- 20 шіл. 2022 00:00
- 286
Сұңғылалық
Әрбір халықтың табиғи жаратылысында өзін басқалардан ерекшелеп тұратын кемел қасиеті болады. Айталық, ағартушы Ыбырай Алтынсарин 1879 жылы Орынборда жарық көрген «Қазақ хрестоматиясы» атты еңбегінде, қазақ жаратылысы өте таза халық, оның сана-сезімі мен сұңғылалығы біреу салып берген тар шеңберге сыймайды десе, ХІХ ғасырда өмір сүрген поляк зерттеушісі А.Янушкеевич күнделігінде, «қазақтардың ақыл-ой қабілеті мен сұңғылалығына еріксіз таңырқай, таңданбасқа амал жоқ» деп халқымыздың басқалардан артық кемел қасиеті жайлы тамсана жазады.
Сол сияқты қазақта «Аяз би» атты ертегі бар. Осында хан ертегінің бас кейіпкері Жаман дейтін уәзіріне өзін сынатады. Жамекең ханның бетіне қарап тұрып: «Тақсыр сіз жеті атаңыздан хан емессіз, қарапайым наубайшының баласысыз» дейді. Хан анасын шақырып сұрайды. Расында солай болып шығады. «Мұны қалай білдіңіз?» дегенде Жаман: — Алдыңызға алғаш келгенімде сіз мені наубайханадан ас ішуге жібердіңіз, содан білдім», — дейді.
Жоғарыдағы оқиғалардан қазақта аса керемет адамтану ілімі болғанын аңғарамыз. Бұл ілімді аталарымыз «сұңғылалық» деп атаған. Бірақ екінің бірі сұңғыла бола бермейді. Сұңғылалық — адамға сезімтал түйсік, терең таным арқылы берілетін қасиетті ілім. Мұндай ілім иелерін қазақ қоғамы ел бірлігін сақтайтын, әділ үкім ететін би, яғни қазы етіп сайлайтын болған.
Ал мұсылман әлемі бұл ғылымды «Илмул Фироса» деп атап, оны үйренуге өте-мөте мән берген. Қазіргі қолданыстағы «парасат» сөзі осы «фиросаның» қазақыланған түрі. Тарихта фироса ілімін ежелгі исрайыл қауымы жақсы игергені жайлы айтылады. Мысалы, Мұхаммед пайғамбар алейһиссалам заманында ежелгі исрайыл қауымы «рас пайғамбар ма, әлде өтірікші ме, барып білші» деп фироса ілімінің асқан білгірі Хусейн ибн Саламды жұмсайды. Ол кісі Аллаһ елшісінің бетіне ұзақ қарап тұрып: «Бұл рас пайғамбар» дейді. Қалай білдіңіз дегендерге, «жүзінен жалғандықтың ізін таппадым» депті.