- 01 қар. 2017 00:00
- 225
Өзіңде өткен балдәурен
(ойтолғақ)
Шіркін, ауылдың қыстауын, жаз жайлауын айтсайшы. Қаладағы машиналар мен зауыттардың будақтаған түтіне тұншыққан ауасынан жусан иісі аңқыған ауылым артық. Иә, мен ауылдың таза ауасын,ағарғанның дауасын, сылдырап аққан бұлағын, жағасында жайқалып өскен құрағын, қырында қашқан қу түлкісін, әпкелерім мен жеңгелерімнің күміс күлкісін, әке мен ағаның қадір-қасиетін сезініп, бар жақсылығын бойыма жиып өстім.
Әлі есімде, апам қалаға барып келген сайын айтатын: «Жүрегім қысылып келдім, ауасы басымды ауыртты», - деп. Ал мен болсам түсінбейтінмін. Неге? Неге ылғи апам қалаға барып, шаршап-шалдығып келеді деп ойлаушы ем. Бірде сәті түсіп мені апам қаладағы ағамның үйіне жіберді. Қалаға баратын автобусқа мінген сәттен-ақ бір түрлі,ауылға деген қимас сезімім оянғандай болды. Қаладағы ағамның үйіне де жеттім. Мүлдем басқаша, тіпті қала тұрғыны мен дала тұрғынының арасында үлкен айырмашылық бар екен. Ағамның үйі біздің ауылдағы сияқты жер үй емес, көп қабатты үй. Үйінде шағын ғана өте кішкентай түрлі-түсті балықтары бар аквариумды, жоғарыда іліп қойған темір торда шиқылдаған шымшықты, аңқыған иістері өзгеше үлкен құмырадағы толтырылып салынған алуан гүлдерді көзім шалды. Біздің ауылдағыдай әр көшесінде өрістен қайтқан төрт түліктің жамырағаны емес, көше толған түрлі машиналардың гүрілін, сигналын естисің.
Бірнеше күн қалада болып, ауылға асығып келдім. Өзіме бала кезімнен таныс қара топыраққа табаным тигеннен-ақ ауылдың мен үшін тым ыстық екенін терең ұқтым.
Міне, анау менің өзенім - өз еркімен балықтары жүзген, мынау менің алма бағым – құстары тамылжытып әнімен әлдилеген, менің теретін гүлдерім – құмырада емес, қыр кілеміндей жайқалған қызғалдықтар, сарғалдақтар, әне, менің жеңгелерім, құрбыларым әпкіштерін иықтарына іліп, бұлаққа қарай жүгіріскен... Иә, қыз-келіншектердің күлкісімен жарыса сылдар қаққан мөлдір бұлағым. Алдымда ирек-ирек созылған менің көшем, жағалай қонған зәулім теректерге ілінген жапырақтар сыбдырлап менімен сәлемдесіп, құшағын ашып тұрғандай. Шарбақ есіктен кіре бергеннен күн нұрына шағылған апамның қолындағы білезіктер жарқылы көзіме түсті. Бұл апам ғой, әдеттегідей жез құманы қолында, тәй-тәй басқан немересі жетегінде. Ауылға деген алып-ұшқан сағынышым тек тізесінде отырып аталы сөзін тыңдағанда, апамның қою күрең шәйімен қоса шыжық қосылған ыстық таба нанын жегенде ғана басылды. Әне-міне дегенше өрістен жамырай шуласқан төрт түлік те келіп қалды. Солармен жарыса әдетінше «ақсүйек» ойнауға шақырып құрдастарым келді. Әрине, мен де сағынып жеткен құрбыларыммен қауышып қырға қарай тарттым.
Иә, өзімді дәл сол сәт ең бақытты жандай сезіндім. Себебі, бар байлық менің дәл көз алдымда, мен баға жетпес байлық ортасында қызықты, тәтті балалық шағымды өткізуде екенмін.
«Мен жігіт – он бес-отыз арасында,
Бұл жаста көп бересі-аласым да.
Алдымда толған мақсат,толған таңдау –
Алайын мынасын ба, анасын ба?» - деп С.Торайғыров айтпақшы, дәл осы кезден бастап ары қарай алып кететін үлкен мақсат таңдау жолындамын.
– Ауылым – дала ажары,
Тек сенде көңіл қалауы.
Өзіңде өткен балдәурен
Қол бұлғап әне барады, - деп, мен бүгінгі таңда биік арман бастауындамын.
Кішкентай ауылдан тартылған жол сорабы мені үлкен өмірге бастайтын бірінші соқпағым.
Бимырзаева Әсел Маханбетқызы,
ОҚО Түркістан қаласы,
№17 Ататүрік атындағы мектеп-гимназиясының мұғалімі.