Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 3 күн бұрын)
Қазақ халқының танымындағы "қырық" санының қасиеті

Әр сан өзіндік ерекшелікке ие.
Пифагор

Қазақ мәдениетінде 3, 7, 9 сияқты 40 саны да ерекше мәнге ие. Қазақ салт-дәстүріндегі  қырық санының ерекше қуаты туралы Зейнеп Ахметованың «Күретамыр» еңбегінде  қырық күн, қырық санының қастерлі, киелі деп саналуы адам жаратылысымен байлыныстылығынан деп көрсетеді. «Бойға бала бітерде ештеңені артық кем жаратпаған Алла тағаланың құдіретімен бір тамшы ұрық суы қырық күнде қанға айналады, қаннан қырық күнде етке айналады.  Тағы қырық күнде еттен сүйек пайда болады,  одан қырық күн өткен соң ет пен сүйекке жан бітеді және қырық күн өткенде жан алғаш ет пен сүйек  адам пішініне енеді. Содан кейін шақалаққа сезім жүйесінің пайда болуына қырық күн кетеді. Тағы қырық күнде бала толысады.  Сөйтіп, 280 күн  қырық аптада анығын айтқанда тоғыз ай, 9-10 күн де нәресте өмірге келеді» .  Соңғы  баланың қырық күн толысуын  қырқынан шығаратын уақыт деп береді. Алғашқы қырық күнді «өтпелі кезең» деп  баланы ешқайда шығармаған, қырық күн шырақ жағып, нәрестені үнемі қадағалап отырған. Тіл көзден сақтанып, баланы бөтен адамдарға көрсете бермеген, өздері де көзімнің сұғы өтіп кетпесін деп сүйсініп қарай бергенді дұрыс көрмеген.

Ұл баланы қырық күнге жеткізбей, ал қыз баланы 40 күннен асырып шығара берген.    Кейбір жерде қалың малы аз болсын деп ұлды ерте шығарады, қызды  қалың көп болсын  деп кеш шығарады деп айтатындар да бар. Менің ойымша,  қызды мал үшін айырбастай салатын, өзінің сүйгеніне бермей, кәрі де болса байға берген   бұрынғы заманның  «көкейін мал тескен» адамның  түсінігінен түпкі  таным өзгеріске ұшырап, осындай екен ғой деп жүрген тәрізді. Ал, осы тұрғыда З.Ахметова «қыз бала ер балаға қарағанда әлсіздеу келеді, сондықтан қырық күнді толтырып жоралғы жасайды»  деген сөзінде үлкен мән бар деп есептейміз. Қыз бала мен ұл баланың жаратылысының,  болмыс—бітімінің өзгешелігін қазақ халқы ежелден ескерген .

Қырқынан шығарар да қырық қасық су құяды.  40 қасық суды үстіне құйған кезде «30 омыртқаң жылдам бекісін, 40 қабырғаң жылдам қатсын» деп тілек білдіреді.  Бұл жердегі қырық санының мәні «көп» деген ұғыммен астарласып жатқандай.  Бұрындары 40 қасық суды ауылдастарынан жинап, сол суға баланы шомылдыратын болған. «Көп тілеуі көл» деген ұстанымды мақсат тұтқанын осыдан аңғарсақ болады.

Қырқын  беру бұл ұғымға байланысты Есламғалиұлының «Сан қилы сауал» еңбегінде: « шыбын жанның қаза жауабын бере бастауын, яғни  екі жағында қос періштенің тірлікте жасаған жақсылығың мен жамандығыңды саралап, салмақтау кезеңі» дейді.  З.Ахметова да ет пен сүйектің ажырауына байланысты берілетін ас деп көрсетеді. Бұдан адам жаны қырық күннен соң шығады деген түсінікті аңғарамыз.

Қырқынан шықпаған балаға да,  кісі қайтыс болғаннан кейін  де қырық күн бойы шырақ жағылады. Мұның барлығы Мұсылмандыққа дейінгі отқа табынудан шыққан болуы керек.  Сонымен қатар, магия өнерінің курсы да қырық күнге созылған. Ауыз әдебиетіндегі  қырық күн, қырық қыз, қырық жігіт, қырық уәзір  - көне дәуір мифологиясы мен магиясының әсерінен болса керек. Түйіндей келе, қырық санының ерекшелігі де - Шамандықтан бастау  алатында дер едік.

«Қызға қырық үйден тыйым», «Қырық болыс ел болдық», «қырық жамау», «қырық құрақ», «қырық құбылды», «қырық өтірік», «қырық құбылу» т.б. сөздері «көп» ұғымын берcе, ал «әйел қырық шырақты» дегені қыз баласын қырық күнге толтырып қырқынан шығаратындығынан болса керек. Бастапқы түпкі мағынасы  «қырық шырақпен» байланысты.   Сонымен қатар,   шілдехана сөзінің өзін қырықпен байланыстырады. Шілде жазғы және қысқы деп бөлінеді. Жазғы шілде қырық күнге созылады, бұл кезеңді қазақ халқы киелі санаған. Осы алғашқы қырық күн есебі «шілдеханаға» айналған деген болжамдар бар. 

Қорыта келе, қазақ халқы ғылым дамымай тұрып, сәбидің іште даму циклі, қыз бала мен ұл баланың ерекшелігі, денсаулық күтімін ежелден білгенін аңғарамыз.  

Данат Жанатаев

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, доцент

Фариза Дуйсенбаева

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ  магистранты


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама