Ормандағы оқиға
(новелла)
Сот қызметкерінің тергеуінде отыншының айтқаны
Дәл солай. Мүрдені тауып алған мен. Бүгін таңертеңгісін молырақ отын кесіп алайын деп тауға қарай қияламаймын ба. Содан тау бөктеріндегі шоқ тоғай ішінде өлікке тап болғаным. Нақты орнын айт дейсіз бе? Яма-синге апаратын үлкен жолдан төрт-бес те шақырым қиыс жерде. Өзі бір бамбук пен криптомерия ағашы араласа өскен иен жер.
Өліктің үстінде көкшіл сұйқаны, басында тозығы жеткен эбоси қалпағы бар екен, ондай қалпақты әдетте астаналықтар киеді ғой; өзі шалқасынан жатыр. Мына ғажапты қараңыз, бойындағы бары бір ғана жарақат, тура кеудесінде, бірақ төңірегіндегі бамбук ағашының жапырақтарына жаппай қан қатқан. Қаны тыйылған екен. Жарақатының аузы да қатқан сияқты. Және бір жағдай: жарақатқа бір бөгелек қаншырдай қадалып алыпты, мені тіпті елең қылған жоқ.
Сол төңіректен қанжар, иә басқа қару көрмедіңіз бе дейсіз бе? Жоқ, көрмедім. Тек криптомерия түбінен, өлік табылған ағаш жанынан әлденендей жіпті байқағаным рас. Иә, айтпақшы: жіп жатқан жерден тағы бір көргенім тарақ болды. Мүрденің маңайында қалғаны осы екі зат қана-тұғын, ал жақын жердегі шоп пен жапырақ атаулы әбден мыжылып, тапталып, біткен екен, марқұм ажалға оңай мойынұсына салмаған сияқты. Көзіңізге ат түспеді ме дейсіз бе? Ол жерде неғылған ат, ат түгілі адам әрең баратын қалың жыныс қой. Жылқы жолы әріректе, тоғай сыртында.
Сот қызметкерінің тергеуінде ел кезген тақуаның жауабы
Марқұммен кеше кездескем. Кеше тал түс кезінде-ау деймін. Қай жерде ме? Сэкиямадан Ямасинге апаратын жол үстінде. Қасында салт атты әйел бар, екеуінің беталысы Сэкияма сияқты. Әйел басына жиекті қалпақ киіп, бетіне перде жауыпты, сондықтан да жүзін көре алмадым. Тек үстіндегі көйлегі жібек екенін ажыраттым. Аты ма? Жалы күзелген жирен ат па деймін. Бойы деймісіз? Шамамен төрт сундай, биік-ақ екен бәтшағар... Мен тіршіліктен тысқары тақуамын ғой, мұндай нәрселерді нақты біле бермеймін. Еркектің белінде қыстырулы семсері, арқасында таңулы садағы мен жебесі бар екен. Сырты қара сырмен боялған қорамсағынан жиырмаға жуық жебе қылтиып шығып тұрғаны анық есімде. Байғұс ұзамай опат болады деп және де ойлаған жоқпын. Бір жылт етіп көрініп, еріп жоғалатын таңғы шықтай, бір жарқ етіп тынатын найзағайдай адам тіршілігі де көзді ашып-жұмғанша ғана екен ғой. Беу, беу, жалған дүние-ай десеңші...
Coт қызметкерінің тергеуінде сақшының берген жауабы
Ұстағаның кім дейсіз бе? Ол атышулы қарақшы Тадземару ғой. Аттан құлап, Авадагутидағы тас көпір үстінде ыңқылдап жатқанында қолға түсірдім. Қашан деймісіз? Өткен түнгі бірінші күзет кезінде. Ана бір жолы да ұстап алуға шақ қалып едім, онда да үстінде осы көкшіл суйқан, белінде осы семсер-тұғын. Бұл жолы садақ асынып, жебе тағынып алыпты ғой. Солай ма? Әлгі өлген бейбақтың садағы мен жебесі дейсіз бе? Онда кісі өлтірушінің Тадземару екеніне еш күмән жоқ. Былғарымен қапталған садақ, қара сырмен боялған қорамсақ, қаршығаның қауырсыны қадалған он жеті жебе-барлығы әлгі марқұмның дүниесі деңіз. Иә, қарақшының мінгені жалы күзелген жирен ат болатын. Аттың оны тас көпір үстіне тастап кетуі тегін емес екен де. Ат жүгенін сүйретіп, сол көпірге жақын маңдағы жол бойында шөп шалып жүр екен.
Бұл Тадземару дегенің астанада сапырылысып жүрген өзге қарақшыларға қарағанда әйелқұмарлау, қызылкөз неме. Былтыр Биндзуруға бағышталған Акиторибэ храмының ар жағындағы тауда тәуеп етуге келген әйел мен кішкентай қызды өлтіріп кеткені есіңізде ме? Соны істеген осы қаскөй деседі ғой. Жирен ат мінген әйел де соның кебін киіп жүрмесін, мынаның еркекті өлтіргені рас болса, әйелді қайда жіберді екен? Шым-шытырық жағдай екен. Ісіңізге киліккеніме кешіріңіз, бірақ мұқият тексеру жасаған жөн.
Coт қызметкерінің тергеуінде кемпірдің айтқаны
Иә, бұл — менің қызым күйеуге шыққан адамның мүрдесі. Тек ол астаналық емес. Вакаса жақтағы Кокуфу қаласынан шыққан самурай. Аты-жөні — Канадзава Такэхиро, жасы жиырма алтыда. Біреуді өшіктіретіндей оғаш іс-қылығы жоқ, мінезі өте жайлы, жуас адам.
Менің қызым ба? Есімі Масаго, он тоғызда. Өзі өте қайсар, еркектен бірде кем емес. Такэхироға дейін ешкіммен көңіл жарастырған жоқ. Өңі қоңырқай, ат жақты, сол көзінің қиығында меңі бар.
Кеше Такэхиро мен қызым екеуі Вакасаға аттанып еді. Қай қылығым үшін құдайға жазықты болып ем!
Қызым қайда, не күйде? Күйеу баламның мүрдесін көзіммен көріп, көңілім суыды, енді қызымның жағдайын білмей жаным жай табар ма. Мен бір кіріптар кейуанамын, жалынғаннан басқа бітірерім жоқ, құдай тілеулеріңді берсін, бүкіл орман-тоғай, сай-саланы шарласаңдар да қызымды таба көріңдерші! Қандай қанішер еді әлгі Тадземару деген қарақшы! Тек күйеу баламды ғана емес, қызымды да жер қаптырды ма деп қорқам... (Әрі қарай сөйлеуге шамасы келмей еңіреп жылайды).
Тадземарудың мойындауы
Ол адамды өлтіргенім рас. Бірақ әйелді өлтірген жоқпын. Сонда қайда кетті дейсіз бе? Оны қайдан білейін. Тоқтаңыздар! Қанша қинап — азаптасаңыздар да білетінімнен асырып не айтам. Оның үстіне қолға түсіп қалғаным мынау, енді қорқарым да, жасырып-жабарым да жоқ.
Еркек пен оның әйелін кеше түс ауған шақта жолықтырдым. Жел жұлқыған жібек бет перде бір сәтке ашылған кезде әйелдің жүзі жарқ етіп көрініп қалды. Иә, бір жарқ етіп, перде астына жасырынды, жалғыз мәрте жалт еткесін де болар, әйтеуір, оның жүзі маған хор қызының келбетіндей көрінгені. Сол сәт мен еркекті өлтірсем де әйелді құшып, құмарымнан шығам деп серт қылдым.
Сізге бұным сұмдық іс көріне ме? Сұмдық түгі де жоқ, еркекті өлтіргеннен оңай не бар! Әйелді иемдену үшін әрдайым еркекті жер жастандырады. Тек мен беліме қыстырулы семсеріммен өлтірем, ал сендер семсер сермеуден қорқасыңдар, қарсыластарыңды биліктің, ақшаның күшімен өлтіресіңдер, не жылтыр сөзбен-ақ жайғастырасыңдар. Рас, еркектің қаны төгілмейді, басы кесілмейді, бірақ бәрібір ол да бір, қабырдағы қаңқа да бір болып қалады. Шынтуайтына келгенде, кімнің күнәсі ауыр екені белгісіз — бетпе-бет келіп өлтірген менің бе, әлде жасырынып келіп желкеден ұрған сендердің бе? (Мыңқылдай күледі).
Бірақ бұным еркекті өлтірмей әйелді иемдене алмаймын дегендігім емес. Нақ осы жолы әйелді қан төкпей-ақ құшсам деп ойлаған едім. Тек жалпақ жол үстінде ол ниетті іске асыру оңай емес. Сондықтан да екеуін қалыңға алдап енгізбекке бекіндім.
Ойым оңай-ақ іске асты. Жолым бір жолсерік құсап жанаса кетіп, тау басынан көне қорған таптым, қазып көріп ем, айна мен қанжардың астында қалдым, өзгелер көріп көз сатпасын деп қазынамның бәрін көміп кеттім, егер алушысы кезіксе арзанға сатамын деп өтірікті гөйіттім-ау келіп. Еркек ептеп сөзіме құлақ түріп, елеңдей бастады. Содан кейін не болды дейсіз ғой! Ашкөздіктен асқан арсыз сезім бар ма? Жарты сағат өтпей-ақ екеуі ат басын бұрып, соқпаққа түсіп, маған ілесіп тауға қарай өрледі. Тоғай шетіне іліккенде мен қазынаны қалың нудың қақ ортасына көмдім, жаяу жүрмесек жету қиын дегенді айттым. Еркекті ашкөздік әбден иектеген екен, ойланбай келісе кетті. Бірақ әйел аттан түспей, осы жерден күтемін деп кесіп айтты. Онысы енді естілік еді, өйткені тоғай тұтасқан қалың-тын. Ойым оңынан келіп, әйелді айдалаға жалғыз қалдырып, еркекті ертіп қалыңға кірдім.
Тоғай шетінде тек бамбук өсетін. Бірақ біз біраз жүргесін-ақ криптомериялар кезіге бастады. Ойлағанымды іске асырудың оңтайлы орны осы еді. Ағаш бұталарын қолмен ысырып жол ашып келе жатып та қазынаны криптомерияның түбіне көмгенімді айтып ауыз жаппаймын. Еркек те криптомерияның жіңішке діңі сорайған тұсқа көз тігіп, ентелей түседі. Бамбук барған сайын сирей берді де, ақыры төңіректе сойдиып тек криптомериялар ғана қалды, сол-ақ екен, тұтқиылдан тап беріп, еркекті жерге жығып салдым. Мезетінде-ақ ағаш діңіне таңып тастадым. Жіпті қайдан алдың дейсіз бе? Қойнына жіп салып жүрмейтін қарақшы болушы ма еді? Жіпті ұдайы беліме байлап жүретін әдетім, түрлі қоршау-қорғаннан өтерде пайдаланамын. Айқайлап жұртты көмекке шақырмасын деп аузын бамбук жапырағымен тығындадым, одан әрі оған қарайлаудың қажеті жоқ еді.
Еркекті жайғастырған соң әйелге келіп, күйеуің жүре алмай бүгіліп қалды, не болғанын барып көрмесең болмас деп өтірік айттым. Бұл жерде де сөзім өтті. Әйел жиекті қалпағын шешіп, қолымнан ұстап, соңымнан ерді. Бірақ күйеуі ағашқа таңылған тұсқа жетіп, жағдайды көзімен көрген сәтте ол қойнынан қанжар суырып алғаны. Бұрын-соңды бұндай көзсіз батыл әйел көрмеген едім. Со жолы сақ тұрмағанда қарныма қанжар қадалар-ақ еді. Бір соққыдан бұлтарғаныммен, қанжар сілтеуін қояр әйел көрінбеді. Бірақ не дегенмен Тадземару атым бар емес пе, ақыры семсерімді суырмай-ақ әйел қолындағы қанжарды қағып түсірдім. Қарусыз қандай қайсар әйел болсын дәрменсіз. Сөйтіп мен еркекті өлтірмей-ақ әйелді иемденіп, дегеніме жеттім.
Иә, еркекті өлтірмей-ақ. Одан кейін де оны өлтіру ойымда жоқ тұғын. Бірақ жүзін жас жуып жерде жатқан әйелді жайына қалдырып, тоғайдан тайып тұрайын деп кете беріп ем, әйел атып тұрып, жеңіме жабысып:
"Не сіз өлесіз, не күйеуім өлуге тиіс. Екі еркектің көзінше абыройдан айырылғаннан соң не тірлік? Қайткенде де біреуің өлуге тиіссіңдер, тірі қалғаныңа еремін!" — деп жын ұрғандай айқайласын келіп. Сол кезде ғана еркекті өлтірейін деген ниет оянды.
Сөзіме қарап сіз мені қатыгез адам санарсыз. Бірақ әйелдің сондағы кейпін көрсеңіз олай ойламас едіңіз. От болып жанған жанарын-ай! Оның жанарымен жанар түйістіруім мұң екен, дүние күйіп кетсе де әйел етіп алғым келгені. Оны өзіме әйел етсем деген тілек бүкіл болмысымды билеп, санамды жайлап алды. Бұл сіз ойлағандай анайы құмарлық емес-ті. Олай болған жағдайда әйелді бір теуіп, жөніме кетпеймін бе. Онда семсерімнің жүзі жазықсыз жанның қанына боялмас еді. Алайда тұтасқан тоғай ішіндегі қара көлеңкеде ағараңдап көрінген әйел жүзіне үңіліп қараған сәтте еркекті өлтірмей бұл жерден кетпеймін деген шешімге келдім.
Алайда оны байлаулы күйінде арамдықпен өлтіргім келмеді. Байлаудан босатып, семсерлесеміз деп серт қойдым. Ағаш түбінен тауып алған жіптеріңіз сол мен тастаған жіп болатын. Еркектің түрі әлем-тапырық бұзылып, бір ауыз сөз айтпастан семсерін суырып, маған тұра ұмтылды. Айқастың аяғы немен біткенін айтып жатудың қажеті болмас. Семсерімді жиырма үшінші мәрте сермегенде кеудесіне қададым-ау. Жиырма үшінші мәрте сермегенде — осыны жадыңызға тұтыңызшы! Өзім осыған күні бүгінге дейін таңмын: менімен жиырма мәрте семсер соғыстырған жалғыз адам осы. (Көңілдене күлімсірейді).
Еркек құлаған сәтте жүзінен қаны сорғалаған семсерімді сығымдап ұстаған күйі, әйел отырған жаққа бұрылдым. Бірақ ол үшті-күйлі жоқ болыпты. Әрлі-берлі жүгіріп, ағаштардың арасынан таппадым. Жерге түскен бамбук жапырақтарында да аяқтың ізі қалмапты. Төңірегіме құлақ тігіп, тың-тыңдағандағы естігенім шала-жансар жатқан еркектің қырылдағаны ғана болды.
Мүмкін, екеуміз семсерлесе бастағанда әйел біреуді көмекке шақыру үшін жолға қарай жүгірген шығар. Осы ойдың келуі-ақ мұң екен, тезірек тайып тұруым керектігін түсіндім. Өлген қарсыласымның семсерін, садағы мен жебелерін жеделдете жұлып-жұлып алып, жолға шықтым. Жол бойында әйелдің аты алаңсыз шөп шалып тұр екен. Содан кейін не болғанын айтып текке ауыз ауыртпайын. Тек бір ескертетін жайт: астанаға кірерде белімде әлгі семсер жоқ еді. Бар айтарым, мойындарым осы. Еш аямай азаптап өлтіре беріңіздер, күндердің бір күні басымның кесіліп, ағаш басына шаншыларын өзім де білгенмін. (Жан-жағына сестене қарайды).
Киёмидзу ғибадатханасында күнәсінен арылған әйелдің айтқаны
Мені масқаралағасын көк киімді еркек ағашқа таңулы күйеуіме бұрылып қарап қарқылдап кеп күлді. Күйеуімнің сондағы кейпін көрсеңіз! Ол неғұрлым босанбақ болып жұлқынған сайын, жіп соғұрлым ширатылып, денесін қия түсті. Мен еріксіз қол созып ұмтыла беріп едім, әлгі еркек бір теуіп жерге жалп еткізді. Сол кезде бір сұмдық жағдай болды. Мен күйеуімнің көзінен бір түсініксіз, тосын жарқыл көрдім. Сондағы маған қарағанын есіме алсам-ақ болды, қазір де денем түршігіп қоя береді. Сөз айтуға аузы тығындаулы, қозғалуға қол-аяғы байлаулы күйеуім бар сезімін жанарына жинағандай. Бірақ оның көзінде ашу-ыза, азаптану атымен жоқ еді, онда тек жек көрініш, маған деген жек көрініп тұнып тұрған-ды. Бөтен еркектің тепкісінен емес, күйеуімнің жек көре қарағанынан шошынып шыңғырып жіберіп, есімнен танып құладым.
Есімді жиып, бас көтергенімде көк киімді еркек кетіп қалыпты. Күйеуім сол бағанағыдай криптомерияның діңіне таңулы күйі екен. Бамбук жапырақтарын сытырлатып, созалаңдай көтеріліп, тағы да күйеуімнің жүзіне бажайлай қарадым. Бірақ оның жанары жылымады, сол жиіркенген, жек көрген қарас. Мен сонда ұялдым ба, түңілдім бе, әлде күйіндім бе білмеймін, әйтеуір, кеудемде не түрлі сезім сапырылысып, сансырап, теңселе басып күйеуіме жақындағаным есімде.
"Ал енді сөзіме құлақ салыңыз. Көз алдыңызда абыройдан айырылып, қара бет болдым, енді сізбен тірлік етуге жүзім шыдамас. Ажалдан басқа айла таппадым. Бірақ... бірақ сіз де өлуге тиіссіз. Менің масқара болғанымды көзіңізбен көрдіңіз, сондықтан да сізді тірі қалдыра алмаймын".
Аузым әзер икемге келіп айтқаным осы болды. Күйеуім сол жирене қараған қалпынан өзгермеді. Кеудеме кептелген өксікті күштеп тыйып, сипаланып семсер іздей бастадым. Бірақ бар қаруды қарақшы сыпырып кеткен сияқты, семсер түгілі садақ пен жебелер де ылдым-жылдым. Әйтеуір, бағыма қарай, қасымда қанжар қалған екен. Қанжарды көтеріп күйеуіме: "Қазір менің қолымнан ажал табасыз. Мендағы ұзамаспын, ізіңізше барармын", — дедім тағы да.
Сөзімді естіген сәтте күйеуім болар-болмас ернін жыбырлатты. Аузы бамбук ағашының жапырағымен тығындаулы болғандықтан, даусы шықпады. Алайда ернінің емеурініне қарап-ақ, оның не дегенін түсіндім. Сол жиренген, жек көрген күйі күйеуім "Өлтір" деген жалғыз ауыз сөзді айтқан-ды. Бір ессіз, есірік қалыпта көкшіл жейде жапқан кеудесіне қанжарды бойлата қададым.
Осы тұста тағы естен тандым, білем. Есімді жиып, жан-жағыма көз салуға жарағанда күйеуімнің тынысы таусылған екен. Бамбуктың діңіне оралып, ұйысып, сықасқан қалың криптомерия бұтағының саңылауынан сығалаған күннің кешкі шапағы оның боп-боз жүзін шалды. Қыстығып жүріп жансыз денені байлаудан босаттым. Сосын... сосын не болып еді? Не болғанын айтуға аузым бармайды. Қанша әуреленсем де өзіме-өзім қол сала алмадым. Қанжармен кеңірдегімді қимақ болдым ба, тау бөктеріндегі көлге батпақ болдым ба-бірақ бәрібір өлмедім, тағдырдың тәлкегімен тірі қалдым. Мүмкін, өзгенің өмірі үшін қам жегіш қайырымды Каннон тәңірия мен құсаған қуыс кеудені керексінбеген болар. Өз қолыммен күйеуімді өлтірген, қарақшының мазағына ұшыраған күнәкар басым енді қайтіп жер басып жүрмекпін? Қайтіп... қайтіп... (Күйзеліп, қыстығып жылайды).
Сәуегей әйелдің аузынан өлік рухының айтқаны
Пасық ниетін іске асырғасын қарақшы әйелімнің жанына жайғасып алып, ананы айтып, мынаны айтып жұбатуға кірісті. Аузым тығындаулы, өзім ағаш діңіне таңулымын. Сөйлеуге, қозғалуға дәрменсіз болсам да әйеліме қадала қарап: "Бір сөзіне сенбе! Айтқанының бәрі өтірік!" дегенді көзбен білдіріп бақтым. Бірақ жапырақтардың үстінде төмен қарап қамығып отырған әйелім басын бір көтермеді. Сол қалпына қарап қарақшыны ден қойып тыңдап отыр ма деп ойлағандайсың. Қызғаныштан жарылардай күйге жеттім. Ал қарақшы мәйектете сөйлеп, мақсатына жетуге жақындады. "Көзінше абыройдан айырылғасын, күйеуіңмен қайтадан жарасып кетуің неғайбыл. Күйеуіңмен қалып жаныңды қинағанша, қарақшыға әйел болғаның жөн емес пе? Осындай оспадар қылыққа сені ұнатып қалғасын ғана бардым", — дегенге дейін жетті-ау!
Қарақшыны үнсіз тыңдаған әйелім ақыры ойлы кейіппен бас көтерді. Оның мұншама сұлу қалпын еш уақытта көрген емеспін! Дәл жанында жұбайы байлаулы жатқанда менің сұлуым қарақшыға қандай жауап қайтарды деп ойлайсыз? Қазір мен түнектің тұрғынымын, сөйтсе-дағы оның сол жауабы есіме түскен сайын күйіп кетем. Әйелім: "Ал онда соңыңызға ердім", — деді-ау. (Біраз үнсіз қалады).
Бірақ оның күнәсі бір бұл ғана емес. Бір ауыз сөз үшін түнекте жүріп те осынша азаптанбас едім. Енді әлгіден кейін не болғанын қараңыз: қолынан тартқан қарақшының соңынан дел-сал күйі кете барған әйелім тоғайдан шығуға шақ қалғанда қалт тоқтап, өңі шүберектей бозарып, ағашқа таңулы мені мегзеп: "Ананы өлтіріңіз! Ол тірі тұрғанда, сізбен тірлік ете алмаймын..." — деп есіріктене айқайласын. "Ананы өлтіріңіз!"- деген сөз мені тамұқтың, түнек тұңғиығына терең батыра түседі. Бұрын-соңды адамзат аузынан осындай арсыз соз айтылды ма? Бұрын-соңды адамзат құлағына бұндай жексұрын сөз жетті ме? Бұрын-соңды бұндай... (Сөйлей алмай қарқылдап кеп күледі). Әлгі сөзді естіген сәтте тіпті қарақшы екеш қарақшы да қуарып кетті. "Ананы өлтіріңіз!" — деп безек қақты әйелім оның жеңіне жабысып. Оған тесіле қараған қарақшы, не иә, не жоқ демей үн-түнсіз біршама тұрды тұрды да, кенет бір теуіп жапыраққа жалп еткізді. (Тағы да қарқылдап күледі). Сосын қолын кеудесіне айқастырып, маған бұрылды. "Мына әйелді қайтсем болады? Өлтірейін бе, әлде кешірім қылайын ба? Жауап ретінде бас шұлғысаңыз жетеді. "Өлтірейін бе?" Тек осы айтқаны үшін ғана қарақшыны ақтауға бармын. (Тағы үнсіз қалады).
Мен бір шешімге келе алмай кібіртіктегенше әйелім айқай салып, қалыңға қарай безіп жөнелді. Қарақшы да соңынан тұра ұмтылған, бірақ қуып жете алмады. Сондағының бәрі қазір құр елес сияқты.
Әйелім қашып кеткесін қарақшы семсерді, садағым мен жебелерімді алып, мені тартып таңған жіпті бір жерден кесті. Тоғайдан шығып бара жатып: "Енді өз басымның қамын күйттеуім керек", — деп міңгірлегені есімде. Ол кеткесін төңірек тып-тыныш боп тынып қалды. Жоқ, тынған жоқ, жақын жерден біреудің жылағаны естілді. Денемді шандыған жіпті босатып, жатып тың тыңдадым. Сөйтсем, жылап тұрған өзім екен. (Үшінші мәрте үнсіз қалады).
Ақыры, әлектеніп жүріп, ағаштан ажырадым-ау. Аяғымның астында әйелім түсіріп алған қанжар жалтылдап жатты. Мен қанжарды қолыма алып, бір-ақ сілтеп кеудеме сүңгіттім. Іле лақ етіп тамағыма қан кептелгенін сезіндім, бірақ одан мен қиналыс көрмедім. Кеудем суып, денемнен әл кеткенде, төңірек тіпті тынып қалған тәрізденді. Бұл бір төтенше тыныштық еді! Тау баурайындағы тоғайда бірде-бір құс шырылдап, шықылықтасашы. Тек криптомерия мен бамбук ағашының діңдерін шалған кешкі шапақ қызарып жанады. Кешкі шапақ... бірақ ол-дағы ақырындап сөнуге айналған. Енді тіпті барлық ағаш біткен қараңғылық құшағына көміліп көрінбей кетті. Жерге ұзынымнан құлаған күйі тыныштықпен бетпе-бет қалдым.
Міне, әлдекім жымып басып жаныма жақындады. Кім екенін көргім-ақ келеді. Бірақ айнала тас қараңғы. Әлгі әлдекім... ақырын ғана кеудемнен қанжарды суырып алды. Сол мезет аузым қайтадан қанға толып кетті. Осыдан кейін мен мәңгілік түнекке батып жоғалдым.
Аударған Б.Қожабекова