Назым – Нәркес
— Ойбу, бетім! Енді қайттым! Масқара болдым-ау! Енді не істедім! Енді не істедім! — деп Назым күйіп пісті. Бірақ осы күйіп-піскеннің өзін күйеуі Сырымға да, балаларына да білдірмей іштен тынды.
Осы күйініп, зар илеген қалпында жүріп қызметке барып, түскі демалысқа қайтты. Сабаққа барған балаларының тамағын берім, киіндіріп, мектепке жіберді. Сырымның асын беріп, қызметіне жөнелтіп, өзі де редакцияға, қызметке келді.
Бірақ қызмет істеу қайда! Ойынан Нәркестің таңертеңгі қылығы кетпей қойды. Өзінің де бар өмірі, көрген бейнеті, шеккен азабы, бар қиындығы бірінен соң бірі киноның кадрларында тізбектеліп көз алдынан өтті.
Таңертең Нартай Нарбота деген бір публицистің жіберген мақаласын редакцияламақ болып қолға алып еді, бір жолын да оқи алмады. Сол күйі алдында жатыр.
— Бұл менің ағамның үйі емес, әке-шешемнің үйі. Мен әке-шешемнің үйін бөтен кісіге иелендіре алмаймын, — деп қарысып отырып алды.
— Ертең қылышын сүйреп қыс келеді. Күтетін бірді-екілі малың бар. Қалай күн көресіңдер? — деген ағайынға:
— Сабыр аға көмектеседі, колхоз көмектеседі. Өлмейміз, — деген қыздың сөзіне ағайындары да тоқтады. Сабыр Назымның анасы Қамардың немере інісі еді.
Сонымен жеңге күйеуге кетті. Қаршадай болған Назым өзінен бес жасы кіші Нәркесті жетелеп, әкесінен қалған бір сиыр, бір атқа, қора-қопсыға ие болып өз үйінде қалып қойды. Бұл шақта Назым он үште, Нәркес сегізде ғана еді. Қайратты да қайсар, есті қыз күрең биені Сабыр нағашысына жылқыға қостырып, қызыл сиырды алып қалды да, жазда колхозда қолынан келген жұмысты істеп, қыста колхоз орталығындағы орта мектепте оқуын жалғастырды. Әйтсе де буыны бекіп, бұғанасы қатпаған қызға бір үйге ие болып, өмір сүру оңай болмады. Бірақ қыз шыдады. Сіңлісін бағып, өз шаруасын өзі істеп, пісіп қата бастады. Сиырды суалғаннан кейін өз сиырларына қосып бағып, туған соң әкеліп бермек болып Сабыр әкетті. Назымға сіңлісін бағу мен үйдің шаруасына қарап, тамағын істеу қалды. Қысқы отынға колхоз көмектесті. Қыз балаға қиын тиетін де кейбір жұмысқа ауылдың әйелдері көмектесті. Кейде ересек балаларын жіберіп көмектесті.
Әйтсе де жетім қыз, панасыздар аталу, әркімнің аяп қараған көзі, мүсіркей жүріп берген көмегі қыз көңіліне қатты тиді. Бірақ шақпасқа амал қайсы!..
Әр кімдердің балалар үйіне барғандары жөн ғой, бұлай жүріп бір күні ғарап болады ғой деген тәрізді сөздің төркінін Назым ұқпады, ұққанын қабылдамады. Туған үйі, өз отының басы, ата-ана ұстаған дүниелік, тіпті қора-қопсы бұларға ата–анасы сияқты болып көрінді де тұрды. Сонымен қыс сабағына барып келіп, бір уақыт мемлекеттің «асыраушылары жоқтарға беретін азғана пенсиясына» қосымша болсын деген мақсатпен колхоздың қоймасында тұқым тазалау, бір ауық жақын жердегі қой фермасында үлкендерге еріп қойға шөп шашу, қора тазарту, ки ою, тауық фермасында тауықтарға жем беру тәрізді әртүрлі жұмыстарды атқарып үлкендерге көмекші бола жүріп аздап еңбеккүн тауып, колхоздан азық-түлік ала жүріп күн көріп жатты.
Сөйте жүріп Назым ел аузына ілінді. Анасы Қамарға тартқан ақылды, зейінді қыз атанды.
Анасын, әкесін жоқтап, қатты бір қиналғаны Нәркестің өзен жарқабағында сырғанақ теуіп жүріп мұзға құлап қолын сындырып қайтқаны еді. Іңірде үйге озаңдап жылап кірген Нәркес түнімен «қолым ауырды» деп жылап ұйықтамай шықты. Таңертең сабаққа бармай, алдымен класс жетекшісі Жібек апайына барған Назымға ол: «Сен сабағыңа бара бер, мен қазір үйдегілердің шәйін берейін де, Нәркесті дәрігерлік пунктке апарайын»,—деді. Бірақ Назым ол күні сабаққа бармады. Колхоздың дәрігерлік пунктінде фельдшер мен акушер гинекологтан өзге жәрдем берер хирург немесе басқа дәрігер жоқ еді.
Нәркестің қолының ауырғаны басылмады. Соғыстан кейінгі колхоз жұмысы қашан да бір сылбыр, таңертең дегені түсте, түсте дегені кеште зорға орындалатын, жоғы бітпейтін, ауыл шаруашылығының кейінгі кездегідей машиналанбаған шағы еді. Сондықтан үш күн бойы қыз қолын қозғай алмай қиналды. Төртінші күн дегенде Нәркесті аудандық ауруханаға апарудың сәті түсті. Нәркес қолына гипс салдырып үйге оралды да, иығы қисая түсіп жүріп он шақты күннен соң сабаққа қатынады. Бір-екі айдан соң дәрігерге барып гипсті алдырды. Бірақ баланың қолы көп қозғауға, бірдеңе көтеруге келмей қалды. Басын жуу, моншаға бару да қиын соқты. Мектепте оқу біткеннен кейін Назым ауданға барып, дәрігерге қайта қаратып еді, хирург: «Иық пен тоқпақ жілікті ұстап тұрған сіңір созылған. Ештеңе емес, кейін жазылады. Операция жасауға да болады. Бірақ керегі не?» — деп күмілжіді дәрігер.
— Қазір басын жуа алмайды. Сәл ауыр нәрсе көтере алмайды, ауырсынады, — деді Назым.
— Оның бәрі кетеді кейін, — деп сендірді дәрігер.
— Операция жасатпаймын, — деп безектеді Нәркес. Сонымен Нәркес жеңді де, екі қыз колхозға қайтты. Сөйтіп жүріп Назым онжылдықты бітірді. Ендігі қиын түйін жоғарғы оқу орнына бару, институтқа түсіп оқу. Нәркесті жалғыз қалдырғысы келмейді. Оқудан да қалғысы жоқ.
Ары-бері толқу үстінде жүрген Назымды мектеп бітірушілердің кеші болардың, балаларға аттестат берудің алдында мектеп директоры Маман Мұқанұлы шақырды. Алдынан өткен балалардың кімі қандайын ойлай жүретін байырғы педагог, осыдан бірдеңе шығады-ау деген балалардың тағдырына бейжай болмаушы еді:
— Мектепті жақсы бітірдің, Назым, қандай жоспарың бар? Жоғары оқу орнына, институтқа баратын ойың бар ма?
— Ойым бар-ау, бірақ...
— Неге бірақ дейсің? Нендей бөгетің бар?
— Нәркесті жалғыз тастап кеткім келмейді.
— Ә, иә, — деп директор ойланып қалды.
— Ағай, — деді Назым бір кезде. Нәркесті ала барып, жатақханада бірге тұрып оқуға болмай ма осы?
— Оған рұқсат етпейді ғой, — деді директор. Назым тосылғандай ештеңе дей алмады.
— Қай институтты қалап жүрсің? Нәркестің мәселесін оқуға түсіп алған соң шешесің ғой. Қайда бармақ ойың бар?
— Университетке барсам деп ем.
— Қай факультетіне?
— Журналистикаға.
Мектептің үздік оқушыларының бірі болған соң мұның оқуға түсіп кететіндей сенімді сөйлеп отырғанына директор кешіріммен қарады.
— Жарайды, емтиханға дайындала бер. Оқуға түсіп кетсең, Нәркестің жағдайын тағы да кеңесерміз, — деді директор. Назым өзіне жанашырлықпен қарайтын, қысылса көмекке келетін адамның барын сезініп, бір сәт көңілі өсіп университетке баруға бел байлап шықты.
Бұлардың мектеп бітіруіне арналған кешке екі күн қалғанда Сырым да келді. Ол Алматыда Абай атындағы педагогикалық институттың қазақ тілі кафедрасының аспиранты болатын. Институттың тіл және әдебиет факультетін үздік бітіріп, сонда аспирантурада қалған. Биыл бірінші жылын, арнайы пәндерден минимум тапсырып аяқтап, азғана уақыт демалуға, осы колхозда тұратын ағасының үйіне келген. Ол мектеп директорының — Маман Мұқанұлының туған інісі болатын.
Өткен жазда келгенде, ағасы да құптаған сыңай танытып, жеңгесі «қаршадай болып үлкен кісінің ісін істеп, әкесінің шаңырағын құлатпай ұстап отыр. Түбінде келісті кісі шығады осы қыздан. Ескертіп айтып, жіп тағып қойсаңшы. Өң десең өңі бар, ақыл десең ақылы бар, он қолы өнер, өз киімін өзі тігеді. Сіңлісін де бағып, жақсы өсіріп келеді. Мектепті бітірген соң институтқа түспек ойы да бар дейді. Мен білетін Назым болса, ол мақсатына да жетеді, — деп жеңгесі Зиба Сырымға біраз ақыл-кеңес берген.
Сырым Назымды білетін. Бірақ әке-шешеден бірдей жетім қалып, жүдеп-жадап, колхоздың жұмысына араласып, жүзі тотығып, сымбаты айқындалмаған бала қылықты қыз әжептеуір ержетіп қалған жігіттің назарын онша аудара қоймайтын. Былтыр Зибадан өте жақсы мінездеме естігеннен кейін көріп, жолығуға ниеттенсе де, оңаша сөйлесудің реті келмеген болатын. Көшеде кездессе адъютантында қасында сіңлісі жүреді. Үйіне барған тіпті ыңғайсыз. Сонымен жігіт қызды ұнатар-ұнатпас күйде қалаға қайтып кеткен-ді.
Өжет қыста ағасы әдеттегідей соғым кезінде келіп, біраз аунап-қунап қайт, — деп шақырған. Жаңа жылдың алды еді. Мектепте жаңа жыл кеші барын естіп, Назымға жолығу мақсатында Сырым мектепке келді. Сауық кеші жүріп жатыр екен. Сол кеште Сырымға Назыммен сөйлесудің сәті түсіп еді.
Жігіт кейінірек тұрған екі-үш қызға таман келіп, Назымға бұрыннан білетін, таныс-біліс кісідей, бауырға тарта, еркін сөйледі.
Жетім өскендіктің әсері ме, жақын тартқан адамды жатырқамай, өзін еркін ұстайтын ашықтық Назымның да табиғи мінезі еді.
— Кел, бір айналып келейік. Вальс билеуші ме едің? — деп Сырым Назымды биге шақырды.
Ыңғайсыздау көріп қысыла іркілген қызды Сырым қолынан жетелей берген кезде, енді тартыншақтаудың реті болмай қалған соң, ілесе берді. Екеуі ақырын вальс ырғағымен жүргенде Сырым сөз бастады.
— Сенімен сөйлесетін бір шаруам бар еді, Назым! Қалай, қайда сөйлессек екен?
— Айта беріңіз.
— Жоқ, бұл жерде айтатын сөз емес. Кең отырып сөйлессек деп ем.
— Онда білмеймін. Мен қазір қайтам. Нәркес жалғыз еді үйде...
Қыз залдан шығып, киіміне қарай жүргенде, Сырым ере жүрді.
Қыздың пальтосын кигізгенде көнеленіп, тапшыланып қалған пальтосынан қыз ұялды. Бірақ амал не...
Айлы ашық түн. Оңтүстіктің күндіз жылпылдап еріп, кешке тоңази қалатын жұмсақ қысы. Шыңылтыр аяз лебі ақырын тоңазытқанмен тоңдырмады. Уф еткен жел жоқ. Өмір, оқу, қаладағы тұрмыс жайлы сөйлеп келе жатып бұлар қыз үйінің алдына келіп қалғандарын да аңғармай қалды. Үйге кіре берісте Назым: «Мынау жерден байқап...» дегенше болған жоқ, Сырым тайғанап кетіп шалқасынан түсті.
— О, бұл бір өте жақсы ырым болды. Жолым болады екен, — деп күлді Сырым.
— Еш жеріңіз ауырмады ма? Бағана байқап, мұзын ойып тастайын деп ем, үлгермедім, — деп Назым қысылды.
— Оқасы жоқ, күрек болса, әкелші, мен қазір-ақ ойып тастайын, — деді Сырым.
— Жоқ, ертең өзім-ақ...
Назымның сөзін Сырым тыңдамады. Ауыз қорада тұрған күрек, ломды алды да, мұзды оя бастады.
— Қайтарда тағы құлап қалам ба деп қорықтыңыз ба?..
— Мен қайтпасам ба екен деп тұрмын.
Сұңғыла қыз «мынау қайтеді, үйіріп әкетіп барады», — деп бір ауық таңданғанымен, ой түпкірінде көңілді қозғаған жылылық та жатты...
Ол үйге кіріп шешінді де, «Бекер әуре болдыңыз-ау», — деп сөйлей жүріп қоқыс салатын шелекпен ойылған мұзды апарып бір рет төгіп те келді. Шаруа біткен соң бұлар үйге кірді.
Нәркес жатып қалған екен. Ауыз үй, тор үйлі екі бөлме. Екі қызды жетім десіп көрші-қола мүсіркегенмен, үйлері жетімдер үйіне ұқсамайды.Бірақ тәуір тұратын үй деуге де келмейді. Бір сыдырғы егде адамдардың жиһазы, төсек орыны, қарапайым үй бұйымдары. Адам тұрмайтын бір жұтар ма жұтаңдықта танытпайды. Қоңыр ғана күйі бар бір таза, жылы ұя.
Назым шәй қоймақ болып, қазандық жаққа барған еді. Сырым оны сезді де: «Назыкең, әуре болма, мен қазір қайтам. Кел отыр, оданда әңгімелесейік,» — деді.
Қыз елең ете қалды. Жігіттің «Назыкең» дегені аса бір жақындық сездіріп, жанын ұйытқаны сонша, жылап жіберді.
— Ой, Назым, жаным, мұның не? Неге көңілің бұзылды?
— Ағамды есіме түсірдіңіз. Ол кісі кеткелі мені ешкім Назыкең демеген еді.
— Деген шығар, өзің байқамаған боларсың.
— Жоқ, ондай сөзді неге байқамайын?
— Кел, мына жерге отыр.
Назым ірі-ірі қызыл гүлі бар жасыл диванның шетіне отырды.
— Ағаңды сағынғансың ғой. Мен саған әрі аға болайын, әрі жар жолдас болайын деп келдім. Айтпақ сөзім осы еді. Сен қалай қарайсың? Мені ұнатасың ба, Назкең жан? — деп жігіт қызға таман жылжып отырды да, арқасынан құшақтады.
Қыз одан арман жылады.
Жігіт «Олақтық істедім-ау. Келдім де төтесінен қойып қалдым. Әй, өзім де бір...» — деп іштей кейіді.
Ал шынында қыз мұны ұнататын. Бірақ «Мен сияқты жоқ-жітік жетім қызды ол қайтсын», — деп тіпті үміттенбейтін. Енді оның ағасындай болып жақындық таныта, еркелете сөйлегені, есіктің алдын күрегені, қамқорлық жасап, әлдебір көңіл тоңын қозғағандай жылылық танытқаны тағдырына мойынсұнып, өзінен басқа иек сүйері, арқа тұтары жоқ деп санап әбден қатып-сеніп алған қыздың көңілін мұздай еріткені шын еді.
— Назкең, қойшы, жаным! Әлде менің тілегім оғаш па? Ұнатпайсың ба мені?
— Жоқ, неге! Аға болсаңыз қуана құшағыңызға құлаймын ғой! Тек...
— Не, неге күмілжідің? Әлде маған сенбейсің бе, сәулем? Айтшы, ашық айтшы.
Жігіт қыздың бетін өзіне бұрып, жүзіне тік қарап, көз жасын жұта сүйді де, жауап күтті.
— Тәңірден жар жолдас сұрасам да, тілерім сіздей-ақ кісі болар еді ғой. Бірақ мен халы ауыр, бары адаммын ғой. Сіздің болашағыңызға ауырлық әкеліп жүрсем...
— Ол не дегенің, Назкең-жан! Түсінбедім ғой. Ашық айтшы. Әлде біреуге сөз беріп пе едің?
— Жоқ. Ешкіммен мұндай сөз сөйлесіп көргенім жоқ.
— Ендеше бөгет дегенің, бар дегенің не? Нендей қаупі бар?
— Мені, біздің үйді көріп отырсыз ғой. Бары осы. Сізге жасау беріп, жасап ұзататын менде ешкім жоқ. Серік бола кететін жоғары білім жоқ. Нәркестің күллі тағдыры менің мойнымда. Ол әлі мектепті де бітірген жоқ. Сізге серік болу үшін өзім де жоғары оқу орнының бірін бітіруім керек қой. Осының бәріне уақыт керек қой.
— Бұл айтып отырғаның өте дұрыс, жаным. Менің де оқуымның бітуіне екі жыл бар. Мүмкін, одан да көпке созылар, кім біледі. Бірақ оған қарап болашақ туралы ойламауға болмайды ғой. Оның бәрін ақылдасып, келісіп өткермейміз бе?
— Өйтуге болады ғой. Әйткенмен, менің оқып бір мамандық алғым келеді. Колхоз бізге қашанғы көмектесер дейсіз. Оқуға да қалай барарымды, Нәркесті қалай тастап кетерімді білмеймін. Бұл сорлы бала өзін өзі қарай да алмайды. Ана жылы өзен жағасында мұзға құлап, қолын сындырды да, содан бері қолы ештемеге келмей қалды. Ең арысы басын жуа алмайды. Сол қолы болса да бір сәрі-ау! Әр істі алдымен атқаратын он қолы.
Сырым ойланып отырып қалды. Әлден уақытта:
— Назкең, жаным, — деді, — мұның бәрі күнделікті шешіле жататын нәрсе ғой. Ең алдымен өзің не дейсің маған? Өзің мендік пе?
— Айналасы көк тұлдыр қызға үйленді деп біреулер сөз қылса, өкініп жүрмейсіз бе? Осы күні жар таңдамай, жер таңдайтын, бай қайын жұрт таңдайтын болды деседі ғой, — деді қыз төмен қарап отырып.
Жігіт қыздың ақылдылығын естіп жүретін-ді. Ал мына сұңғылалығына тіпті таңданды.
— Мен қаладан қыз таба алмай саған келіп отырғаным жоқ. Өзіңді жанымдай жақсы көрем. Өмір өткелдерін бірге кешуге жарайтын, ер серігі болатын азамат деп сеніп келіп отырмын. Не деп шегелесең де өзін біл.
— Егер сіз күтсеңіз, ең болмаса алғашқы үш курсты бітірсем...
— Өзің мендік қой? Маған жан серігім, айрылмас жар жолдасым деп сенесің ғой?
— Сенемін.
— Ендеше, сәулем, шықсақ биігіміз бір, құласақ орымыз бір, айырылмас, айнымас жар жолдаспыз. Осының растығы үшін қолыңды берші, өзімдікі, өз Назымым деп бір сүйейін, рұқсат етші.
Қыз үндемеді...
Осыдан кейін мәселе уақытпен ілесе жылжыды да, өз жүйесімен шешіле берді. Назым оқуын алтын медальмен бітірген. Университеттің журналистика факультетіне түсті. Сырымның кеңесімен жоғары оқу министрлігіне арыз жазып, Нәркесті Алматыдағы екінші санды мектеп-интернатқа орналастырды. Өзі оған демалыс сайын барып, басын, кір-қоңын жуып дегендей жәрдемдесіп тұрды. Сырым оқуын жалғастырды. Сөйтіп өмір кешкен Назым үшінші курсты бітіргенде Сырым аспирантурасын аяқтап, диссертациясын қорғады, ғылыми-зерттеу институтына аға ғылыми қызметкер болып орналасты.
Үйлену мәселесін бұдан ары қарай соза беруге Назымның сылтауы да бітті, өзі де қаламады. Сөйтіп Назым оқуын бітіріп, «Қазақстан коммунисі» журналына қызметке жіберілгенде, Нарғыз Сырымқызы дүниеге келіп еді. Бұдан кейін туған Нартай да биыл бірінші класқа барады.
Осының бәрі кеше ғана болғандай тізіліп Назымның көз алдынан өтті.
* * *
Сөйтіп Нәркестің абыройын түсірмей, аман-есен құтты орнына қондырсам деген Назымның ойы ойран-топыр болды. Енді бұл мәселені Сырымға айтып, оның көмегіне сүйенбеске шарасы қалмады. Сөйтіп ол Сырымға бәрін айтты. Сырымды Мұратпен сөйлесуге жұмсады.
— Үйленбесе қойсын. Тек үйленген болып той жасауға келіссін. Сол Нәркес баратын «Еңбек» колхозының орта мектебінде бұлардың тойын өткізейік.
Сырым да бұл ойды мақұл көрді.
Аз уақыттан кейін жігітпен сөйлескен ол: «Туыстарыма, университет партия ұйымына айтпаңыздар, мен жалған (фиктивный) некеге келісім берейін деп айтты», — деп келді.
Назым бұған жылай жүріп қуанды.
* * *
Нәркес мемлекеттік қыздар педагогика институтын бітіріп, Алматыға жақын жердегі «Еңбек» колхозының орта мектебіне мұғалім болып барды. Мектеп мұғалімдеріне арналған қос қабат үйдің бірінші қабатынан пәтер берді. Мұны да ұйымдастырған Назымның өзі. Мектептің директорына келіп: «Айналайын сіңлі, әйел жанын әйел түсінер деп өзіңе әдейі келдім. Адам болған соң болмай тұра ма! Жас қой...
Нәркес тұрмысқа шығушы еді. Жуықта осы өздеріңізге, мектепке әкеліп тойын жасап ұзатамын. Жолдасы Мәскеу университетінің аспирантурасында оқиды... Жақында каникул бітеді. Оқуын жалғастыруға Мәскеуге жүреді. Ол жүрмей тұрып тойларын өткізіп жіберейін деп едім. Соған өзіңнен жәрдем күтіп келдім. Босаған пәтер бар деп естідім. Соны Нәркеске бер. Сенің де тілеуің алдында ғой, жәрдем етіп жібер», — деген болатын.
Сонымен Нәркес мектептің оқу ісін басқарушысы тұрған үлкен коттедждің бірінші қабатын түгел иемденді.
Осыған іле-шала қыздың тойы да өтті. Тойдың бар жабдығын Назым өзі көтерді.
Той үстінде ән-күй, әзіл-қалжың, оғаш ештеңе байқалмағанмен тойдан соң, қалаға қайта алмай, қонып қалған жақын-жуықтар көңілінде әлде бір күдік, күңкілдер де болмай қалған жоқ. Ондай күдікті тудырған қыз бен жігіттің арасындағы салқындық, екеуінің жатын бөлмеге кіріп алып, шамды сөндірмей екеуі екі жақта томсырайып отыруы болса, таңертең ыбыр-жыбырды таратқан жортақ Гүлсімнің жабылмай жүретін жеңіл ауызы еді.
Сонымен не керек, Назымның өз ұжымының алдында қыз абыройы сақталсын деген бір ойы жүзеге асты.
Тойдан соң Мұрат Мәскеуге оқуын жалғастыруға кеткен болды. Нәркес мектепте қызметте қалды. Бірақ Назымның мойнынан ауыр жүк әлі түспеген-ді.
* * *
Жаңа жылдың қарсаңында Нәркес босанып қалды. Қалаға жетудің мүмкіндігі болмай, колхоздың емханасында босанды. Балпанақтай ұл бала дүниеге келді. Содан бері Назым Алматы мен колхоздың арасында сабылу еді.
Дәл Нәркес емханадан шығар алдында Мәскеуге іссапармен кеткен Сырым: «Ұшып шыққалы тұрмын, машина алып шық», — деп телефон соқсын. Жан ұшырып бәріне үлгеріп жүрген Назым аэропортқа машина алып келсе, Сырымның қасында Мұрат келе жатыр.
Бұлар Мәскеу аэропортында кездесіпті. Каникулге келе жатқан Мұрат Сырымды танып келіп амандасады. Хал сұрасып, сәлемдескен соң Сырым оған: «Шығарда үймен сөйлесіп едім, Нәркес босаныпты, ұлды болыпсың, құтты болсын!» — деп құттықтапты... Екеуі бір рейсте болып шығады да, Алматыға бірге ұшады.
Мұратты көрген соң Назымның ендігі жоспары да шұғыл өзгерді. Министрдің орынбасары жезде, ғалым әпке жалғыз бауырға машина жіберген шығар деп бір ойлады. Бірақ машина келеді деп күтсе, бүйтіп тұра ма, алаңдап асығар еді ғой деп ол ойынан қайтты. Көп болса, қарсылық білдіріп қалып қояр деді де:
— Машина келуші ме еді? — деп Мұратқа қарады.
— Жоқ, автобус бар ғой, — деп күмілжіді Мұрат.
— Автобуспен жүресің бе сол? Біздің машинада орын бар, бізбен жүр, қалқам, — деп Мұратты ә деуге келтірмей машинаға алып келді.
Машинаға отырғаннан кейін Назым шопырға қаладағы үйге емес, колхозға тарт деп бұйрықты бірақ берді.
Сырым әйелінің ойын сезіп келеді. Ал Мұратта үн жоқ. Үндеуге бата алмады ма, әлде өмірге келген өз нәсілі болған соң көргісі келді ме, ол беймәлім.
— Нәркесті перзентханадан алу керек еді. Киім-кешегін, баланың жабдығын алып келем деп уәде етіп кетіп ем. Кешігуге болмайды ғой. Нәркестің үйіне үстел жабдығын да жасап кетіп едім. Сонда барғанымыз жөн ғой, — деп қойды.
Үйге келген соң Назым:
— Келем деген уақытым өтіп барады. Нәркесті алып келіп, үстелге біржола асықпай отырайық, — деп Сырымға қарады. Көзінде «Қарсы болмашы» деген жалыныш тұр.
Сырым «Бәрін де түсіндім» дегендей:
— Оның да дұрыс, Назыкең, — деп келісе кетті. Сонымен бұлар қол жүктерін қоя салып, перзентханаға тартты.
Нәркесті перзентханадан шығарып, үйіне алып келді...
Сөйтіп күллі колхозға Нәркесті күйеуі келіп емханадан шығарып алды деген жақсы хабар жайылды да кетті. Ертеңінде баланың қамы үшін деп, колхоздағы үйін жауып, Нәркесті қалаға, Назымның үйіне алып келді.
Тәңірі оң қабағымен қарап, Назымның тілегі болып, Нәркестің абыройы екінші мәрте ашылмай аман қалды.
Алла абырой берейін десе, бәрі де орнына келе береді екен ғой. Назымның көршілерінің алдыңда да өз намысы сақталып, Нәркестің абыройы да өсек-аяңға ұрынбай аман қалуының өз-өзінен сәті түсті.
Жаннұрды қырқынан шығарып, көрші-қолаңға дастарқан жайып, ырым-жырымын жасап өткерген-ді. Нәркес әзірше қызметке шыға қоймаған-ды.
Сенбі күні болатын. Үй шаруасынан әмісе қолы босамай жүретін Назым, Нәркестің нәрестесі Жаннұрды бесік арбасымен аулаға шығарып қойып, өзі кір жайып жүрген. Ойда жоқта ауламен өтіп бұлармен қатар үйге қарай бара жатқан Мұратты көріп қалды да, сәлемдесіп тоқтатты. Сәл сөйлесіп болған соң «Мен үйден қалған кірді алып шыға қояйын, Жаннұрдың қасында сәл ғана тұра тұршы», — деп жүгіріп үйіне кіріп кетті. Мұрат баланың қасында қалды. Аздан соң Жаннұр жылай бастады. Мұрат бесік арбаны қозғап, баланы біраз тербетті. Оған уана қоймаған баланы енді бесік арбасымен аулада ары-бері қыдыртып жүре бастады. Бірқатар уақытты өткізіп барып шыққан Назым екінші қабатқа Жаннұрды арбасымен көтеріп шығарып беруді сұрады. Мұрат үндемей мұны да орындады.
Осыдан соң, Назымның көршілерінің арасында: «Нәркестің күйеуін көрдің бе? Әдемі-ақ. Келіп баласын аулаға шығарып қыдыртып жүрді. Бір иығы сөмпиіп, қисайып алып, қарай гөр өзін! Әп-әдемі, ертең ғалым болайын деп тұрған жігітті қолына түсіріп алыпты», — дескен сөз тарады.
Сөйтіп Назымның көршілерінің: «Күйеуі неге көрінбейді?» — деген ыбыр-жыбыры да тоқтады.
* * *
Жаннұр бір – екі-үш ай шираған соң Нәркес қызметіне шығып, колхоздағы үйіне кетті. Баланы қарауға мектептің шаруашылық жұмысында жүрген бір жалғыз басты егделеу әйелді жалдап алды. Сөйтіп күндер өтіп жатты.
Назымның артық қамы, колхозбен екі арадағы сабылысы біраз жеңілдеп, енді Сырымның докторлық диссертация қорғауының ғана қамы қалып, уһ дей берген кезінде Нәркес мұның алдына тағы бір түйіні қиын, тосын іс әкелді.
Бір демалыс күні қасында қырықтың үстіне шығып кеткен қырма сақалы бар, Жаннұрды жетелей Нәркес қыдырып келсін.
Келген кісіні біздің қазақ кет дей ме, Назым амалсыз қабылдап қазан көтеріп, қонақ етті.
Ас үйге кіріп-шығып, шаруаға көмектеспек болған Нәркеске:
— Мынау қатпақ кім? — деді.
— Сендерге таныстырайын деп ертіп келдім, мен осыған күйеуге шығам,—деп қойды да қалды Нәркес.
— Тәйт, әрі! Жынданған шығарсың.
— Несі бар?
— Көзің қарайды ма? Не көрінді саған? Сый қарасаңшы. Кім боп істейді? Кім өзі? Әйелі болмаған ба?
— Біздің мектепте істейді. Мұғалім. Биологиядан сабақ береді. Әйелі өлген.
— Қой әрі, мынаған шыққанша байсыз өт.
— Вот интересная! Байсыз өт! Жаннұрды қайтем? Онымен мені қосақтап кім алады? Сұлу, жас жігітті көрдім ғой.
Назым үндемей ойланып қалды. Бірақ мынау басы жалтырай бастаған сұр қашаға қимады да: «Үнемі саған құдай бақытсыздықты жазып қойып па?! Табылар бір теңің», — деді.
Келсе, Нәркесі бұрынғыдан да ауқаттанған. Басқа мектепке ауысқан, мектептің оқу ісін басқарушы тұрған ас үй мен алты бөлме екі қабат особняк бұларға түгел тиіпті. Үйдің сиқы жиһазы түгел шет елдікі. Кен аула аяқ басар жер қалмай бақшаға толған. Жеміс ағаштары да гүлдеп түр. Үйді айнала биік көк дуалмен қоршаған. Он жақ бұрышта қомақты темір гараж, онда сары көзі жалтырап, ақбоз аттай қаңтарылып ақ «Волга» тұр.
Назым келгенде үстінде балағын тізесіне дейін түріп алған өзге киім жоқ Кәрім бақша суарып жүр екен. Назым онымен амандасып: «Баланың бауы берік болсын», — деп айтты да, үйге кірді. Ол Нәркеспен амандасып, Жан досын көріп, бауы берік болсын айтып үлгерместен ауладан Жаннұрдың шырылдаған жан - дауысы естілді. Назым, Нәркес жарыса есік алдына шықса, Кәрім Жаннұрды қуа тал шыбықпен шықпыртып сабап жүр екен. Бала шырылдап келіп шешесіне емес, Назымға тығылды.
— Ойпырмай, қаршадай баланы осынша шырылдатып не болды? Не істеп қойып еді? — деп Назым араға түсіп, ары қарай ұрғызбады.
— Бір атаңа нәлет өзі. Өз бетімен ойнамай келіп, бақшаны бүлдіреді де жүреді.
— Не істеді сонша?
— Анау өніп келе жатқан помидордың сабағын аяғымен басып, сындырып кетті.
— Сол-ақ па? Түһ, неткен адамсыңдар?
— Ой, айналайын әпкесі, қойыңызшы осы!..
— Қойсаң қой. Ырысыңды ішейін деп келгенім жоқ. Анау нәрестеге бауы берік болсын дейін деп келіп ем. Қабағыңнан қар жауып, баланы шырылдатып... Бір түп шөп үшін... Неткен... — Дүниеқоңызсыңдар деп айтайын деген сөзін іркіп қалды Назым. Сөйтті де Жаннұрды жетелеп үйге кірді.
Сіңлісі де тырсия қалыпты.
— Мына бала ауырған ба? Неге осынша жүдеу? — деді Назым өлі өксігін баса алмай тұрған Жаннұрды басынан сипап:
Айтса айтқандай, Жаннұр тым көк бақа екен. Жалаңаш арқасында жас шыбықтың табы қып-қызыл болып білеуленіп қалыпты. Нәркес тұтана жөнелді:
— Немене өзің, есіктен енбей жатып бізді сонша тергеп... Аш ол бала. Сол ма айтайын дегенің? — деп жас баласын бесік арбасымен есік алдына шығарып келіп, ішіліп, жиналмай қалған шай дастарханын жинап, ыдысын жуа бастады Нәркес.
— Біздің тұрмысымызға неге араласасың осы?
— Ой, мынау не дейді, жаным-ау! Не деп араластым мен сенің тұрмысыңа? Семіздікті қой ғана көтереді деуші еді, семірген екенсіңдер әбден, құлақтарыңа қол апартпай, — деді Назым.
— Ә, шыныңды айттың ба? Сен көре алмайсың мені. Сенен тәуір тұрамын. Сен соны қимайсың маған.
— Ой, ақылсыз, не дейін саған. Сенің болған, толғаныңды көре алмайтын жауың жалғыз апаң болды ма? Не деп қана осыны айтып тұрсың? Қой, кетейін. Енді біраз тұрсам... — деп Назым булығып ары қарай сөйлей алмады.
— Кетсең кет. Сен келсең болды, от, өрт келеді осы үйге, — деді Нәркес.
— Ә, бұған да жеттің бе? «Сүт көп, көмір аз» әлі. Мейлің, — Назым диванның үстінде жатқан сөмкесін алды да шығып кетті.
— Апа, я с тобой, — деген дауысқа жалт қарап еді, Жаннұр безілдеп үйден шығып келеді екен. Соңынан іле жүгіріп шыққан Нәркес баланы қуып жетіп ұстап алды да, шапалақпен жақтан тартып-тартып жіберіп, білектен мықтап ұстап дедектеткен күйі үйіне алып кірді.
— Ой, сорлы бала-ай! Неткен сормаңдай едің! Көк жұлын боп өлесің-ау, сірә, — деп налыған Назым көк дуалдың көк есігінен аттап далаға шықты.
Ол жүріп келеді. Аяғы әлтірек-тәлтірек. Іш дүниесінде әлде не езіліп, үзіліп аяғының басына түсті де, көңілі құлазып, жансыз бір қуыс болды да қалды. Ыза, наза да жоқ. Булыққан ашу толқыны да жоқ. Мәңгі бір меңіреу күйі келіп, қалаға қатынайтын автобусқа отырды.