Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 3 сағат бұрын)
Өзімізді тәртіпке келтіру үшін 5 кеңес

Таңертең төсектен тұру немесе көңілімізге жақпайтын іспен айналысу, я болмаса сансыз көп кездесулерге уақытынан кешікпей бара алмау – тәртіптің жоқтығынан. Тәртіптің жоқтығы тек жеке өмірімізде ғана емес, жұмыста, бизнесте, достармен қарым-қатынаста да кедергі болып, өзімізге деген сенімділікті жоя бастайды.

Өзімізді қалай тәртіпке шақырсақ болады?

Әдет қалыптастыру

Саналы түрде бір нәрсе жасауға дағдылану: 15 минут кітап оқу, таңертең жаттығу жасау немесе алдағы жұмысыңа жоспар құру. Бұл «Алынбайтын қамал жоқ» дегенге адамның ойын сендіреді және жаңа бастамаларға жақсы түрткі болады.

Жасаған қателігіңнен сабақ алу - бекер істемедім деп өкінгеннен жақсырақ

(Бекер істемедім дегенше, бекер істедім деген жақсырақ)

Табысқа жетуге жалқаулық жиі бөгет болып жатады. Басыңа екі кішкентай адам мініп алып айтысып жатқандай. Біріншісі «Бұл маңызды іс, міндетті түрде орындау керек!» десе, екіншісі «Не қажеті бар? Қайтесің? Ертеңге қалдыра сал, аспан айналып жерге түсе қоймас» деп кері тартады. Әрине, ештеңе болмайды. Бүгін, ертең, арғы күні, тіпті бір айдан соң да ештеңе өзгермейді, дәл бүгінгі күнің сияқты өтеді де кетеді. Ал, бала күнгі арманың ше? Жарқын болашақ туралы армандарың қайда қалды? Адам өзін-өзі қолға алмайынша, маңызды істерді орындамайынша (аса қатты маңызды іс болмаса да), армандаған жарқын болашағы қиял болып қала бермек. Сондықтан да, сағыздай соза бермей, істі дәл қазір орындау керек.

Жоспарлау – табыс кепілі

Көптеген компаниялардың проблемасы бір жылға жоспар құрып қойғандығында. Сайып келгенде, жұмыскерлердің көп уақыты бар сияқты болып көрінеді. Сондықтан да олар қарқынмен жұмыс істемейді, жыл соңына дейін уақыт бар деп өздерін алдайды. Нәтижесінде тиімді жұмыс тек жыл соңына қарай, қараша-желтоқсан айларында атқарылады. Жеке басына жоспарлағанда да дәл солай болады. Одан да бір жылды 12 аптадан тұратын 4 бөлікке бөлген дұрыс. Әр бөлікке мақсат қоя білу керек. Соған сүйене отырып, апталық, күнделікті мақсат болу қажет. Әрі қарай тіпті оңай: күнделікті тізім құрып қойып, сол бойынша әрекет жасау ғана. Уақыт өте күнделікті жасалған жұмыстарың үлкен нәтиже беретін болады. Талаптарды дұрыс қоя білу қажет. Бірінші маңызды және шұғыл жұмыс, одан кейін маңызды бірақ онша шұғыл емес, содан кейін маңызды да және шұғыл да емес жұмыстарды артынан орындаса болады.

Өз күшіңді дұрыс шамалау

Көптеген адамдар, өздерін тәртіпке шақырғанда, уақыт кестесін тым қатты нығыздап тастайды. Нәтижесінде, кейбір жұмыстарға уақыт жетпей жатса, өздеріне кінә артып жегідей жей бастайды «Мен кесте бойынша өмір сүре алмаймын, қолымнан келмейді». Жоқ, олай емес. Қапаланбаңыз. Одан да тізімдегі жұмысқа көбірек уақыт бөліңіз. Әр жұмысқа 15 минут артығымен қосып қойыңыз. Сол кезде қатты шаршамайсыз, жоспарлау да көңіліңізден шығып өзіне тартып тұрады.

Демалыс - жемісті жұмысқа жетелейді

Тек еңбекті ғана емес, демалысты да жоспарлау қажет. Түскі ас, үзіліс, көз жаттығулары да, серуендеу – бәрі де кестеде жұмыспен қатар көрсетілуі қажет. Қалжырап, шаршаған адамның жұмыс нәтижесі де төмендейді. Осыны естен шығармай, арасында демалу да қажет.

Әрине, кейде біз жоспарлағандай бола бермейді. Мұндай жағдайда жұмыс кестесін түгелдей жоймай, атқарылмай қалған жұмысқа басқа күні уақыт бөлу қажет. Ол үшін басқа маңызды емес жұмысты құрбан етуіңіз әбден мүмкін. Мұндай сәттерде ең басты мақсатты ойлап, дедлайнды кейінге шегермеңіз.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама