Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Қазақ хандығын кімдер басқарды?

Тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулати еңбектерінде Қазақ хандығы 1465 жылы Қозыбасы тауының етегінде құрылғанын жазады. Хандықты Әбілқайыр ұлысынан бөлініп шыққан Керей мен Жәнібек сұлтандар құрды. Бастапқыда Шу мен Талас өзендерінің арасында орын тепкен хандық, уақыт өте келе алпауыт мемлекетке айналды. Жалпы, Қазақ хандығын құрылу, өркендеу, жоңғар шапқыншылығы, ыдырау кезеңдеріне бөліп қарастырсақ болады. Әр кезеңде елбасқарған хандар бір-бірінен ерекшеленіп отырды.

КЕРЕЙ ХАН — Қазақ хандығының алғашқы ханы. Ақ Орда ханы Ұрыс ханның шөбересі. Жәнібек ханмен шайбани Әбілқайыр ханнан бөлініп шығып, Дешті Қыпшақ даласында жаңа мемлекеттің негізін қалады.

ЖӘНІБЕК ХАН — Ұрыс ханның шөбересі, Барақ ханның ұлы. Керейден соң хан сайланды. Қазақ руларын Жетісу жерінде бір ту астына жинауға тырысты. Әбілқайыр хан (көшпелі өзбек ханы) қайтыс болғаннан кейін Дешті Қыпшақ даласында үстемдік ете бастады.

БҰРЫНДЫҚ ХАН — Керей ханның ұлы. Сыр бойындағы қалалар үшін күрес жүргізді. Халық арасында Қасым ханның ықпалы зор болғаны үшін, хандықты тастап, Самарқанға көшіп кетті.

ҚАСЫМ ХАН — Жәнібек ханның ұлы. Қасым хан тұсында Қазақ хандығы нығая түсті. Халық саны 1 миллионнан асты. Мұхаммед Шайбаниге қарсы бірнеше ұрыстарда жеңіске жетті. Ташкентке дейінгі жерлерді Қазақ хандығына қосты. Хандықты Еділ өзеніне дейін ұзартты. «Қасым ханның қасқа жолы» заңдар жинағын шығарды.

МАМАШ ХАН — Қасым ханның ұлы. Мамаш хан тұсында Қазақ хандығының уақытша әлсіреуі бастау алды. Өзі ішкі талас-тартыс себебінен қайтыс болды.

ТАХИР ХАН — Жәнібек ханның немересі. Тахир хан тұсында хандықтың әлсіреуі жалғасын тапты. Қазақ хандығының оңтүстік, солтүстік-батыстағы біраз жерді уысынан шығарып алды.

АХМЕТ ХАН — Жәнібек ханның немересі. Ахмет хан тұсында Қазақ хандығын бір мезгілде бірнеше хан билей бастады. Өзі хандықтың батыс бөлігінде үстемдік етті. Ноғай хандығымен болған соғыста қаза тапты.

ТОҒЫМ ХАН — Жәнібек ханның немересі. Әбден әлсіреген Қазақ хандығын қайта аяққа тұрғызуға тырысты. Қырғыздармен одақтас болып, жауларға қарсы тұрды. Шайбаниліктерге қарсы соғыста қаза тапты.

БҰЙДАШ ХАН — Тахир ханның бауыры, Жәнібек ханның немересі. Қазақ хандығының Жетісу бөлігін басқарды. Ташкент билеушісіне қарсы соғыста мерт болды.

ХАҚНАЗАР ХАН — Қасым ханның кіші ұлы. Қазақ хандығының қайта өрлеу кезеңін бастаушы. Билігінің алғашқы 10 жылында ішкі саясатқа көп көңіл бөліп, реттеуге тырысты. Қарсыластарының әлсіреуін тиімді пайдаланып, Еділ-Жайық, Сырдария өзендерін өзіне қаратуға тырысты.

ШЫҒАЙ ХАН — Жәнібек ханның немересі. Хақназар ханның сенімді серігі болған. Батырлығы мен даңқы күллі Дешті Қыпшаққа тараған.

ТӘУЕКЕЛ ХАН — Шығай ханның ұлы. Соғыс және ел басқару өнерін жақсы меңгерген. Үлкен жеңістерге қол жеткізді. Ташкент, Самарқан қалаларын өзіне қаратады. Осылайша, Сырдария бойында жеке-дара билік етеді.

ЕСІМ ХАН — Шығай ханның ұлы, Тәуекел ханның бауыры. Тақта екі рет отыруымен ерекшеленеді. Яссы қаласы атауын Түркістан деп өзгертіп, хандықтың орталығына айналдырады. Ескі заңдарды жинақтап, өзгерістер енгізіп, «Есім ханның ескі жолын» жасап шығарады.

ТҰРСЫН ХАН — Есім хан тұсында Ташкентті басқарады. Кейін Бұхара ханымен бірігіп Есім ханды тақтан түсіреді. Осы үшін де тарихта «ант бұзушы» деген атпен есте қалды. Қайта күшейген Есім ханның қолынан қаза табады.

ЖӘНІБЕК ХАН — Есім ханның ұлы. Қазақ-жоңғар соғысы оның тұсында бастау алды.

ЖӘҢГІР ХАН — Жәнібек ханның тұсында жоңғарларға қарсы жинақталған қазақ әскерлеріне қолбасшылық еткен. Тарихта Орбұлақтағы ерлігімен есте қалған. 600 әскермен жоңғардың 50 мыңдық қолына қарсы тұрды. Ел арасында «Салқам Жәңгір» атымен танымал.

ТӘУКЕ ХАН — Салмақ Жәңгірдің ұлы. Жастайынан мемлекет басқарудың түрлі тәсілдерін үйренген. «Жеті жарғы» заңдар жинағын жасатқан. Тарихшылар Тәуке ханның тұсында Қазақ хандығы гүлденгені жайлы жазады және «Алтын ғасыр» деп атайды.

Әз Тәукеден соң Қазақ хандығы ыдырай бастады. Үш жүз өздеріне бөлек-бөлек хан сайлап, бір ту астына топтаса алмады.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама