуді біреу қылғындырып, буындырып жатыр ма дейді, келіншегі жүрегі ұшып жантәсілім етіп үлгерді ме деп уайым жейді. Еңбектеп болса да ұмтылып жетуге тырысады, қарға адым коридордың осынша ұзап кеткеніне, еркек басымен мұншалықты қорқып дәрмені біткеніне өз-өзінен қорланады. Жер тістеп жатып еңіреп жылап жібереді.

Есікті дүрс-дүрс ұрып, қоңырау шалып дәрігер келген екен дейді. Кеудесін көтеріп, көзінен аққан жасты жеңімен сүртіп, күш жинап ышқынып келіп есікті ашты. Ақ халатты еркекті бозарып тұрып ішке өткізді, ләм демеді, соңынан ілесті.

Еденде жатқан құндақтаулы нәрестені еңкейіп көтеріп алған дәрігер болған оқиғаны, барлық құпияны табиғи түйсігімен сезді. Шашылған төсек үстін, үрейі ұшқан жас ананың, ұсқынсыз, сүмірейген үй иесінің жағдайын жүрегімен қабылдады. Тұнжырай түсіп күбір етті. Анық естігені жалғыз ауыз сөз еді — «Метаморфоза!»

Сонда қалай? Жарық дүниеге келгеніне әлі екі ай толмаған қуыршақтай нәресте қас пен көздің арасында қалыбын жойып өзгере қалмақшы ма? Әлде қорыққанға қос көрінеді дегендей, көзіне бөтен бала елестеп кеткені ме? Тіфә!.. тіфә!.. Жын-сайтанның беті аулақ.

Мыңжасар сүйретіліп келесі бөлмедегі креслоға милықтай батып тізе бүкті. Дәрігер жігіт кесемен әкеліп берген салқын суды қылқылдата жұтты. Ыдысын қайырып берді. Көйлегінің жеңімен көлденең көсіп самайының терін сүртті. Пышырап кеткен ойын жиды. Қалай еді? Оқиға неден басталып ед өзі? Жүрегі дік-дік етіп, аузына тығылып, жуық арады басыла қоймады.

Ойпырым-ай, әуелгіде тәмпіш танауы пысылдап, томпиған екі бетінің сүт шұқыры ойылып ақ сейсептің ішінде ұйықтап жатқан бейкүнә нәресте елестер. Көре көзге әлгі сәби күрт өзгерер. Айтуға ауыз бармайды... қалай еді... әлгідегі томпиған, үлпілдеген қол басындай нәрестенің орнында... ересек адам секілді ақсиып күліп шыға келеді. Күлген кезде сізге өтірік, бұған шын: көз жанарынан шоқ ұшқындап, қасы қайқайып, сәл болмаса сөйлеп кететінге ұқсайды. Тіс шықпаған қызыл иек аузы кең ашылады. Бейне, мезгілінен ерте есейген, бұрын жетілген, ойындағыны оқып білген кәртамыс кісі қарап тұрар. Жанары алмастай жарқылдар.

Ең сұмдығы бұл да болмас. Құндақтаулы кішкентай керемет қасын керіп, қызыл иегін әнтек көтеріп дыбыссыз күлген кезінде жүзінен ақшыл сәуле шығатындай. Фосфор жарығы шашырайтындай. Сол мезетте әлгі сұмдықтың бет-пішіні мұқым өзгеріп, қараған көзі өңменінен өтіп, айтып болмас қорқыныш сезімін туғызады.

Мыңжасар селк ете қалды.

Дәрігер жігіт қасына келіп қолын иығына асыпты, қалың ұйқыдан оятқандай болыпты.

— Неғып отырсыз? Әйеліңіз есін жиды, нәрестеңіз бәз баяғы қалпына келді.

— Не істеуім керек? — депті сасқан үйрек артымен жүзедінің керін келтіріп. — Енді қайт дейсің?

— Еркексіз ғой, апалақтай бермей есіңізді жиыңыз, онсыз да көп айналып қалдым, кетуім керек.

— Енді қайт дейсіз?

— Еркек емессіз бе, өзіңізді қолыңызға алыңыз деймін, әйеліңіздің қасына барыңыз.

— Ана нәрестені қайтеміз? — деді. Қапелімде аузына түскені осы болды. «Нәресте» деп аяқ астынан жалтарып жалған сөйлегісі келмеді. Дәрігер жігіт қайта иманына қараған, жібі түзу, зерек маман екен. Өзге жеңілтек, жел етек шүйкебастың бірі келгенде қай-қайдағыны қопсытып, сауалмен састырып, анық ит масқарасын шығарар ма еді?! Құдайына қараған азаматтың тап келуі мұндай жақсы болар ма!

Кеудесіне қос білегін айқастырып, состиып тұрып, бұларға басу айтып, ақылдың ауылына икемдеп, жөн сөзін мағлұмдады.

— Жасына жетпей ерте есейіп, егде пішінге енетін сәбилер болады. Миллион жылдарда бір туатын феномен деп көне кітаптан оқығаным бар. Мұндай сәбиден түптің-түбінде айтқаны қате кетпейтін ақылгөй-сәуегей шығады. Қорықпаңыздар. Жалғыз-ақ миым жетпейтіні — сәбидің жымиған кезде бет-жүзінен ақшыл сәуле шығаратыны.

Дәрігер жігіт осыны айтып ас үйдегі үстелге еңкейіп, тізе бүгіп, қағазға латыншалап әлденені жазды. Қарындашының сиясы таусылғанша сүйкектетті. Әлден уақытта қарындашын сілкіледі, «оқасы жоқ» деп өзін-өзі жұбатты. Белін жазып түрегелді. Қағазын асықпай төрт бүктеп Мыңжасарға берді. «Әлгідей жағдай тағы қайталанса қапы қалмай, әлекке түспей, үрейлерің ұшпай пәлен деген профессорға барып көрініңіздер» — деді. Сөйтті де, сыпайы қоштасып, халатының өңірін жүре қусырып шығып жөнелді. Басқышпен тырс-тырс басқан аяқ дыбысы көпке дейін естіліп тұрды.

Ту сыртынан әлдекім қадалып қарап тұрғандай болды ма, Мыңжасар селт етіп жалт бұрылды. Зәуренің танадай жалтыраған мұңға толы қос жанарын көрді. Беймәлім керемет әсер тұла бойын отша шарпып тітіретіп, түршіктіріп өткендей сезілді. «Зәуре, қорықпа», — деп әлсіз ғана күбірледі.

...Толып туған аппақ ай осыдан мың, миллион жыл бұрынғы өткен замандай аспан төсінде қалықтай жүзеді. Асқар ала тау қарлы шыңдарын тікшитіп алыстан мұнартады. Тау мен қала арасында ақсүйек ойнауға болатындай аппақ сүт сәуле сағымдана сылаңдайды, бұратылған қайың, бейне, ұялшақ қыз, самал желмен сыбырлайды. Қара ағаш қалыңдығын қызғанған күйеу жігіттей тыныш көшенің бұрышынан ербиіп түрегеліп, жарығы өшкен терезені сығалайды. Су себілген жалаңаш көше иесіз үйдің сырланған еденіндей жылтырайды.

Тым жырақтан құлапәре құйғытып үйір жылқы өткендей еміс-еміс дүбір естіледі, құс жолынан қиғаштап жұлдыз тамады, неге екені белгісіз, зеңгір аспан шетіне ілінген ай беті алабажақтанады. Шеткі үйден шошып іңгәлаған нәрестенің оқыс үні шығады. Бұл дүние, адамдар-ау, не болып барады?!


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама