Қазақ тілі сабағында ойын элементтерін пайдалану арқылы ақпараттық технологияларды жетілдіру
«Біз бүкіл еліміз бойынша әлемдік стандарттар деңгейінде сапалы білім беру қызметін көрсетуге қол жеткізуіміз керек» деп Елбасымыз Нұрсултан Назарбаев айтқандай, дәуірлеген заманымызда ұрпақ тәрбиесінде маңызды орын алатын сала білім саласы екені бәрімізге аян.Бұл орында мұғалім қауымына артылатын жүктің салмағы ауыр екені белгілі. Ұстаздықтың жүгін адал орындау-парыз. Ең алдымен, мұғалімге керегі - өз пәнін жете меңгеру. Ол үшін үздіксіз ізденіп, адал қызмет ету, оқушылардың мүмкіндіктеріне қарай озық тәжірибелерді іскерлікпен пайдалану.
Қазақтың аса көрнекті қайраткері, ақын, аудармашы, лингвист ғалым Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай: «Ең әуелі мектепке керегі - білімді әрі педагогикадан, әдістемеден хабардар, оқыта білетін мұғалім»-десе, сонымен бірге сол ұстаздың мәдениеті, дүниетанымы жоғары болса, ол өз міндетін «парызым» деп санаса, нағыз ұстаз дер едім. Менің айтайын дегенім, оқыту процесінде баланың белсенділік принципі - дидактиканың ең бастысы болып табылады. Ол білім мен білікті саналы түрде қажет ету, нәтижеге жету сияқты іс-әрекет сапасының түсінігін береді. Ол жайдан-жай пайда болмайды, бұл - педагогикалық технологияларды шеберлікпен пайдаланудың жемісі. Кез келген пәнді оқытуда, әсіресе, бастауыш класс оқушыларын оқытуда оқыту әдістемелігінің жүйелілігі оқушыдан табандылықты, ізденімпаздықты талап етеді. Қазіргі таңда қолданып жүрген білім берудің озық технологиялары іс-әрекеттің белсенділігін арттыратындығы айқын. Кейбір технологияларды бұл құралдар басты идеяны және нәтиже тиімділігінің негізін құрайды. Сондай-ақ жаңа технологияларды ойын элементтерімен ұштастыруға да болады. Ойын-адамның өмір танымының алғашқы қадамы. Балалар ойын арқылы өмірдегі көптеген мәлімет алып, білімін жетілдіреді. Ұлы Абайдың «Ойын ойнап, ән салмай өсер бала бола ма?» деген пікірімен бала өміріндегі ойыншық маңыздылығына көз жеткізуге болады. Ойын түрлері өте көп. Оқушы сабақтың қызықты түрде өткенін, қалайды, нәтижесінде тақырыпты терең игеріп, оңай еске сақтайды. Өйткені бастауыш сынып оқушылары жас ерекшеліктеріне байланысты олар ойынға өте шипалы келеді. Ойын барысында оқушылар тез сергіп, жылдам, дәл орындауға тырысады. Орыс кластарындағы қазақ тілі сабақтарында ойын түрлерін қолдану-оқушылардың пәнге деген қызығушылықтарын арттырып, сабаққа белсенді қатысуын қалыптастырады. Әрине, бұл талапты күнделікті жүзеге асыру үшін мұғалімнің көп ізденуіне, еңбектеуіне тура келеді. Өтетін тақырыпқа байланысты ойын түрлерін ойластыру, дайындау оңай жұмыс емес екені әріптестірге мәлім. Сондықтан мұғалім өз жұмысына барынша беріліп, уақытпен күш-жігерін жұмсауы тиіс. Қазіргі кезде қолданып жүрген технологиялардың ішіндегі М.М.Жанпейісованың ұстанымдары басшылыққа алынған. Сабақта «Модульдік оқыту технологиясының» диалог бөлімінде кеңінен қолдана бастаған ойын түрлері де көп. Бұл ойындарда мұғалімнің міндеті-сол ойын түрлерін пайдалана отырып, оқушыларды өздігімен жұмыс істей білуге, біліктілік шеберлігін меңгеруге қол жеткізу. Оқушы айтар ойын сабақта жасқанбай білуі еркін, дұрыс, жатық әрі түсінікті етіп жеткізіп қана қоймай, тек теориялық тұрғыдан ғана үйренбей, білімін практикалық өмірде кеңінен қолдануы маңызды роль атқарады. Мұндай жағдайда жаңа технологиялардың дидактикалық ойын түрлерін пайдалану тиімді. Сабақта дидактикалық ойын түрлерін пайдалануда бала білімінің деңгейін, біліктілік сапасын көтеретіндей, ұлттық санаға, салт-дәстүрге, тәрбиеге сай болуын ескеруіміз тиіс. Мысалы: көкпар, асық ойыны. Ы.Алтынсарин еңбектерінде дидактикалық ойындар туралы ғылыми-әдістемелік мағлұматтар берілмегенмен,оның оқуға оқушыларды қызықтыруды, түрлі жаңылтпаштарды, жұмбақтарды кеңінен пайдаланғанын көреміз. А.Байтұрсынов «Бала білімді тәжірибе арқылы өздігінен алу керек. Мұғалімнің қызметі оның білімінің,шеберлігінің керек орны, өздігінен алатын тәжірибелі білімінің ұзақ жолын қысқарту үшін, сол жолдан балалар қиналмай өту үшін балаға жұмысты әліне қарай шағындап беруі мен баланың бетін белгілеген мақсатқа түзеп отыру»,-деп тұжырымдайды. Демек А.Байтұрсынов дидактикалық ойындарды балалардың қуатын арттыруда, орфоэпиялық дағдыларын қалыптастыруда толық пайдаланған. Қазақ тілі мен ана тілі сабақтарында қолданылған дидактикалық ойындарды сабақтың мақсатына қарай мынандай түрлерге бөліп қарастырған:
1. Тапқырлық ойындар;
2. Ізденімдік ойындар;
3. Рөлдік ойындар;
4. Іскерлік ойындар.
1. Тапқырлық ойындар – оқушылардың логикалық ойлауын қалыптастыратын, әрбір тапсырмада берілген жауаптардың арасынан дұрыс жауапты табуды қажет ететін ойын түрі. Мысалы: асық ойыны.
2. Ізденімдік ойындар – оқушыларды өздігінен ойлауға, меңгерген білімін жүйелеп, жинақтауға, белгісіздік табуға дағдыландыруға арналған ойын түрі.
3. Рөлдік ойындар – оқушылардың шығармашылық ойлау, қабілетін дамытуға арналған ойын.
4. Іскерлік ойындар – оқушылардың түрлі жағдайда дұрыс сөйлеуін қалыптастыратын диалогтық және монологтық сөйлеу үлгілерін жетілдіретін ойын түрі.
Олай болса, оқу-тәрбие үрдісінде дидактикалық ойындарды әрі әдіс, әрі құрал жаңа технология ретінде орынды қолдана алу білім нәтижелігін арттырудың да маңызды фактор екендігін даусыз. «Бір сарынды және бір бағытта ұзақ жүргізілген іс-әрекет бала өміріне шексіз зиянын тигізеді. Сондықтан әсіресе бастауыш сыныптарда оқыту барысында әр түрлі оқыту әдістері мен формаларын салыстыра отырып қолдану керек», - дейді К.Д.Ушинский. Интербелсенді ойын жаттығу арқылы танымдық қызығушылылықты үнемі жаңа нәрселермен танысу үшін, белгізіздік алдындағы қорқынышты жеңе білу, тыныш жағдайдан шығуға оқушының өзін-өзі итермелеуге жол ашады. Интербелсенді оқу жаттығулары арқылы жоғары сапалы көрсеткіштерге ие болады. Ойын түрлерінің материалдары сабақтың тақырыбы мен мазмұнына неғұрлым сәйкес алынса, оның танымдық, тәрбиелік маңызы да арта түседі.
Ойынның атқаратын функциясы:
- Көңіл аулау (негізгі атқаратын міндеті-көңіл көтеру, көңіл аулау, жандандыру, қызығушылығын арттыру).
- Коммуникативтік: сөйлеу тілін ұстарту.
- Ойын терапиясы: өмірде кездесер түрлі қиындықты жеңу жолдарын көрсетеді.
- Диагностикалық: қалыпты тәртіптен ауытқуды табу, ойында өзін-өзі тануға көмектесу.
- Әлеуметтік: адамдарды қарым-қатынас нормаларына бейімдеу.
Ойын элементтері белгілі бір мақсатта, тілді меңгеруге деген ынтазарлықты оята отырып, орындаушылық қабілетке де жетелейді. Түрлі ойындарды өткізу сөзсіз сабақты жандандырып, қызығушылығын арттырады. Ойын баланың басқа тілде сөйлеу кезінде пайда болатын қысылу, ұялу секілді сезімдерін жояды. Оқушының жеңуге деген құмтарлығын арттырады. Осылайша ойын түрлері баланың дұрыс сөйлеуі мен тілін дамытуда жетістікке жеткізер жолдың бірі болып табылады. Ойын технологиясында жекелей ойындар немесе тек ойын элементін енгізу мұғалімнің міндеті. Сонымен ойын технологиясы белгілі бір ортада өзіне тән ерекшелігімен, түрлі затпен немесе затсыз т.б.айқындалады.
Еліміздің болашақта көркейтіп өркениетті елдер қатарына қосылуы бүгінгі ұрпақ бейнесінен көрінеді. Қазіргі білім беру саласындағы проблема әлеуметтік педагогикалық және ұйымдастыру тұрғысынан білім мазмұнына жаңалық енгізудің тиімді, жаңа әдістерін іздестіру арқылы оқушылардың білім сапасын жетілдіру. Осыған байланысты қазіргі кезеңде білім беру саласындағы әлемдік білім кеңістігіне ұмтылуға байланысты мектепте мұғалім оқушыларға білім беріп қана қоймай, олардың ақпаратпен жұмыс жасауға іскерлігін қалыптастыруға, зерттеудің тиімді шешімін қабылдауға талап етеді.
Әлімбаева Аяжан Ғибатқызы
№26 орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі