Өрік
Аудан ауруханасының соғыс мүгедегіне босатылған таза бөлмесінде қапсағай денелі, қою қара мұртты, шүңірек көз, татыран қара — Қыдырма есімді кісі көпке дейін дәрігерлерге жұмбақ күйінде қалды. Ертеден кешке тіл-ауыздан қалып, жақ ашпайды. Ауру жанына батса ыңырана түсіп бүйір ауыстырады. Берген дәріні ішеді, айтқан кеңесті құлықсыз тыңдайды. Өлі жанарын бір нүктеге қадап, үндемей кісі өлтіретін мінезбен қолын басына жастап шалқасынан жатады да қояды. Бүгін алыс ауылдан дудыраған Ділдабай келгелі оқыс өзгерді. «Ауруханадан шығарыңдар, артымда қалған шаруам бар!» — деп шала бүлінді. Оған көнетін дәрігер бар ма. Доқ көрсетіп, дертінің ауырлығын айтып, зәресін ұшырып, басып тастаған.
Қыдырма осы дерттің неден басталғанын қайыра көз алдына елестетті.
«Кеңқолтықтағы аз ғана ауыл ұжым орталығына қоныс аударып көшеді-міс» дегелі Қыдырманың асқа тәбеті тартпай, ұйқысы қашып, шөмиіп азып кеткен. Кәрілікке жабайын десе елудің үстіне енді шыққан жігіт ағасы әлі бейнеттен қалып, білегінің күшін әлі сарыққан жоқ. Тұла бойы зіл басып, жамбасын жер тартып жатқысы келеді де тұрады. Үйге кірсе тағы тыншымайды. Қыстаудың оң бүйірін қапталдай созылған шарбақ ішіндегі өріктерін әлдекім әрелеп қиып жатқандай болады. Жас шыбығы шөлдеп шулағандай естіледі. Әрі-беріден шыдай алмай есік алдына шыққан. Шілденің аптабы жанып кетіпті. Жалаң аяғына киген кебісін қолпылдатып қақпаны ашып, кетпенін сүйретіп, бау ішіне енді. Теңгедей жапырақ арасынан бармақтай ірі өріктер бұлтиып көз жауын алады. Нән ағаштың күнгей беттегі бұтағы басын иіпті. Тамырына ылғал тимей шөліркесе өстетін. Биыл ерте көктемнен жерге жауын тамбай, от шықпай, күн шыжып кетті: бара-бара бау су ішіп отырған тастақты шағын өзен тартылып, арнасын ашып жіңішкере ақты. Түнемесіне болмаса күндіз арыққа су шығудан қалған. Енді бір апта аптап басылмаса өзеннің арнасы мүлде құрғап, бау қырылатын секілді. Әсіресе, жас талдар ұзақ шөлге шыдайтын емес.
Кеңқолтықтағы шағын өзеннің сағасына үркердей үйірілген саяқ бөлімшені ылдиға көшіріп, көрікті, көшелі ұжым орталығына қосамыз десіп бригадирдың атқа қонғанына біраз болған. Баратын жердің пойызға жақын айтақыр екені бұларға мәлім... «Балалар, әуелі көшіп баратын қоныстың құтты болуын ойлайық, аз ғана уақ мал ұстауға, бау-шарбақ көтеруге қолайлы жер болсын» дескен бұлар. Бригадир ерін бауырына алып туласын. «Онан қара, орталықта гектарлап әулі қоршауға рұқсат жоқ: өкімет салған темір шемен стандартты үйге кіріп, жұмысқа сағатпен шығып, адам болыңдар» дейді. Иір-қиыр этажды үйге де, тақтай темірге де үйренер еді: шарбақтағы судырап тұрған жасыл бауын кімге қимақшы сонда? «Балалар, атақоныстан безіп қаңбаққа ұқсамайық» дескен. Ділдабай бригадирде сөз тыңдайтын құлақ қалмапты. Екі сөзінің бірі — көшу, көшеде жүру. Осы уақытқа дейін бұл ауылдың түтіні түспейтін бағбанды қолпаштап мәуе үзіп, жеміс жегілері келген басшылар қит етсе осылай ойысатын. Есігінің алдын көгертпесе отыра алмайтын Қыдырмаға «көші-қон» сөзі қатты батқаны рас.
Арықтың қиыршақ қабағына біткен жас өріктің жанына келіп, қатқыл алақанымен сабағынан сипаған. Қос бұтақтың кіріккен жерінен жылтырап шайыр ағыпты, жылап тұр ма деп қорқып қалғаны. Өйтетін де жөні бар: былтыр жазда белінің құяңы ұстап тұзға түсуге он шақты күн курортқа кеткен. Түсіне өрігі кіріп қайтқанша дегбірі қалмады. Нақ мизамның басында ауылға, ауласына қайтып оралған. Сондайдан көзіне түскен осы өспірім өрік болды, бірден байқады, мезгілінен бұрын жапырағына сарғыш дақ түсіп, дір-дір етіп жүдеп қалыпты. Түбі қопсыңқы, судан қалмаған, сонда ғана марқұм әкесінің: «Қолбала тал иесін таниды, адам секілді ол да сағынады», — дейтін сөзі есіне түскен. Бағбан бекер айтпапты. Шөлдемеген, бойына құрт түспеген өспірім ағаш осынша жүндіп жапырақ сарғайтар ма! Көп ұзаған жоқ — әлгі өрік түбіне келіп күйбеңдеген иесін танығандай, сағынышы басылғандай болып, өрге ұмтылып судырап жайқалып кетті.
Қыдырма мәуелі ағаштың малдан қорқатын мінезін білетін. Әсіресе, «жүзім мен өрік маңыраған ешкі үнін естісе-ақ өсуін қойып, бойын үрей алып бұғып қалады», — дейтіні қызық. Малшы қазақ қайдан сенсін?! Бағбан сөзін шымшыма әзілге шаптырып мырсылдасып, сыңар езулеп күлетін. «Қыдырманың ағашы мал көрсе шошитын көшенің баласы емес шығар», — десетін. Үйге түскен қонақтың көлігін қыр асырып қуатын мінезін мәттақамдыққа жоритын.
Айтып отырса өрік ағашы да адам секілді. Жас өскінге иесінің жанында жүргені медет, кетпен дыбысы қуат. Шыбық та дүниеге талпынып тәй-тәй басқан сәби іспетті. Сәл суыққа дірдек қағып, сәл епке секем алғыш-ақ. Діндегі, бұтақтағы басалқы құбылыс тамырдан келмек: қисық өссе не шор бітсе тамырдың тасқа тигені, яки зиянкеске жем болғаны дер.
Шөкімдей шағын ауылдың нәшәндігі — Ділдабай бригадирмен сол жазда қатты ренжіскені есінде. Бау арасының бұйра шөбін шалғымен орып жүрген. Ту сыртынан дүбір естіліп, артынша бригадирдың май жұтқандай қарлығыңқы үні шықты. Бұл шалғысын сүртіп өрік ағашқа сүйеді, еңсесін жазып сәлемдесті.
— Ақсақал, жер шұқуды қашан қоясыз осы? — деп дүрсе қоя бергені.
— Тіліңнің бізін сұқпа, шырағым...
— Жо-ға, көзге сүйел болуды қашан қоясыз? Көшіп жатқан жұрт анау. Сендерді мәдениетке жеткіземін деп тақымым ойылып, өкпем өшіп жүргенім мынау. Бір пәс белсендінің де билігіне құлақ асқан ләзім. Жалғыз үйге бола айдалада дүкен, үшкіл ұстамайтын шығармыз. Күн жылыда өріктерді түгел кесіп, кептіріп, үйіңіз. Қой қораларына паруаз, ұстындық ағаш жетпей жатыр, ұжым сатып алмақшы.
— Бауда шаруаң болмасын, қарағым.
Ділдабайды суық жанардың сұғымен шалып үйіне бұрылып жүре берген. Анау шарт ашуланып, әңкілдеп соңынан ерген.
— Жо-ға, істеп жүрген кәсібіңіз қазақтың кәсібі емес. Атамыз мал баққан, көкпар шапқан, сосын үйінде шәниіп жатқан.
Осы Ділдабайдың атасы баяғыда сыпалық құрамын деп тіс шұқығышқа сахараның зау дарағын кесіп құлатыпты деген сөз рас болды ендеше.
— Жалғыз үй қалсаң да шырық бұзба! Бүгіннен бастап қорықшылықтан боссың, өзен арнасына қаптатып сиыр жаямыз.
Осы Ділдабайдың әкесінен қалған қалың бауды әнебір жылы арық тайға айырбастап жібергенін білетін.
Қыдырма үйіне енді де есігін тарса жапты. Бригадирдің дауысы біразға дейін сембеді. Ақырында тарсылдата шапқан ат дүбірінен соң құлақтан қиқу кеткен. Бағбанның қарап жатып әлгіге ит жыны келгені. Бұл жұрт тыныш жүруді ұмытқан білем деп іштей қамырыққан. Онсыз да жұқарып жүрген жүйкенің жұлынын шығарып кеткенін қарашы. Алда ғана жүгермек-ай! Қорықшылығы қоса құрысын. Шөбін тырнап орып алған өзен арнасына мал жаймақшы шығар. Қураған Кеңқолтықты жасылға бөлеп желкілдеп тұрған өрік бауында несі бар десейші! Қой қораларын жөндеуге ағаш жетпей жатса қайтейін?.. Алдыңғы жылы жаңғақ ағашын өсіремін деп талпынғанда да әлгі Дідабайдан бәлеге қалған.
— Ойбай, жаңғақ ағашының серті бар, — деп дабыл қақты.
— Оны өсірген адам жаңғағын жей алмай ажал табады.
— Жаңғақ ағашы иесін о дүниеге жөнелткен соң барып жеміс салады екен.
Айтаққа әйелі де ілескіш. «Оу, жарқыным, жалқау жұртың ойдан шығарған лақап сөзі ол»,- дейді — тыңдамайды. «Жаңғақ өсірген ағайынның ажалынан бұрын тырапай асып жатқанын көрмедім»,- дейді — сенбейді. Сосын жаңғақ өсірем деген сөзді жорта ұмытқан. Әйтсе де жұрт көзінен қалтарыстау, шарбақ бұрышын қопсытып бес алты тас жаңғақ көмген. Суықтан қалқалап, суға бастырып көп күткен. Ақыры араға жыл салып талдырмаш сабақ жер бетіне қылтиды. Жел соқса үзіліп түсердей нәзік. Осынау дүниеге алып атаулы дәрменсіз, мүкі-тақы, мүкшіл халде келетіні мәлім. Ботаның өзі алты айға дейін тәй-тәй басып бойын әзер тіктейтін. Көк мұхиттағы алып киттің баласы да жылға дейін анасының бауырынан қорек алып жан сақтайды-мыс. Сондай-ақ ертеңгі аспанмен таласар алып дарақтың қазіргі аядай жерде діріл қағуы қызық. Сұғанақ көзге: «Тұқымы тәуір қызылдәрі ғой», — деп қашырата жауап беріп жүрді. Ақыры бұйырмады. Көршінің тентек баласы түн ішінде өрік ұрлап жүріп таптап өлтіріп кетіпті. Сондағы өзегі өртеніп өкінгенін айт.
Енді келіп барша жақсы күндерін бағыштап, мәпелеп өсірген, мәуесін татып, осы жұртқа жер дәмін таратып жүрген жасыл бауын қи да кептір, аңызақ өтіне қалдыр да көш. Қайтіп көнсін! Өріктен бұрын өз сирағын кептіру оңайға түсер, отын қылып жылын дер. Әкесінің көзіндей боп қалған жалғыз түп өріктің (соғыс жылдары қурап қалған) дәнінен өсіріп Кеңқолтықты тоғайға айналдырып, ыстыққа сая, боранда пана болып, балаларға жер қадірін арттырып тұрған осынау бауды көзі тірісінде бұтарлатпайды, талатпайды, таптатпайды!..
Ау әлгі бригатпен тәжікелесіп елсіз жұртта елегізіп есірік бола бастағаннан саумын ба осы деп Қыдырма іштей үрей үйірген. Сонша ежіктердей, жер табандап нығыздардай әзірге бүлініп бара жатқан ештеме жоқ қой. Көп қырнаған қазан тесер дегеннің кері болып жүрмесін. Айдалада өткен-кеткен жолаушыға көзтүрткі болып, ағаш түбін аңдып, қасымда әйел де, бала да жоқ, қарақан басым қаңғып қалмайын.
Рас, шөкімдей ауылдың шағын дүкенін ұстап жүрген әйелін ел көшкенде ошақ бағып отырып қалмасын деді. Оның үстіне биыл тоғызыншы оқитын баласының жағдайы да қосымша болды. Орталықта тақауда ғана шаңырақ көтеріп шаруасын түзеп кете алмай жатқан жаңа интернаттың шөп көжесі мен сүт бөкпесіне телміртпейін деп және бекіді. Балаға үйден шығып оқығандай қайдан болсын. Ойланып-толғанып әйеліне: «Әзірге жаңа қонысқа жайғаса беріңдер, бала да мектебінен қалмасын, шаруаңнан бөлінбе, өзім ылдиға қысқа салым түсермін», — деп енші бөліп орталыққа апарып салған. Ұжым басшылары бұларға әуелде тиесілі үш бөлмелі тасболат үйді өзгеге беріп, шешелі-балалы екеуді шикі кесектен соғылған екі бөлмелі шағын баспанаға кіргізген. Сылтауы — отбасының шағындығы болыпты. Мейлі де. Бүгінде әйелі орталықтағы дүкеннің екінші сатушысы. Бала күз түсе үйінен шығып мектебіне бармақшы. Әзірге Ділдабайдың қол астында шөпте жүрген көрінеді.
Өстіп оймен арпалысып жатқанда алыстан күн күркірегендей созалаң гүріл естілді. Басын көтеріп әйнектен сыртқа елеңдей қараған. Биыл ерте көктемнен әуе аласарып кеткендей еді. Тас төбеде шақырайған күн кеңсірік кептіріп, дала төсіндегі ұшқан құс, жүгірген аңды табаға салған қуырдақтай шыжғыра бастағалы қашан. Жон етегіндегі бастау бірінен соң бірі көзі тартылып, аңқасы кеуіп жатқаны анау. Өрік бауы нәр алып тұратын бір бұрым шағын өзеннің де екпіні жоқ. «Жұт жеті ағайынды» деуші еді шалдар. Әуелі төбеге үйірілген бұлтты желпілдетіп қуа жөнелетін жынды желі көбейді, жерге тырбиып жатқан жусанның түбін қазып соғатын дауыл шықты, сосын от үрлеген аптап күн, шығашық егін, ашқарақ мал шаруаның көшін алып кетті.
Ауыл белсенділерін осындайда жөнсіз жазғырамыз әрине, олардың да шықпай жүрген жаны егіз екен. Біз айтамыз: ата қоныста аяқты алшақ тастап жүрсек деп. Малшы айтады: кір-қоңымызды жуатын монша, аванс ақша, жоғарғы сортты ұн, жұғымды жем деп. Өкімет адамы айтады: «әуелі малдың жоспары, егіннің міндеттемесі» деп. Қай жыртыққа жамау болсын. Аузын ашқан балапандай жолын күтіп отырған баласы, басқан аяғын аңдыған әйелі бар, жалпы жұрттың көңілінен шығу тағы оңай емес.
Тегінде өз басы ортақ шаруадан ешқашан шеттеп көрген жоқ: ылғи көпшіліктің шаруасына иық тіреп, арқа тоса жүрді. Арам терін аямайтын бейнетқордың өзі. Тулақтай жазыққа арық созып, су апарып жүгері егеміз деді, кетпенін құлаштай сілтеп жұрттың алдында жүрді. Қора жөндейтін жастарға басшы бол деді, былтыр алты ай жаз көне қыстаудың тымырсық ауасына тұншығып, шаңын жұтты. Өрік бауын түнделетіп келіп суарып жүрді. Тек «көшеміз» деген сөз шыққалы берекесі қашып, не болса соған теткіп, кірпиязданып кеткен. Қауымнан да оп-оңай шеткерілеп, сырдаңдап қалғаны содан.
Кілдіреген жіңішке өзеннен дәрмен кеткен соң Қыдырма жатпай-тұрмай арықтың сағасын төмендетіп, тоған бөгеп жанталасты. Өзен мен арықтың қоспасы шақылдаған тастақ екен, қайламен бұзып, мішантемір сұққылап алақаны ойылған: соның өзінде күні бойы тырманып қос қадам жерді әзер аршиды. Ағаштар болса көрер көзге сарғайып қурап барады. Өзен табанындағы су арыққа шығу үшін әлі де жүз метрдей жер қазған жөн. Белгілі межеге әні жетемін, міні жетемін деп өкпесі өшіп, көкірегі ашыды: қос білегі салдырап ұйып қалатынды шығарды.
Қырсық ойда жоқта жабысты.
Арық ұлтанынан ұшыраған қойтастың түбін босатып қос қолдап қозғап жатқан. Жанарын тер жауып, кенет қара саны пышақ сұққандай қақсады. Тоқпан жіліншігінің басында соғыстан ілестіре келген мина жарықшағы бар еді, сол қозғалды білем, сай-сүйегін сықырлатып алып барады. Екі бүктеліп мықшиып кетпенге сүйеніп үйіне әрең жеткенін біледі. Түн ортасы ауа денесі қатты ысып, кеудесі сығып ауырып, бір дем әрі, бір дем бері алакүлік хал кешті. Әйел, баладан жырақта, жаман тамның ішінде теңкиіп өліп қалсам соңыма өшпестей сөз ілестіретін болдым-ау деп солқылдады.
Көрер жарығы, татар дәмі бар екен қайта. Ылди мен ыраңда атпен кезіп, шабатын шөп іздеп далақтап жүрген Ділдабай аурудың үстінен түсіпті. Аудандағы ауруханаға жеткізіп салған да сол көрінеді.
Кейінше білді — тоқпан жіліктің басына қадалған жарықшақ жата-жата май кемікті шірітіп, қатты қимылдан қозғалып, енді жілік ішіне тесіп өтуге қалыпты. Онда күллі қара саннан айырылады екен. Облыстан қолы жеңіл хирург келіп, әрі ойласып, бері ойласып, операция жасамаққа бел буды. Ұршықтың басын жарықшақпен қоса шауып тастап, орнына пластмаса қалпақ қондыру ләзім десті. Жазған құлға дауа жоқ. Ақырында хирургтің қылпыған пышағына түсіп, сан етті тілдіріп, жарықшақты алдырып тынышталды.
Көк аспанның жүзін тұтып мизам түсті, шыжыған шілденің аптабы қайтып, сары ала салпыетек күз жеткен. Сары жамбас болып жатқан Қыдырманың құлағынан өрік шуылы кетпеді. Ашық тұрған әйнектен ертеңді-кеш қоңыр күздің салқыны соғады. Бірсін-бірсін сырттағы еменнің жапырағы сарғайып желге ұша бастады. Туған жермен сыңсып қоштасқан тырна сұңғыланың соңын ала көкжиекті қарасұр бұлт жапқан. Артынша қара күздің сүмелегі басталды. Алғашқы қар түскен күні, әлі есінде, мұртына сүңгі қатып Ділдабай екінші мәрте көңілін сұрай келген. Жел қағып тотыққан жүзі мәсінің қонышындай қатпарланып, жарықшақ қарлығыңқы үнмен арғы-бергіні айтып біраз отырып қалды. Кетерінде аяғының басына тұқшиып: «Сіз кеткен соң бауға қарайтын адам қайда, арасына мал жайылыпты, судан қалыпты, біраз ағаш опат болыпты», — деп көңіл айтқан кісіше әр нәрсені күңсіткені бар. Мына сұмдықты естігенде Қыдырманың көзінен қос тамшы ыршып кеткен.
Құлағымнан ағаш шуылы кетпегені бекер болмапты деп іштей өкінген.
«Қыдеке, қой қоралардың төбесін тірейтін қатты ағаш жетпей жатыр, бәрібір қураған өрікті ұжымға сатсын дейді басшылар: ақшасын төлейміз, жеке бастан қоғам мүддесі қымбат, Қыдеке». Осыны естігенде жүрегі езіле соғып, тынысы тарылып жауап сөз айта алсыншы қанекей. Әні-міні ес жыямын дегенше бағбанның келісімін алдым деп ұғып Ділдабай кетіп қалыпты.
Мүмкін, ауруханадан тезірек шығып қалармын, бауды құтқаруға әлі де кеш емес шығар деп дәмеленген.
Қыдырма аттай сегіз айдан соң, малшылар қыс қыстаудан жайлауға көтеріле көшіп жатқан сәуірдің аяғында барып ауруханадан шыққан. Кісінің мүсәпір болуы оп-оңай көрінеді ғой. Ашу шақырған кезде айбатынан мығып маңмаң қағатын кешегі белсенділер денсаулықтың зорында кездесіпті. Әйтпесе көзі тірісінде өрік бауын қидырамын деген ой үш ұйықтаса түсіне кірмейтін. Елден қатынаған қосағы, көрші-қолаң неше түрлі хабар айтып: «Құлағалы тұрған қораның төбесін тірепті», — десті біреулер. «Несін айтасың, тақтай тіреу шарт-шарт сынып шыдамаған шатырды Қыдырманың қатты ағашы ұстапты», — десті. «Әйтпесе біраз қойды қора басып қырылады екен». «Балтаның да, әренің де жүзін майырыпты, трактормен құлатыпты, әй, ұжым басшылары бағбанның сықылығына сұмдық риза көрінеді!.. Әй, несін айтасың, бағбанның қазынаға септігі шын тиіпті!» — десті.
Расында, Қыдырма орталықтағы ошағына оралғанда ұжым басшылары түгел жиналып келіп кешірім сұрап алдынан өтті. Биыл қардың әсіреқалың болғанын айтып, қой қораларының шатырын өрік ағашы ұстап қалғанын мағлұмдап, бағбанның мерейін асырып, жақсы сөзбен жадыратып тарасқан. Кетерде ұжым орталығынан үлкен бау өсірмекке пәтуаласқанын айтып, соған Қыдырманың иелік етуін сұрады. Қадалып отырып келісімін алды.
Қыдырма әуелде ұзын бауының сан сапалық шаруасына араласып Кеңқолтықтағы өрік күйігін ұмытамын-ақ деп ойлаған. Құлағымнан ағаш шуылы кетер бәлкім, деп дәмеленген.
Сәрсенбі күні қатты шөліркеп таңдай жібітуге әйелінен сусын сұраған. Қосағы ағаш зеренге көженің суын шөпілдетіп ұстағаны сол-тын, жүрегі зірк етіп аяқты қолынан түсіріп ала жаздады. Сусын шайқатылып кетіп өңіріне шашырады. Әйелінің секемшіл көңілі әлденені сезді білем, қапелімде шошып қалды.
— Жазған-ау, жанарың сонша шатынап не болды саған?
— Мына көзені қайдан алдың? — деді даусының дірілін басып. — Безінен
танып тұрмын. Кеңқолтықтағы өрік қой! Бұл — бес жылдық ағаштың діні!
Қыдырманың құбылғанына әйелі оншалық мән бермеген.
— Айсын ұста қыста жонып Қалқаманға сыйлаған.
Қалқаман Қыдырманың жалғыз ұлы. Әрине, ұстаның өрік ағашынан сары мейіздей етіп асыл көзе жонуы да, оны жақсы көретін адамына сыйлауы да оғаш емес. Қыдырманы алабөтен қобалжытқан нәрсе — мәпелеп өсірген өрік талының көзе боп қолына қайта оралуы; жүректе беріш боп жатқан сағыныштың қайыра қозғалуы-тын. Бұл ауылдың балалары барша ағашты қиып алып құлағалы тұрған қораларға тіреу еттік демеп пе еді? Әлде әдейі алдап алыстағы баудан күдер үзсін дегені ме? Енді жаралы аяқпен қиқаңдап қиянға қаңғымай омалып үйінде отырсын дегені ме? Барып біліп қайтатын еді ғой: жапырағы судыраған жасыл бауымен жылап көрісер ме. Кеңқолтықта шайла тігіп қалып қояр ма, неде болса бүйтіп үйге кірді-шықты кіріптар хал кешіп жүрмес-ті. Кеудесіндегі беріш боп қатқан кесек ет емей, бүлкілдей соққан жүрек болса еш кідірмей?! Кеңқолтыққа жол алады. Түбіртегіне бас иіп тәу етіп қайтады.
— Сорлы-ау, қалтырап қолыңдағыны төктің ғой! Делқұлұлы болғаннан саумысың? Ұжым бауды сатып алғанда Айсын ұста барып бірер ағашты сұрап алыпты деп есігем. Айсынның да сен секілді қияли мінезі көпке мәлім. Көзені өріктен шапса шапқан шығар, о несі-әй, кісінің зәресін ұшырып.
— Ағаштың жаны безінде, ноқайлар бұтарлап, бұтап жанын шақыртқан екен де.
Сусынды әйеліне қайырып беріп, төрдегі текемет үстіне ошарыла кетті. Зеренді босатып сүртіп әкелуді өтінді.
— Көзін қолына ұстатқаны батады.
Әйелі жылтыраған сары без зеренді қайта ұсынды. Айналдырып қарап, қайран қалғаны — ыдыстың қай ағаштан жасалғанын тани кетті. Көкірегінің көзі бар ұста қыранға біткен қайсар ағашқа ауыз салыпты. Ендеше зерен табиғи бояуын бермей өмір-өмірге кетеді. Иіскеп еді, танауын қырдың самал жұпары, аңқыған шайыр иісі жыбыршытты: өзегіне құрт түспей күтіммен өскен өрік ағаштың айрықша өртең түсі болады, ұста сол алкүрең бояуды бәз қалпында сақтап, бунақ бойымен кеулеп жеп-жеңіл асыл жиһаз жасапты. Бұған құйған сусынның қасиет-қадірі артпақшы.
Қыдырма күнде айналып жүрген ұжым бауына барып бірауық жер қопсытқан. Алағаржақ көңіл алаңдай берді. Үйіне қайта келіп тас бүркеніп жатып қалған. Әйелі көршілерге сөз ұзартқан секілді — көп ұзамай ішінен піскен сабадай күмпілдеп Ділдабай жетті. Жанында алақаны ұлпа дәрігер қызы бар. «Шөпшілердің басынан келгенім жаңа, қысылып жатыр деп естідім», — дейді. Дегбірді алып, тықсырып барады. Бүйте берсең аудандағы дәу доқтырға және апарып тастаймын деп зәресін ұшырды. Орысша ойланып, қазақша сөйлеген бұрамыс тілді дәрігер қыз иіс алмас аңқау екен, пәлендей алып бара жатқан ауру таппаған соң кідірмей қайтып кетті.
Ділдабай қалып қойған. Майға қарыған тары талқанды қасықпен асап, түйілсе шаймен итергілеп ыпыны кетіп отырған үй иесін қысыр кеңеске қарық еткен. Ақырында ерулікке шақырды. Қыдырма қолдың қалжасынан шығып жүр еді, атқамінердің үйінен жылқының сүріне тоярмын деп қолқ ете түсті. Ертең кешке баруға уәдесін берді. Ішқұсалықтан іріп жүрген көңілдің берілгісі келгендігі еді. Мүмкін, ауыл үйді аралап әңгімемен алдансам жаңа қонысқа үйренісіп кетермін деп ойлаған. Жүрек түбіндегі сары сағынышты ұмытармын деп дәмеленген.
Бейсенбіге күн ауыр еңкейді: нарт болып қызарып көкжиектегі күлгін бұлтқа түскен шоқтай бір өшіп, бір тұтанды. Алақанының астынан қарап тұрған Қыдырма ертеңгі күннің мазасыз желкем болатынын болжаған. Әйелі екеуі қаздай тізіліп шақырған үйдің ауласына енген. Ділдабай қораның жарымын сымтемірмен қоршап, күркетауық өсіріпті, кішт-кішттеп жем шашып жүр екен, бұларды көріп қасын қақты, үйіне бастады.
Ділдабайдың өзі қодірен. Қоңсысының көңілін жадыратқысы келген болар, сыртта қырындаған белсенділікті қойып, ағынан жарылып ауылдың жабайы әңгімесіне көшті. «Шөпшілердің ыстық ауқатына қысырақ сойып беріп едім, — дейді. — Басын сізге мүжітейін деп үйге әкелдім». «Қызталақ-ау, қазақ о заман да бұ заман қонағына жылқының басын солайымен тұтас тартпайды, шекесін шауып қояды», — дейді Қыдырма көрегендігін танытып. «Бұрынғы кезде бір жапырақ нан жеп жүре беретін едік, бұл күнгінің шөпшісі шетінен обыр, бір қап ұнды аптаға жеткізбей ішіп қояды», — дейді тағы. «Е, бейнет жейді дағы». «Бір мезгіл ыстық ауқатты місе тұтпайды ғой, көже қатық қылсын деп сойылған қой өз алдына және», — дейді Ділдабай зар-зар етіп. «Әлде аспазын ауыстырсам ба екен?.. Кеңқолтықтың етегі ажырыққа тұныпты биыл. Аю оты гүлдейтін кез ғой, шөпшілерге байқай жүріңдер деп жарлық бердім: табылса қанекей, өстіп діңкелеп жұмыс-жұмыс деп жүріп келініңізді өкпелетіп алмайын тағы, ай, қодірен, жабайы қонақ, тау-тары ауып кетіпті... Қыдеке, қарап отырғанша, домбыра шертіп берейін», — деп еңбектей тұрып қабырғаға ілінген шағын домбыраны алды. Жаңа аңыстады, қолдан шабылған шағын шанақ көзқарасты, қазақы аспап.
Қонағының еміне түскен сыңайын Ділдабай өзінше жорыды білем, екі бүктетіліп торсық шекелі шанақты сабалады-ай кеп. Үні соншама таныс секілді. Кеңқолтықтағы өрік бауының бір ағашы дауыл соқса тап осылай сарнай сықырлаушы еді, діңінен сөйлеп уілдеуші еді, тап сол. Ажары да, айбары да айнымайды. Ұмтылып барып домбыраны жұлып алды.
— Өрік қой мынау!..
- Ойбай, отағасы, өзімдікі, нанбасаңыз сұраңыз. Айсын ұстаға бір қой беріп жасатып алғам, қандай ағаш екенінде шаруам жоқ...
Қыдырма зілдей домбыраны аударып-төңкеріп көп қарады. Тұнжырап еңсесі түсіп кетті. Әредік ішекті бос қағып, басын бір иығына қондырып домбыраның ыңылын тыңдайды. Осы мәурітте маңайындағы дүниені бабар қылмай, жанары жымсия кішірейіп, мүлгіп қалғып отырып қалған. Алыс бір сарынды құлағы шалғандай болды. Сол сарыннан жігіт кезін, өспірім шағын — ең шұрайлы, ең мағыналы күндерін елестетеді, дүбірін тыңдайды, ұмыт қалған арманын есіне алады. Адам деген арманмен күнелтетін секілді ғой. Сол аңсаған алысына, діттеген межесіне жетем-жетем деумен өмір тоздырар, уақытын оздырар: жетем-жетем деумен діңкесі құрып көз жұмар. Мұның көксегені — тулақ даланы жасылға бөлеу екен-ау, қатты ағаштан қайсарлық үйрену керек-ау; сол мақсаты ендеше орта жолда үзілгені ме, сағымдай сылаңдап қолсозымға келтірмегені ме?
Өзінің де жадырап отырып бір шертері бартұғын. Қолбала домбыраның ернегін басып, астыңғы ішекті келте қайырып дестелеп бипыңдата жөнелді. Налалы, шерлі әуен емес, үмітке толы, сергектікке ұмтылған серпінді күй шықты. Әуелгіде құлықсыз құлақ салған үй иесі құлдыраңдап бара жатқан бас бармақты байқап бағжия қалды. Жасында кетпен күрек ұстап шорланып қалған сұқ саусақ ішекті жөргемдей іліп қаққанда іш ерітер әдемі үн сыңқылдады. Оралымы ойлы, қайырымы асау, тармақ пен бунағы сезімге бай нәрлі уіл төккен. Елпеңдеген перне басар саусақ сағалыққа жетіп сырдаңдап тұрып алғанда қай-қайдағы шықпа, жаным, шықпа сұлу саз сылаңдаған. Қыдырманың өзі де іштей таңданды: бұрын тап мұндай жанды шертіс шықпайтын. Құлақ қажар дыңылдақ еді әншейін. Налалы көңіл бояу қосты білем. Саусағын сырдаң қақтырып күйді кілт үзгенде үйдегілер тілі байланып ерсі томсырайыссын.
Қыдырма домбыраны төрге сүйегенде жанары әңгел-шәңгел боп азып қалған еді.
Ас түскенде осы ауылдың бірер төрге отырар масаты шляпасы келіп кірген. Тілін шайнап сөйлейтіні осы ұжымның директоры.
— Биыл қайтсем де төлдің міндеттемесінен шығамын, — деп нығыздады.
Қасындағы уәкілі:
— «Бес сайтанның» пәрілік бидайын көрдім, дым жақсы емес, ауызбен орақ орушы еді, сауап болды-ау өздеріне, — деп шиқылдай күлді. «Бес сайтан» деп отырғаны осы ұжыммен бәсекелес, жарыстас Талап ауылы, уәкілдің Талапқа неге сонша шүйліккенін түсіне алмай үй иесі шімірікті.
— Шөпшілердің қимылы қатты, жондағы қылтанаққа шейін қырнап аламыз, — деп Ділдабай өз шаруасын қыстырады. Жігіттердің шымшу мен ши жүгірту, қолпаш пен іштен шалу аралас ұтықты әңгімесін тыңдап Қыдырманың көңілі жадырасын. Асты тәбетпен жесін.
Қонақкәде иесіне алғысын айтып үйден шыққанда көшені қараңғылық қымтап сам жамырапты. Әйелі мана әлгіде шайға қарамай ерте кеткен. Бұл елдің рәсімі — ерлі-байлы адам қонаққа қосыла келіп, дара қайтады. Теріскей жақтан соққан майда самал сарнауық сұсты желге айналыпты. Ұжым бауының жанынан өткен.
Бау дейтін әзірге аты ғана, ұлтаны тұяқ шиыр боп қатып қалған ескі қырманның орны екен, кетпені майрылып, алақаны ойылып әзер қопсытқан. Тақтай шарбақтың ішінде жас шыбықтар солқылдай ысқырады. Кей жерінің топырағында дерт бар ма деп қалды. Кетпен жүзіне сұрқай сусылдақ шыбық биыл тамырлап буын қатайтып кетпесе бұл жерден опа жоқ. Жаңа орынға аударған жөн. Топырақтағы артық тұз — талдың соры, ағаштың қабығын шытынатып, тамырын қиып сарғайтып жібереді. Әлгі отырыста ұжым басшысына осы күдігін айтпақ-ты: жарыстас шаруашылықтың бас ала алмай қалған бидайы мен Ділдабайдың екпінді шөпшілері құлақ босатпай қойды емес пе. Қысыр кеңеске ащы су араласқан соң не оңсын?!
Майрылған кетпеннің жүзін созбағаны үйіне келген соң есіне түсті. Айсын ұстаға кіріп шыққысы келіп оқталды да көшенің итін абалатып қайтем деп және қайрылды. Ұстаға ертемен бармақшы болды.
Жастыққа басы тигенмен көзіне ұйқы үйіре алмай көп дөңбекшіген. Бір мезетте көзі ұйқыда, көңілі ояу екен дейді. Манағы өрік ағашынан шапқан домбыра елестеді, құлағына бебеу үні құйылды, сағыныш шері жетті. Сақалы шудаланып, қабағы опырылған Айсын ұста кепкен өрікті алдына дестелеп үйіп шаппа шотты жоғарылы-төмен сілтеп, шетінен жонып, үңгіп, жаңқалап, бұтарлап жанталасып жатыр. Қисығын жанындағы қозға сұғып қыздырды да, тезге салып солқылдатып келіп түзетеді. Енді уылжып піскен жемістің етін жеп, тәшегін балғамен шыртылдатып шағады. Құлағы тұнып, жүрегі өрекпиді. Оқыстан оянып басын көтеріп алған. Ауруханадан келгелі әйелі жатар алдында ондық шамды жылтыратып стол үстіне жағып қоятын. Сол жарықтан, босағадағы киім ілгіштің айнасынан көрді: көзінің асты қалталанып, демігіп барып-келіп тұр. Таң да селбелеп атып қалған секілді.
Құнжыңдап отырып киіне бастаған. Бұл түріммен кеңкелес болып кетуім оңай екен деп ойлады Қыдырма. Болмайды бұлай: Кеңқолтыққа барып баудың орнын өз көзіммен көріп қайтпай тыныштанатын түрім жоқ. Ең құрыса тірі бұтағы қалмады деймісің: тасып алады, жаңа қонысқа аударады. Жасыл ағаштың қасиеті кісіні құр жібермек емес.
Ертемен Ділдабайды орнынан басып көне қыстауға барып қайтуға көлік сұраған. Шөпшілерге жетпей жатыр деп байбалам салып маңына жолатпады. Айсын ұстаға сілтеді. «Соның бәйге бозын сұрап ал, — дейді. — Арпа беріп көлеңкеге қаңтарып қойған жылқы бірер күн аяңнан қолтығын сөкпес тәйірі. Бауыңнан ағаш ұрлап шапқылауды біледі, ағайынға қарасудан қашса кісәпір болғаны», — дейді.
Бригадирмен ал қош айтысып, табан суытпай көше пұшпағындағы Айсын ұстаның құжырасына келіп кірген. Сәрілік шайды жаңа ішіп болған сыңайы бар. Ұстаның қабағы сынық, құрбысын көріп ұшатын күшігенше қалбақтады. Әйеліне шаңқылдап жарлық жасады, дастархан қайыра жайылды.
— Ауруханада жатқаныңда көңіліңді сұрап бара алмадым. Көші-қон дедік, қызымызды ұзаттық, пендешіліктен артылмадық әйтеуір. Құрдасыңның мойнында зіл батпан налаң бар, білемін. Кешегі сақпанның тасындай сартылдаған қырғиынан бұл күнде отбасының бақырайған байғызына айналдық.
Ұстаның маңы шашылған аспап, қоқсыған ағаш жаңқасы.
— Көзімнің нұры, қолымның қайраты таймай тұрғанда соңымда өнерім қалсын деймін. Өңгесі өткінші дәурен.
Сөре үстінде өрік ағашының діңінен шаршылап кесілген күрең, алкүрең, қызыл, сары, шикіл сары тақтайшалар көз жауын алады.
— Ұзатқан қызға өрік ағашына сүйек сіңіріп қобди жасап жатқаным бұл. Кейіп отырғаныңды тағы түсінемін. Кеңқолтықтағы бауды кесіп қораларға жөнелтіп жатқанда Ділдабайдан жалынып-жалпайып жүріп үш ағаш сұрап алғаным бар. Қарызың мойнымда, ақшасын төлеймін. Менікі көзқарақты құрдасқа базыналық секілді бірдеме.
Жаңа әлгіде бойын құрсаудай буып келген өкпе, реніш, нала, кейіс, мұң — күллісі жүрек басын бірсін-бірсін босатып жадырай бастағанын сезінді. Ұстаның сөзінің жаны бар екені рас. Ағашын даулап өкпелесіп қайда бармақшы?! Судан қалып қураған, ұжым әжетіне жараған бауды жоқтап көз көрген, қадір түсінер құрдаспен кетіскенім ақылдық емес, әрине. Түптеп келгенде, өрігіме тозбас, солмас екінші өмір сыйлаған ұстаныкі мәрттік. Қисығына қыңырайып жүрек түбіне кір жинаған менікі не мәрттік?! Ендеше сол баудың қалған қиырын ұстаға қияйын. Түбірін, қабығын, сары қайыс тамырын қазып алсын, керегіне жаратсын, тозбас бұйым жасасын.
— Мына сөзіңе сенейін бе, сенбейін бе?! Мәрттігіңмен екінші мәрте өлтірдің ғой! Маған қураған бұтағы да, күн сіңген түбірі де таптырмайтын қадірлі зат. Қолдан тігіп мәпелеп өсірген қолбала өріктің өмір-өмірге кететін қасиеті, қаттылығы, бояуы болады. Сонысына қызығамын. Әйтпесе боздағы шірік тақтайға қолымды бекер қажатқым жоқ.
Айтып отырған сөзінің жаны бар. Айсын айлап-жылдап ерінбей жасаған бұйымын өнерге балайтын, қолының суреті бар сыпаның өзі. Өткінші мүлікке жоламайды, ақшаны да алмайды. Көз майын тауысып, алақанын ойып, қарақұсын иіп тәмәмдаған асыл дүниені көзімдей көріп жүр деп дос жаранға сыйлай салады. Әйтпесе осы өнерін баяғыдан ақшаға бұлдаса — байып, қордаланып қалар еді. Қап түбін қаққандай тақыл-тұқыл кедейшілігі ыдырап, терсіңді қамзолы иығынан түспей құнжыңдап отырысы осы. Қыдырма қазан көтеруге рұқсат етпеді, келген шаруасын айтты.
— Аттың терін өзіңнен несін аяймын! Алдағы қойшылар тойына бәйге қосамын деп тақымын созып жүр ғой жалғыз бала. Тоғын тамырға түсіріп жібермей, ертеңді-кеш салқынмен жүріп, аяңмен барып қайт. Кеңқолтықтың ауасын жұтып серпілерсің, сергірсің, бәлкім?! Ермегіңді жоғалтып, іші өткеннің арты білер деп сенің де оңып жүргенің шамалы. Ұжым бауын бірер күнге мен-ақ айналдыра тұрармын. Шыбындай қаптаған есек пен ешкіні қуып тұрсам жарамай ма? Айтпақшы, тапсаң тақымыңа өрік ағашының жігерін қыстыра келші, қобдидың қақпағына жетпей жатыр, көлігімнің майы сол. Артылса өзіңе арнап насыбай шақша жонып беремін.
Қыдырма құрдасының үйінен зорайып шықты. Әсіресе, бүкпесіз көңілден шыққан ақ, адал, шыншыл пейілі риза етті. Жанары сәулеленіп, санасын сыққан сағыныштан айығып, әжептәуір түлеп қалды. Адамның ажары көңіл-күйіне байланысты білем, әйтпесе осынау үйге құнжиып кіріп келген Қыдырма мен қодиланып қайыра шыққан шадыман Қыдырманың айырмасы мол еді. Бір кеңестің беделінде өз-өзінен маздап қодірен тіршілігінің мәтібиі болып шыға келгені қызық.
Бәйге боз Қыдырманың тақымына толды.
Теріскейге ат басын шалт бұрып, ауыл арасын торлаған өрмекшінің ұясындай ұлпа шаңды сансыз соқпайтын уысынан бірсін-бірсін сытыла берген. Жонға жолсызбен тартты. Сырт қараған көзге көлеңкесі ебедейсіз ұзарып алқам-салқам адуын аттың үстінде алып денелі адам, бейне, ертегі кітаптың суретінен елес берді. Төскейде жусан шауып, шөп жинап жүрген келіншектер үркектей қарап қалыпты. Бәйге боздың ұйысқан жалы тізесін қағады: үстіндегі науша бағбан мынау тұмсығымен жер иіскеп тырбанып жатқан жаяу тіршілікке қыр көрсеткендей зорекерлігі көзге ұрып, бірте-бірте сағымға сіңіп жоғалған. Кеңқолтық жақтан лықсып жабайы самал есті.